UF

ТАТАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ - Татария (Татарстан) - 1920 жылы 27 мамырда құрылған. Жері 68 мың км2. Халкы 3,9 млн (2019). 37 ауданға бөлінех. 17 қаласы, 24 қ. т. поселкесі бар. Астанасы - Қазан қаласы.

Табиғаты. Рельефі 3 бөлікке бөлінеді: Волга алды (Волганың оң жағында), Кама алды (Камадан солтүстікке қарай) және Кама сырты (Камадан оңтүстікке, оңтүстік-шығысқа. Территориясының 90%-іне жуығы - ойпатты жазық. Бугульма-Белебел (343 м-ге дейін) және Волга бойы қыраттары республиканың биік бөлігі. Волга алды және Вятка-Кама су айрықтары сай-жыралармен қатты тілімделген. Республикалық территориясына Волга-Орал мұнайлы-газды облысының едәуір бөлігі кіреді. Гипс, доломит, қоңыр көмір, шымтезек, жанғыш тақта тас кен орындары, минералды су бұлақтары (Ижевск маңы) бар. Климаты қоңыржай континенттік. Қаңтардың орташа температурасы - 13°С, - 14,8°С, шілдеде 18,6°С, 19,6°С. Жылдық жауын-шашыны 450 мм. Ірі өзендері - Волга (облыс шегіндегі ұзындығы 177 км), Кама (380 км), Белая (60 км), Вятка (50 км). Жері шым-күлгін, сұр және қара топырақты; өзен аңғарлары шөгінді аллювий топырақты келеді. Территориясының 16%-і орман. Қасқыр, түлкі, бұлан, тиін, қоян т. б. мекендейді. Су айдындары балыққа бай. 1960 жылы Волга-Кама қорығы ұйымдастырылды.

Халқы. Тұрғындарының жартысына жуығы (1536,4 мың, 1970) татарлар; орыс, чуваш, мордва, удмурттар да тұрады. Орташа тығыздығы 1 км2-ге 48,5 адамнан (1975), оңтүстік-батыс аудандарында халық жиі қоныстанған. Қала халқы 59%. Маңызды қалалары - Қазан, Набережные Челны, Альметьевск, Төменгі Камск, Зеленодольск, Бугульма, Чистополь.

Тарихы. Қазіргі Татарстан жерін адам баласы ертедегі палеолит дәуірінен бастап (осыдан 100 мыц жылбұрын) мекендеген. Қола дәуірінен абашево, срубная, Қазан төңірегі мәдениетіне жататын ескерткіштер сақталған. Ананьин мәдениеті мен пьянобор мәдениетінің орталығы Татарстан жері болып есептеледі. Б. з. 4-7 ғасырларында Татарстан жерінің оңтүстік бөлігін именьково мәдениетін жасаушы тайпалар мекендеген, солтүстігіне таман азелин мәдениетінің тайпалары тұрған.

6-7 ғасырларда Татарстан жерінің Түрік қағандығымен байланысы күшейді. Қазіргі Татарстан жерін 9 ғасырға дейін мадьяр тайпалары (венгрлердің арғы аталары) мекендеді (Венгрлер). Еділ-Кама бұлғарлары кейіннен оларды Дунайға ығыстырып жіберді. 10-14 ғасырлар Татарстан жері түгелімен Еділ-Кама Бұлғариясының құрамына кірді. Феодалдық қатынастар дамып, 10 ғасырдан бастап Еділ бұлғарларында жетекші орынға шықты. Қалаларда қолөнер, металлургия дәуірлеп өсті, бұлғарлардың төлтума жазу мәдениеті, әдебиеті мен өнері болды. 13 ғасырдың 2-жартысында бұлғарлардың Еділдегі қамалы - Қазан салынды. Еділ-Кама Бұлғариясының бір кездегі дәуірлеп өскен қала, село мәдениеті егіншілік техникасы мен қолөнер мәдениеті Еділ бойы, Орал өңірі татарларының тұрмыс-салтында, мәдениетінде сақталған. Бұлғарлар да, Еділ бойының басқа халықтары да 1223-1240 жылдар монғол-татарларға қарсы ерлікпен соғысты (Монғол-татар шапқыншылығы). 1241 жылдан Еділ-Кама Бұлғариясы Алтын Орданың құрамына кірді.

15-16 ғасырларда Қазан татарлары (Еділдің ортаңғы ағысы мен Орал татарлары) бір тұтас халық болып қалыптасты. Татарстан жері Қазан хандығының құрамына кірді. Орыс патшалығының 1545-1552 жылғы Қазан жорығы нәтижесінде Қазан хандығы Россияның қол астына қарады. Бірнеше қала - Свияжск (1551), Лапшево (1557), Тетюши салынды (1578). 1670-1671 жылдар Татарстан жерінде Степан Разин бастаған шаруалар соғысы жүрді. 1708 жылы Қазан губерниялық құрылды. Татарстанның халқы Е. И. Пугачев бастаған шаруалар соғысына (1773-1775) белсене қатысты.

19 ғасырдың орта шенінде қазіргі Татарстан жерінде 1,6 млн. адам болды, оның 90%-і ауылдық жерлерде тұрдьі. Халқының 2/3 бөлігі татарлар болды. Өнеркәсіппен қатар Татарстанның мәдениеті де дамыды. 1804 жылы Қазан университеті ашылды. 19 ғасырдың ортасына таман басыбайлы право күшейіп, татар, орыс және басқа ұлттардың шаруалары аяусыз қанаушылыққа ұшырады. 1861 жылы шаруалар реформасы жүргізілген кезде, Бездненск шаруалары көтеріліс жасады (1861), оны Қазан студенттері қолдады. Халықшылдар Еділ бойында шаруалар көтерілісін ұйымдастырмақ болды (Қазан қастандығы).

60 жылдардағы буржуазиялық реформалар капитализмнің дамуына жағдай жасады. 19 ғасырдың аяғында Татарстандағы кәсіп орындарында 60 мыңға жуық (1917 жылы 100 мың) орыс, татар жұмысшылары болды. Татардың алғашқы ғалымдары, ағартушылары, ақын, жазушылары, артистері шықты. 80 жылдарда Қазанда алғашқы марксистік ұйымдар пайда болды. 1889 жылы Н. Е. Федосеевтің үйірмесі талқандалғаннан кейін, Қазанда А. М. Стопани мен Н. Э. Бауманның с.-д. ұйымы жұмыс істеді. 1887 жылы Қазанда В. И. Лениннің (ол кезде Қазан университетінде оқитын) революциялық жұмысы басталды, 1897 жылы Татарстанда Е. П. Табейкин бастаған тұңғыш с.-д. тобы пайда болды, ал 1903 жылы «Искра» бағытын ұстаған РСДЖП комитеті құрылды (Н.Н.Накоряков, X.М.Ямашев т.б. басқарған). Самодержавие құлатылғаннан кейін 1917 жылы Қазанда және уездерде большевиктер Я.С.Шейнкман, Г.Олькеницкий, К.Якубов, Г.Гордеев, М. Ахметшин, С.Гассар т. б. көптеген жұмыстар жүргізді. РСДЖП Қазан комитетінің басшылығымен Татарстанда революциялық қозғалыс шұғыл дәуірледі. 1917 жылы наурыздан комитет «Рабочий» атты газет шығарып тұрды. Жергілікті халықтың ұлттық ерекшелігін ескере отырып, большевиктер өз жұмысында ұлттық-демократиялық комитеттерді, сондай-ақ мұсылман социалистік комитетін (М. Вахитов басқарған), солдат әйелдері одағын пайдаланды. 1917 жылы 26 қазанда (8 қарашада) Қазанда Совет өкіметі орнады. Барлық революциялық шараларды жүргізуге орыстармен қатар татар еңбекшілері белсене қатысты. 1918-1919 жылдар Татарстан жерін екі рет ақ гвардияшылар басып алды. 1918 жылы қаркүйекте Қызыл Армия Қазанды азат етті. 1919 жылы маусымның басында Татарстан жері ақтардын әскерінен толық тазартылды. БОАК пен РСФСР Халкомсовының 1920 жылғы 27 мамырдағы декреті бойынша РСФСР құрамында Татарстан АССР-і құрылды. 1920 жылы 26-27 қыркүйекте Татарстан АССР-і Советтерінің Құрылтай съезі болды.

Азамат соғысынан кейінгі социалистік индустрияландыру, ауыл шаруашылығын коллективтендіру, мәдени революция Татарстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын өзгертті. Жұмысшылардың саны көбейді, ұлт кадрлары өсіп жетілді. 30 жылдары Татарстанда колхоз құрылысы жеңді. Ауыл шаруашылық жедел қарқынмен механикаландырылды.

1941-1945 жылдар Ұлы Отан соғысы кезінде Татарстан еңбекшілері майдан мен тылда неміс-фашистік басқыншыларына қарсы совет халқының ерлік күресіне белсене қатысты. Татарстанның 70 мыңға жуық ұл-қыздары СССР-дің орден, медальдарымен наградталды; 200-ге жуық адам Совет Одағының Батыры атағын алды. Олардың ішінде Брест қамалын қорғауға қатысқан даңқты батыр майор П. М. Гаврилов, патриот-ақын Мұса Жалил бар.

Соғыстан кейінгі дәуірде Татарстанда мұнай, газ өнеркәсібі тез дамыды. 1970 жылы Набережные Челны қаласында Кама автомобиль зауыды салына бастады.

Халық шаруашылығы. Татарстан Совет өкіметі жылдары өнеркәсібі мен ауыл шаруашылық қатар өркендеген республикаға айналды. 1913-1973 жылдар өнеркәсіптің жалпы өнімі 461 есе, ауыл шаруашылық өнімі 3 есе артты. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылық біріккен өнімдерінің 80,4%-ін өнеркәсіп береді.

Өнеркәсібі. Барлық өнеркәсіп өнімі 1940-1974 жылдар 37 есе артты. Республикада 500-ден астам ірі кәсіпорындар іске қосылған. Мұнай, машина жасау, химия және мұнай-химия өнеркәсіп салаларының одақтық маңызы бар. Жеңіл, тамақ және ағаш өңдеу өнеркәсіптері де жоғары дамыған. Республиканың аса маңызды өнеркәсіп өнімдері (1975): электр энергиясы 25 801 млн. квт-сағ, мұнай 103,7 млн. т, табиғи газы 4295 млн. м3, мұнай аппаратурасы 21,1 мың т, компрессорлар 1059 дана. Қазан, Уруссу, Набережные Челны, Төменгі Камск қалаларында ірі ЖЭС-тер салынған. Республикалық өнеркәсіп өнімінің 25%-ін машина жасау және металл өңдеу өнеркәсібі береді. Машина жасау өнеркәсібінің басты өнімдері - компрессорлар, жылу-энергия өлшеу приборлары, медициналық аспаптар, газ плиталары, мұнай аппаратуралары, сағат, тоңазытқыш. Набережные Челны қаласында аса ірі жүк автомобильдерінің (КамАЗ) зауыды салынуда (1975). Синтетикалық каучук, кинопленка, полиэтилен шығарудан СССР-де 1-орын алады. Төменгі Камскіде ірі мұнай-химия комбинаты салынуда (1975).

Ауыл шаруашылығы. Татарстан территориясының 70%-ке жуығы ауыл шаруашылығына пайдаланатын жер, оның ішінде 3868 мың га-сы егістік, 792 мың га-сы шабындық пен жайылым. 1974 жылы 222 совхоз және 561 колхоз болды. 1974 жылғы егісі (мың га): 3722, оның ішінде дәнді дақылдар 2441, картоп және овогц 178, мал азық дақылдары 1044. Дәнді дақылдардан бидай, қара бидай, сұлы, арпа, қарақұмық, тары егіледі. Басты техникалық дақылы - қант қызылшасы. Татарстан картоп егу мөлшері жөнінен Волга бойында 1-орын алады. Көпшілік аудандарында, әсіресе Волганың оң жағында бақ өсіру дамыған; жеміс-жидек отырғызылған жері 242 мың га (1974) - 1975 жылғы мал саны (мың): мүйізді ірі қара 1473, оның ішінде сиыр 553, шошқа 1240, қой мен ешкі 2100. Қымбат терілі аң, құс, омарта шаруашылықтары дамыған.

Транспорты. Төмір жолының ұзындығы 754 км (1974). Негізгі темір жол желісі - Москва - Қазан - Свердловск. Автомобиль жолының ұзындығы 6064 км (1974). Волга, Кама, Вятка, Белая өзенндерінде кеме жүзеді. Оңтүстік-Шығыс Татарстан  - ірі құбырлар торабы; «Дружба» мұнай құбыры осыдан басталады, Орал-Сібір, солтүстік-батыс аудандарына бағытталған бірнеше мұнай құбырлары тарайды.

Татарстан АССР-і СССР-дің басқа аудандарына машина және өндірістік жабдықтар, мұнай, газ, сағат, жылу-энергия өлшеу приборларын, электр энергиясын, синтетикалық каучук, кинопленка, дәрі, фанер, механикалық бұйымдарын, былғары аяқ киім, полиэтилен шығарады. Өзі ауыл шаруашылық машиналарын, қара және түсті металдар, отын, ағаш, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін алады.

Татарстан жері табиғи жағдайына және экономика салаларының мамандануына қарай Солтүстік-Батыс (маңызды экономикалық ауданы; өнеркәсіп орталықтары Қазан және Зеленодольск), Солтүстік Кама маңы (тез қарқынмен дамудағы индустриялы-аграрлы аудан; орталықтары Набережные Челны, Нижнекамск), Шығыс Кама сырты (негізгі мұнайлы өңір; орталықтары Бугульма, Альметьевск, Лениногорск), Оңтүстік-Батыс аудандарға бөлінеді.

Денсаулық сақтау ісі. 1913 жылы 4989 төсектік 98 аурухана (1 мың тұрғынға 2,4 төсек), 13 дәрігерлік амбулатория, 46 фельдшерлік пункт, аурухана жанында 62 амбулатория болды. 456 дәрігер (30 мың тұрғынға 1 дәрігер), 850 орта дәрежелі мед. қызметкерлер жұмыс істеді. Балалар мен әйелдер денсаулығын бақылайтын емдік-профилактикалық арнайы мекемелер болмаған. Елде инфекциялы аурулар көп таралған, әсіресе басыр, туберкулез, ішек-қарын инфекциясы, 1974 жылы 35,5 мың төсектік 293 аурухана және халыққа медициналық көмек беретін 387 амбулатория-поликлиникалық мекеме, оның ішінде 163 балалар поликлиникасы және 213 әйелдер консультациясы, сондай-ақ диспансерлер (туберкулез, тері, венералық аурулар т. б.) болды. Елде 8,8 мың дәрігер (375 тұрғынға 1 дәрігер) жәнө 28 мың орта дәрежелі медициналық қызметкерлер болды. Дәрігерлерді Қазан медициналық институты, ал орта білімді медициналық қызметкерлерді 9 медициналық училище даярлайды. Татарстан АССР-нде дәрігерлер білімін жетілдіру институты, 3 ғылыми-зерттеу институты бар. Республикада Бакирово және Ижевск минерал сулы курорттары бар.

Халық ағарту және мәдени ағарту мекемелері. 1914-1915 оқу жылында Татарстан территориясында 1835 мектеп (117,2 мың оқушы), 9 арнаулы оқу орны (1,7 мың оқушы), 3 жоғары оқу орны (3,5 мың студент) болды. 1974-1975 оқу жылында 2750 жалпы білім беретін мектептерде 6826 мың, 88 кәсіптік-техникалық оқу орындарында 43,3 мың, 43 арнаулы орта оқу орындарында 53,2 мың оқушы, 12 жоғары оқу орындарында (Қазан университеті, Қазан авиация институты, Қазан химия-техникалық институты, педагогика, медицина, инженерлік-құрылыс, финанс-экономика, ауыл шаруашылық, мал дәрігерлігі, мәдениет институты, консерватория, Елабугтегі педагогикалық институты), Москва энергетикалық институтының, Москва мұнай-химиялық және газ өнеркәсібі институты, Лениногор кешкі жалпытехникалық және Альметьев кешкі факультетінің Қазан филиалдарында 65,1 мың студент оқыды. 1975 жылы 1570 мектепке дейінгі мекемелерде 151 мың бала тәрбиеленді. 1975 жылы 1 қаңтарда 1811 кітапхана (кітап қоры 20714 мың дана), 14 музей (филиалдарымен): Қазандағы В. И. Ленин музей-үйі, Ленин-Кокушкино селосындағы В. И. Ленин музей-үйі, Татарстан АССР-і мемлекеттік музейі, Татарстан АССР-і бейнелеу өнері музейі, А. М. Горький атындағы әдебиет музейі, Бугульма, Тетюша, Чистополь өлке тану музейлері, Куйбышев ауданындағы Куйбышев өлке тану музейі және «Ұлы Болгарлар» тарихи-археологиялық қорығы; 2,5 мыңнан астам клубтық мекемелер, 2503 стационарлық кино қондырғы, 84 мектептен тыс мекеме болды.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. 1973 жылы Татар республикалық кітап баспасы 270 кітап, кітапша (тиражы 6,4 млн. дана) басып шығарды. 129 газет шығады, соның ішінде татар тілінде шығатын республикалық газеттер - «Социалистік Татарстан» (1918 жылдан), комсомол газеті «Татарстан яшьпэре» (1920 жылдан, пионер газеті «Яшь ленинчы» (1924 жылдан); орыс тілінде - «Советская Татария» (1917 жылдан), «Комсомолец Татарии» (1919 жылдан). 47 журнал басылымы шығарылады.

Республикалық радиохабары татар, орыс тілінде (тәулігіне 4 сағ) жүргізіледі. Москвадан Бүкіл одақтық радио программасының трансляциясы, соның ішінде телевизияның 2-программасы, Орталық телевизияның 1-программасы (тәулігіне 12,9 сағ) толық беріледі; жергілікті 2-программа республикалық өмірі туралы (3,5 сағ) материалдар береді. Телеорталығы Қазанда.

Әдебиеті. Жазба әдебиеті көне дәуірден басталады. Ең көне үлгілері - Ғалидың ізгі махаббатты жырлаған «Жүсіп және Зылиха» (13 ғасырдың басы) поэмасы мен авторы белгісіз діни-эпикалық «Кесікбас» («Кисекбаш») жыры, «Сопыларға өсиет» атты дидактикалық шығарма т. б. Сондай-ақ Алтын Орда дәуірінде жазылған. Құтбтың (14 ғ.) «Хұсрау және Шырын» (1342) поэмасы мен Хорезмидің «Махаббат кітабы» (1354), беріректегі Махмұт Бұлғаридің «Жұмаққа жолы» (1370) мен Мұхамедиярдың әр алуан поэмаларын (16 ғ.) атауға болады. Феодализм дәуіріндегі татар жазба әдебиеті суфизмге негізделген діни-дидактикалық сипатта дамыды. Мұның өкілдері: Мавля Кули (17 ғасырдың 2-жартысы), Утыз Имяни (1754-1834), Шамсетдин Заки (1825-1865) және т. б. болды. 18 ғасырдағы әдебиетте саяхатнамалар (Ғали Чокри, 1826-1889) басым болса, 19 ғасырда діни мадақ өлеңдер, хат, әңгімелердің авторларымен қатар, Әбділманих Ғабдессалямов-Қарғалы (1782-1828), Ғабделжаббар Қандали (1797-1860), Мифтахетдин Ақмолла (1831-1895), Яков Емельянов (1848-1899) тәрізді татардың реалистік поэзиясының қалыптасуына елеулі үлес қосқан бір топ ағартушы ақын- жазушылар әдебиет майданына келді.

19 ғасырдың әдебиетінде мұсылмандық схоластикаға қарсы ағартушы-демократиялық бағыт кең өріс алды. Бұл тұста Әбунасыр Курсави (1776-1818) бастаған антифеодалдық күресті Шигабутдин Маржани (1813-1889) одан әрі жалғастырады. Каюм Насыри (1825-1902) өзінің әдеби, ғылыми педагогикалық еңбектерімен татардың қазіргі әдеби тілінің негізін қалады. Ақмолла, Загир Бигеев (1870-1902), Ғабдірахман Ильяси (1856-1895), Фатих Халиди (1851-1923) шығармаларында адамгершілік, ізгілік пен зұлымдық, надандықтың бітіспес-күресі сипатталады. Закир Хади (1863-1933), Шакир Мұхаммедов (1865-1923) бастаған бұл күрес 20 ғасырдың басындағы әдебиетте революция-демократиялық бағытқа келіп ұласты. 1905-1907 жылдардағы революция тұсында татар тілінде газет, журналдар шыға бастады, әдеби-сын, революция публицистика дамыды. Дәл осы тұста бүкіл халықтық демократиялық қозғалысқа Ғабдулла Тотай (1886-1913), Ғалымжан Ибрагимов (1887-1938), Мажит Ғафури (1880-1934), Ғ.Камал (1879-1933), Ф.Амирхан (1886-1926), Ш. Камал (1884-1942) тәрізді ақын, жазушылар жігерлі үн қосты. Революция-демократиялық идеология мен либерал-буржуазия идеология арасындағы күрестің күшейе түсуі пролетарлық әдебиеттің тууына жол салды. Бұл жағдай революционер-жазушы Ғ. Құлахметов (1881-1918) творчествосынан айқын көрініс тапты. Әдебиетке С. Рамиев (1880-1926), З. Ярмаки (1890-1965), Ш.Бабич (1895-1919), Мұхаммед Ғали (1893-1952), Ф. Валиев (1892-1914), М. Файзи (1891-1928), К. Тинчурпн (1887-1947) тәрізді ақын, жазушылар қосылып, Ұлы Октябрьлық революциясын құшақ жая қарсы алды. Азамат соғысы жылдары әдебиет майданына Ш. Усманов (1898-1937), М. Мақсұт (1900-1962), Қ. Нажми (1901-1957), Мұса Жалил (1906-1944), X.Такташ (1901-1931), А.Шамов (1901 ж. т.), Б. Рахмат (1897-1957) тәрізді жауынгер жазушылар келіп қосылды. Татар совет әдебиетінің 20 жылдардағы туындылары: Ғ. Ибрагимовтың «Қызыл гүлдер» (1922) повесі мен «Терең тамырлар» (1928) романында, Ш. Камалдың «Таң сәріде» (1927) романы мен Қ. Нажмидің «Шұғылалы соқпақ», «Күн астындағы жаңбыр» (1930) повестерінде, сондай-ақ Ф. Бурнаш (1898-1946), X. Туфан (1900 ж. т.) шығармаларында жаңа өмірдің жалынды күрескерлерінің бейнелері жасалып, дәуір көріністері эпикалық сипат алды. 30 жылдары татар әдебиетінде социалистік реализм қалыптаса бастады. Еңбек, коллективтендіру, өндіріс тақырыбы өз шешімін тапты. Осы тұста Ш. Камалдың «Жақсылық пайда болғанда» (1937), М. Ғаляудың (1887-1938) «Мұхаджар» (1934), М. Амирдің (1907 ж. т.) «Ақ Еділ» (1936), Ғ. Башировтің (1901 ж. т.) «Сиваш» (1937) роман, повестері жарық көрді. Бұл кезең әдебиетінен адамның рухани өмірін философиялық мәнмен жырлайтын А. Файзидің (1903-1958) «Флейталар» поэмасы мен «Тоқай» драмасы елеулі орын алды. Әдебиеттің өзге жанрлары да даму, өрлеу үстінде болды. Комедия жанрларында К. Тинчурин (1887-1947), Хұсни, Н. Исанбет (1900 ж. т.) тәріздес жазушылар көзге түсті. Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген ақын, жазушылар майданға аттанып, жауға қарсы күресте қаламымен де, қаруымен де қажырлы еңбек етті. Мұса Жалил, Ф. Карим, С. Хаким (1911 ж. т.), М. Садри (1903 ж. т.), З. Нури (1921 ж. т.), С. Баттал (1925 ж. т.) жырлары мен Нәжми, Ғази, X.Усманов (1908 ж. т.), Т. Гиззат (1895-1955). Н. Исанбет (1900 ж. т.) шығармалары соғыс жылдарының әдеби жылнамасына айналды. Мұса Жалилдің «Маобит дәптері» кейін тарихи өшпес даңққа бөленді. Соғыстан кейінгі дәуір әдебиетінде бейбіт кезең мен коммунизм орнату жолындағы қажырлы еңбек тақырыбы кең орын тепті. Бұл кезеңде қысқа әңгіме, повестермен қатар эпикалық туындылар да бой көрсете бастады. Қ. Нәжмидің «Ескек жол» немесе «Көктем желі» (1948), Башировтың «Намыс» (1948), Абсалямовтың «Ғазинұр» (1953), Ғазидің «Ұмытылмас жылдар» (1-3-кіт.,    1949-1966), Әмірдің «Таза жаны» (1-2-бөл., 1954-1960) мен т. б. коптеген туындыларда замандас бейнесі жасалды. Бұл жайт драматургия саласындағы Ишмұратовтың «Дауылға қарсы» (1964), Исанбеттің «Мұса» (1956), Әмірдің «Бостандық» (1960), Ш. Хұсайыновтың «Зүбайда - адамзат баласы» (1965), X. Вахиттің (1918 ж. т.) «Алғашқы махаббат» (1960) атты шығармаларынан да жарқын көрініс тапты. Балалар әдебиеті де дамыды. 60 жылдары И. Юзеев (1933 ж. т.), Ш. Ғалиев (1928 ж. т.), Э. Мәліков (1921 ж. т.), С. Сүлейменова (1926 ж. т.), Р. Файзуллин (1943 ж. т.), Р. Харисов (1941 ж. т.), Н. Фаттах (1928 ж. т.), Ғ. Мұхамедшин (1932 ж. т.), Э. Қасимов (1930 ж. т.), Ю. Аминов (1921 ж. т.), С. Шүкіров (1918 ж. т.), Т. Минуллин (1935 ж. т.) және т. б. көптеген жастар келіп қосылды.

Сын мен әдебиет тану ғылымы да өсіп өркен жайды. Танымал ақын, жазушылар творчествосы мен әдебиет тарихына арналған бір топ монографиялар жарық көрді. «Татар совет әдебиетінің тарихы» жазылды (1965). Бұл іске X. Усманов (1908 ж. т.), М. Ғайнуллин (1903 ж. т.), Ғ. Халит (1915 ж. т.), Б. Ғиззат (1918 ж. т.), Ғ. Кашшаф (1907 ж. т.), X. Хайри (1910 ж. т.), Р. Бикмұхамедов (1928 ж. т.), Н. Юзеев (1931 ж. т.), Р. Мұстафин (1931 ж. т.) және басқалар қатысты. Татар әдебиетінен қазақ тіліне Ғ.Тоқайдың «Таңдамалы шығармалары» (1952, 1975), «Жезтырнақ» (1957), «Шерәлі» (1966) атты жинақтары, Ғ. Ибрагимовтың «Терец тамырлар» (1936), «Қазақ қызы» (1960), «Біздің күндер» (1971), Нәжми Қауидің «Көктем желі» (1952), Хусни Фатихтың «Жаяудың соқпағы» (1960) романдары, Жалил Мұсаның «Жырларым» (1955), «Соғады жүректері» (1966), И. Салаховтың «Көкшетау жырлары» (1961) жинақтары, Ш. Усмановтың «Торғай даласында» (1972) повестер мен әңгімелер жинағы, Исанбет Нәкидің «Мұса Жалил» (1962) трагедиясы т. б. шығармалар аударылған.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Татарстан АССР территориясынан табылған ежелгі өнер ескерткіштері неолит және қола дәуіріне саяды. 10-13 гасырдағы болғар қалаларына (Сувар, Биляр, Бұлғар т. б.) жүргізілген қазба жұмыстары кезінде қорған-қабырғалар, ағаш пен тастан тұрғызылған құрылыстар ашылды. Алтын Орда үстемдігі кезеңінде (13 ғасырдың ортасы) сарай, мешіт, мавзолей мен моншалар бой көтерді. Қазан хандығы Россияға қосылғаннан кейін, Татарстан архитектурасы орыс сәулет өнері (Қазан кремлі, негізгі құрылыс 16 ғасырда жүргізілді) ықпалында болды. 18 ғасырда барокко, 19 ғасырда орыс классицизмі (Қазан институты, 1825-1830 жылдар, арх. П. Г. Пятницкий, М. П. Коринфский), 19-20 ғасырдың басында эклектизм ағымдары әсер етті. Қазан татарлары сәулет өнерінде сәнді детальдармен (бағана, ниша, әсемдік жазба) әсемделген ағаш үйлер кең етек алды. Сән және қосалқы өнерінің сән-салтанат әшекейлерін жасау, алтын зер төгу және тері, ағаш ұқсату, кілем тоқу, каллиграфия (Әли Махмұд, 19 ғасырдың ортасы) сияқты түрлері дамыды. 1895 жылы Қазан көркемсурет мектебінің ашылуы төл суретшілердіц (М. Галеев, Г. Гумеров) өсіп жетілуіне мүмкіндік жасады. Октябрьдлық революциясынан кейін Татарстан архитектурасы бүкіл одақтық ағым жүйесінде дамып, азаматтық және өндірістік құрылыстар жанданды, ескі қалалар (Қазан, Бугульма т. б.) реконструкцияланды, жаңа қалалар (Нижнекамск, Лениногорск) мен поселкелер салынды. 1920-1930 жылдар сәулет өнерінде конструктивизм (Қазандағы Баспасөз үйі, 1933-1937, арх. С.С.Пэн), 30 жылдардың 2-жартысынан классикалық архитектуралық форма мен татар халық өнері сәндеу әдістері (Татардың Мұса Жалил атындағы опера және балет театры, 1933-1956, арх. Н. А. Скворцов т. б.) етек алды. 50 жылдардың 2-жартысы мен 70 жылдардың 1-жартысындағы елеулі архитектуралы құрылыстар: В. И. Ленин атындағы стадион (1960, арх. П. А. Саначин, А. А. Спориус), КПСС обкомының үйі (арх. Г. И. Солдатов, П. А. Саначин, екеуі де 1962) т. б. 1923 жылы Қазанда АХРР филиалының құрылуы Татарстан совет бейнелеу онері тарихындағы бірден-бір дамулы кезең болды (П. П. Беньков, П. А. Радимов т. б.). 20-30 жылдары ұлттық өнер шеберлері (кескіндемеші әрі мүсінші Б. И. Урманче, мүсінші С. С. Ахун, кескіндемеші Н. К. Валиуллин, график-суретші Ф. Ш. Тагиров) өсіп жетілді. 1935 жылы ұйымдастыру комитеті, 1939 жылы Татарстан АССР Совет суретшілері одағы (1968 жылдан Татарстан АССР Суретшілер одағы) құрылды. Ұлы Отан соғысы жылдары үгіт плакаттары (И. Е. Бобровицкий т. б.) кең тарады. 1950-1970 жылдар тарихи-революциялық және тұрмыстық жанр (И.В.Рафиков, Г.А.Рахманқұлова, И.М.Халилуллов), портрет (В. И. Куделькин), пейзаж (Н. Д. Кузнецов), мүсін (Н. И. Әділов, Р. X. Нигматуллина), монументті шығармалар (В. М. Маликов), қондырғылы өнер мен кітап графикасы (Е. В. Киселева, Л. А. Потягунин т. б.), монументті сән өнері (С. М. Бубеннов т. б.), театр декорация өнері өркен жайды.

Музыкасы. Ұлы Октябрьлық революциясына дейінгі татар музыкасы аспапсыз орындалатын бір дауысты халықтық ән дәстүрі негізінде дамыды. Созыңқы лирикалық және лирика-эпикалық әндер музыкалық жанрының басым кезігетін түрінің бірінен саналады. Бидің, ән мен тақпақтың басын құрайтын әзіл-оспақ әндер кең етек алған. Ежелгі ән-аңыздардың бір түрі бәйіттер де сақталған. Совет дәуірінде профессионалды өнер және басқа халықтардың музыкалық дәстүрі әсерімен татар әндерінің ырғағы мен интонациясы байи түсті. Татар әндерінің ладтық негізі ангемитондық пентатоника болып табылады. Қазіргі әншілері негізінен әнді гармонь немесе баянның сүйемелдеуімен орындайды. Көп дауысты хор әндері де кезігеді. Халық аспаптары құрай (флейта тектес үрлемелі аспап), қобыз (шаңқобыз іспетті), гармонь, мандолина, домра, гусли т. б. 19 ғасырдың аяғында татар әндері жазылып алына бастады (Г.X.Еникеев, А.И.Оводов, Г.Г.Сайфуллин). Совет өкіметі орнағаннан кейін, халық әндерін жинау және зерттеу онан әрі өріс алды. Профессионалды өнер 20 ғасырдың басында көрініс беріп, негізінен социалистік құрылыс кезеңінде дамып қалыптаса бастады. 20 жылдары Қызыл Октябрь атындағы татар театры (1939 жылдан Ғ. Камал атында) ұлттық музыкалық мәдениетінің дамуына игі әсер етті. Осы театрда С. З. Сайдашевтің музыкалық спектакльдері, музыкалық училищенің хоры мен оркестрінің қатысуымен татардың алғашқы опералары - Г. С. Әлмұхаметов, В.И.Виноградов және С. X. Габашидің «Сания» (1925) және «Жұмысшысы» (1930) қойылды. 1920-1930 жылдар Сайдашев, М.А. Музафаров, Ж. X. Файзи, З. В. Хабибуллин, Ф. З. Яруллин, А. С. Ключарев творчествосында орыс әндерімен тікелей байланысты татардың көпшілік және лирикалық әндерінің музыкалық стилі қалыптаса бастады. 1937 жылы Ғ. Тоқай атындағы филармония, Ән-би ансамблі, Халық творчествосы үйі, 1939 жылы Татарстан АССР Композиторлар одағы, Татардың опера және балет театры құрылды. Опера өпері жедел қарқынмен өсті. Осы жанрға 8 операның («Қашқын», 1939; «Алтыншаш», 1941; «Жалил», 1956 т. б.) авторы Н. Г. Жиганов үлкен үлес қосты. X. В. Валиуллин замани тақырыпта лирика- психологиялық опера («Самат», 1956) жазды. 1941 жылы татар балет өнеріне бастау болған Ф. З. Яруллиннің алғашқы ұлттық балет - «Шурале» жасалды. Файзи Татарстан музыкалық комедия жанрының («Башмағым», 1942) негізін қалады. Симфониялық музыка Жиганов, Музафаров, А. З. Монасыпов, Ключарев, А.Г.Валиуллин, Ф. А. Ахметов, Б. Г. Мулюков творчествосынан елеулі орын алды. Композиторлар: Р. М. Яхин, А. С. Леман, Музафаров, М. З. Яруллин, Р. А. Еникеев аспаптық, Яхин камералық-вокальдық, Еникеев пен Монасыпов камералық-аспаптық жанрға ат салысты. Аға буын әншілері: Татарстан АССР халық артістері З. Г. Байрашева, А. С. Измайлова, Г. М. Кайбицкая, Татарстан АССР-інің еңбек сіңірген артісі С.Г.Садықова, Әншілері: РСФСР халық арт. М. З. Булатова, Ф. X. Насретдинов, М.М. Рахманқұлова, А. З. Аббасов, З. Г. Хисматуллина, В. Г. Шарипова. РСФСР-дің еңбек сіңірген артісі В.Н.Жарков, Татарстан АССР халық артісі И.Д. Ишбуляков; дирижерлері: РСФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері X. В. Фазлуллин. Татарстан АССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Ж.Г. Садрижиганов т. б. Татарстанда (1975): консерватория (1945), Қазандағы педагогикалық институт жанында музыкалық факультет (1960), 3 музыкалық училище (Қазан, Альметьевск, Нижнекамск), 55 балалар музыкалық мектебі, консерватория жанында арнаулы мектеп, Татардың М. Жалил атындағы опера және балет театры, Ғ. Тоқай атындағы филармония (құрамында симфонилық оркестр, ән-би ансамблі бар), Композиторлар одағы т. б. жұмыс істейді.

Театры. Татар халқы театр өнерінің шығу төркіні ұлттық ойын-сауықтарға саяды. Ұлттық театр 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қалыптаса бастады. Профессионалды театр өнері 1905-1906 жылдардағы революция өрлеу кезеңінде пайда болды. Татар тіліндегі көпшілікке арналған алғашқы спектакль 1906 жылы Қазанда қойылды. 1907 жылы И. Кудашев-Ашказарский «Сайяр» («Саяхатшы», Орынбор), 1912 жылы С. Гиззатуллина-Волжская «Нур» («Нұр», Уфа) труппасын ұйымдастырды. Осы труппаларда актерлер Г. Кариев, Б. Болгарский, З. Баязитский, К. Шамил, Г. Болгарская, К. Тинчурин, Ф. Самитова т. б. ойын көрсетті. Окт. революциясынан кейін татар театры кең даму жолына түсті. Азамат соғысы жылдарында (1918-1920) Г. Мангушев, Н. Сакаев, В. Муртазин, Г. Казанский бастаған труппалар Қызыл Армия бөлімшелерінде өнер керсетті. 1920 жылы түрлі театр коллективтері негізінде Қазанда «Татардың алғашқы көпшілікке арналған мемлекеттік труппасы» құрылып, кейіннен ол Татар драма театрына айналды. 20-30 жылдары театр қарқынды түрде дамыды; ауылдық театрлар (К. Шамил басқарған «Сабанчи», 1920 жылы құрылған) кең етек алды. Жұмысшы жастар театры (1932), Республикалық көшпелі театр (1935) т. б. театрлар ашылды; Қазанда театр техникумы (1923) жұмыс істей бастады. К. Тинчуриннің «Американдық» (1925) пен «Көгілдір шәлі» (1925), Ф. Бурнаштың «Камали қарт» (1925), Т. Гиззаттың «Ұшқын» (1936), «Тасқын» (1937) спектаклі қойылды. Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдары майдандық концерт бригадалары құрылып, Т. Гиззат, Н. Исанбет, М. Амир, К.М.Симоновтың осы кезеңге сай драматургиялық шығармалары қойылды. 1944 жылы Альметьевскіде драма театры ашылды. Соғыстан кейінгі жылдары театр сахналарында төл драматургтар X. Вахитов, А. Гилязов, Ш. Хусаинов, И. Юзеев, Д.Валеев, Т. Минуллин, Н. Фаттахтың замани тақырыпты көтерген туындылары кең орын алды. К.Тинчурин мен Ф. Бурнаштың пьесалары сахна өміріне жаңалық болып қосылды. 50-60 жылдары театрға режиссерлердің жаңа бір толқыны (М. Салимжанов, П. Исанбет, Р. Тумашев) ат салысты. Татар театрының туысқан орыс, қазақ, азербайжан, өзбек, башқұрт театрларымен байланысы артып, басқа одақтас республикалардан режиссерлер қызметке шақырылды. Татар өнерінің қалыптасуына игі әсерін тигізген орыстың көне театрларының бірі - Қазандағы В.И.Качалов атындағы Үлкен драма театры (1791 жылы негізі қаланған). Татардың Ғ.Камал атындағы академиялық театрынан басқа жас өспірімдер, Ленин комсомолы атындағы қуыршақ, Татардың көшпелі драмалық театрлары бар. СССР халық артісі X. Г. Абжалилов, РСФСР халық артісі Г. Ф. Булатова, Ф. С. Ильская, Камал III-нің творчествосы халық арасына кеңінен белгілі. Театр өнері қайраткерлері (1975): СССР халық артісі Ф. И. Халитов, РСФСР халық арт. Ш. X. Биктимиров, В. М. Павлова, Г. Р. Шамуков, РСФСР-дің еңбек сіңірген артистері Ш. И. Асфандиярова, Р. А. Зиганшина, Г. В. Ибрагимова, В. Е. Минкина, Р. А. Тазетдинов, А. Ш. Шакиров т. б.; РСФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері М. X. Салимжанов, Татарстан АССР халық суретшісі М. Г. Сутюшев.

Әдеб.: Экономические районы СССР. М., 1974; История татарской советской литературы. М., 1965; Хайри X. Современная татарская литература. Казань, 1957; Усманов X. Основные вопросы татарского стихосложения. М., 1960; Халил Г. Тукай и его современники. Казань, 1966; Нуруллин И. З. Путь к зрелости. О зарождении и развитии критического реализма в татарской литературе. Казань, 1971; Тульский П. М. Искусство казанских татар. М., 1925; Художники татарии. [Альбом, сост. и авт. вступ. статьи Л. Я Ельковач]. Л., 1965; Музыкальная культура Советской Татарии. Сб. ст. М., 1959; Абдуллии А. X. Татарские народные песни. М., 1963; История советского драматического театра. т. 1-6. -М., 1966-1971: Татарский советский драматический театр. Казань. 1975.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-10-15 12:05:34     Қаралды-1708

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »