СЛОВАКИЯ (Slovensko), Словак Республикасы, Еуропаның шығыс бөлігінде орналасқан. Жері 49 мың км2. Халқы 5,4 млн. (2019), бұлардың ішінде словактар 85,5%, венгрлер 12%, чехтар 1%-тей, украиндар 1%-тен астам. Қала халқы 40%-ке жуық. Астанасы - Братислава қаласы. Әкімшілік жағынан Батыс Словакия, Орта Словакия және Шығыс Словакия облыстарына бөлінеді.
Табиғаты. Словакия - негізінен таулы ел. Көпшілік жерін биіктігі орташа Батыс Карпат сілемдері алып жатыр. Оңтүстік-батысы (Дунай бойы ойпаты) және оңтүстік-шығысы (Тиса бойы ойпаты) жазық ойпатты келеді. Климаты қоңыржай континенттік. Жазық бөлігіндегі ауаның орташа температурасы қаңтарда – 1-3°С, шілдеде 19-21°С, Биік Татрда қыста - 12°С, жазында 8°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 500-700 мм, тауда 1000 мм. Ірі өзендері - Ваг, Нитра, Грон, Ондава. Территориясының 1/3-нен астамы орман (негізінен таулы аймақтарда). Жазық ойпатты өңірлері толық игерілген. Пайдалы қазындылары (темір, марганец, полиметалл рудалары, сурьма, магнезит кендері) негізінен Словакияның рудалы тауында шоғырланған.
Тарихы. Словакия жерін адам баласы ортаңғы палеолиттен бастап мекендеген. Б. з. б. 5 ғасырда онда фракия тайпалары, б. з. б. 3 ғасырда кельттер тұрған. Б. з. 1 ғасырында Словакия жерінің бір бөлегін Рим басып алды. Біздің заманымыздағы 1-мың жылдықтың ортасында бұл арадағы этникалық элементтердің ішіндегі ең көбі славяндар болды. 7 ғасырда Словакия жері Само мемлекетінің, 9 ғасырда - 10 ғасырдың басында Ұлы Морав державасының құрамына кірді. 11 ғасырда түгел Словакия территориясы Венгр корольдығына қарады (1918 жылы бір тұтас Чехословакпя мемлекеті құрылғанға дейін соның қол астында болды). 1241-1242 жылдар Словакия жерінің едәуір бөлігі татар-монғол шапқыншылығына ұшырады. 13-14 ғасырларда Словакия немістердің отарлауына ілікті. 15 ғасырдың 1-жартысында Словакияда гусизм идеясының таралуы чех-словак тілдері мен мәдени байланыстарының нығаюына ықпал етті. Словак шаруалары 1514 жылы Дожа Дьердь бастаған венгр шаруаларының антифеодалдық көтерілісіне қатысты. Көтеріліс жеңілген соң венгрлермен қатар словак шаруалары да «мәңгілікке» жерге бекітілді. 16 ғасырдың ортасында Оңтүстік Словакия Осман империясының құрамына енді, қалған бөлігі көп ұлтты Габсбургтер монархиясьша кірді. 1683-1699 жылдар австрия-түрік соғысында да Словакия түгелімен Габсбургтерге қарады. 17 ғасырда - 18 ғасырдың басында Словакия Габсбургтерге қарсы венгр феодалдары бастаған толқулардың орталығына айналды [Ракоци Ференц ІІ-нің қозғалысы (1703-1711) т. б.]. 18 ғасырдың аяғы - 19 ғасырдың басында капиталистік қатынастардың тууына байланысты словак мәдениетін, тілін дамытуды, мадьярландыруды тоқтатуды талап еткен словактардың ұлттық қозғалысы өріс алды. 19 ғасырдың 1-жартысында антифеодалдық қозғалыстар күшейді. 1842 жылы словак ұлтының 1-программасы жасалды, онда словак мерзімді баспасөзін құру, мектепте словак тілінде оқыту т. б. талап етілді. Ұлттық қозғалыстың көсемдері (Й. М. Гурбан, М. М. Годжа т. б.) елде буржуазия-демократиялық өзгеріс жасауды, словактарды ұлттық теңдікке жеткізуді талап етті. 1848 жылы 10 мамырда программалық түрдегі «Словак халқының талабы» қабылданды. 1861 жылы Турчански-Свети-Мартинде «Словак халқының меморандумы» атты ұлттық программа алынды. Онда автономия талап етілді.
1-дүние жүзілік соғыс (1914-1918) кезінде словактар чехтардың Антанта елдеріндегі әскери бөлімдеріне кірді. 1918 жылы қазанда Словак ұлттық советі құрылды. Совет бір тұтас Чехословак мемлекетіне Словакияның кіретіндігі туралы Мартин декларациясын (1918) қабылдады (Прагадағы Ұлттық комитеттен кейін, 30 қазанда).
Мешеу Словакияны чех буржуазиясы чех өнеркәсібінің аграрлық шикізат көзі деп қарады. Словактардың наразылығын Словак халық партиясы (1918 жылы құрылған) ұлтшылдық, сепаратистік қозғалысты өрістетуге пайдаланды. Мюнхен келісімінен (1938) кейін словак фашистері Словакияға автономия алды (үкімет басшысы - Й. Тисо). 1938 жылы Вена арбитражы Словакияның оңтүстік аудандарын Хорти билеген Венгрияға берді. 1939 жылы 14 наурызда фашистік Германия Словакияны «дербес мемлекет» деп жариялады. 1941 жылы Словакияда антифашистік қозғалыс күшейді. 1942 жылы жазда алғашқы партизан отрядтары, 1943 жылы астыртын Словак ұлттық советі ұйымдасты. Бұл чехтар мен словактардың Ұлттық майданын (кейін Чехословак ұлттық майданын) құру жолындағы маңызды белес болды. 1944 жылы Словакияда партизан қозғалысы күшейді. Фашист әскерлерінің 1944 жылы 29 тамызда Словакияға кіруі Словак ұлттық көтерілісінің (1944) басталуына себеп болды. 1945 жылы қаңтарда Совет Армиясы Словакияның Прешов, Кошпце т. б. қалаларын, 4 сәуірде Братиславаны азат етті. Азат етілген Чехословакияның мемлекеттік тәуелсіздігі қалпына келтірілгеннен кейін Словакияда (Чехиядағы сияқты) халықтық демократиялық құрылыс орнап, әлеуметтік-экономикалық түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды. 1948 жылы ақпанда контрреволюциялық төңкеріс жасамақ болған буржуазияға шешуші соққы берілді. Бұл жеңіс елде социалистік қоғам құруға жол ашты. Словак, чех халықтарының социалистік қоғам құруды аяқтағанын 1960 жылы 11 шілдедегі конституция заң жүзінде баянды етті. Социалистік құрылыс жылдарында Словакия өнеркәсібі жете дамыған, ауыл шаруашылық мол өнім беретін республикаға айналды. Словакияның экономикасын чехтар тұратын аймақтың экономикасы дәрежесіне жеткізу бағытын ұстаған Чехословакия компартиясының (ЧКП) саясаты зор роль атқарды.
Шаруашылығы. Словакия - дамыған индустриялы-аграрлы республика. Чехословакияның ұлттық табысын құраудағы Словакияның үлесі 27%. Республика экономикасының дамуына және оның құрылымына Чехословакия мен СССР арасындағы экономикалық байланыс үлкен әсер етуде.
Халық өкіметі жылдары Словакияның социалистік индустрияландыру процесі тез қарқынмен іске асырылуда. Өнеркәсіп өндірісі соғыстан бұрынғы деңгейге қарағанда 30 есеге жуық артты. Бұрынғы құрылымы мүлдем өзгерді. Өнеркәсіп өнімі жалпы құнындағы машина жасау және металл өндірудің үлесі 30%-ке жуықтады. Қара және түсті металлургиянікі 13%-тей, химия өнеркәсібінікі 10%-тен астам болды. Энергетикасы Ваг өзені бойындағы СЭС-тер каскадынан, Вояни, Новаки ЖЭС-терінен және Ясловск-Богуница АЭС-нен құралады. 1973 жылы мұнда 11 млрд. квт. сағ электр энергиясы алынды. Словакия елде шығарылатын машина жасау өнеркәсібі өнімдерінің 3/4-іне жуығын береді. Мұнай және табиғи газ айыру негізінде химиялық өнеркәсібі дамуда, СССР-ден тартылған «Дружба» мұнай құбырымен келген шикізат Братиславадағы «Словнафт» мұнай айыру комбинаты, «Братство» газ құбырымен әкелінген газ Шалядағы азот тыңайтқыштары зауыдында өңделеді. Ірі өнеркәсіп орталықтары мен аудандары: Братислава, Кошице атырабы, Орта және Жоғарғы Поважье, Погронье, Гандлова - Новаки қалалары, Прешов атырабы.
1936 жылғымен салыстырғанда 1973 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2 есе, товарлы өнімі 4 есе өсті. Ауыл шаруашылық өнімі құнының 52%-і мал шаруашылығынан, 48%-і егіншіліктен түседі. Астық дақылдарын егу басым дамыған. Майлы дақылдар, қант қызылшасы, темекі егіледі, жеміс және жүзім өсіріледі. Республиканың оңтүстік жағында шошқа, сүтті мал, құс, таулы өңірінде қой және етті мал шаруашылығы дамыған.
Жүк айналымында темір жол транспортының маңызы күшті. Чиерна-Жили- на-Острава темір жол магистралы электрлендірілді. Дунай өзенімен кеме жүзеді. Порттары-Братислава және Комарно.
Оқу-ағарту ісі. 1973-1974 оқу жылында 9 жылдық міндетті негізгі мектептерде 717 мың, жалпы білім беретін орта мектептерде (гимназияларда) 53 мың, 1-3 жылдық кәсіптік оқу орындарында 121,5 мың, 4 жылдық кәсіптік орта мектептерде 104 мыңнан астам оқушы, 13 жоғары оқу орындарында 55,6 мың студент оқыды. Ең ірі жоғары оқу орындары: Я. А. Коменский атындағы Братислава университеті (1919 жылы негізі қаланған). П. Шафарик атындағы университет, Жоғары техникалық мектеп, Жоғары экономикалық мектеп, консерватория, Жоғары сәулет өнері мектебі т. б. Ірі кітапханалары: Мартиндегі Словак Матицасы (1863 жылы құрылған, кітап қоры 1850 мың дана), Братиславадағы университет кітапханасы (1919 жылы, кітап қоры 1200 мың дана); Кошицедегі және Зволендегі мемлекеттік кітапхана. Басты музейлері: Братислава (1924) мен Мартиндегі (1893) словак ұлттық музейлері.
Әдебиеті. Словакия жазуының шығу тегін ағайынды Кирилл мен Мефодийдің (9 ғасырдың 2-жартысы) еңбектерімен ұштастырады. Словак жерлері Венгр корольдығының құрамына енгеннен кейін орта ғасырлық латындар билігі үстемдік алды. Гусшілдер қозғалысы (15 ғасырдың 1-жартысында) және Реформация (16 ғасырдың басы) латын жазуын чех жазу тілінің ығыстыруына жағдай жасады. Түрік басқыншыларына қарсы күреске байланысты батырлық жырлар пайда болды («Сигет қамалы туралы жыр», 1566 т. б.), феодалдық-католиктер реакция (17-18 ғ.) кезінде зиялылық әдебиет дамыды. 18 ғасырдың 80 жылдарында, ұлттық қайта өркендеу кезінде мәдениетті демократияландыру процесі басталды. Филолог А. Бернолак 1787 жылы словак әдеби тілі нормаларының негізін құрды. 19 ғасырдың 40-70 жылдары Л. Штурдың (1815-1856) атымен байланысты штурлық романтизм үстемдік етті. Поэзияда революция патриоттық идея өркен жайды. 18 ғасырдың 80 жылдарында реализм қалыптасты. М. Кукучин (1860-1928) әңгімелері мен повестерінде шаруалар өмірі бейнеленді. Чехословакия республикасы құрылған соң (1918) әдебиетте қауырт жаңару процесі басталды. «Дав» (1924-1937) журналының айналасында революция әдебиетшілер топтасты. Прогресшіл интеллигенция әлеуметтік қайшылықтың шиеленісуіне және фашизм қаупінің төнуіне қарсы тұрды. П. Илемницкийдің «Жыртылмаған егіндік» (1932) және «Ішіміздегі компас» (1937) романдары - прозадағы социалистік реализмнің ең маңызды туындылары. Қуыршақ Словак мемлекеті (1939-1945) кезінде әдебиетте аналогиялық және аллегориялық шығармалар жазу әдетке айналды. Халықтық демократияның қалыптасуымен байланысты, Словакия әдебиеті өмір көріністерін жан-жақты еркін суреттеуге бейімделді. 60 жылдары әдебиетке М. Ковач (1934 ж. т.), И. Кот (1936 ж. т.), Я. Солович (1934 ж. т.) т. б. ақын-жазушылар қосылды.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Словакия жерінде алғашқы қауым өнерінің ескерткіштері сақталған. 1-2 ғасырларда көне Рим қамалдары салынды. 4 ғасырға жататын қабірлерден қола, алтын, күміс ыдыс-аяқтар табылды. 13 ғасырда архитектуралық ескерткіштер роман стилінде тұрғызылды. Словакия жеріне кешеуілдеп келген готика ескерткіштері 14-16 ғасырға саяды. Осы туста қамал, ратушалары бар қалалар ірге көтерді. Бейнелеу өнері итальян, чех, венгр, неміс мәдениетімен байланысты дамыған. Әсіресе ағаштан оюлап жасаған михрабтар кең таралған. 17 ғасырда барокко стилі тарай бастады. Усадьбалар мен қала, село құрылыстарында ұзақ уақыт классицизм стилі орын алды. 17 ғасырдың ортасында тарихи стильге еліктеу пайда болды. 19 ғасырдың 1-жартысында халық мәдениеті үшін күрес күшейіп, словак бейнелеу өнері туды. 19-20 ғасырлардың қарсаңында халық өміріне арналған тұрмыстық жанр дамыды. 20 ғасыр суретшілерінің өзіндік жаңашылдығы халықтың өмірін, фольклорын, Словакия табиғатын жете білуге негізделді. Социалистік Словакияда жедел қарқынмен жүргізілген өнеркәсіп, қала құрылыстары қалалардың архитектуралық бейнесін өзгертті. Словак халқының тұрмысы мен тарихы, оның фашизмге қарсы күресі, еңбектегі табысы картиналар (суретшілер М. Бенка, Л.Фулла, Л. Гудерна, М. Медвецка) мен монументті және қондырғылы мүсінде (Й. Костка, Р.Прибиш, Т.Бартфай, Я.Кулих, А. Тризуляк) бейнеленді. Көптеген туындылар халықтар достығына арналған. Халық қолөнері (ағаш ою, керамика, кесте т. б.) дамыған.
Музыкасы. Музыкалық фольклоры ырғаққа бай; көбінесе бір дауысты, диатоникалық ладқа құрылады. 15 ғасырда хорға арналған көп дауысты әндер дамыды. 17 ғасырда мәдени музыкада итальян, неміс музыкалық бароккосыныц элементі байқалды. Алғашқы опера (австрия, чех классицизмі әсеріндегі) Братиславада қойылды (1648). Ұлттық музыкалық өнерінің негізін қалаушы Я. Л. Белла опера, кантата, симфония, ән жанрында да елеулі еңбек етті. Чехословакия республикасы құрылған (1918) соң, Словакияның музыкалық өмірі жанданды. Халық демократиялық республикасы құрылғаннан кейін Кошицеде Словак ұлт театры (1945), Филармония (1949), Братиславада Словак квартеті (1945), халық ән-би ансамблі «Лучница» (1948), Әскери көркем ансамбль (1951), Чехословак радиосының хоры (1957), Словак камералық оркестрі (1960) ұйымдастырылды. Белгілі музыкалық қайраткерлері: композиторлар Э.Сухонь, Я.Циккер, А.Мойзес, А.Оченаш, Я.Циммер, М.Новак, И.Зельенка; дирижерлер Л.Словак, Л.Райтер; пианистер М.Карин, К.Кавликова, Р. және С. Мацудзиньскийлер; скрипкашылар А. Можи, Т.Гашпарек; әншілер М.Чесанёва, Я. Благо, Ш. Гоза, О. Малаховский, Л. Барицова; музыкалық зерттеушілер Э. Заварский, Й. Шамко, Й. Кресанек т. б. 1955 жылы Словак композиторларының одағы құрылды.
Театры. Алғашқы театр ойынын 1439 жылы Братиславада мектеп балалары қойғандығы туралы дерек бар. 17-18 ғасырларда халық театры өріс алды. 1830 жылы Липтовски-Микулашта Я. Халупканың «Коцурково немесе Ақымақ болып қалмасақ еді» комедиясын алғаш рет әуесқойлар үйірмесі көпшілік алдына қойды. Әуесқойлар үйірмелерінің көбеюі профессионалды театр өнерінің қалыптасып, ұлттық драматургияның дамуына ықпал етті. 1890 жылы Мартинде халық қаржысына Ұлт үйі салынып, оның сахнасында А. Галашидің басқаруымен әуесқойлар спектакльдері көрсетілді. 1920 жылы Братиславада тұңғыш профессионалды театр - Словак ұлт театры құрылды. Бұл театрды ұйымдастыруға Я. Бородач, А. Багар, Г. Келло, О. Орсагова, Г. Меличкова үлес қосты. 1932 жылға дейін ойын чех тілінде жүрді, ал 1932 жылы сонымен қатар словак труппасы құрылды. 1932-1939 жылдар қойылған таңдаулы спектакльдері: И. Тайовскийдің «Әйел заңы» мен «Абыр-сабыры», В. Заборскийдің «Тастандысы», П. Гвездославтың «Ирод пен Иродиадасы». Осы кездегі белгілі режиссерлері - Бородач, Багар, Я. Ямницкпй. А. Н. Толстой, А. Н. Афиногенов, А. М. Горький пьесаларының қойылуы словак халқының совет театрына деген ықыласын білдірді. Соғыстан кейін социалистік Чехословакияда словак театр өнері гүлдене түсті. Белгілі театр қайраткерлері: режиссерлер Й. Будский, П. Гаспра, П. Микулик; актерлер О. Бородачева, М. Преховская, М. Краловичева, З. Груберова, В. Стрнискова, В. Турзонова, В. Заборский, Л. Худик, Ю. Пашка т. б. Братиславадағы Словак ұлт театры ең ірі театр орталығы болып табылады. Словакияда бұдан басқа 16 театр (Братиславадағы Жаңа сахна, Кошицедегі Мемлекеттік театр, Прешовтағы В. Заборский атындағы театр т. б.) жұмыс істейді. Прешовта Украин ұлттық театры, Комарнода Венгр обл. театры бар. Кадрларды Братиславадағы Жоғары театр мектебі даярлайды.
Әдеб.: Маергойз И.М. Чехословацкая Социалистическая Республика. Экономикалық-географиялық характеристика. М., 1974; История Чехословакии. т. 1-3, М., 1956-1960; Чехословацкое изобразительное искусство XIX и XX веков. Прага, 1953; Маца И.Л. Архитектура Чехословакии. Исторический очерк. -М., 1959; Солнцева Л. Чехословацкий театр сегодня. М., 1962, её же, Чешский и словацкий театр, в кн.: История западноевропейского театра. т. 6. М., 1974.
Жарияланған-2020-09-29 15:57:58 Қаралды-1057
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану