UF

СЕНЕГАЛ (Senegal), Сенегал Республикасы (Republic of Senegal) - Батыс Африкадағы мемлекет. Солтүстігінде, солтүстік-шығысында Мавританиямен, шығысында Малимен, оңтүстігінде Гвинея Республикасымен, Гвинеямен (Бисау) шектеседі. Батысы Атлант мұхитымен шайылады. Жері 196,2 мың км2. Халқы 13,3 млн. (2013). Астанасы - Дакар қаласы. Әкімшілік жағынан 7 облысқа, департаментке және округтарға бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Сенегал - республика. Мемлекет басшысы - президент, оны халық 5 жылға сайлайды. Мемлекеттің бірден-бір заң шығаратын өкімет органы - бір палаталы Ұлттық жиналыс. Ұлттық жиналыстың 100 депутатын халық 5 жылға сайлайды. 21 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы берілген. Мемлекеттің атқарушы және басқарушы өкімет органы - республика үкіметті премьер-министр басқарады. Премьер-министр мен салалық министрлер Ұлттық жиналыста бекітіледі.

Табиғаты. Сенегал - жазық өңірге орналасқан ел. Субэкваторлық белдеудің саванна және орманды зонасында жайласқан. Оңтүстік-шығысында таудың қалдық массивтері (биіктігі 500 м-ге дейін), Жасыл Мүйіс маңында сөнген вулкандар кездеседі. Геологиялық құрылымы жөнінен Сенегал жері Африка платформасының батыс шеті құрамына кіреді. Көпшілік бөлігін Сенегал ойпаты (мезозой және кайнозойдың теңіздік-континенттік шөгінділерінен түзілген) алып жатыр. Пайдалы қазындылары: эоцендік фосфорит және алюмофосфат, докембрийлік темір рудасы, батыс жағалаулық қорымдық ильменит, рутил, циркони, ас тұзы, шельфтік мұнай. Фалемо өзенінің сол жағасынан (Шығыс Сенегал) боксит кені ашылды. Климаты солтүстігінде қуаң тропиктік (жылдық жауын-шашын 250-300 мм), оңтүстігінде ылғалды тропиктік (1500 м-ге жуық). Ауаның орташа айлық температурасы (қаңтарда 23°С, шілдеде 28°С) жыл бойында шамалы өзгереді. Ірі өзендері - Сенегал (солтүстігінде), Казаманс (оңтүстігінде), Гамбия (шығысында). Табиғи өсімдік жамылғысы күшті өзгерген. Солтүстігіндегі құмды саванналы өңірі қызыл қоңыр, оңтүстігіндегі саванна-орманды алқап қызыл топырақты келеді. Жануарлар дүниесі негізінен ұлттық парк-қорықтарда (аса ірісі Ниоколо-Коба) сақталған; мұнда қорқау қасқыр, қабылан т. б., құстың, уақ кемірушілердің көптеген түрлері мекендейді. Мұхиттың жағалық бөлігі балыққа бай; акула кездеседі.

Халқы. Тұрғындарының көпшілігі (87%-тен астамы) атлант тілі семьясына жататын волоф, серер, фульбе т. б. халықтар. Манде тілінде сөйлейтін халықтар (бамбара, малинке, сонинке), арабтар, европалықтар (негізінен француздар) да тұрады. Ресми тілі - француз тілі; волоф және фульбе тілдері де көп қолданылады. Африкалықтардың көбі - мұсылмандар. Ресми календары - григориандық. 1970-1973 жылдар аралығында халқы жыл сайын 2,5%-ке өсіп отырды. Еңбек етуші халқы 1739 мың (1970), олардың 75,6%-і ауыл шаруашылығының ұлесіне тиеді. Халықтың орташа тығыздығы теңіз жағалауында 1 км2 жерге 50-100, Шығыс Сенегалда 5 адамнан келеді. Қала халқы 27% (1970). Маңызды қалалары: Дакар, Каолак, Тиес, Сен-Луи.

Тарихы. Сенегал жерінде палеолит және неолит дәуірлеріндегі құралдар табылды. Неолит дәуірінде Сенегалдың отырықшы халқы балық аулап, егіншілікпен шұғылданды. Ежелгі заманда және орта ғасырларда Сенегал территориясы түгел немесе ішінара Гана, Мали, Сонгаи мемлекеттерінің құрамына кірді. Альморавтардың Ганаға жорығы (11 ғ.) кезінде Сенегалда ислам діні тарай бастады, 12-16 ғасырларда оны ел халқының дені кабылдады. Сенегал жеріндегі орта ғасырлық мемлекеттерде [Текрур (9-15 ғасырлар), Джолоф (12-16 ғасырлар т. б.] алғашқы қауымдық құрылыс пен құл иеленушілік укладпен ұштасып жатқан феодалдық қатынастар басым болды. 15 ғасырда Сенегал территориясына португалдар басып кіріп, одан піл сүйегін, гуммиарабик, алтын құм тасымалдады, ал 16 ғасырдан бастап құл саудасымен шұғылданды. 16-17 ғасырларда Португалия, Нидерланды, Англия мен Франция Сенегал жерінде сауда монополиясына ие болу жолында күресті. 1633 жылы француздар Сенегал компаниясын т. б. құрды. Сенегал халқы 19 ғасырдың 40-60 және 80 жылдары француз отаршыларына қарсы ұзақ уақыт күрес жүргізді. 1894 жылдан Сенегал территориясы Француз Суданының, 1895 жылдан Француз Батыс Африкасының құрамына енгізілді.

1-дүние жүзілік соғыстан (1914-1918) кейін Сенегалда ұсақ буржуазия-ұлтшылдық сипаттағы тұңғыш саяси ұйымдар құрылды. Стихиялық жаппай толқулар темір жолшылардың (1919), докерлер мен матростардың (1920) алғашқы ереуілдерімен ұштасты. Темір жолшылар кәсіподағы 1938 жылы ірі ереуіл ұйымдастырды. 1948 жылы Демократиялық блок партиясы (ДБП), 1959 жылы Сенегал прогресшіл одағы (СПО), 1957 жылы Сенегал тауелсіздігі африкалық партиясы (СТАП; марксизм-ленинизм идеологиясына негізделген) ұйымдасты. 1960 жылы 20 тамызда Сенегал тәуелсіз республика болып жарияланды, бірақ француз Өзара қоғамының мүшесі болып қалды. 1960 жылы 28 қыркүйекте Сенегал БҰҰ-ға қабылданды. 1963 жылы наурызда елдің жаңа конституциясы бекітілді. Елдегі билеуші СПО партиясының ресми идеологиясы - «африкалық социализм». Сенегал экономикасында шетелдік және ұлттық жеке меншік капиталдың ролі күшті. Сыртқы саясатта Сенегал үкіметі блоктарға «қосылмау және диалог» позициясын ұстап отыр. 1962 жылы 14 маусымда Сенегал мен СССР дипломатиялық қатынас орнатып, сауда, эконономикалық, техника және мәдени ынтымақ туралы келісімге қол қойды; 1965 жылы теңізде ынтымақтасып балық аулау келісіміне қол қойылды.

Саяси партиялары мен кәсіподақтары. Сенегал прогресшіл одағы, 1959 жылы негізі қаланған. Билеуші партия. Сенегал тәуелсіздігінің африкалық партиясы, 1957 жылы негізі қаланған, 1960 жылдан астыртын жұмыс істейді. Сенегал демократиялық партиясы, 1974 жылы негізі қаланған. Сенегал еңбекшілерінің ұлттық конференциясы т. б.

Экономикалық географиялық очеркі. Сенегал - аграрлы ел. Экономикасы жер жаңғағы, бұның өнімдерін экспортқа шығаруға негізделген; сондықтан экономикалық жағдайы шетел әсіресе француз капиталына тәуелді. 2-дүние жүзілік соғыс кезінде, одан кейінгі жылдары шетел компанияларының күшімен Сенегал елді мекендерінде (әсіресе Дакар қаласында) экспорттық (метрополияға тасылады) жер жаңғағы майын және бұрынғы Франциялық Батыс Африка елдері үшін тұтыну товарларын дайындайтын кәсіпорындар салына басталды.

60 жылдардың қарсаңында товарлық егіншіліктің және өңдеу өнеркәсібінің даму деңгейі жөнінен Сенегал сол кездегі Франциялық Батыс Африка елдері арасында 1-орын алды. Тәуелсіздік алғаннан (1960) кейін Сенегал үкіметінің экономикалық бағыты батыстың монополистік капиталымен тығыз байланысты болды. Дегенмен де республика шаруашылығын дамытудың кейбір шаралары іске асырыла бастады. Ауыл шаруашылық кооперативтері құрылды, өңделетін жер мөлшері көбейтілді, жаңа өнеркәсіп орындары (шетел компанияларының күшімен) салынды. 1973-1977 жылдар шаруашылықтың экономикалық дамуының 4- программасы орындалуда.

Ауыл шаруашылығы. Жерді пайдалануда қауымдық егіншіліктің ролі басым және ауыл шаруашылық жұмыстары қол еңбегіне негізделген. Суармалы егістігі 119 мың га (1971). Жыртылған жері және көп жылдық дақылдар отырғызылған өңір ел территориясының 28,3%-і, шалғын және жайылым 29%-і, орманды және бұталы алқап 27%. Ауыл шаруашылығының негізгі саласы - егіншілік; бұл сала Сенегал және Гамбия өзендері аралығының батыс бөлігінде, Сенегал аңғарының Казаманстық өңірінде өңделетін жерінің жартысына жуығына жер жаңғаңы отырғызылған. 1974 жылы жер жаңғағы егісі 1000 мың га-ға жетті. Елдің ішкі мұқтажын өтеу үшін тары (1974 жылғы өнімі 500 мың т), маниок (160 мың т), күріш (95 мың т), батат, жүгері егіледі. Казаманс облысында майлы пальма, банан, Шығыс Сенегалда мақта өсіріледі. Қалыптасқан отарлық-жайылымдық мал шаруашылығының өнімділігі төмен келеді. 1974 жылғы мал басы (млн.): мүйізді ірі қара 2,3, қой 1, ешкі 0,95, үй құсы 5,7. Балық шаруашылығы дамып, 1973 жылы 324 мың т балық ауланды.

Өнеркәсібі. Тау-кен өндірісі фосфорит (1973, 1,7 млн. т, Тайба, Палло кен орындары), ас тұзын өндіреді. 1973 жылы елде 353 млн. квт-сағ электр энергиясы алынды (жылу электр станциясының үлесі басым). Өңдеу өнеркәсібі (ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу) орындарының көпшілігі Жасыл мүйіс түбегінде шоғырланған. Ірі кәсіпорындар қатарында Дакар, Каолак, Диурбелдегі жер жаңғағының майын өндіру зауыдтары, Дакардағы сыра, ұн тарту зауыдтары. Шағын мата тоқу, былғары аяқ киім фабрикалары, машина жөндеу, жүк автомобильдерін құрастыру, цемент, минералдық тыңайтқыш, мұнай айыру зауыдтары, шырпы, мебель кәсіпорындары бар.

Транспорты. Темір жолының ұзындығы 1,3 мың км, асфальт жолы 2,4 мың км (1973). Автопаркі 76 мың машинадан тұрады (1973). Жаңбырлы кезеңдерде Сенегал өзен бойымен кеме жүзеді; басты пристаньдары - Сен-Луи, Подор және Матам. Басты теңіз порты - Дакар (1973 жылғы жүк айналымы 5 млн. т-ға жуық). Дакар түбінде Йоф халықаралық аэропорты бар.

Сыртқы саудасы. 1973 жылғы экспорт құны 43,2 млрд., импорты 79,8 млрд. африка франкісіне тең болды. Экспортының 35%-і жер жаңғағы майы, 10%-і фосфорит (1971). Басқа елдерден азық-түлік, мата, аяқ киім, өндірістік жабдықтар, машиналар сатып алынады. Басты сауда серіктесі - Франция (1973 жылғы экспортының 47,5%-і, импортының 47,8%-і). Туризм дамуда (1972 жылы бұдан 14,8 млрд. африка франкісіне тең түсім түсті).

Ақша өлшемі - африка франкісі.

Денсаулық сақтау ісі. Толық емес мәлімет бойынша 1970 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 45-50, адамның өлімі 24-32, әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 250-350 (өте жоғары). Өмірдің ұзақтығы 41 жас. Елде инфекциялы және паразиттік аурулар көп таралған. Бұдан басқа шистосоматоз, аскаридоз, анкилостомидоз, трихоцефалез т. б. аурулар кездеседі. 1969 жылы 5,1 мың төсектік 40 аурухана (1000 тұрғынға 1,4 төсек), ал 1971 жылы 277 дәрігер (4,5 мың тұрғынға 1 дәрігер), 95 дәрігер ассистенті, 25 тіс дәрігері, 60 фармацевт және 2270 орта білімді қызметкер болды (1973). Дәрігерлер Дакар университетінде және СССР-де даярланады.

Оқу-ағарту ісі. Тәуелсіздік алу (1960) қарсаңында халқының сауатсыздығы 95%-тен асты. Міндетті бастауыш білім туралы заң (1963) орындалмайды. 1970 жылы 15 жастан жоғары ересектердің 80%-і сауатсыз болды. Білім беру жүйесі француздар үлгісімен жүреді. Мектепке 6 жастан қабылданады. Бастауыш мектеп 6 жылдық, 3 циклден (әрқайсысы 2 жыл) тұрады (даярлық, элементарлық, орта). Жалпы білім беретін орта мектептер 2 типті: жалпы білім беретін коллеждер (4 жыл) және лицейлер (7 жыл). Бастауыш мектеп базасында 3 типті кәсіптік-техникалық оқу орындары жұмыс істейді: кәсіптік мектептер (3 жыл), техникалық коллеждер (4 жыл), техникалық лицейлер (7 жыл). 1971 жылы бастауыш мектептерде 266 мың оқушы, орта оқу орындарында 49 мың, 1970 жылы мұғалімдер даярлайтын коллеждерде 620 оқушы оқыды. Дакарда Батыс Африканың басты жоғары білім орталығы болып есептелетін университет бар (1949 жылы құрылған. 1957 жылдан университеттік право берілген).

Әдеб.: Кашин Ю.С. Сенегал. -М., 1973.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-09-29 15:53:24     Қаралды-1627

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »