UF
Загрузка...

Тақырыбы: «МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ТЕОРИЯСЫ»

 

1. Мемлекет және құқық теориясының жалпы  сипаттамасы.

 

1.Мемлекет және құқық теориясы қоғамдық ғылым ретінде.

2.Мемлекет және құқық теориясының зерттеу объектісі.

3.Мемлекет және құқық теориясының атқаратын қызметі.

 

       Ғылым-адам қызметінің маңызды бір саласы ретінде өте күрделі құрылымнан тұрады.Қоғам мен табиғаттағы құбылыстар мен процестерді зерттеу нәтижесіне байланысты табиғи және қоғамдық ғылым жүйесі қалыптасты.

       Қоғамдық құқықтық қатынастардың дамуына байланысты ғылымның жаңа кезеңдегі дамуы басталды. Осының нәтижесінде қоғам мен табиғатқа тән құбылыстар мен процестерге әрекет етуші заңдарды мынадай түрлерге бөлеміз:

1)      табиғи заңдар,оның зерттейтін пәні-табиғи ғылымдар саласы.

2)      әлеуметтік заңдар,оның зерттейтін пәні - қоғамдық ғылымдар саласы.Қоғамдық ғылымдарға заң ғылымы да жатады.

3)      «заңдар», бұған нормативті заңдар жатады.              

       Барлық ғылым салалары сияқты,заң ғылымының да зерттеу объектісі бар. Оған мемлекет және құқық туралы мәселелер кіреді.

Қоғамның пайда болып,дамуына байланысты қоғамдық құбылыс ретінде мемлекет және құқық пайда болды.

        Мемлекет және құқық қоғамның саяси-құқықтық өміріне әсер ете отырып,қоғамдық құбылыстармен тікелей қатынаста болады. Міне, осыған байланысты заң ғылымының оқыту пәніне қарай өзіндік құрылым жүйесі қалыптасты.

1.      Жалпытеориялық және жалпы тарихи ғылымдар. Оған мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы жатады.

2.      Салалық заң ғылымдары. Бұл заң ғылымына конституциялық құқық,мемлекеттік құқық, қылмыстық құқық, еңбек құқығы, сауда құқығы, салық құқығы т.б. жатады.

3.      Органдар туралы заң ғылымы. Бұл ғылым саласы мемлекеттік органдардың құрылымын, құқықтық-ұйымдастырылуын, қызмет тәртібін зерттейді. Мысалы, соттың және прокуратураның  ұйымдастырылуын, прокуратуралық бақылау т.б.

4.      Салааралық заң ғылымы. Бұған халықаралық құқық, жер құқығы, экологиялық құқық, космостық құқық т.б. кіреді.

5.      Їс жүзінде қолданылатын заң ғылымы. Оған сот статистикасы, сот медицинасы, сот психиатриясы, криминалогия т.б. жатады.

Заң ғылымдары жүйесі қоғамдық қатынастардың дамуына байланысты өзгеріп, дамып, жетіліп отырады. Заң ғылымдарының жалпы теориялық бөліміне жататын мемлекет және құқық теориясының орны ерекше.

      Мемлекет және құқық теориясы мемлекет пен құқықтың пайда болуы, дамуы және қызмет істеу бағыттарының жалпы заңдылығын зерттейтін ғылым.

      Мемлекет және құқық теориясының негізгі ерекшелігі мынада:

-         қоғамдық ғылым ретінде мемлекет және құқық теориясы қоғамдық құбылыстарды құрайтын пән болып табылады. Осы ерекшілігіне байланысты басқа ғылымдар саласы ажыратылады.

-         саяси қоғамдық ғылым ретінде мемлекеттің саясат саласын мемлекеттің билік қызметіне байланысты қоғамдық құбылыстар мен процестерді зерттейді. Осы ерекшілігіне байланысты мемлекеттік – құқықтық қондырманы зерттейтін басқа ғылымдардан ажыратылады.

-         жалпы теориялық ғылым ретінде мемлекет және құқықтың ерекше және жалпы заңдылығын  және белгілерін зерттейді. Осы ерекшілігіне байланысты арнаулы заң ғылымдарынан ажыратылады.

-         жалпы методологиялық ғылым ретінде мемлекеттік - құқықтық қондырманың жалпы заңдылығын түсіндіреді. Осы ерекшілігіне байланысты мемлекеттік құқықтық құбылыстарды зерттеу мәселелерін дайындайды.

-         мемлекет және құқық теориясы басқа заң ғылымдары үшін базалық ғылым болып саналады. Міне, осы езгешілігіне байланысты мемлекет және құқық теориясы қоғамдағы мемлекет пен құқықтың пайда болуын, дамуы және қызмет атқару заңдылықтарын, олардың мәні мен құрылымын, негізгі бөлшектері мен принциптерін, заңдылықтарын зерттейтін ғылым  жүйесі.

       Нарықтық қатынастарға өтуге байланысты жаңа әлеуметтік  құбылыстар заң ғылымына белгісіз мәселелерді күн тәртібіне қойды. Мемлекет және құқық теориясының кез-келген мәселесі жария мәнге ие болады. Мемлекет және құқық териясының дамуы қызмет атқару бағыттарына да байланысты. Осы қоғамда өмір сүріп отырған мемлекеттік-құқықтық нақты қатынасты анықтайды.

        Мемлекет және құқық теориясы бірнеше арнаулы қызметті атқарады.

     1)онтологиялық қызметі. Бұл қызмет арқылы мемлекет пен құқықтың қалай пайда болғанын, қазіргі даму дәрежесін анықтайды.

     2)гносеологиялық қызметі (таным қызметі). Мемлекет пен құқық теориясы бұл қызметті атқара отырып, көптеген таным әдістері мен тәсілдерін жасайды, мемлекет пен құқық теориясының мәнін, мазмұнын, түрлерін және басқа мемлекет және құқыққа байланысты құбылыстар мен процестерді танып біледі.

     3) эвристикалық қызметі. Мемлекет және құқық теориясы тек мемлекет пен құқық ұғымдарының белгілі заңдылықтарын ашып қана қоймай,қоғам   өміріндегі пайда болған жаңа заңдылықтарды зерттейді.

     4)методолгиялық қызметі. Мемлекет және құқық теориясының ғылыми-таным әдістерін творчествалық түрде басқа заң ғылымдары салаларында пайдаланады.

     5)әлеуметтік - қолданбалы қызметі. Мемлекеттік - құқықтық құбылыстар мен процестердің қалай дамитындығын көрсетеді.Мысалы: құқықтық реформа табыс әкеле ме?,  құқықтық мемлекетті қалыптастыру үшін не істеу керек? т.б.

     6) мемлекет және құқық теориясының идеологиялық қызметінің маңызы зор. Ұзақ уақыт бойы мемлекет және құқық теориясы маркстік-лениндік тұрғыдан дамытылды. Қоғамның жаңа сатыға көтерілуіне байланысты бұл қызмет саласы жаңа мәнге ие болды. Қазіргі мемлекет және құқық теориясының иделогиялық қызметі - жалпы демократиялық, гуманистік идеалды қалыптастыру. Осы қызметтерге байланысты мемлекет және құқық теориясы жаңа даму жолына түсті.

     7)мемлекет және құқық теориясының тәжірибелік-ұйымдастырушылық қызметі тәжірибеде теориялық-танымдық модельдерді талдап, іске асырады.

     8)мемлекет және құқық теориясының болжамдық қызметі мемлекеттік-құқықтық дамудың заңдылығын ашып, статистиканы жинақтайды.

     9)саяси-басқару қызметі. Мемлекет және құқықтың бұл қызметі саяси ұғымды, саяси билікті бір қолға немесе бір әлеуметтік құрылымға жинақтау үшін қажет.

      Мемлекетті басқару үшін өте ірі құралдар қажет. Ол үшін ішкі және сыртқы саясаттың ғылыми негізі жасалады. Мұны тек мемлекет және құқық теориясы іске асырады.

      Мемлекет және құқық теориясының барлық қызметі бір-бірімен тығыз байланысты. Олар бірін-бірі толықтыра отырып, мемлекет және құқық теориясы туралы түсінікті қалыптастырады.

 

2. Мемлекет және құқық теориясының пәні және әдісі.

 

1.Мемлекет және құқық теориясы пәні.

2.Мемлекет және құқық теориясының әдістері.

 

Мемлекет және құқық теориясы жалпы мемлекет және құқық ғылымының пәні ретінде қоғамның, қоғамдық өмірдің құбылыстары-мемлекет және құқықтың пайда болуы, дамуы және қызмет істеу жолдарын, өздеріне тән заңдылықтарын, олардың таптық-саяси және жалпы адамзаттық мәнін, мазмұнын және түрін, заңды қарым –қатынастары мен байланыстарын, құқықтық сананың және құқықтық мәдениеттің ерекшіліктерін ашады.Осы қоғамдық қатынастардың мәнін ашуда мемлекет және құқық теориясы пәні басқа құқық салаларының пәндерімен тығыз байланыста болады. Әсіресе, мемлекет және құқық теориясы пәні тарихи принципке сүйене отырып, мемлекет және құқық тарихымен тығыз қарым-қатынаста дамиды. Ол әртүрлі мемлекеттердегі,әртүрлі мезгілдегі, кеңістік пен кезеңдердегі нақты мемлекеттік-құқықтық құбылыстар мен процестерді зерттейді. Ал, мемлекет пен құқық теориясының пәні бұл білімді жинақтап, жүйеге келтіріп, жаңа творчествалық сапа береді.Сондықтан, тарихи принцип мемлекет пен құқық теориясының негізгі принципіне жатады. Жалпы алғанда мемлекет және құқық теориясы пәнінің зерттеу шеңбері 10-12 мыңжылдықтардағы жалпы планеталық мерзімді қамтиды.

        Мемлекет және құқық теориясының пәні  заң ғылымының негізгі ұғымдары мен категорияларының жүйесін құрайды. Мысалы, құқық нормасы, құқықтық қатынас, құқық субъектісі т.б.

 Барлық ғылым салаларының оқу пәнінің объектісі-өзі зерттейтін мәселелердің жиынтығы. Мемлекет және құқықтың объектісі оларды басқа құрылымдардан бөліп қарауға,сондай-ақ әлеуметтік құбылыстар жүйесінде олардың орнын анықтауға,сөйтіп,мемлекет пен құқықтың мәнін терең түсінуге жағдай жасайды. Мемлекет және құқық теориясының зерттеу объектісіне мемлекет пен құқықтың пайда болуы, дамуы,қызмет етуінің жалпы заңдылықтары, олардың мәні мен мақсаты,мемлекеттік-құқықтық реттеу механизмі жатады. Қоғамдық қатынастардың дамуына байланысты зерттеу объектілері жиынтығын ғылыми тұрғыда, ғылыми ізденістердің нәтижесінде жаңартылып, дамытылып отырылады. Оқу пәніне байланысты бұл ғылым саласы құқық пен мемлекеттік билік қатынастарын, мемлекеттің және құқықтың қоғамдағы қызмет рөлін, олардың басқарушылық, реттеушілік және қорғаушылық қызметтерін дамытуға, қоғамдық өмірдің экономикалық негіздерін реттеу мақсатында қоғамдық саяси процестерді, бағыттарды және құндылықтарды қайта құруға мүмкіндік беретін мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды, категориялар мен ұғымдарды  құрайды.

 Сонымен, мемлекет және құқық теориясының пәні-мемлекет пен құқықтың пайда болуының, дамуының және қызмет атқаруының заңдылықтары, олардың мәні, құрылымы және негізгі бөлшектері, принциптері, институттары.

Мемлекет және құқық теориясының әдістері дегеніміз мемлекеттік –құқықтық құбылысты зерттеуде ғылыми жолмен қамтамасыз етілген теориялық принциптердің, логикалық әдістер мен арнайы тәсілдердің жиынтығы. Яғни,ғылыми әдіс дегеніміз пәнді түсінудегі әдістер мен тәсілдердің жиынтығы.

Мемлекет пен құқық теориясы өзінің пәнін түсіну үшін көптеген амал - тәсілдерді пайдаланады. Олардың ішінде мыналары өзгеше болып бөлінеді:

1.Жалпыға бірдей әдіс-ойлаудың жан-жақты принципін көрсететін философиялық дүниетанымдық амал. Оған жататындар:

а)метафизика, мемлекет пен құқықты мәңгі және өзгермейтін институт ретінде қараушы.

б)диалектика-материалистік және идеалистік болып бөлінеді.

 Материалистік диалектика-қоғамдағы әлеуметтік–экономикалық өзгерістермен байланыстыратын құбылыс, әсіресе, жеке меншіктің пайда болуы және қоғамның таптарға бөлінуі, яғни бір-бірімен тығыз байланыстағы, нақты тарихи жағдайдағы мемлекет және құқықты дамушы категория ретінде қарастырушы.

  Идеалистік диалектика:

 а) объективті идеализм;

 б) субъективті идеализм болып бөлінеді.

Объективті идеализмде мемлекет пен құқықтың пайда болуын жаратушы күшке байланыстырады.

Субъективті идеализмде мемлекет пен құқықтың пайда болуын адам санасының жемісі деп көрсетеді.

Философиялық амалдың орны үлкен болғанымен жалпы мемлекет және құқық жасаған жалпы әдістемелік категориялар мен принциптерді ауыстыра алмайды. Себебі,құқықтың мәнінің,мазмұнының және түрлерінің жалпы ғылыми түсініктерінсіз, заң шығару және жалпылама құқық жүйесінсіз, құқық шығармашылықтың жалпылама ғылыми түсінігінсіз, құқықты іске асыру, оны түсіндіру, құқықтық қатынас, заңдылық және құқықтық тәртіп, құқықты мінез-құлық және заңды жауапкершіліксіз және т.б. сонымен бірге демократияның категорияларынсыз, қоғамның саяси ұйымдастырылуынсыз, мемлекеттің мәні, мазмұны және түрлерінсіз,   оның        механизмі   мен қызметінсіз, құқық шығармашылық және ойлау жұмыстарының нәтижесінсіз бірде-бір заң ғылымы саласы өзінің арнайы білім жүйесінің жемісін көре алмайды.

 2.Жалпы ғылыми әдістер-бұл жалпылама әдістер сияқты барлық ғылыми танымды қамтый алмайды, тек оның жеке сатыларында қолданылады. Оған мыналар жатады:

а) талдау(анализ)- күрделі мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды жеке бөліктерге шартты түрде бөлу;

ә) синтез-оның күрделі жақтарын шартты түрде біріктіру арқылы зерттеу;

б)  жүйелік әдіс – ондағы әртүрлі байланыс түрлерін анықтауда объектіні түгелімен ашуға бағытталады;

в) қызметтік әдіс – бірден-бір әлеуметтік құбылыстардың басқаларға деген қатынас қызметін анықтауға арналады.

 3. Жеке ғылыми әдістер. Бұл мемлекет және құқық теориясының техникалық, табиғи және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ғылыми жетістіктерін меңгеру нәтижесіне байланысты қолданылатын әдістер. Оған жататындар:

1)             нақты-әлеуметтік әдіс,  бұл құқықтық және мемлекеттік-саяси институттар қызметін, қазіргі кездегі құқықтық реттеудің сенімділігі немесе құқықты қорғау үшін субъектілердің шын мәніндегі мінез-құлқын зерттеуге арналады.Бұл әдіске анкета толтыру, сұрау, бақылау және т.б.әдістер кіреді.

2)             статистикалық әдіс, бұл әдіс мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың сандық көрсеткішін алуға мүмкіндік береді.

3)             кибернетикалық әдіс, бұл әдіс мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды кибернетика ұғымдары, заңдары және техникалық құралдары жүйесінің көмегі арқылы тануға мүмкіндік береді.

4)             жеке құқықтық әдістер, бұл тек заңға ғана тән әдістер. Оған жататындар:

    а) формалды-заңдық әдіс. Бұл әдіске  құқықты жүйелеу әдістерін, қайнар көздерін, ішкі құрылымын зерттеу тән. Мемлекетті зерттеуде мемлекет түрін, құрылымын анықтауда қолданылады.

ә) салыстырмалы - құқықтық әдіс, жалпы және арнаулы құрылымдарды анықтау мақсатында әртүрлі құқықтық жүйені салыстырып қарауға мүмкіндік береді, яғни түрлі елдердің мемлекеттік және құқық жүйесін зерттейді.

б) мемлекеттік - құқықтық реттеу әдісі. Мемлекеттер мен құқықтық құбылыстардың ұқсастығы болады, сондықтан біреуінің белгісіне қарап, екіншісінің белгісін анықтаймыз болады. Осы әдіске қарап,әртүрлі мемлекеттер мен құқықтық қатынастардың ерекшеліктерін ажыратамыз.

  Мемлекет және құқық теориясының түрлі әдістері қоғамдық өмірдің күрделі құбылыстарын тануға мүмкіндік туғызады.

 

 3. Мемлекеттің пайда болуы.

 

1.Алғашқы қауымдық құрылыстағы әлеуметтік билік.

2.Мемлекеттің пайда болуының шығыстық жолы.

3.Европалық мемлекеттердің пайда болуы.

4.Мемлекеттің шығуы туралы теориялар.

 

               Мыңдаған жылдар бойы адамдар мемлекеттік-құқықтық жағдайда өмір сүруде. Барлық азаматтар белгілі бір мемлекетке жатады, мемлекеттік билікке көтеріледі, өздерінің іс-әрекеттерімен құқықтық жазбаларға және талаптарға әсер етеді.

       Ежелгі дәуірде-ақ адамдар мемлекет пен құқықтың пайда болу себептері мен жолдары туралы ойлана бастаған. Әртүрлі жақтармен сипатталған көптеген теориялар жасалған.

       Алғашқы қауымдық құрылысқа тән этникалық ортақтық формасы - тайпа болды. Мұның мүшелері ру мүшелері сияқты қандас-туыстық байланыстармен бірікті. Бұл кезеңде өте күрделі құрылым: екі дуальдық-экзогамдық ру жаңа әлеуметтік қауымдық-тайпаның өркенін құрады. Ру - алғашқы тұрмыстық қауымдық демократия принциптері негізінде басқарылды.

      Тайпаның әрбір ересек мүшесі  рулық кеңесте, сондай-ақ тайпалық кеңесте де өз пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болды. Ақсақалдар мен әскери көсемдер өз қызметіне сайлану құқығы бойынша келді.

              Осы демократиялық ру-тайпалық өзін-өзі басқару әйелдерге де тиісті болды. Алғашқы қауымдық құрылыста әлеуметтік билік өмір сүрді. Бұл дәуірді потестарлық билік (латын сөзінде «potestus»-билік,күш) дәуірі деп те атаймыз. Адамдар өз міндеттерін ешкімнің мәжбүрлеуінсіз өздері орындап отырды. Рулық қоғамда негізгі билік ру көсемінің, ақсақалдар кеңесінің және рудың ересек мүшелерінің жалпы жиналысында болды. Мұнда ру өміріндегі маңызды мәселелер шешілді. Сайланған көсемдер рудың беделді мұшелері болды. Біртіндеп, жасы үлкен беделді ақсақалдардың орнына күш-қуаты мол әскери көсемдер келді. Ру ақсақалдары және әскери көсемдер ешқандай жеңілдіктерге ие болмады.

       Әскери демократия тұсында халық жиналысы,ақсақалдар кеңесі,тайпалық көсем сақталды. Рулық қоғамның ыдырау формалары қандай да болсын дәуірдің негізгі мазмұны жеке меншіктің, таптың және мемлекеттің тууы болып қала берді.Көптеген тайпаларда құпия одақдар пайда болды. Ол байлығы мол адамдардың одақтары еді. Олар біртіндеп ру-тайпалық билік тұтқаларын өз қолдарына алды. Құпия одақтар ру-тайпалық органдарды билеп қана қоймай, қоғамдық тәртіпті сақтау, сот істерін жүргізу, соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешу істерін де өздері иемденіп, қуатты руаралық және тайпааралық ұйымдарға айналды. Әскери демократияның ашық таптық демократияға айналуы мемлекеттік саяси құрылымның қалыптасуына алып келді. Халықтар территориялық принцип бойынша бөліне бастады. Біртіндеп мемлекет пайда болды. Мемлекеттің пайда болуы ұзаққа созылған процесс болды. Мемлекет ру-тайпалық құрылыс ыдырап, қоғам ішінен көсемдер мен оның айналасындағылар бөлініп шағып, қоғамның әлеуметтік жіктелісі тереңдеп, шаруашылық байланыстар кеңейген кезде пайда болды.

      Таптық қоғамдар бұдан 5 мың жылдан астам бұрын қалыптаса бастады.

      Бұл алғашқы мемлекеттерге б.д.д. IV мыңжылдықтағы Мессопотания және Ніл аңғарында, III мыңжылдықтың орта шенінде - Инда бассейнінде, II мыңжылдықта – Эгей теңізі бассейнінде, Кіші Азияда,Финикияда,Оңтүстік Аравияда,Хуанхэ бассейнінде, б.д.д. Iмыңжылдықта және б.д. I мыңжылдығында Көне Дүние мен Орталық Американың территориясының үлкен бөлігінде пайда болған мемлекеттер жатты.

    Мемлекеттің шығыстық жолының қалыптасуының ерекшілігі саяси билік иелері қандай да бір қоғамдық қызметті атқарады.Қауымның ішінде қоғамдық өнімнен алынған қор болды. Бұл қауым ішіндегі ерекше лауазымды тұлғалар тобын қалыптастырды. Олар қауымның әкімшілік, қазыналық, бақылаушы қызметтерін атқарады.

              Кей жағдайда әкімшілік басқару діни салттармен бірге жүрді,бұл оның беделін көтерді. Мұның барлығы өз орындарын мұраға қалдыруға әкеп соқты. Бұл мемлекеттік билік аппаратын құрды.Сөйтіп,шығыстық мемлекеттік құрылымға тән нәрсе таптық басқару аппаратының, экономикаға бақылаудың, саяси және әскери қызметтердің болуы еді. Біртіндеп, бұл қызметтерді атқарушылар ру-тайпалық тектілерінің әлеуметтік топтарына (топ,тап, кастаға) айналды.

     Әкімшілік-мемлекеттік құрылым жеке меншікке (әсіресе,жерге) негізделді.

     Экономика мемлекеттік және қоғамдық меншік түрде қалыптасты. Мемлекттік аппарат өкілдерінің сарайлары, асыл бұйымдары, құлдары болды. Қызметтен кеткен жағдайда дүниесінен, кей кезде өз бастарынан да айырылып отырған. Дегенмен, жеке меншік мемлекеттің экономикасына анау айтқан әсерін тигізе қойған жоқ. Қоғамдық өндіріске «ерікті» қауымдық еңбек шешуші әсер етті. Саудагер мен қалалық қолөнершілер тобы эконономиканың дамуына өз үлестерін қоса алмады.

      Біртіндеп ұжымдық еңбек қызметі кооперациясының шеңбері өсті. Бұл қауымның үстінен қарайтын билік және басқару органдарының пайда болуына әсерін тигізді. Олар билеуші адамдар мен құдай арасындадағы өкіл болды. Олар билігін құдайдан алады деп есептелінді. Мұның барлығы биліктің орталықтануына алып келді. Осының нәтижесінде пирамидаға ұқсас құрылым пайда болды. Жоғарыда (көсемнің орнына) шексіз билік иесі монарх отырды, төменде (ақсақалдар және көсем кеңесінің орнына) монарх кеңесшілері,уәзірлер отырды. Олардан кейін төменгі шендегі біртіндеп рулық мәнді жоюшы чиновниктер және т.б. пирамиданың  негізгі ауыл-шаруашылық қауымдары отырды.

      Негізгі өндіріс көзі жер болды. Ол қауым меншігі болып саналды. Қауымдастар ерікті болып есептелінгенімен шын мәнінде мемлекеттікі болды. Сөйтіп,мемлекеттік билік бюрократтық чиновник аппараты мен оның басшысы шексіз билік иесі монархтың қолында болды. Шығыс елдерінің өз ерекшіліктері болды. Қытайда құлдық үй шаруашылағында дамыса,Египетте құлдар қауымдар мен бірге экономикаға өз үлестерін тигізді. Европалық антикадағы құлдық жеке меншікке негізделсе, ол Египетте көптеген құлдар мемлекеттің (фараонның) немесе храмның меншігі болды. Дегенмен, шығыстық мемлекеттердің бәріне бірдей тән ерекшіліктері де кездесті. Олардың барлығында бірдей абсолюттік монархия болды. Экономика негізіне мемлекеттік меншік түрі жатты,ал жеке меншік екінші орында қалды. Мемлекеттің пайда болуының шығыстық жолы бойынша ру-тайпалық қауымнан біртіндеп мемлекетке өтті. Мұндағы мемлекеттің пайда болуының негізгі себептері мыналар:

    1.Ирригациялық құрылыстардың дамуына байланысты қажеттіліктен;

    2.Осы мақсатқа байланысты үлкен территориялар мен адамдар бұқарасын біріктіру қажеттілігінен;

    3.Осы бұқараны басқару үшін біртұтас орталықтан басқарудың қажеттілігінен пайда болды.

      Мемлекеттік аппарат ру-тайпалық бірлестіктің басқару аппаратынан пайда болды. Қоғамнан - қауымдық еңбекті қанаушы тап бөлініп шықты. Шығыстық қоғам мыңдаған жылдар бойы дамымай сол күйінде тұрды.

      Мемлекеттің пайда болуының шығыстық жолына қарағанда европалық мемлекеттерінің пайда болып, қалыптасуының өз ерекшілігі болды. Аз уақыт ішінде тарихи жағынан өзінен бұрын дамыған шығыстық елдерден басып озып, адамзат процесінің даму жолдарын анықтап берді. Европа территориясында мемлекеттің пайда болуына әсер еткен қоғамның тапқа бөлінуі еді. Мемлекеттің қалыптасуына әсер еткен процесс «әскери демократия» болды. Осы кезеңде жерге жеке меншік дамыды, өндіріс құралы – малдар мен құлдардың еңбегін пайдалану күшейді.

      Ежелгі Афинада рулық құрылыстың органдарына біртіндеп жаңа органдардың енуіне байланысты мемлекетке тән нығыз билік органдары келді.

      «Қаруланған халық» орнына, халыққа қарсы тұратын қоғамға лайық емес, одан алыс «көпшілік билік» келді.

      Қауымдық құрылыстың алғашқы кезеңінде–ақ қарапайым қауым мүшелерінен гөрі аристократтардың  (батырлар,базилевстер) жерлері, құлдары, малдары, еңбек құралдары көп болды. Грецияда құлдық патриархалды мәнде дамыды. Текті аристократтар мен бұқара халықтың арасындағы тартыс өткір болды. Олар теңізде тонаушылық және саудамен байыған жеке меншік иелерімен біріге отырып жауапты мемлекеттік қызметтерді алды.Баяғы ру тектілері билігі жойылды. Афина мемлекеті таптық қайшылықтардан пайда болды.Біртіндеп жеке меншіктің қалыптасуы экономикалық билеуші тапты қалыптастырды. Бұл бәрінен бұрын көпшілік билік институтын алып келді. Сондықтан Афинаны мемлекеттің пайда болуының классикалық түрі деп атаймыз.

      Ежелгі Спарта мемлекетінің пайда болуына түрлі себептер әсер етті. Спартандық қауым көрші аумақтарды жаулап алып отырды. Ол жердің тұрғындары жеке меншік емес,қауымдық құлдарға,яғни илоттарға айналды.

              Олардың саны спартандықтардан да асып кетті.Сондықтан оларды басқару үшін жаңа билік органдары бар аппарат қажеттілігі туды.

      Спартандықтардың өз ішінде мүлік теңсіздігін дамытпау үшін тең түрде жартылай ерікті тұрғындарымен бірге жер бөлініп берілді. Илоттардың үстінен мемлекет тарапынан өкілеттікке ие болған адамдар тұрды. Олар өте қатал террор орнатты. Оларға қарсы илоттар көтерілістер жасап отырды.     Бұл қауіп қатал аристократиялық мемлекетті дамытты. Алғашқы қауымдық құрылыс қалдықтары сақталынған қатал территориялық әдістерді пайдаланушы басқаруды алып келді. Бұл ру-тайпалық ұйымды жоюға мүмкіндік бермеді. Спарта мемлекетінің басында екі патша отырды.

       Римде мемлекеттің және таптардың пайда болуы ұзаққа созылған процесс болды. Ол 200 жылға созылған римдік рулық – тайпалық қоғамның ерікті мүшелері мен плебейлер арасындағы күресте қалыптасты. Осының нәтижесінде Римдік қоғамдық ұйым демократиялық мәнге ие болды.Мысалы, барлық ерікті азаматтар тең құқылы болды,әрбір рим азаматы бір мезгілде жер иесі және жауынгер болу принципі бекітілді, қауым жерінің әлеуметтік саяси маңызы артты.

       Мұның барлығы ерікті азаматтардың арасында мүлік пен әлеуметтік теңсіздіктің дамуын тежеді. Б.д.д. II ғасырдың соңында қауымдас шаруалардың бұқаралық жерсізденуіне байланысты жағдай өзгереді. Қалалар мен селоларды жаулап алу тоқтамады.

       Мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізіп отырған римдік отбасының, жаулап алған аумақтарды басқаруға күші жетпеді. Осының барлығы б.д.д. II ғасырда күшті мемлекеттік аппаратты алып келді. Римде мемлекеттің құрылуы Грециядағы сияқты болды. Бірақ Римде бұл процеске плебейлер араласты. Римдік руға жатпайтын сырттан келген тайпалар өкілдерінің қолында сауда және өндіріс байлығы болды. Плебейлердің экономикалық билігі күшейді. Олардың текті римдік аристократ-патрицийлерге  қарсы күресі мемлекеттің дамып, қалыптасуына алып келді.

        Франк мемлекетінің пайда болуының өз ерекшілігі болды. Герман тайпалары ұзақ уақыт бойы Римге құлдар әкелуші болды. Бұл Германияның біраз уақытқа дейінгі рулық құрылыс шеңберінде өндіргіш күштерін дамытты. Орта теңіз бойында құл иеленушіліктің сақталуы пайдасыз болды. Кедейленген қауым мүшелері байларға бағынашты болды,бұл шаруашылықтың ұжымдық түрін сақтады.

       Әскери қажеттілік, жартылай көшпелі отырықшы өмір, қоғамдық шаруашылық ұйымының ұйымдық түрінің құлдықты қажет етпеуі еді. Бұл феодалдық қоғамды алып келді. Рим империясының анағұрлым аумағын франктардың жаулап алуы, ру-тайпалық қоғамның билікті қамтамасыз ете алмауы еді. Ол мемлекеттің ерте феодалдық түрін дамытты.

               Осы қоғамдық құбылыстардың барлығы Рим империясының феодализмге өтуін тездетті. Осы жолмен Ежелгі Русь,Ирландия т.б.европалық мемлекеттер дамыды.

        Мемлекеттің пайда болуының негізгі себептері мыналар:

  -қоғамнан көпшілік биліктің бөлінуі;

  -салық түрлерінің енгізілуі;

  -тұрғындардың аумаққа бөлінуі;

  -қоғамда мәжбүрлеу аппараттарының пайда болуы.

          Мемлекеттің шығуы туралы түрлі теориялар бар.

        1. Теологиялық ( діни ) теория, мемлекеттің, мемлекеттік биліктің пайда болуын құдайдың құдіретінен, яғни «барлық билік құдайдан» деп түсіндіреді. Діни мазмұнына қарамай бұл теория шындықты көрсетті.

               Ежелгі ( Иудейде ) теократиялық алғашқы мемлекетте билік абыздардың,храмның қолында болды. Олар діни және әкімшілік орталық ретінде билікті бөліп алды.

               Әсіресе, бұл теория орта ғасырда кең тарады. XVI-XVIII ғасырларда теократиялық теорияны монархтың билігін қамтамасыз ету үшін пайдаланды.

              2.Патриархалды теорияда мемлекеттің пайда болуын кедейленген отбасымен, монархтың билігін әкенің өз отбасы мүшелеріне билігінен пайда болды деп көрсетеді. Бұл теория патшаның, монархтың шексіз билігіне негізделді. Оның негізін қалаған б.д.д. IIIғ.Аристотель болды. Қазіргі уақытқа дейін бұл қағида өмір сүруде.

     3. Органикалық теория бойынша мемлекет адам организмі сияқты дамиды. Ол мемлекет заңдарын адам психикасы процестерімен салыстырды. Бұл теория б.д.д. IV-III ғасырлардағы ежелгі грек ойшылдары идеяларында, соның ішінде Платонның еңбегінде  көрініс тапты.  Бұл   теория   өкілдері    Блюнчли,

Г.Спенсер,Вормс,Прейс т.б. болды.

             4. Келісім - шарттық теория, мемлекеттің пайда болуын келісім нәтижесіндегі адамның саналы еңбегінің жемісі ретінде түсіндіреді. Мемлекет-адамдардың саналы түрде келісім-шартпен бірігуі және олардың өздерінің бостандығы мен билігінің бір бөлігін ерікті түрде мемлекетке беруі.

             Бұл теория ерте буржуазиялық ойшылдардың еңбегінде XVII-XVIII ғасырларда кең түрде дамыды. Бұл теорияны жақтаушылар Г.Гроций,Б.Спиноза,Т.Гоббс,Д.Локк,Ж.Ж.Руссо,А.Н.Радищев болды.

      5. Күштеу теориясы мемлекеттің пайда болуын әскери-саяси факторлармен байланыстырады. Бір халықтың екінші халықты жаулап алуы,жеңілген халық үстінен билікті бекіту үшін мемлекет қажет болды. Күштеу теориясын жақтаушылар рулық демократия мемлекеттік ұйымдардың құрылуына алып келеді деп көрсетеді. Барлық уақыттарда сыртқы тайпалардың шапқыншылығы, олардың билігінің күшейуі, тайпалардың бірігуіне әсерін тигізді. Оның өкілдері К.Каутский,Л.Гумплович,Е.Дюринг еді.

      6. Психологиялық теория XIX ғасырда пайда болды. Оның өкілдері Г.Тард,Л.И.Петражицкий болды. Мемлекеттің пайда болуын адамдардың психикалық қасиетіне байланыстырады. Алғашқы қауым элитасына саналы түрдегі тәуелділігі,оларға еліктеуі,бағыныштылығы, әділетті түрде қарым-қатынасына байланысты адам мінез-құлқының, қызметінің нәтижесінде мемлекет пайда болады. Сондықтан адам психикасы бұл заңдылықты іске асыруға анағурлым әсерін тигізеді.

7. Тарихи-материалистік теория бойынша мемлекет алғашқы қауымдық құрылыстың табиғи дамуының нәтижесі, мемлекет дамуының материалдық жағдайын қамтамасыз ететін экономиканың дамуы,қоғамдағы әлеуметтік өзгерістердің болуы. Бұл теорияның негізін қалаушылар К.Маркс, Ф.Энгельс, Л.Морлан болды.

      8. Ирригациялық теория. Оның өкілі К.А.Виттфогель болды. Ол өзінің «Шығыстық деспотизм» еңбегінде  мемлекеттің                    пайда болуын өте ірі ирригациялық құрылыстардың салынуымен, шығыстық аграрлық жұмыстардың жүргізілуімен байланыстырады. Бұл «менеджерлік бюрократтық тапты»алып келді.К.Виттфогель деспотизм деп «гидравликалық»немесе «агроменеджерлік» өркениетті атайды.

        Дәлдеп келгенде, бұл теориялардың барлығы мемлекеттің әркезеңдегі тарихи құбылыстарға байланысты дамып,қалыптасуын көрсетеді. Сөйтіп, мемлекет адамзаттың өмір сүруі үшін қажеттілік, ол белгілі бір экономикалық, әлеуметтік және рухани ортада пайда болады, өте маңызды саяси роль атқарады және зор әлеуметтік құндылық болып саналады.

 

4. Құқықтың пайда болуы.

 

1.Мемлекетке дейінгі кезеңдегі әлеуметтік  нормалар.

2.Құқықтың пайда болуы.

3.Құқықтың шығуы туралы теориялар.

 

        Мемлекетке дейінгі кезеңде қоғамдық өмірді әлеуметтік нормалар реттеп отырды. Ол адамдардың өмірлік қажеттіліктерінен пайда болып, дамыды.

        Әлеуметтік нормалар ру мен тайпаның бірлігін, қоғамның әлеуметтік-экономикасын көрсетіп, оның даму жолдарын анықтады. Єндіріс құрал-жабдығының өз дәрежесінде дамымауы, өндірістің төмен болуы адамдардың қажеттілігін көрсетті.

        Кез-келген қоғамда, оның өз мүшелеріне деген қатынасын реттеу қажеттілігі туды. Міне, соған байланысты әлеуметтік реттеудің қажеттілігі көрінеді. Оны нормативті және жеке деп екіге бөлеміз. Біріншісінің нормалары қоғамның барлық мүшелеріне арналады. Екіншісі, жеке бұйрық түрінде көрінеді. Олар бір-бірімен тығыз байланысты болады. Әлеуметтік реттеу адамзат қоғамының дамуымен басталады. Алғашқы қауымдық құрылыста қоғамдық қатынастарды негізгі реттеуші салт-дәстүрлер болды. Олар қоғамға пайдалы түрлі жағдайдағы мінез-құлық ережелері еді. Салт-дәстүрлер атадан-балаға мұра ретінде беріліп отырды. Қоғамға әсер ете отырып, олар өте жай өзгерді. Кейінгі дәуірлерде қоғамдық мораль нормалары мен діни-нанымдар келіп шықты. Олар біртіндеп бірігіп кетіп діни негіздерді қалады.

                Қоғамдағы өзгерістерге байланысты адамдар арасында мүліктік теңсіздік күшейді. Дамып, пайда болып қалыптасқан тап үшін оның мүддесін қорғайтын салт-дәстүрлер қажет болды. Мемлекеттік билікті пайдалана отырып,өздеріне қарсы шыққан, жаман қылық жасаушыларға шара қолдану үшін, мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген құқықтық салт-дәстүрді қалыптастырды. Сөйтіп,құқық мемлекетпен қатар дамып, бірін-бірі бекітті.

                Қоғамның, мемлекеттің дамуына байланысты барлық қоғамдық қатынастарды құқықтық салт-дәстүрлер реттей алмады. Міне,осы кезеңде әлеуметтік байланыстарды реттеуді қамтамасыз ету үшін құқық нормаларын бекітетін құқықтың жаңа қайнар көзі:заңдар, заң прецеденті, нормативті келісімдер пайда болды. Құқықтың дамуының негізгі екі бағытын көрсетуге болады. Билеуші мемлекеттік меншіктің негізгі қайнар көзі адамгершілік-діни жағдайдағы жинақтар болды.» Ежелгі Египеттегі Птахотептің өсиеті», »Үндістандағы Ману заңы», «Мұсылман мемлекеттеріндегі Құран» т.б. Қажет кезінде оларды басқа салт-дәстүрлермен (мысалы,адат) және нақты (нормативті емес) ережелермен толықтырып отырды. Бұларды монарх немесе мемлекеттік аппараттағы өкілеттікке ие болған чиновниктер бекітті. Жеке меншікке негізделген қоғамда меншік иелерінің тең құқықты болу қажеттілігі келіп туды. Соған байланысты күрделі қоғамдық мүліктік қатынастар жүйесін реттеу үшін азаматтық заң келіп шықты. Соның бірі-Римдік жеке меншік құқығы. Бұл құқық жүйесін адамдар жүздеген ғасырлар бойы пайдалануда, қазіргі күнге дейін өз мәнін жоғалтпаған құқықтардың бірі. Мемлекеттік-ұйымдастырылған қоғамда құқық нормаларынан мемлекет қамтамасыз ететін заң келіп шықты.

Қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу мемлекеттік басқарудағы ең маңызды әдіс. Бірақ құқық пен заң арасында қарама-қайшылық бар. Заң қоғамындағы белгілі-бір топтың ғана мүддесін қорғайды.

                Құқықтың дамуының негізгі үш кезеңін көрсетуге болады. Біріншісі, құқықтың пайда болуы,бұл енді экономикасы қалыптаса бастаған қоғамға тән. Екіншісі кезең,өндіріс экономикасының әртүрлі формалары бар қоғамға тән. Үшінші кезең, ерте мемлекеттік құрылымдарда кодекске жазылған құқығы бар қоғамға тән.

               Құқықтың пайда болғанын мына белгілерінен көреміз: әлеуметтілігі, нормативтілігі, міндеттілігі, бір қалыпқа келтірілуі, оны шығару процедурасының бар екендігі, институттылығы, объективтілігі.

               Құқық мемлекеттік қатынастарды реттеуде мынадай қызметтер атқарады:

1-ден, маңызды реттеушілік қызмет;

2-ден, қорғаушылық қызмет;

3-ден, гуманистік қызметті қорғайды;

4-ден, идеологиялық қызмет;

5-ден, тәрбиелік қызмет.

        Бұл қызмет түрлері қоғамдық өмірде мемлекет пен жеке тұлғалар арасындағы негізгі фактор болып саналады.

        Мемлекетке дейінгі өмір сүрген нормалардың өз ерекшілігі болған.

1)             жоғарыда айтылып өтілгендей алғашқы қауымдық қоғам тарихи түрде қалыптасқан мінез-құлық ережелерімен,яғни салттарымен реттеледі.

2)             бұл нормалар адамдардың мінез-құлық және санасында өмір сүреді.

3)             құқық нормалары әдетке айналған түрде болды,сенім арқылы және мәжбүрлеу ( рудан қуу ) арқылы шаралар қолданылды.

4)             табу жүйесі,қоғам тиым салу әдісімен реттеліп отырды. Бұл жүйе жеке құқықтар мен міндеттердің болмауымен сипатталады.

5)             олар рудың және тайпаның барлық мүшелерінің мүддесін көрсетті. Құқық нормалары жазбаша түрде жалпыға мәлімет ретінде дайындалды.

   Құқық нормалары үш негізгі жолмен қалыптасты:

1)             кәдімгі құқық нормаларында мононормалардың ( алғашқы қауымдық салттар ) дамуы және мемлекеттің күшімен оларды санкцияландыру.

2)             мемлекеттің құқық шығармашылық қызметі арқылы, құқық нормаларының арнаулы құжаттарда-нормативті актілерде көрінуі.

3)             прецеденттік құқық арқылы, яғни сот және әкімшілік органдардың қабылданған шешімдерінен көрінуі және басқа істерде оларды үлгі етілуі.

  Құқықтың пайда болуының негізгі теориялары мыналар:

1.Теологиялық теория - құқық жердегі тәртіпті реттеу үшін құдайдың қалауымен пайда болды.

2.Табиғи құқық теориясы. Адамның табиғаттан пайда болатын табиғи құқығы, туылу, қайтыс болу, үйлену т.б. құқықтары.

3.Құқықтың тарихи мектебі. Бұл теориялар бойынша құқықтың ұлттық ерекшілікке байланысты тарихи түрде пайда болып, дамуы.

4.Құқықтың нормативті мектебі. Құқық нормаларының жоғары тұрған құқық нормаларына бағынуы.

5.Құқықтың психологиялық теориясы. Құқықтың адамдардың психологиялық қажеттілігінен пайда болуы.

6.Құқықтың маркстік теориясы. Бұл теория негізіне құқықтың экономика мен эконимикалық базистің қажеттілігенен пайда болуы жатты. Құқықтың пайда болуына әртүрлі құбылыстар әсер етіп отырды.

Дүние жүзілік құқықтың дамуының екі негізгі жолы бар:

1)             құқықтың пайда болуының шығыстық жолы. Ежелгі Шығыс елдерінде құқықтың пайда болып, дамып, қалыптасуына күшті әсерін тигізген салт-дәстүрлер болды. Қазіргі күнге дейін кейбір елдерде құқықтың қайнар көзі ретінде дін нормаларын пайдаланады.

2)             құқықтың пайда болуының европалық жолы ( Англия ). Бұл елдерде құқық кәдімгі құқықтан бөлек заң шығару және прецеденттік құқық түрінде қалыптасты.

Жалпы алғанда әртүрлі қоғамдық қатынастарды реттеу қажеттілігіне байланысты құқық пайда болды. 

 

5. Мемлекет ұғымына түсінік және оның белгілері.

 

1.Мемлекет ұғымы.

2.Мемлекет белгілері.

3.Мемлекеттік билікті іске асыру тәсілдері.

4.Мемлекеттің мәні.

 

               Мемлекет – ру-тайпалық құрылыс ыдырап, қоғам ішінен көсемдер мен оның айналасындағылар бөлініп шығып, қоғамның әлеуметтік жіктелісі тереңдеп, шаруашылық байланыстар кеңейген кезде қоғамдағы қатынастарды реттеу үшін пайда болған құбылыс. Қазіргі уақытта мемлекетті анықтауда плюрализмге жол берілген. «Мемлекет» ұғымы кең мағынада жоғарғы мемлекеттік билік және басқару органдары бар,белгілі бір аумақта орналасқан ел, қоғам, халық ретінде түсіндіріледі. Сөйтіп, мемлекет дегеніміз саяси аумақтық басқару және күштеу аппараты бар, көпшілік биліктің тәуелсіз саяси ұйымы. Мемлекет бүкіл қоғамды қамтый отарып қоғамның ішінде де, басқа сыртқы мемлекеттермен де қызмет атқарады. Мемлекет-ерекше қоғамдық құбылыс. Сондықтан, оны рулық құрылыстағы әлеуметтік биліктен мына белгілері бойынша ажыратамыз:

      1.Көпшілік билік барлық мемлекет аумағындағы тұрғындарға мемлекет  атынан жүргізіледі. Бұл көпшілік саяси билікке басқару және билік органдары жатады. Қоғамды басқарудың арнаулы аппараты болады. Бұл күштеу аппаратына-сот, прокуратура, ішкі істер органдары т.б. және жазалау шараларын іске асыратын органдардың (әскер,түрме) болуы. Мемлекеттегі басқару аппаратына байланысты ерекше адамдар тобы пайда болады.

     Жоғарыдағы аппараттар жалпы қоғамның мүддесін емес, нақты бөлініп шыққын таптың, әлеуметтік топтың т.б. мүдделерін қорғайды.

       2.Тұрғындардың аумаққа бөлінуі және сол аумақ ішінде көпшілік биліктің іске асырылуы. Кез-келген мемлекеттің өз аумағы болады. Соған байланысты сол аумақта тұрған тұрғындар сол мемлекетке қарайды. Мемлекет олармен қарым-қатынастарын реттеп отырады.

       Бұл мемлекет аумағындағы басқаруды мемлекеттік билік іске асырады. Мемлекет өз аумағындағы тұрғындарды өз билігі арқылы қорғап,қолдап отырады.

                3.Мемлекеттің егеменділігі. Мемлекеттің халықаралық қатынастарда басқа мемлекеттерге тәуелсіздігі. Мемлекеттегі жоғарғы билік сол аумақтағы тұрғындар үшін жалғыз билік көзі. Мемлекеттік билік заңнан тыс кез-келген билікті танып не өзгерте алады.Сол үшін оның күштеу құралдары мен әдістері болады.

               Мемлекеттік биліктің біртұтастығын көрсететін біртұтас мемлекеттік органдар жүйесі болады. Мемлекеттік билікте өз істерін өз бетінше ешкімнің қол сұғуынсыз өзі шешеді.

               4.Құқық және заңдардың болуы. Мемлекет құқықсыз өмір сүре алмайды. Мемлекет пен құқықты бір-бірінен ажырата алмаймыз. Кез келген мемлекет өзінің нормативті-құқықтық актісімен мемлекеттік билікті бекіте отырып, мемлекеттік саясатты іске асырады. Құқық саясатты заңдандара отырып, демократиялық құқықтық мемлекетті қалыптастырады.

               Тек мемлекет қана жалпыға міндетті нормативті актілерді: заңдарды, бұйрықтарды, қаулыларды т.б. қабылдай алады.

             5.Салық және салық жүйесінің болуы. Мемлекет тұрғындарының кірісінен қайтарымсыз алынатын салықтар мен әртүрлі алымдардың алынуы. Мемлекет салықтар мен алымдар арқылы мемлекеттік аппаратты ұстайды, көпшілік саяси билікті қамтамасыз етеді және қоғам үшін пайдалы еңбекке жұмсайды.

             Осы белгілеріне қарап мемлекетті қоғамдық ұйымдардан ажыратамыз. Мемлектті тәуелсіз көпшілік билігі бар, белгілі бір аумақта қоғамды басқаратын, қоғамдық пайдалы қызметті атқарушы және мемлекеттік саясаттың орындалуын қамтамасыз ететін аппараты бар, жалпыға міндетті заңдар мен актілер шығарушы саяси ұйым ретінде танимыз.

              Мемлекеттік билікті іске асырудың өзіне тән әдістері бар. Бұл әдіс-тәсілдердің әртүрлілігіне қарамастан, мемлекеттік билікті іске асырудың дәстүрлі әдістеріне мыналар жатады:

1.Сенім әдісі. Бұл әдісті пайдалана отырып, жеке адамның сана-сезіміне идеялық-адамгаршілік құралдармен әсер етіп, қажет түсінікті қалыптастырады. Бұл жерде идеологияның маңызы зор.

2.Мәжбүрлеу әдісі. Мемлекеттік мәжбүрлеу дегеніміз мемлекеттік жүйенің жеке адамға психологиялық, материалдық немесе физикалық күш көрсету арқылы мәжбүрлеуі. Оны екіге бөлеміз: 1-сі, құқықтық мәжбүрлеу; 2-сі, құқықтық емес мәжбүрлеу. Біріншісі, құқықтық нормаларда анықталған және арнаулы іс жүргізу шеңберіндегі мемлекеттік мәжбүрлеудің түрлері мен шаралары. Екіншісі, мемлекеттік органдардың зорлық-зомбылығы.

      Мемлекеттік билікті іске асырудың әдістерінің түрлері өте көп. Бірақ, олардың барлығы тек құқықтық және қоғамдық – пайдалы мақсатқа негізделуі тиіс. Мемлекет және құқық теориясының негізгі міндеттерінің бірі мемлекеттің мәнін түсіндіру. Мемлекеттің мәні мемлекттің мазмұнын, мақсатын, қызмет істеу бағыттарын анықтайтын құбылыс. Мемлекеттің әлеуметтік мәні кең мағынада қоғамдағы саяси-билікті ұйымдастыру, заңға сүйенген адамдардың бірлестігі ретінде анықталыды. Осының нәтижесінде жария-билік құрылымы құрылады, мемлекеттік-құқықтық институттар мен құқықтық қатынастар қалыптасады. Тар мағынада мемлекеттің басқару аппараты, жария биліктің әртүрлі мекемелерінің жүйесі ретінде анықталуы. Бұл қоғамдағы таптар мен әлеуметтік топтардың, жалпы қоғамның мүддесін қорғайды. Осыған байланысты мемлекеттің мәнінің екі жағын көрсетеміз.

1)             оның формалдылығы, кез-келген мемлекетте саяси билікті  ұйымдастырудың жолдарының бар екендігі;

2)             оның маңыздылығы, осы ұйымдардың кімнің мүддесіне қызмет ететіндігінде;

Мемлекет мәнінің мынадай тәсілдерін анықтауға болады:

1)             таптық тәсіл, мұнда мемлекет билік етуші таптың саяси билігін ұйымдастырушы ретінде көрінеді;

2)             жалпы әлеуметтік тәсілде, мемлекет әртүрлі таптардың және әлеуметтік топтардың мүддесін қорғауға жағдай жасайтын саяси билікті ұйымдастырушы ретінде анықталды.

Сөйтіп, мемлекеттің мәні дегеніміз таптық қоғамда қалыптасқан, мемлекеттік саяси билік аппаратының көмегімен қоғамның біртұтастығын қамтамасыз ететін, дамыған саяси ұйым ретінде мемлекеттің тиісті жұмыстарының атқарылуы.

    Жеке адам мен билік арасындағы қарым – қатынастарды «қоғамдық келісім» түріндегі конституциямен реттейтін және жеке адам мен қоғам мүддесін қорғайтын, құқық принциптеріне негізделіп құрылған мемлекеттің түрі. Мемлекетте заңның шын мәнінде бәрінен жоғары тұруы, оны орындау барлық адамдар мен мемлекеттік органдар, мекемелер үшін міндетті шарт екендігінде.

        Заң алдында барлық азаматтар тең және олар бірдей жауап беруі керек. Құқықтық мемлекет адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толық қамтамасыз ету үшін жағдай жасаушы саяси билік ұйымы. Мемлекеттік билік құқықты пайдалана отырып, құқық бұзушылыққа жол бермейді. Жеке адамдар арасында құқықтық ынталандыру тәртібін құрайды. Заңмен тыйым салынғаннан басқаның барлығына рұқсат етіледі. Бұл принцип құқық субъектілерінің бәріне тән. Әсіресе, адамдарға, заңды тұлғаларға, шаруашылық субъектілеріне т.б.

Құқықтық мемлекеттің мынадай жалпы белгілерін бөліп көрсетеміз:

1)      конституциялық тәртіпке сай биліктің жоғарғы органы қабылдаған заңның жоғары тұруы;

2)      биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот буындарына бөлінуі;

3)      адам және азаматтың құқықтық қорғалуы;

4)      заң және құқықтық бірлігі;

5)      мемлекет пен жеке адамның теңдей жауапкершілігі;

6)      азаматтық қоғамның орнауы;

7)      қоғамда құқықытық сана және құқықтық мәдениеттің жоғары болуы;

8)      құқықтық мемлекетті қамтамасыз етудің құралы мен моделі ретінде соттардың тәуелсіздігі;

9)      антимонополиялық құрылымдардың күшеюі;

10)  мемлекеттің ішкі заңдарының халықаралық құқық прициптері мен нормаларына дәл келуі;

11)  мемлекеттік билік жүйесінің құқығына және құқықтық ұйымдастырылуына заңдардың сай келуі.

         Құқықтық мемлекет туралы идея ежелгі дәуірде-ақ пайда болған.

Құқықтық мемлекеттің элементтері мен соған сәйкес идеялар бірте – бірте қоғам дамуына сай қалыптасты.

        Ежелгі грек архонты Солон барлық азаматтар үшін заңның билігі туралы, адамның табиғи құқықтары мен мемлекет заңдарының арақатынасы жөнінде Аристотель мен Цицерон да жазып қалдырған. Цицерон «Сот – сөйлейтін заң, ал заң тілсіз сот», «Заңдар – билік басындағылардың бұйрықшысы, билік басындағылар – халықтың әміршісі» деген ойларын «Мемлекет туралы», «Заңдар туралы» ғылыми трактаттарында баяндады. Ежелгі Римде құқықтық мемлекеттің маңызды белгілерінің бірі – билікті бөлу туралы бастамалар жасалды. Құқықтық мемлекет туралы ойлар Платонның «Атлантида туралы» әңгімесінде, орта ғасырда Т.Мордың утопиясында, Низамидің «Ескендір – нәме» поэмасында, қазіргі кезде Н.Рерихтың «Шамбале туралы» армандарында сипатталады.

          Құқықтық мемлекеттің басты принципі – билікті бөлу туралы теорияны француз ойшылы Ш.Л.Монтескье өзінің «Заңдар рухы туралы», «Заңдар рухын қорғау туралы» еңбектерінде және ағылшын философы Д.Локк «Мемлекеттік басқарудың екі трактатында» көрсетеді. И.Кант құқық туралы метафизикалық бастама ілімдерінде құқықтық мемлекет теориясын қалыптастырды. Гегель өзінің «Құқық философиясы» еңбегінде саяси мемлекеттегі билікті бөлу туралы талдау жасады.

           Кейін «Құқықтық мемлекет» ұғымы XIX ғасырда неміс заңгерлері К.Т.Велькердің, фон Молдің т.б. еңбектерінде ғылыми негізделді. Құқықтық мемлекет туралы әртүрлі теориялар азаматтық қоғам тұжырымына негізделеді. Азаматтық қоғамның орнауы құқықтық мемлекеттің орнауымен тығыз байланысты. «Азаматтық қоғам» ұғымын Әл-Фараби, Аристотель, Цицерон, Горций, Т.Гоббс, ДЖ.Локк, Гегель, Маркс т.б. қалыптастырды.

          Азаматтық қоғам – қоғамдағы экономикалық, рухани – адамгершілк, діни, ұлттық қатынастардың жиынтығы. Азаматтық қоғамның басты идеясы - адам идеясы болып саналады. Азаматтық қоғам құрылысы өте күрделі. Бұл қоғам барлық азаматтарға қоғамдық және мемлекеттік істерге қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Мемлекет өз тарапынан адам құқығы жөніндегі халықаралық танылған ережелердің орындалуын бақылайды.

         Азаматтық қоғам дегеніміз - адамгершілік, діни, ұлттық, әлеуметтік – экономикалық, отбасылық қатынастардың жиынтығы, осы институттар арқылы жеке адамдар және олардың топтарының мүдделері қорғалады. Сонымен, азаматтық қоғам экономикалық, саяси, рухани қатынастардың жиынтығы.

Азаматтық қоғамға тән белгілер мыналар:

1)       адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кең түрде қамтамасыз етілуі;

2)       қоғамның өзін – өзі басқаруы;

3)       адамдардың әртүрлі топтары мен оның құрылымының арасында бәсекенің болуы;

4)       экономиканың көп укладтылығы;

5)       ерікті түрде қоғамдық пікір мен саяси плюрализмнің еркін түрде қалыптасуы;

6)       адам құқығының жариялылығы;

7)       мемлекет пен қоғамдағы істер жөнінде азаматтардың хабардар болуы;

8)       биліктің заңды және демократиялық мәнде болуы;

9)       құқықтық мемлекеттің орнауы;

10)   адамдардың лайықты өмірін қамтамасыз ететін мемлекеттің күшті әлеуметтік саясатының болуы;

11)   заңдардың әділеттілігі және олардың мүлтіксіз орындалуы.

Азаматтық қоғамның тіршілік ету салалары:

а) әлеуметтік;

ә) экономикалық;

б) саяси;

в) рухани – мәдени;

г) хабар саласы.

Азаматтық қоғам құрылымы түрлері:

1)        мемлекеттік емес, әлеуметтік – экономикалық қатынастар мен институттар (меншік, еңбек, кәсіпкерлік);

2)        мемлекетке тәуелсіз өндіріс иелерінің жиынтығы (жеке фирмалар т.б.);

3)        қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер;

4)        саяси партиялар мен қозғалыстар;

5)        тәрбие және мемлекеттік емес білім саласы;

6)        мемлекеттік емес бұқаралық хабар құралдарының жиынтығы;

7)        отбасы;

8)        шіркеу, мешіт, синогога және т.б.

Сөйтіп, азаматтық қоғам дегеніміз ерікті демократиялық құқықтық қоғам. Қабылданған демократиялық заңдар барлық азаматтардың теңдігі мен ол заңдарды орындау міндеттілігін қадағалайды.  

 

6. Құқықтың түсінігі және мәні

 

1.      Құқықтың түсінігі және оның белгілері.

2.      Құқықтың мәні.

3.  Құқық - қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші.

 

       Заң ғылымындағы көп мағыналы, күрделі ұғымдардың бірі – «құқық». Құқық – бұл мемлекет бекіткен және рұқсат еткен жалпыға бірдей міндетті менез - құлық ережелері.

         Құқықтың мазмұны қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталады. Ол ресми түрде танылған және заңды тұлғалардың заңға сүйене отырып, әрекет жасау мүмкіндігі. Ұзақ уақыт бойы құқық мемлекетпен бірге дамып отырған мемлекеттің жемісі, мемлекет түрлеріндегі таптық билікті іске асыру құралы ретінде қаралды.

       Құқықтың маңыздылығы сол, ол әлеуметтік әділеттілікті, қоғам азаматтардың қажеттіліктері мен мүддесін белсенді түрде қанағаттандырады. Күнделікті адамдардың тіршілік қызметіне, мінез – құлқына және тұрмыс дәрежесіне әсер етіп, оларды ұйымдастыра отырып, бақылауды іске асыратын құрал. Қоғамдық қатынастарды тәртіпке салып, жеке адамның бостандығын анықтайды. Құқық заң алдындағы азаматтардың теңдігін бекітеді, материалдық құндылықты әділетті түрде бекітіп қана қоймай, дұрыс пайдалануға жағдай жасайды.

Құқық халықаралық және ұлтаралық қатынастардың шешуші құралы.

       Тарихи дамуға, қоғамның жаңаруына байланысты, қазіргі замандағы өркениетті мемлекеттерде құқық барлық азаматтардың еркін білдіретін саяси құралға айнала бастағанын мойындау керек.

Сонымен, құқық – күрделі әлеуметтік құбылыс.

        Құқықтың негізгі белгілері:

1)      жалпыға міндеттілігі;

2)      нормативтілігі;

3)      жігерлілігі;

4)      мемлекетке байланыстылығы;

5)      жүйелілігі;

6)      жария айқындылығы,

7)      адамның бостандығы және мінез – құлқының өлшемі.

Осылармен қатар, құқық қоғам мүддесі мен еркін білдіреді. Құқық қоғамда нормативті тәртіппен бостандықты қамтамасыз етіп, кепілдік беруші, экономикалық және қозғаушы күштердің дамуына жағдай жасаушы.

        Құқықтың мәні дегеніміз өркениет жағдайындағы қоғамдық қатынастардың реттелуі, қоғамның тұрақты ұйымдастырылуын қамтамасыз ете отырып, демократияның, экономикалық бостандықтың, жеке адам құқығының шын мәнінде іске асырылуы.

        Құқық мәнін қараған кезде, оның, 1-ден, заңға сәйкестілігін, яғни кез - келген құқық реттеуші екендігін; 2-ден, мағыналылығын, яки көрсетілген реттеушінің кімнің мүддесін қорғайтынындығын ұмытпауымыз керек.

        Құқық мәнінің екі жағын атап көрсетуге болады:

1)      таптық, мемлекеттегі экономикалық билік етуші таптың мүддесін заңды түрде қорғайтын мемлекет тарапынан кепілдік беретін заң нормаларының жиынтығы;

2)      жалпы әлеуметтік, мұнда құқық мәнінің қоғамның әртүрлі таптары және әлеуметтік топтары арасындағы ымыраластырушы ретінде көрінуі.

Құқықтың мәні туралы голланд мемлекеттік қызметкері және философ Г.Гроций және француз ойшылы Ж.Ж.Руссо, ағылшын философы Т.Гоббс талдау жасаған.

        Құқықты әртүрлі мағынада қолданамыз:

1)      субъективтілігі – тұлғалардың мүддесін қанағаттандыру мақсатымен құқықтық нормалардың құқық тұлғаларына берген құқықтық мүмкіндіктері. Субъективтік құқық – субъектінің еркі және санасына байланысты іске асырылады. Мысалы, азаматтардың еңбек етуі, білім алуы, меншік иесі болуы, кәсіпкерлікпен шұғылдануы.

2)      объективтілігі – жалпыға міндетті, қоғамның бекіткен және қамтамасыз етілген заң нормаларының жиынтығы. Бұл заң нормалары қоғамдық қатынастарды реттеуге арналады. Объективтік құқыққа нақты бір мемлекеттің заңдары, заңды салт – дәстүрлері, сот прецеденті және нормативті келісімдері жатады. Оның объективтілігі сол, ол жеке тұлғаның еркі мен санасына қатыссыз жасалады.

3)      табиғилығы, өмірден алынатын, заттардың табиғи тәртібінен пайда болатын, еш жерде бекітілмеген құқық жүйесі. Мысалы, өмір сүру, туылу, бостандық т.б. құқықтар.

4)      позитивтілігі, ол заңдар мен құқықтың басқа қайнар көздерінде белгілену. Бұл құқық саласы қоғамдық ұйымдар және адамдар – заң шығарушылар, соттар, құқық субъектілерінің құқық шығармашылық қызметінің арқасында пайда болады.

5)      жариялылығы, мемлекеттік істер саласына, яғни жария билікті атқарушы мемлекет құрылымы және қызметіне, билік бастамасы негізінде құрылған барлық көпшілік институтына қатысты іске асырылады.

6)      меншік құқығы, жеке істерге, яғни жеке адам бостандығының статусы, автономия бастамасы негізінде құрылған институттарға субъектілердің заңды теңдігі, олардың бір – біріне сай келмеуіне қатысты жүреді. Меншік құқығына азаматтық құқық, отбасылық құқық т.б. жатады.

Құқықтың негізгі белгілерінің бірі мемлекетпен тығыз байланыстылығы.

Оның белгілері мына жағдайларда көрінеді:

1)      мемлекет арнаулы түрде құқықты белгілейді, мемлекет тарапынан күштеу әдісін қолдана отырып, оның орындалуын қамтамасыз етеді.

2)      құқық мемлекеттің еркін нормативті түрде көрсете отырып, таптардың, жалпы - әлеуметтік және т.б. топтардың мүдделеріне сәйкес мемлекеттік қатынастарды реттейді.

3)      құқықтың жалпыға міндеттілігіне сәйкес ерекше әлеуметтік реттеуші ретінде, құқықтық және құқықтық емес мінез – құлықтың өлшемі түрінде пайдаланылады.

4)      басқа әлеуметтік нормалардан құқықтың реттеушілік ролінің ерекшілігі, оның нормаларының көп бөлігі өкілдік – міндеттілік мазмұнға ие.

Құқықты анықтау үшін тарихта көптеген ғасырлар бойы ғалым – заңгерлер, философтар құқықтық – теориялық концепцияларға қатысты құқық мектептерін құрды:

а) нормативті;

ә) тарихи;

б) психологиялық;

г) әлеуметтік;

д) табиғи – құқықтық т.б. 

 

7.  Әлеуметтік нормалар жүйесі.

 

1.      Нормативті және нормативті емес реттеушілер.

2.      Әлеуметтік нормалар.

3.      Техникалық нормалар.

 

Адамдар көптеген ғасырлар бойы әртүрлі ережелер мен нормаларды қалыптастырды. Бұл нормалар қоғамдық қатынастарды реттеуші болып табылады және көпшілік жағдайларда ерікті түрде жүзеге асырылады. Бұл нормалар айқын, арнайы актілерде баяндалып жүйеге келтіріледі. Оларға құқық, мораль, саяси, эстетикалық, корпоративтік, әдет – ғұрыптар, дін нормалары т.б. жатады. Сөйтіп, нормалар дегеніміз қоғамдық қатынастарға қатысушылардың мінез – құлық ережелері, үлгілері, өлшемдері.

       Адамзат б.д.д. III-II ғасырлардың өзінде-ақ әлеуметтік реттеу нормаларынсыз қоғамдық өмірді реттеу мүмкін еместігін түсінген.

       Қоғамдық әлеуметтік – қатынастардың реттеу шеңбері өте кең: діни реттеуден таптық реттеуге дейін, мінез – құлықтан (ағылшын сөзі «behaviouz» – бихевиористика – мінез-құлық) кибернетикаға дейінгі алаңды қамтыйды. Қоғамдық қатынастарды реттеуді нормативті және нормативті емес деп бөлеміз.

Нормативті реттеу дегеніміз қоғамдық қатынастарға қатысушылардың мінез – құлқының нақты нормасы.

Нормативті реттеуге мыналар жатады:

-         құқықтық;

-         моральдық;

-         заңды – техникалық;

-         нормативті – техникалық;

-         корпоративті (топтық);

-         салт –дәстүр,

-         дін т.б.

Нормативті реттеу жиынтығы әлеуметтік – реттеушілік жүйені құрайды.

      Нормативті емес реттеушілік жүйеге мыналар жатады:

-         мәнділігі;

-         нұсқаулылығы;

-         хабарлылығы;

-         болжамдылығы т.б.

Заң ғылымында қоғамға әсер етуші нормаларды екі топқа бөледі:

1)      әлеуметтік нормалар;

2)      техникалық нормалар.

        Қоғамдық әлеуметтік нормалар дегеніміз қоғамдық қатынастарды реттейтін, қоғамның пікір – күші ықпалымен немесе мемлекеттің мәжбүрлеуімен қамтамасыз етілетін, қоғамдағы адамдардың мінез – құлқы, жүріс – тұрыстары ережелерінің жүйесі. Қоғам реттеусіз өмір сүре алмайды.

Әлеуметтік нормаларға мыналар жатады:

1)      құқықтық;

2)      моральдық;

3)      саяси;

4)      діни;

5)      эстетикалық;

6)      салт – дәстүр;

7)      корпоративті нормалар, яғни бұларды нормативті реттеушілер жүйесі деп те атаймыз.

Әлеуметтік нормалардың мынадай ерекшеліктері бар:

а) реттеу пәніне терең әлеуметтік – қоғамдық қатынастар жатады;

ә) «субъективті құрамы», тек әлеуметтік саланың өкілдері ретінде  адамдармен байланысты.

Мораль – адамдардың мінез – құлқын қайырымдылық және зұлымдылық, әділеттілік және әділетсіздік тұрғысынан реттелетін нормалар мен принциптер жүйесі. Құқық жалпыға міндетті қоғамдық қатынасты реттеуші.

      Құқық пен моральдың жалпылама ерекшіліктері:

а) әлеуметтік нормалар жүйесіндегі ең көп қоғамға таратылған жүйелер;

ә) олардың жалғыз реттеу объектісі – қоғамдық қатынастар;

б) олардың қоғамнан шығатындығы.

Құқық пен моральдың өздеріне тән айырмашылықтары да бар:

1)      пайда болу жағынан: мораль – қоғаммен бірге пайда болса, құқық – мемлекетпен бірге пайда болады;

2)      көрінісі жағынан: мораль – қоғамдық санада көрінсе, ал құқық жазбаша түрде арнаулы актілерде көрінеді;

3)      іс - әрекет саласы бойынша: мораль барлық қоғамдық қатынастарды реттесе, ал құқық тәртіптілікті қажет ететін саланы реттейді;

4)      іс - әрекет ету уақыты бойынша: мораль нормалары ұғыну бойынша енгізілсе, ал құқық – нақты белгіленген мерзімде енгізіледі;

5)      қамтамасыз ету әдісі бойынша: мораль нормалары қоғамның әсерінен қамтамасыз етілсе, құқық нормалары мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі;

6)      құндылық өлшемі бойынша, мораль қоғамдық қатынастарды қайырымдылық және зұлымдық, әділеттілік және әділетсіздік тұрғысынан реттесе, ал құқық – заңды және заңсыз, құқықтық және құқықтық емес жағынан реттейді.

Діни нормалар деп әртүрлі дінге сенушілердің бекіткен және дін иелерінің міндетті түрде орындауына жататын ережелер. Олар Құранда, Суннада, Талмурда т.б. діни кітаптарда көрсетілген. Осы діни нормалары арқылы діни – салт дәстүрлерді өткізу тәртібі, шіркеу қызметінің тәртібі, діни ұйымдарды ұйымдастыру және оның қызметі, тәртібі анықталған. Бұл діни нормалар тұтас дәуірлер бойы заңды мәнге ие болып, саяси – мемлекеттік, азаматтық – құқықтық, отбасы – неке т.б. қатынастарды реттеген.

       Қазіргі кезде көптеген мұсылман елдерінде Құран мен Сунна негізгі діни, құқықтық және моральдық қатынастырды реттеуде. Бұл діни нормалар мұсылмандардың өмірінің барлық жағынан қамтыйды. Діни бірлестіктер заңды тұлға статусына ие бола алады. Олар храмдар, сыйыну үйлерін, оқу орындарын аша алады.

      Корпоративті нормаларға корпоративтік және коммерциялық ұйымдарының жарғыларындағы, ерікті қоғамдар, кәсіподақтар, партиялар құжаттары мен жарғыларындағы нормалар жатады. Құқық нормалары сияқты корпоративтік нормалар арнаулы актілерде көрсетіледі. Олардың айырмашылығы корпоративті нормалар ұйымдарға жататын мүшелердің ғана мүддесін қорғайды, ал құқық жалпыға тән. Корпоративті нормаларды бұзушыларға ұйымдар жарғысында көрсетілгендей шаралар қолданылады.

      Техникалық нормалар дегеніміз адамдардың табиғи заттар мен еңбек құралдарына ұтымды түрде қарау ережелері.

Техникалық нормалардың сапалылығы ретінде құрылыс жұмыстарын орындау ережелерін, шикізатты пайдалану нормаларын, мемлекеттік стандарттарды, техникалық жағдайларды айтамыз.

Техникалық нормалардың мынадай ерекшеліктері бар:

а) реттеу пәні тек әлеуметтік тұрғыдан көрінеді;

ә) «субъективті» құрамы адамдармен ғана емес, сыртқы ортамен, табиғатпен, техникамен байланысты.

       Әлеуметтік және техникалық нормалар бір–бірімен тығыз байланысты. Қоғам үшін техникалық нормалардың маңызы зор. Соған байланысты техникалық нормаларды мемлекет және құқық қолдап отырады. Бекітілген техникалық – заңды мінез-құлық ережелері жалпыға міндетті. Техникалық нормаларды бұзу заңды жауапкершілікке тартылумен аяқталады. Мысалы, өндірісте құрылыс жұмыстары қауіпсіздік ережелерін бұзғандығы үшін жауапкершілікгі қылмыстық заңмен қаралады.

     Адамдардың бірлескен өмірлік қызметіндегі нормалар халықаралық келісімдерде (конвенцияларда); конституцияларда; әртүрлі партиялардың, ұйымдардың жарғыларында; кодекстерде; заңдарда; моральдық талаптарда; діни салттарда; мәдени дәстүрлерде;саяси міндеттемелерде көрсетілген. Осы нормалардың көмегімен адам өміріндегі барлық қатынастарды реттеп отырады. Әлеуметтік нормалар туылғаннан бастап, қайтыс болғанға дейінгі аралықта қызмет етеді.

 

8.  Құқық нормасы.

 

1.    Құқық нормасына түсінік және оның белгілері.

2.    Құқықтық нормалар түрлері.

3.    Құқық нормаларының құрылымы.

 

    Құқық нормасы – қоғамдық қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінен туатын, жалпыға міндетті мемлекет бекіткен мінез – құлық ережелері.

      Құқықтық норма заңды ресмилендірілген нормативтік нұсқау. Сондықтан оны мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, лауазымды адамдар мен барлық азаматтар сақтауға міндетті. Заң нормасы – құқық жүйесінен пайда болатын алғашқы құқықтың клеткасы. Соған байланысты ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде өзіне тән белгілері бар. Құқық және құқық нормалары бір-біріне сай келмейді. Олар жалпы және жеке түрде қатынаста болады. Құқық - бұл құқықтық нормалардың жиынтығы, ал құқықтық норма ең маңызды қоғамға және тұлғаға қатысты өте қажет қоғамдық қатынастарды реттеуші. Құқықтық нормада қоғам және тұлға үшін зиянды қатынастар да бейнеленеді. Құқық нормаларын  өз органдары атынан мемлекет бекітеді және ол орындалуға міндетті, оны бұзғандар заң алдында жауапкершілікке тартылады.

        Құқық нормалары міндетті түрде әрбір құқық саласына сәйкес арнайы кодекстерде тұжырымдалады.

Құқық нормаларының ерекше белгілері мыналар:

1.              Жалпыға міндеттілігі – бұл мемлекет азаматтарының мінез – құлқындағы орындалуға міндетті мемлекеттік билік жазбалары;

2.              Формальды анықтылығы, яғни құқық нормаларының белгілі ережелерге сәйкес қатаң түрде арнаулы құжаттарда жазылуы;

3.              Құқық нормалары мемлекеттің күштеу әдістерінің әсерінен бұзылудан қорғалады;

4.              Құқық нормалары жалпыға міндетті екі бағытта құқықтық жазбалардан тұрады:

1)                         мінез-құлық ережелері;

2)                         негізгі нормалар.

Мінез – құлық  ережелері - бұл нағыз реттеуші нормалар. Бұл нормалар құқықтық нормалардың үлкен бөлігін құрайды. Қоғамдық қатынастарға қатысушылардың субъективті құқықтары мен заңды жауапкершілігін белгілейді.

Негізгі (атқарушы, құрушы) нормалар – бұл норма – прициптер, норма – дефиницилер т.б.

Бұл нормалар құқықтық реттеудің бастамасын қалайды, құқықтық реттеудің бағыттарын анықтайды;

5.              Құқық нормаларының мемлекетпен байланысы. Оны мемлекеттік

органдар белгілейді және мемлекеттік әсер ету шараларымен қамтамасыз етіледі. Құқықтық норма – қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші болып саналады. Мысалы: саяси билікке, басқаруға, әділеттілікке қатысты азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау т.б. қатынастарды реттейді;

6.              Құқық нормалары – заңды және заңсыз мінез-құлықтың, құқықтық және құқықтық емес іс-әрекеттің өлшемі ретінде, рұқсат етілген және рұқсат етілмеген адамдардың мінез-құлқының моделі, эталоны, өлшемі және көлем ретінде көрінуі. Сөйтіп, құқық нормасы мемлекет қалыптастырған және бекіткен жалпыға міндетті адамдардың мінез-құлық ережелері. Ол негізгі құқықтық прициптерге сай жүргізіледі және мемлекет күштеу әдістері қажет деп танылған жағдайда қамтамасыз етіледі.

     Құқық нормасы кімге бағытталса, оны сол орындауға міндетті. Бұл міндеттегі барлық тұлғаға қатынасты және ол біртекті, ұқсас көптеген өмірлік жағдайларды реттеуге арналады. Заң нормаларын өз жазбаларының мазмұнына сәйкес бірнеше түрлерге бөлеміз:

1)             реттеуші, құқық қорғаушы, басқарушы;

2)             тиым салушы, міндеттеуші;

3)             императивті, диспозитивті.

Реттеуші нормалар қоғамдық қатынастарға түсуші субъектілердің субъективті құқығын және заңды міндеттілігін, олардың пайда болуын және әрекет жағдайын анықтайтын нормалар.

Құқық қорғаушы нормалар қоғамдық қатынастарға түсуші субъектілердің құқықтық жауапкершілігінің шегін және мемлекеттің күштеу шараларының субъектіге қолдану жағдайын, белгіленген шаралардың мәні мен мазмұнын анықтайды.

Басқарушы нормалар қоғамдық қатынастарға түсуші субъектіге қандай да болсын іс-әрекет жасауға құқық беретін нормалар.

Тиым салушы нормалар – бұл нормалар субъектінің қандай іс-әрекетке өзін-өзі тоқтату қажет екендігін көрсетеді.

Міндеттеуші нормалар – бұл нормалар субъектінің іс-әрекетіндегі іске асыруды қажет ететін міндетін көрсетеді.

Императивті нормалар – бұл қатаң талаптармен жазылған жазбаларда көрсетілген және құқық субъектілерінің мүддесіне тәуелсіз іс-әрекет ететін нормалар.

Диспозитивтік нормалар – бұл әр–түрлі тұлғалардың осы норма реттейтін қатынастардағы мәселелерді өз еріктерімен реттеуі.

        Құқық нормаларының әрекет ету мерзімі оның заңды күшіне енумен анықталады. Оның заңды күшіне ену мерзімі нормативті актіде,не болмаса жарияланғаннан кейінгі он күннен кейін енуге тиіс.

Құқық нормалары өз әрекетін жойғанда, оны  алмастырғанда немесе әрекет ету мерзімі біткенде тоқтатылады. Құқық нормаларын нақты тұлғаларға, ұйымдарға, кәсіпорындар мен мекемелерге қатысты қолдана отырып, өмірге енгізуге және тәжірибелік мәнге келтіру құқық нормаларын іске асыру тетіктерінің көмегімен атқарылады. Бұлар мыналар:

а) сақтану – рұқсат етілмейтін әрекеттерді істеуден тартыну;

ә) арқару – құқық нормасы жазбасында келтірілген міндеттерді атқаруға бағытталған белсенді әрекет;

б) пайдалану – құқық нормасында берілген құқықтарды пайдалану:

в) қолдану – мемлекеттің құдіретті органдарының нақты тәжірибелік қызметі.

       Оның субъектісі нормативті акті шығаруға арнайы өкілеттігі бар орган немесе лауазымды тұлға. Құқық нормасын қолдану актісі нақты бір жеке немесе заңды тұлғаға бағытталады.

Құқық нормаларының топтастырылуы:

-         құқықтық реттеу пәні бойынша (қылмыстық құқық нормалары, азаматтық құқық нормалары т.б.);

-         заңды күші бойынша (заң нормалары және заң негізіндегі актілер нормалары);

-         жазбалардың мазмұнының мәні бойынша немесе диспозицияның мәні бойынша (міндеттеуші, тиым салушы, және уәкілетті);

-         жазба түрлеріне байланысты (императивті және диспозитивті);

-         құқық нормалары қолданылатын субъектілер бойынша (жалпы, арнайы, ерекше);

-         құқық нормаларының уақытқа байланысты іс-әрекет етуі (тұрақты, уақытша және төтенше);

-         құқық нормаларының кеңістіктегі әрекет ету бойынша (жоғарғы билік органдарының актілеріндегі және жергілікті өзін-өзі басқару актілеріндегі құқықтық нормалар);

-         жиынтығы бойынша материалдық және іс-жүргізу құқығы нормалары болып бөлінеді.

     Құқық нормасының құрылымы үш бөліктен тұрады: гипотеза, диспозиция және санкция.

    Гипотеза (болжам) – құқық нормалары қолданылатын анықталған жағдай, құқықтық нормада көрсетілген мінез –құлық ережелерінің күшіне енетін мезгілі.

         Гипотезаны үшке бөлеміз:

1)      жай гипотеза;

2)      күрделі гипотеза;

3)      балама гипотеза.

      Диспозиция (мінез-құлық ережелері) – құқық нормасының негізгі бөлігі, осы құқық нормасы реттейтін қатынастарға түсушілердің құқықтары мен міндеттерін іске асыруға тиісті мінез-құлық ережелерін белгілейді.

          Диспозиция үшке бөлінеді:

1)      жай диспозиция;

2)      бейнеленген диспозиция;

3)      сілтеме диспозиция.

      Санкция (жаза, шара) – құқық нормасының соңғы бөлігі, диспозицияда мазмұндалған әрекет не әрекетсіздік үшін немесе мінез-құлық ережесін сақталмағандығы үшін жауапқа тартылу қорытындысы. Санкцияда мемлекет қандай іс-әрекеттерді, мінез-құлықты қолдамайтындығын көрсетеді.

         Санкцияның түрлері:

1)      абсолютті–анық;

2)      баламалы;

3)      салыстырмалы.

        Құқықтық норманың мұндай құрылысын логикалық құрылым деп атайды. Сөйтіп, құқық нормасы – гипотезадан, диспозициядан, санкциядан тұратын мінез-құлық ережелері.

     Құқық нормалары нормативті – құқықтық актілерде көрінеді.

     Нормативті актілер баптары – мемлекеттік биліктің көріну түрі және құқық нормаларын енгізу құралы. Заң (басқа да нормативтік-құқықтық актілер) - нормативтік акт болып саналады.

     Заң шығарушы мінез-құлық ережелерін баяндау арқылы құқық нормаларының логикалық құрылымының үш элементін нормативті құқықтық актінің бір бабына енгізеді; нормативті құқықтық актінің бір бабына бірнеше құқықтық нормалар ендіреді; құқық нормалары элементтерін бірнеше әртүрлі нормативті баптарда баяндайды; құқық нормалары элементтерін бір нормативті актінің бірнеше баптарында көрсетеді.

       Құқық нормалары және нормативті акті баптарының қатынасын баяндау әдісінің үш түрін көрсетуге болады:

1)      тікелей әдіс – құқық нормасы тікелей нормативті акті бабында баяндалған кезде орын алады;

2)      сілтеме әдіс – нормативті акті бабының барлық нормалары баяндалмай, осы нормативті актінің басқа бабында көрсетілгенде орын алады;

3)      бланкеттік әдіс – нормативті акті бабы негізгі бапта көрсетілмей, қандай да басқа түрдегі нормативті актіге жіберілгенде орын алады. 

 

 9.  Құқық жүйесі және заңды жүйелеу.

 

1.      Құқық құрылымының жүйесі.

2.      Құқық саласының негізгі белгілері.

3.      Құқықты реттеу пәні.

4.      Заңды жүйелеу.

 

Құқық өте күрделі жүйені көрсетеді. Ол әр-түрлі бір-бірімен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Қоғамдық қатынастардың өзі де түрлерге бөлінеді.

Жаңа қоғамдық қатынастар пайда болып, қалыптасқан қатынастар жүйесі  өзгеріп отырады. Соған байланысты жаңа нормалар және бұл нормаларға қатысты жаңа байланыс жүйесі қалыптасады. Құқық жүйесі дегеніміз құқықтың өзінің ішкі құрылымы, оның әртүрлі салаларға, бұл салалардың өздере тән ішкі бөлімдерге және институттарға бөлінуі.

Құқық құрылымының жүйесі – бір-бірімен байланыстағы көптеген элементтерден тұратын біртұтас құрылым.

Құқық жүйесі бірнеше сатыдан тұратыны анық 1-сі, ішкі байланыстағы заң нормалары. Бұл нормалар қоғамдық өмірдегі ең қажетті құқықтық қатынастарды реттейді. Їшкі байланыстармен қатар сыртқы байланыста да бұл нормалардың маңызы зор.

     Белгілі қоғамдық қатынастардың өзі бір ғана құқық нормасымен ғана емес, бірнеше құқық нормаларымен реттеліп және қорғалып отырады.

     Бұл нормалар біртұтас құқықтық институтты құрайды: мысалы, азаматтық құқықта меншік институтын, қылмыстық іс-жүргізу процесінде айыпталушының құқықтық жағдайы институты т.б.

     Құқық жүйесінің 2-і сатысы, құқықтық институттар болып табылады. Құқық институты – белгілі - бір қоғамдық қатынасты реттеуші тәртіпке салынған нормалар. Құқық институты заң нормалары салаларының жиынтығымен салыстырғанда анағұрлым төмендірек. Әрбір құқық саласынан көптеген құқық институттарын бөліп көрсетуге болады. Мысалы, еңбек құқығы бойынша еңбек тәртібі институты, жалақы институты, азаматтық құқық бойынша талаптың ескіруі институты, отбасы құқығы - неке институты, ұл (қыз) асырап алу институты т.б. халықаралық құқықта  консулдық институты, елшілік институты т.б. Құқықтық институттың үш негізгі белгісін көрсетеміз:

1)      құқық нормаларының заңды түрдегі теңдігі;

2)      қоғамдық қатынастың нақты анықталған бір саласының жағын реттеуі;

3)      құқықтық институтты құрайтын нормалардың, заңдардың және басқа нормативті құқықтық актілердің тарауларға, бөлімдерге, бөлімшелерге жіктелуі.

Құқық жүйесінің бұл үшінші сатысы құқықтың әртүрлі салаларға бөлінуін көрсетеді. Құқық саласы – бұл қоғамдық қатынастарының нақты анықталған саласын реттейтін нормалар тобы. Мұндай қатынас саласын реттеуде өзіне тән арнайы әдіс – тәсілдерді пайдаланады. Құқық салаларын конституциялық, әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, азаматтық іс жүргізу құқығына және т.б. құқықтарға бөлеміз.

      Барлық ғылым салалары сияқты құқық саласының негізгі белгілері мыналар:

-         әрбір саланың өзіне тән пәнінің бар болуы;

-         өз заңы, өзіне тән кодекстелінуі;

-         құқықтық нормаларды мүлтіксіз орындауға бағытталған мемлекеттік – құқықтық шаралары, құқықтарды және міндеттерді іске асыру әдістері белгіленген құқық субъектілерінің құқықтық жағдайларын реттеуші ерекше заң тәртібінің болуы.

Осы белгілердің барлығы құқық саласының түрлерін анықтайды.

    Құқық салаларын мынадай топтарға жинақтаймыз:

1-і топқа, негізгі құқықтық тәртіпті қамтыйтын базалық салалар жатады.    Барлық құқық жүйесінің үстінен қарайтын конституциялық құқық, одан кейін материалдық сала – азаматтық құқық, әкімшілік құқық, қылмыстық құқық және соларға сай іс жүргізуші саласы – азаматтық іс жүргізу, әкімшілік іс жүргізу, қылмыстық іс жүргізу құқықтары жатады.

2-і топқа, құқықтық тәртіптің қалыптасқан қоғамның маңызды жақтарын қамтыйтын арнаулы салалар жатады.  Оларға еңбек құқығы, жер құқығы, қаржы құқығы, әлеуметтік қамсыздандыру құқығы, отбасы құқығы, еңбекпен түзеу құқығы т.б. жатады.

3-і топқа, әртүрлі институттардың комплексті салалары жатады. Бұл сала шаруашылық құқығын, аграрлық, экологиалық,сауда, прокурорлық бақылау, теңіз, өзен құқықтарын қамтыйды.

    Құқықты салаларға бөлу екі негізгі бөлікті анықтайды: құқықты реттеу пәні және әдісі.

    Құқықты реттеу пәні – заң нормаларының арасында ерекше байланыс жүйесін құрайтын, құқық арқылы реттелетін қоғамдық қатынастар. Құқықты реттеу пәні белгілі – бір сала бойынша негізгі құқықтық нормаларды топтастырады. Құқықтық құрылымына қарай оларды айырып береді. Мысалы, мемлекеттік органдардың құрылымына байланысты қатынастар немесе халыққа білім беру саласына байланысты қатынастар. Еңбек қатынастары - еңбек құқығын реттеу пәні ретінде жүреді, отбасы қатынастары - отбасы неке құқығы пәні ретінде т.б.

Қосымша өлшем ретінде құқықтық реттеу әдісін қолданамыз.

     Құқықтық реттеу әдісі – бұл мемлекет тарапынан біртекті қоғамдық қатынастарға құқықтың әсер етудің әртүрлі құқықтық тәсілдерінің жиынтығы. Бұл тәсілдер құқықтық нормалар құруда пайдаланылмайды. Олар әрбір құқық саласында қолданылатын құқықтық реттеу әдісіне байланысты анықталады.

     Теориялық жүйеде бірнеше негізгі құқықтық реттеу әдісін көрсетеміз:

1-сі, автономиялық немесе диапозитивті әдіс, бұл меншік құқығы саласында қолданылады; 2-сі, жария құқық шеңберінде қолданылатын авторитарлы әдіс.

    Автономиялық әдіс – бұл қоғамдық қатынасқа қатысушылардың заң шеңберіндегі бір – бірімен ара қатынасындағы іс - әрекеттерін өз бетінше анықтауға мүмкіндік беруі. Бұл жағдайда екі жақ тең құқықты субъект ретінде көрінеді. Олардың ерікті түрде келісімге келе отырып, бір-біріне деген міндеттемені  алуы. Мысалы, акционерлер бір – бірімен қатынасқа құрылтай шарты арқылы түседі.

     Авториталы әдіс немесе императивті әдіс құқық қатынасқа түсуші субъектілердің нақты құқықтары мен міндеттерінің пайда болу тәртібі, тиым салу, жазалау негізі түрінде пайда болады. Мысалы, мемлекеттік билік органдарына, сот органдарына сайлау құқығы, әкімшілік іс-әрекетке жауаптылық, жасалған қылмысқа қылмыстық жауаптылық, салық жинау тәртібі т.б.

    Негізгі әдістердің біріне көтермелеу әдісі жатады. Ол заңға лайықты жүріс-тұрысты  марапаттау әдісі.

Келесі негізгі әдістердің бірі – ұсыныс әдісі. Бұл қоғам мен мемлекет үшін қажет ұсынылатын кеңес әдісі. Бұл пайдалы мінез-құлық пен іс-әрекет түрлерін ұсынады.

Заң құқық сияқты өзінің ішкі құрылымына байланысты өз жүйесін құрайды.

Заңның құқықтан мынадай айырмашылықтарын атап кетеміз: 

а) құқық жүйесінің негізгі элементі норма болса, ал заң жүйесінің негізгі элементі нормативті акті болып саналады.

ә) құқық жүйесі мазмұны жағынан жинақталса, ал заң жүйесі форма түрінде көрінеді.

б) құқық жүйесі қоғамдық қатынастарға сай шынайы түрде қалыптасса, заң жүйесі заң шығарушыға байланысты жасалынады.

в) құқық жүйесі бастапқы мәнге ие болса, ал заң жүйесі туынды болып саналады.

г) құқық жүйесінің заң жүйесінен көлемі жағынан да айырмашылығы болады.

    Заң жүйесі тек заңдарды жинақтап реттесе, ал құқық жүйесі құқықтық салт – дәстүрлерді, нормативті актілерді, заң прецедентін қамтыйды. Сонымен бірге, нормаларымен қатар тараулардың, бөлімдердің, басылымдардың аттарын, преамбуланы т.б. өзіне енгізеді.

     Мемлекеттегі заңдарды дұрыс пайдалану үшін әртүрлі құқықтық нормалар мен құқықтық актілерді белгілі бір жүйеге жинақтайды. Заңдарды жүйелеу – бұл тәжірибеде лайықты пайдалану үшін нормативті актілерді ретке келтіру.

    Заңдарды жүйелеудің негізгі үш түрі бар: 1) инкорпорациялау; 2) консолидациялау; 3) кодификациялау.

1.Инкорпорациялау – бұл белгілі тәртіппен нормативті материалдарды біртұтас  жинаққа біріктіру және жинау. Ол алфавиттік, хронологиялық, субъектілер бойынша болуы мүмкін.

Инкорпорацияда нормативті материал толық немесе жеке бөлімдері бойынша әртүрлі жинақтарға енгізіледі. Бұл жағдайда актілердің мазмұны сол күйінде қалып, тек сыртқы көрінісі ғана өзгеріледі. Мұнда құқықтық нормалар одан алынып қайта қарауға жатпайды.

    Инкорпорация – ресми, одан хронологиялық және тақырыптық және бейресми болып бөлінеді. Олардың әр қайсысының өз ерекшіліктері бар.

Ресми инкорпорацияның қайнар көзі мемлекет органдарынан шығатын ресми заң актілері. Бұл хронологиялық және пәндік болып бөлінеді. Бұлар ресми түрде жарияланған нормативті құқықтық актілердің арнайы тәртіпке келтірілуі. Пәндік ресми инкорпорация – жүйелеудің күрделі түрі. Ол мемлекеттік билік және басқарудың жоғарғы органдарының іс-әрекетіндегі нормативті актілерінің жинағы. Бұл қатал принциппен жинақталған тақырыптық бағыттағы жинақ.

    Бейресми инкорпорацияға ведомстваларда, ғылыми мекемелерде басылатын, құқық шығармашылық орган тарапынан арнайы өкілеттілікке ие болмаған, бірақ өз ұсыныстары бойынша жүргізіліп, басылған жинақ жатады. Бұл жинақтар құқықтың қайнар бастауы ретінде саналмайды.        

2.Консолидациялау – бұл қабылданған актілерді, олардың мазмұнын өзгертпей бір жүйеге біріктіру. Мұнда әрбір енгізілген акті өз маңызын жоғалтады. Бұл енгізілген нормативті актілердің қызмет түрінің белгілеріне қарай жинақталады. Мысалы, табиғатты қорғау, білім беру, денсаулық т.б.

3.Кодификациялау – бұл нормативті құқықтық актілердің мазмұнының өзгеріліп, біртұтас жүйеге біріктірілуі. Кодекстеу процесі кезінде ескірген нормалар, қайшы келетін материалдар алынылып тасталынып, жаңа нормативті акті жасалынады. Дәстүрлі ірі жинақталған акті кодекс болып табылады. Ол біртекті қоғамдық қатынастарды жан-жақты реттеуге арналады. Кодекстеу салалық және арнаулы болып екіге бөлінеді. Мысалы, салалыққа Қазақстан Республикасы азаматтық кодексі, Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексі, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексі т.б. жатады.

       Арнаулы кодекстерге Қазақстан Республикасы Су кодексі, Қазақстан Республикасы Орман кодексі т.б. жатады.

 

10.  Құқықтық қатынас.

 

1.      Құқықтық қатынастың түсінігі және мазмұны.

2.      Құқықтық қатынас құрылымы.

3.      Құқықтық қатынас субъектілері мен объектілері.

 

      «Құқықтық қатынас» категориясы  мемлекет және құқық теориясындағы негізгі ұғымдардың бірі, тек осы категория ғана құқықтың адам мінез - құлқына қалай әсер ететіндігін түсіндіреді. Құқықтық қатынастар – құқыққа байланысты, құқық негізіндегі қоғамдық байланыстар. Құқықтық қатынас тек қана адамның мінез-құлқына құқықтық норма әсер еткенде пайда болады, яғни құқықтық нормалармен реттелетін қоғамдық қатынастар.

      Құқықтық қатынас – бұл субъективтік құқықтар мен заңды міндеттер арқылы пайда болатын адамдар, ұйымдар, мемлекеттік органдар арасындағы байланыс.

       Құқықтық нормалардың талаптарын жүзеге асыруды қамтамасыз ете отырып, мемлекет қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті де жақсартуға мүмкіндік жасайды.

        Құқықтық қатынастардың негізгі белгілері:

1.      Пайда болған құқықтық қатынастар тек нормативтік актілер арқылы реттеліп отыратын қарым-қатынастарды біріктіреді.

Олар құқықтық нормалар негізінде пайда болады.

2.      Құқықтық қатынастың субъектілерінің екі жақты құқықтары мен міндеттері арқылы пайда болатын адамдар арасындағы байланыс. Субъективтік құқыққа ие болушы тұлға, жүктелген міндеттерді орындауға тиіс. Бұл нақты тұлғалар арасындағы заңға негізделген қатынастар.

3.      Құқықтық қатынас – ерікті қатынас.

Құқықтық қатынас пайда болу үшін қатысушылардың еркі қажет.

4.      Құқықтық қатынасты мемлекет қорғайды. Мемлекет қорғайтын құқықтық қатынастар қоғамдағы құқық тәртібінің негізі болып саналады. Сөйтіп, құқықтық қатынастар дегеніміз адамдардың өзара әлеуметтік байланысы, қарым-қатынасы, қоғамдағы әлеуметтік құбылыстардың ең күрделісі және ерекше түрі.

Құқықтық қатынастың пайда болуының негізгі екі түрін анықтаймыз:

     1.Материалдық (жалпы) түріне адамдардың қажеттілігіне және өмірдегі мүдделеріне сай пайда болатын құқықтық қатынастар. Бұл әлеуметтік – экономикалық, мәдени т.б. жағдайларда құқықтық реттеуді немесе қоғамдық реттеуді қажет еткен кездерде пайда болады.

     2.Заңды (арнаулы) түріне жататындар:

құқық нормасы, құқық субъектісі, заңды айғақ, яғни нағыз өмірдегі құбылыстар жатады. Жоғарыдағы шарттарсыз құқықтық қатынастың пайда болуы мүмкін емес.

        Құқықтық қатынастың түрлері:

     1.Қоғамдағы барлық қатынастар және нормативтік актілер құқықтық жүйе – саласына сәйкес бірнеше түрлерге бөлінеді. Салалық белгілеріне қарай құқықтық қатынастар конституциялық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық, азаматтық-құқықтық т.б. болады.

      2.Құқықтық норма атқаратын ісіне қарай екіге бөлінеді: реттеуші және қорғаушы. Реттеуші нормалар қатынастарды реттеп, басқарып отырады. Қорғаушы нормалар қарым-қатынастардың дұрыс, заңға сәйкес орындалуын қамтамасыз етеді.

      3.Құқықтық қатынастар мазмұнына қарай екіге бөлінеді: жалпы және нақты. Жалпы түрде құқықтық қатынас мемлекет пен жеке азаматтардың арасында болады. Нақты түрдегі қатынастар заңды себептер, фактілер болғанда басталады. Мысалы, сауда-сату шарты, біріккен фирма құрылысы т.б. себептер.

       4.Құқықтық қатынастардың субъектілерінің жағдайларына қарай екіге бөледі: абсолюттік және салыстырмалы. Абсолюттік түрде қатынастан туатын құқық, бір жағындағы субъектіде болады, ал екінші жағындағы субъектісінде тек міндеттер болады. Салыстырмалы түрдегі қатынастардың субъектілерінің құқықтары мен міндеттері бірдей болады.

       5.Мәні жағынан құқықтық қатынастар материалдық (қаржылық, еңбек және т.б) және іс жүргізу (қылмыстық-іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және т.б.) болып бөлінеді.

       Құқықтық қатынастың құрылымы күрделі элементтер жүйесінен тұрады: құқықтық қатынас субъектісі, құқықтық қатынас объектісі, субъективті құқық, заңды міндеттер.

         Құқықтық қатынастың субъектісі – бұл субъективтік құқыққа және заңды міндеттерге ие құқықтық қатынасқа қатысушылар, яғни жеке адам және заңды тұлға.

Құқықтық қатынастар субъектілерінің мынадай түрлері бар:

       1.Жеке тұлға, бұған: азаматтар, екі азаматтыққа ие тұлғалар, азаматтығы жоқ тұлғалар, шетелдіктер жатады.     Шет елдің азаматтары толық құқықты, тек олар сайлауға қатысуға, сайлануға, әскер қатарына шақырылуға құқығы жоқ.

       2.Ұжымдық түрге мемлекет жатады. Мемлекет халықаралық – құқықтық қатынасқа басқа мемлекеттермен мемлекеттік ұйымдармен, мемлекеттік емес ұйымдармен (жеке фирмалар, коммерциялық банктер, қоғамдық бірлестіктер т.б.) түскенде пайда болады.

       Құқықтық қатынастың субъектісі болу үшін олардың құқықтық қабілеті және әрекеттілігі қалыптасуы керек.

       Құқықтық қабілеттілік дегеніміз жеке адамның құқықтар мен міндеттерге ие болуы.

       Әрекет қабілеттілік дегеніміз жеке тұлғаның құқықтары мен міндеттерін іске асыруы, оларды орындау қабілеті. Әрекеттің басты шарты кәмелеттік немесе құқықтық нормада белгілі енген жасқа толу.

       Құқық субъектілерінің шарттар жасап, басқа да келісімдер жүргізуге болатын мүмкіндігі келісім қабілеттілігі деп аталады.

       Он төрт жас пен он сегіз жас арасындағы адамдар шектеулі келісім қабілетіне ие болады. Олар үшін келісімді ата-аналары, асырап алушылары, не болмаса қамқоршылары жасайды. Толық келісім қабілеттілік он сегіз жастан пайда болады. Құқық қабілеттілік пен әрекет қабілеттілік тығыз байланыста болады. Оларға заң актілерінде қарастырылған тәртіп пен жағдайларда ғана болмаса ешкімге шектеу қойылмайды.

        Құқық субъектіліренің тәртіп бұзғаны үшін заңды жауапқа тартылуын құқықтық жауаптылық мүмкіндігі деп аталынады.

        Құқықтық қатынастың объектісі – бұл құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттерінің бағытталған нәрселер, яғни қоғамдағы көп түрлі, көп салалы саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдениеттік, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, еңбектік т.б. қарым-қатынастар.

       Құқықтық қатынастар объектісі – тек қоғамдық және жеке тұлғалардың іс-әрекеті.

Құқықтық қатынастардың нәтижелеріне қарай бірнеше топқа бөлеміз:

1)      материалдық құндылық (заттар, мүлік т.б.).

2)      материалдық емес құндылық (адам өмірі, денсаулығы, парызы, ар-ожданы т.б.)

3)      рухани шығармашылық жемісі (әдеби шығармалар, өнер, музыка т.б.).

4)      құқықтық қатынасқа түсушілердің құқықтық қатынастарының нәтижелері (тасу келісімі негізінде жалдамалы жұмысқа қатысты т.б. қатынастар).

5)      құнды қағаздар және құжаттар (ақша, акция, дипломдар т.б.)

Субъективтік құқық – құқықтық қатынастардағы субъектілердің екі жақты мүдде-мақсаттарының орындалуы. Субъективтік құқық пен заңды міндеттер құқықтық қатынастың ең негізгі мазмұнын құрайды.

Субективтік құқықтың орындалу әдіс-тәсілдері:

1)      құқықтың алдында қойылатын өз мүдде-мақсатын анықтау;

2)      құқықтық норманы дұрыс пайдалану;

3)      құқықтық тәртіпті қатаң орындау.

     Субъективтік құқық заңды міндеттермен бірге жүреді. Субъективтік құқық тұлғаның өз мүддесін қанағаттандыру болса, ал заңды міндет – басқаның мүддесін қорғайды. Субъективтік құқық заңды мүмкін болатын іс-әрекет шаралары, ал заңды міндет орындалуға тиіс іс-әрекет шаралары.

     Қоғамда көптеген құқықтық қатынастар пайда болады. Оның заңды себептері мен негіздері болады. Заңды себептер құқықтық қатынастардың пайда болуы, өзгеру, ескіру және жаңаруы. Заңды себептердің екі түрі болады: оқиғалар және іс-әрекеттер. Құқықтық оқиғалы себептер адамның санасынан тыс болады. Бұған табиғаттағы объективтік даму жатады: өрт, жер сілкіну, су тасқыны, т.б. Құқықтық оқиғалар - бұл адамның сана-сезіміне және еркіне байланысты азаматтық құқықтар мен міндеттердің пайда болуы. Оған адамның тууы, өлуі, уақыттың өтуі т.б. табиғи құбылыстар жатады.

      Құқықтық оқиғалар заң актілері және заңды іс-әрекет болып бөлінеді.

      Адамдардың және заңды тұлғалардың іс-әрекеттері арқылы қалыптасатын себептер – адамның өзінің еңбегінің нәтижесінде пайда болады. Ол заңды және заңсыз іс-әрекет болып бөлінеді. Құқықтық қатынастардың өмірге келуі, өзгеру, ескіруі, жаңаруы, дамуы заңды себептерге, нормативтік актілерге, субъективтік құқыққа байланысты. Бұл қоғамның объективтік даму процесін реттеп, басқарады.

    

11.  Құқықтық нормаларды іске асыру.

 

  1. Құқықты іске асырудың түсінігі.
  2. Құқықтық нормаларды қолдану.
  3. Құқықтағы кемшіліктер.
  4. Құқықтық нормаларды қолдану актілері.

 

Қоғамдағы сан алуан қатынастарды реттеп, басқару үшін құқықтық нормалар өмірге келіп, өзгеріп, дамып, ескіріп, жаңарып отырады. Құқықтық нормалар заңда көрсетілгендей мақсатты түрде адамдардың еркі және санасына әсер ету үшін пайда болады. Қоғамдық қатынастарға қатысушылардың іс-әрекеті арқылы заң шығарушы құқықтық нормалардың нәтижесін көрсетеді.

Құқықтық нормаларды орындаудың нысандары әр түрлі болып келеді, олардың пайда болу себептері де әр түрлі болады:

а) қоғамдағы қатынастардың мазмұнының әр түрлі болуы;

б) нормативтік актілердің адамдарға әр түрлі әсер етуі;

в) норманың ерекше мазмұнының әсері;

г) құқықты іске асырудағы субъектілердің құзіреті мен өкілеттігінің әр түрлі болуы;

д) субъектілердің құқықтық тәртібінің әр түрлі деңгейде болуы.

        Құқықтық нормалардың негізгі мақсаты қоғамдағы қатынастарды уақытында реттеп, басқарып, оны іске асыру.

       Құқықтық нормаларды іске асырудың бірнеше түрлерін атап өтуге болады:

1.Норманың мазмұнына қарай орындалуын әр түрге бөлеміз: норманың мүдде-мақсатын орындау; жалпы міндет қағидаларын орындау; нақты қатынастағы норманы орындау.

2.Ґорманы іске асырудағы қатынас субъектілерін жеке және топтық субъектілерге бөлеміз. Бұл субъектілердің өз құқықтарын іске асыруы.

3.Нормативтік актілердің ерікті түрде емес, қоғамдық мүдде үшін әкімшілік-тәртіптік және қылмыстық жауапкершілік түрінде еріксіз іске асырылуы.

4.Құқықтық нармаларды іске асыруда саяси және идеологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану.

     Субъектілердің құқықты іске асыруға әсер етуінің төрт түрін көрсетеміз:

1)       құқықты сақтау – құқықта тиым салынған іс-әрекеттерге жол бермеу;

2)       құқықты орындау – заң міндеттерін орындауға белсенді түрде қатысу;

3)       құқықты пайдалану – өзінің мүддесін қорғай отырып, субъективтік құқықты іске асыру;

4)       құқықты қолдану – ресми өкілеттікке байланысты және соның нәтижесіне сай жеке актіні енгізу. Құқықты қолдану құқықты іске асырудың ерекше түрі. Бұл адамдардың өз құқықтары мен міндеттерін билік органдарының көмегінсіз іске асыра алмаған жағдайда қажет болады.

  Құқықты қолданудың белгілері мынадан көрінеді:

1)      ресми өкілеттікке ие органдардың құқықты қолдануы;

2)      оның билік мәніне ие болуы;

3)      іс жүргізу түрінде іске асырылуы;

4)      жеке түрдегі билік актілерді іске сай қолдануға байланысты көрінеді.

Құқықты қолданудың бірнеше кезеңдері бар:

1.Їстің нақты мазмұнымен және жағдайымен танысу, қарым-қатынастың басталуын, оған қатысушы субъектілерді анықтау.

2.Пайда болған қатынастың заңды негізін анықтау, анализ жасау, іске заңды баға беру.

3.Їс бойынша шешім қабылдау, құқықты қолдануды, тиімділігін анықтау және оны рәсімдеу, шешімді мүдделі тұлғаларға жеткізу.

4.Қабылданған шешімді жүзеге асыру.

    Құқық қолданатын акті – мемлекет атынан жасалатын, нақтылы заң бойынша қарауға құзыреті бар, тараптардың құқықтары мен міндеттерінің бар-жоғын анықтайтын, соған сәйкес шараларды белгілейтін органның актісі.

     Құқықтық нормаларды анықтау кезінде нормалар коллизиясы (қарама-қарсы тараптардың немесе мүдделердің қақтығысуы) және құқықтағы кемшіліктер деген құбылыстармен кездесеміз.

      Заң коллизиясы дегеніміз қоғамдық қатынастарды реттеуге қатынасты құқықтық актілер арасындағы қайшылықты айтамыз.

      Олар заңды қолдануды қиындатып, құқықты қолдану тәжірибесінде қолайсыз жағдай тудырады.

        Коллизияның бірнеше түрлері бар:

1)      Ол конституция және барлық басқа актілер арасында пайда болады. Нәтижесінде Конституцияның пайдасына шешіледі.

2)      Заңдар және заң негізіндегі актілер арасында пайда болады. Заңдық күші жоғары болғандықтан заңдар пайдасына шешіледі.

3)      Әр түрлі мерзімде шығарылған бір органның актілері арасында туады. Бұл жерде соңғы қабылданған акті қолданылады.

4)      Әр түрлі органдар қабылданған актілер арасында пайда болады.

     Қай орган өкілеттігі жағынан жоғары тұрса, сол органның актісі қолданылады.

     Құқықтағы кемшіліктер – қажетті заң нормаларының толық немесе жеке бөлімдерінің заңдарда болмауы. Бұл кемшілік тек құқық шығармашылық процесте жаңа құқықтық актілерді қабылдау арқылы жойылады.

      Кей жағдайларда жаңа құқықтық актілер қабылдамай-ақ, құқықты қабылдану кезінде жоюға болады. Мұнда заң аналогиясын немесе құқық аналогиясын қолданамыз.

      Заң аналогиясы – бұл істе шешу кезінде құқық нормаларын пайдалана отырып, жағдайға қарай істі шешу.

      Құқық анаогиясы – бұл істе шешу кезінде жалпы принциптерге және құқықтың мағынасына қарап шешу.

      Құқықты қолдануда, іске асыруда міндетті түрде акті жасалуға тиіс.

Құқықты қолдану актісі – бұл істе шешу кезеңінде өкілеттікке ие орган енгізген, жеке билік  жазбасы түріндегі құқықтық акті.

       Оның мынадай ерекшеліктері бар:

-         өкілеттікке ие органнан туындайды;

-         мемлекеттік – билік мәніне ие;

-         оны орындайтын нақты субъектінің көрсетілуі;

-         мемлекет бекіткен форма түрінде жазылуы.

    Құқықты қолдану актілерін мынадай ерекшеліктері бойынша топтастырамыз:

1)      түрі жағынан – жарлықтар, бұйрықтар, шешімдер, қаулылар т.б.;

2)      оларды қабылдаған субъектілері бойынша бөлеміз:

а) мемлекеттік органдар;

б)мемлекеттік емес органдар.

3)      құқықтық қызметі бойынша:

а) реттеуші (қызметін жоғарлатуы бойынша бұйрық);

б) қорғаушы (қылмыстық істе қорғау жөніндегі қаулы);

4)      заңдық табиғаты бойынша – негізгі, заңдық істің шешімінің орындалуы (мысалы,үкім) және қосымша, негізгі істің орындауын қамтамасыз етеді (мысалы, тұлғаны айыпкер ретінде тарту туралы қаулы);

5)      құқықтық реттеу пәні бойынша мынадай актілерге бөлінеді: азаматтық-құқықтық, қылмыстық-құқықтық актілер т.б.;

6)      мәні жағынан – материалдық және іс жүргізу.

Сонымен, құқықты қолдану – мемлекеттің, оның органдарының құқықтық нормаларды іске асыруы, орындалуын басқарып, реттеп отыруы.

 

12.  Құқықтық нормаларға түсінік беру.

 

1.              Құқықтық нормаларға түсінік беру.

2.              Құқықтық нормаларға түсінік берудің тәсілдері.

3.              Құқықтық актілерді түсіндіру.

 

          Құқықтық нормаларды қолдану үшін оның мазмұнын түсініп алуымыз керек. Онсыз құқықтық қатынастарға қатысу мүмкін емес.

        Түсінік берудің объектісі – заңдар және заңға негізделген актілер. Түсінік берудің өзі екі бөлімнен тұрады:

1)      пайымдау;

2)      түсіндіру.

          Пайымдау – бұл құқықтық норманы қолданушы субъектінің санасындағы ішкі ойлау процессі. Ол адамның ішкі ойлау қабілеті болғандықтан, сыртқы түрі болмайды. Пайымдау құқықтың барлық түрлерін іске асыру жағдайында өте қажет. Ол бақылауда, орындауда, пайдалануда білінеді. Пайымдау барлық уақытта түсіндірумен қатар жүреді.

      Түсіндіру адамның өзіне емес, басқа құқықтық қатынастарға түсушілерге түсінік беру. Ол жазбаша және ауызша жүреді. Жазбаша түрде арнаулы актілерде, құжаттарда, құқықтық актілерде көрінеді, ал ауызша кеңес, нұсқауларда айтылады.

      Сөйтіп, құқықтық нормаларға түсінік беру – мемлекеттің еркін білдіретін нормативтік актілерге түсінік беру.

      Бұл билік басында отырған әлеуметтік күштердің еркін білдіретін мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың, жеке азаматтардың құқықтық нормалардың мазмұнына түсінік беру үшін бағытталған қызметі.

      Түсінік берудің негізгі мақсаты және оның әлеуметтік бағыты талқыланып жатқан құқықтық актінің құқықтық реттеу жүйесіндегі орны, оны қолдану тәсілдері, ондағы құқық пен міндеттердің орындалуы, жауапкершіліктің түрлері т.б. көрсетіледі.

      Түсінік берудің негізгі міндеті заң шығарушының не айтқысы келгенін анықтау.

       Түсінік беру процесі арқылы құқықтық нормаларға өзгерулер мен түзетулер енгізу мүмкін емес. Онда тек заңда не айтылса, соны толықтырып, мазмұнын ашу.

       Құқықтық нормаларға түсінік берудің екі бағыты болады: біріншісі – өзі үшін адамның құқықтық норманы оқып білуі; екіншісі – басқа адамдарға құқықтық нормалардың мазмұнын, мақсатын түсіндіру.

       Түсінік беру процесіне қатысушылар өте сауатты, тәжірибелері мол болу керек. Сонда ғана олар түсінікті жоғары дәрежеде бере алады.

       Құқықтық нормаларға түсінік берудің тәсілдері – бұл құқықтық нормалардың мазмұнын анықтауға бағытталған әдістер мен құралдардың жиынтығы.

       Олар мынадай тәсілдерді бөліп көрсетеді:

1.      Грамматикалық түсінік беру – акті жазбасының морфологиялық және синтаксистік құрылымын түсіндіруге бағытталған арнаулы тәсілдердің жиынтығы. Мұнда тіл құралдары, грамматика ережелері, орфография т.б. арқылы түсіндіріледі.

2.      Логикалық түсінік беру – құқықтық нормалардың мәнін пайымдау үшін логика заңдары мен ережелерін өз бетінше пайдалану.

3.      Жүйелік талқылау – заң нормаларының басқа құқықтық нормалармен жүйелі түрдегі байланысын талдау арқылы түсіндіру. Барлық нормалар жүйелі түрде түсіндіруді, әсіресе сілтеме және бланкеттік нормалар қажет етеді.

4.      Арнаулы  заңдық талқылау – заң ғылымның кәсіптік білімділігіне және заң шығарушылық техникаға негізделеді. Мұнда заң шығарушының еркін білдіретін тәсілдер жиынтығы қолданылады.

5.      Саяси-тарихи талқылау – құқықтық норманы қабылдау тұсындағы нақты – тарихи және саяси жағдайларды талдау арқылы түсіндіру; саяси күштерді орналастыру; актінің пайда болуына әсер еткен әлеуметтік – экономикалық және саяси күштерді көрсету т.б.

6.      Телеологиялық (мақсатты бағыт) – нормативті актіні шығарудың мақсатты бағытының көмегімен түсіндіру.

     Қоғамдық өмірде жаңа қатынастар пайда болып, дамып отырады. Сондықтан, заң дер кезінде реттеп үлгеруі керек. Халыққа нормативті актілердің мазмұнын толық жеткізу үшін мемлекеттің тиісті органдар тарапынан жұмыстар жүргізіледі.

     Түсінік берудің екі түрі болады: ресми түсінік беру, бейресми түсінік беру. Ресми түсінікті акті қабылдаған орган (ол аутентикалық түсінік беру деген атау алады) не болмаса, заңдарды немесе нормативті актілерді түсіндіруге міндетті органдар (легальдық түсінік)  береді.

1.      Нормативтік түсінік беру – арнаулы тұлғаларға және жағдайларға байланысты емес, жалпыға бірдей жүргізіледі. Ол құқықтық нормаға ұқсас болады. Бұл түсініктің қорытындысы қаулы, нұсқау  түрінде шығады, оның мемлекеттік заңдық күші болады.

2.      Казуалдық түсінік беру – бұл түсіндіру тек бір мәселенің көлеміндегі ғана беріледі. Басқа істерге оның күші болмайды, яғни оның негізгі мақсаты – нақты іске дұрыс шешу.

3.      Аутентикалық түсінік беру – нормативтік актіні қабылдаған мемлекеттік органның өзінің түсінік беруі.

4.      Легальдық түсінік беру – норманы белгілі мемлекеттік орган қабылдағанмен, оған түсінікті басқа орган береді.

5.      Дәлме-дәл, сөзбе-сөз түсінік беру – заңның мазмұны мен нысанының бір-біріне дәл түсуі, тура келуі.

6.      Шектеулі түсінік беру – норманың мазмұнының шектелуі.

7.      Кеңейтілген түсінік беру – норманың мазмұнының кеңейтіліп берілуі.

8.      Арнаулы заңды түсінік беру – нормативтік актілерді ұғымдарға түсінік беру.

Бейресми түсініктерді заңгерлер, мамандар, ғылыми ұйымдар береді. Бұл түсініктердің заңды күші болмайды, оларға сілтеме жасалмайды.

Бейресми түсініктерді екі түрге бөлеміз: доктриналық және жалпылама түсініктер. Доктриналық түсініктерді ғалым-заңгерлер, тәжірибелі заң мамандары береді. Жалпылама түсініктерді заңгерлерден басқа тәжірибелі мамандар береді. Олар үгіт-насихат арқылы қалың бұқараның құқықтық нормаларды түсінуін, орындауын жеңілдетеді.

     

13.  Құқықтық сана және құқықтық мәдениет.

 

1.Құқықтық сананың түсінігі және оның қызметі.

2.Құқықтық сананың құрылымы.

3.Құқықтық мәдениет түсінігі және оның құрылымы.

4.Құқықтық нигилизм.

 

      Құқықтық сана – қоғамдық және жеке сана саласына жататын жоғары дамыған құбылыс. Ол жеке тұлғаның құқыққа деген түсінігі мен сезімінің, көзқарастарының, қатынастары мен бағасының жиынтығын білдіреді.

     Құқықтық сана адамдардың жаңадан қабылданған заңдарды, нормативті актілердің жобаларын қолдауы немесе қабылдамай тастауы т.б.

     Құқықтың сана – сезім белгілері мыналар:

-         құқықтық қажеттілікті ұғынуы және сезінуі;

-         құқықты бағалауы;

-         құқықты жете түсіну, дамыған заң шығару жүйесін құрудың қажеттілігі;

-         қимылдағы нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізудің мұқтаждығы.

     Сана кез-келген қызмет процесінде пайда болады. Құқықтық сананың қызметі оның субъектісінің қызметінің нәтижесі.

     Құқықтық сананың негізгі қызметтеріне мыналар жатады:

1)           танымдық қызметі, жеке адамның құқықтық тәжірибесіне байланысты құқықтың өмірдегі құбылыстарға қатынасын анықтау;

2)           бағалаушылық қызметі, жеке адамның құқықтық тәжірибесіне байланысты құқықтың өмірдегі құбылыстарға қатынасын анықтау.

Құқықтық сананың мазмұнына төрт негізгі бағалаушылық қатынас түрлері кіреді:

а) құқыққа және заң шығарушылыққа (оның принциптеріне, нормаларына, институттарына);

б) айналадағы адамдардың құқықтық мінез-құлқына және олардың қызмет объектілеріне (қылмысқа, қылмыс жасаушылыққа, қылмыскерлерге т.б.);

в) құқық қорғаушылық органдарға (прокуратураға, адвокатураға, сотқа, юстицияға, ішкі істер органдарына т.б.) және олардың қызметкерлеріне;

г) өзінің құқықтық іс-әрекетін  бағалауы;

3) реттеушілік қызметі, бұл құқықтық қондырма және құқықтық-бағалау арқылы іске асырылады.

        Құқықтық сананың құрылымы екі негізгі элементтен тұрады: құқықтық психология және құқықтық идеология.

       Құқықтық психология қоршаған құқықтық болмыстың әсерінен қалыптасып, пайда болатын, құқықтық сананың алғашқы, бастапқы тәжірибелік сатысы. Ол қоғамның құқықтық сезімін, ақыл ойын, әдет-ғұрып, дәстүрін біріктіреді және адамдардың, қоғам мүшелерінің әр түрлі топтарының санасында – заңдарға олардың қолдануына байланысты туған әсерлер, көңіл-күйі және сезімдері жатады.

      Құқықтық психология арқылы мыналар іске асырылады:

а) құқықтық мәдениетке тән әдет-ғұрып және салт-дәстүр, жеке адамға тән әдетке айналған, тұрмысындағы, мәдениетіндегі нәрсенің бәрі;

б) өзін-өзі бағалауы, өзінің іс-әрекетін құқықтық нормаларға сай бағалауы арқылы т.б.

     Құқықтық идеология дегеніміз – қоғамдағы құбылыстарды, қатынастарды құқық тұрғысынан ғылыми жүйеге келтіру.

       Құқық жөніндегі пікірлер мен көз-қарастар белгілі бір жүйеге келтіріліп ғылыми негізде дәлелденген күйде болады. Құқықтық идеология қоғамдағы  түрлі бағыттағы, әр саладағы мақсаттарды біріктіріп дамытады.

       Құқықтық идеология – құқықтық сана құрылымының негізгі элементі.

      Құқықтық сананы мынадай белгілері бойынша топтастырамыз:

1)      мазмұнының тереңдігіне қарай үшке бөлеміз;

а) күнделікті құқық саналығы – бұл адамдардың өмірлік тәжірибелеріне сай пайда болған, құқыққа деген көзқарастарының түсінігі;

б) кәсіпқойлық құқық саналығы – бұл заңгерлердің құқықтық                        тәжірибесінің негізіндегі қалыптасқан сезімі, сенімі, дәстүрлері;

в) ғылыми құқық саналығы – бұл құқықтың теориялық қамтуын көрсететін идеялар, ұғымдар, концепциялар;

2)      субъектілері бойынша құқықтық сана бірнеше түрге бөлінеді:

-         жеке құқықтық сана;

-         топтық құқықтық сана;

-         қоғамдық құқықтық сана.

     Сонымен, құқықтық сана – қоғамдығы құқықтық құбылыстарға адамдардың сезімдерінің, әсерлерінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі; ол заң шығарудың, нормативтік актілердің дұрыс орындалуының, құқықтың сапалы дамуының негізгі шешуші механизмі деуге болады.

     Құқықтық мәдениет құқықтық санамен тығыз байланысты, бірақ ол құқықтық санадан әлде қайда мағыналы түсінік, осыған байланысты ол психологиялық және идеологиялық элементтерді, сонымен бірге заңды мінез - құлықты да қамтиды.

     Құқықтық мәдениет мыналардан көрінеді:

1)құқықтық шындықты сезіммен қабылдаудың және құқықтық ойлаудың нақты дәрежесінен;

2)тұрғындардың заңдарды білуінің тиісті жағдайынан;

3)жоғары дәрежеде құқық нормаларын сыйлауы, оның беделділігін арттырудан;

4)құқықтық шығармашылық және құқықты іске асыру процесінің сапалы дәрежесінен;

5)құқықтық қызметтің арнайы тәсілдерінен (құқық қорғау органдары қызметінен, конституциялық бақылаудан т.б.);

6)адамдар қалыптастырған рухани және материалдық байлық түріндегі құқықтық қызметтің нәтижесінен (заңдар, сот тәжірибесі, заң шығарушылық жүйесі және т.б.) көрінеді.

     Бұлардың әрқайсысын жеке тұрғыдан және қоғамдық тұрғыдан да көруге болады.

     Жеке адамның құқықтық мәдениеті дегеніміз – бұл құқықты білу және түсіну, сонымен бірге соған сай іс-әрекет ету.

     Жеке адамның құқықтық мәдениеті адамның құқықтық білімділігін білдіреді, оған құқықтың саналығы, құқықты пайдалануы, заң нормаларына, өзінің іс-әрекетін бағындыруы кіреді.

     Жеке адамның құқықтық мәдениетінің құрылымы мына элементтерден тұрады:

1)      психологиялық элементі – құқықтық психология;

2)      идеологиялық элементі – құқықтық идеология;

3)      күнделікті элементі – тұлғаның іс-әрекетінің заңды маңызы.

     Қоғамның құқықтық мәдениеті дегеніміз – бұл қоғамның құқықтық белсенділігі және құқықтық санасының дәрежесі, заң нормаларының және заң қызметінің белсенділігі.

     Қоғамның құқықтық мәдениеті жалпы мәдениеттің негізгі салаларының бірі. Бұл қоғамдағы мәдени  құндылықтарды сақтау, жаңғырту, дамыту, оларға азаматтарды баурау жөніндегі қатынастарды құқықтық нормалар арқылы реттеп, басқару.

     Қоғамның құқықтық мәдениетінің қозғаушы күштері мыналар:

а) құқыққа қажеттіліктің шанайылығы;

б) мемлекеттегі заңдылықтың және құқықтық тәртіптің жағдайы;

в) қоғамда заң ғылымының және заң білімінің даму дәрежесі.

    Қоғамның құқықтық мәдениетінің құрылымы келесі элементтерден тұрады:

1)        қоғамның құқықтық санасының және құқықтық белсенділігінің дәрежесі;

2)        заң нормаларының прогриессивті сатысы (құқықтың даму дәрежесі, заң жазбаларының мәдениеті және т.б.);

3)        заң қызметінің прогрессивті дәрежесі (құқықтық шағармашылықтың, құқықтық қолданушылықтың және құқықтық қорғаушылықтың мәдениеті).

Құқықтық мәдениеттің жақсы дамыуының негізгі шарттары: халықтың рухани сана-сезімін дамыту; мемлекеттік биліктің үш бағыттағы жұмысын жақсарту; заңдылықты, құқықтық тәртіпті орнату; мәдениеттің жетістіктерін қорғау; құқықтық мемлекетті қалыптастыру.

Құқықтық мәдениетке қарама-қарсы бағыт – құқықтық нигилизм.

Нигилизм қоғамда қабылданған, бүкіл адамға пайдалы, жағымды мұраларды, ғылым заңдарын, мәдени және моральдық қағидалар мен нормаларын, қоғамдық өмірдің нысандарын т.б. жоққа шығарып мойындамау.

Құқықтық нигилизм әртүрлі түрде өмір сүруде – бұл жай немқұрайдылықтан толық құқыққа сенбеушілік.

Құқықтық нигилизмнің пайда болу түрлері:

1.      Қоғамдағы әрекет етуші заңдарды және басқа нормативті – құқықтық актілерді қасақана орындамау іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі.

2.      Заң жазбаларын жаппай сақтамау және орындамау.

3.      Бір-біріне кайшы келетін құқықтық актілерді қабылдау.

4.      Заңды саяси, идеологиялық немесе прагматикалық мақсатқа айналдыру.

5.      Адам құқығын бұзу, әсіресе өмір сүру, ар-намыс т.б. құқықтарының бұзылуы.

6.      Құқықтың шынайылығы және құқық талаптарының арасындағы алшақтық, яғни құқық талаптарының орындалмауы.

Құқықтық нигилизмді жеңудің негізгі бағыттары – бұл азаматтардың жалпы және құқықтық мәдениетін, моральдық және құқықтық санасын көтеру; заң шығарушылықты дамыту; құқық бұзушылықты және барлық қылмысты жою; заңдылықты және құқықтық тәртіпті, мемлекеттік тәртіпті нығайту; жеке адам құқығын  қорғау және сыйлау; бұқаралық ағарту және тұрғындардың құқықтық тәрбиесін күшейту; жоғары мамандандырылған заңгерлерді даярлау; құқықтық реформаны жүзеге асыру, жалпы алғанда қоғамды терең әлеуметтік, экономикалық, саяси, рухани және адамгершілік дағдарыстан алып шығу. 

 

14.  Құқық бұзушылық және заңды жауапкершілік.

 

1.      Құқық бұзушылықтың себептері және оның түрлері.

2.      Заңды жауапкершіліктің түсінігі және оның түрлері.

 

      Құқық бұзушылық дегеніміз – бұл қоғамға, мемлекеттке және жеке адамға зиян келтіретін, құқықтық нормаға қарсы, қоғамға қауіпті жеке тұлғаның кінәлі іс-әрекеті.

      Құқықты бұзудың бірнеше түрлері бар:

1)      қылығы (әрекеті немесе әрекетсіздігі);

2)      құқыққа қарсы тәртібі;

3)      кінәлігі;

4)      зиянды нәтижесі;

5)      қылығы мен зиянды нәтижесінің себепті байланыстылығы;

6)      заңды жауаптылығы.

     Әлеуметтік қауіптілігіне қарай барлық құқық бұзушылық қылмысқа және теріс қылыққа бөлінеді.

     Қылмыс дегеніміз – бұл қоғамға белгілі дәрежеде зиян келтіретін, әлеуметті мүддеге қайшы келетін қылмыстық жауаптылық. Басқа құқықтық бұзушылық түрлеріне қарағанда, қылмыстық заңда қаралған, талқылауға жатпайтын іс-әрекет.

     Қылмыс қоғамға қауіпті және заңмен жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты әрекет-әрекетсіздік.

     Теріс қылық дегеніміз – қылмыспен салыстырғанда қоғамға қауіптілігі біршама төмен және қоғамдағы құқықтық тәртіптің жекеленген жақтарына нұсқан келтіруші құқық бұзушылық. Теріс қылық қоғамға зиян келтіргендіктен әлеуметтік қауіпті болып саналады.

     Теріс қылықты бірнеше түрлерге бөлеміз:

1. Азаматтық құқық бұзушылық – бұл мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастар саласындағы жасалған құқық бұзушылықтың түрі. Жасалынған теріс қылық арқылы ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға мүліктік залал келтіру, келісімдегі міндеттемені орындамау, азаматтың ар-намысына тиетін мәліметті жария ету т.б. 

      Құқықты қалпына келтіруші санкциялар арқылы келтірілген залалдың орны толтырылады, бұзылған құқықты қалпына келтіреді, орындалмаған міндеттемені орындатады, заңға қайшы келетін мәмлені өзгертеді т.б. жатады.

 2. Әкімшілік құқық бұзушылық – бұл қоғамдық тәртіптің заңмен бекітілген жақтарына зиян келтіру. Әсіресе, мемлекет органдарының атқару-бөлу саласындағы қызмет қатынастарының бұзылуы.

      Әкімшілік құқықты бұзушылыққа айып, өндіріп алу, арнаулы құқығынан айыру белгіленеді. Мысалы, транспорт құралдарын басқару құқықығынан айыру т.б.

3. Тәртіптік құқық бұзушылық – бұл еңбек қатынастары саласында жасалған құқық бұзушылық өндірістің, ұйымның, мекеменің ішкі қызметін реттеуде бұзылған әлеуметтік – қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік.

      Тәртіптік жаза – еңбек туралы заңда, әскери міндетті тұлғалар үшін – тәртіп туралы жарғыда, кейбір өндіріс, ұйымдар, мекемелердің лауазымды тұлғалары үшін – арнаулы ережелерде көрсетіледі.

4. Процессуалды – іс жүргізу барысындағы құқық бұзушылық дегеніміз – бұл әділеттілікті іске асыру барысында заң қимылдарына қарсы тұру (куәгердің сотқа келмеуі т.б.).

     Құқық бұзушылықтың заңды құрамы – бұл заңды жауапқа тартылатын жеткілікті құқық бұзу белгілерінің жиынтығы.

     Құқық бұзушылықтың заңды құрамына мыналар жатады:

1. Құқық бұзушылықтың субъектісі – бұл құқыққа қарсы қауіпті іс-әрекет жасаған тұлға немесе әлеуметтік ұйым.

2. Құқық бұзушылықтың объектісі – бұл озбырлық жасалған мүліктік немесе мүліктік емес игілік. Бұл құқықпен реттеліп және қорғалатын қоғамдық қатынастар. Сонымен бірге, адам өмірі, ар-намысы, ден-саулығы т.б.

3. Құқық бұзушылықтың субъективтік жағы – бұл тұлғаның қылығына және оның зардаптарына субъективтік қатынасын білдіретін белгілердің жиынтығы.

     Бұл жерде негізгі категориялар – күнә, мотиві және мақсаты.

             Күнәнің екі түрі белгіленеді:

1.      Тікелей немесе жанама ниетпен жасалған қасақаналық.

2.      Абайсыздық. Ол тұлғаның менмендігінен немесе немқұрайдылығынан пайда болады.

Тұлғаның менмендігі дегеніміз – бұл өзінің қылығының зардаптарын сезінбеуі.

Тұлғаның немқұрайдылығы дегеніміз – бұл өзінің әрекетінің зардаптарын түсіне отырып жасауы.

Мотиві дегеніміз – бір себептің құқық бұзушылыққа іштей ұйытқы болуы.

Мақсаты дегеніміз – бұл құқық бұзушының құқық бұзушылық әрекетін іске  асыруда көздеген нәтижесі.

4. Құқық бұзушылықтың объективтік жағы – құқықтың бұзылғандығын білдіретін сыртқы белгілерінің жиынтығы.

      Оған жататындар:

а) теріс қылық;

б) құқыққа қарсы тұрушылық;

в) зардап шектіру;

г) залал келтіру;

д) теріс қылық пен келтірген залалдың арасындағы себепті байланыс.

      Заңды жауапкершілік дегеніміз – бұл процессуалды - іс жүргізу тәртібімен белгіленген мемлекеттік күштеу арқылы қолданылатын заңдарда қарастырылған құқық бұзушылықты іске асырған тұлғаларға қарсы қолданылатын шаралар.

      Бұл шаралар әртүрлі болуы мүмкін:

а) жеке мәніне байланысты (бас бостанбығынан айыру);

б) мүліктік мәніне байланысты (айып белгілеу);

в) ұйымдастыру мәніне байланысты (жұмыстан босату).

     Заңды жауапкершіліктің белгілері мыналар:

а) мемлекет бекіткен құқық нормаларында белгіленуі;

б) мемлекеттік мәжбүрлеу әдісіне сүйенуі;

в) арнаулы өкілеттілікке ие мемлекеттік органдардың қолдануы;

г) міндеттемелік жүктемесіне байланыстылығы;

д) жеке, мүліктік және ұйымдастырушылық мәндегі қайшы зардаптардың болуы;

г) процессуалды – іс жүргізу түрінде іске асырылуы;

з) құқық бұзушылықты іске асырғаннан кейін пайда болуы.

    Єкілеттілікке ие органның нақты құқық бұзушылыққа белгіленетін мәжбүрлеу шаралары – құқық нормаларында және құқық қолданушылық актілеріне сай іске асырылады. Құқық қолданушылық актілер әкімшілік бұйрығы, соттың шешімі немесе үкімі т.б. болуы мүмкін.

     Заңды жауапкершіліктің принциптері:

1)      заңдылығы;

2)      әділеттілігі;

3)      жауаптылығы;

4)      мақсатқа сәйкестілігі;

5)      гуманизмділігі;

6)      негізділігі.

      Заңды жауапкершіліктің заңдылық принципі – құқық қабілеттігі бар тұлғаның істеген қылығына ғана заңды түрде жауапкершіліктің белгіленуі.

      Заңды жауапкершіліктің әділеттік принципі – жауапкершіліктің деңгейі жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығына сәйкес келуі. Құқық бұзушының  міндетті түрде жауаптылыққа тартылуы.

      Жауаптылық принципі – бұл құқық бұзушылығы үшін заң алдында жауаптылығы.

      Мақсатқа сәйкес принципі – бұл құқық бұзушыға қатысты шараның заңды жауапкершіліктің мақсатына сәйкес келуі.

      Гуманистік принципі – адамның ар-намысына тиетін жазаның белгіленуіне жол берілмеуі.

      Заңды жауаптылықтың негізділік принципі – болған істі объективті түрде зерттеу және соған сәйкес заңда көрсетілген жаза шараларын анықтау.

      Заңды жауапкершіліктің түрлері:

1. Қылмыстық жауапкершілік тек жасаған қылмысы үшін ғана қолданылыды. Бірде-бір адам соттың үкімінсіз немесе заңға сай деп танылмаған жағдайда айыпты деп танылып немесе қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін емес. Қылмыстық жазаның шаралары мемлекеттің қатаң мәжбүрлеу шаралары арқылы іске асырылады. Айыпкерді – бас бостандығынан айыру, өлім жазасы т.б.

2. Әкімшілік жауаптылық - әкімшілік теріс қылық жасалған жағдайда қолданылыды. Әкімшілік жауапкершіліктің түрлері: ескерту, айып-пұл, қатаң сөгіс.

3. Азаматтық – құқықтық жауапкершілік құқық бұзушының өзге тұлғаның мүддесіне байланысты келтірілген шығынды өтеу үшін заңда немесе шартта көрсетілген зиянның орнын толтыруға байланысты орындалады. Азаматтық – құқықтық жауапкершіліктің негізгі принципі – келтірілген залалдың орнының толық толтырылуы.

4. Тәртіптік жауапкершілік – еңбек, оқу, түрлі қызмет саласындағы әскери тәртіпті бұзған кезде қолданылады. Тәртіптік жауапкершілік шараларына – сөгіс, қатаң сөгіс, жұмыстан босату т.б. жатады.

5. Материалдық жауапкершілік – өздерінің қызмет міндеттерін орындау кезіндегі өндіріс, мекеме, ұйым жұмысшыларының келтірген залалдарына сәйкес қолданылады.

      Заңды жауапкершілік өз уақытында орындалуы тиіс.

      Мемлекет қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында, заңның шегінде және заңның негізінде әрекет етеді. Заңдылық құқықтық тәртіпті қалыптастырады, ал құқықтық жауапкершілік адамдардың әрекетін құқықтық реттеудің нәтижесі болып табылады.

      Заңды жауапкершіліктің қызметі:

1)      жазалау;

2)      бұзылған құқықты қалпына келтіру;

3)      азаматтық заңды сақтап, өзгелердің құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге тәрбиелеу.

Заңды жауапкершілікті және теріс қылықты білдіретін мән-жайлар:

1)      қабілетсіз, не болғанын білмеу - өзінің іс-әрекетіне тұлғаның жауап бере алмауы;

2)      қажетті қорғаныс – заң қорғайтын мемлекеттің, қоғамның, жеке тұлғаның мүддесіне қылмыскердің қол сұғуына, оған зиян келтіру арқылы қорғану, яғни қылмыскердің озбырлығына қарсы қолданылатын әрекет;

3)      мәжбүрлік қажеттілік – мемлекеттің, қоғамның, жеке тұлғаның мүддесіне төнген қауіптен зиян келтірмей бетін қайтаруға болмаса, егерде келтірілген зиян бетін қайтарған зияннан әлде қайда кем болса да жасалған әрекет;

4)      елеулі емес құқық бұзушылық – бұл қоғамға қауіптілігі онша емес әрекет;

5)      казус (кездейсоқ, талдап қорытуға жатпайтын) әрекет т.б.

 

15.  Заңдылық және құқықтық тәртіп.

 

1.      Заңдылық түсінігі және қағидалары.

2.      Заңдылық кепілдігі.

3.      Құқықтық тәртіп түсінігі.

4.      Заңдылық және құқықтық тәртіптің арақатынасы.

5.      Құқықтық реттеу механизміне түсінік.

 

    Заңдылық – бұл қоғамдық қатынастарға қатысушылардың құқық нормаларын қатаң түрде сақтауы. Заңдылықтың екі жағы бар:

а) мазмұндылығы – бұл құқықтық, әділеттік ғылыми негізделген заңдардың болуы;

б) оның формальдылығы – бұл заңдардың орындалуы.

     Заңдылықтың субъектілері барлық қоғамдық қатынастарға қатысушылар болып табылады: мемлекет және оның органдары; қоғамдық және басқа ұйымдар; еңбек ұжымдары; лауазымды тұлғалар; азаматтар. Заңдылықтың объектісі заңды міндетті тұлғалардың мінез-құлқы, олардың санасы, еркі және іс-әрекеті.

      Заңдылықтың қағидалары – бұл заңдылықтың мазмұнын білдіретін негізгі идеялардың бастамасы. Оған жататындар:

1)      заңның жоғарылығы – заңға барлық жеке құқықтық және басқа нормативтік актілердің бағынуын білдіреді;

2)                 заңдылықтың біртұтастығы – нормативтік актілердің мемлекеттің барлық территориясында бірдей түсіндірілуі және бірдей қолдануын білдіреді;

3)                 заңдылықтың мақсаттылығы – мемлекеттің құқық шығармашылық және құқық қолданушылық қызметін қоғамға қажетті мақсаттар мен міндеттерді іске асыруды қатаң заң шеңберінде пайдалануды білдіреді, яғни заңды және мақсаттылықты қарама-қайшылықты болдырмау немесе заңды мақсатқа сай деген сылтаумен айналып өтуге жол бермеу;

4)                 заңның шынайылығы – барлық қызмет түрлерінде құқықтық жазбаларының нақты орындалуын білдіреді және құқық бұзушылықтың қандай түрі болмасын тартылатындығын білдіреді.

Заңдылықтың кепілдігі – бұл қоғам дамуының заңдылығына сай заңдардың және заң негізіндегі актілердің орындалуын, азаматтардың құқығын және қоғам мен мемлекеттің мүддесін ешбір қайшылықсыз орындалуын қамтамасыз ететін құралдар.

Заңдылық кепілдігінің бірнеше түрлері бар:

1) әлеуметтік-экономикалық кепілдік – бұл қоғамның экономикалық дамуы, оның әртүрлі меншік түріндегі жағдайының дәрежесі, экономикалық бостандығы т.б.

2) саяси кепілдігі – конституциялық құрылыстың, қоғамның саяси жүйесінің, саяси плюрализмнің, көп партиялық билікті бөлудің т.б. демократиялық даму дәрежесі; 

3) ұйымдастырылу кепілдігі – бұл арнаулы органдардың қызметі, заңдарды және заң негізіндегі актілерді орындалуын бақылау, прокуратура, сот, полиция т.б. қызметін қолдану.

4) қоғамдық кепілдік – мемлекетте заңды бұзушылыққа қарсы мақсатында қолданылатын профилактикалық және басқа шаралардың жиынтығы.

5) идеологиялық кепілдік – бұл құқықтық сананың даму дәрежесі, азаматтардың арасында құқықтық білімнің таратылуы, заң талаптарын сыйлау, қоғамның адамгершілік тәрбиесінің даму сатысы.

6) арнаулы – заңдық кепілдік – бұл құқықтық талаптардың бұзылуын алдын-алу мақсатында қимылдағы заңда бекітілген әдістер мен құралдар.

     Құқықтық тәртіп дегеніміз – бұл қоғамдық қатынастар жүйесі, яғни субъектілердің мінез-құлқының құқықтылығы, қоғамдық қатынастарға заңның шынайы түрде енгізілуі, әлеуметтік байланыстарды реттеудің нәтижесі.

     Құқықтық тәртіптің ерекшеліктері:

1)      құқық нормаларында көрсетілуі;

2)      көрсетілген нормаларды іске асыру нәтижесінде пайда болуы;

3)      мемлекеттің қамтамасыз етіуі;

4)      қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру үшін жағдай жасауы;

5)      заңдылықтың қорытындысы ретінде көріну.

     Сонымен, құқықтық тәртіп дегеніміз – қоғамдағы қатынастардың жүйе – салаларының нормативтік актілер арқылы дұрыс, жақсы, уақытында реттеліп, орындалуы.

     Заңдылық пен құқықтық тәртіптің кепілдіктері:

1. Материалдық кепілдік – егерде субъектілер өзара қателіктер жіберсе, өздері келісімге келіп, нормативтік актіні дұрыс орындауға тиіс.

2. Саяси кепілдік – қоғамның саяси тұрақтылығы. Заңдылыққа, тәртіпке көп әсер етеді. Қоғамдағы барлық бірлестіктердің, одақтардың, ұжымдардың, саяси партиялардың дұрыс, жақсы жұмыс жасауына ықпал етуі.

3. Моральдық кепілдік – қоғамның инабаттылық, парасаттылық  деңгейі жақсы болса, заңдылық, тәртіп те жақсы болуға тиіс.

4. Заңды кепілдік – бұған мемлекеттігі заңдылықты, тәртіпті бақылап отыратын арнаулы органдарының ролі, маңызы, әсері өте зор.

     Заңдылық пен құқықтық тәртіптің қарым-қатынасының көрінісі:

а) құқықтық тәртіп құқықтық реттеуді мақсат етіп қояды, сол мақсатқа жету үшін заңдар және нормативтік-құқықтық актілер қабылданады.

    Заң шығармашылықты дамыту іске асырылады және заңдылықты бекіту шаралары қабылданады;

б) құқықтық тәртіпке жету үшін тек құқықтық реттеуді дамыту мен заңдылықты қамтамасыз етуден басқа тәсілдердің қажеті шамалы;

в) құқықтық тәртіптің нақты мазмұны заңдылықтың мазмұнына байланысты;

г) заңдылықты бекіту құқықтық тәртіпті бекіту болып табылады.

    Құқықтық тәртіп – бұл заңдылықтың толық, нақты орындалуы.

    Заңдылық пен құқықтық тәртіптің әлеуметтік маңыздылығы мынада:

1)      қоғамдық өмірдің бір қалыпты, тұрақты, жақсы дамуы;

2)      мемлекеттік, қоғамдық т.б. ұйымдардың жақсы жұмыс істеуі;

3)      барлық адамдардың құқығын, бостандығын дамыту және ұйымдар мен ұжымдардың мүдде-мақсатының дұрыс орындалуын қамтамасыз ету.

       Құқықтық реттеу механизмі дегеніміз – бұл құқық субъектілерінің мүдделерін қанағаттандыру үшін қолданылатын заң құралдарының жиынтығы. Қоғамдағы барлық тәртіп түрлері әртүрлі құралдармен реттеледі.

      Мұндай заң құралдары мыналар:

а) құқық нормалары;

б) құқықтық қолданушылық актілер;

в) келісім түрлері;

г) заңды фактілер;

д) субъективтік құқық;

е) заңды міндет;

ж) тиым салу;

з) түрлі жеңілдіктер;

и) жәрдем ақы түрлері;

к) жаза т.б.

     Құқық құралдарының негізгі белгілері:

1)       құқық субъектілерінің мүддесін қамтамасыз ету үшін құқықтық әдістерді қолдану;

2)       құқықтық, құқықтық реттеудің, құқықтық тәртіптің негізгі бөліктері ретінде көрінуі;

3)       заңды күшінің болуы және мемлекеттің қолдауы.

Құқықтық құралдардың түрлері:

1.      Құқық салаларына байланысты – конституциялық, әкімшілік т.б. болып бөлінуі.

2.      Сипатына байланысты – материалдық және процессуалды-іс – жүргізу.

3.      Қызмет роліне байланысты – реттеушілік және қорғаушылық.

4.      Ақпараттық-психологиялық бағытына қарай – ынталандыру және шек қою болып бөлінеді.

Заң құралдары құқықтық реттеуге және құқықтық әсер етуге қатысады.

      Құқықтық реттеу дегеніміз – бұл қоғамдық қатынастарды тәртіпке келтіру, барлық құқық құралдарының әсер етуі.

      Сөйтіп, құқықтық реттеу дегеніміз мүмкін және мүмкін емес тікелей жазбаларға қатысты, субъектілердің құқықтары мен міндеттерінің белгілеуіне байланысты, құқықтық қатынастар арқылы іске асырылатын арнаулы – заңның әсер етуі.

      Құқықтық әсер ету дегеніміз – бұл қоғамдық өмірге, адамдардың санасына және мінез-құлқына құқықтық әсер етуі.

      Құқықтық әсер ету құқықпен реттелмейді, тек оған әсерін тигізеді. Бұл құқықтық ғана емес, экономикалық, саяси, әлеуметтік қатынастарға әсер ету.

      Құқықтық реттеудің мақсаты – қоғамдық қатынастарды тәртіпке салу, субъектілердің позитивті мүдделерінің іске асырылуын қамтамасыз ету, басқару процесіне, заңды және жеке тұлғалардың құқықтық мүддесін қанағаттандыруына әсер ететін түрлі және көптеген кедергілерді жою.

     Құқықтық реттеу механизмінің мақсаты – субъектілердің құндылықтарға жету мүдделеріне кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету, яғни олардың әділетті түрде мүдделерінің қанағаттандырылуын қамтамасыз ету.

     Құқықтық реттеу механизмінің құрылымы:

1.       Құқық нормасы арқылы мүдделерді қанағаттандырудың моделінің жасалуы.

2.       Заңды факт немесе шешуші факті болып саналатын ұйымдастыру-атқарушы құқық қолданушылық актісі бар факт құрамы ретінде болуы.

3.       Құқықтық қатынас.

4.       Құқықтар мен міндеттерді іске асырушы актілер.

5.       Құқықтық қорғаушылық және құқықтық қолданушылық актілер. Бұл актілер құқық бұзылған жағдайда қолданылады.

     Құқықтық реттеу тиімділігі дегеніміз – бұл құқықтық реттеудің нәтижесі мен оның алдындағы мақсаттың ара-қатынасы.

     Құқықтық реттеудің тиімділігін арттырудың мынадай жолдарын көсетеміз:

1. Құқықтық шығармашылықты дамыту, соның нәтижесінде жоғары дәрежелі заң техникасын қолдану арқылы құқық нормаларын көтеру, оның шеңберіндегі қоғамдық мүдделер мен заңдылық толық айқындалады.

     Бұл жерде заң және хабар құралдарының көмегіне сай заңды бұзғаннан ғөрі сақтағанның көп пайда келтіретін жағдай жасалынады.

2. Құқықтық қолданушылықты дамыту нормативтік реттеуді күшейтеді.

      Құқықтық қолдану нақты жағдайды ескереді, әрбір заң жағдайының өз ерекшелігі бар.

      Құқықтық шығармашылық пен құқықтық қолданудың бір-біріне сай болуы, құқықтық реттеудің жан-жақтылығы мен икемділігін көрсетеді.

3. Құқық субъектілерінің құқықтық мәдениетін көтеру құқықтық реттеудің сапалылығын арттырады, заңдылық және құқықтық тәртіптілік процесін бекітеді.

 

 

           

 

Әдебиеттер.

 

1.      С.С.Алексеев. Теория права. М., изд. БЕК, 1993.

2.      Р.З.Лившиц. Теория Права. М., изд. БЕК, 1994.

3.      Общая теория права и государства. Учебник для юридических вузов под редакций В.В.Лазарева. М., изд. «Юрист», 1994.

4.      Л.И.Спиридонов. Теория государства и права. Учебник. М., 1995.

5.      Теория государства и права. Учебник для студентов и аспирантов юридических вузов и факультетов под редакцией Г.Н.Манова. М., изд. БЕК, 1995.

6.      С.А.Комаров. Общая теория государства и права. Курс лекций. Издание второе. М., 1996.

7.      В.Н.Хропанюк. Теория государства и права. Второе издание. 1996.

8.      Теория государства и права. Курс лекций. Под редакцией М.Н.Марченко, 2-е издание. М., издательство. «Зерцоло, Тени» 1996

9.      А.Б.Венгеров. Теория государства и права. М., 2000.

10.  З.О.Ашитов. Права суверенного Казахстана. Алматы, издательсво «Жетї жарғы», 1995.

11.  С. С. Сартаев. Некоторые вопросы истории и теории правового государства. «Известия Академии наук Казахской ССР (серия общественных наук)"» 1989, номер-5.

12.  Г.Сапаргалиев. Конституционное права РК. Алматы 1998.

13.  Ғ.Сапаргалиев, А.Ибраева. «Мемлекет және құқық  теориясы». Алматы, 1998.

14.  Б.Ғ.Шынтемірова, Т.Т.Шайхиев. «Құқықтеориясының негіздері» . Алматы, «Білім» 1999.

15.  А.Ибраева, Н.Ибраев. Теория государства и права. Алматы, Єркениет, 2000.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-01-15 18:40:37     Қаралды-59101

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »