СЕРБИЯ (Србща). Дунай алабын ала, Югославияның солтүстік-шығыс, шығыс бөлігіне орналасқан. Жерінің мөлшері (88,4 мың км2) және халқының саны (6,9 млн., 2019). Халқының 71%-і сербтер. Астанасы - Белград қаласы. Тұрғындарының 56%-і қалада тұрады; ірі қалалары: Ниш, Нови-Сад, Суботиңа, Приштина. Әкімшілік жағынан срездерге (қауымдарға бөлінеді).
Табиғаты. Сербияның солтүстік бөлігін Орта Дунай жазығының оңтүстік шеті, орталық жағын Серб таулы қыраты мен Шығыс Серб тауларының жоталары, оңтүстігін Косово Поле және Метохия қазан шұңқырлы, таулы, үстіртті өлке алып жатыр. Ең биік жері Кораби жотасы (2764 м) Сербияның оңтүстік шығыс шетінде. Климаты қоңыржай континенттік. Ауаның орташа температурасы қаңтарда 0°, -1°С, шілдеде 18-23°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 500-1000 мм. Басты өзендері - Дунай, Сава, Тиса, Морава, Дрина. Территориясының 25%-іне жуығы - орман. Сербия жер қойнауынан қорғасын-мырыш рудасы (Косов өлкесінен), тас және қоңыр көмір (Мораваның оң жағынан), мыс рудасы (Шығыс Серб тауларынан), мұнай және газ (Воеводина өңірінен) кендері табылды.
Тарихы. Сербия территориясын адам баласы палеолит дәуірінен қоныстанған. Қола дәуірінде оны иллириялық, фракиялық тайпалар, кейін кельт тайпалары мекендеді. 6-7 ғасырларда Сербия территориясында славяндар қоныстанды. 8-12 ғасырларда феодалдық қатынастар қалыптасып, 8-10 ғасырларда алғашқы князьдықтар (Рашка, Хум т. б.) пайда болды. 9 ғасырдың 2-жартысында сербтер христиан дінін қабылдады. 10 ғасырдың ортасында сербтердің алғашқы ірі мемлекеттік одағы (Серб князьдығы) құрылды. 11 ғасырдың басында Сербияны Византия жаулап алды. Князь Стефан Неманя (1170- 1196 жылдар билік жүргізді) тұсында бір тұтас серб феодалдық мемлекеті қалыптасты. 1217 жылы Сербия корольдық болып жарияланды. Стефан Душан (1331-1355 жылдар билік жүргізді) тұсында кең байтақ серб-грек мемлекеті құрылды. Стефан Уроштың тұсында (1355-1371 жылдар билік жүргізді) серб-грек патшалығы құлады. 1389 жылы Осман империясына вассалдық тәуелді болды. 1459 жылы оның құрамына кірді. Түрік қанауына қарсы гайдуктар қозғалысы өріс алды. 16-17 ғасырларда сербтер Осман империясына қарсы бірнеше рет көтеріліс (1594, 1597-1598, 1688-1690) жасады. 18 ғасырдың соңында серб халқының ұлт-азаттық күресі күшейе түсті. Бірінші серб көтерілісі (1804-1813) нәтижесінде түрік помещиктері мен чиновниктері елден қуылды. Россияның дипломатиялық қолдауына сүйенген серб халқы Осман империясын Сербияның автономиялық правосын мойындауға мәжбүр етті. Дегенмен Сербия жерінің оңтүстік бөлігі Осман империясының толық езгісінде, ал солтүстік бөлігі Австрия империясының құрамында қалып қойды.
1835 жылы скупщина бірінші серб конституциясын қабылдады, бірақ князь Милош Обренович оны көп кешікпей жойды. 1839 жылы Милош Обренович тақтан тайдырылды. 1842 жылғы конституцияны жақтаушылар оның баласы Михаилды тақтан түсіріп, орнына Александр Карагеоргиевичті (1858 жылға дейін князь) қойды. Конституцияны жақтаушылар өкіметі кезеңінде Сербияда капиталистік қатынастар қалыптасты. 1858 жылы скупщина Александр Карагеоргиевичті тағынан тайдырып, конституцияны жақтаушылардың олигархиялық тәртібін жойды. 1868 жылы князь Михаил өлтірілгеннен кейін, екімет басына либералдардың И. Ристич басқарған оң қанаты келді. Олар 1869 жылы скупщинаны әсіре - либералдық конституцияны қабылдауға мәжбүр етті. 1877-1878 жылдар орыс-түрік соғысында Россияның жеңіске жетуі нәтижесінде Сербия Берлин конгресінің (1878) шешімі бойынша толық тәуелсіздік алып, Оңтүстік территориясын едәуір кеңейтті. 1881 жылы Австрия-Сербия конвенциясы Сербияны Австрия-Венгрияның іс жүзіндегі протекторатында қалдырды. Австрия-Венгрияның қолдауымен князь Милан өзін 1882 жылы король деп, ал Сербияны корольдық деп жариялады. 1881 жылы Сербияда негізгі буржуазиялық партиялар (Радикалдық, Прогрестік және Либералдық) құрылды. 80-90 жылдары Сербияда алғашқы жұмысшы ұйымдары: Жалпы жұмысшы қоғамы, Қолөнершілер бірлестігі, Қолөнерші-жұмысшы одағы пайда болды.
1893 жылы король Александр (1889-1903 жылдар билік құрды) бастаған реакцияшыл топ мемлекеттік төңкеріс жасады. 1888 жылғы конституция 1869 жылғы конституциямен ауыстырылды, авторитарлық тәртіп орнатылды. 1903 жылы Александр Обренович өлтірілгеннен кейін, Петр I Карагеоргиевичті скупщина таққа отырғызып, 1888 жылғы конституцияны қайта күшіне енгізді.
Сыртқы саясатта радикалдар (Сербиядағы басты буржуазия партия) Антанта елдеріне сүйенді. Балқан соғысы (1912-1913) нәтижесінде Сербия өз территориясын екі есеге жуық ұлғайтты. 1903 жылы Серб социал-демократиялық партиясының (ССДП) және Сербияның бір тұтас кәсіподақ ұйымының негізі қаланды. 1905-1907 жылдар орыс революциясының ықпалымен Сербияда ереуіл күшейе түсті. 1915 жылдың аяғында Сербия территориясын австрия- герман және болгар әскерлері оккупациялады. 1918 жылы (қыркүйек) Сербия территориясы азат етілді. 1918 жылы 1 желтоқсанда Белградта бір тұтас Серб, хорват және словен корольдығының (1929 жылдан Югославия) құрылғандығы жарияланды. 1919 жылы (сәуір) Югославия социалистік (коммунистердің) жұмысшы партиясы құрылды, 1920 жылы ол Югославия компартиясы (ЮКП) деп аталды. 1929 жылы (қаңтар) ұлы сербия буржуазиялық басқарушы топтары елде әскери-монархиялық диктатура орнатты.
1941 жылы (сәуір) Сербияны бүкіл Югославиямен бірге неміс-фашистік басқыншылары жаулап алды. 1941 жылы (қараша) Ужица қаласында Сербия Халық-азаттық бас комитеті құрылды.
1944 жылы (қазан) Совет Армиясы мен Югославия халық-азаттық армиясы Сербия территориясын толық азат етті. 1944 жылы (қараша) Сербияда жоғары заң органы – Сербия халық-азаттық антифашистік вече сайланды.
1945 жылы 29 қарашада Югославия Федерациялық Халық Республикасы (ЮФХР) жарияланғаннан кейін, Сербия 6 халық республикасының бірі болды. Югославия мен Сербия конституцияларына (1963 және 1974) сәйкес, Сербия - Югославия Социалистік Федерациялық Республикасы (ЮСФР) құрамындағы социалистік республика. Югославия Коммунистері Одағының басшылығымен Сербияда, бүкіл Югославиядағы сияқты, түбегейлі революция өзгерістер жүргізілді, социализм құру іс жүзіне асырылуда.
Шаруашылығы. Сербия Югославия ұлттық табысының 2/5-іне жуығын және өнеркәсіп өнімінің 1/3-ін (1975) береді. Ұлттық табыс құрамындағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылық үлестері бірдейге жақын, бірақ еңбек етуші халықтың 51%-і (1971) ауыл шаруашылық, орман шаруашылығы және балық аулау, 24%-і өнеркәсіп, құрылыс және кәсіпкершілік улесіне келеді. Өнеркәсіпте ауыр өнеркәсіп салалары (энергетика, тау-кен, металлургия, машина жасау) басым дамыған. Энергетикасы жергілікті қоңыр көмір мен лигнитке, өзендерінің энергетикалық қорына негізделген. Югославиядағы бүкіл мысты және сурьманы өндіру, қорыту және прокаттау, қорғасын мен мырыштың 3/4-ін өндіру Сербияда шоғырланған. Смедеревода қара металлургияның жаңа ірі комбинаты іске қосылды. Түсті металлургиямен байланысты химия өнеркәсібі (әсіресе күкірт қышқылы және минералдық тыңайтқыштар өндірісі) дамуда. Машина жасау өнеркәсібінің басты салалары: электроника және электротехника (Белград, Ниш, Суботица), ауыл шаруашылық машиналары (Нови-Сад, Зренянин, Белград), тау-кен өндірісінің жабдықтары (Белград, Ниш, Крагусвац) өндірістері.
Сербия, әсіресе Воеводина және Морава аңғары - басты ауыл шаруашылықты ауданы. Мұнда әсіресе астық егу және мал шаруашылығы жақсы қалыптасқан. Шошқаның 3/5-і, мүйізді ірі қараның, қойдың, құстың 2/5-сі осында өсіріледі.
Жүк айналымында темір жол үлесі басым. Темір жолдың ұзындығы 3,9 мың км. Порттары Белград, Нови-Сад және Смедерево. Ірі аэропорты - Белградтағы Сурчин.
Денсаулық сақтау ісі. 1972 жылы 44,3 мың төсектік 105 аурухана және 4 мыңнан астам поликлиника болды; 6,7 мың дәрігер, 1,5 мың тіс дәрігері жұмыс істеді. Врнячка-Баня, Нишка-Баня бальнеологиялық курстары бар. Туризм дамыған.
Оқу-ағарту ісі. 1971 жылы халқының 82,5%-і сауатты болды. Мектептің негізгі түрі - сегіз жылдық. 1973-1974 оқу жылында мектептерде 1 млн-нан астам оқушы оқыды. Толық орта білімді гимназия береді. 1973-1974 оқу жылында 166 гимназияда 85,6 мың оқушы оқыды. Маман жұмысшылар даярлайтын техникалық т. б. арнаулы мектептер және ересектер мектептері бар (1973-1974 оқу жылында 268,6 мың оқушы оқыды). Жоғары білім бірқатар дамыған. Сербияда 4 университет бар (Белград университеті, Ниш университеті, 1965 жылы құрылған, Нови - Садтағы университет, 1960 жылы, Приштина университеті 1970 жылы). 1974-1975 оқу жылында жоғары оқу орындарында 179,3 мың студент оқыды. 1974 жылы 1102 халықтық кітапхана, 433 ғылыми және арнаулы кітапхана, 101 музей болды.
Әдебиеті. Серб әдебиетінің алғашқы нұсқалары 9 ғасырдың 2-жартысындағы Кирилл мен Мефодийдың творчествосынан басталады. Сербияның тұңғыш жазу ескерткіштері - өсиетті Інжіл (12 ғ.), Степан Первовенчанный (1165-1227 ж. ш.), Савва (1175-1235), Доментиан (1210 ж. ш., 1264 жылдан кейін) т. б. жазушылардың шығармалары. Досифей Обрадович (1739 ж. ш. - 1811) ақиқатшыл әдебиетінің негізін қалады. 19 ғасырда елде мәдени-ағарту және ғылыми қоғамдар, әдебиетте классикалық, сентименталистік дәстүр пайда болды. И. Стерия Попович алғашқы ұлттық театр репертуарын жасады. В. С. Караджич (1787-1864) әдебиеттің халықтығын насихаттауда үлкен еңбек сіңірді. П. Негош (1813-1851), Б. Радичевич. (1824-1853), Д. Ж. Якшич (1832-1878) т. б. шығармаларынан романтизм сарыны байқалады. «Даница» (1860-1871), «Явор» (1862-1863), «Матица» (1866-1870) журналдары серб әдебиетінің ұйтқысы болды. Әдебиетте реализмге бет бұру байқалды. Атақты сыншы және тарихшы Й. Скерлич (1877-1914) реализм принциптерін қорғады. Югославия мемлекетінің құрылуы (1918) серб әдебиетінің жаңа дәуірін туғызды. Реалист жазушылар 1-дүние жүзілік соғыстан кейінгі өмір проблемаларын сипаттады. 20 жылдардың соңында «Әлеуметтік әдебиет» және сюрреализм пайда болды. Сербия азат етіліп, халық революциясы жеңгеннен кейін (1945), Сербия жазушылар қоғамы құрылды. 1946 жылы Югославия жазушыларының 1-съезі өтті. Поэзия, проза жаңаша дамыды. 1945 жылы И. Андричтың «Дриндегі көпір», «Травницк хабары», «Барышня» романдарының шығуы серб әдебиетінде үлкен жаңалық болды. 50-60 жылдары Д. Максимовичтің поэзиясы, Д. Чосичтің (1921 ж. т.) прозасы өскендік пен шеберлікті танытты. М. Джурджевич (1920 ж. т.), Б. Михайлович (1922 ж. т.) драмалық шығармалар жазды.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Сербия территориясында байырғы мәдени ескерткіштер мол сақталған. Неолит және қола дәуірін сипаттайтын геометриялық өрнекті қыш құтылар мен мүсіншілер кезігеді. Б. з. б. 2 ғ.-б. з. 4 ғасырында римдіктердің қоғамдық ғимараттары, моншалары мен әскери лагерьлері ірге тікті. 9-10 ғасырларда серб феодалдық мемлекетінің құрылуы және христиан дінін қабылдауға байланысты күмбезді тас ғибадатханалар мен базиликалар тұрғызылды. Немания әулеті тұсында (12 ғасырдын 2-жартысы - 14 ғ.) Рашка архитектуралық мектебі дәуірледі. 14 ғасырдың 1- жартысында Византия өнері ықпалы басым болды. Осы кезеңде крест күмбезді ғибадатханалар мен шіркеулер (Печтегі әулие Дмитрийдің шіркеуі, 1321-1324) салынды. 15 ғасырдың 2-жартысында түрік сәулет өнері ықпалындағы діни құрылыстар (мешіт, минарет, керуен сарайы т. б.) көбейді. 18 ғасырдағы кескіндеме (икона, портрет) барокко (Т. Крачун) мен рококо (Т. Чешляр) ықпалында болды. 19 ғасырда қалалар жүйелі жоба бойынша салына бастады. Ағарту және ұлт-азаттық қозғалыс кезінде (19 ғ.) классицизм (А. Теодорович, К. Данил) өріс алды. Осы кезеңдегі кескіндемеден романтикалық сарын (Д. Аврамович, Дж. Якшич) мен реалистік бағыт (Дж. Крстич) айқын аңғарылды. 70-80 жылдары жанрлық кескіндеме (У. Предич, П. Йованович) өркен жайды. Н.Петрович картиналарында халық тұрмысы шынайы бейнеленді. Мүсін өнері саласында Т. Росандич пен С. Стояновичтің есімдері белгілі болды. 1934 жылы реалистік өнер жанашырлары «Өмір» тобына (негізін салушы - Дж. Андреевич-Кун) бірікті. 1945 жылдан кейін Сербия Халық Республикасында қалаларды бас жоспар бойынша салу (Белград т. б.) ісі қолға алынды. Жаңа құрылыс материалдарымен (темір-бетон) зәулім үйлер тұрғызу, қалаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ірі құрылыстар: Титово-Ужиценің Партизан алаңындағы ансамбль (1957-1961, арх. С. Мандич, М. Пантович), Белградтағы Югославия Коммунистер одағы президиумының ғимараты (1960 жылдар, арх. М. Янкович т. б.). Белгілі суретшілер Андреевич-Кун, М. Челебонович, Б. Илич, Л. Вуяклиа, К. Дивяк; мүсіншілер Н. Глид, Й. Кратохвил, Р. Станкович т. б. Ұлттық қолөнері саласынан кесте, кілем тоқу, ағаш ою, тас қашау дамыған.
Музыкасы. Халық арасында әсіресе ән творчествосы кең тараған. Ол кейінгі ұрпаққа кезбе гусларлардың орындауында жетті. Алғашқы профессионал композиторлары - Й. Шлезингер, Н. Джуркович. 1838 жылы Панчевода хор үйірмесі, 1835 жылы Белград әншілер қоғамы құрылды. Композитор К. Станкович ұлттық музыкалық мәдениетін дамытуға елеулі еңбек сіңірді. Сондай-ақ композитор Д. Енко, Й. Маринкович пен С. Мокраняц серб музыкасын өркендетуге ат салысты. 1884 жылы Академиялық әншілер қоғамы құрылды. 1899 жылы Белградта тұңғыш Серб музыка мектебі ашылды. 1902 жылы Б. Йоксимович тұңғыш серб операсы «Милош Обиличтің үйленуін» жазды. 1937 жылы Белградта Музыкалық академиясы құрылды. 1930 жылдары композитор В. Вучковичтің есімі кең таралды. ЮФХР құрылғаннан кейін музыкалық мәдениетін жедел оркендету ісі қолға алынды. Осы тұста М. Ристич, В. Перичич, Любица Марич, А. Обрадович сынды композиторлар белгілі болды. Белградта Серб ҒА- ның Музыка тану институты (1957), Филармония (1967) жұмыс істейді. 1960-1970 жылдардағы белгілі музыканттары - композиторлар П.Бергамо, П. Озгиян, Э. Йосиф, Д. Радич, В. Мокраняц; дирижер Ж. Здравкович; пианист З. Марасович; скрипкашы Л. Марьянович; әншілер Цвеичтер семьясы, В. Хейбал; музыка зерттеуші С. Джурич-Клайн (зерттеу еңбектері 1950 жылдан жариялануда).
Театры. Алғашқы театрлық ойындар 13 ғасырда халық мейрамдары кезінде көрсетіле бастады. Түрік отарлауы театр өнерінің дамуына біршама кедергі келтірді. 1825 жылы Нови-Садта әуесқойлар труппасы А. Николичтің жетекшілігімен тұңғыш серб пьесасы - С. Стефановичтің «Урош V патшаның қазасын» қойды. 1861 жылы Нови-Садта Серб ұлттық театры, 1868 жылы Белградта Ұлттық театрдың («Народношозориште») құрылуы театр өнерінің жаңа даму кезеңін бастады. Ұлттық драматургия қалыптасып, актерлік өнер кемелденді. Реж. Б. Гавелланың Сербия театрын өркендетудегі ролі зор болды. Фашистік оккупациядан азат етілгеннен кейін театр өмірі қайта жанданып, жаңа театрлар (Белград драма театры, Замани театр т. б.) шаңырақ көтерді. Белградта Югославия драма театры (1948) жұмыс істейді. Оның төңірегіне таңдаулы өнер шеберлері топтасқан. 1956 жылы Белградта «Ателье 212» атты эксперименттік театр құрылды. Серб театрларының негізгі репертуары Югославия және шетел классикасы, сондай-ақ қазіргі Югославия драматургтарының шығармаларына құрылған. 40-70 жылдардағы белгілі театр қайраткерлері: режиссерлер X. Клайн, Б. Борозан, Б. Ступица, Б. Ханауска, Д. Джуркович; актерлер С. Северова, Д. Милутинович, Л. Йованович, М. Ступица, К. Йованович, Л. Бобич, Й. Миличевич, М. Пузич, М. Алексич, Л. Раваси, Д. Шокица, М. Радакович, В. Животич, С. Шалаич т. б.; суретші В. Маренич. 1950 жылы Белградта Театр, кино, телевизия академиясы құрылды. Нови-Садта «Сахна» («Sсеnа») журналы (1965) шығып тұрады.
Әдеб.: Бодрин В. В., Авденчев Л. А. Югославия. Экономико-географическая характеристика. М., 1970; История Югославии. т. 1-2, М., 1963; Грачев В. П. Сербская государственность в X-XIV вв. М., 1972; Достян И. С. Борьба сербского народа против турецкого ига. XV-нач. XIX вв. М., 1958; Пыпин А. Н., Спасович В. Д. История славянских литератур. 2 изд. т. 1-2, СПБ, 1879-1881; Алешина Л. С., Яворская Н. В. Искусство Югославии. Очерки. М., 1966; Белоусов В. Н. Современная архитектура Югославии, М., 1973; Ямпольский И. Музыка Югославии. –М., 1958; Вагапова Н. М. Театр народов Югославии. в кн.: История зарубежного театра. ч. 2, М., 1972.
Жарияланған-2020-10-02 16:29:09 Қаралды-1678
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану