UF

ҚАЗАҚ КИНОСЫ (1979 жылға дейін)

 

Ұлы социалистік революциясына дейін Қазақстанда небары 13 жеке меншік кинозал (Семей, Павлодар, Өскемен, Ақмола, Қостанай, Ақтөбеде) болды. Кино түсіру, халық өмірін экранда бейнелеу жағы қолға алынбай жатты. Жеке меншік кинозалдарда көрсетілетін фильмдер тек ақсүйектер әулетінің үлесіне тиді. Совет өкіметі орнағаннан кейін ғана кино жалпы халық игілігіне айналды. Жеке меншік кинозалдар мемлекет қарамағына көшті. Қазақстандағы тұңғыш документті кино20 жылдардың ортакезінде түсірілді. Онда Октябрь және Май мейрамдарын ірі қалаларда мерекелеу көріністері бейнеленді. Бұдан кейін революциялық оқиғаларды суреттеген документті фильмдер жарық көре бастады. Бұл документті ленталар еңбекшілерді большевиктер партиясы жүргізіп отырған ұлы іске белсене қатысуға шақырды. Осы кезеңде түсірілген «Ауылдағы кооперация» киноочеркі кооперация тиімділігін уағыздап, еңбекшілерді оған мүше болуға үгіттесе, «Қызыл әскер» киножурналы қазақ жастарын Отан қорғауға әрқашан дайын, соғыс тәсілін жете меңгерген әрі шыныққан азамат болуға шақырды. «Сауатсыздықты жою мектептері» атты кадрдан кәрі мен жастың, ана мен баланың алғаш оқу-сызуға деген құштарлығын көруге болады. Фильм білім есігі хат тапу арқылы ашылатындығын сөз етеді.

1925 жылы Москваның «Культкино» студиясы «Қазақстан бесжылдығына» (реж. Я. Толчан) атты толық метражды документті фильм түсірді. Онда жас республиканың қол жеткөн табыстары, мектеп, клуб және емдеу мекемелерін салу, халықты сауаттандыру, кедейлер мен батырақтардың жергілікті Совет жұмыстарына белсене араласуы, ұлттық әрі таптық езгіден азат болған халықтың энтузиазмі мен еңбек қуанышы шынайы бейнеленді.

Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының ғимараты

 

20 жылдардың аяғы мен 30 жылдардың бас кезінде негізінен Бүкіл Россиялық акционерлік қоғам «Востоккино» Қазақстан өміріне арналған онға тарта документті лента (оның ішінде «Жайлау» және «Түрксіб» фильмдері толық метражды) шығарды. «Ұлттық қазақ полкында» қазақ жастарынан құралған алғашқы әскер жасағы, «Қазақстан хайуанаттар әлемінде» мал шаруашылығын өркендету мүмкіндігінің молдығы, «Алтын жағалауда» Ертістің сұлу табиғаты мен жаңа қанат жайған ел байлығы бейнеленді. «Түрксіб» (1929, реж. В. А. Турин) советтік документті кино саласындағы елеулі туындылардың бірінен саналады. Фильм авторлары нақты деректі лирикалы-қаһармандық поэма формасында жеткізе білді. Онда советтік құрылыстың алып ауқымы, бір кезде патшалық Россия бұғауында болып, экономикалық жағынан мешеу дамыған ұлттық аймақтың гүлдене бастауы, сөйтіп большевиктік партия идеясының жүзеге асуы шынайы суреттеледі. Фильм идеясының революциялық рухқа құрылуы, оның иегізіне алынған өмірлік деректердің маңыздылығы бейнелеудің жаңа формасы - шындықты коркем нақышпен жеткізу тәсілін туғызды. Бұл документті кинодағы елеулі бетбұрыс болды. Ақ гвардияшылар, мен бай-манаптардың революцияны тұншықтырмақ болған әрекеті, олармен революцияшыл коммунистердің күресін бейнелеген «Бүліншілік» (1929, реж. С. Тимошенко; «Совкино»), Қазақстанныц оң жылдығына арналған «Дала әні» (1930, реж. А. Г. Лемберг; «Востоккино»), қазақ даласында таптық сананың ояна бастауын суреттейтін «Жұт» (1932, реж. М. С. Каростин; «Востоккино»), дала қойнында тұнып жатқан қазба байлықтарды меңгерудегі совет ғалымдарының еңбегін паш ететін «Қаратау қазынасы» (1933, реж. А.Т.Дубровский; «Востоккино»), алғашқы коллективтендіру кезіндегі бай-құлактардың іштен іріткі салмақ болған зұлымдық әрекеттерін әшкерелейтін «Жау соқпағы» (1935, реж. О. Преображенская, И. Правов; «Мосфильм») фильмдері орталық киностудиялардың қазақ елі өміріне арнаған туындыларынан саналады. Қазақстан жайында орыс кинематографистері жасаған документті және көркем фильмдер қазақ интеллигенциясының кино өнеріне деген құштарлығын арттырды. Қазақстанда кино өнерін дамыту шаралары жүзеге асырыла бастады. Республикалық басшылары кино онерінің материалдық-техникалық базасын жасау, кино мамандарын жергілікті халық өкілдерінен даярлау ісін қолға алды. Осының бәрі қазақ ұлттық кино өнерінің тууына игілікті ықпал жасады. Сонымен қатар, бұл туындылар бұдан былайғы кино шығармаларының стилі мен бағытын да анықтап берді.

Қазақ кинематографистері өздерінің алғашқы қадамын документті кино түсіруден бастады. Документті фильм өзінің оқиғаны тез қамтып, оны көпшілікке дер кезінде жеткізетін ұтқыр қасиетімен кино өнерінің ең тиімді жанрына айналды. Социалистік құрылыста болып жатқан әлеуметтік және саяси экономикалық қыруар өзгерістерді дер кезінде бейнелеу тек документті киноның тіліне тән құбылыс еді. Документті кино еліміздің бай шежіресін жасаумен қатар ол күнделікті өмірге белсене араласатын, ұлы еңбек жеңісіне шақыратын, сөйтіп елдің экономикалық өрлеуіне бірден-бір үлес қосатын, санаға тез даритын өткір құралға айналды. 1933 жылы Алматыда «Союз кинохроника» тресінің Қазақстан бөлімшесі ашылып, оған бүкіл одақтық экранға арнап хроникалық фильмдер және «Советтік Қазақстан» киножурналын шығарьш тұру жүктелді. Бұл бөлімше алғаш жылына «Советтік Қазақстан» киножурналының сегіз, кейін оп екі санын шығарып тұрды. Онда фабрика, заводтардағы, колхоздардағы мен совхоздардың еңбек жетістіктері, пайдалы кен қазба орындарының ашылуы, жаңа өнеркәсіп мекемелерінің іске қосылуы сияқты жаңалықтар қамтылды. Орталық киностудиялар жаңа отау тіккен қазақстандықтарға үлкен комек көрсетіп, жаңа техникалық жабдықтар мен білікті мамандарын жіберіп тұрды. Осы тұста көмекке келген В. Страдин, С. Масленников, Г. Симонов, Я. Славин, И. Ларионов, П. Колсанов сияқты режиссерлер қазақ документті киносының негізгі мамандарына айналды. Олар қазақ жастарын кино өнерінің «құпияларымен» таныстырды. «Союзкинохроника» қаржысымен жұмыс істеп тұрған бұл бөлімшеге республикалық бюджетінен қосымша қаржы бөлінді. Кино жабдықтарын, көлік т. б. керекті материалдарды алуына, сөйтіп бөлімшенің материалдық-техникалық негізін нығайтуға қажетті жағдай жасалды. Қазақстан базасы белгілі бір өндірістік-творчестволық деңгейге көтеріліп, бұғанасы қатайды. 1936 жылы бұл бөлімше Алматы кинохроника студиясына айналды. Студия «Советтік Қазақстан» киножурналын шығаруды одан әрі жалғастырғанмен алғашқы кезде көптеген қиындықтарға кезікті. Алайда студия қызметкерлерінің қатары толыса келе журнал апта сайын шығып тұратын, толық бір бөлімді тұрақты киношығарылымға айналды. Студияның жас мамандары республикадағы ең маңызды оқиғаларды қамтуға ден қойып, олардың көбін дер кезінде түсіріп отырды. Бұл кадрлар сол кездегі тарихи шындықты көз алдымызға қайта әкеліп, совет азаматтарының ғажайып ерліктері жайында сыр шертетін баға жетпес қазынаға айналды. Студия «Советтік Қазақстан» мерзімдік киножурналынан басқа документті ленталар да түсірді. 1936 жылы жарық көрген «Хан Тәңірі» (реж. Страдин) және «Луч Востока колхозы» ленталарында альпинистердің Хан Тәңірі шыңына шығуы мен Алатау баурайындағы дәулеті шалқып жатқан колхоздың еңбек адамдары, олардың ерлік істері суреттелді. Бұл екі лентада да дыбыс болмады. 1938 жылы республикадағы алғашқы дыбысты документті лента - «Жамбыл ата» (реж. Колсанов) түсірілді. Фильмде жыр атасы Жамбылдың шабыт үстіндегі кезі, оның белгілі домбырашы Дина Нұрпейісова және әнші К. Ж. Байсейітовамен творчестволық әңгіме-дүкен құрып отырған кезі бейнеленген. Жамбылдың үні мен оның әні фильмде еркін пайдаланылған. Алматы кинохроника студиясы шығарған фильмдерден «Жаңғырған дала» және «Маңқыстау тұбегі» ленталарын айрықша атауға болады. Бұл фильмдерде Бетпақдаладағы алғашқы комплексті ғылыми экспедиция жұмысы және Каспий теңізіндегі Маңқыстау мұнайшылары мен балықшыларының еңбек дабылы, сонымен бірге осы өңірдегі Т. Г. Шевченконың есіміне байланысты тарихи жерлермеи таныстыру сияқты оқиғалар қамтылды. Алғашқы документті фильмдер нақты оқиғаны арқау еткенімен, онда көркемдік шеберлік мәселесі әлі өз дәрежесіне көтеріле алмады. Кейбір оқиғалар жайындағы хабарлардың өзінде иллюстрацияға тым бой ұру байқалып отырды. Творчестволық пайымдау, оған көркемдік сипат беру жағы ескерілмеді. Қазақстан кинематографистерінің әлі де болса материалды бейнелі-публицистикалық тұрғыда ұйымдастыруды жете меңгермеуі, көбіне жалақ фактіге ден қоюы кино өнерінің алғашқы қадамында кездесетін кемшіліктер еді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан документті кино шеберлері өз жұмысын жаңа жолға қойып, ел басына төнген үлкен алапатты шынайы бейнелеуге ат салысты. Оның алғашқы ленталарынан Ұлы Отан соғысына аттаныс, жауға дегеп халық қаһары көрініс тапты. 1935-1941 жылдары өндірістік-техникалық базасы нығайып, ұйымдастыру кезеңін басынан откерген документті кино соғыс жылдары кемелденген шағына жетіп, жемісті еңбек етті. Оған әсіресе соғыс жылдары Қазақстанға эвакуациямен келген Москва мен Киев кино шеберлерінің ықпалы зор болды. Олар жас кинохроника студиясына творчестволық жәрдем көрсетіп, мол тәжірибелерімен алмасты. Тақырыптық жоспар жасау («Советтік Қазақстан» киножурналы), әдеби сценарийді талдау, дайын фильмдерге пікір айту мәселесіне белсене араласып, қазақ кииематографистерінің жетістігі мен кемшілігін қатар айтып отырды. Дайын ленталардың өзін дұрыс монтаждау, оны музыкамен көркемдеу, жүргізушіні орынды қатыстыру сияқты детальдарға арнайы назар аударылды. Осының бәрі жас Алматы кинохроника студиясына үлкен творчестволық мектеп ролін атқарды. Қазақ документті кино шеберлерінің өсіп қалыптасуына осы кезде Алматы документті киностудиясында жарық көрген орыс, украин кинематографистерінің «Сегізінші гвардияшы» (реж. М. Я. Слуцкий), «Саған, майдан» (1942, реж. Д. Вертов) фильмдері аса зор ықпал жасады. Бұл екі фильм де соғыс тақырыбын арқау етті. «Саған, майдан» қазақстандықтардың тылдағы еңбек дабылын, ал «Сегізінші гвардияшы» қазақ жерінен аттанған жауынгерлердің Москва түбіндегі шайқаста жауға жай оғындай тиген қаһармандық ерліктерін паш етеді. «Саған, майдан» фильмінде бүкіл оқиға ойдан шығарылған кейіпкерлердің (қорғасын зауыдында жұмыс істейтін Сәуле мен майданда жаумен алысқан Жәміл) бір-біріне хат жазысуы төңірегінде өрбиді. Соғыстың толас тапқан бір сәтінде Сәуле хаты арқылы тылдағы ел і ерлігінен хабардар болған Жәмілдің көз алдынан туған жер, өскен орталық ондағы толассыз еңбек коріністері өтіп жатады. Жәмілмен бірге көрермендер де колхозшылар мен құрылысшылардың, кеншілер мен мұнайшылардың, балықшылар мен машина жасаушылардың ерен еңбегінің куәсі болады. Ал Сәуле Жәмілдің сәлем хатынан «тылдағы ерлік, жауынгерлерді жаңа жігерге, қаһармандыққа жетелейді» деген үнін естіп қуанады. Актер ойыны мен документті көріністердің орынды алмасып отыруы, екі сипаттағы дүнпенің (соғыс пен бейбіт өмір) қатар өрбуі фильмді композициялық жағынан босаңсытпай, оны көркемдік шешімі тұтас, сом шығарма етіп шығарған.

1944 жылы кинохроника коллективі көркем фильм студиясымен біріктіріліп ірі творчестволық мекеме - Алматы көркем фильм және хроникалы-документті фильм студиясы құрылды. Осы үлкен ұйымның құрылған күнінен қазақ киносының жаңа тарихы басталады. Техникалық жабдықтар мен мамандарды бір орталыққа шоғырландыру кино түсірудің жаңа мүмкіндіктерін туғызды. Бұл әсіресе документті кинодан айқын көрініс тапты. Бұған дейін бір жүйеге түспей келген мерзімді шығарылым, оның сапасы мен санын арттыру дұрыс жолға қойылды. Осыған орай тақырып әрі жанр ауқымы кеңейді. Советтік Қазақстан шежіресін шынайы суреттейтін документті кинода социалистік қоғам орнатушы совет халқының партия мен үкімет қаулы-қарарларына дер кезінде үн қосып, коммунизм болашағына еселі еңбекпен өз үлестерін қосып жатқан сәттері шынайы бейнеленді. Адам, оның іс-әрекеті мен ішкі жан-дүниесі, мақсат-мұраты - документті лента шеберлерінің басты тақырыбына айналды. Тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбы да документті кинодан елеулі орын алды. «Советтік Қазақстан», «Тың олкесі» киножурналдары меп көптеген документті фильмдерге («Тың жерде», 1955, реж. Э. Файк, К. Я. Смирнов; «Тың совхоздары», 1955, реж. О. Әбішев, Смирнов; «Миллиард үшін шайқас», 1956, реж. М. Дулэпо; «Тың наны», 1959, реж. X. Дәулетбеков; «Ел мен жер», 1961, реж. М. Ф. Аранышев; «Қазақстан миллиарды», 1973, реж. И. Верещагин т. б.) бұрын игерілмей жатқан ұлан ғасыр жерді астықты алқапқа айналдырған совет еңбеккерлерінің ерлік істері арқау болды. Қазақстап документті киносы алуап жанрда (тарихи шежіре, ендірістік очерк, шолу ленталары, сатиралық плакат, репортаж; портрет, музыкалық әңгіме сияқты фильмдер т. б.) туындылар берді. Соның ішінде шолу фильмдердің алар орны ерекше. Олар негізінен мерекелік (юбилейлік) күндерге арналған. «Қазақстан» (1940), «Ширек ғасыр» (1945), «Советтік Қазақстан» (1950), «Бақыт туралы ой» (1960), «Қазақстан, өз елім» (1970), «Алмас қыры» (1977) фильмдері Қазақстанның 20 жылдық тойынан бүгінге дейінгі белгілі асуларын, Совет өкіметінің 60 жылдық ұлы мерекесін тойлау сәттерін қамтыған. Шолу фильмдер кейде бүкіл одақтық және халықаралық көрмелер ұйымдастырғанда, кейде туристер үшін де түсіріледі. Бұл фильмдер қай мақсатта түсірілмесін оның бәрінде де Советтік Қазақстанның жүріп өткен жолы, ондағы ұлы өзгерістер, ауыл шаруашылығы мен мәдени өрлеудегі қол жеткен табыстар туынды өзегін құрайды. Онда ірге көтерген жаңа қалалар, онеркәсіп аудандары, колхоздар мен совхоздар, ғылым жетістіктері т. б. кеңінен көрсетіледі. Фильм негізіне алуан сипаттағы материал алынғанмен республикалық келбетін көрсете аларлық басты, «ең қажетті» дүниелерді іріктеп алу осы жанрда еңбек еткен кино шеберлерінің бірінші мақсаты болды. Документті кинопортретке де ерекше көңіл бөлінді.

Белгілі ақын-жазушылар Махамбет Өтемісов, С. Торайғыров, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, К. Әзірбаев, М. О. Әуезов, I. Жансүгіров, композитор-орындаушылар Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісова, М. Телебаев, ғылым қайраткерлері Қ. И. Сәтбаевтың портреттері жасалды. Ә. Жанкелдин, Т. Рысқұлов, Ғ. Мұратбаевтың революциялық іс-әрекеттерін бейнелейтін ленталар жарық көрді. Бірқатар туындылар еліміздегі еңбек ардагерлері сауыншы Ш. Терлеуова, күрішші Ы. Жақаев пен Ұ. Алтайбаева, бөлімше дәрігері Ф. Ерболатов, түсті металлургия маманы II. Жақсыбаев, механизаторлар К. Дөненбаева, И. И. Иванов, Л. Картаузов, шопан-ұстаз Ж. Қуанышбаев, аудандық комитет секретары В. В. Сидорова, актер К. Қожабеков, әнші Б. А. Төлегенова, суретшілер Қ. Т. Телжанов пен А. Ғалымбаева жайында да портреттік туындылар дүниеге келді. Творчестволық жағынан толысқан қазақ документті киносы қазіргі кезде жаңа даму белесіне көтерілді. Қазақстан Компартиясының 14-съезінде КПСС ОК Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП ОК-нің бірінші секретары Д. А. Қонаев «...республиканың документті киносы саласында сәтті, тіпті талантты еңбектер көрініп жүр» деп бағалады (Таңдамалы сөздер мен мақалалар, А., 1978, 353-б). Көптеген документті ленталар сыйлықтар мен дипломдарға ие болды. Сәтті кино туындылары үшін О. Әбішев пен А. Нұғыманов Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Қазақстан документті кино шеберлері өз мамандықтары мен шеберлік дәрежесін жетілдіру барысында аянбай еңбек етуде.

«Аманкелді» фильмнен кадр. 1938. Реж. М.З. Левин

 

1938 жылы Қазақстан коркем фильмінің алғашқы қарлығашы - «Аманкелді» дүниеге келді. Ұлттық кино өнерінің бұл туындысы қазақ және орыс кинематографистерінің қатысуымен «Ленфильм» студиясында жасалды. Фильм сценарийін Б. Майлин, Ғ. М. Мүсірепов, В. В. Иванов жазды. Фильмді қойған реж. М. З. Левин. Оған кеңесші болған жазушы Қ. Тоғызақов. Музыкамен көркемдегендер: А. Қ. Жұбанов пен М. Ф. Гнесин. Басты рольде ойнағандар: Е. Өмірзақов, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, Қ. Байсейітов, Қ. О. Бадыров, Ш. Жиенқұлова, Ф. Федоровский, Г. Станиславский, В. Сладкопевцев. Павильондық түсірілім Ленинградта, ал нақты түсірілім Қазақстанда жүзеге асырылды. Фильмде халықтың өмірі мен тұрмысы, дәстүрі, психологиялық және ойлау ерекшеліктері, ұлттық характердің өзіндік сипаттары сенімді әрі шынайы суреттелген. «Аманкелді» фильмінде ұлттық ерекшелік өзінің тарихи-революциялық мазмұнымен айқын интернационалдық сипат алды. Фильм авторлары бас қаһарманды халық тағдырымен біте қайнастыра отырып, оның өмірбаянын тереңірек ашпақ болған. Аманкелді Иманов нағыз революционер болып шықпастан бұрысы ұлт-аззаттық қозғалысы басында жүреді. Ол орыс, қазақтарды қанаушы патшаға қарсы күресін ерте бастайды. Өз еліне бостандық пен бақытты қай әлеуметтік құрылыстың әкелетінше көзі жетпесе де ол әділетсіздіктің қас жауы болып жаралған. Сондай қаһарманның саяси, таптық көзқарасының қалыптасып, Совет өкіметі үшін жан аямай күрескен революционер деңгейіне көтерілуін көрермен өз көзімен көреді. Аманкелді роліндегі Өмірзақов өзінің рухани һәм идеялық сенімі, мінез-сипаты, түр-тұлғасы жағынан халық қаһарманына өте жақын келді. Фильм қаһармандық эпопея тұрғысында түсірілген. Атты әскер шабуылы, сарбаздардың соғысқа әзірлігін байқау сияқты көріністерден бейнелеу тәсілдерінің монументтілігі, кең ауқым танылады. Бұл кеңдік кадр ішкі көріністерімен қатар монтаждық құрылым ырғағында айқын аңғарылады. «Аманкелді» сияқты қазақ көркем фильмінің дүниеге келуі 30 жылдардың 2-жартысындағы экономикалық және мәдени өрлеуге (ауыр индустрия дамып, ауыл шаруашылық қанат жайды) үндес келді. Қазақ интеллигенциясының қатары талантты жас жазушы, композитор, суретші, артист есімдерімен толықты. Әдебиет пен өнер жоғары профессионалды дәрежеге котерілді. Экономикасы мен мәдениеті жоғары сатыға көтерілген елде театр, музыка, кескіндеме мен көркем әдебиеттің творчестволық тәсілдерін һәм бейнелеу мүмкіндіктерін синтездік тұрғыда еркін пайдалана алатын ең ұтқыр өнер түрі - көркем фильм жанрын өркендету бірінші орынға қойылды. Осы игілікті істің «Аманкелдіден» басталған сәтті қадамы бұдан былайғы көркем фильмнің өркен жаюына себепші болды.

1939 жылы Қазақстан К(б) П ОК мен Халкомсовы «Қазақстанда әдебиет пен өнерді одан әрі өркендету» жайында қаулы қабылдады. Қаулыдан кейін Алматыда көркем фильм студиясын ұйымдастыру, оған ұлттық мамандар даярлау мәселесін жүезеге асыру шараларын қадағалайтын арнайы бригада құрылды. Бір топ талапты жастар Москвадағы Бүкіл одақтық мемлекеттік кинематография институтына оқуға жіберілді. Театр мен бейнелеу өнері мекемелерінен көркем фильмге кадрлар алынып, олар «Мосфильм» мен «Ленфильм» студияларында тәжірибе курстарынан өтті. Республикалық кинофикация басқармасының жанынан сценарий бөлімі ашылды. Ол негізінен қазақ жазушыларының сценарий жазуға машықтануын қадағалады. Осы бөлім жариялаған бәйгеге 30-дан астам автор қатысты. Бәйге нәтижесінде Әуезовтің сценарийі бойынша «Райхаи» (1940) фильмі түсірілді. Фильм бір кезде бай есігінде жүрген қазақ қызының советтік заманда социалистік қоғам орнатысушы азамат қатарына көтерілуін шынайы әңгімелейді. 1941 жылы қазан айында Алматыда көркем фильм студиясы құрылды. Осы тұста екі ірі киностудия «Мосфильм» және «Ленфильм» эвакуациямен Алматыға көшірілді. Осы үш студия уақытша бір ұйымға топтасты. Қазақстан жас кинематографистерінің белгілі орыс кино мамандарымен тізе қоса жұмыс істеп, олардан тәлім-тәрбие алуы қазақ кино өнерінің ілгері басуына зор ықпалын тигізді. Бұл көркем фильмнің ең бір өркендеген мезгілі болды. Орталық киностудия мамаидары республикалық кинематографистерімен бірлесе отырып, бірнеше көркем фильмдер жасады. 1942 жылы реж. В. П. Строева қазақ жауынгерлеріне арналған қысқа метражды екі фильм («Жауынгер ұлы» - С. В. Михалков, И. Л. Прут, Мүсіреповтің сценарийі бойынша; «Алып туралы ән» - Ә. Тәжібаев, Л. Жежеленконың сценарийі бойынша) түсірді. 1943 жылы реж. Е. Е. Аронның қоюымен колхоздағы қазақ жастарының өмірін бейнелейтін бес бөлімді музыкалық комедия «Ақ роза» жарық көрді. 1944 жылы реж. А. И. Минкин мен С. А. Тимошенко қазақ операсы мен спектакльдерінен, жеке концерт үзінділерінен құралған «Домбыра сазы» атты фильм-концерт жасады. 1944 жылы «Мосфильм» және «Ленфильм» студиялары Москва мен Ленинградқа қайта оралды. Осыдан кейінгі Алматы көркем фильм студиясының өз алдына түсірген туындысы - «Абай әні» (1945, реж. Г. Л. Рошаль, Арон) болды. Әуезовтің Рошальмен бірігіп жазған сценарий арқауына Айдар мен Ажардың бір-біріне деген шын махаббаты алынды. Бір-бірін шын сүйгеп жастарды шариғат заңы мен феодалдық заман озбырлығынан арашалаушы Абай тұлғасы фильмде сомдана түседі. Оның ұлы ақын болумен қатар үлкен адамгершілігі мен әділеттілігі айқындалады. Абай ролін Қуанышбаев ойнады. Ол ұлы ақынға тән рухани байлық пен даналықтың тамаша бейнесін жасады. Оның әрбір қимылынан Абайға тән даналық, мейірімділік пен құштарлық аңғарылады. Қуанышбаевтың Абайы жалын атқан жас ақып емес, бірақ оның жүрек оты мәңгі алау іспетті. Сырт көзге Абай байсалды, асып-саспайды, оның қимылы сенімді, айқын, алайда әр кадр сайын оның бойындағы ақындық шабыт, ой күйзелісі күшейе түседі.

Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан көркем киносы біршама баяу дамыды. 1945-1954 жылдар Алматы көркем фильм студиясында не бары үш фильм («Алтын мүйіз», 1948, реж. Арон; «Жамбыл», 1952, реж. Е. Л. Дзиган; «Махаббат дастаны», 1954, реж. III. К. Айманов, К. Гаккель) түсірілді. «Алтын мүйіз» бүгінгі заман тақырыбын қамтыды. «Махаббат дастаны» «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» ізімен жасалды. Алайда бұл екі фильмнен де әлі буыны қатпаған қазақ кинематографиясының кейбір олқылықтары көрініс тапты. «Жамбыл» фильмін кең полотно түрінде түсіру көзделген. Жыр алыбы Жамбылдың өмірі мен оның төгілген поэзиясы фильмді кең серпін, ауқымды толғаныс ырғағында түсіру мүмкіндігін туғызған еді. Алайда фильм авторлары ақын творчествосын, халық өмірімен өте кең мағынада байланыстыру мақсатымен, бірқатар ірі тарихи уақиғаларға үстірт шолу жасаумен әуестенген. Алайда Жамбыл ролін ойнаған талантты актер Аймановтың ойлы да өлшемді қимыл-әрекеті фильмнің біршама тартымды болып шығуына себепкер болды. Жеке тағдырлар мен айқын характерлерді сипаттай отырып революция дүмпуін көрсете білу сол кездегі қазақ кино өнерінің үлкен жетістігі еді. Фильм қаһарманын революциялық көзқарасы айқын жан етіп көрсетуден гөрі, кейіпкердің сол болжамға келер жолын, оның шыққан төркінін тереңірек барлауға көңіл бөлінген. «Жамбыл» фильмі республикалық мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Бұл жас қазақ кинематографиясының өз күшімен ірі ленталар жасауға мүмкіндігі бар екендігін дәлелдеп берді.

«Шоқан Уәлиханов» фильмнен кадр. 1957. Реж. М.С. Бегалин.

«Біздің сүйікті дәрігер» фильмнен кадр. 1657. Реж. Ш.Қ. Айманов.

«Ана туралы аңыз» фильмінен кадр. 1964. Реж. А.Я.Карпов.

«Қилы кезен» фильмінен кадр. 1966. Реж. А.Қарсақбаев.

«Ата мекен» фильмінен кадр. 1966. Реж. Ш.Қ. Айманов

 

Қазақстан кинематографистері 1955 жылдан бастап көркем фильм шығару ісін қайта жандандырды. Сөйтіп, біршама творчестволық жөтістікке жетті. Жылына үш-төрт лента жасау тұрақты өндірістік межеге айналды. Идеялық мазмұны терең, көркемдік сапасы жоғары фильмдер дүниеге келе бастады. 1955-1979 жылдар жарық көрген 70-тен астам фильм бүгінгі советтік шындық тақырыбын арқау етті. Бұл фильмдер оқиғалары алуан жанрда (драм., комедиялық, шытырман оқиғалы, музыкалы т. б.) сөйледі. Сонымен қатар тарихи, тарихи-рев., тарихи-өмірбаяндық кинофильмдер де түсірілді. Көрермен көңілінен шыққан таңдаулы фильмдер: «Өжет қыз» (1955, реж. П. Боголюбов), «Мазасыз көктем» (1956, реж. А. Медведкин), «Біз осында тұрамыз» (реж. Айманов), «Ботагөз» (реж. Арон), «Шоқан Уәлиханов» (реж. М. С. Бегалин), «Біздің сүйікті дәрігер» (1957, реж. Айманов), «Ана туралы аңыз» (реж. А. Я. Карпов), «Менің атым Қожа» (1963, реж. А. Қарсақбаев), «Алдар көсе» (1964, реж. Айманов), «Қилы кезең» (реж. Қарсақбаев), «Ата мекен» (1966, реж. Айманов), «Асудағы атыс» (реж. Б. Т. Шәмшиев), «Жанкелдин отряды» (1968, реж. Карпов), «Мәншүк туралы ән» (реж. Бегалин), «Қыз Жібек» (реж. С. Қ. Қожықов), «Атаманның ақыры» (1970, реж. Айманов), «Шоқ пен Шер» (реж. К. Масымбеков; телевизиялық фильм), «Көксерек» (1971, реж. Т. Өкеев), «Гауһартас» (реж. Ш. Бейсембаев), «Алты жасар Алпамыс» (1976, реж. Қарсақбаев), «Транс-сібір экспресі» (1977, реж. Э. Оразбаев), «Қан мен тер» (1978, реж. Ә. М. Мәмбетов, Ю. Мастюгин), «Нан дәмі» («Мосфильммен» бірге; 1979, реж. А. Н. Сахаров) т. б. Бұл фильмдердің дені алдыңғы қатарлы совет азаматтарының сом тұлғасын жасауымен ерекшеленеді.

«Атаманның ақыры» фильмінен кадр. 1970. Реж. Ш.Қ. Айманов.

«Қан мен тер» фильмінен кадр. 1978. Реж. Ә. М. Мәмбетов.

 

Қазақ кино өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан актерлер - Қ. Байсейітов, Е. Өмірзақов, С. Қожамқұлов, Қ. Қуанышбаев, Ш. К. Айманов, Ә. Өмірзақова, К. Қожабеков, Ы. Ноғайбаев, М. Сүртібаев, Л. Әбдікәрімова, Р. Мұхамедиярова, Г. М. Ысмайылова, А. Әшімов, Н. Жантөрин, Ә. А. Молдабеков, З. Н. Шәріпова-Досанова, Ф. Шәріпова; операторлар - М. Ф. Аранышев, А. Ашрапов, М. Бөркович, И. Тынышбаев, А. Фролов т. б.

Республикада туысқан елдер киносының таңдаулы туындыларын қазақ тіліне аудару ісі дұрыс жолға қойылған. Қазіргі кезде совет және шетел кино туындыларынан мыңға тарта фильм қазақ тіліне аударылды.

Мультипликациялық киноның қазақ топырағында алғаш дүниеге келуі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінің (1967) жарық көрген кезінен басталады. Фильмді суретші-мультипликатор Ә.Ә.Қайдаров жасады. Бейкүнә нәрестені зұлым айдаһар аузынан құтқарып қалу жолында өз жанын құрбандыққа шалуға дейін барған халық ұғымындағы шарапатты құс - қарлығаш туралы ежелгі ел ертегісі өнердің жаңа түрі мультфильм тілінде соншалықты шынайы да шебер жеткізілді. Халық қол өнері, оның бай фольклоры, музыкасы - туынды бояуын қандырып, авторлық шешім, терең оймен ғажайып үндестік тапты. Ертегі мазмұны әлдеқайда тереңдей түсті. Бұрыннан мәлім ертегіде айдаһар опат болса, мұнда ол шалажансар күйде қалады. Демек, жер бетінде әлі де зұлымдық атаулының тірі жүргендігін, оған қарлығаштай қайырымды пәк жүрек жандардың қара ниет дүниесімеп күресінің әлі бітпегендігін меңзейді. Қайдаров стиліне тән әсем пластика, сурет бояуының қанықтығы, қарапайым мәнер осы алғашқы фильмнен-ақ көрініс таба бастады. Қадамы сәтті басталған алғашқы осы туынды республика һәм одақ көрермендерінің ілтипатына бөлене отырып, қазақ мультипликациялық киносының мәртебесін жоғары көтеріп тастады (бірнеше советтік фестивальдардан жүлделі оралған бұл туынды 1975 жылы Нью-Йоркте өткен Халықаралық мультфильмдер фестивалының «Қола Прансиноскоп» жүлдесіне ие болды). Қайдаровтың мұнан кейінгі екінші жұмысы - «Ақсақ құлан» (1968) фильмі де халық творчествосы негізінде түсірілді. Фильм авторы аңыз әңгіменің дәуір тынысына сай эпикалық кең құлашын, терең философиясы мен шымыр драматизмін, айшықты бояуын шебер бере білген. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінен бастап домбыра үнін оқиға сарынына сай сындастыра білген композитор Н. А. Тілендиев «Ақсақ құланда» домбыраға аңыздағыдай тіл бітіреді.

Қазақ мультфильмдерінің мұнан былайғы өсу жолында халық ертегілеріне кинематографиялық балама табу талпыныстары, белгілі аңыз-әңгімелерге тың трактовка, соны шешім жасау ізденістері байқалып отырды. Бұл «Әңін айналдыру» (1969, реж. В. Чугунов), «Киелі есек» (реж. Ж. Жұмабеков), «Қожанасыр хикаясы» (1971, реж. А. Жүнісов) фильмдерінен айқын көрініс тапты. Шағын болса да халықтың әзіл-оспақ уытымен суарылып, терең ойлы, ойнақы шешімге, ұтқыр формаға құрылған бұл туындылар көрерменге көп ой тастайды. «Ақсақ құланның» игі әсері «Бозторғай» (1971, реж. Е. Сұлтанбеков) фильмінен айқын байқалады. Мұнда да әуенге құрылған әңгіме мультипликациялық баяндаумен шебер ұштасып, айтылмақ ой күй ырғағы арқылы жетіп жатады. Ширақ кадр ырғағы арқылы пайда болған оқиға драматизмі он бойында әсем музыкамен әдемі өріліп отырады. Осы мәнерде туған мультфильмдердің ішіндегі таңдаулыларының бірі «Қожанасыр - құрылысшы» (1970, реж. Қайдаров) фильмі. Фильмнің суретшісі - Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1978) Ж. Дәненов. Туынды философиялық пайымдау тәсілімен жасалған. Бейнелік құрал мейлінше аз, алдыңдағы қатарға жалаң қимылдың өзі шығарылып, көрермен назары сол қимылдан туындайтын күретамыр ой түйініне аударылған. Қожанасырдың күлкілі іс-әрекеті күлдіріп отырын күрт ойландырады. Фильм Тбилиси қаласында өткен Бүкіл одақтық 5-кинофестивальда арнайы дипломмен наградталып, Югославияның Загреб қаласындағы тұңғыш Халықаралық кинофестивальға қатысты. 1973 жылы суретші Дәненов «Сиқырлы сыбызғы» атты тұңғыш фильмін қойды. Суретшінің өзі режиссерлік еткен бұл туынды бейнелеу құралдарының молдығымен көз тартады. Қуыршақ фильм алғашқы қадамын 1969 жылы реж. Ғ. А. Қыстауовтың «Аю мен қоян» фильмінен бастады. Қыстауовтың мұнан кейінгі «Көмбе» (1970), «Үш тілек» (1971), «Бақбақ бала» (1973), «Бала мен жын» (1974), «Жынның космостағы хиқаялары» (1975), «Қадырдың бақыты» (1976) фильмдері сәтті бастаманың игілікті жалғасы іспетті. Реж. Қыстауов Қазақстан Ленин комсомол сыйлығының лауреаты (1978). Кейінгі жылдары аға буынмен қатар қазақ мультипликаторлары қатарына келіп қосылған талапты жас режиссерлер мен суретшілер тобы бірқатар тартымды туындылар берді. Олар: «Көген» (1974, суретші М. Мұхаметкәрімов), «Алтын сақа» (1976, екеуінің реж. Б. Т. Омаров, суретші М. Мірқасымов), «Ақ бота» (реж. Ж. Құсайынов, суретші Е. және Ә. Бейсенбиновтар), «Жібек шашақ» (1977, реж. Т. Меңдешева, суретші Ф. Мұқанов), «Қырық өтірік» (реж. Қайдаров), «Көртышқан мен қоян» (реж. Омаров, екеуінің де суретшісі Дәненов), «Сиқырлы қарбыз» (1978, реж. Е. Әбдірахманов, суретші Қ. Сейданов) т. б.

Соңғы жылдары СССР Кинематографистер одағы қазақ кино өнерінің, оның ішінде мультипликациялық кино жанрының өркен жаюына елеулі көңіл бөліп отыр. 1976 жылы Алматыда АСИФА (Суретші-мультипликаторлардың дүние жүзілік ассоциациясы) мен СССР Кинематографистер одағы ұйымдастырғаи Азия, Африка және Латын Америкасы елдері мультипликаторларының тұңғыш халықаралық симпозиумы өтті.

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.36-70.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-01-19 16:44:03     Қаралды-565

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »