UF

ПАТРИАРХАЛДЫ-ФЕОДАЛДЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ДАМУЫ. ЕРТЕ ФЕОДАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТЕР

 

Батыс Түрік қағандығы. Жетісуда, Шығыс Түркістанда, Тянь-Шаньның батысында, Орта Азияда 603 жылы құрылған ертедегі феодалдық мемлекет. Ол 552 жылы Орхон алқабында (Монғолия) құрылған Түрік қағандығынын, негізінде қалыптасты. Жылнамашылардың жазбаларында Батыс қағандығы негізінен бұрынғы Үйсін жерлерінде құрылған. Оның іргесін қалаған Тумын (Бумын) қағанның інісі Истеми (Иштеми, Естемес, Қытай жазбаларында Ши-де-ми, грек жазбаларында Стемвис, Византия жылнамасында Сильзибул, араб жазбаларында Санджибу) қаған еді. 558 жылы түріктер аварларды Батысқа ығыстырып, Еділ, Жайық бойындағы бұлғар (болғар) мен өзге де түрік тайпаларын құрамына енгізді. Түрік қағандығы 561-563 жылдар Иранның шаһы Хұсраумен одақ құрып, әулетін туыстықпен байланыстырды (Истемидің қызын Хұсрауға ұзатты). 560 жылы Истеми қаған Орта Азиядағы эфталлиттер мемлекетін күйретті. 567 жылы түріктер Сырдария мен Амударияның аралығына толық билік жүргізді. Кейбір деректерде осы жорықта Истемидің 100 мың қол бастаганы және оның қол астында Батыс Түрік тайпаларының он қолбасшысы (олар «он оқ» деп аталған) болғандығы айтылады. Сол жорықтың белгісі ретінде Истемиді он тайпаның қағаны («он оқ бодун қағаны») деп атаған. Батыс Түрік қағандығы да біздің заманымыздың басынан бері белгілі ежелгі он тайпаның бірігуі нәтижесінде қалыптасты. Олар - тұғылықтар (сол қанат) және он шадыпыт (оң қанат) аталып екіге бөлінді. Сол қанаттың құрамына: чулук-кулуг-чор, улуг-қүлүг-чор, жәмшид-тон-чор, түркеш-халаш-чор, сүниш-чопан-чор тайпалары; оң қанатқа: азғыр-күл-иркин, қашу-күл-иркин, барыс-қан-тон-ашбар-иркин, азғыр-нижүк-иркин, қашу-чопан-иркин тайпалары енді. Қағандық құрамына әр кезеңде қарлұқтар, Енисей қырғыздары, жікілдер (шығылдар), чомулдар, тухсилер т. б. тайпалар енді. Жетісу аймағында әскери-тайпалық ұйымдарды ондық санмен атау ежелгі үйсіндер кезінен немесе б. з. б. 3 ғасырдан бастап әдетке айналған. 563 жылы түріктер Константинопольға Эскіл күл-иркин бастаған елші жіберді. Мұның мақсаты өздерінің ата жауы аварларға Византия императорының көмегін тоқтату еді. Түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізі елдеріндегі «Жібек жолына» дербес бақылау жасады. Жібек саудасына соғдылықтар ғана ортақ болды. Жібек саудасы түрік хандары мен соғдыларға мол пайда келтірді. Бірақ жібекті Иран арқылы сатудың реті болмады. Себебі, Хұсрау шаһ Иранның өзінде жібек ондіруді барынша дамытпақ еді. Сондықтан 567 жылы Соғдының саудагері Маниах Түрік қағанының Константинопольға жіберген елшілігін басқарып барып сауда келісімін және Иранға қарсы соғыс шартын жасады. Батыс Түрік қағандығы мен Византия аралығындағы сауда қатысы, елшіліктің қатысы жайында деректер сақталған, Дегенмен қағандық көздеген мақсатын жүзеге асырды. 571 жылы түріктердің Иранға жасаған жорығынан соң шекаралық шеп болып Амудария бойы белгіленді. 588-589 жылдар қағандыққа Амударияның батыс жағалауындағы кейбір облыстар қосылды. 571 жылы Истеми қаған Константинопольға жол ашып, Солтүстік Кавказды басып алып, Боспорға (Керчь) шықты. Истеми қаған дүние салғаннан кейін (575), Түрік қағандығы мен Византия арасы аз уақыт шиеленісті, Истемидің батыс шептен иелік алған ұлдарының бірі Түріксанф Керчті басып алып, Қырымға (576) шабуыл жасады. Түрік қағандығы билеушілерінің иелік үшін жиырма жылға созылған қырқысуы 603 жылы Батыс Түрік қағандығының бөлінуімен тынды. Батыс қағандық Шығыс Түркістан ойпатынан Амудария мен Еділ (Волга) бойына дейінгі аймаққа орналасты. Оның бас ордасы Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласында (қазіргі Тоқмақ маңы), жаздық ордасы Түркістан қаласына таяу Мыңбұлақ деген жерде болды. Жегуй-ябгу қаған (610-618), Тон-ябгу қаған (618-630) билік құрған кездерде қағандық қуатты елге айналды. Тохарстан мен Қансуға (қазіргі Ауғанстан) жасалған жорықтарда қағандық шекарасы Үндістанға дейін созылды. Тон-ябгу қағанның баласы Тырду-шадтың ордасы Құндызда болды.

Жаулап алған жерлерінде бұрынғы мемлекеттік құрылысы, әлеуметтік, экономикалық жағдайы өзгермеді. Қаған бұл жерлерге билік жүргізуде жақын туыстарына, тайпа ақсүйектеріне арқа сүйеді. Олар отар елде нәменгерлік билік жүргізіп, ябгу, шад, тутук деген лауазым алды. Алқағандықта қызмет атқарған тұрғылықты халықтан ру басыларына да түрік лауазымдары берілді. Истеми қаған құрған «он оқ тайпа одағы» (он оқ бодун), ру-тайпалық формация емес, әскери-әкімшілік одақ еді. Әрбір «оқтың» құрамына бірнеше тайпаның сарбаздары бірігіп, бұлардан бір түмен атты әскер құралғанда, оларды «Ұлы қолбасшы» бастаған. Барлық «он оқ» бес аймақтық бірлестікке топталған. Мыс., Суябтың шығысын - Шығыс аймақ (Дулу, Дулаттар), батысын - Батыс аймақ (Нушеби) қоныстаған.

Жауынгерлік жорықтарда әбден байыған әскери-тайпаның бектері Тон-ябгу қағанның қатал әкімшілігіне мойын ұсынбай бүлік шығарып, қағанды өлтірді. Бірлестік құрамындағы Дулу мен Нушеби тайпаларының арасында билік үшін талас тайпалық соғысқа әкеп соқты. Бұл соғысты Ышбар Хилаш қағанның (Ышбар Эльтериш Шир қаған 634-639) Дулу мен Нушебидің тайпалық аймақтарын «он жебеге» бөлген әкімшілік реформасы да тоқтата алмады. Ақыры қағандық Іленің бойымен екіге бөлінеді де, Сырдарияға дейінгі Орта Азиялық иеліктен айрылды.

Батыс Түрік қағандығы тұрғындарының басым көпшілігі отырықшы ел болды да, жер игеру, ұсақ колөнерімен, саудамен айналысты. Қағандықта қалалар өсіп-өркендеді, жазу-сызу өріс алды, мәдениет гүлденді. Бұл мәдениеттің өрлеуіне түріктермен қатар соғдылар да қатысты. Түріктер өздерінің руна жазуларымен қатар соғды т. б. жазуларды да пайдаланған.

Батыс Түрік қағандығын құраған тайпалар кейіннен қазақ халқының, өзге де түркі халықтарының құрамына енді, негізін қалады.

Түркеш қағандығы, түргеш қағандығы - Жетісу аймағында Батыс Түрік қағандығынан кейін құрылған феодалдық мемлекет (704-766). Оның негізін Батыс Түрік қағандығының сол қанатына (тұғлық) енген Түркеш тайпасы қалады. 6 ғасырдан бастап түркештер Шу, Іле өзендері аралығын мекендеді де, Жетісудағы керуен жолының негізгі бөлігін бақылауға алды. Түркештердің алғашқы қағаны Үшлік [Үшжеле, лауазымы - Бага-тархан (Мохэ-даған) 706 ж. ө.] басқаруды бір жүйеге келтіру мақсатында әкімшілік реформаларды жүзеге асырды. Ол әрқайсысында 7 мың тұрғыны бар 20 әкімшілік аймақ құрды. Қаған Шу өзенінің солтүстік батысындағы ордасын Суяб қаласына көшіріп, оған «Ұлы» деген ат берді. Күңгіт қаласына (Іле өзенінің бойы) Кіші ордасын орналастырды. Бұл жағдай қағандықты оң және сол қанатқа бөлуге мүмкіндік тұғызды. Мұндай шараларда ақсүйек топтар арасындағы қырқысуды, бақталастықты тоқтата алмады. Ақыры өкімет басына сарытүркештер (астанасы  - Суяб қаласы) мен қаратүркештер (астанасы – Талас қаласы) келді.  Қаратүркештерге Сүлік қаған (738 ж. ө.) билік жүргізді, оның қол астында 200 мың адам болды. Ол Жетісу өңірінің белгілі саяси және әскери тұлғасына айналды, Шығыс Түрік қағандығымен және Тибет билеушілерімен қарым-қатынас орнатты. Сүлік қаған билік құрған кезде керуен саудасы дамыды, кағандықтағы экономикалық байланыстар товарлы-ақша қатынасы сипатына ие болды, теңге соғу ісі қолға алынды. Түркеш-қаған деген жазуы бар мыс шақа соғылды. Ежелгі түрік тілінде жазылған Талас руна жазбаларының пайда болу кезеңі осы уақытқа саяды. Кола мәдениетінің гүлденгені байқалады. Саудадан, алым-салықтан және басқыншылық жорықтардан түскен табыстар қағанның қазынасына түсіп, «бөлінбес» меншікке айналды. 714 715 ж. Түркеш қағандығының батысынан араб әскері қауіп төндіріп, Сырдариядан әлденеше рет өтті. Бұл жағдай Сүлікті Орта Азия мемлекеттік тәуелсіздігі жолындағы күреске белсене кірісуге мәжбүр етті. 720-721 жылдар Сүліктің әскери қолбасшысы Күли-чор Соғдыда арабтарға тойтарыс берді. 728-729 жылдар Сүлік Самарқан, Бұхар тұрғындарының көтерілісіне жәрдемдесіп, арабтарды Соғдыдан қуып шықты. 732 жылы ақырында араб нәменгері Тававис түбінде түркештерді тізе бүктіріп, Бұхарға енді. 737 жылы Түркештер Тохарстанда арабтарды жеңді, бірақ соңында қайыра жеціліс тапты. 738 жылы Сүлік қағанды Баға тархан бастаған оппозицияны жақтаушылар өлтірді. Күли-чор 739 жылы Сыр бойында арабтардың қолынан қаза тапты. Сүлік қағанның ісін Ілетеріс Құтлұғ, Білгі қаған, Теңгрі Ілміш қаған (753-756), Ата Бұйла қаған (756-766) жалғастырды. Сол кездегі маңызды оқиғаның бірі арабтардың Шығыска жасаған жорығып тоқтату еді. Түркешке олар Талас бойында ойсырата тойтарыс берді. Бұдан кейінгі он жылда Алтай мен Іле қарлұқтарынан қатты қысым көрді. Ақыры қарлұқтар жеңіп, 766 жылы Қарлұқ қағандығын орнатты.

Талас өзенінің бойындағы Айыртам-ой деген жерде қой тастардан он руна жазбалары табылды. Мұның бәрі до Сүлік пен оның ұлы билік құрған (716-740) кездегі Таразды билеген «Чор» лауазымды Қаратүркеш бектерінің құлпы тастары.

Қарлұқ қағандығы. Алтайдың батысына таяу жерді мекендеген қарлұқтар түркештерді ығыстырып, Жетісуда мемлекет құрды (766-940). Қағандық Жетісу мен Қашғардан, Ферғана мен Сырдың орта ағысына дейінгі жерге иелік жүргізді. Бұл кең аймақтағы тайпалар әуелде «жабғу», 840 жылдан «қаған» лауазымды көсемдердің қол астына қарады. 5-6 ғасырларда қарлуқтар түрік тілдес тиректердің (Телэ) бір тайпасы делінеді. Олар Ақтагты (Алтайда) мекендеген. 7 ғасырдың орта шенінде олар Емел алабына және Сайрам-нор көліне қарай ойысты. Шығыс деректемелеріне қарағанда 7 ғасыр қарлұқтар құрамына үш ірі рулық бірлестіктер енген. Олар - Булақ, Шігіл (Чигил), Ташлық, 10-12 ғасырларда араб-парсы деректерінде Қарлұқ бірлестігі көптеген ру-тайпалардың тобынан құралғаны айтылған. Марвазидың дерегі бойынша тайпа құрамына он топ енген. Олар: Чигилдің үш, Баскилдің үш, Булақтың бір, кукиркиннің бір, Тұхсидың бір (оның ішінде Лазана, Фарахия руы да айтылады) тармақтары. Жетісу аймағында Қарлұқ тайпалары қалыптасып, саяси бірлік құрады. Мұның алғашқы үш рулық одағының ұйтқысы - Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның бұрынғы Батыс Түрік қағандығы мен Түркеш қағандығының саяси құрамындағы тайпалар болса керек. Сонымен Қарлұқ құрамына Тухси, Шігіл, Азкиш, Халадж, Чарук, Аргу, Барсқан сияқты көшпелі, жартылай отырықшы түркі тілдес тайпалар енді. Олар 8-10 ғасырларда Балқаш пен Ыстықкөлдің арасын. ЬІстықколдің айналасын, Іле, Шу, Талас бойларын, Тянь-Шань қойнауын, Исфиджаб облысынан, Отырар қаласына дейін мекендеді. Араб географы Ибн Хаукалдың дерегінде, қарлұқтардың жерінен өту үшін батысынан шығысына қарай 30 күн сапар шегу керек болған. Жетісудың екі ордасын (Тараз және Суяб) басып алғаннан кейін қарлұқтардың бір тармағы 766-775 жылдар Қашғарияға, ал 8 ғасырдың соңында Ферғанаға билік жүргізді. Шығыста Ұйғыр қағандығымен (745-840) бәсекелесуі сәтсіздікке ұшырады. 791 жылы ұйғырлар Бесбалық қаласының түбінде қарлұқтар мен тибеттіктердің әскерін қиратты. Олар қарлұқтарды Ферғанаға. Сырдарияға дейін қуып, адамдарын қолға түсірді. Бұл жеңілістін салдарынан Қарлұқ жабғуы Монғолиядагы (ордасы Отюкенде болды) Ұйғыр қағандығының жоғағы өкіметін мойындауға мәжбүр болды. Батыста арабтар бұл жағдайды пайдаланып, 812 жылы Отырар маңындағы Қарлұқ жабғуына қарсы шабуылға шықты, Жабғу арабтардың тегеурінінен қашып Қимақ жеріне өтті. 840 жылы Орталық Азия даласында маңызды оқиға болды. Енисей қырғыздары Үйғыр қағандығын құлатып, оларды Шығыс Түркістан мен Ганьсудың батыс бөлігіне амалсыз қоныс аудартты. Осы кезде қайта күш алған Қарлұқ көсемі Білге Койыл Қадырхан билікке ие екенін жария етіп, бұрынғы жабғу лауазымыныц орнына қаған атанды. Ол қарлұқтардан қаған тағына отырған бірінші адам еді. Арабтың тарихшысы әрі географы әл-Масудидың дерегіне қарағанда, ол түріктің өзге де мемлекеттерін қаратып, олардың патшаларын өзіне бағындырған қағанның қағаны атанды. Бірақ қағанның қол астына Орталық және Орта Азияның барлық тайпалары қарауы - неғайбіл нәрсе. Бұған дейін арабтардың Қазақстанға жасаған басқыншылық жорықтарына тойтарыс беріп әрі Орта Азиядағы халықтардың да арабтарға қарсы шабуылын қолдап отырған қарлұқтар өкіметінің нығаюы Мауараннахрда орнағансаманилердің мұсылман әулетіне тиімді емес еді. Самарқанның нәменгері Нұх ибн Асад Жетісу қарлұқтары бағынышты болып отырған Исфиджабқа 840 ж. «Қасиетті соғыс» жариялап, оны Самани әулетіне табындырды. Саманилер Қарлұқ елінің өзге де жерлеріне ықпалын жүргізіп, ислам дінін таратпақ болды. Осы мақсатпен Исмаил ибн Ахмед Таразға жорық жасап, оның басшысып, дихандарын 893 жылы исламды қабылдауға мәжбүр етті. Бірақ Жетісу қарлұқтары саманилердің қысымына төтеп қана қойған жоқ, сонымен қатар олардың мемлекетіне шабуыл да жасады. Мәселен, 904 жылы Қарлұқ қағандығының көп қолы Мауараннахрға басқыншылық жасады. Жалпы алғанда, арабтар мен саманилер билігі өзінің саяси әрі әлеуметтік құрылымында ерте феодалдық мемлекеттік бірлестігі болған, Қарлұқ қағандығының құрамындағы Оңтүстік Қазақстан жерінің бөлігіне ғана жүрді.

Қарлұқтардың қоғамында жеке меншік дамып, бай-манаптар жедел оқшаулана бастады.

«Худад әл-аламдегі...» дерекке қарағанда қағандықтың халқы тығыз әрі бай өлкесі түріктердің иелігінде еді. Олар мекендеген атыраптар өзге халықтардың жерлеріне қарағанда бақшалы, мәдениетті қалалары. елді мекендері болған. Талас алқабында 8-9 ғасырларда Атлах, Xамукет, Шельджи, Сус, Күл, Табакет сияқты қалалары гүлденді. Жергілікті отырықшы халықтардың басым көпшілігі түсті және асыл металдар (алтын, мыс, күміс) өндірумен шұғылданды. Іле аңғарында Тартүк, Кунгут, Талһир (Талғар) қалалары болды. Әсіресе Тараз (Жамбыл). Құлан (Кұлан сайдың қасындағы мекен-жай), Мирки (Мерке), Аспара (осы аттас өзен бойындағы қираған мекен-жайдың орны) қалалары көбірек белгілі еді. Сауда-саттық қалалары Шығыс пен Батыстың арасындағы көне жолдардың бойына орналасты. Сол жолдардың бірі - Бұхар, Самарқан, Шаш (Ташкент), Тараз, Құлан, Суяб арқылы өткен. 940 жылы (шартты түрде алынған) Шығыстан келген «мәжусилік» түріктер қағандықты құлатып, сол жылы Баласағұнды алды. Осы кезеңде қарлұқтардың қағандығы жойылып, оның орнына қарахандардың устемдігі орнады.

Оғыз мемлекеті. Сырдарияның орта және төменгі ағысында, оған таяу Батыс Қазақстан жөрінде 9-11 ғасыр Оғыз тайпаларынан кұралды. Шамамен 8 ғасырдың ортасында Оғыз тайпалары туп аталарының тобы Жетісудан кете бастады. Бұл, сірә, Батыс Тұрік, Туркеш қағандықтары құлап, Жетісуда Қарлуқ қағандығының орнырқаннан кейінгі тайпалар арасындағы күреске байланысты болса керек. Жетісу түріктерінің бір бөлігі Қаратау бөктері мен Сырдарияның төменгі ағысы бойына қоныс аударған. Олар Кенгар (Печенег) бірлестігімен ұзақ жылдар соғысып (9-10 ғ.), Арал теңізінің батысы мен Каспий теңізінің солтүстігіндегі жерлепді басып алды. Бұл соғыстар Оғыз тайпаларының саяси жағынан топтасып қалыптасуыпа жағдай жасады. Оғыздар бірнеше тайпаға, ал тайпалар көптеген ру тармақтарына бөлінді. Махмуд Кашғари (11 ғ.) оғыздар алғашкыпн 24 тайпадан құралды, ал-Марвази (12 ғ.) 12 тайпадан құрылды дейді. Жалпы оғыздар бүзұк (бузук), ұшұқ (учук) болып екіге бөлінді.

8 ғасырдын 2-жартысы мен 9 ғасырдың соңында Оғыз тайпаларында мемлекеттік ұйым нышандары пайда болып, нығая түсті. Орта Азияға, Шығыс Европаға, Шығыс Қазақстан мен Монғолияға баратын керуен жолдарының тоғысқан жеріне орналасқан Янгикент қаласы 10 ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы болды. Мемлекеттік басында жоғары әкім (билеуші, кұрметті лауазымы «жабғу») тұрды. Олардың орынбасарлары күл-еркін деп аталды. Жабғу соз жүзінде хан болып сайланғанымен, іс жүзінде мемлекеттік билігі атадан балаға мирас болып қалып отырды. Оғыздардың бас хандары әскери демократия кезіндегі халық жиналыстарының қайталаған түрі іспеттес кеңестерде сайланды. Мемлекетте Оғыз әскерінің бас жетекшісі («сюбашы») улкен роль атқарды. Ол мемлекеттің саяси өміріне араласып, кейде жоғары әкімге де карсы шығып отырды. Бұл мемлекет 9-10 ғасырларда саяси және әлеуметтік құрылысы жағынан феодалдық қоғамға дейінгі дәуірден ертедегі феодалдық қоғамға өту дәуіріндегі мемлекет болды. Мұнда ескі ру-тайпалық қатыстар жойылып, патриархалды-феодалдық қатынастар дамыды. 10 ғасырдың аяғы 11 ғасырдың басында Сырдария жабғулары мемлекетінде тұрақты салық жүйесі қолданылды. Бұл мемлекетте белгілі бір басқару аппараты қалыптасқаның көрсетеді.

965 жылы оғыздар Киев Русімен одақтасып, Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс, жағалауындағы жерлерді иемденген Хазар қағандығын талқандады. 986 жылы оғыздар жабғуы орыс князьдарымен бірге Еділ - Кама бұлғарларын күйрете жеңді. Мұның бәрі Оғыз мемлекетінін саяси қуатының артуына жағдай жасады. Әл-Идрисидің (12 ғ. жазбасына қарағанда, оғыздардың бірнеше «патшасы» болған. Әрине бул дерек ру басыларын айткан болар. Қалай дегенмен де мемлекет бірлігінің тұтастығы сақталмағанын аңғартады. 10 ғасырдың 2-жартысында билік жүргізген Әлиханның тұсында Женттің қасына қоныстанған салжұқ көсемдері ел арасындағы наразылықты пайдаланып, оғыздардын Янгикент билеушілеріне қарсы көтерілісін басқарып, Жент қаласын басып алды. Бірақ бұл иелік ұзаққа созылмады, көп кешікпей, оғыздар Жент аймағынан салжұқтарды куып шықты. Әлиханның мұрагері Шаһмолік тұсында оғыздарлың күшейгені соншалык. 1041 жылы Хорезмді басып алды. Алайда шамадан тыс ауыр салыққа наразы тайпалар арасындағы көтеріліслер және феодалдар бастаған аксұйектердің езгісі мен зорлық-зомбылығына карсы халық қозғалыстары нәтижесінде 10-11 ғасырларда мемлекеттік дағдарысқа ұшырап, құлдырай бастады. Мұны пайдаланған қыпшақтар шабуылды үдетіп, ақыры Оғыз мемлекетін ыдыратты.

Оғыздардың едәуір бөлігі қыпшақтардың қысымынан Шығыс Европа мен Кіші Азияға ығысты, енді бір бөлігі Мауараннахрдағы Қарахан әулеті мен Хорасандағы Салжұқ әкімдерінің билігіне көшті. 11 ғасырдың ортасында оғыздардыңқыпшақтар талқандаған соңғы бөлігі Дешті Кыпшақтың түркі тілпес тайпаларына бірте-бірте сіңісіп кетті.

Оғыздардың басым көпшілігі негізінен көшпелі мал шаруашылығымен (кой, жылқы, түйе, сиыр, ішінара ешкі) шұғылданды, ан аулады. Көшпелілермен қатар отырықшы және жартылай отырықшы оғыздар да болды. Олар Сырдария алқабындағы қалаларды (Махмуд Қашғаридың айтуынша- Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ) мекендеді. Түрлі-әлеуметтік экономикалық жағдайға байланысты малынан айрылған көшпелі оғыздар отырықшылардың қатарын толықтырды. Отырықшы оғыздар негізінен егіншілікпен және қолөнеріменайналысты. Түрлі аяқ киім тікті, ыдыс, әшекей бұйымдар жасады, оғыздар шаруашылығында зат айырбасы мен сауда маңызды орын алды. Жетісу, Хорезм, Мауараннахрмен сауда жасауда Сырдария алабындағы қалалар (Янгикент, Сауран) елеулі роль атқарды. Оғыздар шетке мал, ет, тері, аң терісін, малахит шығарып, соғыс кезінде қолға түскен адамдарды сатып, құл саудасын өрістетті. Оғыздармен жауласқан тайпалар мен халықтар соғыс кезінде қолға түскен оғыздарды құлға айналдырып, сатып отырды. 9 ғасырда Хорасан билеушілері жылма-жыл Бағдад халифтеріне 2000 құл (оғыздар) жөнелтіп тұрды. Орта ғасырлардағы деректемелерде оғыздардың әлеуметтік жіктерге бөлінгені айтылады. Ибн Фадлан (10 ғасыр) 10 000 жылқысы бар Оғыз ақсүйектерінің болғанын жазады. Байлар да, кедейлер де, құлдар мен қатардағы қауым мүшелері де болды. Оғыздардың көпшілігі - мәжусилер еді. Бақсы-балгерлерге табынды. Сонымеи бірге оғыздар арасында бірте-бірте ислам діні тарады. Сырдария алқабындағы, Арал теңізі, Каспий теңізінің солтүстігіндегі жерлерді мекендеген Оғыз тайпалары қазақтардың этникалық тарихында елеулі орын алды. Сонымеи қатар оғыздар – түрікмендердің, өзбектердің, қарақалпақтардың т. б. бүгінгі түркі халықтарының арғы аталарының бірі. Оғыздардың солтүстік-батыс бөлігі кейін Төменгі Еділ бойы татарлары мен Оңтүстік Орал башқұрттарының құрамына қосылды. 11-13 ғасырларда Закавказье мен Кіші Азияға кеткен оғыздардың Оңтүстік тобы Азербайжан және Түрік халықтарының қалыптасуына үлес қосты.

Карахан мемлекеті (940-1212). Түрік мұсылмандарының алғашқы феодалдық мемлекеті. 940 жылы түрік тайпалары Қарлұқ кағандығының астанасы Баласағұнды басып алып, Қарахан мемлекетін құрды. Бұған негізінен Кашғар, Жетісу өлкесі қарады. 990 жылы Қарахан әулеті Тараз бен Исфиджабты қосып алды. 992 жылы Хасан (Xарун) боғрахан Бұхарды басып алды. 999 жылы оның немере інісі Насыр Ғазнауи әулетінің билеушісі Махмудпен бірге Орта Азиядағы Сасани әулетінің мемлекетін күйретті. Амудария Қарахан мен Ғазнауи әулеттерінін шекарасы болып қалды. Батыс және солтүстік-батысқа жасаған жорықта Қарахан әулетіне салжұқтар мен хорезмдіктер қарсылық көрсетті. Екі ғасыр бойында Қарахан әулеті батысында Амудария мен Сырдариянын төменгі ағысынан, шығысында Жетісу мен Қашғарға дейінгі аймақты мекендеді. Мемлекет негізінен түрік тайпаларынан құралды, солардың ішінде Қарлұқ, Қаңлы, Шігіл (Чигил, Шығыл, Жікіл) және Яғма басты роль атқарды. Мемлекет 2 иелікке бөлінді. Арслан Қарахан (Арслан - шігілдердің бірі) басқарған жоғарғы қаған дәстүр бойынша мемлекеттің ұйтқысы - шығыс бөлік билеушісі аталды, астанасы Баласағұн қ. болды. Екінші қаған Қарахан боғра лауазымымен батыс бөлікті билеп, астанасын Таразға, кейіннен Қашғарға ауыстырды. Бұлардың арасында бақталастық соғыстар жиі болды. Насыр дуние салғаннан кейін, 1017-1718 жылдар Шығыстан көшпелі қағандардың шабуылына тойтарыс берген Қашғарлық Туған хан таққа отырды. Оны Қадыр хан Жүсіп (1025-1032) тайдырды. 1025 жылы Туғанханның орнына оның бауыры, Тараз бен Исфиджабтың билеушісі Мұхаммед ибн Әли Баласағұнға иелік жүргізді. Шығыс қарахандарының билігі Қадыр хан Жусіптің қолында еді. Ол сол жылы ғазнауилердің билеушісі Мұхаммедпен Мауараннахрдың билеушісі -Алып-тегінге қарсы одақ құрды. Бірақ бұл ойлары жүзеге аспады. Қадыр хан өлгеннен кейін Шығыс Түркістан мен Жетісу оның ұлы Сүлейменнің, ал Тараз бен Исфиджаб екінші ұлы Інал-тегіннің билігіне көшті. Қарахан мемлекеті Ибрагим ибн-Насыр кезінде 11 ғасырдың 30 жылдарының ақырында Батыс хандық (Мауараннахр Ходжентке дейін қарады, астанасы Бұхар), Шығыс хандық (Тараз, Исфиджаб, Шаш, Ферғана, Жетісу, Қашғар, саяси әрі әскери астанасы Баласағұн) болып екіге бөлінді.

1056 жылы Інал-тегін Сүлейменнің иелігін басып алды, көп кешікпей өзі де уландырып өлтірілді. Баласағұн мен Қашғардың бұдан кейінгі билеушісі Тоғрұл (1059-1075), Бұғра хан Харун (1075-1102) еді. Соңғы боғра хан өлгеннен кейін Баласағұн мен Тараздың билеушісі Базыр хан Жабраил Мауараннахрға шабуыл жасап, Амударияға дейінгі жерді жаулап алды, бірақ салжұқтардан Термезді басып аламын деп, күйрей жеңіліп, қаза тапты. Санжар сұлтан (1118-1157) билік жүргізген кезде Қарахан мемлекетінің Мауараннахрдағы иелігіне едәуір ықпал жасады. Осы кезеңде қарахандықтардың билігі әлсірей бастады. 12 ғасырдың бастапқы кезінде қарақытайлар (қидандар), Жетісу мен Баласағұнды жаулап алды. Содан кейін Шығыс қарахандардың иеліктерін тұтас қиратты да, батыс тармағына қатер төндірді. 1141 жылы Қарахан әулеті мен салжұқтардың біріккен әскерін қиратқаннан кейін екі қанаттың билігі де қарақытайлардың қолына көшті. Сонымен 1212 жылы Хорезм шаһы Мұхаммед Қараханның батыс бөлігінің соңғы қағаны Оспанды өлтірді де, көп кешікпей-ақ Қараханның Ферғана тармағы да жойылды.

Қарахан мемлекетінің ұлан-ғайыр аймағында экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағынан едәуір өрлеу болды. Қарахан мемлекетінде жер үлестерге бөлініп, оларды Қарахан әулетінен шыққандар - Ілек хандар, тегіндер биледі. Жер бөліп беру жүйесі икта деп аталды. Көшпелі мал шаруашылығы басым аймақтарда икта жер бөлігінен емес, көшпелі қауымдардың санына қарай берілді. Ал қауым мүшелерінен иктадарлардың пайдасына рента алынды. Осы негізде билеуші ақсүйектер мен тәуелді адамдар тобы қалыптасты. Ақсүйектер егістік, жайылымдық жерлерді кеңінен қамтып, шағын жер иеленушілер солардың қол астына көшіп, феодалдық тәуелділікте қалды. Иелікке мұралық ағадан ініге ауысты, әрбір иелік шекарасы тұрақты болмағанмен, даралық басым еді. Оның бір айқын дәлелі әр иелікте Ілек хандардың есімімен шақалар соғылды. Сонымен қатар елде өндіргіш күштер өсті. Қалаларда сауда-саттық күшейіп, жаңа қалалар салынды. 10 ғасырда Қазақстан жері арқылы маңызды сауда жолдары өтті. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда көшпелі түріктер отырықшылыққа бейімделіп, оларда қала мәдениеті жедел дамыды.

960 жылы Қарахан әулеті ислам дінін қабылдады. Исламмен бірге араб жазуы келді де, бұрынғы түріктердің көне руналық алфавитін ығыстырды. Түрік тілінде едәуір шығармалар жазылды. Солардың бірі - Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу біліг» (1069). Махмұд Қашғаридың «Диуапи лұғат ат-түрік» атты туындылары. Архитектура мен сән өнері өріс алды. Мыс., Үзген мен Жамбылдағы айшықты ою-өрнекті, порталды мавзолейлер - Қарахан әулетінің өскелеп мәдениетінің бір айғағы.

Қимақтар мен қыпшақтар. Батыс Түрік қағандығының Шығыс бөлігі ыдырағаннан кейін 656 жылықимақтар батыс түріктерден оқшаулана бастады. Қимақ тайпалары одағының түп қазығы, шамасы, осы кезде туса керек. Гардизидің (11 ғ.) айтуынша қимақтар тайпасының көсемін «шадтүтік», деп атаған. «Шад» және «түтік» атақтары ежелгі түрік жазбаларында жиі кездеседі. 840 жылы Үйғыр қағандығы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы Эймур, Баяндур, Татар тайпалары қимақтарға қосылды. Қимақ тайпалары бірлестігінің қалыптасуы осы кезге сай келеді. Гардизидің баяндауынша қимақтардың тайпалық бірлестігі алғашында жеті тайпадан: Ими (Эймур), Имақ, Татар, Баяндур, Қыпшақ, Ланиказ, Ажмад тайпаларынан құралған. Қимақ тайпалары бірлестігінің құрылуына байланысты олардың билеушілерінің атағы да өзгерді. Енді ол жабғу (байғу немесе ябгу) деп аталды. Жабғу дәреже жағынап шадтан жоғары. Шамамен 9 ғасырдың ортасы мен ақырында қимақтаң Оғыз көсемдеріне Сырдария алабы мен Арал жағалауларын жаулап алуға белсенді көмек көрсетті. Сонымен бірге қимақтар ұйғыр (тоғыз-оғыз) және Енисейдегі Қырғыз қағандығына қарсы жорыққа шығып, 9 ғасырдың 2-жартысында шығысында Орталық Ертістен Жоңғар қақпасына, батысында Ембі, Орал өзендеріне, оңтүстігінде Бетпақдалаға дейінгі аймаққа орын теуіп, мемлекеттің дамуына қадам жасады. Қимақ мемлекеті туралы алғашқы деректер 9 ғасырдың ақыры 10 ғасырдың бас кезінде араб тіліндегі тарихи және географиялық шығармаларда кездеседі. «Түркістан мен түріктер, - деп жазды Әл-Якуби (9 ғ.), - бірнеше халықтар мен мемлекетке бөлінеді, соның ішінде: қарлұқтар, тоғыз-оғыздар, қимақтар және оғыздар бар. Түріктердің әр тайпасы жеке мемлекет және бірімен-бірі соғысып тұрады». Қимақ мемлекеті құрылған күннен бастап олардың патшалары ең жоғары түрік атағымен хақан (немесе қаған) деп аталды. Ол жабғу атағынан екі дәреже жоғары. Мемлекеттік үлестік-тайпалық құрылымда болды. Елді хақан мен оның облыстардағы он бір нәменгері биледі. Өкімет билігі мұрагерлік жолмен хақанның ғана емес, оны қоршаған тайпа ақсүйектерінің де қолына көшіп отырды. Қимақтар қоғамының әлеуметтік бөлшектері туралы орта ғасыр деректемелеріндегі жанама матлұматтар археологиялық материалдарға сай келеді. Қимақ мемлекетінің қалыптасу процесінде, ел билеушілері, бір жағынан, әскери көсемдер болды да, хақаннан тиісінше үлес алды. Әрбір 8 иелік хақанға әскери жасақ беріп тұрды. Бұл үлестік облыстар этникалық жағынан негізінен бір тайпаның өкілдерінен құралса керек. Үлестік-тайпалық жүйе қимақтар қоғамында патриархалдық-феодалдық қатынастардың қалыптасуына байланысты қоғамдық қурылыстағы ірі өзгерістерден келіп туды. Бұл мемлекетте салық жиналған, жазуы болған. Әбу Дулаф «оларда (қимақтарда) өздері жазу жазатын қамыс өседі» депжазды. Қимақтар мекендеген аймақтардан 9-10 ғасырлардағы мерзімі көрсетілген ежелгі түрік жазуы бар қола айналар табылған.

Қимақтар негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Мұнымен қатар егін шаруашылығымен де шұғылданды, балык, аң аулады, тайпалық аймақтарда қымбат аң терілерін дайындады. Қимақтар арасында қолөнері де дамыды, мата тоқып, киім тікті, металл бұйымдар шығарды. Өз территориясында темір, күміс, алтын өндіріп, рудалан металл кұйды. Олардын қолөнері туралы жазба деректемелер археологиялық материалдарға сай келеді. Қимақтар мекендеген жерлерден темір бұйымдар, алтын, кұміс және қоладан жасалған әсемдік бұйымдары, жібек мата, тері жұрнақтары, ағаш ыдыстар, қарулар, әбзелдер т. б. табылды. 9-11 ғасырлардағы араб-парсы авторлары отырықшы қимақтардың тұрақты мекендері болғанын жазады. Қимақтар патшасын әскерімен көрген Тамим ибн Бахр (9 ғ.) оның штабы жанында тұрақты мекен және өңделген жер болғандығын жазса, Әл-Идриси қала мәдениеті болды дейді. Қимақ қағанының астанасы Ертіс жағасына орналасты, төңірегі мықты қоп тандармен қоршалды. Әлеуметтік-мәдени жағынан қимақтар 6-8 ғасырларда ежелгі түріктердің дәстүрін сақтап әрі оны дамытып отырды.

Қимақ тайпаларының ішінде ерекше оқшауланған кыпшақтар болды. Олар мемлекеттің батыс бөлігін мекендеді. Қыпшақтар - ежелден Орталық Азияны мекендеген көне тайпалардың бірі. Бұлар туралы алғашқы дерек б. з. б. 3-2 ғасырларда белгілі болды. Қыпшақ сөзінің шығу төркіні, мағынасы 8 ғасырға жататын ежелгі түркі жазбасында айтылады. Мұсылман жазбаларында Қыпшақ атауы туңғыш рет Иби Хордадбех (9 ғ.) деректемесінде ұшырасады. 9-11 ғасырлардағы жазбаларда кыпшақтар Қимақ тайпасының бірлестігімен байланысты болғанмен түрлі этникалық, аймақтық әрі экономикалық және тұрмыс жағдайынан олардың ішінара қатысы өрістемегені айтылады. Қыпшақтап Сырдария алабы мен Аралдың, Батыс Каспийдің солтүстік жағалауындағы оғыздардың жерін басып алып, одан кейін «Дешті-Хазар» өлкесін бағындырып, өрісін кенейтті, Оңтүстік Орыс даласын, Кавказ, Кырым тауларып жайлады, олармен шектесіп жатқан далаларды көктей етіп, Донға дейін жетті.

Қыпшақ хандары Оғыз жерін жаулап алғаннан кейін, қимақ-қыпшақ тайпаларының аймағына да саяси үстемдігін жүргізді. Қимақтардың өзі де оларға тәуелді болып калды. Парсы тарихшысы Байхакидің 1030 жылы жазбасында қыпшақтарды хорезмдіктердің көршісі деп көрсетеді. Олар 13 ғасырдың басына дейін бейбіт қатыста өмір сүрген. Бұл кездерде Қыпшақ тайпалары Ертіс пен Еділ аралығын, ал Махмұд Қашғаридың жазбасына қарағанда олар оңтүстігінде Тараз қаласына дейін мекендеген. Бұл жерлерде қимақтардың құрамында, негізінен Имақ (Кимақ), Қаңлы. Оғыз печенег т. б. тайпалар болды. Жазба деректерде Қыпшақ тайпалары деп аталған. Ахмед әл-Варрақ олардың қатарында: Барқу, Тоқсаба, Итаба, Барат, Аларис, Буржуглу, Манкуруглу, Имақ тайпаларын, ал олардың тармағынан: Тут, Башқұрт, Күмәнлу, Бұзанлу, Бажана, Қарабуркүлу, Ұз, Жартан т. б. атаған. 1055 жылы қыпшақтар (половшылар) орыс шекарасынан ұшырасады. Осы кезден бастап олардың арасында тарихи-мәдени байланыстар орын алады. Қыпшақ жерінің кеңеюі ерте феодалдық қатынастардың дамуына байланысты еді. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысса да отырықшы елге айналды, егіншілікті кәсіп етті. Сығанақ, Құмкент т. б. көптеген қалалары болды. Саяси тұрғыдан қарағанда Қыпшақ қоғамы - ерте феодалдық мемлекеттік бірлестігі еді. Монғол шапқыншыпығының алдында қыпшақтар Ертістен Дунайға дейінгі кең алқапты алып жатты. Бұл жер бес топқа: Қазақстан, Еділ бойы, Оңтүстік Орыс даласы (Лон),Днепр бойы, Дунай өлкесіне бөлінді. Бұлардың арасында этникалық-саяси және экономикалық байланыс орын алды. Европада - құмандар. Россияда - половшылар аталған қыпшақтар қазақ халқының қалыптасуында маңызды роль атқарған қазақтардың арғы аталарының бірі.     

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.170-175.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-03-24 16:49:57     Қаралды-859

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »