UF

Тақырып: Тұлғаның эмоционалды – еріктік сферасы. Сезiм, эмоция, ерік

 

  1. Адамның сезімі мен эмоциясының түрлері
  2. Ерік
  3. Еріктік үрдістер мен еріктің сипаттамасы 

 

Өткен тарауларда адамның танымынан ерекше орын алатын психикалық процестер (түйсiк, ойлау, ес, қиял т. б.) жеке-жеке талданды. Осы процестердiң әрқайсысы сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын бейнелеудiң түрлi формалары екенi, бұлар бiзге айналамызды әр қырынан танытатыны, әрқайсысының өзiне тән ерекшелiктерi мен заңдылықтары бар екендiгi жан-жақты сөз болды. Адам реалдық дүниенi тек танып қана қоймайды, оған өзiнiң қатынасын да бiлдiрiп отырады, ол бiр нәрсенi ұнатады, бiреудi жақсы көредi, екiншi бiреуге салқын қарайды. Бiр сөзбен айтқанда, өз қажеттерiне қарай айналасына түрлi көңiл күйiн бiлдiрiп отырады.

Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адамның қажеттерiне сәйкес келу-келмеуiнiң нәтижесiнде пайда болып отыратын психикалық процестiң түрiн сезiм деп атайды. Қажеттердiң түрлi жағдайларға байланысты түрлiше өтелуi адамда. Көптеген ұнамды және ұнамсыз сезiмдердi туғызып жек көрушiлiк, шошыну, абыржу, наздану, iш пысу, зерiгу т. б. осындай сезiмдер мен эмоциялардың сан алуан түрлерi.

Сезiмдер — өте күрделi психикалық процестердiң бiрi. Сезiмдер адамның тiршiлiк қажетiне, өзара қарым-қатынасына байланысты сан алуан формаларда көрiнедi. Адам сезiмдерi тарихи-әлеуметтiк сипатта болады. Демек, адамның өмiрi қоғамға байланысты, оның әрекетi де қоғамдық саналы әрекет. Олай болса, адамның сезiмдерi де қоғамдық сипатта болып, сезiмнiң мазмұнын қоғамдық болмыс белгiлеп отырады. Сезiмдерден эмоцияларды айыра бiлу қажет.

Сезiмдердi эмоциялардан дұрыс айыра бiлмеушiлiк, бұл екеуiнiң мәнiн бiрдей деп ұғу, кейде қате түсiнiктерге де соқтырады. Мәселен, осындай түсiнiк жануарлар мен адам психикасының арасындағы айырмашылықтарды бүркемелеуi мүмкiн. Жануарлар эмоциясы түгелдей биологиялық сипаттағы құбылыс, бұл жануарлардың сыртқы ортаға бейiмделу көрiнiсiнен, әр түрлi шартсыз рефлекстердiң тiзбегiнен немесе инстинктерiнен байқалады.

Сезiмдер мен эмоциялардың бiрнеше сапалық ерекшелiктерi бар. Олардың сапасын көрсететiн осындай ерекшелiктерiнiң бiрiн — қарама-қарсы, полярлық сапалықтар деп атайды. Мәселен, сүйсiну, сүйсiнбеу, көңiлдену, қажу, шаттық, уайым т. б. осы се-кiлдi сапалар өз ара екi полюскс ажырасып, бiрiне-бiрi қарама-қарсы мағынада болады.

Сезiмдердiң екiншi ерекшелiгi — олардың актив (қажырлы) және пассив (солғын) болып бөлiнуiнсн көрiнедi. Адамға күш берiп, әрекетке ұмтылдыратын, көтерiңкi сезiмдер мен эмоциялар-ды стеникалық, ал бұлардың баяу, солғын түрлерiн астеникалық деп атайды. Бiрiншiсiне: жауапкершiлiк, жолдастық, достық, айбаттылық т. б. жатса, екiншiсiне: уайым, енжарлық, көңiлсiздiк т. б. ссзiмдер жатады. Бұл жерде мынадай бiр жағдай есте болсын. Түрлi нақтылы жағдайлардың ретiне қарай адамдарда бiр сезiмнiң өзi бiрде қуатты, бiрде әлсiз болып көрiнуi мүмкiн. Мәселен, қорқыныш сезiмi кейде бiр адамның буынын босатып, пәрменсiз етсе, ендi бiрде қауiп-қатерге қарсы тұрғызатын айбаттылыққа (күштi сезiм) ауысуы мүмкiн.

Сезiмдердiң үшiншi бiр ерекшелiгi жiгерлену және кернеуден босану немесе шешiлу. Бұл да сезiмдердiң қарама-қарсы сапаларының бiрi. Мәселен, студенттердiң емтиханнан өтуi, спортпен айналысатын адамның мәреге жетуi шешушi кезеңдер болып табылады. Мәреге тақалғанда адам барлық күш-жiгерiн жұмылдырады. Осы кезең өткен соң басқа бiр күйге түседi. Мұны кернеуден босану (шешiлу) сезiмi дейдi.

Шамадан тыс күштi тiтiркендiргiштер адамда көбiнесе қолайсыз эмоциялар туғызады. Кiсi ұдайы қинала беретiн болса, оның дiңкесi құрып, берекесi кетедi. Адамның осылайша шамадан тыс зорлануын психологияда стресс деген терминмен белгiлейдi. Стресс үш түрлi жағдайда байқалып отырады. Оның алғашқы көрiнiсiн мазасыздану кезеңi дейдi. Организмнiң күштi тiтiркендiргiштермен айқасқа түсуiн күш салу, немесе зорлану кезеңi деп атайды. Адам сырттан келетiн әсерге төтеп беруге шамасы келмеген жағдайда титықтап, әрекет жасаудан қалады. Мұндай қолайсыз әсер жүйке жүйесiнiң жұмысына да, дене күшiне де нұқсан келтiретiндiктен, адам өзiнiң сыртқы ортамен байланысын үнемi қадағалап, реттеп отыруы қажет.

Сезiмнiң жоғарыда айтылған ерекшелiктерiнiң барлығы да нақтылы әрекет үстiнде, кездесетiн қиыншылықтарды қарсы алу кезiнде айқын көрiнiп отырады. Сезiм адамның бүкiл өмiрiмен, оның жеке басының ерекшелiктерiмен тығыз байланысты. Адамның әр түрлi эмоциялары мен сезiмдерi оның қажетi мен қызығу ерекшелiктерiне, дүниеге көзқарасы мен сенiмiне, мiнез-кұлқы мен бiлiм келемiне, санасы мен ерiк сапаларына бай-ланысты қалыптасып отырады.

Сезiмдер мен эмоциялардың адамның практикалық әрекетiнде алатын орны зор. Алдағы мақсатты орындау жолында, өмiр үшiн күресте күштi сезiмдерсiз табысқа жету қиынға соғады.

Сезiмнiң қораш, солғын, селсоқ болуы iске кедергi келтiредi. Адам не үшiн күрессе, соны жан-тәнiмен жақсы көрiп, неге қарсы күрессе, соны өлердей жек көрiп отыруы керек.

Эмоцияларды бiрнеше топқа жiктеуге болады. Олардың бiр тобы жағымды не ұнамды эмоциялар деп аталады. Бұлар адамның тiршiлiк қажетiне орайлас, оның iшкi өмiрiнiң шарықтап, жан-жақты өсу шарттарының бiрi болып табылады. Мәселен, қуаныш, сүйiспеншiлiк, көңiл қоштық т. б.- осындай эмоциялардың ендi бiр тобы жағымсыз не ұнамсыз эмоциялар делiнедi. Бұлар — белсендi әрекетке азды-көптi нұқсан келтiретiн қораш сезiмдер. Мұндай эмоцияларға қорқыныш, қайғы, абыржу, налу, үрейлену, үмiтсiздену т. б. жатады. Осы айтылғандармен қатар, қарапайым және күрделi эмоциялар болып та бөлiнедi. қарапайым эмоциялар адамның органикалық қажеттерiнiң өтелу-өтелмеуiне байланысты туып отырады. Мысалы, күрделi түрлерiне: көңiл, аффект, құмарлық эмоциялары кiредi.

Осы айтылған эмоциялардың барлығына ортақ басты бiр ерекшелiк: оларда сан алуан мәнерлi қозғалыстардың болып отыратындығы. Ч. Дарвин осы күнгi адамда байқалатын мәнерлi қозғалыстардың бiразы бiздiң ерте кездегi ата-бабаларымыздың тiршiлiгiнде елеулi орын алған әрекеттiң қалдығы екендiгiн айтады. Мәселен, қатты ашу кернеген адам кейде жұдырығын түйiп тiстенедi, қабағын түйiп булығады, демiн әзер алып, танауы делдиiп кетедi, жүрегi тарс-тарс соғады. Осындай мәнерлi қозғалыстардың әрқайсысының өзiнше шығу тарихы бар. Жоғарыда келтiрiлген мысалдан жауымен (жабайы аңдармен) айқасқа түсейiн деп тұрған адамның келбетiн, даярлық белгiсiн байқауга болады. Ертедегi адамдар жабайы аңдармен арпалысқа түсердiң алдында денесiн соған бейiмдеп алып, сонан кейiн айқа-сатын болған. Қазiргi адамдар үшiн мұндай көрiнiстер дөрекi, ебдейсiз қимылдар болып табылады. Мұндай ебдейсiз қимылдар мәдениеттi адамның қылығына ешбiр сыйымсыз сипат. Бұған көбiнесе сотқар, ызақор, кекшiл адамдар бiр табан жақын тұрады. Адамдардың сана-сезiмi өскен сайын оның қимыл-қозғалыстары да мәдениеттене түседi. Эмоциялық жағдайлар адамның дем алу, қан айналу органдарына өзгерiстер түсiретiнiн, бет әлпетi мен (мимика) бүкiл дене қимылдарына (пантомимика), сөздiң интонациясы мен тембрiне, дикциясы мен паузасына да өзгерiстер енгiзетiндiгiн дәлелдейтiн мысалдар көп. Қорқу эмоциясы кезiнде адамда байқалатын мәнерлi қозғалыстарды алайық. Қорыққан адамның қасы тартылып, түсi бозарады, қозғалыстары баяулап не мүлде тоқтайды, денесi дiрiлдеп қалшылдайды, шашы үрпиiп, көзi шарасынаи шығып, даусы қарлығып, үнi кiбiртiктейдi, аузы кебiрсiп, тынысы өзгередi, бетi шiмiркенiп, бүкiл денесi қалтырап, салқын тер шып-шып шығады. Тiптi орнынан қозғала, сөйлей алмай, дауысы шықпай қалатын кездерi болады. Қорқыныштың жеңiл түрi тынышсыздану, ауыры — үрейi ұшу т. б. Эмоциялық жағдай кезiнде адамның денесiнен байқалатын әр түрлi мәнерлi қозғалыстарды Абай өлеңдерiнен көптеп кездестiруге болады.

Күрделi эмоциялар

Күрделi эмоциялардың бiрi — көңiл. Кейпiне қарап адамдарды шат, жайдары, жылы жүздi, ақжарқын, не көңiлге кiрбiң кiру, ызалы, түсi суық т. б. деп ажыратады. Адамның көңiлiне айналасын қоршаған дүние әсер етiп отырады. Егер оның қызметi жақсы жүрiп жатса, ұжымы ынтымақты болса, отбасы жағдайы жарасымды болса, көңiлi де көтерiңкi болады. Көңiлге адамның денсаулық жағдайы, жүйке жүйелерiнiң ерекшелiктерi де әсер етедi. Өмiр-тiршiлiгi үшiн елеулi маңызы бар оқиға да адамның көңiлiне үлкен iз қалдырады. Мәселен, адам көптен айналысып жүрген iсi оңға басса, немесе бiр нәрсеге қолы жетсе (жоғары оқу орнын бiтiру, диссертация қорғау т. б.), шат-шадыман күйге түседi. Керiсiнше, ол ылғи да сәтсiздiкке ұшырай берсе, көздсген мақсатына жете алмаса, жанын қоярға жер таба алмай қиналады. Мұндайда қабағы қатыңқы, ренiштi күйде жүредi. Сондықтан да “Көнiлсiзден күлкi шықпас”, “Адам көңiлден азады” деген мақалдар тегiннен-тегiн айтылмаған. Ерiк-жiгерi күштi, рухани өмiрiнiң мазмұны бай адамдар, тiптi ауыр жағдайларда да көңiлдi жүредi. Оптимистiк, жарқын болашаққа сену, қиыншылыққа мойымау ерiк-жiгерi күштi, қажырлы адамдардың басты қасиетi. Адам өз көңiлiнiң қожасы болу керек екендiгiн олар iс жүзiнде көрсете бiлуi тиiс. Осы айтылғандардан өмiр сүруге қолайсыз кездердс де көңiлдi ырқына жiбермеуге болатындығы, көңiлдiң тұрақты болуы жұмыс қабiлетiн арттыруға, адамның жеке қасиетiнiң жақсы сапаларына байланысты екенi жақсы аңғарылады. Өз көңiлiн меңгере бiлу — мұғалiм үшiн аса қажеттi сипат. Төменгi сынып оқушыларының мұғалiмiнiң қасы мен қабағына қарап отыратыны белгiлi. Егер мұғалiм көңiлсiз, кiрбiң болса, оқушылардың оқу материалдарын меңгерулерiне қолайсыз әсер етедi.

Эмоцияның бiр түрi — аффекттер. Аффекттер дегенiмiз қысқа уақытқа созылса да, бүрқ етiп қатты көрiнетiн эмоцияның түрi. Аффекттер кейде адамның бүкiл психикалық кейпiн бұзып, мәнерлi қозғалыстарға толы, ерiк күшiнiң әлсiреу жағдайында өтедi. (Мәселен, зәре ұшу, қорқу, долылық, жан түршiгу, кенеттен торығу, қамығу т. б.) М. Ю. Лермонтов бiр адамның басынан байқалған аффектiнi былайша суреттейдi:

“Орынсыз жан таласып кейде бекер,

Жұламын итмұрынды қолым жетер...

Сонан соң әлiм кетiп жерге құлап,

Еңiреп егiл-тегiл, жаттым сұлап.

Кемiрiп жердiң дымқыл топырағын,

Шықтай қып жерге төктiм жасты-ай бұлақ”.

Аффект кезiнде адамның “есi шығып” кетпейдi. Денi сау адамдарда болатын аффекттердi адамның жеке басының кемшiлiгi деп түсiну керек. Бұл — адамның өзiн меңгере алмауы, ерiк тәрбиесiнiң кемiстiгi. Ерiк-жiгерi күштi адам мұндай ұшқалақтыққа, лепiрмелiкке бармайды. Ондай адам не iстесе де ойланып iстейдi. “Ар-iсi ақылға ермек, бойды жеңбек, өнерсiздiң қылығы өле көрмек” деп Абай дұрыс айтқан.

Денi сау адамдардың аффектiсiнен психикасы ауруға шалдыққан адамдардың аффекттерiн (патологиялық аффекттер) ажырату қажет. Мұндай аффекттер ми қабығы мен қабық асты орталықтарының байланысы бұзылғандықтан, екiншi сигнал жүйесiнiң реттеушiлiк рөлi кемiгендiктен болады. Аффекттердi тәрбиелеу адамның жеке басын тәрбиелеумен тығыз байланысты мәселе.

Құмарлық — адамның ойы мен әрекетiнiң негiзгi бағытына iз қалдыратын күштi, терең, тұрақты эмоция. Құмарлық өзiнiң қоғамдық мәнiмен бағаланады. Егер ғылым мен өнерге, еңбекке құмарлықты ұнамды десек, дүние құмарлық, бақ құмарлық, ойын құмарлықты ұнамсыз құмарлық деймiз. “Құмарлық кiсiге жүк артады, мiндеттiлiк туғызады, мiндет борышты етедi, бұлар еңбекке жүктейдi, еңбек ғылым мен өнерге ашылған жол”,— деп Абай адамға қажеттi құмарлықтың психологиялық табиғатын көрсеткен. А. С. Пушкин “Сараң серi” драмасында Альберттiң образы арқылы, құлқынын ақша тескен адамның “қүмарлығын” былайша суреттейдi.

“Е, менiң әкем үшiн ақша малай да емес, дос та емес,

Бас иетiн қожасы, өзi қызмет етедi,

Еткенде қандай десеңшi! Алжирдiң нағыз құлындай, Шынжырлаулы төбеттей! Иттiң суық жатағында тұрады.

Қорегi оның қара су мен кепкен нан,

Көз iлмейдi түн бойы, жүгiредi арсылдап,

Ал алтыны жатыр сандықтарда мызғымай”.

Сезім – адам қатынасында өзінің танығанына, білгеніне, іс-әрекеттеріне әсерлерінен алған күйі. Адам тіршілік иелерінің ішіндегі сезім сияқты психикалық күйге ие жалғыз тіршілік иесі. Ол айналасында болып жатқан құбылыстарды жағымды, жағымсыз күйлерде басынан өткізетін және оны саналы басқара алады. Сезім көзі өзіміз қабылдайтын, айналысатын заттардың және құбылыстардың сапаларын туғызатын қажеттіліктер, талап - тілектер жатады.

Сезім барлық психикалық процестермен тығыз байланысты, көптеген жағдайларда сол процестер сезімді туғызады да, ал сезім оларға өз тарапынан ықпал жасайды.

Адам — қоғамдық тіршілік иесі. Сондықтан оның сезімі де әлеуметтік сипатта болады. Сезімдер қоғам дамуына байланыс­ты өзгеріп отырады. Бір-біріне ұқсас оқиғалар мен фактілерді әр кезеңде өмір сүрген адамдар әр түрлі бағалайды.

Cезім білдіру

Сезімдер адамның сырт пішінінен жақсы байқалады олар адамның мінез - құлқына және жағдайына, сондай - ақ, ішкі органдарының жұмысына да ықпал жасайды. Абыржу кезінде біз жүректің қатты соққанын, қан тамыры соғуының жылдамдауын басымыздан өткіземіз, біздің дем алуымыз қиындайды, қол - аяғымыз дірілдей бастайды, кейде адамның ыстығы көтеріліп кетеді керісінше де болуы мүмкін: маңдайдан суық тер шығады, қалшылдай бастайды, кезден жас сорғалайды. Сезім кісінің бет әлпетінен де, мимикасынан да керінеді

Сезім мен эмоцияның сыртқа тебуінің айқын көрінісі — күлу мен жылау. Әйгілі ғалым Ч.Дарвин (1809 — 1881) мәнерлі қозғалыс әлпеті адамның арғы тегінің тіршілігі үшін пайдалы болған әрекеттердің қалдығы екенін дәлелдейді.

Адам күйінің өгеруіне байланысты даусының өзгеруі оның көңіл күйінін, қандай екенінен хабардар етіп, кісінің ішкі сезімі мен эмоциясы көз нұрынан, бет ажарынан, қимыл - қозғалысынан аңғарылып тұрады. Адамның сезім күйлері пнеймограф аспабымен зерттеледі. Аспап зерттелуші адамның кеудесіне байланады да, оған «өмірінде басыңнан кешірген қайғы-қасіретіңді есіңе түсір», — дейді.

Сезімдердін пайда болуында динамикалық стереотиптердің мәні үлкен. Павлов былай деп жазды: «Динамикалық стереотипті қондырып және қолдап тұрғандағы ми сыңарларының нерв процестерін кәдімгі өзінің екі негізгі — жағымды және жағымсыз категориясы бар сезімдер» деп атайтындығын ойлау керек.

Павлов жағымсыз әсерлердің себебі қозу және тежелу процестерінің, ол айтқандай «қағысуында» деп есептейді. Өзге психикалық процестер сияқты сезімдер табиғаты сырттан және іштен келетін тітіркендіргіштерге жауап беретін рефлекторлық әрекетпен байланысты. Сезімдердің физиологиялық негізі баска психикалық процестермен салыстырғанда әлдеқайда күрделі. Ми қабынан да бұрын пайда болған оның астыңғы қабатының орталықтарында және вегетативтік жүйке жүйесіндегі процестер де бұл қызметке қатысады. Ми жарты шарларының қабында сырткы және ішкі әсерлерге байланысты жүйкелік қозулар иррадиация заңы бойынша ми қабының астыңғы қабат орталықтары мен вегетативтік жүйке жүйесіне жайыла бастайды және оларды қоздырады. Соның әсерінен қан тамырларының қимыл реакциясы күшейеді, беті қызарып, бозарады, қаны сыртқа тебеді, ішкі секреция бездерінін продуктысын бөліп шығарады.

Сезімнің негізгі көзі адамның іс - әрекеті болып табылады. Он­да таным процестері үлкен орын алады. Біз айналамыздағы өмірді қабылдаймыз (біз үшін сүйкімді, әсем не ұсқынсыз жаманды көреміз, естиміз, пайдалы не зиянды, қауіпті т.б. байқаймыз), сөйтіп бізде осыларға сай жағымды не жағымсыз сезімдер пайда болады.

Сүйсініп істейтін жұмыс шаттық сезім туғызады; ұнатпайтын іс, еңбек адамды қажытады көңіл күйін төмендетеді. Жұмыс процесінде кездесетін қиыншылыктар адамдардың әр қилы эмоциясын туғызады. Бір жағдайларда адамда өкініш, дәрменсіздік, өз күшіне сенбеушілік сезімі пайда болады, екінші бір жағдайда, кездескен қиыншылықтар адамды қайраттандыра түседі, ерекше сүйсінерлік сезім шақырып, бон­ды сергітіп, кедергіні женетіндей күрес шаттығына бөлейді.

Еңбектегі сәтсіздікке де адам әр түрлі қарайды. Біреулер еңсесі түсіп, қайғырған, үмітсізденген және үрейленген сезімді басынан өткізеді, ал екінші біреулер сергек көңіл күйін сақтап, күш - қуатын бойға жиып, жұмыста көтеріңкі өрлеу үстінде бола­ды. Осы барлық әсерлер белгілі дәрежеде адамның өз алдында тұрған міндеттерге көз қарасына, борышын сезіне білуіне, алға қойылған мақсатқа жетудің қажет екенін қаншалықты түсінуіне байланысты.

Егер сезім көзі іс - әрекет болса, онда сезім де іс - әрекеттің сан алуан түрлеріне зор ықпал етеді. Сөз, егер ол сезімге толы, эмоциялы бояулы болса, адамға күшті әсер туғызатынын есте сақтаған жөн. Сөйлеушінің (артистің, шешеннің, мұғалімнің) күшті сезімі әдетте тыңдаушыларына да ауады.

Сезімнің негізгі сапалары

Адам сезімдері ерекшелігі, сапасы тіпті жай белгілері жағынан әр алуан. Сезім ерекшеліктерінің бірі — оның полярлығында, яғни біріне - бірінін қарама - қарсылығында. Мысалы, шаттық сезім үшін мұн, сүйсінуге — күйзелу, сүйіспеншілікке — көре алмаушылық, қорқынышқа — өжеттік, жауынгерлік т.б. полярлық сезім болады.

Сезімді біздер үшін жағымды және жағымсыз сезімдер деп екіге бөлуге болады.

Сезімдер активтігімен не болмаса пассивтігімен айғақ болуы мүмкін. Адам абыржу кезінде (мысалы, мектеп оқушысы емтихан алдында) зорланған жағдайда болады, не (творчестволық жұмыс үстінде) ерекше өрлеуді сезінеді, оның сезімі мұнда ак­тив. Ал керісінше енжар болған жағдайда адамның сезімі де баяу етеді. Сезімнің активтігі оларды стеникалық етеді. Олар адамның күші мен қуатын арттырады. Керісінше, сезімнің ен жарлығы оны астеникалық жағдайға апарып, адамның іс - әрекетін, қайрат-жігерін бәсендетеді. Стеникалық сезімдерге өжеттік сезімді, жауынгерлік әсерді, жеңу шаттығын жатқызсак, ал астеникалық сезімдерге — сары уайым, үміт ұзу, торығу т. б. сезімдерді жатқызуға болады.

Сезім әр түрлі дәрежедегі интенсивті де және созалаңқы да болады. Кейде сезімдер ұзаққа созылса да, бәсең өтеді. Басқа уақытта сол адамның өзінің сезімі өте күшейіп, оны жете ойламаған әрекеттерге соқтыруы мүмкін.

Жоғарғы сезімдер

Адамнын жан дүниесінің сыры қоршаған ортаға әсерленіп қана қоймай, онын, құпия сырларын танып білуге ұмтылады. Мұндай әрекет адам сезімінің жоғары деңгейдегі саналы әрекетін, эстетикалық талғамы мен адам-гершілік - моральдық қасиеттерін сезіне білетін көңіл - күйіне байланысты, Жоғары деңгейдегі сезімдердің ақыл - ой (интеллектік), эстетикалық және моральдық - адамгершілік дейтін түрлері бар.

 

Ұсынылған  әдебиеттер тізімі

 

  1. Немов Р.С. Психология. Москва.,2002-688 стр. 1 том
  2. Сәбет-Бап-баба. Жантану негіздері
  3. Мұқанов. Ми және психика. А., ҚМБ.1956.
  4. Гамезо М. Атлас по психологии. Москва 2001-69 стр.
  5. Психологический словарь. Под. Ред. В. Копорулиной М.,2003.
  6. Абрамова Г.С. Психологическое консультирование: Теория и опыт:Учебное пособие / Абрамова Г.С. М. : Академия, 2000. - 240 с
Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-15 13:24:17     Қаралды-31781

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »