UF
Загрузка...

БИОГЕОЦЕНОЗДАРДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

 

Табиғаттағы әрбір биогеоценоздың өзін-өзі реттей отырып, тұрақты күйге көшуі сыртқы орта жағдайларының түрлі әсерлеріне байланысты өзгермелі болып келеді. Сондықтан да биогеоценоздағы тұрақтылық тек салыстырмалы түрде ғана болады. Биогеоценоздың тұрақты болуына көбіне ауа райының кенеттен өзгеруі және сол биогеоценозды құрайтын ағзалардың арасындағы тіршілік тізбегінің бұзылуы кедергі жасайды. Биогеоценоздың өзгергіштігіне көп жағдайлар әсер етеді. Біз солардың айқын білінетін 2 тобына тоқталамыз. Оның бірі жеке түрлер санының ауытқуы болса, екіншісі - биогеоценоздардың өздерінің өзгеруі болып саналады.

Түрлер санынын, ауытқуы. Популяция құрамындағы бір түрге жататын жеке даралар өзара тығыз байланыста болады және оларға сыртқы орта жағдайлары да әсер етеді. Мұның бәрі де түр санының ауытқуына ықпал жасайды. Түр ішіндегі даралар санының ауытқуы жыл сайын қосылатын жаңа ұрпақтардың санына және олардың тіршілігін жойған даралар санына байланысты өзгеріп отырады. Кез келген түр өзі тіршілік ететін орта жағдайларына бейімделеді, бірақ бұл бейімделу кейде биотикалық және бейбиотикалық факторларға байланысты аз да болса өзгеріп отырады. Сол арқылы түрлер санының ауытқуы байқалады. Мұндай ауытқу кейбір түрлерден айқын білінедіде, ал екінші бір түрлерден онша көзге түсе бермейді. Қолайлы жағдайларға байланысты кей жылы түрлер саны біршама артса, қолайсыз болған жылдары түрлер саны азайып отырады.

Түрлер санының ауытқу себептері әр түрлі болады. Оған негізінен төрт құбылыс: жаңа ұрпақтарының дүниеге келуі, олардың өлім-жітімге ұшырауы, популяция құрамынан даралардың басқа жерлерге қоныс аударуы және басқа жерлерден даралардың ауып келуі тікелей ықпал жасайды. Жаңа ұрпақтарының белгілі бір уақыт аралығында дүниеге келуі кейде сол түрдің жеке табиғи ерекшелігіне байланысты болады. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік өңірінде Талас Алатауының батыс бөлігі мен оған көршілес Шатқал тау жотасының оңтүстік батысында ғана тіршілік ететін суырлардың ең кішкене түрі көксуыр (оны ғылыми әдебиеттерде Мензбир суыры деп атайды) шағын ғана аймақта таралған. Соңғы жылдары оның саны азайып, таралу ауданы тарылып барады. Көксуыр жылына бір-ақ рет көбейеді, әрі 2-3-тен артық балаламайды. Олардың жылдық өсімталдығы да төмен, яғни ғылыми деректер бойынша көксуырлардың аналықтарының тек 13%-і ғана ұрпақ беретіні анықталған. Бұған қосымша басқа да жанама әсерлер (рұқсатсыз аулау, орта жағдайының өзгеріп кетуі, шектен тыс мал жаю, иесіз иттердің көбейіп кетуі, басқа жануарлардың қорек етуі, т. б.) де оның жылдан-жылға күрт азайып кетуіне ықпалын тигізуде. Белгілі бір түр санының ауытқу себептерін білу үшін алдымен сол түрге жататын жануарлардың тіршілік әрекетін, оған әсер ететін экологиялық ерекшелікті және сол әсерлердің өзгергіштігін жан-жақты білуіміз қажет. Осындай мәліметтерді анықтап және оларды бір-бірімен салыстыра отырып, белгілі бір түрдің санының көбірек ауытқуына әсер ететін жағдайларды аңғаруға болады. Мысалы, жануарлардың көпшілік түрлерінің саны өздеріне қажетті қоректің өзгеруіне тікелей байланысты болады. Қазақстанда қазіргі кезде сирек кездесетін ілбіс, қабылан, қарақұлақ, т. б. жыртқыштардың санының азаюына оларға қорек болатын тұяқты аңдар санының азайып кетуі тікелей әсер еткен. Ал соңғы жылдары Қазақстанның су айдындарында бір кезде жерсіндірілген ондатра санының азаюына да олар мекен ететін орта жағдайында негізінен қоректік су өсімдіктерінің азаюы, т. б. жағдайлар әсер етуде. Бұл екі мысалдан біз түрлер санының азаюына қоректің мөлшерінің ауытқуы да әсер ететінін байқаймыз.

Өсімдікпен қоректенетін көптеген бунақденелілердің санының көбеюіне не азаюына да, негізінен, ауру таратушы микробтар, түрлі паразиттер, жыртқыш жануарлар әсер етеді. Сондықтан да бунақденелілер мен оларды қорек ететін жануарлар санының ара қатынасы бұзылса, онда бунақденелілердің саны ондаған немесе жүздеген есе көбейіп, олардың санының ерекше ауытқуы байқалады. Кейде табиғатта зиянды жәндіктер саны да өзгеріп отырады, бірақ ол ұзаққа созылмайды. Жәндіктердің саны шарықтау деңгейіне жеткен соң бірден тез азаяды. Негізінен алғанда, көптеген зиянды жәңдіктер санының азаю себептері бір-біріне ұқсас болады. Оған жыртқыштар санының қарқыңды өсуі және әр түрлі вирустардан, бактериялардан, саңырауқұлақтардан жұғатын аурулардың таралуы басты себеп болып табылады.

Түрлердің көбеюіне, жалпы алғанда, көптеген жағдайлар әсер етеді. Сондықтан да оның тікелей себептерін бірден анықтау қиынға соғады. Көп жағдайда түрлер саны ауа райының тікелей немесе жанама әсерлерінен де ауытқиды. Қазақстандық белгілі ғалым А. А. Слудскийдің көп жылдық зерттеулеріне қарағанда өлкемізде кездесетін көптеген тұяқты аңдардың (қарақұйрық, ақбөкен, бұғы, бұлан, арқар, құлан, т. б.) санының ауытқуына Қазақстан жерінде жиі болып тұратын жұт (ауа райының қолайсыздығынан белгілі бір аймақта болатын ауыртпалық) ерекше әсер еткен.

Биогеоценоздағы түрлердің арақатынасына адамның іс-әрекеті де зор әсер етеді. Бұл жағдай әсіресе соңғы жылдары айқын түрде байқалып жүр. Мысалы, кәсіптік мәні бар түрлерді шектен тыс және заңсыз аулау, кейбір түрлерді алдын ала ойланбай жерсіндіру, т. б. әрекеттер көптеген жануарлар санының азаюына, тіпті біржола жойылуына әкеп соқты. Бұған Қазақстан жерінде бір кезде үйір-үйірімен кездесетін құлан мен тарпанның жойылып кетуі, дуадақ, ұлар, т. б. құстардың санының азаюы мысал бола алады. Кейде адамның іс-әрекеті бірқатар түрлердің жедел көбеюіне де әсерін тигізеді. Бұл әсіресе зиянды бунакденелілерге қарсы кейбір улы заттарды қолданған кезде айқын байқалады. Мұндай улы заттар тек зиянды жануарларды құртып қана қоймай, сол жердегі басқа да жануарларды жойып жібереді де, ондағы ертеден қалыптасқан қоректік тізбек жойылады. Ал кейбір зиянды жануарлар удың әсеріне төзімді келеді, әрі оған тез бейімделеді. Соның салдарынан кейбір зиянды бунақденелілер, кенелер тез көбейіп, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығына көп зиян келтіре бастайды. Сондықтан да табиғатта зиянды жануарлармен күрес жүргізгенде химиялық улы заттарды пайдаланғаннан гөрі көбінесе биологиялық әдістерді пайдалану әлдеқайда тиімді болады. Кез келген биогеоценоздағы әрі түрлі ағзалар санының өзгеруін, оған әсер ететін басты себептерді анықтау арқылы зиянды бунақденелілердің жаппай көбейіп кетуін алдын ала болжап оны азайтуға болады. Мұның өзі экологияның басты міндеттерінің бірі болып саналады.

Биогеоценоздың ауысуы. Қандай биогеоценоз болса да ол үнемі дамып, белгілі бір эволюциялық деңгейде болады. Ешуақытта өзгермейтін биогеоценоз табиғатта кездеспейді. Әрбір биогеоценоз түтас бір ағза іспеттес, үнемі өзін-өзі реттеп отырады. Табиғатта биогеоценоздың бір қалыптан екінші жағдайға ауысуының өз заңдылығы мен бағыты болады. Оны білу арқылы табиғаттағы сан алуан түрлі ағзалардың бір-бірімен және айналадағы орта жағдайымен қарым-қатынасын, сонымен бірге жалпы биогеоценозда болатын заңдылықтардың сырын ашып, оны адам өз мүддесі үшін пайдалана алады.

Құрлықтағы биогеоценоздардың ауысу кезінде негізгі орынды өсімдіктер алады. Жағаға жақын жерлерде су өсімдіктерінің қалдықтары бірте-бірте жиналып, шымтезек қабаттарын түзеді. Сумен бірге ілесіп келген құм мен сазбалшықтар қабаты суқойманы таяздата түседі. Терең жерлердегі планктон қалдықтары су түбіне шөгіп, майда түйіршікті лай түзіледі. Осылайша бір кезде көгілдір көл батпаққа айнала бастайды. Тіршілік ететін балықтар, т. б. су жәңдіктері жойылады. Оның орнын батпақты жағдайға төзімді өсімдіктер мен жануарлар түрлері басады. Бұрынғы суқойманың орнына басқа өсімдіктер өсе бастайды. Біртіндеп ондай жерлерде шалғындық немесе бұталы орман, т. б. биогеоценоз типтері пайда болуы мүмкін.

Кейбір тұрақты биогеоценоздар түрлі әсерлердің себептерінен бұзылып, одан кейін бірте-бірте өзінің бастапқы қалпына келуі мүмкін. Бірақ ол үшін ұзақ уақыт қажет. Біз мұны шыршалы ормандардың қалпына қайта келу мысалынан көруімізге болады.

Шыршалы орман кесілді немесе өртке ұшырады делік. Ондай жерде бірден шыршалы орман қалпына келе қоймайды. Алдын ала ашық алаңқай жерлерге түскен шырша тұқымынан шыққан өскін көктемгі үсікке, күннің қыздыруына шыдай алмайды және жарық сүйгіш өсімдіктермен бәсекеге де түсе алмайды. Алғашқы жылдары ондай жерлерде шөптесін өсімдіктер қалың шығады. Бірте-бірте тұқымдары жел арқылы таралатын қайың, теректің, кейде қарағайдың өскіндері шыға бастайды. Бұлар өсе келе бұрынғы шөптесін өсімдіктерді ығыстыра бастайды да, жапырақты немесе қарағайлы орманға айналады. Тек осыдан кейін ғана шыршалардың қайта өсуіне қолайлы жағдай туады. Көлеңкеге төзімді шырша өсімдіктері жапырақты ағаштармен бірге жарыса өседі. Бірте-бірте биіктей өскен шыршалар өз кезегінде жапырақты ағаштарды ығыстыра бастайды да, бір кездегі шыршалы орман ұзақ уақыттан кейін ғана түрақты биогеоценозға айналады. Бұл арада ескерте кететін жағдай: өрт - орманның қас жауы. Оның болуына көп ретте адамдар кінәлі.

Биогеоценоздардың географиялық аймақтылығы. Жер бетіндегі биогеоценоздар ендік бойынша белгілі бір заңдылықпен орналасқан. Сондықтан да биогеоценоздардың әр түрлі типтері географиялық аймақтылықпен тығыз байланысты болады. Табиғи аймақтардың мынадай түрлері бар, олар - тундра, тайга, жалпақ жапырақты орман, орманды-дала және шөлейтті аймақтар. Географиялық аймақтардағы биогеоценоздардың басты құрамды бөлігін өсімдіктер жамылғысы құрайды. Сондықтан да әрбір аймақта өзіне тән өсімдіктердің бір тобы басым орын алады және органикалық заттарды ыдырататын ағзалар мен сол жердің өсімдіктерімен қоректенетін жануарлар түрлері де өзгеше болады. Әрбір биогеоценоздың маңызды құрамдас бөлігі болып саналатын топырақ жабындысы да географияльіқ аймақтарға байланысты өзгеріп отырады.

Биік таулы аймақтардағы биогеоценоздар тау етегінен ең биік шыңына қарай белгілі бір биіктік деңгейінде үнемі өзгеріп отырады. Мысалы, Іле Алатауының солтүстіктегі шөлейтті аймақтан басталып, бірте-бірте далалы аймаққа, ол бұталы, әрі жалпақ жапыракты орманды алқапқа, одан биіктеген сайын қылқан жапырақты (шыршалы), одан альпі шалғындығына ұласады.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-10-27 11:10:04     Қаралды-407

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »