ҚАЗАҚ ХАЛҚЬІНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҚТАРЫНЫҢ ҰЙЫМДАСУЫ (15-18 ғасырлар)
15 ғасырдың ортасында біртұтас этникалық бірлестік негізінде ауыл шаруашылығының, феодалдық қатынастардың онан әрі дамуына байланысты ірі феодалдық мемлекет - Қазақ хандығы қалыптасты. Ол қазақ халқы бірігуінің аяқталуына, оның ұзақ уақытқа созылған, алғы тарихы бар мемлекеттілігінің онан әрі дамуына көмектесті.
Қазақ халқы қалыптасуының негізі ежелгі автохтонды тайпалар: сақтар, үйсіндер, қаңлылар, Батыс Түрік қағандығының тайпалары (7-8 ғасырлар) болды. Қарлұқтар мемлекетінде (8-10 ғасырлар), Қарахан әулеті билеген мемлекетте (10-12 ғасырлар), Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы түрік тайпаларының, ал қимақтар мен қыпшақтар мемлекетінде Солтүстік, Батыс және Орталық Қазақстандағы түрік тайпаларының этникалық бірігу процесі жедел жүрді. Өндіргіш күштердің, мал шаруашылығының, қала мәдениеті мен егіншіліктің өсуі, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы түрік руларының отырықшылыққа ауысуы, феодалдық қатынастардың дамуы - осының бәрі Қазақстанның түрік тайпаларының - үйсіндердің, қаңлылардың, оғыздардың, қимақтардыц, қарлұқтардың, телелердің, яғмалардың т. б. бірте-бірте халық болып бірігу процесіне жәрдемдесті. 12-13 ғасырлар қарсаңында бұл тайпалардың халық болып қалыптасуы үшін барлық қажетті жағдай туды; олардың біртұтас территориясы, шаруашылық формасы, ортақ тілі (түрік), жалпы материалдық мәдениеті мен тұрмысы болды. Алайда Қазақстанның ежелгі тайпалары өз мекендерінің табиғи-географиялық, экономикалық жағдайларына және олардың саяси оқшаулануының тарихи қалыптасқан жағдайларына (түрлі тайпалық одақтар мен ертедегі феодалдық мемлекеттерге кіруі) байланысты этникалық жағынан біртұтас ынтымақтаса отырып, үш негізгі этникалық шаруашылық топқа бөлінді; олардың орталықтары Жетісуда, Орталық және Оңтүстік Қазақстанда, Батыс Қазақстанда болды. 13 ғасырдың басында Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанға Алтай мен Батыс Монғолиядан Найман және Керей тайпалары келіп қоныстанды да, қалыптасқан Қазақ халқының құрамына кірді.
Монғол шапқыншылығы салдарынан қазақ халқының едәуір бөлігі қырғынға ұшырады, тұтқындалды, Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс ауды, әділетсіз басқыншылық соғысқа тартылды. Қазақстанды мекендеген түрік тайпалары мемлекеттерге бөлшектенді (Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстары). Жаңа этникалық компонент - біраз мөлшерде Қазақстан территориясына ауысқан монғол рулары мен тайпалары келіп қосылды. 13 ғасырда ұлыстар арасында пайда болған феодалдық тартыстар, Қазақстан территориясы мен халқының Алтын Орда мен Шағатай мемлекетінің құрамына кіруі, Жошы әулеті билеген иеліктердің бөлшектенуі түрік рулары мен тайпаларының ұсақталу, ауысу, бірігу және монғол этникалық топтарының саны мол түрік халықтарымен араласып, сіңісіп кету процесін күшейтті. Мұның бәрі қазақ халқының этногенездік процесін кейіндетті.
13 ғасырдың аяғы - 14 ғасырда экономика бірте-бірте қайта өрледі. Қазақстанның оңтүстігінде (Отырар, Сауран, Сығанақ, Ясы-Түркістан т. б.) егіншілік мәдениеті мен қалалар қалпына келтірілді, басқа аудандарда көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы дамыды, сауда байланыстары бұрынғы жағдаймен жүйеге келді. Жергілікті түрік феодалдық топтары өз билігін қалпына келтіру, жергілікті этникалық негізде мемлекеттілікті дамыту жолында күресті. Бұл күрес нәтижесінде 13 ғасырдың 60 жылдарында Орталық және Оңтүстік Қазақстанда Ақ Орда үйымдасты және 14 ғасырдың ортасында Моғолстан бірте-бірте күшейді. Түрік және түріктенген монғол рулары мен тайпаларының этникалық-саяси және этникалық-мәдени байланыстары, этникалық өзара қатынасы мен өзара қимылы жанданды және барған сайын нығайды. Олар мемлекеттілік шеңберінде, шаруашылық және әлеуметтік- экономикалық даму, Қазақстанның түрлі аймақтарындағы халықтардың экономикалық, саяси және әлеуметтік байланыстарының ұлғаюы негізінде этникалық бірлестікке онан әрі топтасты. Ақ Орда, Ноғай ұлысы, Әбілхайыр хандығы, Моғолстан секілді саяси бірлестіктер мен мемлекеттердің, сондай-ақ Қазақ хандығының ұйымдасуы, дамуы және ыдырауы қазақ халқының этногенездік процесінде маңызды шарт болды. Монғолдардың жаулап алуына және тегі бір түрік тайпаларының бірнеше ұлыс арасында бөлініп кетуіне байланысты қалыптасқан тарихи жағдайлар табиғи-географиялық факторлардың ықпалын күшейтті; ал қазақ халқы оның әсерінен бағы заманда-ақ тайпалардың үш тобына (үш жүзге: Ұлы, Орта және Кіші жүздерге) біріккен болатын. Бір жағынан, Ақ Орданың, Ноғай Ордасы мен Әбілхайыр хандығының құрылуы, Моғолстанның оқшаулануы түрік және түріктенген монғол тайпаларының қазак халқы болып бұрынғыдан жедел онан әрі топтасу процесіне көмектесті, екінші жағынан, қазақ тайпаларының феодалдық мемлекеттердің бұл жүйесінде ұзақ уақыт болуы қазақ халқының үш этникалық тармақ, үш жүз болып қалыптасуын негіздеді. Ақ Орданың, Ноғай Ордасының, Әбілхайыр хандығының халқы этникалық жағынан негізінен сай келді. Бұл жерлерді сол кездегі жазба деректемелерде «өзбек» деген жалпы этникалық-саяси терминмен белгілі болған тегі бір түркі тілдес тайпалар: қыпшақтар, арғындар, қоңыраттар, қарлұқтар, қаңлылар, наймандар т. б. оның ішінде түріктерге сіңісіп кеткен монғол тайпалары мен руларының бір бөлігі қоныстанды. Бұл тайпалар Орта және Кіші жүздердің негізін құрады. Жетісуды орта ғасырлардағы деректемелерде «моғолдар» деген жалпы этникалық-саяси терминмен белгілі болған тайпалар: дулаттар, албандар, шапыраштылар, ыстылар, сарыүйсіндер, керейлер (кейіннен Орта жүздің жеріне ауысқан), қаңлылар, жалайырлар т. б. мекендеді. Бұл тайпалар қазақтардың тағы бір тармағы - Ұлы жүздің негізін құрады. Әрбір жүздің тайпалары жалпы шаруашылық мүдделер негізінде топтасқан, өз территориясында экономикалық жағынан оқшауланған еді. Олардың тілі, материалдық-тұрмыс мәдениеті жөнінен басқа жүздердің тайпаларынан мүлде дерлік айырмашылығы жоқты. Жалпы алғанда 15 ғ. қарсаңында бұл тайпалар түркі тілдес халық болып топтасты да, кейінірек «қазақ» деген этникалық атауға ие болды.
Халықтың онан әрі бірігіп топтасу процесі қиындады, өйткені оның кейбір бөліктері бірнеше саяси бірлестікке кірді. Жошы әулеті, феодалдық топтар арасындағы үздіксіз соғыстар мен тартыстар да бұл процесті тежеді және өндіргіш күштердің жойылуына, экономикалық құлдырауға, тайпалардың бөлінуіне әкеліп соқтырды. Негізінен халық болып қалыптасқан барлық этникалық тайпалар мен руларды мемлекетке біріктіру міндеті қажетті түрде алға қойылды. 15 ғасырдың 60 жылдарының ортарында Қазақ хандығының пайда болуына байланысты бұл міндет орындалды; хандық Шығыс Дешті Қыпшақтағы, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы мен Жетісудағы Моғолстан мемлекеттік ұйымының тікелей мирасқоры болды.
Жоғарыда көрсетілгендей қалыптасқан этникалық қауымдастықтардың мемлекеттік бірлестігінің қажеттілігінен басқа бірсыпыра әлеуметтік-экономикалық және саяси факторлар Қазақ хандығы ұйымдасуының алғы шарты болды. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың саяси тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстанда тартысты өршітуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеуі 15 ғасырдың 2-жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды. Феодалдардың өзара күресі қатардағы көшпелі шаруалардың жағдайына ауыр тиді. Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы қаналған көшпелі еңбекшілер бұқарасы феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстар мен тартыстардың өршуіне хандар мен феодалдардың билігінен көшіп кету жолымен жауап берді; бұл ғасырлар бойғы көшпелі қоғамдағы тап күресіне тән форма еді. 50 жылдардың ортасынан 70 жылдардың басына дейін Әбілхайыр хандығынан Жетісудың батыс бөлігіне 200 мыңдай адам көшіп келді. Әбілхайырдың қарсыластары - Ақ Орда хандары Орыс хан мен Барақ ұрпақтары, Шыңғыс әулетінен тараған сұлтандар Жәнібек пен Керей халық бұқарасының наразылығын пайдаланды. Өздерінің тікелей пайдасы жолында, Қазақстан халқына саяси билік жүргізу жолында күресе отырып, олар Шыңғыс әулетінен шыққан Әбілхайырға қас сұлтандарды өз төңірегіне топтастыра білді; сол арқылы олар қалыптасқан қазақ халқының берік дербес мемлекет құру, тәуелсіз саяси және мәдени-экономикалық даму жолына ұмтылу ойынан шықты.
Батыс Жетісудағы рулар мен тайпалар мемлекеттік бірлестігінің орталығына айналды. Алғашқы деректемелер Қазақ хандығының нақ осы жерде пайда болғанын көрсетеді. «Тарих-и Рашиди» атты кітаптың авторы Мұхаммед Хайдар мырза Дулати былай деп жазды: «Сол кезде Дешті Қыпшақта Әбілхайыр хан билік құрды. Ол Жошы әулетінен тараған сұлтандарға тізе батырды. Жәнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қашты. Есенбұға хан оларды ілтипатпен қабылдап, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбасы аймағын берді. Сол кезде Әбілхайыр хан өлгеннен кейін Өзбек ұлысының берекесі кетті, онда ала ауыздық туды. Оның қол астындағылардың көп бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, сонымен олардың жанына жиналған адамдардың саны екі жүз мың адамға жетті. Олар өзбек-қазақтар деген атауға ие болды. Қазақ сұлтандары сегіз жүз жетпісінші жылы (1465-1466 жылдар) басқара бастады...» Жетісуда қүрылған Қазақ хандығы осыдан кейінгі оншақты жылда экономикасы нығайып, территориялық жағынан кеңейді. Алайда 15 ғасырдың ақырында - 16 ғасырда ол қазақтардың этникалық территориясын толық қамтымады: белгілі бір хан тұсында мемлекеттің ішкі саяси жағдайының беріктігіне және сыртқы саяси қоршауға байланысты оның шекарасы біресе кеңейіп, біресе тарылып отырды. Алғашқыда хандық Батыс Жетісудың жерін (Шу мен Талас өзендерінің алаптарын) алып жатты. Деректемелерде нақ осы территорияға тұңғыш рет Қазақстан деген атау (Уасифи, 16 ғ.) қолданылды. Хандық Шығыс Дешті Қыпшақтан келген рулар мен тайпаларды да, жергілікті кейбір тайпалар мен руларды да біріктірді. Жетісудың қазақ рулары мен тайпалары әсіресе 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін және бұл мемлекетте феодалдық тартыс күшеюіне байланысты көбірек келді. Әбілхайыр хандығынан рулар көшіп келуінің толастамауы қазақ хандарын бұрынғыдан да күшейтті. Едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік тылы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды; ол 1468 жылы Әбілхайыр өлгеннен кейін жаңа күшпен өршіді. Күрес барысында 15 ғасырдың 70 жылдарында Қазақ хандығының шекарасы бірте-бірте кеңейді. Оның құрамына жаңа этникалық топтар (қыпшақтар, наймандар, қаңлылар, керейлер т. б.) барған сайын көп қосылды. Қазақ хандарының қырдағы көшпелі тайпаларға билік жүргізу жолында Әбілхайыр ұрпақтары Шейх Хайдар ханға, Мұхаммед Шайбани ханға т. б. қарсы күресі негізінен Отырарға, Сауранға, Сығанаққа, Түркістанға т. б. ие болу жолындағы күреске ұласты. Бұл қалаларда қарсыластар (бұған Жошы және Шайбани әулетінен тараған қазақтардан басқа Темір әулеті де, моғол хандары да талаптанды) Дешті Қыпшаққа билік жүргізу жолында күресу үшін экономикалық және әскери тірек-сүйеніш іздеді. Сырдария бойындағы қалалар аймағы қырдағы билеушілер үшін өте маңызды болды. Бұрынғы мемлекеттік бірлестіктер - Ақ Орданың (Әбілхайыр хандығының) әкімшілік-саяси және сауда-экономикалық орталығы осында орналасқанды. Ол әрқашан Қазақстан мен Орта Азия халықтарының экономикалық және мәдени қарым-қатынасында байланыстырушы буын міндетін атқарды. Көшпелі малшылар бұл орталықтарға мал әкеп өткізіп, қажетті қолөнер бұйымдары мен астық алды. Мұнда Орта Азияның отырықшы диқандары мен Дешті Қыпшақтың көшпелілері және жартылай көшпелілері мәдениеттерінің арасында өзара байланыс орнатылып жинақталды; мұны Сырдария бойындағы қалалардың, атап айтқанда. Отырардың материалдық мәдениетін археологиялық зерттеу көрсетіп отыр.
Оңтүстік Қазақстанның қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Мұрындық хан (1480-1511 жылдар билік құрған) тұсында 80-90 жылдары да болып өтті. Батыс Жетісудағы иеліктеріне, оңтүстіктегі өздеріне қаратылған кейбір қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды бірте-бірте жеңіп, өз иеліктерін едәуір ұлғайтты. Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің орнығуы, Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігімен бірге Мауараннахрға кетуге мәжбүр етті, мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды. Қасым хан тұсында (1511-1523 жылдар билік құрған) Қазақ хаедығының саяси және экономикалық жағдайы онан әрі нығайды. Ол феодалдық ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, әскери күштерді нығайтты, өз билігіндегі жерлерді ұлғайтты. «Тарих-и Рашиди», «Шайбанинама» т. б. деректеме кітаптардың мәліметтеріне қарағанда Қасым хан тұсында хандық қазақтардың этникалық территориясының негізгі аймақтарын біріктірді. Мемлекеттің шекаралары батыста Жайыққа дейінгі, оңтүстік-батыста Сырдарияның оң жағалауына, Аралдан Маңқыстауға дейінгі жерлерді алып жатты, оңтүстікте хандыққа Сырдария бойындағы бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның билігіндегі қазақтардың жайлау-қоныстары Ұлытаудан асты, оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өзендерінің алаптары) бағынды.
15-16 ғасырларда қазақтар шаруашылығының жетекші саласы жайылымдық-көшпелі мал шаруашылығы болды. Мал негізінен қой мен жылқыдан құралды. Малшылар белгіленген жол бойынша негізінен ендік бағытында көшіп-қонды. Көшпелілер жазда қыраттарды, таудағы жайлауларды жайлады, қыста өзен алаптарын, көл жағалауларын қыстады. Өте шалғай жерлерге (Жетісудан басқа жерлерде) көшіп-қону табиғи географиялық жағдайлар мен тарихи дәстүрлерге, ал көшіп-қонатын жерлерді таңдап алу көбінесе саяси жағдайларға байланысты болды. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен қатар хандықта тұрақты егіншілік пен қолөнері де орын алды. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда суармалы егіншілік дамыды. Басқа территорияларда да, өсіресе өзен алаптары мен көл жағалауларында, сондай-ақ шөл және шөлейт далалардың көгалды жерлерінде де оның ошақтары болды. Шабындық қыстаулардың жанынан іріктеп алынды. Әдетте, егіншілікпен көшіп-қонуға мүмкіншілігі жоқ кедей-жатақтар шұғылданды. Негізгі дақылдар - тары, бидай, арпа, жугері. Үй кәсіпшілігі, негізінен мал шикізатын өңдеуге негізделген кәсіпшілік кең тарады. Оңтүстік Қазақстанның қалаларында қолөнері (теріден, жүннен бұйымдар жасау, ағаш өңдеу, көзе, ұста өндірісі, құрылыс ісі) едәуір дәрежеде дамыды. Хандықтың экономикалық өмірінде Оңтүстік Қазақстанның, Орта Азияның, Шығыс Түркістанның тұрақты егіншілік және қала орталықтарымен, Россия мемлекетімен сауда-саттық зор роль атқарды. Қолайлы саяси жағдай, тартыстардың тоқталуы сауданың өрістеуіне көмектесті. Феодалдар, сондай-ақ шаруалар шаруашылығы тұтас алғанда натуралды шаруашылық болғанымен, қалай да айырбас сауда өріс алды. Негізінен мал саудаға салының, қолөнер, өндірісі бұйымдары мен егін шаруашылығы өнімдеріне айырбасталды. Хандықта феодалдық қатынастар онан әрі дамыды. Олар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың экономикалық жағынан дамыған аймақтарында неғұрлым жоғары дәрежеге жетті. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы басым басқа аймақтарда қоғамдық қатынастар тұралап қалды, бұл өндіріс дамуының дәрежесі төмен болуына байланысты еді. Феодалдық қатынастар жерге жеке меншік негізінде дамыды. Жайлау-қоныстарға, су көздеріне билік ету правосы хандардың, ұлыс сұлтандарының, тайпа көсемдерінің қолында болды. Ірі малшы феодалдар қауым жерлерін бірте-бірте өз қарамағына алып, іс жүзінде жер иесіне айналды. 15-17 ғасырлардағы қазақ қоғамы екі негізгі тап: феодалдардан (хандар, сұлтандар, билер, батырлар т. б.) және феодалдық-тәуелді шаруалардан құралды. Құлдар да болды. Феодалдық қанау көптеген салық салу (олардың негізгілері:зекет - малшылардан,ұшыр - егіншілерден жиналады) жолымен жүзеге асырылды, бұған қосымша шаруалар үстеп жұмыс атқаруға, борышын еңбекпен өтеуге міндетті болды. Шаруалардың ең кедей топтары феодалдарға кіріптар болды, бай туыстарының «көмегіне» сүйенді. Еңбекші бұқара аяусыз қанауға күрестің түрлі формаларымен, негізінен қоныс аударумен, барымтамен т. б. тәсілдермен жауап берді.
Қазақ хандығы бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Оның саяси-әкімшілік құрылымына көшпелі тұрмыс жағдайы ықпал етті. Хандық бірнеше феодалдық иеліктерден - Шыңғыс әулетінен тараған сұлтандар басшылық ететін ұлыстардан құралды. Рузбехан Исфаһанидың (16 ғасырдың басы) деректеріне қарағанда, мұндай ұлыстардың саны 10-ға жуық болды. Олардың әрқайсысы 10 мың семьядан (ханевар) тұрды. Семьялар тармақтарға (фирке) бірікті. Тармақтардың белгілі бір бөлігінен ру немесе тайпа құралды. Мемлекеттің басында хан отырды, ол азаматтық, әскери, әкімші-билікті өз қолына жинақтады. Хан өз жанынан кеңес құрды, оған ең ірі сүлтандар мен тайпа көсемдері мүше болды. Хандықта берік, күшті мемлекеттік аппарат қалыптаспады. Мемлекеттік басқару ісі әдеттегі правоға негізделді. Адаттың алуан түрлі нормаларымен қатар феодалдық мұсылмандық правоның (шариғат) кейбір нормалары да қолданылды. Әскери-феодалдық ақсүйектер қалайда хан билігін тежеуге тырысты. Әскер сұлтандар мен тайпа көсемдері басқарған ұлыстық тайпа жасақтарынан құралды. Хан нөкер тобын ұйымдастырды.
15 ғасырдың 2-жартысы - 16 ғасырдың алғашқы он жылдықтарында негізгі этникалық топтардың мемлекеттік бірлестігі халықтың бірігу процесін аяқтауды жеделдетті. Ақ Ордамен, Әбілхайыр хандығымен және Моғолстанмен салыстырғанда Қазақ хандығының неғұрлым кең және берік этникалық негізі болды, яғни онда сол кездің өзінде-ақ қазақ халқы қалыптасты. Монғол шапқыншылығынан кейін алғаш рет қазақ рулары мен тайпаларының бәрі дерлік, оның ішінде Жетісу қазақтары бір мемлекетке бірікті. Хандықтың нығаюымен және халықтың бірігу процесінің жеделдеуімен қатар ол «қазақ» деген этникалық атауға түпкілікті ие болды. Қазақ этнонимінің шығу тегі туралы мәселе зерттеушілер арасында әлікүнге дейін талас туғызып келеді. Деректемелерде бұл термин алдымен әлеуметтік мағынада қолданылды және «өз мемлекетінен, тайпасынан, руынан бөлініп шығып, қиянкесті өмір сүруге мәжбүр болған адамды» білдірді (В. В. Бартольд). «Тарих-и Рашиди» және басқа деректемелер бойынша «қазақ» термині Жәнібек пен Керей бастап Жетісуға көшіп келген кейбір ру-тайпалардың саяси тобы алдымен «өзбек-қазақ», кейіннен «қазақ» деп аталды. 15 ғасырда «өзбек-қазақ» деген жинақты термин Шығыс Дешті Қыпшақтағы түрік тайпаларының этникалық саяси тобы, этникалық-саяси бірлестік мағынасын білдірді. Айталық, Рузбехан Исфаһани 16 ғасырдың басында былай деп жазды: «Өзбекке үш халық (немесе тайпа) жатады... Олардың бірі - Шайбани әулеті, екінші халық - өзінің күшімен, жау жүректілігімен бүкіл дүние жүзіне даңқы шыққан қазақ, үшінші халық - Қажы-Тарханның (Астраханьның) патшалары болып табылатын маңғыт... Барлық осы үш халықтың хандары өзара ылғи жауласып, олардың әрқайсысы басқаларына тиісіп келеді». Жәнібек пен Керей хандығының нығаюына байланысты деректемелерде оларға бағынатын барлық халық қазақ деп аталатын болды. Қазақтар көп уақыт бойы өздерін тайпа пемесе ру атымен яки саяси бірлестіктің атауымен (мыс., ноғайлы, қазақтың тарихи аңыздарында Шығыс Дешті Қыпшақтың тұрғындары осылай аталады) атағанымен, «қазақ» деген термин бірте-бірте этникалық мағынаға ие болды да, Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның қалыптасқан түрік тілдес халықтарын атауға арналған этноним ретінде қолданылатын болды. 16 ғасырда Моғолстан, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы біржолата ыдырағаннан кейін бұл мемлекеттердің құрамына кірген қазақ рулары да оз халқының бірлігіне қосылды.
Қасым хан тұсында ірі, күшті Қазақ хандығы дербес сыртқы саясат жүргізді, Москва мемлекетімен қатынас жасадты. Қасым хан Мұхаммед Шайбаниға, Қазақстанның оңтүстігіндегі басқа да өзбек билеушілеріне қарсы соғысып, жеңіске жетіп отырды. Моғол ханы Сұлтан Саид достық қатынас орнатып, ол Жетісуда өз иеліктерін бірте-бірте ұлғайтты. Жетісудың қазақ тайпалары мен руларының Ұлы жүзге бірігуінің аяқталуы, оның қазақ хандығына қосылуы Қазақстаның бұл аймағында моғол хандарының үстемдігін жоюға әкеліп соқты. Батыста Қасымға ноғай руларының бір бөлігі бағынды. Қасым ханнан кейін қазақ хандығы әлсіреді. Сұлтандардыңжәне басқа феодалдардың өзара тартысында оның мирасқоры Мамаш хан қаза тапты (1523). Өкімет билігі Қасым ханның жиені Таһир ханның қолына көшті (1523-1533), бірақ ол өзара тартысты жоя алмады. Сырдария бойында Шайбани әулетіне қарсы соғыстар сәтсіз аяқталды, Таһирдың Ноғай Ордасымен қатынасы шиеленісті. Осының бәрі ішкі тартыс пен алауыздықты күшейтті. Халық бұқарасы феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыс ауыртпалығына, ханның қатыгездігіне шыдай алмай басқа жаққа жаппай көше бастады. Таһир хан хандық территориясының көп бөлігінде билігінен айрылды, оның ықпалы тек Жетісуда ғана сақталды. Мұнда оның қырғыздармен одақ құрып, Сұлтан Саидтың Тянь-Шань мен Жетісуда өз билігін қайта орнатуға тырысқан әрекеттеріне тойтарыс беруге тура келді. 16 ғасырдың 2-жартысы Қазақ хандығының, әсіресе Ақназар (Хақназар) хан (1538-1580 жылдар билік құрған) мен Тәуекел хан (1582-1598 жылдар билік құрған) тұсында жаңа саяси өрлеу жолына түсуімен сипатталады. Ақназар хандықты нығайту жөнінен едәуір табысқа жетті. Оған Жайықтың сол жағалауында көшпелі тіршілік еткен ру-тайпалар, ұлыстар бағынды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көксеген моғол ханы Абд ар-Рашидке қарсы күрес жүргізілді. Ол ойраттардың (қалмақтардың) Шығыс Жетісуға қыспағына ойдағыдай той-тарыс берді. Өзара тартыстың бәсеңдеуі, ішкі саяси өмірдің нығаюы мал және егін шаруашылығының, сауда қатынастарының дауына көмектесті. Россия мемлекетімен саяси және экономикалық байланыстар барған сайын ұлғайды: 16 ғасырдың 60-70 жылдарында қазақтардың Орта Азиядағы көгалды аймақтарда тұратын халқымен бейбіт сауда-экономикалық байланысы жанданды. Ақназар өзара тартысты өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сырдария бойындағы бірсыпыра қаланы (Сауран, Түркістан) қайтадан өзіне бағындырды. Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу жолындағы күрес саясатын жалғастырды. 1583 жылы ол Бұхармен аралықта жасалған «ант берілген» шартты (оның алдында билік еткен хан жасасқан) бұзып, Сырдария бойындағы қалалар мен Ташкентті алды. 1598 жылы ол Самарқанды басып алды, Бұхәр қаласын қоршауға алған кезде жараланып, қайтыс болды. Есім хан [1598-1628 ж. билік етті] 1598 жылы Бұхармен бітім шартын жасасты, ол бойынша Сырдария бойындағы қалалар мен Ташкент Қазақ хандығына бекітіп берілді. Бірақ бұл қалаларды бағындыру жолындағы феодалдық соғыстар мұнан кейін де жалғастырылды. Қазақ және өзбек феодалдық билеушілерінің маңызды сауда қолөнері орталықтарын иемдену жолындағы ұзақ күресі қалалардың экономикалық және мәдени өміріне, диқандар мен малшылар шаруашылығына зиянын тигізді. Бұл күрес экономика саласында зор роль атқарған, бейбіт шаруашылық байланысын дамытуға ұмтылған Орта Азия мен Қазақстан халықтарының мүдделеріне қайшы келді.
17 ғасырдағы Қазақ хандығының ішкі саяси жағдайы феодалдық тартыстардың күшеюімен сипатталады. Кейбір қуатты сұлтандар іс жүзінде ханнан тәуелсіз болды. Үш жүздің әрқайсысында бірте-бірте дербес хан пайда болды. Хандардың ішіндегі неғұрлым куаттысы Тәуке хан (1680-1718 жылдар билік құрған) хан өкіметінің беделін көтеруге және оған үш жүздің руларын бағындыруға бағытталған шаралар қолданды. «Жеті жарғы» деген атаумен әдеттегі праволар нормасының жинағы құрастырылды, мұнда феодалдық право тәртібі мен мемлекеттік құрылымның негізгі принциптері белгіленді. Ірі феодал ақсүйектерінің қарсылығы, ішкі саяси жағдайдың шиеленісуі хандықты нығайту әрекеттеріне кедергі жасады. Әсіресе хандықтың шығыс шептерінде жағдай нашарлай түсті. 17 ғасырдың аяғы -18 ғасырдың басында Қазақстан саяси жағынан бөлшектенгеп елге айналды. Жүздер арасындағы саяси және шаруашылық байланыстар бұрынғыдан да әлсіреп, феодалдық тартыстар күшейді. Хандық біртұтас мемлекет ретінде өмір сүруден қалды да, барғап сайын бөлшектене түсті. Хан билігі тіпті бір жүздің ішіндегі барлық халыққа жүрмеді, ал көрші жүздің рулары мен тайпалары оған онсыз да бағынбады. Феодалдық қырқыс, феодалдардың жақсы жерлерге ие болу жолындағы қарулы соқтығысы, бағынышты адамдар санының көбеюі, саяси билік еңбекші бұқараның жағдайын нашарлатты. Мұның өзі сыртқы агрессияға тойтарыс беру үшін халық күшін біріктіруте кедергі жасады. Натуралды шаруашылықтың үстем болуы, ішкі рыноктың толық дерлік болмауы, ОңтүстікҚазақстанда қолөнері мөн сауданың қалалардағы орталықтарының құлдырауы, - мұның бәрі сыртқы қауіп алдында хандықты бұрынғыдан да әлсіретті. 18 ғасырдың басында Қазақстанға әскери-феодалдық Жоңғария үлкен қатер төндірді. Неғұрлым жігерлі қазақ билеушілері, атап айтқанда, Тәуке хан агрессорларға тойтарыс беруді ұйымдастыруға әрекет жасады. 1710 жылыҚарақұмда үш жүз өкілдерінің жоңғар феодалдарына қарсы күрес ұйымдастыруға арналған съезі болып өтті. Қазақтың біріккен әскер күштері жоңғар әскерлерін жеңіліске ұшыратты. Бірақ жүздер, бұрынғысынша, бірінен-бірі бөлек жатты, кейбір хандардың оларды біріктіру жөніндегі әрекеттері сәтсіз болды. 20 жылдары Кіші жүз ханы Әбілқайыр (1748 жылы өлген) неғұрлым ықпалды билеуші қатарына қосылды. Бұл кезде Орта жүзді Сәмеке хан мен Күшік хан биледі. Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандар өз иеліктерінде іс жүзінде дербес билік жүргізді.
20 жылдары Жоңғар агрессиясының қатері бұрынғыдан да күшейді. Жоңғар феодалдарының неғұрлым күшті шабуылдар жасаған жылдары, 18 ғасыр дың 20 жылдары басында, әсіресе 1723 жылы қазақтардың күйрей жеңілген жылдары қазақ халқының тарихына «Ақтабан шұбырынды...» деген атаумен енді. 1724-1725 жылдар жоңғарлар Түркістан мен Ташкентті қиратты. 1728-1729 жылдар біріккен қазақ жасақтары жоңғар әскерлерін талқандады. Жоңғар агрессиясына қарсы күрес барысында Қазақстанның Россияға қосылуы туралы мәселе туды. 1726 және 1730 жылдар Әбілқайыр хан Кіші жүз старшындарының атынан Россия азаматтығына қабылдау туралы орыс үкіметіне өтініш білдірді. Бұл патша өкіметінің мүддесіне сай келді. 18 ғасырдың қарсаңында Россияның оңтүстік-шығыс шекарасы қазақ жерлеріне жалғаса шектесті. Россияның Шығыстағы экономикалық және саяси мүдделері Қазақстанмен және Орта Азиямен байланысты нығайтып кеңейтуге турткі болды. 1731 жылы Әбілқайырдың өтініші қанағаттандырылды, акт қабылдаттыру үшін оған Петербургтен А. И. Тевкелев елшілігі келді. Бұл акт Қазақстанның Россияға қосылуының бастамасы болды. Сол жылы Орта жүз хандарының бірі Сәмеке, ал 1740 жылы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да Россия азаматтығын қабылдады. Қазак хандарының жүздердегі билігі тағы да ондаған жыл сақталды. Кіші және Орта жүздердін Россия азаматтығын өз еркімен қабылдауы қазақ халқының тарихи тағдыры үшін прогрестік маңызы болды. Россияға қосылуы олардың экономикалық және әлеуметтік дамуына көмектесті. Қазақстанның батыс және солтүстік шекараларында бекініс шептері мен қалалардың салынуы егіншілік пен қолонерінің дамуына, сауда байланыстарының өсуіне жәрдемдесті. 1716 жылы Омбы, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Өскемен, 1743 жылы Орынбор, 1752 жылы Петропавл қалалары салынды. Сонымен қатар жүздерде феодалдық қырқыс азайған жоқ, еңбекшілер бұқарасы екі жақты - әлеуметтік және ұлттық-отарлық қанауда болды. Феодалдар жерді бұрынғыдан да көп тартып алды, түрлі отарлық шаралар да еңбекшілердін мүддесіне шек қойды. Айталық, бекіністі шептерден өтуге тыйым салу рулардың дәстүрлі көшіп-қону тәртібін бұзды және олардын арасында наразылық туғызды. Орыс және қазақ еңбекші шаруаларының жақындасуы, қазақ еңбекшілері таптық сана-сезімінің оянуы Қазақстанның Россияға қосылуының маңызды нәтижесі болды. Бұл әсіресе Е. И. Пугачев жетекшілік еткен шаруалар соғысынан (1773-1775) айкын көрінді, бұған Кіші және Орта жүздердің қазақтары көп қатысты.
1741-1742 жылдар жоңғар феодалдары Кіші жүз бен Орта жүзге тағы да шабуыл жасады. Орыс шекаралық өкімет орындарының араласуымен олар шегінуге мәжбүр болды. Хандар мен феодалдар өз араларында бұрынғысынша күрес жүргізді. 1748 жылы феодалдық тартыссалдарынан Әбілқайыр хан қаза болды. Оның ұлы және мирасқоры Нұралы хан (1748-1786 жылдар билік құрған). Кіші жүзді және Хиуаны бағындыруға тырысты. Абылай сұлтан, Орта жүздің басқа да феодалдары 50 жылдары Жоңғариядағы феодалдық соғыстарға араласты. 1758 жылы Қытай талқандаған Жоңғария өмір сүруден қалды, Жоңғар феодалдарының әскерлері Орта жүз шекарасына шықты. Абылай хан (1771-1781 жылдар билік құрған) өз билігін сақтауға тырысып, өзі азаматтығын қабылдаған Россия мен Цинь империясы арасында бұлтару саясатын жүргізді. Ол өлгеннен кейін 1781 жылы патша үкіметі Уәли сұлтанды (1781-1819 жылдар билік құрған) Орта жүздің ханы деп мойындады. 1783-1797 жылдар Сырым Датовтың басшылығымен Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы болып өтті. 19 ғасырдың бас кезінде Орал мен Еділ аралығында Бөкей хандығы ұйымдасты. Қазақстанның саяси құрылысында бірте-бірге өзгеріс болды. 19 ғасырдың 20 жылдары хандық өмір сүруден қалды және сөз жүзінде территориялық басқару жүйесі енгізілді. Хан билігін жою, басқарудың жаңа тәртібін енгізу Қазақстанда өз ықпалын күшейтуге тырысқан патша өкіметінің мүддесіне сай келді. Биліктің ауысуы еңбекшілерге жеңілдік әкелмеді. Феодалдық құлдықтың қыспағынан арылмаған олар патша өкіметінің отарлық езгісіне тап болды. Сонымен бірге басқару жүйесіне енгізілген өзгеріс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына прогрестік ықпал жасады: феодалдық қырқыс пен тартыс азайды, қазақ жерлерінің бірігуі үшін жағдай туды, қоғамның таптық құрылымында өзгерістер болып өтті, сұлтандардың, батырлардың правосына шек қойылды, байлар қауымы зор роль атқара бастады. Қазақстан территориясының бірігуі, оның Россия экономикасының жүйесіне қосылуы аймақ өндіргіш күштерінің дамуына кең жол ашып берді, шаруашылықтың натуралдық формасын күйретуге жағдай жасады. Экономикалық даму улттық бірігуге көмектесті.
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарының халқы әлі де Қоқан және Хиуа феодалдарының қол астында еді, олардың шабуылынан ең алдымен еңбекшілер бұқарасы жапа шекті, сондықтан да олар қанауға ұлт-азаттық көтерілістерге шығумен жауап берді. 40 жылдары бұл аймақтың халықтары Россия азаматтығын қабылдаған қазақтардың өзге бөлігімен бірігуге тырысты. 1845 жылыҰлы жүз халқының бір бөлігі Россия азаматтығын қабылдады. 1860 жылы октябрьде орыс және қазақ (Ұлы жүз қазақтары) әскерлерінің біріккен отряды Ұзынағаш сайында Қоқан әскерлерін талқандады. 1864 жылы патша әскерлері Мерке, Түркістан, Әулиеата, Шымкент бекіністерін алды. Көп кешікпей Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарының Россияға қосылуы аяқталды.
Жүздер - қазақ халқының құрамында 15-16 ғасырлар аралығында тарихи қалыптасқан тайпалардың үш тобы. «Жүз» терминінің этникалық-тарихи мағынада шығу тегі туралы әзірге бірыңғай пікір жоқ. Зерттеушілердің тұжырымдауынша, «жүздік», «бөлік» немесе «беті, жүзі» деген мағынаны білдіреді.
15 ғасырдың 60 жылдарының ортасында Батыс Жетісуда Қазақ хандығы ұйымдасты. Ол бұдан былайғы жылдары өз шекараларын жедел кеңейте отырып, Батыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның кең байтақ территориясын мекендеген көптеген түркі, түркіленген монғол және басқа тайпалар мен руларға өз билігін орнатты. Мұнда біртұтас қазақ халқы қалыптасты. Қазақстан жерінде өмір сүрген ертедегі феодалдық мемлекеттердің құрамына кірген жергілікті тайпалар оның негізгі компоненттері болды. 15-16 ғасырларда Өзбек хандығының, Ноғай Ордасының және Алтын Орда, кейінірек Ақ Орда ыдыраған соң ұйымдасқан басқа да мемлекеттердің рулары оның құрамына қосылды. Хандықтың ұйымдасуы, бір тұтас қазақ халқының қалыптасуы көшпелі қоғамның ру-тайпалық бөлінісі мен феодалдық бытыраңқылығын біржолата жоя алмады. Керісінше, қазақ халқы қалыптасқан мезгілмен бір уақытта дерлік ол үш жүзге бөлінді. Бұл жүздеген жылдарға созылған, ұзақ процесс 15-16 ғасырлар аралығында ғана аяқталды. Жүздер Қазақстан жерінде өмір сүрген, бірақ саяси жағынан бөлшектеніп, табиғи-географиялық жағынан оқшауланған үш аймақ (Жетісу, Орталық және Батыс Қазақстан) негізінде қалыптасты.
Моғолстан мемлекетінің құрамындағы Жетісу, Оңтүстік Қазақстан жерінде Ұлы жүз, Ақ Орда иеліктерінің құрамындағы Солтүстік-шығыс, Орталық, ішінара Оңтүстік Қазақстан жерінде Орта жүз, Ноғай Ордасы, ішінара Ақ Орда құрамындағы Батыс Қазақстан жерінде Кіші жүз қалыптасты.
Бұдан кейінгі ғасырларда жүздердің саяси бөлшектенуі және олардың әрқайсысының феодалдық бытыраңқылығы барған сайын тереңдей түсті. Олардың әрқайсысы бірнеше феодалдық иеліктерге бөлінген мемлекеттік-саяси құбылыс болды. Хандықтар, сұлтандар иеліктері дербес әрекет етті, біріне-бірі бағынбады, бұл 18 ғасырдың 1-ширегінде Жоңғар әскерлерінің Ташкент пен Түркістанға дейінгі қазақ жерлерін басып алуына мүмкіндік берді. 18 ғасырдың басындағы жоңғар шапқыншылығы жүздердің шаруашылық және саяси жағынан әлсіздігін және олардың арасында бірлік пен ұйымшылдық жоқ екенін көрсетті.
Жетісу жерінде тайпалар қазақ халқы ұйымдасқан кездегіден көп уақыт бұрын ежелгі үйсін халқының төңірегіне топтасып, Үйсін бірлестігін құрды. Бұл бірлестікте шаруашылық мүдделерімен қатар әскери-қорғаныс факторлары да зор роль атқарды. Біраз уақыт өткен соң үйсіндер бірлестігінің құрамына кірген көптеген тайпалар мен рулар бірте-бірте бұл ежелгі тайпаның тілін, тұрмысы мен мәдениетін қабылдады. Кейіннен Үйсін одағы негізінде Ұлы жүз қалыптасты. Сондықтан да бұл жүздің барлық тайпалары мен рулары өздерінің шығу тегін солармен байланыстырады. Халық арасында Ұлы жүздің барлық халқын «Үйсін» деп атау қалыптасты.
Қазақ шежіресінің деректері бойынша, Ұлы жүздің құрамына Жалайыр, Албан, Дулат (Дұлу), Суан, Сарыүйсін, Сіргелі, ЬІсты, Ошақты, Шапырашты. Шанышқылы, Қаңлы (Кангюй), Қатаған тайпалары кірді. Бұлардың бәрінің тек қазақ халқының ғана емес, сонымен қатар Орта Азияның, Кавказ бен Еділ бойының көптегеп ежелгі халықтарының этногенезін зерттеу үшін маңызы зор ежелгі тарихы бар.
Алғашқыда Ұлы жүз тайпалары негізінен Жетісу аралығында тұрды, сонан соц олар Оңтүстік-батыс және Оңтүстік-шығысҚазақстанды мекендеді. Олардың қысқы жайылымдары Оңтүстік Балқаш маңының құмдарында, Мойынқұмда, Іле, Шу, Талас өзендерінің алаптарында, ал жазғы жайылымдары Жоңғар және Теріскей Іле Алатауларының көгал алаптарында, Тянь-ІІІаньның солтүстік сілемдері мен Қаратау жондарында болды. Тәуке хан тұсында Ұлы жүзді іс жүзінде Төлеби басқарды. Ол өлгеннен кейін мұнда Жолбарыс хандық құрды, ол 18 ғасырдың 40 жылдарында Ұлы жүз территориясы мен тайпаларының аз ғана бөлігін Россияға қосты. Бірақ патша өкіметі Ұлы жүздің бұл бөлігіне, Россиядан шалғай жатқандықтан, 19 ғасырдың ортасына дейін негізінен тек сөз жүзінде билік етті. Ұлы жүз халқы шетел басқыншыларының шабуылына талай рет ұшырады. 17 ғасырдың аяғы - 18 ғасырдың басында Ұлы жүз жерін жоңғарлар басып алды. 19 ғасырдың бас кезінде Ұлы жүздің едәуір бөлігі Қоқан хандығының билігіне ілікті. Сол ғасырдың ортасында Ұлы жүз Россия азаматтығын қабылдады.
1848 жылы патша үкіметі Ұлы жүз қазақтарын басқару үшін Үлкен Орда приставтығын құрды, ол Батыс Сібір генерал-губернаторлығының құрамына кірді. 19 ғасырдың 60 жылдарында Түркістан генерал-губернаторлығы ұйымдастырылуына байланысты оның құрамында Жетісу және Сырдария облыстары құрылды, олар уездерге, уездер ауылдарға бөлінді. Октябрьлық революциясы жеңгенге дейін Ұлы жүз қазақтары әкімшілік жағынан осылайша басқарылды.
19 ғасырдың аяғы - 20 ғасырдың басында Ұлы жүз қазақтары негізінен Жетісу облысының Қапал, Жаркент, Верный, уездерінде, Сырдария облысының Әулиеата, Шымкент, Ташкент уездерінде тұрды.
15 ғасырда дербес Қазақ хандығы құрылғанымен, оның ішінде феодалдық талас-тартыс толастамады, оның салдарынан Қазақстан жерінің табиғи жағдайына,оны мекендейтін тайпалардың этникалық, шаруашылық ерекшелігіне және саяси экономикалық жағдайына байланысты 16 ғасырдың басында Орта жүз қалыптасты. Оның құрамына Арғын, Қыпшақ, Найман, Тарақты, Қоңырат, Керей, Уақ тайпалары кірді. Бұлар қыста Сырдария, Қызылқұм, Қаратау, Мойынқұм өңірлерінде, Балқаш көлінің солтүстігінде, жазда Тобыл, Есіл, Нұра, Торғай, Ертіс, Сарысу ө-дері салаларының алқабында, Орталық Қазакстанның далаларында көшіп-қонып жүрген. Біраз уақыт өткеннен кейін Орта жүздің шекаралары бірте-бірте кеңейді. 17 ғасырдың аяғында Орта жүздің ру-тайпалар тобы Орталық, Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның батыс бөлігін қоныстанды. Бірақ 18 ғасырдың бас кезінде басталған, Жоңғар шапқыншылығы наймандар мен керейлерді Алтайдан, Ертіс бойы мен Тарбағатайдан, арғындарды Орталық Қазақстанның шығыс бөлігінен кетуге мәжбүр етті. Олар Орта Азия аралығы мен Орталық Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігіне көшіп кетті. 18 ғасырдың 2-жартысында Жоңғар мемлекеті күйрегеннен кейін Орта жүздің ру-тайпалар тобы туған жерлеріне қайта оралды. 18 ғасырдың аяғына таман олар шығыста Қытай шекарасынан батыста ЬІрғыз және Торғай өзендерінің аралығын, солтүстікте Россия шекарасынан оңтүстікте Сырдарияның орта ағысы бойына, Балқаш көліне дейінгі жерлерді қоныстанды.
16-17 ғасырларда Қасым, Ақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке хандардың территориялық иеліктерін негізінен Орта жүз тайпалары мекендеді. 18 ғасырдың басында Орта жүз жерінде Сәмеке мен Күшіктің дсрбес хандықтары, Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандардың иеліктері өмір сүрді. Мұндай феодалдық бытыраңқылық жоңғар басқыншыларынын қазақ жерлерінің едәуір бөлігін жаулап алуға жағдай туғызды. 18 ғасырдың 40 жылдарында Орта жүз халқы өз еркімен Россия азаматтығын қабылдады. 18 ғасырдың 2-жартысында Жоңғария талқандалғаннан кейін, Абылай сұлтан Орта жүз халқын бір хандыққа біріктірді. 18 ғасырдың аяғы - 19 ғасырдың басында Орта жүз халқы едәуір көбейді, оның территориясы кеңейді. Соның нәтижесінде 1815 жылы Орта жүзде екінші хандық ұйымдасты, оны Бөкей хан биледі. Бөкей (1819) мен Уәди (1819) өлгеннен кейін патша өкіметі Орта жүзде хандықты жойды. 1824-1844 ж. мұнда билеуші сұлтандар басқаратын сегіз сыртқы округ (Қарқаралы, Құшмұрын - 1824, Аягөз - 1831, Ақмола, Аманқарағай - 1832, Баянауыл, Үшбұлақ - 1833, Көкпекті - 1844) құрылды. Округ 15-20 болыстан, ал оның әрқайсысы 10-12 ауылдан құрылды. Әкімшілік басқармасының мұндай жүйесі 19 ғасырдың 60 жылдарына дейін сақталды. Патша өкіметінің 1868-1891 жылдардағы реформалары бойынша Қазақстанның барлық территориясы облыстарға, уездер мен ауылдарға бөлінді.
Кіші жүз тайпалар одағы негізінен рулық үш бірлестіктен қалыптасты. Олар - Әлімұлы, Байұлы және Жетіру. Байұлы он екі рудан: Адай, Алшын, Жаппас (Алтын-Жаппас), Алаша, Байбақты, Беріш, Есентемір, Қызылқұрт, Шеркеш, Ысық, Таз, Маскар; Жетіру: Табын, Тама, Кердері, Жағалбайлы, Керейіт, Тілеу, Рамадан; Әлімұлы: Қарасақал, Қаракесек, Кете, Төртқара, Шөмекей, Шекті руларынан құралды.
18 ғасырда Байұлының негізгі ұйтқы тобы Кіші жүз жерінің оңтүстік-батыс жағын (Орал, Ембі өзендерінің төменгі ағысы бойларын, Сам құмын, Маңқыстау түбегін) мекендеді. Жетірудың дені Солтүстік-батыс Қазақстанды (Орал өзенінің орта ағысы бойын, Қобда, Елек, Ор алаптарын, Мұғалжар таулары сілемдерін) қоныстанды. Әлімұлы Батыс Қазақстанның кең-байтақ шығыс бөлігінде (Ырғыз, Торғай өзендері, Шалқар көлі алаптарында, Кіші және Үлкен Борсықты, Қарақұм, Сырдария ө. төменгі ағысының бойында) тұрды. Бірақ бұдан жоғарыда көрсетілген этникалық территориялар Кіші жүздің тайпалары мен рулары үшін барлық уақытта өзгеріссіз қалды деген ұғым тумайды. Түрлі жағдайларға байланысты кейбір рулар немесе олардың тармақтары ежелгі ру-тайпалық бірлестіктер мекені аралықтарында жиі-жиі көшіп-қонып жүрді. Кіші жүз халқы 18 ғасырдың 1-жартысында (жоңғар шапқыншылығы), 18 ғасырдың 2-жартысында Сырым Датов басқарған шаруалар көтерілісіне байланысты неғұрлым көп қоныс аударды. 19 ғасырда - 20 ғасырдың басында Батыс Қазақстанның ұлан-ғайыр территориясының барлық түкпірінен Кіші жүздің барлық үш ірі ру-тайпалық бірлестіктерінің өкілдерін кездестіруге болар еді. Бірақ олардың негізгі бөлігі өздерінің ата мекен этникалық жерлерінде қалды. Кіші жүздің көптеген рулары, көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен, сондай-ақ суармалы егіншілікпеп шұғылданды.
16-17 ғасырларда Кіші жүздің негізгі ру-тайпалық бірлестіктері Қасым, Ақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке хандардың иеліктерінде тұрды. Тәуке хан бүкіл үш жүзді ықпалды билер (Ұлы жүзде Төле, Орта жүзде Қазыбек, Кіші жүзде Айтеке) арқылы басқарды. Ол өлгеннен кейін Әбілқайыр Кіші жүздің ханы болып сайланды. Ол 1731 жылы Кіші жүздің Россияға өз еркімен қосылатындығы туралы ант қабылдады. Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргеннен кейін Нұралы, Ералы, Есім, Айшуақ, Шерғазы сұлтандар бірінен соң бірі хан тағына отырды. 1824 жылы Шерғазы тұсында Кіші жүзде хан билігі жойылды, Шерғазыны оның билігіндегі адамдар хандықтан тайдырды. Кіші жүз жері үш бөлікке (Батыс, Орта, Шығыс) бөлінді. Оларды билеуші сұлтандар басқарды, бірақ көп кешікпей шекаралық жүйе (территориялық басқарма) деген енгізілді. Шептер старшындар басқарғанауылдарға бөлінді. Барлығы 56 шеп ұйымдастырылды. Арал маңында, Қарақұмда, Маңқыстауда, Сырдарияда бұрыңғыша рулық басқару жүйесі қалпында қалды.
19 ғасырдың бас кезінде Орал мен Еділ (Волга) аралығындағы территорияда Бөкей хандығы ұйымдасты. Жәңгір хан (1823-1845 билік етті) өлгеннен кейін патша укіметі Бөкей ордасында хан билігін жойды. 1868-1891 жылдардағы ереже бойынша Кіші жүз территориясында облыстар, уездер құрылды. 1867-1868 жылдардағы реформалардан соң Кіші жүз қазақтары Орал облысының Орал, Ілбішін, Темір уездерін, Торғай облысының ЬІрғыз, Торғай, Ақтөбе уездерің Сырдария облысының Перовск, Қазалы уездерін, Каспий сырты облысының Маңқыстау уезі мен Бөкей ордасын мекендеді. Реформа патша өкіметінің отарлау саясаты мүддесі үшін жүзеге асырылды. Ол қазақ қауымының барлық топтары арасында наразылық туғызды. Сұлтандар мен билер өздерінің праволарына шек қойылуына, ал халық бұқарасы оларды қанаудың бұрынғыдан күшеюіне қарсы шықты. Екі жақтан бірдей қысым көрген қазақ еңбекшілері Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов т. б. халық батырларының басшылығымен патша өкімет орындары мен жергілікті феодалдарға қарсы талай рет халық-азаттық күрес жүргізді.
Үш жүз қазақтары бағы заманнан 20 ғасырдың басына дейін түрлі дәрежеде көшпелі және жартылай кошпелі мал шаруашылығымен, суармалы және тәлімі егіншілікпен, үй қолөнерімен және түрлі кәсіпшілікпен шұғылданды, көрші елдермен сауда-экономикалық байланыс жасады.
15-18 ғасырлардағы әлеуметтік-экономикалық және ішкі-сыртқы саяси жағдайы 15-18 ғасырлардағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық құрылысы өндіргіш күштердің тым артта қалуымен және өндірістік қатынастардың төмен дәрежесімен сипатталды. Талай ғасырлар бойына қазақтардың негізгі кәсібі экстенсивті мал шаруашылығы болып келді, мал өсіру оларды күн көріске қажетті азық-түлікпен, киім-кешекпен, көлікпен және тұрғын үймен қамтамасыз етті.
Мал шаруашылығының жайылымдық көшпелі жүйесі жағдайында мал жыл бойына далада бағылды. Мұндай жүйе, әдетте, жыл мезгіліне қарай жиі көшіп-қонып жүруді талап етті. Әуелі мал көктеуге, сонан соң шөбі шүйгін, суаты мол жайлауға, одан күзеуге, ал октябрь-ноябрьде қыстауға айдалады.
Қазақ даласының ауа райы құбылмалы, жері таулы да далалы. Сондықтан да Орталық Қазақстан біраз малды қолға ұстағаны болмаса, көбінесе құмға айдап салған. Әр рудың өзінің көш жолдары болды, басқа рулар бұған қол сұға алмады. Рулар ауыл-ауыл болып көшті. Мұндай көш жолдарының алыстығы 800-1000 км-ге дейін жететін, экстенсивті мал шаруашылығы орасан зор көлемді жердің болуын талап етті, мұнсыз ондай шаруашылықты жүргізудің өзі мүмкін емес еді.
Мал құрамы шаруашылықта қандай түліктің барлығына және жайылымның ерекшелігі мен көлеміне байланысты болды. Қазақтар қой-ешкі, жылқы, түйе және бұлардан сәл азырақ мөлшерде мүйізді ірі қара ұстаған. Ол кезде мал азығын дайындамайтын, сол себепті қыс қатты жылдары малдың көбі қырылып қалатын. Әсіресе, жұттың зардабы өте күшті еді. Жұтта әуелі жылымық түсіп, сонан соң қатты аяз болып, жердің бетін сіреу басып, мал тебіндей алмайтын. Мұндай жағдайда бақташылар қардың бетіндегі мұздақты найзаның ұшымен және сабымен бұзып, ол жерге әуелі жылқыны сонан соң ұсақ малдарды жайған. Алайда, мұндай әдіспен көп малды аштықтан құтқаруға болмайтын еді. Кейбір зерттеушілердің жорамалдауынша жұт болған жылдары малдың 25-30%-і қырылып қалып отырған.
Қазақтардың көшпелі мал шаруашылығы баяу болса да өркендей берді. Өндірістік дағды ұрпақтан-ұрпаққа ауысып жетілді және молықты, мал қыстату, малды жыртқыш аңдардан қорғау, жалпы алғанда малды бағып-қағу жөнінде тәжірибе жинақталды. Барлық шаруашылық құрал-саймандары, еңбек құралдары және үй жабдықтары мал өсірумен шұғылдануға бейімделді.
Мал шаруашылығымен қатар қарапайым егіншілік те болды. Қазақ қоғамының ең ерте замандардан бастап, орта ғасырлардың соңғы кезіне дейінгі тірлігінде шаруашылықтың бұл екі түрі қатар жүргізілді. Мұны археологиялық деректер және көптеген өзендердің жағалауында сақталып қалған жер суландыру жүйелері мен егіншіліктің іздері дәлелдейді. Сырдария, Талас, Шу, Іле басқа өзендердің алаптары біршама дамыған егіншіліктің орталықтары болды. Орталық және Шығыс Қазақстанда да егіншілік ошақтары бар. Егіншілікпен халықтың аз ғана бөлігі, кобінесе көшіп-қонуға малы жоқ жатақтар шұғылданды. Жер өңдеу әдістері, еңбек құралдары мүлде қарапайым, еңбек өнімділігі де төмен болды. Қазақстан жерінде егіншілік өте баяу дамыды және бұл дамудың өзі бірқалыпты болған жоқ, егіншілікпен шұғылданатын отырықшы халықтармен - Солтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда орыстармен, оңтүстікте Орта Азия халықтарымен іргелес аудандарда егіншілік анағұрлым интенсивті өркендеді.
Қазақ қоғамының экономикалық тіршілігінде түрлі кәсіпшіліктер белгілі роль атқарғаны анық. Мал шаруашылығы өнімдері мен шикізатын өңдеу жеке-дара семьялық сипатта болды. Мал өсіруден алынатын өнімнің бәрін көшпелі тұрмыс қажетін өтейтін көлемде әрбір семья өз күшімен және өз құралдарымен өңдеп, іске жаратып отырды.
Қой жүнінен киіз үйге арналған киіз (туырлық, түндік т. б.) басылды. Анағұрлым сапалырақ жүннен кілем, түйе жүнінен шекпендік мата тоқылған. Жылқы қылынан арқан, шылбыр және үй ішіне қажетті басқа да жіпшу есілген.
Қазақ халқы малдың терісін де іске жарата білген, теріні илеп, одан аяқ киім, сырт киім және саба, торсық секілді ыдыстар да тіккен. Алайда, тері тым қарапайым әдіспен өңделді, сондықтан оның сапасы да төмен болды.
Қазақтар арасында ісмерлік өнер кең тарады. Қазақ ісмерлерінің ішінен ағаштан түйін түйетін керемет шеберлерді кездестіруге болатын еді. Олар ағаштан киіз үйдің сүйегін, кереге, уық, шаңырақ, есік және домбыра, ер, аяқ-табақ, қасық т. б. бұйымдарды жасаған.
Қазақтар зергерлікпен қатар ұсталық ісімен де айналысқан. П. М. Рычков руда қазылған үңгірлердің және металл қорытылған көріктердің болғандығын айтқан. Қазақ даласында қорғасын, қызыл мыс, селитра өндірілді, мылтықтың оқ-дәрісін де жасады.
Қазақ ұсталары ер-тұрманның металл әшекейлерін, мылтық, қанжар, пышақ және басқа бұйымдар соққан. Жезден ер-тоқымның, жүгеннің және қару-жарақтың түрлі әшекейлерін, ал күміс және алтын теңгелерден әйелдердің әсемдік бұйымдарын соғып жасаған. Ағаштан, сүйектен ойып, өрнекті заттар істелетін. Сүйектен оюлап істелген түрлі өрнектер әдетте, ағаш бұйымдарға жапсырылды.
Тұтас алғанда, қазақтарда үй ішіндегі кәсіпшілік баяу дамыды. Өндіріс құралдары, еңбек әдістері тым қарапайым күйінде қала берді. Кәсіпшіліктің бәрі мал өсіру мен үй шаруашылығынан әлі бөлініп шыққан жоқ еді, яғни халықтың негізгі кәсібі бір-біріне бағынышты болды.
Қазақтар көршілес елдермен ежелден-ақ сауда-саттық жасады. Орта Азиядағы хандықтармен сауда жасасқанда мал және мал өнімдерін мата бұйымдарына, сондай-ақ егіншілік өнімдеріне айырбастады. Хиуаның және Бұхардың сауда керуендері қазақ даласып аралап сауда-саттық істеді. В. В. Вельяминов-Зерновтың айтуынша, мұндай айырбас сауда натуралдық сипатта болды. Қытаймен екі арадағы саудада қазақтар малын қытайдың жібек және мақта-матасына, шайына т. б. товарларына айырбастады.
Бұл дәуірде Қазақстан мен Россия арасындағы сауда қатынастары өсті. Кіші жүз бен Орта жүз Россияға қосылғаннан кейін сауда қатынастары анағұрлым жандана түсті. Россиямен екі арадағы сауда-саттық Жайықта, Гурьевте және Жайық қалашығында, Орынборда, Семейде және Өскеменде жүргізілді.
Талданып отырған дәуірде қазақтардың әлеуметтік қатынастары антагонистік сипатта болды. Қазақ қоғамында екі негізгі тап: тікелей өндірушілер жасаған қосымша өнімді иемденетін феодалдар табы және феодалға тәуелді шаруалар табы айқын қалыптасқан еді. Феодалдар табына сұлтандар, билер, байлар және мұсылман дінінің өкілдері - қожалар, молдалар жатты.
Барлық феодалдық мемлекеттердегі сияқты, қазақ қоғамында да материалдық иеліктерді негізгі өндірушілер халықтың көпшілігін құраған қазақ шаруалары еді. Шаруалардың экономикалық жағдайы бірдей болған жоқ, сондықтан олардың феодалдық тәуелділік дәрежесі де әр түрлі болды. Халықтың феодалдық тәуелділіктегі топтарының ең көп бөлігі экономикалық жағынан азды-көпті қамтамасыз етілген жай шаруа еді. Қатардағы малшы халықтың экономикалық жағынан төменірек бөлігі кедей шаруалар болды. Кедейлердің біраз бөлігі, көшпелі тұрмыс құруға мүмкіндіктері болмағандықтан, отырықшы тұрмысқа ауысты. Олар жатақтар деп аталды.
Феодалдық тәуелділіктегі малшылар өздеріне бөлінген жерлерде шаруашылық ұялары болып саналатын ауыл қауымдарымен бірге көшіп жүрді. Ауылдық қауымды сақтау феодалдық ақсүйектердің мүдделеріне сай келді. Олар бұл қауымды өздерінің таптық мүдделеріне пайдаланды. Феодалдық жоғары топтың өкілдері еңбекші бұқараның таптық санасын оятпау мақсатында ру-тайпалық ортақ мүдделік, рудың барлық мүшелері мақсатының «бірлігі» туралы ескілік ұғымдарды қалайда сақтап, өрбітіп отырды. Ал шындығында көшпелі ауылдық қауымның негізіндеоның мүшелерінің экономикалық мүдделері жатқан еді, мұнда олардың туысқандық байланыстары негізге алынған жоқ. Ауылдық қауымның ішіндегі өндірістік қатынастар үстемдік пен бағыныштылық қатынастары, бай мен кедейдің, ақсүйектер мен теңсіздердің арасындағы қатынастар болды.
Орасан зор көлемдегі жерлерді иемденіп алған феодалдық жоғары таптық өкілдері жердің қауымдық меншіктігін сөз жүзінде ғана мойындады. Бірақ, олар қауымдық жерлерді пайдалануда өздеріне түрлі жеңілдіктер мен артықшылықтар алуға тырысқанмен, ауылдық қауымның мүшелері болып қала берді.
Демек, қауымдық жерге иелік жүргізу деген жалғандыққа айналды. Ауқаттылар жайлауым, күзеуім, қыстауым, көктеуім деп, жерге деген феодалдық иелігін бүркемелеп келгенді. Енді жерге билігін орнатқан қазақ феодалдары жайылымдыққа пайдаланғаны үшін рента алып отырды. Олар бұл істерді жүзеге асыруда ескі әдет-ғұрыпты, рулық өзара қатысты көлденең тартты.
Сонымен, 15-18 ғасырларда қазақ қоғамының экономикалық және әлеуметтік құрылымында феодалдық қатынастар үстем болды. Бұл қатынастарға тән ерекшеліктердің біріқоғам мүшелерінің арасындағы қатынастарда елеулі роль атқарған қауымдық-рулық формаларды және институттарды сақтап қалу еді. Көшпелі қауымдардың мүліктік және әлеуметтік теңсіздік қатынастары кейде патриархалдық-рулық қатынастармен ұштасып жатты. Бұл жағдай қазақ қоғамы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастардың шын таптық сырын ішінара бүркемелеп отырды.
15-18 ғасырларда Қазақстан территориясында бірнеше феодалдық мемлекеттер, яғни хандықтар болды, олардың әрқайсысы сұлтандардың, жеке феодалдардың иеліктеріне бөлінді. Қазақ хандықтарының күрделі мемлекеттік аппараты болған жоқ. Басқару мақсатына, феодалдық қатынастарға бейімделген патриархтық-рулық институттар пайдаланылды.
Сырт қарағанда хан шексіз билік жүргізді. Хан мемлекет басқарушы, қарулы күштердің басшысы және жоғарғы төре болды. Ол сұлтандарға тәуелсіз болды, ал әрбір сұлтан оған вассалдық тәуелділікте болды. Хан сұлтандар арасында жайылымдардың бөлінуіне жарлық етті. Сұлтандар мен билер ханға жүгінді.
Хандықтың құрамына енетін бірнеше руларды сұлтандар биледі. Сұлтандардың саны көбейген сайын олардың әрқайсысының қол астындағы халықтың саны азая берді. Қол астындағы рулардың қазақтарына әкімшілік және сот билігін сұлтандардың өздері жүргізді. Олар руларға жайлымдықтарды бөлді, жасақтар құрып, оларды басқарды. Сұлтандар ел басқаруда бір руды немесе бір атаны басқарушы ру басы - билер арқылы жүзеге асырып отырды. Маңызды мәселелерді шешу қажет болғанда билер сол рудың ер-азаматтарымен бас қосып, ақылдасатын болған.
Мемлекет аппаратының шығындары еңбекшілердің мойнына түсті. Хандықтардың негізгі табысы халықтан жиналатын феодалдық салықтардан, соғыстан түсетін олжадан, сот пошлинасынан және «ықтиярлы» сыйлықтар дейтіндерден құралды.
Қазақ хандықтарында әскери ұйым күрделі еместі. Тұрақты армия болған жоқ. Сырттан қауіп төнген жағдайда жасақтар құрылды, жеке отрядтарды сұлтандар, билер және батырлар басқарды.
Қазақ қоғамындағы правоның негізі феодалдық базис, патриархалдық-феодалдық өндірістік қатынастар еді. Бұл право әдет-ғұрып правосы - әдет нормаларынан, феодалдардың келісімдерінен, ханның актыларынан, хан төңірегіндегі билердің кеңесінен, сот практикасынан, сондай-ақ билер съезінде қолданылатын «ережелерден» құралды. Қазақ правосының қайнар көздерінің бірі, сонымен қатар артта қалған шариғат правосымен белгіленді.
Қазақстанда жайылымдыққа феодалдық меншік ертеде пайда болған. Оның мәні мынада: көшіп-қонып жүретін жерлерге феодалдың қожалық етуге правосы бар. Былайша жер рулардың, қауымдардың қолында деп саналды, ал іс жүзінде жерге ірі феодалдар ие болды. Жайылымдықтарды меншіктенуден басқа, қазақ хандықтарында егіншілік аудандарындағы егістік жерлер, сонымен бірге суғару құрылыстары мен су қорлары да феодалдық меншікте болды.
Қазақтың әдеттік правосы сияқты, міндеткерлік право шарттары тым қарапайым болды. Мұның себебі - жалпы алғанда елдің экономикалық мешеулігінде еді. Қазақ правосына мәлім шарттар онша көп емес: сатып алу және сату, қарыз, жалдану, сақтау және керуен тасымалы, жылу жинау, зекет, ұшыр, асар секілді ерекше институттары да болған.
Қазақтардағы неке және семья правосы да феодалдық базиске сәйкестендірілген. Некенің негізгі формасы дара неке (моногамия) болды. Бірақ феодалдық ақсүйектер арасында көп әйел алушылық та (полигамия) едәуір тарады. Қазақ қызы қалың малға сатылды. Қалың мал қыз әкесінің немесе жақын туысының пайдасына түскен. Қалың малдың үш түрі болды: ең көбі - 77 жылқы, орташасы - 47 жылқы және төмені - 17 жылқы. Қыз қалың малы түгел өтелгесін ғана ұзатылған. Семья-неке қатынастарындағы бір ерекшелік - әмеңгерлік; бұл әдет-ғұрып бойынша күйеуі қайтыс болған әйел оның туған ағасына немесе інісіне, ал олар жоқ болса, жақын туысына қосылуға тиісті болған. Қазақтардың әдет-ғұрып правосы бойынша, жетінші атаға дейінгі туыстардың арасында қыз алысуға тыйым салынған.
Семьяда әке шексіз билік жүргізді. Әкеге қарсы келуге, оны сотқа тарттыруға балаларының правосы болған жоқ. Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда балалар, әдетте, әкесінде қалдырылды. Әкенің қызын еріксіз күйеуге беруге, ұлын еріксіз үйлендіруге, олардың ықтиярымен есептеспеуге правосы болды. Ұлдары үйленген соң, жасының үлкендігіне қарай оларға енші бөліп беріп, бөлек отау етіп шығарған. Егер балалардың әке-шешесі қайтыс болса, кәмелетке жетпеген жетімдерге қамқоршы тағайындалған, әдетте ондай қамқоршы жақын туысы болған. Қазақ правосы бойынша бала асырап алуға рұқсат берілген.
Өсиет бойынша мұрагерлік болмаған. Қайтыс болған кісінің барлық мал-мүлкі бөлініп шықпаған кіші ұлына қалдырылған. Күйеуінің көзі тірісінде әйелдің ешқандай мүлік правосы болған жоқ.
Бұл дәуірдегі қылмыс правосында «қанға - қан» немесе «көзге - көз» деген принцип бойынша жазалау заңы бірінші орын алды. Соттың үкімі бойынша, кісі өлтіргені немесе ауыр жарақат түсіргені үшін айыпты кісіден қанды кек алынған, бұл кек алуды бүкіл ру болып істеген. Екі жақ келісімге келген жағдайда қанды кек алу құн төлеумен алмастырылған. Құн мынадай мөлшерде белгіленген: еркекті өлтіргені үшін - 1000 қой (толық құн), әйелді өлтіргені үшін - 500 қой (жарты кұн); бір көзді шығарғаны үшін жарты құн алынған; екі көзді бірдей шығарғаны үшін толық құн төлетілген; бір қолды немесе бір аяқты сындырғаны үшін - жарты құн; екі қолды немесе екі аяқты сындырғаны үшін - толық құн төленген. Басқа қылмыстар үшін әр түрлі мөлшерде айып салынатын.
18 ғасырдың басында «Жеті жарғы» деп аталған заңдар жинағы құрастырылды. Бұл әдет-ғұрып правосы нормаларының жинағы болып табылады, онда қазақтың феодалдық правосының негізгі принциптері неғұрлым толық және айқын бейнеленді. Бұл заңдарда феодалдық меншікті қорғауға және меншік туралы дау-жанжалды реттеуге басты назар аударылған. «Жеті жарғы» енгізілгеннен кейін еңбекші халыққа түсетін салықтардың ауыртпалығы бұрынғыдан да көбейе түсті. Бұрынғы салық артып, оның үстіне көршілес мемлекеттерге аманатқа жіберілетін сұлтандар мен хандардың балаларын асырауға және феодалдық ақсүйектердің борыштарын өтеуге жиналатын төлемдер пайда болды.
Феодалға қарсы шыққандығы үшіи жауапкершілік анағұрлым айқын белгіленді, ал жазалау әлдеқайда қатал болды. Сұлтанды немесе қожаны өлтіргені үшін төленетін құн жай қара қазақтың құнынан жеті есе артық мөлшерде тағайындалды. Сұлтан мен қожаны жәбірлегені үшін де аса үлкен айып салынды. Құн төлеуден бас тартқаны үшін жәбірленген жақ жәбірлеушіні өзінің қалауы бойынша жазалаған. Сот жазасының тәсілі ретінде барымта заңдастырылды.
«Жеті жарғы» әйел теңсіздігін шариғатқа сәйкестендіріп, заң жүзінде бекітті. Әдетте, әйел куә ретінде сотқа шақырылмаған; ал егер де шақырыла қалса, екі әйел куә бір еркек куәға тең деп есептелген. Феодалдың құл иеленудегі правосы шексіз болды. Бөтеннің құлын өлтіргені үшін оның иесіне материалдық шығынды өтеумен ғана тынған. Құдайға тіл тигізгені үшін, егер мұны жеті куә растайтын болса, айыптыны тас лақтырумен жазалаған. Егер әйелінің зинақорлығына көзі жетсе, күйеуіне оны өлтіруге дейін право берілді; әкенің әділсіздігіне қарсылық көрсеткен бала қатал жазаланды, баласын өлтіргені үшін әке мүлде жазаланбаған. Молданың қатысуымен туыстарының алдында айтылған өспеттің ғана заңды күші болды. Тұтас алғанда «Жеті жарғы» феодалдық үстемдікті нығайтуға бағытталды.
15 ғасырдың 60 жылдары құрылған Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы алғашқы кездерден-ақ өте қиын еді. Анағұрлым күшті және орталықтанған мемлекеттердің қоршауындағы қазақ хандығына өзінің дербес өмір сүруін қорғау үшін күресу керек болды. Сондықтан алғашқы қазақ хандары ішкі және сыртқы саясатта негізгі міндет хандықты нығайту және қазақ жерлерін біріктіру деп білді. Қазақ хандары Керей мен Жәнібек, Мұрындық Моғолстанның, Өзбек хандығының және Ноғай ордасының құрамына кірген қазақ тайпаларын біріктіру үшін көптеген соғыстар жүргізді. Осының нәтижесінде 16 ғасырда Қазақ хандығы Дешті Қыпшақтың оңтүстік-шығыс бөлігі мен Жетісудағы көшіп-қонып жүретін аймақты, Сырдария бойындағы қалаларды қолына алды. Бұл қалаларды өзіне қаратып алу үшін қазақтар Шайбанимен және оның мұрагерлерімен ұзақ уақыт күресті.
Қазақ хандығы әсіресе Қасым хан тұсында (1511-1523) күшейе түсті. Ноғай ордасына кірген кейбір тайпалар Қасымның қол астына көшті. Шайбани әулетінің мемлекеті ішкі аласапыраннан қатты әлсіреген болатын, Қасым хан осыны пайдаланып, Шайбани әулетіне қарсы ойдағыдай күресті. Мұның өзінде Қасым хан Моғолстанмен бейбіт қатынасты сақтау саясатын ұстады.
Қасым хан қайтыс болғаннан кейін өкімет билігін Таһир (1523-1533) қолына алды. Оның Моғолстанмен, Ноғай ордасымен және Бұхар хандығымен соғыстары сәтсіз болды. Таһирдың тұсында феодалдық езгі күшейе түсті. Қазақ қауымдарының Таһирдың қол астынан жаппай көшіп кетуі халық бұқарасының феодалдық езгінің күшеюіне наразылығының салдарынан болған еді, мұның өзі хандықта тап күресінің шиеленіскендігін көрсетті. Таһирдың мұрагерлері де жайылымдық жерлер үшін және сауда қолөнерорталықтары үшін сәтсіз соғыстар жүргізді.
Тек 16 ғасырдың 2-жартысында. Ақназар ұзақ уақыт билік жүргізген кезде (1538-1580), хандық едәуір нығайып, оның ыдыраған бөліктері қайта біріктірілді. Ол өзінің мемлекетін Ноғай ордасының тайпалары есебінен күшейтті; бұл тайпалар Ноғай оңдасы Россия мемлекетіне қосылғаннан кейін Ақназарға қарай көшкен еді. Сырдария бойындағы қалалар үшін Ақназар, Моғолстанмен және Бұхармен табан тірескен соғыстар жүргізді.
Қазақтың көшпелі халқы мен Орта Азия отырықшы халқының шаруашылық жүйесіндегі айырмашылық олардың арасында сауда байланыстарының дамуына мүмкіндік жасады. Феодалдық соғыстарға қарамастан, этникалық жағынан жақын халықтар арасында бейбіт экономикалық және мәдени қарым-қатынастардың болуына олар табиғи мүдделі де болды.
Ақназардың мұрагерлері Шығай (1580-1582) мен Тәуекел (1586-1598) Ташкент үшін күресте Бұхар хандығын жақтаушы ретінде танылды, бірақ кейіннен Тәуекел Бұхар хандығымен одақты бұзып, Сырдария бойындағы қалалар үшін оған қарсы күресті. Бұхар ханы Абдуллаға және оның одақтасы Сібір ханы - Көшімге қарсы күрес кезінде Тәуекел орыс азаматтығын қабылдауға келісіп, Россия мемлекетімен одақтасуға тырысты.
Сырдария бойындағы қалалар үшін қазақ және Бұхар феодалдары арасында болған ұзақ соғыстар өлкенің өндіргіш күштерінің дамуына кедергі келтірді, егінші және малшы еңбекшілердің шаруашылығына зиянды әсер етті.
Тәуекелдің мұрагері Есім (1598-1645) Бұхармен шарт жасасып (1599), Ташкентті өзінде ұстап қалды. Алайда көп ұзамай қазақ сұлтандарының арасында ішкі өзара қырқысу қайта басталып, хандық әлсіреді. Жекелегенірі қазақ сұлтандары іс жүзінде Есім ханнан тәуелсіз жағдайда болды. Ташкентте Тұрсынхан дербес билеуші болып алды. Есім хан Моғолстанмен де соғысты; қазақ тайпаларының бір бөлігі осы Моғолстанның қол астында болатын. Деректемелерге қарағанда, Есім хан қырғыз билеушілерімен тығыз байланыс жасаған және қырғыз руларының біразы оның қол астында болған. Есім хан билеген жылдарда Жоңғар феодалдарымен қарым-қатынас өте шиеленіскен жағдайда болды.
Қазақ-Жоңғар қатынастары әсіресе Есімнің мұрагері Жәңгір ханның тұсында шиеленісе түсті. Бұл дау-жанжал негізінде қазақ және Жоңғар феодалдарының жайылымдық жерлерді ұлғайтуға, Қазақстанның оңтүстігінде ең маңызды керуен жолдарына және сауда қолөнер орталықтарына бақылау орнатуға тырысқан әрекеттері еді.
17 ғасырдың аяғында және 18 ғасырдың басында, Жәңгірдің баласы Тәуке хан болған кезде (1680-1716) хандық өкімет билігі белгілі бір дәрежеде күшейіп, хандықтың жеке бөліктері бірікті. Қазақ мемлекетінің біраз нығайтылуы және қазақ заңдарынын алғашқы жинағы «Жеті жарғы» жасалып, зандардың ретке келтірілуі Тәукенің есімімен байланысты.
Тәуке қазақтың үш жүзін түгелдей өзінің қол астына біріктіре алды. Алайда, Қазақстанда біртұтас орталықтандырылған мемлекеттік құрылмаған еді. Қырғыз және Қарақалпақ рулары Тәуке ханға саяси тәуелді екендіктерін мойындады. Тәуке хан болған тұста Қазақ хандығының біршама күшеюі онша ұзаққа бармады. Тәуке қайтыс болғаннан кейін басталған ішкі дау-жанжалдар мен өзара қырқысу қазақ тайпаларының бірлігін бұзды, мемлекеттің ішкі әлсіздігіне Жоңғар хандығы жағынан төнген сыртқы елеулі қауіп келіп қосылды. 1723 жылғы шабуыл кезінде жоңғарлар Оңтүстік-ШығысҚазақстанды басып алып, өлкенің материалдық және адам ресурстарына үлкен зиян келтірді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары басталды. Орта жүз бен Кіші жүздің көшіп-қонып жүретін жерлері солтүстік және солтүстік-батысқа қарай ойыса берді. Бұл ішкі және сыртқы жағдайдың қиындығы қазақ хандарын сырттан көмек пен қолдау іздеуге мәжбүр етті. 1730 жылы Кіші жүздің ханы Әбілқайыр қазақтарды Россия азаматтығына қабылдауды өтініп, орыс үкіметіне хат жазды. Жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде 1731 жылы Кіші жүз, 1740 жылы Орта жүз Россия азаматтығын қабылдады. Қазақстанның қалған бөліктерінің Россияға қосылу процесі 19 ғасырдың 2-жартысында аяқталды.
Қазақтардың Россия азаматтығын қабылдауының қазақ қоғамының экономикалық шаруашылық және саяси өмірінде маңызы зор болды. Ең алдымен орыстардың ықпалы шекаралық айырбас сауданың дамуына әсер етті. Бұл ретте шекаралық бекініс-қалалар: Гурьев, Орынбор, Орск, Тройцк, Семей, Өскемен маңызды роль атқарды. Қазақтардың орыс халқымен араласуы қазақ қоғамында өндіргіш күштердің дамытылуына ықпалын тигізді. Пішен дайындау дамыды, қазақтар орыс шаруаларының диқаншылық кәсібін үйренді. Қазақ шаруалары Елек, Эльтон және Басқұншақ көлдеріндегі, Ямышев бекінісі маңындағы тұз кәсіпшіліктеріне жұмысқа жалдана бастады. Бірақ, 18 ғасырда қазақ қоғамында шаруашылықты жүргізудің анағұрлым озық формаларының тек негіздері ғана қаланған еді.
Бүкіл 18 ғасырдың бойына қазақ феодалдарының өкімет билігіне таласқан қырқысы толастаған жоқ, ал мұның өзі Тәуке ханның тұсында іргесі қаланған біртұтас мемлекеттіліктің негіздерін қатты шайқалтты. Қазақстан бытыраңқылық жайлаған ел болып қала берді. Өндіргіш күштердің нашар өркендегендігі, товар-ақша қатынастарының жеткіліксіз дамығандығы, феодалдық соғыстар - осының барлығы бытырандылыққа жол берді.
18 ғасырдың 2-жартысында жер мәселесі шиеленісіп, феодалдық езушілік күшейді. Бұл тап күресінің шиеленісуіне әкеп соқты. Е. И. Пугачев бастаған Шаруалар соғысына (1773-1775) қазақ еңбекшілерінің қатысқандығы және Кіші жүз қазақтарының Сырым Датов бастаған көтерілісі (1783-1797) бұған айқын дәлел.
18 ғасырдың 2-жартысында Қазақстанның сыртқы саяси жағдайы, Россия тарапынан көрсетілген көмек пен қолдауға қарамастан, тұрақсыз болып қала берді. 50 жылдардың басында Жоңғар феодалдары, 60 жылдарда Маньчжур-Цинь әскерлері қазақ жерінің шетіне басып кірді. Қалмақ хандығымен қарым-қатынас ол жойылғанға дейін (1771) өте қиын еді. ОңтүстікҚазақстанның біраз жерлері 18 ғасырдың аяғында әлі Қоқан хандығының қол астында қалды.
Орта ғасырлардан кейінгі қалалар. Республиканың оңтүстігінде соңғы жылдары қарқынды түрде жүргізілген археологиялық зерттеулер 15-17 ғасырларда ОңтүстікҚазақстанның алқабында отырықшы және қалалық тұрмыстың құлдырап кеткені туралы таяу уақытқа дейін орын алған пікірді өзгертуге мүмкіндік берді. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде орта ғасырлардың кейінгі кезеңіндегі ондаған қалалардың ескі жұрты табылды. Олардың біразы 15-18 ғасырлардағы деректемелерде айтылатын қалалар мен қыстақтарға ұқсас болып шықты. Қазба жұмыстарының материалдарын зерттеу орта ғасырлардың кейінгі кезеңіндегі Қазақстанның тарихи дамуын дұрыс түсіну үшін, атап айтқанда, 15 ғасыр мен 17 ғасырдың 1-жартысында, қазақ хандығы қалыптасқан кезеңде, қала тұрмысының өрге басқандығы туралы маңызды қорытынды жасауға көмектесті. Ол кездегі неғұрлым белгілі қалалық орталықтардың ішінен Ясы (Түркістан), Сайрам, Отырар, Сауран, Сығанақ, Саяқ, Сүткент, Аққорған және бірқатар ұсақ қалалар мен қыстақтар - Иенкент, Сүри, Қарашықты, Қарнақ, Қарасаман, Аюкөк, Өзкент, Қарақұрымды атауға болады.
Әңгіме болып отырған дәуірде Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі әкімшілік, сауда-экономикалық және діни орталық Ясы қаласы болды. 16 ғасырда сол маңдағы кең-байтақ ауданның аты бойынша қаланың Түркістан деп аталуы кездейсоқ емес. Рузбеханның айтуынша, ол «Түркістанды билеушілердің астанасы». ОрталықҚазақстан далаларынан, Орта Азиядан, Жетісудан және Сібірден келетін сауда жолдары осында тоғысқан: «Солтүстік жақтағы қазақ жерлерінен және Әндіжанға апаратын жолдармен Қытай шекарасына дейін... Ясыға товарлар және сирек кездесетін заттар тасылады. Бұл - әр түрлі елдердің көпестері үшін жүк түсіретін және алатын пункт, әр түрлі елдердің саяхатшылары үпіін аялдайтын орын».
Түркістан егіншілігі дамыған бай өлкенің орталығы болған; бұл өлкенің көптеген қыстақтары және қолдан суарылатын өңделген жерлері бар еді. Қалада жергілікті базарларды мыс теңгелермен қамтамасыз ететін ақша жасайтын шеберхана жұмыс істеді.
15-17 ғасырларда қырдың көшпелі халқымен нағыз шекарада орналасқан Сығанақ маңызды сауда-егіншілік орталығы болды. Рузбехан Сығанақ жөнінде былай деп жазды: «Ол Дешті Қыпшақтың сауда аймағы есепті. Еділге дейін көсіліп жатқан Дешті Қыпшақ үшін Сығанақ бірден-бір сауда пункті. Дешті Қыпшақта өндірілген товарлар тікелей осында келіп түсіп, сондай-ақ Түркістаннан, Мауараннахрдан, Қашғардан және Хотаннан да мұнда қажетті заттар әкелген, керісінше өзіне қажетті заттарды олар осыдан алған. Сондықтан Сығанақ көпестер үнемі көп жиналатын орынға айналған. Мұнда барлық елдердің товарлары әрқашан жеткілікті мөлшерде табылады».
Сығанақтың ескі жұрты қазір Сунақата деп аталады; ол Төменарық станциясынан 20 км жерде. Осы ескі жұрттан жиналған заттар 15-17 ғасырларда Сығанақтың ірі қолөнер орталығы болғандығын толық дәлелдейді.
Отырар қаласының ескі жұрты Темір темір жол станциясынан батысқа қарай 10 км жерде. Оның орталық бөлігінің көлемі, 20 га шамасында. Қазба жұмыстарының барысында тұрғындарының үйлері 2 типте болғаны, олардың айырмасы тек бөлмелерінің орналастырылуында ғана екені анықталды. Бөлмелері бір-біріне жалғастырыла салынған үйлер 1-типке, ал 4 бөлме екі-екіден қарама-қарсы салынғандары 2-типке жатады.
Үйдің негізгі бөлмесі тандыр-пешті жылы тұрғын бөлме. Оның ауданы әр түрлі: 8-10 м2-ден 45 м2-ге дейін; ішінің жабдықталуы қарапайым. Бөлменің көп жерін биіктігі 30-50 см, балшықтан соққан аласа сәкі (сафа) алып тұрады. Оның ішінде тандыр-пеш жасалған, түтін жолы әуелі сәкінің ішімен көлбеу кетеді де, одан соң қабырғаның ішімен жоғары көтеріледі. Кейде үлкен бөлмелердің ішінде екі тандыр болған. Тандырдың алдына сәкінің іргесімен бірдей етіп күйдірілген кірпіштің сынықтары төселген. Оның ауданы 6 м2-те дейін жеткен. Бір бұрышқа қазандық орнатылған. Сол арада немесе соған жақын сәкінің үстінде қол диірмен, түрлі түйгіштер мен үккіштер, қазан, құмыра секілді ыдыстар тұрған.
Сәкінің үстіне шиден немесе қамыстан істелген төсеніштер тасталған да, оның үстіне киіз және көрпе төселген. Бөлменің бір бұрышында шағын ұра болған. Қабырғада тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек нәрселер қойылатын кішкене қуыстар істелген.
Негізгі тұрғын үйден басқа, кірпіш төселген жазғы аула да болды. Оның жартысынан немесе 2/3 бөлегін жаппа астынан жасалған аласа сәкі алып тұрады. Дәл сол арадан жер ошақ қазылған. Қойма ретінде күн түспейтін қараңғы орын пайдаланылды, оның ішіндегі қамбалардың қабырғасы балшықпен сыланған. Қоймада астық және басқа азық-түлік салынған қыш ыдыстар да сақталған.
Үйлер төрт бұрышты шикі кірпіштен ірге тассыз салынған, сыз тартып құламауы үшін қабырғаның астына қамыс төселген немесе кепкен тезек қаланған. Үйлердің төбесі әдетте жайпақ болған, ал ішінен дәл орта тұсынан тіреу орнатылған. Төбені әуелі қалың етіп қамыспен жауып, үстінен балшықпен сылаған. Бір кварталда 6 үйден 15 үйге дейін болды, бұл үйлер квартал ішіндегі шолақ көшеге қаратып салынған. Үйлердің сыртқы қабырғасы жол өтетін жаққа немесе үлкен көшеге қаратылған. Кварталдың ауданы 1000 м2-ден 2500 м2-ге дейін болды.
Құрылыстардың орнын зерттеу Отырардың кварталдық қауымдарының әлеуметтік құрылымы туралы айтуға мүмкіндік береді. Мыс., қаланың оңтүстік- шығыс және орталық бөліктерінің кварталдары үйлерінің едәуір көлемділігімен, бөлмелерінің санымен, қоймаларының саны және көлемімен ерекше көзге түседі.
Әрбір кварталдың ішіндегі жеке үйлердің сипатында да айырмашылық болған. Қабырғасы жақсылап салынған, дұрыс орналастырылған көп бөлмелі үйлер ерекше көзге түседі. Мұндай үйлердің іші әжептеуір безендірілгені байқалады.
Жеке кварталдар қолөнерінің белгілі бір түрімен айналысқан. Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде қыштан бұйым жасаушылар тұрған бір кварталдың орны қазылды. Олардың шеберханалары тұрғын үйлермен жалғастырыла салынған. Қыш күйдіретін пеш аула ішінде де, үйдің ішінде де болған.
Қазба жұмыстары жүргізілген кезде орта ғасырлардың кейінгі кезеңіндегі қаланың қолөнері және оның сауда-саттық жөнінен сол аймаққа тигізген әсері жайлы мағлұмат беретін өте көп материал жиналды. Сондай-ақ қыш бұйымдар жасау, темір қорыту ісі, металл заттар істеу және зергерлік өнер жайында неғұрлым толық мәліметтер жиналды.
Отырар товарлы қолөнер өндірісінің орталығы ғана емес, сонымен бірге ірі ауыл шаруашылық пункті болды. Тұрғындарының үйіне сақталған астығы болған. Бірнеше жерден 16-17 ғасырға жататын мыс теңгелер қоймасы табылды. Бұлардың біразы Ясы мен Ташкентте жасалған. Отырардың өзінде де ақша жасайтын үй жұмыс істеген деп жорамалдауга негіз бар. Орта Азия қалаларында шығарылған күміс шақалар да айналымда жүрген. Мыс шақаға қарағанда, күміс шақалар аймақ аралық және халықаралық саудада қолданылған.
Орта ғасырлардың кейінгі кезеңіндегі қалаларды зерттеу Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени өмірінде олардың қандай зор роль атқарғандығын ұғынуға көмектеседі.
Материалдық мәдениет. 15-18 ғасырдағы Қазақстан халқының мәдениеті мұның алдындағы дәуірден өзгеше, әбден қалыптасқан халықтың мәдениеті болып табылады. Тұрғын үйдің типі, кпімнің үлгісі, шаруашылыққа және тұрмысқа қажетті бүйымдардың ерекшеліктері көшіп-қонып жүретін тұрмысқа бейімделген еді, халықтыңтұрмыс-салты, оның әдет-ғұрпы айналадағы табиғат туралы ұғымдары, ауыз әдебиеті, сән және қосалқы өнері - бәрі өндірістің ерекшеліктерін бейнеледі.
Материалдық мәдениет ескерткіштері - Қазақстанның кең-байтақ территориясында экономика мен мәдениеттің біркелкі дамымағанын көрсетеді. Отырықшы-егіншілік шаруашылық зор роль атқарған оңтүстік аудандар анағұрлым күштірек өркендеген. Отырықшы және жартылай отырықшы тайпалар Сырдария бойы мен Қаратау өңірін мекендеді; қолөнер мен сауда орталықтары - Сығанақ, Сауран, Түркістан өңірінде шоғырланған еді; бұлар Орта Азияның қалаларымен ұдайы байланыс жасап отырды. Қыстақтар көбінесе өзендерді бойлай орналасты, олардың анық белгіленген көшелері, қоршалған аулалары немесе учаскелері болмаған. Тұрғын үйлер алуан түрлі еді. Солардың ішінде ерекшесі - негізінен көктемде, жазда және күзде пайдаланылған киіз үй. Киіз үй көшпелі халықтың ойлап тапқан жайлы тұрағы. Оны тез тігіп, тез жинап алуға болады, әрі жеңіл, әрі көшіп-қонуға қолайлы. Оны ақ немесе қоңырлау киізбен жапқан. Ағаш сүйегін (керегесі мен уықтарын) иімді, берік сары талдан жасап, әуелі қынамен, кейін қызыл бояумен бояған. Байлардың киіз үйлері үлкен де сәнді, киізі ақ, ою-өрнектері, түрлі шашағы бар әшекейлі басқұр-баулары болған, шаңырағы оймыштап істелген. 15-18 ғасырлардағыжылжымалы баспаналардың ішінен әсіресе жабық күймелер ерекше атап айтарлықтай. Күймелер жайында алғаш рет Рузбехан Исфаһани жазған. Күйменің іші аумақты болған және матамен, киізбен, түрлі түсті былғарымен қапталған, кішкентай терезесі де болған. Баспананың типіне географиялық фактор үлкен әсерін тигізді. Қыста тұратын үйлер салу климаты қатал солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарда анағұрлым кеңірек тарады; бұл жерлерде қысқы аяз бен бораннан сақтану үшін халық жылы үйлерде тұрды. Ертіс бойының тұрғындары көбінесе ағаш үйлер салған. Оңтүстік жақта балшықтан соғылған үйлер көбірек болды, мұндай үйлердің төбесі қамыспен жабылды, жарық төбедегі тесіктен түсіп тұрды, терезе көбінесе алмалы-салмалы етіп істелді. Баспананың екінші бір түрі қараша болды. Шараф ад-Дин Әли Йездидің жазбаларына қарағанда, оның ішіне биік шатырлар тігіліп, жабық күймелер қойылған. Қыста тұратын тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстар қыстау деп аталды. Халық қысқы маусымда жер үй, қаратам, шошала сияқты баспаналарда да тұрған. Қазақтардың өмірінде Сырдария, Талас, Шу аңғарларының, Есіл, Ертіс алаптарының орасан зор маңызы бар; бұл жерлерге негізгі қыстаулар салынды, ал жер суаратын каналдардың қалдықтары осы уақытқа дейін сақталған.
16 ғасырда Оңтүстік Қазақстанның ежелгі қалалары Сығанақ, Сауран, Аркук, Отырар, Сайрам ескі жұртқа айналды. Ал ежелгі Тараз қаласы әлдеқашан қирап жатқан еді. Тек төңірегіндегі қыстақтарымен (Қарнақ, Созақ, Иқан) бірге Түркістан мен Шымкент қалалары ғана сақталды. 17 ғасырдың басынан Түркістан қаласы қазақ хандарының резиденциясына айналды.
Бұл дәуірдің мәдениеті ең алдымен киімнің үлгісінде бейнеленді. Киім алуан түрлі болды және ол жүн, мақта, жібек матадан, кейде барқыттан тігілген. Ерлер жейденің сыртынан бешпент, қамзол және шапан киіп жүрген. Қысқы киімнің мынадай түрлері болған: қалың матамен тысталған жабағы күні; түйе жүнінен тоқылған шекпен; қой терісінен тігілген тон; құлын терісінен тігілген жарғақ; қасқыр, сілеусін, бұлғын терілерінен тігілген киім қасқыр ішік, бұлғын ішік аталды. Қысқы шалбар қойдың иленген терісінен жүні ішіне қаратылып тігілсе; жазғы шалбар матадан (мақпалдан), қолдан тоқылған қалың матадан, жүнін жидітіп илеген ешкі, қарақұйрық терісінен (жарғақ шалбар) тігілген.
Қазақтардың қыста киетін дәстүрлі бас киімі түлкі терісінен немесе басқа теріден шошақ төбе етіп тігілген, жалпақ ұзын құлақты, желкесі салыңқы тымақ. Жазда ерлер жұқа ақ киізден тігілген шошақ төбе қалпақ киген. Жиегі терімен көмкерілген доңгелек, екі жақ жиегі барқытпен көмкерілген айырқалпақта кең тараған.
Көшпелі халықта ерлердің дағдылы аяқ киімі - қонышы кеңдеу етіліп тігілген шоңқайма, аңға шыққандакиетін қайқы тұмсық, жұмсақ жеңіл етік, атқа мінгенде ыңғайлы болу үшін мәсі мен кебіс болды.
Бой жеткен қыздар басына үкілі құндыз бөрік, жана түскен келін алғашқы бір жыл бойы сәукеле, кейін желек, отыз бен қырықтың арасындағы әйел басына кестелі кимешек киген. Ал жасамыш әйелдер кимешек киіп, үстіне күндік ораған. Әйелдердің дағдылы аяқ киімдері мәсі, кебіс. Байлардың қыз-келіншектері кестелі етік, үстіне күміс қаптырып, өрнектеп тігілген көксауыр кебіс киген.
Халықтың негізгі тамағы: пісірілген, қуырылған және сүрленген ет; сүттен әзірленген тағамдар - ірімшік, қаймақ, құрт, сүзбе, май, қымыз, айран, қатық, шұбат болды. Қыстыгүні көбінесе ұннан пісірілген тамак желінді. Ұннан әр түрлі жұқа нан мен бауырсақ, кеспе әзірленді. Тарыдан сөк (жарма), тары көже, жент, қуырылған бидайдан талқан түйілді. Сусын әрі қорек ретінде ашымал, боза, бидай көже, арпа көже, құрт көже, қонақ көже, іркіт жасалды.
Қолөнері. Әрбір шаруа тұрмысқа қажетті заттардың бәрін өзі жасаған. 16-18 ғасырға жататын жазба деректемелер мен материалдық өндіріс ескерткіштері қалаларда және отырықшы қоныстарда үйшілік, ұсталық, зергерлік, қырнаушылық, өрімшілік, көншілік, тігіншілік, егіншілік және басқа кәсіптер мен қолөнерінің пайда болғанын көрсетеді. Қазақ үйшілері ағаш шеберлері деп аталған. Олар киіз үйдің ағаш бөлшектерін (кереге, уық, шаңырақ), жұкаяқ, сандық, жуазы бесік және көптеген басқа үй жиһаздарын жасады. Өрімшілер ер-тоқым, жүген, құйысқан, конек, кіреуке, торсық, саба т. б. заттар істеді. Етікшілер етік тігумен бірге, былғарыдан өю-өрнек салып тоқым мен тебінгі жасады. Киім тігу, киіз басу, кілем тоқу ісін әйелдер атқарды. Орыс саяхатшыларының жазбаларында қазақ қыздарының қолы өнерлі болғанын, олардың киімді кестелеуге өте шеберлігін, әр түрлі бояумен боялған жүн жіппен әрбір шиді орап, жай шидің өзінен керемет әдемі өреше, есік ши, белдеу шилер тоқып, оның бетіне гүлдің, құстың бейнесін түсірді. Халықтың дарынды шеберлері қолөнерінің аса көркем бұйымдарын жасаған.
Қазақ халқының 15-18 ғасырлардағы әдет-ғұрыптары. Халқымыздың бұл кезеңдегі мәдениеті мен тұрмысын, адамдар арасындағы қоғамдық қарым-қатынас түрлерін кейінгі кезеңдерге дейін сақталып келген әр түрлі әдет-ғұрыптардан байқауға әбден болады.
Қазақтың әдет-ғұрыптары ең алдымен әмеңгерлік право, балдыз алу,рулық экзогамия, көп некелілік, қалың мал және жасау, улкен патриархалды семья т. б. көне заман институттарының қалдықтарын сақтап келген некелік және семьялық қарым-қатынастарға байланысты өткізілетін сан алуан дәстүрлер мен ырымдар төңірегінде бой көрсетеді. Некелесудің ең бастысы құда түсіп, қалың мал төлеуге негізделгендіктен, жігіт әкесі болашақ құдасына «жаушы» жіберіп, алдын ала келіс сөз жүргізетін.
Жаушы құдалық жанындағы жігіт әкесінің сәлемін айтатын. Қыз жағы құдалыққа қарсы болмаса, құда түсу мерзімін белгілеп, жаушыға «шеге шанан» атты сыйлық жауып аттандыратын. Ресми түрде құда түсу үшін жігіт әкесі бір жақын туысын бас етіп бірнеше адам аттандыратын, кейде өзі бастап барады. Құдалық мәселесі, қалың мал, жасау мөлшері, ұзату тойының мерзімі шешілгеннен кейін құдалар келісімін антпен бекітеді. Ол үшін қойдың бауыздау қанын ағаш аяққа құйып, екі жақтың құдалары қанға оң қолының саусақтарын, ілгеріректе найза ұштарын немесе садақ жебелерін батырысып құдалық шартын бұзбауға ант берісіп, ақсақалдар бата беретін. Оқылған бата құрметіне күйеу жағы «батаяқ», айттырылған қызға «қарғыбау» атты сыйлықтар беріледі. Бұдан соң екі жақтың құдаларына «құйрық бауыр» тартылады. Құйрық-бауыр жеу әдетіне екі жақтың құдай қосқан құда болғандығының бұлтартпас айғағы ретінде қараған. Қайтар алдында құдаларға «киіт» кигізеді.
Қалың мал толығымен немесе түгелге жуық беріліп, жастар оң-солын танитын жасқа келісімен күйеу жігіт ұрын бару сапарына ресми түрде аттанады. Бұрын бірін-бірі еш уақытта көрмеген екі жас осы жолы танысады. Кей уақытта мұндай кездесулер бір- біріне тең емес жастардың қосылуынан болатын бақытсыздыққа ұшырамауына аз да болса септігін тигізген.
Күйеудің ұрын бару сапарына күйеу жолдас есебінде жөн білетін, ысылған пысық жігіт басшылық етеді. Бұлар қыз жағына беретін әр түрлі сыйлықтар, тартулар, кәделік уақ-түйек бұйымдар ала шығады. Ұрын келген күйеу тобына қыз аулында арнайы үй тігіліп, «ұрын той» ұйымдастырылады. Келесі күні ауыл әйелдері қыз әкесінің үйінде қалыңдық пен күйеуді таныстырады. Осы кездесуден бастап күйеу қалыңдығымен жасырын түрде кездесе береді. Оны халық «қалыңдық ойнау» деп атаған. Сөйтіп, ұрын бару сапарын да, қалыңдық ойнау әдетін де, ерлі-зайыптылық дәстүрінің «алғашқы түнін» қыз әкесінің үйінде өткізуді де матриархат дәуірінің қалдығы есебінде қарауға болады.
Ұрын бару сапарынан соң екі жағы да жастарды үйлендіру қамына кіріседі. Жігіт әкесі қалың малдың соңғы үлестерін береді, ой малын келісім бойынша отаудың шаңырағын, босағасын, киіз жамылышының жыртысын т.б. тартулар мен кәделерді дайындайды. Ал қыз әкесі жасау-жабдықтарын дайындауға, әсіресе отау мен сәукеле жасату ісіне көп мән беретін.
Қыздың ұзатылу тойына күйеу тобын көбінесе оның шешесі бастап барады. Олар көптеген тартулар, сыйлықтар мен кәделік бұйымдар: қыз анасына «сүтақы» сыйлығы, аға-інілеріне жүйрік-жорға, қыран құс, күміс ер-тоқым сияқты тартулар, күміс ақша т. б. уақ-түйектер апаратын. Қыз ұзату тойының басталар алдында отау тігіліп, оған қатысқан әйелдер күйеу шешесінен «шаңырақ көтерер», «отау жабар», «отау көрімдігі» сияқты кәделер алады. Оның ішіне жасау жиналатын.
«Қыз қашар» әдеті бойынша ауыл әйелдері қалыңдық пен күйеуді ел жата отауға енгізген. Жолшыбай және отауға енген соң «бақан аттар», «ит ырылдар», «есік ашар», «кемпір өлді», «қол ұстатар», «шаш сипатар», «төсек салар», «көрпе қимылдатар» сияқты әдет-ырымдарын, тиісті сыйлық кәделерін алып, жастарды отау ішінде оңаша қалдырады. Бұл кеш жастардың ерлі-зайыптылық ғұрпын шын мәнінде құрудың алғашқы дәстүрлі түні болып есептелетін де, қалыңдықтың пәктігі анықталады. Қалыңдық қыз болмай шықса, оған бұрын-соңды келіп жүрген күйеудің еш қатысы болмаса, көне әдет бойынша қалыңдығынан бас тартатындығын жария ететін, оның серіктері белдеудегі күйеу атының қарнын жарып, ер-тұрманын, киім-кешегін кескілейтін. Мұндай жағдайда қыз әкесі қызын да, қызды масқара еткен жігітті де өлім жазасына бұйыруға ерікті болған. Ал енді қалыңдық күнәсыз болса, екі жағы да қуанысып, сүйінші сұрасып, ұзату тойын ұйымдастыруға кіріседі.
Ұзату тойында әр түрлі ұлттық ойындар, ат бәйгесі ұйымдастырылатын. Тойдан соң «жар-жар» айтылады. Жар-жар ауыл бозбалалары мен қалыңдық бастаған қыздар тобының айтысы іспетті өтеді. Әдетте жігіттер ұзатылатын құрбысына табиғи заңдылыққа көнуге шақырып, жаңа жұртында жақсы аталуын тілесе, қалыңдық ел-жұртты, құрбы-құрдастары, жер-суымен қоштасу бағытында жаттаулы өлеңменен бірге өзі шығарған шумақтарды да әуенге қосады.
Қалыңдық ұзатылардан бірер күп бұрын ел-жұрты, жақын туыстарымен, олардың от орны-босағасымен қоштасу үшін жеңгелерін, сіңлілерін ертіп, әрқайсысының үйді-үйіне кіреді. Бұл әдетті «қыз танысу» дейтін. Жақын туыстары өз шамасына қарай ескерткіш есебінде кілем, сырмақ, алаша, шапан, көйлек, білезік, сырға сияқты сыйлықтар береді.
Дәл аттанар алдында қалыңдыққа әдейі дайындалған келіншек киімін кигізеді. Оның ішіндегі ең бастысы желек пен сәнді сәукеле. Қалыңдық көші күйеу аулына жақындағанда, бір топ қыз-келіншек алдынан шығып, жас келінді ауылға жаяулатып әкеледі. Той алдында келінді күйеу туыстарымен таныстыру салты - «бет ашар» ұйымдастырылады. Бет ашарды ауылдағы әбден дағдыланған ақын жігіт айтады. Алдымен келіннің өзіне ақыл-кеңес айтылады, соңында жиналған адамдардың үлкендерін, күйеудің әке-шешесін, жақын туыстарын таныстыра келіп, олардың әрқайсысына сәлем еткізеді де, бетін ашып көрімдік сұрайды. Әдетте көрімдік есебінде мал аталады да, олар жаңа отауға тиісті болады. Той өткен соң келіншекке сәукеленіңорнына жаулық салады. Мұның өзі оны күйеуі бар әйелдер санатына қосу салты іспетті. Келін балалы болғанша той-думанда ара-тұра сәукелесін кие береді. Ал алғашқы бала туысымен сәуқеле киюді мүлде қойып, оның орнына жаулық сыртынан басына күндік орауы оның балалы әйелдер қатарына қосылғандығын білдіреді. Әдет бойынша ұзатылған қыз тұңғыш баласын туғаннан кейін ғана төркіндейді. Бұл сапарға міндетті түрде баласын алып, күйеуімен барады да, бір ай шамасы төркінінде болады. Осы жолы оған әкесі, не әке орнына қалған ағасы тиісті енші бөліп береді. Осы сапармен ресми құдалық жолымен жасалған үйлену дәстүрі аяқталады. Бұл қазақ өмірінде кең тараған көне ғұрып қалдығы.
Әмеңгерлік әдет жолында күйеуі "өлген жас әйелді күйеуінің жақын туыстарының бірі алатын. Балалары ер жетіп қалған әйел күйеуге тимей, ерінің түтінін түтетіп, балаларып тәрбиелеп отыра берем десе оған зорлық болмады. Өлген ерінің артында бала қалмаса не балалары тым жас қалса, онда әйел өзінің заңды әмеңгерлерінің біріне тиюі керек. Оған көнбеген жағдайда баланы да, мал-мүліктерді де қалдырып, төркініне кетеді. Мұндай жағдайда күшпен көндіру сияқты зорлық та болған. Әмеңгерлік право да, балдыз алу әдеті де көне замандағы топты неке қалдықтары екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Жеті атаға толмай қыз алыспау әдеті, яғни рулық экзогамия дәстүрінің қалдығы қазақ арасында берік сақталған. Жеті атаға толғанда ақсақалдар жиналып, құрбандыққа боз бие шалып, әке тарапынан туыстық жақындығы сегізінші атаға ауысқан екі атаның екі жасыпың (қыз бен жігіттің) пекесін қиып, бата берісіп, келешекте құдандалы болып, қыз алысып тұруға рұқсат жасалған.
Қазақ халқы ежелден бері кенже ұлынан өзге үйленген балаларына енші беріп, әке шаңырағынан бөліп, отау - етіп шығаратын. Ал кенжесі әке шаңырағынан бөлінбей, әке мұрасына ие болады. Оның үйі әкесі өлгеннен соң да «қара шаңырақ» атанып, қалған туыстарының сый-құрметіне бөленеді, жыл сайын қара шаңырақтың дәстүрлі сыбағасын апарып тұратын. Қара шаңырақты сыйлау әдеті біріншіден, дара, шағын семьялар арасында жойылып бара жатқан патриархтық қатынастардың қалдығын сақтады.
Қазақта үлкенді сыйлау дәстүріне зор мән берілді де, оны бұзғандар айып тартты. Қазақ әйелдері ерінің туыстарын қатты сыйлап, үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін, тіпті қайын ата, қайын ағаларына өмір бойы көрінбеуге тырысатын, аттарын атамай жанама ат қоятын, тек өзі келін боп түскеннен кейін туған балалардың ғана аттарын атайды.
Қазақтың ежелден бергі мызғымас дәстүрінің бірі - оның қонақжайлығы. Ешбір таныстығы жоқ жолаушы кез келген ауылдың қалаған үйіне қонуға ерікті болған. Қонаққа берілетін қонақасы, жатын орын тегін, әрі қонақ бұл жағдайды «бөлінбеген еншім» деп есептеген. Ал қонақасыны дұрыстап бере алмаған үй иесінен би алдына барып ат-шапан айыбын да алатын. Қазақтағы әдеттік право бойынша қонақ үйден кеткенше үй иесінің қамқорлығында болатын, тіпті ол өзінің қас жауы болса да, өз үйіңде кек алу былай тұрсын, оның басқа жауларынан да оны қорғауға міндетті болатын. Қонаққа «өз үйіңде үйдей дауыңды айтпа» деген нақыл сөз осы әдетке негізделеді.
Туысқандар арасында бір-біріне, керек болған жағдайда, көмек көрсету әдеті де кеңінен орын алған. Мұндай көмекті оның молшеріне қарай «жылу», «немеурін» және «үме» деп атаған. Мұның ішіндегі ең көнесі де, қомақтысы да «жылу», қалғандары кейініректе қалыптасқан, мөлшері жағынан да шағындау болды. Келе-келе жеке меншіктің, таптың шығуына байланысты туыстық қатынастар мен өзара көмек те таптық сипат алды.
Қазақ арасында кісі өліміне байланысты толып жатқан әдет-ғұрыптар болған. Өлген кісінің жақын туыстарына өлімді «естірту» салтына халық ұлкен мән берді. Халықта естіртудің шешендік өнеріне негізделген сан алуан тамаша үлгілері болды. Өлімге байланысты «көңіл айту» әдеті де тапқырлықты талап ететін. Өлген адамның қоғамдағы орны, жас ерекшелігіне қарай көңіл айтудың қалыптасқан үлгілері де болды. Сайып келгенде, көңіл айтудың мақсаты - өлген адамның туыстарын жұбату, қалған жақындарына тілектестік білдіру еді.
Дүние салған адамды жоқтап әйелдердің бет жыртуы, жоқтау айтуы, жаназаға «ой бауырымдап» ат қойып келуі, әйелдермен көрісуі, мәйітті жерлегеннен кейін жаназа асы үшін, жетісін, қырқып, жылын (асын) беру ғұрыптарының түп тамыры көне діни сенімдермен байланысты болғанмен халық өміршде әдет-ғұрыпқа, дәстүрге айналғандығы даусыз.
Қазақ арасына кең тараған көне ғұрыптың бірі - өлімге келген жақын туыстардың, құдалар, жекжаттардын, жора-жолдастар мен тамыр-таныс өліктің «азасына» деп әкелетін көмегі. Ал, жыл уақытында «ас» бергенде алдын ала шақырылатын елге «сауын» айтылу салты болған. Әдетте асқа барған ел көбінесе түйе, жылқы, қой, саба-саба қымыз дайындап апаратын. Сөйтіп, қазақ халқының 15-18 ғасырлардағы толып жатқан әдет-ғұрыптарының басты-бастылары ғана айтылды. Бұлардың дені халық өмірінде ежелден бері маңызды орын алып келе жатқан халықтың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлі жайлары.
Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.93-95.
Жарияланған-2023-03-24 16:58:10 Қаралды-1252
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану