UF

ФРАНЦИЯ (France), Француз Республикасы - Батыc Европадағы ірі капиталистік мемлекеттердің бірі. Жерінің аумағы жөнінен шетелдік Европада 1-орын алады. Солтүстігінде және солтүстік-шығысында Бельгиямен, Германия Федерациялық Республикасымен, шығысында Швейцария, Италиямен, оңтүстік-батысында Испаниямен шектеседі. Солтүстік-батысын Па-де-Кале және Ла-Манш бұғаздары, батысын Атлант мұхитының Бискай шығанағы, оңтүстігін Жерорта теңізі шаяды. Оңтүстігіндегі Корсика, жерортатеңіздік және Бискай шығанағындағы бірқатар шағын аралдар Францияға қарайды. Жері 551,6 мың км2. Халқы 65,0 млн. (2019). Астанасы - Париж қаласы. 1970 жылы Франция отарлық иеліктерінің жалпы жері 155,5 мың км2, халқы 1,7 млн. адам болды. 1976 жылы Францияға 4 «теңіз сыртындағы департамент» (Мартиника, Гваделупа, Гвиана, француздық Реюньон) және «теңіз сыртындағы аймақтар» (Жаңа Каледония, Полинезия француздық, Афарлар және Исса иелігі, Сен-Пьер және Микелон аралдары Уоллис пен Футуна аралдары) бағынды. Әкімшілік жағынан 95 департаментке бөлінеді. 5 тарихи провинциясының да (Лотарингия, Эльзас, Бретань, Нормандия, Прованс) маңызы сақталған.

Мемлекеттік құрылысы. Франция - республика. 1958 жылғы конституциясы (1960, 1962-1963, 1974 жылдар енгізілген өзгерістері мен қосымшалары) күшінде. Конституция бойынша мемлекеттік құрылысы Бесінші Республика деп аталады. Мемлекеттік басшысы - Республика президенті жалпыға бірдей дауыспен 7 жылға сайланады. Ол премьер-министрді тағайындап, орнынан босатуға, кешірім немесе төтенше жағдай жариялауға, эаңдарды бекітуге праволы және қарулы күштердің бас қолбасшысы да сол. Мемлекеттік жоғары заң шығарушы өкімет органы - парламент: Ұлттық жиналыс және Сенат делінетін 2 палатадан құрылады. Атқарушы өкімет билігі президент пен үкімет - Министрлік Советі қолында. Конституциялық бақылау органы - Конституциялық совет, ол президент пен парламент мүшелерінің сайлануға және референдум өткізілуін қадағалайды. Үкімет жанынан консультативтік орган - Экономикалық және Әлеуметтік совет құрылған. Орталық өкіметтің департаменттердегі өкілі президент тағайындайтын префект және өзін-өзі басқаратын орган - бас совет, коммуналдық совет пен оның атқарушы органы - мәр 6 жылға сайланады. Сот жүйесіне трибуналдар (қылмыстық істер жөнінде), апелляциялық және кассациялық соттар жатады. 1963 жылы мемлекеттік қауіпсіздігіне байланысты істер үшін айрықша трибунал ұйымдастырылды.

Табиғаты. Франция өзінің жер бедері жөнінен жазық және биіктігі орташа таулы елдер қатарына жатады. Жағасы онша тілімделмеген, ірі түбектер (Бретань және Котантен) елдің солтүстік-батысында ғана кездеседі. Жазық өңірлер Франция территориясының 60%-ін алып жатыр; биік таулы бөлігінің үлесі 5%-тен астам. Маңызды жазық өңірі - Солтүстік Француз ойпаты; бұның құрамына Париж алабы, Гаронна ойпаты кіреді. Елдің оңтүстік-шығысында Рона ойпаты қалыптасқан. Жоғары Рейн ойпатының біраз бөлігі Франция жерінде. Ойпатты жазықтары негізінен аллювилік жыныстардан түзілген. Орталық және Оңтүстік Францияны Орталық Француз массиві альга жатыр. Бұл - Европадағы герциндік массивтер ішіндегі, өзінің биіктігі және ауданы жөнінен ең маңыздысы; орталық жағы неоген және төрттік вулканизммен байланысты магмалық жыныстардан түзілген. Массивтің ең биік жері Пюи-де-Санси тауы, 1886 м. Елдің оңтүстік- шығысында Француз Альпісі (ұзындығы 400 км) жайласқан. Францияның ең биік жері - Монблан шыңы (биіктігі 4807 м) осында. Биік таулы бұл өңір шыңдарын мұздықтар (Мер-де-Глас, Блан) мен көп жылдық қар жамылғысы жапқан. Францияның қиыр оңтүстік-батыс шетін Пиреней таулы жүйесінің солтүстік беткейлері (ені 30-40 км, биіктігі 3298 м-ге дейін) қамтиды. Негізгі территориядан тысқары жатқан Корсика аралы кристалдық тау жүйелерінен тұрады. Ең көтеріңкі жері - Мон-Сенто тауы, 2710 м. Франция жер қойнауы темір рудасы, боксит, калий және тас тұздары, табиғи газ, мұнай, уран рудаларына бай келеді. Темір рудасының қабаттары Лотарингияның юра әк тастарында, Нормандияда, Бретанда, Арморикан массивінде шоғырланған. Басты боксит кендері Оңтүстік Францияның юралық әк тастарынан, калий тұздары, Эльзастың тектоникалық ойыстарынан, тас тұзы Лотарингия және Юра өңірінен, көмір Солтүстік Франция, Лотарингия және Орталық массив қойнауынан, мұнай мен табиғи газ Пиреней бөктерінен, Эльзастан табылды. Минералды бұлақтар Орталық массивтің вулканды өңірлерінде көп кездеседі.

Франция жерінде теңіздік қоңыржай климат бірте-бірте континенттік және жерортатеңіздік климатқа ауысады. Теңіздік қоңыржай климат негізінен Атлант мұхиты жағалауында (Аквитания, Бретань, Нормандия, Ла-Манш маңы) басым қалыптасқан. Бұл өңірдің жазы бұлтты, қоңыр салқын болады; шілдеде 16°-18°С. Жауын-шашыны 600-800 мм (қыратты жерлерінде 1200 мм-ге жуық). Елдің орталық жағына қарай (Лотарингия, Эльзас, Орталық массивтің солтүстік бөлігі) континенттік климаттық құбылыстары басым байқала бастайды. Қысы суықтау (қаңтардың орташа температурасы 1°, кейде аяз - 20°С-қа дейін төмендейді); жазы жылы, ыстықтау, шілденің орташа температурасы 17°-19°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 550-750 мм, көбі жазда жауады. Жерортатеңіздік климат Францияның жерортатеңіздік жағалауы мен Корсика аралын қамтиды; шілденің орташа температурасы 23°-24°С, қаңтарда 4°-8°С. Жылдық жауын-шашыны 600-800 мм. Францияда таулы климаттың екі түрі байқалады: биіктігі орташа таулар климаты (Орталық массив, Вогез, Юраны қамтиды) және биік таулық немесе альпілік климат (Альпі, Пиреней жүйелерінде). Алғашқысы қамтитын өңірлердің жазы қоңыр салқын, қысы суық; жауын-шашынның жылдық мөлшері 1000-2000 мм, шілденің орташа температурасы 11°-16°С, қаңтарда - 5°С-қа дейін. Альпіде және Пиренейде қаңтардың - 5°С-тық изотермасы 1500-2000 м биіктіктен өтеді, жоғарылаған сайын салқындай түседі. Жауын-шашын мөлшрі 2000-2500 мм. Франция жерінің өзен торы өте жиі. Өзендері негізінен таулардан басталады және орта төменгі ағыстарында жазық өңірлермен ағады. Ірі өзендері - Луара, Рона, Сона, Сена, Гаронна. Рейн өзенінің орта ағысы да Франция жерінде. Гидрологиялық режиміне қарай өзендері - жазықтық, биіктігі орташа таулық, альпілік және жерортатеңіздік болып ажыратылады. Жазық бөлігіндегі көптеген өзендер жаңбыр суымен қоректенеді. Биіктігі орташа таулық өзендерінің деңгейі әсіресе көктемде және күзде көтеріледі. Альпілік өзендер суы жаздағы мұздықтар мен қар шоғыры еру кезінде көбейеді. Жерортатеңіздік өзендері қысқа келеді. Бұлардың көпшілігі Орталық массивтің оңтүстік беткейлерінен, Теңіз маңы Альпісінен, Пиренейдің шығыс жағынан басталады. Жаңбыр суымен қоректенеді, қыс маусымында деңгейлері көтеріледі. Францияның таулық өңірлеріндегі өзендері су әнергия қорына өте бай. Жалпы гидроэнергия ресурсы 8,9 млн. квт; бұның 50%-ке жуығы Рона, Орталық массив және Пиреней алабының үлесіне тиеді. Солтүстік және Батыс Франциядағы жазықтық өзендер кеме жүзуге қолайлы, көбі каналдар арқылы көрші су жолдарымен байланысқан. Ірі аумақты көлдері көп емес; мұздықтан қоректенетін шағын көлдер кездеседі. Франция жері толырақ жамылғысы жөнінен ормандық қоңыр топырақты және субтропиктік қызыл қоңыр топырақты зоңаларда орналасқан. Париж алабында құнарлы ормандық қоңыр, Арморикан массивінде, Вогез, Орталық массивтің көпшілік бөлігінде орманның күлгіндеу қоңыр және шым күлгін, Юрада, Аквитанияда шым карбонатты, шірінді-карбонатты, күлгін батпақты, орталық массивтің вулкандық аймақтарында гумусті қою қоңыр, Гаронна алабында, Рона өзенінің төменгі ағысы бойында шөгінді аллювийлік топырақ қабаттары қалыптасқан. Таулы өңірінде топырақ жамылғысы таралуының вертикалдық заңдылығы сақталады: Альпінің 1200-1400 км-ге дейінгі бөлігінде таулық орманның қоңыр топырағы, 1700-1800 смге дейінгі беткейлерінде таудың күлгін, одан жоғары жағында таудың шалғындық топырақ қабаттары тараған.

Өсімдік жамылғысы жөнінен Франция территориясы қоңыржай белдеудің жалпақ жапырақты орманды зонасы мен субтропиктік белдеудің мәңгі жасыл орманды-бұталы зонасының құрамына кіреді. Территориясының 20%-ке жуығы орман, негізінен Альпі, Юра, Вогез, Пиреней өңірлерінде. Шамшат және емен үлесі басым; бұлардан басқа қайың, шырша, самырсын т. б. ағаш түрлері өседі. Тауда өсімдік жамылғысы биіктікке байланысты қалыптасқан. Биіктігі орташа тауларда орманды алқап барлық беткейлерінде және шыңдарында өседі. Альпінің жоғары жағында субальпілік өсімдіктер тараған. Францияның жерортатеңіздік жағалауында мәңгі жасыл емен және қарағай аралас алқап өседі. Жануарлар дүниесі онша сақталмаған. Ормандық түрлер басым тараған. Орманның тағы мысығы, түлкі, борсық, бұғы, елік, тауешкі т. б. мекендейді. Құр, қарабауыр шіл, кезқұйрық, қаршыға, қызыл қаз т. б. құстар; өзендерінде шортан, алабұға, көксерке, форель, шектес суайдындарында сардин, треска, камбала т. б. балықтар кездеседі. Жануарлар дүниесін сақтау және жойылып бара жатқан түрлерді көбейту үшін 2 ірі ұлттық қорық ұйымдастырылған; бұлар 410 км2 жерді алып жатыр.

Халқының 90%-тен астамы француздар. Олардан басқа эльзастықтар (Эльзаста), бретаньдықтар (Бретань түбегінде), фламандықтар (солтүстігінде), баскілер және каталондықтар (Испаниямен шектес аймақтарда), корсикалықтар (Корсика аралында) тұрады. 3 млн-нан астам имигранттар - итальяндар, испандар, алжирліктер, поляктар қоныстанған. Мемлекеттік тілі - француз тілі. Діни нанымға иланушылардың 80%-і католиктер; қалғандары - протестанттар, иудаистер, мұсылмандар. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 94,3 адамнан. Әсіресе Рона өзенінің аңғарында халық өте жиі қоныстанған. Қала халқы 70%. Ірі қалалары - Париж, Марсель, Лион, Тулуза, Ницца, Бордо, Нант, Страсбур.

Жалпы еңбек етушілердің 30%-ті құрылыста және қоғамдық мекемелерде, 25%-тейі ауыл шаруашылығында, 5%-тен астамы транспорт пен байланыс орындарында, 15%-і саудада, қалғаны мемлекеттік аппаратта және тұрмыстық қызмет көрсететін орындарда істейді. Француз компартиясының деректері бойынша 1976 жылдың басында елде 1,4 млн-нан астам жұмыссыздар болды. Әсіресе шетелден келген жұмысшылардың тұрмыстары өте ауыр.

Адамзаттың бостандық пен демократия үшін күрес тарихында француз халқының алатын орны ерекше. Франциядағы 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырда өткен революция уақиғалар Европаның көптеген елдеріндегі революция қозғалыстардың жалындауына үлкен ықпал етті. 1871 жылғы Париж Коммунасы - пролетарлық диктатура мемлекетін құрудың алғашқы үлгісі болды.

Тарихы. «Франция» атауы Маас және Шельда өзендері алабын мекендеген франктер аймағының атауы есебінде алғаш рет 6 ғасырда пайда болды. Ал 10 ғасырдан қазіргі Франция жеріне ұқсас аймақтар «Франция» деп атала бастады. Адамзат қоғамының ең ертедегі ошағының бірі Франция жерінде, сірә, шамамен, бұдан бір миллиондай жыл бұрын қалыптаса бастаса керек. Б. з. б. 3-мың жылдықта Францияда жер көп жыртылды. Б.з.б. 2-мың жылдықтың орта кезінде мыс., қола, алтын, күміс, ал б.з.б. 1-мың жылдықтың басынан темір қолданыла бастады. Б. з. б. 1-мың жылдықтың соңында Солтүстік-шығыс және Орталық Францияны кельттер (оларды римдіктер галлдар деп атады, «Галлия» атауы осыдан шыққан) және әр түрлі кельттенген автохтонды тайпалар, Оңтүстік-Батыс Францияны көбінесе иберлер, сондай-ақ б.з.б. 1-мың жылдықтың ортасынан бастап кельтиберлер, Қиыр Оңтүстік-Шығысты лигурлар мекендеді. Галлияның оңтүстік- шығысында алғашқы қауымдық қатынастар б.з.б. 3-2 ғасырларда, ал оның батысы мен солтүстігінде б.з.б. 3-1 ғасырлардан кейінгі кезеңде ыдырады. Б. з. б. 2 ғасырдың соңында Оңтүстік-Шығыс Галлияны Рим жаулап алды, елдің қалған жері Цезарьдың Галлияға жасаған жорықтары (б. з. б. 58-51) кезінде бағындырылды. 5 ғасырда Франция жеріне басып кірген бургундтер, вестготтар, франктер рим үстемдігін құлатып, өз мемлекетін құрды.

Феодалдану процесі баяу дамыды. 5 ғасырдың аяғы - 9 ғасырда Франция жері Франк мемлекетінің құрамына кірді де, феодализм генезисі дәуірінде өмір сүрді. 7-8 ғасырларда христиан діні дендеп еніп, үстемдік ала бастады. 8 ғасырдың 1-жартысында өкімет басына Каролингтер келуіне байланысты Франк мемлекетінің саяси бірлігі қалпына келтірілді. Ұлы Карл билік құрған кезде Франция кеңбайтақ Каролингтер империясының құрамына енді. Феодалдық таптардың қалыптасуы жеделдеді. Жердің көпшілігін феодалдар иемденді. Шаруалар оларға кіріптар болды. Франк мемлекеті құлдырап, онда феодалдық бытыраңқылық дәуірі басталды. 11 ғасырда феодалдар табы біржола қалыптасты.

10-12 ғасырларда Франция өзінің экономикалық дамуында жаңа сатыға көтерілді. Феодалдық вотчиналар саны көбейді. Жаңа деревнялар салынып, қолөнері өрістеді. Қалалар өсіп, сауда өркендеді. Тұтас алғанда 13 ғасырда француз мемлектінің күшеюі товар-ақша қатынасының өсуіне байланысты болды. Сеньорлар билігіне шек қойылып, шаруаларға азды-көпті жеңілдіктер берілді. Феодалдық жеке мұрагерлік, тәуелділік жойылып, шаруалардың жерге правосы нығайды. 12-14 ғасырларда жүргізілген бұл шаралар шаруаларға еркіндік беру деп аталды. Бұл өркіндікке шаруалардың ұзақ таптық күресі, әсіресе 1251 жылы «бақташылар» көтерілісі арқылы ғана қолы жетті.

14-15 ғасырларда Францияда феодалдық қатынастар өзінің прогресшіл сипатынан айырыла бастады. Феодалдық жүйенің үстемдігі товар-ақша қатынастарының онан әрі өсуіне кедергі жасады. 14 ғасырда - 15 ғасырдың 1-жартысында Францияның экономикасы құлдырап, саяси дағдарысқа ұшырауына Фландрия үшін болған сәтсіз соғыс пен Англияға қарсы жув жылдық соғыс (1337-1453) үлкен себепкер болды. 15 ғасырдағы 40 жылдардың аяғы - 50 жылдардың басында экономика қалпына келтіріле бастады. 15 ғасырдың соңында егіншілік елдің қажетін қамтамасыз етіп қана қоймай, шарапты, кейде астықты сыртқа шығаруға мүмкіндік берді. Тоқыма, металл өңдеу, кеме жасау өнеркәсібі, кітап басу шапшаң дамыды. Людовик XI елді саяси біріктіруге бағытталған саясат жүргізді. 15 ғасырдың ақырына дейін Бургундия, Пикардия, Ниверне, Прованс және Бретань Францияға қосылып, ел негізінен саяси жағынан бірікті. Франция Батыс Европадағы бір орталыққа бағынған ең ірі мемлекет болды.

16 ғасырдың 1-жартысында капиталистік укладтың қалыптаса бастауы экономиканың өркендеуіне қолайлы жағдай жасады. Ірі өнеркәсіп-сауда орталықтарының ішінде Париж бен Лион ерекше орынға ие болды. 1539-1544 жылдар жұмысшылардың алғашқы ереуілдері осықалаларда болып өтті. 16 ғасырда Францияда абсолютизмнің саяси жүйесі қалыптаса бастады. 16 ғасырдың 2-жартысында Франция үлкен қоғамдық-саяси дағдарысқа ұшырады. Біріне-бірі, сонымен қоса абсолютизмге қарсы екі топ - гугенотты (кальвинистік) және католиктік топтар күресі елді діни соғыстар деп аталған азамат соғысына ұрындырды, ол 30 жылға созылды. Елдің экономикасы құлдырап кетті. 16-17 ғасырлар аралығында Францияда экономика өркендей бастады. Франция белсенді сыртқы саясат жүргізуге кірісті. Вест-Үндістан мен Канадада француз отарларының негізі қаланды. Отыз жылдық соғыстың (1618-1648) соңғы кезінде Франция габсбургтерге қарсы одақты басқарды. Вестфаль бітімі (1648) бойынша, Эльзастың едәуір бөлігін алды. 17 ғасырдың 2-жартысында Франция өнеркәсіпті өркендетуде ірі қадам жасады. Бірақ ауыл шаруашылық өндірісі көп кейін қалды. Елді жиі-жиі аштық жайлады. 1650-1710 жылдар аралығында халық саны 20 миллионнан 16-17миллионға дейін азайды. 16-17 ғасырларда француз ұлты қалыптасты.

Париждегі халық көтерілісінің жөңісі (1789 жылы 14 шілдеде Бастилияның алынуы) Ұлы Француз революциясының бастамасы болды. Құрылтай жиналысы сословиелік барлық артықшылықтардың жойылғандығын жариялады (1789, 4-11 тамыз), Адам және азамат праволары декларациясын қабылдады (26 тамыз), шіркеу жері ұлт меншігіне алынды, прогресшіл маңызы бар басқа да бірсыпыра шаралар белгіленді. 10 тамызда халық көтерілісі монархияны құлатты. Еркектердің жалпыға бірдей дауыс беруі жолымен сайланған Ұлттық конвент 1792 жылы 22 қыркүйекте республика орнатты. Ішкі-сыртқы жауларға қарсы күресте революция- демократиялық якобин диктатурасы орнады (1793 жылы маусым). Якобиндік конвент халықтың, әсіресе шаруалардың мүддесіне сай келетін бірсыпыра шараларды іске асырды. Термидорлық контрреволюция және Директория (1794-1799) көзінде Париж Коммунасы таратылып жіберілді, якобиндік клуб жабылды, тұрақты баға (максимум) жойылды, халықтың революция жөңістеріне шабуыл басталды. Наполеон Бонапарт 1799 жылы 9-10 қарашада (он сөгізінші брюмер) мемлекеттік төңкеріс жасады. 1804 жылы Франция империя (бірінші империя) деп жарияланып, Наполеон император аталды. Революцияның демократиялық жеңістері жойылып, буржуазия құрылыс нығайтылды. Европада ұлт-азаттық қозғалысы күшейді. Отан соғысында (1812) Россия армиясы Наполеон армиясын талқандап, оның империясының күйреуін жақындатты. Одақтастар әскері Парижге кіргеннен кейін Наполеон тақтан түсті (1814 жылы 4 қазан), империя өмір сүруден қалды.

Бірінші империя құлаған соң Францияда бурбондар монархиясы қайта қалпына келтірілді (1814-1815, 1815-1830). Ақ террор жүргізіліп, революция пиғылдағы адамдар жазаланды. Сыртқы саясатта да Франция реакциялық бағыт ұстады. Жұмысшылардың наразылығы күшейді. Капитализм қайшылықтары утопиялық социализм идеяларын туғызды. (К.А.Сен-Симон, Ш.Фурье). Июль революциясы (1830) бурбондарды құлатты, бірақ республика топтар әлсіз, жұмысшылар әлі берік ұйымдаса алмаған еді. Сондықтан июль революциясының жемісін буржуазия пайдаланып кетті. Экономика өркендеді. Аяусыз қанау жұмысшылардың наразылығын туғызды [Лион көтерілісі (1831 және 1834)]. 1848 жылы 22 ақпандағы буржуазия- демократиялық революция Июль монархиясын құлатып, республика жариялады (25 ақпан). Революцияның қозғаушы күші пролетариат болды. Буржуазия революцияны тоқтатып, пролетариатты ауыздықтауға ұмтылды. 1852 жылы 2 желтоқсанда империя жарияланып, Луи Наполеон Бонапарт (Наполеон III) император болды. Екінші империя республиканың демократиялық жеңістерін жойып жіберді. Жұмысшылар қозғалысы өсті. 1864 жылдың соңында 1-Интернационалдық Француз секциясы құрылды. Жұмысшылар республика құруды талап етті.

1870-1871 жылдар Франция - Пруссия соғысы Бонапарт тәртібінің шіріктігін көрсетті. 1870 жылы 2 қыркүйекте Седан түбіндегі шайқаста француз армиясы жеңіліп, Наполеон II тұтқынға алынды. 4 қыркүйекте революция бұрқ ете түсті. Париж жұмысшыларының талап етуі бойынша республика жарияланды. Бірақ өкімет билігін республикашыл буржуазия басып алды. Париждегі халық көтерілісі 1871 жылы 18 наурызда буржуазия өкіметін құлатты. Дүние жүзіндегі тұңғыш пролетарлық революция басталды [Дариж Коммунасы (1871)]. А.Тьер үкіметі Версальға қашты. 1871 жылы 28 наурызда Париж Коммунасы (жұмысшы табының үкіметі) жарияланды. Ол пролетариаттың саяси өкімет билігін алуға ұмтылған тұңғыш талабы, пролетарлық диктатурасының тұңғыш тәжірибесі болды. Париж Коммунасы контрреволюция күшіне төтеп бере алмады. 1871 жылы 28 мамырда ол құлағаннан кейін буржуазия аяусыз ақ террор жүргізді.

Үшінші республика (Конституциясы 1875 жылы қабылданған) тұсында прогресшіл маңызы бар бірсыпыра реформалар жүзеге асырылды (бастауыш мектептерде балалар тегін оқытылды, кәсіподақтар жария жұмыс істеді т. б.). Сонымен қоса, финанс буржуазиясының мүддесі үшін Африкада, Вьетнамда басқыншылық соғыстар жүргізілді. 70 жылдардың соңында жұмысшы қозғалысы қайта жанданды. 1880 жылы Ж.Гед пен П. Лафарг басқарған жұмысшы партиясы қалыптасты. 1893 жылы парламент сайлауында социалистер елеулі жеңіске ие болды. Ж. Жорес пен А. Милъеран басқарған «тәуелсіз социалистер» тобы депутаттар палатасының социалистік фракциясына қосылды.

20 ғасырдың басында Франция капитализмі империализм сатысына көшті. Сыртқа капитал шығарыла бастады. 1902 жылы радикалдар мен радикал-социалистердің республика партиясы үкімет басына келді. Ол жұмысшы және демократиялық қозғалыстарды тұншықтыру саясатын жүргізді. Сыртқы саясатта империалистік бағыт ұстады. Марокко басып алынды. 1914 жылы 3 тамызда Франция 1-дүние жүзілік соғысқа (1914-1918) килікті. Соғыс жылдарында және онан кейін Франция экономикасы мен әлеуметтік құрылымы үлкен өзгерістерге ұшырады. Пролетарлар саны өсіп, 1901 жылы 7,7 млн. адамнан 1921 жылы 8,7 млн. адамға жетті. Шаруалар халықтың 53,6%-і болды. Өнеркәсін өнімінің көлемі жөнінен Франция дүние жүзінде 4-орынға шықты. Версаль бітім шарты (1919) бойынша Эльзас, Лотарингия Францияға қайтарылды.

1935 жылы жұмыссыз адамдардың саны 500 мынға жөтті. Шаруалар да күйзелді. Кейбір аудандарда батырақтардың 75%-і жұмыссыз қалды. Германияда фашистердің өкімет басына келуіне байланысты Францияда фашистік ұйымдар жандана бастады. Жұмысшылар мен шаруалар фашизмге қатаң шаралар қолдануды талап етті. ФКП фашизмге және соғысқа қарсы Халық майданын құру ұранын көтерді. 1935 жылы 14 шілдеде бүкіл Францияда халық антифашистік қуатты демонстрацияларға шықты. ФКП ұсынысы бойынша, Халық майданы программасы жасалып, 1936 жылы 11 қаңтарда жарияланды. Программа фашистік лиганы қарусыздандырып, таратуды, халық мүддесіне сай басқа да көптеген әлеуметтік шараларды іске асыруды талап етті. Бүкіл француздық еңбек конфедерациясы құрылды. 1936 жылы 26 сәуірде және 3 мамырда өткен парламент сайлауында Халық майданы жеңіп шықты. Халық майданы үкіметі алғашқы жылдың өзінде жұмысшылардың еңбек ақысын 7-15%, ал жалақыны аз алатындардікін 50%-ке дейін көбейтті. Батырақтардың еңбек ақысы өсірілді. Фашистік лиганы тарату (1936 жылы маусым), соғыс индустриясының бір бөлігін националивациялау туралы декреттер (1936 жылы шілде) қабылданды. Францияда фашистік әлементтер қайта жанданды. Жұмысшыларға қарсы бағытталған бірқатар заңдар шығарылды. Фашистік мемлекеттермен жақындасу Францияның халықаралық жағдайын әлсіретті.

1939 жылы 1 қыркүйекте неміс-фашістік әскерлері Польшаға шабуыл жасап, 2-дүние жүзілік соғыс (1939-1945) басталды. 3 қыркүйекте Англия мен Франция Германияға соғыс жариялады. Бірақ Францияның билеуші топтары гитлер әскерлеріне батыл соққы бере алмады. Даладье үкіметі ел ішіндегі демократиялық күштерді басып-жаншыды. 1939 жылы 26 қыркүйектегі Декрет бойынша, ФКП таратылды деп жарияланды. Жұмыс аптасы 60 сағатқа дейін ұзартылды. 1940 жылы 10 мамырда неміс-фашистік әскерлері шабуылға шығып, Францияның көп жерлерін басып алды. 1940 жылы 22 маусымда сатқын Ф.Петен үкіметі қол қойған Компьен уақытша бітімі бойынша Францияның 2/3 бөлігі Германия оккупациялаған аймақ деп танылды. Ал халықтың 65%-і осы аймақта тұратын еді, шойын өндірісінің 97%-і, болат өндірісінің 94%-і осында шоғырланған болатын. 1940 жылы 12 шілдеде Ф. Петен Франция мемлекеті мен үкіметінің басшысы деп жарияланды. Ол фашистік диктатура орнатты. Франция экономикасы фашистік Германияның соғыс мұқтажына қызмет етті. Фашистер басып алған алғашқы күндерде француз халқының Қарсыласу қозғалысы туды. Оны ФКП ұйымдастырды. 1940 жылы жазда Лондонда генерал Ш. де Голль құрған антифашистік қозғалыс орталығы «Азат Франция» (1942 жылы «Шайқасушы Франция») деп аталды. 1944 жылы 6 маусымда одақтастар әскерлері Нормандияда екінші майдан ашқаннан кейін, француз қарулы күштері бірқатар қалалар мен департаменттерді жаудан босата бастады. 1944 жылы күзде Франция жері толық азат етілді.

Соғыс және неміс-фашистік басқыншылығы Францияға елеулі зиян келтірді (1939 жылғы баға бойынша 1440 млрд. франк). Ф. коммунистері әкономиканы қалпына көлтіру, елді демократияландыру үшін күрес жүргізді. ФКП өкілдерінің үкімет құрамына енуі (1947 майға дейін) жұмысшы табы мен еңбекші бұқараның мүддесіне сай келетін бірқатар шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Көптеген кәсіпорындар национализацияланды. Еңбекшілер ақылы демалыс алатын болды, 40 сағаттық жұмыс аптасы қалпына көлтірілді. Уақытша үкімет басшысы Ш. де Голль 1946 жылы 20 қаңтарда орнынан түсті. Құрылтай жиналысы 1946 жылы 19 сәуірде демократиялық сипаттағы жаңа Конституцияның жобасын қабылдады. Конституция 24 желтоқсанда күшіне енді.

Төртінші республиканың 1946 жылы 10 қарашада сайланған Ұлттық жиналысында ФКП ең көп орын алды (168). Бірақ кабинет бірыңғай социалистерден құрылды. Социалист И. Рамадье үкіметі бұқараның пікірін ескере отырып, үкімет құрамына ФКП-нің 5 өкілін кіргізуге мәжбүр болды. Сыртқы империалистік топтар мен ішкі реакция ФКП ықпалын әлсіретуге күш салды. 1947 жылы майда коммунистер үкімет құрамынан шығарылды. Елдің әкономикасы АҚШ-қа тәуелді болып қалды. Франция үкіметі Солтүстік Атлантика шарты одағын құруға белсене қатынасты. 1946 жылы. Желтоқсанда вьетнам ха қына қарсы соғысты кең көлемде жүргізді. 1948-1950 жылы отаршылдар ірі жөңілістерге ұшырады. 50 жылдардан бастап мемлекеттік монополистік капитализмнің позициясы нығайды. Бұл кезеңде Франция өнеркәсіп дамуының қарқыны жөнінен АҚШ-ты, Англияны, Канаданы, Бельгияны басып озды. 1956 жылы наурызда Ф.Марокко мен Тунистің тәуелсіздігін мойындады. Бірақ Алжирде отаршылдық соғысты жүргізе берді. 1956 жылы қазан-қарашада Франция Египетке қарсы агрессияға белсене қатысты. Бір-қатар кәсіпорындары жабылып қалды. Баға қымбаттады.

Бесінші республиканың 1958 жылы қабылданған конституциясы парламент өкілдігі шөңберін тарылтып, президент праволарын едәуір кеңейтті. 1958 жылы 21 желтоқсанда генерал де Голль президент болып сайланды. Бесінші республика үкіметі ірі монополиялардың мүддесін қорғады. Франция отарларында ұлт-азаттық қозғалысы күшейді. 1960 жылы Франция өзінің Африкадағы бұрынғы отарлары: Судан мен Сенегалдың, Мадагаскар аралының, Дагомеяның, Нигердің, Жоғары Вольтаның, Піл Сүйегі Жағалауының, Чадтың, Орталық Африка республикасының (1958 жылға дейін Убанчи-Шари), Қонгоның, Габонның, Мавританияның, Того мен Камерунның тәуелсіздігін мойындады. 1962 жылы Алжир тәуелсіздік алды. 1968 жылдың басында елде әлеуметтік-саяси дағдарыс басталды. Студенттер қозғалысы күшейді. Оларды жұмыспшлар қолдады. 1968 жылы –мамыр-масым ереуілдерге 10 млн-дай адам қатысты. 1969 жылы үкіметтің әкімшілік реформа жүргізу және референдуммен сенатты ауыстырып, қайта құру туралы заң жобалары қабылданбай қалды. Генерал де Голль президенттіктен түсті. Ж. Помпиду президент болып сайланды. 1971 жылы күзде ФКП «Халық бірлігі демократиялық үкіметінің программасын қабылдады. 1972 жылы ФКП және социалистік партия бірлескен үкіметтік программа туралы келісімге қол қойды, кейін оған солшыл радикалдар қосылды. Солшыл күштер одағы нығая түсті. Бұл өсіресе 1974 жылы 5 және 19 мамырда, президент Помпиду қайтыс болғаннан кейін өткізілген президент сайлауында айқын көрінді. Солшыл күштер кандидаты Ф. Миттеран 49,3% дауыс алды. Тәуелсіз республикашылар кандидаты В. Жискар д’Эстен 50,7% дауыс жинап, президент болып сайланды.

Бесінші республика сыртқы саясатының елеулі ерекшеліктері бар. Франция бірте-бірте өзінің АҚШ-қа тәуелділігін жойды, экономикалық және финанс жағдайын нығайтты. 1966 жылы Солтүстік Атлантика одағынан шықты. НАТО-ның Франциядағы соғыс базаларын жойды. Американ империализмінің вьетнам халқына қарсы соғысын тоқтатуды талап етті. Араб елдеріне қарсы Израиль агрессиясын айыптады. 1960 жылдың 2-жартысынан бастап СССР және басқа социалистік елдермен байланыс орнатуға бағыт ұстады. Президент Ш. де Голль СССР-ге сапары кезінде (1966) совет- француз қатынастарын дамытудың негізгі бағыттары белгіленді. Президент Ж. Помпиду мен КПСС ОК-нің бас секретары Л. И. Брежневтің кездесулері нәтижесінде (1970-1971, 1973-1974) совет-француз қатынастары онан өрі дамыды. Екі ел арасында сауда қатынасы, ғылыми-техникалық ынтымақ күшейе түсті. 1974 жылы 4-7 желтоқсан Л.И.Брежнев Францияға барып, президент В. Жискар д’Эстенмен кездесті. Бұл сапар нәтижесінде СССР мен Франция арасында 1975-1979 жылға арналған экономикалық ынтымақ туралы, сондай-ақ екі жақтан кредитке ақша бөлу туралы көлісімдерге қол қойылды. 1975 жылы 14-18 қазанда Франция президенті ресми сапармен СССР-ге келді. Л. И. Брежнев пен В. Жискар д’Эстен СССР мен Франция арасындағы достық және ынтымақты одан әрі дамыту туралы Декларацияға қол қойды; сонымен қатар азаматтық авиация және авиация өнеркәсібі, туризм, әнергетика саласында ынтымақ орнату туралы келісімге қол қойылды. В.Жискар д’Эстен Франция атынан Европадағы Қауіпсіздік және ынтымақ жөніндегі кеңестің Қорытынды актісіне қол қойды. Сондай-ақ Болгария, Венгрия, Польша, Румыния, Югославия, Чехословакиямен де Францияның әкономикалық-мәдени байланыстары нығайып келеді.

Экономикасы. Франция - капиталистік даму жолына түскен алғашқы елдердің бірі. 19 ғасырдың орта шенінде әкономикалық қуаты жөнінен Франция дүние жүзінде 2-орын (Англиядан кейін) алды. Бірақ елдегі шашыранды ауыл шаруашылығының мешеу халі және еңбек ресурстарының табиғи өсуінің өте төмен болуы француз империализмінің одан әрі дамуын тежеді, яғни жиналған мол каниталды ел ішінде іске жұмсаудың қиындығы туды. Сөйтіп Франция бірте-бірте халықаралық кредиторға айналды, экономикасының даму қарқыны жөнінен басқа капиталистік державалардан кейін қалды. 1-дүние жүзілік соғысты Франция - аграрлық-индустриялық ел ретінде аяқтады. Францияға Эльзас пен Солтүстік-Шығыс Лотарингия өнеркәсіпті аудандарының қайтарылуы ел әкономикасының индустриялануына қолайлы жағдай туғызды. 20 жылдардың аяғында-ақ Франция индустриялы-аграрлы ел дәрежесіне көтерілді. 1929-1933 жылдардағы дүние жүзілік экономикалық дағдарыс Франция экономикасын әлсіретіп кетті. 1937-1938 жылдар Францияның өндірістік дәрежесі 1913 жылғы деңгейге теңелді. 2-дүние жүзілік соғыс басталғанда Францияның экономикалық және әскери потенциалы өте әлсіз болды. Сондықтан да Франция көп кешікпей герман фашизмі алдында тізе бүкті. Соғыстан кейінгі жылдары француз империализмі тез арада өзінің экономикалық байланыстарын қалпына келтірді, капитал концентрациясы артты және монополистік капитализм күшейе бастады. 1954-1960 жылдар арасындағы әр жылда Франция өнеркәсіп өндірісі 8%-ке артып отырды. 1961 жылы жалпы өнеркәсіп өндірісі 1929 жылғымен салыстырғанда 65%-ке өсті. 1960 жылдардың басында Францияның көптеген отарлары тәуелсіздік алды, бұл жағдайға байланысты  экономикасында көптеген өзгерістер болды; әсіресе өнеркәсіп салалары ел ішіндегі табиғи ресурстарды игеруге бет бұрды. Бұл жылдары Франция өзінің экономикалық қуаты жөнінен (өнеркәсіп өндірісінің мөлшері және сыртқы сауда айналымының құны) капиталистік державалар арасында 4-орында (АҚШ, ГФР, Ұлыбританиядан кейін) болды.

1970 жылдар басында Франция дүние жүзіндегі жоғары дамыған, индустриялы-аграрлы елдердің бірі болды. Өнеркәсіп өнімі мөлшері жөнінен капиталистік елдер арасында 5-орын, дүние жүзінде 6-орын алады (1975). Өнеркәсіптен түскен табыс ауыл шаруашылығына қарағанда 4-5 есе артық. Франция экономикасына капиталдың және өнеркәсіптің бір орталыққа шоғырлануы тән. Ел ішіндегі капиталдың негізгі бөлігі Ротшильд, де Вандель, ағайынды Лазарлар, Бусак т.б. өнеркәсіпті-банкілік топтардың қарамағында; бұлар американ, батыс германиялық және швейцариялық капиталмен тығыз байланысты. Экономикасының басты салалары ірі монополиялар мен трестер қолында; монополиялар ықпалы, әсіресе қара металлургия, алюминий қорыту, авиация, автомобиль және кеме жасау өнеркәсіптерінде өте күшті. Мемлекеттік-монополиялық капитал күшеюде, өнеркәсіп өндірісінің 30%-ке жуығын және транспорттың жүк айналымының 3/4-ін басқарады. Көмір өндіру, электр, энергетика, газ өндірісі, автомобиль, авиация және кеме жасау орындарының көпшілігі, химия және әскери өнеркәсібі, Франция банкісі т.б. национализацияланған. Почта, телефон, темекі және шырпы фабрикалары, транспорттық каналдар, ғылыми-зерттеу мекемелері, атом энергиясын игеру орындары т. б. мемлекет қарамағында.

Өнеркәсібі - Франция экономикасының негізгі саласы. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін Франция өнеркәсібінде әнергетика, мұнай айыру, мұнай-химия, автомобиль, авиация-космостық өндіріс, атом өнеркәсібі сияқты салалар жедел қарқынмен дамыды. Франция отын-энергетикалық қорға онша бай емес. Қажет отынның 40%-тен астамын шеттен әкеледі. Энергетикалық балансындағы көмірдің үлесі 17%, мұнай өнімдері 61,6%, газ үлесі 11%, қалған 10,4%-і су және атом энергия қорына тиеді (1975). Франция көмір өндірісі 60 жылдары 50-60 млн. т өнім беретін, бұл мөлшер жылдан-жылға қысқаруда; 1975 жылы елде 25,6 млн. т көмір өндірілді және бұның 50%-і Солтүстік бассейннен, 30%-і Лотарингиядан, қалған 20%-і Орталық массивтен алынды. 1975 жылы елде 1,0 млн. т мұнай (Парантис-ан-Борн атырабынан), 10,8 млрд. м3 табиғи газ (Лаккен орны) өндірілді. Мұнай Францияға Таяу Шығыс елдерінен және Алжирден тасылады; сондықтан да ірі мұнай айыру з-дтары ірі портты қалаларда орналасқан. 1975 жылы елде 108,8 млн. т мұнай өңделді. 1975 жылғы 178,1 млрд. квт-сағ электр әнергиясының 60,0 млрд-ы СЭС-терде, 17,5 млрд-ы АЭС-терде өндірілді. Франция қара металлургиясы темір рудасымен толық қамтамасыз етілген, кокстенетін көмір жеткіліксіз (ГФР-ден әкелінеді). Басты қара металлургиялық ауданы - Лотарингия; Франция темір рудасының 95%-і, шойынның 70%-і және болаттың 63%-і осында алынады. 1975 жылы елде 49,7 млн. т темір рудасы өндірілді, 17,9 млн. т шойын, 21,5 млн. т болат қорытылды. Алюминий өндірісінен басқа түсті металлургия салалары шетелдерден әкелінетін шикізатқа негізделген. Боксит негізінен Оңтүстік Франциядағы Вар өңірінен (2,5 млн. т 1975) өндіріледі. Машина жасау (жалпы өнеркәсіпте істеушілердің 7з-і осында еңбек етеді және жалпы өнеркәсіп өнімі құнының 7з-ін береді) Франция өнеркәсібінің басты салаларының бірі. Әсіресе транспорттық машиналар (самолет, кеме, автомобиль түрлері), әлектротехника, қару-жарақ өнеркәсіптері басым дамыған. Автомобиль жасау кәсіпорындары (1975 жылы 3298 мың, бұның ішінде 2952 мың жеңіл автомобиль) Париж, Лион, Сошо-Монбельяр, Страсбур қаларында, кеме - Сен-Назер, Марсель, Дюнкерк, Бордо, Нант, самолет - Париж және Тулуза қалаларында шоғырланған. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін тез қарқынмен дамыған өнеркәсіп салаларының бірі - химия өнеркәсібі; басты өнімдері пластмасса (1970 мың т, 1975), азот тыңайтқышы (1628 мың т), калий тұздары (2085 мың т), суперфосфат (913 мың т), күкірт қышқылы (3758 мың т), жасанды талшық (83,4 мың т), синтетикалық талшық (209,6 мың т, 1975). Ірі орталықтары - Париж, Леон. Жеңіл өнеркәсібі арасында мата тоқудың үлесі басым, кәсіпорындары Солтүстік ауданда (негізінен жүн мата; орталықтары Лилль, Рубе, Туркуән), Вогез және Эльзаста (мақта мата; Мюлуз, Эпиналь), Лионда (жібек мата) орналасқан. Париж дүние жүзінде киім модасын қалыптастырушы - бас қала саналады.

Ауыл шаруашылығы. Франция ондаған жылдар бойы Батыс Европа елдері арасында астық, ет, сүт, жұмыртқа, қант қызылшасын өндіруден 1-орын, жүзім және картоп жинаудан 2-орын алып келді (1972). Ауыл шаруашылық өнімдерінің негізін ірі және орташа капиталистік шаруашылықтар (жері – 20-100 га) өндіреді. Ауыл шаруашылығының басты саласы - етті-сүтті мал шаруашылығы (жалпы ауыл шаруашылық өнімі құнының 64%-ін берді). 1975 жылы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 24,7, қой 10,4, шошқа 12,0. Сол жылы 1,5 млн. т сиыр еті, 1,3 млн. т шошқа еті, 210 млн. литр сүт алынды. Мал өсіру Солтүстік-Батыс Францияда және Орталық массивте жақсы қалыптасқан. Егіншілік салаларының ішінде астық егу басым (Солтүстік Франция ойпаты). Егілетін дақылдар және бұлардың өнімдері (1975): бидай егісі 3869 мың га, өнімі 15041 мың т, арпа 2736 және 9727, сұлы 634 және 1947, қара бидай 110 және 307, жүгері 1584 және 8143, күріш 10 және 39, қант қызылшасы 598 және 25125, картоп 315 және 7431, темекі 21 және 49. Жүзім (Шампань, Бургундия, Бордо өңірлерінде) және баубақша (Роно, Гаронна аңғарларында) шаруашылығы дамыған. Атлант мұхиты және Ла-Манш жағалауларында балық ауланады.

Транспорты. Темір жолының ұзындығы 37,3 мың км, бұның әлектрленгені 9,4 мың км. Автомобиль жолы 850 мың км, бұның ішінде 2160 км асфальтталған. Ішкі су жолының ұзындығы 10,4 мың км. 1975 жылғы темір жолдың жүк айналымы 64 млрд. т-км, автотранспорттікі 87 млрд. т-км, ішкі су жолынікі 12,5 млрд. т-км. Францияның өзіндегі порттардың жүк айналымы 260 млн. т. Басты теңіз порттары - Марсель, Гавр, Дюнкерн, Руан, Нант, Бардо. Елдегі аса ірі аэропорттар - Бурже, Орли, «Шарль де Голль» (Парижде). Маңызды мұнай құбырлары: Гавр - Париж, Марсель - Страсбур, газ құбырлары Лак көнін Париж, Лион, Нант қалаларымен жалғастырады.

Сыртқы саудасы. Франция басқа елдерге машина және жабдықтар, химия, әлектртехника өнімдерін, темір рудасын, қара металл, алюминий, дәнді дақылдар, сүт өнімдерін және шарап шығарады. Импорттық өнімдері - тас көмір, кокс, мұнай, түсті металдар рудасын, мақта, целлюлоза, табиғи каучук. Басты сыртқы сауда серіктестері - «Жалпы рынок» елдері (1975 жылғы экспортының 48,4%-і, импортының 49,1%-і), Алжир (3,6 және 1,4), АҚШ (3,9 және 7,6). Ақша өлшемі - франк.

Экономикалық мамандануына және табиғи ресурстарының қорына байланысты Франция территориясы 8 (кейде 21) экономикалық ауданға бөлінеді. Париж өнеркәсіпті ауданы, Солтүстік өнеркәсіпті ауданы, Солтүстік-Шығыс өнеркәсіпті ауданы, Лион өнеркәсіпті-аграрлы ауданы, Жерорта теңіздік аграрлы-өнеркәсіптік және курорттық ауданы, Орталық массив аграрлы ауданы, Оңтүстік-Батыс аграрлы ауданы, Солтүстік-Батыс аграрлы ауданы.

Оқу-ағарту ісі. Мектеп шіркеуден бөлінгенмен көптеген жеке меншіктік мектептер католиктік шіркеудің бақылауында. 70 жылдардың басында жеке меншіктік мектептер оқушылардың 17%-ін қамтыды. Міндетті оқу (1967 жылдан 10 жылдық) 6 жастан. Оқудың бірінші кезеңі 5 жылдық элементарлық цикл (1974/75 оқу жылында 4,2 млн. оқушы). Одан кейін жалпыға бірдей міндетті орта білімнің (4 жылдық) 1-циклі (1974/75 оқу жылында 2,5 млн. оқушы). Оқудың 2-циклінің 2 бағыты бар: 1) қысқа мерзімді - 2 жылдық техникалық білім беретін коллеждердегі кәсіптік даярлық (кәсіптік-техникалық мектеп); 2) ұзақ мерзімді - жалпы білім беретін лицейлердің жоғары кластары (10-12 жыл, 1974/75 оқу жылында 460 мың оқушы) және 3-4 жылдық арнаулы орта оқу орындары. Жоғары оқу орындарының негізгі түрі - университеттер, оларда студенттердің 90%-і оқиды (1974/75 оқу жылында 715 мың студент). Ең ірісі - Париж университеті (Сорбонна, 1215 жылы құрылған). 60 жылдардың орта кезінде университеттер жанында 2 жылдық технологилық институттар құрылды (1973/74 оқу жылында 39 мың студент). Университеттерден басқа арнаулы жоғары мектептер бар (инженерлік, агрономиялық, сауда). Ірі кітапханалары Парижде орналасқан: Ұлттық кітапхана (кітап қоры 7 млн. дана, 155 мың қолжазба), Франция институты кітапханасы (1,5 млн-нан астам дана), Сорбонна кітапханасы (1,5 млн-нан астам дана), Әулие Женевьева кітапханасы (1,5 млн. дана), Арсенал кітапханасы (1,2 млн. дана), Жаратылыс тану тарихы ұлттық музейінің кітапханасы (500 мың дана), Париж қалаларының тарих кітапханасы (500 мың дана), басқа қалалардағы кітапханалардың ірісі - Страсбургтегі Ұлттық және университет кітапханасы (3 млн-нан астам дана). Басты музейлері: Лувр, Қазіргі өнер ұлттық музейі, Клюни музейі (Шығыс мәдениеті мен өнері), Чернуски музейі (Қиыр Шығыс өнері), Гальер музейі (қосалқы өнер), Карнавале музейі (Париж тарихы), Армия музейі (қару және әскери киімдер жинағы).

Ғылымы және ғылыми мекемелері. Орта ғасырларда көне заман мұрасын, араб деректерін т. б. зерттеумен Ұлы Карл сарайы жанынан құрылған «академия» айналысты (8-9 ғ.). 10-12 ғасырларда кен қазу ісі, құрылыс-архитектура техникасы, көптеген басқа да кәсіптер өрге басты. 12 ғасырдың аяғы 13 ғасырдың басында ғылыми білімдердің дамуы алғашқы университеттердің (Париж, Тулуза, Гренобль) қызметімен байланысты болды. 13 ғасырда астрономиялық бақылаулар жүргізіле бастады. 14 ғасырда Ж. Буридан, Н. Орем трактаттарында механика және математикалық мәселелері зерттелді. В. Рубруктың Монғолияға сапары (1253-1255) мен басқа да саяхаттар географиялық білімдер өрісін кеңейтті. Монпелье медицина мектебінің (13 ғ.) даңқы Европаға кең тарады. 15 ғасырда бірқатар жаңа университеттер ашылды (Пуатье, Кан - 1432, т. б.), кітап басу басталды (1470), металлургия, кен өндіру, тоқыма өнеркәсібі салаларында техникалық жаңалықтар ашылды (домна пеші, шұға жасайтын машина т. б.). 1530 жылы Корольдық коллегия (кейін Коллеж де Франс) ашылды. 15-16 ғасырларда Бразилия мен Солтүстік Америкаға саяхат жасалды. Франсуа Виет алгебрада әріптік таңбаларды қолданды және теңдеулердің түбірлері мен коэффициенттері арасындағы тәуелділікті ашты. Ж. Ферналь Парижден Амьенге дейінгі меридиан доғасының ұзындығын геодезиялық тәсілмен өлшеді (1528). Б.Палисси Жер бетіндегі су айналымы, ауыл шаруашылығын тиімді жүргізу, қыш әзірлеу проблемаларын зерттеді. Ж. Рюзль, К. Клузиус еңбектерінде өсімдік дүниесі (1536), салыстырмалы анатомия негізін қалаушылардың бірі - П. Белон шығармаларында жануарлар туралы (1555) білімдерді жүйелеуге әрекет жасалды.

17-18 ғасырларда Р.Декарт пен Б.Паскальдің еңбектері Европа ғылымын дамытуға көп әсер етті. Паскаль мен П. Ферми еңбектерінде ықтималдықтар теориясының негізі қаланды, 1642 жылы Паскаль сан жинақтағыш алғашқы есеп машинасын жасап шығарды, атмосфералық қысымның болатындығын қуаттады (1648).        1637 жылы Декарт «Геометриясы» жарияланды. Оның оптика жөніндегі зерттеулерінің аса зор маңызы болды. Сонымен бірге Декарт қозғалыс санының сақталуы туралы заңды тұжырымдап, физиологияға рефлекстер туралы ұғым енгізді. 1630 жылдары М. Мерсенн мен П. Гассенди дыбыстың ауаға таралу жылдамдығын өлшеу жөнінде алғашқы тәжірибелер жасады. С.Шамплен Солтүстік Америкада Аппалач тауларын ашып зерттеді. Жерорта теңізі елдері мен Үндістанға бірнеше саяхат жасалды. 17 ғасырдың ортасында Париж ғылыми байланыстардың Европадағы орталығына айналды. 1666 жылы Париж ҒА құрылды. Академия президенттігіне Нидерландыдан шақырылған X. Гюйгенс жарықтың толқын теориясы жөнінде Парижде көптеген еңбектер жазды. Математик академиктер Ж.Роберваль, Г.Лопиталь, П.Вариньон дифференциалық есептеу идеясын таратты. О.Ремер жарықтың таралу шапшаңдығын алғаш рет анықтады (1675). Ә.Мариотт барометрдің көрсетуі бойынша белгілі бір жердің биіктігін анықтау әдісін ғылымға енгізді және газ заңдарының бірін ашты (Р.Бойльден бөлек). 1667 жылы құрылған Париж обсерваториясында жұмыс істеген Дж. Кассини Сатурнның 4 серігін тауып, Ай либрациясы заңдарын тұжырымдады. Ж.Турнефор өсімдіктерді топқа бөлу әдісін ұсынды (1694), ол К. Линней реформаларына дейін қолданылып келді 1751-1580 жылдар Д.Дидро, Ж. Д’Аламбер т.б. «Ғылымдар мен кәсіптер энциклопедиясын немесе түсіндірме сөздігін» шығарды. Мұның өзі Францияның ғылыми күштерін топтастыруға жәрдемдесті. Энциклопедияшылардың картезиандықты сынауы француз ғылымының ньютондық бағытқа көшуіне жағдай жасады. 1773 жылы Д’Аламбер динамиканың бастапқы қағидаларын тұжырымдап, шектер теориясын дәлелдеді. Ж. Лагранждың «Аналитикалық механикасында» (1788) статика мен динамика негізделді (Д’Аламбер - Лагранж принңипі). Ланграж бен А. Лежандр еңбектері арқасында сандар теориясы жеке пән болып бөлінді. П. С. Лаплас планеталардың қозғалу теориясын жасау әдістерін ұсынып, Күн жүйесінің генезисі туралы ғылыми болжам айтты. 1733-1734 жылы Дюфе электр зарядтарының екі түрі барын ашты. Кулон электрлік әсерлесу күшін айқындау заңын тұжырымдады. 1703 жылы Г.Амонтон ауа термометрін, 1730 жылы Р.Реомюр 80 градустық шкаласы бар спирт термометрін шығарды. Химиялық әлементтердің алғашқы кестесі жасалды (Э.Жоффруа, 1718), сұйық заттар диффузиясы сипатталды (Ж. Нолле, 1748). А. Лавуазьенің 1772-1777 жылғы тәжірибелері жану процесін заттардың оттегімен қосылуы деп түсіндіруге тұңғыш рет мүмкіндік берді. 1784 жылы Р. Аюи кристаллографияның негізгі заңдарының бірі - тұтас сандар заңын ашты. 17-18 ғасырларда Солтүстік және Оңтүстік Американы, тропиктік Американы, Үнді және Тынық мұхит аралдарын зерттейтін көптеген әкспедициялар шықты. 1738-1739 гг., Ж. Буве де Лозье Антарктика мұздарының шетіне жетті. Ж.Б.Ламарк биологиялық тарихында тұңғыш рет әволюция туралы біртұтас ілімнің басын бастап берді. Н. Кюньонның бу двигательді арбасы (1769), К.Д.Оксирон (1771) мен Ж.Д.Аббаның (1783) өзенде жүзетін доңғалақты кемелері, Ж.Вокансонның көптеген механикалық қондырғылары жасалды. Нәтижесінде ғылыми мекемелер түбірінен қайта құрылды. 1794 жылы ең жоғары ғылыми мекеме ретінде Ғылым мен өнер ұлттық институты құрылды, кейіннен ол Франция институты деп аталды. 1793 жылы өлшемдер мен таразылардың метрлік жүйесі енгізілді. Өндіріс қажеттерінің үздіксіз өсу жағдайында термодинамиканың, техникалық механиканың, баллистиканың т. б. математикалық аппараттарын жасау шапшаңдады. О. Коши қатарлар мен шектер теориясын тұжырымдады. 19 ғасырдың 20 жылдары А.Ампер электродинамиканың аса маңызды заңдарын ашты. 1845 жылы У.Леверье белгісіз бір трансурандық планетаны (Нептун) іздеумен айналысты. Л.Воклен жаңа әлементтер - хром мен бериллийді тапты. Б. Куртуа иодты ашты. Л.Тенар калийдің, натрийдің, хлордың элементтік тегін дәлелдеді (1810). Ж.Дюмон-Дюрвиль саяхаттары (1826-1828, 1837-140) географиялық ғылымын дамытуда маңызды роль атқарды. Биология мен физиология, медицина саласында көптеген жаңалықтар ашылды. Ғалымдардың қатысуымен Францияда болат қорыту игерілді, сода, күкірт қышқылын өндіру жолға қойылды (1806). Тоқыма машиналарының жаңа түрлері құрастырылып, фотографияда алғашқы қадамдар жасалды (Н.Ньепс, Л.Дагер). 1852 жылы А.Жиффар бу двигателі бар аэростатпен аспанға көтерілді.

1868 жылы Коллеж де Франс құрамында математика, физика, химия, жаратылыс тану бөлімшелері ашылды. 1872 жылы ғылым табыстарына жәрдемдесетін француз ассоциациясы құрылды. Бірқатар биостанциялар, жаңа абсерваториялар мен ғылыми қоғамдар ұйымдасты. Математикалық жетістіктерінің ішінен А. Пуанкаренің математикалық талдау жөніндегі, Г. Дарбудың дифференциалық геометрия жөніндегі еңбектері радиоактивтілікті ашты. Беккерельдің радиоактивтік сәулелерді табуы физикадағы аса ірі оқиға болды; П. Кюри мен М. Склодовская-Кюри бұл сәулелерді онан әрі зерттей келіп, радиоактивтілікті ашты. Беккерель, Кюри, Склодовская-Кюри бұл жаңалықтары үшін француз ғалымдары ішінен бірінші болып Нобель сыйлығын алды (1903). Г.Липман интерференция қасиеттерін зерттей отырып, түрлі түсті фотосурет жасады (1908 жылы Нобель сыйлығын алды). Д.И.Менделеев болжаған галий (1875, П. Лекок де Буабодран), дербес фтор (1886, А. Мауссан), актиний (1899, А. Дебьерн), европий (1901, Э. Демарсе), лютеций (1907, Ж.Урбен), полоний мен радий (1898, М. Склодовская-Кюри мен П. Кюри; Склодовская-Кюри бұл үшін 1911 жылы екінші рет Нобель сыйлығын алды) ашылды. Л.Пастер еңбектерінде стереохимия, микробиология, иммунология негіздері қаланды. Африка мен Антарктикаға (Ж.Шарко, 1910) саяхат жасаған француз ғалымдарының, сол сияқты «адам географиясы» аталған француз мектебінің (Р. Блаңгдың аяғы мен 19 ғасырдың 1-жартысында Ұлы Француз революциясышар, Ж.Брюн, П.Видаль де ла Блаш) географияны дамытуда аса зор маңызы болды. М. Бертран тектоникалық қозғалыс кезеңдері мен қатпарлық замандар туралы ұғымдарды тұжырымдап берді. Л. Тейсеран де Бор стратосфераны ашты. К. Бернар еңбектері арқасында француз физиологтарының атағы дүние жүзіне кең тарады. Э. Марей кардиограф жасап шығарып, физиологиялық процестерді жазбаша тіркеу әдісін енгізді. Медицина саласында да көптеген жаңалықтар ашылды. Мыс., Ш.Лаверан безгектің қоздырғышын тапты (1907 жылғы Нобель сыйлығы), Ш. Николь бөртпе сүзек пен токсоплазмоз жөнінде аса құнды зерттеулер жүргізді (1921 жылғы Нобель сыйлығы), К. Давен мен П. Райе түйнеме ауруының этиологиясын ашты.

Техникалық саласында көп табыстарға қол жетті. А. Сент-Клер Девиль алюминий алудың өнеркәсіптіқ әдісін ұсынды (1854); П.Эру электролиз арқылы алюминий өндіру өдісін жасады (1886), Ж.Монье темір-бетон материалдарына патент алды (1867); П.Мартен регенеративті пештерінде болат құю әдісін ойлап тапты (1864); Э.Ленуар іштен жанатын алғашқы двигательді жасап шығарып, іске жаратты (1860); М.Депре әлектр қуатын алысқа беретін тәжірибелік желі орнатты (1882); ағайынды Ж. және О. Люмьер кинематограф жасады (1895). Шынжыр табанды машиналар (Э. Буйен, 1871-1874), дирижабльдер (1898-1903), А. Сантос-Дюмон, К. Адер, Д. Блерио самолеттері, басқа да өнертабыстар шықты. 1889 жылы 305 м-лік А. Эйфель мұнарасы салынды.

1922 жылы Францияда ғылыми және өнеркәсіптік зерттеулер мен өнертабыстардың ұлттық қызметі, кейініректе бірқатар салалың ғылыми-зерттеу институттары ұйымдастырылды. 1939 жылы ғылыми зерттеулердің ұлттық орталығы құрылды. Қолданылмалы зерттеулер университеттердің ғылыми жұмыстарының бір бөлегі деп танылды; осыған байланысты олардың қасынан аэродинамика, химия, техникалық институттары т.б. құрылды. Л. де Бройль материяның толқындық қасиеттері туралы концепция ұсынып, осы заманғы квант механикасының негізін қалады (1929 жылы Нобель сыйлығы). Ж. Б. Перрен молекула нақты бар нәрсе екенін біржолата дәлелдеді (1926 жылы Нобель сыйлығы берілді). Франция және И. Жолио- Кюри жасанды радиоактивтілік құбылысын ашты (1935 жылы Нобель сыйлығы). Бұл саладағы зерттеулер тізбекті ядролық реакция арқылы ядролық қуатты бөліп алу мүмкін екенін дәлелдеді. М. Перо франций элементін ашты (1939). А.Кальмет пен Ш.Герен туберкулезге қарсы вакцина («БЦЖ») жасап, жаңа туған балаға алғаш рет қолданды (1921). 20-30 жылдары Францияда реактивті двигательдер мен ракеталар жасау (Р. Лорен, Р. Эно-Пельтри) мәселелері зерттеле бастады.

Францияның осы заманғы ғылыми-техникалық революция кезеңіне аяқ басуы мемлекеттің ғылыми зерттеулерді қаржыландыру және реттеу ісіндегі ролінің елеулі түрде артуымен сипатталды. Атом қуаты жөніндегі комиссариат (1945), космостық зерттеулердің ұлттық орталығы (1946), океанография және теңіз биологиясын зерттейтін орталық т. б. ірі-ірі мемлекеттік ғылыми мекемелер құрылды. 1960 жылы Франция ядролық, 1968 жылы термоядролық қондырғыны сынады. Әскери самолеттер, ракеталар т.б. әскери техникалық жасауға көп қаржы жұмсалды. Француз математиктері А.Данжуа, А.Картан, П.Леви, Ж.Лере функциялар мен функциялық талдау саласында аса құнды жаңалықтар ашты. М. Руа реактивті двигательдер механикасы мен теориясы жөнінде ірі зерттеулер жасады. Басқарылатын термоядролық синтез, ядролық магнит резонансы, кристаллография, оптика, кванттық әлектроника, төменгі және жоғары температуралар физикасы, жартылай өткізгіштер физикасы, астрономия, қатты денелер химиясы, микромолекулалық және металлургиялық химия, вирусология, гидробиология, орнитология саласында ірі-ірі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 60 жылдардан бері атом әлектр станцияларын салуға көп күш пен қаржы жұмсалып келеді. 1965 жылы француз ракетасымен Жердің алғашқы жасанды спутнигі ұшырылды, басқа да бірқатар снутниктер жасалды.

1966 жылдан кейін ядролық энергетика, ядролық физика, түрлі түсті телевизия, космос кеңістігін зерттеу, станоктар жасау саласында СССР мен Франция арасында бірқатар келісімдер жасалды. 70 жылдардың басынан бері совет спутниктерінде, планета аралық станцияларында, «Луноход» аппараттарында бірнеше ондаған бірлескен тәжірибелер жасалды. МАС типті екі француз спутнигі мен «Снег-3» спутнигі (1977) совет ракеталарымен орбитаға шығарылды. СССР-де «Мирабель» атты француз қондырғысы орнатылып, онда совет және француз ғалымдары бірлесіп зерттеулер жүргізуде.

1973 жылы ғылымға деген жалпы ұлттық шығын 19 180 млн. франк болды; оның 64%-ін мемлекеттік жұмсады. Мемлекеттік және жеке меншікті ғылыми-зерттеу мекемелерінде 87 мың ғалым мен инженер жұмыс істейді (1973).

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. 1976 жылы Францияда жалпы тиражы 12 мыңнан астам күнделікті шығатын 96 газет және 15 мыңдай басқа мерзімді басылымдар болды. Парижде тиражы 5 млн. дана күнделікті 15 газет шығарылады. Оның ең бастылары: «Монд» (1944 ж. құрылған), тиражы 548 мың дана; «Фигаро» (1926), тиражы 500 мың дана; «Орор» (1944), тиражы 408 мың дана; «Паризьен либере» (1944), тиражы 785 мың дана; «Франс-суар» (1941), тиражы 880 мың дана.

Қоғамдық-саяси апталық журналдар: «Нувель обсерватер» (1964 жылы құрылған), тиражы 150 мың дана; «Пуән» (1972) 235 мың дана; «Экспресс» (1953), тиражы 721 мың дана; «Пари-Матч» (1949) көркем суретті журнал, тиражы 828 мың дана.

Информациялық агенттігі - Франс Пресс агенттігі 1944 жылы құрылған. Радиохабары мен телевизия 7 бірлестікте жұмыс істейді, үкімет қаржыландырады. Телевизия 1954 жылдан 3 каналда істейді.

Әдебиеті. Франция әдебиеті 8-9 ғасырларда фольклор түрінде («Роланд туралы жыр») дами бастады. 12-13 ғасырда ірі феодалдардың сарайларында куртуаздық (серілік) әдебиет қалыптасты. Трубадурлар лирикасының көп түрлерінің негізін қалап, серілік роман (Кретьен де Тура, 1130 ж. ш. - 1191 ж. ш.) жанрын жасады. 12 ғасырдың соңы 13 ғасырдың басында париж диалектісі жалпы ұлттық тілдің қалыптасуына негіз болды. Қалалық әдебиетте куртуаздық эпосқа («Лисо туралы роман») прозалық пародиялар, өлеңді фаблиолар шықты, лирикаға тұрмыстық және публицистикалық екпін енді. 15 ғасырда әдебиет жүз жылға созылған соғыс оқиғаларына байланысты («Жанна д’Арк туралы халық жыры») ұлттық сана-сезім өсуінің белгісі ретінде дамыды. Фарса, новелла және тұрмыстық роман жанрлары қалыптасты. Ф. Вийон (1432 жыл шамасында) гуманистік және демократиялық поэзия негізін қалады.

Қайта өркендеу дәуірінде (16 ғасырдың басында) Ф. Рабле (1494 ж. ш. -1553; «Гаргантюа мен Пантагрюэль» романы, шығуы 1532-1564) творчествосы гуманистік идея мен халық мәдениетінің синтезі болды. Франция поэзиясының 16 ғасырдың 2-жартысындағы өркендеуі, негізінен, «Плеяданың» (П.Ронсар, 1524-1585, Ж. дю’Белле, 1522-1560) еңбегіне байланысты. Қайта өркендеу дәуірінде адамгершілік идеяны философ және жазушы М. Монтень (1533-1592; «Тәжірибелер», 1580-1588) дәйектілікпен жақтады. 17 ғасырдың басындағы әдебиетте дәуір стилі ретінде классицизм үстем болды. Классикалық жанрдың негізі трагедия (П. Корнелъдің, 1606-1684; Ж. Расиннің, 1639-1699 жылдар трагедиялары) болды. Мольердің (1622-1673) комедиялары классикалық шеңберден шығып, халық театрына бейімділік дәстүрін, гуманистік көзқарасты көрсетті. Халықтық бастама Ж. де Лафонтеннің (1621-1695) мысалдарынан, фольклорлық негіз Ш. Перроның (1628-1703) ертегілерінен байқалды.

18 ғасырдағы Франция әдебиетінің өркендеу бағыты Ағарту идеясымен байланысты, оның мұрасы 35 томдық «Энциклопедияны» жасауға Д. Дидро (1713-1784), Вольтер (лақап аты - Ф.М. Аруә, 1694-1778), Ш.Л. Монтескье (1689-1775), Ж.Ж. Руссо (1712-1778) т.б. философтар және ғалымдар қатысты. Драматургия мен прозада реалистік пікір нығайды. Руссоның творчествосына байланысты сентиментализм әдебиеті үлкен роль атқарды.

16 ғасырдың басынан романтизм үстемдік бағыт алды. Романтикалық сын екі бағытта (дворяндардың дінді қорғаған консервативтік идеологиясымен байланысты, революцияның тарихи маңызын мойындау) болды. 19 ғасырдың әдебиетінде романтик-демократ В. Гюгоның (1802-1885) творчествосы ерекше орын алды. 19 ғасыр 1-жартысындағы әдебиетте сыншыл реализм әдісімен жазылған роман алдыңғы қатарда болды. Реализмдегі психологиялық бағыттың нығая түсуі Стендальдің (лақап аты - А. Бейля, 1783-1842) есімімен байланысты; О. де Бальзак (1794-1850) 90 шығармадан тұратын «Адам комедиясы» (1829-1848) эпопеясын жазды. П. Мериме (1803-1870) реалистік новелла шебері болды. Алайда 19 ғасырдың 2-жартысында Флобер (1821-1880) сыншыл реализмді әшкерелеу тенденциясын өрістете түсті. 60 жылдардың аяғында Париж Коммунасымен байланысты жазу шылардың жаңа революцияшыл әдебиеті қалыптасты.

19 ғасырдың 70 жылдарында прозада натурализм орын тепті. Ги де Мопассанның (1850-1893) новеллалары мен романдары, А. Доденің (1840-1897) сатиралық шығармалары, Ж.Верннің (1828-1905) ғылыми-қызық оқиғалы романдары көрнекті орын алды. 19 ғасырдың соңғы үшінші бөлегінде поэзияда символизм бағыты басым болды. 19-20 ғасырдың қарсаңында реакциялық буржуазия және демократиялық мәдениеттің қарама-қайшылығы күшейе түсті.

1 дүние жүзілік соғыс (1914-1918) жылдарында социалистік реализм қалыптасты. Ол А. Барбюстің (1873-1935) «От» (1916) романынан басталды. 1-2-дүние жүзілік соғыс арасында идеялық-эстетикалық күрес шиеленісе түсті (дадаизм, сюрреализм, сыншыл реализм, гуманистік әдебиет т. б.).

2 дүние жүзілік соғыс (1939-1945) жылдарында Францияда Қарсылық әдебиеті қалыптасты. Көп жазушылар фашистерге қарсы соғысқа қатысты. Соғыстан кейінгі жылдарда Қарсылық әдебиетінің дәстүрі П. Гамарра (1919 ж. т.), П.Куртад (1915-1963), М. Риффо (1923 ж. т.) сияқты коммунист-жазушылар творчествосынан айқын көрінді. Бұл кезеңде Луй Арагонның «Коммунистер» (1919-1951) романы ең ірі шығармалардың бірі болды. Прогресшіл жазушылар бейбітшілікті жақтаушылар Қозғалысына белсене қатысты.

40-50 жылдары әдебиетте экзистенциализм ағымының идеясы пайда болды, ол жазушы-экзистенциалистер - Ж.П.Сатр (1905 ж.т.), А. Камю (1918-1960) творчествосында әсерлі көрінді. 50 жылдардың басында экзистенциализм идеясы «Сандырақ театрында» (Э. Ионеско, 1912 ж. т.), «Жаңа романда» (А. Роб-Грийе, 1927 ж. т.) қағытпалы пайымдауға ұшырады. Алайда әдебиетте негізінен реалистік дәстүр сақталып, А. Стиль (1921 ж. т.), Ж. П. Шарболь (1925 ж. т.), Сен-Жон Перстіқ (1887-1975) т. б. социалистік реализм өкілдерінің шығармалары ерекше орын алды.

Қазақ әдебиетінен М. Әуезовтің «Абай жолы», Ә.Нұрпейісовтың «Ымырт» романы т. б. шығармалар француз тілінде, Франция әдебиетінен Ф. Рабленің «Гаргантуа мен Пантагруэл» (1938), В. Гюгоның «Гаврош» (1972), Ж. Верннің «Сырлы арал» (1959), «Он бес жасар капитан» (1954), «Капитан Гранттың балалары» (1956), А. Барбюстің «От» (1956). А. Стильдің «Алғашқы соққы» (1953), Гиде Мопассанның «Өмір» (1970) роман, повестері т. б. шығармалар қазақ тілінде жарық көрді.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Франция алғашқы қауымдық (Ласко үңгіріндегі жазулар т. б.), галлдік, галл-римдік (Арль, Ним), ал ерте орта ғасыр мұраларынан меровинг және каролинг өнері ескерткіштеріне бай. Роман дәуірінде монументті соборлар салынып (Тулуза, Пуатье, Кан, Перигё), олар ою-өрнектермен (Отен, Везл, Муассактағы соборлар порталдары) және фрескалармен (Сен-Савен-Сюр-Гартан) безендірілді. Готика дәуірінде ұлан-асыр мүсін комплекстері, витраждармен жомарт сәндендірілген әсем де зәулім биік соборлар (Шэртр, Рейме, Амьен) ірге көтерді. Миниатюра өнері (Ж.Пюссель, ағайынды Лимбургтар). Алтарь кескіндемесі дамыды. 15 ғасырдың соңы мен 16 ғасырдың басында француз Қайта өркендеу өнері (арх. П. Леско және Ф. Делорм құрылыстары; Луара өзендегі қамалдар, Шамбор қамалы; Ж. Фуке кескіндемесі; Ж. Гужон, Ж. Пилон мүсіндері т. б.), ал 16 ғасырдың 2-жартысында маньеризм (Фонтенбло мектебі) өркен жайды. 17 ғасырда Францияда импозанттық қала ансамбльдері (Париж, Бордо, Нанси), қала сыртында корольдар мен шонжарлардың резиденциялары (Версаль, Во-Ле-Виконт), классицизм үлгісіндегі салтанатты ғимараттар (арх. Ф. Мансар, П. Лево, К. Перро) түрғызылды. Бейнелеу өнерінде реалистік бағыт (кескіндемешілер Ж. де Латур, ағайынды Ленен, гравер Ж. Калло, мүсінші П. Пюже) классицизммен (А. Пуссен, К. Лоррен) қатар орын алды. 17 ғасырдың 2-жартысында классицизм мен барокко тәсіліне ден қойған ресми сарайлық өнер (С. Вуэ, Ш. Лебрен кескіндемелері) үстемдік алды. 18 ғасырдың 1-жартысында абсолютизмнің дағдарысқа ұшырауыңа байланысты әсіре әлемішке толы рококо стилі (арх. Ж. Бофран т. б.) пайда болды. 18 ғасырдың бас кезіндегі кескіндемеде А. Ваттоның нәзік психологизм мен поэзияға толы туындылары сарайлық академизмге қарсы тұрды. Ватто еңбектерінің сырт көрінісін рококо өнері қабылдағанмен (Ф. Буше) оның шын мағынасындағы мұрагері ағартушылық қозғалыспен байланысты дүниеге келген 18 ғасырдың ортасындағы француз реализмі (М. К. Латур, Ж. Б . Шарден, А. Гудон, М. Э. Фальконе) болды. 18 ғасырдың 2-жартысындағы архитектурада классицизм тенденциялары қайта жаңғырды (Ж. А. Габриель, Ж. Суфло, Н. Леду), Буржуазия революция қарсаңында азаттық үшін алысқан көне заман батырларын, ал кейінірек революция қаһармандарын дәріптеген (Ж.Л.Давид) жаңа, революцияшыл классицизм пайда болды. Наполеон империясы архитектурасында ампир стилі (Ж.Ф.Шальгрен, Ш.Персье, П.Фонтен) үстемдік алып, бейнелеу өнерінде ол ресми догмаға айналды. 20-30 жылдардағы романтик өнер шеберлері (Т. Жерико, Э. Делакруа, мүсінші Ф. Рюд) бұл догмаға қарсы шығып, 30-60 жылдардағы сыншыл реализмнің (О. Домье), реалистік ұлттық пейзаждың (К. Коро, барбизон мектебі өкілдері) гүлденуіне жағдай жасады. 1848 жылы революциядан кейін еңбек адамы қадірін мадақтаған реалистік шығармалар (Г.Курбе, Ф.Милле) дүниеге келді. 19 ғасырдың ортасы мен 2-жартысында архитектурада эклектизм етек алды, сонымен қатар жаңашыл теңденциялар - темір-бетонды конструкция (А. Г. Эйфель) бой көрсетті. Реалистік өнер 60 жылдардан бастап импрессионизмнің пленэр (К.Моне, К.Писарро, А.Сислей), неоимпрессионизм (Ж.Сера, П.Синьяк) және постимпрессионизм (В. Ван-Гог, П.Гоген, А.Тулуз-Лотрек, П.Сезанн) саласындағы табыстарымен байланысты тың тақырып, жаңа беинелеу тәсілдерімен (Э. Мане, Э. Дега, О. Ренуар, мүсінші О. Роден) байи түсті. 20 ғасырдың бас кезінде О. Перре темір-бетон конструкцияларды қолданып, Ш. Э. Ле Корбюзье және басқалар қазіргі заман архитектурасының тиімді принциптерін жетілдірді. Қазіргі құрылыс ісінде темір-бетон, шыны, металл, пластмассадан жасалған конструкциялар батыл қолданылуда (Э. Бодуен, М. Лодс, А. Люрса, П. Ваго, Б. Зерфюс). Бірқатар қалаларды реконструкциялау жұмыстары (Гавр, Сен-Дени т.б.) жүргізілді. 20 ғасырдың басында Францияда көптеген жаңа ағымдар: фовизм (А. Матисс, А. Дерен, М. Вламинк), кубизм (П. Пикассо, Ж. Брак, Ф. Леже), дадизм (М. Дюшан), сюрреализм (И. Танги) және абстракті өнердің басқа да түрлері пайда болды. А. Майоль, А. Бурдель, Ш. Деспио өміршең, терең мазмұнды тартымды пластикалық мүсіндер жасады. 2-дүние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін неореализм қозғалысы (А. Фужерон, Б. Таслицкий) белең алды. Прогресшіл бағыттағы суретшілер (Ж. Эффель, А. Лоранс, Ж. Ришье, Ж. Саландр т. б.) әр түрлі формалистік ағымдарға қарсы күресуде. Франция сән және қосалқы өнер бұйымдарымен де (шпалер, мата, мебель, керамика, шыны, эмаль, шілтер, зергерлік бұйымдары т. б.) даңқы шыққан ел.

Музыкасы. Қазіргі Франция территориясын мекендеген ежелгі халықтар (негізінен кельт тайпалары) музыкасы туралы дерек сақталмаған. Дүниәуи әуенді арқау еткен жергілікті литургиялық формалар 4 ғасырда шіркеу музыкасына ене бастады. Әншілікке, музыка аспаптарында ойнауға үйрететін монастырьлар 8-9 ғасырда профессионалды музыка мәдениетінің қалыптасуына ықпал етті, сонымен қатар композиторлық творчество дамыды. Орта ғасырда шіркеулік, әншілік мектебі - метриздер пайда болды.

Халық өнері дәстүрі жонглерлер мен менестрельдер творчествосында дамыды. 11 ғасырдың соңында трубадурлардың серілік музыка-поэтикалық өнері, 12 ғасырдың 2-жартысында бұларға ұқсас труверлер творчествосы қалыптасты. Бұл жаңа музыка формалардың дамуына (баллада, рондо т. б.) әсер етті. Париж құдайанасы соборы капелласында европалық хор полифониясы мектебінің негізі қаланды (Леонин, Перотин; 12-13 ғ.). Музыкадағы «Арс нова» бағыты (Гильом де Машо, Филинп де Витри) көп дауысты ән - шансонның (белгілі шөбері - К. Жанекен) гүлденуіне қолайлы жағдай жасады. 15-16 ғасырларда шансон ақсүйектер музыкасының жетекші жанрына айналды. 17-18 ғасырларда зиялылар музыкасының діни музыкадан басымдығы аңғарылды. 17 ғасырда абсолютті монархия кезінде сарайлық музыкалық театр өнері - опера, балет қалыптасып, оның спектакльдері монархияны дәріптеуге қызмет етті. Тұңғыш ұлттық опера жазуға.Э. Жаке де ла Гер («Махаббат салтанаты», 1654), композитор Р. Кабер мен ақын И. Перрен («Пастораль», 1659) талпыныстар жасады. 1671 жылы тұрақты опера театры - Корольдық музыка академиясы (1875 жылдан «Гранд-Опера») ашыл-шырқау биікке көтерілді. Осы кезде ұлттық симфония дүниеге келіп (Ф. Госсек), скрипка (Дж. Б. Виотти), виолончель (Ж. Л. Дюпор) мектептері ірге тепті. 18 ғасырдың басында демократияшыл жаңа опера жанры - француздың комедиялық операсы (композиторлар Э. Дуни, Ф. А. Филидор, П. А. Монсиньи, А. Гретри т. б.) қалыптасты. Жаңа опералық эстетиканың қалыптасуына энциклопедияшылар еңбегі үлкен әсер етті. «Глюкшілер» мен «пиччиншілер» күресінен (жаңа француз және итальян опера өнерін жақтаушылар) терең идеялық алға басу аңғарыяды. Ұлы Француз революциясы музыка өнерінің барлық саласына түбірлі өзгерістер енгізді. Бұқаралық саяси әндер («Марсельеза», «Карманьола», «Са ира») туды. Революциялық мейрам, әскери жорық, қаралы шеру т. б. музыкалары кең тарады. Жүгенсіз озбырлыққа қарсы күрес идеясын уағыздайтын құтқару операсы деп аталатын жанр (Л. Керубини, Ж. Ф. Лесюэр) пайда болды. Революция дәуір композиторлары Госсек, Э. Мегюль, Гретридің есімі көпке танылды. Музыка білім беру жүйесі қайта құрылып, метриздер таратылды, Парижде ұлттық музыка институты (1793; 1795 жылдан консерватория) ұйымдастырылды. Наполеон империясы және Реставрация дәуірінде музыка өнері құлдырап, тек Г. Спонтини творчествосы ғана ерекше көзге түсті. 18 ғасырдың 30 жылдарында музыка өмірде жандану басталды. Комедиялық операларды романтизм сарынына икемдеу (Ф. А. Буальдье, Д. Ф. Обер, Л. Ж. Герольд) процесі жүргізілді. Үлкен француз операсы жанры да (Дж. Мейербер, Ж. Ф. Галеви) осы жылдары қалыптасты. Г. Берлиоздың жаңашыл творчествосы музыкалық романтизмнің айқын көрінісі болып табылды. 19 ғасырдың басынан-ақ француз скрипка мектебі (П. Байо, П. Роде, Р. Крейцер) дүние жүзілік беделге ие болды. 19 ғасырдың орта кезінде лирикалық опера (Ш.Гуно, А.Тома, Л.Делиб, Ж.Массне) дамыды. Оперетта жанры (Ж.Оффенбах, Ш.Лекок, Ф.Эрве) туып, балет жетіле түсті (Делиб). Француз реалистік операсының шыңы Ж.Бизенің терең мазмұнды лирикалық опералары болып табылады.

Франция - тұңғыш рет 1888 жылы Лилльдегі жұмысшы мейрамында орындалған «Интернационал» гимнінің отаны. Париж Коммунасынан кейін музыкадағы ұлттық дәстүрді дамыту барысындағы қозғалыс күшейе түсті. 1871 жылы Ұлттық музыкалық қоғамы (ұйымдастырушылар мен музыка қайраткерлері - композиторлар К.Сен-Санс, С.Франк, Г.Форе, В. д’ Энди т. б.) құрылды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың бас кезінде Франция музыкасында импрессионизм (К. Дебюсси, М. Равель, П. Дюка, А. Руссель т. б.) етек алды. 1-дүние жүзілік соғыстан кейін мәдениеттің барлық саласында түбірлі өзгерістер болды. Музыкада қала тұрмысы ырғағы, күнделікті тіршілік әуені шертілетін «күнделікті» өнерге бой ұру күшейді. Музыкадағы жаңа ағымның көш басында Э. Сати болды. Әйгілі «Алтылық» (Л. Дюрей, Д. Мийо, А. Онеггер, Ж. Орик, Ф. Пуленк, Ж. Тайфер; бұл топтың дем берушісі және әдеби жаршысы ақын, музыка сыншысы Ж. Кокто) жаңа француз музыкалық мектебінің ұйтқысына айналды. 20 жылдары Сати төңірегіне біріккен жас композиторлар тобы (А. Соге, Р. Дезормьөр, М. Жако, А. Клике-Плейель) Аркей мектебінің негізін қалады. Осы тұста композиторлар Ж. Ибер, А. Жоливе, Л. Дютийенің есімі белгілі болды.

1935 жылы Парижде прогресшіл француз музыканттарының басын біріктірген (А. Руссель, Ш. Кёклен, Дюрей, Мийо, Онеггер, Орик; жазушылар Р. Роллан, Л. Арагон т.б.) Халық музыка федерациясы (антифашистік Халықтық майдан құрамына енген) ұйымдастырылды.

1936 жылы «Жас Франция» тобы құрылды. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін, басқа елдердегі сияқты әр түрлі авангардтық ағымдар (П.Булез, музыка зерттеуші Р. Лейбович) кең тарай бастады.

Франция музыкалық өмірі қауырт дамуымен ерекшеленеді. Мұнда тамаша симфониялық оркестрлер (Париж консерваториясының Концерт қоғамы, Ламурё концерт қоғамы, Падлу концерт ассоциациясы оркестрлері, Француз радиосы мен телевизиясының мемлекеттік симфониялық оркестрі, Камералық оркестр) бар. Ірі қалаларда музыкалық театрлар жұмыс істейді. «Гранд-Опера» мен «Опера комик» театрлары мемлекеттік опера театрлары бірлестігіне кіреді. 1954 жылы «Ұлт театры» (спектакльдері әр түрлі ғимараттарда қойылады) ашылды. 20 ғасырда француз музыканттарының есімі дүние жүзіне әйгілі болды. Таңдаулылары: дирижерлер Р. Дезормьер, А. Клюиенс, И. Маркевич, Ш. Мюнш; пианистер Р. Казадезюс, М. Лонг; скрипкашылар Ж. Тибо, З. Франческатти; виолончельшілер М. Маршал, П. Фурнье; органшылар Ш. Видор, М. Дюпре т. б.

Францияда музыкалық мектептер жоғары дәрежеде (кейбір жеке меншіктегі мектептер консерватория, институт деп аталады) ұйымдастырылған. Париждегі жоғары оқу орындары: Ұлттық консерватория және жеке меншікті Схола канторум мен Эколь нормаль (Қалыпты музыкалық мектебі). Сорбоннада музыкалық бөлімше жұмыс істейді. Францияда көптеген фестивальдар мен халықаралық конкурстар өткізіліп тұрады.

Театры. Францияда театр өнерінің туа бастауы орта ғасырдағы кезбе халық актерлері - жонглерлер мен ваганттар ойындарына саяды. 9-13 ғасырда халық театрына қарсы шіркеулерде Інжіл мен Көне өсиеттің жеке көріністері инсценировкаларын қою белең алды. Бұл литургиялық драма деп аталып, оған діни адамдармен қатар қала тұрғындары да қатыстырылды. 14 ғасырда мистерия театры дамыды. 1548 жылы Парижде «Бургунд отелі» театры құрылды. Мұнда 17 ғасырдың бас кезінде В.Леконт басқарған тұңғыш француз профессиоиал труппасы өнер көрсетті. 17 ғасырда классицизмнің бөдел алуы сахналық өнерді қайта құруды талап етті. Классицистикалық драматургияны қою үшін 1634 жылы Парижде «Маре» театры ашылды. Осы тұста аса ірі классицист актерлер Г. Мондори, Флоридор, М. Шанмеле, Монфлери, Р. Пуассонның есімі белгілі болды. 17 ғасырдағы және одан кейінгі жылдардағы француз театры үшін драматург Мольердің актерлік және режиссерлік еңбегінің зор маңызы болды. 1680 жылы Парижде «Комеди Франсез» театрының негізі қаланды. 17 ғасырдың 2-жартысы мен 18 ғасырда осы театр сахнасында өнер көрсеткен актерлер М. Барон, А.Лекуврер, А. Р. Лекен, М. Дюмениль, И. Клеронның есімі көпке танылды; Ұлы Француз революциясы дәуірі классицизмінің жаңашылдыққа бой ұруы актер Ф. Ж. Тальма өнерінен айқын көрініс тапты. Наполеон I империясы жылдарында билеуші топтар театрды тек қана ойын-сауық құралына айналдыруға тырысты. Ж. И. Сансон, Л. Р. Аллан-Депрео, Ж. Арну-Плесси, Ф.Ренье сынды актерлердің тамаша шеберлігі әлеуметтік маңызы бар мәселелерден тым қашық болды. Актриса Э. Рашель творчествосы 1848 ж. революциялық қарсаңындағы театр өнерінен елеулі орын алды. Париж Коммунасы құлағаннан кейінгі саяси реакция театрды алдыңғы қоғамдық ой- пікірден алыстатып жіберді. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басындағы белгілі трагик актерлер Сара Бернар, Ж. Муне-Сюлли творчествосында образды тым стильдендіруге бой ұру басым болды. Актерлер Ф. Э. Го, Б. К. Коклен реалистік дәстүрді берік ұстанды. Француз сахнасының реформаторы, көп жағдайда оның даму жолдарын белгілеген реалист актер А. Антуан француз режиссерлік өнерінің негізін қалады. «Бостандық театры» (1887-1896) мен «Антуан театрын» (1897-1906) ұйымдастырды. 1890 жылдардан француз театрына символизм ықпалы тарай бастады. «Вье коломбье» театрын) құрушы реж. Ж. Копо творчествосы и жаңашылдыққа ұмтылуымен ерекшеленді. Антуан бастаған театрдағы реалистік ізденімпаздықты оның шәкірттері, ең алдымен Ұлттық халық театрын ашқан (1920) Ф. Жемье онан әрі жалғастырды. 30 жылдарда, әсіресе Халық майданы жеңісінен кейін демократияшыл театр өнері дамуында өрлеу басталды, пролетарлық театрын құруды мақсат еткен театрлар мен әр түрлі театр бірлестіктері ұйымдасты. 1920-1940 жылдардағы жетекші режиссерлер Ш. Дюллен, Л. Жуве, Ж. Питоев, Г. Бати өз творчестволарын коммерциялық театрлар тәжірибесіне қарсы қоя отырып, спектакльдерінде әлеуметтік-философиялық мәні зор мәселелерді көтерді. 2-дүние жүзілік соғыс және неміс-фашист оккупациясы кезінде «Комеди Франсез», «Ателье», «Театр де Пари» театрлары ғана жұмыс істеді. Елді азат еткеннен кейін шапшан қайта  өркендеу процесі басталды. Кең көлемде халықаралық байланыс жасау мақсатымен француз театр қайраткерлері «Ұлт театрын» ұйымдастырды. Мұнда халықаралық театр өнері фестивальдары өткізілетін болды. 40 жылдардың соңы мен 50 жылдардың орта кезіндегі айтулы актерлері мен режиссерлері: Ж.Йоннель, Б.Бови, Б.Бретти, А.Сенье, Ж.Филип, М.Казарес, Ж.Мейер, П.Дюкс, Ж.Вилар, Ж.Л.Барро, М.Рено, А.Барсак, Р.Планшон, С.Флон. 50 жылдардың соңында халық театры идеяларын уағыздауға ден қойған көптеген театр труппалары құрылып, жұмысшы поселкелерінде театрлар ашылды. Барсак басқарған «Ателье» театры әсіресе Ұлттық халық театры демократияшыл көрермендерден жоғары баға алды, мұнда Вилар қойған антибуржуазиялық Спектакльдер Франция театр мәдениетіндегі елеулі оқиға болды. Алайда ұлттық халық театрының өмір сүруіне қарсы болған билеуші топ өкілдері қысымы салдарынан Ж. Вилар одан кетуге мәжбүр болды (1963), ал 1972 жылы театр жабылып қалды. Негізгі репертуары ұлттық классикаға құрылған «Комеди Франсез» театры өз жұмысын одан әрі жалғастыруда.

Қазіргі белгілі актерлері мен режиссерлері: Барро, Рено, Ж. Шаррон, Р.Ирш, Ж. Вильсон, Ж. Дезайи, Ж. Дюби, Р. Терзиев, Планшон, П. Шерро, А. Мнушкина, М. Моклер, А. Рейбас, Г. Реторе, А. Витез. Актерлерді Ұлттық драма өнері консерваториясы даярлайды. 1947 жылдан Авиньонда жыл сайын драма өнері фестивальдары өткізіліп тұрады.

Киносы. Француз кино өнерінің тарихы 1895 жылы Парижде Л. Люмьер (інісі О.Люмьермен бірге) көрсеткен ақылы киносеанстан басталады. Француз киносы 1-дүние жүзілік соғысқа дейін бүкіл дүние жүзі кино өнерінде жетекші роль атқарды. Оның қалыптасуы және дамуына режиссерлер Ж.Мельес, Л.Фейад, А.Ганс, кейін «Авангард» экспериментшілері тобындағы (1914-1918 жылдары пайда болған) режиссерлер мен кинотеоретиктер (Л. Деллюк, Ж. Дюлак, М.Л.Эрбье, Р. Клер т. б.) елеулі үлес қосты. 30 жылдардағы Француз киносының жетістіктері режиссерлер Ж. Виго, Ж. Ренуар, М. Карне, Ж. Дювивье, Ж. Фейдер творчествосымен тікелей байланысты. 2-дүние жүзілік соғыс жылдарында алдыңғы қатарлы Франция кинематографистері Қарсыласу қозғалысына қатысты, тұспалдау ретінде неміс басқыншыларына қарсы күреске шақырған («Кешкі қонақтар», реж. Карне, 1942 т. б.) фильмдер қойды. 1945 жылы француз еңбекшілерінің қаһармандық қарсыласуын бейнелеген «Шойын жол үстіндегі шайқас» (реж. Р. Клеман) кинофильмі жасалды. Соғыстан кейінгі жылдарда ірі француз режиссерлері Карне, Ж. Беккер, Л. Дакен, Ж. П. Ле Шануа, К. Отан-Лар, Кристиан-Жак еңбектерінде ілгерішіл реалистік тенденция күшейе түсті. Бұлар қарапайым адамдар өмірі, елдегі маңызды мәселелер туралы фильмдер қойды. Француз және шетел классикалық әдебиетін экрандау (Стендаль, Ф. М. Достоевский т. б.) жоғары профессионалды дәрежеде жүргізілуде. Сонымен қатар тым жеңіл, коммерциялық, көбінесе анайы-порнографиялық детективтер, экзистенциалистік фильмдер де көптеп шығарылуда. 50 жылдардың соңында француз киносында жаңа толқын деп аталған бағыт пайда болды. Оның көрнекті өкілдері режиссерлер Ф. Трюффо, А. Рене, К. Шаброль, А. Маль, Ж. Л. Годар т. б. қазіргі заманның маңызды проблемаларына баса назар аударғанымен, бұл мәселелерге олар кейде анархистік, солшылдық тұрғыдан қарап, тіпті антикоммунистік тенденцияларға да (Годар) ұрынды. 60 жылдарда француз киносы 2-дүние жүзілік соғыс, антифашистік күрес тақырыбына қайта оралып, француз-совет фильмі «Нормандия-Неман» (реж. Ж. Древиль, 1960), «Қамау» (реж. А. Гатти, 1961), «Парижді өрт шалды ма?» (реж. Клеман, 1966) т. б. фильмдер түсірілді. 70 жылдары саяси мәселелерді көтеру едәуір күшейіп, режиссерлер К. Соте, И. Буассе, Б. Поль т. б. фильмдерінде тұтыну қоғамдарын сынау тереңдей түсті. «Элиза немесе өмірдің өзі» (реж. М. Драша, 1970), «Отсыз түтін шықпайды» (совет прокатында «Усойқылық», реж. А. Кайатт), «Ұрлық» (реж. Буассе), «Қомағайлар дастарқаны» (реж. М.Феррери) - бәрі де 1973 жылы; «Жанқалтадағы ақша» (реж. Трюффо), «Жарық» (реж. Ж. Моро) - екеуі де 1976 ж.; т. б. фильмдер әкранға шықты. Жұмысшы киносы деп аталатын топ құрылып (Ж. Руш, Э. Маркур т. б.), әлеуметтік документті фильмдер түсірілді. Францияда кино өнері мәселелеріне арналған «Синема», «Синемонд», «Каей до Синема» т. б. мерзімді басылымдар шығып тұрады. 1936 жылы А. Ланглуаның инициативасы бойынша дүние жүзіндегі жетекші киноархивтердің бірі «Синематика» құрылды. 1943 жылы француз кино институты - Жоғары кинобілім институты ұйымдастырылды. Каннада жыл сайын Халықаралық кинофестиваль өткізіліп тұрады.

Франциядағы 1848 жылғы революция - буржуазия Июль монархиясы мен Францияда орнаған Екінші республиканы құлатқан буржазия-демократиялық революция (1848-1852). Революция француз буржуазиясының өз ішіңде күшейе түскен қарама-қайшылықтар мен пролетариат пен буржуазия арасында шиеленісе түскен таптық тартыстардан келіп туды. 23-24 ақпанда халық көтеріліске шықты. Мұнда ұсак буржуазия қолдаған жұмысшылар шешуші роль атқарды. 24 ақпанда Уақытша үкімет құрылды. Революция негізінен үш кезеңде өтті.

Ақпан кезеңі деп аталған алғашқы кезең (24 ақпан - 4.5.1848) буржуазия республика құруды дайындаған таптық күштердің қайта топтасуымен сипатталады. Уақытша үкімет құрамы жағынан коалициялық болды. Бұл үкіметте буржуазия республикашылдар басшылық роль атқарды, оған ұсақ буржуазия демократтар мен жұмысшы табының өкілдері ретінде Л. Блан мен Альбер енді. Жұмысшылардың талап етуімен 25 ақпанында республика жарияланды, 28 ақпанында жұмысшы табының жағдайын жақсарту шараларын дайындау үшін Люксембург комиссиясы құрылды, 4 наурыздағы декрет бойынша Францияда ерлер үшін жалпыға бірдей сайлау правосы енгізілді. 2 наурыздағы декрет жұмыс күнін 1 сағатқа қысқартты. Бірақ пролетариат идеялық жағынан әлі де жетілмеген еді. 1848 жылы 23-24 сәуірде өткен Құрылтай жиналысы сайлауында буржуазия республикашылдар жеңіске жетті, монархистер көптеген орындарға ие болды.

Буржуазия республика құру және Құрылтай жиналысы кезеңі (4. 5. 1848 – мамыр 1849) буржуазияның жұмысшы табына жаппай шабуыл жасауымен, оның революциялық күштерді талқандауымен және өкімет билігінің монархистер қолына көшуімен сипатталады. Атқару комиссиясы деп аталған жаңа үкіметке социалистер енгізілмеді. 15 мамырда Парижде ұйымдастырылған халық демонстрациясы жеңіліспен аяқталып, революция көсемдері Л.О.Бланки мен А.Барбес тұтқындалды. 23 маусымда Париж жұмысшылары баррикадаларға шықты. Көтеріліс күшпен басылып, Құрылтай жиналысы Екінші республиканың бірқатар антидемократиялық статьялар енгізген конституциясын қабылдады. 1848 жылы 10 желтоқсанда президент сайлауында монархиялық буржуазияның қолшоқпары Луи Наполеон Бонапарт (Наполеон III) жеңіске жетті. Өкімет билігін қолға алған монархистер Құрылтай жиналысын таратты. 1849 жылы 13 мамырдағы Заң шығару жиналысы сайлауында буржуазия республикашылдар бір-жолата тізе бүкті. Сонымен қатар демократиялық лагерь күштері қайта бас көтере бастады, ұсақ буржуазиялық демократтар мен социалистер блогы құрылды.

Парламенттік буржуазия республика және Заң шығару жиналысы кезеңі (28.5.1849-2.12.1851) бірлескен монархистердің заң шығару диктатурасымен сипатталады. Заң шығару жиналысында көпшілік орынға ие болған буржуазия контрреволюция «тәртіп партиясы» арқылы Екінші республиканы полицейлік мемлекетке айналдырып, монархияны қалпына келтіруге жол ашты. Заң шығару жиналысы баспасөзге, клубтарға, халық жиналыстарына, муниципалитеттерге, халық ағарту ісіне полиция мен дін иелерінің бақылауын орнатты. 1850 жылы 31 мамырда жалпыға бірдей сайлау правосы жойылды. 1851 жылы 2 желтоқсанда Луи Наполеон мемлекеттік төңкеріс жасады. Заң шығару жиналысын таратып, диктатор өкіметін бонапартшыл ақсүйектер қолына топтастырды, республикашылдар мен демократтарға қарсы террор саясатын жүргізді. Іс жүзінде Екінші республика жойылып, 1852 жылы желтоқсанда Әскери-полицейлік Екінші империя формасында монархия ресми түрде қалпына келтірілді.

Әдеб.: История Франции. т. 1-3. М., 1972-1973; Французский ежегодник. Статьи и материалы по истории Франции. 1958-1971, М., 1959-1973; Люблинская А.Д., Прицкер Д.П., Кузьмин М. Н. Очерки истории Франции с древнейших времен до окончания первой мировой войны. -Л., 1957; Виллар Ж. Формирование французской нации. пер. с франц., -М., 1957; Конокотин А. В. Очерки по аграрной истории Северной Франции в IX-ХІҮ вв. -Иваново, 1958; Бессмертный Ю. Л. Феодальная деревня и рынок в Западной Европе XII-XIII вв. М., 1969; Грацианский Н.П. Бургундская деревня в X-XII столетиях. М.-Л.,       1935; Люблинская А. Д. Франция в начале ХҮІІ в (1610-1620 гг.). Л., 1959; её же, французский абсолютизм в первой трети XVII в. М.-Л., 1965; Жордания Г. Очерки из истории франко-русских отношений конца ХҮІ и первой половины XVII вв. ч. 1-2. Тб., 1959; Лукин Н. М. Избр. Труды. т. 1-3. М., 1960-1963; Манфред А. З. Очерки истории Франции XVIII-XX вв. М., 1961; Брюа Ж. История рабочего движения во Франции. пер. с франц., т. 1. От возникновения рабочего движения до восстания лионоких ткачей. -М., 1953; Потемкин Ф.В. Промышленная революция во Франции. т. 1-2. –М., 1971; Французская буржуазная революция 1789-1794. М.-Л., 1941; Манфред А.З. Великая французская буржуазная революция XVIII в. М., 1956; Адо А. В. Крестьянское движение во Франции во время Великой буржуазной революции конца XVIII в. М., 1971; Далин В. М., Г. Бабеф. –М., 1963; Тарле Е.В. Наполеон. Соч., т. 7. М., 1959; Реизов Б. Г. Французская романтическая историография (1815-1830). Л., 1956; Потемкин Ф. Лионские восстания 1831 и 1834 гг. –М., 1937; Революции 1848-1849. т. 1-2. –М., 1952; Торез М. Избр. произв. пер. с франц.1, т. 1-2. –М., 1959; его же, Избр. статьи и речи. 1950-1964 гг. М., 1966; Дюкло Ж., Избр. произв., т. 1-2, [пер. с франц.]. М., 1959; Роше В. Избранные статьи и речи (1940-1969 гг.). [пер. с франц.]. –М., 1972; 40 лет Французской коммунистической партии. –М., 1961; В борьбе за интересы трудящихся Франции. 50 лет Французской коммунистической партии. Сб. –М., 1971; Борисов Ю. В. Новейшая история Франции 1917- 1964. М., 1966; Колосков И.А. Цырульников Н. Г. Народ Франции в борьбе против фашизма. (Из истории освободительного движения во Франции в 1939-1944 гг.). М., 1960; Колосков И. А. Внешняя политика современной Франции. М., 1964; Гаврилюк В. В. Распад французской колониальной империи (Государственно-монополистические мероприятия французского империализма в колониях). –М., 1962; Дюкло Ж. Октябрь 17 года и Франция, [пер. с франц.]. –М., 1967; Энтин Л. Крушение империи. М., 1965; Верт А. Франция 1940-1955. пер. с англ. –М., 1955; Гутермут Р. Кризис французского империализма после второй мировой войны. пер. с нем., М., 1955; Шабо Ж. Франция. Развитие экономико-географических районов. пер. с франц., М.. 1970; Всеобщая история искусств. т. 2. кн. 1, т. 3-6, кн. 1, М., 1960-1965; Всеобщая история архитектуры. М., 1966-1975; История западноевропейского театра. т.1-3, -М., 1956-1963; Бояджиев Г. Театральный Париж сегодня. М., 1960; Якимович Т. К. Драматургия и театр современной Франции. [К., 1968]; Французское киноискусство. Сб. ст., -М., 1960; Садуль Ж. Всеобщая история кино. пер. с франц., т. 1-3, 6, -М., 1958-1963; Юткевич С. И. Франция - кадр за кадром. –М., 1970.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-05-04 12:00:41     Қаралды-6608

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »