UF

 Өркен және өркендер жүйесі.

1. Жалпы сипаттама.

2.  Өркеннің бұтақтануы.

    3. Өркеннің түрлері және өсімдік тіршілігінің ұзақтығы.

 

Өркен және өркендер жүйесі.

Жалпы сипаттама. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің жапырақтар және бүршіктер орналасқан сабағы өркен деп аталады. Өркен негізінен сабақтан және онда орналасқан жапырақтардан тұрады. Сабақ пен жапырақ төбе меристемасынан бір мезгілде пайда болады да тұтас бір мүше өркенді түзеді. Бүршік - жаңа өркеннің бастамасы, бүршіктен өркеннің бұтақтануы мен өсуі, яғни өркендер жүйесінің қалыптасуы жүзеге асады.

Өркен тамыр сияқты жоғары сатыдағы өсімдіктердің негізгі вегетативтік мүшесі. Оның атқаратын қызметі - фотосинтез (жапырақтар арқылы). Споралы өркендер, сол сияқты гүл де көбею қызметін атқарады.

Өркеннің тамырдан басты айырмасы - жапырақтың болуы. Сабақтың жапырақ (бір немесе бірнеше) өсіп тұрған тұсын буын деп атайды. Кейбір өсімдіктер тобында (астық тұқымдастарда, қалампырларда, қырықбуындарда) сабақтың буын орналасқан жері білеуленіп айқын білініп тұрады, ал кейбір өсімдіктерде ол нашар байқалады. Егер жапырақ немесе жапырақтар шоғы сабақты толық орап алса, онда ол жабық буын деп, ал жапырақ буынды қоршамай орналасса, ашық буын деп аталады.

Сабақтағы бір буыннан екінші буынға дейінгі қашықтық буын аралығы делінеді. Сабақтың жапырақ орналасқан буындағы жапырақ пен сабақ бөлігінің арасындағы бұрыш жапырақ қолтығы делінеді. Өсімдіктердің алуан түрлілігіне қарай буын араларының қашықтығы да түрліше. Егер буын аралықтары бір-біріне жақын болса, оны қысқарған өркен деп (капуста, қызылша, сәбіздің бас бөліміндегі бірінші жылғы жертаған жапырақтары, бақбақтың, көксағыздың және т.б. жертаған жапырақтары), егер буын аралықтары бір-бірінен қашық болса, оны ұзарган өркен деп атайды. Қысқарған өркенде гүл бүршіктері жетіледі де, олар гүлдеп, вегетациялық дәуірінің соңында жеміс береді. Сондықтан оны жемістік өркен деп атайды. Ұзарған өркен бойлап өсе береді, жеміс бермейді немесе өте аз береді (57-сурет).

Көктемде сүректі өсімдіктер бүршік жарғанда бүршік қабыршықтары өз қызметін аяқтап түсіп қалады. Әрбір қабыршақтың түскен орнында бүршік дағы қалады. Бүршік дақтары бір-біріне қосылып өркеннің өстік бөлімінде бүршік сақинасын түзеді. Өркенге тән ерекшеліктердің бірі - оның метамерлі құрылысы. Әдетте өркен өсін бойлап, оның негізінен ұшына дейін бірнеше, кейде көптеген  буын аралықтар, қолтық бүршіктер орналасады. Осылай құрылымның заңды қайталану өркеннің метамерлігі деп аталады.

Өсімдіктің алғашқы өркені, ұрық бөлігінде ұрық бүршігінен жетіледі. Ол тұқым жарнағының астыңғы қалтасынан, тұқым жарнақтарынан және негізгі өркеннің қалған метамерлері қалыптасатын бүршіктен тұрады. Орналасуы бойынша бұл - төбе бүршігі. Осы бүршіктен өркен бойлап өсіп, оның жаңа метамерлері пайда болады.

Өркеннің ұшы (апексі) алғашқы түзуші ұлпалардан тұрады. Осы ұлпаның белсенді бөлінуінен өркеннің алғашқы (түпкілікті) ұлпалары мен барлық мүшелері қалыптасады. Жас жасушалардың үздіксіз түзілуі апикальді (төбе) меристемасының инициальды жасушаларының шексіз бөлініп, меристемалық қасиетін сақтауына байланысты.

Өркеннің бой конусы тамырдағыдай тегіс емес. Оның бетінде жапырақ примордиялары (латынша primordialis - алғашқы) деп аталатын жапырақ бастамаларының төмпешіктері үздіксіз қалыптасады. Олардың пайда болуы акропетальды ретпен төменнен жоғары қарай жүреді.

Өркеннің ұшында жас өркен метамерлері пайда болады. Кезекті метамер пайда болғаннан кейін апекстің дистальды (апекстің ең жоғарғы ұшы) бөлігінің көлемі едәуір кішірейеді. Келесі метамерге дейін апекстің көлемі белгілі бір мөлшерге дейін ұлғаюы қажет. Бұған кеткен уақыт аралығын пластохрон (грекше «пласто» - жасау, қалыптастыру, «хронос» - уақыт) деп атайды. Пластохронның ұзақтығы барлық өсімдіктерде бірдей емес, өсімдіктің өсуіне қарай өзгеріп отырады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1 - сурет. Бүршіктің түрлері: 1—вегетативті-генеративтік;  2 — генеративті.

 

                        

2 - с у р е т. Вегетативті бүршіктің ұзынынан кесіндісі (сызба-нұсқа):

1-бой конусы; 2-жапырақтар бастамасы: 3-қолтық бүршіктер бастамасы; 4-сабақ бастамасы (өс).

 

Бүршік. Бүршік - өркеннің бастамасы. Бүршік бой конусының вегетативті бүршігімен аяқталатын сабақ пен жетілу кезеңі әр түрлі болып келетін жапырақтардың бастамасынан тұрады (58-сурет). Вегетативті бүршікпен қатар бүршіктердің вегетативті - генеративтік (аралас) және генеративті немесе гүл бүршігі деген түрлері бар.

Вегетативті - генеративтік бүршікте вегетативтік мүшелердің бастамасы қалыптасады да, бой конусы гүлге немесе гүл шоғырына айналады. Мұндай бүршіктер шөптесін (құсықшөп Asarum) және сүректі өсімдіктерде (серігүл, ырғай) кездеседі (57-сурет, I). Генеративті бүршікте жасыл жапырақтарсыз гүл шоғырының ғана бастамасы ғана жетіледі (мысалы, шие). Дара гүл жетілген жағдайда бүршікті - бітеу гул (гүлшанағы) деп атайды (57-сурет, 2).

Бүршіктер орналасуына қарай төбе бүршік (терминальды) және жанама (қолтық) бүршік болып бөлінеді.

Төбе бүршік өсіп келе жатқан өркеннің өстік бөлігі сабағының ұшына орналасады да, оның ұзарып өсуін қамтамасыз етеді.

Жанама немесе қолтық бүршіктер аналық өркеннің ұшына жақын жерде жас жапырақтардың бастамасының қолтығында үнемі экзогенді жолмен меристемалық төмпешіктер түрінде пайда болады. Жанама бүршіктерден жанама бұтақтар өсіп шығады. Жанама бұтақтар да ұштары арқылы ұзарып өседі, әрбір жанама бұтақ төбе бүршігімен аяқталады.

Бір жапырақтың қолтығында әдетте бір бүршік орналаса­ды, кейде оның саны бірнешеге жетуі мүмкін. Қосымша бүршіктердің пайда болуы қолтық меристемасының ұзақ уақытқа түзуші ұлпалық қасиетін сақтауына байланысты. Егер жапырақ колтығындағы бірнеше бүршік бірінің үстіне бірі тік қатар түзіп орналасса, оны сериялы бүршіктер деп атайды. Сериялы бүршіктер бір буыннан өсіп шыққан желпуіш тәрізді бұтактар береді. Кейде олар ұзақ уақыт кезектесіп жас өркендердің өсуіне қатынасады. Егер бүршіктер жапырақ қолтығында бірімен-бірі бүйірлесе қатар орналасса, оларды коллатеральды бүршіктер деп атайды.

Қоңыржай белдеулерде бүршіктер күзде бірнеше айға созылатын тыныштыққа көшеді. Мұндай бүршіктерді қыстаған бүршіктер деп атайды.  Қыстаған бүршіктерді тыныштық кезеңінде сырт жағынан қатыңқы қоңыр түсті қабыршақтар жауып тұрады. Жабындық қабыршақтар кутикуланың қалың қабаттарымен, кейде тозбен және склереидалармен жабдықталады. Бұл қабаттар бүршіктің нәзік бөлімін сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан сақтайды. Қыстаған бүршіктер көктем туа тамырда, дінде және бұтақтарда жиналған қор заттарын пайдаланып, бүршік жарып жас өркендер береді. Қыстаған бүршікті басқа белдеулердің (тропика, ылғалды субтропика) климат жағдайларын (қыс болмайтын) ескеріп тыныштық бүршігі, ал қызметіне сәйкес жаңарту бүршігі деп те атайды. Өйткені мезгіддік тыныштықтан кейін өркендер жүйесінің қалыптасуы үнемі осы бүршіктердің есебінен жүреді. Шығу тегіне қарай жаңарту бүршіктері экзогенді (төбе) және эндогенді (қосалқы) болады. Мұңдай бүршіктер сүректі және көп жылдық шөптесін өсімдіктерге тән.

Өсімдіктердің тіршілігі және өсімдіктер шаруашылығының тәжірибесінде қосалқы немесе адвентивті бүршіктердің маңызы зор. Олар сабақтың буындары, буын аралықтары, тұқым жарнағының астыңғы қылтасында (гипокотиль), тұқым жарнағының үстіңгі қылтасында (эпикотиль), тамырда, тамырсабақта, сол сияқты жапырақтарда эндогенді жолмен ішкі ұлпалардан пайда болады. Қосалқы бүршіктер сондай-ақ сабақта камбийден (шоқ аралық), соңғы қабықтың паренхимасынан, паренхиманың радиальды сәулелерінен, өзектің сыртқы қабаттарының жасушаларынан, тамырдағы тоз камбийінен, қабықтан және перициклден өніп шығады. Қосалқы бүршіктер - гүлді өсімдіктерді вегетативтік жолмен көбейтудің қайнар көзі. Өсімдіктер тамырындағы қосалқы бүршіктерден өсіп шыққан өркендер тамыратпалары деп аталады. Мысалы, таңқурай, көктерек, қалуен, бақ-бақ, кәдімгі сиякөк, иваншай және т.б. өсімдіктер осындай.

Қосалқы бүршіктер жапырақта сирек кездеседі. Мысалы, бриофиллюмның, папоротниктің жапырақ жиегіндегі тісшелерінің ойысында қосалқы тамырлары бар кішкентай өркендер жетіледі. Олар аналық өсімдіктің жапырағынан түскен бойда жаңа өсімдік беріп өсіп шығады. Мұндай дайын жаңа өсімдік беретін бүршіктерді өсімтал бүршіктер деп атайды.

Бұйыққан бүршік. Бүршіктің бұл түрі жапырақты ағаштар, бұталар, жартылай бұталар мен көпжылдық шөптесін өсімдіктерге тән. Шығу тегі жағынан бұйыққан бүршіктер қыстаған бүршіктер сияқты жанама және қосалқы бола алады. Бірақ қыстаған бүршік тәрізді көктемде бүршік жарып өркен бермейді. Бұл ұзақ уақытқа дейін, кейде өсімдіктердің өркені мен тамыры тіршілігінің соңына дейін бұйыққан қалпында қалуы мүмкін. Осыған қарамастан бұйыққан бүршік өзінің тіршілігін ағаш діңінің ішінде ұзақ уақыт жалғастырады. Бұйыққан бүршіктің бой конусы жыл сайын жаңа метамерлердің бастамасын (жапырақтар бастамасы мен буындар) береді. Мұндай жағдайда бүршіктің өстік бөлігі өте баяу, орташа есеппен өзі пайда болған аналық өркен сүрегінің жылдық сақинасы шамасындай ғана еседі. Пайда болған барлық жапырақ бастамалары метаморфозданып қабыршаққа айналады. Осылай жыл сайын дің жуандап өскенде бұйыққан бүршік те ағаш сабағының ішінде жатып, өзінше жуандап жасырын бұтаққа айналады. Бұйыққан бүршіктің қабыршағының қолтығында жас бүршіктер қалыптасып, дің ішінде жасырын бұтаққа айналуы мүмкін. Осылай бірнеше рет бұтақтану нәтижесінде, бастапқыдағы бір бүршіктің орнына бұйыққан бірнеше бүршіктердің жиынтығы пайда болады.

Бұйыққан бүршіктер өркендеу үшін сабақтың (діңнің) одан жоғары орналасқан бөліктерін кесу керек немесе табиғи жағдайда ол әр түрлі жолмен зақымданып істен шығуы керек.

Бүршіктердің пішіні, мөлшері, саны, бүршік қабыршақтарының орналасуы және реңі - сүректі өсімдіктерді анықтаудың негізгі белгілерінің бірі.        

Бүршіктер өркеннің ұзарып өсуін және бұтақтануын қамтамасыз етіп, өркендер жүйесін қалыптастырады.

Өркеннің бұтақтануы. Өркеннің өстік бөлігі өсімдік сабағының өсуі барысында бұтақтанады. Бұтақтанудың нәтижесінде өсімдіктің аумағы ұлғаяды. Тұқымның ұрық бөлігінен өсіп шыққан негізгі өркеннің жанама бүршіктерінен жанама өркендер, яғни екінші ретті өс өсіп шығады. Екінші ретті жанама өркеннен үшінші ретті жанама өркен қалыптасады, осылайша рет саны арта береді.

Бұтақтанудың өзіне тән зандылықтары бар. Өсімдіктердің арнаулы топтарына бұтақтанудың белгілі бір бөлімі тән. Сүректі өсімдіктерде бұтақтанудың нәтижесінде бөрікбасы (крона) пайда болады.

Бұтақтанудың төмендегідей түрлерін ажыратады (59-сурет).

Дихотомиялы немесе ашалана бұтақтануда өсу нүктесіңдегі инициалды жасушалар екіге ажырайды, соның нәтижесінде бірінші ретті бұтақ ұшынан екінші ретті екі бұтақ өсіп шығады, бұлардың әрқайсысы өз ретінде ашаланып бірдей екі жаңа бұтаққа бөлінеді. Инициалды жасушаның бөлінуі арқылы бұтақтану төменгі сатыдағы балдырларға, саңырауқұлақтарға және қыналарға, сол сияқты жоғары өсімдіктерден мүк, плаун төрізділерге және ашық тұқымдылардың кейбір өкілдеріне тән. Дихотомиялы бұтақтану - бұтақтанудың көне бөлімі (59-сурет, 4) . Моноподийлі бұтақтану кезінде бүршігінен пайда болған өркеннің өстік бөлігі - сабақ ұшы арқылы өсуді жылдар бойы, кейде өсімдік тіршілігінің соңына дейін жалғастырады. Мұндай жағдайда жанама өркендер негізгі сабақтың жанама бүршіктерінен жетіледі және монополий бұтақтануды жалғастырады.

 

 

 

3 - с у р е т. Өркеннің бұтақтану типтері. А - дихотомиялы; Б - моноподийлі; В - симподийлі; Г – жалған дихотомиялы. 1,2,3,4-бірінші және одан кейінгі реттердегі өстер.

 

Сүректі өсімдіктер монополий тәсілімен бұтақтанғанда олардың сабағы жуандап, ұзарып өсіп, қуатты дің пайда болады. Бұған майқарағай, балқарағай, қарағай, шамшат, самырсын, көктерек, емен т.б. мысал бола алады (59-сурет, Б).

Симподийлі бұтақтану кезінде негізгі (немесе жанама) сабақтың төбе бүршігі біраз уақыт өткен соң өледі немесе өсуін баяулатады. Бұл кезде төбе бүршігіне таяу орналасқан жанама бүршіктен өркен жетіліп, ол негізгі бұтақтың орнын басып, тік өседі де негізгі сабақ бүйірінің біріне қарай ығысады. Пайда болған жанама бұтақ көп ұзамай өзінің ұшы арқылы ұзарып өсуін тоқтатады да, оның бой конусының төменгі жағындағы жанама бүршіктен жаңа өркен өсіп шығады. Бұтақтану осылай жалғаса береді, нәтижесінде негізгі дің қысқарып қалады. Оны жанама бұтақтар жалғастырады. Бұтақтанудың бұл тәсілі қайың, тал, алма, алмұрт, қараөрік, өрік, шие, шабдалы, үйеңкі, грек жаңғағы т.б. көптеген ағаштар мен бұталарға, шөптесін өсімдіктерден қызанакқа, қартопқа және т.б. тән (59-сурет, В).

Симподийлі бұтақтану басқаларына қарағанда қарқынды өтеді.

Симподийлі бұтақтанудағы төбе бүршіктердің өсуін эволюциялық бейімделу деп қарастырады. Өйткені төбе бүршігі жа­нама бүршіктерінен жас өркендердің пайда болуын тежейді.

Жалған дихотомиялы бұтақтану бұтақтанудың жеке бөлімін түзбейді. Бұл - симподийлі бұтақтанудың бір түрі (59-сурет, Г). Өйткені жалған дихотомиялы бұтақтануда төбе бүршігі өсуін тоқтатады да, одан төмен орналасқан қарама-қарсы екі жанама бүршіктен бір мезгілде ашаланған бұтақтар өседі. Осылай бұтақтанудың нәтижесінде қарама-қарсы орналасқан бұтақтардың пайда болуы төменнен жоғары қарай жалғасады. Сөйтіп, төменгі ретті бұтақ өсуін тоқтатып, біртіндеп жоғарғы ретті бұтақ өседі. Жалған дихотомиялы бұтақтану сасық мендуана, қалампыр, серігүл, талшын т.б. өсімдіктерінде байқалады.

Өсімдіктердің басым көшпілігінің өркендері бұтақтанады, сонымен қатар бұтақтанбайтын өсімдіктер де кездеседі (мысалы, бақ-бақ).

Бұтақтанудың тағы бір түрі түптену деп аталады. Түптену бұталарға, көп жылдық, сол сияқты бір жылдық шөптесін өсімдіктерге, оның ішінде астық тұқымдасына тән (60-сурет).

Мұнда негізгі өркеннің төменгі жағынан жанама өркендердің тобы пайда болады. Бұл жанама өркендер негізгі өркеннің жер астындағы немесе топырақ деңгейіндегі қысқарған буындарынан өсіп шығып, бұта тәрізді пішінге ие болады. Түптену кезінде өсімдік сабағының буын аралықтары оның тіршілігінің соңына дейін қысқарған қалпында қалады. Астық тұқымдастары сабағының түптенуі кезінде жанама өркеңдер беретін буын түптену буыны (аймағы) делінеді және түптену буынынан өсіп шыққан әрбір өркен гүл шоғырымен аяқталады. Соңдықтан астық тұқымдасының бұтақтанып өсетін сорттары мол түсім береді.

Түптену ерекшелігіне қарай астық тұқымдасы борпылдақ түпті бұтақтану (рыхлокустовые) және тығыз түпті бұтақтану (шотнокустовые) деп бөлінеді. Борпылдақ түпті бұтақтануда жанама өркендер мен қосалқы тамырлар сабақтың жер астындағы буындарынан, ал тығыз түпті бұтақтануда жер үстіндегі буыңдарынан өсіп шығады. Тығыз түпті астықтардың түптенуінен өте тығыз шым пайда болады.

 

 

 

        

 

4 - с у р е т. Астықтардың түптенуі: А – тығыз түпті бұтақтанған астықтар (аққараған), Б - борпылдақ түпті бұтақтанған (коңырбас, қара бидай); В – тамырсабақты (бидайық); 1 – дән; 2 – ұрық тамырлары; 3 - қосалқы тамырлар; 4 - түптену буыны; 5 - негізгі өркен бірінші ретті өсі; 62 63 64 65 - екінші және одан кейінгі реттердегі өркендер; 7 -тамырсабақ.

 

Бұтақтану барысында негізгі өске жанама бұтақтардың орналасуы және олардың жетілу ерекшеліктері өркендер жүйесінің сыртқы көріністеріне әсер етеді. Осыған байланысты бұтақтанудың үш нұсқасы ажыратылады. Олар: акротониялы бұтақтану, мезотониялы бұтақтану және базитониялы бұтақтану (бұлардың өтпелі түрі де кездеседі).

Акротониялы (грекше «акрос» — ұшы, «тонос» — күш, қуат) бұтақтануда едәуір қуатты жетілген жанама бұтақтар негізгі (аналық) өркеннің ұшына жақын орналасады. Бұл бұтақтану ағаштарға тән.

Базитониялы бұтақтануда ірі және куатты жетілген бұтақтар аналық өркеннің негіз жағында орын тебеді. Бұл бұтақтану бұталарға, және көп жылдық шөптесін өсімдіктерге тән. Астық тұқымдасының түптеніп бұтақтануы базитонияға мысал бола алады.

Мезотониялы бұтақтануда жетілген ірі жанама бұтақтар аналық өркеннің орталық бөлімінде қалыптасады.

Жапырақтардың орналасуы. Өсімдіктердің басым көпшілігіне тән нәрсе оның өркенінің сабағында жапырақтың болуы. Жапырақсыз сабақтар, мысалы, гүл сидамдар біршама сирек кездеседі.

Жапырақтар сабақта кезектесіп немесе серіппе тәрізді бұралып, қарама-қарсы және шоқтанып орналасады (61-сурет).

Кезектесіп немесе серіппе тәрізді орналасқандарында әрбір буыннан бір ғана жапырақ өсіп шығады. Жапырақтың осылай өсуі едәуір күрделі және жоғары сатыдағы өсімдіктерде кең таралған. Мұндағы байқалатын заңдылық, егер сабақта орналасқан жапырақтарды жіпке тізсе, онда серіппе (спираль) пайда болады және бір немесе бірнеше айналымнан кейін тік бағыттағы түзу сызық бойына екі жапырақ бірінің тұсына екіншісі келеді. Тұспа-тұс жапырақтарды қосатын түзу сызық ортостиха (грекше «ортос» — түзу, «стихос» — қатар) деп аталады. Ортостиха ұштарының аралығында қалған жапырақтар белгілі бір қашықтықта серіппенің бойында болады. Бір ортостиха бойындағы екі жапырақ аралығындағы серіппенің айналым саны жапырақ циклі деп аталады.

Өсімдіктер жапырағының кезектесіп келуін есептеу оңай. Бөлшектің алымына жапырақ цикліндегі серіппенің айналым саны, бөліміне ондағы жапырақ саны қойылады. Мысалы, астық тұқымдастарының басым көпшілігінің жапырақ орналасуына 1/2 бөлігі тән. Өйткені жапырақ циклі бір айналымнан тұрады да, ондағы жапырақтың саны екеу. Сол сияқты кызғалдақ пен кияқөлеңдерде 1/3, өйткені бұларда да жапырақ циклі бір ай­налым, жапырақ саны үшеу.

Әрбір жапырақ циклінің айналымы мен көрші жапырақтар арасындағы бұрыш айырылысу бұрышы деп аталады. Мысалы, астық, қайың және жүзім жапырақтарының орналасуы 1/2 деп белгіленсе, айырылысу бұрышы 180°, қияқөлеңдер, қызғалдақта - 1/3 және 120°, алмұрт, қарақат, қараөрікте - 2/5 және 144°, қырыққабат, шомыр, зығырда - 3/8 және 135°, шырша, баданда - 5/13 және 138° тағы осылай жалғастыруға болады.

Кезектесіп орналасқан жапырақтар бірін-бірі көлеңкелемейді. Сондықтан жапырақ тақтасына үнемі күн нұры түсіп, фотосинтез қалыпты жүреді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

61 -суре т. Жапырақ орналасуының негізгі типтері: 1 — Еменде серіппелі; 2 — серіппелі орналасудың сызбанұсқасы; 3 — гастерияда екі қос қатар (а— бүйір жағынан, 6-жоғарыдан көрініс); 4 — Олеандрада шоқтанып, 5 — серігүлде қарама-қарсы.

 

Жапырақтар қарама-қарсы өскенде өркеннің әрбір буынынан екіден жапырақ шығады да, олар біріне-бірі қарсы орналасады. Мысалы, қалақай, жалбыз, серігүл, ұшқат, жасмин және басқа өсімдіктерде солай. Қарама-қарсы біткен жапырақтар жапырақ циклін түзеді, яғни екіден орналасқан жапырақтар белгілі бір айналымдардан тұратын серіппе түзіп кезектеседі.

Жапырақтар шоқтанып өскенде бір бунақтан үш немесе одан көп жапырақ шығады. Мысалы, олеандрдың бір буынында үш, қарғакөзде төрт, риянда (марена) көп жапырақ.

Жапырақтардың жоғарыда аталған орналасуының қайсын алмайық олардың жарыққа бейімделуіне, жапырақтың бірін-бірі көлеңкелемеуіне негізделген.

Өсімдіктегі жапырақ тақталарының үстіңгі беттерінің күн нұрына біркелкі төселе немесе мәнерлене жатуын, бағытталуын жапырақ мозайкасы деп атайды. Жапырақтардың өркенде мәнерленіп орналасуы олардың жапырақ тақталарының көлемінің, пішінінің әр түрлілігі, сағақтарының ұзын-қысқалығы және т.б. нәтижесінде қалыптасады. Жапырақтың мозаика түзіп орналасуын бақ-бақтың, жұмыршақтың, жертаған жапырақтарынан, бақытшөптен, асқабақтар тұқымдасының өкілдерінен және т.б. өсімдіктерден байқаймыз.

Өркен түрлері және өсімдік тіршілігінің ұзақтығы. Өркеннің өсу ерекшеліктеріне және оны түзетін вегетативтік мүшелері тіршілігінің ұзақтығына қарай өсімдіктер бірнеше түрге бөлінеді. Олар: 1) сүректі өсімдіктер; 2) шөптесін өсімдіктер; 3) жартылай сүректі өсімдіктер.

Сүректі өсімдіктердің жер бетіндегі және жер астындағы мүшелері толығынан сүректенеді. Сүректену дәрежесі және бұтақтану ерекшеліктеріне байланысты сүректі өсімдіктердің өзі ағаштар, бұталар, бұташықтар, жартылай бұталар болып төрт топқа бөлінеді.

Ағаштардың бөрікбасын түзетін жанама бұтақтарымен салыстырғанда ерекше көзге түсетіні - бойлап та, ендеп те қарқынды өсіп жетілген жалғыз негізгі діңі болады. Ағаштардың діңі бірнеше ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы тіршілік етеді.

Бұталардың ағаштардан басты айырмашылығы - негізгі діңінің болмауы немесе нашар жетілуі. Бұтақтануы тамыр мойынан басталып, бірнеше шағын дің жетіледі. Бұталарға бөріқарақат, таңқурай, қарақат, қарлыған, серігүл, ырғай, орманжаңғақ, анар және т.б. көптеген өсімдіктер жатады.

Бұташықтар биіктігі шамамен 50 см-ден аспайтын орташа есеппен 10-30 см шамасындағы шағын сүректі өсімдіктер. Оларға нағыз қаражидек, ит бүлдірген, мүкжидек және т.б. жатады.

Шөптесін өсімдіктердің басым көпшілігінде күзде тіршілігін аяқтайтын шөптесін сабағы болады. Тіршілігінің ұзақтығына қарай шөптесін өсімдіктер бір жылдық, екі жылдық және көп жылдық деп үш топқа бөлінеді.

Бір жылдық шөптесін өсімдіктер өзінің тіршілігін бір вегетациялық кезеңде бастайды және аяқтайды. Бұлар көбіне мәдени өсімдіктер: астық дақылдары, ас бұршақ, қытай бұршақ, үрме бұршақ, жержаңғақ, кенепшөп, күнбағыс, зығыр және т.б.

Бір жылдық шөптесін өсімдіктердің қатарына эфемерлер де жатады. Эфемерлер шел және шөлейт аймақта жылдың қысқа қолайлы кезеңінде, ерте көктемде өсіп жетілуге бейімделген  өсімдіктер. Бұлар ерте көктемдегі жауын-шашын ылғалын пайдаланып, өсуін ерте бастайды, сөйтіп, ыстық түсіп жер кұрғағанға дейін бірнеше аптаның ішінде гүлдеп, жемісін беріп, тұқым шашып үлгереді.

Кейде бір вегетациялық кезенде бірнеше рет ұрпақ береді. Мысалы, көктемшөп, крупка т.б. осындай қасиеттке ие.

Екі жылдық шөптесін өсімдіктерде бірінші жылы тамыры мен жертаған жапырақтары жетіледі де, екінші жылы сабағы өсіп шығып, гүл және жеміс береді, сөйтіп тіршілігін аяқтайды. Екі .жылдық өсімдіктерге мыналар жатады: сәбіз, қызылша, ақжелкен, аюкұлақ, түйетікен сияқты көптеген арамшөптер; жалбызтікен, меңдуана т.б. сияқты дәрілік өсімдіктер.

Көп жылдық шөптесін өсімдіктер алуан түрлі және жер шарының барлық табиғат аймақтарына кең тараған. Арктика мен Антарктика және биік тау жоталарында өсетін көп жылдық шөптесін өсімдіктердің жер бетінде жетілген бөліктері қар астында қалып, көктемде қар ери бастаған кезде оның толық жетілген өркені, гүл шанағы, кейбіреулерінің (альпі еңлікгүлі, супияздар, альпі қазтабаны, альпі сарғалдағы және т.б.) ашылған гүлдері өсіп шығады. Көп жылдық шөптесін өсімдіктердің бұл сияқты биологиялық ерекшеліктері қысқа вегетациялық кезеңге бейімделудің айқын белгісі.

Көп жылдық шөптесін өсімдіктердің алуан түрлі экологиялық түрлерін екі топқа біріктіруге болады. Олар: 1) жер бетіндегі бөлігі көп жылдық болатын және 2) жер бетіндегі бөлігі бір жылдық болатын топтар. Мұның бірінші тобына тро­пика мен субтропиканың көп жылдық шөптесін өсімдіктерінің басым көпшілігі жатады. Бұл өсімдіктердің көпшілігі қоңыржай климаттық белдеудің бөлме өсімдіктері (бегонияның, қазтамақтың, кактустың түрлері және т.б.) ретінде өсіріледі. Екінші топ негізінен қоныржай климаттық белдеудің дала, шөлейт, шөл аймақтардың көп жылдық шөптесін өсімдіктері. Бұлардың жер астындағы бөлігі көп жылдық болады да, ал жер үстіндегі бөлігі күзде тіршілігін аяқтайды. Жер астында қалған бөліктен жыл сайын көктемде қайтадан жер үсті бөлігі өсіп шығады.

Көп жылдық шөптесін өсімдіктердің бір тобы - эфемероидтар. Бұлардың жер бетіндегі мүшелерінің тіршілігі қысқа, вегетациясын ерте көктемде бастап, гүлдеп, жемісін беріп жаздың ыстығында тіршілігін аяқтайды. Жер астындағы мүшелері (түйнек, жуашық, тамырсабақ) қоректік заттардың қорын жинап, тыныштық күйге көшеді де күзгі ылғалды пайдаланып жас өркендер беріп, вегетациясын жалғастырады. Мысалы қызғалдақ, қазжуа, лапыз, бәйшешек және т.б.

Көп жылдық шөптесін өсімдіктер мен сүректі өсімдіктердің өмір сүру ұзақтығы, негізінен түрдің тұқым қуалаушылық ерекшеліктеріне және олардың өсетін ортасындағы экологиялық жағдайына байланысты. Көп жылдық шөптесін өсімдіктер орта есеппен 5-10 жыл өмір сүреді. Сонымен қатар 100 жыл және одан да ұзақ өмір сүретіндері де кездеседі.

Ағаштар, әсіресе жер шарының тропикалық және субтропикалық климаттық белдеулерінде ұзақ өмір сүреді. Африка баобабының 5150, ал айдаһар ағашының 6000 жылдық даналары бар. Ұзақ жасауы және биіктігі жағынан алып ағаштардың бірі - мамонт ағашы, бұл жабайы күйінде Калифорнияның тауларында ғана сақталған. Калифорнияда биіктігі 142 м, жуандығы (түбінде) 36 м болатын мамонт ағашы бар. Тез өсетін биік ағаштың бірі - эвкалипт, бұл жабайы күйіңде Австралияда кең таралған орман ағашы.

 

 

Сүректі өсімдіктер тіршілігінің ұзақтығы (жыл есебімен)

Мамонт ағашы (Seqvoia gigantea)               5000

Кипарис (Cupressus fastigiata)                     3000

Ливан самырсыны (Сedrus libani)               3000

Тисс (Taxus Baccata)                                    3000

Талшын (Castanea sativa)                            2000

Арша (Juniperus communis)                        2000

Емен (Quercus robur)                                         1200

Шырша (Picea abies)                                         1200   

Самырсын қарағай (Pinus sibirica)                   1200

Жөке ағашы (Tilia grandiflora)                          1000

Балқарағай (Larix europaea)                               900

Ақтерек (Populus alba)                                       300-600

Шамшат (Fagus silvatica)                                   600-900

Зәйтүн (Olea eurohaea)                                       700

Кәдімгі қарағай (Pinus silvestris)                       500

Грек жаңғағы (Luglans regia)                            300-400

Итмұрын (Rosa conina)                                      400

Алмұрт (Pyrus comminus)                                  300

Алма (Malus domestica)                                      200

Шие (Cerasus avium)                                           100-400

Жүзім (Vitis vinifera)                                           80-100

 

 Ағаштардың салыстырмалы биіктігі (метр есебімен)

         Евкалипт (Eucalyptus regnans)                             142

Мамонт ағашы (Segvoa gigantea)                         95

Самырсын (Abils pestinata)                                   75

Шырша (Picea fbies)                                              60

Балқарағай (Larix europaea)                                  53

Қарағай (Pinus L.)                                                  50

Ақтерек (Populus alba)                                           40

Шынар (Plantanus orientalis)                                  30

 

        Әдебиеттер:

  1. Ағелеуов Е. және т.б. Ботаника, өсімдіктер анатомиясы мен     морфологиясы.  Алматы, «Санат» 1998.

     2. Әметов Ә.Ә. Ботаника. – Алматы, 2004.

     3. Мұсақұлов Т. Ботаника. – Алматы, 1975.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2014-02-06 20:40:54     Қаралды-37862

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »