UF

ЖЫЛҚЫ АУРУЛАРЫ

 

ДЕЛБЕ

Делбе - вирус қоздыратын жұқпалы індет. Ол негізінен малдың орталық нерв жүйесінің қызметі бұзылып, асқазан-ішектің дәнекер кілегей қабықшалары сарғайып, көбіне жіті күйде өтетін дерт.

Тарихи деректері. Біздің елде бұл індет XIX ғасырдан бастап мәлім. Өз алдына жеке ауру ретінде 1925-1948 жылдар аралығында тіркелген. 1980 жылы Америкада, Канадада, т. б. елдерде кездескен.

Қоздырғышы - әлі толық топшыланбаған вирус. Оның тұрқы домалақ, 80-1,0 нм. Біздің елде бұл індеттің екі түр-тармағы бар: біріншісі - Москва және Воронеж облыстарынан бөлінген вирус, екінші тармағына Қазақстанда 1932 жылы С. Н. Вышелесский мен К. Н. Бучнев анықтап, оның биологиялық қасиетін зерттеген вирус штаммы жатады.

Вирустың бірінші тармағына көбіне лабораториялық жануарлардың ішінде үй қояны сезімтал, ал екінші тармағына - мысық бейім келеді. Вирус 7-9 күндік тауық ұрығында және шошқа эмбрионының бүйрегінен жасалған ұлпалар себіндісінде өсіп-өнеді.

Кептірілген вирус 2-4 градус аязда 4 жылдан 12 жылға дейін сақталады, 30 процентті глицерин ерітіндісінде, 14-18 градус жылылықта 3-6 айдай тіршілігін сақтайды, тікелей түскен күн сәулесінің әсерінен 4-8 сағатта вирус жұқпалы қасиетін жоғалтады.

Эпизоотологиясы. Табиғи жағдайда індетпен 2-12 жастағы жылқы ғана ауырады, ал қолдан жұқтырғанда шошқа, ит, қой ауырады. Негізінен ауруға тебін жылқылары бейім келеді.

Індет көзі - ауру мал. Ауру шыққан шаруашылықта жылқылардың қан сарысуын РСҚ реакциясының көмегімен тексеретін болса, онда көптеген малдың жасырын түрде ауырып жүргенін анықтауға болады. Вирус қоздырғышын маса, кене тағы басқа да шыбын-шіркейлер тасымалдайды. Ауру май айынан басталып, күзге дейін созылады. Бұл ауруға мал, әсіресе сентябрь айында көп шалдығады.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Ауру өте жіті, жіті созылмалы және жасырын түрде өршиді. Оның өте жіті түрі – 3-5 күнге созылады. Мұнда мал денесінің қызуы көтеріліп, күйзеледі, шөп, суға қарамайды, терісінің сезімталдығы жойылып, аздап сарғыш тартады. Сонымен қатар ауруға шалдыққан мал тез болдырады, аузынан сілекей ағып, ерні жыбырлайды.

Жіті түрде ауырған жылқы ешнәрсеге қарамастан алға ұмтылады, кез-келген нәрсеге соғылып зақымданады. Кейде теңселіп барып құлайды, басын шайқап дірілдейді, қатты терлеп айнала береді. Сонымен қатар көзі де көрмей қалады, нәжіс шығара алмай қиналады. Қан құрамында түрлі өзгерістер байқалады: лейкоцит, эритроцит және биллирубин мөлшері шектен тыс көбейеді. Сонымен өршіген ауру 15 күнге дейін созылады. Індетке шалдыққаң жылқының 80 проценті – 1-2 күнде параличке шалдығады, өлім-жітімге ұшырайды. Аурудың жасырын түрін серологиялық реакцияның (РСҚ) көмегімен зерттеу арқылы анықтауға болады. Бұл кезеңде аурудың айтарлықтай белгілері байқалмайды.

Вирус жылқының орталық нерв жүйелерінен қан тамырлары арқылы бүкіл организмге тарайды. Індеттің негізгі айқын белгілері вирус қоздырғышының орталық нерв жүйелеріне енуінен басталады, онда ми қабықшаларын, нэнцефаломиэлит, физиологиялық жұмыс істеу қабілетін бұзады. Осының салдарынан аурудың әр түрлі белгілері байқалады. Қан құрамында билирубин көбейіп, кілегейлі қабықтары сарғаяды. Бауыры мек бүйрегі өзгеріске ұшырайды. Орталық нерв жүйесінің жүрек қызметінің осылай әлсіреуінен және белоктың ыдырап жылқы денесіне таралып, улануы салдарынан мал өлім-жітімге ұшырайды.

Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық деректер, клиникалық белгілер ескеріледі. Сонымен қатар вирусологиялық зерттеулер жүргізіліп, ауруға шалдыққан малдың қаны, билирубин мөлшері, қан сарысуында эритроциттер мен лейкоциттердің шөгу жылдамдығы (РОЭ) зерттеледі. Ол люменесценттік микроскоп арқылы да анықталады, патоанатомиялық өзгерістері де ескеріледі. Делбеден өлген жылқының көзге көрінетін кілегейлі, сулы қабықтары сарғыш тартып, танау қуысына, қуығына т. б. органдарына қан құйылады. Сондай-ақ жылқы делбесін құтырудан, Ауески ауруынан, пироплазмоздан, ботулизмнен және азықтан уланудан ажырата білу шарт.

Емі. Ауырған малды оқшаулап, қараңғыланған ат қораға кіргізіп қояды. Танау-өңеш зондымен күніне 2 рет (100-150 грамнан) натрий сульфатының ерітіндісі құйылады. Тері асты шеліне әрбір 4-6 сағат сайын 20 миллиметр камфора майын енгізеді. Сонымен қатар күре тамырларына 25 грам уротропин, 40 грамм глюкоза және кальций хлоридінің 20 грамм ерітіндісі құйылады. Тері астына 10-12 мл оттегі жіберіледі. Сондай-ақ қан тамырларына хлорлы натрийдің 200 мл қаныққан ерітіндісі құйылады. Оны әрбір 2-3 күнде қайталап отырады.

Өлекседе қандай өзгерістер байқалады? Оны сойғанда аурудың аса айқын өзгерістері болмайды. Бірақ өлген малдың әбден арығаны көрінеді. Тері асты шелдерінің кілегей қабықтары және көзге оңай көрінетін дәнекер кілегейлі қабықтары да сарғыш тартады. Талақ көлемі кішірейіп, семеді. Мал денесінің кілегейлі қабықтары мен сірі қабықтары зақымданады, танау қуысына, қуығына және ас қорыту жүйесіне қан құйылады. Ал орталық нерв талшықтарын гистологиялық әдіспен тексергенде ми қабықтарының ісініп, қан құйылғанын байқауға болады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Сақтық шаралары негізінен жылқы организмінің ауруға қарсы тұру қабілетін күшейтуге бағытталған. Оларды сапалы азықпен азықтандырып, жақсы бағып-күту керек. Сондай-ақ індет шыққан жерлерде, қора-қопсыны құрғатуға тырысу қажет. Мұндай шаруашылыққа карантин жарияланады. Ауру байқалған үйірдегі барлық жылқының көзге көрінетін кілегейлі қабықтарын қарап, денесінің қызуын тексерген жөн. Ауырған немесе ауру-ау деген малды оқшаулап барып емдейді. Ал аурудан сауыққан жылқыны бір айға дейін ешқандай жұмысқа жегуге тыйым салынады.

Карантин ашылған соң, қора-қопсыны, ақыр-науаны, қикөңді натрий-су тотығының 3 проценттік ерітіндісімен немесе сөндірілген әктің 10 проценттік ерітіндісімен дезинфекция жасайды.

ҚАН АЗДЫҚ

Жылқының жұқпалы қан аздығы жіті және созылмалы түрде өтетін жұп тұяқтылардың вирусты індеті. Оған шалдыққан жылкы денесінің қызуы көтеріліп, қан азаю белгілері білінеді, 114 сонымен қатар ауруға шалдыққан малдың жүрек, қан айналу жүйесінің қызметі нашарлап, әлсірейді.

Тарихи деректер. Ауру қоздырғышын 1904-1906 жылдары А. Валле мен А. Қарре зерттеп, оның қоздырғышының вирус екендігін анықтады. Біздің елімізде бірінші рет М. Потудин (1910 жылы), И. В. Поддубский (1929 жылы) тағы басқалар тапқан. Қейінгі жылдары Қалинин облысының жылқы шаруашылықтарынан табылған. Қазіргі уақытта жұқпалы қан аздық індеті дүние жүзінің 28 елінде, соның ішінде Америкада, Қанадада, Жапонияда, Францияда, ФРГ-де, ГДР-де, Чехословакияда, Польшада, Румынияда, Норвегияда бар. Ал біздің елімізде өте сирек кездеседі.

Қоздырғышы. РНҚ-дан тұратын күрделі вирус. Оның тұрқы домалақ, ұзындығы 90-140 нм (нанометр) құрамында транскриптаза ферменті және қанының қызыл түйіршіктерін өзара желімдейтін қасиеті бар. Сондай-ақ жылқының қан аздық вирусы өзінің физикалық-химиялық және биологиялық қасиеті жөнінен ретровирустар туысына жақын. Көбінесе вирус қоздырғышы жылқының қанында, нәжісінде, сүтінде кездеседі. Сондай-ақ ол эфирге, трипсинге сезімтал келеді. Тікелей түскен күн сәулесінде 1-3 сағат, ағын суда 219 күн түзеді. Вирус 10-15 градус ыстықта 120 күннің, ал 18-20 градус суықта 98 күннің ішінде тіршілігін жояды. 4 процентті формалин ерітіндісі 5 минутта, 2 процентті күйдіргіш натр 20 минутта, 3 процентті креолин 30 минутта, хлорлы әк 3 сағат ішінде, ал 70 процентті спирт бір минутта вирус қоздырғышының жұқпалылық қасиетін жояды. Суды қайнатсаң бірден қырылып қалады.

Жапон ғалымдары Кобаяси мен Кононың тұңғыш рет жұқпалы қан аздық вирусының ұлпалар себіндісінде өсіп-өнетіндігін анықтаған. Олардың зерттеулері бойынша вирус қоздырғышы сүйек майында және қанның ақ түйіршіктерінде (лейкоциттер) жақсы өсіп көбейетіндігі белгілі болған. Ал вирусты тауық ұрығында қолдан өсіруге болады.

Көптеген ғалымдардың тұжырымдауы бойынша вирус қоздырғышы жылқы эмбрионында өседі және осы әдіспен көп мөлшерде вирус жинап алуға болады. Осы вирусты ұлпалар себіндісінде өсіру әдісі кеңінен қолданылып, вирустың жұқпалылық қасиетін анықтауда зор көмек көрсетеді.

Эпизоотологиясы. Табиғи жағдайда бұл ауруға тек жұмыр тұяқтылар ғана бейім. Індет көбінесе жас құлын-жабағылар мен биелерде ауырлау өтеді. Шаруашылықта бұл ауру ауа райы жылы кезде, яғни июнь айынан бастап сентябрь айына дейін шығады. Сондықтан жылы аймақтар осы ауруды тара- татын сона, маса тағы басқа қансорғыш шыбын-шіркей үшін қолайлы орта.

Ғалымдардың зерттеулері бойынша сонаның бойында вирустың төрт сағат бойы сақталатындығы анықталған. Жылқының қан аздығының өзіне тән тағы бір ерекшелігі - ол көбінесе батпақты, орманды, сулы аймақтарда жиі кездеседі. Ал шөлді, құмды аймақтарда тіпті болмайды немесе өте сирек ұшырасады. Жылқының қан сарысуында осы ауруға қарсы антигела болса, онда жылқының ауруға шалдыққаны деп білу керек. Орайы келгенде айта кететін бір жайт - Англияда 1933 жылдан бастап бұл ауру жоқ деп есептеліп келген. Бірақ 1975 жылы серологиялық реакциямен (РДП) зерттегенде шаруашылықтарда жұқпалы қан аздық вирусы кездесіп қалған. Сондай-ақ 1970-1976 жылдары Америкада барлық жылқы шаруашылықтарын жаппай тексергенде 1 проценттен 8 процентке дейін осы ауруға шалдыққан жылқы табылған. Негізінде бұл індет жыл сайын қайталанып шығып тұратын дерт.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Індет жылқыға ауру мал немесе кансорғыш жәндіктер арқылы жұғады. Қан та- мырлары, лимфа бездері арқылы вирус қоздырғышы жылқы- ның барлық ағзаларына тарап, жиналады. Негізінен вирустың шоғырланып өніп-өсетін ортасы - сүйек майы. Соның салдарынан жылқыда қан айналымы бұзылады: қандағы қызыл түйіршіктер (эритроциттер) ыдырап, бірнеше тәуліктің ішінде қан құрамындағы олардың мөлшері мүлдем азаяды. Сол себептен осы аурудың ең бір өзіне тән ерекше клиникалық белгісі - қан аздығы өршиді. Мал организміне енген вирус қан клеткаларында, паренхиматоздық органдарында өсіп-жетіледі.

Аурудың жасырын кезеңі орта есеппен 5 күннен 93 күнге дейін созылады. Сыртқы белгілеріне қарай өте жіті, жіті, созылмалы және жасырын түрде өтеді. Әрине, ол жылқы организмінің ауруға қарсы күресуіне, вирустың жұқпалылық қасиетіне және сыртқы орта жағдайларына байланысты болады. Індеттің өте жіті түрі барысында жылқы денесінің қызуы көтеріліп, күйзеледі, жүрек, қан тамыр жұмысы әлсіреп, көзге оңай шалынатын кілегейлі қабықтарының түсі сарғыш тартады. Сонымен қатар ауру малдың артқы аяқтары параличке ұшырап, жүре алмай жатып қалады. Ауру асқынған кезде мал өледі.

Індет жіті түрінде өршігенде ауруға шалдыққан мал денесінің қызуы аяқ астынан көтеріліп, 40-41 градусқа дейін жетеді. Қөзінің, аузының, танауының кілегейлі қабықтары бозарып, түссізденеді, яғни мал денесінде қан азаю белгілері білінеді. Індетке шалдыққан жылқы тәлтіректеп, әрең жүреді. Орталық нерв жүйесінің жұмысы бұзылады. Ауру басталған соң біраз уақыт өткеннен кейін жемшөптен қалады, сөйтіп әбден арықтайды. Қейде осы аурудың жіті түріне жаңа туған құлындар да шаядығады. Ауру биелер бірте-бірте әлсіреп, 20 шақты күннің ішінде өкпесінің қабынуы салдарынан өледі. Қанның кызыл түйіршіктерінің тұнбаға шөгуі шапшаңдайды, ал гемоглобин 20-30 проценттей азаяды.

Індеттің созылмалы түрі жоғарыда аталған түрлерінің жалғасы болып табылады. Ол өздігінен пайда болмайды. Ауырған малдың ауық-ауық денесінің қызуы көтеріліп, тез болдырғыш келеді.

Жылқының қан аздық індетінен өлген немесе сойылған малды жарып қарағанда ішкі қабықтар мен сірі қабықтарда сөл бездерінің ісініп ұлғайғандығын, талақтың, бауырдың және басқа да ішкі органдарының қанталағанын және кесіп көрген кезде қызыл қоңыр тартып, босағанын байқаймыз. Сонымен қатар жүрек еттері де қанталап, босайды. Көздің, ауыз, танаудың кілегей қабықтары, тері асты шелі бозарады, кейде сарғыш тартып, қанталайды. Қан жөнді ұйымайды, түсі күңгірт тартып сұйылады.

Ауруды акықтау үшік эпизоотологиялық деректері, клиникалық белгілері мен өлекседегі өзгерістер ескеріледі. Індетке шалдыққан немесе ауру-ау деген жылқыны дереу оқшаулап клиникалық бақылау арқылы қанын серологиялық әдістермен, атап айтқанда, диффузиялық преципитация реакциясымен (РДП) зерттейді. Бұл реакцияны біздің елімізде бірінші рет К. П. Юров пен В. В. Сологуб қолданған. Сайып келгенде, жылқының қан аздық індетін анықтауда және оның клиникалық белгілерімен қатар РДП арқылы алынған нәтиженің де маңызы өте зор.

Жұқпалы қан аздық ауруын басқа да жылқы індеттерінен, протозооз ауруларынан: пироплазмоз, нутталиоз және трипанозомоздан айыра білу шарт.

Аурудан сақтандыру шаралары. Арнаулы нұсқауларға байланысты зоогигиеналық және мал дәрігерлік-санитарлық ережелерді бұлжытпай орындап, сырттан әкелінген жылқыны 30 күн карантинде ұстау керек. Карантин кезінде жылқыны басқа шаруашылыққа апаруға немесе сатуға, сондай-ақ ауру малды жайылымға шығару, бұл шаруашылықтан басқа жаққа азық тасымалдауға тыйым салынады. Індет шыққан үйірді түгелдей тексереді. Жұқпалы қан аздыққа шалынған және сол ауруға күдікті жылқыны оқшаулап, күнделікті дене қызуын өлшеп, айына екі рет клиникалық бақылаумен қатар гемотологиялық зерттеулер жүргізіледі. Ал осы індеттен өлген жылқының етін қайнатып, құс пен ет қоректілерді азықтандыруға болады. Ат қораны, ақырнауаны және оның маңын тазалап, дезинфекциялау қажет. Ол үшін 4 проценттік күйдіргіш натр, 3 проценттік креолин ерітінділері қолданылады. Қиды биотермиялық әдіспен зарарсыздандырады. Карантинді ең соңғы ауру жылқы сауығып болғаннан кейін 90 күн өткен соң және ауырған жылқылардың қан сарысуын РДП реакциясымен зерттеп, ауруға қарсы антитела болмаған жағдайда ғана ашады. Сөйтіп қорытынды дезинфекция жасалады. Карантиннен кейін 3 ай өткеннен соң ғана жылқыны басқа шаруашылыққа шығаруға немесе сатуға рұқсат етіледі. Осы айтылған ұсыныстар жылқыны індеттен сақтандыруға, одан тазартуға көп көмегін тигізеді.

САҚАУ

Сақау жылқы түлігінде болатын жұқпалы індет. Онымен жылқы, есек және қашар ауырады. Құлын, жабағылар ауруға тез шалдыққыш келеді. Ауырған мал денесінің қызуы көтеріліп, көзі мен танауының кілегейлі қабықтары қызарып қабынады, сондай-ақ алқым бездері іріңдеп, ісінеді.

Тарихи деректері. Жылқы сақауын тұңғыш рет 1664 жылы Золлейзел жазған болатын. Кейінірек 1888 жылы осы індеттің жұқпалы қасиетін Шютц зерттеп, қоздырғышын анықтаған. Біздің елімізде И. Я. Садовский, С. И. Златогоров және Л. Л. Қандыба эксперименттік жолмен дәлелдеген. Сондай-ақ бұл аурудың қоздырғышын анықтап, одан әрі зерттеп, көп еңбек сіңірген Ф. Ф. Луцевич, И. В. Окунцов, Р. С. Москалик, Қазақстанда ҚазНИВИ ғалымдары ғылыми тәжірибелер жүргізуде. Осы зерттеулердің нәтижесінде Қазақстанның барлық облыстарының жылқы шаруашылықтарында да жылқы сақауының кездесетіндігі анықталды.

Қоздырғышы - бактерия. Сақау қоздырғышы сыртқы ортаға және дезинфекциялағыш заттарға төзімсіз келеді. Мысалы кепкен іріңде олар 6 айға дейін, қида 4 аптаға, жемшөпте және жылкының қылында 22 күнге дейін сақталынады. Қүн сәулесі 6-8 сағаттың ішінде, 75 градусқа дейінгі ыстық су 1 сағат ішінде, ал қайнаған су бірден өлтіреді. 3 проценттік креолин, 5 проценттік карбол қышқылы, 2 проценттік формалин ерітінділері сақау қоздырғышын 10-15 минут ішінде зарарсыздандыра алады.

Эпизоотологиясы. Бұл індетпен жұп тұяқтылар ауырады. 6 айдан 5 жасқа дейінгі жас мал тез шалдығады. Бұған басты себеп - ауру немесе аурудан айыққан жылқы осы індеттің қоздырғышын өз денесінде сақтап, оны ұдайы сыртқа таратады. Індет жемшөптен де, ауру құлын мен жабағыдан да жұғады. Сақау көбінесе күзгі-қысқы кезеңде білініп, жыл сайын шығып тұрады. Қазақстан жағдайында сақау негізінен алғанда жаздың соңғы айларында білінеді де, күзде және қыста мал шығынға ұшырайды. Ал кейбір жағдайда сақа жылқы шығыны да болып тұрады. Сонымен қатар жаңбырлы жылдары сақау жіті түрде өршіп, мал шығыны көп болады. Сақаудың шығуына екінші бір басты себеп - мал азықтандыру деңгейі. Өйткені жылқының қоңы төмен болса да ол ауруға шалдыққыш келеді. Сондай-ақ індет ауа райы ерекшеліктеріне қарай да өршиді. Ауру негізінен өте жіті, жіті және созылмалы түрде өтеді.

Ауру өте жіті түрде өршігенде мал денесінің қызуы көтеріліп, жұтқыншақ, көмекей мен алқым бездерінің кілегейлі қабықтары іріңдеп қабынады. Оларды басқан кезде мал ауырсынады. Аурудың өте жіті түрі 15 күннен 25 күнге дейін созылады. Сақаумен ауырған жылқының танау-жұтқыншақ, дәнекер кілегейлі қабықтары іріңді жараға айналады. Сондай-ақ алқым бездері іседі де көлемі ұлғайып, іріңдейді. Ауырған жылқы қанының лейкоциті артып, 25 мыңға дейін жетеді, ал қанының қызыл түйіршіктері керісінше 20-30 процентке дейін азаяды.

Аурудың жіті түрінің өтуі де әлгі белгілерге ұқсас. Бірақ одан гөрі бәсеңдеу білінеді. Мысалы алқам бездері ісінеді. Бұл жағдай көбіне жаңа туған құлындарға тән. Ауру 5 күннен 7 күнге дейін созылады.

Ауруды анықтау. Сақауды анықтағанда эпизоотологиялық мәліметтері, клиникалық белгілері және ішкі ағзаларындағы патоанатомиялық ерекшеліктері ескеріледі.

Ауруды риниттен,  бронхопневмониядан және фарингиттен ажырата білу керек. Негізінен сақау бактериялогиялық зерттеу жолымен анықталады. Ол үшін сақаумен ауырған немесе өлген жылқының зақымдалған алкым бездерінен төсеніш шыныға жұғынды жасалынады. Осы алынған жұғындылар 20-30 минут спиртті эфирге салынып қойылады. Содан соң Романовский-Гимза бояуымен боялып, микроскоппен тексеріледі. Сонда өзара тіркескен моншақ тәрізді қоздырғыш стрептококкаларды көруге болады.

Бактериологиялық зерттеулерді 4 күнге дейін жүргізу керек. Лабораториялық жануарлардың ішінде сақауға мысық пен ақ тышқан сезімтал келеді.

Емі. Ауруға шалдыққан жылқы оқшауланып, жұмыстан босатылады. Оларды жылы қорада емдейді. Ауру малдың күтімін жақсартып, жаз айларында жылқыны ашық қораларда ұстайды, ал ыстық күндері лапасқа кіргізеді. Құлын-жабағылар мен бес жасқа дейінгі жылқылар сақауға тез шалдыққыш келеді, сондықтан оларға көбірек назар аударған жөн. Осы ауру шыққан жылқы шаруашылықтарында басқа ауырмаған малды да тексеруден өткізіп, дене қызуын бақылап тұру керек.

Бітеу жараларды жарып, танау қуысын жылытылған марганец қышқылды калиймен (1 : 1000), фурациллинмен (1 : 1000), ривонолмен (1 : 1000), натрий гидрокарбонатымен, 2 проценттік немесе 0,5-1 проценттік крезол сабынымен жуады. Сонымен қатар сақауға антибиотиктер де жақсы көмектеседі. 5 күннен 7 кұнге дейін күніне бір рет 12 мың ЕД мөлшерде бициллин-3 егіледі. Сонымен бірге сақау антивирусын да қолданады.

Комплексті емдеудің нәтижесі өте зор. Ауруды емдеу үшін антибиотиктермен катар сульфаниламид дәрілерін (норсульфазол, сульфадимезин) қолданады. Оларды күніне 10-12 грамнан жемшөпке немесе суға қосып береді. Сонымен бірге емдеу үшін ауру жылқының күре тамырына 4-5 күн бойы 150-200 мл 33 проценттік спирт, 30 проценттік глюкоза ерітіндісін норсульфазолдың 1 проценттік ерітіндісін құяды. Сондай-ақ 25 мл люголь ерітіндісі, 200-300 мл мөлшерде камфора сарысуын, 100 мл мөлшерде 4 проценттік уротроцинин ерітіндісі қолданылады.

Иммунитеті. Аурудан сауыққан жылқы қайтып бұл індетке шалдықпайды. Себебі осы індетке қарсы тұрақты иммунитет пайда болады. Сондай-ақ сақа жылқыларда да иммунитет пайда болып, соған орай олар да ауырмайды.

Аурудан сақтандыру шаралары. Ауруға шалдыққан малды оқшаулап, емдейді. Сақау індеті шыққан үйірді де жекелеп, құлын-жабағыларды мезгіл-мезгіл тексеріп тұру керек. Аурудан сақтандыру шараларының ең маңыздыларының бірі - қора-жайларды әрдайым малдың қитезегінен, көңнен, әр түрлі қоқыстардан тазартып, сөндірілген әктің 20 проценттік, формальдегидтің 2 проценттік ерітіндісімен дезинфекциялайды. Ол үшін 5 проценттік күйдіргіш натр немесе 5 проценттік креолин ерітінділері пайдаланылады.

Індет шыққан шаруашылыкта жылқыны сақау антивирусімен егу керек. Осы күнге дейін біздің елімізде бұл ауруға қарсы тиімді вакцина жоқ.

САЛЬМОНЕЛЛЕЗ

Бұл өте жұрпалы, әрі зілді ауру. Осы індетке ұшыраған бие кенеттен іш тастайды. Ауруға негізінен көктемгі немесе күзгі маусымда шалдығады.

Қоздырғышы қозғалғыш, таяқша тәрізді, барлық аналит бояуларымен боялады, спора түзеді. Олар кәдімгі жасанды қоректерде өсіп-өне береді.

Эпизоотологиясы. Көбіне бұл індетке жас жылқы, әсіресе байталдар шалдыққыш келеді. Жаңа туған құлындар да ауырады. Ақталар мен айғырлар ауырғанмен, індет жасырын түрде өтеді. Лабораториялық жануарлардың ішінде бұл аурудың қоздырғышына ақ тышқан өте сезімтал келеді. Оларға індет қоздырғышын тері мен ет арасына жібергенде 12-14 күннің ішінде өліп қалады. Аурудың көзі негізінен іш тастаған биелер. Олар қағанақ суымен және қағанақ қабығымен көптеген ауру қоздырғышың сыртқа шығарады. Қоздырғыш 10-15 күнге дейін тарайды, кейде бұл мерзім 60 күнге дейін созылады. Ауру биелер жемшөпті, ақыр-науаны, төсенішті ластайды. Сондықтан сау биеге ауру қоздырғышы жемшөптен, судан жұғады. Қейбір жағдайда ауруды жыныс жолымен айғыр да таратады. Ауру қоздырғышы мал ішегінде узақ уақыт сақталады. Індеттің таралуына сыртқы орта жағдайы да қатты әсер етеді. Сондай-ақ ауа райының кенеттен өзгеруі, құнарсыз жемшөппен азықтандыру және витамин жетіспеу де аурудың шығуына себсп болады.

Негізінде биелер сентябрьден ноябрь айына дейінгі уақытта жиі іш тастайды. Алғашқы кезде бір-екі бие ғана іш тастаса, 2-3 күн өткен соң ол жаппай басталады. Жаңа туған құлындардың дене қызуы көтеріліп, аяқ буындарының зақымдануымен, кіндіктің іріңді қабынуымен ұштасып, қоздырғыш түгел организмге жайылады да мал өледі.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Ауру қоздырғышы ішектен қанға өтеді. Соның салдарынан қанмен бірге жатырға өтіп, онда өсіп-жетіледі. Аурудың өршу уақыты 2-3, кейде 6-8 аптаға созылады. Бие негізінен буаздығының 4-8 айлығында іш тастайды. Іш тастау кенеттен басталады. Іш тастардың алдында бие тыпыршып, танауынан қан кетеді, жиі-жиі несеп шығарып, желіні аздап ісінеді. Егер осы жылқының желініне оқыс қол тигізсең, сүт ағады, денесінің қызуы көтеріледі. Қарнының төменгі жағы ісінеді. Ауру мал жүргенде теңселеді. Іш тастауы өте жеңіл түрде өтеді.

Буаздығының бастапқы айларында іш тастаған биеде аурудың ешқандай белгісі болмайды. Ал буаздығының соңғы айларында бие қиналып, кейде мал дәрігерлік-санитарлық көмек көрсетуге де тура келеді. Іш тастаған бие жемшөптен қалады. Буаздығының екінші жартысында іш тастаған биенің кейде жатыр қабықшалары ісініп, уланады, тіпті өлім-жітімге де ұшырайды. Егер тірі қалса екінші рет бұл ауруға өте сирек шалдығады немесе мүлде шалдықпайды.

Ауруды анықтау. Сальмонеллезді іш тастауды бактериологиялық және серологиялық зерттеулердің нәтижелеріне сүйеніп анықтауға болады. Ауруды толық анықтау үшін оны басқа індеттерден ажырата білген жөн. Негізінен алғанда токсикозадан және нашар жемшөптен болған түсік емес екеніне көз жеткізген дұрыс.

Емі. Сальмонеллездік іш тастаған биенің жыныс мүшелерінің жұмысын қалпына келтіру үшін оны жеңіл дезинфекциялағыш химиялық заттардың ерітіндісімен жуады. Ол үшін 0,5 проценттік лизол немесе 3-4 проценттік ихтиол ерітінділері қолданылады. 5 проценттік норсульфазол ерітіндісін 1 кг тірілей салмағына 0,005 грамнан 1-2 күн бойы күніне 3 реттен жібереді. Қелесі күні мөлшерін азайтып 0,0025 грамнан, күніне 2 реттен енгізеді. Осылай емдеу ауру мал денесінің қызуы төмендегенше жүргізіледі. Ауру малды құнарлы жемшөппен азықтандырады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Сальмонеллездік іш тастауға қарсы тірі вакцинаны біздің елімізде 1964 жылы тұңғыш рет Б.А.Матвиенко жасап шығарған. Қазақстанның жылқы шаруашылықтарында осы вакцинамен 400 мыңнан аса буаз бие егілді. Оның нәтижесі жаман болған жоқ.

Биелерді негізінен алғанда буаздығының 4-7 айлығында, кейбір шаруашылықта 3-6 айлығында вакциналайды. Сонымен бірге биелер жаппай іш тастап жатқан кезде де осы вакцинаны қолдануға болады. Оны бір қайтара еккеннен кейін 1-2 аптадан соң ауру тоқтайды. Ауру тоқтамаса емдеуді араға 2 апта салып қайталайды. Іш тастаған және ауру-ау деп күмән туғызған жылқыны оқшаулап, күнделікті дене қызуын өлшеп, емдейді. Әлгі вакцинаны айғырға да қолдануға болады.

ТҰМАУ

Бұл аурумен барлық жылқы тұқымы ауырады. Осы ауруға шалдыққан мал көзінің, танауының, аузының кілегейлі қабықтары қабынып, денесінің қызуы көтеріледі. Бұл жіті түрде өтетін зілді де жұқпалы індет. Соның салдарынан жоғары тыныс жолының ішкі қабатының қызметі өзгере бастайды, ауру аса асқынған кезде мал жөтеліп, аузы құрғап, өкпе тканінде қабыну процесі басталады.

Тарихи деректері. Аурудың қоздырғышы белгісіз болғандықтан індет көп уақыт бойы инфлюэнца деп аталып келген. Ауруды 1956 жылы Чехословакпя, ал 1963 жылы Америка ғалымдары анықтады. Біздің елімізде З. В. Домрачев (1961 жылы) адамдардан және ауру жылқыдан тұмау вирусының екінші тобын бөліп алған. 1969 жылы Украинаның жылқы шаруашылықтарынан кездесті (К. П. Юров пен Н. Н Крюков). Қазақстанда бұл ауру әлі зерттелмеген.

Қоздырғышы - сопақшалау келген және бір-бірінен қашық жататын, жіп тәрізді РНҚ-дан тұратын уытты вирус.

Негізінен тұмау вирусы 3 типтен тұрады. Сондықтан құрамы күрделі вирусқа жатады. Мысалы вирустың бір ғана бөлігінде 400-ге тарта гемоглютинин және 80-ге жуық нейраминилаза ферменті кездеседі.

Вирус қоздырғышын химиялық әдіспен зерттегенде онда, негізінен, шамамен 0,8-1,1% рибонуклеин қышқылынан (РНҚ), 70-75 процент белоктан, 58 процент көміртегіндік қосылыстан және 20-40 процент май тәрізді заттардан тұратындығы, сонымен қатар жылқының тұмау вирусының індет қоздырғышының жылқының, есектің, сиырдың қанындағы қызыл түйіршіктерге қонып, оларды өзара желімдеп қоятын қасиеті бар екендігі анықталған.

Жылқы тұмауы вирусының қоздырғышы «А» типіне жатады және оның А (екви-1), А (екви-2) деп аталатын екі түрлі тармағы бар. Осы аурудың бірінші тармағы адамға да қауіпті. Сондықтан індеттің пайда болуы мен оның өту барысында сыртқы орта факторларының әсері орасан зор.

Тұмау вирусы тауық ұрығында өсіп-өнеді. Ол үшін тауықтың 7-12 күндік ұрығына вирус қоздырғышын енгізеді. Содан кейін жұмыртқаны термостатқа қояды. Қолайлы жағдайда вирус 2-3 күннің ішінде өсіп-жетіледі. Оның өсіп-жетілуі үшін нейраминидаза ферменті вирустың сыртқы қабығын ерітіп, ішіндегі нуклейн қышқылын босатады. Одан әрі РНҚ тіршілігін күшейтіп, өзіне тән вирустар түзе бастайды. Соның әсерінен тауық ұрығының тіршілігі бірте-бірте баяулайды. Бұл әдіспен вирусты көп мөлшерде жинап алуға болады, ал оның жиналғандығын гемоглютинация реакциясының көмегімен анықтайды. Індет қоздырғышы күн сәулесінің және дезинфекциялағыш заттардың әсеріне төзімсіз келеді. Мысалы 1 проценттік формалин мен лизол, 5 проценттік креолин, 2 проценттік күйдіргіш натр және 3 проценттік хлорлы әк ерітінділері вирусты бірнеше минут ішінде зарарсыздандырады.

Сонымен қатар хлор ерітінділері 30-60 минуттың ішінде вирустың жұқпалы қасиетін жояды, ал 70 проценттік этил спиргінде 5 минуттың ішінде 3 проценттік фенол, 1 проценттік йод сығындысы, 1 проценттік сулема және 1 проценттік ерітінділері 3 минутта өлтіреді. Вирусты кептірген кезде 4 градус жылылықта 8-10 ай ішінде ол өзінің жұқпалылық қасиетін 2-3 логарифмге төмендетеді, ал 70 градусты спиртте 5 минутта өледі. Жұмыр тұяқтылар адамда кездесетін тұмау вирусына сезімтал келеді. Көптеген ғалымдардың зерттеулері бойынша осы тұмау вирусына әр түрлі лабораториялық жануарлар (ақ тышқан, теңіз шошқасы, кірпі, ит, үй қояны, күзен және маймыл) пайдаланылған. Олардың ішінен аса сезімталы ақ тышқан мен күзен болып шыққан.

Эпизоотологиясы. Жылқы тұмауы көбінесе жылдың суық, жауын-шашынды маусымында, әсіресе көктем, күзде байқалады. Тұмау эпизоотологиясы, кейде қолайсыз жағдайларға байланысты, яғни сыртқы орта факторларына немесе ауа райының кенеттен өзгеруіне мысалы, жылқының ылғалды-сулы жерлерде ұсталып, күтімінің нашарлауының салдарынан кенеттен басталып, бір немесе бірнеше мемлекеттің жеріне таралады (панзоотия) да тез арада өршиді.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Аурудың барысы азықтандыру, күтім мен емдеу сапасына байланысты. Ол ауа арқылы жұғады. Вебстердің (1978 жылғы) тұжырымдауы бойынша, індет қоздырғышын құс пен ұсақ кеміргіштердің тасымалдауы мүмкін. Бұл індетке жылқы тектес жұмыр тұяқтылардың жасы мен жынысына қарамастан, барлығы шалдығады. Ипподромдар мен жылқы заводтарында жылқының Юпроценттен 100 процентке дейіні тұмау індетімен ауыруы мүмкін. Көбіне бұл ауруға жылқы, есек, қашыр шалдыққыш келеді. Құлын-жабағыларда ауру кексе жылқыларға қарағанда өте зілді түрде өтеді. ІндеттІ ауру жылқы немесе аурудан айыққан айғырлар таратады.

Аурудың қоздырғышы буаз биенің немесе жас төлдің жоғары тыныс алу жолдары арқылы еніп, сонда өсіп-жетіледі, содан уыттылығы артып, қабыну процесін қоздыруға себепші болады. Вирустың қанға өтуі де мүмкін. Тұмау вирусы орталық және вегетативті нерв жүйесі талшықтарына әсер етіп, жылқы организмін әлсіретеді. Соның салдарынан ауру жылқы күйзеледі, денесінің қызуы көтеріліп, жалпы иммунологиялық қызметі төмендейді, Міне, жылқы организмінің індетке қарсы осылай күресуі әлсіреген кезде басқа да патогенді микробтардың өсіп-жетілуіне колайлы жағдай туады. Сондықтан ауруға шалдыққан малдың жоғары тыныс алу органдарының ауруын вирус қоздырғыштары мен микробтар асқынта түседі. Жоғарыда көрсетілген себептердің, жағымсыз факторлардың мал организміне тигізедін (әсерінің салдарынан тыныс жолдары клеткаларының оған қарсы тұратын қорғаныс қабілетін, иммунологиялық, физиологиялық кедергі жасайтын қызметін нашарлатады.

Індеттің жасырын кезеңі 1-6 күн, кейде тіпті 18-20 сағат қана. Ол аяқ астынан пайда болады. Алдымен мал денесінің қызуы көтеріледі де, 39,5-40 градусқа дейін жоғарылап, 1-4 күнге дейін созылады. Ауру жылқының танауынан жылбысқы сұйық ағып, тыныс алу процесі нашарлайды, көзге шалынатын кілегей қабықшалары жасаурап құрғақ жөтеліп, ноғала түседі. Сонымен қатар шан-тозаң жұтқыншақ пен кеңірдектің кілегей қабықшаларының ауруға сезімталдығын арттырады. Аурудың жіті өршуі кезінде мал азықтан қалып, аз ғана жүргеннің өзінде едәуір ентігіп қалады. Ауруға тән тағы бір белгі - бронхопневмония байқалып, жүрек-қан айналу жүйесінің қызметі нашарлайды, жүрек соғуы жиілейді. Жоғарыда айтылған жайттардың салдарынан өкпе ауруларына жиі шалдығады. Буаз бие кейде іш тастайды. Тағы бір айта кететін жайт - ауа райы құбылмалы, жауын-шашын мол жауған жылдары, құлын-жабағылар осы аурумен жиі ауырады. Індеттің салдарынан жылқы кенеттен өлім-жітімге ұшырайды. Аурудың негізгі себебі - жүрек жұмысының әлсіреуі. Сондықтан бұл аурудың шаруашылыққа экономикалық зияны мол.

Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық деректері, айырықша клиникалық белгілері және лабораториялық зерттеулер нәтижесі ескеріледі. Ауру малдың жоғары тыныс жолдарынан аққан жылбысқы сұйық, ішкі органдар кесінділері және қан сарысуы арнаулы нұсқауға сәйкес лабораторияда серологиялық әдістермен, атап айтқанда, гемагглютинация реакциясы (РГА) және комплемент байланыстыру реакциясының (РСҚ) көмегімен зерттеледі.

Ауруды вирусологиялық әдіспен анықтау үшін ауру жылқыдан алынған күдікті материалмен тауық ұрығын зақымдайды. Сайып келгенде жылқы тұмауын анықтауда оның клиникалык белгілері мен РГА арқылы алынған нәтижесінің маңызы өте зор. Ол үшін тауық қанының қызыл түйіршіктерін (эритроцитін) пайдаланады.

Жылқы тұмауын сақаудан, ринопневмониядан және вирусты артерпит ауруларынан ажырата білу қажет. Сақаумен ауырған жылқының танау-жұтқыншақ дәнекер кілегейлі қабықтары іріңді жараға айналады. Бұл ауруға тән белгі: алқым бездері ісіп, көлемі ұлғайып іріңдейді.

Ринопневмонияға тән қасиет - бие буаздығының екінші жартысында іш тастайды және А. Қаудри түйіршігі болады. Вирусты артериитке шалдыққан жылқылардың аяқ буындары ісініп, қан-тамырлары сыздап, ақсайды, кейде жатып қалады.

Емі. Ауруды емдеу әдістері мен оған арналған айрықша дәрі-дәрмектер әзір жоқ. Бірақ кейінгі кезде амантадин немесе осы топқа жататын дәрілер қолданылып жүр. Сонымен қатар, ауырған жылқыға клиникалық белгілеріне қарай ем шаралары жасалынады.

Өлекседегі өзгерістер. Осы аурудың асқынуы салдарынан өлген немесе сойылған жылқының жоғары тыныс жолдарында көзінің дәнекер кілегейлі қабығында кейде жара пайда болады. Бездерінің көлемі ұлғайып, мойын еттері ісінеді, өкпе едәуір ұлғаяды, түрі күңгірт қызылданып, кескен жерден қызыл қоңыр қан ағады. Аса асқынған кезде қабыну процесі өңешгі қамтиды, іріңдеп бронхопневмонияға айналады, өкпеде қабыну ошақтары пайда болады. Сонымен қатар жүрек қан-тамыр жүйесі босаңсиды, түр-сыйпаты да өзгереді.

Аурудан сақтандыру шаралары. Ауруды болдырмау үшін мал дәрігерлік-зоотехниялық жалпы шаралардың талаптарын қатаң сақтау шарт.

Індетке шалдыққан және ауру-ау деген күдігі бар жылқы дереу оқшауланып, емделеді. Сырттан, яғни басқа шаруашылықтан әкелінген жылқы 30 күн карантинде тұрады. Карантин жарияланған кезде осы шаруашылықтан бірде-бір малды сыртқа шығаруға немесе басқа жақтан әкелуге, ауру және ауру-ау деген күдігі бар жылқыны шағылыстыруға, немесе осы жылқыларды үйірден-үйірге көшіруге, сатуға, союға, бұрын ауру мал жайылған жайылымға жаюға және жемшөпті басқа шаруашылыққа шығаруға тыйым салынады. Осы айтылғандармен қатар ат қораларының қабырға, еден, есіктерін, жем салатын науа-астауларды, күнделікті пайдаланатын құрал-саймандарын әлсін-әлсін тазарту, ауру қоздырғышына қарсы қолданылатын химиялық қоспалармен дезинфекциялап немесе биотермиялық әдіспен өңдеп отырған жөн. Жылқы тұмауын жою үшін оның алдын-алу шараларын жасаудың зор мәні бар.

Жарияланған карантинді ең соңғы ауырғаң жылқы жазылғаннан кейін 14 күн өткен соң ғана ашық деп жариялауға болады.

Біздің елімізде бұл ауруға, яғни тұмау вирусының 1-ші, 2-ші типіне қарсы ВИЭВ вакцинасы кеңінен қолданылады. Жылқыны осы вакцинамен көктемгі, күзгі маусымдарда арасына 4-6 апта салып екі рет егеді. Мысалы, жылқы заводтарында жарысқа немесе көрмелерге апарылатын малды көрсетілген мерзімнен 7-14 күн бұрын вакциналайды. Егер шаруашылықта ауруды дер кезінде анықтаса, онда сол шаруашылықтың малымен бірге көрші шаруашылықтың да малын вакциналауға тура келеді. Жас құлын-жабағыларды бірінші рет июнь-июль айларында, содан соң сентябрь-октябрь айларында (енесінен ажыратудан бір ай бұрын), биелерді буаздығының 7-8 айлығында немесе құлындауына 3 ай қалғанға дейін егу қажет.

Осы шараларды толық қолданған кезде ғана шаруашылықтарды жылқы тұмауынан тазартуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, жылқы тұмауы кездесетін шаруашылықтарда жылқының күтімін, азықтандыру деңгейін жақсартудың да зор мәні бар.

РИНОПНЕВМОНИЯ (немесе биенің вирусты іш тастауы)

Бұл - жылқы денесінің қызуы көтерілетін, ауыз бен танаудың кілегейлі қабықшасын және жоғары тыныс алу жүйесін қабындыратын ауру. Сондай-ақ биеге, әсіресе оның буаздығының екінші жартысында, яғни 8-11 айлығында кенеттен іш тастатып, жылқы шаруашылығына зор зиян келтіретін жұқпалы, әрі зілді індет.

Тарихи деректері. Биенің вирусты іш тастауы ең алғаш Солтүстік Америкада байқалған (1933, 1936 жылдары). Біздің елімізде Украинаның екі жылқы шаруашылығынаң 1955-1956 жылдары Н.Н.Олейник анықтаған. Кейінірек бұл аурудың вирус қоздырғышын анықтап, оны одан әрі зерттеп көп еңбек сіңірген К. П. Юров. Сондай-ақ індет Қырғызстанда 1976 жылы кездескен. Оны А. В. Макроусов пен З. И. Титлов негізгі көзге көрінетін белгілеріне және өлген құлындарды сойған кезде паренхиматозды органдарындағы өзгерістерге қарап ринопневмония екенін анықтады. Қазақстанда бұл ауру әлі толық зерттелмеген. Бірақ Алматы және Гурьев облыстарының кейбір жылқы шаруашылықтарында іш тастаған биелердің қан-сарысуын серологиялық әдіспен зерттегенде аурудың бар екендігі дәлелденді (Сансызбаев А. Р., Юров Қ. П., Ахметсадықов Н. Н. 1985-1986 ж.).

Қоздырғышы - вирус. Оның құрамында дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) бар. Вирусты сыртынан белок қабықшалары қоршап, сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан сақтайды. Қоздырғыштың ұзындығы 120-200 нанометр, көлденеңінен 100-150 нанометр. Ол күрделі вирус болып саналады. Ринопневмония вирусының қоздырғышы герпесвирустар тобының 1-ші тармағына жатады. Бұл вирустың екі түр-тармағы бар: (біріншісінде Америкада анықталғаң ҚУ-Д штаммы, ал екіншісінде - Японияда бөлінген Н-45 штаммы және АРМУ-183 штамдары жатады.

Басқа жануарлар вирустарына қарағанда ринопневмония індетінің қоздырғышы эфирге, хлороформ ерітінділеріне өте сезімтал. Бөлме температурасында вирус 8 күнде, 56 градус ыстықта жарты сағат ішінде жойылады. А. Вартаның ұсынысы бойынша вирус 20 градус аязда шамамен 420-568 күн бойы тіршілігін сақтайды. Вирус рН 4,0 шамасында тең болған кезде 30 минут бойы жұқпалы қасиетін сақтайды, егер вирусты тоңазытқышта сақтаса 4 градус жылылықта үш айдан алты айға дейінгі мерзім ішінде қырылып қалады. Вирус рН 4,0 шамасында тең болған кезде 30 минут бойы жұқпалылық қасиетін сақтайды. Вирусты ұзақ уақыт сақтап тұру үшін рН-ты 7,0-7,6 шамасына жеткізіп, мұздатып қою керек. 1968, 1970, 1973 жылдары неміс ғалымы Н. Қирскоф әр түрлі химиялық заттардың ринопневмония вирусына тигізетін әсерін анықтады. Сөйтіп 0,2-3 проценттік хевисол, 1-5 проценттік инсидин ерітінділері вирусты 10 минут ішінде, 0,5 проценттік формалин 30 минутта қыратынын дәлелдеді.

Осы жолдардың авторының зерттеулері бойынша (1983-1985) глутаральдегидтің 0,01-1,00001 проценттік ерітінділерінің ринопневмония вирусының қоздырғышы 37 градус жылылықта екі сағаттан он екі сағат аралығында, ал 0,05 проценттік димерэтилениминнің үш сағат ішінде жоятыны анықталды. 0,05-0,005-0,00001 проценттік этоний вирустың жұқпалы қасиетін бір тәуліктің ішінде жоғалтады.

Вирус шыны немесе ағаш ыдыста қағаз үстінде кептірген кезде жеті күннен он төрт күнге дейінгі уақыт ішінде зарарсыздандырылады, ал жылқы қылында 42 күнге дейін сақталады. 56, 65 градус аяздарда алты ай бойы тіршілігін сақтайды.

Эпизоотологиясы. Табиғи жағдайда бұл індетке тек жұмыр тұяқтылар ғана бейім. Бұл індетпен көбінесе жас құлындар, жабағылар, биелер, ал оның жасырын түрімең айғырлар ауырады. Аурудың жасырын кезеңі 3-4 аптаға созылады. Ринопневмония қоздырғышы мал денесіне оның тыныс алу жүйелері арқылы енеді. Вирус қоздырғышы ауырған жылқының қанында және тыныс бездерінде кездеседі. Ауруға шалдыққан жылқы жөтелгенде сыртқы вирус қоздырғышын көптеп таратады. Әдетте ауру малдың сыртқы белгілері көктемде немесе жаз айларында байқала бастайды. Қоздырғыш жас құлындарға жайылымда немесе қорада-ақ жұға береді. Өйткені ауру малдан қоздырғыш сыртқа, яғни жемшөнке, ақыр-науаларға, мал тұратын орындардың төсенішіне түседі. Бірақ негізгі індет көзі - іш тастаған бие. Әсіресе індет ипподромдар мен жылқы заводтарына орасан зор зиян келтіреді. Мысалы буаз-биелердің 40-60 проценті құлын тастайды. Аурудан айыққан жылқыда осы ринопневмонияға қарсы иммунитет пайда болады. Індеттен толық арылмаған жылқы шаруашылығында бұл ауру төл алуға көп кедергі келтіреді. Аурудың тарауы мал күгіміне, азықтандыру сапасына тікелей байланысты.

Көбінесе буаз биелер іш тастағанға дейін несеп жолы арқылы вирусты сыртқа шығарады. Ауруға шалдыққан айғырлар айлап, жылдап вирус қоздырғышын тасымалдаушы болады.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Ауру қоздырғышы ең алғаш тыныс жолдарының кілегейлі қабықшаларында өсіп-өніп көбейеді. Сөйтіп жараға айналады. Одан лимфа тамырлары арқылы қанға өтіп, жылқы организміне толығынан тарайды. Буаз биелердің қанындағы ақ қан түйіршіктері арқылы құрсақтағы төл шаранасы мен жатырдың ішкі бетінде орналасқан, төл мен енесінің зат алмасу процесін байланыстырып тұрған тканьдер арқылы құлынның зат алмасуын бұзады. Соның салдарынан құрсақтағы құлын іште өледі де, буаз бие іш тастайды.

Ринопневмония клиникалық белгілеріне қарай төрт түрге бөлінеді. Олар: жоғары тыныс жолдары арқылы тарайтын індет, буаз биелерді іш тастататын індет, нерв жүйелерімен миға шабатын індет және жыныс органдарының кілегейлі қабықшаларына күлдіреуік бөртпе шығатын індет.

Жас құлындар мен жабағылар ауруға шалдыққанда қысқы маусымда көбінесе жоғары тыныс жолдары арқылы вирус организмге тарайды. Соның салдарынан ауырған жылқының жалпы күйі бірте-бірте төмендейді, денесінің қызуы 39,5-40 градусқа дейін көтеріледі, шөп-судан қалады, танауларынан кілегейлі сұйық ағып, біртіндеп іріңді жылбысқыға айналады.

Қөзге оңай шалынатын тыныс органдарының, көздің кілегей қабықшалары қызарып жараға айналады. Індеттің бұл түрі 2 күннен 6 күнге дейін созылады. Егер ауру дер кезінде емделмей, асқынып кетсе, індет вирусы өкпеге шауып, ауру бронхопневмонияға айналады, сөйтіп малдың өлім-жітімге ұшырауы мүмкін. Көкірек қуысын тыңдап көргенде сырыл естіліп, жөтеледі.

Аурудың екінші түрінде буаз биелердің кенеттен іш тастауы буаздығының соңында, яғни 8-11 айлығында жаппай байқалады. Кейде олар өздігінен аяқтанып кете алмайтын әлжуаз құлын туады. Бұл ауруға жаппай буаз биелер шалдығады, әсіресе жылқы заводтарында, ипподромдарда және жылқы шаруашылықтарында індет өте қауіпті жіті түрде өтеді. Ал тебін жылқылары оның жеңіл түрімен ауырады. Ауырған жылқылар денесінің қызуы көтеріліп, ентігеді, тыныс алу ырғағы бұзылады. Бірақ ешқандай белгісі білінбей-ақ кенеттен іш тастайды. Құлын шуымен бірге түседі де бірден өліп қалады немесе өлмегенмен тіршілікке бейімі жоқ болып туады. Кейбір жағдайларда құлындаған биелердің 5 проценттен 14 процентке дейінінің шуы түспей метрит (жатырдың қабынуы), эндометрит ауруларына шалдығады. Тағы бір айта кететін жайт - іш тастаған биелердің бірнеше тәуліктен кейін қайтадан күйті келіп, айғырдан шығады. Осылай іш тастаған биелердің жыныс органдары тез қалпына келіп, бөгде белгілері болмайды.

Аурудың үшінші түрінде ринопневмония паралич түрінде өтеді. Ондай індетке негізінен айғырлар, аттар, қысыр биелер шалдығады, кейде іш тастаған биелер де (өте сирек болса да) ауырады. Ауру мал есінен танып, парез-параличке ұшырайды да, артқы аяқтарын баса алмай, мүлде жүруден қалады.

Ауруға шалдыққан жылқылар қатты күйзеліп, тынышсызданады, орталық ми мен жұлын, шеткі нерв жүйелерінің зақымдануы салдарынан денелері тырысып, өлім-жітімге жиі ұшырайды. Күтіп-бағымын жақсартып, емдесе бір-екі аптаның ішінде жазылып та кетеді.

Аурудың төртінші түрі айғырлар мен биелерде кездеседі. Індеттің бұл түрі тұңғыш рет 1968 жылы Қанадада, кейінірек Америкада, Австралияда, Норвегияда және Англияда анықталған.

Біздің елімізде аурудың бұл түрі әлі толық зерттелмеген.

Герпес вирустың екінші тобы - жасырын өтетін індет. Оған 1-3 айлық құлындар шалдығады. Бұл індеттің қоздырғышын сау малдан бөліп анықтаған. Ал негізінен басқа жұқпалы аурулармен аралас кездеседі. Ауру жылқының танауынан кілегейлі сұйық ағады.

Герпес вирустың 3-ші тобы қынап қабын бөрттіреді. Бұл ауру 7-8 күнге созылады.

Ауру айғырлар мен биелерді шағылыстырғаннан кейін жыныс органдарының кілегейлі қабықшаларында қызарып бөртпе пайда болады. Көбінесе бұл жеңіл өтеді, 2-3 күннің ішінде бөртпе ұлғаяды. Олардың орнында бірте-бірте ақ дақтар қалады. Жылқы денесінің қызуы көтерілмейді. Бұл дертті тарататын айғырлар, сол себепті індет көктемгі шағылысу кезінде өріс алады. Ауруға шалдыққан айғырлар жасырын түрде віғ рус қоздырғышын тасымалдайды да, өздері ауырмағанмен басқа сау биелерге ауру жұқтырады.

Ауруды анықтау. Ринопневмонияны анықтауда эпизоотологиялық мәліметтерін, клиникалық белгілерін және патоанатомиялық өзгерістерін ескерген жөн. Ауруды анықтауда солар негіз бола алады. Сонымен бірге лабораторияларда вирусологиялық зерттеу жүргізіледі. Ол үшін ткань себіндісі қолданылады. Әсіресе, шошқа эмбрионынан алынған ұлпалар себіндісі қолданылады. Егер осындай клетканы вируспен зақымдаса, үшінші-төртінші күндері микроскоппен бір жерге шоғырланған, домалақтау келген көп клетканы көреміз. Бұл ринопневмония вирусының қоздырғышына тән қасиет. Зақымданған клеткалар бесінші алтыншы күні толығымен бұзылады. Ауруды қосымша анықтау мақсатымен осы көрсетілген жұмыстармен қатар серологиялық әдістер де кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, бейтараптауыш реакциясы (РН), комплемент байлау реакциясы (РСҚ және РА), агглютинация (РТГА), гемагглютинациялы тежеу реакциялары арқылы зерттеледі. Соңғы реакцияларды жасау үшін ринопневмония вирусына қанның қызыл түйіршіктерін қосу керек. Оған теңіз шошқасы және жылқы қанының қызыл түйіршіктері пайдаланылады. Егер қанның қызыл түйіршіктері өзара желімделсе онда вирустың бар екендігіне ешқандай күмәннің жоқтығын көрсетеді.

Өлекседегі өзгерістер. Танаудың ішкі беті қызарып, бірқатар жері жараға айналады. Өлі не шала туған төлдің қанталаған ішкі органдарының көп жері өліеттеніп, бауыры, бүйрегі, жүрек еттері және талағы мен лимфа бездері ісінеді. Өкпесі қызарып іседі, кейде суланып қабынады. Қарынның кілегей кабығы қызарып, қабынады, ал гистологиялық түрде зерттеп көргенде өлген құлынның ішкі органдарындағы кейбір клеткалардың ядросында А-Қаудри түйіршіктері табылады. Ауруды анықтағанда осы түйіршіктің зор мәні бар.

Мидың да сыртқы қабығы ісініп қабынғанын байқаймыз және жалпы орталық нерв жүйесіндегі өзгерістер әдеттегі жіті қабынуға ұқсайды.

Ринопневмония вирусын анықтаудың басқа да әдісі бар. Ол үшін лабораториялық жануарларды, соның ішінде буаз теңіз шошқасын зарарлауға болады. Егер зарарлауға қолданылған материалда вирус қоздырғышы болса, онда 4-8 күннің ішінде теңіз шошқасы іш тастайды. Ринопневмонияны толық анықтау үшін сальмонеллезді іш тастау індетінен және жемшөптен улану ауруынан ажырата білу шарт.

Иммунитеті. Іш тастаған биелерде иммунитет пайда болып, ұзаққа созылады. Сондықтан осы індеттен іш тастаған биелер кейінгі жылдары, яғни буаздығының екінші жартысында өте сирек іш тастайды. Иммундалған биелерден туғаң құлындарда енесінің сүтімен ауруға қарсы антитела пайда болады. Бірақ ол тұрақсыз. Сондықтан бір жылдың ішінде бірнеше рет ауруға шалдығады. Енесінің сүтінен берілген иммунитет құлын қанында шамамен 2-3 айға дейін сақталады.

Ғалымдар зерттеу жүргізе отырып, бейтараптауыш антителаның құлындаған биелерден сүт арқылы жаңа туған құлынға берілетінін анықтаған.

Жаңа құлындаған биелердің қан сарысуында бейтараптауыш антителаның шамасы 1 : 6, ал құлындарында 1 : 8 шамасына жетіп және осындай дәрежеде 22 күн бойы сақталған.

Емі. Осы күнге дейін ринопневмониямен ауырған жылқылардың емі табылмаған. Жылқыларды емдеу ауру белгілеріне сәйкес жүргізіледі. Індетке шалдыққан жылқының күтімін жақсартып, антибиотиктермен қатар сульфамид дәрі-дәрмектері пайдаланылады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Індеттің алдын алу, оны болдырмау мақсатымен зоогигиеналық және мал дәрігерлік-санитарлық нұсқаудағы барлық шараларды бұлжытпай орындаған жөн. Шаруашылыққа басқа жақтан, яғни сырттан әкелінген жылқыларды 30 күн карантинде ұстайды. Егер шаруашылықта ринопневмония ауруы шығатын болса, ауырған және күдік тудырған жылқыларды оқшаулап, олардың күтімін жақсартады, сондай-ақ барлық емдеу шараларын жүргізеді. Іш тастаған биелерді бір ай өткеннен кейін ғана шағылыстыруға болады. Ауру мал тұрған қора-жайды тазартып, дезинфекциялағыш заттармен залалсыздандырады, қиын бактермиялық әдіспен өңдейді. Түсікті, биенің шуын, қорада қалған жем-шөпті түгелімен өртейді. Шаруашылықта қолданылатын аспап, құралдардың да дезинфекциялануы қажет.

Карантин кезінде сыртқа мал шығаруға не болмаса басқа жақтан мал әкелуге, жылқыны үйірден-үйірге ауыстыруға, сатуға, алмастыруға мүлдем тыйым салынады.

Ең соңғы ауру жылқы емделгеннен кейін 60 күн өтісімен үйірде бірде-бір ауру мал табылмаса, карантинді ашып, қорытынды дезинфекция жасайды да, шаруашылықты ринопневмониядан арылды деп есептейді.

Біздің елімізде жылқыларды ринопневмония індетінен сақтау үшін шаруашылықтарда, ипподромдарда және жылқы заводтарында тірі жануар тканінің ұлпасынан жасалған ВИЭВ вакцинасы қолданылады. Онымен буаз биелерді буаздығының бір айлығынан үш айлығына дейінгі аралықта, екінші рет алты-жеті айлығында егеді. Құлындарды 3 айлығында, ал енесінен айыруға үш-төрт апта қалғанда екінші рет егеді. Сақа жылқыларды арасына 3-4 ай салып жылына екі рет егеді. Егер мал денесінің қызуы көтеріліп, жоғары тыныс жүйелері ауруға шалдыққан кезде вакциналауға болмайды. Ал егілген жылқыны 3 күн өткеннен кейін ғана союға болады.

КҮЛ

Жылқы үшін ғана жұқпалы індет. Күл ауруына шалдыққан жылқы денесінің қызуы көтеріліп, танауы мен аузының кілегей қабықтарында, сонымен қатар терісінің әр жерінде және тұсау буынының бүгілетін жағында бөртпелер мен күлдіреуіктер пайда болады.

Тарихи деректері. Жылқының күл ауруы бірінші рет XIV ғасырдың басында табылған. Бұл ауру бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде кең өріс алып, таралғандығы жайында деректер бар. Ал кейінірек Америкада (1916 жылы), Францияда (1922), Чехословакияда (1936), Испанияда (1942), Индияда (1934) және тағы басқа елдерде кездескен. Біздің елімізде XX ғасырдың бірінші жартысында алғашқы рет Ф. М. Орлов пен Я. Е. Қоляков тапқан.

Қоздырғышы - ДНҚ-дан тұратын құрамы күрделі, эпителий клеткаларында өсіп-көбейетін күл вирусы, тұрқы 170-350 микрон. Күл вирусы 88,9-91,9 процент белоктан, 5-7 процент май тәрізді заттардан және 3,2-5,6 процент дезоксирибонуклеин қышқылынан тұрады. Негізінен вирус қоздырғышы ауруға шалдыққан жылқының терісі мен дәнекер кілегей қабықтарына шыққан күлдіреуіктің ішінде болады. Сыртқы орта факторларының әсеріне күл вирусы өте төзімді, мысалы вирус шірімеген тканьде, әсіресе кепкен, яғни түлеп түскен эпителий клеткаларында жылдың суық маусымдарында бірнеше айға дейін тіршілігін жоймайды. Басқа вирустарға қарағанда күл вирусы індетінің қоздырғышы алмас, фенол, 1 проценттік формалин мен хлораминге, тікелей түскен күн сәулесі мен қышқылдардың ерітінділеріне өте сезімтал. Вирус 70 градус ыстықта 5 минут ішінде, рН 3,0-3,6 шамасында болғанда бір сағат ішінде жұқпалылық қасиетін жояды.

Ауру мал жайылған жайылымда және осы аурудан сауыққан жылқылардың терісінде вирус қоздырғышы бір-екі айға дейін сақталады.

Эпизоотологиясы. Жылқының күл ауруы барлық аймақтарда кездесетің және кез-келген жастағы малда болады. Негізінен індет көзі - ауру немесе бұрын осы ауруға шалдыққан жылқы. Ауру ластанған жайылым, су немесе малды күтіп-бағушының киімі және қан сорғыш шыбын-шіркей арқылы жұғады.

Індет қоздырғышы жарақаттанған тері арқылы енеді. Табиғи жағдайда жылқыға ауру қоздырғышын кеміргіштер, қырқаяқ және саршұнақтар жұқтырады. Сондай-ақ жылқы организміне вирус тыныс алу жолдарының дәнекер кілегей қабықшалары, кейде жатыр арқылы да өтіп, індетке шалдығуы мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт, егер мал күтушілер тазалық сақтамаса ауру қоздырғышын тасымалдауға себепші болады. Ауру сақа жылқыларға қарағанда жабағы тайларда жиі кездеседі. Бұл індеттің жасырын кезеңі орта есеппен 4-8 күнге созылады.

Патогенезі. Жылқы денесіне жоғарыда көрсетілген жолдармен енген вирус, жылқының терісі мен эпителийінде немесе жоғары тыныс алу жолдарының дәнекер кілегей қабықшаларында күлдіреп тұратын бөртпе пайда болып, терінің әр жері ойдым-ойдым жараға айналады. Негізінен бұл аурудын, қабынып, өршу процесінің өзіндік ерекшелігі бар. Біріншіден, алғашқы 1-2 күнде эпителий клеткаларында бөртпе пайда болады, кейінгі 1-3 тәулікте жылқы денесіне көптеген қызғылт бөртпелер шығады, 5-6 күн өтісімсн сол бөртпешіктер суланып, күлдіреуікке айналады. 9 күннен соң күлдіреуіктер іріңдеп, 3 күн бойы малдың күйін төмендетеді. Содан кейін бірте-бірте күлдіреуіктер жарылып, іріңдегеннен кейін вирус қоздырғышы қанда мүлде азаяды. Осылайша жаңадан эпителий клеткалары түзіліп, қабыршақтанып жазыла бастайды.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Жылқы денесінің қызуы көтеріліп, 40 градусқа дейін жетеді. Көзге оңай көрінетін кілегей қабықшалары кызарып, шөп-судан қалады, көп терлейді. Егер осы вирус қоздырғышын сау малға жұқтырсақ, онда әлгінде айтылған белгілер 2-3 күнде байқалады.

Ауру 14-28 күнге дейін созылады. Індетке шалдыққан жылқы ақсап, арықтайды, сөйтіп көтеремге айналады, жегуден, мінуден қалады.

Ауруды анықтау эпизоотологиялық деректеріне, сыртқы белгілері мен лабораториялық зерттеулерге негізделеді. Бұл аурудың өршуі мал күтімі мен олардың жеке иммунды қорғаныш күштерінің жағдайына тікелей байланысты. Осыған орай іш тастау, қанталап қызару және екі формасының да бірігіп кездесуі мүмкін. Лабораторияда төсеніш шыны бетіне жұп-жұқа етіп зерттелмек затты, яғни қызарып, бөрткен терісінің әр жерінен алып жағады да оны М. А. Морозов әдісі бойынша бояп, микроскоп арқылы зерттейді. Сонда осы жасалған жұғындыдан қара-қоңыр түйіршіктер көреміз, оның тұрқы 2 мкм-ден 20 мкм-ге дейін барады. Ауруды анықтаудың басқа да әдісі бар. Ол үшін аса сезімтал лабораториялық жануарларға осы ауруға күдігі бар материалды жұқтырады. Ауруды қосымша анықтау үшін осы көрсетілген жұмыстармен қатар серологиялық әдістер де қолданылады. Атап айтқанда РИФ және РДП реакцияларының, сонымен бірге ұлпалар себіндісінің, тауық ұрығының вирусологиялық зерттеулер жасауда зор мәні бар.

Иммунитет. Ауырып жазылған жылқыда мәңгі иммунитет, ал ауырып, сауыққан жылқы қанында бейтараптағыш заттар пайда болады.

Емі. Ауруға шалдыққан жылқының аузын, терісіндегі жараны тотияйынның 2 проценттік ерітіндісімен, лизол немесе креолин ерітінділерімен 3-4 рет қайталап жуып шаяды. Көздің дәнекер кілегей қабықшасын 0,5 процентті танин ерітіндісімен сүртеді. Сондай-ақ малды дұрыс азықтандыруға зор көңіл бөлу керек.

Аурудан сақтандыру шаралары. Егер шаруашылықта жылкының күл ауруы шығатын болса, онда барлық мал дәрігерлік-зоотехниялық шараларды сақтау қажет. Екіншіден, бұл ауру адамға да жұғатынын ескеріп, осы мақсатта мал фермаларында санитарлық қағидаларды да бұлжытпай орындау шарт. Ауру шыққан шаруашылықта карантин жарияланады да, оның қоздырғышын жоюға, сыртқы ортаға тарауын тоқтатуға бағытталған нақты шаралар жүргізіледі. Үйірден ауруға шалдыққан бірен-саран жылқы табыла қалса, оны дереу оқшаулап, емдеу қажет. Сонымен қатар жылқы шаруашылықтарында сиырдын. күл ауруы шықса және оны тоқтатуға болмайтындай болса, онда осы фермадағы сау жылқыларды түгелімен күлдіреуік қырындысымен егеді, бұл әдіс негізінен медициналық практикада қолданылады. Вакцинаның мөлшерін адамға қарағанда он есе көбейтіп, ауру жылқының мойын еттерің немесе тері күлдіреуіктерін сүртеді. Вакцинамен егіп болғаннан кейін 2-4 күн өтісімен күлдіреуіктердің жиектері ісе бастайды да, 5-6 күн өткеннен кейін кеуіп қабықтанады.

Қорадағы жемшөп калдығын, қиды зарарсыздандырғыш ерітінділерге салып, арнаулы орындарға апарып өртеп жібереді.

Аурудан өлген жылқыны да терісімен бірге өртеу керек. Егер өлген малдың терісі карантинге дейін сыпырылса, онда екі проценттік ас тұзының немесе үш проценттік карбол қышқылының ерітінділерімен дезинфекциялайды. Қарантин кезінде баска жаққа мал шығаруға не сырттан мал әкелуге, сатуға, бір үйірден екінші үйірге ауыстыруға, осы шаруашылықта мал базарын ұйымдастыруға, сондай-ақ мал азығын сыртқа шығаруға қатаң тыйым салынады. Ауру шыққан шаруашылықтағы биенің сүтін 5 минут қайнатпай пайдалануға болмайды.

Індетке шалдыққан жылқыны ет комбинатына жібереді. Онда арнаулы әдістермен өңделіп, санитарлық бақылаудан өткізіледі. Ең соңғы егілген мал сауыққаннан кейін 20 күн өткен соң тағы да екі рет қорытынды дезинфекция жасалып, содан кейін ғана карантин ашылады.

ВИРУСТЫ АРТЕРИТ

Өте зілді өтетін жұқпалы, жылқы денесінің қызуын көтеріп, көзге оңай көрінетін кілегей қабықтарын қызартатын, сөйтіп биеге іш тастататын індет.

Тарихи деректері. Жылқының вирусты артериті туралы алғашқы жазба XIX ғасырда шыға бастады. Бірақ көпке дейін аурудың түр-сипаты белгісіз болып, түрлі аурулардан ажырата алмай келген.

Ауру қоздырғышын тұңғыш рет Америка ғалымдары 1953 жылы ашты. Сол жылдары індет Американың көптеген жылқы шаруашылықтарына таралып, орасан зор зиян келтірген. 1957 жылы АҚШ-тың Огайо штатында ауру шығып, бүкіл жылқысының 30 проценті өлім-жітімге ұшырап, буаз биелердің 50 проценттейі іш тастаған. Осы 1957 жылдан бастап вирусты эртерит деп аталған. Індет 1965 жылы Швейцарияда да кездескен.

Қоздырғышы - вирус. Вирус қоздырғышының тұрқы 50-100 нанометр, көлденеңінен 50-70 нанометр, РНҚ-дан тұратын уытты дене. Басқа вирустарға қарағанда вирусты артерит қоздырғышы трипсин, пенициллин және стрептомицин сияқты дәрілердің әсеріне төзімді келеді. Вирусты бөліп алу үшін жылқының паренхиматозды органынан алынған ұлпалар себіндісі ғана қолданылады.

Эпизоотологиясы. Әдетте бұл індетке жұмыр тұяқтылар бейім. Табиғи жағдайда ауамен немесе ауру малмен жанасқанда сау жылқыларға жұғады. Брайнстың (1970 жылғы) ғылыми зерттеулері бойынша, осы аурудан сауыққан айғырлар мен биелерді шағылыстырған кезде, вирусты артерит ауруының барлық сыртқы клиникалық белгілері биелерде байқалған. Оның үстіне вирус қоздырғышы бөлінген.

Патогенезі әлі толық зерттелмеген. Вирус жылқының қан тамырларын зақымдайды. Соның салдарынан ішкі органдары, аяқтары ісініп, буаз бие іш тастайды.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Жасырын кезеңі 1-5 күн, ал ауруға шалдыққан буаз бие 10 күннен 1 айға дейінгі уақыт ішінде іш тастайды.

Табиғи жағдайда ауырған мал күйзеледі, шөп-судан қалып, көзінің, танауының кілегей қабықшалары қызарады, көзінен және танау қуысынан жылбысқы сұйық ағады. Сондай-ақ тәл-тіректеп, дем ала алмай, ентігеді, іші өтеді және бір айта кететін жайт сол вирусты артерит ауруы жылқының жасына, жынысына, тұқымына қарамай тарай береді. Індет сақа жылқыларға қарағанда төлде зілді түрде етеді. Егер дер кезінде тиісті ем қолданылмаса ауырған жылқының 50-80 проценті іш тастайды немесе өлім-жітімге ұшырайды.

Өлекседегі өзгерістер. Өлген малды сойған кезде, барлық ішкі органдардың қанталағанын көреміз. Әсіресе сулы қабықшаларының астыңғы қуысында және ішектің дәнекер кілегей қабықтарында өзгерістер болады. Сондай-ақ ішкі паренхиматозды органдарында да қанталаулар байқалады.

Ауруды анықтау. Осы уақытқа дейін тек клиникалық белгілеріне эпизоотологиялық деректеріне және өлекседегі өзгерістеріне қарап ауруды ринопневмониямен немесе жылқы тұмауымен шатыстырып, дұрыс анықтай алмай келген. Қазіргі кезде ауруды лабораториялық әдістермен тексереді. Негізінен ұлпалар культурасында вирус қоздырғышын анықтайды. Атап айтқанда, серологиялық әдістермен рН (бейтараптау реакциясы) және комплемент байланыстыру реакциясы (РСҚ) көмегімен зерттеледі.

Емі - табылмаған.

Аурудан сақтандыру шаралары. Малды әрдайым, уақтылы азықтандыру, дер кезінде суарып, рационды құнарлы жемшөптерден жасау, жұмыста дұрыс пайдалану аурудан сақтандыруға зор көмегін тигізеді. Ауру шыққан шаруашылық карантинге жабылады. Бұл кезде жылқыны басқа шаруашылыққа шығаруға, сатуға, союға, сондай-ақ осы ферма арқылы мал айдауға тыйым салынады.

Ауырып сауыққан жылқы денесінде тұрақты және ұзаққа созылатын иммунитет пайда болады. Шаруашылыққа сырттан әкелінген жылқыны 60 күн карантинде ұстау керек. Ат қораны кәдімгі дезинфекциялағыш заттармен залалсыздандырады. Ал іш тастаған биелерді 2 айдан кейін ғана басқа шаруашылыққа жіберуге болады. Өлген, іш тастаған құлындарды арнаулы мал қорымында үстіне жанар май құйып өртеп жібереді.

ХЛАМИДИОЗ

Жылқы хламидиозы - жұққыш, созылмалы, жіті түрде өтетін індет. Ауырғап құлын-жабағылардың көзге оңай көрінетін дәнекер кілегей қабықшалары ісініп қабынады. Сондай-ақ ауруға жоғары тыныс жүйелері шалдығып, асқынған жағдайда өкпесі қабынады және аяқтарының буыны ісініп ақсайды. Кейде ауырған бие іш тастайды немесе құлынын шала туады.

Тарихи деректері. Бұл ауру 1960 жылдары Францияда, Чехословакияда, Румынияда және Югославияда байқалған. Сондай-ақ жылкы хламидиозын біздің елде жеке ауру ретінде ең алғаш 1977 жылы С. Н. Островский тапқан болатын.

Аурудың жылқы шаруашылықтарына тигізетін экономикалық зияны орасан зор.

Қоздырғышы - әлі толық анықталмаған. Кейбір ғалымдар оны арнаулы сүзгіден өтетін вирус деп те топшылайды. Бірақ 1978 жылы қабылданған бактериялық номенклатура бойынша риккетсияға жатады. Дегенмен одан айырмашылығы да бар.

Эпизоотологиясы. Табиғи жағдайда жылқы хламидиозы көбіне қыс айларында кездеседі. Негізгі індет көзі - ауырған құлын, тай, сонымен бірге іш тастаған бие. Өйткені осы іш тастаған биенің шуымен бірге сыртқа көптеген ауру қоздырғышы шығады. Сөйтіп сол маңдағы азықты, ақыр-науаларды, төсенішті ластайды. Сондай-ақ жанындағы тұрған сау және буаз бие организміне де індет қоздырғышы енеді. Аурудың пайда болу барысында сыртқы орта факторларының әсері орасан зор. Мысалы қыс айларында жылқыны дұрыс азықтандыру, ауа райының кенет өзгеруі т. б. жағдайлары тікелей әсер етеді. Ауру қоздырғышын тасымалдауға айғырлардын, да қатынасы бар.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Ауру қоздырғышы буаз биеге қағанақтың сулы қабығы немесе катар арқылы еніп, өсіп-жетіледі. Сондықтан құрсақтағы құлын өлі туады, яғни буаз бие іш тастайды.

Буаз бие әдетте буаздығының екінші жартысының аяғында, яғни 7-8 айлығында кенеттен іш тастайды. Кейде іш тастардан бірнеше сағат бұрын буаз бие күйзеліп, оттамай қояды. Олар көбіне түнде немесе таң сәріде іш тастайды. Кейде қай биенің іш тастағанын анықтаудың өзі қиын. Өйткені іш тастаған биеде ешқандай сырт көзге шалынатын белгі болмайды.

Кейбір жағдайда ауруға шалдыққан бие құлынын өлі немесе шала туады. Олай болмаған күнде әлжуаз құлын туып, онысы аяқтана алмайды. Мұндай құлын денесінің қызуы көтеріліп, 40 градусқа дейін жетеді, жөтеліп, өкпенің қабыну белгілері байқалады. Екі-үш күн өткеннен кейін жаңа туылған кұлын біртіндеп әлсіреп барып, ақыры өледі. Тағы бір айта кететін жайт, кейбір төлдің бір-екі айлығында аяқтарының буындары ісініп, ауырсынады. Аурудың бастапқы кезінде құлын буындарын қолмен сипаса аса ауырсынбайды, бірнеше күн өткеннен кейін барлық 4 аяғының буыны ісініп, ұлғаяды, денесінің қызуы көтеріліп, 40-41 градусқа жетеді. Сөйтіп ол орнынан тұра алмайды, тұрса тәлтіректеп құлайды. Ауру мал жемшөптен қалады, күйзеліп ақыры өліп қалады.

Ауруды анықтау үшін алдымен сұрастырып білумен бірге оның эпизоотологиялық деректері мен клиникалық белгілерін, өлекседегі өзгерістерін және лабораториялық зерттеулердің нәтижелерін ескереді. Ал ауруды дәл анықтау үшін лабораторияға өлген құлынның өкпесінен, бауырынан, бүйрегінен, талағынан кесінді алып, қынаптан шыққан экссудат, сондай-ақ биенің қан сарысуын жібереді.

Лабораторияда осы түскен материалмен 6-8 күндік тауық ұрығын зарарлап, комплемент байлау реакциясы (РСҚ), сондай-ақ лабораториялық жануарларға жұқтыру арқылы анықтайды. Жылқы хламидиозы қоздырғышының табылуы - хламидиоз індетінің бар екенінің дәлелі.

Емі. Жылқы шаруашылығында ауру немесе ауру-ау деген күдігі бар мал дереу оқшауланып, емделеді. Ауруды емдеуге антибиотиктер қолданылады, тетрациклин, бициллин, окситетрациклин тағы басқа да дәрілер қолданылады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Ең негізгі шара жалпы мал дәрігерлік-санитарлық қағидаларды дер кезінде бұлжытпай орындау, шаруашылыққа сырттан әкелінген жылқыларды түгелдей 30 күн карантинде ұстау, күнделікті дене қызуына, клиникалық белгілеріне көп көңіл бөліп, сапалы азықпен азықтандыру. Осы мақсатта мал фермаларында қолдан шағылыстыру кезінде айғырлардың алты ай сайын қанын алып, лабораторияларда комплемент байлау реакциясы (РСҚ) бойынша зерттеп, анықтап тұрады. Егер айғыр ауру деп табылса немесе ауру-ау деген күдік туса дереу оқшаулап емдейді. Екінші рет тексеріп болғаннан кейін 20 күн өткен соң ғана айғыр қайтадан шағылыстыруға жіберіледі. Егер шаруашылыққа басқа жақтан әкелінген жылқының қан сарысуында антитела 1 : 10 қатынасынан артық болған жағдайда жылқыны ет комбинатына союға жібереді.

АФРИҚАНДЫҚ ОБА

Вирус қоздырып, жедел өршитін, жіті түрде өтетін ауру. Індетке шалдыққан жылқы денесінің қызуы көтеріледі, әлсірейді, самарқауланады, ісінеді, тері асты шелі мен ішкі органдарына қан құйылады,

Тарихи деректері. Бұл ауру ең алғаш оңтүстік Африкада 1919 жылы кездескен. Сондықтан ауруды осылай деп атап кеткен. Кейінірек Индияда және Испанияда байқалған. Вирус қоздырғышын біздің елімізде 1934 жылы анықтаған. Осы індетке шалдыққан жылқы шаруашылықтарында малдың өлім- жітімі 100 процентке дейін жетеді.

Қоздырғышы - құрамы РНҚ-дан тұратын вирус тобына жатады және оның 9 түрлі тармағы бар. Вирустың тұрқы сопақтау, сыртын белок қабықшалары қоршап вирусты сыртқы қолайсыз жағдайдан сақтайды.

Вирус қоздырғышы сыртқы орта факторларының әсеріне төзімді. 70 градус ыстықта 5 минутта, 50 градуста 10 минутта, 45 градуста 6 минутта жұқпалық қасиетін жояды. Баска вирустарға қарағанда африкандық оба індетінің қоздырғышы формальдегид ерітіндісіне өте сезімтал. Ал лабораториялық жәндіктерден тек теңіз шошқасы, ақ тышқан және кеміргіштер ғана бейім. Сондай-ақ вирус тауық ұрығында, маймыл бүйрегінен жасалған ұлпалар культурасында өсіп-жетіледі.

Эпизоотологиясы. Табиғи жағдайда жылқының африкандық обасына жұмыр тұяқтылардан есек пен қашыр да бейім. Қейде құлынның да ауыруы мүмкін. Ауру жылдың жаңбырлы, жылы маусымдарында жиі байқалады.

Індет көзі - ауру жылқы. Сонымен қатар оны қан сорғыш насекомдардың да тарататыны анықталған. Осы ауруға шалдыққан жылқылардың организмінде вирус 90 күннен, ал қан сорғыш насекомдардың бойында 1 айдан аса сақталады. Ауру эпизоотия түрінде өтеді де, аз уақыттың ішінде біраз жерді қамтып, мысалы бір тәуліктің ішінде 200 километр жерге дейін тарайды. Аурудың жылқы шаруашылығына тигізетін зияны мол, өлім-жітім 95 процентке дейін жетеді. Осы індеттен өлген жылқының етін жеген иттер де ауырады.

Патогенезі. Вирус жылқы организміне (терісіне) қан сорғыш насекомдар ашқан тұсынан енеді. Сөйтіп осы вирус қоздырғышына сезімтал клеткалар арқылы қанға түседі де, қан айналу жолымен талақ пен өкпеге және т. б. да органдарға тарайды. Соның салдарынан қан тамырларының қысымы бұзылады да лейкопенияға ұшырайды. Егер ауру одан әрі асқына түссе, жүрек соғуы әлсіреп, қан айналымы нашарлайды. Көп ұзамай ауру малдың өкпесі ұлғайып, ішкі органдарында көптеген физиологиялық қалыпқа келмейтін патологиялық өзгерістер пайда болуы салдарынан мал өледі.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Жасырын кезеңі орта есеппен 3-10 күнге дейін созылады. Індеттің өте жіті түрде өтетін түрлері де бар. Аурудың алғашқы сатысында мал денесінің қызуы көтеріліп, 42 градусқа дейін жетеді. Мал күйзеліп, мойын-көкірек, сан еттері дірілдейді. Аурудың күннен-күнге асқына түсуінің салдарынан жүректің жұмыс істеу қабілеті баяулап, мал әбден титықтап, 5-7 күннің ішінде өліп қалады.

Індеттің өте жіті түрінде жылқы денесінің қызуы аяқ астынан көтеріліп, тыныс алуы нашарлайды, мойыны ұзарып, ентігеді, құрғақ жөтеледі. Ауру 10-15 күнге дейін созылады, асқынған кезде малдың өкпесі ісіп, танауынан созылмалы жал-қаяқ сорғалайды, ал күтімін жақсартып дер кезінде ем қолданылса 7-8-ші күндері ауру мал жазылып кетеді.

Аурудың жіті түрінде жасырын кезеңі 30 күнге дейін созылады. Негізгі белгісі: жылқының басы ісініп кетеді, әсіресе қабағы мен көздің айналасы, тұмсығы, мойын еттері және аяқтарының буындары ісіп мал қатты күйзеліп, кейде тұра алмай жатып қалады. Көп жағдайда аурудың бұл түрімен ауырған жылқының жұтқыншағы параличке ұшырап азық жей алмайды, соның салдарынан ақыры өледі.

Өлекседегі өзгерістер. Осы аурудан өлген жылқының өкпесін сойып көргенде ауыз бен танаудың, көздің көзге көрінетін кілегей қабықтары сарғайып, тері асты шелі, қабағы мен көкірегінің қабынғаны көрінеді.

Егер ауру өте жіті түрде өтсе, өлекседе ешбір патоанатомиялық өзгерістер болмауы мүмкін. Жұтқыншақ, кеңірдек пен өңештің іші ақ көпіршік тәрізді сұйық затқа толады. Лимфа бездері едәуір ұлғайып, жүректің, бауырдың, талақтың, бүйректің тамырларын қан кернеп быттиып тұрады және ащы, әсіресе он екі елі ішектің беті қызарып қан жиналғанын көреміз. Бірақ талақ ұлғаймайды. Жүрек пен бауыр ішіне күңгірт қызыл түсті қан жиналады. Мидың сыртқы қабығы тырсылдап тұрады, тіліп жібергенде қан құйылғаны байқалады. Ол тұс нүкте тәрізді болып анық көрініп тұрады. Гистологиялық зерттеулердің нәтижесінде жүрек пен өкпе дистрофиялық өзгерістерге ұшырайды. Ішкі органдарында, әсіресе бүйреігінде қан құйылу салдарынан дегенеративтік өзгерістер байқалады. Кейде жылқының басында, төстің, кеуденің астыңғы жағында ісік пайда болады.

Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық деректерін, клиникалық белгілері мен патоанатомиялық өзгерістерін, сонымен қатар лабораториялық зерттеулердің нәтижесін ескерген жөн.

Жылқының африкандық обасын анықтау онша қиын емес. Мал ісініп, күйзеледі, сондай-ақ ентігеді, жөтеліп танауынан кілегей тәрізді сұйық ағады, жүрек жұмысы бұзылады. Әсіресе жаз шығып, күн ысый бастағанда қан сорғыш насекомдар сона, шыбын-шіркей көбейеді. Міне, осы кезде жылқы үйірлерінің арасында жаппай өлім-жітім шығады. Соған орай африкандық оба ауруынан күдіктенуге болады. Егер нақтылы анықтау қажет болса, мұндай жағдайда жылқының африкандық обасымен ауыратын малдың қанын лабораториялық жануарларға (ақ тышқан, теңіз шошқасы, кеміргішке) егіп, биологиялық байқау жасалады. Лабораториялық жануарлардың қан сарысуынан вирус қоздырғышы бөлінсе, ауру анықталды деп білу керек.

Ауруды пироплазмоздан, трипанозомоздан, және сибирь жарасынан ажырата білу қажет. Осы көрсетілген ауруларда көбінесе өлген жылқының талағы ұлғаяды, ал жылқының африкандық обасы кезінде ондай ұлғаю байқалмайды.

Емі - әлі табылмаған.

Иммунитет. Ауырып жазылған жылқы екінші рет індеттің бұл түрімен ауырмайды. Себебі сауыққан жылқының денесінде тұрақты иммунитет, қанында 11 жылға дейін осы індетке тән бейтараптағыш заттар пайда болады. Індет қаупі бар шаруашылықта жылқыны аман сақтау үшін жылына бір рет жазғытұрым қан сорғыш насекомдардың шығуына 1-2 ай қалғанда кепкен тірі вакцинамен егеді. Бұл вакцинаны 1963 жылы В.П.Назаров пен Э.В.Ивановский тапқан. Осы вакцинаны қолданған кезде екі рет егілген жылқыларда 12 күннен кейін иммунитет пайда болады.

Аурудан сақтандыру шараларының мақсаты - аурудың алдын алу, оны болдырмау, шыққан індеттің таралуына жол бермей, тез арада жою. Дегенмен жылқының африкандық обасынан тазармаған шаруашылықта жаз айларында, әсіресе сона, шыбын-шіркей шығар алдында мал жайылымына, 15 км дейінгі көршілес шаруашылықтарға тарап кетуін тежеуге бағытталған нактылы шаралар жүргізіледі. Ауру мал тұрған немесе өлексе жатқан қораға мал дәрігерлік ережелерге сәйкес дезинфекция жасалады. Ауру анықталған шаруашылық немесе бөлімше карантинге жабылады. Ауру немесе ауруға күдігі бар жылқыны мал қорымында өртеп жібереді және ол тұрған атқора, өре, ақыр-науа зарарсыздандырылуға тиіс. Ауру немесе ауру-ау деген күдігі бар жылқының қиы мен төсенішін өртеу қажет. Барлық үйірдің жылқысы вакцинамен егіледі. Ең соңғы жылқы өлгеннен кейін 1 жыл өткен соң, қорытынды дезинфекция жасалып, содан соң ғана карантин ашылады. Мұндай шаруашылыққа карантин ашылғаннан кейін 1 жыл өткізбей сырттан жылқы әкелуге болмайды.

МАҢҚА

Өте жұқпалы ауру. Мысалы жұмыр тұяқты малда, яғни жылқы түлігінде кең тараған. Негізінен алғанда созылмалы түрде ететін дерт. Маңқаға шалдыққаң малдың өкпесінде, танауының кілегей қабықшаларында және терісінің кейбір жерлерінде осы індетке тән түйнектер пайда болады. Олар асқынып ыдырап, уытты жараға айналады. Бұл аурумен адамдар да ауырады.

Қоздырғышы - таяқша тәрізді, қозғалмайтын, ұзындығы 1-5 микрон, көлденеңі 0,3-0,8 микрон, қабыршақ түзбейтін бактерия. Барлық анилин бояуларымен боялады, бірақ Грам әдісімен боялмайды. Ауру қоздырғышы 4-5 процент глицерин және барлық жасанды қоректе өседі. Лабораториялық жағдайда қатты қоректік ортада 8-10 жылға дейін сақтауға болады.

Күн сәулесінің әсерінен бірнеше сағат, ал кептірілген маңқа микробы 10-15 күнге дейін сақталады. Сондай-ақ танаудан аққан сұйықта 14 күнге дейін, ал шіріген затта 14-24 күнге дейін тіршілігін жоймайды. Суды 75-78 градусқа дейін қыздырғанда маңқа микробы 5-6 минут ішінде өлсе, ал қайнаған су бірден өлтіреді.

Маңқа қоздырғышы дезинфекциялағыш заттарға төзімді емес: 5 проценттік фенол, 3 проценттік креолин, 5 проценттік хлорлы әк, 0,1 проценттік хлорлы сынап ерітіндісі 1 минутта, 1 проценттік күйдіргіш натрий 1 сағатта зарарсыздандырады.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Негізінен маңқа микробы ас қорыту жүйесі арқылы жұғады. Сонымен қатар танау мен ішектің кілегейлі қабығы арқылы лимфа тамырларына түсіп, одан қанға өтеді. Осы түскен маңқа микробының біразы қанда және лимфа түйіндерінде жойылады; ал қалғаны өкпе тамырларында және басқа да органдарда шөгіп қалады. Осылай микцоб лимфа және қан арқылы барлық органға тарап көбейеді.

Маңқаға шалдыққан жылқының өкпесінде 100 проценттей ауру қоздырғышы болады. Осы өкпе тканьдерінің ыдырауының салдарынан маңқа түйіндері бір-біріне құйылып, кавернге, егер маңқа түйіндері танау немесе терінің кілегейлі қабығында қосылса, онда жараға айналады. Малдың қызуы көтеріліп, бірте-бірте арықтайды.

Індеттің жасырын кезеңі 3 күннен 3 аптаға жетеді. Маңқаның жіті, созылмалы және жасырын түрлері болады. Ауру ошағына қарай өкпе, танау және тері маңқасы болып бөлінеді. Осыған байланысты ауру белгілерінің де өзіне тән ерекшеліктері болады. Кейде маңқа жасырын түрде өтеді.

Өкпеде маңқа қоздырғышының түйіршіктері пайда болғанымен ауру жылқының жалпы физиологиялық жағдайына әсер етпейді. Ондай жағдайда клиникалық әдістермен (тыңдау және саусақпен соғу) анықтау керек. Өкпе маңқасы бірнеше айларға созылады. Бірақ ауру асқынған кезде өкпеде жалпы клиникалық белгілер байқалып, малдың қызуы көтеріледі. Мал болдырғыш келеді, әбден арықтайды. Сондай-ақ құрғақ жөтеліп, кейде танауынан іріңді, қан аралас сасық иісті жалқаяқ ағады.

Танау маңқасы бастапқы кезде білінбей, танауынан кілегейлі, кейінірек іріңді, сарғыштау су ағады. Танауының кілегей қабықтары қызарып, тыныс алуы ауырлайды. 2-3 күннен кейін танауының кілегей қабығындағы ұсақ сарғыш түйіншіктер бір-бірімен бірігіп, ыдырай бастайды. Осының салдарынан танау ішінде дөңгелек келген, жиектері иректелген уытты жаралар пайда болады. Егер жылқы организмі індетке қарсы күресе алса, ондай жаралар біртіндеп жазылып кетеді. Бірақ ауру көбінесе асқынады, танау желбезегі ыдырап, қан аралас ірің ағады. Үлкейген алқым бездері бастапқыда ауырғанымен кейін ауырмайды, теріге жабысып, қатайып қалады. Танау маңқасына шалдыққан жылқы көзінің кілегейлі қабығы да қызарады, танаудың ішкі қабығында жұлдыз тәрізді тыртықтар мен кызарған жаралар көрініп тұрады. Індет ұзақ уақыт осы қалпын сақтайды, кейде өршіп кетеді. Ауруы асқынған кезде жылқының тыныс алуы өзгеріп, танауының ішкі қабығы мен терісіндегі өзгерістер көзге оп-оңай, айқын түсе бастайды.

Тері маңқасы ауырған жылқының көпшілігінде кездеседі. Оған санның ішкі жағы, күпектің және ұманың терісі шалдығады. Тері мен шелге түйіншіктер мен жаралар шығады. Терідегі бұршақ дәніндей түйіншіктер жансызданып, ұзақ уақыт жазылмайтын жараға айналады. Олардың айналасындағы лимфа тамырлары жуандап, адырайып көрініп тұрады. Осыларды бойлай шыққан жаңа түйіншіктер де кейде жарылып, жараға ұласып кетеді. Айналасындағы дәнекер ткань одан әрі ісініп, көкірек пен құрсақта ауырмайтын жұмсақ ісіктер пайда болады. Қейде жылқының аяғы ісінеді. Құлындарда маңқа дене қызуын көтеріп, яғни септикалық түрде жіті өтеді, ақыры бұл аурудан құлын өледі.

Өлекседегі өзгерістер. Өлген жылқыны сойғанда, маңқа қоздырғышынын, түйіршіктері өкпеден, лимфа бездерінен және де талақтан табылады. Сондай-ақ маңқаға тән түйіршіктер танаудың кілегейлі қуысынан да кездеседі. Осы түйіршіктерді кесіп көргенде ол қоңыр-қызыл тартып тұрады. Жалпы маңқаға тән өлекседегі өзгерістерді талақтан, бауырдан, бүйректен және басқа органдардан байқауға болады.

Ауруды анықтау. Маңқаны бактериологиялық, аллергиялық және серологиялық зердтеулердің нәтижелерімен анықтауға болады. Осындай комплексті зерттеулердің нәтижесі маңқа ауруын жоюда өзін-өзі толық ақтады.

Лабораториялық жануарларға жұқтырғанда мысық 6-7 күнде өледі, ал еркек теңіз шошқасының ені ісініп, қабынады, орхит пайда болады. Маңқа адамға да қауіпті болғандықтан, одан өлген жылқыны союға болмайды. Ауруға шалдыққан жылқының көзінің кілегейлі қабығына маллеин жібергенде 3-6 сағат ішінде ол қызарып, ісінеді және іріңді жас ағады. Ал ауырмаса ондай белгілер болмайды. Қүмәнді жағдайда көздің кілегейлі қабығы қызарып, суланады бірақ ірің ақпайды, мұндай кезде 5-6 күннен кейін қайтадан маллеин енгізеді. Екінші рет маллеин жібергеннен кейін 2-5 сағаттың ішінде белгілері байқала бастайды. Егер екі рет күмәнді реакция алынса, онда маңқа ауруына шалдыққан деп есептеледі. Негізінен маллеинді малдың сол көзіне жіберген қолайлы. Бірақ ауырып тұрған малдың көзіне маллеин жіберуге тыйым салынады.

Маңқаны толық анықтау үшін лабораториялық әдістер, яғни комплемент байлау реакциясын қолданған дұрыс. Басқа да аурулардан (сақаудан, маңдамнан т. б.) ажырата білген жөн.

Эпизоотологиясы. Бұл ауруға жұмыр тұяқтылар - жылқы, есек, қашыр шалдыққыш келеді. Сондай-ақ түйе де ауырады. Лабораториялық жануарлардың ішінде маңқаға мысық тұқымдас жыртқыштар өте сезімтал келеді. Қолдан еккенде 10-14 күннің ішінде өледі. Сондай-ақ теңіз шошқасы және қоян да сезімтал. Дала аңдары да ауырады.

Індеттің көзі - ауру жылқы. Ауру малдың несебімен, қиымен, және басқа да қоқыстармен шығарылады. Әсіресе, танаудан аққан сұйықтағы ауру қоздырғышы өте қауіпті болады. Қоздырғыш ауру малдың танауынан аққан жалқаяқпен, жөтелгенде ауамен және терідегі жаралардың іріңімен бірге шығады. Індет ауру мал сау малмен жанасқанда және инфекцияланған жемшөп, суат, ақыр-науа, мал күтетін құрал-саймандар арқылы жұғады.

Емі және аурудан сақтандыру шаралары. Маңқа ауруына қарсы тиімді ем әлі табыла қойған жоқ. Індеттің алдын алу, оны болдырмау мақсатында зоогигиеналық және мал дәрігерлік-санитарлық арнаулы нұсқауда көзделген барлық шаралар бұлжытпай орындалуы тиіс. Шаруашылыққа басқа жақтан әкелінген жылқыларды бір ай карантинде ұстау керек.

Маңқа ауруына шалдыққан жылқыларды маллеиндегеннен кейін бірнеше топқа бөледі. Ауру мал тұрған қора-жайды дезинфекциялағыш заттармен, яғни 3 проценттік активті хлоры бар хлорлы әкпен, 4 проценттік ыстық натрий сілтісімен залалсыздандырады, қиын өртейді. Ең соңғы ауру жылқы емделгеннен 45 күн өткен соң үйірде бірде-бір басқа ауру жылқы табылмаса, карантинді ашып, қорытынды дезинфекция жасайды. Негізінен маңқа індетін болдырмау үшін жыл сайын шаруашылықта жылқының бәрін офральмомаллеиндеп, тексеру жүргізіледі. Жылқы фермалары мен шаруашылықтарында ауру шыққан кезде қолданылған аспап, құралдарды дезинфекциялап, арнайы жерге тығып тастайды. Себебі тағы да ауру шыға калса осылар пайдаланылады.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2022-04-05 14:16:59     Қаралды-2856

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АҚШ-ТА РЕСМИ ТІЛ ҚАНДАЙ?

...

Біздің елде қазақ тілі ресми тіл болып заңды түрде танылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ҚАЛАНЫҢ СУ АСТЫНДА ЖОҒАЛЫП КЕТУ ҚАУПІ БАР?

...

20-ғасырдың 60-шы жылдарының басында бір қаланың халқы бірте-бірте су астына батып бара жатыр деген хабардан шошып кетті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТҮН НЕГЕ КЕЛЕДІ?

...

Күн артынан түн, түн артынан күн.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ТЕҢІЗ БЕТІНДЕ КЕМПІРҚОСАҚ ПЛЕНКАСЫ БАР?

...

Жоқ, бұл жылы жаңбырдан кейін ашық аспанда ойнайтын кемпірқосақ емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН БІЗ АУА ҚЫСЫМЫН СЕЗБЕЙМІЗ?

...

Біздің планетамызда үлкен ауа мұхиты үстемдік етеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАБЫЛАН НЕЛІКТЕН ЖЕМТІГІН АҒАШҚА ЖАСЫРАДЫ?

...

Қабылан жалғыз тұрады және арыстандар мен гиеналардан үнемі сақ болу керек.

ТОЛЫҒЫРАҚ »