UF

СИРИЯ, Сирия Араб Республикасы (Әл-Жумхурия әл-Арабия Ас-Сурия) - Батыс Азиядағы мемлекет. Солтүстігінде Түркиямен, шығысында және оңтүстік-шығысында Иракпен, оңтүстігінде Иорданиямен, Израилмен, батысында Ливанмен шектеседі. Батысын Жерорта теңізі шаяды. Жері 185,4 мың км2. Халқы 17,1 млн. (2019). Астанасы - Дамаск қаласы. Әкімшілік жағынан 14 мухафазға бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Сирия - республика. Қазіргі конституциясы 1973 жылы 13 наурызда қабылданған. Мемлекеттік басшысы - президент, ол жалпы халықтық референдум арқылы 7 жылға сайланады. Президент премьер-министрді, министрлерді тағайындайды, Халық кеңесінің бекітуімен заң шығарады, төтенше жағдай немесе соғыс жариялайды, халықаралық келісімдерді бекітеді. Қарулы күштердің бас қолбасшысы да сол. Бірден-бір заң шығарушы жоғары орган - Халық кеңесі 4 жылға сайланады. Сайлау правосы 18 жасқа толған барлық азаматтарға беріледі. Сессия аралығында заң шығару функциясын президент атқарады. Жоғары атқарушы өкімет органы - Министрлік Советі. Жергілікті жерлерде: губерниялар (мухафаз), округтар (кади) және уездерде (нахия) сайланбалы өкімет органы құрылады. Сот жүйесіне: бітім соттары, 1-инстанция және апелляциялық соттар, жоғары кассациялық сот жатады. Діни соттар да бар. Соттық бақылау - юстициялық Жоғары советке жүктелген.

Табиғаты. Сомали территориясының көпшілік болігі үстіртті келеді. Елдің батыс бөлігі қос тау тізбегінен тұрады; бұларды Сирия опырығы (Әл-Габ ойысы) бөліп жатыр. Батыс тізбегі Ансария жотасынан, шығыс тізбек Аз-Завия тауларынан, Антиливанның шығыс беткейлерінен және бұның оңтүстік жалғасы Аш-Шейх (Хермон) жотасынан (биіктігі 2814 м) қалыптасқан. Оңтүстік-батысын Ад-Друз (биіктігі 1803 м) вулкандық массиві, оңтүстік-шығысын Сирия шөлі, солтүстік-шығысын Жезире үстірті алып жатыр. Геологиялық құрылысы жөнінен Сирия жерін Арабия плитасы, Друз опырығы, Рутба көтерілімі қамтыған. Көтеріңкі өңірлер палеозой, мезозой, кайнозой жыныстарынан, ойыс жерлері неоген молассаларынан, неоген-антропоген базальттарынан түзілген. Пайдалы қазындылары - мұнай, темір, марганец, мыс рудалары, хром, күкірт, фосфорит, тас тұзы, қоңыр көмір. Климаты субтропиктік және теңіздік. Қаңтардың орташа температурасы 12°С, тамызда 27°С; жауын-шашыны 700-1500 мм. Басты өзендері: Евфрат (Сирия шегіндегі ұзындығы 675 км), Әл-Аси, Тигр, Евфрат өзенде кеме жүзеді. Ірі көлі - Хомс. Жері құмды саздақты, қиыршық тасты, сұр, қызыл қоңыр, өзен аңғарлары шалғынды, сортаң топырақты болып келеді. Жалпақ жапырақты, мәңгі жасыл ағаштар, бұталар өседі. Жазық шөлді бөлігінде қасқыр, қорқау қасқыр, тұяқты сүт қоректілерден бөкен, жабайы есек, таулы өңірде аю, қабан, орман мысығы, безоар ешкісі кездеседі.

Халқы. Тұрғындарының 90%-і сириялықтар; курдтар, армяндар, түрікмендер, черкестер, цыгандар да тұрады. Ресми тілі - араб тілі. Халқының 85%-іне жуығы мұсылмандар, 14%-тен астамы христиандар. Ресми календары - ай һижрасы. 1963-1972 жылдар халықтың орташа жылдық өсімі 3,3% болды. Еңбек ететін халқы 1,7 млн. (1972), олардың 53%-і ауыл шаруашылығында, 11%-і өнеркәсіпте істейді. Халық өте тығыз қоныстанған Латакия және Тартус өңірлерінде 1 км2 жерге 170 адамнан. Сирек жайласқан Дейр-аз-Зор атырабында 9 адамнан келеді. Қала халқы 43,5%. Ірі қалалары: Дамаск (837 мың тұрғын, 1973) Халеб, Хомс, Хама, Латакия.

Тарихы. Сирия жерін ең ежелгі адам баласы төменгі палеолит заманында мекендегені байқалады (Жабруд үңгіріндегі тұрақ-мекен т. б.). Сирияның б. з. б. 3-мың жылдықтың 2-жартысы - 2-мың жылдықтың бас кезіндегі негізгі халқы (египет деректемелері бойынша) - көшпелі және жартылай көшпелі аморей (Амориттер) тайпалары.

Б. з. б. 18-17 ғасырларда Сирия гиксостар тайпалық одағы иелігінің құрамына Ассирия, 7 ғасырдың аяғында Жаңа Вавилон патшалығы, 539 жылы  Ахемен әулеті бағындырды. Б. з. б. 338 жылы Александр Македонский мемлекетінің, ол ыдыраған соң (б. з. б. 4 ғасырдың аяғы) Сирия Селевки әулеті билеген мемлекеттің аса маңызды аймағына айналды.

Б. з. б. 64 жылы Сирия Римге қосылды, ал б. з. 1-2 ғасырларда Рим империясының аса маңызды және неғұрлым бай провинцияларының біріне айналды. 4 ғасырдың аяғынан Сирия - Византия провинциясы. Осы кезеңнен Сирияда феодалдық қатынастар туа бастады. Сасани әулеті билеген иран әскерлері талай рет басып кіріп, қалалар мен елді мекендерді қиратты. 633 жылы Сирияға Арабиядан араб әскерлері шабуыл жасап, 640 жыл қарсаңында бүкіл елді бағындырды. Араб билеуші Муавпя 660 жылы өзін халиф деп жариялап, халифат астанасын Дамаскіге көшірді. Сирия 8 ғасырдың ортасына дейін Омейя әулеті билеген халифаттын мәдени және саяси орталығы болды. Сирия халқы арабтандырыла және исламдандырыла бастады. Қалалар өсіп, сауда өрістеді. Аббас әулеті билеген халифат (8 ғасырдың ортасынан) тұсында Сирия өзінің бұрынғы маңызынан айырылды. 878 жылы египеттік Тулуни әулеті басып алды. 1174 жылы Сирияны түрік Салах ад-Дин өз иеліктеріне қосты, 13 ғасырдың 2-жартысынан Сирия египет мамлюктерінің (Мамлюк әулеті) билігінде қалды, 1260 жылы монғолдардың шапқыншылығына ұшырады.

Сирия 1516 жылдан кейін Осман империясының құрамына кірді. Сирияның шаруашылығы құлдырады. 1832-1840 жылдар Египетке, 1840 жылы қайтадан түріктерге бағынды. 19 ғасырдың 2-ширегінен Сирияда европалық елдердің сауда экспансиясы күшейді, 19 ғасырдың соңғы ширегінде Сирияға Европа капиталы бойлап енді, әсіресе Францияның ықпалы артты. 20 ғасырдың бас кезіне қарай Сирия империалистік елдердің жартылай отарына айналды.

Сириядағы азаттық қозғалысының дамуына Россиядағы Ұлы Октябрлық социалистік революциясы (1917) зор ықпал жасады. 1918 жылы қыркүйекте Сирияныц оңтүстігінде түріктерге қарсы көтеріліс басталып, 30 қаңтарда араб отрядтары Дамаскіні азат етті. 1918 жылы қазанда Сирияны ағылшын әскерлері оккупациялады. 1920 жылы шілдеде француз әскерлері Дамаскіні алды.

20 жылдардың ортасынан бастап Сириядағы ұлт-азаттық қозғалысы жаңа белеске көтерілді. Мұнда Сирия коммунистік партиясы (СКП, 1924 жылы құрылған) маңызды роль атқарды. Империализмге қарсы күрес үстінде ұлтшыл буржуазия партиялар, оның ішінде Халык партиясы (Хизб аш-Шааб, 1925), Ұлттық блок (Кутла ватания, 1927) қалыптасты.

1920 жылы тамызда Хауранда, 1921-1922 жылдар Солтүстік Сирияда, 1922-1923 жылдар Джебель-Друзда империализмге қарсы көтерілістер бұрқ ете түсті. 1925-1927 жылдар ұлт-азаттық соғысы [Сириядағы улттық көтеріліс (1925-1927)] бүкіл Сирияны қамтыды. 1942-1943 жылдар жаппай халық демонстрациялары, басқа да толқулар болып өтті. 1943 жылы шілдеде парламент сайлауларында Ұлттық блок жеңіп шықты. 1943 жылы 17 тамызда жаңа парламент Ұлттық блоктың бас секретары Ш. Куатлиді Сирия президенті етіп сайлады.

1943 жылы желтоқсанда француз мандаты тоқтатылды да, Сирия тәуелсіз мемлекетке айналды. 1944 жылы 22 шілдеде Сирия мен Совет Одағы арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. 1945 жылы ақпанда Сирия фашистік Германия мен Жапонияға соғыс жариялады. 1945 жылы наурызда Сирия Араб елдерінің лигасын құруға қатысты. 1945 жылы 24 қазанда Сирия БҰҰ-ға қабылданды.

Сирия 1955 жылы Бандунг конференциясына қатысты, Египетке қарсы ағылшын-француз-израиль агрессиясы (1956) кезінде Египетті батыл қолдады. 1957 жылы СКП-нің қатысуымен Ұлттық парламенттік майдан құрылды.

1961 жылы өкімет билігі ірі буржуазия мен помещиктер өкілдерінің қолына көшті. 1963 жылы 8 наурызда әскери төңкеріс нәтижесінде Сирия Арабтың социалистік көркейту партиясы, (АСКП немесе Баас) басқарған саяси топ өкімет басына келді. Кәсіподақтар мен шаруалар ұйымдарының ролі артты. 1965 жылы тамызда құрылған Ұлттық революциялық советке (ҰРС) жұмысшылар мен шаруалар ұйымдарының өкілдері, 2 коммунист енгізілді. 1966 жылы ақпанда құрылған жаңа үкіметтің құрамына солшыл басшылар мен басқа да солшылқа бір коммунист кірді. Мемлекеттік сектор экономикада басым позицияға ие болды. Аграрлы реформа жедел қарқынмен жүргізіле бастады. 1971 жылы 12 наурызда Хафез Асад президент болып сайланды. 1972 жылы АСКП, СКП, Араб социалистік одағы (1964 жылы құрылған), басқа да кейбір партиялардың қатысуымен Прогресшіл ұлттық майданын (ПҰМ) құру аяқталды. ПҰМ Хартиясы бекітілді. Хартия қоғамды социалистік жолмен қайта өзгерту, әлеуметтік-экономикалық жеңістерді баянды етіп, тереңдете түсу, экономикада мемлекеттік секторды нығайту, ауыл шаруашылығын кооперациялауды өрістету бағытын жариялады.

1967 жылы маусымда Сирия Израильдің шабуылына (Араб елдеріне қарсы Израилъ агрессиясы) душар болды. Израиль әскерлері Сирия территориясының бір бөлігі - Голан жотасын басып алды; елге қыруар материалдық шығын келтірілді. Совет Одағы Израильдің агрессиялық қимылын батыл айыптап, израиль әскерлерінің Сирия жерінен дереу шығарылуын талап етті.

1973 жылы қазанда Сирия Израильге қарсы соғыс қимылына қатысты. 1974 жылы мамырда Сирия және Израиль әскерлерін ажырату туралы Сирия және Израиль арасындағы келісімге сәйкес, Голан жотасы аймағындағы бұрын Израиль оккупациялаған Сирия жерінің бір бөлігі азат етілді.

Сирия үкіметі 1967 жылы Израиль оккупациялап алған барлық араб жерін толық азат етіп, Палестинадағы араб халқының ұлттық заңды праволарын қанағаттандыруды талай рет талап етті.

Негізгі саяси партиялары, Прогресшіл ұлттық майдан. кәсіподақтары, басқа да қоғамдық ұйымдары. Арабтың социалистік көркейту партиясы (АСКП) немесе Баас, 1947 жылы негізі қаланған. 1963 жылы марттан билеуші партия. Сирия коммунистік партиясы (СКП), 1924 жылы негізі қаланған. Араб социалистік одағы (АСО), 1964 жылы негізі қаланған. Прогресшіл ұлттық майдан (ПҰМ), 1972 жылы наурызда құрылған. Жұмысшы кәсіподақтарының жалпыға бірдей федерациясы, 1945 жылы негізі қаланған. Шаруалар одақтарының жалпыға бірдей федерациясы, 1964 жылы негізі қаланған. Сирия демократиялық жастар одағы, 1949 жылы негізі қаланған. Араб сирия-совет достығы одағы, 1967 жылы құрылған.

Экономикасы. Сирия - аграрлы ел. 60 жылдары өкімет басына Арабтың социалистік көркейту партиясы (АСКП) келгеннен кейін Сирияда прогрессивтік әлеуметтік- экономикалық өзгерістер болды. 1974 жылы басты өнеркәсіп салалары, экспорттық операциялардың 60%-і және импорттың жартысы мемлекеттік бақылауына көшті. 1973 жылы жалпы ұлттық өнімнің 18%-ін ауыл шаруашылығынан, 20%-ін өнеркәсіп және майдагерлік өндіріс, 4%-ін құрылыс, 10%-ін транспорт пен байланыс мекемелері, 18%-ін сауда, 28%-і тұрмыстық орындардан түсті. СССР және басқа социалистік елдермен арадағы техникалық-экономикалық қарым-қатынастың Сирия экономикасы үшін маңызы өте зор. Социалистік елдердің Сирияға бөлген кредиті елде мемлекеттік сектордың өсіп қалыптасуына жұмсалуда. Совет Одағының экономикалық және техникалық көмегімен 1975 жылы Евфрат су энергетикалық комплексінің 1-кезегі іске қосылды, Латакия-Камышлы (ұзындығы 750 км) темір жол құрылысы аяқталуға таялды. Джебиси мұнай кен орны игерілуде.

Ауыл шаруашылығы - Сирия экономикасының негізі. 60 жылдарға дейін елде ірі помещиктік жер иелену және шаруалардың ұсақ иеліктері басым болды. 1958 жылы аграрлы реформада әр жер иеленушіге 300 га суарылмайтын және 80 га суармалы жер иелену тәртібі заңдандырылды. 1963 жылы аграрлы реформа заңы бойынша жеке меншіктік жер иелену 15-50 га суармалы және 80-200 га суарылмайтын жерлік мөлшерге азайтылды. Аграрлы реформа барысында кооперативтік қозғалыс өрістеді. 1966 жылы конфискеленген және мемлекеттік жер қорынан шаруаларға иеліктер бөлуге бағышталған арнаулы аграрлы реформа жүргізілді. Ауыл шаруашылығына жарамды жері 8,5 млн. га, бұның 6 млн. га-сы өңделеді. Егістіктің 4,7 млн. га-сы тәлімі жер. Егістің 70%-іне дәнді дақылдар (бидай, арпа, сұлы, жүгері т. б.) егіледі. Мақта, қант қызылшасы, темекі, жеміс, жүзім, көкөніс өсіру де дамыған. 1974 жылы мал саны (млн.): қой 5,9, мүйізді ірі қара, 0,5, ешкі 0,7, есек 0,3. Жылына 1,7 млн. тоннадай балық ауланады.

Өнеркәсібі. Елде шағын және жартылай майдагерлік кәсіпорындар улесі басым. Мұнай, фосфорит, тас тұзы өндіріледі. Мата тоқу (Дамаск, Халеб, Хама, Хомс қалаларында), ұн тарту, май шайқау, шарап, қант (Джиср эш-Шугур, Адра), темекі (Латакия), былғары, аяқ киім, құрылыс материалдары (Халеб) кәсіпорындары бар. 70 жылдардың басында болат прокаттау (Хамада), мұнай айыру, трактор құрастыру (Халеб) т. б. жаңа өнеркәсіп салалары қалыптаса бастады. СССР көмегімен азот тыңайтқышы, Растан СЭС-і т. б. ірі кәсіпорындар іске қосылды.

Транспорты. Темір жолының ұзындығы 2,2 мың км, автомобиль жолы 13,7 мың км (1974). Басты порттары: Латакия, Тартус, Банияс. Маңызды аэропорты - Дамаск. Сирия территориясынан Ирактағы және Сауд Арабиясындағы мұнай кен орындарын Жерорта теңізі порттарымен байланыстыратын (Банияс, Тартус) мұнай құбыры өтеді.

Сыртқы саудасы. Шетке мақта, мұнай және мұнай өнімдері, жүн, иірілген жіп, мақта маталары, мал, жеміс, овощ, астық, темекі шығарады. Басқа елдерден азық-түлік, машина және жабдықтар, қара металдар, химиялық өнімдерін сатып алады. Негізгі сыртқы сауда серіктестері: СССР, Ливан, ГФР, Франңия, Қытай, Италия.

Ақша өлшемі - сирия фунты.

Денсаулық сақтау ісі. Бүкіл дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 1973 жылы 1000 адамға шаққанда баланың тууы 47,5, адамның өлімі 15,3; әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 22 (1972). Инфекциялы және паразиттік патология көбірек таралған. 1971 жылы 5,9 мың төсектік (1000 тұргынға 1 төсек) 79 емдеу мекемесі, 38 денсаулық сақтау орталығы, 192 диспансер, жедел жәрдем көрсететін 3 пост және жылжымалы 3 отряд болды. Ана мен бала денсаулығын сақтау жөнінде 54 орталық, 5 мектеп гигиенасының орталығы, 8 туберкулез диспансері, безгекпен күрес жүргізетін 13 орталық т. б. болды. Елде 1971 жылы 1,7 мың дәрігер (3,9 мың тұрғынға бір дәрігер), 445 тіс дәрігері, 874 фармацевт және 3 мың орта білімді медициналық қызметкерлер болды. Медициналық кадрлар арнайы мектептерде даярланады. Денсаулық сақтау ісіне 1970 жылы мемлекеттік қаржының 4%-і жұмсалған.

Оқу-ағарту ісі. 1971 жылы міндетті бастауыш оқу программасы қабылданған. Діни мектептер де бар. 1970 жылы халқының 60,2%-і сауатсыз. Білім беру жүйесі - 6 жылдық бастауыш, 3 жылдық орталау және 3 жылдық орта мектеп. 1971/72 оқу жылында бастауыш мектепте 1006 мың оқушы, орта мектепте 353 мың оқушы, 4 жылдық кәсіптік- техникалық 49 оқу орнында 13,3 мың оқушы оқыды. Бастауыш және орталау мектеп мұғалімдері 22 педагогикалық колледжде даярланады. Сирияда 3 университет, 83 жоғары мектеп пен институт бар. Ірі кітапханалары: Захирия ұлттық кітапханасы (1880 жылы құрылған; кітап қоры 68 мың дана, 12 мың қолжазба), Дамаск университеті кітапханасы (1924; 103 мың дана), Халебтегі Ұлттық кітапхана (1924). Басты музейлері - Дамаскідегі Ұлттық музей (1919), Азем сарайы, Халебтегі Ұлттық музей (1960), Пальмира музейі (1961) т. б.

Әдебиеті. Сирия фольклоры Ассирия мен Вавилонияның ең көне дәуірінен басталады. Орта ғасырдағы араб классикалық әдебиетінің қайраткерлері Әбу Таммам (шамамен 796-845), әл-Бухтури (819-897), әл-Мутанабби (915-965), Әбу Фирас (932-967), ақын, философ Әбу-л-Ала әл-Маарри (Әбілғалам Мағри, 973-1057 немесе 1058) Сирияда тұрған. Сирия әдебиеті жалпы араб мәдениеті көлемінде жасалды. 19 ғасырдағы арабтың Өрлеу дәуірінде ұлт мектебі мен баспасөздің өсуі Насиф әл-Языджи (1800-1871), Бутрус әл-Бустани (1819-1883) т. б. есімімен байланысты. 20 ғасырда Дамаскіде Араб академиясы құрылып, білім беру жүйесі Европа тәртібіне ауыса бастағанда, Батыс Европада (көбінесе Францияда) оқыған жазушылар (Субхи Әбу Ганим, Сами әл-Каяли т. б.) шықты. 30 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысында Хайр ад-Дин аз-Зирекли (1893 ж. т.), Мұхаммед әл-Бизм (1887-1955), Бадави әл-Джабаль (1903 ж. т.), Омар Әбу Риша (1910 ж. т.) жырлары күрес туына айналды. Араб классикасы дәстүріндегі Васфи әл-Курунфули поэзиясы ерекше көзге түсті. 30 жылдардың ортасында туған демократиялық бағыт 2-дүние жүзілік соғыста фашизмге қарсы күресте нығая түсті. Соғыстан кейін әдебиетке азаттық күресін жырлаушы жаңа күштер қосылды. Еңбекші өмірі шығарма арқауы бола бастады.

1951 жылы Сирия жазушыларының Ассоциациясы құрылды. Ол бастырған Ханна Минаның «Көгілдір шамдар» повесі (1954) араб реалистік әдебиетінің үлгісі болды. 2-дүние жүзілік соғыстан кейінгі Сирия әдебиетінде ұлттык, сипатты, ұлттық рухты баянды ету тенденңиясы басым. Көрнекті жазушылары - Абдуссаләм әл-Уджейли, Видад Саккаккани, Фарис Зарзур, Фадиль ас-Сибаи т. б. Қазақ тіліне әл-Маарри шығармалары (1975) т. б. аударылған.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Сирия өнерінің байырғы мұралары неолит дәуіріне (Демир-Капудағы жартасқа салынған суреттер, Сакче-Гёзюдегі керамика т. б.) саяды. Тель-Халаф өңірінде жануарлардың схемалық бейнесі және геометриялық өрнекпен нақышталған энолит керамикасы сақталған. Ерте қола дәуіріндегі Солтүстік Сомали өнерінен Шумер мәдениетінің әсері байқалады. Б. з. б. 2-мың жылдықтың 1-жартысында мемлекет-қалалардың (Мари, Угарит, Ямхад) гүлденуі Сирия өнерінің жоғары сатыда өркендеуіне ықпал жасады. Б. з. б. 16-14 ғасырлардағы өнер туындыларынан көне Египет пен Эгей мәдениетінің ықпалы байқалады. Б. з. б. 1-мың жылдықтың бас кезінде сарай-ғибадатханалардың жаңа түрі («бит-хилани») пайда болды. Б. з. б. 9 ғасырдағы өнер туындыларынан Ассирия өнерінің ықпалы басым болғандығы аңғарылады. Б. з. б. 4 ғасырдың соңы - б. з. 4 ғасырында Сирия өнері әллинистік мәдениет шеңберінде дамыды. 5-6 ғасырларда ерте Византиялық көркемсурет мектебі калыптаса бастады. Тас пен сүйекке шекілген оюлар, еден мозаикасы, ішінара тұрпайылау кітап миниатюрасы осы кезеңнің бейнелеу өнері туындылары болып табылады.

Арабтардың жаулап алуынан кейін (7 ғ.) Сирия орта ғасырдағы араб мәдениетінің қалыптасу орталықтарының біріне айналды. Көне Рим, Византия құрылыс тәжірибесін кең қолданып келген сәулет өнерінен көп бағаналы мешіт үлгісі (Дамаскідегі Омейя әулетінің мешіті) орын алды. 10 ғасырда орта ғасырлық араб қалаларының үлгісі калыптасты. Мешіт, медресе, керуен сарай т. б. құрылыстар бой көтерді. Айюби әулеті билік құрған (1187 жылдан) кезде сұсты қамал сипатын алған сәулет өнері мамлюктер заманында (13 ғ.- 1516) декоративтік сипатқа ие болды. 13-14 ғасырларда кітап миниатюрасы өркендеді. Осман империясы тұсында (1516-1918) архитектурада түрік сәулет өнеріне тән композициялық тәсілдер кеңінен қолданылды. 1920-1930 жылдар құрылыс ісі негізінен француз сәулет өнері үлгісінде жүргізілді. 1950 жылдары қазіргі техникалық конструкцияларды ұлттық үлгімен ұштастыра қолдану тәсілдері (арх. Вахби әл-Харири т. б.) көбейді. Қазіргі Сирия бейнелеу өнерінің негізін салушылардың (Тауфик Тарик, Мишель Кирша) творчествосы негізінен тәуелсіздік идеясын уағыздауға құрылған. Кейде модернизм әсері байқалғанмен, Сирия бейнелеу өнері негізінен прогресшіл әлеуметтік-қоғамдық мазмұнда дамып отыр.

Музыкасы. Елдің даму тарихына сәйкес Сирия музыкасы жалпы араб өнерінің бір саласы түрінде қалыптасты (Араб мәдениеті). 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында бір тұтас араб мәдениетінен ұлттық өнер салалары бөлінді. Сирияның ұлттық және дәстүрлі музыкасы ладтық жүйеге (мақамдар) құрылған. Басты музыкалық жанры - халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен айтылатын ән. Музыкалық аспаптары - уд, рабаб, гиджак, канун т. б. Композитор Мұстафа әл-Башнактың басшылығымен 1870 жылы Алеппода музыкалық мектебі ашылды. Қазіргі Сирияның музыкалық орталығы - Дамаск. Белгілі композиторлары - Сольхи Уадди, Дик Суккари т. б. Әншілері - Шакир Брехан, Мутиа Мафи, Сабах Фахри; пианисі - Хозван Зиркли. Ұлттық музыкалық кадрлары Дамаск (1962) мен Халебтегі (1963) консерваторияларда даярланады. Совет музыкалық мамандары сириялықтарға ұдайы көмектесіп тұрады (1964 жылдан Дамаск консерваториясында совет педагогтары сабақ береді, әрі концерттік-орындаушылық қызмет атқарады).

Театры. Сирия театр өнерінің бастамасы халықтың тұрмыс-салт ойын-сауықтарына саяды. Профессионалдық театр 19 ғасырдың ортасында Әбу Халил әл-Каббанидің басшылығымен Дамаскіде құрылды. 1940 жылдан Абд-эл Латифтың басшылығымен Дамаскіде театр коллективі құрылды. Бұл театр 1945-1946 жылдар араб театры тарихында тұңғыш рет Сирия диалектісінде спектакль қойды. 1956 жылы Дамаскіде құрылған жартылай профессионалды Ерікті театр (жетекшілері Рафик Джабри, Назар Фуад, Тауфик әл-Атари) әлеуметтік сипаттағы көп актілі пьесалар көрсетті. 1956 жылдан Халебте Халық театры жұмыс істейді. Белгілі актрисалары Сара мен Сана Дабсилар осы театр сахнасында ойнады. 1957 жылы Халебте халықтық пантомима труппасы құрылды. Дамаскіде ең таңдаулы артистердің басын құраған Ұлттық театрдың ашылуы Сирияның мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды (1971 жылдан бергі режиссері Москвада А. В. Луначарский атындағы театр өнері институтын бітірген А. Кинни). Театр репертуарында араб пьесалары, европалық классика, орыс және совет драматургиясы (Хусаин Хамзаның «Егін және жаңбыры», В. В. Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясы» т. б.) бар. Сатиралық «Аш-Шавк» («Тікенек») театрының есімі кең таралған. Дамаскіде (аты аталған театрлардан басқа) Әскери театр, Дуред Ляхам атындағы сатира және комедия театры, қуыршақ театры жұмыс істейді.

Киносы. «Жазықсыз жазалы» атты толық метражды алғашқы көркем фильм 1928 жылы (реж. А. Бадри) қойылды. 30 жылдары көркем фильмдермен қатар хроникалық кино шыға бастады. 2-дүние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін ұлттық кинематография жандана түсті; «Күн мен көлеңке» (1948, реж. Н. Шалбандар), «Жүргінші» (1950, реж. А. Арафан) т. б. фильмдер дүниеге келді. 1964 жылы Дамаскіде фильм шығару, сондай-ақ кинопрокат пен импорт, экспорт жөніндегі бас үйым құрылды. 60-70 жылдары шыққан елеулі фильмдері: «Жүк машинасын жүргізуші» (1967, реж. Б. Вучинич; 1968 жылы Ташкентте Азия, Африка елдерінің дүние жүзілік 1-кинофестивалында құрметті диплом алған), «Алданғандар» (Г. Канафанидің «Күн астындағы көпшілік» повесі бойынша, 1972, реж. Т. Салех) т. б. Белгілі кино қайраткерлері: режиссерлер М. аш-Шахин, Б. ас-Сабуни, В. Юсеф; актерлер М. Васыф, X. ар-Румани, М. ас-Салех, А. ар-Раши. 1974 жылы 14 кинофильм шығарылып, 118 кинотеатр (113 жеке меншік, 5-і мемлекеттік) жұмыс істеді.

Әдеб.: Современная Сирия, М., 1974; Раиович А. Восточные провинции Римской империи в I-III вв., М.-Л., 1949 (гл. Сирия); Беляев Е. А. Арабы, ислам и арабский халифат в раннее средневековье, 2 изд., М, 1966; Луцкий В. Б. Новая история арабских стран. 2 изд., М, 1966; его же, Национально-освободительная война в Сирии (1925-1927 гг.), М, 1964; Оганесян Н. О. Образование независимой Сирийской Республики (1939-1946), М, 1968; Вавилов В. В. Социально-экономические преобразования в Сирии (1946-1970 гг.), М, 1972; Юсупов Д. И. Литература Сирии. в сб.: Современная Сирия. М, 1958; Долинина А. А. Очерки истории арабской литературы нового времени. Египет и Сирия. М, 1973; Всеобщая история искусств. т. 2, кн. 2, т. 6, кн. 1. М, 1961-1965; Всеобщая история архитектуры. т. 8, 11, М, 1969-1973; Веймарн В. В, Искусство арабских стран и Ирана VII-XVII веков. М, 1974; Современная Сирия. М, 1974.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-10-05 17:26:23     Қаралды-2139

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »