UF
Загрузка...

 

Әдебиеттің халықтығы

     Әдебиет-ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы; шығарма арқауы-шындық. Жазушы өмір құбылыстарын өзінің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды, оны өмір сүріп отырған қоғамдық орта белгілейді. Ол өзі қаласын, қаламасын-бәрі бір белгілі бір «таптың көзі, құлағы мен үні» (М.Горький). Демек, әдебиет-таптық.

     Әдебиеттің таптығы әдеби шығармадағы шындықтың шынайылығына, қаламгердің шеберлігіне тікелей байланысты.

     Әдебиеттің таптығының жоғары түрі-әдебиеттің халықтығы.

     Әр ұлттың тарихи тағдырына сай, туған топырағына, өсіп-өркендеген табиғи ортасына лайық мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, салт-санасы қалыптасатыны мәлім. Мұны бәрі әр ұлттың зіне тән өзгешеліктерін-сыртқы түріндегі ғана емес, ішкі сырындағы айрықша сипаттарын белгілейтіні хақ. Дегенмен, ұлттық сипат халықтық сипатқа нық байланысты бола тұра оған дәлме-дәл келе бермейді, оған балама бола алмайды, оның орнын ауыстыра алмайды. Ұлттықтың ең таңдаулы сипаттары ғана-халықтық

     Ілгерішіл әдебиет пен өнер-әрқашан өмірдің мектебі; шындықтың шежресі, сәулетті болашақтың болжаушысы.

     Өнердің кәусар туындысы халық мірінің терең және мөлдір қайнарынан шымрлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады.

     Халықтық-әдеби шығарманың терең мазмұнында жатқан түсінік. Халықтық шығарманың тақырыбынан, белгілі бір тақырып арқылы автордың алға қойған мақсатынан дамып, көркемдк шешімге дейін баратын, геройдың мінезін, дүниетанымын, іс-әрекетін қамти келе автордың тілі мен стиліне, бағыты мен әдісіне, эстетикалық идеалына көшетін ұғым.

     Халықтық сипат ең алдымен белгілі бір көркем шығармада бүкіл халықтық мәні бар мәселенің сөз болуында жатады. Мысалы, Абай өзінің бүкіл ақындық өнерінің өн бойында туған халқы үшін заманның ең келелі мәселелерін көтеріп отырды. Ұлы ақын биік эстетикалық идеал тұрғысынан өзі өмір сүрген қоғамдқ ортадағы керенаулық пен кеселді, оспадарлық пен опасыздықты сынау арқылы қазақ даласындағы феодализмнің дағдарысын көрсетуі-бүкілхалықтығының бір жағы.

     Халық не үшін маңызды мәселені көтеру бар да, оны халық тұрғысынан шешу не шешпеу бар. Демек, халықтықтың екінші шарты-көркем шығармада суреттелегн шындық алға тартқан келелі мәселені халықтың мақсаты мен мүддесіне сай шешу. Ұлы ақын өзінің барлық көркем туындылары арқылы оқушы алға, арманға бастады, жарқын келешекке шақырды. Жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа сүйіндіре отырып биік мұратқа жетелейді. Абай халықтығының екінші жағы осында жатыр.

     Нағыз халықтыққ шығарма халыққа жетімді, түсінікті болуы шарт. Талант неғұрлым ірі болса, соғұрлым қарапайым болатыны, көркем  шығарма неғұрлым шебер жазылса, соғұрлым ұғымды болатыны мәлім. Абай шығармалары қарапайым халыққа да, ойшыл ғалымға да бірдей ұғынықты, екеуіне де әсерлі.

     Сонымен, әдебиеттің халықтығы-оның халықтық ірі мәселелерді халыққа түсінікті түрде, халық мүддесіне сай көркем шешуі болып табылады.

     Осындай көркем шешімі өте сәтті шыққан бірегей туынды-М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы.

     Мұндағы Абай образының осылай саңлақ шығуының басты себебі-оны халық өмірімен байланысты, халықтың жақсы дәстүр, қасиеттерін бойына сіңірген және заманның озат, жаңашыл идеясы тұрғысынан еңбекші бұқараның «жоғын іздеген» қайраткер етіп бейнелеуінде.

     Абай жолы-халық жолы, халық жолы-Абай жолы. Осы тамаша бірлікті тарихи шындыққа сай және асқан көркемдік шеберлікпен көрсету М.Әуезовтің ұлы творчестволық жеңісі болып табылады.

     Романның бірінші бетінен соңғы бетіне шейін алдымен терең ақындық сыр шертіледі, ақындық үн, әуен естіледі, ырғақ сезіледі-…ақынның барлық бастан кешкен арман-мүддесі, қуаныш-сүйініші, қайғы-қасіреті, тоғаныс-тебіренісі өз басыңнан өткендей әсер аласың. Оның сыры, үні, лебізі жүрек пен құлақтан мәңгі үзілмейтін тәрізді…

     Абай образының тағы бір маңызды ерекшелігі-оның интеллектілік қасиеті. М.Әуезовтің көрсетуінде есейген Абай-ақындығымен бірге білімді, парасатты философ адам. Ұлы ақынның бұл қабілеті оның әрбір қадамынан көрінеді. Не нәрсенің терең сырын, мағынасын, себебін түсінуге тырысу, не істесе де сол істің байыбына барып, пайымдап, топшылап алып іске кірісу, айтыс-таластарға логиканы қару ету, халқының қадірі және болашақ тағдыры туралы шексіз толғану, өлеңдерін ұдайы философиялық, даналық ой-пікірлерге негіздеу-осының бәрі Әуезовтің шебер суреттеуінде ұлы Абайдың бойына жарасқан.

     Романның жан толқытарлық, керемет көркемдік қасиеттері, шындықты суреттеу шеберлігі, өмір құбылыстарын аам характері арқылы терең де толық бейнелеуі оның шынайы халықтық шығарма екендігінің айғағы.

     «Абай жолы»мынандай бір түйінді пікірдің дұрыстығына айғақ бола алады: нағыз ұлттық, шынайы халықтық шығарма екендігінің айғағы.

     «Абай жолы» мынандай бір түйінді пікірдің дұрыстығына айғақ бола алады: нағыз ұлттық, шынайы халықтық шығармаға ұлттық шағындық, үстірттік сықылды ұғымдар мүлдем жат. Нағыз ұлттық шығарма өзінің идеялық және эстетикалық ықпал,әсерімен жалпы интернационалдық рухта қызмет ететіні ақиқат.

     Сол себепті қазақ халқының ұлттық топырағында туған және халық рухынан нәр алған көркем эпопеясы дүние жүзінің барлық халықтарына бірдей ұғымды да түсінікті.

     Қысқасы, эпопея әдебиеттің барлық жанрынан да жетілген жазушының серпінін танытқандай. Біресе лирик ақынның риясыз таза көңілінен ақтарылған нәзік жүрек сырын, біресе эпик әңгімешінің шымырлаған дария ағысындай шалқи толқыған сабырлы хикаясын, біресе, жалынды драматургтің от шашып түтіккен өткір де уытты диалогін кездестіресіз, біресе туған дала табиғатының әр мезгілдегі құлпырған көп бояулы көріністерін суреттейтін тамаша пейжаз картиналарды көресіз, біресе эпопеядағы есебі жоқ көп, ала-құла адамдардың әрқилы характерлерін, аз сөзбен қысқа қайырып, шебер түйетін дәлме-дәл мінездемелерді табасыз. Байқағыштық, көрегендік, сол байқап көргендерінің ішінен ең маңыздысын, түйіндісін тауып, саралап ала білушілік суреткерге ең қажет қабілет. Дүниетанымы терең, өміршындығын кеңінен білетін, олданған әдеби әдісі, таланты, шеберлігі бірін-бірі толықтырып тұратын М.Әуезовтей саңлақ суреткер ғана «Абай жолы» секілді халықтық шығарма жаза алады.

     К.Симоновтың сөзімен айтқанда: «Қазақтың ұлы ағартушысы Абай образын романның негізгі өзегі ете отырып, автор сонымен бірге халық өмірінің картинасын және мейлінше жомарт көрсетеді. Абайдың көрегендікпен ұға білуінде жатыр».

 

Көркем бейне және оның жасалу жолдары

     Баяғы Аристотель заманынан күні бүгінге дейін адамнан және оның өмірінен тыс ешқандай сөз өнерінің де, өнер туындысының да болмайтыны дәлелденуде, бұл-дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Өйткені, өнер туындысының бәріне ортақ мазмұн-адамның ойы, арманы, мұраты, құштарлығы; өнер туындысының қай түрі болсын, әрқайсысы өз мүмкіндігінше өмірдегі, қоғамдағы адам тіршілігінің мәні мен маңызын суреттейді.

     Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің келіп құйылар арнасы, әдебиет туралы ғылымының ең басты және негізгі мәселесі-образ және образдылық.

     Әдебиеттегі адам бейнесін жасаудың шешуші шарты-ойдан шығару.

     Ойдан шығару-образға апаратын жол; суреткердің өмірде көрген білгенін ойша өңдеудің, қорытудың, жинақтаудың тәсілі.

Ойдан шығару арқылы жазушы болашақ көркем бейненің эстизін алдымен өзі ойша жасап, көз алдына ойша елестетеді. Суреткердің (көз алдына) өз ойында нақты түрде мүсінделмеген, көз алдына затты түрде елес бермеген бейне оның шығармасында тірі қаһарманға айналуы мүмкін емес. Көркем таланттың айрықша құпиясы мен күйі суреткердің өз жасамақ болған көркем бейненің кескін-кейпін түр-тұлғасын өзінше көре білу қабілетіне осыған орай қиял құпиясына ойдан шығара білу күшіне байланысты.

     Сонымен творчестволық фантазия яғни ойдан шығару шығармада суреттелр шындықтан шалғай жатқан оқыс нәрсе емес сол шындықты сұрыптау саралау тәсілі: шындыққа суарылған адам тұлғасын әрі жинақтау әрі даралау тәсілі образға апарар жол осылай басталады.

Образдың қазақшасы-көркем бейне ең қарапайым мағынасында образ-суреттеу сөз.

     Көркем әдебиеттің оқыған адамды баурап алар, оның жан дүниесіне әсер етер құдіретті күші оның образдылығына байланысты. Мысалы:

                        Күлімсіреп аспан тұр,

                        Жерге ойлатып әр нені. (Абай)

Елсіз жер…еңіреген інген інгенде күй.

Селеулер жел оятқан билеген би.

Аулақта қорқақ қоян зар тыңдаған,

Тұқырып қала берген шеңгел мен ши. (І.Жансүгіров)

Суреткердің шеберлігінің арқасында жансыз табиғатқа жат бітіп тұрғандай!

          Түп төркіні бейнеден, суреттен шыққан әр сөз өзара қатар түзеп, тіркес құрағанда осылай қиял жетпес қызық айнаға ұқсап, оның бетіне ақиқат ындықтың өзгеше айшық өрнегі, сурет-сәулесі түскендей болады.

                             ҚызЖібектің ақтығы,

                             Наурыздың ақша қарындай.

                             Ақ бетінің қызылы, Ақ тауықтың қанындай.

                             Екі беттің ажары,

                             Жазға түскен сағымдай.

                             Білегінің шырайы,

                             Ақ балтаның сабындай

                             …Оймақ ауыз,құйма көз,

                             Іздеген ерге табылды-ай!

Мұндай жан тебірентетін әсерлі бейне ауыз әдебиетіне жарасып тұр. Ал қазіргі жазушы өзі суреттеп отырған әйелдің бейнесін жоғарыдағыдай бейнелесе күлкі болар еді.

          Сөз өнеріндегі сұлу нәрсе-қайталанбайтын нәрсе. Бейненің сұлулығы оның жаңалығында болса керек. Мұндай сұлулыққа деталь арқылы жетеді.

          …Әдебиеттегі деталь-суреткердің шабытты еңбегінің нәтижесі, аса сирек ұшырасатын сәтті табысы. Мұнда аз ғана сөз айқын суретке айналады да, шалқар шындықты танытады, көл-көсір мағынаға ие болады, сол арқылы оқырманды қызық сезімге бөлеп, қызықтыра жжетелеп әкетеді.

          Ә.Нүрпейісовтің «қан мен тер» романында мынадай бір штирх бар: «Ауылына келген кісіге баласын бұрын итін мақтайтын Абыралы әулетінің ежелгі бір әдеті бар еді» Осы сөйлемге бүтін бір рулы бай ауылдың парықсыз, даңғаза мінезі сыйып кеткен.

          Детальдың басты бағалылығы-дәлдігінде. Дәлдік дегеніміз-шындыққа жанасымдылық. Демек, сөзбен суреттеліп отырған бейне тура тірі жандай әсер етіп, оқып отырған шығарма енжар қалдырмай еліктіріп алса, детальдың дәлдігі дегеніміз оыс.

          Мыс: «Ақбала ұйып тыңдады. Ырза болғаны соншалық, бір рет, тіпті күйеуінің көзінше қонақ ігітің қолынан кесені алып жатып, оған көзін тоқтатып анықтап қарады. Кесеге созған қолы да дастархан үстінде асылған қалпы іркіліп тұр. Оны өзі де әбестеу сезді. Және күйеуінің шытына қалған түрін байқады ма, кенет қызарып кетті». (Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер»)

          Осы үзіндіде бір үйдегі үш адам, үш адамдағы үш түрлі сезім:  «Тәңірбергенде құмарлық, Еламанда қызғаныш, Ақбалада қызығу» сезімдері, яғни адам жанының жай көзге байқала бермейтін нәзік иірімдері әсем әрі әсерлі аңғартылып отыр.

          Қағаз бетіндегі қарапайым сөздерді сырлы суретке айналдырар, сол арқылы суреттеліп отырған құбылысқа эмоциялық жылылық, эстетикалық күш дарытар деталь дегеніміз осындай болады.

          Адамның ішкі тұңғиық тереңін, адам психологиясының көзге ілінбес нәзік қалтарыстарын, адамға тән құштарлық қиын құпиясын жарқ еткізіп ашып, көз алдыңа елестету-кез келген суреткердің қолынан келмейді.

          Әдебиеттегі адамның ішкі болмысы тек мінездеу, я болмаса күйініш-сүйінішін суреттеу жолымен ғана жасалмайды, оның өзін сөйлету арқылы да танытуға болады. Өйткені, әркімнің сөйлеген сөзінен оның бүкіл ішкі жан сарайы, өзіне тән психологиялық өзгешелігі-ақылы, ойы, сезімі, ұғымы, нанымы, танымы, білімі, мәдениеті т.б. анық байқалады.

          Образдың жасалу тәсілдеріне лайық образдаудың түрлері туады. Образдаың жасалу тәсілдерінің әр алуандығы сияқты, оның түрлері де әр алуан. Көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ екі түрлі: роматикалық образ, реалистік образ. Әдеби тек тұрғысынан келгенде, образ үш түрлі: эпикалық образ, драмалық образ. Ал жалпы жасалу тәсілдеріне бақсақ, образ тағы да бірнеше түрді болады: юморлық образ, сатиралық образ, фантастикалық образ, трагедиялық образ. Геройлық образ т.б.

          Әдебиеттегі көркемдік әдістер мен ағымдарға кейін тоқталамыз, сондықтан сол әдістерге орай романтикалық және реалистік бейнелер жөнінде кейін сөз етеміз.

          Эпикалық образ-әрі нақты, әрі затты тұлға, кәдімгі тірі кісідей сөзін құлақпен естуге, мінезін ұғуға, қимылын бақылауға болатын, бүкіл өмір жолын бар бұралаңымен байққауға, өскен ортасын барлық ойы-қырымен байыптауға болатын күрделі, кесек қаһарман.

          Лирикалық образ-сыршыл өлең-жырлардағы ақынның өз бейнесі; оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл-күйінен нәзік сыры мен салқын сезімін өріліп жасалған өзгеше кейіпкер.

          Эпикалық образ нақты болса, лирикалық образ-шартты.

          Драмалық образ-өмірдің өз аясында-сахнада көзбе-көз, қолма-қол жасалатын көркем бейне. Драмалық образдың эстетикалық және тәрбиелік мәні орасан үлкен, әрі күшті. Драмалық образдың эстетикалық және тәрбиелік мәні орасан үлкен, әрі күшті. Драмалық образ оймен қатар іске, сезіммен бірге қимылға құрылады.

          Юморлық образ-күлкілі кейіпкер, юмор-өмірдегі кісі күлерлік құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі-өмірдегі ескі мен жаңаның арасында болып жатқан күрестің жауынгерлік құралы. Юморда күлкілі құбылыстардың ең бір зілсіз, зиянсыз түрлері алынады, мұндағы күлкі-әзіл; ал әзіл келемежге айналса-ирония, келемеж ащы мысқылға айналып, сын үдей түссе-сарказм болғаны.

          Қазақ әдебиетінің тарихына үңілсек, баяғы Қожанасырдың күні кешегі Мырқымбайға дейін талай юморлық тамаша образдарды атауға болады. Мұндай образдар арқылы суреттеп отырған өміршындығын жинақтайды, адам мінезін ашады, әдеби бейнені даралайды. Сонымен қатар мұндай жағдайда күлкі оқырманға айрықша әдемі әсер етеді, көркем шығармаға өзгеше эмоциялық жылылық әкеледі, жайдары шырай береді.

          Сатиралық образ-ұнамсыз тип. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің алдында қағып сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді. Өмірдегі келеңсіз құбылыстарды аяусыз сынап, адамдарды ілгері басыуға, кедергіні жоқ етуге жұмылдырады. Сатира да күлкіге құрылады, бірақ мұндағы күлкі жай әзіл, әжуа емес, ызалы күлкі. Юморда түзеу мақсаты жатса, сатира да жою, жоқ қылу мақсаты жатады.

          Адам өмірінен күлкіні бөлуге болмайтыны секілді, әдебиет пен өнерден юмор мен сатираны да бөлуге болмайды.

          Сатира-халықтың рухани күші мен қуатының кепілі.

          Фантастикалық образ-қиялдан туған қаһарман, адамның ақиқатқа ұқсас арманында бедерленген бейне: әдебиеттегі адам образының бағзы замандардан күні бүніге дейін келе жатқан көне түрлерінің бірі.

          Сөз өнерінің ең байырғы түрінің бірі ертегі десек, оның қиялға негізделетіні, ертегідегі адам бейнелерінің көбінде қиял-ғажайып сипат болатыны мәлім. Бұл фантастикалық образдың көнелігіне дәлел. Трагедиялық образ-әдебиетте тым әріден келе жатқан бейнелерді. Трагедия қатерлі нәрселер қайғы, қорқыныш, қаза түрінде көрінеді. Трагедиялық қаһарманның өмірі көбіне өліммен аяқталып отырады. Өйткені, оның айқасқан жауы өзінен күшті, әлеуметтік қиянат адам еркінен тыс үлкен. Сондықтан да қаһарман-халықтың алыс арманы, асыл мұраттарынан туған тарихи тұлға

Әдебиеттегі геройлық дегеннің өзі-қоғамдық, адамдық биік мақсат жолындағы өрлікпен ерлікті, қайсарлық пен қаһармандықты жырлау. Адам рухының ұлылылығын қастерлейтін әдебиеттегі  геройлық образ суреткердің ең биік идеалының, яки асыл мұратының көркем жинақталуы.

Геройлық образ-еңбек пен күрес адамының көркем әдебиеттегі ең көрнекті типі, ұлағатты түрі, биік үлгісі.

 

Типтік бейне ерекшелігі

Суреткердің өмір шындығын өз дүниетанымы тұрғысынан белгілі бір уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап-тану, таңдап іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы, даралуы типтендіру болып табылады.

Демек, типтендіру-мөлшерлі «сфераға» енетін, өлшеулі «формулаға» көнетін әрекет емес, ақиқат өмірдегі тірі кісілерден әдеби шығармадағы жанды бейнелер туғызудың аса қиын, күрделі және әрқашан тың, тынымсыз харекеті. Суреткер өзі жасаған көркем бейненің құны мен қасиетін оның өмірдегі жанды дерегіне қарап белгілейді. Жазушының тип жасау үстіндегі көңіл аударатыны-типтілік туралы «қисын» емес, тірі мүсін-прототип. Суреткер бір типті бірнеше прототиптен жинақтап жасайды.

Шындық құбылыстарды типтендіре жинақтау арқылы суреткер болашақ образдың немесе типтің жалпы бітімін, тұлғасын қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Әрбірәдеби тұлғаны өз ортасынан адам ретінде бөлек, оқшау танытып тұратын, тек оның өзіне ғана тән, өзгелерде жоқ және қайталанбайтын психикалық ерекшеліктері болуы шарт. Суреткердің өмір шындығын жинақтау әрекеті әрқашан оның адам мінезін даралау әрекетімен ұласып, ұштасып жату себебі де сондықтан деп түсіну керек.

Мінез-адамның ішкі болмысы. Белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы.

…Нағыз суреткердің қолынан шыққан әрбір әдеби тип әрі әбден жинақталған, сондықтан өзінен өзге ешкімге ұқсамайтын жалқы тұлға. Демек, типтің түрі мен мазмұнында «жалпы» мен «жалқының» бірлігі жатыр.

«талантты жазушының әр образы-тип» дейді Белинксий.

Көркем әдебиеттегі типтік образдарға қарап отырып белгілі бір уақыт пен кеңістіктегі қоғамдық дамудың негізгі және шешуші тенденциясын байқауға болады. Мысал, қазақ қоғамының өткен ғасырдағы ұнамды қасиеттерінің бір алуанын М.Әуезов Абай тұлғасына жинақтап, тұтастыра танытқан десек, осындай С.Мұқанов Асқар образы арқылы көрсетті, Ғ.Мұстафиннің мейрамы-адамдардың елімізді индустрияландыру кезіндегі елеулі ерекшеліктерін тұтастырылған тұлға болса, Ғ.Мүсіреповтің Қайрошы-адам рухының соғыс жылдарындағы лап еткен айрықша бір көрінісі секілді.

Бұлардың әрқайсысы әр тұстың типтік тұлғасы, өзгеге ұқсамайтын тек өздеріне ғана тән өзгеше мінез-құлық, іс-әрекет, болмыс-бітім бар. Десек те осыларда рухани ұқсастық, парасат тұтастығы бар.Бұл-адамдық рух тұтастығы, қоғамдық, даму толассыздығы.

Көркем әдиеттегі жинақтау типке әкелсе, даралау-мінезге әкеледі. Образ осылай туады. Демек, мінез—адамның ішкі бітімі болса, тип-сом тұлғасы.

 

 

Көркем бейне жасаудағы негізгі тәсілдер

Әдебиетте адам образын жасаудың жолдары мен тәсілдері көп және әр алуан. Жазушы шын мәніндегі шебер, зергер болса, сонда ол қолданған әрбір амал адам образын ашуға қызмет етеді.

Оқырман өзі оқыған белгілі бір көркем шығармадағы  геройлардың мінезінбіліп, сөзін ести тұра оның сырт пішінін, кескін кейпін де көргісі келеді. Міне, осыдан барып портреттік тәсілдің қажеттілігі пайда болады.

Бейнелеу өнеріндегі портрет өзгермейді де қозғалмайды, қашан көрсең де бір қалыпта тұрады.

Ал сөз өнеріндегі портрет, керісінше, бір қалыпта тұрып қалмайтын, өзгеретін, қозғалатын жанды келбет, тірі кескін. Сонымен, тпортрет дегеніміз-(франц. Рогtrait-бейнеленген)-кейіпкердің сырт көрінісін, кескін-кейпін, бой-тұлғасын суреттеу. Кейіпкердің мінез-бітімін, характерін неғұрлым толық ашып көрсету үшін оның портретін мүсіндеудің де үлкен мәні бар. Сондықтан кейіпкердің характерін әр түрлі жағдайда, күрес тартыс үстінде оның басқа адамдармен қарым-қатынасы, өзінің әрекет-қимылдары, істеген істері арқылы айқындай отырып, жазушы портреттік сипаттауға да көңіл бөледі. Жазушы негізгі қаһармандардың келбетін, бой-тұлғасын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін есте қаларлықтай етіп, әсерлі бейнелеге мәен береді. Мыс: «Абай жолы» романында Тоғжанның портреті былай суреттеледі: «сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кететепін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшәт бөрік, білек толы неше білезіктері-баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабатын жетдеттей.

Тоғжан үйдегі сөзге құлақ салып, не күліп, не қымсына, сұлу қастары бір түйіле түсіп, бір жазылып толқып қояды. Елбіреп барып дір еткен қанат лебіндей. Самғап ұшар жанның жеңіл әсем қанатындай. Биікке, алысқа мегзейді. Абай көпке шейін Тоғжан жүзінен көзін ала алмай, телміре қарап қояды».

Жазушы іс жүзінде кейіпкер мінезін әр түрлі тәсілмен жасайды. Соның бірі тура мінездеу. Мысалы: Ә.Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Ақбаланың әкесі Сүйеуді былай суреттейді: «Сүйеу-ел ішіне сыйымсыз, тікбақай, тентек шал. Өз үйінде да жыландай ысқырып отырады… Бір ғажабы, осы қытымыр, қатал шал дегенде Еламанның жаны жоқ. Еламанға Сүйеу қарттың да ықыласы басқа. Күйеу баласын «балықшы» деп атап, оған айтқан бар сөзін әзілге шаптырып, осқырынып күліп отырады. Жақсы көріп, әлде шыныменен жек көріп, кекетіп отырғанын айту қиын». Бұл-тура мінездеу, Сүйеудің осы мінез-құлқы шығарманың өн-бойында бұлжымай, айрқша сипатта қалады.

Тағы бір тәсіл-жанама мінездеу. Мұнда жоғарыдағыдай төтеден сипаттау болмайды. Жазушы мінез-құлқын, әдет-ғұрпын анықтағысы келген жеке адамның немесе бір топ адамның өзі емес, соның қатысы бар өзге заттарды суреттеу арқылы әлнігің өз құлқын не ғұрпын айқындайды. Мысалы: Ғ.Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгімесінде» ең қадірлі қонақ қабылдайтын үлкен үйінің сиқын суреттеу арқылы Жаңбыршы аулындағы бір рудың мінезін аңғартады. Мұндай мінездеу жанама мінездеу деп аталады. Әдебиетте адамның көркем бейнесін суреттегенде, жазушы оның кескін-тұлғасын, іс-әрекетін, мінезін сол ортаның, дәуірдің өзгешеліктерін танытатын типтік сипаттармен қатар өзінің басына ғана тән ерекшеліктерді анық байқалатындай етіп көрсетеді. Бұған суреткер кейіпкерді сөйлету арқылы қол жеткізеді. Кейіпкер тілі арқылы оның психологиялық ерекшелігі, өзіндік бет-бейнесі ашылады. Оның сөйлеген сөзінен өзінің қандай екені байқалып тұрады.

Көркем бейнені жасауда психологиялық параллелизм тәсілі де жиі қолданылады. Мұнда адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып көрсетуге айрықша мән беріледі, екі нәрсені қатарластыра, жанастыра алып бейнелейді. Екі түрлі ұғыды білдіретін тіл элементтері бір-біріне әсер етіп, тұтас поэтикалық бейне тудырады.

                   Көкала бұлт сөгіліп,

                   Күн жауады кей шақта

                   Өне бойың егіліп,

                   Жас ағады аулақта.

                   Жауған күнмен жаңғыртып,

                   Жер көгеріп, күш алар.

                   Аққан жасқа қаңғырып

                   Бас ауырып, іш жанар. (Абай)

Ақынның адамның көз жасы мен жаңбырды айта отырып ой түйген. Өлеңдегі егіз суреттемелердің әсері күшті.

Диалог-(грекше-dialogos)-әдеби шығармада екi кейiпкердiң, немесе бiрнеше түгелдей дерлiк диалогқа сөйлестiруге құралады.

          Диалог кейіпкерді жай бірінен кейін бірін сөйлете беру емес, ол сөйлесетін адамдардың қарым-қатынасының қалай шиеленісіп, қалай өзгеріп, өрістеп отыранытына сәйкес беріледі. Және бір кейіпкердің айтатын сөзі түрткі болып, келесі сөйлеуші жауап қайыра сөйлейді. Әрбір мағынасы жағынан тиянақты диалог кейіпкердің мінез-құлқын тағы да бір қырынан ашып көрсетіп, олардың қарым-қатынасының бұрынғы қалпынан өзгеріп, жаңа сатыға бір көтерілгенін танытады. Сөйлескен кейіпкерлердің сөздері шығармадағы тартыс-қақтығыстардың шиеленісіп-өрістеумен осылай тығыз ьайланысты болып келмесе, онда диалог ширақ, тартымды болмайды. Әсіресе кейіпкердің қиын, қысталаң жағдайда, қандай әрекет жасайтынын көрету үшін диалогтың, яғни олардың қайсысын қалай сөйлетудің мәні зор. Диалог арқылы кейіпкерлердің ішкі сыры аңғарылады. Яғни, әр кейіпкердің сөз саптауынан, оның ой-толғанысынан, сөйлеу өзгешелігінен жан дүнеисі айқын елес береді. Жазушының шеберлігі де оның әр кейіпкерді мінез-бітіміне, ой-өрісіне орай сөйлетуінен көрінеді. Сондықтан мағыналы диалог, кейіпкерлерді сөйлестіре білу шеберлігі әдеби шығармада халықтың тіл байлығын мол пайдаланып, орнымен қолданудың ұтымды тәсілдерінің бірі Б.Майлиннің «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңі сұрақ-жауап түріндегі диалогқа құрылған.

          Осы шағын диалогтан қоғамдық өмірдің үлкен шындығын, әлеуметтік жағдайдың, адам тіршілігінің зор өзгерісін анық байқауға болады. Сонымен бірге өлеңдегі кейіпкердің әр кезеңдегі хал-ахуалын, жай-күйін, бай кезіндегі бұрынғы астамшылығы мен бүніггі жаңа өмір орнағанда басынан дәурені өткенін, яғни мүсәпір халін көреміз.

          Монолог-(грекше-monologos, mono-,сөз logos-бір) драмалық шығармадағы, сондай-ақ басқа әдеби шығармадағы кейіпкердің ішкі көңіл-күйін білдіретін толғау сөзі: кейіпкерді сөйлету тәсілі.

          Монолог кейіпкердің өзімен-өзі сырласқандай, ойланып-толғанғандай болып айтатын сөзі. Басқа біреу ол сөзді естімейтіндей болса, жауап қайыру деген болмайды, бірыңғай бір кейіпкердің сөзі ғана беріледі. Монологтың мағыналылығы-сол адамның ішкі сырын, көңіл-күйін, психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологта кейіпкердің түйінді ой-тұжырымдары айтылып, оның тағдырына бай маңызды кезеңдегі жай-күйі, айқын аңғаылады. Мысалы: А.С.Пушкиннің «Борис Годунов» атты трагедиясындағы Годуновтың монологтары осындай.

          Лирикалық шығармадағы монологтың тамаша үлгісі ретінде Абайдың «Болыс болдым, мінеки» атты өлеңін арнайы айтуға болады. Ал көркем қара сөзден М.О.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың монологтары ауыз толтырып айтарлықтай.

          Адамның әлдебір күйініш-сүйінішін, кескін-кейпін, қимыл-әрекетін суреттеу оның өз сөзін немесе өзгемен сөйлесуін келтіру, тіпті түрліше табиғат көріністерін суреттеу..-осылардың бәрі, сайып келгенде, әдебиеттегі адамның сыртқы түрін анықтап, ішкі сырын ашу үшін, яғни көркем бейнені жан-жақты сомдау үшін керек тәсілдер .

 

 

Тақырып пен идея

          Мазмұн мен пішіннің байланысы секілді тақырып пен идея да әрқашан бірлікте болады. Идеясыз, тақырыпсыз идея болуы мүмкін емес.

          Тақырып-жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея-жазушының сол өзі суретеп отырған өмір құбылысы туралы айтқыс келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы.

Шартты түрде шығарманың тақырыбы-сауал десек, идеясы-жауап деуге болады. Сонда бір сауалдың  бірнеше жауабы болатыны секілді, бір тақырыптан бірнеше идея тууы мүмкін.

Әрбір әдеби шығармада көркем шешімін тапқан идеяның терең тамыры сол шығарманы жазған суреткердің дүниетанымында әлеуметтік көзқарасында жатады. Сондықтан, бір тақырыптың өзінен дүниетанымы әр түрлі суреткерлердің әрқайсысы әр түрлі идея туғызады. Әр жазушы бір тақырыпты әр қырынан жарқыратып ашып, оған әрқашан жаңа мазмұн мен пішін бере білген.

Бір әдби шығармада бір ғана тақырып пен идея болуы шарт емес. Шағын көлемді шығармаларда солай болуы мүмкін, ал көлемді кесек шығармаларда, әсіресе, эпикалық туындыларда негізінің күрделілігі, яки көп проблемалылығы деген осы. Мысалы: «Абай жолының» бас жағында оқудан елге оралған шәкірт Абайды суреттеген эпизодтарды еске түсірейік. Осы эпизодтарда тақырыбы (туған жер), идеясы (сағыныш); тақырыбы (ана), идеясы (мейірім), тақырыбы (әке), идеясы (қаталдық) т.б. осылайша әрқайсысы бір тақырып пен бір идея құрап, өзара тұтасып, өрби береді,

Алайда көркем шығармадағы тақырыптар мен идеялар қанша көп болғанмен, олардың бәріне ортақ желі, бәріне дәнекер бірлік болады. Ол-идеялық бірлік.

Бір шығармадағы бірнеше және әр алуан жеке тақырыптар мен идеялардың басын қосып, бір арнамен өрбітіп тұрған бірегей, өзекті мәселені негізгі идея дейміз. Демек, шығарманың негізгі идеясына айналған өзекті мәселе ондағы өз бетімен жеке-жеке өрбіген өзге мәселелерді жоққа шығармайды, қайта өзі солардан тұтасып құралады, керісінш, жеке мәселелер өзекті мәселені әлсіретпейді, қайта толықтырады.

Таланттың күші, талантты шығарманың оқырманды баурап әкететін құдіреті негізгі идеяда жатады. Бұл-көркем шығармадағы негізгі идея арқылы оқырманға ықпал еткен жазушының тенденциясы.

          Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,

          Дарқандықты қазаққа дала берген секілді.

          Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді,

          Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді,

          Мың бұралған тағдырд жолдан алған секілді,

          Мейірбанды күлкіні күннен алған секілді. (Қ.Мырзалиев)

Осы өлеңде халықтың тамаша қасиетін, табиғаттың өзіндей табиғи мінезін танытатын ірі идеяны автор жалаң уағызбен емес, өзінің шындықты суреттеу тенденциясымен ұқтырып отыр. Демек, жақсы шығарманың тақырыбы жақсы идеядан туады.

Жазушының ойы әрқашан өзгеріссіз көркем идеяға айнала қоймайды. Осыдан барып әр шығармадағы авторлық және обьективтік идеяла туралы ұғым туады. Авторлық идея-суреткердің о бастағы ой өзегі; обьекивтік идея-нақты шағырмадан туатын мақсатты нәтиже.

Тақырып пен идея-әдеби шығарманың мазмұнды болу қажет. Әрбір қалам иесі шығармаларының тақырыбын байыту үшін, алдымен, өзінің өмір тәжірибесін байыта түсуге тиіс.

Автордың өмір құбылыстарын, жекелеген оқиға, жағдайларды қалай іріктеп, реттеп көрсетуінен халын қалай сезінуден, соларды бейнелеу қалпынан жазушының сөз болып отырған мәселелерге қатынасы көзқарасы аңғарылады. Идея дайын күйінде, өзінен-өзі бадырайып көрініп тұрған қорытынды пікір деп түсінуге болмайды. Өйткені шығармада айтылатын идеяны оның бүкіл өн-бойынан, бүкіл мазмұн-мағынасынан, ондағы уақиғалардан немесе кейіпкер тағдырынан, барлық бейнелілік, суреткерлік қасиетінен танимыз. Шығарманың идеясы тек дәлдеп сөзбен айтып берелік түйін-пікір емес, әдеби туындының барлық мазмұн-байлығы, көркемдік қасиеті арқылы бізге күшті әсер ететін идеялдық қуаттылығы. Шығарманың негізгі идеялық бағыты бөлшек-бөлшектерінен де, сипат-өзгешеліктерінен де, бейнелік қасиеттерінен де сезіліп тұрады. Бірақ шығармаға тән идеялық, мағыналық өзгешелік жекеленген сөз, көркемдік құрал, суреттеу тәсілінің аясында бір қырынан ғана аңғарылады да, көркемдік құрал, суреттеу тәсілінің аясында бір қырынан ғана аңғарылады да, көркем туындының тұтас тұлғасын көптеген бейнелеу амал-тәсілдерінің, бедер-бояуларының өзара жүйелі жалғастығы арқылы мейлінше толық көрінеді.

Тағы бір ескеретін жағдай-баяндалп отырған уақиғаларға, суреттелген кейіпкерлерге өзінің көзқарасына, беретін бағасын автор кейде туралап айтып, айқын білдірсе, кейде шығармада әр түрлі күрделі оқиға, жағдайлар баяндалып, бірақ ешқандай дайын шешім, кесіп айтылған түйін болмауы мүмкін. Бірақ осының өзі оның пікір айту немесе айқын жауап беруден бас тартуы емес, өзінше көркемдік тәсіл деп түсінген дұрыс. Мұндай тәсіл кейде оқырмандарды толғандырып, оның өмірдегі күрделі мәселеге өз тарапынан жауап іздеуіне түрткі болу мақсатынан туады.

Идея көркем туындының өн бойына, бар бітім-болмысына ажар беріп тұрады. Идеясы терең, өткір ой-сезімге толы шығармада әр бейне, әр сөз идеяның, ой-сезімнің қуатымен нәрленіп тұрады.

Айтатын ой-пікірі құнсыз, солғын, сезімге әсер етер күші әлсіз шығармада көркемдік түр, көркемдік қасиет болуы мүмкін емес. Өйткені, оның шығарманың құрылысы, сыртқы түрі, олардың жеке бедер-белгілері-бәрі де өңсіз, әсерсіз сезіледі. Шығармада бастан-аяқ үзілмей, тұтасып тұрған жарастық-гармония, мазмұн мен түрдің, ой-сезім мен сөз кестесінің білігі жетімсіз болған соң, тіпті жекелей алғанда ұтымды айтылған сөздер, қисынды суреттелген бейнелер әр жерде бөлек қалады.

 

 

Көркем шығарманың мазмұны мен пішіні

 

Мазмұн мен пішін бірлігі-көркемдік арты. Мазмұн мен пішін-іргелі философиялық ұғым. Бұл екеуі бір-бірінен айрылмас байланыста, бірлікте болады. Көркем шығарманың күллі құны мен қасиеті оның мазмұны мен пішінінің бірлігінде жатыр.

Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескеретн бір нәрсе-бір мамұнының бірнеше пішіні болатыны. Мысыла, Ұлы Отан соғысының сөз өнерінде әр түрлі пішінде суреттелгенін Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз», Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас», Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясы» атты шығармаларынан аңғаруға болады. (поэзия, проза, драматургия).

Шығарма мазмұнының ұтымдылығы да, оқырманға жетімділігі де оның пішініне байланысты.

Мазмұнға қарағанда, пішін өзгерімпаз болады. Мысалы, махаббат. Бұл-өмірде тұрақты шындық, өнерге мәңгілік тақырып. Бірақ өмірдің осы шындығының өнердег пішіні әр дәуірде әр алуан. Бір мазмұнның өзі әр дәуірде әр түрлі пішінге көшіп отырады. (Қазіргі махаббаты Қыз Жібек пен Төлегеннің сезімдеріндей суретесе, осы дәуірдегі сай келмес еді). Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде ескеретін тағы бір ерекшелік-мазмұнын мен пішіннің тарихи категория екендігі. Әрбір жаңа дәуірде көне мазмұн тың пішін тауып, жаңғырып, жасарып қана қоймайды, әр дәуір өз шындығын, демек, өз мамұнын ала келеді.

Сонымен, әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеніміз-өнер туындысының көркемдігі үшін ауадай қажет жағдай. Көркем шығармадағы мазмұн мен пішіннің бірлігі-оның етене бүтіндігі, эстетикалық бағалылығы.

Қорыта айтқанда, шығарманың мазмұны-оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да, пішіні-әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасына, тағдыр тартысын негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірі өнерге айналдырған ең құралы-суретті сөз, яки көркем шығарманың тілі.

Мазмұн дегеніміз шығарманың өмір шындығын, құбылыстарын бейнелі түрде көрсетіп, ой-сезімге әсер беретін мағыналылығы деуге болады. Шығарманың мазмұны-баяндалған, көрсетілген уақиға, жағдай, өмір құбылыстарының тікелей өзі емес, соның көркемдік крінісі, сөзбен мүсіндеп берілген суреті.

Өмір шындығы әдебиет шығармасындағы көркем шындыққа айналғанда оған жазушының дүниетанымы, көркем ой-сезімі, адамгершілік, азаматтық мұрат-идеалдары келіп қосылады. Шығарманың көркемдік тұлға-пішініне, өрнек-кестесіне, өн бойына қан жүгіртіп, жан беретін, өң нұр беретін идеалық мазмұн-жазушының биік қоғамдық мақсаттарының көрінісі. Әдеби шығарманың көркем түрін (пішінін) оның мазмұн-мағынасынан бөліп қарауға еш болмайды. Шығарманың көркемік сапасы алдымен идеялық мазмұнның тереңдігіне байланысты.

Әдебиеттегі мазмұн мен пішінді белгілі бір көркем шығармадағы затты деректерге көшірсек былай болар еді: шығарманың мазмұны-оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да, пішіні-әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасына, тағдыр тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушның өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы-суретті сөз, яки көркем шығарманың тілі.

 

Тақырып

 

Тақырып-өнер туындысының іргетасы, сондықтан әдеби шығарма туралы сөзді тақырыптан бастаған жөн.

Тақырып-әдеби шығармада сөз болатын негізгі арқауы, айтылатын жай-жағдайлрдың бағыт-бағдары. Шығарманың тақырыбын, яғни не жайында айтылатынын, яки нендей мәселелерді қозғайтынын анықтау сырттай қарағанда оңай секілді. Алайда шығарма тақырыбын айқындауға жеңіл, үстірт қарау дұрыс болмайды. Шығарманы жазудағы автордың ой-ниеті тұрғысынан алғанда, тақырып-алдымен болашақ туындыға арқау болатын мәселелер, қамтитын жағдай, оқиғаладрың, суреттелетін өмір құбылысытарын шеңбер-шегі. Ал шығарманы талдау тұрғысынан қарасақ, тақырып-шығарма мазмұнынының негізгі бір құрамды бөлшегі, айтылғн, суреттелген жағдайлрдың қоғамдқ өмірдегі маңызды мәселелер дәрежесіне көтеріліп, көркемдік шындыққа айналған қалпы. Яғни әдеби шығарманың тақырыптық аясына енген жағдайлар өмірдегі алғашқы өз қалпында қалмайды, жазушының түсінігіне сәйкес тиісті мән беріліп, көркемдік шешімін тапқан сурет-бейнелер, маңызды мәселелер болып шығады. Сондықан тақырыпты анықтағанда тек өмірдегі бар жағдайларды санамалап шығуымен немесе жеке мәселелердің маңыздылығын крсетумен іс бітпейді. Өйткені сол өмір құбылыстарының қай қырынан алынып, қалай бейнеленгенін, қаншалықты ұғымды, әсерлі көркемдік шешім тапқанын айқындаудың мәні зор. Тақырыпты шығарманың тұтас мазмұндық жүйесінен бөліп алып, жекелеп, оқшаулап қарау шартты түрде ғана мүмкін, өйткені шығармада белгілі бір жағдайлар, кейіпкерлер таңдап алынуы, соларға ерекше назар аударылуының өз-ақ жазушның мақсат-нысанасы мен бағыт-бағдарын аңғартады. Осыдан келіп тақырып пен идея деген ұғымдардың жалғастығы көрінеді. Олар бір-бірімен кірігіп, бірін-бірі реңк беріп, қабысып жатады. Тақырыптың қандай көркемдік шешім табатыны шығарманың идеясымен тығыз байланысты.

Жазушы өз шығармасына тақырып етіп өмір құбылыстарын  таңдап алғанда, оларға өзінің бағасын береді; онда жазушының дүниеге көзқарасы, таптық идеялы жатады. Себебі, «Әдебетші-таптың көзі, құлағы мен үні. Өз табының көңіл-күйін, тілегін, қамын, үмітін, құштарлығын, мүддесін, қасиетін қабылдайды, қалыптастырады, суреттейді» (М.Горький). Жазузшы өз шығармасымен өмірге күш қосады, әрине өз табының мақсаты-мүддесіне сай үн қосады. Міне, осыдан келіп әр жазушының әр шығармасының идеясы тумақ.

Қорыта айтқанда, тақырып-жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея-жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы дер едік.

 

Сюжеттен тыс элементтер

 

Композицияның құрамына сюжеттің кезең-кезеңдері ғана емес, сюжеттен тыс нәрселер де кіреді. Солардың бірі пролог (грек сөзі-алғы сөз)-көркем шығармаға кіріспенің бір түрі. Мұнда кейде негзгі сюжетке дейінгі бірнеше оқиға баяндалады, кейде бас кейіпкердің өткен өмірінен бірер көрініс беріледі, кейде автордың көңіліндегі аздаған сыр айтылады. Мысалы: «Шұғаның белгісіндегі» І тарау, бір жағынан прологтың да қызметін атқарып тұр. Екі салт атты бірі-автор да, екінші-әңгімеші Қасымжан. Жол үстінде бірін-бірі ел, жер жайын әңгімелеп келе жатады да, енбі бірде Қасыжанның: «Сол сүрлеумен барып, Шұғаның белгісінен қара жолды қиып аламыз»-деген сөзі автор елең ете қалады.

-         «Шұғаның белгісі» дегеніңіз не нәрсе, тау ма?-дедім.

-         Жоқ, әншейін бір обашық,-деді. Кейін қалып бара жатқан соң, тағы бірр тебініп қатарласып:

-         Шұғаның белгісін сіз білмейтін шығарсыз-ау,-деді.

-         Мен қайдан білейін, бұл жаққа бірінші келуім,-дедім.

-         Білмессіз…сіздер жассыздар ғой,-деді. Маған қрағанда өзі едәуір көпті көрген үлкен адам болып көтеріліп қойды.

-         Сіз білмейтін шығарсыз, жассыз ғой, уақытысында Нұғаның әңгімесін бұл өлкенің баласына шейін біліп болып еді…Өйб шіркін, өзі де Шұға десе Шұға еді-ау!-деді.

Жолдасымның бұл сөзінен мен де Шұғаға ынтықтым. Анығын сұрап білгім келді.

-         Шұғаның әңгімесін айтсаңыз қайтеді, жол қысқарсын,-дедім.

-         Айтайын,-деді

Қара керді тағы тебініп тағы тебініп қатарласты. Жалпылдатып жайылып келе жатқан етегін жинай тақырымына асып, ерніндегі насыбайын ьстап, бір-екі түкірініп алып, ыңғайланып:

-         Бұл қызық әңгіме, тыңдаңыз,-деді.

Пролог, біріншіден, шығармаға әншейін кіріспе ғана емес, шығармадағы көркем шындықты қабылдауға дайындық, оқырманды соған үйіре тартып, баурап алатын суреткерлік тамаша тәсіл; екіншіден, шебер жасалған пролог сюжеттен тыс тұрғанмен, композицияға орнымен орайласатын, жіксіз жымдасатын беташар екенін аңғарамыз.

Пролог әр тұста әр сипатта болған. Мысл, Көне грек трагедияларында көрермен көңілін сахнаға аудару үшін арнау, жарлау түрінде қолданған. Бұл тәсіл қазіргі пьесаларда бастаушы, диктор, ақын сөзімен беріледі.

Пролог секілді сюжеттен тыс элементтердің бірі-эпилог (грекше-соңғы сөз)-көркем шығарманы қорытудың бір түрі: тартыс аяқталып, өзекті оқиғалар біткеннен соң, сюжеттік шешімнен кейін тұрып, басты қаһармандардың одан арғ хал-күйінен қысқаша мәлімет береді де, сол арқылы автордың негізгі идеясын толықтыра, кейде тіпті тереңдете түседі.

Бұған да мысалды «Шұғаның белгісінен» келтірелік:

«Шұғаның өлген орнын көру Әбдрахманға мақсұт болды. Жұрттың «өлді» дегеніне нанбаған секілді. Бәріміз келдік.

Есімбектің үйі қым-қуыт екен. Келе жатқан көп адамды көрген соң, келіндері далаға шықты. Көздері қып-қызыл!..Зәйкүл ымдап шақырады. Қалтасынан алып бір қағаз ұсынды. Хат екенін білдім. Жүрегім елжіреп, жылап жібердім. Әбдірахман да сезіп тұр екен, оңашарақ шығып оқыдық. Әбдрахманның көз жасы сорғалап хатқа тамумен болды. Сондағы Шұғаның өлерде жазған хаты:

…Хаты деген артық жазған ғашық жардың,

Есіңе ал, дұғаңа мен ынтызармен

Қош, сау бол, ойнап-күліп жолығармыз,

Астында ақ туының пайғамбардың!…»

 

 

Сюжет пен тартыс

Сюжет (француз сөзі-зат)-көркем шығарманың   мазмұнын ашып, мазмұнды пішінге көшірудің негізгі жолы. Көркем шығарманың мазмұнындағы түрліше мінездер мен типтендірудің өзара қарым-қатынасынан туған шындық, оқиғалар тізбегі сюжетте адамдар мен заттардың тұтасқан ішкі-сыртқы әрекеті ретінде, қозғалыс, ждаму үстінде көрінеді. Сондықтан болса керек, «сюжет дегеніміз,-дейді Горький,-жалпы алғанда, адамдардың өзара қарым-қатынасы, байланысы, қайшылықтары, жек көру, әр характердің, типтің өсу, жасалу тарихы»

Сюжет өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі. Сюжеттің негізі-өмірлік тартыс, конфликт, кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы қақтығыс. Ол тартыс-әр түрлі адамдардың іс-әрекетіндегі немесе ой-сана, көзқарасындағы қарама-қайшылық. Кейіпкерлердің қақтығысы қалайда қоғамдық өмірдегі күрес-тартыспен абысып жатады, жеке адамдардың іс-әрекетінен, тағдырынан оқырмандар заманның, дәуірдің шындығын көріп, әлеуметтік қайшылықтардың сырын ұғады. Шығармадағы тартыстың өрістеп дамуы үстінде кейіпкерлердің қимыл-әрекеттері, ой-сезімері, сөздері арқылы олардың характері ашылып, айқындала түседі. Көркем шығармадағы қақтығыстар, жеке суреттеулер арқылы толысып, мағынасы кеңейе түсетін оқиға тізбегі бара-бара логикалық тиянақтылық тауып, негізгі шиеленіс-тартыстың түйіндері әбден шешіліп, бәрі бір арнаға құйылып барып тынуы, сол арқылы шығарманың негізгі идеясы толық ашылуы аса қажет.

Қалай десек те сюжет пен кейіпкерлер, олардың характерлері арасында тығыз байланы, сабақтастық бар. Өткені, оқиға дегеніміз-адамның басынан кешетін жағдайы, немесе бірнеше адамдардың қарым-қатынасының көрінісі. Ал адам мінез өзгешелігі, характері оның істеген ісінен, қимыл-әрекетінен айқын танылатыны дау тудырмаса керек.

Сюжет-бірнеше адамдардың қарым-қатынасындағы белгілі бір кезең, әлеуметтік тартыстың бір көрінісі, сюжеттің аяқталуы-баяндалып отырған оқиғалардың бір арнаға сайып, өз шешімін табуы. Жазушы бір не бірнеше оқиғаны суреттеу арқылы кейіпкердің характерін, мінез-бітімін айқын айтып көрсетуі ықтимал. Мәселе кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеу арқылы мінез-сипатын нанымды түрде көрсетуде. Неғұрлым кейіпкерлердің характерлері, бейне-тұлғасы дараланып, әсерлі көрінсе, соғұрлым шығарманың сюжеті тиянақты аяқталғандай сезіледі.

Бір-бірімен қарым-қатынасындағы адамдар өзекті оқиғалар арнасында, тұтасқан түрлі қимыл-әрекет үстінде, шиеленіскен шытырман күрес, қақтығыс, қарама-қарсылық ішінде қалыптасады. Сюжетті шығармалардың мазмұнында көбіне күрделі қайшылықтар, өмірлік тартыстар желі тартып жату себебі де соған байланысты.

Тартыс (латын сөзі-қақтығыс, айқас)-өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі, адам тіршілігіндегі түрліше қарама-қарсылықтардың, адамғатән әр алуан көзқарастағы, идеядағы, сезімдегі, нанымдағы, іс-әрекеттегі, мақсат-мүддедегі кереғар құбылыстардың нер туындысындағы жинақталуы, суреттеледі. Өнердегі өмірлік тартыс-көркем шығарманың идеялық мазмұнындағы үзілмес желі, өнер туындысына тіршілік беріп тұрғн жұлын. Олай болса, әдеби шығармадағы табиғи тартыс-оның сюжет мен композициясын өрбітер өзгеше құрал, қозғаушы күші. Өнер туындысын өмірлік тартысқа құру деген сөз-шығарма сюжетін шиыршық атқан шымырлыққа, коомпозициясын ширақ та шынайы сұлулыққа жеткізу. Әдеби шығарманың оқырманды баурап әкетер тартымдылығы да осында жатады. Сюжеттің, оған өзек болған өмірлік тартыстың әрбір иінінде, бұрылысында оқырманға керегі-дәлел, оқиға үшін логикалық дәлел (мотивировка): образ үшін психологиялық дәлел, оқиға үшін логикалық дәлел. Ол жоқ жерде образ да жасанды, оқиға да жалған.

Сюжеттің жаны мен жүрегі тартыс. Ал тартыстан сюжет құрап, қалыптастыратын-композиция.

Тартыс-(латынша-қақтығыс)-көркем шығармадағы сюжет желісінде арқау болатын,айрықша шиеленіскен түрде көрініс беретін қақтығыс, қайшылық, күрес. Конфликт драмалық шығармаларда ширақ, шиеленіскен түрде кездеседі. Ондағы характер*кейіпкер мінезі-қайшылығы мол әрекеттер арқылы ашылып отырады. Горький: «Егер характерлер мықты болса, олардың қақтығыспауы мүмкін емес»,-деген. Көркем шығарма қаһармандарының арасындағы қайшылық, тарты олардың қарым-қатынасынан, іс-әрекеттерінен, әр қилы көзқарастарынан да көрінеді. Әсіресе, драмалқ жанрда мұның екі түрі де анық байқалады. Сахнадағы  кейіпкерлердің іс-әрекет тартысы болуымен бірге, іштей өзіндік психологиялық тартыстар да орын алмақ. Эпикалық прозадағы тартыс көбінесе қиншылығы мол оқиғалардың шиеленісі.

М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясындағы негізгі қайшылық, шығармаға арқау болған күрес-артыс туралы айта келіп: «Үлкен қоғамдық шындықты ескі мен жаңаның диалектикалық қарама-қарсылығы күрес нәтижесінде ескіні жаңаның жеңуін ашуға тиіс болады»,-дейді. Міне, осыдан байқағанымыздай, адам, мен адам тартысы ғана емес, өтіп бара жатқан дәуір мен жаңа заман арасындаңы қарама-қайшылық та үлкен шығармалардың арқауына айналмақ. Өміре ескі мен жаңаның, жақсылық пен жамандықтың күресі бітпек емес. Әр түрлі қайшылық, қарама-қарсылық қақтығытар өмірде үнемі туып отырады.

Бүкіл дүниежүзілік әдебиеттер тарихына қарап отырсақ, ең таңдаулы шығармалардың бәрі әрқашан терең тартысқа құрылған. Келелі, қиын дәуірлік шындықтың сан иірім сыры тек қана тартыс арқылы ашылады. Қай дәуірде болсын заман болмысы дегенді жай ғана емес, күрелі әрі кесек адам бітіміне жинақтап көрсетеді.

М.Әуезовтің сөзімен айтқанда:

«Абай кезіндегі қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай образына жинадым. Ал оның баласы Абай бойында енді туып келе жатқан жаңа бар. Сондықтан ақын Абайдың қалыптасуын көрсету арқылы мен үлкен қоғамдық шындықты-ескі мен жаңаның диалектикалық қарама-қарсылығын, күрес нәтижесінде ескіні жаңаның жеңуін ашуға тисболдым. Демек, Құнанбай образы идеялық жағынан алып қарағанда, сол дәуірде қазақ даласына орыс халқының мәдениеті арқылы еніп келе жатқан, келешегі зор жаңаның жолындағы кедергіні-ескіні көрсету нәтижесінде туды».

 

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2014-10-01 22:15:49     Қаралды-13930

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »