UF

 

 

Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан ардагер азаматтар ілгеріде аса көп кездесе бермеген. Тарих жазбасында, халықтың рухани қазынасында жүйріктердің жүйрігі ғана мәңгі ұялап қоныс тебеді. Мың жылдан артық уақыттың қатыгез сынынан мүдірмей өткен сол адамзат ұлдарының бірі Әбунасыр әл-Фараби (870-950). Ол қазақ халқының ежелгі саяси-мәдени орталықтарының бірі, аты әйгілі Отырарда туды, осында «кірін жуып, кіндігін кесті», Қаратаудың тасына секірді, Сырдың суын ішті, Арыстың суын кешті, Қызылқұмның аптабына күйді.

Фарабидің өмірі жөнінен бізге жеткен мағлұматтар үздік-үздік, аңыз-шыны аралас болып келеді. Фарабидің толық аты-жөні Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби, яғни өз аты Мұхаммед, әкесі Мұхаммед, оның әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Бараба - Фараб деп атаған. Осыдан барып Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанып кеткен. Кейде оны жай ғана «Тархани» дейді. Бізге жеткен кейбір деректерге қарағанда, оның әкесі - сол тұста отырықшылыққа ауысқан көшпелі түркі тайпаларының бірінен шыққан әскер басы болған көрінеді. Бұған қарағанда Әбунасыр нәсілі жөнінен Сыр, Қаратау бойын мекендеген түркі тайпаларынан шыққаны байқалады. Ол тайпалар кейіннен түгелдей дерлік қазақ халқының құрамына енген.

Айта кететін бір нәрсе, кейінгі кезде Орта ғасырларда Қазақстан өлкесінен Фарабидан басқа да көптеген ірілі-ұсақты ғалымдар шыққаны айқындалып отыр. Олар ең әуелі Отырардан шыққан - Ғаббас Жаухари, Ысқақ Фараби, Ысмайыл Жаухари, Ахмет Фараби, сонан соң Махмуд Қашгари, Жамал Түркстани, Сығнақи, ағайынды Қелесилер, Қыпшақи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри және басқалары.

Әбунасыр бастауыш білімді туған қаласы Отырарда алады, одан соң Хорасанға барады. Қейінірек білімін толықтыру мақсатымен сол кездегі мәденн орталық Бағдатқа кетеді. Ғылым-білімге құмартқан зерек шәкірт мұсылман бола тұра «кәпірлерден» де сабақ алудан тайсалмайды. Мәселен, тәуіптік өнер (медицина) мен логиканы христиан оқымыстысы Юханна ибн Хайланнан, жаратылыстану ғылымы мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан (ол да христиан) үйренеді. Бір нұсқада Фараби шәкірт кезінде атақты оқымысты Абубакир ибн Сиражға логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген деп айтылған. Әйгілі ғұлама түркі, араб, парсы, грек тағы басқа тілдерді жетік білген. Кейбір аңыз деректер бойынша, Фараби 70 тіл білген деп те айтылады. Бұл, әрине, асыра дәріптеу.

Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше оқып игерген. Ол әсіресе грек ғылымы мен философиясына, Аристотельдің бай мұрасына зер қойған. Осы жолда Әбунасыр шыдамдылық пен ыждағаттылық үлгісін көрсетеді.

Ол алғашқы кезде Бағдатта жұмыс істейді, кейіннен Дамаскіде, сонан соң Алеппода (Сирия) әмір Сайф әд-Дауланың қарамағында болады. Осы уақыттары да ол өз бетінше ғылыммен шұғылдануын тастамаған. Мәселен, бір әңгіме бойынша, ол Дамаскіде жүрген кезінде қала шетіндегі бау-бақшада қарауылдық қызмет атқарып, түнімен күндіз тапқан ақшасына сатып алған шырағын жағып, ғылми еңбектерін жазады екен. Фараби өте қарапайым, қанағатшыл кісі болғаң, жұпыны киініп, ырду-дырдудан барынша аулақ жүруге тырыоқан.

Ол өмірінің соңғы жылдарында Египетке барып қайтқан. Одан бұрынырақ өз Отаны - Түркстанға да ат ізін салған секілді. Кейбір мағлұмат бойынша, сол тұстағы Бұхардың әмірі Мансур ибн Нұхтың өтінуі бойынша «Екінші тәлім» (Ат - таһлим ас-сани) атты шығарма жазған. Фараби хиджра есебі бойынша 339 ж. раджаб айында (бізше 950 ж. желтоқсаның аяғы немесе 951 ж. қантардың басы) Дамаскіде қайтыс болады. Тарихшы ибн Халлаканның айтуынша, оның денесі Дамаскінің «Баб ассағир» (Кіші дарбаза) зиратына қойылған.

Бабамыз Фараби мирасы біртіндеп игеріліп келеді. «Ештен кеш жақсы» дегендей, түрлі себептермен кешеуілдеп болса да, ұлы ғалымның мұрасы қазіргі қауымға, ұрпаққа жетіп, олардың рухани игілігіне айналуда. Фараби мұраларын зерттеуде, игеруде, халыққа жеткізуде Қазақстан ғалымдары бірсыпыра жұмыстар атқарғаны мәлім. 1971 жылы Москвада болып өткен ғылым тарихшыларының дүние жүзілік конгресінде Фарабитану саласындағы ғылым Академиясы жетістіктеріне үлкен баға берілуі біз үшін зор мақтаныш болды.

Алайда Фараби еңбектерінің, өмірбаянының мұқият зерттелуге тиісті ашылмаған сырлары, танылмаған қырлары ұшан-теңіз.

Фараби мұрасы дегенде ойға келіп, тілге бірден оралатын, бірақ жеткіліксіз айтылып жүрген бір нәрсе - ол Фараби ғылымының көздері, бастаулары жайындағы мәселе.

Басқа ұлы адамдар сияқты, Фараби де - белгілі бір халықтың, заманның, әлеуметтік ортаның өкілі, оның да ғылым мен өнер шыңына өрлеу жолы болған, ол да үйренген, еліктеген, әртүрлі мәдени дәстүрлерді меңгеріп, ғылым-білім бұлақтарынан сусындаған.

Мезгілі жағынан емес, тйгізген ықпалының салмақтылығы, маңыздылығы жөнінен алып қарағанда, Фараби ғылымы мен өнерінің басты қайнар бұлағы ретінде ең әуелі оған дейін мыңдаған жылдар бойы жинақталған, қорланған жалпы адамзат мәдениеті мен ғылымын атауымыз керек.

Фарабидің Фараби болуында оның өзінен бұрын өткен кемеңгерлердің мезгіл елегінен өтіп екшелген еңбектерін ерінбей-жалықпай мұқият оқып-тоқуы шешуші әсер етуі даусыз шындық. Мәселен, ол өзінің ғылым мен өнер саласында ең көрнекті еңбегі саналатын «Музыканың ұлы кітабын» жазу үстінде ежелгі грек музыка білімпаздарының барлық еңбектерін қайта қарап шығуға мәжбүр болғанын айта келіп, олардың ғылми парасатына үлкен баға береді, ұстаз тұтады: «Мен қарап шыққан еңбектерде, - дейді ғалым, - бұл өнердің кейбір жақтары мүлде ескерусіз қалған сияқты, көпшілік кітаптарда музыка мәселесі, әсіресе оның теориясы біріне-бірі байланыссыз, түсініксіз шатастырылып жазылған. Алайда бұл кемшіліктер ертедегі ғалымдар қабылетінің нашарлығынан кетті, олар бұл ғылымды жетілдіре алмады деуге болмайды. Ерте заманда талантты ірі ғұламалар көп болғаң, олар ғылымды дамытуды өздерінің алдына бірден-бір мақсат етіп қойған. Ақыл-парасаты мол, сезімтал ғалымдар дүниеге бірінің артынан бірі келіп, алдыңғылардың ісін үйреніп, оны әрі қарай жалғастырып, дамытып отырған. Ал енді олардың музыка жөніндегі жазған еңбектері не жоғалып кеткен немесе арабшаға дұрыс аударылмаған болуы керек. Бұл мәселенің олқы болып тұрғанын мен тек қана осылай түсіндіре аламын».

Фараби әсіресе ежелгі грек ғылымы мен философиясының алыптары Пифагор, Платон, Аристотель, Евклид, Птолемей мұраларын жетік меңгерген, барынша түсіндіріп дамытуға тырысқан. Араб ғұламаларының грек кемеңгерлеріне «Бірінші ұстаз», Фарабиге «Екінші ұстаз» деген лақап ат беруі осыдан.

Ертедегі ұлы ғалымдардың мұраларын аса жоғары бағалай отырып, Фараби оларға көзсіз құлдық ұрып, жөнсіз бас ие бермеген, егер олардың ілімі ғылымның кейінгі жаңалықтарына қайшы келсе, бүкпесіз қарсы шығып отырғанын айтуымыз керек. Мәселен, ол атақты Пифагордың музыка теориясы мен космологиясын аяусыз сынға алады: «Планеталар мен жұлдыздардың қозғалысы дыбыс туғызады, олар бірімен-бірі үндес және үйлесімді болады деген пифагоршылардың пікірлері қате, олардың бұл гипотезиясының мүмкін еместігі физика ғылымында дәлелденген».

Бұдан Фарабидің білімпаздығының тағы бір көзін көреміз, ол көзі - ғалымның өзі, яғни оның жеке басының қасиеттері - асқан зеректігі, ғылми адалдығы мен қайсарлығы. Фараби ғылым мен өнерді кейін есейе келе көбінесе өз бетінше оқып үйренген деп айтуға толық негіз бар. Оның дамыл білмес еңбекшілдігі аңызға айналып кеткен. Бір еңбекте Фараби Аристотельдің «Жан туралы» дейтін еңбегін жүз рет, «Физикасын» қырық рет, «Риторикасын» екі жүз рет оқығандығы айтылады. Әйгілі философ Гегель мұндай шыдамдылыққа қайран қалып, өзінің «Философия тарихы туралы лекцияларында» бұл жағдайды атап өткені белгілі.

Ұлы ғалымның ең негізгі ғылми көздерінің бірі оның туған өлкесінің мәдениеті мен ғылым-білім дәстүрлері екені даусыз. Бұл мәселені нақты айтуды қиындататын бір жәйт - Фараби өмір сүрген және оның тікелей алдында өткен тарихи дәуірдің зерттелу жағдайының жетімсіздігі болып отыр. Әсіресе ұлы ғалымның шын мәніндегі отаны, елі саналатын ежелгі Қазақстанды мекендеген түркі тайпалары жайында біліміміз тіптен тайыз.

Рас, кейінгі жүргізілетін тарихи-археологиялық зерттеулер араб басқыншылығынан көп бұрын-ақ Орта Азия мен Қазақстаң жерін жайлаған тайпалардың үлкен мәдениеті болғандығын көрсетіп отыр. «Алтын киімді адам», көне түркі алфавиті осының айғағы. Тарихи жазбалар, археологиялық зерттеулер орта ғасырларда Жетісуда, Қаратауда, Сыр бойында Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Отырар, Сайрам, Түркістан, Мерке сынды үлкенді-кішілі көптеген қалалардың болғанын көрсетеді. Ол калалардың бірсыпырасында сол кездердің өзінде құрылыс техникасы мен архитектура едәуір дәрежеге көтерілген.

Отырар Оңтүстік Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орта Азияның мәдени, ғылми және саяси орталықтарының бірі болған. 1956 жылы Москвада жарық көрген көп томды «Дүние жүзілік тарихта» біздің заманымыздың III-IV ғасырларында Отырар өлкесі мәдениетінің жоғары болғаны айтылады. Араб-парсы деректеріне қарағанда, Отырардағы үлкен кітапхана шығыстағы аса бай кітапханалардың бірі екен.

Отырар каласы, жалпы Отырар мәдениеті монғол шапқыншылығы (XIII ғ.) кезінде қатты ойрандалыпты. Халқының басым көпшілігі қырылған, қалғандары босып кеткен, әйгілі кітапхананың қоры құрып, тоз-тоз болған. Бұл трагедия халқымыздың тарихында «Отырар ойраны» деген атпен сақталған.

Фараби ежелгі түркі тайпаларының қай тармағынан шиққандығы жайлы нақты дерек әзірше жоқтың қасы. Кейбір ғалымдардың-топшылауынша, ол Қаратау, Сыр бойын жайлаған Қаңлы яки Қыпшақ тайпаларының бірінен (немесе Қаңлы-Қыпшақ ұлысынан) шығуы әбден мүмкін. Ол кезде қазақ ұлты әлі қалыптаспаған. Қалай болғанда да Фараби ту бастағы тәлім-тәрбиені осы өзінің елінде алғандығы айқын. Дарияның да кішігірім бастаудан басталатыны сияқты, Фараби білімі дариясының да түп көзі осы Қазақстан мен Орта Азия топырағында жатыр.

Осыған орай Фараби өз елі-жұрты, олардың мәдениеті жайлы азды-көпті деректер қалдырған ба деген сұрақ туады. Бұған жауап: ұлы ғалым өз өмірбаянын жазбаған, ол еңбектерінде ғылымға қатысы жоқ нәрсені жазбауға тырысқаны мәлім. Алайда байыптап қарағанда Фараби шығармаларында Орта Азия, Қазақстан, осыларға іргелес өлкелердің жай-күйі, мәдениеті жайлы тамтұмдаған деректер кездесіп қалады. Бұл орайда тағы да жоғарыда аталған «Музыканың ұлы кітабының» беттеріндегі сөз арасында келтірілген кейбір жолдарға қайта-қайта үңілуге мәжбүр боламыз.

Қітаптың үлкен кіріспе тарауының екінші бөлімінде Фараби сол кездегі өзіне белгілі халықтардағы музыка ғылымы мен практикасының ахуалы жайлы мынадай хабар береді: «Қандай адамдардың музыкалық талғамын, яғни табиғи және табиғи емес музыканы ажырату қабілетін қалыпты дейміз? Мұндайлар қатарын қазір біз солтүстік он бес және қырық бес градус ендіктер арасында жатқан елдердің адамдарын жатқызамыз; бұған: араб мемлекеті тұрғындары, сондай-ақ бұл климаттың (ықлымның) шығыс және батыс жағындағы халықтар, Византия империясының тұрғындары қосылады. Шынында бұл халықтардың тұрмыс жағдайы, әдет-ғұрпы, ас-арқауы (тамағы) қалыпты. Ал енді басқа халықтарда бұл нәрселер әзірше қалыпты деп айтуға болмайды. Мәселен, бұл көрсетілген өлкелерден оңтүстікке қарай орналасқан эфиопия тайпалары, осы сияқты терістікке және терістік-шығысқа қарай мекендеген көшпелі түркі тайпалары және олардан батысқа қарай орналасқан славян жұртының әдет-ғұрпы қазіргі кезеңде көп жағдайда қалыпты емес».

Бұл үзіндіден Фарабидің халықтар мәдениеті оның географиялық жағдайына, күн көрісіне, салт-санасына тікелей байланысты деп қарағандығы байқалады. Бұл, әрине, шындыққа жуық болғанымен, біржақты түсінік. Фараби араб мемлекетінің саяси және діни үстемдігінің себебінен олардың музыка өнерін басқа «кәпір» елдерден жорта жоғары қойып отыруы да мүмкін.

Бұл жерде бізге ең қажеттісі ол туған өлкесінің географиясын, тұрмыс халін дұрыс біліп отырғандығы. Фараби отырықшы және көшпелі түріктердің шекарасын жуықтап дұрыс ажыратып, олардың орнын, мекенін меңзеп отыр (қырық бес градус ендік - Балқаш көлінің оңтүстігінен өтеді). Аса маңызды дерек - Фараби славян және түркі халықтарының ежелден «қойы қоралас, ауылы аралас» көршілес жатқанын, олардың экономикалық, мәдени жағдайларының қатарлас екендігін куәландырып отыр. Сөйтіп, Ұлы Отанымызға - Совет Одағына біріккен славян, түркі тектес халықтардың тұрмыс ортақтығы тарихтың сонау тереңінен басталады екен.

Орта Азия мен Қазақстанға қатысты енді бір мағлұматты тағы да сол «Музыканың ұлы кітабының» кіріспе тарауынан кездестірдік. Атап айтқанда, Фараби адамдардың көпшілігінде музыкалық талғамның бір-бірінен алшақ болмайтынын дәлелдеу үшін көп қолданылатын бір музыкалық аспапқа тоқталады. Ол былай дейді: «Араб мемлекетінде құрметке бөленіп көп таралған ең кемел музыкалық аспап шахруд ағалады. Ол бұрын мәлім болмаған. Оны жақында ғана, яғни хиджра есебімен 306 жылы Самарқанд атырабындағы Мах деген елдің тұрғыны Құлайыс Ақбас ұлы (ибн Ахбас) жасап еді. Сонан кейін ол аспабын Самарқаннан терістікке қарай орналасқаи алтыншы климат (ықылым) елдеріне алып барды, олар солтүстік қырық бес градус ендіктен шығысқа қарай созылып жатыр. Самарканд музыкантының аспабының үнін бұл елдің халқы да, одан шығысқа, терістікке таман жатқан жұрттардың тұрғындары да жоғары бағалады, онда орындалған күй барша адамдарға ұнады. Сонан соң Ақбас ұлы әлгі аспапты Вавилонға, Шамға (Сирия), Мысырға алып барды. Бұл елдерде тараған көне және жаңа шығармалардың бәрін орындауға ол аспаптың мүмкіндігі жетті. Барлығы қанағаттанды, ешкім бұл аспаптың кемелдігіне шек келтіре алмады».

Фараби бұл жерде Согдиана мен Түркістан елінің музыка мәдениетінің басқа еш елден кем еместігін сипаттап, бұл елдер араб мемлекетінде ең кемел аспапты жасаушы болғанын көрсетеді.

Бір қызығы, күй сандығын құшақтап жиһан кезіп жүрген осы Құлайыс Ақбас ұлы кім? Қалай болғанда ол ғалыммен жақын, таныс-біліс адам сияқты. Аспап хиджра бойынша 306 ж., яғни біздің жыл санауымыз бойынша 918 ж. ойлап табылған. Фараби бұл кезде 47-48-дер шамасында. Біз бұл Құлайыс қобызын арқалап дүние жүзін аралап жүрген аты аңызға айналып кеткен кәдімгі Қорқыт атаның прототипі деп ойлаймыз. Әрине, бұл жорамал.

Жоғарыдағы цитата - Фарабидің өз өлкесінің өнер-білімін жетік білгендігінің, содан рухани азық алып қанат қаққанының айғағы.

«Музыканың ұлы кітабының» түрлі музыкалық аспаптарды сипаттауға арналған тарауында Фараби танбур (домбыра) аспабы жайлы айта келіп, мынадай дерек береді. «Біз осы еңбекті жазып отырған елде танбур деп екі аспапты айтады: Хорасан танбуры, ол Хорасанда, одан шығыс және солтүстік елдерде мол тараған... Ал екіншісі Бағдат танбуры; біз жерін жайлап, суын сулап отырған өлкеде кеңінен мәлім болғандықтан, ең әуелі зерттеуді осыдан бастамақшымыз. Хорасан танбурына кейін ораламыз». Фараби кітаптың басқа жерлерінде Хорасан танбурын түркі танбуры (домбырасы) деп те атайды. Бір қызығы, Фараби суреттеуіпде ол қазіргі қазақ домбырасына өте жуық келеді.

Бұл жерде Фараби тағы да Хорасан, Түркстан мәдениетін жетік білетіндігін көрсетеді. Осы үзіндіден байқалатын бір нәрсе, Фараби өзін араб еліне келімсек, кірме санап кіріптар екенін білдіреді, түркі домбырасын баяндауды екінші орынға лаж жоқ қоятыны аңғарылады. «Қарапайым бол, данышпан бол, жалғыздың аты - жалғыз, елдің аты - ел» дейтін сияқты. Төмендегі мұңды жолдарды кемеңгер ғалым осындай сәттерде жазған болу керек:

Қашықтасын туған жер - қалың елім,

Қамығамын... сағынып алау денем.

Шаршадым мен, қанатым талды менін,

Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

Тамылжып тұр тыныштық айналамнан,

Жұлдызды түнге құшақ жайған далам.

Жалғыз ғана ұйқысыз жатырмын мен,

Ай жарығы жанымды аймалаған.

Жоғарыда келтірілген деректер Фарабидің алғаш нәр алған мәдени-ғылми көзі туған елінің - ежелгі Қазақстан мен Орта Азияның өнер-білім дәстүрлері екенін және бабамыз қайда журсе де, қандай өмір сүрсе де өз өлкесінен көз жазбаған, байланысын үзбегенін анықтай түседі.

Фараби философия мен ғылымның барлық тараулары бойынша қалам тартып, аса ірі жетістіктерге жетеді. Ол 150-ге тарта еңбек жазған, әсіресе философия ғылымын көп зерттеген. Оның философиялық еңбектерінің басым көпшілігі грек ойшыларының, әсіресе Аристотельдің бай мұрасын зерттеуге арналған. Фараби Аристотельдің «Қатегориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика» тағы басқа бірсыпыра философиялық және логикалық шығармаларына түсініктеме жазған.

Аристотель философиясына зейін қоюда үлкен мән жатыр. Аристотель дүниені материалистік тұрғыда түсіндіруге талаптанған жан-жақты білім иесі, данышпан адам. Орта ғасырларда кейде түсінбегендіктен, кейде түрлі діни ағымдардың әсерінен әдейі Аристотельдің құнды-құнды материалистік идеялары бұрмаланып, шатастырылып жіберілген болатын. Тіпті араб Шығысында кейбір грек идеалистерінің еңбектерін Аристотельге телушілік орын алды. Міне, осы себепті ұлы бабамыз Аристотельдің мұраларын, пікірлерін ондай бықсықтан тазалап, аршып, өз қалпында түсіндіруге тырысқан. Әбунасырдың көзқарасында да неоплатонизмнің біраз әсері байқалғанмен, ол бұл міндетті тамаша орындап шықты.

Аристотельдің философиялық идеяларын дамыта отырып, ол өз тарапынан да «Қемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты көптеген философиялық еңбектер жазған. Бұл еңбектерінде ол дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қарым-қатынасы туралы заманына озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады. Мәселен, феодалдық езгі мен соғыстар түтеп тұрған сол заманның өзінде-ақ ұлы ғалым зорлықсыз, қанаусыз қоғам болу керек деген батыл болжам айтады. Бірақ ол ондай ізгі мемлекеттің тууы ең алдымен мемлекет басшысына, оның ақылына, біліміне, талантына тікелей тәуелді деп идеалистік шешім жасайды.

Фараби еңбектерінде кұдай бар деп мойындайды, - онсыз ол кезде ешбір еңбек жарыққа шығуы мүмкін емес. Алайда ол Аристотельдің ізімен, құдай дүниені бар етуші тек бірінші себеп - «алғашқы түрткі» ғана, одан кейін табиғат (материя) өз бетімен, өз заңдылығымен құдайға тәуелсіз даму жолына түскен деген идеяны қуаттайды. Бұл, әрине, мұсылмандардың «жақсылық та құдайдан, жамандық та құдайдан» деген қағидасына мүлдем қайшы. Дін басылары осы сияқты көптеген «күпірліктері» үшін Әбунасырды қуғынға ұшыратады.

Аристотель еңбектерін барлық қырынан зерттей отырып, Әбунасыр өзі де жаратылыстану ғылымдарымен көп айналысқан. Ол ғылым күшін барынша насихаттап, адам ақыл-ойының дүние танудағы құдіретін дәріптейді.

Біз бұл әңгімемізде Әбунасырдың философия, қоғамдық-саяси көзқарастары жөніндегі жегістіктеріне қысқаша ғана тоқталып, оның сан-салалы ғылымдарға қосқан жаңалықтарын көп айтуға тырыстық. Орта ғасырлар заманында да әртүрлі үлгіде жазылған көптеген ғылым энциклопедиялары дүниеге келгенін өткен тарауда атап өткенбіз. Бабамыз бұл тұрғыда да қарап қалмай, өзінің ең атақты шығармаларының бірі «Ғылымдар энциклопедиясы» деп аталатын трактатын жазған. Бұл еңбектің ғылым тарихында алатын орны ерекше үлкен, ол «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы» және басқа аттармен Шығыс елдеріне өте ертеде-ақ мәлім болып, одан көп ғұламалар тәлім алды.

Европа ғалымдары да бұл еңбекпен өте ертеден таныс, ол сонау XII ғасырдың өзінде-ақ арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық, немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, испан, түрік жоне басқа тілдерге аударылып, ғылми қауымға кеңінен мәлім болды.

Роджер Бэкон (1215-1294), атақты ибн Сина (980-1037) және басқалар Фарабидің «Энциклопедиясының» тікелей әсерімен өздерінің әйгілі энциклопедиялық еңбектерін жазған.

Қазақ Ғылым академиясының философия және право институты жанынан құрылған Фарабитану тобы «Энциклопедияны» тұңғыш рет арабша нұсқасынан орыс және қазақ тіліне аударуды жүзеге асырды. Әбунасыр трактатқа жазған кіріспесінде бұл еңбекті жазудағы мақсаты жөнінен былай дейді: «Бұл кітапқа біз белгілі ғылымдардың әрқайсысын дара-дара саралап, мазмұнын толық баяндауды көздедік; сонымен қатар ол ғылымдардың бөліктері болса, оларды да атап, мазмұнын келтірмекшіміз.

Бұл кітап мынадай тараулардан тұрады: Тіл білімі және оның тараулары; Логика және оның тараулары; Математика, яғни арифметика, геометрия, оптика, математикалық  астрономия, музыка, статика, айла, әрекет жөнінде ғылым (механика); Физика және оның тараулары; Метафизика және оның тараулары; Азаматтық ғылым және оның тараулары; Заң ғылымы және дін ғылымы. «Бұл кітапта қамтылған нәрселердің барлығы да пайдалы деп білеміз; өйткені егер кімде-кім осы ғылымдардың қайсыбіреуін терең зерттеп үйренбекші болса, ол құрғақ жоба, соқыр сезіммен емес, білікті және саналы түрде алдын ала нені, не үшін үйренбекші екендігін, одан қандай пайда, абырой атақ табатынын біліп отырады».

«Ғылымдар энциклопедиясының» қысқаша мазмұнын келтірейік. Бұл ұлы оқымыстының ғылымдар жөніндегі өз жетістіктерін түсіну үшін ғана емес, сол замандағы ғылым деңгейін, дәрежесін бағалауға мүмкіндік береді. Фарабидің анықтауы бойынша, тіл білімі дербес және қарапайым сөздер мен сөйлемдер туралы, күрделі және құранды сөздер мең сөйлемдер туралы, мәнерлі оқу ережелері жайлы, тілдің, заңы мен ережелері жайлы, емле ережелері, дұрыс оқу ережелері, өлең жазу, шайырлық туралы мәселелерді қарастырады.

Ол тіл білімі жөнінен өз тарапынан да «Сөз бен әріп туралы», «Жазу өнері туралы», «Өлеңнің үйқасы мен өлшемі туралы», «Өлеңнің ырғағы туралы», «Поэзия өнерінің негіздері туралы» деген сияқты еңбектер жазған. Әбунасыр терең мағыналы философиялық рубаяттар (төрттағандар) жазумен де шұғылданған. Белгілі Фараби зерттеуші ғалым және жазушы А. Машанов қазақ тіліне аударған ғалымның кейбір рубаяттары мынадай:

Жайнаған бейне бір гүл әсем сыры,

Құбылған мөлдір нәзік гауһар нұры,

Даналар талай нысан таққанменен

Тапкан жоқ тектер тегін әлі бірі.

 

Ей, карындас, кашыңдар жалған жолдан,

Ақиқатты шығарма әсте колдан,

Бұл дүние мекенің сыйға берген,

Жер нүктеге телміріп болма алаң.

 

Біз бір мейман бұл жайда аз-ақ күндік,

Болымсызға таласып күн өткіздік,

Анталасып аптықпа тар қапасқа

Адамға әлем мекен ол мәңгілік...

Әбунасырдың анықтауы бойынша, логика - ойлаудың заңдары мен ережелері туралы ғылым. Бұл ғылымның арқасында адам өзінің ойлау әрекетін тәрбиелей алады, өзінің ойын анық та айқын, жүйелі түрге келтіреді, ойлау, ой қорыту, талқылау барысында логикалық қателер жіберуден аулақ болады.

Әсіресе оның логика мен грамматиканың ортақ моменттері мен айырмашылықтары жөніндегі пікірлері аса құнды. Әбунасыр логиканы ойлаудың грамматикасы ретінде қарастыра келің, логика ұғымдары мен категориялары бүкіл адам баласына ортақ екендігін айтып, тілдің ұлттық сипатта болатынын ескертеді. Тараудың соңында Аристотельдің логикалық шығармаларының мәнісі мен маңызына тоқталады. Аристотельдің «Риторика» мен «Поэтикасын» да осы топқа жатқызып, оларды логикалық ойдың тілдік өрнегі түрғысынан қарастырады. Аристотельдің бұл шығармаларының барлығына түсініктемелер жазумен қатар, өз бетімен де көптеген логикалық шығармалар жазған. Олар: «Логикаға кіріспе», «Ақыл мен түсінік», «Логика жайлы үлкен трактат», «Логика жайлы кіші трактат» және басқалары.

Ол математиканы ірі-ірі жеті бөлікке бөліп, әрқайсысына арнайы талдау жасайды.

Әбунасыр физика немесе жаратылыстануды: - табиғат туралы, оның негізгі принциптері мен бөліктері жайлы, табиғи денелерге тән қасиеттер туралы, табиғи денелер мен элементтердің өзара қатысы мен өзара әсері жайлы ғылым деп анықтайды. Ол сегіз бөлімнен тұрады.

Метафизика, шығыс ғұламаларының анықтауы бойынша, болмыстың жалпы припципі мен категорияларын зерттейді. Бұл гылымның еншісіне жаратушы құдайдың барлығы, жоқтығын дәлелдеу де кіретін. Сол кездегі талап пен дәстүр бойынша Фараби да, әрине, құдай бар деген көзқарасты жақтауға мәжбүр болғанын жоғарыда айттық. Алайда мұсылман догматиктерімен салыстырғанда оның баяндауында құдайдың әлемдегі ролі мен құдіреті едәуір төмен яғни алла барша нәрсенің қожасы емес.

Фарабидің бөлуі бойынша ғылымдардың бесінші бір тобы қала жөніндегі ғылым, заң ғылымы және дін ғылымдары болып таралады. Олар негізінен этика, тәрбие, мемлекет басқару мәселелерімен айналысады. Әбунасырдың бұл бағыттағы еңбектері оның әлеуметтік-саяси көзқарастарының дұрыс және теріс жақтарын зерттеп білу үшін аса маңызды. Оның саяси-қоғамдық көзқарастары, әсіресе - «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары» деп аталатын атақты еңбегінде анық көрінеді.

«Ғылымдар энциклопедиясының» қысқаша мазмұны осындай. Мұнда Аристотельден өзіне дейінгі 1300 жылдай уақыт ішінде өркендеген ғылымдарға талдау жасаған, пәнін тағайындаған, мазмұнын анықтаған, үйрену және үйрету жолдарын белгілеген. Бұл еңбеқ Фарабиден кейін де 500 жыл бойы Шығыс, Батыс оқымыстыларының қолынан түспес кітабына айналды, жоғарғы мектептерде ғылым негіздері жөніндегі басты оқулық болды. Фарабиды зерттеуші, қазіргі Мысыр ғалымы Оспан Аминнің айтуы бойынша, Әбунасыр «Екінші ұстаз» деген құрметті атақты осы еңбегі үшін алған көрінеді. Бұл орайда айта кетерлік бір жәйт, Фараби заманында аса көрнекті педагог-ұстаз болған. Ол ғылым салаларын жасауға ат салысып қана қоймай, оларды насихаттауға, таратуға көп күш жұмсағандығы белгілі, ғалым көп еңбегін шәкірттерге, үйренушілерге арнап жазған. Фарабидің ғылми-педагогикалық бай мұралары әлі толық талданбай, зерттелмей жатыр.

Біз ғалымның педагогикалық жетістіктері жайында бір мысал келтірейік. Ол «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар» трактатында Аристотель еңбектерін оқып-үйрену жайлы тәлім-тәрбиелі қағидалар келтіреді. «Аристотель ғылымын меңгеремін деген адамның міндеті мен ережесі, - деп жазады Фараби, - ең алдымен жоғарыда айтылған қағидаларды біліп, сонымен қатар өзінің мінез-құлқын түзеуден бастау керек. Яғни сезім тілегі шындық үшін ғана болу керек. Ләззәт іздеу, қызығу сияқты нәрселер болмасқа керек. Рухани негізді түзеу керек. Рухани негіз түзу болса, оның тілегі, қалауы дұрыс болады... Оқу-үйрену нәтижесіне шәкірттің (ізденушінің) ниеті әсер етеді. Көңіл қалауы махаббат арқылы болмақ. Демек, махаббат ету, шындыққа жету мақсатында болсын. Егер жек көрушілік араласса, онда сыналып отырған адамның сөзін өтірікке шығару орын алады. Мұғалімдік (ұстаздық) еткен адамның әдісі (өлшеуі) тым өктем (қатаң) және де тым асыра босаң болмасын. Егер тым қатты, үнемі ызғармен болса, онда оқушылар мұғалімін жек көретін халге жетеді. Егер өте босатып жіберген кішіпейілділік болса, онда оқушылар тарапынан мұғалімін елемеу, оның ғылымына селсоқ қарау қаупі туады. Ғалым болу үшін үнемі ғылымның жолында болу қажет. «Тамшы үнемі тама берсе, тасты да теседі» деп бекер айтылмаған ғой және ғылымнан басқамен шұғылдануды азайту керек болады. Әрнәрсемен шұғылдана беруден істе тәртіпсіздік пайда болады».

Фарабидің бұл қағидасының ғылым мен өнер жолын қуушылар үшін қазір де мәні зор. Ғалым оқытуда аса қатаңдықтың да, аса жұмсақтың да дұрыс болмайтынын орынды сынап, шектен шықпауды ұсынып отыр. Бұл күні бугінге дейін күшін жоймаған педагогикалық дұрыс қағида. Ол білім алуда жүйелілікті құптап, ойды, көңілді әр нәрсеге бөлуге, жеңілтектікке салынуға қарсы шыққан.

Фараби «Ғылымдар энциклопедиясында» өзі талдаған ғылымдардың барлығын да жетік білген, ол ғылымдардың барша салалары бойынша ірілі-ұсақты еңбектер жазған. Біз енді оның мұраларына қысқаша тоқталып өтейік.

Фараби көп аспаптарда шебер ойнай білген. Шығыс елдеріндн көп таралып, көпке дейін айтылып, тартылып келген музыкалық әуендер шығарған. Фараби жасапты дейтін музыкалық аспаптар да кездеседі.

Әбунасыр жалаң орындаушы ғана емес, аса ұлы музыка зерттеушісі, асқан теоретик болған.

Музыка ілімін жасауда, сөз жоқ, ежелгі гректердің Пифагор, Евклид, Аристоксен, Птолемей сияқты оқымыстыдарының тиісті еңбектеріне сүйенбей кету мүмкін емес. Алайда Фараби бұл авторлардың идеяларын сын көзімен қарап, логикалық сарапқа салып, ғылымның жаңа жетістіктері негізінде қайта талдап шығады, олардың дұрыс және теріс жерлерін дәл басады. Сондықтан да ол музыка ілімін жасауда гректердеи көп озық кеткен. Мәселен, ежелгі грек  ғұламалары музыкалық аспаптарды зерттеуді тіпті қолға алмаған. Ал біздің бабамыз музыкалық аспаптарды зерттеуді тыңнан бастап, математика және физиканы жетік білгені сонша, олардың музыка іліміндегі мүлт кеткен жерлерін дәл тауып түзетеді, дамытады. «Мен тек музыка ғылымын бағалаушы ғана емеспін, музыка өнерін де бағалаушымын, сондықтан да ежелгі гректерге қарағанда, көбірек істеуіме мүмкіндігім болды», - деп жазады Әбунасыр.

Фарабидың пікірі бойынша, музыканың ғылми іргетасы тәжірибе-бақылау мен физика-математика ғылымдарының қағидаларынан тұрады, ал оның негізгі мақсаты адамның эстетикалық мұқтаждығын қанағаттандыруға тиісті; оның бір ұшы поэзияға тіреледі, өйткені поэтикалық тіл мен музыка тілі бір-біріне етене болып қабысқан кезде музыканың осерлілігі күшейе түседі, яғни музыка - ғылым ретінде математикаға жақын тұрса, өнер ретінде поэзияға туыстас.

Жоғарыда айтылған «Ғылымдар энциклопедиясы» деп аталатын атақты еңбегінде ол басқа ғылымдармен қатар музыка өнерінің де ғылымдар тізбегінде алатын орнын, пәнін, мазмұнын, тарауларын анықтай келіп былай дейді: «Бұлардың ішінде музыка жайлы теориялық ғылым үлкен бес тараудан тұрады. Бірінші тарауда қандай бір ғылымның болмасын құрамын анықтауда қажет болатын негіздер мен принциптер баяндалады.

Екінші тарауда осы музыка ғылымының негіздері талданады. Үшінші тарауда жоғарыда көрсетілген негіздерді белгілеу және дәлелдеу барысына келтірілген нәрселерді әртүрлі жасанды аспаптарда қалай қолдануға болатыны айтылады...

Төртінші тарауда тоңдардың метрлік (өлшемдік) негіздерін кұрайтын әртүрлі табиғи ырғақтар туралы сөз болады.

Бесінші тарауда жалпы мелодиялар құрастыру, әсіресе белгілі бір тәртіп пен жүйе бойынша түзілетін поэтиқалық сөздерге сәйкестендірілген кемел мелодиялар құрастыру жайы баяндалады...»

Европа ғылымының алғашқы қарлығаштарының бірі әйгілі Роджер Бэкон (XIII ғ.) Фарабиды осы еңбегі үшін аса жоғары бағалап, оны Евклид, Птолемей сияқты ғылым алыптарымен қатар қояды. Бұл аса үлкен де орынды баға.

«Музыканың ұлы кітабы» атты трактат осы «Ғылымдар энциклопедиясында» келтірген жоспарда жазылған кесек туынды. Бұл еңбек тек құрғақ музыкалық шығарма ғана емес бүкіл орта ғасырлық ғылымның салдарлы да сындарлы ескерткіші. Мұнда ғылымның философиялық мәселелері мол қамтылған, физика-математика туралы да соны-соны пікірлер мен қағидалар айтылады; ол бұл еңбекте музыканың тәжірибелік және теориялық негізін қалайды және оны музыкалық аспаптарда қалай жүзеге асыру жолдарын көрсетіп береді. Нақтылы айтқанда, Фараби теориялық ғылым жасаудың мынадай үш шартын қойып, осы шарттар негізінде музыка ториясын өз бетінше жаңадан жасап шығады; ол шарттар, біріншіден, ғылымның барлық түпкі негіздерін, принциптерін білу; екіншіден, бұл принциптерден осы ғылымға жататын қажетті қорытындыларды, салдарларды шығара білу; үшіншіден, осы ғылым жайлы бұрын-соңды айтылған пікірлерді талдай білу, дұрысын терісінен ажырата білу, қателерін түзете білу.

«Музыканың ұлы кітабы» үлкен-үлкен төрт тараудан тұрады. Олар: Музыка ғылымына кіріспе; Музыка ғылымының негіздері; Музыкалық аспаптар; Музыкалық композиция деп аталады.

Бұл еңбек XV ғасырда-ақ латын тіліне аударылып, Европада музыка ғылымы мен өнерінің дамуына үлкен әсер етті. Мәселен, бұл еңбекте музыканың теориясы мен практикасында қазір қолданылып жүрген он екі жарты тондық музыкалық жүйенің (темпарированный строй) бастамасы бар. «Музыканың ұлы кітабында» тек музыка ғана емес, философия, математика, физика, тарих, этнография т. б. ғылым мәселелері мол ұшырасады.

Ұлы ғалымның мұраларын зерттеуде тағы бір үлкен табысқа қол жетіп отыр. Ол - 1972 ж. орыс тілінде Қазақ Ғылым академиясының баспасында жарық көрген «Математикалық трактаттар» деп аталатын Фарабидің математикалық еңбектерінің жинағы.

Кейінгі кезге дейін Шығыс ғылымы мен мәдениеті тарихын зерттеушілер «Фараби математик болған ба?» деген сауалға екі-ұшты жауап беріп келді. Кейбіреулері - Фараби математик болған, бірақ оның бұл саладағы шығармалары орта қолды дүниелер және олар бізге жетпей жоғалып кеткен десе, енді кейбіреулері ол таза математика мәселелерімен айналыспаған, тек математиканың философиялық негіздерін жасаумен ғана шұғылданған деп жауап беріп келді.

Біздің зерттеулеріміз бұл екі пікірдің екеуінің де ағат екендігін көрсетіп отыр, шындығына келгенде Фараби зазаманындағы аса ұлы математиктердің бірі болған, одан бізге бірнеше математикалық шығармалар жетті, бірақ күні кешеге дейін олардың көпшілігі елеусіз қалып немесе басқа біреудің атымен аталып келген. Мұның айқын айғағы - Фарабидің әлгі айтылған «Математикалық трактаттары». Бұл жинаққа ғұламаның математикалық мазмұнды мына төмендегі еңбектері кірген:

«Ғылымдар энциклопедиясының» математикалық тараулары. Осман Амин бастырған арабша нұсқасынан (1949 ж.) аударылды. Басқа тілге де аударылған.

«Алмагестке қосымша кітабының» тригонометриялық тараулары. Лондондағы Британ музейінде сақтаулы жалғыз арабша қолжазбасының фотокөшірмесінен аударылды. Бұрын ешбір тілге аударылмаған, бары-жоғы белгісіз болып келген.

«Табиғат сырын геометриялық фигуралар арқылы танытарлық рухани айла-әрекеттер» немесе геометриялық трактат; Швецияның Упсала қаласында университет кітапханасында сақтаулы, арабша қолжазбаның фотокөшірмесінен аударылды. Басқа ешбір тілге аударылмаған.

«Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктемелер». Арабша қолжазбасы сақталмаган, ескі еврей тіліндегі нұсқасынан аударылды.

«Жұлдыз бойынша болжаулардың қайсысы дұрыс, қайсысы теріс». Неміс ғалымы Дитерич бастырған арабша нұсқасынан аударылды.

Бұл еңбектердің табылуы, қолға түсуі, аударылып, зерттелуі оңай болған жоқ. Бұл тұрғыда Фарабидің геометриялық трактатын тауып, анықтау машақатын мысалға келтіруге болады.

Дүние жүзінде бар бүкіл араб қолжазбаларының тізімін жасаушы неміс ғалымы Қарл Броккельманның Швецияда сақтаулы осы трактаттың қолжазбасын атына қарай («рухани айла-әрекеттері») балгерлікке арналған еңбек болуы керек деген үстірт қорытындысы Фараби мұрасын зерттеушілерді теріс бағыттап, бұл шығарманың қалтарыс қалуына тікелей себепші болды. Шынында араб авторларының шығармаларының, аты көбінесе затына сәйкес келе бермейді. Мұның үстіне Фараби «рухани айла-әрекеттер» деген терминді математиканы практикада қолдану әрекеті мағынасында қолданады. Осындай болжауларды басшылыққа ала отырып, біз Фарабидің жұмбақ болып келген осы еңбегінің Швециядан фотокөшірмесін алдырып, аударып-зерттеп қарағанымызда, оның ешқандай балгерлік-әулиелікке қатысы жоқ таза геометриялық еңбек екені анықталды. Ал Фарабидің бұл трактатында қамтылған мәселелердің барлығы Фарабиден кейін шыққан Хорасанның әйггілі математигі Әбу-л-Вафаиың (940-998) еңбегінде кездеседі. Сөйтіп, Фарабидің геометриялық үлкен-үлкен жаңалықтары математика тарихында осы кезге дейін біреудің атымен белгілі болып келгендігі айқындалды.

Осы сияқты Фарабидің тригонометрия саласындағы жетістіктері баяндалған «Алмагестке қосымша кітап» деп аталатын еңбегін біз оның басқа бір астрономиялық шығармасы арасынан таптық. Ұлы ғалымның көптеген тамаша математикалық идеялары тіпті оның философиялық және натурфилософиялық еңбектерінде баяндалғаны анықталып отыр. Мәселен, оның «Жұлдыз бойынша болжаулардың қайсысы дұрыс, қайсысы теріс» деп аталатын еңбегі былайша алғанда математикаға қатысы шамалы шығарма сияқты. Алайда, байыптап зерттеп қарағанда, мұнда ықтималдықтар жайлы, кездейсоқ құбылыстарды алдын ала болжау мүмкіндігі туралы аса терең логикалық, математикалық топшылаулар мен тұжырымдар айтылған.

Енді Фарабидің жоғарыдағы жинақта қамтылған математикалық трактаттарының мазмұнына қысқаша тоқталайық. Фараби өзінің атақты «Энциклопедиясында» басқа ғылымдармен қатар математика ғылымдарының да пәнін анықтап, мазмұнын белгілеп бергендігін айтып кеттік. Фараби, математиканың тарауларының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, пәндерін, мазмұнын анықтайды, бұл математика дамуы үшін аз қолқабыс емес. Оның әсіресе мұнда математиканың жетінші тарауына, яғни айла-әрекет жөніндегі ғылым туралы айтқан ой-пікірлерінің маңызы өте үлкен. Бұл ғылымның жобасы механика деген атпен ежелгі гректерге де мәлім болған. «Механика» грекше «айлакерлік» дегенді білдіреді. Алайда Фараби бұл ғылымның мазмұнын мейлінше кеңейтіп, оны математиканың айрықша бір саласына айналдырған. Бұл сала мазмұны жағынан қазіргі практикада қолданылатын математикаға (прикладная математика) жуық келеді. Ұлы ғұламаның жаратылыстану імлымдары мен технийаны математикаландыру тарихында алатын орны зор. Оның ғылымда ұстанған үлкен принциптерініц бірі - ол математиканы табиғат құбылыстарын зерттеуге, практикаға жан-жақты қолдану мүмкіндігі. Айлакерлік ғылымның түп мақсаты осы мүмкіндікті шындыққа айналдыру, жүзеге асыру. «Айлакерлік туралы ғылым математикалык, кағидаларды табиғи және сезуге болатын денелерде әдейілеп қолдануға қажетті әдістер мен тетіктерді калай табу жөніндегі ілім» дейді ғұлама. Фарабидің пікірі бойынша архитектура, геодезия, метрология, ұсталық өнері, түрлі құрал-аспаптар жасау және басқа практикалық жерлердің математикалық негізі осы ғылымда жатыр.

Ұлы ғұлама, екінші сөзбен айтқанда, математиканың колданыс мүмкіндігі есепсіз үлкен, тек көзін, есебін, яғни айла-әрекетін таба білу керек деп отыр. Бұл қағида мүлтіксіз дұрыс екендігін қазіргі ғылым толық дәлелдеді.

Фараби арифметикалық әдістер мен алгебраны осы айлакерлік ғылымға жатқызады. Мұндағы оның тамаша бір жетістігі - ол математика тарихында тұңғыш рет алгебра пәнін анықтауға тырысады. Осы кезге дейін алгебраның ғылми анықтамасын алғаш беруші деп атақты Омар Хайямды айтады. Шынында Омар Хайям ұстазы Фарабидің анықтамасын қабылдап, оны дамытып, толықтыруы мүмкін. Бұл еңбектегі Фарабидің екінші бір керемет жаңалығы - сан ұғымын нақты оң сандар ұғымына дейін кеңейту қажеттігін айқын да ашық айтуы. Ол рационал және иррационал сандарды енгізуді ұсынады. Бұл идея да кейіннен шығыс математиктері Омар Хайям, Насыреддин Туси тарапынан үлкен қолдау тауып, қазіргі математиканың негізгі іргетастарының бірі ретінде дамытылып келеді.

Осы мәселелердің тұжырымын Фарабидің өз сөзімен келтірейік: «Айлакерлік туралы ғылымның бір түріне сандық әдістер жатады. Бұлар сан алуан болып келеді. Олардың ішінде қазіргі кезде алгебра және алмұқабала деп аталатын ғылым және басқалар бар. Алгебра мен алмұқабала арифметика мен геометрияға ортақ ғылым. Ол Евклидтің «Негіздерінің» оныншы кітабында және басқа еңбектерінде келтірілген рационал және иррационал шамаларға сәйкес сандарды табудың әртүрлі әдістерін карастырады. Рационал және иррационал шамалардың бір-біріне қатынасы сандар мен сандардың қатынасындай болғандықтан, әрбір сан өзінің шамасы (мөлшері) бойынша рационал немесе иррационал шамаға тең болады. Сондықтан шамасы (мөлшері) кейбір шамаларға тең сандар табылса, онда белгілі бір әдіспен сол шамалардың өзі де табылады. Сондықтан шамасы рационал шамаларға тең кейбір сандар рационал болып саналады, ал шамасы иррационал шамаларға тең кейбір сандар иррационал болып саналады».

Ұлы ғалым тригонометрия саласы бойынша да комақты зерттеулер жүргізіп, ірі-ірі жаңалықтар ашқандығы енді-енді байқалып келеді. Ол заманда тригонометрия өз алдына дербес пән емес астрономиялық еңбектерге қосалқы материал, математикалық кіріспе ретінде берілетін. Фараби де осы дәстүр бойынша тригонометрия жөніндегі жетістіктерін «Алмагестке» түсініктеме», «Алмагестке» қосымша кітап» деп аталатын астрономиялық шығармаларында келтіріпті. «Алмагест» ежелгі грек жұртының ұлы астрономы және математигі Клавдий Птолемейден (біздің эрамыздың II ғ.) калған астрономиялық үлкен еңбек.

Фараби бірінші еңбегінде математика тарихында тұңғыш рет кез келген үшбұрыш үшін синус теоремасын тұжырымдап тікбұрышты үшбұрыш үшін оның өзінше дәлелін келтіреді.

Фарабиді «Алмагесте» қолданылған математикалык аппарат қанағаттандырмайды. Сондықтан да ол «Алмагестке косымша кітап» деген трактат жазып, бас жағында (14 тарау) тригонометрия мәселелеріне арнайы тоқталады. Өзіне дейінгі және өзімен тұстас ғалымдардың нәтижелеріне сүйене отырып Фараби тригонометриялык сызықтар жайлы ілім жасайды. Мұнда атап айтарлық бір жаңалық сол - Фараби синус, косинус, синус-верзус, тангенс, котангенс сызықтарын бірыңғай радиусы тұрақты шеңбер ішінде қарастырады, олардың арасындағы кейбір катынастарды тағайындап, қарапайым қасиеттерін ашады. Фарабиге дейін ол сызықтар белгілі болғанмен, олар, мәселен, тангенс және котангенс сызықтары шеңберден тыс қарастырылып келген болатын. Ұлы ұстаздың айта қаларлықтай тағы бір жаңалығы ол осы еңбекте тригонометрия тарихында тұңғыш болып тікбұрышты сфералық үшбұрыш үшін синус және тангенс теоремасын дәлелдейді; бір градус доғаның хордасы мен синусын, косинусын өзіне дейінгілермен салыстырғанда жоғары дәлдікпен есептеп шығарады.

Фараби бұл келтірілген тригонометриялық мағлұматтарға және басқа да математикалық материалдарға сүйене отырып Птолемейдің «Алмагесінде» қарастырылған астрономиялық есептерді қайта қарап, олардың ең жеңіл шешу әдістерін ұсынады.

Ұлы ғалымның тригонометриялық жаңалықтары мен жетістіктерін кейіннен Әбу-л-Вафа, Бируни, Насыреддин Туси және басқа Шығыс ғұламалары барынша дамытып тригонометрияны математиканың дербес жаңа бір саласына айналдырады.

Фарабидің математикалық творчествосында оның геометриялық трактатының алатын орны үлкен. Фарабидің жинаққа енген бұл еңбегінде 140-қа тарта геометриялық салу есебі келтіріліп оны шешу жолдары көрсетілген, сурет-сызбалары салынған, бірақ дәлелері келтірілмеген. Салу есептерінің шешу тәсілдерінің едәуір бөлігін Фараби ежелші грек математиктері Евклид, Архимед, Героннан, біразын Сабит ибн Корра сияқты өзімен замандас араб математиктерінен алғандағы байқалады. Фараби әр жерде шашырап жүрген геомотриялық салу есептері жөніндегі мағлұматтарды жинастырып, бір жүйеге келтірген, принциптерін тағайындаған, геометрияның белгілі бір саласына айналдырып. Фарабиді белгілі дәрежеде қазіргі конструктивтік геометрияның негізіп салушы болды деп айтсақ артық болмайды. Фарабидің бұл жөніндегі еңбегі алгебраны арифметикадан бөліп алған Мұхаммед Хорезмидің, тригонометрияны астрономиядан бөліп дербес пән жасаған Насыреддин Тусидің еңбектерінен ешбір кем емес.

Фараби қолда бар дайын дүниені ұқсатушы, бір жүйеге келтіруші ғана емес, өз тарапынан да көптеген салу есептерінің шешу әдісін ұсынған үлкен геометр. Мысалы, ол параболаны салудың бұрын математиктерге белгісіз екі әдісін ұсынады; оннан аса есепті сызғыш пен адымы тұрақты циркуль арқылы шешу әдісін келтіреді; Пифагор теоремасының жаңа бір көрнекті дәлелін келтіреді, дұрыс жеті бұрышты жуықтап салады, көпбұрыштарды түрлендірулерде гомотетия әдісін пайдаланады, кеңістікте салу есептерінің кейбір түрлерін қарастырады т. б.

Бұл еңбекте тек практикалық мәні бар есептерді шешумен қатар геометрияның теориялық мәселелеріне де көңіл бөлінген. Сондай-ақ оның үстіне Фарабидің бізге жетпеген «Қиялдағы геометрияға кіріспе» деген трактат жазғаны мәлім болып отыр. Сондықтан да Фарабиді қазіргі математиканың басты бөліктерінің бірі көп өлшемді геометрияның негізін салушылардың бірі деп айтуымызға толық болады.

Фарабидің осы трактатында қамтылған нәрселердің барлығы Фарабидан кейін шыққан жоғарыда айтылған Әбу-л-Вафаның (940-998) «Қолөнершілерге геометриялық салулардан не қажеттігі жайлы кітабында» келтірілген.

Фарабидің геометриялық салу әдістері жөніндегі бұл трактаты жаңа замандағы Европа математиктеріне игілікті әсер етуі даусыз. Мысалы, Фараби сызғыш пен ашасы (адымы) тұрақты циркуль арқылы шешуге болатын есептерді сұрыптап бір жүйеге келтірген болса, қейіннен XVI ғасырда дәл осындай әрекетті көрнекті итальян ғалымы, атақты суретші Леонардо да Винчиден кездестіреміз. Оның салуларында тіпті Фарабимен дәлме-дәл келетін жерлер бар. Леонардо да Винчи заманында Фарабидің аты, еңбектері Европада кеңінен мәлім болғанын ескерсек, италия ғұламасы біздің бабамыздан көп нәрсе үйренген деп айта аламыз.

Жинаққа енген Фарабидің төртінші шығармасы Евклидтің «Негіздерінің» бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі кейбір қиын жерлерді түсіндіруге, түзеуге арналған.

Евклидтің «Негіздерінде» келтірілген анықтамалар, аксиомалар мен постулаттар, теоремалар жүйесінде жалпы алғаңда, кемшіліктер бар екендігі бұрыннан-ақ айтылып жүрген. Осы кемшіліктердің бірсыпырасын Шығыс ғалымдары ішінде дәл тауып жөндеуге, кемелдендіруге әрекет жасаушылардың бірі Фараби болды.

Бір мысал келтірейік. Евклид «Негіздерінің» бірінші кітабында ең әуелі нүктенің, сонан соң сызықтың, беттің анықтамалары беріледі және олар бір-біріне байланыссыз дара-дара қарастырылады. Ал Фараби болса, Аристотельдің материалистік көзқарасын дамыта отырып, нүктені сызықтан, сызықты беттен, ал бетті денеден бөліп алуға болмайды деген дұрыс қорытындыға келеді. Аристотель үшін де, Фараби үшін де математикалык ұғымдар ақиқат нәрседен абстракциялау (дерексіздену) жолымен шыққан. Мұнда физикалық дененің кеңістік және сандық касиеттерінен басқа қасиеттері еске алынбай парықсыз қалдырылады. Осыған байланысты Фараби геометрияның нүкте, сызық, бет, дене сияқты бастапкы ұғымдарын баяндаудың екі әдісі бар екенін көрсетеді. Оның бірі - ең алдымен түйсікке, сезімге жакын ұғымдардан бастап баяндау, екіншісі - ақылға жақын ұғымнан бастау. Фараби геометриясының негізгі ұғымдарының баяндау реті олардың физикалық денелерден абстракциялануының төменгі сатысынан жоғары сатысына қарай бағытталуы, яғни нақты жекеден жалпыға көшу жолын ұсынады (дене, бет, сызық, нүкте). Евклид өзінің кітабында кері жолды, яғни жалпыдан жекеге көшу жолын қабылдағаны мәлім. Фараби бұл екі әдісті біріктіріп пайдалануды жақтайды. Бұл пікір де күні бүгінге дейін ғылыми-педагогикалық мәнін жоймаған қағида.

Жинаққа енген соңғы еңбек Фарабидің «Жұлдыз бойынша болжаулардың қайсысы дұрыс, қайсысы теріс» деп аталатын әйгілі трактаты. Математикалық тұрғыда бұл шығарманың құндылыгы - мұнда Фарабидің ықтималдықтар жөніндегі пайымдаулары баяндалған. Мұны қазіргі математиканың басты тарауларының бірі саналатын ықтималдар теориясының философиялық бастамасы деуге негіз бар.

Фарабидің математикалық мұралары жинаққа кірген бұл еңбектермен ғана шектелмейді, ол математиканы астрономия, оптика, архитектура, геодезия т. б. ғылымдарға кеңінен қолдануға болатынын айтып, дәлелдеп қана қоймай, оны қолданудың тамаша үлгілерін көрсетіп береді. Бұл жөнінде «Музыканың ұлы кітабы», «Алмагестке түсініктеме» трактаттары айқын мысал бола алады.

Фараби мұраларын игерудегі жүргізілген соңғы зерттеулер ғұламаның өз заманында көрнекті астроном болғанын көрсетеді. Осы кезге дейін ғылым тарихында «Фараби Птолемейдің «Алмагестіне» түсінік жазыпты» деген жалғыз ауыз тұжырымпан басқа ғалымның астрономиялық еңбектерін ешкім қарастырып, пікір білдірген емес. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Фарабидің қолымызда бар астрономия, астрология жайлы шығармаларын мұқият зерттеуге мәжбүр болдық. Фарабидің астрономиялық мұрасы дегенде тілге бірінші оралатын еңбектері Птолемейдің осы «Алмагестіне» байланысты жазылған дүниелер. Осы кезге дейін ол бұл тақырыпқа арнап көлемді бір-ақ еңбек жазған делініп келді. Алайда біздің зерттеулеріміз Фараби бұл мәселе жөнінде «Алмагестке түсініктеме», «Алмагестке қосымша кітап» деп аталатын екі трактат арнағанын көрсетеді, бірақ та олар Птолемейдің «Алмагестіне» комментарий (түсінік) деген атпен бірге жүр. Фарабидің бұл шығармалары басылған да емес, ешбір тілге әлі аударылған да жоқ, оның арабша сақталған жалғыз қолжазбасы Лондондағы Британ музейінің қорында сақтаулы, көлемі 218 бет. Біз қазір бұл еңбектерді арабша қолжазбадан орыс, қазақ тіліне аударып, тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Кұнды-құнды астрономия жайлы айтылған пікірлер мен топшылаулар Фарабидің басқа еңбектерінде де мол ұшырасады. Фарабидің өз кезіндегі астрономияға қосқан негізгі жаңалықтарының бірі - оның ғылымдар жүйесінде алатын орнын анықтап, зерттейтін мәселелерін айқындап, пәнін ажырата беруі болды. «Астрономия деген бір атпен екі ғылымды түсінеміз, - дейді ғалым. - Олардың біреуі - жұлдызнама (астрология). Бұл ғылым жұлдыздарға қарап болашақта не болатынын, кейде қазіргі кезде болып жатқан және өткенде болған оқиғаларды болжауға арналған.

Екіншісі - математикалық астрономия. Астрономияның осы бөлігі ғана математикалық ғылымдар қатарына жатады; ал біріншісі қабілет, өнердің бір түрі, ол арқылы не болатынын адам тек болжалдай ғана алады; мәселен түс жору, құстың ұшуы бойынша жорамалдау, бал ашу т. б. қабілеттер».

Бұл жерде Фараби астрономиядан жалған ғылым саналатын жұлдызнаманың, яғни жұлдыз арқылы болжау ғылымының пәнін ажыратып отыр. Фарабидің пікірінше астрология дәл мағынасындағы ғылым емес, ол сәуегейліктің бір түрі.

Егінге біткен арам шөп сияқты астрологияға арқа сүйеген «көріпкел» «әулиесымақтар» астрономияның дамып, нығаюына көп кедергі келтіргені ғылым тарихынан белгілі. Еріккен бек, патшалар, әкімдер арнайы «балгерлер» ұстап, астрологияны өркендетуге жағдай туғызған. «Жамансыз жақсы болмас» дегендей, аракідік мұндай «көмектің» астрономия ғылымы үшін де пайдасы тимей калмаған. Алайда жаратылыстану ғылымдарының сара, даңғыл жолға түсуі үшін астрология, алхимия, геомантия сияқты жалған ғылымдардың түп негізінің шикі екендігін ғылми-философиялық жолмен әшкерелеу тарихи үлкен міндеттердің бірі еді.

Ұлы бабамыз бұл жөнінде де көшбасшылық жасап өзінің жоғарыда айтылған «Жұлдыз бойынша болжаулардың қайсысы дұрыс, қайсысы теріс» атты трактатын жазған.

Көзінің тірісінде-ақ және Шығыста күні бүгінге дейіп «Екінші ұстаз» атанған бабамыз көп еңбектері сияқты бұл трактатын да өзімен замандас ғалымдардың қолқасы бойынша, солардың астрономия ғылымының негізі жөніндегі шеше алмай қойған мәселелеріне жауап ретінде жазған. Бұл трактаттың жазылу тарихы жөнінде қызық деректі оның алғы сөзінің авторы Ибрагим Бағдади деген араб оқымыстысынан оқимыз. Ол былай дейді: «Мен бір кездерде жұлдыз бойынша болжау ғылымының сырын үйренуге қатты көңілім кетіп, барынша ықылас аударып, бұл жөніндегі кітаптарды тынбастан оқыдым; көп уақытымды сарп еттім, бұл ғылымның ақиқаттығына ешбір шүбәлі болмай, болжауда кететін қателер астрономиялық бақылаулар мен есептеулердің шалағайлығынан, ғалымдардың білместігінен болар деп ойладым. Бұл кедергілер жойылып, кемшіліктер түзелсе, онда жұлдыз бойынша болашақ болжанып, әлем сыры, белгісіз нәрселердің бәрі алақанда тұрғандай анықталатынына күмәнім болмайтын.

Өзім де қарап қалмай, астрономиялық бақылауға мейлінше машықтанып, есептеу шеберлігімді үздіксіз кемелдендіре бердім, бірақ мақсатыма жету орнына барған сайын одан қашықтай түстім, көңіліме ол ғылымның (яғни астрологияның А. К.) кәміл дұрыстығы турасында күдік ұялай бастады.

Мен енді ежелгі ғұламалар кітаптарына көп үңіліп, іздеген сауалыма жауап іздей бастадым. Алайда ол кемеңгерлердің кітаптарында жұлдыз арқылы болжау жөнінде айтылғаи пікірлер шым-шытырық, анығынан анық емесі көп екенін көрдім. Енді менің бұрынғы имандай сенімім - күдікке, ақиқат деп жүргенім - құрғақ болжалға айналып, басым мең-зең болды.

Арада біраз уақыт өтті, күмәнімнен, сарсаңнан айыға алмадым; сүйтіп жүргенде Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Фараби ат-Тарханиды кездестірдім. Мен оған өз жағдайымды баяндап, шағым жасадым. Жұлдыз жөніндегі ғылым ақиқат ғылым ба, мұның дұрыс жері қайсы, терісі қайсы екенін айтып, ежелгі ғұламалардың пікірлерін талдап беруді отіндім, жалбарындым. Ол маған бұл ғылымның негіздерінін негіздері, заңдарының заңдары арқылы түп мәніне қалай жетуге болатыны туралы көп сабақтар берді, мен оған сұрақ қоямын, - ол маған жауап береді, кейде пікір таластырамыз. Бір күні ол маған бұл туралы зерттеулерің, ойлап-түйгендерін қысқа-қысқа қағидалар түрінде қағазға түсіріп, ол трактаттың қолжазбасын әкеп көрсетті. Мен бұл шығарманы көшіріп алдым, мазмұн-мәнін асықпай отырып байыптап оқып шықтым, іздегенімді таптым, күдігім жоқ болып кетті, жұлдыз ғылымы жөнінде көзім ашылды».

Бұл мағлұмат Фарабидің даналығының, адамдығының, ұстаздығының жаңа қырларын танытады.

Ұлы ғұлама бұл шығарманы жазғанда түпкі мақсаты сол тұстағы философия, логика, жаратылыстану жетістіктері негізінде аспан жөніндегі ғылымда не дұрыс, не теріс екенін ажыратып беруді көздеген. Бұл оған дейін ешкім толық шешіп бере алмаған, талайдың басын қатырған қиын да өте маңызды ғылми-философиялық проблема болатын Фараби осы проблеманы шешу үшін сол кездегі ғылым мен философиядағы көкейкесті көп мәселелер туралы пікір айтуға тиіс болады. Олардың әрқайсысының ғылым тарихы үшін маңызы үлкен.

Бұл еңбегінде Фараби ғылым тарихында тұңғыш болып астрологияны астрономиядан бөліп, оның жалған ғылым екенін дәйекті түрде дәлелдейді. Бұған керісінше, ол астрономия ғылымының пәнін жоғары көтеріп, оған жаратылыстану ғылымдары төрінен орын береді. Әбунасырдың қортындысы бойынша, астрономия екі топ мәселелермен айналысуы керек. Бірінші, арифметика, геометрия сияқты ақиқат бұлжымас, дәл заңдылықтар, екінші, аспан шырақтары мен Жердегі құбылыстар арасындагы көпшілік жағдайда мүмкін байланыстардың заңдылықтары. Астрономия - тәжірибе мен бақылауға, математикалық есептемен логикалық қортындыларға негізделген ғылым. Бұған керісінше, ол астрологтардың, яғни жұлдыз бойынша жорушылардың іс-әрекеттері ешбір ғылымға жанаспайтын, көпшілік жағдайда жалған болжаулар екенін ғылми-логикалық тұрғыдан негіздеп, жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерінен алынған мысалдар арқылы ыспаттайды.

Рас, Фарабиға дейін де жұлдыз бойынша болжау әрекеттерінің дұрыстығына күмән келтірушілер болған (мысалы, Аристотель). Алайда бұған дейін ешкім де Фараби сияқты айрықша еңбек жазып, оның түп-тамырына дәл осылай балта шауып көрген жоқ болатын. Бұл жөнінен Әбунасыр замандас оқымыстыларынан бірнеше ғасыр озық тұр. Тіпті сол заманнан бері мың жылдан астам уақыт өтсе де Батыста астрологиялық сандырақтар қазірдің өзінде етек алып отыр. Мысалы, Америка Құрама Штаттарының бір өзінде 30 мыңға жуық «көріпкел» астрологтар қызмет жасайды, олардың 5 миллионнан астам клиенттері бар, арнаулы журналы бар.

Фарабидің астрологиялық трактатының көп жерлерінде адам баласы білімінің шарттылығы, кемеліне келмеген жайлар көп екендігі аңғарылып, замандас және келер ұрпақ оқымыстыларға ой тастағандай болады. Мысалы ол былай дейді: «Сатурн барлық планеталар ішіндегі ең шабан қозғалатын, ал Ай ең жылдам қозғалатыны деп жорушылар неге керісінше ойламайды, яғни Сатурн барлығынан шапшаң қозғалады, өйткені оның қашықтығы басқа планеталар қашықтығы ішіндегі ең алысы, ал Ай барлығынан шабан қозғалады, өйткені оның қашықтығы ең жақыны».

Оның бұл еңбекте айтылған көп пікірлері кейіннен шәкірттері тарапынан үлкен қолдау тауып, ары қарай дамытылады. Мәселен, ибн Сина ұстазын қуаттап, астрологияның жалған ғылым екендігін әшкерелейді. Ал тағы бір шәкірті атақты Бируни оның аспан жүйесі жайлы білімінің шарттылығы жайлы идеясын дамытып, әлем кіндігі үшін тек Жерді ғана емес, Күнді алуға да болады деген гелиоцентрлік тамаша тұжырым жасайды.

Фараби осылай астрономия ғылымының іргетасын бекітіп, даму бағдарын белгілеп берумен шектеліп қалмай, бұл ғылымның көптеген мәселелері бойынша зерттеулер жүргізіп, бірсыпыра жаңалықтар ашқаны айқындалып келеді. Бұл тұрғыда оның жоғарыда көрсетілген Птолемейдің «Алмагестіне» арналған трактаттарының маңызы үлкен.

Бұл еңбектерді біз арабша қолжазбасы арқылы зерттеп, Фарабидің астрономиялық мұралары жөнінен бірсыпыра бұрын мәлімсіз болып келген соны тұжырымдарға келіп отырмыз. Зерттеу әлі жүріп жатыр. Птолемейдің «Алмагестін» оңдеуде өзінің мақсаты мен ұстанған принциптері туралы бірінші кітабының кіріспесінде Фараби былай дейді:      «Біз Птолемейдің астрономия жөнінде жазған ұлы шығармасы «Алмагестің мазмұнын» түсіндіруді мақұл көрдік. Біз мұнда оның сөзінен көп ауытқымаймыз, біздің замандастарымыздың Птолемейден өзгеше әдістерін сирек, тек кейбір мәселелерде ғана келтіреміз. Өзіміздің зерттеулеріміз беп тапқандарымызды «Қосымша кітапта» келтіреміз. Біздің көздеген негізгі мақсатымыз - бұл кітаптың мазмұны барынша түсінікті болуы. Осы мақсатпен математикалық сөйлемдердегі есептеулерді алып тастап, оларды жалпы далелдеулермен ауыстырдық. Нәтижелерді тексеріп (есептеп) көремін деушілер тексеріп көруіне болады. Алайда бақылаулар саны мен тарихына тым бой ұрып, сыңаржақ кетпегені жөн. Таблицаларға келсек, оларды енгізуге дс, енгізбеуге де болады. Біз өз тарапымыздан қайталанатын таблицалардың тым көп болмағаны жөн деп санаймыз, өйткені математика жөнінен болсын немесе астрономия тұрғысынан болсын аспан шырақтары арасында ортақ, ұқсас жәйттер көп, сондықтан олардың арасындағы өзгешеліктерді көрсететін таблицалар мен суреттерді ғана қайталау керек».

Фараби осы жоспар бойынша Птолемейдің он үш кітаптан тұратын үлкен еңбегін қайта баяндап шығады. Фарабидің қолжазбасымен жақынырақ танысып бажайлағанымызда, ол өзінің баяндауында Птолемейдің көлемінде қалып қоймағандығы көзге түседі.

Фараби баяндауындағы ерекшеліктердің бірі - ол мұнда үлкен педагог-методист екенін танытады; оның себебі Фарабидің өзі көрсеткендей бірінші трактаты негізінен ғылым жолындағы шәкірттерге арнайы жазылған. Бір мысал: планеталар қозғалысына арналған Птолемейдің 9-11 кітаптарының мазмұнын ол тек бір кітапқа сыйғызған; мұның себебі өзі айтқандай, «аспан шырақтары арасында ортақ, ұқсас жәйгтер көп». Әрине бұл ұқсастықты байқау, ретін тауып орналастыру - үлкен оқымыстының, педагог-методистің өресі ғана жететін іс-әрекет. Оның үстіне Птолемейдің «Алмагесті» өте ауыр астрономия-математика тілімен жазылған дүние.

Фарабидің баяндауында байқалатын басты ерекшелік - мүмкіндігінше жекені жалпылауға ұмтылу. Ол үнемі Птолемейдің «тоқсан сөзінің» «тобықтай түйінін» табуға тырысады, яғни ұзын-ұзын пайымдаулар мен ой топшылауларды кішігірім лемма түрінде тұжырымдап, оны ұрымтал жерлерде орынды пайдаланып отырады. Мәселен, ол жазық тікбұрышты үшбұрыш үшін синустар теоремасын осындай лемма түрінде берген.

Жалпы алғанда, «Алмагесті» баяндау барысында Фараби жүзеге асырған принциптерді, методикалық әдістерді, әрекеттерді зерттеу, ашу педагогикалық ғылымдар кәдесіне жарату - Фарабитанудағы кезекте тұрган келелі мәселелердің бірі. «Алмагесті» өңдеудегі Фарабидің айға қаларлық үлкен жетістіктерінің бірі астрономияның математикалық аппаратын жетілдіру бағытында жатыр. Ол Птолемейдің «доғаның хордасы» ұғымының орнына «доғаның синусы», «доғаның косинусы» ұғымдарын енгізеді. Ең бастысы: Фараби әрбір геометриялық кесіндіні, әрбір геометриялық шамалардың қатнасын сан деп қарастырады, «қатнастың сан мәні», «кесіндінің сан мәні» деген терминдерді енгізеді; әрбір геометриялық шаманы саналы түрде санмен алмастыру математика тарихындағы үлкен жетістік. Гректер сан мен геометриялық кесіндіні бөліп алып, арифметика мен геометрияны алшақтатқаны мәлім; бұл олқылық грек ғылымындағы үлкен кемшілік болды, өйткені математиканың жаңа методтарының (мәселен, алгебралық, тригонометриялық) шығуына, дамуына және оны табиғат жөніндегі ғылымға (астрономия, музыка т. б.) еркін қолдануға тосқауыл болды. Рас, кейін шыққан грек ғұламалары (Птолемей т. б.) арифметикалық және геометриялық әдістерді біріктіріп, астрономия т. б. ғылымдарды кемелдендіруге қолдануға әрекеттер жасаған, мұны Фарабиге дейінгі бірсыпыра араб астрономдары мен математиктері қабыл алып дамытады.

Алайда әрбір геометриялық қатнас, кесінді үшін балама сан табылады деген пікір айтып, негіздеуші Фараби болды, бұл жаңалықтың астрономия үшін баға жетпес маңызы бар еді. Осының арқасында ол Птолемейдің «Алмагестін» бірыңғай алгебралық әдіспен баяндайды. Ол Птолемей сияқты әрбір геометриялық шаманың жеке, дербес сан мәндерін қарастырудан оны жалпылауға көшеді: енді мәселе кесіндінің сандық мәні бола ма, болмай ма деген күдіктен ол шама белгілі ме, жоқ белгісіз бе деген алгебралық теңдеуді шешуге ауысады. Бұл, сөз жоқ астрономия құбылыстарын зерттеуге математиканы батыл енгізіп, сайып келгенде оның жедел дамуына айрықша әсер етті.

Фараби негізінен астрономияның теориялық проблемаларымен айналысқан, алайда оның үлкен бақылағыш - практик болғандығын көрсететін мағлұматтар да табылып отыр. Ол бұл тұрғыда да Птолемейдің көлемінде қалып қоймай, оның кейбір кемшіліктерін дәл көрсетіп, маңызды толықтырулар жасап отырғап. Мәселен, Фараби Птолемейдің Күн апогейінің (орбитаның ең қашық нүктесі) орны жұлдыздарға қатысты өзгермейді деген қате пікіріне қарсы шығады. «Күн апогейінің орнының тұрақты болмайтыны жайлы Мамун астрономдарының айтқандарының дұрыс екенін мен өзім бақылау жүргізіп анықтадым», - дейді ол.

Күн апогейінің орнын бақылау астрономиялық өте нәзік аспаптармен бақылауды қажет ететінін ескерсек, Фараби практикалық астрономияның Терең білгірі болғанын көреміз.

Фарабидің астрономиялық және математикалық көрнекті еңбектерінің бірі оның «Алмагестке қосымша кітап» атты трактаты. Бұл еңбектің бұрын із-түзі, бары-жоғы бүтіндей беймәлім болып келгендігін айттық. Бұл трактатты аудару, зерттеу барысында орта ғасырлар заманындағы математика, астрономия ғылымдарына қатысты көптеген соны да салмақты мағлұматтарды тауып отырмыз. Шағын-шағын алпыс тараудан (баб) тұратын бұл еңбекте тригонометрия және математикалық астрономия, география мәселелері баяндалған.

Фараби өзі жетілдірген тригонометрияға және басқа да математикалық материалдарға сүйене отырып, Птолемейдің «Алмагестінде» және басқа астрономиялық еңбектерде қарастырылған есептерді қайта қарап, оларды математикалық жолмен шешудің жеңіл алгебралық әдістерін ұсынады, өз тарапынан тыңнан шешкен мәселелер де аз емес. Олардың әрқайсысы теорема түрінде дәлелденеді.

Фарабидің бұл трактатында астрономиялық мынадай мәселелер қамтылған: Күннің теңдеуін анықтау, Ай мен планеталардың бірінші және екінші теңдеуін анықтау, Ай мен Күннің эпициклдерінің радиусының көрінерлік өзгерісін зерттеу, аспан денелерінің қозғалысы таблицасының теориясы, Ай мен планеталардың ендік бойынша қозғалысын анықтау, аспан шырақтарының экваторлық, эклиптикалық және горизонтальдық координаттарын табу, Күннің және басқа шырақтардың шығуы, Ай мен Күннің тұтылуы, Айдын, параллаксын табу, Жер мен Айдың ара қашықтығы, ендік табу т. б. мәселелер. Фарабидің бұл саладағы жетістіктері кейіннен шыққан Шығыс ғұламалары тарапынан үлкен қолдау тауып, ары қарай дамытылады. Атақты ғалымдар Әбу-л-Вафа, ибн Сина Фарабиге тікелей еліктеп, өздерінің «Алмагестерін» жазды. Ұлы ұстаздың дәлелдеген астрономиялық есептеу формулалары Ұлықбек обсерваториясы таблицаларына математикалық негіз болғанын көрсететін фактылар бар.

Ұлы ұстаздың география (жағрафия) ғылымына жетік болғанын көрсететін деректер табылып келеді. Ол кезде география мәселелері астрономиялық мағлұматтармен тығыз байланыста қарастырылатын. «Математикалық астрономияның бір тарауында, - дейді Фараби бұл туралы «Ғылымдар энциклопедиясында», - Жер мекенделген және мекенделмегені тұрғысынан зерттеледі, мекенделген бөлігінің шамасы анықталады, үлкен бөліктер - климаттардың (территория) саны көрсетіледі, сол климаттарға сәйкес мекенді пункттер тізімі келтіріледі, олардың орны мен реті сипатталады, әлемнің (аспанның) айналуы салдарынан әрбір климатта және мекенді пунктте болмай қоймайтын кұбылыстар баяндалады, бұлар: күн мен түннің ауысуы, шығу және бату құбылыстары, күн мен түннің ұзақтығы және олардың өзгеруі».

Фараби өзінің «Алмагестке түсініктемесінің» екінші кітабында Птолемейдің «География» деп аталатын көлемді трактаты жайлы арнайы еңбек жазуға ниеті бар екенін айтады. Птолемейдің бұл еңбегі сегіз кітаптан тұрған, мұнда Жер щарындағы 8000 мекеннің ендігі мен бойлығы көрсетіліп, картаға түсірілген. Фарабидің айтылмыш кітабы туралы ешбір дерек жоқ, жазылған, жазылмағаны да белгісіз. Алайда ұлы ғалымның осы айтылған бір ауыз сөзінің өзі оның заманында майталман географ болғандығына шүбә, қалдырмайды.

Ғылым тарихында Фарабиді физик деп атағанмен, оның бұл саладағы еңбектерін көрсетуге арналған зерттеулер жоқтың қасы. Шынында Әбунасыр физика жөнінен бірнеше трактат жазған. Солардың ішіндегі ең көрнектісі «Вакуум» деп аталады.

Кеңістік ғылым мен философияның ең іргелі де даулы маселелерінің бірі. Өйткені кеңістік ұғымы материя ұғымымен тығыз байланысты.

Ежелгі Мысыр елінде, «табиғат бостықтан қорқады, сондықтаң бостық жоқ» деп жорыған. Бұл мәселені ғылми философиялық тұрғыдан шешуге тырысқандар ішінде ежелгі грек ғалымдары Демокрит пен Аристотельді атап айтуға болады. Бұл екі ғұлама вакуумның, яғни бостықтың жаратылысы, баржоғы жайлы қарама-қарсы көзқараста тұрған.

Демокриттің вакуум туралы ілімі оның дүние бөлінбейтін атомнан тұрады дейтін теориясымен тығыз байланысты. Оның пікірінше атомдар тек бос кеңістікке орналасып түзіліске түсе алады, қозғала алады, сондықтан да бос кеңістік бар. Аристотель табиғатта вакуум жоқ деп санайды.

Вакуум мәселесі кейінірек орта ғасырларда қайта көтерілді. Бұл тұста да, баяғы Демокрит пен Аристотельден басталған екі бағыт қайта сарапқа салынды.

Мутакаллимдер, яғни діншіл философтар (мұсылман догматиктері) «бостық бар» деп болжаса, Фараби және оның шәкірттері Аристотельдің ізін қуып, ешқандай вакуумның жоқтығы жайлы ілім жасады.

Осы мәселеге арнап ұлы ұстаз өзінің атақты еңбектерінің бірі жоғарыда біз айтқан «Вакуум» деген трактатын жазған. Ол бұл трактатында вакуум жөнінде бірін-бірі жоққа шығармайтын екі пікір ұсынады: бірінші пікірі бойынша, материядан мүлдем бос кеңістік, яғни абсолют бостық жоқ, бірак, ол материяның жаратылысы бізге белгісіз дейді. Екінші пікірі бойынша, ол салыстырмалы түрде бостықтың болуы мүмкін екенін аңғартады, бірақ ол шын мәніндегі абсолют бостық емес, ауасы сиретілген кеңістік дегенді дәлелдейді.

Бұл екі көзқарастың екеуін де философия мен физиканың болашақ дамуы дұрысқа шығарды, бұл екі бағыттың екеуі де вакуум туралы ғылым мен техниканың дамуына, дұрыс көзқарастың қалыптасуына үлкен әсер етті.

Фарабидің кейінгі кезге дейін онша белгісіз болып келген бір еңбегі мәлім болып отыр. Медицина (тәуіптік) мәселелеріне арналған бұл шығарманың толық аты «Адам ағзалары жөнінде Аристотельмен алшақтығы туралы Галенге қарсы жазылған трактат». Гален Клавдий - біздің заманымыздың 130-200 жылдары шамасында өмір сүрген рим дәрігері және табиғаг зерттеушісі. Одан бізге жеткен азын-аулақ еңбектердің өзі Галеннің атақты Гиппократтан кейінгі ежелгі дүние медицинасындағы ең үлкен ғалым дәрігер болғанын көрсетеді. Ол анатомия, физиология және диагностиканың негіздерін қалаған. Гален орта ғасырлар заманында өте үлкен, талассыз беделге ие болған, медицина, биология ғылымының кемеңгері саналған.

Ал Аристотель болса, жалпы ғылымның, оның ішінде медицина мен жаратылыстану ғылымдарының да «пайғамбары» болғаны мәлім. Фараби ескі дүние медицинасының екі алыбы жайлы трактат жазып, олардың ұстанған ғылми принциптерін, әдістерін саралап, араларын ашып беруді көздеген, төрелік айтқан. Бұдан оның медицина жөніндегі өзінің көзқарасын айқындау мүмкіндігі туып отыр.

Гален, үлкен практик, физиолог-экспериментатор, сондықтан да адам ағзасының органдарының міндетін, қасиетін білуде тәжірибеге сүйенген әдісті таза теориялық кітаби әдіске қарсы қояды. Галеннің көзқарасы бойынша, медицинаның жалпы қағидаларын бақылау мен тәжірибе жүзінде жүйелі түрде тексерілген фактылардан, мағлұматтардан шығарып алу керек. Гален теорияны бекерге шығармайды, алайда практика мен тәжірибені асыра бағалап, нәрсенің, құбылыстың мәнін білуді бірбеткей анализге, бүтінді бөлшектеуге саяды.

Аристотель теория мен практиканы медицинада қатар ұстауды ұсынған. Аристотельдің көзқарасы бойынша жекелеген қасиеттер тәжірибе арқылы алынады, ал бұл қасиеттің қаншалықты мәнділігі логикалық ой қорытындыларына сүйенген теориялық жолмен шығарылуы керек.

Ал тереңірек салыстыра зерттеу Аристотель мен Галеннің медицина жөніндегі нәтижелерінде пәлендей алшақтық жоқ екенін көрсетеді. Тек екеуінің зерттеу әдістерінің негізінде айырмашылық бар. Бұл айырмашылық кей жағдайда елеусіз боп көрінгенмен, көп жағдайда принципиалды, түбегейлі қайшылыққа соқтыруы мүмкін. Сондықтан да Әбу-насыр бұл мәселеге айрықша мән беріп, арнайы трактат жазып отыр. Ол өзінің ғылымды жасау әдісіне сүйене отырып, Аристотельді қуаттай келе, бір жағынан, жалаң тәжірибешілікке, эмпирицизмге қарсы шықса, екінші жағынан, құрғақ теоретиктерге қарсы тұрады.

Атақты дәрігер ибн Сина Фарабидің осы еңбекте және басқа медициналық трактаттарында баяндалған теориялық принциптері мен нұсқауларына сүйене отырып өзінің әйгілі медициналық жүйесін жасаған.

Фараби орта ғасырларда етек алған жалған ғылымдардың бірі - алхимияға да қарсы шыққан. Бұл «ғылымның» негізгі мақсаты - «жаман» металдарды алтынға айналдыратын философиялық тас табу немесе адамға мәңгі өмір берерліктей «өмір өзегін» жасау болған. Ол «Алхимия өнерінің қажеттілігі туралы» деп аталатын арнайы еңбек жазып, алхимия өнерінде не дұрыс және не теріс екендігін ашып беруге тырысқан. Әбунасыр алхимияны бүтіндей жоққа, бекерге шығарушыларға да, осы сияқты оны түгелдей ешбір күмәнсіз құптаушыларға да қарсы болды. Оның пікірінше, алхимияны ғажайып әулиелік құралы емес, өзінің зерттеу пәні, белгілі бір мақсаты бар жаратылыстану ғылымының бір саласы деп қарау керек.

Ұлы ұстаздың бұл дұрыс көзқарасын кейінгі ғасырларда ибн Сина, Омар Хайям, Леонордо да Винчи тағы басқа алдыңғы қатарлы оқымылыстар қолдап, ілгері дамытқан.

Фарабидың ғылым, философия мен өнер саласында қалдырған мұралары ұшан теңіз. Біз солардың тек бірсыпырасына қысқаша шолу жасадық. Бабамыздан қалған мол рухани байлыққа нелік етіп, оларды толық жинастырып, аударып зерттеу, қазіргі күннің кәдесіне жарата білу – біздің қасиетті парызымыз деп білеміз.

 

 

Пайдаланған әдебиет:

 

Көбесов А. Сөнбес жұлдыздар. –Алматы: Жазушы, 1973. -160 бет.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-09-28 11:27:00     Қаралды-4571

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »