UF

СОВЕТ ДӘУІРІНДЕГІ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ, СӘН ЖӘНЕ ҚОСАЛҚЫ ӨНЕР

Графика. Қазақ совет бейнелеу өнері, оның ішінде графика саласыныңқалыптасуы мен өркендеуі Ә.Қастеев (1904-1973) есімімен тығыз байланысты. 30 жылдары Қастеев творчествосынан қазақ халқының революцияға дейінгі тұрмысы, Совет өкіметі жылдарындағы түбірлі өзгеріс тарихи және жанрлық картина ретінде көрініс бере бастады. Оның еңбектерінен портреттік, пейзаждық жұмыстар басты орын алды. Суретшінің бояу өңін дәл тапқан бай колоритті әрі тартымды жұмыстары негізінен графикалық әдіске жататын сулы бояумен (акварельмен) салынған. 20 жылдардың соңы мен 30 жылдары орындалған «Қазақ қызының бейнесі» (1929), «Қарындасым» (1930) атты портреттері шебердің алғашқы творчестволық кезеңінде жасаған үздік туындылары саналады. Бұл жұмыстардың композициялық құрылымы өте қарапайым болғанымен қыздар өңіндегі жылылық пен тартымдылық суретшінің нағыз шеберлік дәрежесіне көтерілгендігін аңғартады. «Түрксіб» (1932), «Шопан бейнесі» (1937) картиналарында ескі тұрмыс пен жаңа өмір келбетін қатар көрсету арқылы (мыс., алғашқы поезды көргендегі түйелі қазақтың қуанышы мен таңырқауы) ойнақы әрі ұтқыр композициялық құрылым тапқан. Мұнда әсіресе тәптіштеп бейнелеуден гөрі ұтымды жеткізу, көрнекі баяндау тәсілі басым. Суретшінің сулы бояумен салынған «Ескі және жаңа тұрмыс» (1937-1941) атты суреттер топтамасында революцияға дейінгі қазақ халқының тұрмысы мен ғұрпы қазақ совет бейнелеу өнері тарихында алғаш рет егжей-тегжейлі баяндалған. Қастеев тақырыптық картиналар шебері, үздік портретші болумен қатар Қазақстанның бай табиғатын асқан сүйіспеншілікпен бейнелеген қазақтың тұңғыш табиғат суретшілерінің бірі болып табылады. 30 жылдардағы қазақ совет ұлттық мәдениетінің қалыптасуына Ә.Ысмайылов (1910 ж. т.) елеулі еңбек сіңірді. Осы жылдардағы өнердің көптеген түрлерінің буынын бекіте түсуіне актер, биші,режиссер, конферансье, әнші-импровизатор, суретші Ысмайылов белсене араласты, әрі алғашқылардың бірі болып енді етек алып келе жатқан бейнелеу өнеріне де ат салысты. 1928 жылыҚазақстанда өткен көшпелі көркемсурет көрмесіне ең жас төл суретші ретінде «Сарысу даласы», «Бетпақдала аңшысы» атты акварельдік жұмыстарымен қатысты. Ысмайылов көлемді кескіндемелермен қатар мерзімдік баспасөз беттерінде графикалық еңбектерімен сол кезеңдегі күрделі мәселелерге үн қосып отырды. Сол уақыттағы суретшінің жасаған шығармалары тақырыптық жағынан сан қилы болғанымен, оның творчествосынан негізінен Қарағанды индустриясы мен туған өлке табиғатының көрінісі басты орын алды. Республиканың енді ғана бас көтерген индустриясын өзек еткен «Қарағанды» (1932), «Қарағанды шахтасы» (1932) т. б. тушьпен салынған суреттерінен шахтерлер еңбегінің романтикалық қырын айқара ашуға талпынушылық, қызу қандылықпен жеткізе баяндаушылық қасиеттері аңғарылады. Ысмайылов жаңа замандағы еңбек қарқынының қаһармандық сипатын, жұмысшылардың белсенді қимылын ойнақы сызықтар арқылы ұтқыр бейнелеу тәсілімен орындағап. Осы шағын еңбектерінде суретші өз халқының революциялық оянуын ғана бейнелеп қоймай, мұнымен бірге олардың құлдық бұғауын быт-шыт ете отырып, өркендеу өрісіне ойысқан туған өлкені көркейту жұмысына құлшына кірісуін тартымды сипаттаған. ЬІсмайылов осы жылдары қазақ өнерінде енді қылаң бере бастаған карикатура, плакат («Мұхиттың арғы жағынан», «Жарылып кетті») жанрына да араласты. 20 жылдардың соңы мен 30 жылдардың басында қазақ бейнелеу өнерінің негізін салысқан тұңғыш профессионал суретшілердің бірі Қожахмет Қоңырқожаұлы (1910-1953) мен қазақтың театр декорация өнерінің негізін салушы Құлахмет Қоңырқожаұлы (1914 ж. т.) Қожықовтардың творчествосы да қалыптаса бастады. Олар осы кезеңде бірқатар графикалық еңбектерімен көрінді. Қожахмет оптимистік сарында колхозды ауыл өмірінен «Қырман», «Газет оқу» (1937)атты тақырыптық акварельдерін жасады. Суретші бұл еңбектерінде колхозшы қазақтардың, коллективтік еңбек үстіндегі қарқынды ынта-жігерін шыпайы бейнеледі. Оның картиналарынан композицияны қарымды, қызғылықты құруға ынтықтығы аңғарылады. Қожықовтың 30 жылдардағы колхоздастыру кезеңін бейнелеген әрбір графикалық еңбегінде өміршеңдік, шындыққа етене жақындық, өмірге құштарлық бой корсетеді. Құлахметксилографиялық тәсілімен көптеген кітаптарды (Абай Құнанбаев, Т.Г. Шевченко шығармаларын) көркемдеп, театр декорациясы (Әуезовтің «Еңлік-Кебегі», Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», Шекспирдіц «Отеллосы» т. б.), фильмдерге костюм («Жамбыл» т. б.) эскиздерін, қондырғылы графика туындыларын жасады. Суретшінің басты еңбектерінен өз халқының өмірі мен тұрмысын, өткені мен бүгінін, көркем туындылардағы оқиға желісінің тарихи өрбуін жете түсінгендігі аңғарылады. Аталған шығармалар Қожахмет еңбектерінің аздаған қара-дүрсіндігіне, ЬІсмаиылов туындыларының көркемдікшешімін шартты түрдеалуына қарамастан картиналарда бейнеленген кейіпкерлердің еңбек ауыртпалығын ел келешегіне деген сенімге толы қуанышпен көтерген арманшыл жаңа өмір жасаушылар екендігіне күмән келтіре алмайсыз. 1933 жылы республикада Қазақстан Суретшілер одағының ұйымдастыру комитетінің құрылуы, 1934 жылы Москвадағы Шығыс халықтары бейнелеу өнері музейінде тұңғыш рет қазақ суретшілері көрмесінің ұйымдастырылуы, Алматыда Қазақтың көркемсурет галереясының ашылуы (қазіргі Қаз. ССР-інің Мемлекеттікөнер музейі) бейнелеу өнерін жаңа қарқынмен дамытуға кең жол ашты. Осы кезеңде орыс суретшілері Г. А. Брылов (1898-1945), Л.В.Гербановский (1912-1943) т. б. графика саласына араласты. Қазақстан суретшілерінің 1940 жылы откен 1-съезі Қазақстандағы творчестволық коллективтің жұмысын қорытындылай отырып, ұлттық өнердің даму бағытын айқындап берді.

К. К. Қожықов. «Даладағы шайхана». «Алдар Көсе» фильміне жасалған эскиз. 1964-1965. Алматы. Казақ ССР-інің Мемлекеттік өнер музейі.

Ә. Ысмайылов. «Карағанды».1932. Алматы. Қазақ ССР-інің Мемлекеттік өнер музейі.

 

Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945) Қазақстанға келген Москва, Ленинград, Украина, Белоруссия суретшілерімен (Д. И. Митрохин, Й. А. Дайц, М. А. Аксельрод, П. М. Чайков, Б. П. Белопольский, С. Ф. Беседин,Л. М. Худяк, Б. И. Урманче, С. М. Бондар, О. Н. Кудрявцева) бірге қазақ суретшілері соғыс жанры және тарихи тақырыпта картиналар жазып, совет адамдарының қажымас ерлігі мен тылдағы еңбек ерлері бейнелерін жасаумен қатар «ҚазТАГ» хабарына плакат, карикатура салу ісіне де белсене қатысты. Еліміздің белгілі график-суретшілерінің бірі Митрохин (1883-1973) «Алматы маңы көріністері», «Ленинград соғыс күндерінде» суреттерімен, Брылов мәдениет қайраткерлерінің бірнеше портреттерімен («М. О. Әуезов» т. б.), Қастеев қазақтың аты аңызға айналған революционер батыры «Аманкелді Иманов» портреттік жұмысымен және «Аманкелді шабуылы», «Шопан», «Фашист танкілерін талқандау», «Торғай жорығы» атты сулы бояумен салынған картиналарымен, Кукрыникстер («ҚазТАГ» хабарына) фашист басқыншыларының ойсырай жеңілуін ащы уытпен мысқыл еткен «Көңілді өмір» плакатымен, Беседин 8-гвардияшылар дивизиясының комсомол жауынгері Толеген Тоқтаров (қайтыс болғаннан кейін Совет Одағының Батыры атағы берілді) ерлігін өзек еткен «Жекпе-жек» картинасымен, Р. В. Великанова (1894-1972) «Ескі және жаңа Алматы» графикалық топтамасымен ел басына күн туған ауыр кезеңде қазақ бейнелеу өнері графика саласының өсу жолында өз қолтаңбаларын қалдырды.

К. Я. Баранов. «Алғашқы көктем». 1969. «Жер үшін, бостандық үшін» триптихынан. Алматы. Мемлекеттік өнер музейі.

 

Соғыстан кейінгі жылдары қазақ және қазақстандық суретшілердің профессионалды шеберлігі арта түсіп, олар өз туындыларында еліміздің соғыстан күйзелген шаруашылығы мен өндірісін қайта қалпына келтіру кезеңіндегі тынысын, халық өмірін терең әрі мазмұнды қамтуға ойысты. Геспубликады суретшілердің бірнеше дүркіп есеп беру, мүшелдік және арнайы көрмелері ұйымдастырылды. Осы кезеңде Великанова, Е. А. Говорова (1893-1974), К. Я. Баранов (1910 ж. т.), С.В.Кукуруза (1906 ж. т.), Ысмайылов, В. И. Антощенко-Оленев (1900 ж. т.) т. б. аға буын суретшілер графикада жемісті еңбек етті. Графика шеберлері графиканың түрлі жанрлары мен көптеген түрлерінен поэзиялық ырғақ пен оптимизмге толы әр қилы тақырыптағы тартымды туындыларымен көзге түсті. Н.И. Крутильниковтың (1896-1961) «Жамбыл Жабаев» (1954, акварель) портреті, 50 жылдардың ортасынан қара-ақ түсті линогравюра шебері ретінде қалыптасқан Антощенко-Оленевтің «Қаһарлы 1919 жыл» (1957) атты тарихи-революциялық сюжеттегі, «Аңсау» (1959) деген лирикалық сарындағы картинасы мен психологиялық тұрғыда орындалған «Ілияс Жансүгіров» портреті, суретшілер портреттерінің (Поль Гоген, Анри Матисс, Ван Гог, Пикассо) топтамасы композиция ұтымдылығымен, психологиялық тереңдігімен ерекшеленді. Антощенко-Оленев, Баранов, Н. С. Гаев (1921 ж. т.), Говорова, А. А. Дьячкиннің (1930 ж. т.) линогравюралары мен офорттарына, Қастеев пен Ысмайыловтың акварельмен, И. Е. Квачконың (1926 ж. т.) гуашьпен салынған еңбектеріне, Е. М. Сидоркипнің (1930 ж. т.) автолитографиясына, Н. П. Александров (1924 ж. т.) пен Т. Н. Говорованың (1921 ж. т.) суреттеріне, кітап көркемдеу ісінде жасаған графикалық беттеріне совет адамдарының еңбектегі қажырлы еңбегі және кең байтақ еліміздің сұлу табиғатының әсем көріністері өзек болды. Шығармаға нағыз халықтық тақырыпты арқау етіп, туындының әсер күшін арттыруға деген айшықты бет- бұрыс қазақ және қазақстандық суретшілердің творчестволық дәстүрі мен жекелеген шеберлердің өзіндік төл қолтаңбасының пісіп қалыптасуына жол ашты. Қастеев еңбектеріндегі тарихи-революциялық тақырыптағы жетістіктер Гаев творчествосында («Большевик естеліктері», линогравюральіқ топтама, 1960) өз өрбуін тапты. Қазақ халқының басынан өткерген қым-қуыт кезеңдеріне негізделген серияда коммунистің ізгі ойы мен ішкі күйініші-сүйініші, жарқын болашақ үшін сенімді күресі шынайы суреттелген. Антощенко-Оленев Советтік Шығыс тақырыбына арналған линографиялық серияларында («Ескі Хиуа», «Қонақтар», «Базардан қайтқанда», 1964), Қастеев «Ана» портреттерінде, Говорова «Зоолог портретінде» өз замандастарын әр қырынан кескіндеп қана қоймай совет адамдарының типтік бейнесін жасауға ұмтылды. Қазақстан график-суретшілері Баранов, Ысмайылов, Дьячкин, Гаев, Квачко т. б. творчествосынан индустрия тақырыбы келелі орынала бастады. Мұнымен қатар пейзаждық жұмыстарға Говорова, Дьячкин,Қастеев, Квачко, Ш. Б. Кенжебаев (1927 ж. т.) т. б. суретшілер айрықша көңіл бөлді. Қастеев пен Говорованың поэзиялық тұрғыдағы, Квачко мен Дьячкиннің лирикалық пландағы пейзаждары осы кезеңдегі үздік полотнолар санатына қосылды.

Ш. Б. Кенжебаев. «Біздің ауылдың адамдары» топтамасынан. Алматы. Қазақ ССР-інің Мемлекеттік өнер музейі.

 

50 жылдардың ортасында қазақ суретшілерінің қатары арнаулы білім алған жас суретшілер легімен толыға түсті. Кескіндемеші әрі кино суретшісі Сахи Романовтың (1926 ж т.) алғашқы творчестволық кезеңінде қазақтың кең тараған халық ертегісі «Қырық өтірікке» (1954-1955) жасаған қондырғылы иллюстрациялары суретшінің қиял өрісінің кеңдігімен, мысқылды қуақылығымен ерекшеленсе, байқампаз суретші Кенжебаевтын «Біздің ауылдың адамдары» (1960) атты түрлі түсті линогравюралық топтамасы бояу өңінің әрлілігімен, өмір өзгерістерін тартымды сипаттауымен көрермендер жүрегінен жылы орын алды. «Ана», «Жолдағы әңгіме», «Тоқымашы», «Кешкі ән» т. б. графикалық беттерді «Біздің ауылдың адамдары» деген жалпы тақырыпқа топтастыру арқылы суретші қазақ ауылының жаңа тұрмысындағы түбірлі өзгерістерді бейнелі бояу тілімен шынайы сипаттады. Бірнеше жылдар Қазақстанда еңбек еткен график-суретші Ю. П. Мингазитиновтын (1924 ж. т.) кітап көркемдеу ісіндегі еңбектері (ақын О. Сүлейменовтін «Адамға табын, Жер, ендісі», 1964) мен «Қазақ ертегілеріне» (1965) жасаған иллюстрациялары бейнелеу мәнерінің еркіндігімен, композициялық құрылымының бейнелілігімен көзге түсті. Қазақстанның графика өнер саласында еңбек еткен суретшілердін арасынан талапшыл, ізденімпаз суретші Сидоркинніц еңбектері елімізге кеңінен танымал болды. Суретшшің «Қуақылар» автолитографиялық топтамасы (1959), «Қазақ халық эпосы» (1958-1961), М. О. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына (1960) жасаған иллюстрациялары, көптеген қондырғылы картиналары («Қазақтың ұлттық ойын-сауықтары» мен «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» топтамасы, 1964) совет графикасындағы үздік туындылардың бірінен саналады. «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» сериясында қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, революционер Сейфуллиннің бейнесін жасау барысында суретші ақынның буырқанған сезім иірімдерін нәзік кейіптеумен қатар осы поэзиялық еңбек арқылы Октябрьдің асқақ гуманистік идеясынан ұшқын алған қазақ халқының бүгінгі аскақ рухын, болашаққа деген шексіз сенімін, азаматтық пафосқа толы символикалы мазмұнымен ашып берді.

60 жылдардың аяғы мен 70 жылдардың басында республикалық бейнелеу өнері шеберлерінің қатары қондырғылы графика мен кітап көркемдеу ісіне өз бағыт-бағдарын ала келген С. Ә. Айтбаев (1938 ж. т.), А. С. Бейсембинов (1940 ж. т.), А. А. Гурьев (1937 ж. т.), И. Н. Исабаев (1936 ж. т.), М. М. Қисамединов (1939 ж. т.), К. Е. Пак (1924 ж. т.), Ә. С. Рахманов (1942 ж. т.), Ә. Смағұлов (1939 ж. т.), Б. Табылдиев (1940 ж. т.) т. б. талантты график-суретшілермен толықты. Айтбаевтың одақ көлеміне танымал болған кескіндеме туындыларымен қатар графика саласындағы еңбектері («Мақташы қыз», 1968; «Асан Қайғы», 1972; ақын О. Сүлейменов өлеңдеріне жасаған литографиялық топтамасы, 1972), Бейсембиновтің ақын Қ. Мырзалиевтің («Адам мен мешін», 1968), жазушы Д. Досжановтың («Атшабар бала», 1968) балаларға арналган кітапшаларына жасаған иллюстрациялары, Гурьевтің «Ұлы ақындар кітапханасының» қазақша басылымдарына, совет және қазақ жазушыларының шығармаларына (Ш. Айтматовтың «Тау мен дала повестері», 1964), Исабаевтың жазушы Б. Майлиннің «Раушан коммунист» повесіне, Қисамединовтың Абай Құнанбаев өмірі хақындағы (1967), қазіргі ауыл тұрмысы жайлы «Күн нұрын төккенде» (1968) атты линогравюралық топтамалары, МахамбетӨтемісұлы өлеңдеріне (1973), М. О. Әуезов таңдамалыларына жасағаниллюстрациялары, тарихи және замани мәселелерді көтерген сымбатты қондырғылы картиналары, Б. Пактің (1935 ж. т.) «Алатау» (1970) атты линогравюралық топтама жұмысы, Рахмановтың «Менің замандастарымның аналары» деген өмірбаяндық сериясы (1968), Смағұловтың қазақтың батырлық жырлары жинақталған «Ақсауытқа» (1977), Табылдиевтың жазушы I. Есенберлиннің «Алмас қылышына» (1970), ақын С. Аронұлының «Ақиығына» (1974) жасаған көркемдеулері мен «Әже» атты (1978) қондырғылы графикалық жұмысы қазақ кітап коркемдеу ісі мен қондырғылы графикасына елеулі бетбұрыс әкелді. Бұл еңбектер негізінен көркемдік шешімінің ұтқырлығымен кітап беттерін әсемдеу заңдылықтарын, шығарманың стилін, әр жазушының өзіндік мәнерін жете түсініп суреттеумен шектеліп қана қоймай һәм қарым кеңдігімен, терең бейнелілігімен ерекшеленеді. Авторлар дүние жүзі және орыс совет кітап көркемдеу ісі шеберлерінің ғасырлап қалыптастырған графикалық мектебі ізденістерін жете меңгеру арқылы ұлттық өнердің өзіндік сүрлеу-соқпағын қалыптастыру мақсатында еңбек етті. Қазақ совет бейнелеу өнеріне ұлттық түр-сипат ендіру мақсатымен әлеуметтік, тарихи, географиялық, этнографиялық мән-мағынаны егжей-тегжейлі айқара бейнелеуді көздеуде.

Ө. С. Рахманов. «Бет ашар». «Бозінген» жинағына жасалған линогравюра. 1972.

И. Н. Исабаев. «Айтыс» жинағына жасалған линогравюра. 1967.

Б. Табылдиев. «Ақын серті». 1978. Қазақстан Суретшілер одағының қоры.

 

Облыс орталықтары Көкшетау, Қызылорда, Өскемен, Павлодар, Шымкент және Целиноградта график-суретшілер И. Е. Воронин (1939 ж. т.), Қ. Қ. Зәкіров (1945 ж. т.), В. Т. Титов (1930 ж. т.), П. Г. Величко (1930 ж. т.), Е. Ырыстаев (1940ж. т.), А. Н. Порунин (1936 ж. т.) еңбек етуде.

70 жылдардың ортасында кітап көркемдеу ісіне жас суретшілер Мақпал Қисамединов (1949 ж. т.), Б. Т. Машрапов (1946 ж. т.), Т. Мұхатов (1947 ж. т.), Қ. Н. Төреқұлов (1947 ж. т.) т. б. қатысып, өзіндік ізденістерімен көзге түсе бастады.

Кескіндеме. Қазақстанда Совет өкіметі орнағаннан кейін бейнелеу өнерінің графика жанрымен қатар кескіндеме саласы да өркендей бастады. 20 жылдары Алматыда көркемсурет шеберханасы мен көркемсурет студиясы ашылып, жұмыс істей бастады. Осы жылдары республикада ұлттык бейнелеу өнерінің кадрларын даярлауда орыс суретшілері, әсіресе белгілі суретші Хлудовтың еңбегі ересен болды. Алғашқы қазақ суретшілері өздерінің творчестволық жолын Хлудов ұйымдастырған көркемсурет студиясына қатысудан бастап, кейін бейнелеу өнерінің әр түрлі салаларында жемісті еңбек етті. Қазақстанда Хлудовтан басқа П. И. Крутильников (1896-1961), Ф. И. Болкоев (1886-1965), И. Г. Ивачев (1893-1955), А, И. Бортников (1909 ж. т.), С. С. Столяров (1904 ж. т.), В. И. Антощенко-Оленев (1900 ж. т.), А. А. Риттих (1889-1945) т. б. орыс суретшілері республикалық бейнелеу өнерінің дамуына ат салысты. 30 жылдары тұңғыш ұйымдастырылған бейнелеу өнері көрмелеріне орыс суретшілерімен қатар Қастеев, Ысмайылов, Қ. Қожықов, Б. Сәрсенбаев, О. Таңсықбаев (1904-1974) сынды қазақтың алғашқы кескіндемешілері өз шығармаларымен қатысты.

А. М. Черкасский. «Дина мен Жамбыл». 1946. Алматы. Қаз. ССР-інің Мемлекеттік өнер музейі.

 

Республиканың саяси-әлеуметтік өміріндегі түбірлі өзгерістер, экономика мен мәдениет саласындағы табыстар, өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуы сияқты келелі мәселелер Болкоевтың «Білім қуған қазақ қыздары» (1927), Крутильниковтың «Қарағанды шахтерлары» (1933), Қастеевтің «Шөп шабу» (1934), Қожықовтың «Шымкент қорғасын заводы» (1935), Антощенко- Оленевтің «Станоктағы қыздар»(1935) секілді кескіндеме туындыларынан өз көрінісін тапты. 30 жылдардың аяғы мен 40 жылдардың басында тақырыптық сюжетке құрылған картиналар кескіндеме жанрынан басты орын алды. Осы жылдары келген М. С. Лизогуб (1909 ж. т.), Л. П. Леонтьев (1913 ж. т.), А. М. Черкасский (1886-1967), Б. ЬІ. Урманче (1897 ж. т.) сияқты суретшілер өз творчествосымен республикалық бейнелеу өнерінің өсу жолында тың күш болып қосылды. Бейнелеу өнері шеберлерінің қатарындағы талантты қазақ суретшілерінің бірі Қастеевтің творчестволық өмірбаяны 30 жылдардан басталды. Ол - творчестволық ауқымы кең суретші. Оның қолынан тарихи-революциялық тақырыптағы картиналар мен жанрлық көріністер, портреттер мен пейзаждар өмірге келді. Қастеевтің суретшілік жолындағы «Шөп шабу», «Колхоздың сүт фермасы», «Колхоз жайлауы» (1936) атты алғашқы картиналарында адамдардың іс-әрекеті туған табиғатпен тығыз байланыста көрініс тапты. Әсіресе 50 жылдары Қастеев творчествосының нағыз гүлдену кезеңі болды. Табиғаты аумалы-төкпелі шетсіз де шексіз қазақ даласы; сұп-сұр шөл дала, жайқалған өңір, қызғылт түсті жартастар, басын қар басқан таулар, көк жасыл бақтар Қастеев қаламымен түрленіп, өзгеше өмірін бастады. Қастеев пейзаждары туған табиғатқа деген кіршіксіз махаббатқа толы, оның болмыс-бітімін тамаша жеткізеді. «Шалкөде жайлауы» (1956) картинасы соның айғағы. Тау бөктеріндегі бірде меруерттей түрленген, бірде сарғыіп түске еніп, енді бірде қоңыр-қай тартып жатқан теп-тегіс көсілген жазық жайлау. Осынау құлпырған кілем бетіндегі жіңішке жібек жіптей күміс бұлақтар сылдырай ағады. Тау шыңдарының көкжиекпен астасқан тұсындағы жеңіл сызықтар кеңістіктің соншалық кеңдігін, таза да тұнық ауаны сездіргендей. Ал жоғарырақта ғажап әсем көк жүзінде ақша бұлттар қалықтайды. «Қыс» (1960) картинасының жеңіл де мөлдір болуы тамаша тазалығымен, көңілге қонымдылығымен ерекшеленеді. Суретші күн сәулесінен жарқырап алтын шашқан ашық әрі жылы қыс күніндегі табиғат бояуын дәл де шебер ашып береді. Оған қоса композицияның кең ауқымды болып келуі картинаның әсер қуатын арттыра түседі. Эпикалық кең ауқымдылық пен жеке басқа тән лирикалық сезімдердің мұншама астасып келуі Қастеев пейзаждарының көпшілігіне тән. Мыс., «Алма ағаштары гүлдегенде» (1960) картинасында барша пейзаж күн көзімен құлпырып гүл жарған алма ағаштар арқылы беріледі.

Қазақстан Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті (1933; 1940 жылдан Қазақ ССР Суретшілер одағы) мен Қазақтың көркемсурет галереясының (1977 жылдан Қазақ ССР Мемлекеттік өнер музейі) құрылып, жұмыс істей бастауы республиканың мәдени өмірінде елеулі оқиға болды. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан суретшілері де совет халқының қажырлы еңбегін, қаһармандық күресін бейнелейтін көптеген кескіндеме шығармаларын жасап, бейнелеу өнерінің ілгері дамуына елеулі үлес қосты. Урманченің «Помидор жинау», Лизогубтың «Гвардияшыларға арналған сыйлық» (1943), О. Д. Кужеленконың (1911 ж. т.) «Алматы соғыс жылдарында» (1943) картиналары қазақстандықтардың тылдағы ерлік еңбегіне арналды. Соғыс жылдары портреттік кескіндемеге ерекше ден қойылды. Әрбір суретші майдан мен тыл ерлерінің бейнесін жасауды өзінің борышы санады. Осыған орай жасалған Черкасскийдің («И. Панфилов портреті», 1942), Қастеевтің («Момышұлы портреті», 1943), Урманченің («С. Луганский портреті», 1943; «М. Рабдуллин портреті», 1945) еңбектерін атауға болады.

Суретшілер тарихи қаһармандар тұлғасын жасауға көңіл бөліп, олардың ерлік күресін сипаттайтын жана кескіндемелік шығармалар жасады. Аманкелді Имановтың портретін (1944) үлкен суреткерге тән шеберлікпеп жасаған Қастеев еңбегі ересен болды. Осы кезде Қазақстан кескіндемесінің тарихи-революциялық жанры жаңа тақырып полотнолармен байи түсті. Барша совет халқы соғыстан кейін бейбіт еңбекке жұмыла кірісті. Мұның өзі суретшілер үшін де жаңа міндеттер жүктеп, олардан бейбіт еңбек поэзиясына арналған тың туындылар жасауды талап етті. 50 жылдардың ортасында Москва, Ленинград, Киев және Риганың жоғары оку орындарынан арнайы білім алған жас кескіндемешілер, графиктер мен мүсіншілер келіп, Қазақстан бейнелеу өнерінің жаңа қарқынмен жандана түсуіне өз үлестерін қосты. Бұл жылдары тарихи-революциялық пен тұрмыстық портрет, пейзаж және натюрморт секілді кескіндеменің барлық жанры өрістеді. Қазақ халқының өткені мен бүгіні, қазіргі бақытты өмірі мен ерлікке толы еңбегі, совет адамының өршіл бейнесі суретшілер творчествосынан үлкен орын алды.

Алдыңғы буын кескіндемешілер қатарында жемісті еңбек еткен А. Черкасский өз творчествосы арқылы Қазақстанның кескіндеме өнеріне, әсіресе, пейзаж жанрының дамуына зор үлес қосты. 1953 жылы салған «Алатау бөктерінде» картинасында Черкасский тау қырларының өзгеше бір құдіретті көркін, тау баурайындағы жайлаулардың көсілген кеңдігін бейнеледі. Ол жауыннан кейінгі табиғат суретін нәзік сезімталдықпен бере білді. Сұрғылт күміс бұлттар бастарын қар шалған тау шыңдарын айнала қалықтайды, ал олардан түскен көлеңке жер мен тауды, су айдынын шұбарлайды; тіпті нөсерден кейін орнай қалған тыныштық тынысы да сезіледі. Қалың бояулы осы кескіндеме туындысы жайлаудың нақты көрінісімен қатар тау шыңдарының сұсы мен айбынып да жеткізеді. «Алатау бөктерінде» картинасындағы композиция құру тәсілі Черкасскийдің бұдан былайғы творчествосына тән қасиетке айналды. Мұнда ол пейзаж жасаудағы өз тақырыбын, творчествосындағы негізгі салалардың біріне айналған шексіз кеңістік, эпикалық құдіретке пе табиғат тақырыбын тапты. Қалықтаған сұрғылт күміс бұлттарды, жарқыраған су айдыны мен сиқырлы ай сәулесін бейнелеуге құштар Черкасскийдің пейзаждық картиналары («Көктем», 1954; «Қарағаштар қатары», 1955) асқақ романтикаға толы болып келеді.

Лизогуб - өзінің сюжет таңдай білу шеберлігімен, композицияны кейіпкерінің психологиялық толғанысына қарай сәтті құра білу қабілетімен ерекшеленетін көптеген белгілі тақырыптық картиналардың («Үгітші пионер»,1940; «Ертегі», 1958) авторы. Әсіресе «Жастық шақ» (1957) нен «Таң шапағы» (1959) картинасында эмоция мен поэзиялық көркемдікті корсетуде пейзаж зор роль атқарады. Мыс., соңғы картинасындағы көгілдір таулар фонында, төбе басында ақшыл түсті жібек орамал тартып, көкшіл және қызғылт көйлекті егде тартқан екі қазақ әйелінің жүзінен теңдікке қолы жеткен бақытты жандар тұлғасын көруге болады. Олардың мүсіндері айқын әрі толымды, айнала табиғатпеп астасып жатыр.

М. С. Лизогуб. «Халық шебері». 1961. Алматы. Қазақ ССР-інің Мемлекеттік өнер музейі.

 

Ысмайыловтың творчествосында пейзаж алдыңғы қатарлы орын алады. 50 жылдардың аяғынан бастап пейзаж жасаумен айналысып келе жатқан Ысмайыловтың елеулі туындыларының бірі «Кешегі көделі дала» (1958) картинасы болып табылады. Картинада бірде сары алтындай жарқырап, енді бірде өзгеше түрге енген алтын дән алқабы көсіледі. Суретші кеңістіктің шексіздігін, ауаның мөлдір тазалағын сонау көз ұшында көгілдір таулардың болар-болмас бояуы арқылы байқатады. Ысмайылов қыл-қаламынан туған осы туындының бүкіл бейнелі құрылымы бейбіт өмірді паш етеді. Суретші кең сахара алқапта сан рет болды, соның нәтижесінде бір кездері жан аяғы баспаған меңіреу даланың бүгінгісін бейнелейтін көптеген картиналар топтамасы туды. «Меңіреу даланы игеру» (1958) картинасы осы топтамадан заңды орын алады. Шығарма композициясына қарай тұрып көрермен осы картинада бейнеленген пейзажды биік тау басынан тамашалап тұрғандай болады. Сонау көкжиекте аспанмен астаса көсілген құм дала көрінісі. Күн көзінің кешкі әлсіз сәулелері аспандағы сирек бұлттарды қызғылт және сары түске малып, құм үстіне жасыл-күлгін бояу төгеді. Ежелгі мола ескерткіштерінің азалы қалпы мен керенау басқан түйелер кешегі сұрықсыз дала бейнесінен елес берсе, бұрғылау мұнаралары секілді шағын деталь арқылы суретші өзіне тән керегендікпен бүгіңгі шөл даланың өміріне енген жаңалықты да байқатады.

Қ.Т.Телжановтың (1927 ж. т.) есімі қалың көпшілікке жақсы таныс. Оның қылқаламынан тарихи-революциялық оқиғаларға («Қазақстан 1918 жылда», 1957; «Ата мекен», 1958; «Ильич аманаты», 1962), сондай-ақ Қазақстанның бүгінгі өміріне («Бейбітшілік оттары», 1961; «Үйлер», 1965; «Бастау», 1967) арналған мәні зор тақырыптық полотнолар туды. Зор сүйіспеншілікке ие болған дүниелердің қатарына оның «Тұңғыш рет» (1954), «Әжесі мен немересі» (1955), «Кезек» (1965) сияқты шағын жанрлық композициялары жатады. Телжанов «Жамал» (1955) картинасын натура бойынша табиғи қалып негізінде жасады. Жай ғана маздап жайған оттың басында екі тізесін құшақтап бүлдіршіндей жап-жас қыз отыр. Оның жанары жанған отқа ойлы, арманға толы қалыпта қадала түседі. Айналадағы көктемгі жарқын да меруерт далакүн сәулесіне малынған. Күн сәулесі арқылы қыз мүсіні одан сайын сүйкімді тартып ажарлана түседі. Картина жылылыққа, адамға тән қарапайым мейірімге, қайғы-мұңсыз бақытқа толы.

А. Ғалымбаева (1917 ж. т.) барлық творчествосын совет әйелінің образын жырлауға арнады. «Халық таланттары» (1957) картинасында суретші киіз үй ішінде кесте тігіп отырған бірі егде, екіншісі одан жастау, ал үшіншісі мүлдем жас үш әйелді бейиеледі. Есіктен жарқырай төгілген күн сәулесі ұлттық киімдер мен кілем бетіндегі өрнек бояуларын одан сайын түрлендіре, ойпата түседі. Ғалымбаева әйелдерді біртұтас етіп тұрған өзара түсінісу мен достық қасиеттерін ашып көрсетеді. Өз істеріне әбден берілген әрі ісмер, әрі он саусағынан өнер тамған шебер осынау жандар халықтың ою-ернек творчествосының мол байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші ретінде бейнеленген. Қазақ суретшілерінің көпшілігі дерлік тақырыптық картиналар және пейзаждармен қатар портреттік кескіндемелер жасаумен де шұғылданды. Бұл жөнінен Н. Нұрмұхамедов (1924 ж. т.) еңбектері де қызықты. Қазақстан Магниткасына барған бір сапарында ол «Бульдозерші Қ. Ақынбековтың портретін» (1960) жасады. Нұрмұхамедов өз машинасының жанында тұрған жас жұмысшыны бейнелей отырып, портрет кейіпкерінің сыртқы бейнесіндегі тартымдылығымен қатар, оған тән абырой сезімін, ақылы мен мейірімін де жеткізе алды. Ақынбековтың нәзік кескінделген бейнесі, ірі де қайратты қолы комбинезонның қою көк түсімен астасып, назар аудартады.

К. М. Шаяхметов (1928 ж. т.) тарихи-революциялық жанрдағы көптеген картиналардың, портреттердің, пейзаждардың авторы. Дегенмен соның ішінде қазіргі ауыл азаматтарының бейнесі, олардың өмірі мен еңбегі суретшінің сүйікті тақырыбы болып табылады. «Шопандар тойы» (1960) картинасында ол кең дала төсінде сән-салтанатпен келе жатқан бір топ адамды бейнеледі. Суретші өздерінің төл мерекесіне үй іштерімен бара жатқан алыс аудан шопандарын, олардың жүзіндегі сан алуан сезімдерді, оған қоса қуанышты оқиға алдындағы кейбір толқу сәттерін де тап баса білді. Қарттар сабырлы, салтанатты, бала көтерген жас келіншек жымиған қалыпта, ал қыз-жігіттер жағы ән салып, мәз-мейрам болып келеді. Картинадағы ашық түсті қызыл, сары, көгілдір және ақ бояулардың тоғыстығы арқылы суретші кейіпкерлерінің көңілді қалпын тартымды жеткізеді.

Кескіндемеші Ж.Шәрденовтің (1927 ж. т.) алуан қырлы творчествосынан әсіресе пейзаждық шығармалары ерекше орын алады. Пейзажда оның кескіндемесіне тән ерекшелігі, табиғатты бейнелі түрде түсінуі мен өмірді қабылдай білуі айрықша көрініс береді. Алматы және оның маңайы Шәрденовтің сүйікті мотивтері болып табылады. Осыған орай «Тоған» (1969) пейзажында суретші қаладағы парк табиғатының шағын бір бөлігін көрсетеді. Алдыңғы планда тоғанның тұп-тұнық мөлдір суы, су бетіндегі өткен күзден қалған қоңырқай жапырақтарынан айырылып үлгермеген зәулім ағаштардың көлеңкесі. Көгілдір таулар мен зеңгір аспан, тоған жиегіндегі көк жасыл шөптер, бәрі де ерте көктемнің тынысын сездіреді. Пейзаждардың натура бойынша жасалуы оған табиғат суретін берудегі тазалық пен тікелей әсер қасиетін үстейді. Шығарма композициясы да сәтті, көңілге қонымды. Дәл осындай рельефтік бояуларды оның «Қыс» (1969) пейзажынан да көруге болады. Ақсұр аспан фонында қардан ұлпа тақия киген екі ағаш ерекше көрінеді. Суретші қыс көрінісін беруде де, бояу таңдай білуде де үлкен шеберлік танытқан.

М. С. Кенбаев (1925 ж. т.) - қазақ даласын ынтызар көңілмен асқақ жырлаған суретшілердің бірі. Кенбаевтың аса ірі «Жанкелдин отряды» атты көп қырлы композициясы Қазақстандағы азамат соғысының тарихы тақырыбына арналды. Осы тарихи-революциялық тақырыптағы картиналарында Кенбаев кейіпкерлер бейнесін сомдаумен бірге, сол адамдарды қоршаған табиғат көрінісін де шынайы бейнеледі. Шыжыған күн, ыстықтан ағарып кеткен құм, қып-қызыл аспап, яғни революциялық отряд ауыр азаппен жүріпөткен сусыз, көз сүрінерліктей бір бұтасы жоқ шөл дала, міне, осындай деп түйеді суретші. Осынау шынайы пейзаж картинада суретшінің басты мақсатын айқындап көрсетіп, белгілі бір эмоциялық жүк арқалап тұр. Туған жердің табиғатына деген перзенттік махаббаты Кенбаевтың өзге де шығармаларынан айқын аңғарылады. Оның сұрғылт, күміс түстес бояумен өрнектелген «Шопан әні» (1956) картинасы күн көзімен жібектей құлпырған боз селеулі даланы тамаша бейнеледі. Алыс көкжиекте аспанмен астасып жатқан даланың көсілген тегістігі мен кеңдігіне нұқсан келтірерліктей де ештеңе жоқ. Тек шопан бейнесі ғана оқшау көрінеді. Осы бір қарапайым көрініс, суретшінің көзіне шалынған бір сәттік тіршілік суреті тамаша өмірді жыр еткен жарқын поэзияға айналды.

М. С. Кенбаев. «Буғалық тастау». 1957. Москва. Третьяков галереясы.

 

Кескіндемеші Ә. Жүсіпов (1928-1977) творчествосының негізгі арқауы - ана тақырыбы, бақытты балалық шақ. Бұған дәлел ретінде «Ана бақыты» (1958) картинасын алуға болады. Жүсіповтің пейзаждық туындылары суретші сезімінің нәзіктігімен, табиғатқа деген көзқарасының шынайылығымен, тікелей қатынасымен ерекшеленеді. Күн шығып келе жатқан сәттегі табиғат суретін дәл осылай сезіне білу қасиеті суретшінің биік таудағы әсем Есік көлін бейнелеген бірқатар пейзаждарынан аңғарылады. Бір ғана пейзаждық мотивке арнап сан қилы полотнолар топтамасын жасау суретшіге табиғаттың таңертеңгілік шақтағы көрінісін мезгіл жағынан жүйелі бейнелеуге мүмкіндік берді. Мыс., «Есік ұйқыдан оянды» (1962) полотносында таңертеңгі тыныштық құшағындағы кең ауқымда алынған қарақошқыл таулар мен мөп-мөлдір көгілдір көл суы кескінделсе, «Есік үстіндегі таң» полотносыпың екінші планында суретші мұзарт шыңдарға енді-енді иек артқан күннің алғашқы күміс сәулелерін бейнелейді. Әлі де болса күңгірт көрініп жатқан су бетінен жеңіл тұман көтерілген табиғат көрінісі әлдеқандай бір беймәлім қозғалысқа толы сияқты; енді бір сәт ол ұйқыдан, тыныштық пен ғажайып қалпынан дүр сілкініп, тамаша әрі тебірентерлік шынайы суретке айналып кетердей әсер қалдырады. Ал «Есік көлі таңертеңгілікте» пейзажы алдымызға жарық сәулелері мен саф ауаға малынған, сан алуан бояулармен көңіліңді қуанышқа бөлейтін, әсемдік пен әдемілікке толы табиғат көрінісін жайып салады.

А. М. Степановтың (1923 ж. т.) творчествосы Қазақстанның бейнелеу өнері тарихында көрнекті орын алады. Жазира дала мен шексіз қырларды бейнелеуге құштар («Түрксіб», «Қазақстан даласы» т. б.) Степановтың пейзаждық шығармалары табиғатты нәзік сезінуімен ерекше көзге түседі. Алайда тау пейзажы оның сүйікті тақырыбы болды. Суретші творчествосында табиғат көрінісін бейнелеу тұрғысынан өте нәзік, ал колорит жөнінен аса көркем дүниелер қатарынан орын алатын «Күн кезегін берді» (1957) полотносы арқылы Степанов эпикалық сарындағы пейзаж-картина жасаудың шебері ретінде танылды.

С. Ә. Мәмбеев (1928 ж. т.) шығармалары ең алдымен көрермен сезімдеріне әсер етуімен ерекшеленеді. Оның картиналарына әсем бояу мен жарқын композиция, ашық колорит пен айрықша әуезділік тән. «Көш» (1959) картинасында шопан еңбегінің қадірін, өзіндік ерекшелігін, боз селеулі даланың езгеше дидарын суретші кескіндемесінің сан алуан тәсілдері арқылы жеткізеді. Сондай-ақ Мәмбеев картиналары кең ауқымды композицияларымен де ерекшеленеді. Бұл ерекшелік әсіресе «Көш» полотносынан айқын байқалады. Суретші бейнелеп отырған жанрлық көрініс бір жазықтықта, әрі ортақ нүктесі жоқ композиция бойынша солдан оңға қарай өрбиді. Мұндай құрылым бейнеленуші затқа асқақтық, монументті көрініс береді. Табиғат көрінісін бейнелеудегі жеңіл сызықтар мен салт аттылардың тіп-тік бейнелері араласып жататын картинадағы толқынды ырғақ ерекше бір әуезділік тудырады. Әдеттегідей суретші қылқаламынан жалпылама шартты түрде, яғни жасыл мен ақбасты тау шыңдары әлі шыға қоймаған күн шапағымен нұрланған, ал көгілдір таулар болса жеңіл тұманға оранған таңертеңгілік мезгілдегі табиғат көрінісін бейнелейтін пейзаж жасалды. Суретші аспанды, тауларды көлденең бояу арқылы көрсетумен кеңістік жазықтығын одан сайын айқындай түседі. Даланың жасыл, қоңыр, қызғылт түстер араласқан күрделі сұр бояуы қысқа-қысқа тік сызықтар арқылы түрленіп, жер бетінің тіршіліктынысын білдіреді.

60 жылдардың ортасындағы Қазақстан өнерінде жаңа тенденциялардың туындауы жалпы советтік өнердің өркендеуімен тығыз байланысты. Қазақстанның жас суретшілері тарих пен қазіргі кезеңнің өзара байланысын айқындайтын мәселелерге, оған қоса жалпы адамзаттың рухани мәдени мұраларын және өз халқының дәстүрлерін құрметтеу сезіміне тәрбиелейтін құбылыстарға назар аударды. Өнердің мәңгі өміршең міндеттерінен нұр алған жастар қазіргі кезең мен тарих туралы тақырыптық полотнолар жазды, өз замандастарының портреттерін салды, табиғат пен заттардың әсемдігіне тереңдей үңілді. Осыған орай жас суретшінің творчествосынан әр түрлі жанрда өзіндік өрнегін танытуға деген ұмтылысты табуға болады. Көркем және тарихи мұраны үйрену, қазіргі және өткендегі категорияларды ұғым таразысынан өткеру жастардың алдына мазмұн мен форма синтезінің проблемасын қояды. Олардың шешіміне бой ұру байқалады және суретшілерді нәзік сырлы тәсілдердің шарттылығы түс пен суреттің нақтылығы қызықтырады. 60-70 жылдардағы жастар ізденісі форманың монументалдануы, түстің декоративтілігі мен бейнелеу тәсілдерінің нақтылығы және натураға, табиғатқа, жеке адамға деген назардың барған сайын арта түсуі секілді өнердің өзіне тән белгілерімен анықталды. Бұл кескіндемешілер С. Ә. Айтбаев, О. Нұржұмаев, Ә. А Сыдықанов, Т. Т. Тоғысбаев, Ш. Т. Сариев, Б. Тәбиев, А. Ақанаев, Қ. Дүйсенбаев шығармаларынан айқын байқалды. Кескіндемеші С. Ә. Айтбаевтың (1938 ж. т.) «Ән» (1961) мен «Оқушы қыздар» (1964) атты алғашқы туындысы және пейзаждары мен портреттері натураны құмарта зерттеуімен әрі оның өзіндік жан дүниесіне ғана жақын әуендерді табандылықпен іздеуімен ерекшеленеді.

С. Ә. Айтбаев. «Жас қазақтар».1968. Алматы. Қазақ ССР-інің Мемлекеттік өнер музейі.

 

1966 жылғы «Кітаптар» атты туындысын суретшінін, жеке өзін және мақсат мүддесін айшықты көрсететін өзіндік эпиграф ретінде қарауға болады. Құбылысты өзінше талдап, қорыта білу Айтбаевтың күрделі де маңызды тақырыптарды игеруіне көп көмектесті. Өз замандастарының адамгершілік және рухани қасиеттері жөніндегі толғаныстары «Бақыт» (1966), «Жас қазақтар» (1968) картиналарында алғаш тұжырымдалуын тапты. «Бақыттың» өмірге келуі кейінгі жас суретшілер позициясын айқындады. Айтбаев өзінің творчествосында портреттерге де көп бой ұрады. Оны кебінесе интеллектуалды адам тартады. Жеке адамды танып-білу, замандасының рухани тұлғасын ашып көрсету секілді күрделі міндеттер суретшінің әр туындысынан (X. Базарбаевтың портреті, 1966; Ә. Т. Әлімжановтың және әкесінің портреттері, 1970) өзінің айшықты көрінісін тапты. Ойға шому, толғану сәті «Қарындас» (1970) атты еңбегінде жақсы берілген. Қарындасы Күләйімнің портреті кескіндеме жанрындағы экспромт тәрізді. Көк жасыл бояу қосылысыныц ырғағында жазылған картинадан жастықка тән шарқ ұру сезімі танылады. 1974 жылы «Хиуа» атты топтамасын жазды. Шығыстың көне қаласы өзінің тарихи мәнділігімен суретшінің қиялын қанаттандырды. Бұл топтамадағы пейзаждары арқылы Айтбаев жүздеген жылдар өткен көне дүниенің әдемі көріністерін тап баса білген суреткерлік жаңа бір қырынан танылды. Пейзаж жеңіл ашық түстермен үндестіріліп жазылған. Нұрлы жарық төгілген ақ түсті қабырғалар, қалың көкторғын көлеңкелер, мешіттердің асқақ та сәнді мұнаралары пейзаждың негізгі мазмұн-мағынасын құрайды. «Түйелер», «Көк ат» (1974), «Жайлаудағы түйелер» (1975), «Ақалтеке айғыры» (1976) сияқты Айтбаев творчествосының жаңа жүйесін анықтайтын бірнеше полотнолары дала еркелерінің көз тұндырар мүсіндерін әдемі бейнеледі. Бұларда дала еркелеріне деген адамгершілік қарым-қатынас, шынайы да мәнді көзқарас сезімін, сондай-ақ суретші еңбектерінің шыншылдығын, қарапайымдылығын, туған жерге деген сүйіспеншілігін аңғаруға болады.

О. Нұржұмаевтың (1938ж. т.) таңдаулы еңбектерінің тақырыбы ұлттық дәстүрлермен тығыз байланысты болып келеді. Суретші полотноларында кең дала тынысының өміріне тән ырғақты қайталаулармен көп баяндау және жеке көріністерді кебірек көрсету арқылы бейнеленеді. Нұржұмаев картиналарының бейнелеу құрылысы бояудың әрімен үндесіп келеді. Суретші өз полотноларында ұлттық мазмұнды көрсетуге талпынады. Нұржұмаевтың «Ат жарысы алдында» (1966) атты полотносынан осы жайды айқын аңғаруға болады. Суретші картиналарында фигуралардың қатал тәртіппен тепе-тең орналасуы мен олардың белгілі бір есебі, суреттің сыртқы бейнеленуі және түстің сайма-сай алынуы оқиғаның бір сәтке тоқтап тұрғанындай әсер қалдырады. Мұның өзі суретшіге көріністі бейнелеудегі кең алымдылықты, бір қалыпты ырғақтылықты шебер орындауға көмектеседі. Нұржұмаевтың «Әке ескерткіші» (1968) атты полотносы жаңа ұрпақ үшін жанын пида еткен жандарға арналды. Қайтпас-қайсар ерлік пен тас түйін жинақылықты паш еткен суретші өз замандасына деген көзқарасын, әкелер даңқына деген ықыласын шынайы шеберлік сезімімен бере білді.

О. Нұржумаев. «Әжейде қонақ болғанда». 1964. Алматы. Қазақ ССР-нің Мемлекеттік өнер музейі.

 

Ш. Т. Сариев (1937 ж. т.) 60 жылдардағы ең елеулі жаңа толқын жас кескіндемешілердің қатарына жатады. Сариев бояу түстерін мол пайдалану шеберлігімен ерекшеленеді. Бұл оның өз пайымдауларын қиындықсыз еркін бере білуіне көп көмектеседі. Кескіндемеші Сариев түс түрлерінің сан сиқырлы құдіретін жан дүниесімен сезініп, сол арқылы адамдар мен табиғаттың жай көзге елене бермейтін өте нәзік құбылыстарын ашуға мүмкіндік алады. Мұндай нәзік құбылыстарды бір сәтте бар қырынан бір қимылмен беру қиын. Сондықтан да кескіндемеші Сариев ішкі сезім ағынын көрсетуде бояудың динамикасын нық меңгерген. Бұған «Тұрар» (1967) портретіндегі нәзіктік пен көңілсіздік және «Жібек» (1968) портретіндегі паңдык пен ұстамдылық, байыптылық пен толысқандық іспетті мінез-күйлердің өзара үйлесім табуы дәлел. Тұрар бейнесі арқылы адамгершілігі мол рухани тазалыққа құштар жанның, ал «Жібек» полотносымен шығыс әйелдерінің пір тұтар бейнесін паш етті. Суретші «Шопан» (1969) атты композициясында адам және табиғат тақырыбын өзінше ашады. Сариев бұл арада әдеттегі пейзаж басты роль атқаратын дәстүрді қайталамайды. Ол тақырыпты композициялық бір тұтас жүйеде шешеді. «Балықшылар» (1970) атты картинасында қимыл, қозғалыс басым. Сариев балықшылар бейнесін олардың еңбегі арқылы ашады. Олар қарапайым да қаһарман жандар. Қимылдары ебедейсіз көрінгенімен табиғи. Суретші мінез-құлықтарды көмкерме психологиялық суретпен ашуға ұмтылмайды. Оны көбіне әрқайсысына ортақ өз еңбегінің бағасы мен қуанышын білетін, өмірге құштар жандардың іс-әрекеті қызықтырады. Сариевтің біраз пейзаждарының арасында төніп келе жатқан апатты айқын аңғартатындай әсер беретін күші бар «Тау етегінде» (1969) деп аталатын еңбегін айрықша атауға болады. Сариевтің кескіндемешілік мүмкіндігі 70 жылдардағы көп суретшілерді айғақтайтын сәндік айшықтармен шектелмей, қайта түрлі түстерді шебер де ұтымды, нәзік те үйлесімді пайдалануымен толыға түседі.

Б. Тәбиев. «Шығыс базары». 1971. Алматы. Қазақ ССР-інін Мемлекеттік өнер музейі.

 

Б. Тәбиевтің (1940 ж. т.) творчествосының негізгі саласы пейзаж және жанрлық композициядан тұра ды. Тәбиевтің кескіндемесі өзінің поэзиялық толғанысымен, суреткердің өзіне тән терең сезімталдығымен ерекшеленеді. Өзара үндестік пен байланыстылық арқылы сан түрлі бояулар Тәбиев полотноларында жаңа сипатқа ие болады. 1971 жылы салынған «Шығыс базары» полотносында түстің қозғалысы мен сан түрлілігі жарасымды тоғыстығын тапты. Мұндағы сан алуан, әр қилы адамдардын киімі мен оңтүстіктің шырынды жемісі де бояудың қуанышты хоры секілді әсер қалдырады. Тәбиев кескіндемесінің тағы бір өзгешелігі өмірдің қарапайым көріністерімен типтік белгілерді, ерекшеліктерді көрсете біледі. Суретшінің осы бір қасиеті, оған қоса өмір танымы оның 1974 жылғы «Кегендегі таң» атты шығармасында анық көрінді. Полотно мотиві сюжеттік жағынан өте қарапайым: ұйқыдан енді оянып келе жатқан жер-ананың пейзажы мен шелек көтеріп келе жатқан әйел бейнесі арқылы өмірдің қайталанбас сұлулығын жыр етеді.

Бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар жас суретшілер қатарында Ә. А. Сыдықанов (1937 ж. т.) пен Т.Т. Тоғысбаевты (1940 ж. т.) атауға болады. Басқалардан өзгешелігі сол - олар өз картиналарында бояу үйлесімінің сәнді болуына баса назар аударады. Екеуінің творчествосында да қазіргі сюжеттерді, пайымдауда азаматтық әуен басым болып келеді. Сыдықановтың мазмұны жағынан триптих болып келетін «1916 жыл» (1969) атты алғашқы монументті шығармасы қазақ халқының күрес тарихына арналды. Патшаға қарсы күресті көрсете отырып, суретші халық наразылығын поэзиялық аңыз түрінде береді. «Көтерілісшілер» полотносында халық қозғалысының алғашқы кезеңін, жігіттердің күреске бекінген тас тұйін кейпін кескіндесе, ал «Бойсүнғандар» полотносында суретші стихиялы күрес құрбандарын жазалау сәтін көрсетеді. Триптихтың орталық бөлігі «Ақын даусы» деп аталады. Онда азат етілген халықтың күші символдық тұрғыда бейнеленді. Кескіндеме туындысында ашық бояулы, әсіресе халыққа азаттық әкелген қызыл түске ерекше көңіл аударылды. Суретшінің алғашқы кездегі шығармаларында орын алған ерлік әуені оның кейінгі кездегі еңбек адамына («Темекі жинауда», 1972; «Алма жинау», 1974), қала хейзажына («Тоғызыншы микроаудан», 1974) арналған панорамалы сәндік композицияларынан да көрініс береді. Осы полотноларымен Сыдықанов кең даланың әсемдігі мен кеңдігін, ең бастысы адамның ұлылығын жырлады. Сыдықанов табиғатты үңіле зерттеп, күнделікті өмірдің өзекті мәселелерін дәйектілікпен ала біледі. Ол сонымен қатар кино суретшісі ретінде де өнімді еңбек етті.

Тоғысбаевтың алғашқы туындыларының ішіндегі тартымдысы «Қызыл фондағы натюрморт» (1967) болып табылады. Бұл шығармасында оның кескіндеме өнерінде байқатыштығы, бояу ырғақтарын білетіндігі анық көрінді. Суретшінің қалыптасуына нақты тақырыптарға қылқалам тарту көп септігін тигізді. 1970 жылы Тоғысбаев революция жылдарындағы Қазақстанға арналған «Дала балладасы» атты полотносын салды. Суретшінің революция жөнінде аға ұрпақтың аузынан естіп түйсінуі нәтижесінде сонау өткен жылдардың оқиғасы ерлік аңыз түрінде өз бейнесін тапты. Панорамалы панно түрінде шешім тапқан полотнода қиянға жол тартқан қызыл отряд әр бағытта бейнелену арқылы уақыт, тарих өлшеміндегі қозғалыс сараланып көрсетіледі. Оны бүгінгі өмірдің алып адымын көрсететін күрделі композициялар көбірек баурайтын болды. «Құрылысшы сөзі» (1974) мен «Жеті қат аспан» (1976-1977) полотносында суретші құрылыс, конструкциялар ырғағынан монументті әсем әуез тауып, адамның басты және шешуші ролін даралап көрсете білді. Тоғысбаев картиналары композициялық құрылымында мағыналы әрі өзара пластикалық байланысы бар детальдарға толы болып келеді.

Ә. А. Сыдықанов. «Маңқыстау мунайшылары». 1970. «Енбек» триптихынан. Алматы. Қазақ ССР-інің Мемлекеттік өнер музейі.

 

Өмір кұбылыстарына ден қою, сюжеттік баяндауға тереңдей түсу 70 жылдардағы жастар творчествосына тән. Кескіндемешілер А. Ақанаев (1949 ж. т.) және К. Дүйсенбаев (1942 ж. т.) бейнелі шешім жасауда елеулі табысқа жетті. Ақанаевтың кескіндемесінде өмірлік құбылыстар мәнін үңіле зерттеп бажайлау барынша айқын байқалады. Ақанаевты ауыл адамдары өмірінің сан қыры толғандырады. Ол адамдардың мінез-құлқын қалыптастыратын әрі айқындайтын өмірдің қуат-күшін өзінше өткірлеп көрсетуге талпынады. «Талтүс», «Кешкі автобус» (1974), «Қайнар басында» (1975), «Семья» (1976-19 77) суреттеріндегі сюжеттердің сыртқы дамуынан кескіндемеші терең мәнді процестерді көріп, адамдардың күн қақтаған жүзін айшықты әрі контрасты бояумен бейнеледі. Дүйсенбаевтың 1972-1974 жылдардағы натюрморттары бояу-түс жағынан айшықты әрі берік композициялық негізге құрылды. Мұның өзі заттарды карапайым қалпында бейнелеуден арылуға, бейнелі пластикалық көркемдікке жетуге мүмкіндік берді. Ол ұлттық тұрмыстық сюжеттерге де бой ұрды. Бірнеше полотноларын суретші соғыс жылдарындағы адамдар тағдырына арналған драмалық сюжеттерге негіздеді. Сонымен бірге оны қазіргі кезеңнің сюжеттері де («Демалыс алдында», 1974; «Сушылар», 1975) толғандырады. «Атасы мен немересі» (1976), «Арай» (1977) полотноларында және пейзаждарында оның творчествосы бұрынғыға қарағанда айқындала, айшықтала түсті. Суретші жеңіл-желпі бейнелеушіліктен арылып, сындарлы поэзиялық шешімдерге жетті.      

Мүсін. Қазақстанның пластикалық өнерін бір жағынан ежелгі, екінші жағынан жас өнер деуге де болады. Халықтың көркем творчествосының дәстүрлері ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазақстан жерінде қола дәуіріндегі материалдық мәдениеттің көптеген ескерткіштері сақталған. Негізінен андронов мәдениетіне жататын ескерткіштер Бегазы (Қарағанды обл.) мен Нұрманбет (Павлодар обл.) қорымынан табылды. Б. з. б. 4 ғасырдабайырғы сақ, ғұн, үйсін өнері өркендеді. Сол кезде дамыған мәдениеттен қоладан құйылған қошқар, аңдар мен жан-жануарлардың шынайы және қиял-ғажайып мүсіншелері сақталған. Байырғы сақ, ғұн, үйсін өнеріне тән белгілер төрт қанатты арыстанның бейнесі салынған құрбандық тақтасынан анық көрінеді. Олар реалистік тұрғыда қомақты әрі жануарлардыңмүсіншелсрі ішкі экспрессияға толы болып келеді. Байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері негізінде байырғы түркі өнері (6-8 ғ.) өріс алды. Осы кезеңде Қазақстан төрриториясында мүсін өнері едәуір дамыды. Мүсін тастар түрік қағандығы (6-8 ғ.) және қыпшақ заманы (7-13 ғ.) кезіндегі ескерткіштер болып екіге бөлінеді. Бұлар дөрекілеу жасалғанымен көбіне адам бейнесінің нобайын көрсетуге арналды. Әсіресе ежелгі мәдениет туындыларының ішінде Қарғалы кеніші (б. з. б. 2 ғ. - б. з. 2 ғ.) деп аталатын ескерткіштің заттары ерекше орын алады. Оның құрамында алтын тәті, түйе бейнелері кескінделген екі сақипа, тау ешкі суреті салынған он белдік тоғасы, жыртқыштың адамға шабуыл жасап жатқанын бейнелейтін көрінісі бар мүсіндік сырғалар т. б. бар. Бұл заттардың бәрі алтынға бедерленіп, қомақты етіп жасалған. Көркем жасалған осы заттардан шеберлердің жоғары талғамы айқын аңғарылады. Орта ғасырларда қазақтар арасында діни құрылыстар кең етек жайды. Маңғышлақ пен Үстіртте 14-20 ғасырларда тұрғызылған ескерткіш- құлпытастарға салынған сәндік оюлар жиі кездеседі. «Үш тас» деп аталатын құлпытаста шеберлер бедерлі ою-өрнекті мол қолданды. Батыс Қазақстанда қой бейнелес болып келетін «қойтас» құлпытасы да кездеседі. Мұның бәрі қазақтардың тас қашау өнерінің тамаша ескерткіштері болып саналады. Қазақ халқы қол өнері мен сән және қосалқы өнерді ғасырлар бойы жасап, жетілдіріп отырды. Ал мүсін өнерінің алғашқы белгілері ағаш ұқсату, сүйек ұқсату, көркем құйма секілді халық творчествосынан бой көрсетті. Халық шеберлері жасаған тұрмыста пайдаланылатын бұйымдар немесе қазіргі заманға жеткен стеллаларды, саркофагтарды, құлпытастарды әшекейлеген алуан түрлі ою-бедерлер, сондай-ақ ұлттық сәулет өнерінің нақыштары (Айша бибі күмбезі) көз тартар сәнділігімен, түс пен түрдің үйлесім табуымен әрі үздік орындалу шеберлігімен ерекше көзге түседі. Мұның өзі халық шеберлерінің ерте кезден пластиканы сезіне білгендігін, діни тыйым салулардың халықтың творчестволық ой-қиялының дамуын тоқтата алмағанын аңғартады.

Мүсін тас. 6-8 ғ.Шымкент. Тарих-өлке тану музейі.

Бейнеу қорымындағы құлпытас. 1856. Маңғышлақ облысы.

 

Халық өнерінің дәстүрлері Социалистік революциясынан кейінгі қазақ совет мүсінінің дамуына да игі әсер етті. Қазақстанда профессионалды мүсін өнерінің туып қалыптасуына және оның идеялық-тақырыптық бағытын айқындауда совет өнерінің дәстүрі мен принциптерінің маңызы зор болды. Туысқан республикалардан келген, әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдары және соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанда еңбек еткен Москва мен Ленинград суретшілерінің тәжірибелері мүсіншілердің профессионалды шеберлікті тез де табысты меңгеруіне көп көмектесті. Олар қазақ өнерінің дамуына ат салысумен қатар жергілікті мүсіншілерге өз тәжірибелерін үйретті. Олардың кейбіреулері Қазақстан жерінде мүсін ескерткіштер орнатуға тікелей қатысты. Мыс., Алматыда Х.Б. Асқар-Сарыджа Аманкелді Имановқа (1950), ал Е. В. Вучетич В. И. Ленинге (1957) арнап ескерткішгер жасады. Вучетич сонымен бірге еңбек адамдарына арналған портреттер топтамасын («Қазақстан сюитасы») жасауға қатысты.

Н. С. Журавлев. «Су сорған бала». Гипс. 1958. Алматы. Қазақ ССР-інің Мемлекеттік өнер музейі.

 

30-40 жылдары Қазақстанда жемісті еңбек еткен алғашқы мүсіншілердің бірі А. С. Пономарев (1892-1954) болды. Оның творчествосынан мүсіндік портреттер мол орын алды. Олар - қазақтың ұлы ағартушылары Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің, Шоқан Уәлихановтың бюстері. Сондай-ақ ол Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиев сияқты замандастарының бейнелері арқылы творчестволық еңбектің сұлулығын, еркін еңбек адамының рухани жан дүниесін ашып көрсетті.

50-60 жылдар аралығындағы Қазақстан мүсінінде творчестволық белсенділік байқалды. Әсіресе қондырғылы мүсін жанры басымырақ дамыды. Бұл кездегі мүсін өнерінен X. Е. Наурызбаев, А. А. Исаев (1929 ж. т.), П. Д. Усачев (1930-1976), Б. А. Төлеков, И. Я. Иткинд және Н. С. Журавлевтің (1926 ж. т.) еңбектері мол орын алды. Республикалық мусіншілерінің ішінде Иткиндтің (1871-1969) есімі кең танылды. Ол өз еңбектерін («Шал», 1957; «Ғұлама», 1958; «Ән», 1960; «Паганини», «Фашизм кейпі», 1961; «Қуаныш», «Пушкин», 1966) негізінен ағаштан жасады. Мүсіншінің бай қиялы мен байқағыштығы ағаш түбірінен болашақ шығарманы көруге, кез келген шым-шытырық бұтақты өз ойына бағындыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде Иткинд өзінің көптеген туындыларында жеке адамның ішкі жан дүниесін, көңіл күйін үлкен шеберлікпен аша білді. Қазақтың тұңғыш профессионалды мүсіншісі X. Е. Наурызбаев (1925 ж. т.) еңбегінің ерекше көңіл аударарлық өзіндік ерекшеліктері бар. Мүсінші адам бейнесін жасауда, оның ішкі дүниесін тап басып, айқын көрсетуде өзіндік стиль мен формаға бой ұрды. Сайып келгенде, мұның өзі совет портрет жасаушыларының озық үлгілерімен іштей үндестік тапты. Ол өзінің көптеген портреттерінде, композициялық және монументті-сәндік мүсіндерінде қазақтың таңдаулы ұл-қыздарының тарихи бейнелерін жасауға ден қойды. Наурызбаевтың тарихи жанр саласындағы портреттерінде образды сомдап соғу, кең мағынада көрсету тенденциясы барынша төрт құбыласынан ашыла түсті. Мүсінші осы тарихи тақырыпты еркін де ұтымды жырлай білді. Мыс., «Аманкелді Иманов» (1958), «Сәкен Сейфуллин» (1965), «Шоқан Уәлиханов» (1966) атты портреттерінде мүсінші образ жасауда нағыз шеберлік биігінен танылды әрі форманы дәл бейнелеу, композицияны барынша жетілдіру тәсілін де терең игерді. Наурызбаев 60-700 жылдарда қазіргі заман тақырыбына көп көңіл бөліп, мәрмәрден өз замандастары - Социалистік Еңбек Ерлері Н.Айдабергеновтың (1959), қызылшашы Д. Серіковтің (1960), шопан Е. Алтынбаевтың (1961), актер С. Қожамқұловтың (1962); ақын М. Хакімжанованың (1964) мүсіндік портреттерін жасады. Наурызбаев қондырғылы портреттік мүсіндер жасаумен ғана тынбады. Оның жобасы бойынша республикалық қалаларында бірнеше ескерткіш мүсіндер жасалып қойылды. Батырдың туған жерінде Аманкелді Имановтың (Торғай обл.), Жамбыл қаласында Жамбыл Жабаевтың мүсін-ескерткіштері бой көтерді. Солардың ішінде Алматыда қойылған Абай Құнанбаев (1961) пен Шоқан Уәлихановтың (1969) ескерткіш монументтерін ерекше атауға болады. Шоқан ескерткішін жасай отырып, мүсінші ұлы ғалым-гуманистің туған халқының тағдыры үшін ақыл-ойын аямай жұмсағанын терең тебіреніспен бере білді. Оның түр-әлпеті қарапайым да табиғи. Осыған қоса мүсін мен тұғырдың өзара дәл үндесуі монументтің пластикалық құрылымын және форма тұтастығын сақтауға негіз берді. Осы 50-60 жылдары Қазақстанның бейнелеу өнері, оның ішінде жанрлық мүсін өнерінің кең өркен жаюына ерекше көңіл бөлінді. Аталмыш жанрда көптеген мүсіншілер жемісті еңбек етті. Солардың ішінде Т. С. Досмағамбетов, В. Ю. Рахманов, О. Г. Прокопьева, Е. Т. Мергенов, Е. А. Серкебаев сияқты мүсіншілерді атауға болады. Жас мүсінші Т. С. Досмағамбетов (1940 ж. т.) негізінен психологиялық портреттер жасаудың нәзік шебері ретінде танылды. Оның кейіпкерлері қазақ халқының ұлы кайраткерлері (Аманкелді Иманов, Шоқан Уәлиханов т. б.), көбінесе өз замандастары болып келеді. Досмағамбетов творчестволық еңбек жолын 60 жылдардың 2-жартысынан бастады. Мүсінші өзінің алғашқы еңбектерінен бастап тақырыпты таба білетін әрі оны терең сезініп, дәл бейнелеуге талмай талпыныс жасайтындығымен көпшілік көңілінен шықты. Оның алғашқы ұстазы Наурызбаев болды. Осыған байланысты екі мү-сіншіні біріктіретін, олардың творчествосына тән ортақ қасиеттер де байқалды. Адам образын жасауда асқан ізденімпаздық, психологиялық нәзік өзгерістерді тап басып тамаша бейнелеу, жалпы аса күрделі адам жанының сан қырын еркін көре білушілік бұл екі мүсіншіге ортақ жайлар болып табылады. Осыған қоса олардың творчестволық еңбектерінде де осы жай өміршең үйлесім тауып жатады. Досмағамбетов 1960 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітірген соң Ленинградтағы И. Е. Репин атындағы кескіндеме, архитектуралық және мүсін өнері институтында (проф. Б. Б. Пинчуктың шеберханасы бойынша, 1965) оқып білім алды. Институтта оқып журген кезінде жас мусінші «Ағаның портреті» (1960), «Қыздың бас пішіні» (1963), «Роза» (1965) атты мүсіндік шығармаларын жасады. Досмағамбетов әйелдер бейнесін жасауда жан сұлулығы мен мүсін сымбаттылығын өзара үйлестіре білді. «Қыздың бас пішіні» атты туындысы мәрмәрден жасалды. Бұл туындыдан қызға тән ілтипаттылық, жастық жалын мен ізеттілік айқын аңғарылды. Мұның өзі мүсіншінің адам психологиясына суреткерлікпен жол іздейтінін байқатады. Досмағамбетов өзінің дипломдық жұмысын Аманкелді Имановтың мүсіндік бейнесін жасауға арнады. Осы еңбегі қазір Қазақтың республикалық өнер музейінде сақтаулы. Оқуын тамамдағаннан кейін мүсінші өз өнерін ұштауға, жаңа туындылар жасауға қызу кірісті. 1965 жылыҚазақ ССР Мәдениет министрлігі Шоқан Уәлихановтың мүсіндік ескерткішін жасаудың жобасына конкурс жариялады. Досмағамбетов осы конкурстың бас бәйгесіне ие болды. Бұл оның үлкен өнерден өз үлесін ала алатын мүсінші екенін айқындай түсті. Ол 1970 жылы В. И. Ленин бюсін жасады. Бұл мүсін көсемнің Қазан университетінің студенті кезіндегі жас шағын бейнелеуге арналды. Ұлы көсемнің жастық шағының отты жалыны, өмірге құштарлығы мен биік мақсаттылығы аталмыш мүсіндік шығарманың мазмұнын құрады. ГДР-ді творчестволық сапармен аралап қайтқаннан кейін (1970) «Мансфельд мадоннасы» (әйелдің бала ұстаған бюсі) атты композициясы мен «Вальтер Арнольдтің портретін» жасады. Мүсінші соңғы еңбегінде адам жанына тән психологиялық күрделі құбылысты нақтылы талдаумен ұштастыра білді. Бұл екі туынды да сәтті шықты. Көкшетауда бой көтерген «Шоқан Уәлиханов» (1971) және Алматыда Ә. Жанкелдин (1975, Прокопьевамен бірге) мен Ғ. Мұратбаевқа (қойылмаған) арналған ескерткіштері мүсінші творчествосының толыса түскенін аңғартты. 1965 жылы Москваның В. И. Суриков атындағы көркемсурет институтының мүсін факультетін бітіргеннен кейін В. Ю. Рахманов (1941 ж. т.) Алматыға келді. Алғашқы еңбектерінен бастап замандастар бейнесін жасауға ойысқан ол портрет жанрына («Қыз бейнесі», 1965; «Спортшы қыздың портреті», «Самал», 1966; «Ойға шому», 1967) көп бой ұрды. Ақ ғаныш, сұр гранит, қоңырқай қола, ағаш сияқты материалдарды пайдалана отырып, әр түрлі портреттерде өзіндік шешім табуға күш салды. Рахмановтың мүсіндік портреттерінің әрқайсысы өзіндік әдемілігімен әрі көңілге қонымды бейнелілігімен көз тартады. Мүсінші өз туындыларында адамның рухани байлығын табиғаттың таңғажайып әдемілігімен ұштастыруға, үндестіруге тырысады. Ал аналарға арналған мүсіндік композициялары («Ана», 1966; «Нәзіктік», 1972) Рахманов творчествосының жаңа бір қырын танытумен қатар оның сүйікті тақырыбына айналды. Мүсінші ана мен бала арасындағы пәк махаббат арқылы үзілмес өмір құдіретін жырлады. Рахманов Бакуде туған. Осыған орай оның еңбектерінде азербайжандықтардың өмірі мен әдет-ғұрпы молырақ орын алды. Бұған «Демалыс» (1972) пен «Бұрғышы» (1973) атты мүсіндері дәлел. Алғашқысында ерікті азербайжан әйелінің нәзік те сұлу бейнесі әдемі жасалды, ал кейінгісінде еңбек адамы бейнеленді. Мүсінші еңбек адамының қажыр-қайратын, оның өмірге деген құштарлығын, әсіресе еңбектің адамға бақыт сыйлайтынын айқын көрсете білді. Қоладан жасалған мүсіннің формасы мен орындалуы да ойға қонымды. Ол бұдан басқа Исаевпен бірге Черкасск қорғаны қаһармандарына арналған рельеф (1970, Талдықорған обл.) және Наурызбаевпен бірлесіп М. И. Калининнің ескерткішін (1972, Алматы) жасады. Ал Прокопьеваның (1940 ж. т.) шығармаларында негізінен лирикалык тақырып өз шешімін жақсы тапты. Оның «Жастық» деп аталатын мүсіні (1968) шойыннан жасалды. Қолына бір тал бұтақ ұстаған жас өспірімнін жалаңаш денесі сәби тірлікті аңғартады. Әсіресе композициясы қарапайым құрылған осы шығармадағы жас өспірімнің жан дүниесі пәк, сезімі таза көрінуімен бірге табиғи әдемділігі де нанымды шыққан. Прокопьеваның творчестволық жемісті ізденісінің жалғасын «Бәйшешек» (1968) атты шығармасынан да айқын аңғаруға болады.

X. Е. Наурызбаев. «Құрманғазы». Мәрмәр. 1957.

Т. С. Досмағамбетов. «Мансфельд мадоннасы». 1970. Алматы. Көркемсурет көрмесінің дирекциясы.

О. Г.Прокопьева. Тоқаш Бокин ескерткішінің фрагменті. 1967. Алматы. Көркемсурет көрмесінің дирекциясы.

 

Мұнда ішкі сезім мен көрік өзара үйлесім тапты. Прокопьева 1967 жылы Алматыда қойылған революционер Тоқаш Бокин ескерткішін мүсіндеді. Ол ескерткішті жасау үстінде тарихи монументті еңбектердің озық үлгілеріне көп көңіл бөлді. Бокин сияқты сезімге бай, өте кішіпейіл де қарапайым, өткір де ақылды жанның бейнесін жасауға бар творчестволық күш-қабілетін жұмсаудың нәтижесінде бұл еңбегі сәтті жасалған мүсіндік туындылар қатарынан орын алды. Мұнда революционер Бокиннің жан дүниесі мүсін өнерінің тілімен өз өрнегін тапты. Советтік мүсін өнерінің тәжірибесі 60 жылдарда жаңа бір қырынан толыға түсті. Мүсіннің кеңістікпен байланысын кеңейту мәселесіне ерекше көңіл белінді. Мүсін өнеріндегі осы бағытты ұстанған жас мүсінші Е. Т. Мергеновтің (1940 ж. т.) еңбектері өзіндік бет-бағдары бар туындылар қатарына жатады. Мергенов 1973 жылы Москваның В. И. Суриков атындағы көркемсурет институтының мүсін факультетін бітіріп шықты. Алайда, ол мүсін өнеріне 1962 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітіргеннен кейін-ақ қызу араласып кетті. Оның еңбектері терең мазмұндылығымен, шындыққа құрылуымен ерекшеленді. Ол өмір болмысының мәнін түсінуге құлаш ұрады. «Шекарашылар» (1968), «Аудармашы қыз портреті», «Таң» (1970) шығармаларында Кейіпкерлерінің белгілі бір іс үстіндегі сәтін көрсетеді. Сол арқылы адамның ішкі сырларын ашуға, кейіпкерлерінің жан дүниесін көрермен қауымға нақты жеткізуге ұмтылады. Сөйтіп ол бүгінгі мүсін өнерінің озық үлгілері деңгейінде талпыпыс жасайды. Мыс., «Таң» атты еңбегінің композициясынан мүсіншінің кеңістікті көрсетуді мақсат тұтқаны әрі оған қоса мүсін өнерінің бай детальдарын еркін пайдалана білгендігі айқын байқалады. Мұндай ізденістер ақын Нұрпейіс Байғанин (1972, Ақтөбе обл.) мен Ілияс Жансүгіровтің (1973, Талдықорған обл.) ескерткіш бюсін жасаған мүсінші Е. А. Серкебаев (1940 ж. т.) творчествосынан да аңғарылды.

Республикадағы профессионалды мүсін өнері өте жас өнер саласы болып табылады. Алайда бүгінгі өскен өркені оның болашағының, берер жемісінің мол екенін аңғартады. Республика мүсіншілері творчестволық жаңа шабыт, зор өрлеу үстінде. Олар мүсін өнерінің қондырғылы, монументті-сәндік т. б. жанрлық тақырыптарын жан-жақты дамытып келеді.

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.93-95.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-03-06 15:38:47     Қаралды-591

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »