UF

ИОРДАНИЯ, Иордания Хашимит Корольдығы (Әл-Мамляка әл- Урдуния әл-Хашимия) - Батыс Азиядағы мемлекет. Солтүстігінде Сириямен, шығысы мен солтүстік-шығысында Иракпен, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Сауд Арабиясымен, батысы мен солтүстік-батысында Израильмен шектеседі. Оңтүстік-батысынан Қызыл теңіздің Акаба шығанағы қоршайды.

Жері 97,7 мың км2. Халқы 10,4 млн. (2018). Астанасы - Амман қаласы. Әкімшілік жағынан 8 провинцияға (ливке) бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Иордания - конституциялы монархия. Қазіргі конституциясы 1952 жылы 1 қаңтарда қабылданған. Мемлекеттік басшысы - король. Ол премьер-министр мен министрлерді тағайындайды және орнынан ауыстыра алады, заңдарды бекітеді. Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы да сол. Заң шығарушы жоғары органы - екі палаталы парламент (Ұлттық жиналыс). Сенат мүшелерін король тағайындайды. Ал депутаттар палатасы жасырын, төте дауыс беру жолымен 4 жылға сайланады. 18 жасқа толған еркектер дауыс беруге праволы. Соттың үш түрі (жоғарғы, діни және ерекше соттар) бар. Жоғарғы сот мүшелерін король тағайындайды.

Табиғаты. Жерінің көпшілік бөлігі - шығыстан батысқа қарай биіктей беретін (500 м-ден 1000-1500 м-ге дейін) таулы қырат; ең биік жері - Рам тауы (елдің оңтүстігінде, 1764 м). Батыс бөлігіндегі Әл-Гор (Гхор) ойысын ең ірі өзені - Иорданның аңғары және ағынсыз Өлі теңіз (деңгейі 395 м биіктікте) алып жатыр. Бұл ойыстың екі жағында Сирия-Палестина таулары (биіктігі 1000-1500 м) орналасқан. Фосфорит, калий тұздары (Өлі теңізде), мыс кен орындары бар. Климаты субтропиктік, құрғақ. Қаңтардың орташа температурасы 8-14°С, шілдеде 24-30°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері таулы өңірде 500-700 мм, елдің шығысы мен Әл-Гор ойысының кей жерінде 100 мм. Тұрақты өзендері аз. Батыс бөлігіндегі таулы өңірде жерортатеңіздік, шығысында шөлейт және шөл өсімдіктері өседі. Жануардан - ақ бөкен, қорқау қасқыр, түлкі, құстың көптеген түрі, бауырымен жорғалаушылар кездеседі.

Халқының 95%-тен астамы арабтар. Бұдан басқа – черкестер, армяндар, курдтар, гректер, түрікмендер тұрады. Мемлекеттік тілі - араб тілі. Халықтың 93%-і мұсылман-сунниттер. Еңбек ететін халқы 23% (1967), оның 1/3-і ауыл шаруашылығында істейді. Жұмысшы табы сан жағынан өте аз. Халқы негізінен отырықшы, жартылай көшпелі және көшпелілері де бар. Тұрғындарының копшілігі Иордан аңғарын мекендейді. Ірі қалалары: Амман, Эз-Зарка, Иерусалим (шығыс бөлігі), Ирбид, Наблус, 'Әл Халиль (Хеврон).

Тарихы. Осы күнгі Иорданияның жерін ерте заманда семит тайпалары мекендеген. Б. з. б. 3-2 мың жылдықтарда ол финикиялықтардың, хеттардың т. б. шапқыншылығына ұшырады. Б. з. б. 1 мың жылдықтың 2-жартысынан бұл жерлердің бір бөлігі алғаш Израиль, соңынан Иудея патшалығының құрамына кірді. Б. з. б. 1 мың жылдықтың аяғынан ертедегі араб мемлекеті - Набатей патшалығының орталығы болды. Б. з. 2 ғасырдың басында Набатей патшалығын римдіктер жаулап алды, ал 2 ғасырдың 30 жылдарында бүкіл Иордания түгелдей Римге бағынды; б. з-дың 4 ғасырынан Византия империясының құрамында болды, 7 ғасырда Араб халифатына кірді. Біртіндеп мұнда араб тілі мен ислам діні тарай бастады. 11-15 ғасырларда Иордания жері кресшілердің, салжұқтардың, египет мамлюктерінің шапқыншылығына ұшырады. 16 ғасырдың басынан 1918 жылға дейін Осман империясының құрамында болды. 1-дүние жүзілік соғыс (1914-1918) кезінде арабтардың көтерілісшілер отрядтары осы күнгі Иордания жерінің көпшілігін түрік өскерлерінен босатты. Бұл жерлер 1918 жылы Сирияның осы күнгі жерімен бірге әмір Фейсалдың қол астына көшті; соғыс біткеннен кейін британ мандатына - Палестинаға қосылды. 1921 жылы наурызда болған Каир конферендиясының шешімі бойынша Пордан өзенінің шығыс жағындағы жерлерден әмір Абдаллах (Хашими әулеті) билейтін Трансиордания әмірлік құрылды.

1928 жылы Ұлыбританияның Трансиорданияға күшпен танған кіріптарлық шарты мен Хашими әулетінің билігін бекіткен конституция ел ішінде наразылық туғызды. 1928-1929 жылдардағы халық қозғалысын 1927 жылы құрылған Халықтық партия басқарды. Ол 1928 жылы маусымда Ұлттық конгресс шакырып, Трансиорданияға шын мәнінде тәуелсіздік берілуін талап етті. Халық жаппай демонстрацияға шығып, ереуіл көтерді. Алайда 1929 жылы сайланған парламент 1928 жылғы шартты бекітті. Бұдан соң антиимпериалистік қозғалыс біраз басылды. Бірақ Палестина арабтарының британ империализмі мен сионизмге қарсы көтерілістері кезінде (1929, 1933, 1936-1939) елде жаппай толқулар болып тұрды. 1936-1939 жылдар батыс аудандарда партизандық күрес өріс алды.

1939-1945 жылдардағы 2-дүние жүзілік соғыс қарсаңында Трансиордания Ұлыбританияның Таяу Шығыстағы әскери бекініс пункттерінің біріне айналды. 1946 жылы 22 наурызда жасалған жаңа ағылшын-иордан шарты бойынша Ұлыбритания Трансиорданияны тәуелсіз мемлекет деп таныды. 1946 жылғы 25 мамырдан ел Иордания деп аталды; әмір Абдаллах Иорданияның королы болды. 1948 жылы Иорданияға жаңа кіріптарлық шарт таңылды (Ағылшын-трансиордан шарттары). 1955 жылы Иордания БҰҰ-ға қабылданды.

1948-1949 жылдардағы араб-израиль соғысының нәтижесінде Палестинаның шығыс аудандары Иорданияға қосылды. Бұл реакцияшыл құрылысқа және Британ отаршылдарының озбырлығына қарсы қозғалыстың жандануына себепкер болды, бірақ елдің экономикалық жағдайы ауырлап, оның батыс мемлекеттеріне тәуелділігі күшейе берді. 1951 жылы Иорданияға американ «көмегін» көрсету туралы келісімге қол қойылды. 1957 жылы бұл келісім АҚШ-тың Иорданияға экономикалық және техникалық «көмегі» туралы келісіммен алмастырылды. 1951 жылы 20 шілдеде терроршыл ұйым мүшелерінің бірі король Абдаллахты өлтірді. Оның орнына баласы Талал такқа отырғызылды. Бірақ 1952 жылы тамызда парламент Талалды тақтан алып, принц Хусейнді король етіп жариялады (ол кәмелетке жеткенше, 1953 жылдың мамырына дейін елді регент кеңесі биледі).

Иорданияда 50 жылдардың басынан саяси өмір жандана бастады; 1952 жылы қаңтарда жаңа конституция күшіне енді, ол бойынша үкімет парламент алдында жауапты болды.

1953-1954 жылдар халық бұқарасының жаппай бас көтерген қимылдары нәтижесінде империализм мен ішкі реакцияның Иорданияны агрессияшыл Багдад пактысына тартпақ болған әрекеті іске аспай қалды. 1956 жылы 21 қазанда өткен парламент сайлауында патриоттық күштер блогы тұңғыш рет жеңіске жетті: ИКП парламенте 2-орынға ие болды. Ұлттық-социалистік партияның жетекшісі С. Набулси бастаған үкімет өкімет басына келді. 1957 жылы қаңтарда Иорданияның Египетпен, Сауд Арабиясымен және Сириямен арабтық ынтымағы туралы шартқа қол қойылды. 1957 жылы ақпанда Ұлыбритания 1948 жылғы ағылшын-иордан шартын жойылды деп есептеп, өз әскерлерін әкетуге мәжбүр болды. Набулси үкіметі СССР-мен дипломатиялық қатынас орнатуға тырысатынын мәлімдеп, кейбір демократиялық шараларды іске асыруға кірісті. Алайда, 1957 жылы сәуірде реакцияшыл күштер Набулси үкіметін орнынан тұсуге мәжбұр етті. Ел ішіне әскери жағдай енгізілді, көптеген министрлер, депутаттар тұтқынға алынып, ИКП-ге т. б. прогресшіл ұйымдарға тыйым салынды.

Иорданияның сыртқы және ішкі саясатында 60 жылдардың басынан кейбір өзгерістер байқалды. 1963 жылы 21 тамызда Иордания мен СССР арасында, одан соң басқа социалистік елдердің көпшілігімен дипломатиялық қатынас орнады. Иордания 1967 жылы ЕАР-мен әскери келісім жасады, көп кешікпей оларға Ирак қосылды. Экономиканы дамытудың 7 жылдық жоспары жасалды (кейіннен ол 5 жылдық жоспарға айналдырылды). 1965 жылғы еңбек туралы заң бойынша жұмысшылардың праволары біраз өсірілді. 1965 жылы сәуірде саяси тұтқындар мен саяси эмигранттарға кешірім беру туралы заң қабылданды. 1970 жылы 31 наурызда Иорданияда Бейбітшілікті жақтаушылар комитеті құрылды.

1967 жылы маусымдағы араб елдеріне қарсы Израиль агрессиясының нәтижесінде Иорданияның 5,9 мың км2 жерін (Иордан өзенінің батыс жағын) Израиль әскерлері басып алды. Иорданияға тағы да 300 мыңға жуық босқындар қашып келіп паналап, мұндағы палестиналық босқындардың жалпы саны 800 мыңнан асты. Израильдың агрессиялық әрекеттері Иорданияның жағдайын қиындатып жіберді. Араб елдерінің Хартум келісіміне (1967) сәйкес, Ливия, Кувейт және Сауд Арабиясына қаржы жағынан көмектесуге міндеттенді. Палестинадағы қарсыласу қозғалысы мен Иордания үкіметі арасындағы қатынастардың шиеленісуіне байланысты 1970 жылы қыркүйекте Ливия Иорданиямен қарым-қатынасты үзіп, қаржыны палестиналың партизандарға беретін болды. Кувейт те Иорданияға көмекті тоқтатты.

1967 жылы қазанда мәдени және ғылыми ынтымақ туралы совет-иордан келісіміне, 1969 жылы сауда келісіміне және Иордания мен СССР арасындағы әкономикалық ынтымақ туралы келісімге қол қойылды.

Экономикасы. Иордания - мешеу дамыған ел, шаруашылығының басты саласы - егіншілік пен мал өсіру. 1967 жылғы Израиль агрессиясынан көп зиян шекті. Оккупацияланған батыс аудандардың елдің жалпы ұлттық өніміндегі улесі 38%-тей болатын. Елдегі барлық көкөністің 65%-і, жемістің 60%-і, майлы дақылдардың 80%-і, дәнді дақылдардың 30%-ке жуығы сол аудандарда өндірілетін еді. Иорданияның шет мемлекеттерден алған көмегі мен қарызы 1970 жылы 42 млн. иордан динары болды.

Ауыл шаруашылығы. 1971 жылы барлық ұлттық өнімнің 19,5%-ін ауыл шаруашылық берді. Меншігіндегі жері 10 га-дан кем ұсақ товарлы шаруашылықтар 86,4%. Барлық өңделетін жердің 1/4-іне жуығын ірі және орташа помещиктер (олар барлық шаруашылықтың 5,8%-іне жуық) иемденеді. Жер негізінен жабайы тәсілмен өңделеді. 1970 жылы 2,8 мың трактор болды. Жерінің 13%-і өңделеді (1969). Негізгі егіншілік ауданы - Иордан өзенінің аңғары, егетін дақылдары - бидай, арпа, тары, жүгері, цитрус. Ауыл шаруашылығынан алынатын табыстың 25-30%-ін мал шаруашылығы береді. Мал саны (1969-1970, млн.): қой 0,9, ешкі 0,5 мүйізді ірі қара 0,05, түйе 0,01.

Өнеркәсібі. Иорданияның өнеркәсібі 2-дүние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейінғана өркендей бастады. Көптеген кәсіпорындары шетел капиталының бақылауында. Басты салалары: тау-кен, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру. Амман аймағынан фосфорит (1971 жылы 640 мың т). Өлі теңізден калий тұздары өндіріледі; май шайқайтын, шарап, макарон кәсіпорындары бар. Кәсіпорындардың 70%-ке жуығы Амманда және соның төңірегінде шоғырланған. Иорданияда ұсақ косіпорындар көп. 1971 жылы 133,7 млн. квт-сағ электр энергиясы өндірілді.

Транспорты. Темір жолының ұзындығы 362 км (1971), автомобиль жолының ұзындығы 6 мың км-дей. Жалғыз теңіз порты - Акаба. Араб елдерімен, Ұлыбританиямен, Франциямен т. б. елдермен әуе қатынасы бар. Иордания арқылы 2 мұнай құбыры - Киркук (Ирак) - Хайфа (Израиль), Дахран (Сауд Арабиясы) - Сайда (Ливан) құбырлары өтеді (мұның біріншісі 1948 жылдан жұмыс істемейді).

Сыртқы саудасы. Иордания экспортқа фосфорит, ауыл шаруашылық өнімдерін шығарады, сырттан өнеркәсіп және азық-түлік товарларын сатып алады. Сыртқы саудадағы әріптестері: Ұлыбритания, АҚШ, араб елдері: социалистік елдердің үлесі 13%. Ақшасы - иордан динары.

Денсаулық сақтау ісі. 1966 жылы 1000 адамға шаққанда баланың тууы 46,2, адамның өлімі 5,0; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 36,3. Елде ішек- қарын аурулары, туберкулез, басыр т. б. жұқпалы аурулар көбірек тараған. 1966 жылы 3,5 мың төсектік 57 аурухана (1000 адамға 1,7 төсек), 505 дәрігер (4 мың тұрғынға 1 дәрігер) болды.

Оқу-ағарту ісі. Бастауыш білім міндетті және ақысыз, орта білім ақылы. 60 жылдардың басында халқының 50%-і сауатсыз болды. Халық ағарту жүйесі: 6 жылдық бастауыш, 3 жылдың орталау, 3 жылдық орта мектептер. Орта мектептерде оқушылар ауыл шаруашылық, техника, сауда мамандықтарына даярланады. Израиль агрессиясына байланысты келген палестин босқындарының балалары үшін оқу орындары ашылған. 1966 жылдан елдегі сауатсыздықты жою жұмыстары қызу қолға алынған. Кәсіптік дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді. Орта мектеп негізінде 2 жылдық 7 медициналық колледж және ауыл шаруашылық колледжі бар. 1962 жылы Амманда тұңғыш жоғары оқу орны - университет ашылды. 1970-1971 оқу жылында университетте 2,6 мың студент оқыды. Иорданияда университет (кітап қоры 21 мың дана), көпшілік (30 мың дана) кітапханасы, Иордания археологиялық музейі, Ислам музейі бар.

Әдеб.: Луцкий В. Б. Новая история арабских стран. М., 1965; Новейшая история арабских стран. М., 1968, с. 134-158; Современная Иордания. М., 1964; Крачковский И.Ю. Избр. соч. т. 2-4. М.-Л., 1956-1957; Современная арабская литература. Сб. ст., пер. с араб., М., 1960.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-03-12 14:14:01     Қаралды-1673

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »