UF

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚТАРЫ МЕН ТАЙПАЛАРЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ (6-12 ғ.).

Қалалар мен қоныстар. Қазақстан тек көшпелі ел болған деген пікірәлдеқашан ескірген. Революцияға дейінгі және совет ғалымдарының зерттеулері нәтижесінде жүздеген тұракты қоныстар мен қалалардың көне жұрттары табылды, орта ғасырлық тарихи және географиялық әдебиеттің мәліметтеріне қарағанда бұлар Оңтүстік, Онтүстік-Шығыс және Орталық Қазақстанда, негізінен Талас, Қырғыз, Іле және Жоңғар Алатауының бөктерлерінде, Каратаудын күнгей және теріскей беттерінде, Сырдария, Арыс, Шу, Талас, Сарысу, Кеңгір өзендерінің аңғарларында егіншіліктің, қала құрылысының және архитектураның жоғары дәрежеде дамығанын дәлелдейді.

6-12 ғасырлардағы қазақ калаларының пайда болу және даму тарихы археологиялық және жазба деректерден мәлім. Қазба жұмыстарының барысында қалалардың терең тамырлы материалдық мәдениет дәстүрлері болғаны анықталды. Ол дәстүрлер Қанлы және Үйсін заманындағы ежелгі егіншілік қоныстанының мәдениетіне саяды.

6-7 ғасырларда Қазақстан мен Орта Азияда феодалдық қатынастардың нығаюына байланысты экономикалық өрлеу бай қалады. Осы кезде экономикалық және саяси орталықтар пайда болды. Олардың кейбіреулері калаларға айналып, бұл қалалардың көпшілігі феодалдық бекіністер мен ордалардың іргесінен салынды. Ақсүйектердің үйлері мен сарайлары, сауда және қолөнер орындары осында шоғырланды.

Қаланың ішкі бекіністі бөлігі -цитадельге, билеушінің ордасы орналасты. Оның төңірегіне ақсүйектер мен көпестердің және оларға қызмет етушілердің тұрақтары жайғасты. Қаланың бұл бөлігі Шаһристан деп аталды. Орталық бекініс пен шаһристанның айналасында біртіндеп сауда-кәсіпшілік қалашығы өсе бастады. Ол көп кешікпей қаланың экономикалық орталығына айналды. Шаһристан әдетте мұнаралары мен кіретін қақпалары бар дуалмен қоршалды. Кейініректе рабаттар да айнала дуалмен қоршалатын болды.

Орта Азия мен Қазақстан қалаларының алты жүз жылдық тарихында 8 ғасыр ерекше орын алады. Өйткені ол екі үлкен тарихи дәуірдің аралық шегі еді. Араб шапқыншылығы және оның зардаптары (ұсақ феодалдық иеліктердің бір тұтас мемлекетке қосылуы, жаңа экономикалық және мәдени байланыстардың орнатылуы, жаңа діннің - исламның таралуы) Орта Азия мен Қазақстанның ортағасырлық дәуіріндегі аса ірі оқиға болды.

Қазақстанның тарихына және оның қалаларының дамуына тән құбылыс қоғамның бір тұтас экономикалық негізін құрайтын отырықшылық пен көшпеліліктің өзара байланыстылығы, бұл екеуінің алмасып отыруы болып табылады. Егер көшпелі адам егіншінің өндірген өнімін пайдаланбай отыра алмаса, көшпелі өмір рыногының сұранымы егіншілік өндірісті де бақылап отырады. Регионның өзіндік ерекшелігі мынада: көшіп-қонып тіршілік етуге және бір жерге отырықшылануға ауысу процесі өзара байланысты болды. Көшпелілер егіншілікпен және қолөнерімен шұғылданып, отырықшы халықтың қатарын көбейтіп отырды, ал отырықшы болғандар қайтадан көшпелі тұрмысқа ауысып, мал өсірушілер қатарын көбейтті. Қазақстанның кең-байтак жері бірнеше табиғи-шаруашылық аймаққа бөлініп, олардың әрқайсысында материалдық-өндірістін қоғамдық формалары қалыптасты. Ең алдымен қала топографиясында бейнеленген, әрқайсысында қалалық орталықтар өзінше қалыптасқан үш регионды айрықша атауға болады. Бұлар: Оңтүстік Қазақстан - Сырдария мен Арыстың аңғарлары; оңтүстік-батыс Жетісу - Шу мен Таластың аңғарлапы; солтүстік-шығыс Жетісу - Іле аңғары.

Оңтүстік Қазақстандағы калалардың ескі жұртының көпшілігінің топографиясы Орта Азиялық орталықтардың топографиясына ұқсас. Мұнда қалалар 6-8 ғасырларда пайда болған. Шу және Талас өзендерінің аңғарларында да қалалар осы кезде пайда болды. Жетісу қалаларының өзіндік ерекше сипаты - ол орасан үлкен дуалмен қоршалып отырған.

Іле аңгарында елді мекендердің пайда болуы 9-10 ғасырларға жатады. Олар феодалдық ақсүйектердің ордалары мен тұрақты қыстақтар салынған жерлерде қалыптасты. Қоныстарда егіншілікпен қатар қолөнері және сауда да дамыды. Ең алдымен ЬІстықкөл ойпатындағы және Шу аңғарларындағы қалалармен екі арада сауда-экономикалық байланыстар орнады. Сондықтан бірінші кезекте Талғар мен Сүмбенің орнындағы қоныстар өркендеді; олар ЬІстықкөл мен Шу аңғарына баратын жолдар өтетін қолайлы асуларға жақып жерге орналасты.

11-12 ғасырлардағы кезең солтүстік-шығыс Жетісуда орта ғасырлық қала мәдениетінің гүлдене өркендеген кезі болды. Отырықшылық аймағы да ұлғая бастады, енді қалалар тау бөктеріндегі өңірлерде ғана емес, сонымен қатар өзендердің орта және төменгі ағыстарында да салынатын болды. Ертеректе пайда болған қоныстардың кейбіреулері қала орталықтарына айналды, ал олардағы өркендеген қолөнер өзінің шығарған өнімімен, сол маңдағы елді мекендерді және халықтың көшпелі бөлігін жабдықтап отырған. Жалпы алғанда, Іле алқабындағы қала экономикасы дамуының маңызды факторы өзге аудандарға қарағанда, мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі елмен тығыз байланыста болды.

Орта ғасырлық Қазақстандағы, аса ірі қалалардың бірі - Отырар еді. Отырартөбенің ескі жұрты Арыстың Сырдарияға құйылысына таяу жерде. Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда, жазба деректерде Отырар туралы кобірек баяндалады. Бұл деректерде қаланың Отырар деген атымен қатар оның Фараб деген басқа атауы да кездеседі. Зерттеушілердің пайымдауынша әуелде астанасы Отырар болған тұтас бір аймақ Фараб деп аталса керек. Бірақ кейіннен оның басты қаласы да сол аймақтың атымен аталатын болған. Отырар және Фараб деген атаулар тұңғыш рет 8 ғасырдың алғашқы он жылдықтарында аталса да, қала одан ертерек. 8 ғасырдың басында бар еді, ол Тарбан (Трабан) аталған деп жорамалдауға болады. Бұл атау Күлтегін мен Білгі қағанның құрметіндегі руна жазбаларында кездеседі. Тарбан (Трабан, Турабанд) мен Отырардың екеуі бір қала екенін 13 ғасырдағы географ Якут куәландырады. Ол «Тұрарбанд... Сейхунның арғы жағындағы қала - Шаштың ең алыс қалаларының бірі. Мауараннахрға іргелес жатыр. Бұл елдің халқы осы есімді түрліше атай береді, олар Тұрар деп те, Отырар деп те атайды» - деп жазды.

9 ғасырдың басында Отырар атауы Фадл ибн Сахлдың басшылығымен арабтардың Хорасаннан солтүстік бағытта араб нәменгері Әл-Мамунға қарсы көтерілген бүлікші билеушілерге қарсы жорықтарына байланысты аталады. Бүлікшілердің арасында салық төлеуден бас тартқан Отырарбент патша да болды.

Келесі үш жүз жылғы деректерде Фараб округы жайында баяндалады. 10 ғасырдағы орта ғасырлық авторлар Фараб округы Сырдарияның орта ағысында деп жазды. Округтың басты қаласы Кедер деп аталған және ол өзеннен жарты шақырым жерде екен. Сонымен қатар Кедердің саудамен және жауынгер халқымен даңқы шыққан жаңа қала болғандығы айтылады.

Отырартөбе бес бұрышты болын келген үлкен тобе, аумағы 20 га. Негізгі төбенің айналасында жиегі жайпақ жыра секілді ордың ізі байқалады. Қалаға кіретін үш қақпа болған. Оны қоршаған дуалдың оңтүстік және солтүстік-шыгыс жағынан бір-біріне қарама-қарсы екі қақпа және солтүстік-батыс жағынан бір қақпа жасалған. Олардың негізгісі оңтүстік жақтағы қақпа болса керек. Қаланың орталық төбесіне таяу аумағы 15 га жерге рабад орналасқан, ол да дуалмен қоршалған. Стратиграфиялық қазу жұмысы төбенің солтүстік-батыс бөлігінен, бекініс дуалына жақын жерден жүргізілді.

Тараз - Қазақстанның орта ғасырлардағы қалаларының ішінен неғұрлым белгілісі. Жазба деректерде ол 568 жылдан бері мәлім. Византия елшісі Земархтың түріктерге барған сапары туралы есепте Тараз (Талас) қыстақ деп аталған. 630 ж. ш. Сюань Цзянь Таразды «айналасы 4-4,5 км сауда-саттық қаласы» деп сипаттайды.

7 ғасырда Тараз Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі қалаға айналады. Осы кезден бастап ол кеңінен мәлім болады. Ол туралы мәліметтер басқа деректемелерде, географиялық шығармаларда да бар. 751 жылы Таразды уақытша арабтар жаулап алды, «893 ж., делінген деректерде, - ол (Исмаил ибн Асад) Таразға қарсы соғыс ашты, бірақ көп қиындық көрді. Ақырында Тараздыңәмірі тізе бүгіп, көптеген диқандарымен бірге исламды қабылдады». Мұнымен қатар «олардың патшасының астанасы Таразды басып алды және оның әйелің тағы да 10 000 шамалы адамды қолға түсірді. Ол тұтқындардың көбін қырып тастады, ал салт мінетіп малдың қисапсыз көптігі сонша, оларды тіпті санау мүмкін емес. Олжаны бөліске салғанда әрбір мұсылман жауынгеріне 1000 дирхемнен келді».

9-10 ғасырда Тараз одан әрі өсе берді. Оның дәл сауда жолы бойында, егіншілікке қолайлы бай алқаптың ортасында, Талас Алатауындағы күміс кендеріне жақын жерде орналасуы экономикалық және мәдени жағынан өрге басуға жәрдемдесті. 10 ғасырда Әл-Маклиси былай деп жазған: «Тараз - бекіністі үлкен қала, бау-бақшалы, халқы көп, айнала ормен қоршалған, төрт қақпасы және рабады бар. Мәдина қақпасы алдынан өзен ағып жатады, ар жағында қаланың бір бөлігі орналасқан, оған өтетін жол бар. Базардың нақ ортасындағы үлкен мешіт көрініп тұрады».

10-11 ғасырдың аяғында Қарахан әулеті Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Тараз жаңа мемлекеттің бір ұлысының астанасына айналды. Тараздың ескі орны сақталмаған деуге болады, оның орнында казіргі Жамбыл қаласы тұр. Шаһристанның солтүстік қабырғасына қапталдаса орталық бекініс орналасса керек. Бұл торт бұрышты келген үлкен төбе, әр қайсысының ұзындықтары мынадай: солтүстігі 175 м, батысы 117 м, шығысы 115 м, оңтүстігі 125 м. Қазба жұмыстары барысында Тараз тарихының әр түрлі дәуірлеріндегі құрылыс комплекстері мен жеке құрылыстары ашылды. 200 м2-дей жерді қазған кезде шаһристанның шығыс жақ бұрышынан моншанвң қалдығы табылды. Құлап түскен төбесінің қалдықтарына қарағанда оның төбесі күмбезделіп жасалса керек. Моншаның салыну тәсілінің сипаты, жылыту жүйесінің жүргізілуі, қабырғаларын әсемдеу элементтері мен бояу түстері 11-12 ғасырларда, яғни  қала экономикалық жағынан дамыған кезде салынғанын дәлелдейді.

Осы жерден ұзындығы 12,8 м су құбыры табылды. Оның қалай жасалғандығы анықталды. Құбырдың астына тастан, қиыршақ тастан және саз балшықтан «төсеніш» төселген де, үстіне жалпақ тастар жабылған, сөйтіп малта тастармен шегенделген. Құбырдың жеке буындары қыш шөңберінде істелсе керек, әрқайсысының ұзындығы 25-80 см, құбырдың бір жақ басы кеңдеу етіп істелген де, оған екіншісінің жіңішкелеу басы кигізілген. Су құбыры қаланың ішіне қарай көлбей жатқыза салынғаны анықталды. Таластың суы плотинаның көмегімен әуелі су жинайтын қоймаға ағызылған, ол қойма қалалық су құбыры жатқан деңгейден жоғарырақ жерден жасалған. Осының арқасында қоймадағы су қыш құбырларымен қаланың барлық бөліктеріне өздігінен ағып тұрса керек. Бұл су құбыры 13 ғасырда істен шыққан.

Тараз халық тығыз орналасқан ауданның орталығы еді. Оның төңірегінде, Талас пен Асаның және таудан ағатын басқа шағын өзендердің бойында мынадай қалалар мен қоныстар: Төменгі Барысхан, Хамукет, Жікіл, Адақкес, Донхуджинес орналасқан.

Қала қолөнері. Орта ғасырлық қала тұрмысында түрлі қолөнер өндірісі: тоқыма, шыны үрлеу, зергерлік, ұсталық-слесарьлық, ағашты және сүйекті бедерлеп ою маңызды роль атқарған.

Археологтардың жинаған орасан көп материалдары қолөнердің кейбір түрлерінің қалай дамып, қандай дәрежеге жеткенін шамалауға мүмкіндік береді. Орта ғасырларда қыш өндірісі - қыштан ыдыс жасау ерекше дамыған. Қазақстанның түрлі региондарынын көзесі өзіне тәп ерекше белгілермен сипатталады; бұл белгілер әрбір ауданнын дәстүрлеріне, ондағы қыш өндірісінің даму дәрежесіне және жергілікті жердегі саз балшықтың қасиетіне байланысты болған. Оңтүстік Қазақстанның, Жетісудың, Іле бойы әрқайсысына тән айырмашылықтары бар. 7-8 ғасырлардағы ыдысты қолмен жасау әдісі басым болған кезеңдерде мүндай айырмашылықтар анағұрлым көбірек байкалады. Қыш бұйымдар 9-10 ғасырларда, әсіресе 11-12 ғасырларда едәуір теңеледі.

Орта ғасырларда, кейбір онша мәнді емес формаларын есептемегенде, козе бұйымдарының барлығы қыш пештерінде күйдірілетін болған. Бірсыпыра ескі қалалардың орнын қазған кезде сондай пештер табылды. Таразда 11-12 ғасырларда оте қызықты тәсілмен салынған пеш табылды. Оның пішіні күмбез тәрізді және саз балшықтан қалың етіп құйып жасалған. Пештің диаметрі 1 м-ге жуық, биікт. 0,4 м. Пештің тас плитамен жабулы тұратын қуыс түтін жолы және от камерасына ауа айдайтын жүйесі болған. Күйдіру пешінің көлеміне және жарамсыз деп тасталған бұйымдарға қарағанда, пеш сынап және жанғыш заттар сақтайтын ұзын мойынды, бүйірлі ыдыстарды күйдіруге арналған болу керек.

Отырар ойпатында Мардан-Күйіктін ескі орнынан және Отырардың рабатынан қазу жұмыстары кезінде екі қыш пеш табылды. Отырардағы пеш екі сатылы, кескіні сопақтау. Ұзындығы 2,5 м, ені 1,35 м. Күйдіру камерасының кабырғасы мен табаны күйген кірпіштен қаланған. От камерасы пештің астынан жерден қазылып жасалған, оттығының биіктігі 1 м. Күйдіру және от камералары ыстык өтетін қуыс жолдар арқылы жалғастырылған. Пеш табылған орынды қазғанда, алуан түрлі бұйымдар: ас үй құмыралары, қақпақтар, тандырдың сынықтары, су құятын кезе, оның ішінде қара қоңыр түске боялған аса әдемі құмыра да табылды. Бұл пеш 11-12 ғасырға жатады деп саналады.

Қазақстан жеріндегі қалаларда шыны бұйымдар жасау өндірісі кең өріс алды. Тараздың, Отырардың, Ақтөбенің, Талғардың ескі жұртын казған кезде шыны бұйымдардың көптеген калдықтары жиналды. Шыны жергілікті жердің өзінде өндірілген. Бұған табылған шыны шлактары мен жарамсыз деп тасталған бұйымдар дәлел.

Шынының мөлдір және жасыл, сары, қызыл, қызғылт түстерге боялған түрлері жасалған. Бұйымдардың түр-түрі көп, сонымен бірге әр түрлі регион қалалары үшін бір стандартты болды. Бұл бұйымдар: жіңішке мойынды, бүйірлі кұмыралар, түрлі колемді ыдыстар. Бұлардың көбінің іші жылтыр, кейде сыртында бедерлі сызықтары барлары да кездеседі. Сондай-ақ тарелкелер, кеселер, бакалдар, саптыаяқтар да істелген. Құтылардың да алуан түрлері болған.

Тараздың орнын қазған кезде ақ күнгірт, жасыл жене қызғылт шыныдан жасалған дискілер табылды. Бұл дискілер үйдің терезесіне орнату үшін пайдаланылған. Шыны ыдыстардың басым көпшілігі еркін үрлеу, аз ғана бөлігі қалыпқа құю әдісімен істелген.

Шынының және жарамсыз деп тасталған шыны бұйымдардың көптеп табылуы орта ғасырлардағы қалаларда шыны өндірісі жоғары дәрежеде өркендегенін дәлелдейді.

Металл бұйымдар - Таразда, Исфиджабта, Кысмашыда, Талғарда табылған. Шырағдандар мен оларды қоятын тұғырлар: бұлар негізінен қоладан құйылған. Шырағданның пішіні қарапайым (ұзын тұмсықты, тұтқалы ыдыс). Шырағданның бетінде топсалы қақпағы бар, бұл қақпақтар кейде оюлап жасалған. Әсіресе, шырағданды қоятын тұғырлар аса зор көркемдік талғаммен істелген. Биіктігі 25-35 см бағананың (жұмыр немесе көп қырлы) үстіне шырағданды қоятын жайпақ табақша орнатылған, дөңгелетіп келтірілген төрт тағанды түбі бар. Бетіне өсімдік суреттері және әріптер өрнектеп салынған. Көптеген шырағдандарда Құран сөздері келтіріледі, мұнын өзі, бір жағынан, әсемдік үшін де істелгені байқалады.

Темірден соғу тәсілімен ауыл шаруашылық құрал-саймандары: ағаш соқаның түрені, орақ, кетпен, қару-жарақтар; садақтың жебесі, найза, тұрмыс қажетіне арнап шеге, пышақ, шанышқы, қасық, кілт, құлып, шынжыр т. б. заттар істеген. Ұсталардың аспаптары - темір төстер, балғалар, қысқаштар табылды. Зергерлік кәсіптін дамуы өте жоғары дәрежеге жетті. Калалардың орның қазған кезде шыныдан, жартылай асыл тастардан істелген моншақтардың бай коллекциясы жиналды. Қоладан, күмістен, алтыннан алқа, сырға т. б. жасалған. Таразда әйелдерге керекті әсемдік бұйымдарын құюға арналған үш қалып табылды.

Отырардан 12 ғасырдағы әшекейлік заттардың коллекциясы табылды. Бұлар екі ұшы сегіз қырлы етіп келтірілген қола білезік, кестелі өрнек құрайтын әрі қола моншақтар тізілген маңдайшалар, ұзынша шыныдан және көгілдір пастадан жасалған моншақтар. Зергерлерге өз заманының техникалық тәсілдерінің бәрі: әсем қүйма, нақыштау, бедерлеу, өру, оюлау, алтын жалату мәлім болған.

Ұсақ-туйек бұйымдар жасау үшін сүйек печ муйіз кеңінен пайдаланылған. Сүйектен бойтұмар, пышактың сабы, ойын сүйектері, түйреуіштер, түймелер жасалған. Мүйізден көбінесе пышактың сабы істелген. Отырарда, Талғарда, Таразда және Құланда бұғы мүйізінен дайындалғаны анықталады. Балташылық және ағаш шебері кәсіптерінің аспаптары - қашаулап, шоттар, бұрғылар және сүргілер табылды. Жүн және тері өндеу ісі кенінен жолға қойылды. Бұған осы кәсіпке кажетті арнаулы құралдардың - сүйек қырғыштардың, жылтыратқыштардың тегістегіштердің, темір біз бен тебен инелердін табылғандығы дәлел. Тастан, нғгізінен құм тастан, дән жармалағыш, диірмен тасы және келі жасалған.

Егіншілік. 6-12 ғасырларда Қазақстанда шаруашылықтың жетекші салаларының бірі - егіншілік болды. Егіншілікпен село тұрғындары ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да шұғылданды. Олар қала маңында егістік жерлерді игерген. Мұның өзі тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Орта Азияның, Таяу және Орта Шығыстың барлық қалаларының дамуына тән нәрсе болған. К. Маркс бұл жөнінде, Азияның тарихы - қала мен деревняның әлі ажырап болмаған бірлігінің тарихы деп жазды.

7-8 ғасырлардағы жазба деректерде Шу ойпатындағы егіншілік туралы мынаны хабарлайды: «Тұрғындардың бір жартысы егіншілікпен шұғылданды, ал екінші жартысы саудамен айналысты»; «...Жердің топырағы қызыл тары, бидай, жүзім өсіруге жарамды; бақ өсімдігі сирек кездеседі».

9-12 ғасырлардағы деректерде Қазақстандағы елді мекендер мен қалалардың тұрғындары егіншілікпен, бақ және жүзім шаруашылығымен шұғылданғаны туралы мәліметтер бар. Әл-Макдиси Атлах қаласы жөнінде: «Оның көпшілік бөлігі бақ, басқа жерінде жүзімдік басым», - деп жазды.

Көне деректерде көрсетілгеніндей Іле ойпатында «...көптеген жеміс ағаштары болған, астық дақылдарының бес түрінің бәрін де өсірген, жерді қолдан суару әдісі қолданылған». Іленің жоғары ағысында мақта егілген. Сонымен қатар деректерде: «онда (Іле ойпатында) матаның тұлұма деп аталатын түрі болған. Жұрт оны осімдік талшығынан тоқылған деседі. Бұл талшық біздің үйенкінің улпасына ұқсас - тап-таза, өте нәзік, жұмсақ, одан жіи иіреді, арқан өседі, мата тоқиды, сырма көрпе жасайды».

Орта ғасырлардағы қалалар мен мекендердің орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары егіншіліктің, бау және жүзім шаруашылықтарының сипаты туралы, дәнді дақылдардып және жеміс ағаштарының турлері туралы көптеген деректер бөрді. Егіндік жерлерді өңдеу үшін темір түренді соқа пайдаланылған. Егіншілік құралдары мен аспаптарының коллекпиясы (кетпен, бау пышақтаны, орактар) жиналды. Астық тарту үшін көлемі әр түрлі диірмен тастары пайдаланылған.

Тегінде, тары негізгі астық дақылдарының бірі болса керек. Мамандардын пікіріне карағанда. Қазакстанда бірнеше ғасыр бойына бидай егісінің үлес салмағы тары мен арпадан кем болған.

Тараздың орта ғасырлық қабаттарынан абрикостың, қара өріктің, шиенің сүйектері, қарбыз бен кауынның, сондай-ақ жүзімнің тұқымдары өте көп табылды. Баба-атаның орнына қазба жұмыстарын жүргізген кезде ішінде қарбыз дәні салынған құмыра тәріздес ыдыс табылды. Мұнда жұзім шаруашылығы кең тараған. Құланда және Төменгі Барсханның ескі орынын қазған кезде шарап пен бекмес (жүзімнің қою етіп қайнатылған шырыны) шарапханалары ашылды.

Бұл аймақта тәлімі егіншілікпен қатар суармалы егіншілік те өркендеді. Сырдария, Арыс, Шу, Іле аңғарларында суару жүйелері өріс алды. Каналдардың негұрлым жетілдірілген жүйесі Отырар ойпатында болғандығы анықталып отыр. Аэрофотосуреттерден магистральдық каналдарды, олардың тармақтарын, шлюздер мен су айырық жүйесін, жер учаскелерін, огородтар мен бақшаларды ажыратуға болады. Отырар ойпатында егістік жер Арыстың суымен суарылған.

Орта ғасырларда Таластың төменгі ағысында да кең арық жүйесі бар магистральдық канал болды. Қазір ол бізге Қалмақарық деген атпен белгілі. Каналдың басы қазіргі Ұйық пос. маңында болған, ұзындығы 100 км-дей. Рубрук өзінің саяхатын баяндай келіп, Талас ойпатын былай деп сипаттаған: «Жетінші күні бізге оңтүстік жақтан заңғар биік таулар көрінді, сонан соң жазык далаға кез болдық, оның суармалы бақтары бар екен, өңделген жерлерді де көрдік... бүкіл өлкені суландыратын үлкен өзен таудан басталады, тұрғын халық одан суды қалаған жағына тарта алады; бул өзен ешқандай теңізге барып құймайды, жерге сіңіп, батпаққа айналады».

Жартылай көшпелі және көшпелі халықтың материалдық мәдениеті. 6-7 ғасырларда Қазақстан халқының көпшілігі жартылай көшпелі және көшпелі тұрмыстық кешті. Олар қаңлылар, қарлұқтар, шігілдер (Жікіл), тухсилер, ягмалар, оғыздар, қимақтар, қыпшақтар - түркі тілдес тайпалардың толық емес тізімі осындай. Осы тайпалардан қалған көптеген ескерткіштер, сонымен бірге жазба деректер халықтың осы бөлігінін материалдық мәдениетін сипаттап береді.

Түріктердің келуімен бірге Қазақстан жеріне тізбектелген балбалдармен қоса антропоморфтық тас мұсін, қатар-қатар тас қоршаулар пайда болды. Осы тұста темір үзеңгілер, садақ жебесінің, қанжардың жаңа түрлері, қылыш соғылды. Металл жапсырмалармен безендірілген жауынгерлік белбеу кең тарады.

6-8 ғасырлардан қалған ескерткіштер - зираттар, жеке бейіттер, кездей-соқ табылған заттар, тастан жасалған бейнелер. Бейіттерге тән бір сипат -өлген кісіні атымен қоса жерлеу әдеті. Бейіттердің сыртқы белгілері мынадай: астыңғы жағы төрт бұрышты немесе шаршы пішінді болып келеді де, үстіне тастан немесе топырақтан ала-салау етіп үйме жасалады. Өлік тұркы ұзын сопақша етіп қазылған жерге жерленеді, қасына заттары, әсемдік бұйымдары, қару-жарағы қойылады. Атты шұңқырдың түбінен жоғарылау тұстан істелген кертпешекке төрт аяғын бауырына қарай бүгіп, қырынан жатқызып көмген. Кейде бейітке аттың басы немесе денесінің бір бөлігі салынған. Түркі заманындағы бейіттердің ең көбі Шығыс Қазақстанда, Ертіс аңғарындағы 1-және 2-Трофим зираттарында, Покров, Качир және 1- және 2-Бобров зираттарында зерттелді.

Бейіттерден табылған археологиялық заттар 6-8 ғасырлардағы тайпалардың материалдық мәдениетінің кейбір белгілерін сипаттауға мүмкіндік береді. Табылған құрал-саймандардың ішінде қару-жарақ, аттың ер-тұрманы, тұрмыска қажет бұйымдар бар. Қос жүзді семсерлер, ағаш қынапты қылыштар табылды, қынаптың сырты былғарымен қапталып, өсімдік суреттері салынып безендірілген. Қынаптың екі басына әдемілеп күміс құрсау кигізілген. Найзаның үшкірлеп жасалған үшы табылды. Бейіттерді қазған кезде қару-жарақтан әсіресе жебелер көбірек кездеседі. Кейбір реттерде жебелер ағаштың қабығынан істелген қорамсаққа салынған қалпында ұшырасты. Оның ішкі жағы бір тегіс және матамен қапталған, ал сырты бұдырлы келеді. Жебелер қорамсаққа қауырсынды жағы төмен қаратылып салынған, жебелердің ұшы әр түрлі - үш қырлы, төрт қырлы болады, үш қанаттысы, жапырақ секілді жалпақтары да кездеседі. Жебе ұзындығы 40-80 см мөлшерінде кок теректен жасалған, кейде қызыл түске боялған.

Садақтар екі шетінен және орта тұсынан сүйек жапсырылып, күрделі әдіспен істелген, садақтың жапсырмасының астындағы ағашы да сақталыпты.

Аттың ер-тұрманы, темір ауыздықтар, үзеңгілер және жүгеннің әшекейлері табылды. Жүгеннің екі түрі: екі шығыршықты ортасынан бір-ақ темірмен жалғастырған және шынжыр секілді етіп жалғастырғандары да бар. Үзеңгінің де екі тұрі кездеседі: бірінің жоғары жағында үзеңгі бау өткізетін тесігі, төменгі жағында аяқты салатын бір дөңгелекті; екіншісі - төменгі жағында аяқты салатып бөлігі кеңдеу сегіз тәріздес үзеңгі.

Түрік ісмерлері аттың ер-тұрманың әшекейлейтін жұқа темірлерді, айылбастарды әдемілеп жасауға өте шебер болғанға ұқсайды. Әдетте айылбастар қола мен темірден, ал жапсырмалар менәшекейлер коладан, күмістен, алтыннан істелген. Олардың бетіне әжеп-тәуір кұрделі суреттер салынған, ол суреттерде, барыс, жылан, бұғы, күшіген өсімдіктермен қоса бейнеленген. Әсем белбеулердің жапсырмаларының көбі жүрек пішіндес немесе сопақшалау келген. Сондай біте жапсырма әшекейдің бетінде жолбарысқа пайза түйреп жатқан салт аттының суреті бар. Торт бұрышты айылбастар, сүйектен істелген алқалар да табылды. Қызылқайнардан (Жетісуда) табылған алқа конус тәрізді етіп істелген де, бетіне сілеусіп басының суреті бейнеленген.

Әсемдік бұйымдары көбінесе әйел бейітінен көптеп кездеседі. Бұлар - тұйықталмаған сақиналар, күміс жүзіктер, зерленген алқалар, асыл тастардан және шыны моншақтардан тізілген алқалар. Бовровтағы 2-бейіттен қыш ыдыстар табылды. Олардың бәрі де қолдан істелген және құмыра тәріздес, гүл өсіретін қыш құмыра тәріздес болып екі топқа болінеді.

Археологиялық материалдармен қоса алғанда жазба деректер түріктердің киім-кешегі жөнінде пайымдауға мүмкіндік береді. Сыртқы киім теріден, басқа киімдер жүн және жібек матадан тігілген. Ол кезде жұрт шапан киіп жүргеп, шапанның шалғайы солдан оңға қарай каусырылған. Денеге қонымды, ықшам, шапанның сыртынан белбеумен буынған, белбеуге қынаптағы семсер және пышақ, шақпақ, қайрақ, ұстара т. б. ұсақ-түйек салатын кісе ілінген. Шалбардың балағын тұмсиғы қайқиған, жұқа ұлтанды, өкшесіз етіктің қонышына салып жүрген.

Қазақстан - тас мүсіндер көп тараған аймақ. Олардың арасында шынайы өнеп туындылары да кездеседі. Мыс., әйгілі қошқар мүйіз тастар. Тас қашаушылардың (мүсіншілердің) шеберханалары болғаны, оларда түрлі мүсіндер жасалғаны мәлім. Мүсін жасауға тұрқы ұзын тастар (орташа биіктігі 0,5 м-ден 2,8 м-ге дейін) таңдап алынған, тастың беті бедерлеу немесе ойып кейіптеу әдісімен өңделген.

Мүсіндерде көбінесе еркектің суреті салынған, бірақ кейде әйел бейнесі де кездесіп қалады. Әдетте, еркектер устіне шапан киген, кіселі белбеұлі, асынған қаруы бар қалпында бейналенеді. Кейде жалаң бас, кейде бас киімді болады. Көптеген мүсіндерде адам оң қолымен кейде екі қолымен бірдей ыдыс немесе үлкен аяк ұстап тұрған күйінде, ал базбір мүсіндерде адамның беті немесе басы ғана бейнеленген.

Мүсіндерге аксүйектердің өкілдері салынған. Олар әдетте қырынан немесе жалпағынан қойып қаланған тас плиткалармен төрт бұрышты етіп қоршалған бейіттердің басына қойылған. Мүсіндер сырт жағы қоршауға, беті шығыска каратылып орнатылған. Олар өлікке ас берілетін төбелердің басына да қойылған. Бейіттердің қоршауларынан шығысқа карай кейде катар-қатар тізілген тас бағана - балбалдар орнатылған, олардың арасында антропоморфты мүсіндер де бар.

Тас мүсіндер тұрақты инконографиялы мәдени сипаттағы ескерткіштер. Олар 6-7 ғасыларда пайда болған. Ислам догматтарының таралуымен байланысты адамды бейнелеу дәстүрі жойылады. Ислам діні едәуір кейінірек сіңген солтүстік аудандарда ғана адамның тас мүсінін жасау дәстүрі едәуір уақыт сақталды.

Кейбір зерттеушілер тас мүсіндерді ата-тектің аруағына табынушылықпен байланыстырады. Олар мүсіндердің мәні мен мақсатын мынада деп біледі: олар өліктердің бейіттеріне немесе өліктердің сүйегін өртеу салтының рәсімі жасалған жерлерге орнатылған десе, екінші бір зерттеушілер бұл мүсіндерде түріктерден жеңілген дұшпан тайпалардың көсемдері бейнеленген деп жорамалдайды.

Ақша айналымы. Қазақстан территориясында 6-8 ғасырларда болған ақша айналымын жан-жақты сипаттайтын материал тапшы. 6-8 ғасырлардағы теңгелерді билік жүргізуші рулардың өкілдері шығарған, олар бұл ақшаларға өздерінің белгілерін - рудың идеограммалық таңбаларын қойған. Бұл таңбаларға қарап билеушінің руын, сондай-ак қай рудың ежелгі ру екенін анықтауға болатын еді.

6-8 ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстанның ең ірі саяси-экономикалық аудандарының бірі - Отырар болды. Бұл қаланың және оның маңындағы ойпаттың тұрмысы шет аймақтардың тұрмысына елеулі ықпалын тигізіп отырды. Отырар қолөнершілерінің шығарған өнімі Қаратаудың күңгейі мен теріскейінің, Сырдарияның орта ағысы мен Арыс аңғарының көптеген қалаларының базарларында сатылды. Отырар ойпатында ақшалы сауданың болғандығын Отырартөбенің өзінен және оның төңірегіндегі калалардың ескі жұртынан (Мардан-Күйік, Құйрық-тепе) табылған заттар дәлелдеді. Жиналған теңгелерді екі типке бөлуге болады.

Оның алғашқысы бет жағына түріктердің садақ және шаршы түріндегі рулык таңбасы салынған мыс теңгелер. Мұндай таңбалар жоғарғы билеуші-қағанның атағына ие болған түргештердің ақшаларына да салынған. Таңбалардың біркелкілігі, тегі, Сырдариядағы түрік билеушілерінің арасындағы әлеуметтік байланыстарды көрсететін болса керек. Бұл теңгелердің сырткы бетіне жүріп келе жатқан арыстанның суреті бейнеленген.

Екінші типке бет жағына басқа бір таңба салынған теңге жатады. Бұл таңба Педжикенттен табылған Бұхар ақшасындағы таңбаға және соғдылык жазу үлгісінің ізіне ұқсайды. Сыртқы бетінде - арыстанның суреті, тек анағұрлым шеберірек қолмен салынған. Бірінші типтегі ақша сияқты, бұл теңгелерді де, тегінде Отырар ойпатындағы билік жүргізуші рудың басқа бір өкілі шығарған болуы керек.

Жоғарыда баяндалғандардан басқа Отырартөбенің орнынан мынадай теңгелер табылды: 7 ғасырдағы Соғды ихшидтерінің ақшалары; 7 ғасырдың аяғы мен 8 ғасырдың бас кезіндегі Чач (Шаш) теңгелері (бетінде «Дудун» деген жазуы бар); Ферғананың түрік билеушілері шығарған деп есептелетін, таңба тәрізді белгі соғылған және соғдылық жазуы бар ақшалар: Қытайдың Тан әулетінің (618-907) теңгелері; 8 ғасырдан 12 ғасырға дейін Орта Азия жерінде тараған «гитрифи» типіндегі бұхарлық теңгелер. 8 ғасырдың басынан Түргеш қағандарының ақша эмиссиясы болғандығы мәлім.

Бұл теңгелердің 1-типі 711 жылдан 766 жылға дейін үстемдік құрған Түргеш билеушілерінің өздерінің шығарған ақшалары деп есептеледі. Бұл теңгелердің садақ тәрізді таңбасы және екі жақ бетінде де: «Түргеш- қаған-теңге» деген жазуы бар.

2-және 3-типтегі теңгелерде Бұхар билеушілерінің лауазымы және согдылық ихшидке бағынышты (вассал) бплеушілердің атақтары жазылған. Демек, бұл ақшалар Түргеш қағандығының атынан шығарылмаған, олардың кіші-гірім билеушілері шығарған. Тегінде, түргеш теңгелері Батыс Түрік қағандығының екінші бір астанасы Суябпен шатастырылатын Ақбешімде шығарылса керек.

748 жылы Суяб талқандалған соң, Жетісудың батыс бөлігі Таразға тәуелді болды. Демек, Таразда Түргеш билеушілерінің ақшасы бұдан кейін де шығарылып тұрған. Өйткені, олардың бет жағында садақ тәрізді сол баяғы таңба, ал сырт жағында Соғды жазуымен: «түргеш - қаған - теңге» деп немесе «аспан қағанының теңгесі» деп жазылған. 8-9 ғасырлардағы Қарлұқ дәуірінде Қазақстан жерінде 10 ғасырдың аяғына дейін сақталған түргеш ақшасы айналымда болды.

Самани әулеті мемлекетінде алтын динарлармен және мыс фальсалармен қатар жоғары сапалы күмістен «исмаили» дирхемдері де шығарылған. Бірақ негізінен алғанда бұл ақша товар ретіпде Орта Азиядан тысқары жерге кеткен. 9-11 ғасырларда ішкі рынокта әр түрлі ақша белгілері, бәрінен дө көбірек бұхархудат теңгелерінің (мусейяби, мұхаммеди, гитрифи) үлгісінде жасалған «қара дирхемдер» айналымда жүрген. Бұл ақшалардың айырмашылығы жазуы мен суретіндегі ұсақ-түйек ерекшеліктерінде емес, оның металының құрамы мен нарқында еді. Мусейяби дирхемдері сапасы жоғары, мұхаммеди дирхемдері сапасы төмен күмістен соғылған, ал гитрифи дирхемдері бағалы емес металдардың қорытпасынан құйылған.

Жазба деректерде Сырдария бойындағы кейбір қалалар хараджда дирхемнің екі түрімен: мусейябимен және хорезмимен төлегендігі туралы мәліметтер бар. Қарахан әулетінің ақша шаруашылығы самани әулеті заманынан қалған мұраны бойына сіңірген. Бұрынғыша «қара дирхемдердің» барлық түрлері айналымда жүре берді, олардың ішінен неғұрлым ұзағырақ пайдаланылғаны гитрифи түріндегі «мыс тектес» ақшалар болды. Бұған қоса, рынок нарқы зорлықпен енгізілген дирхемдердің жаңа түрлерімен толықтырыла берді. Егер 11 ғасырдың басында жоғары сапалы күміс дирхемдер айналымда жүрсе, 11 ғасырдың 2-он жылдығының басынан бастап құрамындағы мыстың мөлшері 35%-ке дейін жететін теңгелер болғаны белгілі. Кұміс ақша шығару 11 ғасырдың соңғы ширегіне дейін созылды. Шамамен 11 ғасырдың орта кезінен бастап Қарахан мемлекетінің ақша жасайтып үйлерінің бір бөлігі біраз уақыт мыс пен қорғасынның қорытпасынан құйылған дирхемдер де шығарып тұрған.

12-13 ғасырларда дирхемдер мыстан жасалып, бетіне күміс жалатылатын болды, оларды күміс жалатылған дирхемдер деп атады. «Күміс дағдарысының» пайда болуына Орта Азиядакүміс қорының азайғандығы себепші болды.

11 ғасырдан 13 ғасырдың бас кезіне дейінгі аралық қала өмірінің өркен жайған, товар өндірісі өскен, сауда да дамыған кезең болды. Өндірістің қаулап өсуі рынокты алмасу құралымен көптен қамтамасыз етуді талап етті. Күміс қоры нағыз күміс теңгелердің пайда болуына мүмкіндік жасай алмады. Самани әулеті мен қарахани әулеті тұсында товар орнына жүрген алтын динарлар енді айналым құралына жүрді. Алтын ақша айналымында тұтас теңгелер ғана емес, сонымен бірге олардың әр түрлі көлемдегі және салмақтағы фрагменттері де айналымға қосылды. Көптеген ақша жасайтып үйлерде алтын динарлар шығарылды, олардың сапасы мен салмағында оқтатекте айырмашылық болды. Әйтседе олар бір мезгілде айналымда жүре берген, бұған Орта Азия жерінен табылған ақша қазынасы дәлел бола алады.

Ұсақ бөлшек саудада пайдаланылған мыс ақша мезгіл-мезгіл шығарылып тұрған. Мыс ақша айналымында негізінен сол баяғы күміс жалатылған дирхемдер жүрсе керек, бірақ кейіннен олар «жалатқан күмісінен» айрылып, кәдімгі мыс ақшаға айналған.

Архитектура және қосалқы өнер. Қалалар мен елді мекендердің қаулап өсуі құрылыстың жаңа түрлерін, архитектураның жаңа үлгілерін, әр түрлі құрылыс материалдарын өмірге әкелді. Құрылыста қосалқы өнердің басқа дәстүрлі тәсілдері мен ою-өрнек кеңінен пайдаланыла бастады.

7-9 ғасырларда негізгі құрылыс материалы шикі кірпіш және соқпа саз балшық-пахса болған. Құрылысқа ағаш та пайдаланылды, оны негізінен үйдің төбесін жабуға жаратқан. Сыртқы қабырға плиткалармен қапталатын болған. 10-12 ғасырларда монументті құрылыста күйдірілген жұқа, шаршы кірпіш жиі қолданылды. Гипс, алебастр кеңінен пайдаланылды. Қабырғаны әсемдеуге бедерлі терракота қолданылды. 10-12 ғасырлардағы архитектуралық әсемдеу тәсілін қазақ халқы ғасырлар бойы сақтап келген. Мұның өзі өнердің бұл түрінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдейді.

Қазақстанда Қарахан әулеті заманында архитектураның жоғары дәрежеде дамығанына Тараз маңындағы діни сипаттағы құрылыс ескерткіштері айғақ бола алады. Олардың ішіндегі ең байырғысы 10 ғасырда салынған Бабаша хатун мавзолейі. Ол күйген кірпіштен куб тәрізді етіп тұрғызылған. Үйдің бүкіл төбесі он алты қабырғалы зәулім күмбез түрінде жасалған. Шығысқа қаратылған негізгі фасадтың орта тұсынан мавзолейге кіре беріс есіктің үстінен сүйірлеп арқалық істелген. Үйдің қабырғаларында онша әлеміштелген ештеңе жоқ, тек есіктің екі жағында ғана тарлау келген және онша терең емес, биік қуыстар бар. Порталдың жоқтығы, күмбездің қырлы болып келуі, жалпы композициясының қарапайымдылығы мавзолейге шын мәнінде монументтік сипат береді.

11-12 ғасырларда салынған сәулет өнерінің аса көрнекті ескерткіші - Айшабибі мавзолейі. Ол - жалғыз камералы, шаршы тәрізді (7,6X7,6) етіліп, төбесі күмбезделіп салынған құрылыс. Бұрыш-бұрышында жуан колоннолар қойылған, әр фасадының орта тұсынан сүйірлеу арқалығы бар шағын қуыстар істелген. Есігі шығыс жақ қабырғасында, мавзолейдің қақ ортасында бейіт үстіне баспалдақ пішіндес бет тақтай қойылған. Қабырғалары мен бұрыш-бұрыштағы колонналардың беті геометриялық және өсімдік сипатты ою-өрнек салынған бедерлі терракот плиткалармен тұтастыра безендірілген.

10-13 ғасырлардағы ескерткіштердің архитектуралық формаларының конструкциялық тәсілдерінің, әсемдеу құралдарының өзіндік ерекшеліктері оларды солтүстік түркістандық мектепке жатқызуға мүмкіндік береді, ал бұл мектепте далалық өнердің дәстүрлерімен байланыстылық тән.

6-12 ғасырлардағы кезеңде қолөнердін түрліше әсем бұйымдар жасау секілді түрлері өріс алды. Әсіресе қыш ыдыс жасаушылардың еңбектері ерекше болды. Орта ғасырлық қалалардың орнына қазба жұмыстарын жүргізгенде табылған 7-10 ғасырларға жататын көзеден жасалған бір топ заттар ерекше көзге түседі, бұларды қосалқы өнердің туындылары деп атауға әбден тұрарлық. Бұл пайымдау ең алдымен ірі орталық қалалар - Тараз бен Отырардың көзесіне жатады.

Тараздың ескі орнын қазған кезде және кездейсоқ жағдайларда 6-8 ғасырларға жататын әсем әдемі құмыралар табылды. Бүйірлі етіп істелген бұл құмыралардың жіңішке ұзын мойны бар, иығы мен аузы буылтық тұтқамен жалғастырылған. Құмыралар - сыртына киіздің, былғарының бетіне түсірілетін ою-өрнектер бедерлеп салынған.

Талғардан табылған аса сирек кездесетін антропоморфтық ыдыс бірсыпыра кейініректегі кезеңге жатады. Бұл ыдыстың ауыз жағы адамның бет пішініне ұқсатылып істелген. Түзу мұрын маңдайға барып тұтасады, қастары жалпита сызылған тұтас сызық тәрізді, аузы шыны секілді сұрғылт шлактан жасалған. Үш иректі тәжге ұқсас бас киімнен кішкене шүмек шығарылған; буылтық тұтқасы мойыннан иыққа түсіп тұрған қос бұрымды көз алдыңа елестетеді. Ыдыстың бүйірінде айқастыра жапсырылған бұтақтың үш бедерлі суреті бар. Төменгі жағында киімнің кестесіне ұқсастырыла, бұрыштары бір-біріне түйістірілген үш бұрыштардан екі жиектеме келеді.

9-12 ғасырлардың аяғында глазурь бояумен және оюлы өрнекпен нақышталған су құятын ыдыстар кең тарайды. Көптеп жасалған ыдыстардың ішінде жоғары көркемдік дәрежедегілер де баршылық. Көзеші суретшілер бояуларды пайдаланудың арқасында нақыштау өнерінің мүлде жаңа мол мүмкіндіктерін ашқан. 11-12 ғасырлардағы монохромдық керамиканың ішінде глазурьдың күңгірт жасыл және қоңыр түстері, ашықтау сары және піл сүйегі секілді түстері кездеседі. Мөлдір глазурьды монохромдық немесе полихромдық ою-өрнектермен қат-қабат қолдану, оюлап безендіруді жетілдіру бағытында дамыған. Геометриялық әріп, өсімдік түріндегі және зооморфтық өрнектер үйлестіріле салынып отырылды. Тараздың ескі жұртын қазған кезде аса әдемі табақ табылған, оның бетіне көз тұндырарлық өсем өрнек торлап салынған. Табақтың аппақ беті жасыл түсті сызықтардың қиюласуы арқылы сегіз бұрышты жұлдыздарға бөлінген; ортасында арыстанның суреті бар табақ та Тараздап табылды. Жыртқыш аңның бейнесі мәнерлі салынған. Аң патшасы секірейін деп тұрған қалпында бейнеленген. Артқы аяқтарын бүріңкіреп, тырнақтарын шығара, құйрығын жерге төсеген күйі секіруге оңтайланған қалпы қатқан да қалған.

Тараздан табылған бетіне өсімдік суреттері салынып, жылтыратылғап және сары түске боялған, қалған жерлері жапырылған нүктелермен толтырылған табақтар да назар аударарлық. 11 ғасырға жататын бұл көзе металды сүйір балғамен соғып өрнектеу өнеріне еліктеу түрінде істелген.

Тіл, жазу, ғылым және әдебиет. Басқа мемлекеттермен дипломатиялық байланыс жасаған кезде түріктер ресми грамоталарды кеңінен пайдаланды. Олардың жазуы жайлы Менандр Протектор өзінің «Тарихында» (б. з. 583-584 ж.) тұңғыш рет әңгімелейді. Византия императоры Юстин І-нің түрік елшісі Маниахты қабылдағанын баяндай келіп, Менандр «скиф жазуымен» жазылған қағанның хатын атап өтеді. Түрік жазуы болғандығы туралы қытай деректерінде дс анық айтылған. Олардың бірінде: «түріктердің жазуы ху (соғдылықтар) халықтарының жазуына ұқсас» делінген. Бұл мағлұматтардан 6 ғасырдың 2-жартысының өзінде түріктердің өз жазуы болғандығы байқалады.

Ғылыми болжамдарға қарағанда, түріктер алфавит үлгісін соғды алфавитінен алуы әбден ықтимал; соғды алфавитін түрік тіліне бейімдеу барысында елеулі езгерістерге ұшыраған. Жеке таңбаларды курсивпен жазу даралап жазумен ауыстырылған, ал соғдылық әріптердің дөңгеленте жазылуы түркі таңбаларының әсерімен геометриялық пішінге бейімделген. Соғды және түрік тілдерінің фонетикалық жүйелері әр түрлі болғандықтан соғды алфавитінің барлық таңбалары бірдей қабылданбаған болуы керек.

Руна жазуының пайда болған жері мен уақыты туралы мәселе әзірге шешілмеген. Қазіргі қалыптасқан пікір бойынша, руна алфавиті дамудың үш кезеңінен өтсе керек: көне алфавит, ол Жетісудың (6-7 ғасырлар) және Енисейдің (6-10 ғасырлар) ескерткіштерінде сақталған; классикалық алфавит (Батыс Түрік қағандығының 8 ғасырдың 1-жартысындағы көптеген ескерткіштері), соңғы кездегі алфавит (Ұйғыр қағандығының ескерткіштері – 8-9 ғасырдың 2-жартысы).

Көне түрік жазуының бізге неғұрлым мәлім ескерткіштерінің ішінен Солтүстік Монғолияда Орхон, Толь және Селенга өзендерінің бойынан табылған жазбаларды атауға болады. Осыған дейінгі руна текстерінің ең ірілері (Білгі қағанның, Күлтегін, Тоникұқтың құрметіне қойылған ескерткіштер) осыларда сақталған.

Талас ойпатындағы бейіттердің басына қойылған құлпытастардағы, ақшалардағы, тұрмыс заттарындағы, көзе мен металдағы жазулар Орта Азиядағы ескерткіштер тобына жатады. Орталық Азияның көне түрік тілдеріне алғаш классификаңия жасаған В. Радлов руна шрифтімен жазылған текстердің бәрін бір диалекті тобына біріктірген болатын. Зерттеушілердің көпшілігі осы тезисті қолдайды. Сонымен 7-10 ғасырларда Монғолия, Оңтүстік Сібір және Жетісу жерінде бір тұтас әдеби тіл тараған деп пайымдауға болады.

6-10 ғасырларда руна жазуымен қатар соғды жазуы кең тарады. Түрік қағандарының ордасында соғдылықтар маңызды роль атқарған. Олар мемлекеттік түрлі қызметтер атқарып, Таразда, Исфиджабта және Баласағұнда тұрды. Тегінде, соғды тіліндегі діни әдебиет жетекші роль атқарса керек. Азаматтық әдебиет ескерткіштері онша көп емес. Қала тұрғындарының бір бөлігі Сирия және ұйғыр алфавитін пайдаланған.

6-8 ғасырлардың өзінде түркі тілдес тайпалардың ішінде қалыптасқан ауызекі дәстүр болды, бұл дәстүр тіпті ерте замандардан басталған еді. Жазудың пайда болуымен қатар әдеби жанрлар өріс алды. Монғолия мен Енисейден табылған руна текстері тек тарихи документтер ғана емес, сонымен бірге аса көрнекті әдеби шығарма болып табылады. Әдеби жағынан алғанда әсіресе Білгі қаған мен Күлтегін құрметіне жазылған нәрселер қызғылықты. Оларды шешендік өнер үлгісі мен батырдың ерлік істерін ауызекі баяндау дәстүрлерін сақтаған саяси прозаның тамаша үлгілері деп қарауға болады.

9-12 ғасырларда араб тілі кеңінен тарады, бұл тілде саяси шығармалар да жазылды. Шығыстың аса көрнекті ғалымы Әбу Наср әл-Фараби (870-950) өз еңбектерін араб тілінде жазды. Ол ғылыми көзқарастарымен заманының ойшылы, ғұлама энциклопедист еді.

Әл-Фараби ғылымдарды теориялық (логика, жаратылыс тану, математика) және практикалык (этика, саясат)ғылымдар деп ажыратты. Ол еңбектерінде адам өзінің сезім мүшелері және ақыл-парасаты арқылы, дүниені, оның мәнін тани алады деп дәлелдеді. Фарабидің ерте замандағы мәдениетпен ғылымға қосқан үлесі жан-жақты және жемісті болды.

Әбу Наср әл-Фараби өз заманындағы ғылымдардьщ барлық салаларынан, әсіресе математика, астрономия, физика, жаратылыс тану ғылымдарынан көп мұра қалдырды.

11 ғасырда сол заманның аса маңызды тарихи және әдеби шығармаларының бірі - Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құт негізі - білік») деген еңбегі жазылды. Бұл - Қазақстан мен Орта Азияның түркі тілдес халықтарының азаматтық әдебиетінің аса бағалы ескерткіші. Онда ақын заманындағы өмір шындығы, белгілі бір әлеуметтік таптардың қоғамдық санасы мен саяси концепциясы өзіндік ерекшелігімен суреттелген және онда 11 ғасырдағы түрік тіліндегі әдебиеттің жазба тілінің дәстүрлері мен ерекшеліктері өз мәнін тапқан.

Өсиеттер мен ақыл-кеңестердің жинағы болып табылатын поэмада қолөнершілер мен көпестердің мемлекеттегі ролі жоғары бағаланды, медицинаның, астрономияның, тілдің маңызы жайында пікір айтылады. Автордың Фараби, Ибн Сина, Бируни көзқарастарымен және философиясымен жақсы таныстығы шығармадан сезіліп тұрады.

Махмұд Қашғаридың шығармалары аса құнды еңбектер саналады. Оның әкесі ЬІстықкөл жағасындағы Барсқан қаласында туған. Махмұд Қашғари көп жылдар саяхат шеккеннен кейін 1074 жылы «Диуани лұғат-ат-түрк» («Түрік сөздерінің жинағы») деген еңбегін жазып, тіл білімі тарихына зор үлес қосты. Бұл шығарма түркі тілдес халықтардың тұрмысының мінез-құлқы мен тілінің тарихын, сондай-ақ сол замандағы жаратылыс танудағы ғылыми ұғымдарды зерттеуде баға жеткісіз ескерткіш болып табылады.

Діни ұғымдар. Ертедегі Орта ғасырларда Қазақстанның түркі тілдес халқы Көкке (Тәңірі) және Жер-Суға (Иер-Суб) табынған мәжусилер болды. Қағандар Көктің әмірімен билеп отырмыз деп санады. Араб деректерінде: «Түріктер: «бір тәңірі» дейді, бұлай дегенде «бір алла тағаланы» айтқаны» деп жазылған. Бұдан кейінгі құдіретті күштің бірі әйел құдайы -Ұмай деп есептелген, ол ошақ басы мен балашағаның қамқоршысы саналған. Қасиетті тауларға (ыдық баш) табыну етек алған.

Сонымен қатар түріктер отқа табынған және отпен аластау ғұрпын әдетке айналдырған. Мұны жазба деректер мен археологиялық мәліметтер дәлелдейді. Мыс., Баба-Атаның ескі жұртындағы орталық бекіністі қазған кезде сарай комплексі залдарының бірінде отқа табынуға байланысты рәсім жасалғаны анықталды.

Орта ғасырлардағы көптеген авторлар «жәд» деген тастың сиқырлы күшімен жаңбыр жаудыра алады-мыс деп есептелетін түрік «сиқыршылары» туралы жазады.

Түріктер өлікті басқа шамандық рәсім бойынша жерлейтін болған. 9-11 ғасырларда Қазақстан жеріндегі халықтардың арасында олардың өз діндерімен қатар буддизм, манихей және христиан діні секілді діни жүйелер де тарады.

Буддизм Түрік қағандығының ақсүйектер қауымы арасына да кең тараса керек. Ол қала тұрғындары арасында да өріс алған. Жетісу қалаларының орның атап айтқанда, орта ғасырларда Суябпен шатастырылған Ақбешімнің орнын қазған кезде ашылған будда храмдары айқын дәлел. Табылған жекелеген заттар буддизммен тікелей байланысты. Бұған мысал руна, жазуы бар қола айна; ол Шығыс Қазақстандағы қимақ әйелінің бейітінен табылды. Онда түрік тілінде буддалық нақыл сөз жазылған.

Бірқатар қалаларда манихей және христиан қауымдары болған. 8 ғасырдағы «Қос негізді қасиетті кітап» деген шығармада «Алтын шаһар Аргу - Талас» (Тараз) және манихей мекендеген жетісулық тағы да төрт қала айтылады.

Қазақстанға христиан діні Орта Азия арқылы келді, ал Орта Азияда оның негізгі орталығы Мерв болған. 8-10 ғасырда несториандар қарлұқтардың жабғуларын христиан дініне енгізді. Сол кезде Қарлұқ митрополиясы құрылды.

9-10 ғасырларда Қазақстан халқына ислам дінін қабылдату басталды. 11-12 ғасырларда жаңа дін отырықшы және көшпелі халықтың қалың топтарына еніп, ескі табынушылық пен мәжусилік дінніц сарқыншақтарын біртіндеп ығыстырып шығара береді.

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.175-182.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-03-24 16:53:27     Қаралды-1995

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »