UF
Загрузка...

МАЛ ФЕРМАЛАРЫ МЕН КОМПЛЕКСТЕРІНДЕГІ МАЛ ДӘРІГЕРЛІК САНИТАРЛЫК, ЖӘНЕ ЗООГИГИЕНАЛЫҚ ШАРАЛАР

Мал организміне сыртқы ортаның көптеген әсері болады. Мысалы, ауа температурасы, ылғалдылығы, қысымы, жарықтығы, шаң-тозаңы белгілі түрде әсер етеді. Әсіресе жабық мал қорасының ауасы сыртқы ортадағы ауадан әлдеқайда өзгеше болады. Оның кейбір әсерлері малды ауруға шалдықтыруға әкеп соқтырады. Осыған байланысты малды күтіп-бағуда белгілі бір гигиеналық шаралар нақты түрде жүргізіліп отырады.

Мал қораларының санитарлық-гигиеналық талаптары. Республикамыздың көптеген шаруашылықтарында малды қыста қорада бағады. Алайда бұл қораларда малға жайлы жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар барлық ауыр жұмыстар механикаландырылып, малшы-бақташылардың еңбегі жеңілдетілуі тиіс.

Мал қораларын салар алдында ең бірінші оның орнын дұрыс таңдап, дайындап алады. Мал қорасының өзі ауылдың болашағына сәйкес жоспарлы түрде салынуы қажет. Сонымен қатар ол жер мал дәрігерлік-санитарлық шараларға, өрттен қауіпсіздендіру ережелеріне, шаруашылық жағдайының талаптарына сәйкес болуы шарт. Бұрын кейбір аса жұқпалы аурулардың (қарасан, топалаң) қоздырғыштары табылған жерге қора салуға болмайды. Мал фермалары ауылдың ық жағынан салынады. Темір жолдан, машина жолынан 300 м қашықтықта болуы керек. Қора-жай салынатын жер энергиямен, сумен қамтамасыз етуге қолайлы болуы қажет.

Мал дәрігерлік-санитарлық жағдай жақсы болуы үшін ферманың айналасына ағаш отырғызған жөн. Ол желден, шаңтозаңнан қорғайды. Қора-жайдың негізі, яғни фундаменті жер қыртысының құрамына байланысты әр түрлі етіліп құйылады. Сыртқы қабырға тек жобадағы көрсетілген материалдардан ғана салынады. Ең бастысы қабырға суыққа өте төзімді болуы керек. Соған байланысты материалы жылу сақтайтын болуы қажет. Қабырға арқылы сыртқы ауаға шығатын жылу мөлшері көптеген жағдайға, мәселен: біріншіден, материалдың жылу сақтап, өткізуіне, екіншіден, қора ішіндегі температурасына, ылғалдылығына, ауа қозғалысына тығыз байланысты. Орта есеппен алғанда жалпы жылудың 40 проценті қабырға арқылы шығады.

Әрбір мал қорасын жобалағанда онда тұратын мал санына, салмағына, жасына қарай жылу тепе-теңдігін есептейді.

Барлық мал бөліп шығаратын жылу қораны, сырттан келе- тін суық ауаны жылытуға кетеді. Осыны есептегенде мөлшерлі жылу бірқалыпты, ауаны тұрақты температурада жылытып тұруы қажет. Егер ондай жағдай болмаса мал қорасын жылу жүйелерімен жылытқан жөн.

Жылудың сыртқы ортаға тағы бір көп кететін жері қораның төбесі. Сондықтан қораның үстіңгі қабатын әр түрлі жылу ұстағыш материалдармен жабады, ал астын тегістеп, майлап, ақтап қояды. Жылу ұстағыш қабаты кемінде 15-20 сантиметрден кем болмауға тиіс.

Мал қорасындағы ең бір басты мәселе - еден. Еден арқылы біршама жылу кетеді және мал үнемі еден үстінде болады. Мал қорасы еденінің мына төмендегі шарттарға сәйкес болуы керек. Біріншіден, оның тегіс, мал таймайтын, әрі жылы және неғұрлым ұзақ уақытқа шыдауы керек. Екіншіден, тез де оңай тазаланатын, химиялық заттарға төзімді болуы шарт. Қазіргі кезде мал қорасының едені әр түрлі материалдардан салынып жүр. Мысалы, ағаш, темір-бетон, кірпіш, асфальт т. б. Солай бола тұра қазіргі кезде барлық мал шаруашылығының қажетті шарттарына сай ешнәрсе жоқ. Әрқайсысының артықшылығы да, кемшілігі де бар. Сондықтан әрбір қораларда көбінесе ағаш еден салады, ал шошқа қорасына бетон, темірбетон, асфальт, кірпіш едендер салуға болады. Соңғы кезде торайлар күтіп-бағылатын қораларда едендер астынан электрмен жылытатын арнайы темір-бетон бөлшектерінен жасалып жүр.

Ал қой, жылқы қораларына еден салынбайды. Егер қораның қиы арнайы қондырғылармен шығарылатын болса, онда еденді екі түрлі жасайды. Мал тұратын жеріне тақтай төселіп, қи шығаратын каналдың беті темір бетонмен жабылады. Соңғы жылдары ірі қара және шошқа қораларында еденді жеңіл бетоннан жасап, бетіне резина жапқыштар төсейді. Мұның бір артықшылығы еден мықты да таза, жылы болады.

Мал қорасындағы ерекше көңіл бөлетін тағы бір нәрсе - қақпа. Қақпаның саны әрқалай, 4-тен, 6-ға дейін болады. Суық аймақтарда оны екі қабат етіп жасаған жөн. Малды шығарып, кіргізерде қақпа тез ашылып, жабылатын болуы қажет. Әйтпесе ашық қақпа арқылы жылу көп мөлшерде және тез шығып кетеді. Сонымен қатар қорадағы жылуды сақтауға терезенің де қатысы бар. Суық жақтарда қой қорасына қос терезе салынады. Терезені мал түлігіне байланысты әр түрлі биіктікте орналастырады. Мысалы, сиыр қорада еденнен 1,2-1,3 м, ат қорада - 1,8 м, шошқа қорада 1,1-1,3 м, қой қорада 1,2 м биіктікте болуы керек. Терезені қораны желдеткіш ретінде пайдалануға болады. Ол үшін жоғары жағынан ашылатын рама қалдырады. Қерек уақытында ашып, қораны желдетеді.

Қора тазалау және мал қиын сақтау шарттары. Қорада бағылған малдың қиын жинап, пайдаға асыру үлкен мәні бар мал дәрігерлік-санитарлық шараға айналып отыр. Қи арқылы мал арасында жұқпалы аурулардың таралуы ықтимал. Ғалымдар зерттеулерінде нәжістегі микробтардың шамамен 100 га жерге тарап, сол жердегі адам мен малға жұқпалы ауру тарататынын анықтаған. Тексергенде туберкулез микробы - 300 күннен астам, бруцеллез микробы 150 күн, іш ауру микробы 18 күн, аскарида жұмыртқасы 63 күнге дейін тіршілігін сақтайтыны белгілі болған. Сондықтан қорадағы қиды дер кезінде жинап, арнайы жерге үю, оны зарарсыздандыру, өңдеп, тыңайтқыш ретінде пайдаланғанда сыртқы ортаны ластамау және адам мен малға ауру таратпау мәселесін ескеру керек.

Мал шаруашылығында ең қиын да ауыр жұмыстардың бірі мал қиын, төсеніші мен садырасын шығару. Оның әр түрлі жолдары бар. Сиыр, шошқа, бұзау қораларының едендері қи түсетін каналға қарай еңістеу етіп салынады. Өйткені ол сумен жуылады. Еденді сумен жуғанда мал нәжісі сырғып каналға түседі, мөлшерлі қысыммен жіберілген сумен тазаланып жуылады. Бірақ бұл әдістің кемшілігі де бар. Мәселен суды көп қажет етеді, қора ауасында су көбейіп, ауаның ылғалдылығы артады. Ал малды қалың төсеніште ұстаған жағдайда, қиды жылыма бір-екі рет шығарады. Төсеніш ретінде сабан, торф, ағаш үгіндісін қолданады. Бірақ бұл жағдайда қиды тыңайтқыш ретінде қолдану мүмкіндігі жойылады.

Сиыр, шошқа қораларындағы қиды үнемі шығарып тұру үшін транспортерлер қолданылады. Транспортерлерді арнайы каналға орналастырады. Олар тәулігіне 3-4 рет жұмысқа қосылып, жиналған қиды шығарып тұрады.

Транспортерді тек канал толған кезде ғана іске қосады. Міне сондықтан жиналған қидың үстіңгі қабаттарынан әр түрлі газдар бөлініп, ауаға тарайды және механизмдер жиі-жиі істен шығады.

Мал қиын шығарумен қатар оны жинап, сақтау, тиімді пайдалану қажет. Қора сақтаудың бірнеше әдісі бар. Мәселен қиды арнайы орында немесе бір жерге үйіп сақтайды. Сондай-ақ суық немесе тығыздап сақтау әдісі де қолданылады. Ол жұқпалы ауруы жоқ шаруашылықтар үшін тиімді. Бұл әдіспен сақтағанда мал қиын трактормен жақсылап таптап, нығыздайды. Тығыз болғандықтан қидың ішкі қабатына ауа кірмейді де ол қабаттың жылылығы 35 градустан артық көтерілмейді. Ыстық немесе бос сақтау әдісін қолданғанда, қиды бос үйеді, таптамайды, осы күйінде 4-5 күнге қалдырады, сөйтіп ішкі қабаттағы температура 60-70 градусқа жеткенде ғана нығыздайды. Бірақ бұл әдіс қидың, тыңайткыштың қасиетін төмендетеді. Дегенмен жоғары температурада ауру қоздырғыштары жойылады.

Мал қораларын жылыту және желдету. Мал қорасының ауасына үнемі әр түрлі газдар, бу жиналады. Егер ауаны үнемі алмастырып тұрмаса ол малға қатты зиян келтіреді. Сондықтан мал қорасының ауасын әр түрлі тәсілдермен жиі алмастырып, таза ауамен қамтамасыз ету керек. Қөптеген мал қораларында ауа қабырғадағы материалдың ұсақ тесіктері, төбенің, қабырғаның жапсарларындағы саңылаулар, есік пен терезенің саңылаулары арқылы алмасады. Бірақ бұл жағдайда ауа толық алмаса алмайды. Сондықтан жасанды желдеткіш жүйелерін пайдаланған жөн. Трубасыз желдету жолдарын да колдануға болады. Ол үшін әрбір терезенің үстіңгі бөлігін ашылатын етіп топсалайды да керек кезінде оларды ашып, қораны желдетеді. Немесе қабырғаның үстіңгі жағынан арнайы тесіктер қалдырып, ауа өткізетін сабан, шлак сияқты заттармен тығыздап кояды. Бірақ бұл тәсілдерді қолданған кезде ауаның көлемін білу мүмкін емес. Сондықтан соңғы кезде трубалы желдеткіш қолданылып жүр. Сонда ішкі ауа мен сыртқы ауа араласпайды. Өйткені іштегі ауаны шығаратын, ал сырттан таза ауа келетін арнайы трубалар орнатылады. Бұл жағдайда шығатын және енетін ауаны белгілі көлемде реттеуге болады.

Ауа алмасуы табиғи жағдайға байланысты. Қора ішіндегі жылы да жеңіл ауа жоғары көтеріледі де труба арқылы шығып кетеді, ал оның орнына арнайы трубамен сыртқы ауа енгізіледі. Ауа шығатын трубаны екі қабат етіп, ортасына жылу ұстайтын заттар салады (сабан, ағаш үгіндісі т. б.), оның ішкі жағы тегіс болуы керек. Трубаның ішіне арнайы ашып, жабатын қақпақ жасайды да сол арқылы шығатын ауаның көлемін реттеп отырады. Ауа шығатын труба енінің 70X70 сантиметрден кем болмауы керек. Керісінше, ауа кіретін каналды төбеге белгілі тәртіппен орналастырады. Шаруашылықтарда мал қораларына жалпы алғанда жылу берілмейді. Алайда кейбір жағдайларда төл қораларын, шошқа қораларын жылытуға тура келеді.

Қазіргі уақытта жылу беру және жылыту жүйелерін біріктірген қондырғылар қолданылып жүр. Мұның басты мәнісі сырттан келетін таза да суық ауа қораға арнайы қондырғыдағы жылумен араласып барып енеді. Өндіріс орындарынан көптеген арнайы қондырғылар жасалынып, мал шаруашылығында пайдаға асып жүр. Мысалы «Климат» атты қондырғы әрі жылытқыш, әрі желдеткіш ретінде қолданылады. Бұл қондырғы мал қорасының ауасын бірқалыпты жылылық және ылғалдылықта ұстап тұрады.

Мал қорасының микроклиматы. Малды бағып-күтудің тазалық шарттары бойынша мал қорасындағы барлық гигиеналық көрсеткіштерді үнемі бақылап-тексеріп отыру қажет. Ол үшін арнайы жабдықтар қолданылады.

Мал қорасының микроклиматын тексерудің өзіндік ережелері бар. Барлық көрсеткіштер (температура, ылғалдық т. б.) он күнде бір рет 2-3 күн бойы зерттеледі. Оның үстіне бір гәулік ішінде 3 рет тексерілуі керек. Ол таңертең, түсте, кешке тек белгілі бір сағатта ғана тұрақты түрде жүргізіледі. Үш күнде бір рет түнгі сағат 2-де өлшеу қажет. Әрбір көрсеткіш кемінде 3-5 рет өлшеніп, жалпы көрсеткішінің орташа көрсеткіші шығарылады.

Әрбір қорада осы көрсеткіштерді тексеретін нуктелердің саны қораның көлеміне байланысты белгіленеді. Ол нүктелер қораның барлық жерін қамтуы керек. Әдетте әрбір өлшеу нүктесі қабырғадан бір метр аралықта болуы шарт. Бұл өлшеулер үш түрлі биіктікте жүргізіледі. Бірінші малдың жатқан кездегі биіктігі, екінші - тұрған кездегі тыныс деңгейі, үшінші - төбеден 0,6 метр аралықта. Міне осы үш нүктенің барлық көрсеткіштерін қосып, орташа көрсеткішін шығарады. Сонымен қатар қора ауасының ішкі көрсеткіштерімен қатар (бір уақытта) сыртқы ауаның да физикалық көрсеткіштерін зерттейді.

Ауаның температурасы максимальды және минимальді термометрлермен өлшенеді. Бұлардан басқа жұмыс істеуге өте қолайлы, көрсеткіштерді өз бетімен тұрақты түрде жазып отыратын құрал бар. Ол - термограф. Бұл құралдың артықшылығы тәулік бойы немесе бір жұма бойы қорадағы температуранын, ауытқуын арнайы қағазға жазып отырады.

Ауаның ылғалдылығы гигрометрлермен, гигрографтармен, психометрлермен өлшенеді.

Гигрометр ауаның салыстырмалы ылғалдылығын өлшеуге арналған. Бұл аспаптың негізгі тетігі майдан тазартылған шаш. Шаш ылғал молайған кезде оны өзіне сіңіріп ұзарады, ал керісінше азайып буланған кезде қысқарады. Міне адам шашының осы қасиеті ауаның салыстырмалы ылғалын өлшеуге қолданылады. Ал гигрограф өте қолайлы да тиімді құрал. Бұған да сол шаш пайдаланылады. Бұл аспап қораның ылғалдылығын тәулік бойы немесе бір апта бойы жазып тұрады.

Психометрдің екі түрі бар. Оның біріншісі Ассман психометрі де, екіншісі Август психометрі.

Бұл аспаптардың жұмыс істеу негізі бірдей. Аспапқа екі түрлі термометр қондырылған. Оның бірі - құрғақ, екіншісі - дымқыл деп аталады. Дымқыл термометрдің төменгі бөлігі сыртынан жұқа бәтеспен оралған. Оның бір ұшы суға малынулы болғандықтан ылғал болып тұрады. Ауаның ылғалын есептеу үшін сол екі термометр көрсеткішінің айырмасын алып, арнайы кестенің көмегімен ауаның ылғал мөлшерін анықтауға болады.

Ауа қозғалысының жылдамдығын өлшеу үшін кататермометрлер мен анемометрлер қолданылады. Біріншісімен қораның ішіндегі ауа жылдамдығын, ал анемометрмен желдеткіш жүйелерінен шыққан ауаның және сыртқы ауаның жылдамдығын өлшейді.

Газды жан-жақты да өте қолайлы УГ-2 аппаратымен анықтауға болады. Аммиак газын анықтау үшін аппаратқа шыны түтікке нығыздалып салынған арнайы химиялық ұнтақты кигізіп, белгілі мөлшерде ауа сорғызады. Егер ауада аммиак газы болса ұнтақтың түсі өзгереді. Содан соң арнайы кестенің көмегімен газдың ауадағы мөлшерін анықтайды.

Мал дәрігерлік-санитарлық шаралар. Ауырған малдың зәрі, қиы, сілекейі, сүті, жүні, терісі, өлексесі арқылы әр түрлі зиянды микробтар жайылымды, суды, қора-жайды, құрал-саймандарды ластайды. Ол микробтар түскен ортасында бірнеше айлар бойы тіршілік етіп, сау малға, адамға ауру таратуы мүмкін. Сондықтан оларды зарарсыздандыру үшін қора-жайға дезинфекция жасалынып отырады.

Дезинфекцияға физикалық, химиялық әдістер қолданылады. Физикалық әдістерге - микробтарды жою үшін күннің көзін, ыстық буды, отты пайдалану жатады. Мысалы, мал фермаларының маңындағы арам шөптерді жұлып, күн көзінің тікелей түсуіне мүмкіндік жасаса, күн сәулесі туберкулез микробын, аусыл вирусын тез арада өлтіреді. Ал ферма айналасындағы жерге сіңген микробтарды жою үшін, оны терең етіп жыртып тастаса күн сәулесі ондағы микробтарды да тегіс қырып салады. Болмаса ондай жерді қопарып топырағына хлорлы әк араластырады.

Мал қораларын дезинфекциялау. Дезинфекция бірінен соң бірі жүргізілетін екі процестен тұрады. Алдымен дезинфекция жасалатын затты, қора-жайды, мал тұратын орынды мұқият тазалайды, содан кейін дезинфекциялау жұмысы басталады.

Дезинфекция үш түрлі мақсатпен, атап айтқанда, аурудан сақтандыру, ауру қоздырғыштарының тарауын тежеу және ауру қоздырғыштарын жою мақсатында жасалады.

Негізінде шаруашылықта жұқпалы ауру шықпаса да аурудан сақтандыру дезинфекциясын үнемі жүргізіп отыру керек. Бұл дезинфекцияның әсіресе мал көп шоғырландырылатын комплекстер үшін маңызы зор. Профилактикалық дезинфекция жылына екі рет: жазда және күзде жүргізіледі. Бұл мақсатта арзан дәрілер пайдаланылады. Олар - 10% сөндірілген әк, 5% кальций содасы, 3% ксилонафт, креолиннің ыстық ерітіндісі, 5% нафтализол, 3% каспос препаратының, 2% каустика содасының ыстық ерітіндісі, 1% формальдегид және 2% хлорлы, әк ерітіндісі.

Тежеу дезинфекциясының мақсаты - ауырған мал денесінен сыртқа шыққан микробтарды дер кезінде жойып, жұқпалы ауру қоздырғыштарының қоршаған ортаға тарап кетуіне жол бермеу. Жұқпалы індет шыққан жерде ауру малды оқшаулап, қора-жайды тегіс дезинфекциялайды. Ал ауру мал тұрған орын аптасына бір рет, сонымен қатар ондағы барлық құрал-сайман, жұмысшылар киімі де тегіс дезинфекцияланады. Қораның табалдырығына ішіне ағаш үгіндісі салынып, дәрі құйған жәшік (дезбарьер) қойылады. Дәрі ретінде формальдегид, хлорлы әк, каустика содасы құйылады. Мал қорасына бөгде адам жіберілмейді. Тежеу дезинфекциясына қолданатын дәрілер аурудың түріне қарай іріктелінеді. Астау, шелек сияқты заттарды жұмыстан кейін күнделікті каустика содасының 2 проценттік ыстық ерітіндісімен жуып тазартып тұрады.

Туберкулез, бруцеллез ауруларынан сақтандыру мен оларды жою туралы нұсқауда малдың ауру-саулығын тексеріп, ауру малды оқшаулаған сайын, тежеу дезинфекциясын жасау міндеттелген. Өйткені ауру микробтарын уақтылы жою үшін дезинфекцияны 8-11 рет, яғни әрбір тексеруден, ауруға шалдыққан малды оқшаулағаннан кейін жүргізілуге міндетті. Мал ауруы білінген фермада қора-жай мен оның маңы, құрал-сайман мен суат айына бір рет тазартылып, дезинфекция жасалынуға тиіс.

Сиыр бұзаулайтын бөлме он бес күнде бір рет, ал сиыр бұзаулаған орын, оның маңы да осылай дезинфекцияланады.

Қорытынды дезинфекцияны мал жұқпалы аурудан тегіс арылғанда, карантинді ашар алдында жасайды. Бұл дезинфекцияны аса ұқыпты түрде өткізу қажет. Жұкпалы ауру спора құрамайтын микробтан тараған болса, дезинфекцияны төмендегі тәртіппен жүргізеді. Алдымен қора-жайды мұқият тазалайды. Құрал-санмандарды кальций содасының 2 проценттік, каустика содасының 0,5 проценттік ерітіндісімен жуады. Едендегі тақтайларды алып тастайды, оның сынған, шірігенін өртеп жібереді. Қалған тақтайды жуып, дезинфекциялап, одан әрі пайдалануға болады. Еденнің астындағы топырақты 12-15 см тереңдікке дейін қазып алып тастайды. Содан соң таза топыраққа хлорлы әк (3:1) қосып еденге салып толтырады да, дұрыстап дезинфекция жасайды. Әрине қора маңы, құрал-саймандар, жұмыс киімдері т. б. ауру малға қатысты заттар түгелдей зарарсыздандырылады. Бруцеллез ауруы тараған шаруашылықтарда жұмыс киімін үнемі дезинфекциялап отырады, ол үшін хлораминнің 0,2 проценттік ерітіндісі (бір сағат) қолданылады.

Ауру малмен жұмыс істегендер жұмыс біткеннен кейін қолын хлораминнің 1 проценттік ерітіндісімен, болмаса сірке қышқылының 5 проценттік ерітіндісімен жуады.

Бруцеллезге әр тексерілгеннен кейін ауырған малды оқшаулап, сол ферманы мұқият дезинфекциялау керек. Бруцеллезбен ауырған мал тұрған қора мүмкіндігінше жаңа сөндірілген әктің 20 проценттік ерітіндісімен, 2 проценттік формальдегид ерітіндісімен, 5 проценттік күкірт қышқылы мен карбол қышқылының қоспасымен 4 проценттік ксилонафт, 5 проценттік нафтализол, 5 проценттік креолин және 2 проценттік каустика содасының 70-80° ыстық ерітіндісімен дезинфекция жасағаннан кейін кораны бір сағат, ал 5 проценттік сода ерітіндісімен дезинфекциялағаннан кейін 3 сағат жауып қою керек.

Туберкулез микробтарын жою үшін хлорлы әк, гипохлорит кальций токсаниттің 5 проценттік (хлор бойынша) ерітіндісі, 1 проценттік глютаральдегид, 2 проценттік метафор мен 5-фенолят натрий, 3 проценттік формальдегид, 3 проценттік каустика сілтісінің қоспасы қолданылады. Сондай-ақ қора-жай 20 проценттік сөндірілген әкпен араға 3 сағат салып үш рет әктелуі керек.

Дезинфекция алдында қораны тазалау. Дезинфекция жасауға дайындық қора-жайды қидан, қоқыстан, жемшөп қалдығынан арылтудан басталады. Мұндағы мақсат - химиялық дезинфекциялық зат пен микробтың өзара тікелей қосылуын қамтамасыз ету. Ал қорада қи, зәр не су қалса олар дезинфекциялағыш затпен қосылып, оның күшін азайтады. Қейбір жұқпалы ауруларға қарсы шаралар жүргізгенде мал дәрігерлігі ережелеріне сәйкес еденге төселген тақтайды және оның астындағы топырақтың 25 см тереңдіктегі қабатын алып тастайды да, орнына жаңа топырақ төгеді. Қораны тазалаған уақытта шаң көтерілсе, микробтар ауаға жайылып, ауру таратуы мүмкін. Сондықтан дезинфекцияға арналған ерітіндіні әлсіздеу етігі, алдын ала шаң көтерілмес үшін себелейді. Қабырғаға жабысқан нәжістерді де су сеуіп қырып тастайды.

Қора қабырғаларын, еденін, науаны, астауды сыпырып тазартумен бірге оларды содалы не сабынды жылы сумен жуу керек. Мұқият тазартылып, ыстық сумен жуылса ондағы микроб орта есеппен 60-80 процент азаяды. Тазалағанда сыртқа шығарылған қи-қоқысты бір жерге текшелеп, жинап, үстін жауып қояды немесе өртеп жібереді.

Хлор - сарғыш жасыл түсті өткір иісті улы газ. Ол суды микробтан арылтуға пайдаланылады. Бірақ хлор органикалық заттармен реакцияға түседі де күшін азайтады. Сондықтан онымен дезинфекция жасар алдында, мұқият тазалап алған жөн.

Хлорлы әк дезинфекцияға кеңінен қолданылады. Ол газ түріндегі хлорлы сөндірілген әкке араластыру жолымен дайындалады, әсер ету коэффициенті (ә. к.) құрамындағы хлор мөлшеріне байланысты.

Хлорлы әкті зарарсыздандыруға пайдаланғанда, оның керекті мөлшерін дайындау үшін, құрамындағы ә. к. есепке алынады. Ол 25-35% ә. к. бойынша шығарылады.

Хлорлы әк мал қораларын, оның айналасын, жүн, тері жинайтын сарайларды, ағын суларды, нәжісті, мал таситын машина, вагондарды дезинфекциялауға, барлық спораға айналатын микробтарды, туберкулез микробын, вирустарды жоюға пайдаланылады. Туберкулез микробын, зарарсыздандыру үшін 5 проценттік хлорлы әк (хлор бойынша) ерітіндісін қолданады. Ол үшін хлорлы әкте әсер ету коэффициенті 25% болса 200,0 гр хлорлы әкті 1 литр суға ерітеді. Хлорлы әкті гипохлорит нитр дайындауға да пайдаланады.

Хлорамин - аммиак пен хлор арасынан алынған, органикалық амин қосылыстарынан шыққан суда оннан бір бөлігі ғана еритін ақ, не сарғыш түсті ұнтақ.

Хлорамин Б құрамында 26-29% хлор бар. Мұның да микробқа деген әсері құрамындағы хлорға байланысты. Бірақ ол ылғал, жарық, жел ықпалымен хлор сияқты тез бұзылмайды. Хлорамин ерітіндісі көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын (ішек таяқшасы, тырысқақ, қылау, туберкулез, бруцеллез т. б.) жою үшін қолданылады.

Хлораминді ауру малды күтіп-бағушы кісі қолын жууғй, құрал-сайман, жұмыс киімін, мал терісін дезинфекциялауға пайдаланады.

Кальций гипохлориті - хлор тектес, құрамында 47-52% хлоры бар қоспа. Ол құрғақ, ақ түсті, хлор иісті ұнтақ, қасиеттері де хлорға ұқсас, бірақ суда хлорлы әкке қарағанда анағұрлым тез ериді, ұзақ сақталады.

Мал қораларына дер кезінде сапалы дезинфекция жасауға арнайы шығарылған химиялық заттар жетіспеуде. Сондықтан біз өндіріс қалдықтарын, қосалқы заттарды зерттеп, сұйық кальций гипохлоритін дезинфекция жасау үшін пайдалануға ұсындық.

Сұйық кальций гипохлориті - лайлау, жасыл, сарғыш қызғылт түсті, хлор иісті зат. 10 градус суықта қатады. Салқын, қараңғы жерде сақталса 10 күн ішінде 10 процент әсерлі хлоры азаяды. Оның құрамында кальций гидрототығы, кальций карбонаты, кремний тотығы, магний тотығы және құнарсыз темір, аммоний тотықтары бар.

Сұйық кальций гипохлоритін тасымалдауға арнайы дайындалған темір, полиэтилен кеспектері, шыны құтылар пайдаланылады. Оны бұл ыдыстарға толтырмай құйып, қақпағын ауа еніп тұратындай етіп жабу қажет. Оны құрғақ, салқын, желдетіліп тұратын аулада сақтайды. Соның өзінде он күн ішінде оның хлоры 1%, 3 айда 3% кемиді. Сондықтан сұйық кальций гипохлоритін бірден пайдаланған дұрыс.

Сұйық кальций гипохлориті өзінен өзі жанбайды, атылмайды, бірақ ағаштың үгіндісі, көңмен қосылып қатып қалса жануы да мүмкін.

Сұйық кальций гипохлоритімен мал қораларындағы туберкулез ауруларының микробтарын жоюға болады.

Бруцеллез ауруының алдын алу үшін оның 5 проценттік ерітіндісімен дезинфекция жасағанда қораны 3 сағат, ал туберкулез микробы үшін 5 проценттік ерітіндісімен дезинфекция жасағанда 24 сағат жауып қояды.

Натрий гипохлоритін ферманың өзінде хлорлы әкпен кальций содасынан, қолданар алдында дайындайды. Ол үшін ағаш күбіге 10 кг кальций содасын салады да үстіне 100 л ыстық су құйып араластырып ерітеді. Суығаннан кейін үстіне 10 кг хлорлы әк қосып әбден араластырып, қақпағын жауып бір тәулік тұндырады. Сөйтіп шөгінді бетіндегі көкшіл түсті сұйықты, яғни натрий гипохлоритінің негізгі ерітіндісін дезинфекция жасауға пайдаланады. Сауын аппаратын жуу үшін осы ерітіндінің 1 литрін алып, 10 литр суға қосады. Сиыр арасында туберкулез бар шаруашылықтарда натрий гипохлоритінің 1 проценттік ерітіндісі, туберкулезден арылып келе жатқан шаруашылықта 0,5 проценттік ерітіндісі сауын аппараттары мен ыдыстардағы туберкулез микробтарын түгелдей зарарсыздандырады.

Гипохлорды хлор газы, күйдіргіш натр және метасиликат үшеуін қосып жасайды. Гипохлор ерітіндісін мал және құс фермалары мен ет комбинатының өзінде дайындап, сонда ішек таяқшасы, бруцеллез, туберкулез микробтарынан арылу үшін дезинфекция жасауға қолдануға болады.

Бруцеллез ауруы тараған мал қорасын 2 проценттік гипохлор ерітіндісмен, туберкулез ауруы тараған мал қорасын 5 проценттік гипохлор ерітіндісімен дезинфекциялайды.

Үшхлорлы изоционур қышқылы - хлор иісті, ақшыл ұнтақ. Құрамында 86-91 процент әсерлі хлоры бар. Ет комбинатының технологиялық құрал-саймандарын, едені мен қабырғаларын ыдыс-аяқты, болат пен пластмассадан, бетон мен ағаштан жасалған заттарды микробтан арылту үшін қолданады. Ерітінді пайдаланар алдында ғана дайындалады. Жұмсау мөлшері хлор есебімен алынады.

Тексаниттің құрамы ТУ-6-15-746-78-ге сәйкес. Негізгі микробқа әсер ететін күші құрамындағы хлорға байланысты. Сондықтан тексанитті хлордың осы мөлшерін түрлі аурулар микробтарын зарарсыздандыру үшін пайдалануға болады.

Тексанит - көкшіл сұрғылт, сұйық зат. Оны жуу және дезинфекциялау үшін қолдануға болады.

Көптеген тәжірибе нәтижелеріне қарағанда дезинфекция жасау үшін формалиннен өткен зат жоқ. Оны судағы ерітіндісі күйінде, газ, бу күйінде, сондай-ақ аэрозол күйінде де пайдалануға болады. Кейде ол басқа да химиялық заттарға қосылып қолданылады.

Метофор - метионин өндірісінде қосалқы өнім ретінде алынады. Құрамында 16 проценттен 24 процентке дейін формальдегид бар.

Глютаральдегид - сарғыш күрең түсті өзіне тән иісті сұйық зат. Құрамындағы қос альдегид арқылы микробтарға әсер етеді. Аэрозольді түрде дезинфекция жасау үшін 25 проценттік ерітіндісі 1 м3/25 мл есебімен жұмсалады. Зарарсыздандыру мерзімі - 24 сағат.

Мал арасында туберкулез байқалған қора-жайға дезинфекция жасау үшін глютаральдегидтің 1 проценттік ерітіндісін пайдаланады.

Глак - глютаральдегид пен катион қоспасынан алынған. 208-385 миллилитрлік аэрозольдік құтылармен және шашуға ыңғайлы 500 миллилитрлік ыдыстармен шығарылады. Микробтарды, оның спораларын, вирустарды зарарсыздандыру үшін қораның әр шаршы метріне 50-100 мл шамасында шашылады. Қейінгі кезде химиялық дезинфекцияға пайдаланатын (глютаральдегид, хлорамин, формальдегид) заттарға көбік қосып жасаудың тиімділігі жиі әңгіме бола бастады.

Көбікті ГПС-Ю0Д қондырғысымен дайындайды. Көбік төбеде 4-8 см, қабырғада 3-4 см қалыңдықта 15-20 минут сақталады.

Химиялық заттарға төзімділігі ішек таяқшасымен пара-пар микробтарды зарарсыздандыру үшін көбік қосылған глютаральдегид - 3%, хлорамин 2%, формальдегид 3%, ал стафилококкпен тең микробтары үшін глютаральдегид 0,5%, хлорамин 3%, формальдегид - 4% 200-30 мл/м2 мөлшерінде қолданылады.

Су тотығы (Н2О2) - күшті тотықтырғыш. Залалсыз болғандықтан медицинада, тамақ өнеркәсібінде зарарсыздандыруға жиі қолданылады. Су тотығын бруцеллез, туберкулез микробтарын зарарсыздандыруға да пайдаланған.

Қышқылданған сірке қышқылы (ҚСҚ) әзірше өндірістен шықпайды, оны қолдан дайындайды.

ҚСҚ - су тотығы мен сірке қышқылын не сірке ангидриді мен шамалы күкірт қышқылын (реакция жүргізу үшін) қосып дайындайды. Уыты жоқ болғандықтан оны кейінгі жылдары медицинада, тамақ өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, мал қораларын, үйлерді, ыдыс-аяқтарды, хирургия, стаматология заттарын зарарсыздандыруға кеңінен пайдалануда. ҚСҚ суыкта қатпайды. Қорада мал тұрғанда да пайдалана беруге болады. Оны 4 бөлік сірке ангидридін, 1 бөлік су тотығын, 5 бөлік су қосып (4:1:5) жасайды. Ерітінді көп жылу бөледі. Сондықтан қақпағын екі сағат ашып қояды. Осылай дайындалған ерітіндіде 20 процентке жуық қышқылданган сірке қышқылы (ҚСҚ) болады.

Мал арасында туберкулез байқалған сиыр фермасында сауын аппараттары мен ыдыстарды 0,5 проценттік ҚСҚ мен оның 0,5 проценттік жуғыш ұнтақ ерітіндісімен жуып дезинфекциялайды.

Бруцеллезбен, туберкулезбен ауырған мал тұрған қоражайды ҚСҚ-ның 0,5 проценттік ерітіндісімен дезинфекциялауға болады.

Эстостерил-1 (РСТ ЭССР 523-83) су тотығы мен сірке ангидридінен дайындалады. Күшті қышқыл болғандықтан тиген жерін күйдіреді. Эстостирилді күн көзінде, от маңында және 10 градустан астам жылылықта сақтауға болмайды. Ол құсы жұқпалы ауруларға, малы туберкулезге, бруцеллезге, лестириозға шалдыққан қора-жай, құрал-сайманды дезинфекциялауға колданылады.

Химиялық заттарға төзімділігі ішек таяқшасымен пара-пар микробтарды зарарсыздандыру үшін эстостерилдің 0,3 проценттік ерітіндісін, ал страфилококкпен тең микробтар үшін 0,5 проценттік ерітіндісін әр 1 м2 жерге 0,3 л мөлшерде пайдаланады.

Дезоксан - су тотығына сірке қышқылын және хинозол (ерітінді көп сақталу үшін) қосып дайындалады. Ерітіндіні 6 ай сақтауға болады. Құрамында 5% ҚСҚ бар дезоксанды дезинфекция жасауға пайдаланғанда осы 5 проценттік ҚСҚ есебімен алынады.

Тиозин - иіссіз, ақшыл сарғыш түсті зат. Оны жерді туберкулез, бруцеллез, аусыл, листериоз қоздырғыштарынан зарарсыздандыруға пайдаланады. 1 шаршы метріне 200 гр тиозин себілген жерді жыртады, немесе 10 см тереңдікке қазып, үстінен шамалап су құяды.

Натрий феноляты - қоюлау, қызғылт қоңыр түсті, фенол сияқты иісі бар зат. Ұзақ сақтағанда (11-14 ай) ыдыстың түбіне қатты шөгінді қатады. Феноляттан керекті ерітінді даярлау үшін құрамындағы фенол мен сілтіиі де есепке алады. Натрий фенолятының 4 проценттік ерітіндісімен аусылға, вирустік ауруларға, листериозға, бруцеллезге, туберкулезге шалдыққан мал тұрған қораларды, құрал-саймандарды дезинфекциялайды.

Қораны натрий фенолятымен дезинфекциялағанда малды шығара тұру керек.

Феносмолин - қою, қоңыр-курең түсті, ерекше иісті, сумен қосылғанда қоңыр түске айналатын зат.

Паратиф, бруцеллез, пуллороз, листериоз, аусыл ауруларына шалдыққан мал тұрған қора-жайды феносмолиннің 3 проценттік ерітіндісімен 1 л/м2, қора мацып 10 л/м2 мөлшерде дезинфекциялайды.

Дезбарьерлерге (қораға кіре берістегі сабан, ағаш үгіндісі салынған жәшіктерге) 3% феносмолин құяды.

Су тазалығы. Мал кейде тоғаннан, көлден ағынсыз тұйық сулардан суарылады. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда мұндай суда вирустар, микробтар т. б. зиянды жәндіктер көп болады және олар ұзақ тіршілік етеді. Мысалы төл қылауының (ақ тышқақ) микробы 37 күннен 400 күнге дейін, туберкулез микробы 5-7 айдан астам, сақау микробы 105 күн, бруцеллез микробы 50-125 күнге дейін тіршілік ете береді.

Тазалық сақтау үшін су көзі мен суат маңына мал жаюға, мал түнетуге, қи төгуге, мал өлексесін тастауға болмайды. Мал суаратын жерге суат арнайы жасалынып, мал тек сол арадан ғана суарылады. Ең дұрысы малды арнаулы астаулардан суару керек. Бұл астауларда қалған суды мал су ішіп болған соң төгіп, ішін таза сумен шайып тастау қажет.

Ауырған малға суды бөлек беріп, ол су ішкен шелекті дереу зарарсыздандыру керек. Малды құдықтан суарған дұрыс. Оның аузы қақпақты, жан-жағы дөңестеу, түйетайлы болғаны дұрыс. Сонда төгілген су, не жаңбыр суы құдықтың ішіне қайта құйылмайды, сыртқа ағып кетеді.

Мал дәрігерлік-санитарлық заводтар. Мал өлексесін, оны сойғандағы түрлі қалдықтар, т. б. санитарлық талаптарға сай зарарсыздандырылып, аса бағалы мал азығы - ет-сүйек ұнын, тыңайтқыш өндіруге жұмсалады. Бұл заводтар көлемі 50-70 шақырым жердегі 150 мың малдың мал дәрігерлік-санитарлық ережелерге сай күтіп бағылуын қадағалайды.

Мал өлексесін тасыған транспорт 2-3 проценттік күйдіргіш натр ерітіндісімен дезинфекцияланады.

Мал сою пункті үйден, қорадан, суаттан қашықтау дөңес жерден салынады. Оның айналасын ит, мал кіре алмайтындай етіп қоршайды. Мал сойып болған соң жақсылап тазалап хлорлы әк не күйдіргіш натр ерітіндісімен дезинфекцияланады.

Мал дәрігерлік тазалық өткелі - барлық мал, құс фермаларында салынады. Оның негізгі міндеті - жұқпалы аурудың таралуына жол бермеу, фермаға сырттан келген көлікті, ыдысты, киімді, аяқ киімді зарарсыздандыру, ал фермада жұқпалы ауру шыққанда оның басқа шаруашылықтарға тарауын тежейтін пәрменді шаралар қолдану. Тазалық өткелі санитарлық және дезинфекциялық бөлімдерден тұрады. Санитарлық бөлім алдыңғы (кіре беріс) бөлмеден, дезинфекция жасалатын кедергі бөлмеден, жұмыс киімдерін зарарсыздандыратын, киім ілетін, суға түсетін бөлмелерден тұрады. Фермада жұмыс істейтін және сырттан келгендер өз киімдерін шешіп, жұмыс киімін, арнаулы аяқ киім киюге міндетті.

Дезинфекциялық бөлім ыдыс-аяқ, құрал-сайман, арба, машина дезинфекциялайтын бөліктен тұрады.

Автомобиль дөңгелектеріне дезинфекция жасау үшін фермаға кіре берісте орнатылған қақпаның босағасына оның енімен бірдей етіп шұңқыр қазады да су өтпейтіндей етіп цементтеп тастайды. Шұңқырдың ұзындығы 9 м, ені 6 м, тереңдігі 35 см болуға тиіс Бұл шұңқырдағы ерітіндіге автомобиль дөңгелегі тегіс батып, бір айналып шығуы керек. Сондықтан ерітіндіні еселеп құйып отыру қажет. Қыста ерітінді қатпау үшін шұңқырдың түбіне темір түтік салады да оның бір ұшын ыстық су құбырымен жалғастырады.

Қақпа жанына жаяу адам өтетін дезинфекциялық кедергі орнатылады. Оның тереңдігі 15 см, ұзындығы - 1,5 м шұңқырға ағаш үгіндісі не сабын салынады да, оның үстіне зарарсыздандырылған ерітінді құйып қойылады.

Фермадағы тазалық күні. Шаруашылық басшылары әрбір 10-15 күн сайын бір келетін тазалық күнін бекітуге бұйрық береді. Оны аудандық атқару комитеті қарап, шешім қабылдайды. Содан соң басшылары шаруашылықта тазалық күнінде қандай жұмыстар істелетінін, оған қанша адам, құрал-сайман, машина, трактор бөлу керектігі туралы шешім қабылдауға тиіс.

Тазалық күнінде ферма айналасын қидан, әр түрлі қоқыстан, шөп-шалам қалдықтарынан тазартып, көктемде жыртып тастайды. Қоралардың, сарайлардың ішін әктейді, су, сүт жүретін түтіктердің ағатын жерін бүтіндейді. Жазғы жайылымда мал тұратын шарбақ-қоршауды тазалайды, шыбынға қарсы дәрілер себеді. Құдық пен суаттың айналасын тазалап, хлорлы әкпен дезинфекциялайды. Тышқандарды жою үшін арнайы дәрі қолданылады. Мал дәрігерлері ауру-сырқау малды оқшаулап емдейді. Үнемі осылай тазалық күні өткізіліп тұрса ферма әрқашан таза болады.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2021-07-07 15:31:28     Қаралды-69

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »