UF

Тақырыбы: БУЫНАЯҚТЫЛАР ТИПІ - ARTHROPODA

 

1.  Трилобиттәрізділер тип тармағы - Trilobitomorpha.

  1. Трилобиттер класы — Trilobita

3.  Хелицералылар тип тармағы — Chelicerata.

4.  Семсерқұйрықтылар класы — Xiphosura

  1. Өрмекшітәрізділер класы — Arachnida
  2. Кене. Құрылысы мен физиологиясы.
  3. Көпаяқтылар класы - Myriapoda
  4. Құрылысы мен физиологиясы

1.                Трилобиттәрізділер тип тармағы - Trilobitomorpha.

Трилобиттер өліп біткен теңіз буынаяқтылары. Палеозой эрасының кембрий дәуірінің қазбаларынан белгілі. Кембрий, ордовик, силур, девон дәуірінде кең тараған, таскөмірде трилобиттер азайып, ал пермь дәуірінде түгел жойылып кеткен. Трилобиттәрізділерге бірнеше кластар кіреді, соның бір ғана трилобит (Trilobita) класы зерттелген.

  1. Трилобиттер класы — Trilobita

Трилобиттер теңіз түбіндегі қорыста жорғалап немесе теңіз жағалауындағы суда жүзіп жүрген, ұзындығы 10 мм-ден 80 см-ге дейін болған ертедегі буынаяқтылардың бірі. Арғы тегінің (көпқылтанды буылтық құрттар - Polychaeta) құрылысына ұқсас, денесі гомономды сегменттелінген және барлық аяқтары біркелкі, қарапайым құрылысты болған.

Трилобиттердің денесі дорзовентральды бағытта жалпайып, үш бөлімнен құралған: айшық тәрізді бас қалқанынан (акрон және біріккен төрт сегменттен); сегменттелген кеуде бөлімінен (thorax) және сегменттері бір-бірімен бірігіп бітіскен (сегменттерінің саны түрліше болып келетін) құйрық қалқанынан. Жалпы сегменттерінің саны 44-ке дейін.

Жалпақ келген денесі арқа жағынан ұзына бойына екі сызықпен шектелген ортаңғы дөңес (rhachis) және жалпақтау келген екі бүйір қалақтары-бүйірліктерге (pleura) бөлінген. Трилобит (латынша trilobus-үш қалақты) деген аты - үш қалақты пішін деген сөзден.

Бас қалқанының жоғарғы жағында күрделенген жұп фасеттік көздері (олардың әрқайсысы 15-тен 15000-ға дейін ұсақ көзшелерден тұрған), сонымен қатар жұп медиальды (ортасына таяу орналасу деген мағынада) көзшелері, ал астыңғысында жұп мұртшалары немесе антеннулалары және төрт жұп буындалған аяқтары болған. Көздері және мұртшалары бастың акрон, ал төрт жұп аяқтары акронға қосылған төрт сегменттерінің құрамына кірген. Трилобиттердің бір ерекшелігі - бас бөліміндегі төрт жұп аяқтары барлық буынаяқтыларға тән ауыз аппаратына айналмай (мандибула, максилла І-ІІ, хелицералар), кеуде және құрсақ бөліміндегі аяқтарына ұқсас құрылысты болып келген. Біркелкі құрылысты аяқтарының негізгі буынынан сыртқы жағына ұзын өскін - желбезек жапырақшалары немесе эпиподиттері, ал ішкі жағына шайнағыш өскіні жалғасқан. Әрбір жұп аяқтың шайнағыш өскіні бір-біріне қарама-қарсы бағытталып орналасқан. Осындай құрылысына байланысты барлық аяқтары жылжу, тыныс алу және қорегін ұстап, шайнау қызметін атқарған. Трилобиттер дара жынысты, метаморфоз жолымен дамыған, протаспис атты личинкалары болған. Протаспистің денесі алғашқыда сегменттерге бөлінбей, біртұтас болып, кейін бас (акрон және 4 сегмент) және аналь қалқаншасына бөлінген. Осы кезде екеуінің арасында өсу аймағы түзіледі де, сол арқылы тұлға бөлімінің сегменттері қалыптасқан. Трилобиттердің денесі хитинмен қапталынған. Қауіпті жағдайда олар өзінің қаттылау арқасын төсеп, жұмсақ құрсақ жағымен жиырылып қалатын болған. 10000-нан астам түрі болған.

  1. Хелицералылар тип тармағы — Chelicerata.

Хелицералылардың 54000-ға жуық түрі бар, басым көпшілігі құрлықта тіршілік етеді. Алғашқы хелицералылар су жәндіктері болған. Хелицералылардың денесі - баскеуде және құрсақ бөлімдерінен тұрады. Баскеуде 7 (бас қалақшасы мен кеуде) сегменттің қосылуынан түзілген, сондай-ақ 7-ші сегменті көп түрлерінде редукцияға ұшыраған. Баскеуде бөлімінде 6 жұп аяқтары бар. Олардың бірінші жұбы қоректі шайнау және ұнтақтау қызметін атқарып, хелицераға айналған (тип тармақтың атауы да осыдан), екінші жұбы педипальпалар - сезу, қармалау, кейбір түрлерінде шағылысу қызметін атқарады, ал қалған төрт жұбы - жүру аяқтары.

         Хелицералылардың негізгі ерекшелігі - бас қалақшасындағы (акрондағы) мұртшасының немесе антеннуласының редукцияға ұшырауы.

Хелицералылар тип тармағына үш класс жатады: Семсерқұйрықтылар -Xiphosura, Алып қалқаншалылар - Gigantostraca және Өрмекшітәрізділер -Arachnida.

  1. Семсерқұйрықтылар класы — Xiphosura

Семсерқұйрықтылар қазіргі кезде құрып кетуге жақын, саны аз ғана, не бары 5 түрі бар, палеозой эрасында кең тараған, теңіздерде тіршілік ететін буынаяқтылар. Ұзындығы 50-90 см, ал Limulus polyphenus-тың ұзындығы 0,5 м болып келеді.

Қазіргі кездегі семсерқұйрықтылар тропикалық және субтропикалық теңіздерде тараған, біреулері Limulus polyphenus - Атлант мүхитында, Солтүстік және Орталық Америка жағалауларында, қалғандары Малай архипелагында, Филиппин және Жапон аралдарында (Tachypleus, Carcinoscorpius), су жағалауларында 4-10 метр тереңдігінде тіршілік етеді. Аналықтары жұмыртқаларын судың жағасындағы құмға салады. Семсерқұйрықтылардың қалдықтары триас дәуірінен табылған, ал Hemiaspis силур дәуірінен белгілі.

Құрылысы мен физиологиясы. Денесі жалпақ, баскеуде мен құрсақ бөлімі біріккен, сегменттері қозғалмалы, құрсағы ұзын семсер тәрізді өсіндімен бітеді. Баскеуде бөлімі үлкен арқа қалқанымен жабылған, онда екі жұп көздері бар. Денесінің төменгі жағында, аузының алдында үш бунақты қос хелицерасы, ал 5 жұп жүру аяқтары ауыз жанында орналасқан. Бұлардың бірінші жұбы - педипальпасы қалған жүру аяқтарына ұқсас, тек бір бұтақты шайнағыш өсіндісімен ерекше. Жүру аяқтары жорғалаудан басқа қорегін ұстау және ұсақтау қызметін де атқарады. Баскеудесінің 7-ші сегментіндегі хилярий деп аталатын бунақталмаған жұп аяқтары тікенектермен қаруланған.

Құрсағындағы 6-жұп аяқтары жапырақтәрізді, тек бірінші жұбы қорғаныш тақтасына айналып - желбезек қақпақшасы деп аталады

Құрсағындағы семсертәрізді ұзын өсіндісінің құрамына тельсоннан басқа құрсақтың ақырғы үш сегментінің жұрнағы кіреді.

Ac қорыту жүйесі. Ауыз тесігі хитинді кутикуламен көмкерілген өңешке, ал ол үлкен бұлшықетті хитині бар, әрі тісшелермен қаруланған шайнағыш қарынға жалғасады. Қарындағы ұсақталған қорек зат ортаңғы ұзын ішекке өтіп, одан әрі бауыр түтікшелері арқылы бауырға түсіп, сонда клеткаларының ішінде қорытылады. Қорытылмаған қорек заттар артқы ішектен аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады.

Зәр шығару мүшесі - қос коксальды безінен құралған. Әрбір бездің ұзын имек түтікшесінің бір ұшында - бір-біріне жалғасқан қапшық тәріздес өсінділері болады, олар түрі өзгерген целомодукталар. Зәр шығару тесігі бесінші жүру аяқтың "кокса" деп аталатын бірінші бунағының жанында ашылады, сол себептен де бұл бездерді коксальды деп атайды.

Қан айналу жүйесі. Қан айналу жүйесі жақсы дамыған. Ұзын түтік тәрізді жүрегі 8 қос остийден тұрады. Жүректің артқы жағы тұйық, ал алдыңғы жағынан аорта және оның екі бүйірінен 4 қос артерия кетеді. Бұл артериялар бүйір бағанасына бірігеді. Артериядан шыққан гемолимфа дененің ішкі мүшелерінің арасындағы қуысқа, одан соң синусты жүйеге жиналып, сол арқылы жүрек жанындағы қуысқа (перикардияға), ақырында остийлері арқылы жүрекке құйылады. Семсерқұйрықтылардың гемолимфасының құрамындағы тыныс алу пигменті-гемоцианин гемолимфаға көкшіл түс береді.

Нерв жүйесі ми ганглиясынан, жұтқыншақ маңындағы сақина коннективадан және құрсақ нерв тізбегінен құралған.

Миы мүшеленбеген, бірақ көру орталықтарынан жойылып кеткен мұртшаларын немесе антеннулаларын нервтендірген ганглиялар қалдықтары бар. Миға жұтқыншақ маңындағы сақина коннективасы жалғасқан, ол хелицераны, баскеудедегі жүру аяқтарын және желбезектерді нервтендіреді.

Құрсақ нерв тізбегінде 6 ганглиялары бар. Ганглияның соңғысы біріккен ганглия түйіндерінен құралған. Құрсақ нерв тізбегіндегі ганглиялардан шыққан нервтер дененің бүйірінде ұзына бойы жатқан нерв бағанасына жалғасады.

Сезім мүшелері. Семсерқүйрықтылардың екі жұп көздері болады. Көздерінің бірінші жұбы - қарапайым көзшелер баскеуденің арқа жағында, мидың үстіңде, ал екіншісі - күрделі көздері көзшелердің жанында орналасқан.

Күрделі көздер көптеген бір-біріне тығыз орналасқан ұсақ көзшелерден тұрады, ол үстіңгі жағынан мөлдір хитинді кутикуламен көмкерілген.

Жыныс жүйесі. Семсерқұйрықтылар дара жыныстылар. Жыныс бездері қосарланған және бұтақталған, өзара түтік тәрізді қапшықтарды құрайды. Олардың ұрық шығару жолы құрсақтың бірінші сегментіндегі желбезек қақпақшасының астында сыртқа ашылады.

Эмбриональды дамуы метаморфоз жолымен өтеді. Жұмыртқадан шыққан личинканың сегменттері толық, бірақ құрсағы жетілмеген, құрсағында аяқтары болмайды. Құрсағы кішкентай қалқаншамен бітеді.

Личинка құрылым жағынан трилобиттерге өте үқсас, сондықтан трилобитті личинка деп аталады.

  1. Өрмекшітәрізділер класы — Arachnida

Өрмекшітәрізділер құрлықта тіршілік ететін, өкпемен немесе трахеямен тыныс алатын буынаяқтылар. Денелері - баскеуде және құрсақ болып екіге бөлінеді. Ал кенелерде (Асагі) баскеуде мен құрсақ бөлімі бірігіп кеткен. Баскеуде бөлігінде 6 жұп аяқтары орналасқан, оның бір жұбы ауыздың үстінде, ал қалған 5 жұбы ауыздың артқы жағында орналасқан. Аяқтарының алғашқы жұбы - хелицералары (сһеіісегае) қысқарған екі-үш буыннан тұрады, ол қысқыш немесе тырнақ тәрізді. Көпбуынды аяқтарының екінші жұбы - пышақтәрізді және олар қорегін ұстау мүшесінің қызметін және сезу қызметін атқарады - бұлар педипальпалар (pedipalpi), ал қалған 4 жұбы - жүргіш аяқтары.

Денесінің артқы бөлігі - құрсақ - әдетте сегменттелген. Өрмекшітәрізділер қласында оншақты отряд, 60000-нан астам түрлері бар. Ұзындығы 0,1 мм-ден 17 см-ге дейін.

Құрылысы мен физиологиясы. Өрмекшітәрізділердің денесі екі бөліктен: бас­кеуде және құрсақтан тұрады. Баскеудені - акрон және 7 сегмент құрайды (7-ші сегмент жетілмеген). Сольпуталарда және кейбір төменгі сатыдағы түрлерінде 4 жұп алдыңғы аяқтарының сегменттері біріккен, ал баскеуденің қалған 2 сегментіне құрсақ сегменттері жалғасады. Осылай, сольпугаларда - денесінің алдыңғы бөлігі трилобиттердің басының сегменттелуіне ұқсас (акрон және 4 сегмент) - ол пропелътидий бөлігі және екі бос аяқтары бар кеуде сегменттері мен сегменттелген құрсағы болады. Сольпугалардың денесі - өрмекшітәрізділер класының басқа өкілдеріне қарағанда көбірек сегменттелген. Құршаяндарда да баскеудесі біріккен, құрсағы 12 сегментті (Gigantostraca сияқты), ол 7 сегментті жалпақ алдыңғы құрсаққа және жіңішке 5 сегментті артқы құрсаққа бөлінеді. Денесі уы бар, имек инелі тельсонмен аяқталады. Мұндай сегменттелу жалған құршаяндарға, пішеншілерге, кейбір кене түрлеріне және буынқұрсақты өрмекшілерге тән (бұларда құрсағы екі бөлімге бөлінбейді). Дене сегменттерінің бірігуінің тағы бір кезеңі - көптеген өрмекшілерде және кейбір кенелерде байқалады. Оларда баскеуде ғана емес, сонымен қатар құрсағы да буындарға бөлінбеген, бірақ өрмекшілерде олардың арасында қысқа және тар жіңішке мықын болады, олар дененің 7-ші сегментінен пайда болған. Дене сегменттерінің толық бірігіп, тұтасып кетуі кене отрядтарының өкілдерінде байқалады.

Жоғарыда көрсетілгендей, баскеудеде 6 жұп аяқтары орналасқан. Олардың алдыңғы 2 жұбы қоректі ұстау және оны ұнтақтау қызметін атқарады - бұларды хелицералар және педипальпалар деп атайды. Хелицералар ауыздың алдыңғы жағында орналасады, өрмекшітәрізділерде олар қысқа қысқыш түрінде болады (сольпугалар, құршаяндар, жалған құршаяндар, пішеншілер, кейбір кенелер т. б.). Кейде хелицералар тырнақтәрізді қозғалмалы буынымен аяқталады (өрмекшілерде) немесе стилет сияқты болады. Ол (кенелерде) жануарлардың денесін тілу қызметін атқарады, сол арқылы олар қоректенеді. Хелицералар әдетте үш буыннан тұрады, ақырғы буыны қысқыштың қозғалмалы бармағының қызметін атқарады.

Екінші жұп аяқтары - педипальпалар, бірнеше буыннан тұрады. Шайнайтын өсінділердің көмегімен педипальпаның негізгі буынында қорек ұнтақталып майдаланады, содан кейінгі буындар қармалауыш, ұстағыш қызметін атқарады. Кейбір өкілдерінде (құршаяндар, жалған құршаяндар) педипальпалар күшті ұзын қысқыштарға айналған, ал кейбіреулерінде жүру аяқтарына ұқсас. Қалған 4 жұп (6-7 бунақты) баскеуде аяқтары жүру қызметін атқарады.

Өрмекшітәрізділердің құрсағындағы аяқтары дамымай түрі өзгерген күйінде сақталады. Мысалы, құршаяндар құрсағының бірінші сегментінде жұп жыныс қақпақшалары, екіншісінде сезу мүшелерінің қызметін атқаратын жұп айдарлы, тарақтәрізді қосалқылары бар. Сондай-ақ құршаяндардың, жалған құршаяңдардың, кейбір өрмекшілердің өкпе қапшықтары, өрмекшілердің өрмек жіптерін бөлетін өрмек сүйелдері де аяқтарының өзгеруінен пайда болған. Өрмекшітәрізділердің арғы тегіңде құрсақ сегменттеріндегі жетілген аяқтарының болғаны күмәнсіз. Алайда, көптеген өрмекшітәрізділер ұрығының дамуы барысында құрсағындағы аяқ нышандары пайда болып, кейін дамымай сол күйінде қалады. Хелицералылардың жабыны кутикула мен оның астындағы гиподерма мен базальды мембрана қабаттарынан тұрады. Гиподерма клеткаларының шығарған заттарынан құрылатын кутикула үш қабатты. Оның сыртқы қабаты жұқа, денедегі ылғалды сыртқа шығармайтын липопротеинді заттарға бай. Бұл құрылым хелицералылардың құрлыққа шығуына және олардың ең құрғақ жерлерді мекендеуіне жағдай туғызды. Тері эпителидің туындыларына улы бездер және усыз өрмек бездері жатады. Біріншісі - өрмекшілерге, құршаяндарға, екіншісі - өрмекшілерге, жалған құршаяндарға, кейбір кенелерге тән.

Ac қорьпу жүйесі эктодермальды алдыңғы, энтодермальды ортаңғы және эктодермальды артқы ішектен құралған.

Алдыңғы және артқы ішектері қысқа, ортаңғысы ұзын. Алдыңғы ішегі әдетте кеңейген, кутикуламен астарланған және күшті бұлшықеттермен қапталынған, сұйық асты соруға бейімделген (насостың қызметін атқаратын) жұтқыншақ пен қарыннан тұрады. Алдыңғы ішекке шырыш бөлетін жұп сілекей бездері ашылады. Өрмекшілерде, осы бездердің және бауырдың ферменттерінің белокты ыдырату қабілеті жоғары. Өрмекші өзінің өлтірген жемтігінің денесіне осы бездердің сөлін жіберіп, қоректі ішектен тыс қорытады да, кейін қорытылған сұйықтандырылған қоректі сорып алады. Осылайша, қорытылған қорек жұтқыншақ пен қарын арқылы ортаңғы ішекке түседі. Ортаңғы ішектің құрсақтағы бөлігіне бауырдың өзектері ашылады, ол ас қорытатын ферменттерді бөледі және қоректі сіңіруге көмектеседі, сонымен қатар бауыр клеткаларының ішінде ас қорыту процестері де өтеді. Ортаңғы ішектің тұйықталып аяқталатын тармақтары, өздерінің сілекей шығару әрекетімен қатар ішектің сорғыш беттерін кеңейтіп, асты сіңіруге көмектеседі. Артқы ішегі аналь тесігімен сыртқа ашылады. Өрмекшітәрізділердің көпшілігі - жыртқыштар, бірақ омыртқалы жануарлардың қанымен, өсімдіктердің шырынымен және өсімдіктердің қалдықтарымен қоректенетін түрлері де бар.

Зәр шығару жүйесіне Мальпиги түтікшелері және коксальды бездері жатады. Мальпиги түтікшелері энтодермальды ортаңғы ішектен пайда болып, ортаңғы мен артқы ішектің шекарасында орналасып, бір жағы тұйықталып екінші жағымен ас қорыту жолына ашылады. Олар жалпақ эпителий қабатымен астарланған, клеткаларында және түтікше қуысында көптеген гуанин дәндері болады. Гуанин өрмекшітәрізділердің зәр шығаруының негізгі өнімі, сыртқа сұйық түрінде емес, құрғақ кристалл түрінде шығарылады. Бұл құрлықта тіршілік етуіне байланысты ішкі ылғалды үнемдеуге бағытталған. Мальпиги түтікшелері тек ересек түрлерінде болады.

Коксальды бездер мезодерма клеткаларынан пайда болады, олар өрмекшітәрізділердің ұрығында және жас кезінде жетіліп, ересек түрлерінде біршама жоғалады. Коксальды бездер баскеуденің 2-ші сегментінде орналасқан, түрі жұп қапшық тәрізді. Эпителилі қапшықтан ілмек тәрізді бұрандалған түтікше шығады да, ол зәрлі қуықка айналып, зәр шығару тесігімен аяқталады. Олар 3-ші немесе 5-ші жұп аяқтарының түбінде сыртқа ашылады. Эпителилі қапшық целомодуктаның кірпікшелі воронкасына сәйкес болып келеді.

Тыныс алу мүшелері әр түрлі: не жапырақтәрізді өкпелері, не кеңірдектері (трахеялары), не өкпелер мен кеңірдектері кездеседі. Өкпе қапшығымен құршаяндар, қылаяқтылар, төменгі сатыдағы өрмекшітәрізділер тыныс алады. Құршаянның алдыңғы құрсағының астыңғы 3-6-шы сегменттерінде 4 жұп тыныс саңлаулары немесе стигмалары (stigma) өкпе қапшығына келіп жалғасады. Өкпе қапшықтарының ішінде бір-біріне жақын орналасқан жапырақтәрізді өсінділері бар, ал олардың арасы тар, бос қуыстық. Бос кеңістікте ауа, ал өкпе жапырақшаларын қан тамырлары торлаған.

Сольпугалардың, пішеншілердің, жалған құршаяндардың, кейбір кенелердің тыныс алу мүшесі - трахеялар. Құрсақтың 1-2-ші сегменттерінде (сольпугаларда кеуденің 1-ші буынында) жұп тыныс алу саңлаулары немесе стигмалары бар. Әрбір стигмадан дененің ішіне қарай ұзын, жұқа, тұйықталған ауа өтетін түтікшелер немесе трахеялар тарайды. Трахеядан тараған ұсақ трахеолалар әрбір мүшеге жалғасып, оларды ауамен қамтамасыз етеді. Жалған құршаяндарда және кенелерде бұл түтіктер бұтақталмаған, бір бунақты.

Өрмекшілер отрядының өкілдерінде тыныс алу мүшелерінің екеуі де (жапырақты өкпе қапшығы мен трахеялар) кездеседі. Олар - құрсақ бөліміңде орналасқан жұп өкпе қапшығы және сыртқа екі стигмамен ашылатын жұп трахея шоғыры. Өрмекшілердің Caponiidae тұқымдасында өкпе мүлдем жоқ, тек жалғыз 2 жұп трахеясы болады.

Өрмекшітәрізділердің өкпесі және трахеясы бір-біріне байланыссыз пайда болған. Өкпе қапшығы күмәнсіз ертеде пайда болған мүше. Өкпенің эволюция барысында қалыптасуы, түрі өзгерген құрсақ желбезек аяқтарымен байланысты деп есептеледі, ал олар өрмекшітәрізділердің суда тіршілік еткен арғы тегіңде болған және олар семсерқұйрықтылардың желбезекті құрсақ аяқтарына ұқсас. Әрбір осындай аяқ дененің ішіне қарай бата орналасқан. Аяқтарының бүйір жа­ры денеге жабысып, өседі. Өкпе қабырғаның алдыңғы бөлігі - аяқтың негізінен, ал өкпе жапырақшалары арғы тегінің құрсақ аяқтарының артқы жағында орналасқан желбезек тақталарынан пайда болған деп болжамдайды.

Кеңірдектер (трахеялар) өкпе қапшығынан тәуелсіз пайда болған. Олар эктодермальды, дененің сыртқы хитинді кутикуланың ішке қарай жымырылып кеткен өсіндісі болып табылады. Трахея түтікшелері хитинді кутикуламен астарланған.

Кейбір өрмекшілердің және кенелердің тыныс алу мүшелері жойылып, бүкіл денесімен тыныс алады.

Қан айналу жүйесі ашық. Құршаянның жүрегі ұзын түтік тәрізді, алдыңғы құрсақ бөлімінде ішектің үстінде орналасқан және оның бүйір жағында 7 жұп саңылаулары (остиялары) бар. Басқа өрмекшітәрізділерде жүректің құрылысы біршама қарапайым. Мысалы, өрмекшілерде жүрегі қысқарған, 3-4 жұп остиялары ғана болады, пішеншілерде 1-2, кенелерде 1, ал кенелердің көпшілігінде өте ұсақ болуына байланысты жүрегі тіпті жойылып кеткен. Жүректің алдыңғы, артқы (құршаяндарда) немесе тек алдыңғы жағынан (өрмекшілерде) қолқа тамырлары шығады. Бұдан басқа кейбір түрлерінде жүректің әрбір камерасының бүйірінен жұп артерия тамырлары тарайды да, олардың соңғы тармақтары үзіліп, гемолимфа лакуна, синус жүйесіне құйылады. Синустардан лакуналардан жиналған гемолимфа жүрек маңы (перикардия) қуысына, одан кейін остиялары арқылы жүрекке құйылады. Өрмекшітәрізділердің гемолимфасының құрамында тыныс алу пигменті - гемоцианин болады.

Нерв жүйесінін құрылысы буылтық құрттардікіне ұқсас, бірақ құрсақ нерв тізбегіндегі ганглиялары бірігіп шоғырланып орналасуға бағытталған.

Миы екі бөлімді: алдыңғы - протоцеребрум (көздерін нервтендіретін) және тритоцеребрум (хелицераларды).

Басқа буынаяқтыларға тән (шаянтәрізділер, көпаяқтылар, насекомдар класы) мидың аралық бөлімі - дейтоцеребрум барлық хелицералыларда жойылған, себебі оларда антенналары жоқ.

Құрсақ нерв ганглияларының тізбегі құршаяндарда сақталған. Оларда жұтқыншақ үсті ганглиясы немесе миы және жұтқыншақ маңы коннективасы бар, ал жұтқыншақ асты ганглиясы баскеуде ганглияларымен бірігіп үлкен түйінге айналған, одан 2-6-шы жұп аяқтарына нервтер таралған, ал құрсақ бөлігі бойында 7 ганглиялар түйіні құрсақ тізбегін құрайды.

Сезім мүшелері жақсы жетілген және әр түрлі. Өрмекшілердің педипальпаларындағы ретімен орналасқан түктері механикалық әсерлерді қабылдайды. Ауа тербелістерін сезетін арнайы түктер - трихоботриялар педипальпаларында, аяқтарында және дененің жоғарғы жағында, ал химиялық өзгерістерді сезетін және иіс сезу қызметін атқаратын лира тәрізді мүшелері кутикулада шағын саңылаулар түрінде орналасқан. Олардың түбіндегі жарғақшаларын нерв талшықтары торлап жатады.

Көздері қарапайым, баскеуденің дорзальды жағында әдетте бірнеше - 12, 8, 6, ал кейде 2 көзі болады. Құршаяндардың жұп ірі көздері баскеуденің ортанғы бөлігінде, ал 2-5 жұп көздері бүйірінде орналасқан. Өрмекшілердің 8 көздері 2 доға түрінде орналасқан, алдыңғы доғаның ортаңғы көздері басқаларына қарағанда ірілеу келеді. Құршаяндар бір-бірін 2-3 см, ал кейбір өрмекшілер 20-30 см қашықтықтан көре алады.

Өрмекшітәрізділердің улы және усыз бездері гиподерма клеткаларынан дамыған.

Улы бездері өрмекшілерде, құршаяндарда, кейбір жалған құршаяндарда және кенелерде болады. Өрмекшілерде олар хелицералардың түп жағында орналасып, сыртқа хелицера тырнағының ұшында ашылады. Құршаяндарда улы бездері құйрығының ең соңғы бөлігінде орналасып, сыртқа арнайы иненің ұшына ашылады.

Өрмек бездері тек өрмекшілер отрядының өкілдерінде ғана бар, олар құрсағының төменгі жағында орналасып, сыртқа өрмек сүйелдерінің төбесінде ашы­лады. Кресті өрмекшінің (Araneus diadematus) үш жұп өрмек сүйелдері бар (121-сурет). Өрмек бездерінің пішіні әр түрлі: алмұрт, түтік, ампула, бұтақты ағаш тәрізді. Олардан бөлінген сұйық зат ауада тез қатады да, өрмек жібіне айналады. Бұларды өрмекшілер тор құру, ұстап алған жемтігін орап тастау, жұмыртқа пілдесін жасау үшін қолданады.

Жыныс жүйесі. Өрмекшітәрізділер дара жыныстылар. Жыныс безі құрсағында орналасқан және көптеген түрлерінде жұп болады. Көбіне оң және сол гонадалары қосылған. Құршаяндардың аталықтарында екі ұрық бездері болады (әрқайсысы жалғасқан түтік), ал аналықтарында аналық безі біртұтас. Ол біріккен үш түтіктен тұрады (122-сурет). Өрмекшінің аталық және аналық бездері әдетте жұп болады, кейде аналықтарында ұрық бездері соңғы жағында бүтін гонадаға біріккен. Гонадалардан әрқашан жұп жыныс тармақтары шығады да, олар құрсақтың алдыңғы жағында қосылып жыныс тесігі арқылы сыртқа ашылады. Барлық өрмекшітәрізділердің жыныс тесігі құрсақтың бірінші сегментінде ашылады. Аталықтарында әр түрлі қосымша бездері, аналықтарында ұрық қабылдағышы дамиды.

Дамуы. Өрмекшітәрізділердің арғы тегінде болған сырттай ұрықтанумен қатар, оларда іштей ұрықтануда дамып қалыптасқан. Қарапайым түрлерінде сперматофора арқылы ұрықтануы болса, күрделі құрылысты формаларында копуляция кездеседі. Сперматофор - ішінде белгілі бір мөлшерде тұқым сұйықтығы бар бөлінген аталық қапшық. Қапшықтың ішіндегі сұйықтық сперманы ауада құрғап кетуден сақтайды. Жалған құршаяндардың және кенелердің көп түрлерінің аталықтары өздерінің сперматофораларын топыраққа тастайды, ал аналықтары оны өзінің сыртқы жыныс мүшесімен іліп алады. Екеуі де сол кезде соған тән қозғалыс жасап "махаббат" биін орындайды. Өрмекшітәрізділердің көпшілігінде аталықтары сперматофораны аналық жыныс тесігіне хелицералардың көмегімен енгізеді. Кейбір түрлерінде шағылысу мүшелері болады да, сперматофоралары жойылады. Кейде копуляцияның жүруіне жыныс мүшелерінің құрамына кірмейтін дене бөліктері де қатысады. Мысалы, аталық өрмекшілердің - түрі өзгерген педипальпалары шағылыс мүшесінің қызметін атқарады.

Өрмекшілердің көбі жұмыртқа салады, ал құршаяндарда, жалған құршаяндарда және кенелердің кейбір түрлерінде тірі туу байқалады. Жұмыртқалары ірі, сарыуызға бай, сондықтан бөлінуі жарым-жартылай беткейлік жүреді. Кейіннен құрсақ жағынан көп қабатты тақта тәрізді ұрық жолағы түзіледі. Оның жоғарғы беткі қабаты эктодермадан дамыған, одан төмен, яғни тереңірек жатқан қабат - мезодермадан, ал одан ең терең қабат (сарыуызға батып жатады) энтодермадан дамыған. Ұрықтың қалған бөлігі тек эктодермамен қапталған. Ұрықтың денесі ұрық жолағынан дамиды.

Даму сатыларында ұрық денесіндегі сегменттердің саны ересек жануарларға қарағанда көбірек. Мысалы, өрмекшілердің ұрығындағы құрсақ сегменттерінің саны - 12, оның алдыңғы 4-5 сегментінде ұрықтың аяқтары болады. Одан әрі даму кезінде құрсақ сегменттері бірігеді де тұтас құрсақ құралады. Құршаяндар құрсағының алдыңғы сегменттерінде аяқтары пайда болып, олардың алдыңғы жұбы жыныс қақпақшаларын түзейді, екіншісі - ескекті мүшелерді, қалған аяқтарының дамуы өкпенің түзілуімен байланысты. Мұның барлығы Arachnida класы өкілдерінің жақсы бунақталғандығын және тек баскеудеде ғана емес, сонымен қатар құрсағында да дамыған сегменттері және аяқтары бар арғы тектерден шыққандығын көрсетеді. Өрмекшітәрізділердің дамуы тура, тек кенелерде метаморфоз немесе түр өзгеріс байқалады.

Систематикасы. Өрмекшітәрізділер класы көптеген отрядтарға бөлінеді, солардың ішінен кең тараған және маңызды отрядтарын қарастырамыз: құршаяндар -  Scorpiones, жалған құршаяндар  - Pseudoscorpiones,  қылаяқтылар Pedipalpi, пішеншілер - Opiliones, түкі бүйі немесе сольпугалар - Solifugae, өрмекшілер - Агапеі, кенелер - Асагі.

  1. Кене

Ұсақ мөлшерлі, ұзындығы 0,1-15 мм-ге дейін, денесі сегменттелмеген  және басқа өрмекшітәрізділердей баскеуде және құрсақ бөлімдеріне бөлінбеген, суда, топырақ арасында, жер бетінде өз бетімен тіршілік етеді, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктердің паразиттері болып келеді. Жырткыш кенелердің хелицералары қысқышқа айналып, кеміргіш-сорғыш ауыз аппаратын түзейді. Паразиттік тіршілік ететін түрлерінде ауыз аппараты - тесіп-сорғыш.

Тыныс алу мүшелері - трахеялар, кейбіреулерінде газ алмасуы жұқа сыртқы жабыны арқылы жүреді. Кенелер дара жыныстылар.      Кенелердің дамуында жұмыртқа, личинка, нимфа және ересек сатылары бар.    Ұн кенелері тұқымдасы - Tyroglyphidae, ұзындығы 0,5-1 мм, сопақша, жылтыр түсті. Астық, ұн сақталатын қоймаларда жиі кездесіп көп зиян келтіреді (қойма кенесі деп те аталады). Астық пен ұнды зақымдағанда оларды қоңыр ұнтаққа айналдырып және иісі шіріген заттың иісіндей, қышқыл дәмі пайда болады. Күн сайын аналығы 3-4 (кейде 60-қа дейін) жұмыртқа салады. Аса қауіпті түрлері: ұн кенесі - Acarus siro. Kүpecy шаралары: астықты немесе ұнды салқындатып, ылғалдылығын кемітіп, қоймада ауаның құрғақ болуына жағдай жасау қажет.

Ұн кенесі табиғи жағдайда орман төсеніші, құс ұясы, кеміргіштердің іні сияқты орындарда мекендейді.

Өрмекші кенелер тұқымдасы - Tetranychidae, ұзындығы 0,3-0,5 мм, қоңыр, ашық-қызыл түсті. Өрмек жібін шығарады. Өсімдіктердің жапырағын өрмек жібімен шырмап колония құрып тіршілік етеді. Қауіпті зиянкестері: кәдімгі өрмекші кене - Tetranychus urtica, жемістің қызыл кенесі - Panonychus ulmi, бактың өрмекші кенесі - Schyzotetranychus pruni.       Су кенелері - Hydrachnellidae, ұзындығы 0,3-0,5 мм, денесі дөңгелек, ашық түсті. Жыртқыштар, ұсақ су жәндіктерімен қоректенеді. Личинкалары судағы насекомдардың паразиттері. Кенелердің көбісі адамның, жануарлардың және өсімдіктердің паразиттері.   Иксодалық кенелер - Ixodidae, ұзындығы 1-10 мм, қанға тойғандарының мөлшері 15-20 мм-ге дейін.

Денесі сегментгелмеген. Аналықтарының арқа жағында қысқа, аталықтарында ұзын, денесін жауып тұратын қалқаны болады (126-сурет).

Иксодалық кенелер бруцеллез, туляремия, пироплазмоз, қайталама сүзек, энце­фалит, чума ауруларын таратушылар. Олар аурулардың қоздырғыштарын (спирохеталарды, бактерияларды, вирустарды) кемірушілерден, насеком қоректілерден, құстардан, жабайы жануарлардан өздеріне жұқтырып алып, бірнеше жыл бойы сақтап, адамды шаққаңда адамға жұқтырады. Адам мен малдар көп зиян шегеді.

Иксодалық кенелердің личинкалары ұсақ омыртқалы жануарлардың (кесірткелердің, құстардың, сүтқоректілердің) қанын сорады, ал нимфалары ірілерге шабуыл жасайды (қояндарға, тиіндерге, борша тышқандарға). Ересек түрлері адамның, ірі жануарлардың қанын сорады. Ең қауіпті өкілдері Ixodes persulcatus және I.ricinus көктем - жаз кене энцефалит ауруларын таратушылар. Табиғатта энцефалит вирусы ала тышқанда, кірпіде, cұp тышқанда, көр тышқанда және құстарда кездеседі.         Ауру тудыратын бактерияларды, вирустарды бір жануардан екінші жануарға таратушылар жұқтырады. Таратушылар қызметін кенелер, масалар, битгер, бүргелер, шіркейлер атқарады. Тасымалдаушылар арқылы тарайтын ауруларды трансмиссивті аурулар деп атайды. Оны 1936 жылы Е. Н. Павловский ашқан. Трансмиссивті аурулар қатарына кене энцефалиті, қырым қанды безгегі, бөртпе сүзек т. б. жатады.

Энцефалит, қырым геморрагиялық аурулардың табиғи ошақтары Қазақстанда - Алматы, Шығыс-Қазақстандағы орман даласы мен тау бөктеріңде кездеседі.

Аргазид кенелері - Aigasidae, ұзындығы 2-13 мм, адамның және омыртқалы жануарлардың паразиттері және ауру (спирохетоздарды кене қайталама сүзекті) таратушылары. Негізгі өкілдері Ornithodoms papillipes адамға, Argas persicus құстарға шабуыл жасайды.

Саркоптид кенелері немесе қышыма қотыр кенелері - Sarcoptidae, ұзындығы 0,1 -0,3 мм, адамның және жануарлардың терісінің астында тіршілік етіп, қышыма ауруына шалдықтырады. Негізгі өкілі қышыма кенесі - Sarcoptes scabiei (127-сурет). Ұрықтанған аналығы адамның тері қабатына өтіп, ұзындығы 3 мм-ден 2 см-ге дейін қуыс жол жасап, соған жұмыртқаларын салады. Личинкалары нимфаға айналып, теріні тесіп, бетіне шығады да, сол жерде қоректеніп, ересек түріне айналады. Ауру адамда қышыма пайда болып, денесі бөрітіп, қотыр болып, тері қабынады. Қышыма-қотыр ауру адамнан сау адамға жұғады.

Демодицид кенелері - Demodicidae, ұзындығы 0,1-0,7 мм, денесі ұзарған, адамның май бездерінде, терінің астында паразиттік тіршілік етеді, теріні қабындырып, беттің безеулігін қоздырады. Негізгі өкілі - безеу кенесі - Demodex folliculorum (127-сурет).

Бұзғынша кенелер - Tetrapodidae, ұзындығы 0,1-0,6 мм, денесі құрт тәрізді, қалқаншамен жабылған алдыңғы және ұзарған артқы бөлімнен тұрады. 1500-ге жуық түрі бар. Өсімдіктердің шырынымен қоректеніп, бұзғыншаның пайда болуына әкеліп соғады (атауы осыдан). Көпшілігі ауылшаруашылық өсімдіктерінің зиянкестері, өсімдіктің вирус ауруларының қоздырғыштарын тасымалдаушылар - бидай жолақ, мозаикасын, сарымсақ мозаикасын.

Гамазид кенелері - Gamosidae, ұзындығы 0,2-2 мм, 4000 түрі бар. Еркін тіршілік ететін және паразитті формалары да бар. Топырақта, орман төсенішінде тіршілік ететін жыртқыштар, ұсақ омырткасыздармен қоректенеді. Көптеген түрлері омыртқалылардың эктопаразиттері, қанмен қоректенеді. Мысалы, тышқан кенесі (Allodermanyssus sanguieneus). Кейбіреулері инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылар. Жыртқыш түрлерін өсімдік қоректі кенелермен күресуде қолданады.

  1. Көпаяқтылар класы – Myriapoda

Көпаяқтылардың 53000-нан астам түрі бар, басым көпшілігі құрлықта (ағаштардың, тастардың астында) тіршілік етеді, ұзындығы 1-3 мм-ден 28 см-ге дейін (тропикалық Graphidostreptus gigas), дене сегменттерінің әрқайсысында жұп немесе екі жұп аяқтары орналасқан, олардың саны әр алуан, кейде 177 жұпқа дейін (кластың аты да осыдан).

Көпаяқтылар класы төрт класс тармағына бөлінеді: симфилалар - Symphyla, пауроподалар - Pauropoda, ерінаяқтылар - Chilopoda, қосжұпаяқтылар - Diplopoda.

8. Құрылысы мен физиологиясы.

Көпаяқтылардың құрт тәрізді созылған денесі екі бөлімді: бас және тұлға. Бас бөлімі тұлғасынан айқын ажыраған, оның құрамында акрон және оған біріккен 4 сегмент (симфилаларда - Symphyla, ерінаяқтыларда - Chilopoda) немесе 3 сегменті (пауроподалыларда - Pauropoda, қосжұпаяқтыларда - Diplopoda) бар. Кейде соңғы сегменті "мойын" сегменті деп аталады. Бас құрылысының бұл ерекшелігі көпаяқтылардың белгілі бір қарапайымдылығының көрінісі. Акронда бір жұп мұртшалары немесе антенналары және жұп фасеттік көздері орналасқан. Мұртшалары кейбір шаянтәрізділердің антеннулаларына сәйкес ұзын, көп буынды, бір бұтақты, басым көпшілігінде жіп тәріздес, иіс және сипап сезу қызметін атқарады.

Акронға бірігіп қосылған 3 немесе 4 сегменттердің аяқтары, қорегін ұстау, ұсақтау, шайнау қызметіне байланысты ауыз-жақ аппаратына айналған. Бірінші интеркалярлы (ендірме) деп аталатын сегментінің аяқтары жойылған, екінші мандибулярлы сегменттің аяқтары үстіңгі жақ немесе мандибула, ішкі жағы тісшеленіп келген, қатты тақта тәрізді үшінші және төртінші сегменттерінің аяқтары астыңғы жақ және астыңғы ерін тақталарын немесе максилла I, максилла ІІ-ні түзейді. Максиллалар үш буынды: негізгі, қалақша бөлігі және буындалған жақ қалақшалары, кейбір жағдайда қалақша бөлігі және жақ қалақшалары редукцияға ұшырауы мүмкін.

Көпаяқтылардың ауыз аппаратының құрылысы әр класс тармағының өкілдерінде әр түрлі. Symphyla және Chilopoda класс тармағы өкілдерінде ауызы алдыңғы жағынан хитинделген үстіңгі ерінмен жабылған, ол түрі өзгерген аяқ емес, бастың хитин қабатының есіндісі, оның астында жоғарғы жақ - мандибула, төменгі жақ - максилла I және максилла II жатады. Diplopoda және Pauropoda класс тармағының өкілдерінде үстіңгі ерін мен күшті дамыған мандибуланың астында жалғыз жұпсыз күрделі құрылысты гнатохилярий (gnathochilarium) деп аталатын тақтасы бар. Ол төменгі жақ - максилла І-шінің өзгерген түрі. Бұларда максилла ІІ-ші дамымаған. Мойын сегментінің аяқтары редукцияланған.

Бас бөлімінен кейінгі дене немесе тұлға бөлімінің сегменттері айқын бөлінген.

Олардың саны әр түрлі: пауроподаларда - 14, симфилаларда - 18, ерінаяқтыларда - 181. Тұлғаның бір қалыпты немесе гомономды сегменттелуі тек ең қарапайым түрлерінде болады, мысалы, Chilopoda класс тармағының Pachimerium ferrugineum өкілінде, ал қалғандарының сегменттері эволюция барысында өзгеріске ұшырап саны жағынан азайған және біразының көлемі кішірейген. Бұл жағдайда, кішірейген және қалпында қалған сегменттер кезектесіп орналасады, мысалы, Diplopoda класс тармағының өкілдерінде, ал Lithobius forficatus-тың бірінші және соңғы үш сегменттері басқаларынан айрықша. Diplopoda класс тармағының өкілдерінде сегменттерінің басым көпшілігі (алғашқы төрт және "мойын" сегментінен басқа) жұптасып қосылады. Жұптасқан сегментінің әрқайсысында екі жұп аяқтары болады (класс тармақтың қосжұпаяқтылар деп аталатыны осыдан).

Көпаяқтылардың тұлға сегменттерінің біркелкі болуымен қатар, олардың аяқтарының құрылысы да ұқсас, бірнеше буыннан (6-8) тұратын және тырнақпен бітетін жүру аяқтары болады. Олардың морфологиялық және функциональдық дифференциациялануы өте сирек.

Ерінаяқтылардың бірінші сегментінің аяқтары жақаяққа айналған, олар қорегін ұстап, өлтіру қызметін атқарады. Бұл жұп аяқтардың көлемі үлкейген және біршама жуандаған негізгі буыннан тұрады, буын ұшы үшкірленіп, ілгек сияқты иіліп біткен. Аяқтың түбінде улы безі бар, оның тесігі аяқтың ұшында ашылады. Бөлінген у буынаяқтылар мен омыртқалыларға күшті әсер етеді. Мысалы, сколопендраның (Scolopendra) уы адамның қолын ісіріп жібереді. Кейбір жұп аяқтары копуляцияға қатысып, құрылысы жағынан біраз өзгерген де, олар гоноподий деп аталады.

Денесі бір қабатты гиподермальды клеткаларынан бөлінген хитинді немесе ізбест сіңген кутикуламен қапталған. Гиподермальды эпителий қабаты бір және көп клеткалы тері бездеріне бай, солардың арасында қорғаныш қызметін атқаратын бездері де бар. Олар тұлға сегменттерінің арқа жағында орналасып, әр түрлі секреттерді сыртқа бөліп шашады.    Секреттердің химиялық құрамы да әр түрлі, мысалы, Spirobolus туысының шығарған секреті улы және адамның терісін күңгірт түске бояйды, Polyzonium rosalbum - камфордың күйдіргіш дәмі мен иісі болатын сүт тәрізді сұйық шығарады, тропикалық Fontaria-ның шығаратын секретіне миндальдің ащы иісі тән және бос күйінде синиль қышқылына бай.

Ас қорыту жүйесі. Көпаяқтылардың ас қорыту жүйесі түтік тәрізді, тек артқы ішегі имек болып келеді. Аузы басының төменгі жағында, өңеш деп аталатын алдыңғы ішекке жалғасады. Ас қорыту жүйесінің алдыңғы бөлігі сілекей бездерімен байланысты. Кивсяктардың үш жұп сілекей бездері бар, олардың әрқайсысы жеке тесікпен ашылады: екі жұбы ауыз қуысына, үшіншісі гнатохилярияға. Ерінаяқтыларда эктодермальды жолмен пайда болған 3-5 жұп сілекей бездері болады. Олар да ауыз қуысына жеке тесіктер арқылы ашылады. Екінші жұп жақтарының түбіне ашылатын сілекей бездері насекомдар личинкаларының жібек беретін бездеріне ұқсайды.

Ортаңғы ішек коректі корыту және сіңіру қызметін атқарады. Артқы ішегі қысқа

Diplopoda класс тармағының өкілдері өсімдікқоректі және негізінен шіріген жапырақтарымен, өсімдік қалдықтарымен қоректенеді. Ерінаяқтылар - жыртқыштар, насекомдармен қоректенеді.

Зәр шығару жүйесі. Ортаңғы және артқы ішектің арасында ішекке бір немесе екі жұп тұйықталған ұзын мальпиги түтігі жалғасқан. Түтік эпителиінде және оның қуысында несеп қышқылы жиналады, көпаяқтыларда да насекомдардағы сияқты олар зат алмасудың қалдық өнімі болып табылады. Мальпиги түтігімен қатар зәр шығару қызметін басқа да мүшелер, мысалы, лимфа бездері атқарады. Олар мальпиги түтігінің немесе құрсақ қан тамырының не­месе құрсақ нерв тізбегінің бойында орналасқан. Бұл бездер ерімейтін заттарды ұстап және жинап, дене қуысында қалған қатты бөлшектерді сіңіреді (фагоциттейді).

Сонымен қатар, зәр шығаруға "майлы дене" деп аталатын мүше де қатысады. Көпаяқтылардың миксоцель қуысының көптеген жерлерінде клеткалардың шоғыры кездеседі. Бұл шоғырлар жұқа арнайы қабатпен қапталған. Осындай шоғырлардың жинағын "майлы дене" деп атайды. Оның клеткаларында көптеген май тамшылары және зәр қышқылының конкрециясы бар. "Майлы дене" тек қор заттарын жинаушы емес, сонымен қатар қалдық өнімдерді де (мысалы, зәр қышқылын) жинайды.

Тыныс алу жүйесі. Барлық Tracheata сияқты, көпаяқтылар тек трахея арқылы тыныс алады. Жоғарыда көрсетілгендей, трахея эктодермальды, сыртқы хитиңді кутикула жабыны дененің ішкі жағына қарай ығысып, трахея түтікшесінің шоғырын құрайды. Олар ұзына бойы және көлденең орналасқан трахея түтіктеріне айналып, олардан тарамдалған жіңішке трахеолалар әрбір клетканы, мүшені орап, оларды оттегімен қамтамасыз етеді. Трахея жүйесінің ішкі қабырғалары хитинді сақиналарымен астарлаған, сол себептен олар қабыспайды, ауа еркін өтеді. Трахея жүйесі жұп стигмалардан немесе тыныс алу тесігінен басталады. Олар тұлға сегменттерінің бүйір жағында орналасқан. Diplopoda класс тармағының өкілдерінде сегменттері жұптасып қосылғандықтан стигмалары да екі жұпты. Бұлардың сегментгерінде бір-біріне қатыссыз және тармақталмаған трахея шоғыры жұбымен жатады. Трахеядағы газ алмасу процесі бұлшықеттердің жиырылып, босаңсуы арқылы дене көлемінің өзгеруі нәтижесінде жүреді.

Қан айналу жүйесі. Көпаяқтылардың жақсы дамыған жүрегімен қоса, перифериялық қан тамырлары да бар. Жүрегі нәзік, мөлдір түтік, ішектің үстіңде тұлғаның бойымен бүкіл денесінде созылып жатады. Артқы жағы тұйық немесе екі қысқа түтікшеге жалғасқан. Жүрек, дене сегменттеріне сәйкес, камераларға бөлінген, әрбір камерада остия деп аталатын екі тесігі болады (қақпақшамен ашылып жабылатын). Diplopoda класс тармағыңда, сегменттері қосарланғандықтан жүректің бір камерасында екі жұп остиясы болады.

Жүрегі миға бағытталған бас аортасына жалғасады. Ерінаяқтылардың (Chilopoda) қан айналу жүйесі өте жақсы дамыған, миға бағытталған бас аортасынан артерия сақинасы шығып, ол ішекті айналып өтіп, құрсақ нерв тізбегінің үстінде ұзына бойы орналасқан құрсақ қан тамырына жалғасады, сондай-ақ жүректің әр камерасынан екі бүйірлік артерия шығады. Жүрек ерекше қанат тәрізді бұлшықеттердің көмегімен дененің қабырғасына бекіп тұрады. Жүректен шыққан қан тамырлары (бас аортасы, бүйірлік артериялар, қосымша артериялар) денеге тарап, кейін үзіледі де, гемолимфа (қан) дене қуысына немесе миксоцель (аралас) қуысына құйылады, яғни қан айналу жүйесі ашық. Дене қуысынан гемолимфа жүрек маңы (перикардия) қуысына өтіп, одан остия арқылы жүрекке барады. Қанаттәрізді бұлшықеттерінің жиырылу нәтижесінде жүрек камералары да жиырылып, гемолимфаны артқы жақтан алдына қарай айдайды. Құрсақ қан тамырында гемолимфа қарама-қарсы бағытта (алдыңғы жақтан артқа қарай) жылжиды.

Нерв жүйесі. Көпаяқтылардың нерв жүйесі барлық буынаяқтыларға тән жұп жұтқыншақ үсті немесе ми ганглиясынан, жұтқыншақ асты ганглиясынан, жұтқыншақ маңындағы сақина-коннективадан және құрсақ нерв тізбегінен құралған. Жұтқыншақ асты ганглиясы - құрсақ нерв тізбегінің бірінші нерв түйіні. Құрсақ нерв тізбегі метамерлі (әрбір сегментінде) орналасқан нерв ганглияларынан тұрады.

Миының гистологиялық құрылысы күрделі, сондағы антенналарға және дененің мүшелеріне нервтерді беретін ганглия жұптары күштірек дамып, оқшаулануымен ерекше, сондай-ақ интеркалярлы сегментті иннервация жасайтын нерв клеткасының жұбы бар.

Құрсақ нерв тізбегінің бірінші нерв түйіні - жұтқыншақ асты ганглия - ауыз аппаратын нервтендіреді, ал әрбір сегментінде орналасқан жұп нерв ганглиялары сол сегменттің қайсыбір нүктесіне нервтерді таратады да, сондағы пайда болған тітіркенуді қабылдап, кейін миына коннективалар арқылы жеткізеді. Diplopoda класс тармағының өкілдерінде мұндай құрылыс тек алдыңғы төрт сегментіне тән, қалған сегменттерінде бірінен соң бірі орналасқан екі жұп ганглиясы болады, бүл осы сегменттердің бір-бірімен қосылып кеткенін көрсетеді.

Сезім мүшелері. Көпаяқтылардың сезгіш түкшелеріне бай, жұп мұртшалары иіс және дәм сезу қызметін атқарады. Сонымен қатар, басының бүйір жағында антенна мен көздердің аралығында, таға тәріздес ойықтың ішінде сезгіш клеткаларының шоғыры орналасқан, олар Темешваров сезім мүшесі, атқаратын қызметі белгісіз, болжам бойынша бұлар хеморецепторлар. Бұл мүшені ми нервтендіреді.

Көптеген көпаяқтылардың көздері екі, төрт және одан да көп болуы мүмкін. Көздері басының бүйір жағында орналасқан және жай, қарапайым құрылысты. Тек, шыбынжегілерде ғана (Scutigera) басында көздерінің екі үлкен шоғыры болады, олар өте тығыз, бір-бірімен жанасып, насекомдардың күрделі фасетті көздеріне ұқсайды. Көпаяқтылардың көру қабілеті онша күшті дамымаған. Олар көлеңкелі, қараңғы жерлерді қалайды.

Жыныс жүйесі. Дара жынысты. Аталық және аналық жыныс бездері тек сирек жағдайда өзінің бастапқы жұп күйін сақтаған (кейбір пауроподаларда), көбінесе жұп емес бір ғана без түрінде. Мысалы, аталық жыныс безі қалақша, немесе жұқа ұзын түтікше түрінде, немесе 11-12 жұп кішкене бөлшектерден тұрады; бұлар бір ортақ жыныс түтікшесіне жалғасады         Көпаяқтылардың жыныс жүйесінде қосымша мүшелері болады, мысалы, аталық ұрық жолы қапшық тәрізді ұрық көпіршігімен және қосалқы бездерімен, ал аналық жұмыртқа жолы - тұқым қабылдағыш қапшығымен және бірнеше қосалкы бездермен жалғасқан.

Көпаяқтылардың ұрықтану әдістері сан алуан. Қарапайым жағдайда аталық өзі бөліп шығаратын торға ұрық сұйықтығының тамшысын немесе сперматофораны іліп қояды, кейін оны аналық алады. Кейде копуляциялану орны болады, мұндай жағдайда ұрық сұйықтығы аналықтың жыныс тесігіне аталықтың арнайы аяқтары - гоноподиялардың көмегімен құйылады.

Дамуы. Көпаяқтылардың жұмыртқалары ірі және сарыуызға бай, сондықтан бұлардың ұрықтары жұмыртқаның беткейлі бөліну нәтижесінде пайда болады.

Постэмбриональды дамуы екі түрлі жолмен жүруі мүмкін (постэмбриональды даму - бұл организмнің жұмыртқадан шыққаннан бастап жыныстық күйіне жетілгенге дейінгі даму кезеңі).

Бірінші жол, нағыз тура даму жолы, Chilopoda класс тармағының кейбір өкілдерінде кездеседі; жұмыртқадан шыққан жас жануардың тұлға сегменттері мен аяқтарының саны толық, яғни аналық организмге ұқсас болып келеді. Екінші жол - яғни анаморфозды даму жолы - ерінаяқтылар мен қосжұпаяқтыларда кездеседі. Бұл жағдайда жас жануарлардың тұлғасындағы сегменттері мен аяқтар саны толық болмайды, сегменттері мен аяқтары түлеу нәтижесінде түгел пайда болады. Олардың түзілуі тельсонның алдында жатқан өсу зонасының есебінен жүреді. Chilopoda класс тармағының анаморфозды түрлерінің ұрықтарында 12 жұп тұлға аяқтары, ал Diplopoda класс тармағының ұрықтарында үш алдыңғы жұп жүргіш аяқтары болады да, одан кейін аяқсыз сегменттер жалғасады. Бұл алтыаяқты личинка сатысы толық түрленіп дамитын насекомдардың личинкасына ұқсас.

Экологиясы. Көпаяқтылар күндізгі жарықты қаламайтын, бұтақтардың, тастардың астында тығылып түнде тіршілік ететін жануарлар. Кивсяктар өте баяу қозғалады, ал ерінаяқтылар, керісінше, шапшаң, ширақ болып келеді.

Көптеген көпаяқтылар ұрпағын сақтауға бейім. Олар жұмыртқаларын арнайы жерге немесе басқа материалдардан жасалған арнайы ұяшықтарға салады, немесе шығарған жұмыртқаларының үстінде спиралына оралып ұрық шыққанша қоректенбестен жатады.

Көпаяқтылар Қырымда, Кавказда, Орталық Азияда кең тараған. Ең ірі, ұзындығы 28 см-ге дейін, жуандығы саусақтай болатын сколопендралар мен кивсяктар тропикалық елдерде көп кездеседі.

Систематикасы. Көпаяқтылар класы 4 класс тармағына бөлінеді: симфилалар - Symphyla, пауроподалар - Pauropoda, ерінаяқтылар - Chilopoda және қосжұпаяқтылар немесе кивсяктар - Diplopoda.

 

Пайдаланған әдебиеттер 

1. К. Дәуітбаева. “Омыртқасыздар зоологиясы” Алматы 2004ж. 503-564 б.

 2. Догель В.А. Зоология беспозвоночных. М.:Высшая школа, 1981

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-07 20:26:48     Қаралды-8078

20 ҒАСЫРДЫҢ НЕГІЗГІ ӨНЕРТАБЫСТАРЫ

...

20 ғасырдың негізгі өнертабыстары, оларсыз қазіргі адам өмір сүре алмайды

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САМАУЫРДЫҢ ІШІНЕ ҚАҚ ТҰРСА

...

Cамауырдың ішіне қақ тұрса

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШАШ КҮТІМІ

...

Адамның шашы бірде түсіп, бірде шығып дегендей, ұдайы алмасып отырады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ӘЛЕМ ТУРАЛЫ СІЗ БІЛМЕГЕН 15 КЕРЕМЕТ ФАКТ

...

Біздің әлем - шексіз жұмбақ. Күн сайын сіз ол туралы көптеген жаңа нәрселерді біле аласыз!

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТАРКТИДА ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Мұз құрлығының ресми ашылған күні 1820 жылдың 28 қаңтары болып есептеледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЫЛҚЫ АТЫМЕН АТАЛАҒАН SNICKERS ШОКОЛАД БАТОНЧИК

...

Snickers - жастар арасында ең танымал батончик

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕР ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Бұл мақалада біздің жер туралы қызықты деректер талқыланады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЯҚ КИІМГЕ ДЕ КҮТІМ КЕРЕК

...

Әдетте, адамның екі аяғы бірдей бола бермейді. Көбіне оң аяқ сол аяқтан гөрі үлкенірек келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮДЕРІ БҰЙЫМДАРДЫ ТАЗАЛАУ

...

Күдерден тігілген бұйымдарды қалай тазалауға болатын тәсіл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »