UF

Ми  жарақаты  кезіндегі  психикалық  кеселдер

Жоспар:

1.Бас  сүйек  жарақаты

2.Мидың  әуелік  жарақаттары

3.Ми  жарақатының  кейінгі  салдарлары

4.Жарақаттардың  алдын  алу мен емдеу  жолдары

 

Бас  сүйек  жарақаты  мидың  экзогенді  зақымдануының  неғұрлым  кең  тараған  түрі  болып  табылады.  Бас  сүйек  жарақатының  салдарлары  ең  бір  алуан  түрлі,  тез  және  столық  сауығудан  жүйке - психикалық  қызметінің  ауыр  бұзылуына  дейін  болуы  мүмкін. Бұл  көптеген  себептерге:  жарақаттың  ауыр - жеңілдігіне,  механизіміне,  асқындырушы  әсерлердің  болу - болмауына,  жасқа  т.б.  жағдайларға  байланысты.

         Бас  сүйек - ми  жарақатын  ашық  және  жабық  түрге  бөлу  қалыптасқан. Бас  сүйектің  ашық  жарақаттарының  ішінде  жұмсақ  ткані,  бас  сүйектің  сүйектері  бұзылған  жарақатты,  сонымен  бірге  мидың  қатты  қабығының  бұзылуын  бөліп  көрсетуге  болады.  Жабық  жарақаттарды  ми  шайқалу  мен  миды  соғып  алуға  бөлді. Алайда  бұл  бөліну  жарақатты  зақымның  сипатындағы,  патогенезді  механизміндегі  елеулі  ерекшелігін,  жүйке - психикалық  қызмет  кеселін  дұрыс  анықтағанмен  де  шартты  бөліну  болады.

         Ми  жарақаттарының  типіне  байланыссыз  жарақат  кеселі  дамуындағы  мынадай  негізгі  кезеңдер  бөліп  көрсетіледі.  Олар: 1) алғашқы  кезең;  2) жедел  кезең; 3)  кейінгі  кезең;  4) алыстаған  кезең  деп  аталады.

         Алғашқы  кезеңде  әдетте  сананың  терең  алжасуы  (коматозды  күй) жарақатты  естен  тану  құбылысымен  ұштаса  жүреді. Ауру  сыртқы  ортаның  қандай да бір  тітіркенуіне  жауап  берместен  санасын  толық  жоғалтады,  жүзі  құп  қу  немесе  көтеріңкі  келеді,  сезімталдығы  толық  жойылады,  көз  қарашығы  ұлғаяды,  жарыққа  жауап  бермейді,  бұлшық  ет  тонусы  шұғыл  әлсірейді,  тамыр  соғысы  баяулайды  немесе  жиілейді, денесін  жабысқақ  тер  басады,  қан  қысымы  азаяды.  Енді  басқа  бір  ауруларда  сананың  алжасуы  неғұрлым  терең  болады,  сопороздық  күй  немесе  есеңгіреу  байқалады.

         Өлім  жарақаттан  соң  алғашқы  сағаттарда,  әдетте 2-3 күннен  аспайтын  уақытта  болуы  мүмкін. Аурудың  опат  болуы ми  заттарының  елеулі  түрде  зақымдануына,  өмірлік  маңызды  орталықтар  қызметінің  бұзылуына  байланысты  болады.

         Жедел  кезең  басында  ақыл  алжасуы  өтіп  кетісімен  жекелеген  науқастар  өз  жай - күйіне  баға  бере  алмайды,  кенет  әлсірейтініне,  бас  айналатындығына  қарамастан  олар  өздерін  шығарып  жіберуді  сұрайды,  жұмысқа  жарамайтындығын  түсінбейді,  бүгін  істеуге тиісті  шұғыл  жұмыстар  күтіп  тұрғанын  айтады. Бұл  кезеңде  ойлау  бұзылған,  дәйексіз,  баяу  болып  келеді.  Көңіл  күй  езіліңкі  немесе  сәл  көтеріңкі  болып,  мазасыздық  байқалады.  Бұл  кезеңде   әлі  де  жеңіл,  тұман  түрінде  сана  өзгерісі  сезіледі.  Әдетте  мұндай  күй  1 – 2  аптадан  көпке  созылмай,  іс - түссіз  өтіп  кетеді.

         Жедел  кезеңде  пайда  болатын   айқын  байқалатын  психоздар  экзогенді  тип  бойынша  алжасқан  күй  немесе  елес  түрінде  өтеді.

         Аурудың  бұдан  арғы  барысы  әр  түрлі  болады.  Аурулардың  бір  бөлігінде  симптоматикалық  біртіндеп  ретке  келуі,  біршама  оңалу  барысынан іс  жүзінен  сауығып  кетуге  болады.

         Әуе  жарақаттары  потогенетикалық  және  клиникалық  ерекшеліктері  жағынан  әдеттегі  коммация  мен  контузиядан  өзгешеленетін  мидың  жарақатты  зақымдануының  ерекше  түрі  болып  табылады. Зақымданудың  бұл  түрінде  бір  сәтте  әр  түрлі  зиянды  әсерлер  әрекет  етеді.  Коммоциядағы  жарылыс  толқынының  соққысы   ми  қарыншасының  қабырғаларына  гидравликалық   соққы  туғызады.  Осыдан  барып,  мидың  қан  айналымы  шұғыл  бұзылып,  ми  тканы  жарылыс  толқыны  әрекет  еткен  алапта  барометрлік  қысым  кенет  ауытқиды  да,  өз  кезегінде  мидың  қан  айналымында  бұзылыс  туғызады.  Әуе  жарақатының  тағы  бір  ерекшелігі  мынады:  жарылыс  толқыны  бас  сүйекті  оқшау  емес,  бүкіл  организмді  зақымдайды.  Сонымен  бірге  әуе  жарақаты  көбіне  снаряд  немесе  бомба  түскен  кезде  болатын  соғып  алу  әсерінен  туындайтын  екінші  мәрте  контузиямен  ұштасады.

         Әуе  жарақатының  жедел  кезеңіне  тән  симптомдардың  бірі  меңіреулік  болады. Бұл  кесел  әдетте  әуе  жарақатында  кездеседі.  Уақыт  өте  келе  тіл  және  есіту  біртіндеп  қалпына  келеді,  алайда  әлі  де  ұзақ  уақыт  бойына толқыған  кезде  күшейе  түсетін  жеңіл  тұтығу  қалады.

         Қолайлы  жағдайда  әуе  жарақатынан  болған  кеселдер  біртіндеп,  бірнеше  апта  ішінде  толық  жазылады, ауру  сауығып  кетеді.  Алайда  жекелеген  жүйке - психикалық  бұзылыстар  қалдығы  берік  қалады. Аурудың  мұндай  қолайсыз  барысы  әдетте  ауыр  немесе  қайталанған  әуе  жарақаттарында  кездеседі.

         Кейінгі  салдарларға  жедел  немесе  кейінгі  кезеңде  пайда  болып,  келесі  кезеңде  толық  кері  дамуға  ұшырамай,  бүкіл  жедел  құбылыстар  өтіп  кеткеннен  соңғы  ұзақ  уақыттан  кейін  де  қала  беретін  жүйкелік  психикалық  бұзылыстар  жатады. Ми  жарақатының  алыс  кезеңіндегі  жүйкелік  психикалық  бұзылыстарының  негізгі  мынадай  типтері  бар:  а) жарақаттық  астения;  ә) жарақаттық  энцефалопатия;  б) жарақаттық  кемақылдық;   в) жарақаттық  қояншық.

         Жарақаттық  астения. Жарақаттық  астанияға  көтеріңкі  қалжыраушылықтың  жалпы  гиперпатиямен,  вегетативтік  бұзылыстармен,  тітіркенушілікпен  ұштасып келу  тән. Ауру  тез  шаршайды,  терлегіш  болады. Бас  ауру,  бас  айналуы  жиі  болады. Ол  қатты  дыбысты  жақтырмайды. Бетті  жиі  қан кернеп,  жүзінің  қуаруына  алып  келеді. Ол  ыстыққа  төзе  алмайды.  Ұйқы  терең  болмай,  көбіне  шым  шытырық  түс  көреді,  күндіз  көп  ұйықтайды.

         Жарақаттық  энцефалопатия. Бұл  ауру  ми  жарақатының  кейінгі  салдарының  ең  ауыр  түрі. Бұған  ми  тканінің  жарақаттану  кезінде  неғұрлым  қатты  бұзылуы  мен  үлкен  тыртық  түріндегі  өзгерістердің  қалуы  себепші  болады. Бұнда  сал,  бас  сүйек - ми - жүйкелерінің,  қол  аяқ  парезі,  гиперкинез  байқалуы  мүмкін. Аурудың  мінезі  шұғыл  ашуланшақ,  дөрекілік,  астан - кестен  болушылықпен,  ызақорлықпен  сипатталады.

         Жарақаттық  кемақылдық.  Жарақаттық  кемақылдылық  мәні  жағынан  жарақатық  энцефалопатияның  бір  түрі  болып  табылады. Бұл кезде  неврологиялық  симптоматика,  енжарлық  және  эксплозивтік  кеселдер  қатар  едәуір  интеллектуалдық  төмендеу  байқалып,  сыншылдық  қабілет  күшті  әлсірейді, өткен  және  қазіргі  шақтық ес  бұзылады.

         Ми  жарақатының  салдарлары  бар  ауру  дене  және  эмоциялық  жағынан  күш  түсуден  сақтану  керек. Ішімдікке  салыну  үзілді  кесілді  тыйым  салынады. Дұрыс  еңбек  етудің  маңызы  зор.

         Жарақаттық  команың  бастапқы  кезеңінде  хлорлы  кальцийді ( 10 % ертіндінің 5 – 6  мл - мы),  глюкоза  ( 40 % ертіндінің 50 мл - мы)  енгізіледі. Бұл  дәрілерді  енгізу  тамырлардың  өткізгіштігін  азайтуға,  ішкі  бас  сүйек  қысымын  төмендетіп,  ісік  пен  ми  ісінуін   жоюға  ықпал  етеді. Ішкі  бас  сүйек  қысымының  азаюы  жұлын  пункциясына  себепші  болады.  Алайда  мұны  жарақат  алған  соң  кемінде 5 – 6  күннен  соң  жасау керек.  Өйткені  мидың  ісіну  қаупінен  сақтану  керек.

         Жарақаттық  қояншықта  жанталасуға  қарсы  дәрімен  қатар  ішкі  бас  сүйек  қысымын  азайтатын  дәрілер ( глюкоза,  магнезия )  ұсынылады.  Сол  сияқты  дүркін - дүркін  болатын  органикалық  психоздар  аминазинді  гипотензиялық  дәрілермен  ұштастыру  арқылы  емдеу  жақсы  нәтиже  береді.

Бас сүйегі мен мидың жарақаттанып  зақымдануынан

                      ақыл- ойларының даму процесстері бұзылып жетілмей                 

                      қалған балалар

     Арнайы мектеп- интернаттарда оқып- тәрбиеленетін ақыл- ойлары кем балалардың арасында мектеп жасына дейінгі кезеңдерінде сыртқы әсердің тигізген залалынан миларына зақым келіп ақыл- ойларының  даму процестері бұзылып жетілмей қалған балалар да кездеседі.

      Басқа  тиген зақым ашық және жабық болып бөлінеді. Ашық зақымда бастың терісі мен сүйегі жарақаттанады. Мидың әр түрлі зақымынан пайда болған неврологиялық симптомдар бастың барлық жеріне тұтастай және бір  жеріне тиген механикалық соққының жарақатына байланысты. Оқыс тиген соққының әсерінен қан тамырларының рефлекторлық тізбегінің реакциясын және ликвородинамикалық бұзылуын қоздыратын мидың ткандары мен жұлын- ми сұйықтығының ағыны (ликвора) орындарынан ауытқып, шамадан тыс тым қатты жылжып кетеді. Ми тамырларының түйілуі  және жартылай салдануы артады, мидың оттегіне ашығуы және ісінуі күшейеді.

       Мидың жұмыс істеу қабілетінің бұзылып ауытқуы немесе төмендеуі көбінесе жабық зақымның зардабынан болады. Бас  сүйегінің жабық зақымындағы мидың жарақаттану  өзгешеліктері әр түрлі болуы мүмкін. Жабық зақым мидың  шайқалуы және мидың соғылуы немесе мидың жаншылуы деп  бөлінеді.  Мидың шайқалуында жұлын- ми  сұйықтығының ағысы мен қан айналымы өткінші түрінде бұзылады.  Бас соғылған кезде мидың белгілі бір шоғырланған  орындары жарақаттанады. Бас сүйегі мен ми зақымының ең ауыр түрі мидың жаншылуы болып саналады. Зақымның бұл түрінде бас сүйегінің ішкі жағына қан құйылып, ұйып қалады (гемотомой) немесе ми сарсынып ісінеді.

       Зақымның себептеріне және оның түрлеріне, мидың ауырған жерінің дертті процесі қаншалықты көлемді қамтығанына, баланың зақымданған кездегі жасына және зақымның зардабынан ауыра бастағанға дейінгі көңіл- күйі жағдайының ерекшелігіне байланысты қазымға шалдыққан мидың симптомдарының түрлері әр алуан болып келеді.

       Егер зақымның тигізген зардабы айтарлықтай жеңіл болған жағдайда бала жалпы мектептегі оқуын жалғастыра береді, ал  қатты тиген соққының зақымы ауыр болса, онда бала жалпы мектептің бағдарламасын игере алмайды. Ондай  баланы арнайы мектеп –интернатқа орналастырады. Мидың  зақымданудан болған жарақаты өзінің тигізетін зардабының  түріне, ерекшелігіне қарай әдеттегідей бірнеше кезеңге бөлінеді.

        Зақымның  алғашқы сатысындағы немесе кезеңіндегі аурудың зардабынан баланың басы мәңгіріп, сана- сезімі бұлыңғырланып, есі кірелі- шығалы болып бірнеше минуттан бірнеше сағатқа, тіпті бірнеше күнге дейін деліқұлданып қалады. Сана – сезімнің бұлыңғырланып ауытқуының жеңіл және ауыр түрлері болуы мүмкін. Жеңіл түрінде есі кірелі- шығалы болып есеңгіреп қалады, ал ауыр түрінде сана – сезімі қатты бұзылып, естен танып қалатын жағдайға душар болады. Зақымның алғашқы кезеңіндегі кінәраттың зардабы  бірте- бірте сырқатты жағдайға ауысады. Сырқатты жағдайға шалдыққан баланың басы қатты ауыратын болады, көзінің алды қарауытып, басы  айналады, айналасындағылардың қимыл- қозғалыстарына, жүріс- тұрыстарына, сөйлегендеріне жүйкесі тітіркеніп тынышсызданады немесе ренжіп ашуланады, көңіл- күйі өзгереді, тұла бойы мең-зең болады, өзінен-өзі болдырып шаршайтын болады, жұмыстың қандайына болса да қабілеті мүлдем жойылады. Мұндай жағдайға негізінен бас сүйегі мен миға тиген соққының зақымынан болатын жұлын- ми сұйықтығының өзгеруі және  қысымының көтерілуімен белоктың шамадан тыс көбейіп кетуі себеп болады.

        Зақымданған мидың қатты ауыратын кезеңі әдеттегідей бірнеше аптадан екі-үш айға дейін созылады. Кейбір жағдайларда ол біртіндеп дұрысталып, бұрынғы сау кезіндегі қалпына келе бастайды, ал басқа бір жағдайларда аурудың зардабы төмендеп, болар- болмас қана білінетін болады. Мидың шайқалған кездегі болар- болмас білінетін ауруының зардабын егжей- тегжейлі зерттеп жазған көптеген авторлар әдеттегідей мұндай жағдайда баланың басы айналып ауыратынын,  болдырып тез шаршайтынын және жұмысқа қабілетінің төмендейтінін көрсетеді. Бұл симптомдардың барлығы ми қыртысы клеткаларының құрысуы босап әлсіреуінен, яғни, клиникада «церебральная астения» деп аталатын мидың әлсізденуінен болады.

        Церебрастениялық жағдайындағы балалар мектептің оқу процесінде болдырып тез шаршайды.  Зейінділігінің  төменділігінен оқып- үйреніп білім алуға қызықпайды, жаңалықты білуге тырысып талаптанбайды, мұғалімнің  сөзін ыждағатпен тыңдауға шыдамы жетпейді, өйткені материалды түсініп ұға алмайды, оның жұмысқа қабілетсіздігі тұрмыс- тіршіліктің талабына дағдылануға үлкен қиындық туғызады, өздерін қоршаған ортаға, айналасындағы болып жатқан құбылыстарға самарқау, немқұрайлы қарайды.

       Ақыл- ой кемістігіне тән өрескелдіктері және мінез- құлықтарының тұрпайы қылықтары байқала қоймаған бұл балалар мектептегі оқуының алғашқы кезеңдерінде ауызша  есептің және мәселе есептің жауабын шеше алмай қиналады, олар сонымен қатар мәселе есептің шартын да ұмытып қала береді, ал қайталаған кезде жаңылысып шатастырып жібереді.

      Церебрастениялық кінәратқа шалдыққан балалардың жазуларында да өрескел қатерлер көп кетеді, тіпті дұрыстап жаза алмайды десе де болады. Олар жазған кезде әріптерді, буындарды, сөздерді қалдырып кетеді немесе  орындарын алмастырып бытыстырады немесе біреуін бірнеше рет қайталап жазып былықтырады және басқа да қателердің түрлерін жібереді.

       Олар ауызша айтылған сөйлемді қайталап айтып бере алмайды, яғни, өзінше ұмытып қалады. Бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кететін ақпақұлақ дейтін қағидалы сөз осындайдан қалған. Қысқа сөздермен жазылған мағыналы жеңіл өлеңді бірнеше рет қайталатып айтқызғанның өзінде зорға дегенде жаттайды, бірақ едәуір уақыт өткеннен кейін қайтадан ұмытып қалады.

       Бастың жабық зақымының болар- болмас тигізетін зардабынан болатын кінәраттарға шалдыққан мұндай балалардың қалай дегенмен де ұғыммен тұжырымдауға және талдап қорытуға айтарлықтай қабілеттерінің сақталатындығы байқалады. өйткені мұндай балалар өздеріне берілген тапсырманы бар ықыластарымен орындауға тырысады және істеген жұмыстарына педагогтың берген бағасына қанағаттанғандарын білдіреді, сондай-ақ өздерінің іс- әрекеттерінің нәтижелеріне тең дәрежеде сын көздерімен қарайды. Мидың жалпы әлсізденуінен ( церебральный астения) жұмысқа қабілетінің төмендеуі және қажып шаршауы баланың мектептегі оқу үлгерімін нашарлатып жіберетіндігі соншалықты, тіпті, оларды олигрофрен балалармен шатастыруға себеп болады.

       Егер жоғарыда көрсетілген симптомдардың барлығы да ақыл- ой кемістігінің нышанысыз өтетін болса, онда бала дәрігердің бақылауында жүріп-ақ жалпы мектептегі оқуын жалғастыра береді. Егер қажып шаршайтындығы және титықтап әлсірейтіндігі және бас ауруының жиілеп ұстайтындығы, сондай- ақ жадында сақтай алмайтын   ұмытшақтығы, әсіресе, анық біліне бастаған жағдайда мұндай балаларды  арнайы сауықтыру санаториясына орналастыру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Алайда алғашқы тобындағыларды да, соңғыларын да ақыл- ойы кем балаларды оқытып – тәрбиелейтін мектеп- интернатқа жіберуге болмайды.

       Зақымның салдарынан жапа шеккен балаларды арнайы мектеп- интернатқа ауыстыру мәселесі олардың ақыл- ойларының кемістіктері миға тиген зақымының зардабынан болғандығы айқындалған жағдайда ғана қойылуы мүмкін. Зақымның зардабынан болған ақыл- ой кемістігі тек миға қатты тиген зақымының салдарынан ғана болуы мүмкін, ал көбінесе мидың шайқалуы мен оның соғылуы қабатталып келген жағдайда баланың психикалық дамуының ауытқып бұзылуына себеп болады.

  Басқа тиген соққыдан зақымданған мидың болар- болмас қана білінетін зардабына шалдыққан балалардың ауырғанға дейінгі денсаулық жағдайлары әдеттегідей бір қалыпты дұрыс дамиды. Ал ми зақымына шалдығып ауырғаннан кейін олардың денсаулықтарының даму процестері күрт өзгеріп бұзылады. Тіпті зақымның уыты болып, зардабы саябырлана бастағанына бірнеше жыл өтсе де бұл балалардың ауық- ауық лоқсып, құсып бастары айналып ауыратындары және қажып шаршайтындары байқалады. Мидың зақымданып дертке шалдығуынан жалпы психикалық құрысуында өзгерістер пайда болады, яғни, бұлшық еттері мен нерв  жүйелерінің күш- қуатының ширығып құрысуы ауытқиды. Мысалы, ондай балалардың кейбіреулерінде қабағы жадырап ашылмайтын тұнжырлық, қимыл- қозғалыстары олпы- солпы болбырап кеткен былжырлық, айналасындағы болып жатқан құбылыстарға немқұрайлы қарайтын енжарлық басым болса, екінші біреулерінде, керісінше, дамыл таппайтын мазасыздық, бұрқ етіп абыржи салатын күйгелектік, алақ- жұлақ жүретін жаңғалақтық басым болады. Ми зақымының зардабынан болған ақыл- ой кемістігі ең алдымен жоғарғы нерв қызметінің титықтап қажитындығымен және оның қозу процесінің болдырып әлсізденетіндігімен, сыртқы тежеуінің басымдылығымен, ми қыртысының белсенділік тежеуінің барлық түрлерінің әлсірейтіндігімен сипатталады.клиникада жоғарғы нерв қызметінің бұл ерекшеліктері ой еңбегіне әрдайым кедергі келтіріп, қиындық туғызатын нерв жүйесі мен психикасының және жалпы денесінің әлсізденуінен, сондай- ақ танымдық қызметінің тұрақты бұзылуынан бүлінеді.

       Ақыл-ой кемістігіне шалдыққан балалардың оқу процесіндегі мәселе есептің шығарған жауабының мағынасына және оқып шыққан әңгіменің  мазмұнына жете түсіне алмай қатты қиналатындықтары анық байқалады.

       Бас сүйегі мен мидың зақымдануынан болатын танымдық қызметінің жетілмей қалуы және жұмысқа қабілетінің төмендеп кетуі қабаттасып келген жағдайда ақыл- ой кемістігінің ми зақымының зардабынан болатындығын толық дәлелдейді. Мұндай балаларды арнайы мектеп- интернатқа орналастырады.

        Кейде соққының тиген жерінің ішкі жарақатына қан құйылып, зақымданған мидың зардабынан болатын танымдық қызметінің бұзылуына және жұмысқа қабілетінің төмендеуіне қосылып, сонымен қатар қайсыбір анализатордың қызметі де бұзылады, нәтижесінде зақымнан болған ақыл- ой кемістігінің құрылымы бұрынғысынан да ауырлап, асқынып кетеді. Мысалы, сөйлеу тіліндегі дыбыстарды естілуіне талдап ажыратудың жеткіліксіздігі өз кезегінде оқып, жаза білуді меңгеруге қиындық туғызады.

      Үлкен жарты шар мидың артқы шүйде бөлігіне қан құйылғанда көз жетерлік жердегі айнала кеңістікті көріп талдау және қорытып жинақтау қабілеті бұзылуы мүмкін және оқуында да, жазуында да, салған суретінде де кемістіктер болады, сондай- ақ сандарды есептеп санауынан да айтарлықтай ауытқып жаңылысады.

      Бас сүйегі мен мидың зақымдануына нервтік- психикалық функционалды дертке шалдыратын жағдайлар да кездеседі. Нервтік –психикалық функционалды дерт негізінен қатты қайғырудан және психикалық күйзелуден пайда болады. Бұл дерт медицинада «неврозы» деп аталады. Невроз  дертіне шалдыққан балалар түнде несептерін ұстай алмай, астарына жіберіп қояды, оларды үнемі үрей мен қорқыныш билеп жүреді, олар тұтығып сөйлейтін болады, олардың қимыл – қозғалыстары мен  жүріс- тұрыстарындағы жағымсыз оғаш қылықтары айналасындағыларды жалықтырып  мезі қылады.

        Бас сүйегі мен ми зақымының зардабынан «энцефалопатия» деп аталатын ми дертіне де шалдығады. Бұл дертте баланың басы өте қатты түйіліп ауырады, көзінің алды қарауытып айналады, дәрменсіздігінен жұмысқа қабілеті мүлдем төмендеп кетеді. Олардың кейбіреулері былжыраған бос, парықсыз жалқау, маужыраған сылбыр, немқұрайлы шабан, батылсыз жасқаншақ, ынтасыз тартыншақ болса, ал екінші біреулерінде, керісінше, дамыл таппайтын тынышсыздық, әбігершілік, мазасыздық, тиянақсыз берекесіздік, ден қойып көңіл аудармайтын алаңғасарлық, өзін- өзі ұстай алмайтын сабырсыздық, алды- артын абайламайтын ұрыншақтық, мұңайып жабырқануды, ренжіп қынжылуды, өкпелеп жәбірленуді білмейтін көтеріңкі шат- шадыман көңілділігі басым болады.

        Энцефалопатияға шалдыққан балалардың мұндай симптомдары әдеттегідей церебрастениялық, яғни, мидың нервтік- психикалық әлсізденуін сипаттайтын симптомдарға қарағанда біршама айқынырақ көрсетілген және олар  ұзағырақ  сақталады. Сонымен қатар, ойлау қызметі мен жұмысқа қабілеттілігінің төмендеуіне байланысты олардың мінез- құлықтарының өзгеретіндігі байқалады. Мұндай балалар өрескел қылықтар көрсетіп, дөрекіленіп кетеді, қайырымы түспейтін мейірімсіз болады, қабағы түнеріп, үнемі тұнжырап жүреді. Сондай- ақ олар ойынның қандайына болса да ықылас қойып қызықпайды, оқуға мүлде ынталанбайды. Бас сүйегі мен ми зақымының асқынған зардабынан ақыл- ой процесі жетілмей қалады. Ақыл- ойдың кемістігінен «көңіл бөлу, құрмет көрсету, зер салу, қамқорлық жасау, назар аудару, ілтипат білдіру, ықылас қою, жете ұғыну, егжей- тегжейлі түсіну, ұқыпты болу, ескеру, елеу» сияқты парасаттылыққа тән қасиеттері дамымайды және жадыларында сақтау, естеріне түсіру қабілеттері төмендейді, сөйлесу тілдері бұзылады. Кейде мұндай балалар ойларына келгендерін айтып, беталды лағып, қисынсыз сөйлей береді.

       Бас сүйегі мен милары зақымданған балаларда ішінара ауық- ауық құрысып –тырысып немесе қалшылдап –дірілдеп қалатын «эпилепсиялық» ұстамалы сияқты аурулардың да кездесетіндігі байқалады. Зақымның зардабынан болған эпилепсия – «ми ауруы» деп аталады. Эпилепсиялық ауру зақымнан кейін жарты жыл шамасындай уақыт өткен соң біліне бастайды, ал кейде тіпті бірнеше жылдан соң да қайталайтын кездері болады. Бұл аурудың жиі- жиі қайталануының зардабынан баланың ақыл- ойының даму процесі бұзылады. Соған бірнеше мысал келтіруге болады.

Бірінші мысал: В.И. деген бала 10 жас 6 айға толған шағында басы ауырып айналатын, кей уақыттарда мұрнынан қан кететін және тұлға бойы дел- сал болып әлсіреп шаршайтын, сонымен қатар оқу үлгеріміне де кері әсерін тигізетін сырқатты кінаратқа шалдығады. Оны емдетуге психоневрологиялық санаторияға орналастырады.

       Баланың құрсақтағы және дүниеге келгеннен кейінгі өмірінің алғашқы кезеңіндегі өсіп жетілуінің даму барысы бірқалыпты дұрыс өткендігі оның сырқатын тексеріп зерттеудің нәтижесінде мәлім болды. Ол үшін  жасында бақшаға барды. Оның мінез- құлқының салмақтылығы, сабырлылығы, бір шумақты тақпақ өлеңдерді тез ұғып жаттап алатын  зеректілігі, ертегі әңгімелерді құмартып тыңдайтын ынталылығы, өзі қатарлы балалармен ойнаған кезде оның бауырмалдық, үйірсектігі бақшаның педагог- тәрбиешілерін әрдайым сүйсіндіріп жүрді. Бала 6 жасқа толғанда басына жазатайым қатты соққы тиіп, соның зардабынан ауруханада 2 жарым айдай жатып емделеді. Алайда, ауруханадан емделіп шыққанымен, оның денсаулығының құлантаза түзеліп кетпегендігі, қайта  жағдайының күрт өзгеріп бұрынғы  күйінен әлдеқайда нашарлап кеткендігі байқалады. әйтсе де соққының зардабынан кейін жарты жылдай дәрігердің  ілтипатты бақылауында және шешесінің аналық қамқорлығында қаралып – бағылып күтілген бала біраз оңалып тәуір болған соң бақшаға қайта жүре бастайды. Бірақ баланың мінез- құлқының өзгергендігі және қабілетінің бұзылғандығы бақшаның педагог- тәрбиешілерінің назарына бірден ілігеді. Бақшада баланың ұнжырғасы түсіп, көңіл- күйінің мазасы болмайды; оны ештеңе де қызықтырмайды; балалармен ойнауға зауқы болмайды, айналасындағылардың барлығына да енжарлықпен салғырт қарайды; ол бәрінен де жатырқанады; өзімен -өзі болып бөлектеніп жүргенді ұнатады; тақпақ өлеңдерді есінде сақтай алмайды, ертегі әңгімелердің мазмұнын ұқпайды; оның басы жиі- жиі ауырып, оқтын- оқтын айнала беретін болды.

        Бала 8 жасында жалпы мектептің бірінші сыныбына барды. Оның оқуды мүлде үлгере алмайтындығы бірінші тоқсанда- ақ айқын болды. Оқу жылының аяғына дейін ол небәрі бірнеше әріпті атауды және беске дейін ғана санауды үйренді. Баланың жалпы денсаулық жағдайы мектепке барғаннан кейін тіпті нашарлап кетті; бас ауруы күшейіп, мұрнынан қан кетуі жиілей бастады; әлсіздіктен діңкелеп шаршайтын болды; тұла бойы маужыраған көңілсіздік, есеңгіреген маубастық басты. Оның дене бітімінің құрылымы жасына сай дұрыс өсіп келеді. Ішкі құрылысында кінәратты ауытқулар байқалмайды.

        Нерв жүйесін зерттеудің нәтижесінде екі жақты симптоматиканың бытыраңқы таралған қалдығы бар екені анықталды. Мидың биотоктарын, яғни, электромагниттік тербелістерін зерттеген кезде олардың толқындары мидың барлық бөлімдерінің қыртыстарында да баяу қозғалатындығы тіркелді, демек, патологияның, яғни, миға жайылып таралғанын көрсетеді.

Мидың жарты шарындағы қыртыстардың реактивтігін, яғни, сыртқы немесе ішкі әсерге жауап беру қабілетін ритмикалық, яғни, ретті жарық беру жолымен тітіркендіріп зерттеген кезде баланың көңіл- күйіне әсер ететіндей қыртыстық қызметінде ешқандай да керісінше жауап қайтаратын өзгерістің сезілмейтіндігі мәлім болды, демек, қыртыс клеткаларының белсенділігі енжарланып болбырап кеткендігін көрсетеді.

Баланың психикалық жағдайы: айналасындағы болып жатқан құбылыстарға немқұрайлықпен жатырқап енжар қарайтын, адамдардың жүріс- тұрыстарына және сөйлеген сөздеріне көңіл аударып қызықпайтын, балалармен қосылып ойнауға зауқы соқпайтын, иығы салбырап, ұнжырғасы түсіп, томаға- тұйық, олпы- солпы болбырап жүретін, яғни, баланың жалпы даму процесі тежеліп ауытқыған кінаратты  дімкәстігі әсіресе нерв жүйесі бұзылған балаларға арналған санаторияға орналастырғаннан кейінгі алғашқы апталарда-ақ байқала бастады. Оның тұла бойын ұйқылы мең- зеңдік басып, үнемі маужырап жүретін болды, ол өздігінен ешкіммен тіл қатысып сөйлеуге тіпті де ынталанбады, балалармен танысып, бірден араласып кете алмады, сөзге сараң, томсырайып үндемейтін болды, әңгімелескен кезде ақырын ғана булығып оқтын- оқтын бөгеліп тоқтала береді, ол әңгіме басталғаннан кейін біраз уақыттан соң керіліп- созылып есіней бастайды, көбінесе мұңайып көңілсіз отырады, өзіне қойылған сұраққа ұзақ үнсіздіктен кейін әрең естілетіндей дауысын өлімсіретіп ернінің ұшымен ғана немқұрайды жауап береді. Кейде сұрақты бірнеше рет қайталатқызады. Ол өзінен күші басымырақ балалардың ықпалына тез түсіп, оңай көне кететін ынжық, бос болды. Баланың мектептегі оқу үлгерімі өте нашар болды. Әліппе  оқулығындағы жеңіл сөйлемдердің өзін ежіктей қиналып оқиды және әрбір дыбысты алдымен сыбырлап ішінен қайталап айтып алады, кейбір сөздердің мағынасын өзгертіп, бұрмалап жібереді. Дыбыс пен әріптің арасындағы мағыналық айырмашылықтың маңызын талдап ажырата білмейтіндігі оның жат жазуды жазған кезде тіпті айқын көрінді. Ол үндестік жағынан ұқсас дыбыстарды жиі шатастырады, сөзді буынға бөлуді білмейді. Баланың жұмысқа қабілеттілігі айтарлықтай төмен. Арифметикалық қарапайым мәселе есептің шартын ойында сақтай алмайды; онға дейінгі сандардың қосу және алу амалдарындағы мысал есептердің кейбіреулерін дұрыс шығарады, бірақ кейде арифметикалық  амалдардың орындарын шатастырып алады да, бір санды екі- үш қайтара көшіріп жазатын қателер де жібереді. Жат жазуда қысқа сөйлемді ойында тұтас сақтай алмайды, сөйлемнің бастапқы немесе соңғы сөзін ұмытып қалады, көшіріп жазғанда әріптерді, буындарды және сөздерді қабаттастырып екі- үш қайтара қайталап жазады, сөздің әрпін немесе сөйлемнің сөзін қалдырып кетеді, сөздің әріптерін, сөйлемнің сөздерін, орындарын ауыстырып араластырып жібереді.

       Бала сабақта отырғанда титықтап қажиды, жүйкесі әлсіреп шаршайды. Демек, оның танымдық қызметінің бұзылғандығын көрсетеді. Ой өрісінің даму процесі жетілмеген. әңгіменің кейбір оқиғаларының желісін байланыстыра алмайды, мәселе есептің шығарылған жауабының мағынасын түсінбейді, басқа картиналардан іріктеп алынған үш картинаның өзара байланыстарын анықтауға жетесі жетпейді.

       Алайда баланың даму барысын бақылап зерттеудің нәтижесінде оның психикалық процесінде зақымға дейінгі дұрыс дамып келе жатқан ойлау жүйесінің біршама сақталғандығы анықталады. Мұқият қаралып, тыңғылықты емделгеннен кейін баланың бас ауруы, бас айналуы, мұрнынан қан кетуі тыйылып құлантаза айығып кетті; дұрыс ұйымдастырылып жүргізілген педагогикалық жұмыс тәсілі оның белсенділігін жандандырып күшейтті, оқуға, жазуға және есепке машықтандырып дағдыландырды, баланың жұмысқа қабілеттілігі көтеріліп артты, ол енді қажып шаршамайтын болды, оның оқуға және ойынға ықыласы ауып, қызығатын болды, өзіне арнайы берілген тапсырманы орындауға тырысатындығы және істеген жұмысының немесе ойындағы мақсатының сәтімен орындалғанына көңіл- күйі көтеріліп қуанатындығы, ал ойлағанындай болмай, көңілінен шықпаған сәтсіздігіне мұңайып қайғырғандығы байқалады. Бірақ оның жалпы мектепте оқуына мүмкіндік бермейтін ең негізгі кемістігі – танымдық қызметінің күрделі түрінің жетілмей қалғандығы бұрынғысынан да айқынырақ біліне бастады.

      Клиникалық қорытынды: баланың психикалық өзгерістері басқа тиген соққының зақымынан және зақым ауруының зардабынан пайда болатындығы дәлелденіп анықталады. Сонымен қатар психикалық өзгерістерге қан айналысының және жұлын- ми сұйықтығы қозғалысының бұзылуы да, сондай- ақ ми заттарының, әсіресе, ми жарты шары қыртысының тым өрескел бұзылып кетуі де себеп болады. Мидың қыртыстық белсенділігінің төмендеуі жоғарғы нерв қызметінің әлсіздену және қозу процесінің титықтап қажу және тежелу процесінің қоздырудан басым түсу түрлеріндегі бұзылуынан, сонымен қатар қыртыстық тежелу белсенділігінің барлық түрлерінің бұзылуынан және қыртыстық міндетті қызметінің түйісіп тұйықталуының бұзылуынан және нерв процестерінің қимыл- қозғалыстарының жылдамдық қарқындарының баяулап шабындануынан байқалады.

      Жоғарғы нерв қызметінің бұл ерекшеліктері баланың ештеңкеге зауқы соқпайтын көңілсіздігінен, ұнжырғасы түсіп, тұнжырап жүретін мұңдылығынан, айналасындағыларға «қалай болса солай» қарайтын байыпсыздығынан, ештеңкеге елігіп қызықпайтын енжарлығынан, керенаулық тартыншақтығынан, жұмысқа ырықсыз қабілетсіздігінен және танымдық процесінің бұзылғандығынан, сонымен қатар жоғарыда көрсетілген кінәраттарымен қоса оның анықтап талдауды және жіктеп жинақтауды естуден түсініп қабылдау қабілетінің өте төмен екендігінен байқалады. Баланың бұл кемістігі, әсіресе, жалпы мектепте оқуына үлкен қиындық туғызады.

       Демек, жоғарыда келтірілген зерттеу мәліметтерінің қорытындысы бойынша баланың ақыл- ой кемістігі бас сүйегі мен ми зақымының осындай кеселді зардаптарынан болатындығын толық дәлелдейді. әрине, басқа тиген жазатайым соққылардың және бастың өздігінен кездейсоқ ұрылып соғылуларының түрлері өте көп болса, олардың ерекшеліктерінің де соншалықты көп болатындығы белгілі.

       Екінші мысал: О.С. деген бала арнайы мектеп- интернатының бірінші сыныбына қабылданған болатын. Оның оқуға жетесіздігі, жұмысқа ырықсыздығы, ойынға зауықсыздығы және және сөзге сараңдығы  оқу жылының алғашқы апталарында- ақ белгілі болды. Бұл баланың сыртқы дене құрылымының қалыпты даму барысының ауытқып бұзылғандығы байқалады. Оның жүрісі горила маймылын еске түсіреді. Ол жауырынын күжірейтіп, басын еңкейтіп, екі қолын алдына бос салбыратып жіберіп, аяқтарын қолапайсыздау талтайта басып, маймақ секілді қорбаңдап жүреді. Оның сөйлеу тілінде кінәрат жоқ, ол танымдық қызметі мүлдем жетілмей қалған. Ол тіпті ақыл- ой кемістігіне арналған оқу бағдарламасын да меңгере алмады. әкесі мен шешесінің берген мәліметі бойынша, баланың құрсақтағы кезеңі бірқалыпты дұрыс өткен, дүниеге ай- күні жетіп уағында келген. Бала сәбилік шағында тыпырлап тыным көрмейтін тым сергек, талпынып қолды- аяққа тұрмайтын шат көңілді ширақ болып өсе бастайды. Үш жасқа келген баласының апыл- тапыл басып, тәй- тәйлағанын қызықтаған әкесі оны еркелетіп үйдің жанында байлаулы тұрған жас бұзауға мінгізеді. Бұзау мөңкіп кеткен кезде бала басымен жерге шаншыла құлайды. Осы жазымнан кейін баланың хал- жағдайы мүлдем өзгереді. әкесінің абайсыздық аңғарттығы баланың бүкіл өмірін жарымжан, мүгедек етті.

         Үшінші мысал: жалпы мектептің төртінші сыныбынан арнайы мектеп- интернатқа ауыстырылып келген Т.Н. деген бала ақыл- ойы кем балаларға арналған осы сыныптың оқу бағдарламасын меңгеруде де айтарлықтай қиналатындығын көрсетті. Ол бұған дейін жалпы мектепте тәуір оқитындардың қатарында болып келгендігі оның оқу үлгерімі туралы табеліндегі бағаларынан белгілі болатын.

        Баланың сыртқы дене құрылымының түзілісі жасына қарай  бірқалыпты дұрыс дамыған. Ал сұрауы туралы мәлімет анкетасында ақыл- ойы кемістігінің дебиль дәрежесіндегі  жеңіл түрі деген диагноз тіркелген. Оның бұл кемістігі дене шынықтыру сабағында турникке асылып шыркөбелек айналмақшы болған кезде қолы аспалы бел темірден шығып кетіп жерге басымен құлап түскеннен кейін пайда болған. Яғни, басының жерге қатты соғылуынан миы зақымданған. Турниктен құлаған кезде оның басы зырқылдап қатты ауырған және көзінің алды қарауытып бір сәтке есінен ауып есеңгіреп қалған. Баланың осы жазатайымнан болған жазымынан кейінгі хал- жағдайы күрт төмендейді және психикалық процесінің даму барысы ауытқып бұзылғандығы бірден байқалады. Оның ең алдымен оқуға ықыласы жойылады; сабақ үстінде қараптан- қарап болдырып шаршап отырады, басы ауыра бастайды; мұғалімнің сөйлеген сөздерін самарқау, немқұрайды тыңдайды; үйге берілген тапсырманы орындай алмайды; жазғанда да, оқығанда да, есеп шығарғанда да өрескел қателерді өте көп жібереді. Сайып келгенде, оқу үлгерімі мүлде нашарлап кетеді. Сонымен қатар оның мінез- құлқы да, жүріс- тұрысы да өзгереді. Оның қабағы түнеріп, сіркесі су көтермей, не болса соған кейіп ренжитінді шығарды, кейде көңіл- күйінің ақаулығынан жаны құлазып, күнұзаққа сенделіп, өзімен- өзі бөлектеніп жүргенді ұнататын болды. Бұрынғыдай балалармен қосылып ойнағанды қойды, жұмыстың қандайына болса да зауқы соқпады. Қабағы ашылып, жадырап жүруден қалды.

      Оқу жылы аяқталғаннан кейін медико- педагогикалық комиссияның ұйғарымымен оны ақыл- ойы кем балаларды оқытып –тәрбиелейтін арнайы мектеп- интернатқа орналастыруға шешім қабылдайды. Бұл оқиға баланың онсызда жұқарып жүйкелеген нерв жүйесі мен ауытқып шайқалған психикалық даму процесіне күтпеген жерден тиген қосымша соққы болды. Ол өзінің ақыл- ойының кем еместігін, тек есінің шатасып аздап ауысқанын іштей сезіп мойындайтындығы сыңайынан анық байқалып тұратын. Бірақ оның бұл жағдайына айналасындағылардың, әсіресе, әкесі мен шешесінің түсінбейтіндіктеріне үнсіз мұңайып, ішінен қынжылатын.

       Айтқандай- ақ, арнайы мектеп- интернатта оқып- тәрбиеленетін ақыл- ой кемістігінің әр түрлі дәрежесіндегі балалармен оның айтарлықтай қарым- қатынасы болмады, олармен тіл табысып ұғысып кете алмады, өйткені мұндағы балалардың танымдық қызметтері төмен, ойлау түйсіктері таяз болатын, сөйлеу тілдерінің жұтаңдығы білініп тұратын; мінез- құлықтарының кейбір қылықтары мен қимыл- қозғалыстарының икемсіздіктері оғаш көрінетін. Ол өзінің бұл ортада бөтендігін тіпті айқын сезіне бастайды. Көңіл күйі сүреңсізденіп, жалғыздықтың сергелдеңіне түседі. Сайып келгенде, баланың арнайы мектеп- интернатқа келуі оның онсыз да әлсіреп күйзелген жоғарғы нерв қызметі мен психикалық даму процесіне кері әсерін тигізіп, жағдайын одан бетер нашарлатып жібереді. Сонымен қатар, ауылдастарының  және жалпы мектепте бұрын өзімен бірге оқыған балалардың кейбіреулерінің онсыз да жаралы көңілін жабырқатып, ұнжырғасын түсіретін, жанын жаншып, жүйкесін тоздыратын әр түрлі кемсіту, мұқату сияқты құлағына түрпідей тиетін, жүрегіне шаншудай қадалатын қара ниетті қыршаңқы сөздері де оған «жығылғанға жұдырық» болып тиеді. Жексенбі сайын үйіне қатынап тұратын ол бір келгенінде мал қораның ішіндегі бел ағашқа асылып өледі. Сөйтіп жан азабының ауыртпалығынан осылай құтылады.

Қорытынды: ми зақымын асқындырмай уағында емдеп түзетудің жолы оның зардабының түрі мен ерекшелігінің анықталуына байланысты, сондай- ақ мидың сарсып ісінуін және бас сүйегінің ішкі қан қысымының төмендеуін  болдырмауға және тіршілікке қажетті ең маңызды міндетті қызметін дұрыстап қалпына келтіруге бағытталады. Зақымданған мидың қатты ауырған алғашқы кезеңінде науқасты ауруханаға жатқызып емдейді. Қағида бойынша, ми зақымының тигізетін залалының ауырлығына және зардабының түріне қарай науқасты қашан тәуір болғанша төсек тартқызып жатқызу тәртібі қатаң бақылауға алынады. Мұндай науқастар  ауруханадан жазылып шыққаннан кейін де бұл дерттен құлантаза айығып кеткенше жалпы денсаулығын бұрынғы қалпына толығымен келтіріп нығайту үшін ұдайы невропотологтың бақылауында болып, мерзімдік емдеуден өтіп тұру керек, сонымен қатар, қажет болған жағдайда, арнайы психоневрологиялық санаторияға жылына бір рет барып денсаулығының даму барысын тексеріп қаралған орынды.

        Ми зақымының зардабынан болатын астениялық, яғни, нервтік- психикалық процестің даму барысын жалпы әлсіздендіретін синдромда, әсіресе, дене еңбегімен көбірек шұғылдануға және демалыс уақытын дұрыс пайдалануға ерекше көңіл бөлу қажет. Астениялық синдромға шалдыққан балалар жалпы мектептің бағдарламасымен оқуын ойдағыдай жалғастыра берулеріне мүмкіндіктері болады. Олар тек өздеріне ғана арналған арнайы ереже кестесінің шеңберінде оқып және үнемі дәрігер мен педагогтың бақылауында болу керек. Негізінде дұрысы, жалпы мектепте оқитын мұндай балаларды жеңілдетілген бағдарламамен оқытқан жөн. Таза ауада көбірек жүріп серуендеудің және үй шаруашылығының жұмыстарында ата- аналарына болысып, қолғабыстарын тигізудің және дене шынықтырумен айналысудың және қолөнері еңбегімен шұғылданудың нервтік- психикалық даму процесінің жалпы әлсіздігін қалпына келтіріп нығайтуға беретін жәрдемінің маңызы өте зор. Сонымен қатар мұндай балалармен  әңгімелескен кезде олардың айығып кететіндеріне көздерін жеткізіп үміттендіруге және келешектеріне сенімдерін арттырып ынталандыруға тырысып, «жақсы сөз жан сауықтырады» дегендей, әзіл- қалжыңмен көңілдендіріп сөйлегеннің де  мұндайда шипасы тиеді. Егер нервтік- психикалық симптомымен қоса оған ми қыртысы зақымының асқынуы қабаттасқан жағдайда баланың танымдық қызметі қатты бұзылады. Мұндай баланы дәрігердің ұсыну кеңесімен арнайы мектеп- интернатқа орналастырады.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2014-12-29 19:52:19     Қаралды-6706

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »