UF

Тақырып. Дамыған рулық қауым

 

1. Неолит кезеңіндегі жетістіктер. Еңбек құралдарын жетілдіру

2. Жануарларды колға үйрету. Мал бағудың басталуы

3. Теселі және кетпенді егіншілік

4. Отырықшылар тұрмысы. Малшы — егінші тайпалар

5. Аңшы және балықшы қауымдардың дамыған топтары

6. Дамыған ру-тайпалық ұйымдар

7. Неке мен отбасы

 

1. Неолит көп мыңдаған жылдық тас ғасырының жоғарғы да ақырғы сатысы болды. Неолиттік уақыт, ең алдымен, еңбектің тас қаруларының жасалу техникасын едәуір жақсартумен сипатталады. Бұл жаңа техниканың ең айқын сипаты тегістеу немесе жалтырату тәсілімен, сондай-ақ тасты егеп тесу арқылы тас құралдарды түпкілікті өңдеу болып табылады, бұл неолиттік уақыт адамына бұрынғыға қарағанда зор табыспен тасқа ойдағыдай форма беруге мүмкіндік туғызды. Құрал тастардың сан алуан түрінен, соның ішінде шақпақтан қат-қабаттыларын және ұсақ түйірлерінен гөрі жұмсағынан құралдар жасалды, бірақ шақпақ тас та, сондай-ақ нефрит немесе жадейт сияқты қатты жыныстар да жаңа әдістермен өңделетін болды. Алайда, тасты тегістеп жалтырату процесі еңбекті өте көп керек етті және құралдардың өндірістік сапасын біршама аз жақсартты. Сондықтан да көпшілік жағдайларда қару жалтыратып тегістелмеді, әрі шақпақ тас бұрынғысынша индустрияда басым болды. Опыру, сындыру және сығу арқылы тасты өңдеудің ескі әдістері кеңінен қолданылды, мұнда қыспа ретушь техникасы гүлдену шегіне жетті

Тастың жоғарғы сапалы сорттарын алу үшін адамдар оны жер астынан қазып алуға көшті. Неолитте осы заманғы Англия, Франция және Европаның кейбір басқа аймақтарының территорияларында мәлім болған шақпақ тас шахталары пайда болды. Шақпақ тас қаруларының орасан үлкен құралдары да сақталған, бұлардан жасалған бұйымдар өндірілген жерінен өте алысқа тарады.

Жаңа құралдарды ағаш өңдеу үшін де пайдалана бастады. Неолитке, әсіресе, балталар тән  болып  келеді.  Ағаштарды  шабу үшін неғұрлым бейімделген неолиттік балта ору егіншілігінде орман учаскелерін шауып тастауды, ал кейініректе қадалық және басқа құрылыстар үшін діңдерді өңдеу, жеке ағаш  қайықтарды  ойып  жасау және  басқа жұмыстарды   жеңілдетті.   Тастан   жинап-теруші, ал кейініректе егіншілікпен байланысты    көптеген    құралдар   жасалды.    Бұлар: қазғыш-таяқша   үшін   ортасында  тесігі   бар аумақты диск түріндегі салмақтықтар, кел-саптар, келілер, дән ұнтақтағыштар, кетпендер, орақтар еді. Сондай-ақ кетпендер де сүйек пен мүйізден, ал орақтар үшкір тілетін шақпақ ішпегі бар мүйізден жасалды. Шақпақ ұштықтары лист тәрізді ал кейінірек үш бұрышты формалы болып келетін садақ пен жебелер де едәуір жетілдіріле түсті.

Неолит дәуірінің ең маңызды жаңадан енгізілген дүниелерінің бірі қыштарды ойлап табу болды. Мұның неолитке тән сипат болып келетіндігі соншама, тіпті оны басқаша алып қыш ғасыры, деп те атайды. Басқа белгілеріне қарағанда қыштарды білмеген неолиттік деп атауға болатын өте шағын мәдениеттер еді. Қалыпқа құюмен саз ыдыстарды күйдіруді ойлап табу адамға ас даярлаудың тәсілдерін жақсарты, тамақ өнімдерінің түр-түрін көбейтуге мүмкіндік берді. Алғашқы тұрмыстық қоғамда ең көп тарағаны жапсырмалау немесе спиральды-сығымдау тәсілдерімен ыдыстарды жасап шығару болды. Саздан қалыңдығы шамамен 3—4 см жгуттар даярланды, бұлар спиральданып қалыпқа салынды, басылып сығылды, тегістеліп жалтыратылды, сөйтіп тұрпайы саз балшықты ыдыс алынды. Сазды күйдірудің ашылуы принципальды жаңа, табиғатта кездеспейтін материалды — күйдірілген саз айналатын сусыз силикатты алуға мүмкіндік берді.

Иіру мен тоқымашылықты ойлап табу кейінгі неолиттің ең ірі табыстары болып саналады. Жіп иіру үшін талшықты әуелі жабайы өсетін өсімдіктерден,— қалақайдан, жабайы коноплядан, сондай-ақ лықтан жасап шығарды. Содан кейін қойдың жүні мен жабайы өсетін кендірден жіп иіре бастады. Ұзақ уақыт тоқыма станогынсыз тоқыды, яғни шынына келгенде өрді. Жіп иіруді ойлап табудың балық шаруашылығы үшін зор маңызы болды, өйткені ау жасау жеңілдеді.

Неолит дәуірінде жүріп-тұру құралдарын дамытуда едәуір прогреске қол жетті. Неолитке сүргіленген қайықтардың, ескектердің, шаңғылар мен шаналардың толып жатқан табылған олжалары жатады.

Осының бәрі өзінің ата-бабаларының өмірімен салыстырғанда неолит адамының өмірін едәуір жеңілдетіп, жақсарта түскен. Бірақ шаруашылықтағы, неолиттік тайпалардың тамақ табу әдістеріндегі өзгерістер, егіншілік пен мал шаруашылығының таралуы бүрынғыдан да маңыздырақ бола түсті. Түрлі елдің тайпалары әр түрлі уақытта дамудың неолиттік сатысынан өтті. Европа мен Азияның неолит ескерткіштерінің үлкен бөлігі б.з.-ға дейінгі 5—3 мың жылдармен шамаланады. Құралдар жасап шығару үшін металдарды пайдалану мүмкіндігін адамзаттың ашуы неолит дәуірінің аяғына жатады. Осындай бірінші металл мыс болды. Мыс қарулардың таралу дәуірін энеолит немесе халколит деп атайды. Шынына келгенде энеолит неолиттен әрең дегенде айырылады. Мыс қарулар тас қаруларды ығыстырмады, «мыс ғасырында» көптеген құралдар тастан жасалып шығарылды. Алайда қаруларды жасап шығару үшін жаңа заттың техника дамуының одан арғы прогресін анықтаған металдың пайда болу фактісінің өзі үлкен маңызға ие болды.

2. Ертедегі аналық рулық қауымның иемденуші шаруашылығы дамуының эпогейі — табиғат өнімдерімен біршама қамтамасыз етілуге жету болды. Бұл алғашқы тұрмыстық экономиканың екі орасан зор жетістіктерінің егіншілік пен мал шаруашылығының тууына жағдай жасады, бұлардың пайда болуын ғалым Гордон Чайлд іле-шала көптеген зерттеушілер «неолиттік революция» деп атайды. Адамзаттың көп бөлігі үшін, егіншілік пен мал шаруашылығы неолитте шаруашылықтың негізгі саласы болмай және тіпті өндірістің қосалқы саласы ретінде де, егіншілікті танымай көптеген тайпалар аңшылар мен балықшылар болып қала бергенімен, қалайда өндірістік өмірдегі бұл жаңа құбылыстар қоғамның одан арғы дамуында орасан зор роль атқарды.

Садақ пен жебені ойлап табу мал шаруашылығының пайда болуына негіз болды. Садақ пен жебе аңшылықтың тиімділігін өсірді және артық өнімнің жиналуына мүмкіндік берді. Климаттық өзгерістер нәтижесінде орнаған жаңа жағдайларға тек адам ғана емес, жануарлардың да бейімделуіне тура келді. Олар бірге су мен азық іздеді, ал ашынған жануарлар адам алдында қорқынышын жоғалтты. Икемге келетін жануарларды адам аштықтан және жыртқыштардан қорғай бастады. Мүмкін адамдар барлық уақытта жараланған жануарларды өлтіре бермейтін, олардың балаларын алып өсіріп, қосалқы тағам қорын жасаса керек. Доместикация процессі, яғни жануарларды қолға үйрету, ұзаққа созылған процесс болды. Кейінгі палеолиттің өзінде Гомо сапиенс итті қолға үйретті және ол алғашқы үй жануары болды. Хайунаттардың басқа түрлерін үйсіндіруге аңшылар тайпасының үнемі жүріп-тұруы бөгет жасады. Отырықшылдыққа көшумен бұл бөгет жойылды. Ал мезолит дәуірінде (шамамен б.з.б. 8 мыңжылдықта) адамдар шошқа, ешкі, қой, мүйізді ірі қараны үйсіндіре бастады.

Неолит дәуірінде қолға үйретілген хайунаттар, әлі күнге шейін адамзатқа ет, сүт, май және ірімшік беріп отыр. Бірақ алғашқы кезде адамдар тек ет, тері және жүнді ғана қолданды, тек белгілі бір уақыттан кейін ғана сүтті және сүт өнімдерін өз рационына қосты. Үйсіндірілген жылқылар мен мүйізді ірі қара ет, сүт, тері мен жүннен басқа адамға өз энергиясын берді, яғни жұмысқа жегілді және көлік құралы болды. Жылқының арқасында адам ұзақ аймақтарды тез өтуге мүмкіндік алды, жалпы жылқысыз өркениеттің даму процесін елестету қиынға соғады.

Осылайша неолит дәуірінде алғашқы қоғамдық еңбек бөлінісі боды, яғни егін шаруашылығы және мал шаруашылығы жеке шаруашылықтың түрлеріне айналды. Мал шаруашылығы егін шаруашылығынан бөлініп, алғашқы отырықшы егіншілік тайпалар мен көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар қалыптаса бастады.                        

3. Егіншілік жоғары ұйымдастырылған терімшіліктен туды, осының даму процесінде адам жабайы өсімдіктер және олардан жаңа өнім алу жөнінде қамқорлық жасауға үйренді. Австралиялықтар кейде дән есінділерінің арам шөбін отайды, ал жамісті қазып ала отырып, оның басын жерге көмеді. XIX ғасырда шамамен дамудың бушмендер тұрған стадиясындағы малаяның семангтері мен сеноелдарында жабайы өсетін жемістерді жинау, оларды мәдениеттендірудің бастамаларымен — ағаштардың жоғарғы жағын қырқумен, ағаштардың осуіне бөгет болған бұталарды шауып тастаумен т.б. қосарланды. Осыдан бастап нағыз егіншілікте онша қашық емес еді, егіншілікке көшу тамақ қорларының пайда болуымен де, сондай-ақ осыған байланысты отырықшылық тұрмыстың бірте-бірте дамуымен де жеңілдей түсті. Мезолит дәуірінің кейбір тұрақтарында жоғары ұйымдасқан жинап-терушіліктің белгілері археологиялық жағынан қадағаланған немесе тіпті егіншіліктің туа бастауы да мүмкін, Палестинада таралған Иерусалимнен солтүстік-батысқа қарай 30 км жерде Вади-эн-Натуф ауданында табылған олжаларға қарап аталған натуф мәдениеті осындай. Бұл б. э.-ға дейінгі IX—VIII мың жылдықтар деп шамаланады. Басқа мезолиттік тайпалар сияқты натуфтіктердің негізгі кәсібі аң, балық аулау және терімшілік болған. Алайда, натуфтіктер қаруларының арасынан орақтың сүйек сабымен бірге сүйектен жасалған ерекше кетпен құраған тас салмалар, сондай-ақ, сірә, дәнді үгу қызметін атқарған тас базальтті келілер мен келсаптар табылған. Тас дән үккіштер мен келсаптар ұшырайтын жартасты таулардың, (Аризона, Нью-Мексико) батысын ала орналасқан солтүстік американ жұрттарының, б. э.-ға дейінгі VI мың жылдық деп шамаланатын мәдениеті осындай. Егіншілікті ойлап табушы, сөзсіз, әйелдер болған: әйел еңбегінің осы арнайы сферасы жинап-терушіліктен туып, егіншілік ұзақ уақыт бойы шаруашылықтың көбіне әйелге тән саласы болып қала берді.

Алғашқы егіншілік дақылдары пайда бола алатын аймақ жабайы өсетін астық дәндері керек ететін жылы климатты елдермен шектеледі. Мезолит дәуірінде Европада және Азияның едәуір бөлігінде үстемдік еткен, бореальды климат — құрғақ және суық климат еді. Астық дәндері өсіп шығуы үшін қолайлы жағдайлары бар аудандар Палестина, Ирак және Орта Азияның оңтүстік аудандары болды. Сірә, адамдар егіп үйренген алғашқы жабайы өсетін дәнді астық арпа болса керек.

Егіншілік пен мал шаруашылығының шығуымен табиғаттың даяр өнімдерін иемденуден адам қызметінің көмегі арқылы оларды өндіруге көшу аяқталды. Алғашқы кездерде ңалай болған күнде де өндіруші шаруашылық иемденушілікпен ұштастырылғаны түсінікті, ал эйкумендердің көптеген аймақтарында жоғары ұйымдасқан аң және балық шаруашылығы ұзақ шаруашылықтың негізгі немесе тіпті бірден бір түрі болып қала берді. Жалпы табиғат ортасының белгілі бір жағдайларымен байланысты егіншілік пен мал шаруашылығының ойланып табылуы, адамзаттың тарихи дамуындағы өр келкілікті күшейте түсті. Бірақ мұның нәтижелері кейінірек, негізінен алғанда алғашқы тұрмыстық рулық қауымның шеңберінен тыс көрінді.

4. Рулық қауымның егіншілік-малшылық шаруашылығы дамыған неолит пен энеолиттің археологиялық ескерткіштерімен қатар көрсетіледі.

Сонау палеолитте-ақ біліне бастаған әр түрлі мәдениет дамуының әр келкілігімен түрлі территориядағы олардың локальды ерекшелігі неолитте күшейе түсті. Неолит дәуірінің археологиялық мәдениеті ондап саналады.

Неолит мәдениеті Таяу Шығыс елдерінде неғұрлым тез қарқынмен дамыды, мұнда егіншілік пен үй малын өсіру бәрінен бұрын туды. Жоғарыда натуф мәдениеті кейінгі мезолитке жататындығы туралы айтылды, оның иесі дәнді өсімдіктерді өсіруге әрекет жасап та баққан еді деп жобалауға болады. Бұдан біраз неғұрлым кейінгі уақытқа (б.з.-ға дейінгі VI мың жылдыққа) Солтүстік Ирактағы тұрпайы егіншілік пен мал шаруашылығының туу белгілері жатады. Осы жерде Оңтүстік Курдистанның тау етектерінде тұрған үй қойлары мен ешкілері болған Карим-Шахир неолиттік мекен-жайы табылып отыр. Дән үккіштердің, ораққа арналған шақпақ тас жүздерінің т. б. табылған сынықтары, натуфтіктердікі сияқты мұнда да егіншіліктің тікелей алдындағы жинап-терушілік өте күшті дамыған деуге мүмкіндік береді. Карим-Шахирмен жақын көршілес жатқан, бірақ неғұрлым кейінгі уақытқа жататын (б.з.-ға дейінгі 4750 жылдар шамасы) Калаат-Ярмо (Джермо) мекенінде егіншілік мүлде айқын көрінеді, атап айтқанда үйдің қабырғалары мен ошақ негіздері жасалған саз балшықтарда дән іздері табылған, тағы хайуанаттардың сүйегі небары 5% құрайды, қалғандары 95% үй ешкісіне, шошқаға, қойға тиісті.

Калаат-Ярмоны мекендеушілер бүтін деревняны, сірә, бір рулық қауымды құрайтын тік бұрышты саз балшықтан тұрғын үйлер салған.

Алдыңғы Азиядағы бұрынғыдан біраз дамыған неолиттік егіншілік дақылдары осыған ұқсас б. э.-ға дейінгі V мың жылдардың ортасына жататын Телль-Хассуна (Моссул-ға жақын) тұрғын жерінен табылып отыр. Бұл мәдениет дамуының кейінгі кезеңінде енді үй жануарларының арасынан ірі қара малдар көрінеді, жануарлар көлік күшіне пайдаланыла бастайды, алғашқы дөңгелекті сүйреткілер шығады. Құрылыста саз балшық кірпіштері кеңінен қолданылды. Қыш ісі жоғары гүлденуге жетеді. Өрнектелген қыштар сан алуан оюлармен және мал суреттерімен әшекейленеді. Ыдыстардың формалары мен оюларының жетілдірілуін қышшы шеберлердің белгілі дәрежеде мамандануын көрсетеді.

Оңтүстік Қос өзенде мәдениеті тау етегіндегіге ұқсас келетін, бірақ кедейірек, неолиттен энеолитке өтетін кезге (б.з.-ға дейінгі IV мың жылдықтың басы) жататын мекен табылды. Мыстан жасалған бұйымдар жаңадан пайда бола бастаған. Халқы ең қарапайым егіншілік пен мал шаруашылығын білген, алайда, аң аулау мен балық шаруашылығы әлі де болса маңызды роль атқарған. Тұрағы ретінде қамыс күркелері болған. IV мың жылдықтың аяғына III мың жылдықтың басына қарай Қос өзен тұрғындары, енді шикі кірпіштен үй салуды ғана емес, сондай-ақ үлкен қоғамдық ғимараттар мен храмдарды да салуды қолға алады; мыс қарулар көп; қыш өндірісі дамыған; дөңгелекті көлік пайда болған; егіншілік ирригациялы болып алады.

Оңтүстік Каспий маңында да неолит дәуірінде (б.з.-ға дейінгі VI—V мың жылдық) аңшы мезолиттік тайпалардың егіншілік пен мал шаруашылығына бірте-бірте көшкендігі табылып отыр. Оңтүстік Иранның неолит тұрғындарының егіншілік дақылдарының толық гүлденуін көне Персеполь ауданынан қазылып табылған мекен жайындағы олжалардан көруге болады. Мұнда тұрақ-мекені қорларды сақтау үшін қоймалары бар үлкен қауымдық саз балшықтан жасалған үйлер болып келеді. Өте жақсы өрнектелген көбіне геометриялық оюлармен әшекейленген қыштар табылып отыр. Саздан жасалған әйелдердің мүсіндері, сірә, үй ошағын бейнелесе керек,— неолиттік ертедегі егіншілік қоғамдарының көптеген басқа елді-мекендеріндегідей Персепольдіге тән олжалар еді.

Ертедегі егіншілердің сипатталып отырған мәдениетіне ұқсас мәдениет орта Азияның оңтүстігінде де болған. Оңтүстік Түрікменде ашылған мекен жайының ең көне мәдениеті б.з.-ға дейінгі V мың жылдар деп шамаланады. Ашхабадқа жақын Джейтун елді-мекені осы дәуірге жатады, бұл Оңтүстік Месопотамияның ең көне егіншілік орталықтары, сірә, онымен мәдени жағынан байланысты болса керек. Оңтүстік орта Азияның егіншілік қауымдары ерте энеолит дәуірінің өзінде-ақ геометриялық оюлармен әшекейленген көп бөлмелі үйлері бар мекен-жайлар салған.

Б.з.-ға дейінгі V—IV мың жылдықтарда дамыған неолиттің егінші тайпалары Египетке де ірге жаяды. Жоғарғы (оңтүстік) Египетте бадарий мәдениетінің адамдары алғашқы егіншілер болды (осы мәдениеттің ескерткіштері қазылып табылған аудандағы осы кездегі селоның атымен аталған). Бадарий мәдениетінің мекен-жайлары жадағай жоталардың төбелерінде орналасқан, тұрақ-мекені саз балшықпен сыланған шарбақтардан тұрғызылған, сондай-ақ матылар пана-тосқауыл қызметін атқарған. Шаруашылығы негізі тұрпайы егіншілікпен және мал шаруашылығымен ұштастырылған аңшылық болды. Жерді тас кетпендермен өңдеді. Бадарийліктер Нил тасқынынан кейін жағада қалған тұнба ылғал лайға топырақты алдын ала өңдеп баптамай-ақ тұқым себуі де ыңтимал. Негізгі қарулары тастан, ағаш пен сүйектен жасалды, бірақ жеке мыс бұйымдар да табылып отыр.

Қызыл және қара түсті сан алуан саздан жасалған ыдыстар кейде оюланып өрнек салынып, әшекейленген. Ыдыстардың бір бөлігі тастардан жасалған. Піл сүйегінен ұсақ ыдыстар, қасықтар, әшекейлер жасалды. Осы кезге қарай басқа елдердің халқымен де байланыс жүзеге асырылды, бұлардан бадарийліктер өз бұйымдары үшін шикі заттардың сан алуан түрлерін алып тұрды. Жеке тайпалардың арасындағы байланыс қайықтар арқылы жүзеге асырылды. Неолиттік егіншілік мекен-жайлар бадарийліктердікімен ұқсас болды. Сондай-ақ осындай мекен-жайлар фаюм қазан шұңқырынан және Нил аңғарының батыс бөлігінен де табылып отыр.

Қытайдың ертедегі неолиті микролиттердің салмалы сүйек және ағаш қаруларын қолдануымен көзге түсті. Кейініректе шет-шеттері мұқият жұмырланып тегістелген ірі тас қарулар пайда болды. Аң аулап, балық ұстаумен қатар, әсіресе, Манчжурияның оңтүстік аудандарында және одан әрі оңтүстікке қарай тіршілік ету құралдарын тары егіп, иттер мен шошқаларды өсіру берді. Жерге аздап тереңдетіліп, дөңгелектелген немесе тік бұрышты, бірақ жұмырланған бұрышты үйлер, мазанкалар (саз балшықпен майланған шарбақтар) ағаш тіреулерге тірелген шатырлы болып келетін. Тоқыма (кендір тоқыманы еске түсіретін) оюлары бар саз сұр жапсырма ыдыстар кеңінен таралды.

Қытайдың кейінгі неолиті мен энеолиті (ІІІ мың жылдық және II мың жылдықтың басы б.э.-ға дейінгі) яншао мен луншан егіншілік даңылдарымен көзге түседі. Яншао (Хуанхэ өзенінің жағасындағы деревня бойынша аталған) негізінен алғанда Гансу және Хэнань провинцияларында таралған (б.з.б. 2700—1700 жылдармен шамаланады) басқа да ертедегі егіншілік мәдениеті қыштарымен ұқсас оймышталған қыштармен сипатталады. Яншао мәдениетінің тайпалары тастан жасалған құралды пайдаланды, тек б.з.-ға дейінгі III мың жылдықтың аяғында ғана оларға мысты өңдеу мәлім болған еді. Халықтың негізгі қаракеті егіншілік (күріш егу) болды, азырақ дәрежеде аң аулаумен, балық шаруашылығымен және мал шаруашылығымен шұғылданды.

Үндістанның үлкен бөлігін микролиттік құралдарды пайдаланған аңшылар мен балықшылардың аз дамыған тайпалары мекендеді. Бұл кезде жер бетіндегі ең қарапайым үйлер салынғанына қарамастан үңгірлерде көптеген тұрақтар табылды. Белуджистан мен Синхте (Инда өзенінің оң жақ жағалауында) ертедегі егіншілік мәдениеті пайда болды. Ең көне мекен-жайлар уақытша тұрғызылды, ал олардың тұрғындары жартылай көшпелі малшылар болды. Бұл мекен-жайларда қыштар әлі де аз еді. Кейініректе, әрі әсіресе, мысты пайдаланудың басталуымен геометриялық ою-өрнектері бар оймышталған қыш пайда болады. Б. э.-ға дейінгі ІІІ мың жылдықтың бірінші жартысында инда аңғарын игеру басталды. Сипатталып жазылған мәдениеттер Хараппа өркениетінің дамуы алдында болды, мұның гүлденуі қола ғасырына тамыр жаяды.

Европадағы неолиттік мәдениеттің дамуы Жерорта теңізі мен Таяу Шығыс мәдениетінің күшті ықпалымен өтті, осы жерден ең маңызды екпе өсімдіктер мен үй жануарларының кейбір түрлері Европаға енсе керек. Осы арадан Европадағы алғашқы металл да пайда болса керек.

Европадағы неолиттің басталуы б.э.-ға дейінгі V мың жылдыққа жатады. Осы уақытпен Криттегі ертедегі неолит қабаттары шамаланады, бұлар үшін енді тегістейтін тас құралдардың және саз балшықтан жасалған ыдыстардың болуы тән болып келеді, бірақ әлі де болса егіншілік қаракетінің ешқандай белгілері жоқ. Ұқсас, бірақ біраз неғұрлым кейінгі уақытқа жататын (IV мың жылдықтар, б.э.-ға дейінгі) мекен-жайлар Фессалиядағы Балқан түбегінде, Македонияда және Дунай басеейіні елдерінде ашылған.

Солтүстік Франциядағы Кампини тұрағы бойынша аталған Кампини мәдениеті Батыс Европаға тән неолит дәуірінің мәдениеті болып табылады. Бұл мәдениетті жасаған халық тасты тегістеп-жалтыратуды жаңа ғана игерген және ең қарапайым саз-балшық ыдыстарды ғана жасап шығара білген болатын. Кампинийліктер бұғыларды, жабайы жылқылар мен өгіздерді аулап, сондай-ақ балық шаруашылығымен  шұғылданды. Кейбір тұрақтардан, сірә, жабайы өскен астықтардың дәнін уатуға арналған дән уатқыштардың қалдықтары табылды. Бірақ, енді егіншіліктің тууы да мүмкін еді. Кампиниде табылған  қыш  ыдыстар сынықтарының  бетінде арпа дәнінің іздері табылған. Кампиниліктердің негізгі бір үй жануары ит болған. Олар тайыздау  дөңгелек   келген  (диаметрі   5—6  м-ге дейін) жартылай жер кепелерде тұрған. Бұл мекен-жайлардың тұрғындарының тұрмысы жартылай  отырықщылықта  еді. 

Швейцария мен соған көршілес альпі төңірегі облыстарында неолит пен ертедегі қола ғасырында қада тіректі құрылыстар таралды, бұларды мекендеушілер аң аулаумен, балық шаруашылығымен шұғылданды, бірақ көбінесе мал өсіріп, егіншілік кәсібімен айналысты.

Тірек-қадалық құрылыстарды мынадай етіп тұрғызды: көлдердің түбіне олардың ұшы су бетінен шығып тұратындай етіліп қада тіректер қағылды. Сонан соң қада тіректердің ұштары көлденең салынған уықтармен жалғастырылып қосылды, бұлардың үстіне еден төселді. Еденнің үстіне қамыс, саз топырақ пен қына салынды да, осының бәрі тапталып нығыздалды. Осылай етіліп алынған алаңға сырғауылдардан немесе саз балшықпен майланған шарбақтардан мекен-жай тұрғызылды. Қада-тіректі          құрылыстарда адамзат тарихында тұңғыш рет ағаш жиһаз: орындықтар, үстелдер мен сандықтар пайда болды; бұлардан көптеген мөлшерде тас және балталар, қашаулар мен таңғыштар да табылып отыр. Балшық топырақтар мен шымтезектердің консервілейтін әрекетінің арқасында көптеген ағаш еңбек қарулары мен тұрмыс заттары: ыдыстар, қайықтар, садақтар т. б. сақталған. Үй жануарларының бес түрі – сиыр, қой, ешкі, жылқы және ит белгілі болған. Арпа, тары және бидай негізгі астық дақылдары болды. Жерді кетпендермен өңдеді. Астықты шақпақ орақтармен орды. Тірек-қада мекен-жайларда кендірден және жүннен жасалған сан алуан бұйымдар: жіптер, баулар, арқандар, басқұрлар, маталар мен тоқыма заттар табылды. Сондай-ақ тоқыма өндірісінің қарулары да табылып отыр. Жекелеген олжалар Европаның басқа аймақтарымен дамыған айырбастардың болғанын дәлелдейді. Қада-тіректі құрылыстар, бұларды құрушылар алғашқы тұрмыстық коллективтерге, қауымдарға, сірә, рулық ұйымға ұйымдасқандықтарын көрсетеді. Қада-тіректік мекен жайларды жасап, қорғауға қажетті еңбектіұйымдастыра алатын ұжымның ғана қолынан келетін еді. Қада-тіректі құрылыстар тек альпі маңы аймақтарында ғана емес, сондай-ақ Европаның солтүстігінде де — Германиядан, Швецияға дейін белгілі болған. Бұлар Ресейде Вологда облысы мен Оралда белгілі болды.

5. Жоғарыда айтылғандай эйкумендердің кейбір аймақтарының  табиғат  жағдайлары, мұнда егіншілік пен мал шаруашылығының тууына бөгет жасады. Атап айтқанда, Евразияның солтүстігі мен Америкада істің жайы осылай болды, мұнда неолиттік экономиканың дамуы аңшылық пен балық шаруашылығын одан әрі жетілдіру жолымен алға басты.

Шығыс Европаның солтүстігі  мен Солтүстік Азияда б. з.-ға дейінгі IV мың жылдықтың өзінде-ақ,  кейінде ұзақ мыңжылдықтар бойына Қиыр Солтүстіктің,  Сібір мен   Қиыр   Шығыстың   бірқатар   халықтары үшін кәдуілгі болып қала берген аңшылық-балықшылық мәдениеті қалыптасты.

Бұл облыстарда неолитке тән ерекшелік ойық немесе тіс-тіс ізді және тарақша штампты ою-өрнектері бар қыш болып табылды. Солтүстікте бұл қыш мейлінше кейінгі уақытқа — б. з.-ға дейінгі I мың жылдықтың басына дейін сақталады. Волга-Ока өзен аралығындағы б.з.-ға дейінгі ІІІ мың жылдық деп шамаланатын қыш, үстінде ойық-тарақша өрнектері бар өте көне тұрақтар зерттелді.

Ақ теңіздің және Ладога мен Онега көлдері жағаларында Приуралье мен Зауральеде, Лена бассейнінде, Прибайкальеде, Камчаткада, Сахалин мен Куриль аралдарында өте кеңінен көрінетін ойық-тарақты қышы бар мәдениет ескерткіштері сол уақытқа және неғұрлым кейінгі уақытқа жатады. Бұл қандай да болсын егіншіліктің немесе мал шаруашылығының белгілері жоқ орманды аңшы-балықшы халықтың неолиттік ескерткіштері еді. Кейбір ұқсастық элементтеріне қарамастан бұл мәдениеттер, қалайда өз ара, қыштарының формалары, қарулар мен үй мүліктерінің кейбір ерекшеліктері жағынан айқын ажыратылады. Европада, тіпті егіншілік пен мал шаруашылығы оңтүстіктен солтүстікке өзінің ақырғы шегіне дейін тараған кезде, егінші-малшы және аңшы-балықшы тайпалардың арасындағы шекара қоңыржай және полярлық аймақтардың арасындағы шекаралармен сай ке-летіндігін атап көрсеткен жөн. Поляр маңы Европасында сарқыншақ мезолит, немесе оны атап жүрген, арктикалық палеолит б. э.-дың I мың жылдықтарына дейін сақталады. Б. э.-ға дейінгі III—М мың жылдықтарда Скандинавияның солтүстігінде жартастарда (петроглифтер) толып жатқан бейне-суреттер қалдырған неолиттік аңшылар мен балықшылардың тайпалары тұрған.

Дүние жүзінің картасында неолит дәуірінде, жоғарыда аталған евразиялықтан басқа иелері егіншілік пен мал шаруашылығын білмеген көптеген басқа аңшы-балықшылардың мәдениетін көрсетуге болады. Мәселен, қазіргі Түрікмен мен Тәжікстанның оңтүстік аудандарындағы ертедегі егіншілік мәдениетімен қатар, б. э.-ға дейінгі IV мың жылдықтарда өмір сүрген Арал маңындағы орта азиялық кельтеминар мәдениеті осындай.

Кейінгі палеолиттік типтегі жоғары мамандандырылған аңшылық және балықшылық шаруашылық, таяудағы өткен шақта Ескі және Жаңа Дүниенің субарктикалық алқабының көптеген тайпаларында сақталған. Мәселен, осындай шаруашылықты Канада тайгасының алгонкин тайпалары мен Солтүстік Американың солтүстік-батыс жағалауының үндістері жүргізді. Канаданың алгонкин тайпалары европалық отарлауға дейін бір бөлігі балық аулап, екінші бөлігі кариб, бұлан, аю, тағы қой, қоян, құс аулап өмір сүрді. Аң аулау үшін тас немесе сүйек ұштықтары бар жебелермен және найзалармен қатар барлық мүмкін боларлық, кейде тіпті күрделі аулағыштарды кеңінен пайдаланды. Қысқы аңшылықта тері белдіктермен шырмалған сүйірше немесе ракета тәрізді ағаш рамалы аттама шаңғыларды қолдану аса маңызды роль атқарды. Көлік құралдары ретінде табансыз ағаш шаналар — «тобогган» да қолданылды, бұларға иттер жегілді және тоз қайықтар пайдаланылды. Канада алгонкиндеріне қыста кариб терілерін, ал жазда қайың қабықтарын жапқан конус шалаштар тұрғын үй болды; киімді кариб терісінен тілті немесе қоян жүн-тері жұрқаларынан тоқыды; үй мүліктерін қайың қабығы тоздан және теріден жасады. Балық және етті тамаққа жинап-терген өнімдер қосымша болды, бірақ бұл кәсіп өзінің маңызы жағынан аңшылықтан әлде қайда кем түсетін.

Теңіздегі және өзен сағаларындағы дамыған балық аулау негізгі кәсібі болған Солтүстік Американың солтүстік-батыс жағалауы үндістердің (тлинкиттер, хайда, цим-шиян және басқалар) шаруашылығы басқаша ұйымдастырылды. XVI—XVII ғасырларда солтүстік-батыс үндістері тегістелген тастан, сүйектен, мүйізден және қауашақтардан жасалған   қаруларды   пайдаланды;   мыс   та белгілі болды, бірақ оның өндірістік маңызы мүлде дерлік болмады. Балық шаруашылығының  техникасы   мамандандырылуының жоғарғы дәрежесімен көзге түсті. Аулаудың түрлі жағдайлары мен балықтың алуан түрлеріне  арналған  ерекше   шанышқылар,   ілмектер, аулар, тоспалар болды; самырсындардан үңгілеп жасалған  қайықтардың бірнеше типтері қолданылды. Аулаудың тиімді әдістері балықтарды көптеп берді, оларды ыстады, кептірді және қатырып қақтады.

Теңіздік және құрылықтық аң аулау, сондай-ақ жидек, жеміс, тамырлар,  су балдырларын, моллюскаларды жинау қосалқы роль атқарды. Үй жануарларынан аң аулауға пайдаланылған ит қана белгілі болды; иттің жүні де іске асты. Еркектер мен әйелдердің арасында еңбектің айқын бөлісі болды. Балық, аң аулау, кәсіпшілік қаруларын жасап шығару, үй-жайды   тұрғызу еркектердің ісі болды; жинап-терушілік, барлық кәсіпшілік табыстарын мол етіп баптап, дайындау, өру, тоқу, киімдерді  жасап   шығару — әйелдердің  кәсібі   болды.   Бүтіндей   алғанда  солтүстік-батыс үндістері  арнаулы  балық  шаруашылығын дамытудың бір шама жоғары дәрежесіне жеткендігі сондайлық, біз төменде көретініміздей,  оларда  рулық құрылыс ыдырап, ертеректегі таптық қоғамды құру үшін алғы шарттар қалыптасты.

6. Атап айтқанда, иемденуші шаруашылықтан өндірілетін шаруашылыққа көшуден көрінетін өндіргіш күштердің өсуі, рулық құрылыстың одан әрі дамуына жол ашты. Аңшыылар мен балықшылардың ертедегі аналық-рулық қауымы келді.

Қоғамның экономикалық негізін бұрынғысынша жерге рулық меншік құрады. Егістік  жер  мен  бау-бақша,   аңшылық,   балықшылық   және    жинап-теретін   жерлер,   бір жағдайларда тура руға тиісті болды, екіншісінде, тайпаға тиісті деп саналды, бірақ бұған кіретін жеке руларға бекітіліп берілді. Өндірістің басқа құрал-жабдықтары ұжымның да, жеке меншіктің де иелігінде болды,  алайда соңғы жағдайда оның иесі  өлгеннен кейін, иелік рудың ішінде қалуға тиіс болды.  Меншіктік  қатынастар  мен  бұларға негізделген қоғамдық қатынастар, негізінен алғанда өндірістік ұжымды  нығайта түскен табиғи қандас-туыстық байланыстармен сай келе берді.

Тіршілік ету құрал-жабдықтарымен біршама қамтамасыз етіліп тұрғын халықтың өсуі салдарынан рулық қауымдар ана тарапынан аналық үйлік қауым, немесе аналық отбасы дейтін ең жақын туыстардың ірі ұжымдарына жиі бөлінді. Ирокездерде бұп үйлік қауымдар —«овачирлер» бір «ұзын үйде»   тұрған бірнеше   ондаған, ал   кейде жүзден  астам туыстар саналатын.  Овачирлердің мүшелері өздеріне бөлініп берілген рулық жерді бірігіп пайдаланды және ортақ  шаруашылық жүргізді.  Тұтыну да бірлескен болды: Морганның сөзіне қарағанда ауланған  аң мен  егіншілік  өнімдері  ортақ пайдалануға берілді және барлық азық-түліктер ортақ қорға салынды. Мұндай қауымдар кейбір басқа тайпаларда — солтүстік-батыс үндістерде, Канаданың алгонкиндерінде де белгілі   болған.

Рулық құрылыстың дамуымен әйелдердің шаруашылық және қоғамдық ролі бұрынғыдан да арта түсті. Көптеген мөлшерде тамақ қорларын, оларды сақтау үшін ыдыстарды отынды, тағы басқаларды дайындауды талап еткен берік отырықшылықтың арнайы әйелдер жүргізіп отырған үй шаруашылығының маңызын елеулі арттыра түсті. Сондай-ақ көбіне өндірістің әйелдер саласын құраған кетпендік егіншіліктің таралуы да осы бағытта жүрді. Әйелдердің шаруашылық ролінің артуы, әдеттегідей демесек те жиі аналық-локальды мекен-жайға көшуді тудырды, бұл өз кезегінде, рулық қауымда оның ықпалы күшеюінің ірі факторы болды. Шынына келгенде, аналық локальдылықтың орнауымен бауырлары мен ұлдары енді көбіне өз әйелдерінің мекен-жайында тұрған нақ сол әйелдер руға тиісті өндірістің негізгі қару-жарактарының, нақтылы ұжымдық меншіктіктің иелері болып, рулық жердің, рулық қорлардың, рулық мекен-жайлардың шынайы билеушісі болды. Осы жағдайларда әйелдер тек ерлер мен бірдей ғана емес, сондай-ақ басымдық, үстемдікке ие болған жағдай қалыптаса бастады.

Рулық құрылыстың дамуы рулық-тайпалық ұйымдардың одан әрі жетіле түсуімен қосарланды, мұның кәдуілгі үлгісін Морган зерттеген сенек ирокездерінің ұйымынан көруге болады. Мұнда сегіз ру бірігіп бір тайпа құрайтын екі фратрияға топтасты.

Ру, фратрия және тайпа төмендегідей негізгі белгілермен сипатталады. Ру ең алдымен жоғарыда атап көрсетілген ортақ меншіктік қатынастармен, өз ара мұрагерлікпен және өз ара көмекпен біріккен әйел бағытындағы қандас туыстардың ұжымы болды. Ру мүшелері біріне-бірі қандай да болсын көмек көрсетуге, бірін-бірі қорғауға атап айтқанда; қандық кек қайтаруға немесе төгілген қан үшін материалдық құн төлеуге қатысуға тиіс болды. Рудың белгілі бір әдетте тотемдік, өз аты болды. Мұнымен, әлбетте, туған-туыстардың жеке өз бастарының есімдері байланысты еді. Ру өмірінің ең елеулі шаруашылық, қоғамдық және идеологиялық мәселелерін кеңес шешті, бұған оның барлық ересек мүшелері енетін еді. Рудың өзінің ақсақалы— «сахемы» және соғыс кезінде көсемдік ететін, бастайтын бір немесе бірнеше кесемдері болды. Әрбір руда басқа рулардан жеке өз зират қорықтары болды. Ақырында, рудың ең маңызды белгісі туыстық, экзогамия салты болып қала берді.

Фратрия айтылып өткендей, әуел басқы ру болды, бұл ұлғайып өсу процесінде бірнеше қыз жағының руларына бөлініп кетті. Алайда, бұл әуел басқы ру ыдырай отырып, бұрынғы бірлігінің қалдықтарын жоғалтпады. Сенектерде тек кейініректе жеке рулардың экзогамиясы ауыстырған фратриялық экзогамия туралы естеліктер сақталған. Өз фратриясының руларын «туыстық», қарама-қарсы фратрия руларын «немерелік» деп санады. Ішкі тайпалық өмірде бір фратрияның мүшелері бірін-бірі қолдап, егер бұл қажет болса, басқа фратрияның мүшелеріне қарсы дайым ынтымақтасып шығатын болды. Бір фратрия руларының сахемдері мен көсемдері жеке өздерінің кеңестеріне жинала алатын, ал тайпа кеңесінде бірге отырып әрекет етті. Фратриялардың арнаулы ерекше салт-саналық және ерекше табынатын ғұрыпты өздерінің діни-бақсы туыстығы болды. Фратриялар қайсыбір дәрежеде ерекше бірлік ретінде де бой көрсеткен болар.

Бірақ фратрия туысқан руларының өзін-өзі басқаруының қандай да болсын тұрақты ұйымы болмады. Мұндай ұйым тайпа болатын. Австралиялықтардың немесе отты жерліктердің рухтық тайпаларына қарама-қарсы ирокез тайпасының тек өз аты, территориясы, диалекті, әрі атап айтқанда діни ұғымдарында көрінген белгілі бір мәдени-тұрмыстық ортақтығы ғана болып қойған жоқ, сондай-ақ тайпаға кірген барлық рулардың сахемдері мен әскери көсемдерінен тұратын тайпалық кеңесі де болды. Кеңестің міндеттері тайпаның ортақ мүдделерін қорғау болды. Оның рулық ақсақалдар мен көсемдердің сайлануын бекіту құқығы болды, қажет болғанда тіпті рудың тілегіне қарсы алмастыра алды. Ол ру аралық жанжалдарды жарастырып және басқа тайпалармен қатынастырды ретке салып отырды. Елшіліктерді қабылдап, жөнелтті, соғыс жариялап, бітім жасады, одақтар құрды және ірі әскери жорықтары кезінде жеке отрядтардың қимылдарын үйлестіріп отырды. Кеңес аса маңызды істерді ғана шешіп отырды, әрі жиі жинала бермейтін болған. Оның мәжілістері арасындағы аралықта тайпа жалпы басшылықтан айрылып қала берді. Сондықтан да кейбір ирокез тайпаларында сахемдердің бірі кеңестің тұрақты өкілі іспеттес саналып, басшы етіліп сайланды, Алайда бұл жоғарғы басшының өкілдігі шамалы еді, оның шешімдері кейінде тайпа кеңесінде бекітіпуге жататын.

Өкіметтік барлық ұйым алғашқы тұрмыстық демократия негіздерінде болатын. Тайпаның әрбір ересек мүшесінің рулық кеңесте де, сондай-ақ тайпалық кеңесте де өз пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болды. Ақсақалдар мен әскери көсемдері өз қызметін тек сайлану құқығы бойынша және өздерінің әрекеті тайпаластарының мүдделеріне сай келіп тұрғанша ғана атқара берді. Жұрттың барлығымен қатар олар қоғамдық өндіріске қатынасты, басқалардан қандай да болсын сыйлықтарды талап ете алмады, немесе өзіне жұмыс істеткізе алмады. Егер ақсақал немесе көсем лайықсыз қылық жасаса, туған-туыстары оған ақыл, кеңес айтатын, егер бұл көмектесе алмаса, оны орнынан алатын.

Осы демократиялық рулық-тайпалық өзін-өзі басқару әйелдерге тиісті болатын. Олар тек аналық үйлік қауымды билеп төстеуші болып қана қойған жоқ, сондай-ақ бұдан ертедегі уақытта — рулардың билеп-төстеушісі болды. Гурондардың әрбір руын төрт әйел және бір ер адам басқарғаны мәлім, сондай-ақ мұнда тайпа кеңесінің бестен төрті әйелдерден тұрды. Ру басшылары — әйелдер ирокездердің оңтүстік көршілері натчаларда да байқалады. Ирокездердің өздерінде бүл тәртіп сақталмады, бірақ әйелдер басқару істерінде орасан зор ықпалмен пайдалана берді. Көсемді әуел басқы сайлау да дәл осындай дайым солардың қолында болды.

Тайпа дамыған рулық қауым кезінің ең кең әлеуметтік ұясы болды. Рас, XVI ғасырдағы ирокездер тайпа одақтарына біріккен де болатын, бірақ бұл жағдайлар олардың қоғамдың ұйымдарының кейбір басқа сипаттары сияқты, алғашқы тұрмыстық қауымдық құрылыстың ыдырай бастауының нышаны еді. Алғашқы тұрмыстық қауым құрылысы ыдырауының кемеліне келген шағында экономикалық және қоғамдық өмірде басты роль руға тиісті болды, ал рудың шегінен шыққандары тайпаларда шешілді. Рулар және оларды біріктірген тайпалар алғашқы тұрмыстық адамзатқа табиғатпен қатал күресте өзінің тіршілік етуін сақтауға мүмкіндік берген, тығыз топтасқан демократиялық жолмен өзін-өзі билейтін ұжымдар болды. Рулық құрылыстың күші де осында еді, бірақ оның тарихи шектелгендігі де осында болды. Ұжымды топтастыра отырып, рулық-тайпалық ұйым осы ұжымнан сыртқары тұрғандардың бәрін заңнан тыс қойды.

7. Аналық рудың дамуы, сірә, отбасы мен некенің сипатында принципті өзгерістерді тудырмаса керек. Рас аналық-локальды мекен-жай жағдайларында қосақ отбасы бір үй шаруашылығына бірікті, бірақ бұл өндірістік ұя бола алмады. Экономикалық және қоғамдық мәнде бүкіл аналық үйлік қауым семья болып табылды. Қосақ семья өз шаруашылығын жүргізбеді және рулықтан бөлек, екі зайыпқа ортақ меншігі болмады. Егер күйеуі әйелінің мүлкіне нұқсан келтіретін болса, ол оның туған-туыстарымен есеп айырысуға тиіс болды. Ерлер көбіне жеке өзінің қауымымен шаруашылық байланысын үзбеді және «екі үйге» жұмыс істеді. Егер, балалар тіпті өз әкесін біле тұрса да іс жүзінде, оған бөгде адам болып қала берді.

Қосақ неке, бұрынғы кездегідей екі жақтың кезкелгенінің қалауы бойынша оңай ажыраса алатын және топтық некелік қатынастардың қалдықтарымен толықтырылатын. Ирокездер мен гурондарда XVIII ғасырдың өзінде де әйелдердің «қосымша» күйеу», ерлердің «қосымша» әйелі бола алатын. Бұдан басқа гурондарда әйел ретінде аңшыларға  еріп жүрген     ерекше  «аңшылық қыздар»  болған. 

Қоғамдық өмірдегі сияқты дамыған аналық рулық қауымның отбасылық тұрмысына ерлерден әйелдердің белгілі артықшылық сипаты тән болған. Әйелінің төркін-жұрағаты қоршаған күйеуге, үнемі жол беріп отыруға тура келген. Бұл көне замандағы жаңа Гвинея ликийліктерінде, папуастарында, алгон-синдерінде орын алғандай жиі некелесу жөніндегі инициатива әйелдердің қолында болған. Ұл туудан қыз туу артық саналған аналың-рулық қоғамдар да белгілі болған.

 

Әдебиеттер:

 

1. Першиц А., Монгаит А., Алексеев В. - Алғашқы қоғам тарихы. А, 1974.

2. Першиц А., Алексеев В. - История первобытного общества. М., 1990.

3. Всемирная история в 24-х томах. Авторский коллектив. Бадак А.Н.

и другие. Минск-М., 2000  т. 1. Каменный век.

4. Першиц А., Алексеев В. - История первобытного общества. М, 2004.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-09-08 16:51:58     Қаралды-7412

20 ҒАСЫРДЫҢ НЕГІЗГІ ӨНЕРТАБЫСТАРЫ

...

20 ғасырдың негізгі өнертабыстары, оларсыз қазіргі адам өмір сүре алмайды

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САМАУЫРДЫҢ ІШІНЕ ҚАҚ ТҰРСА

...

Cамауырдың ішіне қақ тұрса

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШАШ КҮТІМІ

...

Адамның шашы бірде түсіп, бірде шығып дегендей, ұдайы алмасып отырады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ӘЛЕМ ТУРАЛЫ СІЗ БІЛМЕГЕН 15 КЕРЕМЕТ ФАКТ

...

Біздің әлем - шексіз жұмбақ. Күн сайын сіз ол туралы көптеген жаңа нәрселерді біле аласыз!

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТАРКТИДА ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Мұз құрлығының ресми ашылған күні 1820 жылдың 28 қаңтары болып есептеледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЫЛҚЫ АТЫМЕН АТАЛАҒАН SNICKERS ШОКОЛАД БАТОНЧИК

...

Snickers - жастар арасында ең танымал батончик

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕР ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Бұл мақалада біздің жер туралы қызықты деректер талқыланады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЯҚ КИІМГЕ ДЕ КҮТІМ КЕРЕК

...

Әдетте, адамның екі аяғы бірдей бола бермейді. Көбіне оң аяқ сол аяқтан гөрі үлкенірек келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮДЕРІ БҰЙЫМДАРДЫ ТАЗАЛАУ

...

Күдерден тігілген бұйымдарды қалай тазалауға болатын тәсіл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »