UF

Тақырыбы. Остеология

  1. Тұлға қаңқасы
  2. Бас қаңқасы.
  3. Аяқ қаңқасы. 

 

Тірек - қимыл аппараты жануарлар организмдерінің кеңістікте орын ауыстыру арқылы қозғалуын, дене бөлімдерінің бір-бірімен салыстырмалы қозғалысын қамтамасыз етеді. Сондықтан, тірек-қимыл аппараты құрылысы жағынан күрделі болып келеді. Оған белгілі бір заңдылықпен байланысқан сүйектер жүйесі - скелет /қаңқа/ және бұлшық еттер жатады.

Үй жануарларының сүйектер жүйесінің құрылысын зерттейтін анатомияның үлкен бөлімін остеология деп атайды. Грек сөздері - os   - сүйек, logos - ілім деген сөздер тіркесінің баламасы. Сүйектер жүйесін -. скелет - қаңқа деп те атайды. Бұл грек сөзі ton - кеуіп, қатып қалған - деген сөздің мәнін береді.

Сонымен, сүйектер жүйесі немесе скелет - деп, бір-бірімен белгілі бір заңдылықпен байланысып жатқан қатты мүшелер - сүйектер мен шеміршектерден тұратын организм қаңқасын айтады.

Қаңқа жануарлар денесіне белгілі пішін береді. Қаңқа сүйектері бұлшық еттерге тіректік - рычагтік қызмет атқара отырып, дененің қозғалуын қамтамасыз етеді. Организмнің тіршілігін қамтамасыз ететін өте маңызды мүшелер /ми, жұлын, жүрек, өкпе, бүйрек, жатыр, қуық т.б./ үшін қатты қабырға негізін  құрып, қорғаныс қызметін іске асырады. Қаңқа механикалық қызметтермен қатар организмдегі зат алмасу процесіне де тікелей қатысады. Денедегі минералдық тұздар /фосфор, кальций т.б./ сүйектерде жинақталғандықтан, олар минералдық зат алмасуды іске асырады. Мұнымен қатар организмдегі май алмасу процесі де сүйектердің қатысуымен жүреді. Сүйектердің қызыл кемігінде қанның құрамына кіретін қызыл қан торшалары - эритроциттер, аққан торшалары – дәншелі лейкоциттер, қан пластинкалары /тромбоциттер/ жасалынады.

ТҰЛҒА ҚАҢҚАСЫ. Дәнекер, шеміршек, сүйек ұлпалары арқылы белгілі бір заңдылықпен өзара байланысқан сүйектер мен шеміршектердің жиынтығын - қаңқа - SKELETON  - деп атайды.

Сүйек негізінен сүйек ұлпасынан түзілген. Ол өзінің қаттылық қасиетінің арқасында денені қимылға келтірумен қатар, тіректік қызмет атқарады.

Сүйек сыртын сүйекқап - periosteum - қоршап жатады. Ол тығыз дәнекер ұлпасы талшықтарынан тұрады. Сүйекқаптағы ұсақ тесіктер арқылы сүйекке қан тамырлары мен жүйке талшықтары еніп, сүйектің қоректенуін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге сүйекқап қорғаныштық қызметін атқарады. Ол екі: сыртқы - талшықты тығыз данекерұлпалық және ішкі - остеобласттар қабаттарынан тұрады. Остеобласттар қабаты негізінен сүйек ұлпасын   түзетін торшалар - остеобласттардан құралған. Осы сүйек клеткаларының көбеюі және сүйек ұлпасының түзілуі нәтижесінде сүйекте жаңа қабаттар пайда болып, олар сүйектің көлденеңінен өсуін қамтамасыз етеді. Жарылған, сынған сүйектерді қалпына келтіруге ат салысатын да, осы остеобласттар.

Сүйек затының құрылысы. Сүйекті ұзына бойына жарып көрсек, оның құрылысының бірыңғай емес екендігін көруге болады. Сүйектің сырт жағы тығыз заттан түзілсе, ішкі жағында кемік заты жатады. Оның кемік заты әр түрлі бағытта орналасқан сүйек пластинкаларынан тұрады. Кемік заттағы бұл пластинкалардың түрліше орналасу тәртібі сүйекке әр түрлі беріктік қасиет береді.

Сүйектің химиялық құрамы. Сүйек құрамына органикалық және минералдық заттар кіреді. Минералдық заттарға негізінен кальций тұздары мен магнезия, көмір қышқыл және хлорлы натрий жатады. Органикалық заттар негізінен оссеиннен /белок/ тұрады. Сүйектің осындай химиялық құрамы оған қаттылық және серпімділік қасиеттерін береді.

Сүйектің пішіні. Сүйектерді пішініне қарай ұзын, қысқа, жалпақ және аралас сүйектер деп бөлуге болады.

Ұзын сүйектердің /тоқпан жілік, ортан жілік/ ерекшелігі - олардың ұзындығының ені мен жуандығынан едәуір артық болуында. Бұл сүйектер     негізінен түтік тәріздес болып келеді. Мұндай сүйектердің орта бөлігін оның денесі /диафиз/, ал екі шетіндегі шоқпар бастарын - проксимальдік және дистальдік эпифиздер дейді. Диафиз іші қуыс болып келеді, ал эпифиздері көрші сүйектермен буын арқылы байланысады.

Қысқа сүйектер /тізе, тілерсек сүйектері/ ұзындығы, ені және жуандығы шамамен бірдей болуымен сипатталады.

Жалпақ сүйектердің /жамбас, төс, жауырын/ пішіні тақта тәріздес жалпақ болып келеді.

Аралас сүйектердің /омыртқалар/ пішінінде түтік тәріздес және жалпақ сүйектердің белгілері ортақ түрде кездеседі.

Үй жануарларының қаңқасы біліктік және шеттік болып екі бөлімге бөлінеді.

1. Біліктік қаңқа  бас, мойын, тұлға және құйрық сүйектерін біріктіреді.

2. Шеттік қаңқа немесе аяқ қаңқасы    -      алдыңғы /кеуделік/ және артқы /жамбастық/ аяқ сүйектерінен құралған. Бұлар негізінен белдеу және аяқтың еркін қозғалатын бөлігі болып екіге  бөлінеді.

Белдеу қаңқасы: иық белдеуі (жауырын, бұғана, коракоид /құс тұмсық тәріздес сүйек/); жамбас белдеуі (жауырын, шоңданай, шат) бөлімдерінен тұрады.

Аяқтың еркін қозғалатын бөлігі: стилоподий (тоқпан жілік, ортан жілік),   автоподий (кеуделік аяқ басы, жамбастық аяқ басы) және зигоподийден (білек, сирақ) тұрады.

Омыртқа бағанасы – collumna vertebrale - омыртқалардың өзара байланысу нәтижесінде түзілген. Ол өзін құрайтын омыртқалардың түрлеріне сәйкес мойын, арқа, бел, құйымшақ және құйрық бөлімдерінен тұрады.

Омыртқа -   vertebra ( spondylus )  -  құрылысы жағынан аралас сүйектер қатарына жатады. Әрбір омыртқа денеден, доғадан, жұп буын, көлденең, емізікше және тақ жоталық өсінділерден тұрады.

Омыртқа доғасы оның денесімен қосылып, омыртқа тесігін -  fоramen vertebrale  -  құрайды. Омыртқа бағанасындағы барлық омыртқалардың тесіктерінің жиынтығы омыртқа өзегін – canalis vertebralis        - түзеді. Онда жұлын орналасқан.

Омыртқа денесі – corpus vertebrale – омыртқаның негізгі және тұрақты бөлігі. Егер дененің вентральдік бетінде вентральдік қыр -  crista ventralis  - болатын болса, онда оның пішіні үшбұрышты призма тәріздес, ал болмаған жағдайда ол цилиндр тәріздес болып келеді. Дененің алдыңғы жағында омыртқа басы -  caput vertebrale  қарама - қарсы тұсында оның шұңқыры – fossa vertebrale  болады.

Омыртқа доғасы -  arcus vertebrale -  дененің жоғарғы жағында  орналасады. Оның денемен байланысқан тұсында краниальдік және каудальдік ойықтар -  incisura vertebralis crаniаlis et caudalis болады. Көршілес жатқан омыртқалардың осындай сұйықтарының бірігуінің нәтижесінде омыртқааралық тесіктер -  foramen intervertebrale  - түзіледі. Бұл кескіндер арқылы жұлын мен  қан тамырлары өтеді.

Омыртқалардың бір - бірімен өзара байланысуына арналған жұп
краниальдік және каудальдік буындық өсінділері  -  processus articulalis et caudalis - доғаның алдыңғы және артқы жағында орналасады.

Жұп көлденең өсіндісі -  processus transversus  -  қабырғаларымен байланысуға арналған. Ал, омыртқа бағанасының қабырғалар жоқ бөліктерінде ол қабырғаның  рудименттерімен бірігіп, көлденең қабырғалық өсінділер -   processus costotransversarius  - түзеді.

Тақ жоталық өсінді – processus spinosus - омыртқа доғасынан дорсальдік бағытта шығады.

Кеуде омыртқаларының көлденең өсінділерінде, мойын омыртқаларының каудальдік, ал бел омыртқаларының краниальдік буындық өсінділерінде жұп емізікше өсінділері – processus mamillaris - орналасқан.

Мойын омыртқалары -  vertebrae cervicales.    Сүтқоректі жануарлардың барлығында мойын омыртқалардың саны 7-ге тең. Құрылысы жағынан 3, 4, 5 және 6-шы мойын омыртқалары бір - біріне ұқсас және пішіні жағынан қомақты келеді. Оларда қосарланған жұп көлденең қабырғалық өсінділер және осы өсінділер мен  омыртқалар денелері аралығында орналасқан көлденең тесіктері болады.

Мойын омыртқаларының ішінде алдыңғы екеуі мен соңғы жетінші омыртқалардың құрылыстарында олардың өздеріне тән көптеген айырмашылықтар кездеседі.

Бірінші мойын омыртқа /ауыз омыртқа/ -  atlas - дорсальдік және вентральдік доғалардан -  arcus dorsalis et ventralis  - тұрады. Жоталық өсіндінің орнында дорсальдік төмпешік  -  tuberculum  dorsale  - бар.

Атланттың денесіне вентральдік доға сәйкес келеді. Оның төменгі бетінде жақсы дамыған вентральдік төмпешік - tuberculum   - байқалады. Көлденең және буындық өсіңділері бірігіп, атланттың қанатын – ala atlantis – түзеді. Қанаттың вентральдік бетінде атлант шұңқыры – fossa atlantis - орналасқан. Атлант қанатының алдыңғы жағында омыртқааралық тесікпен сай арқылы байланысқан қанаттық тесік -  for.alare  - болады.

Атланттың краниальдік шетінде шүйде сүйегінің айдаршығымен, ал каудальдік жағында екінші мойын омыртқасымен буындық байланыстар түзетін, жұп краниальдік және каудальдік буындық шұңқырлар – fovea articularis et caudalis  - орналасады. Вентральдік доғаның ішкі бетінде екінші мойын омыртқасының тісше өсіндісіне арналған ойыс -  fovea dentis  - болады.

Ерекшеліктері. Жылқыға атлант қанаты жиегі дөңгелене келіп, вентральдік бағытта иілуінің нәтижесінде атлант шұңқыры терең болып келеді. Көлденең тесік қанаттың дорсальдік бетінде орналасады.

Ірі қара малда атлант қанаты қомақты болып, оның шұңқыры таза келеді. Тісше өсіндіге арналған ойыс вентральдік доғаның каудальдік жартысын алып жатады. Көлденең тесік болмайды.

Шошқада атлант қанаты жақсы жетілген, алдыңғы және артқы бұрыштары және доға тәріздес жиегімен ерекшеленеді. Вентральдік доғада тісше өсіндіге арналған терең ойық болады. Вентральдік және дорсальдік төмпешіктері жақсы дамыған.

Итте атлант қанаты жұқа, жалпақ, латеро-каудальдік бағытта созылған. Қанаттық тесіктің орнында қанаттық ойық – incisura alaris болады.
Дорсальдік доға жалпақ келеді, төмпешігі болмайды. Көлденең тесік – for.transversarium - атлант шұңқырына ашылады.

 2 – ші мойын немесе біліктік омыртқа /эпистрофей/ - axis – денесі қомақты, алдыңғы шетінде вентральдік буындық беті – facies articularis ventralis - бар тісше өсіндісімен – dens - ерекшеленеді. Омыртқаның доғасының жоталық өсіндісі қыр түрінде болып, оның каудальдік шетінде дорсальдік буынды бет - facies articularis dorcalis орналасқан.

Ерекшеліктері: Жылқыда тісше өсіндісінің  дорсальдік беті жалпақ, ал вентральдік беті шығыңқы келеді. Өте жақсы жетілген омыртқа қыры каудальдік бағытта екіге тармақталып, каудальдік буындық өсінділерімен бірігеді. Вентральдік қыр да жақсы жетілген.

Ірі қара малда тісше өсінді іші қуыс жартылай цилиндр тәрізді болып келеді. Омыртқа қыры пішіндес жалпақ сүйек түрінде болады.

 Шошқада тісше өсінді конус тәріздес. Омыртқа қыры жұқа және
ұзынша келіп, оның артқы жиегі дорсальдік бағытта көтеріліп тұрады.

 Итте тісше өсінді цилиндр пішіндес. Омырқа қыры краниальдік
бағытта тісше өсіндісінің үстіңгі деңгейіне дейін созылады, ал каудальдік бағытта ол каудальдік буындық өсінділерімен бірігіп кетеді. Омыртқааралық тесіктердің  орнына ойықтар болады.

7 - ші мойын омыртқада тек бір ғана жұп каудальдік қабырғалық ойыс – foveа costales caudales - болады. Көлденең өсіндісі сыңар және оның түбінде көлденең тесік болмайды. Жоталық өсінді басқа мойын омыртқаларға қарағанда жақсы жетілген.

Арқа омыртқаларының - vetebrae thoracales мынадай ерекше белгілері болады: I/ денесінде екі жұп қабырғалық ойыс /краниальдік және каудальдік/ -  fovea costalis cranialis et caudalis  - болады.

2/ көлденең өсінділері қабырға төмпешігіне арналған ойыстармен – fovea costalis transversalis  және  емізікше өсінділермен – processus mamillaris -  жабдықталған.

3/ буындық өсінділері нашар дамыған, негізінен омыртқа доғасында ойыстармен алмастырылған (алғашқы және соңғы омыртқалардан басқаларында/.

4/ жоталық өсінділер каудальдік бағытта жантая орналасады олардың ұзындығы омыртқаларда біркелкі емес. Жоталық өсіндісі тік болып келетін омыртқа диафрагмальдік, немесе антиклинальдік - деп аталады.

Ерекшеліктері. Жылқыда кеуде омыртқалардың саны 18 /19/. Жоталық өсінділерінің ұшы жуан, каудальдік жиектері доғал болады. Диафрагмальдік омыртқа 15 – ші краниальдік буындық өсінділері тек бірінші омыртқада жақсы білінеді, ал қалғандарында ойыс ретінде байқалады.

Ірі қара малда омыртқалардың саны 13. Каудальдік жиектері қырлы келген жалпақ жоталық өсінділері артқа қарай жантайған.

Диафрагмальдік омыртқа 13 - ші. Арқа омыртқалардың барлығында бүйірлік тесіктері – for.vertebrale laterale  -  болады.

Шошқада арқа омыртқалардың саны 14 - 15 болады. Омыртқа денесінде вентральдік қыр болмайды. Жоталық өсінділер жалпақ болып келген. Оның ұзындығы бірінші омыртқадан бастап қысқарады. Диафрагмальдік омыртқа II - ші. Көлденең өсінділердің түбінде бүйректік тесіктер болады.

Итте 13 /12/ арқа омыртқасы бар. Олардың денелерінде вентральдік қыр болмайды. Жоталық өсінділері қалыңдау және алғашқы омыртқаларда иіліп келеді. Диафрагмальдік омыртқа II - ші. Соңғы омыртқаларда буындық, емізікше және қосымша өсінділер айқын білінеді.

Бел омыртқалардың – vertebrae lumbales - өте жақсы жетілген көлденең қабырғалық, буындық, біркелкі дамыған жоталық өсінділері және денесінде тегіс келген басы мен шұңқыры болады.

Ерекшеліктері. Жылқыда бел омыртқалардың саны 6. Буындық өсінділері тегіс ойыстармен жабдықталған. Омыртқалардың денесі қысқа, онда вентральдік қыр тек алғашқыларында ғана болады.

Көлденең қабырғалық өсінділері омыртқаға көлденең бағытта орналасқан. Соңғы 2-3 омыртқалардың көлденең қабырғалық өсінділерінде бір - бірімен және құйымшақтың қанатымен байланысатын буын ойыстары бар.

Ірі қара малда 6 бел омыртқа бар. Краниальдік буындық өсіндісінің пішіні ілмек, ал каудальдік буындық өсіндісі  цилиндр тәрізді болып келеді. Вентральдік қырлары бар омыртқа денесі ұзынша келген. Жоталық өсінділері жалпақ, аласа, каудальдік омыртқааралық ойық тереңдеу болады.

Шошқада бел омыртқалардың саны 7. Краниальдік және каудальдік буындық өсінділері ірі қара мал омыртқаларына ұқсас болады. Көлденең қабырғалық өсінділері доға тәріздес. Жоталық өсінділері ұзын, емізікше өсінділері жақсы жетілген.

Итте 7 бел омыртқа бар. Буындық өсінділеріндегі ойыстар тегіс келеді.   Каудальдік буындық өсінділерінің жанында қосымша өсінділер -  processus accessorius  - болады. Көлденең қабырғалық өсінділері кранио - вентральдік бағытта жантайған, ұштары жуандау болып келеді. Жоталық жане емізікше өсінділері жақсы дамыған.

Құйымшақ омыртқалары  -  vertebrае sacrales -   бір – бірімен бірігіп, құйымшақ сүйегін - os  sacrum - түзеді. Құйымшақ -  sacrum - табаны – basis ossis sacri - краниальдік, төбесі – арех ossis sacri - каудальдік бағытта орналасқан үшбұрыш тәрізді сүйек. Оның денесі мен доғасының арасындағы омыртқалық тесік, құйымшақ өзегін -  canalis sacralis  - түзеді. Көлденең қабырғалық өсінділер өзара қосылып бүйірлік, ал жоталық өсінділер - дорсальдік қырларды - crista sacralis lateralis et dorsalis  - құрайды. Құйымшақтық краниальдік бүйірлік шетінде алғашқы екі көлденең қабырғалық өсінділердің бірігуінен түзілген құйымшақ қанаты -  ala ossis sacri  - болады. Осы қанаттың құлақ қалқаны тәрізді буын беті арқылы құйымшақ жамбас сүйегімен байланысады.

Тұтаса байланысқан құйымшақ омыртқалардың аралығында омыртқаралық тесіктер көрінеді. Олар құйьмшақтың дорсальдік бетінде дорсальдік құйымшақтық тесіктер – foramen sacralia dorsalis - ал вентральдік бетінде - жамбастық  /вентральдік/ құйымшақтық тесіктер – foramen sacralia pelvina - деп аталады. Бұл тесіктер байланысқан  омыртқалар шекарасындағы көлденең  сызықтардың -  liniae transversae  -  бойына орналасады. Бірінші құйымшақ омыртқасы денесінің көтеріліп тұрған вентральдік жиегін - мүйіс -  promotorium - дейміз.

Ерекшеліктері. Жылқыда біріккен 5 құйымшақ омыртқаларының   жоталық өсінділері толық бірікпей бөлектеніп жатады да, кейде олардың ұштары екіге айырылуы мүмкін. Құйымшақтың жамбастық беті тегіс, қанаты горизонтальдік жазықтықтың бойымен латеральдік бағытта орналасқан.

Ірі қара малда құйымшақ  5 омыртқаның бірігуінің нәтижесінде пайда болған. Оның жоталық өсінділері бір - бірімен тұтасып құйымшақ қырын түзеді. Құйымшақтың иіліп келген жамбастық бетінде ұзынша тамырлық сай орналасады. Жамбастың құйымшақтық тесіктері кеңдеу келеді.

Шошқада құйымшақ 4 омыртқадан құралған. Олардың жоталық өсінділері болмайды. Доғааралық кеңістік анағұрлым кең. Бірінші омыртқаның краниальдік буындық өсінділері ілмек тәрізді ойықтармен жабдықталған, ал каудальдіктер соңғы омыртқада ғана айқын білінеді. Құйымшақ қанаты каудолатеральдік бағытта бұрылған.

Итте құйымшақ сүйегін түзуге 3 омыртқа қатысады. Жоталық өсінділердің ұштары дараланып, ал негізі бірігіп жатады. Краниальдік буын өсінділері ойыстарымен алмастырылған.

Құйрық омыртқалары -  vertebrae caudales, s. coccygeae  -  атқаратын қызметіне байланысты жануарларда әр түрлі дәрежеде қарапайымдалып өзгереді. Жоталық өсінділер мен доғалар тек алғашқы 5 омыртқаларда сақталады. Ал, қалған омыртқаларда аталған бөліктерінің жойылып кетуі салдарынан омыртқа өзегі ашылып қалады. Соңғы омыртқаларда тек олардың денесі ғана, ал басқа бөліктерден - кішігірім төмпешіктер сақталады. Кейбір жануарлардың /иттің, күйісті жануарлардың/ алғашқы 3-5 құйрық омыртқаларында гемальдік доғалар - arcus haemalis - кездеседі. Оның өзегімен орталық құйрықтық артерия өтеді.

  Ерекшеліктері. Жылқының құйрығы қысқа, сондықтан омыртқалардың денесі де қысқа болады. Омыртқа доғасымен көлденең өсінділер омыртқаларда ғана сақталған.

Ірі қара малда құйрық омыртқалардың денесі ұзынша болып келеді де, доғалардың қалдықтары бірінші омыртқаларда айқын білінеді. Өсінділерден тек краниальдік буындық өсінділері ғана сақталған, ал көлденең өсінді жалпақ сүйек түрінде болады. Омыртқа денесінің краниальдік жағының вентральдік бетінде гемальдік өсінділер кездеседі. Олар негізінен 3 - 5 - ші омыртқаларда жақсы білініп, доға түрінде болады.

Шошқада құйрық омыртқаларының денесі алғашқы 5-6 омыртқаларда дорсовентральдік бағытта сығылған, ал қалғандары цилиндр тәрізді болады. Омыртқа доғалары алғашқы омыртқаларда жақсы сақталған. Олар каудальдік бағытта денеден шығыңқы орналасады. Гемальдік доғалары болмайды.

Итте бірінші 5 - 6 омыртқалардың барлық бөлшектері жақсы дамыған. Краниальдік және буындық өсінділерінде емізікше өсінділер орналасады. Жоталық өсінді біз тәрізді, каудальдік бағытта майысқан. Көлденең өсінділері ірі, ұзын, ұштары жуан болып келеді. Гемальдік өсінділері омыртқа денесінің краниальдік жағында орналасады.

Көкірек қуысының төбе қабырғасын арқа омыртқалары түзеді.

Қабырғалар - costales   - көкірек қуысының бүйір қабырғасын құрайтын ұзын, иілген жалпақ сүйектер. Олар өздерінің жоғарғы /омыртқалық/ ұштарымен арқа омыртқаларына, ал төменгі /төстік/ ұштарымен қабырға шеміршектері арқылы төс сүйегіне немесе қабырға доғасына байланысады. Осыған орай төс сүйегімен тікелей жалғасқан алғашқы / 7 - 8 / қабырғаларды стернальдік /нағыз/, ал қабырға доғасына жалғасқан қалған қабырғаларды - астернальдік /жалған/ қабырғалары деп атайды.

Қабырға екі бөлімнен: сүйектен және шеміршектен тұрады.

Қабырға сүйекте - os costale - денeсі – corpus costale  - және екі ұшы    /дорсальдік, вентральдік/ болады. Дорсальдік ұшында бір-бірінен мойын – collum costale - арқылы бөлінгeн қабырға басы – caput costae мен төмпешігі – tuberculum costae  - орналасады. Қабырға басының буындық беті – facies articularis capitis costae - қыр арқылы екіге ажырайды.

Қабырға төмпешігінің медиальдік бетінде омыртқаның көлденең өсіндісімен байланысатын буындық беті -  facies articularis tuberculi costae  - болады. Төмпешіктен төмен қабырға денесінің артқы жиегінде қабырға бұрышы – angulus costae   - байқалады. Қабырғаның каудомедиальдік жиегі жанынан қан тамырлары мен жүйкелерге арналған қабырға сайы – sulcus costae - өтеді.

Қабырға сүйегінің, екінші вентральдік ұшы бұдырлы болып келеді. Ол қабырға шеміршегімен жалғасады.

Қабырға шеміршектері – cartilago costae - стернальдік қабырғаларда буындық беттері арқылы төс сүйегімен байланысады. Астернальдік қабырғалардың шеміршектері вентральдік бағытта жіңішкеріп, бір-бірімен қабаттасып, соңғы қабырға сүйегімен қосылып, қабырға доғасын – arcus costarіum  - түзеді. Кейде жануарларда аспалы қабырғалар – costae fluctuans - кездеседі. Мұндай қабырғалардың дорсальдік  ұшы омыртқаларға бекітіледі де, ал вентральдік ұшы құрсақ бұлшық еттерінің арасында бос күйінде жатады.

 Ерекшеліктері: Жылқыда 18/19/ жұп қабырғалардың сегізі нағыз қабырғалар. Олар жіңішке жалпақтығы біркелкі мойны қысқа төмпешігіндегі буындық беті аздап иілген. Бірінші қабырғаның краниальдік жиегінде баспалдақты бұлшық етке арналған төмпешік – tuberculum m. scaleni - кездеседі.

Ірі қара малда қабырға саны 13 жұп /8 нағыз қабырғалар/. Кейде 14-ші жұп аспалы қабырғалар кездеседі. Бірінші қабырға тік, цилиндр тәріздес. Екінші жұптан бастап онының жұп қабырғалардың вентральдік ұштарында қабырға шеміршегімен байланысатын буын ойыстары болады. Қабырға мойны ұзын, төмпешігінде ершік тәріздес буындық беті бар, денесінің жалпақтығы біркелкі емес, қабырға бұрышы айқын көрінеді.

Шошқада 14-15 жұп қабырғалар бар. Олардың денесі иілген бұрыштары айқын білінеді. 2 – 7 - ші қабырғалардың вентральдік ұштары буындық ойыстармен жабдықталған. Қабырға төмпешігіндегі буындық беті тегіс келеді.

Итте 13 жұп қабырға болады / 9 нағыз /. Олардың денесі дөңгеленіп келіп иіліп - ұрады. Қабырға мойны ұзын, төмпешіктегі буындық беті дөңес келеді.

Төс сүйегі - sternum - көкірек қуысының вентральдік қабырғасын түзеді. Ол негізінен тұтқадан, денеден және семсер тәрізді өсіндіден тұрады.

Төс сүйегінің тұтқасы - manubrium - екінші жұп қабырға бекігенге дейінгі төс сүйегінің бөлігі. Төс сүйегінің денесі -  corpus sterni  - бір-бірімен шеміршек /жас малдарда/ немесе сүйек /кәрі малдарда/ ұлпаларының көмегімен байланысқан 5-7 жұп бөліктерден /сегменттерден/ - sternebra  - тұрады. Сегменттeрдің шекарасында қабырға шеміршектерімен жалғасатын қабырға ойығы -  incisura costalis   - орналасады.

Семсер тәрізді өсінді – processus xiphoideus - соңғы нағыз қабырғалардан кейін үшкірлене орналасып, аттас шеміршекпен – cartilago xiphoidea - аяқталады.

Ерекшеліктері. Жылқыда төс сүйегінің екі бүйірі қысыңқы келеді. Оның тұтқасы денесімен тұтаса келіп, қосымша шеміршекпен жабдықталған. Бұл шеміршекпен төс сүйегі денесінің вентральдік бетіне вентральдік қыр – crista sterni - жасай жалғасады. Төс сүйегінде 6 сегмент, 7 жұп қабырға ойықтары болады.

Семсер тәрізді өсінді болмайды. Оның орнында аттас шеміршек орналасады.

Ірі қара малда төс сүйегінің тұтқасы ұшқырлы қомақты, алдыңғы бөлігі жоғары қарай көтеріліп, денемен буын арқылы байланысады. Төс сүйегінің денесі 7 сегменттен құралған. Соңғы қабырға ойығы қосарланған. Семсер тәрізді өсінді ұзын, шеміршегі жалпақ келеді.

Шошқада төс сүйегі 6 сегменттен тұрады. Оның пішіні жалпақ, ұзынша  үшкірлі тұтқасы денесімен буын арқылы байланысқан.

Иттің төс сүйегі бір-бірімен шеміршек арқылы байланысқан  пішіні төртқырлы сегменттен тұрады. Оның дөңгелек жиекті тұтқасы мен семсер тәрізді шеміршегі мөлшері жағынан кішілеу жалпақ болып келеді.

БАС ҚАҢҚАСЫ. Бассүйек (череп) — cranium — бір-бірімен тұтаса байланысқан жалпақ сүйектерден құралған қаңқаның ең күрделі бөлігі. Бассүйек жануарлар организмі бас аумағында тіршілікке тым қажетті ми, көру, есту, иіс және дәм сезу мүшелері мен азық қорыту, тыныс алу жүйелерінің бас аумағындағы мүшелерін сыртынан қаптап, қорғаныс қызметін атқаратын ми қорабы мен ауыз және мұрын қуыстарының сүйектік негізін құрайды. Сонымен қатар, бас пен мойын бірігіп, ауырлық орталықтарының дене бөліктеріне түсуін өзгерте отырып, организмнің кеңістіктегі қозғалыс түрлеріне де әсер етеді.

Бассүйек екі бөлімнен: ми сауыты және бет бөлімінен тұрады.

Ми сауыты немесе ми қорабы (neurocranium,s. Cranium cerebrale) бөлімі мидың сыртқы сүйектік қорабын және көру, есту-тепе-теңдік мүшелерінің сүйектік негізін құрайды. Ми сауытын төрт тақ: шүйде, төбеаралық, торлы, сынаша сүйектер және төрт жұп: самай, маңдай, төбе, қанатша сүйектер құрайды.

Шүйде сүйек (затылочная кость) — os occipitale — ми сауытының артқы жөне төменгі қабырғаларын жасауға қатысады. Шүйде сүйек өз кезегінде үш бөліктен: шүйде сүйек денесінен немесе негізгі бөлік, жұп бүйірлік бөліктен және шүйде қабыршағынан тұрады. Осы аталған үш бөлік ми қорабы қуысы (cavum cranii) мен омыртқа өзегін жалғастыратын үлкен шүйде тесігін (forаmen magnum) шектейді.

Шүйде сүйек денесі немесе негізгі бөлік (pars basillaris) ми сауытының төменгі жағында орналасады. Оның алдыңғы жағы сынаша сүйек денесімен жалғасады. Аталған екі сүйек денелерінің байланысқан шекарасында ет төмпешігі (tuberculum musculare) шығып тұрады. Негізгі бөліктің екі бүйірі жырымдалған тесіктің (foramen lacerum) медиальді жиегін түзеді.

Бүйірлі бөлік (pars lаteralis) ауыз омыртқа — атлантпен байланысып, қарапайым қос білікті шүйде-атлант буынын құрайды. Бүйірлі бөлік шүйде айдаршығынан (condylus occipitalis ) және мойындырық өсіндісінен (processus jugularis) құралған. Осы екеуінің аралығында мойындырық ойығы (incisura jugularis) болады. Шүйде айдаршықтарының негізгі бөлікпен жалғасқан төменгі бетіндегі вентральды айдаршықтарының (fossa condylaris ventralis) түбінде тіласты жүйке өзегі (canalis n. hypoglossi) орналасады. Айдаршықтың жоғарғы жағында дорсальды айдаршық шұңқыры (fossa condylaris dorsalis) болады.

Шүйде қабыршағы (squama occipitalis) бүйірлік бөліктер мен үлкен шүйде тесігінің жоғарғы жағында жатқан шүйде сүйектің жалпақ бөлігі. Оның сыртқы беті желке қыры (crista nuchae) арқылы желке және төбе бөліктерге бөлінеді. Желке бөлігінде сыртқы және ішкі шүйде дөңестері (protuberantia occipitalis externa et interna) көрінеді. Төбе бөлігінің жоғарғы қыры сыртқы сагиттальды қырмен (crista sagittalis externa) жалғасады.

Ерекшеліктері: Жылқыда шүйде сүйек денесінің пішіні цилиндр тәрізді, мойындырық өсіндісі тік болады. Желке қыры айқын білінеді. Сыртқы шүйде дөңесінен төмен желке шұңқыры орналасады.

Сиырда мойындырық өсіндісі қысқа және медиальды бағытта иілген. Жырымдалған тесіктің каудальды бөлігінен жеке мойындырық тесігі (foramen jugulare) қалыптасып, бөлініп тұрады. Тіласты жүйкесі өзегінің тесігі қосарланған екі тесіктен құралған. Желке қырының орнында желке сызығы болады. Сыртқы шүйде дөңесі нашар жетілген.

Қойда сыртқы шүйде дөңесі жақсы жетілген. Тіласты жүйкесінің өзегі жеке тесіктен басталады.

Шошқада мойындырық өсіндісі өте ұзын және вентральды бағытта тік орналасқан. Шүйде қабыршағының пішіні үшбұрышты, оның вентральды жиегі үлкен шүйде тесігін шектеуге қатысады. Сыртқы шүйде дөңесі болмайды. Қартайған қабан мен мегежіннің шүйде қабыршағында қуысты қойнау пайда болады.

Итте мойындырық өсіндісі қысқа болады. Шүйде қабыршағы үлкен шүйде тесігінің дорсальды жиегін жасауға катысады. Шүйде қабыршағында жүп желке төмпешігі (tuberculum nuchale) орналасқан. Желке қыры айқын білінеді. Шүйде қабыршағының төбе бөлігі арқылы сыртқы сагиттальды қыр өтеді.

Сынаша сүйек (клиновидная кость) — os sphenoidale — денеден, жұп самай және жұп көздік қанаттар мен жұп қанатша өсіндіден құралған. Сынаша сүйек денесі (corpus sphenoidale) өз кезегінде бір-бірімен тұтаса байланысқан екі сүйектік бөліктен: артқы — негізгі сынаша (os basisphenoidale), алдыңғы — сынашаалды (osesphenoidale) бөліктерден құралған.

Негізгі сынаша сүйек шүйде сүйек денесімен шектесіп, ет төмпешігін құрайды. Оның мимен жанасатын ішкі дорсальды бетінде түрік ершігі (sella turcica) атты құрылым орналасады. Түрік ершігінің орта тұсында гипофиз шұңқыр (fossa hypophysis) болады. Ол алдыңғы жағынан ершік төмпешігімен (tuberculum selle), ал артқы жағынан ершік арқалығымен (dorsum selle) шектелген. Түрік ершігінің алдыңғы бетіндегі қиылыс сайы (sulcus chiasmatis) сынаша сүйек денесінің бүйіріндегі көру жүйкесі өзегімен (canalis opticus) жалғасады. Сынаша сүйек денесі негізгі бөлігінің оң және сол бүйірлерінен, оң және сол самай сүйектерімен жалғасып жататын жұп самай қанаты (ala temporalis) шығады. Олар ортаңғы бассүйек шұңқырын (fossa cranii medialis) жасауға қатысады. Сынаша сүйек денесі негізгі бөлігінің оң және сол самай қанаттарының каудальды жиектері жырымдалған тесіктерді шектеуге қатысады. Самай қанаттарының ішкі беттерінде мидың аттас бөліктерімен жанасатын алмұртша шүңқырлар (fоssa piriformis) болады. Сынаша сүйек денесі негізгі бөлігінің екі бүйір бетінен вентральды бағытта оң және сол қанатша өсінділер (processus pterygoideus) шығады. Олар латеральды бағытта таңдай, медиальды бағытта қанатша сүйектермен жалғасып жатады. Қанатша өсінділердің алдыңғы жиектеріне жақын жатқан қанатша қыр (crista pterygoidea) болады. Аталған қырдың алдыңғы бетінде үш тесік көрінеді. Олар: көру өзегі (canalis opticus). көздік саңылау (fissura orbitalis) және дөңгелек тесік (foramen rotundum). Қанатша қыр сынаша сүйектің көздік қанатындағы көздік қырмен жалғасып, көздік-қанатша қырды (crista orbitosphenoidalis) түзеді. Сынаша сүйек денесі сынашаалды бөлігінің екі бүйірінен краниодорсальды бағытта жұп: оң және сол көздік қанат (ala orbitalis) шығады. Көздік қанат көздіктің (көз шарасының) медиальды қабырғасын құрайды. Көздік қанат пен маңдай сүйектің көздік бөлігі аралығында, көру езегінен жоғарырақ орналасқан торлы тесік (foramen ethmoidale) көрінеді. Сынашаалды сүйек денесінің алдыңғы бөлігінде сынаша қойнауы (sinus sphenoidalis) болады. Бұл қойнаудың қуысы орталық перделікпен екіге бөлініп, көршілес жатқан сүйектердің қуыстарымен жалғасады.

Сынашаалды сүйек денесінің мимен жанасатын ішкі бетінің алдыңғы жағында, әтеш айдарының (crista galli) негізін түзетін сынаша тұмсық (rostrum sphenoidale) көрінеді. Ал сынаша сүйек денесінің каудальды жағымен қиылыс сайы өтеді.

Сынашаалды сүйек денесі екі бүйірінің оң және сол жағында, краниодорсальды бағытта жатқан көздік қанат — көздіктің медиальды қабырғасы мен ми сауыты ішкі бетінің алдыңғы бассүйек шұңқырын (fossa cranii rostralis) кұрауға қатысады.

Қанатша сүйек (крыловидная кость) — os pterygoideum — жұқа тақташа тәрізді жұп сүйек. Ол сынаша сүйектің қанатша өсіндісі мен таңдай сүйектің тік тақташасына жабысып тұрады. Шошқада қанатша сүйек пен сынаша сүйектің қанатша өсіндісінің артқы жағында қанатша шұңқыр (fossa pterygoidea) болады. Қанатша сүйектің төменгі жиегі ілмектеніп тұрғандықтан, оны қанатша ілмегі (hamuius pterygoideus) — деп атайды. Әр түрлі жануарлар қанатша сүйегінің құрылысындағы ерекшеліктер, негізінен оның пішініне байланысты. Сиыр мен ұсақ малдарда қанатша сүйек ұзын және жалпақ, жылқыда жіңішке және ұзын, шошқа мен итте қысқа және жалпақ болып келеді.

Самай сүйек (височная кость) — os temporale — ми сауытының екі жақ бүйір қабырғасын және артқы бассүйек шүңқырын, тепе-теңдік және есту мүшелерінің қаңқасын жасауға қатысады. Самай сүйектің артқы жиегі шүйде сүйекпен, дорсальды жиегі төбе және маңдай сүйектермен, алдыңғы жағы сынаша және бет сүйектермен, ал төменгі жиегі тіласты және төменгі жақ сүйектерімен шектеседі. Ол үш бөліктен: қабыршақтық, дабылдық және тастық бөліктерден құралған.

Самай сүйектің кабыршақтық бөлігі (pars squmosa) төбе сүйекке жалғасып, самай шұңқырының (fossa temporalis) ішкі қабырғасын құрайтын жалпақ сүйек. Оның сыртқы самай бетінде (facies temporalis) самай бұлшық еті орналасады. Қабыршақтық бөліктің дорсальды төбе жиегінің (margo parietalis) артқы жағы шүйде өсіндісіне (processus occipitalis), ал алдыңғы шеті сынаша жиекке (margo sphenoidalis) жалғасады. Шүйде өсіндісінен вентральды бағытта сыртқы есту жолы тұсында, тастық-дабыл өсіндісі (processus purpotympanicus) ажырайды. Аталған өсінділер аралығында дабыл ойығы (incisura tympanica) жатады. Шүйде өсіндісінің медиальды бетінде және тастық бөліктің емізікше өсінділері мен төбе сүйегі аралығында самай жолы (meatus temporalis) орналасады. Бұл бөліктен шығатын бет өсіндісі (processus zygomaticus) алдымен латеральды, одан соң, краниальды бағытқа бұрылып, бет сүйектің самай өсіндісімен (processus temporalis) қосылып, самай шұңқырының сыртқы қабырғасын шектейтін бет доғасын (arcuszygomaticus) құрайды. Оның дорсальды жиегі өткір қырлы болып келеді. Сондықтан, оны самай қыры (crista temporalis) — деп атайды. Бет өсіндісінің вентральды бетінде төменгі жақ сүйекпен буынды байланыс түзетін буын төмпешігі (tuberculum articularis) бар. Оның артқы жағында төменгі жақ шұңқыры (fossamandibularis) орналасады. Осы шұңқыр мен есту жолы аралығында самай жолына қарай өтетін буынарты тесігі (foramenretroarticularis) көрінеді. Итте буын төмпешігінің орнында буын сайы болады. Ұсақ малдар мен шошқада қабыршақтық бөліктің ми жағындағы бетінде желілік қыр көрінеді.

Самай сүйектің дабылдық бөлігі (pars tympanica) сыртқы есту жолы (meatus acusticus externus) мен іші қуыс дабыл сүйектен тұрады.

Сыртқы есту жолы буын төмпешігінің артқы жағында орналасады. Оның кіреберіс тесігі самай қырынан сәл төменірек орналасады. Есту жолының ішкі бетінде дабыл жарғағы бекитін дабыл сақинасы болады. Есту жолы түбінің артқы жағында тіласты сүйекпен байланысатын бізше өсінді (processus stiloideus) шығып тұрады. Бізше өсінді мен емізікше өсіндінің (processus mastodeus) аралығында бізше-емізікше тесік (foramen stylomastoideus) көрінеді. Бұл тесік арқылы бет жүйкесі шығады.

Дабыл сүйек (nulla tympanica) мойындырық өсіндісінің алдында, шүйде сүйек денесінің латеральды жағында, тастық бөліктің төменгі бетін ала орналасқан қуысты сүйек. Оның алдыңғы төменгі жағында ет өсіндісі (processus muscularis) шығып тұрады. Осы өсіндінің медиальды жағында ет-түтік өзегінің (canalis musculotubarius) тесігін көруге болады. Ет-түтік өзегі ішіндегі ұзынынан өтетін перде (septum canalis musculotubarius) аталған өзекті өз кезегінде бірнеше өзектерге бөледі. Олар: таңдай шымылдығын кергіш бұлшық еттің жарты айшықгы өзегі (semicanalis m. tensoris veli palatini) және есту түтігінің жарты айшықты өзегі (semicanalis tubae auditivae). Бұлардың біріншісі арқылы аталған бұлшық еттің сіңірі өтеді, ал екінші өзек жұтқыншақтың қуысын дабыл сүйегі қуысымен жалғастырып тұрады.

Есту түтігінің сыртқы жағымен кіші тастық жүйкенің өзегі (canalis. рetrosi minoris), ал ішкі жағымен үлкен тастық жүйкенің өзегі (canalis n. petrosi majoris) өтеді. Бұлармен қатар, ет өсіндісі мен сыртқы есту жолы аралығында "дабылдық желі" атты жүйке өтетін өзекше (canalicus chordae timpani) көрінеді.

Самай сүйектің тастық бөлігі (pars petrosum) есту-тепе-теңдік мүшесінің қаңқасын құрайды. Ол самай сүйектің дорсо-медиальды бөлігін құрайды. Тастық бөліктің сыртында самай сүйектің қабыршақтық және дабылдық бөліктері орналасады. Тастық бөліктің емізікше өсіндісі (processus mastoideus) дабылдық бөлік пен шүйде сүйектің мойындырық өсіндісі аралығында орын тепкен. Емізікше өсінді, әсіресе, жылқыда жақсы жетілген. Тастық бөліктің ішкі медиальды бетінде ішкі есту жолына (meatus acusticus internus) апаратын ішкі есту жолының тесігі (porus acusticus internus) айқын көрінеді. Оның жоғарғы жағында, ми қорабының ішкі бетінде мишық шұңқыры (fossa cerebelli) көрінеді.

Ішкі есту жолының қуысында екі тесік болады. Олардың алдыңғы тесігі — ми жүйкелерінің VII жұбы бет жүйкесі өтетін өзекке, ал артқы тесігі — ми жүйкелерінің VIII жұбы есту-тепе-теңдік жүйкесі өтетін өзекке апарады. Бет өзегі (canalis facialis) бізше-емізікше тесігі арқылы сыртқа ашылады. Бет өзегінің ішкі қуысынан дабылдық желі өзекшесі (canalicus chordae tympani) бастау алады.

Ішкі есту жолынан каудальды бағытта екі тесік ажырайды, олардың жоғарғы тесігі — кіреберістік су құбырының сыртқы тесігі (apertura externa aquaeductus vestibuli) де, ал төменгі тесігі — ұлу өзекшесінің сыртқы тесігі (apertura externa aquaeductus cochleae).

Самай сүйек тастық бөлігінің ішкі бетімен жоғарыдан төмен қарай өтетін тастық бөлік қыры (crista partis petrosae) ми қорабы қуысының ішіне қарай еніп, үлкен ми және ромб тәрізді ми бөлімдері орналасқан, бассүйектің ми қорабы шүңқырларын бір-бірінен бөліп тұрады. Тастық бөліктің ішкі бетінде ми жүйкелерінің VIII жұбы есту-тепе-теңдік жүйкесі өтетін ішкі есту жолы (meatus acusticus internus) көрінеді.

Төбеаралық сүйек (межтеменная кость) — os interparietale — тек жас төлдерде анық көрінеді. Ол сақа жануарларда шүйде және төбе сүйектермен тұтаса байланысып кетеді. Жылқы мен итте төбеаралық сүйектің ішкі бетінде ми қорабы қуысының ішіне қарай шығып тұратын желілік өсінді (processus tentorius) болады.

Төбе сүйектің (теменная кость) — оs parietale — алдыңғы жағы маңдай сүйекпен, артқы беті шүйде және төбеаралық сүйектермен, латеральды жиегі самай сүйекпен шектесіп, ми қорабының төбесін және самай шұңқырының ішкі қабырғасын жасауға қатысатын, пішіні жалпақ келген жұп сүйек. Мүйізді жануарларда маңдай сүйектің мүйіз өсінділері күшті жетіліп, ми қорабы төбесін толық алып жатады. Осыған байланысты бұл жануарларда төбе сүйек шүйде қабыршағының желке бөлігі мен самайға қарай ығыса орналасады да, желке тақташасы (planum nuchale) — деп аталады.

Маңдай сүйек (лобная кость) — оs frontale — ми сауытының маңдай бөлігін құрайтын жұп сүйек. Ол орналасу орындарына сәйкес үш бөліктен: маңдай қабыршағы, көздік және мұрын бөліктерінен тұрады. Маңдай сүйектің алдыңғы жағы мұрын және көзжасы сүйектерімен, оның бүйір жиектері таңдай, сынаша және самай сүйектерімен, алдыңғы ішкі және төменгі шеті торлы сүйекпен, ал артқы жағы төбе және төбеаралық сүйектермен шектеседі. Маңдай сүйектің көздік бөлігінде көздікүсті тесік (foramensupraorbitalis) болады. Мүйізді жануарларда бұл сүйектің маңдай қабыршағы бөлігінен мүйіз өсіндісі (processus cornualis) шығып тұрады. Маңдай сүйектің сыртқы және ішкі тақташаларының аралығындағы қуысты маңдай қойнауы (sinus frontаlis) — деп атайды.

Маңдай қабыршағы (squama frontalis) маңдай сүйектің ең жалпақ бөлігі. Оның мұрындық жиегі жылқыда үшкірленіп мұрын сүйекке, ал басқа үй жануарларында мұрын мен көзжасы сүйектері аралықтарына еніп тұрады.

Сиырдың маңдай қабыршағында мүйіз өсінділері болады.  Олардың пішіні мал тұқымына байланысты. Оң және сол мүйіз өсінділері арасында, оларды өзара жалғастырып тұратын мүйізаралық қыр (crista intercornualis) болады. Мүйіз өсіндісінің жіңішкеріп келіп, маңдай қабыршағына бекитін жерін мүйіз өсіндісінің мойны (collum processus cornalis), ал мойыннан жоғары жатқан оның қалған бұдырлы бөлігін мүйіз өсіндісінің тәжі (corona processus cornualis) — деп атайды.

Оң және сол маңдай қабыршақтары бір-бірімен сагиттальды жиектер (margo sagittalis) арқылы байланысып, маңдай жігін кұрайды. Маңдай жігінің ішкі бетіндегі маңдай қыры (crista frontalis) ростральды (алдыңғы) бағытта әтеш айдарына жалғасады.

Сыртқы бүйірге қарай бағытталған маңдай қабыршағының бет өсіндісі  қабыршақтың сыртқы латеральды жиегін көздің үсті және төбе бөліктеріне бөледі.

Маңдай қабыршағының көздіңүсті жиегіне (margo supraorbitalis) жақын жатқан көздікүсті тесігін (foramen supraorbitalis) көруге болады. Аталған тесік жылқыда бет өсіндісінің мандай қабыршағынан шығатын жерінде орналасады. Сиырда бұл тесік қатарынан жатқан екі тесіктен тұрады. Көздікүсті тесік арқылы тамырлар мен жүйкелер өтеді. Ал маңдай қабыршағының төбе жиегі (margo parіetalis) самай сызығымен жалғасып кетеді.

Маңдай қойнауы ішкі жағынан сагиттальды және көптеген көлденең сүйектік перделермен бөліктерге бөлінеді.

Ерекшеліктері. Жылқыда маңдай қойнауының қуысы мұрын қуысындағы дорсальды мұрын кеуілжірі қойнауымен жалғасып, маңдай-кеуілжір қойнауын (sinus conchofontalis) түзеді. Маңдай қабыршағы ішкі тақташасының торлы жиегі (margo ethmoidalis) арқылы торлы сүйекпен байланысады.

Сиыр мен шошқада маңдай қойнауының қуысы шекаралас жатқан төбе, самай, шүйде сүйектер қойнауларымен жалғасып жатады. Ол алдыңғы жағындағы тесік арқылы мұрын қуысымен де жалғасады.

Маңдай сүйектің бет өсіндісі жылқыда, сиырда және ұсақ малдарда бет доғасымен жалғасады. Ал шошқа мен итте ол бет доғасына жетпейді. Онымен тек көздік байлам (ligamentun orbitale) арқылы жалғасады. Бет өсіндісінің ішкі бетінде көзжасы безінің шұңқыры (fossa glandulae lacrimalis) болады.

Маңдай сүйектің көздік бөлігі (pаrs orbitalis) көздіктің (көз шарасының, аңғалақтың) ішкі (медиальды) қабырғасын түзеді. Маңдай сүйектің көздік бөлігінде торлы тесік (foramen ethmoidale) орналасады.

Маңдай сүйектің мұрын бөлігі (pars nasalis) мұрын сүйектен бірге мұрын қуысының дорсокаудальды төбесін құрайды. Оның сыртқы мұрын және ішкі торлы жиектері аралығында маңдай қойнауының тесігі (apertura sinuum frontalium) болады. Торлы жиектен төменірек сагиттальды сызықтық бойында мұрын перделігін (septum nasi) жасауға қатысатын перделік өсінді (processus septalis) шығып тұрады. Перделік өсіндінің артқы жағы ми қуысындағы әтеш айдарына жалғасады.

Торлы сүйек (решетчатая кость) — os ethmoidale   — ми сауытының алдыңғы қабырғасын түзіп, ми қорабы қуысын мұрын қуысынан бөліп тұратын шекаралық сүйек. Торлы сүйек үш түрлі жұқа сүйек тақташадан (тесікті, перпендикулалы, көздік) және екі түрлі торлы шытырманнан (ішкі иірмектерден, сыртқы иірмектерден) тұрады.

Тесікті тақташа (lamina cribosa) ми сауытының алдыңғы қабырғасын жасауға қатысады. Оның тым ұсақ көптеген тесіктері арқылы мұрын қуысынан иіс жүйкесінің талшықтары ми қорабы қуысындағы иіс миы баданасына өтеді. Бұл тақташаның бүйір бетінен торлы артерия өтетін торлы тесік көрінеді. Тесікті тақташаның ми қуысы бетінде иіс баданалары орналасатын жұп терең иіс шұңқыры болады. Иіс шұңқырларын бір-бірінен орталық сызық бойымен әтеш айдары бөліп тұрады.

Перпендикулалы тақташа (lamina perpendicularis) мұрын қуысының орталық жазықтығы бойымен тесікті тақташаға тік бұрыш жасай орналасады. Оның алдыңғы жағы мұрын перделігіне, ал артқы жағы әтеш айдарына жалғасады.

Перпендикулалы тақташаның дорсальды және вентральды жиектері оң және сол жаққа қарай ажырап, олардың дорсальды жиектері желілік тақташаны (lamina tecoria), ал вентральды жиектері негіздік тақташаны (lamina basalis) құрайды. Желілік тақташа торлы шытырманның төбесін, негіздік тақташа оның түбін құрауға қатысады. Осы аталған екі тақташа перпендикулалы тақташаны көздік тақташамен жалғастырады.

Көздік тақташа (lamina orbitalis) — торлы шытырманның сыртқы бүйір қабырғаларын құрайтын қағаз тәрізді тым жұқа сүйек тақташа. Оның жоғарғы және төменгі жиектері тесікті және перпендикулалы тақташалармен тұтаса байланысып жатады.

Торлы шытырман перпендикулалы және көздік тақташалар аралығында орналасқан. Ол түтік тәрізді иіріліп жатқан тым жұқа сүйек тақташалары иірмектерінен құралған. Мөлшері мен орналасу орындарына байланысты олар екіге: ірі ішкі иірмектер (эндотурбиналиялар) және майда сыртқы иірмектер (эктотурбиналиялар) болып бөлінеді. Жылқыда ішкі иірмектердің саны — 6, сыртқы иірмектер — 25; сиыр мен ұсақ малдарда — 5 және 18; шошқада — 7 және 18-20; итте — 4 және 6.

Бассүйектің бет бөлімі (cranium viscerale, s. splanchnocranium ) сүйектері ауыз және мұрын қуыстары мен сезім мүшелерінің сүйектік кабырғаларының негізін құрайды. Бет бөлімі сүйектеріне: жұп —- мұрын, көзжасы, бет, таңдай, тұмсық, төменгі жақ, жоғарғы жақ, мұрын кеуілжірі және тақ — соқаша, тіласты, танау (шошқада) сүйектері жатады.

Мұрын сүйек (носовая кость) — os nasale — мұрын қуысының төбесін құрайтын жалпақ сүйек. Оның ішкі бетіндегі (facies interna) торлы қырға (crista ethmoidalis ) дорсальды мұрын кеуілжірі бекиді. Ал мұрын сүйектің сыртқы   беті (facies externa) дөңес болып келеді. Бұл сүйектің артқы жиегі маңдай сүйекпен, сыртқы бүйір жағы жоғарғы жақ және тұмсық сүйекпен, төменгі жиегі торлы сүйекпен, медиальды шеті аттас мұрын сүйекпен байланысып, мұрын қуысының сүйектік қабырғасы негізін түзуге қатысады. Мұрын сүйектің артқы жиегі жылқыда дөңгеленіп келеді. Ал оның алдыңғы шеті жылқы мен шошқада сүйір болып келеді,  қалған жануарларда екі айырылып тұрады.

Көзжасы сүйегі (слезная кость) — os lacrimale —- бір-бірімен тік бұрыш жасай орналасқан бет және көздік бөліктерден құралған. Бет бөлігі (facies faciаlis) маңдай және мұрын сүйектерімен байланысып, мұрын қуысының бүйір қабырғасын түзуге қатысады. Көздік бөлігі (facies orbitalis) көз шарасының (аңғалақтың) ойыс келген төменгі алдыңғы қабырғасын құрайды. Бұл бөлікте көзжасы қапшығының шұңқыры (fossa sacci lacrimalis) орналасады. Көздік бөлікте көзжасы қапшығын көзжасы өзегімен (canalis lacrimalis) жалғастыратын көзжасы тесігі (foramen lacrimale) жақсы көрінеді.

Көзжасы сүйегі жылқыда каудальды жоғарғы жақ қойнауын (sinus maxillaris caudalis), сиырда көзжасы қойнауынан (sinus lacrimalis), шошқада латеральды ростральды маңдай қойнауын (sinus frontalis rostralis lateralis), ұсақ малдарда латеральды маңдай қойнауын (sinus frontalis lateralis) жасауға қатысады.

Жоғарғы жақ сүйек (верхнечелюстная кость) — mахіllа — мұрын қуысының бүйір қабырғасы мен ауыз қуысының төбесін кұрайды. Оның алдыңғы жағы тұмсық сүйекпен, артқы жиегі торлы, таңдай, бет, көзжасы сүйектерімен, ішкі жағы сопақша сүйекпен, вентральды жиегі мұрын кеуілжірі сүйектерімен шектеседі. Жоғарғы жақ сүйек денеден, таңдай өсіндісінен және қанат таңдай, беттік, мұрын беттерінен тұрады.

Жоғарғы жақ сүйек денесінің (corpus maxillae) төменгі бетінде азу тістер ұялары (альвеолалары) (alveoli dentalis) орналасқан тісті жиек (margo alveolaris) болады. Жоғарғы жақ сүйектің денесі артқы бағытта жоғарғы жақ сүйегі төмпегімен (tuber maxillae) аяқталады. Тіс ұяларын бір-бірінен жұқа сүйек тақташалардан тұратын алъвеолалараралық перделер (septa interalveolaria) бөліп тұрады. Тіс ұялары жоқ жоғарғы жақ сүйектің жиегі аьвеолалараралық жиек (margo interalveolaris) — деп аталады.

Жоғарғы жақ сүйектің қанат-таңдай беті (facies pterygopalatinus) қанат-тандай шұңқырын жасауға қатысады. Бұл шұңқырдағы каудальды таңдай тесігінен (foramen palatini caudale) үлкен таңдай өзегі (canalis palatinus major), жоғарғы жақ тесігінен (foramen maxillare) көздікасты өзегі (canalis infoaorbitalis), сына-таңдай тесігінен (foramen sphenopalatinum) сына-таңдай өзегі (canalis sphenopalatinus) басталады. Сына-таңдай өзегі мұрын қуысына барып ашылады. Көздікасты өзегі көзасты мұрын бөлігінің сыртқы бетіндегі көздікасты тесігімен (foramen infraorbitalis) аяқталады.

Таңдай өсіндісі (processus palatinus) жоғарғы жақ сүйек денесінен медиальды бағытта шығып, қарсы жақтағы жоғарғы жақ сүйектің аттас өсіндісімен жік арқылы байланысып, сондай-ақ, таңдай сүйектің горизонтальды тақташасымен және тұмсық сүйектің таңдай өсіндісімен қосылып, ауыз қуысын мұрын қуысынан ажыратып бөліп тұратын сүйек таңдайды (palatum osseum) құрайды. Сүйек таңдай қатты таңдайдың сүйектік негізін құрайды.

Жоғарғы жақ сүйек денесінен орталық жікке қарай бағытталған таңдай өсіндісінің сыртқы бетінде, сына-таңдай шұңқырындағы артқы таңдай тесігінен (foramen palatinum caudale) басталатын таңдай өзегі (canalis palatinus) орналасқан. Тандай өзегі ауыз қуысының төбесі — сүйек тандайдың төменгі бетіндегі үлкен таңдай тесігіне (foramen palatinum majus) ашылады. Үлкен таңдай тесігі жылқы мен итте жоғарғы жақ сүйектің таңдай өсіндісі мен таңдай сүйегінің горизонтальды тақташасының шектескен жерінде, сиыр мен ұсақ малдарда горизонтальды тақташаның сыртқы бетінде, шошқада жоғарғы жақ сүйек таңдай өсіндісінің каудальды шетінде көрінеді.

Мұрын қуысының ішкі бетіндегі жоғарғы жақ сүйектің аттас екі таңдай өсінділерінің бір-бірімен шектескен тұсында, соқаша сүйек бекитін мұрын қыры (crista nasalis) болады.

Сиырда жоғарғы жақ сүйектің таңдай өсінділерінде таңдай қойнауы () болады. Ол сынаша сүйек қойнауымен жалғасып жатады. Басқа жануарларда аталған қойнау болмайды.

Жоғарғы жақ сүйектің бет жағында (facies facialis) сиыр мен ұсақмалдарда бет төмпегі (tuber facialis), жылқы мен шошқада бет қыры (crista facialis) болады. Оның жоғарғы жағында көздікасты өзектің тесігі көрінеді. Көздікасты өзектен күрек және азу тістерге қан тамырлары мен жүйкелерді өткізетін альвеолалық өзектер (canales alveolares) таралады

Жоғарғы жақ сүйектің мұрын қуысына қараған бетін мұрын беті (facies nasalis) дейді. Аталған бетте вентральды мұрын кеуілжірі бекитін кеуілжір қыры (crista conchalis) болады. Жоғарғы жақ сүйектің сыртқы беті және ішкі мұрын тақташаларының арасындағы қуысты жоғарғы жақ сүйек қойнауы (sinus maxillaris) немесе Гаймор қойнауы — деп атайды.

Дорсальды және вентральды мұрын кеуілжірлері (дорсальные и вент-ральные носовые раковины) — conchae nasalis dorsalis et ventralis— мұрын қуысының оң және сол бүйір қабырғаларында орналасқан, оралымдар түзетін тым жұқа сүйек тақташалардан тұратын жұп сүйек. Дорсальды кеуілжір мұрын сүйек қыры мен торлы сүйекке, ал вентралды кеуілжір жоғарғы жақ сүйек қырына бекиді. Бұл сүйектердің әр түрлі жануарларда түрліше пішінде оралымдар түзуі жануарлар тіршілігіне сәйкес мұрын қуысы кілегейлі қабығының ауамен жанасу ауданын әр түрлі деңгейде ұлғайтады.

Соқаша сүйек (сошник) — vomer — пішіні соқаға ұқсас, ұзынша келген тақ сүйек. Ол өзінің қанатымен (ala vomeris) каудальды бағытта сынаша сүйектің денесімен, ал краниальды ұшымен мұрын қуысы түбіндегі қырға жалғасады. Соқаша сүйектің дорсальды сайында мұрын қуысын екіге бөлетін шеміршекті перде орналасады. Соқаша сүйек мұрын қуысының шығаберіс тесігі - хоана тесігін тең екі тесікке бөледі.

Тұмсық сүйек немесе кескіш сүйек (резцовая кость) — os incisіvum — жоғарғы жақ сүйектің алдында орналасқан жұп сүйек. Ол сүйек денесінен, мұрын және таңдай өсінділерінен тұрады. Кескіш сүйек денесінде күрек тістер орналасатын тісті жиек болады. Оның тіс ұялары жоқ жерін тіссіз жиектер — деп атайды. Тұмсық сүйектің мұрын өсіндісі (processus nasalis) мұрын сүйекке қарай бағытталып, мұрын қуысының басталар бүйір қабырғасын құрайды. Ал таңдай өсіндісі  сүйек таңдайды құрауға қатысады. Мұрын өсіндісінің негізі мен таңдай өсіндісі аралығында таңдай саңылауы (processus palatinus) болады. Ол арқылы мұрын және ауыз қуыстарын байланыстырып тұратын мұрын-таңдай өзегі өтеді.

Ерекшеліктері: Жылқының тұмсық сүйегінде ірі күрек тістер болады. Сондықтан, ол көлемді келеді. Күйіс қайтаратын жануарларда күрек тістер болмайды. Бұл жануарлардың тұмсық сүйектері жалпақ пішінді сүйек тақташаға ұқсайды. Шошқада тұмсық сүйектің екі бүйірі қысыңқы келіп, күрек тістері сирек орналасады. Итте ол сүйір пішінді болып келеді.

Бет сүйек (скуловая кость)— os zygomaticum— бет бөлімнің бүйір қабырғасын құрауға қатысады. Бет сүйектің латеральды беті (facies lateralis) және көздік беті (facies orbitalis) болады. Сүйектің латеральды бетінде үлкен шайнау бұлшық еті бекитін бет қыры (crista zygomatica) көрінеді. Көздік бет көз шарасының вентральды жиегін құрайды. Бет сүйектің самай өсіндісі (processus temporalis) самай сүйектің бет өсіндісімен  жалғасып, бет доғасын (arcus facialis) түзеді.

Таңдай сүйек (небная кость) — os palatinum — сынаша сүйек пен жоғарғы жақ сүйек аралығында орналасады. Таңдай сүйектің жоғарғы жиегі көзжасы және маңдай сүйектерімен шектеседі. Оны горизонтальды және вертикальды жалпақ сүйек тақташалары құрайды.

 Горизонтальды тақташа (lamina horіzontalis) сүйек таңдайдың артқы бөлігін және хоана тесіктерінің алдыңғы тандай жиектерін, ал вертикальды тақташа (lamina verticalis) хоана (choana) тесіктерінің қабырғасы мен сына-таңдай шұңқырының қабырғасын құрауға қатысады. Таңдай сүйек арқылы таңдай өзегі өтеді. Оның горизонтальды тақташада орналасқан алдыңғы тесігі үлкен таңдай тесігі — деп аталады. Ал артқы таңдай тесігі жоғарғы жақ сүйектің артқы жағында жатқан сына-таңдай шұңқырына ашылады.

Төменгі жақ сүйек (нижняя челюстная кость) — mandibula — ауыз қуысы төменгі бөлігінің сүйектік негізін кұрайтын жұп сүйек. Оң және сол төменгі жақ сүйектердің аралығында сүйекаралық немесе жақаралық кеңістік қалады. Оң жене сол төменгі жақ сүйектер жылқы мен шошқада бір-бірімен тұтаса байланысып кетеді, ал күйісті жануарлар мен итте шеміршек арқылы байланысады. Төменгі жақ сүйекті сүйек денесі және жақ сүйек бұтағы құрайды.

Төменгі жақ сүйектің денесі (corpus mandibulae) тұмсық (pars incisiva) және азутістік (pars molaris) бөліктерінен тұрады. Оң және сол төменгі жақ сүйектердің тұмсық бөліктері бір-бірімен байланысып, альвеолалар доғасын (arcus alveolaris) түзеді. Оның сыртқы дөңес келген ерін беті (facies labiаlis) және ішкі ойыс келген тілдік беті (facies linqualis) болады. Альвеола доғасының тұмсық бөлігінде күрек тістер, ал азутістік бөлігінде азу тістер орналасады.

Азутістік бөлігінде қан және лимфа тамырлары мен жүйкелер өтетін төменгі жақ өзегі (canalis mandibulae) орналасады. Ол төменгі жақ сүйек бұтағының ішкі жағындағы аттас тесіктен (fоramen nandibulae) басталып, азутістік бөліктің тұмсыққа жақын сыртқы жағындағы иек тесігімен (foramen mentale) аяқталады. Ал оның вентральды жиегінде тамыр ойығы (incisura vasorum) болады.

Төменгі жақ сүйек бұтағы (ramus mandibulae) сүйек денесінен дорсальды бағытқа қарай көтеріле орналасады. Сүйек денесінің бұтаққа ауысатын тұсын төменгі жақ сүйек бұрышы (anqulus mandibulae) - деп атайды. Бұтақтың ішкі бетінде төменгі жақ сүйек тесігі көрінеді. Ол төменгі жақ сүйек өзегі арқылы иек тесігімен жалғасады. Бұтақтың дорсальды ұшын төменгі жақ сүйек ойығы (incisura mandibulae) ет өсіндісіне (processus muscularis) және айдаршық өсіндісіне (processus condylaris) бөледі. Ет өсіндісіне самай бұлшық еті бекиді. Айдаршық өсіндісі самай сүйектің бет өсіндісі буын төмпегімен байланысып, самай – төменгі жақ буынын құрайды.

Төменгі жақ сүйектің сыртқы бетінде үлкен шайнау бүлшық еті бекитін ойыс (fossa masseterica), ал ішкі бетінде қанатша бұлшық еті бекитін ойыс (fossa pterygoidea) болады.

Тіласты сүйек (подъязычная кость) — os hyoidеum — самай сүйегі дабылдық бөлігі бізше өсіндісімен байланысып, жақаралық кеңістікте орналасқан тақ сүйек. Ол тілдің қаңқасын құрайды. Тіласты сүйек тіласты сүйек денесінен (corpus hyoideum s basihyoideum), үлкен мүйіздіктерден (thyreohyoideum) және кіші мүйіздіктерден (сeratohyoideum), бунақтардан құралған бұтақтардан  тұрады. Тақ сүйек денесінен (basihyoideum) алдыңғы бағытта тіл өсіндісі (processus lingualis) шығады. Бұл өсінді шошқа мен итте болмайды. Дененің екі ұшынан артқа қарай көмекейдің қалқанша шеміршегімен байланысатын оң және сол үлкен мүйіздіктер (thyreohyoideum) шығады. Денеден дорсальды бағытта оң және сол кіші мүйіздіктер (сeratohyoideum) көтеріліп, тіласты сүйек бұтақтарымен байланыс түзеді. Аталған бұтақтар өз кезегінде кіші мүйіздікпен жалғасатын дистальды немесе эпигиоид (epihyoideum), ортаңғы немесе стилогиоид (stylohyoideum) және самай сүйегі дабылдық бөлігімен байланысатын шеміршекті проксимальды немесе тимпаногиоид (tympanohyoideum) бунақтарынан құралған.

Танау сүйек (хоботная кость) — os rostrale — шошқа танауының қаңқасын құрайтын тақ сүйек. Ол тұмсық сүйек денесіне бекиді.

АЯҚ ҚАҢҚАСЫ. Жануарлар қаңқасының шеткі бөлімін алдыңғы және артқы аяқтардың қаңқа сүйектері құрайды. Аяқтардың қаңқа сүйектері тіректік қызметімен қатар, бір-бірімен өзара қозғалмалы байланысып, жануарлар денесінің кеңістіктегі қимыл-қозғалысын, сондай-ақ, секіру, жүгіру, өрмелеу кезіндегі дене қимылының серпімділігін қамтамасыз етеді.

Құрлықта тіршілік ететін жануарлардың аяқтары жануарлар филогенезінде, олардың ертедегі суда тіршілік еткен ата тектерінің көкірек және құрсақ жүзу қанаттарынан дамып жетілген.

Жануар аяқтарының қаңқасы белдеу қаңқасы және еркін қозғалатын бөлімнің қаңқасы болып екі бөлімге бөлінеді. Белдеу бөлімінің қаңқа сүйектері арқылы аяқтар жануарлар денесінің тұлғасымен байланысады. Аяқтардың белдеу бөліміне алдыңғы аяқтың иық белдеуі және артқы аяқтың жамбас белдеуі жатады. Алдыңғы аяқ иық белдеуінің сүйектік негізін жауырын, артқы аяқ жамбас белдеуінің сүйектік негізін жамбас сүйек құрайды. Ал аяқтардың еркін қозғалатын бөлімдері белдеулерден төмен орналасып, дененің кеңістіктегі қозғалысын қамтамасыз етеді.

Аяқтардың еркін қозғалатын бөлімі өз кезегінде жоғарғы проксимальды бөлік (стилоподий), ортаңғы бөлік (зейгоподий) және төменгі дистальды бөлік (автоподий) болып үш бөлікке бөлінеді. Аяқтардың еркін қозғалатын бөлімінің жоғарғы проксимальды (лат. ргохimalis — денеге жақын) бөлігі стилоподий (stylopodium, грек. Styios - бағанаша; pous, роdos— аяқ) — деп аталады. Стилоподийдің негізін тек бір сүйек (жілік) құрайды. Алдыңғы аяқта ол тоқпан жіліктен, ал артқы аяқта ортан жіліктен тұрады. Еркін қозғалатын бөлімнің ортаңғы бөлігі зейгоподий (zeugopodium, грек.zeugos — екеу, жұп және аяқ) екі сүйектен құралған. Оны алдыңғы аяқға білек сүйектері (кәрі жілік жөне шынтақ сүйек), ал артқы аяқта сирақ сүйектері (асықты жілік және шыбық сүйек) құрайды. Еркін қозғалатын төменгі дистальды (лат. distalis— денеден алшақ, қашық) бөлігі автоподийді (autopodium, грек. autos— өздігінен, өзі жүреді және аяқ) алдыңғы және артқы аяқ бастарының сүйектері құрайды. Аяқ бастарының сүйектері өз кезегінде: базиподий (busipodium, грек. basis— негіз және аяқ), метаподий (metapodium, грек. meta — аралық және аяқ) және акроподий (acropodium, грек. acros - соңғы, ақырғы және аяқ) болып үш бөлікке бөлінеді. Базиподийге: алдыңғы аяқта тізе сүйектері, артқы аяқта тілерсек сүйектері, метаподийге: алдыңғы аяқта алдыңғы жіліншік сүйектері, артқы аяқта артқы жіліншік сүйектері, акроподийге: алдыңғы және артқы аяқтардағы бақай сүйектері жатады.

Жануарлар алдыңғы аяғының (membra thoracici) қаңқасы иық белдеуі мен еркін қозғалатын бөлімнен тұрады. Иық белдеуінің қаңқасы жауырын, бұғана және құс тұмсықша сүйектерден құралған. Аталған сүйектер құстарда толығымен сақталған. Адам мен маймылдарда және мысық тұқымдас жыртқыш аңдарда иық белдеуі қаңқасы жауырын мен бұғанадан, ал үй жануарларында тек жауырыннан тұрады.

Алдыңғы аяқ иық белдеуі (cingulum membri thoracici) бөлімінің қаңқасы — жауырын.

Жауырын (лопатка) — scapula — пішіні үшбұрышты жалпақ келген сүйек. Осыған орай жауырынның үш: краниальды бұрышы (angulus craniаlis), каудальды бұрышы (angulus caudalis) және вентральды бұрышы (angulus ventralis) және дорсальды (margo dorsalis), краниальды (margo cranialis) және каудальды жиектері (margo caudalis) болады. Оның жауырын қыры жағындағы сыртқы бетін латеральды бет (facies lateralis), қабырғалармен жанасқан ішкі бетін қабырға беті (facies costalis) — деп атайды. Жауырынның жоғарғы жалпақ табанына (basis scapulae) жауырын шеміршегі (cartilago scapulae) байланысып тұрады. Жоғарыдан төмен қарай өтетін жауырын қыры (spina scapulae), жауырынның сыртқы латеральды бетін көлемі кішілеу келген алдыңғы қыралды шұңқырға (fossa supraspinata) және көлемі үлкендеу келген артқы қырарты шұңқырына (fossa infraspinata) бөледі. Жауырын қыры жоғарыдан төмен қарай созылып, акромион (acromion) өсіндісімен аяқталады. Жауырын қырының орта тұсында жауырын қырының төмпегі (tuber spinae scapulae) болады. Жауырынның төменгі вентральды бұрышына жақын жіңішкеріп келген жауырын ойығы (incisura scapulae) орналасқан жерін жауырын мойны (collum scapulae) — деп атайды. Жауырынның алдыңғы сыртқы жағында, жауырын мойнынан сәл төменірек бұрыш үсті төмпегі (tuber  supraglenoidale) орналасады Тоқпан жілік басымен буынды байланыс түзетін жауырынның вентральды бұрышының гиалин шеміршегімен қапталған төменгі жағы жауырынның буын беті (cavitas glenoidalis) — деп аталады. Жауырынның қабырға жағындағы ішкі медиальды бетінің жоғарғы жағында вентральды тісше бұлшық ет бекитін жауырынның тісше беттері (facies serrata scapulae) мен тісше сызықтары (linea serrata) болады. Бұлардан сәл төменірек жауырынасты шұңқыры (fossa subscapularis) орналасады. Буын үсті төмпегінің медиальды жағында кұс тұмсықша өсінді (processus coracoideus) шығып тұрады.

Алдыңғы аяқ қаңқасының еркін қозғалатын бөлімі (skeleton membri thoracici liberi) — жоғарғы проксимальды бөлігінің қаңқасы — тоқпан жілік.

Тоқпан жілік (плечевая кость) — humerus, s. оs brachii — іші қуыс ұзын жілік. Тоқпан жілік алдыңғы аяқ еркін қозғалатын бөлімнің жоғарғы проксимальды бөлігі стилоподийді (stylopodium) құрайды. Тоқпан жіліктң ұзын денесін оның денесі (диафиз), ал жіліктің жоғарғы және төменгі жуандау келген бастарын проксимальды эпифиз және дистальды эпифиз деп атайды. Тоқпан жіліктің буын беті гиалин шеміршегімен қапталған, пішіні дөңгелек шарға ұқсаған проксимальды эпифизінің басын тоқпан жілік басы (caput humeri), ал жілік басының төменгі жағындағы жіңішкелеу келген жілік бөлігін тоқпан жілік мойны (collum humeri) — деп атайды. Проксимальды эпифизі жілік басының сыртқы латеральды жағында үлкен төмпешік (tuberculum majus), ал ішкі медиальды жағында кіші төмпешік (tuberculum minus), олардың аралығында төмпешікаралық сай (sulcus intertubercularis) болады. Үлкен төмпешіктен жіліктің латеральды бетіндегі диафизіне қарай бағытталған үлкен төмпешік қыры (crista tuberculi majus) мен дельташа (атырауша) бұдыр (tuberositas deltoidea), ал диафиздің медиальды бетінде үлкен жұмыр бұлшық ет бұдыры (tuberositas m. teres major) көрінеді. Дельташа бұдырдан үлкен төмпешіктің артқы жағына қарай шынтақ сызығы (linea anconaea) иіліп жатады. Тоқпан жіліктің дистальды эпифизінің буын беті де гиалин шеміршегімен қапталып, тоқпан жілік шығыры (trochlea humeri) — деп аталады. Жілік білігіне қиғаштау орналасқан тоқпан жілік шығыры көлденең сай арқылы бір-бірінен бөлінген екі айдаршықтан құралған. Олардың көлемі жағынан үлкені — медиальды айдаршық (condylus medialis), ал кішісі — латеральды айдаршық (condylus lateralis). Тоқпан жіліктің дистальды эпифизі айдаршықтарының артқы жағында, латеральды және медиальды айдаршықтардан жоғарғы көтеріліп тұрған жілік басы бөліктері латеральды (жазғыш) айдаршықүсті (epicondylus lateralis) және медиальды (бүккіш) айдаршықүсті (epicondylus medialis) - деп аталады. Олардың аралығында шынтақ шұңқыры (fossa olecrani) орналасады. Дистальды эпифиздің екі бүйірінде білек сүйектерімен байланыстыратын байламдарға арналған байлам төмпешіктері мен шұңқырлары болады.

Білек сүйектерін (кости предплечья) — ossa antebrachii — әр түрлі деңгейде дамыған кәрі жілік пен шынтақ сүйектері құрайды. Аталған сүйектер алдыңғы аяқ еркін қозғалатын бөлімнің ортаңғы бөлігі зейгоподийді (zeigopodium) құрайды.

Кәрі жілік (лучевая кость) — radius — диафизден, проксимальды және дистальды эпифиздерден тұрады. Проксимальды эпифизді кәрі жілік басы (caput radii ) құрайды. Жілік басының жоғарғы жағында гиалин шеміршегімен қапталған кәрі жілік басының шұңқыры (fovea capitis radii) орналасады. Кәрі жілік басы тоқпан жілік шығырымен байланысып, құрылысы қарапайым, көп білікті иық буынын жасайды. Кәрі жілік басынан сәл төменірек жіңішкелеу келген жіліктің бөлігін жілік мойны (collum radii) — деп атайды. Проксимальды эпифиздің алдыңғы бетінде кәрі жілік бұдыры (tuberositas radii) байқалады. Жіліктің диафизі дорсальды бағытта сәл иіліп тұрады. Жіліктің дистальды эпифизін тізе буынын жасауға қатысатын кәрі жілік шығыры (trochlea radii) түзеді. Оның буын беті гиалин шеміршегімен қапталып, екі бүйірі үшкір латеральды және медиальды бізше өсінділермен (processus styloideus lateralis et medialis) шектелген.

Шынтақ сүйек (локтевая кость) — ulna — жануарлардың тіршілік жағдайына бейімделу дәрежесіне сәйкес әр түрлі деңгейде жетілген. Оның проксимальды эпифизінде шынтақ сүйек өсіндісі (olecranon) болады. Ол кәрі жілік проксимальды басының артқы жағында, жоғарырақ орналасады. Бұл өсіндінің жоғарғы ұшын шынтақ сүйек төмпегі (tuber olecrani) — деп атайды. Шынтақ сұйек өсіндісінің алдыңғы бетінде тоқпан жілік шығырымен байланысып, иық буынын түзуге қатысатын, шеміршекпен қапталған шығыр ойығы (incisura trochlearis) болады. Оның жоғарғы алдыңғы ұшында ілмекше өсінді (processus anconaeus) шығып тұрады. Шынтақ сүйектің денесі мен дистальды эпифизі кәрі жілік диафизімен тұтаса байланысып кеткен. Олардың аралығында тамырлар мен жүйкелер өтетін сүйекаралық проксимальды және дистальды кеңістіктер (spatium interosseum proximale et distale) қалады.

Алдыңғы аяқ басының қаңқасы (скелет кисти) — skeleton manus — тізе, алдыңғы жіліншік және бақай сүйектерінен кұралған. Алдыңғы аяқ басының қаңқасы еркін қозғалатын бөлімнің төменгі дистальды бөлігі автоподийді (autopodium) құрайды.

Тізе сүйектері (кости запястья) — ossa carpi — проксимальды және дистальды екі қатарда орналасқан қысқа сүйектерден құралған. Тізе сүйектерінен құралған алдыңғы аяқ басы қаңқасының жоғарғы бөлігін базиподий (basipodium) — деп атайды. Тізе сүйектерінің проксимальды қатарын тізенің медиальды жағынан латеральды жағына қарай ретімен орналасқан төрт сүйек: кәрі жіліктік тізе сүйек (os carpi radiale), аралық тізе сүйек (os carpi intermedium), шынтақ сүйектік тізе сүйек (os carpi ulnare) және қосымша тізе сүйек (os carpi accessorium) құрайды.

Тізе сүйектерінің дистальды қатарын тізенің медиальды бетінен; латеральды жағына қарай ретімен орналасқан бес сүйек: I тізе сүйек  (os carpi primum), II тізе сүйек (os carpi secundum), III тізе сүйек  (os carpi tertium), IV тізе сүйек (os carpi quartum) және V тізе сүйек  (os carpi quintum) құрайды. Аталған екі қатардағы тізе сүйектер  өзара қатараралық, ал әрбір қатардағы сүйектер бір-бірімен өзара  сүйекаралық байламдармен байланысқан.

Алдыңғы жіліншік сүйектері (кости пясти) — ossa metacarpalis — жануарлар жіліншігінің медиальды бетінен латеральды жағына қарай қатарымен орналасқан бес: I жіліншік (os metacarpi), II жіліншік (os metacarpi secundum), III жіліншік (os metacarpi tertium), IV жіліншік (os metacarpi quartum) және V жіліншік (os metacarpi  quintum) сүйектерден тұрады. Жіліншік сүйектері алдыңғы аяқ басы қаңқасының ортаңғы бөлігі метаподийді (metapodium) құрайды. Алдыңғы жіліншік сүйектерінің құрылысы мен даму дәрежесі, жануарлардың тіршілік жағдайларына бейімделуіне сәйкес әр түрлі деңгейде жетілген. Жіліншік сүйектер ұзын жілік сүйектеріне жатады. Олардың проксимальды эпифиздерінде тізе сүйектерімен байланысуға арналған буын беттері, ал екі бүйірінде байлам төмпешіктері мен шұңқырлары болады. Дистальды эпифизді ортасынан қыр арқылы екіге бөлінген буын шығыры құрайды.

Бақай сүйектер (кости пальцев) - үш буын (фаланга) сүйектерінен құралған. Оларға жоғарғы проксимальды фаланганың тұсамыс сүйегі, ортаңғы фаланганың топай сүйегі және дистальды фаланганың тұяқ сүйегі жатады. Бақай сүйектері алдыңғы аяқ басы қаңқасының төменгі соңғы бөлігі акроподийді (acropodium) құрайды.

Тұсамыс сүйек (путовая кость) — ossa compedale — диафизі ұзынша
келген қуысты сүйек. Оның проксимальды эпифизінің буын
беті орталық сай арқылы екіге бөлінген. Дистальды эпифизді қыр
арқылы бөлінген буын шығыры құрайды.                 

Топай сүйек (венечная кость) — os coronale — құрылысы тұсамыс сүйекке ұқсас. Тек диафизі қысқалау келеді.                                              

Тұяқ сүйек (копытная кость, копытцевая кость, когтевая кость) — os ungule, os ungulare, os unguiculare -  тұяқты жануарларға тән сүйек. Дистальды фаланга итте тырнақ сүйек () —  деп аталады.                                               

Жануарлардың артқы аяғының (membra pelvini) қаңқасы екі бөлімнен: жамбас белдеуі қаңқасынан (cingulum membra pelvini) және еркін қозғалатын бөлімнің каңқа сүйектерінен (skeleton membri pelvini libera) тұрады. Жамбас белдеуінің қаңқасын жамбас сүйек, ал еркін қозғалатын бөлімнің жоғарғы проксимальды бөлігін (стилоподийді) ортан жілік, ортаңғы бөлігін (зейгоподийді) сирақ сүйектері (асықты жілік, шыбық сүйек), ал дистальды бөлігін (автоподийді) тілерсек (базиподий), жіліншік (метаподий) және бақай сүйектері (акроподий) құрайды.

Жамбас белдеуінің қаңқасын бір-бірімен шеміршек жігі (симфиз) —symphysis — арқылы байланысқан жамбас сүйектері құрайды. Жамбас сүйектері жоғарғы жағынан құйымшақ сүйекпен байланысып, жамбас қуысын (cavum pelvis) түзеді. Жамбас сүйектерінің бірлескен қуысының түбін жамбас астауы — деп атайды.

Жамбас сүйек (тазовая кость) — os coxae — тұтаса байланысқан мықын, шат және шонданай сүйектерінен құралған. Аталған үш сүйектің түйіскен жерінде, ортан жілік басымен байланысатын ұршық шұңқыры (acetabulum) мен шат және шонданай сүйектердің аралығында жапқыш тесік (foramen obturatum) болады.

Мықын сүйек (подвздошная кость) — os ilium — пішіні үшбұрышты келген жалпақ сүйек. Ол ұршық шұңқырды жасауға қатысатын, ұзынша жұмыр келген мықын сүйек денесінен (corpus ossis ilii) және жалпақ келген мықын сүйек қанатынан (аlа ossis ilii) тұрады. Жамбас сүйек қанатының алдыңғы жиегін мықын қыры (crista iliaca)— деп атайды. Мықын сүйек қанатының сыртқы латеральды төмпегін сербек (tuber coxae), ал құйымшақ сүйек жағындағы медиальды төмпегін құйымшақ төмпегі (tuber sacrale) — дейді. Мықын сүйек қанатының сыртқы бөксе бетінде (facies glutaea) доға тәрізді бөксе сызығы (linea glutaea) болады. Ал мықын сүйек қанатының ішкі құымшақ-жамбас беті (facies sacropelvina) доға сызығы (linea arcuata) арқылы екіге бөлінеді. Олар: сыртқы жамбас беті (facies pelvina) және ішкі құлақша беті (facies auricularis). Доға сызығының бойында кіші бел бұлшық етінің төмпешігі (tuberculum m.psoas minoris) орналасады. Мықын сүйектің денесі мен қанатының алдыңғы ішкі жиегі қосылып, үлкен шоңданай ойығын (incisura ischiadica major) түзеді.

Шат сүйек (лонная кость) — os pubis — екі: ұршықтық және жіктік бұтақтардан құралған. Оның ұршықтық бұтағы (ramus acetabularis) екі жамбас сүйектің аралығында көлденеңінен орналасып, латеральды ұшымен ұршық шұңқырды құрауға қатысады. Бұл бұтақтың алдыңғы жиегін шат қыры (pecten ossis pubis) — деп атайды. Шат қырының мықын сүйекке өтетін жерін шат-мықын дөңесі (eminentia iliopubica) — дейді. Екінші жіктік (симфиздік) бұтағы (ramus symphysialis) қарсы жақтың аттас бұтағымен байланысып, жамбас жігін кұрайды. Оң және сол жамбас сүйектері шат сүйектерінің жікке біріккен жерінің алдыңғы жағында шат төмпешігі (tuberculum pubicum) болады. Ол еркек жануарларда жақсы жетілген.

Шонданай сүйек (седалищная кость) — os ischii — шонданай сүйек денесінен (corpus ossis ischii), ұршықтық бұтақтан (ramus acetabularis) және жіктік (симфиздік) бұтақтан (ramus symphysiаlis) тұрады. Жалпақ келген шоңданай сүйек денесінің артқы латеральды жағында шоңданай төмпегі (tuber ischiadicum) шығып тұрады. Бір-бірімен жік арқылы байланысқан оң және сол шоңданай сүйектерінің шоңданай төмпектері аралығындағы доға тәрізді артқы жиегі шоңданай доғасы (arcus ischiаdicus) - деп аталады. Ұршықтық бұтақ сүйек денесінен краниальды бағытта шығып, ұршық шұңқырын түзуге қатысады. Жіктік бұтақ қарсы жақтың аттас бұтағымен байланысып, жамбас жігін құрайды. Ұршық шұңқыр мен шоңданай төмпегі аралығында кіші шоңданай ойығы (incisura ischiаdica minor) орналасады. Үлкен және кіші шоңданай ойықтары аралықтарында шоңданай қыры (spina ischiаdica) жатады. Шат және шоңданай сүйектердің ұршықтық және жіктік бұтақтары аралығында жапқыш тесік орналасады.

Артқы аяқтың қаңқасы еркін қозғалатын бөлімінің сүйектеріне ортан жілік, сирақ сүйектері және артқы аяқ басының сүйектері (тілерсек сүйектері, артқы жіліншік және бақай сүйектері) жатады.

Ортан жілік (бедренная кость) — os femoris — еркін қозғалатын бөлімнің проксимальды бөлігі стилоподийдің (styopodium) қаңқасы. Ортан жіліктің проксимальды эпифизінде буын беті гиалин шеміршегімен қапталған пішіні шар тәрізді жілік басы (caput femoris) мен жілік басының шұңқыры (fovea capitis) болады. Проксимальды эпифиздің төменгі жіңішкерген жерін ортан жілік мойны (collum femoris) — деп атайды. Жоғарғы эпифиздің латеральды жағында үлкен ұршық (trochanter majог), жілік мойнынан төменірек, жіліктің медиальды бетінде кіші ұршық (trochanter minor) орналасады. Үлкен және кіші ұршықтар бір-бірімен өзара ұршықаралық қыр (crista intertrochanterica) арқылы жалғасады. Ұршықаралық қыр ұршық шұңқырының (fossa trochanterica) төменгі жиегін құрап, оны шектеп тұрады.

Ортан жілік денесінің (corpus femoris) артқы бетіндегі ұзынынан орналасқан екі қатар бұдырлар латеральды және медиальды ернеулерді (labium laterale et mediale) түзеді. Латеральды ернеудің бойында, жілік диафизінің дистальды бөлігінде жануарлардың түрлеріне байланысты латеральды айдаршықүсті бұдыр (tuberositas supracondylaris lateralis) немесе латеральды айдаршықүсті шұңқыр (fossa supracondylaris) орналасады.

Ортан жіліктің дистальды эпифизін бір-бірінен айдаршықаралық шұңқыр (fossa intercondylaris) арқылы бөлінген латеральды және медиальды айдаршықтар (condylus lateralis et medialis) құрайды. Дистальды эпифиздің алдыңғы бетінде тобық сүйекпен буын арқылы байланысатын тобықтық шығыр (trochlea patellaris) болады. Латеральды және медиальды айдаршықтардың жоғарғы жағында тобықтық шығырдың латеральды және медиальды қырлары шектеп тұрған - латеральды айдаршықүсті (epicondylus lateralis) және медиальды айдаршықүсті (epicondylus medialis) орналасады. Латералъды айдаршық үстінде байлам төмпешігі және байлам шұңқырымен қатар, жазғыш шұңқыр (fossa extensoria) мен тобықасты шұңқырды (fossa m. poplitei) көруге болады.

Тобық (коленная чашка) — patella — ортан жіліктің тобықтық шығырымен буын арқылы байланысатын қысқа сүйек. Тобықта жалпақ келген тобық негізі (basis patellae) және үшкірлеу тобық төбесі (apex patellae), алдыңғы беті (facies cranialis) мен буындық беті (facies articularis) болады.

Сирақ сүйектері (кости голени) — skeleton cruris — асықты жілік пен шыбық сүйектен тұрады.

Асықты жілік (большая берцовая кость) — tibia — ұзын қуысты сүйек ретінде, проксимальды және дистальды эпифиздерден және жілік денесі — диафизден тұрады. Оның қомақты келген үш қырлы проксимальды эпифизін латеральды және медиальды айдаршықтар (condylus lateralis et medialis) құрайды. Олардың жоғарғы буын беттерінде латеральды және медиальды төмпешіктермен шектелген айдаршықтараралық дөңес (eminentia intercondylaris) орналасады. Латеральды және медиальды айдаршықтарды бір-бірінен, жіліктің алдыңғы жағындағы жазғыш сай (sulcus extensorius) мен артқы бетіндегі тобықасты ойық (incisura poplitea) бөліп және шектеп тұрады. Латеральды айдаршықтың сыртқы бүйір бетінде шыбық сүйек басымен байланысатын бұдырлау бет (күйіс қайтаратын жануарлардан басқаларында) көрінеді. Асықты жілік диафизінің алдыңғы бетінде, латеральды айдаршықтан төмен қарай бағытталып, жазғыш сайды шектеп тұрған асықты жілік қыры (crista tibiae) болады. Дистальды эпифиз, оның екі бүйір қапталынан төмен шығып тұрған латеральды және медиальды қайықша (malleolus lateralis et medialis) өсінділермен аяқталады.

Шыбық сүйек (малая берцовая кость) — fibula — әр түрлі жануарларда түрліше дәрежеде дамыған. Жылқыда шыбық сүйектің проксимальды бөлігі жалпақ және бұдырлы келеді. Ол дистальды бағытта жіңішкеріп үшкірлене келе сіңірлі байламға айналып, асықты жіліктің дистальды эпифизінің латеральды бетіне бекиді.

Тілерсек (толарсақ) сүйектер (кости заплюсны) — ossa tarsi — үш қатарда орналасқан қысқа сүйектер. Оның проксимальды қатары екі сүйектен: асық және өкше сүйектен; ортаңғы қатары бір сүйектен: орталық тілерсек сүйектен; дистальды қатары бес сүйектен: медиальды жағынан латеральды жағына қарай: I, II, III, IV және V тілерсек сүйектерден тұрады.

Асық (таранная кость) — talus — проксимальды асық шығырынан (trochlea tali proximalis), асықмойынша (collum tali) және асық денесінен (corpus tali), ал күйіс қайтаратын жануарлар мен шошқада қосымша дистальды асық шығырынан (trochlea tali distalis) тұратын қысқа сүйек.

Өкше сүйек (пяточная кость) — calcaneus, s. os calcis— өкше сүйек денесінен (corpus calcanei), өкше төмпегімен (tuber caicanei) аяқталатын бұлшық ет өсіндісінен (processus muscularis) және асықты бекіткіштен (sustentaculum tali) құралған.

Орталық тілерсек сүйек (центральная заплюсневая кость) — os tarsi centrale — ортаңғы қатарды құрайтын қысқа сүйек. Күйіс қайтаратын жануарларда орталық тілерсек сүйек дистальды қатардағы IV және V тілерсек сүйектерімен бірігіп, тұтаса байланысып кеткен.

Дистальды қатардағы тілерсек сүйектер: I тілерсек сүйек (I заплюсневая кость) — os tarsi primum— жылқыда II тілерсек сүйекпен бірігіп кеткен. Қалған жануарларда жеке сақталған.

II тілерсек сүйек (II заплюсневая кость) — os tarsi secundum —
жылқыда I тілерсек сүйекпен, күйіс қайтаратын жануарларда III
тілерсек сүйекпен бірігіп кеткен.

ІІІ тілерсек сүйек (III - заплюсневая кость) — os tarsi tertium—
күйіс қайтаратын жануарларда II тілерсек сүйекпен бірігіп кеткен.

IV тілерсек сүйек (IV - заплюсневая кость) —  os tarsi quartum  —
барлық жануарларда V тілерсек сүйекпен, ал күйіс қайтаратын
жануарларда бүған қоса орталық тілерсек сүйекпен бірігіп кеткен.

V тілерсек сүйек (V - заплюсневая кость) — os tarsi quintum — барлық жануарларда IV тілерсек сүйекпен, ал күйіс қайтаратын жануарларда бұған қоса орталық тілерсек сүйекпен бірігіп кеткен.

Артқы жіліншік сүйектер (кости плюсны) — ossa metatarsi — алдыңғы жіліншік сүйектеріне ұқсас, бірақ оларға қарағанда ұзындау және пішіні дөңгелектеу және жұмырлау келеді.

Артқы аяқтың бақай сүйектері алдыңғы аяқтың бақай сүйектеріне ұқсас. Тек, жылқының тұсамыс және топай сүйектері алдыңғы аяқтың бақай сүйектеріне қарағанда қысқалау келеді.

 

Негізгі әдебиеттер.

1       Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» Оқулық. – Алматы «Сөздік - Словарь», 2005.

2       Жаңабеков  К.,  Махашов  Е.: Жануарлар анатомиясы.   - Алматы, «Білім»,  1996.

3       Хрусталева И.В. және т.б. Анатомия домашних животных. Учебник. -  Москва. «Колос», 1994.

4       Акаевский    А.И.  и др.  Анатомия домашних животных. Учебник, - Москва. «Колос», 1984.

5       Акаевский А.И., Лебедев  М.И. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа»,  1971.

6       Боккен Г.Г., Глаголов П.А., Боголюбский С.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа, 1961.

7       Гиммельрейх Г.А. и др. «Анатомия домашних животных» Учебное пособие. - Киев, «Высшая школа , 1980.

8       Боккен Г.Г., Глаголов П.А., Боголюбский С.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа, 1961.

9       Гиммельрейх Г.А. и др. «Анатомия домашних животных» Учебное пособие. - Киев, «Высшая школа , 1980.

10  Жеденов   В.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа,    1965, 1973, 1977.

11  Осипов  И.Я.  Анатомия домашних  животных.  І - ІІ  часть.  -  Москва. «Колос»,    1965, 1972, 1977.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-03 15:52:50     Қаралды-18368

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »