UF

ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫ (1979 жылға дейін)

Ұлы социалистік революциясына дейінгі казақ музыкасы. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңінде өзіне тән музыкалық дәстүрі дүниеге келді. Ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік төл музыкалық мәдениетінің идеялық-тақырыптық мазмұны, музыкалық тілінің мәнерлеу құралдары мен дәстүрлі жанрлары бар. Ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі түрде жеткен халық музыкасы оның рухани өмірінен, қоғамдық қатынастарынан, күнделікті тұрмысынан ерекше орын алды. Аты аңызға айиалған Қорқыт (8 ғ.), музыкалық ғылымы туралы трактат («Музыканың ұлы кітабы») жазған Әбу Наср әл-Фараби (10-11 ғ.), Қазтуған мен Асан Қайғы (15 ғ.) қазақтын көне музыкалық мәдениетінің өкілдері болды. Халық өмірінің әр кезеңдегі тіршілік-тынысы оның музыкалық мәдениетінен жан-жақты көркем көрініс тапты. Халық әндері мен күйлерінің әуен-сазы арқылы үй іші әдет-ғұрпының және халықтың қоғамдық дәстүрлерінің негізі бір буыннан бір буынға жетті; ән-күй арқылы эпикалық аңыздар мен тарихи оқиғалар, нақыл сөздер, даналық ойлардың мән-мазмұны бейнеленді. Ән текстерінде үй іші, қоғамдық өмірде ненің жақсы, ненің жаман екені аңғартылып айтылып, үлгі-өнегелік мысалдар келтірілді. Мал шаруашылығын кәсіп еткен көшпенді халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан іс-тәжірибесі мақал, мәтел түрінде ән әуенінен орын алды. Халық ән-күйлері қыран бүркітке де, құмай тазыға да, жүйрік атқа да арпалды. Жаз жайлауға көшкенде, күз қыстауға қайтқанда ауыл ақсақялы елге әнмен бата берді; ру басы ақсақалдарының кеңесі ән немесе күймен ашылды. Ал хабаршы жақсылық хабарды, төтенше жағдайды ауылдан ауылға терме түріндегі ән әуені арқылы жеткізді. Әйелдер киіз үй тіксе де, мал сауса да, жүн сабаса да, өрнек тоқыса да, киіз басса да ән айта жүрді. Сондай-ақ үйлену тойында қыз ұзатқанда, жастардың сауық-кешінде, балалар ойынында, өлген адамды жерлеу салт-жораларында да ән айтылып, күй тартылды. Жапан даладағы жалғыз атты жолаушы да ұзақ жолды әнмен қысқартып, құлазыған «көңілін әнмен көтерді. Халық жұбату әпі арқылы қайғылы үйге көңіл айтып, сүйінші әнмен ауыл-аймаққа қуанышты хабар әкелді.

Қазақтың академиялық халық аспаптар оркестрі. 1963.

Мазмұны мен күрделі орындаушылық түріне байланысты халық музыкасының белгілі мақсат-мұраты болды. Мыс., шағын диапазондағы оңай шығарылып, есте сақталатын көңілге қонымды келетін жеңіл әуенді еңбек әндері, әдет-ғұрыпқа (үйлену тойына өлген адамды жерлеу салт-жораларына) т. б. қатысты әндер, бесік жыры балалар әндері; мелодиялық өрісі кең, көп бөлімді формадағы әрі ладтық, өлшем-ырғақтық құрылысы жағынан күрделі лирикалық, тарихи, эпикалық және әлеуметтік такырыпқа арналған жоғары профессионалды шеберлікті талап ететін ән-күйлер. Мұндай күрделі шығармаларды шығару әрі орындау тек қана профессионал музыкалық қайраткерлерінің үлесі болды.

Қарапайым еңбекші бұқараның жағдайы ауыр болып, ескі салттың қатігез заңымен шектелді. Шынжыр балақ, шұбар төс азулы билер қараңғы қапастағы халықтың өзара талас-тартысын, дау-жанжалын шариғат заңымен шешті. Мұның өзі ру тартысы әрбіген феодалдық құрылыстың мақсат-мұратына сай келді. Оның үстіне мұсылман дініндегі қазақтар арасында бақсы-балгерлікке және анималистік ұғымдарға сену кеңінен тарады. Осындай ащы да қатігез өмір шындығы жағдайында қазақ халқының рухани өмірі тоқталған жоқ, қайта дамып, байп түсті. Тапшылық, жоқшылық, қайғы, қасірет, еріксіздік азатшыл халықтың жанын, творчестволық кемеңгер ойын жасыта алған жоқ. Қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұшан-теңіз музыкалық мәдениеті оның рухани байлығының сарқылмас қайнар көзі болды. Алайда, музыкалық тілі жөнінен жалпы халықтық бұл мәдениет өзінің идеялық мазмұны жағынан идеологиялық біртұтас бола алмады. Музыкалық өнерінің халықтың ой-санасына тікелей әсер етер құдірет күшін жақсы түсінген хан-сұлтандар, байлар мен билер, дін иелері мұны өздерінің таптық мүддесіне еркін пайдалана білді. Халықты мәңгі қараңғы қапаста, надандықта ұстау үшін және оларды өздеріне тәуелді ету ниетімен бай-сұлтандар өз айналасындяғы ақындардың, әнші-күйшілердің өнерін феодалдық қоғамды және үй іші өміріндегі ескі салгты мадақтауға, ру тартыстарын шиеленістіруге бағыттады; «әлемдегі жақсылық, жамандықтың бәрі - алла ісі, оған көну - мұсылманның міндеті» - деген кертартпа діни саясатты жағымпаз ақын, әншілерге мықтап уағыздатты. Өзінің ақындық-әншілік өнерін күнкеріс кәсібіне айналдырып, бай-манаптардан сый алған кейбір ақын-әншілер тіпті көпшілік арасына кең тараған әндерден үстем тап идеологиясына қайшы келетін халықтың өзі шығарған төл сөздерін алып тастап, халық әндерінің әуенін әмеңгерлікті, бай-феодалдардың тұрмыс-салтын мадақтайтын сөздермен, Құран «қағидаларымен» шұбарлады. Осыған қарамастан үстем тап идеологиясы халықтың санасын, оның азатшыл арманын тежейтін күш бола алмады. Халық мүддесіне адал қызмет етіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақындар, әншілер, күйшілер феодалдық қоғамның реакциялық идеологиясына қарсы шықты. Мыс., Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Құрманғазы сияқты халық композиторларының музыкасында еңбекші бұқараны еркіндікке, жақсы өмірге шақырған демократиялық тенденция өрши түсті. Халық өнеріндегі демократиялық тенденцияның одан әрі дамуына алдыңғы қатарлы орыс мәдениеті елеулі әсер етті. Қазақтың Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин сияқты көрнекті ағартушы қайраткерлері орыс мәдениетінің жалынды насихатшылары болды. Халық өз ортасынан көпшіліктің арман-мүддесін қорғаған әділетшіл ақындарды, әнші-күйшілерді шығарды. Мұндай өнер адамдары өз шығармаларында бай, феодалдардың пайдакүнемдігін, қомағайлығын, билердің жемқорлығын, қатігездігін бетіне басып, әшкерелеп отырды.

Музыкалық мәдениеттің тарихи даму процесінде оның өзіндік ерекше түрлері туып қалыптасты. Бұл процесс халық музыкасын тудырушы шынайы таланттардың өнердегі алуан ерекшеліктерінен, орындаушылық өнердің бір- біріне ұқсамайтын бірнеше түрінен, музыкалық тілдің мәнерлеу тәсілінен, халық музыкалық аспаптарының құрамынан айқын көрініс тапты. Үй іші, ауыл тұрмысының тұрақты дәстүрі, күнделікті өмір тынысы, осіресе ақындар айтысы, күйшілер сайысы профессионал өнер қайраткерлерінің туып қалыптасуына себепші болды. Бұлар - ақын, жырау, жыршы, әнші, күйші, ертекші, қу (немесе сайқымазақ) т. б. Бұрын композитордың мамандық кәсібін анықтайтын арнаулы атау болмады, өйткені халық композиторларының творчествосы басқа да өнер қайраткерлерінің ісімен тығыз байланыста болды. Халық композиторы өз әнінің сөзін өзі шығаратын ақын әрі сол әнді бірінші орындаушы, ал күйші-композитор болса, ол шебер домбырашы болды. Егер орындалған ән немесе күй жұртшылыққа ұнап, тыңдаушы жүрегіне жол тапса, онда мұндай шығармалар басқа орындаушылардың да репертуарынан орын алып, көпшілік арасына кеңінен тарады. Осындай әншілік, күйшілік, орындаушылық өнердің жолына түскен өнерпаздар көпшілік қауымның алдында әнші-күйші сарапшылардың (жюридің) тиісті бағасын апды.

Атақты байлардың асында, жәрмеңкелерде, жайлауға көшкенде, қыстауға қонғанда, үйлену тойларында, нәресте дүниеге келгенде, қыз ұзату т. б. ойын тойларда болатын балуан күрес, ат жарыс (бәйге), көкпар, қыз қуу сияқты алуан ұлт ойындарымен қатар ақындар айтысы, әнші-күйшілік өнер де халық өмірінен кең көрініс тапты. Профессионал қайраткерлер өнер жарысында өздерінің орындаушылық шеберлігін ұштап, репертуарын жан-жақты байытып, халық өміріндегі ерекше маңызды оқиғаларға үнемі үн қосып отырды. Осындай өнер жарысында жеңіп шыққандар жүлде алып, үлкен сый-құрметке ие болды, олардың атақ-даңқы шартарапқа тарады. Өзгеше шебер орындаушы авторларды (әнші-ақын, күйшілерді) халық үлкен құрметпен «сал», «сері» деп атады. Халықтың атақты ақындары, әнші-композиторлары мен күйші-композиторларының өз шәкірттері болды, олар ұстаздарымен бірге ел аралап, өнер көрсетті. Ерекше дарынды шәкірттер өз ұстаздарының ән-күйлерін үйреніп қана қоймай, өздері де ән күй шығарып, олардың музыкалық стилі мен әлеуметтік эстетикалық көзқарасын одан әрі дамытты.

Халық тұрмысында 25-тен астам музыкалық аспап болды. Оның шертер, жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, көпішек, даңғыра, асатаяқ сияқты түрлері дыбыс көлемі шамалы болғандықтан және профессионалдық талапқа сай келмегендіктен сирек пайдаланылды. Ал дыбыс сапасын жетілдіріп, диапазонын кеңейтіп, техникалық мүмкіндіктерін байытуға «көнген» музыкалық аспаптар халық тұрмысынан мықтап орын алды. Мыс., шертіп (немесе тартып) ойнайтын екі ішекті (кейде өте сирек кездессе де үш ішекті) домбыра, ысып ойнайтын қыл қобыз, үрлеп ойнайтын сыбызғы, соғып ойнайтын дауылпаз т. б. Кейіннен Россиядан көпестер әкеліп сатқан екі қатар, кейде бір қатар тілі бар сырнайлар да (гармоникалар) халықтың музыкалық тұрмысынан кең орын алды. Домбыраның шанағы сопақ, үш бұрышты, кейде төрт бұрышты болып келеді де 7-8 не 9 перне (Орталық Қазақстанда), енді бір жерде 14-18 перне (Батыс Қазақстанда) тағылады. Ал қыл қобыздың шанағы ішіне доғаша иілген мойнымен бірге ағаштан (аққу құс формасында) жасалады. Жылқының қылынан тағылған қос ішек ысып ойнаған кезде қобыздың мойнына тимейді. Сыбызғыны ағаштан, қурайдан кейде жезден де жасайды. Дыбыс шығаратын 3-4 ойығы болады. Сыбызғы ойықтарынан демді жай немесе күшті шығару арқылы түрлі дыбыс әуендерін тудыруға болады. Дауылпаз қазан формасында ағаштан не темірден жасалады да, шанағының бір жағы ғана ірі малдың терісімен қанталады.

Орындаушылык өнердің домбыра яки қобызға қосылып ән айту немесе ән мен күйді музыкалық аспаптарда (қобызда, домбырада, сыбызғыда) жеке орындау сияқты дәстүрлі түрлері болды. Жеке ән айтумен қатар жастардың сауық-кештерінде екі, үш кісі ансамбль болып та, үйлену тойы әні «жар-жарды» орындау кезінде хор болып қосылып айту дәстүрі де ән салу өнерінде орын алды. Алайда бұл қазіргі түсініктегі вокальдық ансамбль немесе көп дауысты хор емес, бір дауыста ғана (унисонмен) қосылып айту еді.

Әншілер мен күйшілердің репертуарынан космологиялық (Жұлдыз, Ай, Күн, Шолпан т. б. планеталар), демонологиялық (жын, пері, жезтырнақ, дию т. б.) такырыпқа арналған әндер мен күйлер және бақсылардың емдік (ауру адамды емдегенде «жындарын» шақырған әндері, қобызда тартып, асатаяқта ойнаған музыкасы) әндері де орын алды. Алайда бұл халықтың әншілік-күйшілік өміріндегі өткінші құбылыс еді. Халық музыкалық өнерде өмір шындығы көркем шешімін тапқан шынайы шығарманы жаны сүйді. Ол жайында Орта Азия халықтарының рухани мәдениетін жете зерттеген орыс ғал. В. В. Радлов: «Қазақ халқы өз әндерінде әлдебір ғажайып ертегі әлемін дәріптемейді, керісінше ол әндерде өз өмірін, өзінің сезім-түйсігін, арман-мақсатын жыр етеді... тыңдаушыларды әлдебір таңғажайып оқиға мен күштен тыс құбылыстар масайратпайды, оларды рахатқа бөлейтін табиғи өмір шындығы» - деп жазды (Образцы народной литературы северных тюркских племен, ч. 1, СПБ, 1875, с. 7).

Сыбызғышы Шеге. Р.Череднев салған сурет. 1854 жыл.

Музыкалық өнері профессионал қайраткерлерінің ел аралауы халық өмірін, оның арман-мүддесін терең түсінуге көмек етті. Әнші-күйшілердің репертуары күнделікті өмір тынысымен байып отырды. Халық өнер адамдарын қашанда қастерлеп, сый-құрмет керсетіп көтермелеп, ал қиын-қыстау кезеңде сүйікті әнші-күйшілерін үстем тап өкілдерінің қудалауынан қорғап отырды, Сондықтан да атақты әнші-ақынның, күйшінің белгілі бір үйге түсуі сол үйдің иесі үшін үлкен абырой, мақтаныш болды. Өйткені бүкіл ауыл адамдары сол үйге жиылып, түн бойы әнші-ақынның немесе күйшінің өнерін тамашалады, көпті керген өнерпаздан ел жаңалығын біліп отырды. Ал үстем тап өкілдері (бай, сұлтан, болыс, би т. б.) кейбір тілемсек жағымпаз әнші-ақынның, күйшінің көңілін тауып, оларды өз мүдделеріне кеңінен пайдалана отырып, әншілік- ақындық өнерге, музыкаға менменси қарады. Бұған би-болыстар, байлар «құдайға шүкір, әйтеуір үйімізде ақын жоқ» деп айтуы толық дәлел болады.

Д. Львовтың 1914 жылы жарық көрген «Қырғыз (қазақ) даласын аралағанда» атты кітабы бойынша.

19 ғасырдың 2-жартысы революцияға дейінгі дәуірде халық музыкалық мәдениетінің гүлдену кезеңі болды. Бұл қазақ халқының музыкалық тілі басқа халықтар музыкасының, әсіресе орыс музыкасының интонациясымен жан-жақты байып, негізінен қалыптасқан кезең болды. Музыканың вокальдық (ән) жағы монодиялық (бір дауыстылық) болды да, аспаптық музыкада бір-екі және үш дауыстылық орын алды. Жалпы халықтық мелоста өзіндік ұлттық гармония мен полифония элементтері айқын сезіледі.

Патша үкіметінің реакциялық саясаты мен феодалдық идеологияның қысымына қарамастан, қазақ халық музыкалық өнерінің дамуына алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің игілікті әсері болды. Қазақ қоғамының тапқа жіктелуі күшейген кезде еңбекші халықтың арман-мүддесін, ілгері ұмтылысын бейнелеген музыкалық өнері демократиялық мазмұнмен толыға түсті. Бұл - атақ-даңқы байтақ далаға тараған халық музыканттарының орындаушылық шеберлігі шарықтау шегіне жеткен және аса үздік, дарынды профессионал әнші- композиторлар мен күйшіткомпозиторлар өмір сүрген, олардың творчествосы дәуірлеген кез еді. Өздерінің үздік дарын-талантымен өз заманының қайшылықтарын дөп тусінген, тыңдаушыларының әлеуметтік және эстетикалық талап-талғамын нәзік сезінген халық композиторлары көркемдік мәнері бай, әрқайсысы өзіндік дербес стильді шығармалар тудырды. Бұл шығармалар жаңа социалистік қоғамда өмір сүрген қазақ халқының советтік музыкалық мәдениетін қалыптастырған классикалық халық музыкасының негізі болды. Халық композиторларының көпшілігі өз заманының білімді, сауатты адамдары болды. Олардың кейбірі орысша және арабша хат таныды; дегенмен музыкалық сауаттары болмағандықтан, өз шығармаларын нотаға түсіре алмады. Бірақ олардың шығармалары аты-жөні ұмытылып, халықтың ән-күйіне айналып кеткен музыкалық фольклорының ұшан-теңіз дариясына сіңіп кетпей, өз шәкірттерінің репертуарынан өріс алып, ел арасына кеңінен тарады.

Аспаптық музыка Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазаңқапұлы, Ықылас Дүкенұлы, Сарымалай, Дайрабай, Байсерке Қылышұлы, Қазаңқап Тілепбергенұлы, Әлікей Бесәлиұлы, Мүсірәлі Бердәліұлы, Түркеш Қалқаұлы, Тоқа Шоңманұлы, Закария, Тұрып, Есжан (лақап аты Соқыр Есжан), Есбай (Тазбала) т. б. халық композиторларының творчествосы мен орындаушылық өнерінде ең жоғары сатыға көтерілді.

Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889 ж. ш.; құлпы тасында 1806-1879) Бөкей ордасына қарасты жерде кедей шаруаның семьясында туып өскен. Ол - күйші-композитор әрі асқан домбырашы, халық музыкасындағы аспаптық музыканың (күйдің) классигі. Құрманғазы өз творчествосында халықтың күнделікті тұрмысын, азаттық үшін күресін, асыл арманын бейнеледі, туған жердің табиғатын асқақ шабытпен жыр етті. Біздің заманға Құрманғазының 60-тан астам (оның кейбірі түрлі вариантта) күйлері («Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Ақбай», «Көбік шашқан», «Серпер» т. б.) жетті, оның көпшілігі көркемдік мәнері және мазмұнының алуан қырымен назар аударады. Композитор күйлерінен емір туралы философиялық терең тебіреністі толғаулар, «бүлікшіл» жанның құйынды екпіні мен нәзік махаббат лирикасы, сондай-ақ халық ойын-тойының салтанатты көріністері де өз өрнегін тапты. Халық Құрманғазыны және оның творчествосын жоғары бағалады. Ал феодалдар, байлар мен патша чиновниктері оны өмір бойы қуғындап, жалған жаламен талай рет түрме азабын тартқызды. Сондықтан да Құрманғазының көптеген күйлері («Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Алатау» т. б.) өмірбаяндық сипатта келеді. Композитор творчествосы негізінен күрескерлік рухқа толы. Оның күйлерінде әлеуметтік тақырып, әлеуметтік бағыт, өмір шындығы шынайы суреттеледі.

19 ғасырда өмір сүрген аса көрнекті халық композиторларының бірі - домбыра күйлеріндегі лирикалық бағыттың негізін салушы Дәулеткерей Шығайұлы (1820-1887). Каспий теңізінің жағалауында бай семьяда (әкесі сұлтан болған) туған. Оның 40 шақты күйі («Қыз Ақжелең», «Желдірме»,«Құдаша», «Қосалқа», «Мұңды қыз» т. б.) сақталған. Композитор күйлерінің бәрі де жарқын мәнерлі образымен, лирикалық сазымен назар аударады. Форма мүсінділігі, көркемдік, терең мазмұн, күрделі психологизм, стиль бірлігі - Дәулеткерей күйлеріне тән қасиет. Дәулеткерейдің «Жігер» күйінде патетикалық тебіреніс байқалса, «Бұлбұл», «Керілме» күйлерінен табиғат әсерінен туған көңіл күй, терең сезім аңғарылады.

Тәттімбет Қазанқапұлының (1815-1862) творчествосы халықтың аспаптық музыкасына қосылған үлкен үлес болды. Ол - шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Орта шаруа семьясында туған Тәттімбеттің әр түрлі тақырыпты қамтитын 40-тан астам күйлері бар. Ол - «Қос басар» (бірнеше түрі), «Сары өзен», «Сары жайлау», «Теріс қақпай», «Сылқылдақ», «Былқылдақ», «Көкей кесті», «Сал қоңыр», «Бес төре» т. б. күйлердің авторы. Тәттімбет күйлері бірде әсершіл сезімдегі сыршыл лирикалық әуенді, бірде терең тебіреністі философиялық ойшыл сазда келеді. Композитордың «Сары жайлауында» жазғы табиғаттың жарасымды әсем суретімен қатар жан сезімін тебірентер коңыржай лирика астасып жатса, «Көкей кесті», «Қос басар» сияқты күйлері-тыңдаушысын терең ой толғанысына қалдыратын күрделі шығармалар. Тәттімбет тек күйші-композитор, шебер орындаушы-домбырашы ғана емес, сөзге ұста, шешен, шыншыл, әділетті көксеген ақын жанды сері адам болған. Реті келгенде байманаптарды өткір тілімен мінеп отырған. Композитор «Бес төре» күйін халықты қыспаққа алып, жәбірлеп отырған төрелерге арнап шығарады.

Қазақтың аспаптық халық музыкасындағы қобыз күйлерін қалыптастыруда, оны жан-жақты дамытуда халық композиторы әрі асқан қобызшы Ыкылас Дүкенұлының (1843-1916) творчествосы халық музыкасының тарихында ерекше орын алады. Ықыластың әкесі қобызшы, үлкен әкесі және арғы аталары жыршы, бақсы болған. Ықылас әкесінен оның қобызшылық өнерін үйреніп әрі толық меңгерумен қатар, ол қобыздың дыбыс көлемін байытып, өлшем-ырғағына өзгерістер енгізді, мелодиялық үн-бояуын түрлендірді. Әрі қобызға арнап программалы, көркемдік жағынан біртұтас, күрделі эпикалық күйлер («Қорқыт күйі», «Қамбар күйі», «Қазан күйі» «Шыңырау» т. б.) шығарды. Сол күйлерді орындау арқылы қыл қобыздың мүмкіндігін кеңейтті.

Сыбызғы аспабына арнап композитор әрі сыбызғышы Сарымалай (шын аты - Садық, 1835-1885) классикалық күйлер шығарды. Сарымалай күйлері («Нар идірген», «Қара жорға», «Сансызбай», «Бұлбұл» т. б.) көбінесе эпос, ғажайып-ертегі, ел аузындағы аңыз-әңгімелердің сюжетіне құрылған. Ол сыбызғышылық өнерін дамыта отырып, сыбызғының түрін жетілдірді, оның музыкалық мүмкіндігін кеңейтті.

Қазақ халқының ән мәдениеті Біржан Қожағұлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Абай Құнанбаев, Мұхит Мералыұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Зілғара Қаратоқаұлы, Құлтума Сармұратұлы, Сары Батақұлы, Жарылғапберлі Жұмабайұлы, Ғазиз Файзоллаұлы сияқты атақты халық композиторларының ән творчествосы мен шебер орындаушылық өнерінің нәтижесінде өз заманындағы ең жоғары өркендеу, даму сатысына жетті.

Біржан Қожағұлұлы (1834-1897) әндеріне айқын демократиялық характер тән. Композитор шығармаларында әлеуметтік оқиғалар, адамгершілік, мөлдір махаббат, жастық шақ т. б. тақырыптар орын алады. «Ақтентек», «Біржан сал», «Ғашығым», «Алтын балдақ», «Бірлән», «Айтбай» әндері - Біржан творчествосындағы шоқтығы биік, лирикалық туындылар. Оның «Ләйлім шырақ», «Көлбай - Жанбай», «Ақтентек» сияқты әзіл-наз әндерінің өзінен достық, сезім күйлері аңғарылады. Біржан жеке адамның жан сезімін, көңіл-күйін жырлаумен қатар патриархалды-феодалдық заманның озбырлығына асқақ әнімен қарсы тұрды, Оның ызакекті, уытты «Жанботасы», жан ашуындай ащы «айғайға» жететін «Адасқағы» сол бір заманның азулы өкілдеріне бітіспес кегі еді. Өз заманына деген осындай наразылық, өмірге деген өкініш үні жастық шағын еске түсірген «Жамбас сипардан» да, «Теміртас» атты трагедиялық үндегі әнінен де айқын естіледі.

Батыс Қазақстан халық әндерінің ерекше үн бояуы Мұхит Мералыұлының (1841-1918) творчествосында сәтті сазын тапты. Мұхит әндері көбінесе лирикалық әуенде келеді. Өршіл оптимизм, адамның жеке басына сүйсіну, табиғатты тамашалау - Мұхиттың ән творчествосына тән қасиет. Мұхит қыз жанының сұлулығын, сырт пішінінің сымбаттылығын «Айнам-көз», «Алуаш» әндерінде шалқыта суреттесе, кедей қыздың адамгершілік қасиетін «Қилаш» әнінде сүйсіне сөз етеді. «Зәуреш» әнінде Мұхит халықтың жоқтау әнін - трагедиялық көркем музыкалық шығарма дәрежесіне көтереді.

Халықтың дарынды әнші-композиторы әрі ақыны Ақан сері Қорамсаұлының (1843-1913) ән творчествосы қазақтың классикалық ән қазынасының алтын қорына еніп, артына аса мол музыкалы-поэзиялық мұра қалдырды. Ол - өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған ақын әрі мұңшыл да сыршыл, лирикалық бағыттағы әнші-композитор. Әндерінің әуені жатық, байсалды әрі динамикалы келеді; ән формасы табиғилығымен, поэзиялық буындарының бейнелілігімен және сыршыл үнімен ерекшеленеді. Ақан сері туындыларында халық тұрмысы, қоғамдық өмірдің әлеуметтік мәселелері айқын суреттеледі. Мыс., «Ақтоқты», «Құлагер» әндерінде аламның жеке басын кемсітетін ескілікті дәстүр және әлеуметтік әділетсіздік шынайы бейнеленген. Ал «Сырымбет», «Маңмаңгер», «Алтыбасар», «Қараторғай» әндерінде туған жердің табиғат сұлулығы мен ғашықтық сезім сыр шертеді.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың (1845-1904) алуан қырлы творчествосының негізгі бір саласы оның ән творчествосы. Абайдың ән шығаруы «еріккеннің ермегі» емес еді. Қараңғы қапаста өмір кешкен, сауатсыз елін өнер-білімге, оқуға шақырған өзінің гуманистік, ағартушылық ілгерішіл ойын жеткізіп, таратуда ән өнері бірден-бір күшті әрі пәрменді қару деп түсінді. Абай орыстың атақты ақындарының (Пушкин, Лермонтов, Крылов) өлеңдерін қазақ тіліне аударып қана қоймай, сол аударма өлеңдерге ән де шығарды. Орыстың халық музыкасына, қаланың демократиялық ән-романстарына, М. И. Глинка, А. Г. Рубинштейн, А. А. Алябьев сияқты классиктердің вокальдық творчествосына ерекше назар аударды. Олардың әндерін қабылдай отырып, творчестволық жолмен өзгертіп, өз өлеңдеріне еркін пайдаланды. Осының нәтижесінде жаңа ырғақты, соны әуенді әндер туып, қазақ музыкасында Абайдың қайталанбас төл музыкалық стилі дүниеге келді. Абайдың (әр түрлі варианттарын қосқанда) 30-ға тарта әні сақталған. Оның ішінде «Ата-анаға көз қуаныш» атты үлгі-өнегелік әні сөзі мен мелодиясының қиюласуы жағынан ерекше көзге түседі. Ал «Бойы бұлғаң» әнінде байлыққа мастанған тоғышардың топастығы мен надандығын жеріне жеткізе шенейді. Абайдың жалын атқан жастық шақты, мөлдір махаббатты, қаймағы бұзылмаған ынтықтық сезімді жыр ететін лирикалық әндері тыңдаушысын эстетикалық әсерге бөлейді. Әсіресе «Евгений Онегиннен» аударған «Татьяна хаты», «Онегин хаты» деп аталатын әндері, жұртшылық арасына кең тарап, халықтың сүйікті әніне айналды. Сөйтіп, ағартушы, гуманист, ұлы ойшыл ақын, композитор ән творчествосымен де қазақ халқының музыкалық мәдениетіне зор үлес қосты.

19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ халық музыкасында Жаяу Мұса Байжанұлының (1835-1929) ән творчествосы ерекше көрініс болды. Жаяу Мұсаның бізге жеткен 70-ке таяу әндері поэзиялық мазмұны мен музыкалық образдылығы жағынан алуан түрлі болып келеді. Жаяу Мұсаның феодалдар мен байлардың қанағатсыздығын, сараңдығын күлкі ететін әндерінің («Құлбай», «Ақсиса») ритмі нақышты әрі алмастай өткір келсе, өзінің ең жақын адамы, емірлік серігінің өліміне қайғырған әнінің («Келдім, Сапар, басыңа») мелодиясы азалы да трагедиялық әуенде жан тебірентерлік сыр шертеді. Ал әйелдердің сұлулығын жыр ететін әндерінің («Гауһар қыз», «Шолпан») мелодиясын кең тынысты, мол диапазонда өрістетсе, туған жертабиғатын сипаттайтьш әндерінің («Баянауыл», «Жаздың күні») мелодиясын асқақтата шалқытады, енді бірде композитор өзінің өмір туралы ойын, көзқарасын («Толғау») сабырлы сазда суреттейді. Ол өзінің ән творчествосында қазақ халқының ушан-теңіз ән байлығын, сондай-ақ орыс, украин, татар және поляк әндерінің әуен-ырғағын творчестволық жолмен еркін пайдалана білді. Мұның өзі Жаяу Мұсаның ән творчествосын, музыкалық ерекшелігін мәнерлеп байыта түсті.

Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ән байлығы профессионал өнер кайраткерлерінің жоғары творчестволық шеберлігімен 20 ғасырдың музыкалық мәдениетінде жақсы сақталып әрі молая түсті. 19 ғасырда өмір сүрген қазақ классикалық музыкасының негізін салушылар творчествосындағы демократиялық бағытты олардың шәкірттері одан әрі жалғастырып дамытты. Олар: Ыбырай Сандыбайұлы, Естай Беркімбаев, Балуан Шолақ Баймырзаұлы, Кенен Әзірбаев, Майра Уәли қызы Шамсутдинова сияқты әнші-композиторлар.

Халық музыкасының ірі өкілдерінің бірі-белгілі әнші, композитор, ақын- импровизатор Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы (1860-1930). Үкілі Ыбырайдың қазақтың атақты әнші-ақындарымен (Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Орынбай т. б.) достық қарым-қатынаста болуы, оның өнерге деген көзқарасына, дүние танымына үлкен әсер етті. Ол халық композиторларының творчестволық дәстүрін бойына сіңірді. Өз заманында әнші-композиторлығымен аты шыққан Үкілі Ыбырайдың музыкалық мұрасында 40-қа жуық әндер бар. Ол өзінің ән творчествосында халықтың әлеуметтік әдет-ғұрпын, күнкөріс кәсібін, қазақ жерінің ерекшелігін, әсем табиғатын жыр етті. Сондай-ақ оның әндері жастық шақтың жалын атқан нәзік, таза махаббат сезіміне, оптимистік әуенге, мелодиялық көркем сазға толы, терең ойлы болып келеді. Композитор творчествосының шыңы - сұлу қыздың музыкалық образын аққу кейпінде бейнелеген атақты «Гәкку» әні кең байтақ қазақ даласына тарады.

20 ғасырдың басындағы ән мәдениетін өрістеткен классикалық халық музыкасының көрнекті өкілдерінің бірі - Естай Беркімбаев (1874-1946). Естай дарынды композитор әрі шебер орындаушы, ақын ретінде танылды. Естайдың әнші-ақындық, композиторлық атағын бүкіл қазақ сахарасына мәшһүр еткен әні - «Хорлан». Осы шығармасымен классик композиторлардың қатарынан орын алды. Ол - «Бір мысқал», «Майда қоңыр», «Шоқ қара ағаш» т. б. әндердің авторы. Сонымен қатар 20 ғасырдың басында әнші-композитор, ақын Кенен Әзірбаевтың (1884-1976) әндері де Жетісу өңірінде кеңінен тарады. Композитордың «Ри, қойым», «Бозторғай» атты әндерінде күнұзақ қой соңында жүрген аш-жалаңаш жалшының аянышты өмірі суреттеледі. Кененнің революцияға дейінгі шығарған әндерінің негізгі тақырыбы - еңбекші бұқараның аянышты өмірі, әлеуметтік әділетсіздік, үстем тап өкілдерінің зорлық-зомбылығы, үлде мен бүлдеге оранған байдың ұл-қыздарының тоғышарлығы («Базар, Назар», «Көк шолақ» т. б. әндері). Кененнің ән творчествосының негізгі бір саласы қазіргі заман тақырыбы болды. Дарынды композитор Отан өміріндегі маңызды оқиғалар мен тарихи кезеңдерге әрқашан үн қосып отырды.

Әйелдердің қоғам оміріне, әнші-күйшілік өнерге араласуына тыйым салған ескілікті салт-жораның қиындығы мен кедергісіне қарамастан Нәзипа Құлжанова (1887-1933), Майра Шамсутдинова (1896-1926), Дина Нұрпейісова (1861-1955) сияқты қазақтың өнерпаз қыздары түнек түндегі жарық жұлдыздай көзге түсті. Олар өздерінің әнші-күйшілік өнерімен күні өтіп бара жатқан феодалдық заманның әдет-ғұрпына қарсы тұрды. Қазақтың тұңғыш профессионал әнші әйелдерінің бірі - Майра. Ол жас кезінен-ақ той-думандарда, жәрмеңкелерде, көпшілік араеында он екі тілді сырнайға немесе домбыраға косылып қазақтың, татардың, орыстың әндерін асқан шеберлікпен сазына келтіре шырқады. Кейіннен Майра әншілігімен қатар, өз жанынан ән де шығарды. Оның «Бақша», «Даланың әні», «Толқыма», әсіресе «Майра» атты әндері қазақтың кең даласын еркін шарлады. Әншінің «Майрасы» - феодалдық замандағы етектен тартқан ескілікке қарсы тұрған, азаттық өмірді аңсаған қазақ әйелдерінің аяулы арманын айқын сездіретін өршіл ән. Қазақ әйелдерінің көпшілік алдында өнер көрсетуінің өзі ескі заманда Шығыс әйелдерінің бас бостандыты үшін күресі жолындағы прогресшіл мәні бар үлкен оқиға болды.

Қазақ халқының революцияға дейінгі музыкалық мұрасын мазмұнына қарай мынадай жанрларға топтауға болады: эпикалық аңыздардың, тарихи оқиғалардың музыкалық нұсқасы; әдет-ғұрып, салт-жора әндері (үйлену тойы әндері, жоқтау әндері); еңбек әндері; лирикалық әндер (табиғат суреті, ғашықтық әндері, өсиет әндері); әлеуметтік әділетсіздік туралы әндер т. б. Халық музыкасын бұлайша топтау, халық музыкалық мәдениетінің ұшан-теңіз байлығын түгел қамти алмайды, сөйтсе де халық музыкалық творчествосының алуан түрлілігін аңғартады. Музыкалық шығармаларды орындаудың өзіндік ерекшеліктері болды. Мыс., эпикалық және тарихи жырлар мен аңыз-ертегілер синкретикалық характерде орындалды, яғни мұндай шығармаларды шығарушы да, оны әнге қосып айтушы да және аспапта (домбырада яки қобызда) сүйемелдеуші де бір-ақ адам болды. Жыршы орындау процесінде шығарма кейіпкерін неше түрлі әуен-ырғақта беруге тырысты. Мыс., батырларды - каһарлы батыл үнде; арулардың кейпін - мейірімді, нәзік, лприкалық әуенде; жағымсыз кейіпкерлерді - менменсіген тәкаппар, кекті үнде бейнеледі. Жыршы-жыраулардың орындаушылық өнердегі осындай таңғажайып шеберлік қасиетіне революцияға дейінгі зерттеушілердің көбі тәнті болды. «Сөздің майын тамызатын тілмар әңгімешілер белгілі бір аңызды айтқанда табиғатта кездесетін алуан үндерге еліктеп, өзінің әңгімесін сол дыбыстармен әшекейлеп отырады. Олар неше түрлі хайуанның үнін айнытпай салып, оны өзінің қимыл қозғалысы арқылы толықтыра түседі. Қандай әңгіме болса да бұдан - бүкіл халықтың албырт ой-қиял мен ақындық шабытқа бейімділігі еріксіз байқалады» - деп жазды орыс саяхатшысы А. И. Левшин (Описание киргиз-казачьих или киргиз- кайсацких орд и степей, ч. 3, СПБ, 1832, гл. 13, с. 140).

Үйлену тойы салт-жорасының музыкасы өзіндік жарқын поэзиялық күш-қуатымен, шыншылдығымен, қуаныш немесе қайғылы характерімен назар аударады. Мәселен, үйлену тойы «Тойбастар» әнімен яки күйімен басталады да, «Тойбастардың» салтанатты-қуанышты әуені арқылы күйеу мен қалыңдық туыстарының, екі ел руы адамдарының жақсы жақтары мадақталып айтылады, өмірге қадам басқан жастарға бақытты өмір тілеген ізгі ниет білдіріледі. Ал жастардың кешінде «жар-жар» айтылып, жігіттер тобының көтеріңкі рухтағы әуені мен қыздар тобының мұңшыл үні арқылы жастардың айтысы басталады. Күйеу жігіттің ауылына ұзатылардан бұрын қалыңдық әке-шешесімен, туысқандарымен, жалпы ауыл адамдарымен дәстүрлі «қоштасу» немесе «сыңсу» деп аталатын мұңды әнмен қоштасады. Ал күйеу жігіттің ауылында келінді «бет ашармен» қарсы алады.

Лирикалық жанр көбінесе ән авторының көңіл күйі әсерінен туған адамның сан алуан сезімін білдіреді. Сөйтсе де өзінің мазмұны жағынан қоғамдық құрылысқа тікелей қатысты болады. Сондықтан да мұндай әндердің қоғамдық маңыздылығы артып, жұртшылық көңілінен шығып, халықтың рухани мәдениетінде кең өріс алды. Лирикалық әндер мазмұны жағынан сан алуан. Бұл әндерде толқын атқан ғашықтық сезім де, арулардың сұлулығы да, экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктің қырсығынан сүйгеніне қосыла алмай азап шеккен жас жігіттің кейісті көңіл күйі де көрініс табады; сондай-ақ терең тебіреністі поэзиялық сазда жырланған туған жердің табиғат сұлулығы, қуанышсыз өткен жастық шақтың өкініш үні айқын естіледі.

Музыкалық шығарманың барлық жанрында халықтың әлеуметтік езгілікке, қанаушылыққа қарсы ашу-ызасы, бітіспес наразылығы, жарқын болашақты, жақсы өмірді аңсаған абзал арманы көркем формада шынайы бейнеленеді. Мыс., «Гүлдер-ай» атты тұрмыс-салт әнінде қыздың қалыңмалға сатылуы қатты айыпталып, «осы бір кертартпа салт-жорадан қашан құтылар екенбіз» - деген ой толғанысы сезіледі. Әннің бір қалыпты, сабырлы әуенде дамитын кең тынысты мелодиясы феодалдық заманның әділетсіз заңының құрбаны болған қазақ әйелінің қайғылы көңіл күйін көрсетеді. «Қойшы» әнінде бай малшысының құлдық өмірі суреттеліп, жалшының байға деген наразылығы жырланады. Еңбекші бұқараның үстем тапқа деген кұннен-күнге үдеп келе жатқан наразылығын енжар, астарлы оймен ғана білдіретін әндермен қатар батыл ойлы, азулы ақындар мен әнші-күйшілер байлардың, би-болыстардың, чиновниктердің «әділетшілдігін», «адалдығын» әш-керелейтін уытты ән-күйлерін, өлең жырларын шығарды. Осындай әлеуметтік өткір сынның бірі - Бақтыбай ақынның әні «Алдиярдан» бой көрсетті.

19 ғасырдың аяғында халықтың музыкалық творчествосында өзінің әлеуметтік мазмұны жағынан өзгеше өткір ж мысшы әндері туа бастады. Бұл - ұлттық музыкалық фольклорындағы жаңа жанр еді. Қазақ жұмысшы табы әнінің туып, қалыптасуына адамдарды біртұтас тапқа бірлестіретіп әлеуметтік, саяси және экономикалық ортақ мүдделер себеп болды. Қазақ жұмысшылары шахталар мен заводтарда орыстар және украиндармен бірге еңбек етіп, бір поселкеде тұрды; жеркепелері қатар болып, олар жұмыста ғана емес, күнделікті тұрмыста да еркін араласты. Адамның діңкесіне жеткен 10-12 сағаттық жұмыс күні, кок тиындық жалақы, үнемі еңбек ақыдан жеу, штраф төлеу, азық-түлік қымбатшылығы, жұмыс кезінде мертігіп қалу, зақымдалу т. б. қиыншылықтар болғандықтан әр ұлттың жұмысшыларының бірігіп, өз правосы үшін күресуіне тура келді. Жұмысшылар стачкаларды бірге өткізіп, өздеріне қарсы келген стражниктер мен солдаттарға ұйымшылдықпен қарсылық көрсетті. Қарағандының, Нілді руднигінің, Спасск зауыдының т. б. өндіріс орындарының жұмысшылары өздерінің жиналыстары мен демонстрацияларында «Интернационал», «Батыл бас аяқты, жолдастар», «Варшавянка», «Ескілікті өмірден безейік» сияқты революциялық әндерді айтты. Бұл әндерді қазақ жұмысшыларының ана тілінде және орыс тілінде айтуы олардың пролетарлық тілектестік, достық сезімін тудырды. Социалистік идеяларды насихаттаудың пәрменді құралы ретінде революциялық әндерді жұртшылық арасына таратуға В. И. Ленин үлкен саяси мән берді. Ол: «Саналы жұмысшы қандай елге тап болса да, тағдыр оны қайда айдап апарса да, отанынан алыста жүріп, бөтен тілді білмей, таныстары болмай, өзін қаншама жат санаса да «Интернационалдық» таныс ырғағы бойынша ол өзіне жолдастар мен достар таба алады» - деп жазды (Шығ., 36-т., 201-6). Лениннің бұл революциялық әндердің тарихи мәні туралы даналық ойы Қазақстанның революцияға дейінгі өмірінде де толық дәлелденді.

Қазақ жұмысшыларының арасында орыс пролетарлық әндерінің орын алуымен бірге, аяусыз қанау көрген еңбекшілердің ауыр өмірін бейнелейтін қазақ жұмысшы әндері шыға бастады. Музыкалық жағынан бұл әндер халықтың музыкалық тілінен нәр алса (кейбір әндер көпшілік арасына кең тараған халық әндерінің әуенінде айтылды), олардың мазмұнына әлеуметтік әділетсіздікке қарсы әндер мен жалпы пролетарлықәндер үлкен әсер етті. Қазақ жұмысшыларының революцияға дейінгі әндерінің «Күнде өлу құлампаз бұл көмірден», «Штраф досым болды айырылмайтын», «Ақшамды бермей қойды ғой», «Ұлықтар рахмет демейді» - деп аталуының өзі-ақ осы әндердің мазмұнын толық аңғартады. Россияның пролетарлық әндері қазақ жалшыларының қараша киіз үйіне жетіп, қазақ және орыс шаруаларының достығын нығайтуда, қазақ халық музыкасының барлық жанрын демократиялық және социалистік элементтермен байытуда үлкен саяси роль атқарды. Халық әншілері саяси жер аударылған орыс интеллигенцияларынан революциялық әндерді үйреніп, ол әндерді өздерінің репертуарына енгізді. Орта Азия мен Қазақстанның әр жерінде бұрқ еткен 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы ән-күйлерде, көптеген халық композиторларының творчествосында көрініс тапты. Күні өтіп, шіріп бітуге айналған монархиялық құрылысты сақтап қалу үшін мағынасыз қан төгіп құрбан болуға халықтың наразылық білдіруі, көтеріліс басшыларының патша өкіметіне қарсы халықты күреске шақыруы «Құты қашты патшаның» деп аталатын халық әнінде айқып бейнеленді. Бұл әннің құрылысы ақындардың дәстүрлі поэзиялық речитациясы - термеге тән, ал оның марш ырғағындағы ерлік рухтағы мелодиясы көтеріліс қарсаңындағы ширыққан қатал кезеңді, ауыр күндерді елестетеді.

1916 жылғы көтеріліске қатысқан атақты әнші-ақын әрі композитор Кенен Әзірбаев өзінің әндерімен («Аттан», «Бұлбұлға», «Қайран елім, қайда?» т. б.) көтерілісшілерге дем беріп, рухтандырып отырды. Патша әскерлері көтеріліске қатысқан ауылдарды шетінен өртеп, адамдарын қырған кезеңдегі ел басына түскен азалы күндер, халықтың шексіз қасірет-қайғысы күйші-композиторлардың творчествосынан тиісті орын алды. Мыс., Мәменнің «Қайғылы қара» күйінде көтеріліс кезінде құрбан болған ел азаматтарын аза тұтқан халық қайғысы айтылса, Қазанғап Тілепбергенұлының күйлерінде жазалаушы отрядтардан жапа шеккен елдің азабы суреттеледі. Белгілі халық композиторы Дина Нұрпейісованың «1916 жыл» деп аталатын күйі де осы тарихи оқиғаға айналды. Халық композиторы бұл күйінде патша үкіметінің «буратана» халықтардан қара жұмысқа адям алу туралы указына қарсы көтерілген қазақ жігіттерінің жауынгерлік рухын, жарқын болашаққа деген сенімін бейнеледі. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі халықтың көрнекті композиторы Сейтек Оразалыұлының (1861-1933) творчествосынан да сәтті көрініс тапты. Ол ез шығармаларында негізінен әділетсіз заманды әшкереледі. Сол үшін патша өкіметі оны түрмеге отырғызып, Сібірге жер аударды. Композитордың «16-жыл» күйінде сол бір тарихи кезеңнің қиян-кескі оқиғасы алуан бағытта суреттеледі. Күйдің әлденеге күдікті білдіретін біркелкі тыныста өтетін кіріспе бөлімі бірте-бірте өрістеп, халықтың дауылды екпініне, күреске барып ұласады; шарықтау шегіне жеткенде күй біртіндеп бастапқы қалпына қайта оралып, саябырлап барып тынады. Күй сазында дауыл алдында «тына қалған», алайда әлденені күтіп елеңдеген «күдікшіл» қазақ даласының көрінісі баяндалады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан Торғай обл. қазақтарының басшысы халық батыры Аманкелді Иманов туралы ән 1916 жыл әндерінің ішінде ерекше назар аударады. Әсіресе, ақын-сарбаз Сәт Есенбаев шығарған «Аманкелді сарбаздарының әні» көпшілік арасына кеңінен белгілі болды. Бұл ән ерлік рухтағы жігерлі әуен-ырғағымен, айқын марштық ритмімен революциялық тақырыптағы поэзиялық тексіне сай келіп, Ұлы социалистік революциясының қарсаңында туған көлшілік әндер сияқты халық арасына кең тарады.

Совет дәуіріндегі қазақ музыкасы. Ұлы социалистік революциясы қазақ музыкасында профессионалды өнердің қалыптасуына мүмкіндік туғызды. Профессионалды өнер ұлт саясатының, еңбектерін және оның әдебиет, ғылым, өнер туралы ойларын жүзеге асырушы КПСС басшылығымен дамып, өркен жайды.

Қазақ совет музыкасының қалыптасуы мен оның одан әрі дамуы, ғасырлар бойы халық даналығы тудырған музыкалық және поэзиялық фольклордың баға жетпес асыл қазынасын игере отырып, оны творчестволық жолмен пайдалану негізінде, орыс және батыс европа классиктерінің демократиялық дәстүрлері мен көп ұлтты совет өнерінің тәжірибелері нәтижесінде жүзеге асты. Қазақтың профессионалды музыкалық өнері әр кезеңде де жаңашыл мәдениет ретінде дамыды. Қазақ совет өнер қайраткерлері батыл ізденін, өнердің даму жолдарын творчестволық деңгейде алдын ала көре білді. Қазақстан Коммунистік партиясы мен үкіметі осы бір игілікті істе музыкалық өнер мен оның қайраткерлерінің реалистік бағытта болуына үздіксіз қамқорлық жасап, зор көмек көрсетіп отырды. Республикада өнердің жаңа, әсіресе қазақ халқының өмір тәжірибесінде бұрын болмаған түрлерін профессионалды дәрежеде жасай алатын музыкалық кадрлары жетіспеді. Қазақстан К(б)П өлкелік комитетінің 1933 ж. 8 қыркүйектегі «Ұлттық өнерді дамыту шаралары жөніндегі» арнаулы қаулысы Москва мен Ленинградта қазақ жастары үшін музыкалық және театр студияларын ұйымдастыру, Алматыда, сондай-ақ облыс орталықтарында музыка-театр оқу орындарын ашу жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады. Осы қаулыда көрсетілген аса маңызды шаралардың бірі - музыкалық студия ұйымдастыру болды. 1933 жылы Алматыда Музыка студия ашылып, осының негізінде 1934 жылы Қазақтың музыкалық театры (1936 жылдан Біріккен қазақ және орыс опера театры, 1937 жылдан Қазақтың опера және балет театры) құрылды. Осы театрдың сахнасында 1934 жылы М. О. Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясы мен Б. Ж. Майлиннің «Шұға» драмасы қойылды. Мұнда халық музыкасы (И. В. Коцыктың өңдеуінде) кеңінен пайдаланылды. Осы спектакльдерде қазақтың бұлбұл әншісі К. Ж. Байсейітова үлкен табысқа жетсе, қазақтың тұңғыш режиссері Ж. Т. Шанин ерекше режиссерлік шеберлік қабілетін көрсетті; ал әнші-артистер Қ. Жандарбеков, Қ. Байсейітов, биші Ш. Жиенқұлова т. б. өнерпаздар актерлік талантымен жарқ етті. 1934 жылы халық эпосы негізінде жазылған қазақтың тұңғыш операсы - Е. Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», одан кейін «Жалбыр» (1935) мен «Ер Тарғын» (1937) опералары қойылды. Бұл - қазақ опера өнерінің қалыптасуында елеулі кезең болды. 1935 жылы құрамында хор коллективі, халық аспаптар оркестрі, би ансамблі мен әншілер тобы бар Қазақ филармониясы (Жамбыл атынд.) ашылды.

30 жылдардың орта шенінде қазақтың көпшілік әндері мен романстары, камералық-аспаптық, симфониялық және хор музыкасы туып қалыптаса бастады. Елебаевтың «Жолдастар» (сөзі С. Сейфуллиндікі), Л. А. Хамидидің «Қызыл қыран» (сөзі I. Жансүгіровтікі), «Отан» (сөзі Д. Әбілевтікі) әндері көпшілік арасына кең тарады. Әсіресе халықтың сүйікті әніне айналған Хамидидің «Қазақ вальсі» (сөзі С. Мұқановтікі) жаңа ұлттық вальстердің тууына тікелей әсер етті.

Палиашвилидің «Даиси» операсынан көрініс. 1943. Қазақтың опера және балет театры.

Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945) уақыттың қиындығына қарамастан Қазақстанның музыкалық өнері одан әрі өрістей түсті. 1942 жылы көп ұлтты совет халқының неміс-фашист басқыншыларына қарсы күрестегі теңдесі жоқ ерлігі жайлы Брусиловскийдің «Гвардия, алға!» атты (либреттосы Мұқановтікі) операсы қойылды. Жұбанов пен Хамидидің 1944 жылы қойылған «Абай» операсы (либреттосы Әуезовтікі) опера өнерінің одап әрі дамуына үлкен әсер етті. Бұл операда 19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ қауымының өмірі, Абай мен оның шәкірттерінің революцияға дейін қазақ даласындағы етектен тартқан ескілікті әдет-ғұрыпқа, зорлық-зомбылыққа, надандыққа қарсы аяусыз күресі үлкен суреткерлікпен бейнеленді. Абайдың төл әндері молынан қолданылған бұл операның музыкасы либреттоның драмалық мазмұнын терең аша түсті. Операның басты рольдерін тұңғыш орындаған Р. М. Абдуллин (Абай), Байсейітова (Ажар), Ә. Б. Үмбетбаев, Б. Досымжанов (Айдар) сияқты әнші-артистер шеберлік шыңынан көрініп, шынайы сахналық образдар жасады. Соғыс жылдарында М. Төлебаевтың «Тос мені, тос», «Кестелі орамал», Брусиловскийдің «Қос қарлығаш» атты лирикалық романстары жұртшылық арасына кеңінен тарады. Ұлы Отан соғысы жылдары және соғыстан кейінгі кезеңде А. М. Магомаевтың «Нәргиз» (1941), З. П. Палиашвилидің «Даиси» (1943), Дж. Пуччинидің «Чио-Чио-Сан» (1944), П. П. Чайковскийдің «Евгений Онегин» (1946), А. Г. Рубинштейннің «Демон» (1947), Ж. Бизенің «Кармен» (1949) операларының қазақ тілінде қойылуы қазақ әнші-артистерінің орындаушылық өнердегі профессионалды дәрежесінің өскендігін дәлелдеді. Брусиловскийдің 1944 ж. жазылған «Сарыарқа» симфониясы қазақ симфониялық музыкасының алғашқы туындысы, беташары болды. Бұл программалық шығармада композитор қазақ халық музыкасындағы аспаптық және вокальдық музыканың дәстүрлі формаларын тұңғыш рет симфониялық партитураға түсірді.

Е. Г. Брусиловскийдің «Жалбыр» операсынан көрініс. 1944. Қазақтың опера және балет театры.

1944 жылы Алматыда ашылған тұңғыш консерватория (қазіргі Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясы) ұлттық музыкалық кадрларын (әр салада) даярлауда үлкен роль атқарды. Соғыстан кейінгі жылдары аға буын композиторлар мен Алматы, Москва консерваторияларын бітірген жас мамандардың қарқынды творчествосы опералық, хореографиялық (балет), симфониялық т. б. жанрлардың жан-жақты дамуына ықпал етті. Қазақстанда Совет өкіметінің орнауы, Азамат соғысы және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы совет әскерлерінің ерлігі мен туысқандық достығы соғыстан кейінгі жазылған опералардың негізгі тақырыбы болды. Мыс., Брусиловский мен Төлебаевтың «Аманкелді» (1945, либреттосы Ғ. М. Мүсіреповтікі) және Жұбанов пен Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» (1947, либреттосы Әуезовтікі) опералары. Төлебаевтың «Біржан-Сара» (1946) операсының (либреттосы Қ. Жұмалиевтікі) қойылуы қазақ опера өнерінің тарихында аса елеулі оқиға болды. Бұл шығарма 19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ қоғамы өмірін реалистік тұрғыда асқан шеберлікпен суреттейді. Билеп-төстеуші әкімдердің алдында бас имей, ескіліктің әдет-ғұрпына бағынбай өзін еркін ұстаған халық композиторы Біржанның трагедиялық тағдыры, қалың малдың құрбаны болған қазақ әйелдерінің аянышты өмірі опера желісіне арқау болды. Опера музыкасының ұлттық бояуы айқын да ашық әрі онда халықтың ән-күй творчествосының, Біржанның өз әндерінің әуен-сазы профессионалды дәрежеде қолданылған. Қазақ және орыс балықшыларының байларға, көпестерге, патша әкімдеріне қарсы күресін бейнелеген Брусиловскийдің «Дударай» (1953) операсы да (либреттосы А. Ханкелдиндікі) елеулі көрініс болды. Опера оқиғасы шиеленіскен қақтығыста өтеді, ал көпшілік қатысатын халықтың көріністер - шығарманың драматургиялық дамуының негізгі арқауы болып табылады. Композитор опера музыкасында қазақ және орыс халық музыкасының әуендерін орынды пайдалана отырып, орыс қызы Мария мен қазақ жігіті Думанның, айдаудағы орыс жұмысшысы Артемнің шынайы образдарын жасады. Қазақстан профессионалды музыкалық өнерінің дамуында «Абай», «Біржан - Сара», «Дударай» сияқты ұлттық опералардың маңызы зор. Опера өнеріндегі бұл жетістіктер композиторлардың творчестволық батыл қадам жасап, профессионалды жағынан толысып, жан-жақты кемелдене түскенін айқындады. 1956 жылы қойылған Қ. Қожамияровтың «Назугум» операсы (либреттосы Қ. Хасановтікі) ұйғыр мәдениетінің тарихы үшін үлкеті жетістік болды. 19 ғасырдың бас кезінде ұйғырлардың цинь сатраптарына қарсы ұлт-азаттық күресін бейнелеген бұл шығарма - ұйғыр халқының музыкалық мәдениетіндегі тұңғыш опера еді. Өз ұлтының халықтық мелосын жетік білген композитор операда пайдаланған халық әуендерін шеберлікпен дамыта білген. Қазақ музыкалық өнерінде қазіргі заманның негізгі тақырыбы - тың және тыңайған жерлерді игерушілердің ерлік еңбегін бейнелеудегі алғашқы туынды 1960 жылы қойылған Қожамияров пен Н. А. Тілендиевтің «Алтын таулар» операсы (либреттосы Байсейітов пен Қ. Т. Шаңғытбаевтікі) болды. С. Мұхамеджановтың «Айсұлу» (1964) атты комедиялық операсының (либреттосы Байсейітов пен Шаңғытбаевтікі) сюжетіне колхоздың сауыншы қыздарының өмірі және оларға ғашық болған қала жігіттерінің күлкілі оқиғасы иегіз болды. Ал Е. Рахмадиев өзінің «Қамар сұлу» (1963) операсында (либреттосы Б. Т. Тәжібаев пен Н. Баймұхамедовтікі) шиелепіскен әлеуметтік жағдайды үлкен драмалық оқиға дәрежесінде көрсете білді. Мұнда қазақ қоғамының алдыңғы қатарлы өкілдерінің революция қарсаңындағы ескілікті салт-жораның сарқыншақтарына қарсы ерлік күресі суреттеледі.

Е. Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымы. 1968. Қазақтың опера және балет театры. 1. Операдан көрініс. 2. Спектакльге қатысушы актерлер тобы. 3. Юбилейлік спектакль жарнамасы.

А. П. Бородиннің «Князь Игорь» операсынан көрініс. 1947. Қазақтың опера және балет театры.

Ғ. А. Жұбанованың 1966 жылы қойылған «Аққанат» пен «Хиросима» балеттері (либреттосы Ә. М. Мәмбетовтікі) - қазақ хореографиялық өнерінің дамуында елеулі құбылыс болды. Бұл балеттердің музыкалық тілі және тақырыбы бір-біріне ұқсамаса да, олардың гуманистік бағыты бір. Ол - болашақты аңсаған халықтың бейбіт өмірге ұмтылған арман мүддесі.

70 жылдары қазақтың ұлттық опера және балет өнері ікан-жақты өрістей түсті. Жоғары идеялы мазмұндылық, халық музыкасының салиқалы дәстүрімен терең тамырластық, ұлттық әуенмен үндестік, қазіргі заманның тілегіне сай жаңашылдық - қазақ совет профессионалды композиторлары Қожамияров, Жұбанова, Рахмадиев, Мұхамеджановтың алуан қырлы, көп жанрлы творчестволарына тән қасиет. Ұйғырдың ұлт композиторы Қожамияров ұйғыр халқының музыкалық фольклорындағы дәстүрді еркін меңгере отырып, өз творчествосында советтік өмірді үлкен суреткерлікпен көрсете білді. Отанға деген шексіз махаббат, патриотизм, азаматтық борыш композитор творчествосына негізгі арқау болып отырады. Халық поэзиясындағы ақыл-ой, әділеттілік салтанаты, оның «Чин-Томур» (1967) балетінің музыкасында көркем бейнеленсе, «Садыр палуан» (1979) операсында бұл тақырыптар тереңдей түседі. Республиканың профессионалды музыкалық өнерінің дамуына Рахмадиев үлкен үлес қосты. Ол өз творчествосында халық ән-күйлерін шебер пайдаланып, оны совет музыкасының реалистік дәстүрімен ұштастыра білді. Композитор творчествосындағы осы ерекшеліктер «Қамар сұлу» операсында айқын байкалады. Ал оның «Алпамыс» (1972) операсы - қазақтың профессионалды өнеріндегі елеулі музыкалық туынды. Бұл - халықтың Отанына деген шексіз махаббатын жырлайтын, ерлікті, шындықты мадақтайтын қаһармандық-эпикалық шығарма. Сондай-ақ қазақ опера өнерінде жемісті еңбек еткен композптор - Мұхамеджанов. Ол «Айсұлу» ( 1964) және «Жұмбақ қыз» (1971) операларын жазды. Бұл опералар музыкалық тілінің поэзиялық сыршыл әуенімен, табиғилығымен, сезім шынайылығымен ерекшеленеді. Мұхамеджанов халыктық музыкалық дәстүрді профессионалды өнердің тәсілімен шебер шендестіре білді. Оның шығармаларының әуен-ырғағы бейнелі, кең тынысты мелодиясы өрісті болып келеді.

50 жылдары қазақтың симфониялық музыкасы қалыптаса бастады. Осы кезеннің сәтті шығармаларының бірі - В. В. Великановтың Ұлы Отан соғысы оқиғасына арналған Екінші симфониясы. Брусиловскийдің Төртінші симфониясы - Қазақстанда тың және тыңайған жерді игеру жылдарындағы халықтың еңбектегі ерлік ісін жыр ететін монументті шығарма. Қ. Мусиннің «Жайлауда» (1948) атты симфониялық поэмасында малшы өмірінің көріністері мен туған жер табиғаты суреттелсе, Төлебаевтын «Қазақстан симфониялық поэмасында (1953, Жамбыл атындағы республика сыйлық алды) Отан тақырыбы патриоттық пафоста жырланды; ал Рахмадиев «Аманкелді» (1966) поэмасында Азамат соғысы батырының тұлғасын жасады. Ұйғыр музыкасының идеялық мазмұндылығы мен ұлттық ерекшелігі ірі симфониялық шығарма саласында тұңғыш рет Қожамияровтың «Ризвангүл» (1950, СССР Мемлекеттік сыйлығын алды) поэмасында өз үнін тапты. 60 жылдарда қазақтың симфониялық музыкасы жаңа елеулі шығармалармен толыға түсті. Осы кезеңде Брусиловский 5-, 6- («Құрманғазы»), 7-симфонияларын, Мусин үш симфония, Великанов екі симфония және А. В. Бычков екі симфония жазып, жұртшылыққа ұсынды. Ал жас композитор М. Сағатов Бірінші симфониясын (1967, Қазақстан Ленин комсомол сыйлығы берілді), Жұбанова халық композиторы Дәулеткерей күйлерінің тақырыбы негізінде «Жігер». (1971) атты симфониясын жазды. Брусиловский «Құрманғазы» (1967, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді) симфониясында ұлы күйшінің әділетсіздікке қарсы күрес-тартысын бейнелейтін күйлері мен өзінің тол шығармаларын байланыстыра отырып, революцияға дейінгі қазақ қауымы өміріндегі әлеуметтік толқуларды сәтті суреттеді. Бұл кезеңде қазақ совет композиторлары симфониялық поэма жанрында да елеулі-еңбек етті. Рахмадиевтің «Толғау» (1960), «Мейрам күйі» (1973) поэмалары, Жұбанованың «Ақсақ құлан» (1954), Бычковтың С. Сейфуллинге апналған «Сәкен туралы аңыз» (1963), Б. С. Жұманиязовтың «Серпер» (1964), М. Қойшыбаевтың «Туған өлке» (1964) поэмаларының және Б. Я. Баяхуновтың дүнген музыкасындағы тұңғыш «Эпикалық поэмасының» (1959) - қазақ симфонизмін дамытудағы маңызы зор болды. Симфониялық бағыттағы шығармалардың көбі қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі үшін жазылды. Бұлардың ішінде Брусиловскийдің «Желдірмесі» (1965, қазақтың атақты төкпе ақыны әрі композитор-әншісі Байзақовқа арналған), Қазақстанның бүгінгі шұғылалы өмірін жырлайтын Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» (1961), С. И. Шабельский мен Л. М. Шаргородскийдің «Тойбастары» (1950), Қойшыбаевтың «Советтік Қазақстан» (1957) поэмасы мен Бірінші симфониясы, К. Күмісбековтің «Фараби» (1977) поэмасы ерекше назар аударады. Құрманғазы атындағы оркестр осы аталған шығармалармен қатар халықтың классикалық музыка шығармаларын (Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дайрабай, Дина т. б. халық композиторларының күйлері) асқан шеберлікпен орындады. Қорыта келгенде, халық мелосының айқын сипаттары, оның өзіндік дәстүрлі формалары ойдағыдай қолданылған қазіргі қазақ симфлниялық музыкасы - көп ұлтты совет музыка мәдениетінде жаңа құбылыс болып табылады.

Казақ филармониясының қобызшылар тобы. 1952.

Қазақ совет музыкасында концерт жанры да ойдағыдай өріс алды. Мұхамеджановтың жеке дауыс пен оркестр үшін жазған концерті, Қожамияровтың трубаға арналған, Жұбанова, Сағатов және Мұхамеджановтың скрипкаға арналған концерттері, Н. Меңдіғалиев пеп А. П. Исакованың фортепьяно мен оркестр үшін казған концерттері, Брусиловский мен Г. И. Гризбилдің виолончель мен оркестрге арналған концерттері ұлттық айқын үн бояуымен, композиторлардың музыкалық мәнерлеу құралдарын шебер қолдануымен, жоғары профессионалды техникасымен ерекшеленеді.

Қазақстан композиторларының творчествосында Ұлы Октябрь, Ленин партия тақырыбы кеңінен орын алды. Бұл тақырып бір идеяға негізделген тарихи оқиғаларды қамтитын алуан түрлі мазмұндағы көп бөлімді кантаталық-ораториялық композициялардың драматургиясына арқау болды. Бұл салада Қазақстан композиторлары сапалы творчестволық еңбек етті. Мыс., Брусиловскийдің «Советтік Қазақстан» (1947) кантатасында бұл тақырып әсерлі көрініс тапса, Төлебаевтың «Коммунизм оттары» (1951) атты кантатасында қазақ халқының басынан өткен қиын кезеңі, бүгінгі бақытты өмірі, ертеңгі болашағы әңгіме түрінде беріледі. Ал Жұбанованың «Даладағы таңнұры» (1960) ораториясында Совет өкіметін орнату жолындағы күресте шыныққан орыс пен қазақ халқының достығы, туысқандық бірлігі реалистік тұрғыда жырланса, Лениннің 100 жылдық тойына арналған алты бөлімді «Ленин» (1970) ораториясында партияның, Октябрьдің және дүние жүзі еңбекшілерінің ұлы көсемі Ленин образы - ұлттық үн бояуы айқын эпикалық сазда бейнеленеді. Халықтың асыл арманын, абзал мүддесін жүзеге асырған Ұлы социалистік революциясының салтанатты жеңісі Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні» (1960, сөзі Шаңғытбаевтікі) ораториясы мен «Дауыл» (1968) симфониясында (Лениннің 100 жылдық мерекесіне арналған), Рахмадиевтің «Салтанатты кантатасы» (1970, сөзі С. Мәуленовтікі) мен «Партия туралы одасында» (1970, сөзі Т. Молдағалиевтікі) сәтті бейнеленді.

Қазақтың хор капелласы

Қазақстан композиторларының көптеген ән-романстарының ішінде Брусиловскийдің «Бейбітшілік туы берік қолда», Төлебаевтың «Шаттық вальсі», Б. Байқадамовтың «Теміртаудың оттары», Жұбановтың «Ақ көгершін», Рахмадиевтің «Таң самалы», Ө. Байділдаевтың «Туған ел», Тілендиевтің «Құстар, құстар», А. Н. Рудянскийдің«Апрель», М. Маңғытаевтың «Іздедім сені» т. б. ерекше атауға болады. Сондай-ақ С. Кәрімбаев, А. С. Есбаев, Ш. Қалдаяқов, Ә. Бейсеуов, Жұманиязов, Е. Хасанғалиев т. б. композиторлар әндері халык арасына кең тараған. Қазақ совет музыкасында хор жанры да дамып өркендей түсті. Бұл салада елеулі еңбек еткен композитор Бапқадамов. Оның «Бейбітшілік үшін» хор сюитасы (1953), «Жайлау кеші» атты 5 бөлімді хоры т. б. бар. Сонымен қатар хорға арнап шығарма жазған композиторлар - Хамиди («Жарқын жаз»), Рахмадиев (хорға арналған 4 бөлімді сюита), Мұхамеджанов («Табиғат», «Құлагер»), Қойшыбаев («Тойбастар», «Тың өлкесінде») т. б.

Басқа жанрларға қарағанда камералық-аспаптық музыкалық баяу дамыды. Ішекті квартеттер ішінде елеулілері - Брусиловскийдің «Өмір туралы әні» мен Қожамияровтың «Туғав колхоздасы» (ұйғыр әуеніне негіз делген). Фортепьяно мен скрипкаға арналып жазылған шығармалар: Великановтың «Абайды еске алу импровизациясы», Жұбанованың «Вариациялары», Брусиловскийдің «Бозайғыры» т. б. Бұл салада еңбек етіп жүрген композиторлар - Жұбанова, Қойшыбаев, Меңдіғалиев, Сағатов, Бычков, О.В.Гейльфус, Гризбил, А. Жақсылықов т. б.

Қазақ совет музыкалық мәдениетінің өсіп дамуына көптеген ұлттық музыкалық қайраткерлерінің қалыптасуы үлкен әсер етті. Олар: Қазақ ССР ҒА-ның академигі, композитор Жұбанов; композиторлар - СССР халық артисі Төлебаев; Қазақ ССР халық артистері Қожамияров, Жұбанова, Мұхамеджанов, Рахмадиев, Тілендиев, Хамиди; Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Байқадамов;әншілер - СССР халықартистері Абдуллин, Байсейітова, Р. Т. Бағланова, Р. Ұ. Жаманова, Е. Б. Серкебаев, Б. А. Төлегенова; Қазақ ССР халық артистері М. М. Абдуллин, А. Байқадамова, Ш. Бейсекова, Досымжанов, Ж. Елебеков, Э. И. Епонешникова, Р. Есімжанова, К. Кенжетаев, Н. Қаражігітов, Ғ. Құрманғалиев, М. Мұсабаев, Ж. Омарова, Үмбетбаев, В. Яковенко және Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі Ә. М. Дінішев; домбырашылар - Қазақ ССР халық артистері Қ. Жантілеуов, Р. Б. Омаров, М. Хамзин; Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артистері Ә. Есқалиев, Ә. Хасенов; дирижерлер - Қазақ ССР халық артистері Т. С. Османов, Ғ. Н. Доғашев, Ш. Қажығалиев, Ф. Ш. Мансұров: Қазақ ССР-інің еңбек сіңіргенөнер қайраткері Т. К. Мыңбаев; Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі А. Мырзабеков т. б.

Қазақ ССР-нде (1979) Қазақтың опера және балет театры, Қазақ филармониясы, Қазақтың академиялық халық аспаптар оркестрі, симфония оркестрі, Қазақтың хор капелласы, Қазақ ССР-інің ән-би ансамблі, Қазақтың классикалық балеті, Қазақ телевизиясы мен радиосының камералық және эстрадалық оркестрлері, жастардың «Гүлдер» және «Дос-Мұқасан» эстрадалық ансамбльдері жұмыс істейді. Қазақстан композиторлар одағының құрамында 60-тан аса композиторлар мен музыкалық зерттеушілер бар.

СССР Композиторлар одағының ІІІ съезіне қатысқан Қазақстан композиторлары (солдан оңға қарай): А.Қ.Жұбанов, М.М.Ахметова (музыкалық зерттеуші), Е.Г.Брусиловский, К. Кожамияров, Л. А. Хамиди, С. Мұхаметқанов, Б. Г. Ерзакович (музыкалық зерттеуші), Б. Байқаламов, А. Т. Бычков. 1962.

Республикада музыкалық білім беретін жоғары және орта дәрежелі оқу орындары - Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория, П. И. Чайковский атындағы республикалық училище, үш жүздей музыкалық мектептер мен училищелер, музыкалық бөлімдері бар бірнеше педагогикалық институттар мен мәдениет институтты бар.

Қазақ халқының музыкалық творчествосын жиып-теруде және зерттеуде жергілікті ұлт кадрларын тәрбиелеуде көптеген орыс музыкалық мамандары еңбек етіп, көмек көрсетті. Бұлардың ішінде музыкалық этнографы әрі композитор А. В. Затаевич, композиторлар Брусиловский, Великанов, Шабельский; дирижерлер Г. А. Столяров, В. И. Пирадов, Шаргородский; әнші-педагогтар А.М.Курганов, Н.Н.Самышина; хормейстерлер Б. В. Лебедев, А. В. Преображенский. Е. Е. Виноградова, А. В. Молодов; музыкалықзерттеушілер Б. Г. Ерзакович, П. В. Аравин, В. П. Дернова, Л. И. Гончарова т. б. бар.

Қазақстан - көп ұлтты республика. Мұнда тұратын халықтардың ән творчествосын жинау жұмысын Затаевич бастады. 1933 жылы оның «Қазақстан татарларының мелодиясы» жинағы баспадан шықты; 1971 жылы Дернованың редакциясымен Затаевичтің ұйғыр, корей, дүнген, өзбек, қарақалпақ, татар, монғол, якуттардың 300-ден аса мелодияларын қамтитын «Әр түрлі халық әндері» атты жинағы жарық көрді. Үйғырлардың ән творчествосын Т. М. Әлибақиева, кореймузыкасын Тен Чу, неміс музыкасын И. Виндгольц, дүнген халық музыкасын Баяхунов зерттеді.

Республикада қазақ совет музыкасымен бірге басқа да халықтардың ұлттық профессионалды музыкалық өнері жан-жақты дамыды. Профессионал артистер, әншілер, музыканттар, композиторлар кадрлары өсіп жетілді; профессионалды театр коллективтсрі ұйымдастырылды. Қазақстанда ұйғыр музыкалы комедия театры, корей музыкалы драма театры; немістің «Фройнштадт» («Достық») пен «Югенд» («Жастық»), корейдің «Ариран», ұйғырдың «Яшлық» («Жастық») атты профессионалды эстрадалық ансамбльдері, сондай-ақ көркемонерпаздар хорлары, оркестрлері, вокальдық-би ансамбльдері бар.

Қазақстанның қазіргі музыкалық өнері бүкіл одаққа және шетелге де танылды. Мыс., 20 жылдардың басында көп ұлтты совет музыкалық мәдениетінің алғаш қалыптаса бастаған кезінде Москвада барлық республика өкілдерінің қатысуымен концерттер өткізіліп тұрды. Бұл концерттерге қатысу үшін Қашаубаев, Байзақов, Е. Өмірзақов, Ғ. Айтбаев, Қ. Байжанов, Жандарбеков, Шанин, Қ. Қуанышбаев, Ғ. Ерболин, Қ. Айнабеков сияқты атақты өнерпаздар шақырылды. Қазақтың халық музыкасын (Затаевичтің өңдеуінде) Г. П. Любимовтың басқаруындағы Орыстың қалық аспаптар оркестрі және виолончелисі С. М. Козолупов орындаса, халық әндерін әншілер И. П. Яунзем мен А. Л. Доливо-Соботницкий қазақ тілінде айтты. Қазақ әндері мен күйлерін фортепьяноға түсірген Затаевич осы концертте сол ән-күйлерді орындап берді.

А. В. Затаевич халық өнерпаздары арасында. 1939.

Қазақ музыкалық мәдениетінің жетістіктері 1936 және 1958 ж. Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндіктерінде көрсетілді. 1958 жылғы он күндікке көптеген көркемөнерпаздар коллективтері, сондай-ақ орыс, ұйғыр, корей театрлары, музыкалық коллективтер қатысты. «Халықтар достығы тақырыбы Қазақстан жазушылары, композиторлары, суретшілері және драматургтарының творчествосында өзекті арқау болып отырады» - деп жазды«Правда» газеті (1958 ж., 14 желтоқсан). Барлық республикалардың өзара тәжірибе алмасу, өнер көрсету мақсатында болатын он күндіктері мен апталыктары музыкалық мәдениет және әдебиет күндері бүкіл одақтық дәстүрге айналды. Мұның көп ұлтты совет өнерінің интернационалдық бірлігін нығайтуда үлкен саяси мәні бар. Мыс., Қазақстанда 1964 жылы орыс әдебиеті мен өнерінің он күндігі, ал 1967 жылы Совет Одағы республикаларының және Москва мен Ленинградтың 500-ден астам өнер қайраткерлері қатысқан халықтар достығының музыкалық фестивалы, 1974 жылы өзбек әдебиеті мен өнерінің он күндігі өтті. Осы конңерттерді ондаған мың көрермендер тамашалап, ол радио және телевизия арқылы эфирге тарады. Соңғы жылдары Қазақстанда туысқан республикалардың ұлт коллективтері, солистері үзбей өнер көрсетіп тұрады. Сондай-ақ қазір қазақ музыкалық өнері шетелдерге де танымал болды. Қазақ өнерінің шетелге шыққан алғашқы өкілі - атақты әнші Әміре Қашаубаев. Ол Совет артистерінің құрамында Парижде өткен Дүние жүзілік сән өнері көрмесінде берілген СССР халықтары музыкасының концерттеріне қатысып, кең диапазонды жоғары драмалық тенор даусымен әлемді таң қалдырды. Париж баспасөзі осы Дүние жүзілік көрмеде күміс медаль алған Әміренің аса зор талант иесі екендігін паш етті. 1925 жылы 17 маусымда «Комедия» газеті «Оның өте нәзік, қарапайым да жан тебірентер әншілігінің өзі-ақ бізді көк жиектегі көз жетпес поэзия әлемі мен ұшан теңіз шексіз даланы көңілмен кезіп кетуге мәжбүр етеді», - деп жазды. Ол 1927 жылы Майндағы Франкфуртте (Германия) өткен Дүние жүзілік көрмеге де қатысып, өнер көрсетті. Ал қазіргі Қазақстан өнер шеберлері туысқан республикалық делегацияларымен бірге және жеке делегация ретінде де гастрольдік сапармен көптеген шетелдерде - Венгрияда (1970, 1973), ГДР-де (1970, 1975), Польшада (1971, 1975), Чехословакияда (1972, 1974), Кубада (1974) т. б. болды. Сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс елдері Сингапур, Малайзия,Шри-Ланка, Пакистан (1972); Европаның капиталистік елдері - Швеция (1970), Финляндия (1971), Франция мен ГФР (1972), Италия (1976) және Үндістанда (1977) өткізілген СССР мәдениет күндеріне қатысты. Бұл мәдениет күндеріне Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген коллективтері - Қазақтың академиялық халық аспаптар оркестрі, Қазақтың хор капелласы, Қазақ ССР-інін классикалық балеті, «Гүлдер», «Дос-Мұқасан», «Отырар сазы» ансамбльдері т. б. көптеген коллективтер қатысты. Торғай облысының «Шертер» (қазақтың көне музыкалық аспаптарынан құралған) эстрадалық ансамблі 1977 жылы Үндістан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ұлы Октябрьдің 60 жылдығына байланысты Үнді-Совет мәдени қоғамының шақыруымен Керала штатында болды. Бағланова, Жаманова, Серкебаев, Төлегенова т. б. бірнеше рет шетелдерде болып, өздерінің орындаушылық өнерімен көрермен көңілінен шықты. 1975 жылы Францияда өткізілген СССР мәдениет күндеріне байланысты қазақ музыкалық өнерінің жоғарыда аталған өкілдерінің концерті туралы «Эко дю Санто» газеті «Францияда өткен СССР мәдениет күндері шын мәнінде қазақ халқын, оның мәдениетін апгу, социализм жеңісін көрнекті көрсету болды» - деп жазды.

«Шертер» көне музыкалық аспаптар ансамблі. 1975. Торғай облысы

Соңғы жылдары Қазақстанның жас өнерпаздары Бүкіл одақтық және Дүние жүзілік музыкалық аренаға еркін шыға бастады. Скрипкашы Э. Нақыпбекова Паганини атындағы скрипкашылар конкурсының (Генуя, 1971) дипломанты; М.Мұсабаев Глинка атындағы Бүкіл одақтық әншілер конкурсының (Москва, 1973) лауреаты, ал Р. Жұбатырова осы конкурстың дипломанты; апалы-сіңлілі Элеонора (фортепьяно), Эльвира (скрипка), Альфия (виолончель) Нақыпбековалар Халықаралық камералық ансамбльдер конкурсының (Белград, 1974) дипломанттары; Мыңбаев дирижерлердің Бүкіл одақтық 4-конкурсының (Москва, 1976) лауреаты, Ә. М. Дінішев Глинка атындағы Бүкіл одақтық әншілер конкурсы (Москва, 1977) мен Шуман атындағыХалықаралық әншілер конкурсының (Цвиккау, 1977) лауреаты; жас скрипкашы А. Мұсаходжаева скрипкашылардың Халықаралық конкурсының (Белград, 1977) дипломанты, жас әнші Ғ. Есімов Глинка атындағы Бүкіл одақтық әншілер конкурсының (Москва, 1977) лауреаты атанды. Әнші Р. Рымбаева 1977 жылы София қаласында өткен Ән фестивалында 1-орынға ие болып, «Алтын Орфейді», ал 1979 жылы Стамбулда әншілердің «Алтын микрофон» атты Халықаралық конкурсында 2-орынды жеңіп алды.

«Дос-Мұқасан» ансамблі. 1975

Қазақстан композиторларының шетел композиторларымен қарым-қатынасы, творчестволық байланысы дамып нығая түсті. Қазақстан композиторлары 1973-1977 жылдары шетелдерде бірнеше рет болып, әр түрлі музыкалық фестивальдар мен кездесулерде қазіргі замандағы музыкалық өнерінің даму жолдары туралы дискуссияларға белсене қатысып отырды. Осы жылдары шетел музыкалық қайраткерлері коп ұлтты совет музыкасымен танысу үшін Совет Одағына жиі келіп тұрды. Мыс., 1976 жылы Алматыға Чехославакия композиторларының делегациясы келді. Осы сапар туралы Чехословакия композиторлар одағының председателі Л. Железный «Чехословакия және Қазақстан композиторларының творчестволық достық қарым-қатынасының нығая түсуі мені ерекше қуантады. Біздің Алматыда өткізген күндеріміздегі аса мазмұнды кездесулеріміздіц өзгеше бір қызықтысы қазақ әріптестеріміздің жазылып алынған шығармаларын тыңдау болды. Олардың көпшілігі маған ерекше кушті әсер өтті. Әсіресе Төлебаевтың «Біржан - Сара» операсының музыкасы біздің чех композиторы Б. Сметананың «Сатылған қалыңдық» операсының музыкасын еріксіз есіме түсірді. Осы екі операда да халық әуендері сәтті қолданылған. «Біржан-Сара» операсы қай елдің сахнасында қойылса да үлкен табысқа ие болатынына мен кәміл сенем» - деп жазды («Вечерняя Алма- Ата», 1976 ж., 18 дек.).

«Гүлдер» ансамблінің әншілері Р. Қ. Рымбаева мен Қ. Байбосынов; 2, 3. Ансамбльдің бишілері мен домбырашылар тобы. 1977.

ЮНЕСКО жанындағы Азия елдерінің 3-халықаралық музыкалық симпозиумы 1973 жылы Алматыда өткізілуі Қазақстан музыкалық мәдениетінің жан-жақты дамығандығын дәлелдеді. Симпозиумға Азия, Африка және Европа мемлекеттерінің көптеген көрнекті музыкалық зерттеулелілері мен композиторлары қатысты. Осы музыкалық жиында Рахмадиевтің «Мейрам күйі» симфониялық поэмасы дүние жүзілік эфирге жолдама алып, 1-жүлдеге ие болды.

1978 жылы Алматыда Қазақстан композиторларының 6-съезі өткізілді. Съезд соңғы жылдары қойылған Жұбанованың «Еңлік - Кебек», Рахмадиевтің «Алпамыс», Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз», Тейльфустың «Рихард Зорге», Қожамияровтың «Садыр палуан» опералары; Сағатовтың «Әлия», А. Е. Серкебаевтың «Ақсақ қүлан» балеттері; Жұманиязов, Қойшыбаев, Күмісбеков, Меңдіғалиев, Баяхунов, Бычковтың симфониялық шығармалары мен жеке аспаптарға арналған концерттерінің республикалық музыкалық мәдениетіне қосылған елеулі үлес екендігін атап өтті. Республикалық музыкалық өнерінің жетістіктерімен қатар келешекте қазіргі заманның талабына сай музыкалық шығармалар жазу, жоғары идеялық, теориялық дәрежедегі зерттеулер жүргізу мәселелері қаралды. Осы жылы 1-17 маусымда Үлкен театрда өткен Қазақтың опера және балет театрының гастролі қазақ музыкалық тарихында ерекше оқиға болды. Сахна шымылдығы Рахмадиевтің «Алпамыс» операсымен ашылды. Москва музыкалық мамандары опера жөнінде әсіресе бас кейіпкерлердің музыкалық образы, хор музыкасы ұлттық әуен ырғағында үн-бояуы дәл табылғандығын айрықша атап өтті. Бұдан кейін Төлебаевтың «Біржан - Сара», Жұбанованың «Еңлік - Кебек», Жұбанов пен Хамидидің «Абай», Брусиловскийдің «Дударай» опералары; Сағатовтың «Әлия», Серкебаевтың «Ақсақ құлан» балеттері қойылып, зор табыспен өтті. Қазақтың ұлттық музыкалық шығармаларымен қатар орыс (Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы, Стравинскийдің «Пульчинелла» мен «Отты құс» балеттері) және шетел композиторларының классикалық шығармалары (Моцарттың «Дон Жуаны», Перселльдің «Дидона мен Эней» опералары) да көрсетілді. Осы спектакльдерде жас әншілер - Есімов, Дінішев, Жұбатырова; балет бишілері - Р. С. Бапов, О. Васюкова, З. Қастеева, Д. Нақыпов өз өнерлерімен, орындау шеберліктерімен көзге түсті. Сөйтіп, Москвада өткен Қазақтың опера және балет театрының гастролі ұлттық музыкалық өнерінің жоғары сатыға көтерілгендігін дәлелдеді. Ал 1978 жылы 2-28 шілде аралығында Үлкен театр коллективі Алматыда болып, өнер көрсетті. Алматы жұртшылығы М. П. Мусоргскийдің «Борис Годунов», Дж. Вердидің «Трубадур» операларын; А. И. Хачатурянның «Спартак», А. Я. Эшпайдың «Ангара» мен Р. К. Щедриннің «Анна Каренина», Ю. С. Мейтустың «Дон Кихот» балеттерін көріп тамашалады. Спектакльдерге әншілер - СССР халық артистері Е. В. Образцова, Т. А. Милашкина, Е. Е. Нестеренко, Ю. А. Гуляев; балет артистері - М.М.Плисецкая, Е.С.Максимова, Н. И. Бессмертнова, В. В. Васильев, М. Э. Лиепа; дирижерлер - РСФСР халық артистері Ю. И. Симонов пен А. М. Жюрайтис, Қазақ ССР және Татар АССР халық артисі Ф. Ш. Мансұров қатысты. Театр коллективімен бірге Алматыда СССР халық артисі, 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері Г. С. Уланова да болды. Творчестволық қарым- қатынастар қазақ музыкалық онерінің одап әрі өсіп өркендеуіне үлкен әсер етті.

Сонымен Совет дәуірінде лениндік ұлт саясатын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанда халық творчествосын профессионалды жанрлармен үйлестіре, үндестіре білген социалистік ұлт мәдениеті - ұлттық музыка дамып оркендеді.

 

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.123-129.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-01-31 14:37:42     Қаралды-1577

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »