UF

АЛЖИР (Алжир қаласының атымен аталған, араб. -  аралдар), Алжир Халық Демократиялық Республикасы – АХДР.

Жалпы мәліметі. Алжир - Солтүстік Африкадағы мемлекет. Жерорта теңізі алабының батыс бөлігіне орналасқан. Батыста Марокко, Батыс Сахарамен, оңтүстік-батыста Мавритания, Малимен, оңтүстік-шығыста Нигермен, шығыста Ливия, Туниспен шектеседі. Жері 2382 мың км2. Халқы 41,3 млн. (2017). Астанасы - Алжир қаласы. Әкімшілік жөнінен Алжир 15 уалаятқа (1969 жылы наурызға дейін - департамент) бөлінеді. Уалаят округке (91), ал округ коммунаға (676) бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. 1962 жылы тәуелсіздік алып, халық демократиялық республикасы құрылғаннан кейін Алжирдің мемлекеттік және қоғамдық құрылысының негіздері конституцияда (1963) белгіленді. Конституңия Алжир мемлекетінің мақсаты - адамды адам қанауды жою деп жариялады, азаматтардың демократиялық праволары мен бостандығына кепілдік берді, елде революция-демократиялық түрпаттағы бір партиялық жүйенің қалыптасқанын растады. 1965 жылы 19 маусымнан кейін 1963 жылғы конституция жойылды. Бірақ онда белгіленген қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздері көп өзгерген жоқ. Жаңа конституция қабылданғанға дейін мемлекеттік өкіметтің уақытша ұйымы құрылды. Жоғарғы органы - Революция совет (председателі және 17 мүшесі бар). Революция совет үкіметті - Министрлік советін құрады; Министрлік советі оның председателі (Революция советтің председателі қызметін қоса атқарады) мен министрлерден құралады. Заң шығару міндетін Революция совет пен Министрлік советі атқарады. Революция совет - сонымен бірге Ұлт-азаттық майданы партиясы басшылығының жоғары органы. Уалаят пен округ әкімшілігінің басшыларын үкімет тағайындайды. Уалаяттар мен коммуналарда халық жиналыстары бар. Олар жалпыға бірдей төте сайлау жолымен, дауысты жасырын беру арқылы сайланады.

Табиғаты. Алжир атрабы негізінен тропиктік, ал солтүстік бөлігі субтропиктік белдеулерде орналасқан. Солтүстік жағалауын Жерорта теңізі қоршап жатыр. Жер бедеріне қарай Алжир таулы және қыратты жазық болып екіге бөлінеді. Солтүстігінде Тель-Атлас (2310 м), Сахара Атласы (2330 м) тау жоталары, оңтүстік-шығысында Ахаггар таулы қыраты бар. Орталық бөлігін Алжир Сахарасы, оңтүстігін Танезруфт шөлдері алып жатыр. Алжирде минералдық шикізат қоры мол. Мұнай, табиғи газ, темір, қорғасын, мырыш, фосфорит, сынап өндіріледі. Климаты: Жерорта теңізі жағалауында субтропиктік (температурасы орта есеппен қаңтарда 12°С, шілдеде 25°С), орталық бөлігі мен оңтүстігінде шөлейттік және шөлдік сипатта (шілдеде орта температура 35°С). Жауын-шашын мөлшері солтүстігінде 500-1200 мм, оңтүстігінде 100-200 мм. Алжирде жыл бойы құрғамай ағатын өзендер аз. Жаңбырдан жиналған өзендер немесе жаңбыр суымен толып, кейіннен құрғап қалатын өзендер (уәдтер) көп. Басты өзені - Шелиф (ұзындығы 700 км). Тұзды көлдер көп кездеседі (Шотт аш-Шерги, Шотт әл-Ходна т.б.). Солтүстік Алжир аймағының топырағы қызыл қоңыр. Тау беткейі қызғылт, орманды жері боз топырақты. Сахара негізінен субтропиктік шөлді, қиыршық тас аралас топырақты болып келеді. Жерорта теңізінің тау беткейлерінде тозды және мәңгі жасыл ормандар, ал атрабының қалған бөлігінде шөл, шөлейт өсімдіктері өседі. Жануарлар дүниесінде маго маймылдары (бербер макакасы), қорқау қасқыр, жылан (20-дан астам түрі) кездеседі; сирек болса да киік пен ақ бөкен бар.

Халқы. Негізгі халқы - алжирліктер, Олар арабтардан және тілі мен мәдениеті соларға өте жақын берберлерден құралады. Алжирдің жергілікті халқының дені араб тілінің алжир диалектісінде (9,7 млн. адам немесе 81,5%), ал 2,2 млн. адам (17,9%) бербер тілі диалектісінде сөйлейді. Дін жөнінен арабтар мен берберлер - мұсылман-сунниттер. Еңбек етуші адамдардың жалпы саны 4,1 млн. (1966), мұның ішінде ауыл шаруашылығында 2,5 млн. (60%), басқа салаларда 1,6 млн. адам, оның ішінде өнеркәсіп пен құрылыста 316,3 мың адам (12,3%) жұмыс істейді. Ірі қалалары (1966 жылғы санақ бойынша): Алжир (қала маңын қосқанда 943,1 мың), Оран (қала маңын қосқанда 328,3 мың), Константина (253,6 мың), Аннаба (168,8 мың).

Тарихы. Алжир жерінде алғашқы қауымдық адамдар бұдан 300-400 мың жылдар бұрын өмір сүрген. Б. з. б. 12 ғасырда Алжир жерінде тұңғыш финикиялық қоныстар пайда болды. Финикиялықтар жергілікті халықтармен - ежелгі ливиялық тайпалармен (берберлердің түп атасы) қақтығысты. Б. з. б. 3 ғасырда Алжир жерінде массилдер мен мазезилдердің тайпа аралық одағы құрылды. Массилдердің жетекшісі Масинисса 3 ғасырдың аяғында екі одақты бір тұтас Нумидия мемлекетіне біріктірді. Оның тұсында көптеген қалалар салынды. Б. з. б. 46 жылы Нумидия Рим провинциясына айналды. Б. з. 5 ғасырда Алжирді вандалдар, 6 ғасырда византиялықтар (осы кезеңде феодалдық қатынастар туа бастады), 7 ғасырда арабтар жаулап алды. Алжир жері Араб халифатына қосылды. Византиялықтар қуылып, берберлер ислам дініне жаппай көше бастады. Елде феодалдық қатынастар дами түсті. 8 ғасырда халифаттан бөлініп, Алжир жерінде имамдықтар пайда болды. 11-13 ғасырларда Алжир жерін арабтар биледі. 15 ғасырдың аяғына дейін мұнда бірнеше феодалдық мемлекеттер өмір сүрді. 16 ғасырдың 2-жартысында Алжир - Осман империясының қарамағында болды. 1711 жылы түріктердің соңғы султаны қуылды. 18 ғасырдың аяғында мемлекет ыдырады. 1830 жылы маусымда Алжир жеріне француз армиясы басып кірді. Алжир халқы өмір Абду-л-Қадырдың басшылығымен тәуелсіздік үшін күреске шықты. Әмір әскерлері жеңілгенімен (1847), азаттық күресі толастамай, әр аймақта 1881 жылға дейін созылды. Француздар, испандықтар, итальяндар, өзге де европалықтар Алжир жерін талан-таражға салды.

Шаруалар құнарсыз жерлерге ығыстырылды. Алжирліктерге негізінен саяси право беруді жақтаған жас алжирліктер қозғалысы да нәтиже бермеді. Ұлы социалистік революциясының ықпалымен Алжирде ұлт-азаттық күресі жаңадан қанат жайды. Кәсіподақтар ұйымдастырыла бастады. Жұмысшы қозғалысы өріс алды. 1920 жылы Алжирдегі социалистік секциялардың көпшілігі француз Компартиясына кірді. 1926 жылы Францияда революция ұлттық ұйым - «Солтүстік Африка жұлдызы», 1936 жылы Алжир Компартиясы (АКП), 1937 жылы Алжир халқының партиясы құрылды. Маршал Петен бастаған француз үкіметі гитлершіл Германия алдында тізе бүккен соң, 1940 жылы Алжир Германия мен Италияның шикізат және азық-түлік базасына айналды.

2-дүние жүзілік соғыстан кейін ұлт-азаттық қозғалыс ұйыйшасқан сипат алып, көпшілікті қамтышы. 1947 жылы Алжирдің таулы аудандарында партизан отрядтары құрыла бастады. 1954 жылы наурызда Алжир патриоттары «Революциялық бірлік пен қимыл комитетін» құрды. Комитет отаршылдық езгіні қарулы күрес жолымен жою мақсатын алға қойды. Бірнеше айдан кейін бұл комитет Ұлт-алаттығы майданы (ҰАМ) болып қайта құрылды. 1954 жылы 1 қарашада империалистерге қарсы көтеріліс басталып (Алжирдегі ұлттық-демократиялық революция), бірте-бірте бүкіл елге тарады. 1954 жылы құрылған Ұлт-азаттық армиясын (ҰАА) ірі феодалдардан басқа бүкіл жұртшылық және ұлттық партиялардың бөрі дерлік қолдады. АКП құрған әскер топтары ҰАА-на қосылды. А-дің ҰАМ, Марокко мен Тунистің билеуші партиялары жетекшілерінің 1958 жылы Танжер мен Тунисте болып өткен конференцияларында Алжир Республикасының Уақытша үкіметі (АРУҮ) құрылды. Үкіметті Азия мен Африканың көптеген елдері, оның ішінде Совет Одағы таныды. СССР Алжир халқына жан-жақты моральдық-саяси, материалдық көмек, қару-жарақ беріп отырды. Алжирліктер қаншама ауыр шығынға ұшырағанмен (1,5 млн. адам қаза тапты, 2 млн. адам тұтқын лагерьлері мен түрмелерде отырды, 9 мың қыстақ өртеп жіберілді) күресті тоқтатпады. Француз үкіметі 1959 жылы қыркүйекте Алжир халқының тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. Бірақ соғыс тоқталған жоқ. Атысты тоқтату, референдум жолымен Алжирдің өзін-өзі басқаруы, келешекте Алжир мен Франция арасында экономикалық және мәдени ынтымақ орнату туралы келісімге қол қойылды (1962 жылы 18 наурыз). Тәуелсіздік алғаннан кейін көп кешікпей ҰАМ ішінде саяси қайшылық туды, басшыларының дені АРУҮ, бірсыпырасы ҰАМ Саяси бюросын (революцияны жүргізе беруді жақтаған) қолдады. Бұл күресте Бас штабтың бастығы полковник X. Бумедьен бастаған ҰАА-ның негізгі әскер бөлімінің көмегімен ҰАМ-ның Саяси бюросы жеңіске жетті. 1962 жылы 20 қыркүйекте Алжир халықтық демократиялық республика болып жарияланды. Республиканың тұңғыш үкіметін ҰАМ Саяси бюросының мүшесі Ахмет Бен Белла басқарды. Үкімет отарлық езгі мен соғыс зардаптарын жою, Триополи (Ливия) программасына сөйкес социалистік принциптер мен халық өкіметі негізінде тәуелсіз Алжир республикасын орнату мақсатын көздеді. Жұмысшылардың, батрақтар мен шаруалардың бастауымен кәсіпорындарда, фермаларда өзін-өзі басқаратын комитеттер құрылды. Европалықтардың жер меншігі мен фермалары, Алжир капиталистерінің заңсыз иемденген мүліктері мемлекеттік қарамағына алынды. 2,7 млн. га құнарлы жер, 1 мыңнан астам өнеркәсіп, сауда және басқа кәсіпорындар комитеттердің қолына көшті. 1963 жылы тамызда Құрылтай жиналысы елдің конституциясын мақұлдады. Конституция мемлекеттің мақсаты - социализм орнату деп жариялады. Буржуазиямен байланысты, ҰАМ-ның кейбір империалистік мемлекеттерге арқа сүйеген бірқатар бұрыңғы мүшелері бұл мақсатқа қарсы шықты. Реакция Кабилияда қарулы бүлік ұйымдастырды. Бүлік 1965 жылдың жазына дейін созылды.

1964 жылы сәуірде ҰАМ партиясының Құрылтай съезінде Алжир хартиясы қабылданды. Бұл жаңа программалық документ өзін-өзі басқару комитеттері - «ұлттық халықтық революцияның социалистік революцияға ұласуының» негізгі формасы жалдамалы еңбек адамын қанаушы ҰАМ партиясының мүшесі бола алмайды деп жариялады. ҰАМ съезінен кейін және бір партиялық жүйе белгіленуіне байланысты Алжир коммунистері ҰАМ-ның белсенді мүшелерімен бірігіп, бір тұтас партия құруға кірісті. Аграрлық реформаның кешігуі, жұмыссыздықтың едәуір көлемде сақталуы Бен Белланың социалистік ұранын толық жүзеге асыртпады. 1965 жылы 19 маусымда Армия Бен Белланы өкімет басынан тайдырды. Өкімет билігі қорғаныс министрі X. Бумедьен бастаган Революция советтің қолына көшті. 1966-1967 жылдар өнеркәсіп орындары, банктер мемлекеттік қарамағына алынды. 1967-1969  жылдар коммуналар мен департаменттердің халық жиналыстары болып өтті. Жиналыстар жергілікті әкімшілік орындарын, кооперативтерді, 1965 жылдан бастап қайта құрылып жатқан дербес шаруашылықтар мен кәсіпорындарды бақылап отырады.

1967 жылы американ мұнай тресінің меншіктері мемлекеттік бақылауға алынды; 1968 жылы мамыр-маусымда 12 француз банкісінің 11-і және шетелдік 74 өнеркәсіп бірлестігі (көпшілігі француздардікі) национализацияланды.

Алжир - Араб елдері лигасы мен Африкалық бірлік ұйымының мүшесі. Алжир үкіметі империализм мен жаңа отаршылдықты (неоколониализмді) талай рет айыптады, социалистік елдермен достық қарым-қатынасты нығайтатынын мәлімдеді. 1963 жылы желтоқсанда Совет Одағы мен Алжир арасында экономикалық және техникалық қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды. Келісім бойынша Совет Одағы Алжирде өнеркәсіп орындарын қалпына келтіру және салу, ауыл шаруашылығын өркендету, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, кадр даярлау істеріне көмектесетін болды, ұзақ мерзімге 90 млн., 1964 жылы 115 млн. сом несие ақша берді. 1965 жылы желтоқсанда, 1967 жылы маусым-шілдеде Алжир үкіметінің басшысы X. Бумедьен ресми сапармен Совет Одағына келді. 1969 жылы наурыздың аяғы мен сәуірдің басында СССР Жоғары Советі Президиумының председателі Н. В. Подгорный ресми сапармен Алжирде болып қайтты. Алжир басқа да социалистік елдермен экономикалық мәдени байланыс жасасып келеді. Алжир үкіметі Израиль басқыншыларының шабуылына ұшыраған араб елдеріне жан-жақты көмектесіп, Африкадағы ұлт-азаттық күресін қуаттап отыр.

Саяси партиялары мен кәсіподақтары. Ұлт-азаттық майданы партиясы (ҰАМ) 1964 жылы құрылды. Мүшелікке негізінен шаруалар мен жұмысшылар қабылданды. Алжирдің социалистік авангард партиясы (АСАП); бұл атпен 1968 жылдан белгілі. Алжир еңбекшілерінің жалпыға бірдей одағы (АЕЖО) 1956 жылы құрылды. Бүкіл африкалық кәсіподақ бірлестігіне кіреді.

Шаруашылығы. Алжир  - өнеркәсібі, әсіресе кен өндіру өнеркәсібі біршама дамыған аграрлы ел. 20 ғасырдың 60 жылдарында Алжирдің ауыл шаруашылық дербес шаруашылық (қоғам меншігі) және жеке меншік секторларына бөлінді. 1966 жылы дербес шаруашылық секторының қарамағында 2400 мың га жері бар 2200 шаруашылық болды. Жыртылатын барлық жердің 24%-і, жеміс отырғызылған жердің 65%-і, барлық егін өнімінің 60%-і, мал шаруашылыгы өнімінің 5%-і, барлық трактордың 85%-і (17 мың машина) осы сектордың үлесіне тиді. Халық меншігіндегі жер мөлшері үкіметтің көмегімен жылдан-жылға көбейіп келеді. 1965-1969 жылдар Алжир өнеркәсібінде мемлекеттік сектордың үлесі артты. 16 мың жұмысшысы бар 413 кен өндіру және өңдеу кәсіпорны мемлекетітк секторға көшті. Аннаба қаласындағы металлургиялық комбинат, Константинадағы трактор және дизель моторларын жасау з-ды, Арзев, Скикда қалаларындағы табиғи газды өңдеу комплекстері - ұлттық өнеркәсіптің алғашқы қарлығаштары. Алжир табиғи газ өндіру, жүзім жинау, шарап ашыту жөнінен Африкада 1-орын; мұнай, бидай арпа өндіру, зәйтүн майын алу жөнінен 2-орын; цитрус жемістерін жинау жөнінен 3-орын алады.

Алжир халқының көпшілігі ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Ауыл шаруашылық жері орманды алқаптарды қосқанда 44,2 млн.га немесе Алжирдің барлық жер көлемінің 1/6 бөлігі. Оның 7-10 млн. га-сы өңделетін жерлер. Мұның 3 млн. га-сына астық дақылдары (Сиди-Бель-Аббас, Серсу, Сетиф жазықтарында), 500 мың га-сына жүзім (Оран, Мостаганем, Аннаба т. б. департаменттерінде), 300 мың га-сына цитрус жемістері мен көкніс егіледі (негізінен теңіз жағалауында). Жайылым 6 млн. га, орман 3,3 млн. га. Таулы және шөлейт аудандарында жайылымды-экстенсивті мал шаруашылығы өркендеген. Ол барлық ауыл шаруашылық өнімдерінің 1/4-іне жуығын береді. 1966-1967 жылдар 720 мың ірі қара, 7 млн. қой, 1700 мың ешкі, 90 мың жылқы, 175 мың қашыр болды. Жылына 20 мың тоннадай балық (сардина, май шабақ) ауланады.

Елдің жалпы өнеркәсіп өнімінің 1/3 Гэлігінен астамы кен өндіру өнеркәсібі мен энергетиканың үлесіне тиеді. Сахараның солтүстік және шығыс аудандарында дүние жүзілік маңызы бар мұнай мен табиғи газ қорлары жатыр. Мұнай қорының мөлшері 1 млрд. т-ға, газ 3000 млрд. м3-ге жуық. 1968 жылы 3288 млн. м3 табиғи газ, 1967 жылы 1,2 млрд. квт/сағ электр энергиясы (Алжир, Оран, Константина, Аннаба қалаларында), 1968 жылы 43 млн. тонна мұнай, 3 млн. темір (Уэнза, Бени-Саф, Угнат қалалары), 63 мың тонна мырыш, 15 мың тонна қорғасын, 4 мың тонна мыс рудасы, 296 мың тонна фосфорит (Уэнза, Тиндуф қалалары) өндірілді. Алжирдің солтүстігіндегі ірі калаларда ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, оның ішінде шарап жасау (жылына 14-18 млн. га), консерві, темекі, ұн тарту және шағын металлургия, мұнай айыру, металл өңдеу, химия машина жасау, тоқыма өнеркәсіп орындары жұмыс істейді. Ұлттық өнеркәсіпті салуда Алжир Совет Одағынан алуан түрлі экономикалық, ғылыми-техникалық көмек алып келеді. СССР оған ұлттық өнеркәсіпті жасауға керекті қаржылар мен құрал-жабдықтар берді. Бумердес қаласында мұнай және газ институтын ұйымдастырып, оны техникумымен қоса Алжир халқына сыйға тартты.

Тас жол (ұзындығы 18,2 мың км), темір жылы (ұзындығы 4,2 мың км - 1966) негізінен Алжирдің төлтүстігінде. Оңтүстік бөлігінде алғашқы тас жол 1963 жылы пайдалануға берілді. 1967 жылы Алжирде 98 мың жеңіл, 80,2 мың жүк машинасы болды. Порттары: Беджапя, Арзев, Алжир, Аннаба, Оран. Әуе транспорты жедел дамып келеді. 65 аэродром, оның ішінде азаматтық әуе флотының 20 аэродромы бар. Халықаралық маңызы бар аэропорттар Алжир, Аннаба, Оран қалаларының маңында.

1967 жылы экспорттың 90%-ін, импорттың 75%-ін мемлекет бақылап отырды. 1965 жылы Францияның Алжир импортындағы үлесі 70%, экспорттағы үлесі 76% болды. Шетке негізінен мұнай (Алжир экспорты бүкіл құнының 2/3 белігіне жуығы), шарап, жеміс, көкөніс, темір рудасы, темекі, қағаз шығарылады. Өнеркәсіп жабдықтары, азық-түлік (әсіресе астық, сүт, ет), жеңіл өнеркәсіп өнімдері, металл сырттан әкелінеді. 1962-1967 жылдар Алжир мен Совет Одағы арасындағы товар айналымы 4 есе артты және тез өсіп келеді.

Денсаулық сақтау ісі. 1965 жылы 42,7 мың төсегі бар 146 мемлекеттік аурухана, қартайған адамдар үшін 3251 төсек, яғни 1000 адамға орта есеппен 3,9 төсек болды. Ауруханалар жанынан құрылған 159 бөлімше, 178 сауықтыру орталығы, 977 диспансер, 13 жылжымалы отряд халыққа медицина қызмет көрсетеді. 1966 жылы басында 1421 дәрігер, 127 тіс дәрігері, 186 фармацевт, 4 мың-ға жуық орта және төменгі дәрежелі медицина қызметкері жұмыс істеді. Халықтың 60%-ке жуығы тегін медицина көмек алады. Денсаулық сақтау ісіне жыл сайын жалпы мемлекеттік бюджеттің 10%-іне жуығы бөлінеді.

Мәдени-ағарту, ғылыми мекемелері. 1966-1967 оқу жылында бастауыш мектептерде 1359 мыңнан астам, орта мектептерде 97 мыңға жуық, кәсіптік-техникалық оқу орындарында 35 мың, бастауыш мектептердің мұғалімдерін даярлайтын мектептерде 4 мың оқушы болды.

Алжир университеті (1879 жылы құрылған), Ұлттық политехникалық мектеп (1925 жылы құрылған) бар. СССР-дің көмегімен кен өнеркәсібі және ауыр индустрияның басқа да салалары үшін мамандар даярлайтын институт пен техникум, мұнай және газ институты мен техникумы, тоқыма мамандығы техникумы, жоғары мал дәрігерлік мектеп ашылды. 1966-1967 жылдар жоғары оқу орындарында 9 мыңнан аса студент білім алды. Алжир қаласында ең ірі Ұлттық кітапхана бар (кітап қоры 650 мың том). Алжирдің Ұлттық музейі (1930 жылы құрылған), Көне заманның ұлттық музейі (1897), Этнографиялық музей (1928), Әл-Биарда Революция музейі бар. Алжир университетінде және оның Оран мен Константинадағы бөлімшелерінде, ядролық зерттеулер институтында (1966 жылы құрылған), Күн қуатын пайдалану. Мұхит тану (Океанология) институтарында маңызды зерттеулер жүргізілуде. Астрономиялық астрофизикалық және метеорологиялық обсерваториялар, Биохимиялық институты, ракка қарсы орталық, Пастер атындағы медицина, Ұлттық агрономиялық, Алжирдегі мұнай институттары, мұнай және тоқыма орталығы т. б. көптеген институттар мен мектептер жұмыс істейді. Ғалымдардың филология, психология, социология, география салаларындағы еңбектері жоғары бағалануда.

Баспасөз, радиохабар, телевизия. Алжирда прогресшіл баспасөз 20 ғасырдың 30 жылдарының орта шенінде пайда болды. 1937-1955 және 1962-1965 жылдар «Альже репюбликен», 1956-1964 жылы «Әл-Мужаһид» газеттері шықты. Алжирдің қазіргі баспасөзі: араб тілінде - «аш-Шаъаб» (орталық үкіметтің газеті), «Әл-Мужаһисі» (ҰАМ партиясының органы), француз тілінде - «Әл-Мужаһид» (1965 жылдан шығады, АХДР үкіметінің органы), «Революсьон африкен» (ҰАМ партиясының органы) газеттері т. б. АХДР-дің ресми хабаршы агенттігі - Альжери пресс-сервис (АПС) Алжир қаласында 1962 жылы құрылған.

Мемлекеттік радиохабар және телевизия бірлестігі - «Радио-телевизьон альжерьен» (РТА) 1962 жылдан жұмыс істейді. Радиохабар араб, қабил, француз тілдерінде, телевизия хабарлары араб, француз тілдерінде беріледі.

Әдебиеті. Араб, қабил, француз тілдерінде шығады. Араб, қабил тідіндегі әдебиет испандықтарға (16 ғ.) және түріктерге (16-18 ғ.) қарсы күрес дәуірінде туды. Патриоттык сезімнің аяққа басылуына қарсы үн көтеру Алжир әдебиетінің ол дәуірлердегі басты тақырыбы болды (Ибн Амсаиба элегиялары, халық өлеңдері). 19 ғасырда Алжир әдебиеті өз ұлтының қалыптаса бастау процесін бейнеледі. Бұл кезеңде халықтың ауыз әдебиеті дамыды: қиял-ғажайып ертегілер, тарихи аңыздар, эпостық жырлар, суырып салма өлеңдер туды. 20 ғасырда патриоттық лирика өріс алды. Бұл бағыттың өкілдері: Мұхаммед әл-Аид, Мұхаммед әл-Лаккани Ахмед Катиб, Мұхаммед ас-Саид аз-Заһири. Француз отаршыларына қарсы сатира туды. 1928 жылы «Халықтық діни поэзия қазынасы» атты жинақ тұңғыш рет араб тілінде жарық көрді. Рашид Ксентини мен Бахтарзи Махиддиннің пьесаларында, Ахмед Ашур, Шариф әл-Хусайни, Зухур Ванис, Абд әл-Мажид аш-Шафии, Абд әл-Вахид Ибраһим новеллаларында ескінаным мен отарлық тепкі әшкереленді. Ахмед Рида-Хуху «Мекке қызы» (1947) романында әйел мүддесін қорғады.

Халықтың өз болашағы жолындағы ерлік күресі Мұстафа әл-Ашраф, Абдолла Нақли драмаларының негізгі арқауы болды. Әбу әл-Қасим Саъдолланың «Жеңсін Алжир!» (1957, орыс тілінде 1961 ж.) атты өлеңдер циклі күресте құрбан болғандарға арналды. Муфди Закария жазған ұлттық гимннің алғашқы тексі (1936) діни фанатизм сарынында болса, екіншісі (1957-1958) революция жігерге толы.

Француз тіліндегі әдебиет көркемдік жағынан шыңдалуының алғашқы кезінде (20 ғасырдың 20 жылдары) ұсақ тұрмыстық тақырыптан аса алмады, ал 30 жылдары философия-романтикалық ізденіс жолына түсті. 2-дүние жүзілік соғыс қарсаңында және одан кейін ұлттық сана-сезімнің ояну процесі Жан Амруштың, Аит Джафердің, Мұстафа Лашрафтың, Маргерит Таостың шығармаларында бейнеленді. Мұхаммед Дибаның «Алжир» деген реалистік трилогиясы, Мулуд Фераунның «Жер мен қан» (1953, орыс тілінде 1965 ж.), «Қиын жол» (1957) дилогиясы, Мулуд Маммеридің «Ұмытылған төбе» (1952, орыс тілінде 1966 ж.), «Әділдік ұйқыда жатқанда» (1955, орыс тілінде 1960 ж.) романдары арқылы Алжир әдебиеті жоғары дәрежеге көтерілді. 1962 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Алжир әдебиеті жаңа кезеңге шықты. Енді жазушылар өткен күрес жолдарына тереңірек үңіліп, оны шығарма арқауы етіп алуда.

Архитектура және бейнелеу өнері. Алжир жерінде адамдарға, хайуандарға, аңшылық кәсіпке, салт-жораларға арнап неолит заманында жартастарға салынған суреттер көп. Теңіз жағалауындағы аймақтарда финикиялықтар, римдіктер, византиялықтар тұсындағы шаһарлардың (Картенна, Шершель, Гиппон, Типаса, Тимгад, Константина, Жамила т. б.) қираған Тимгад жұрты, 1-2 ғасырлар орны әлі бар. Аталған қалаларда ғибадатханалардың, театрлардың, жұртшылыққа арналған моншалардың, тұрғын үйлердің, базарлардың, көпірлердің, аспалы су науасының, жеңіс- салтанат қақпаларының, мавзолейлердің, қамалдардың қалдықтары сақталған. Орта ғасырлық қалаларда «касба» (қамал мен әміршінің сарайы), көптеген мешіт, медресе, сәулетті сарай, базар болды. 10 ғасырдан бастап Алжир қаласы, 12-13 ғасырда Тлемсен қаласы көркемделді. Тлемсеннің үлкен мешіті (12 ғ.), оның маңындағы Сиди мешіті мен медресесі және ғимараты өте сәулетті. Алжир, Константина қалаларында 16-18 ғасырлардағы түрік мирас-қорларының сәулетті сарайлары мен виллалары (Мұстафа паша сарайы, Бордо вилласы т. б.) әлі бар. Қалалардағы ескі үйлер - негізінен жайпақ шатырлы, 2-3 қабатты. Қыстақтардағы үйлер топырақ пен балшықтан соғылған. 1930 жылдардан бастап Алжир, Оран, Аннаб, Веджан (Бужи) т. б. қалаларда көп қабатты тұрғын, әкімшілік үйлері, әдемі виллалар мен жеке үйлер салынды (француз архитекторлары П.А.Эмери, Б.Зерфюсс, Л. Микель, П.Турнон т.б.). Алжир азат етілгеннен кейін тұрғын және мектеп үйлері құрылысына ерекше назар аударылып келеді.

Алжирдің 19-20 ғасырлардағы ою-өрнек өнері, орта ғасырлардағы сияқты, түрлі ою-өрнек салынған, әшекейленген әсем металл заттардан, ыдыстар мен подностардан, маталардан, кілемдерден, кестелерден, керамикадан, теріден жасалған бұйымдардан тұрады. Қыстақтардағы халық өнерінде дәстүрлі геометриялық сарын, Қызыл, көк, қара (кілемдерде), қызыл, сары (керамикада) түстер сақталған; ал кезінде түрік өнері ықпал еткен қала қолөнершілерінің туындыларында көп түсті өсімдік әлпеттес әшекейлер (гүл, жапырақ, сабақ) басым.

19 ғасыр мен 20 ғасырдың басындағы Алжирдің бейнелеу өнері француз суретшілерінің шығармаларынан құралады. 20 ғасырдың 20-30 жылдарында Алжир суретшілері (ағайынды Мұхаммед және Омар Расим, Темам Ранем) шықты. 1960 жылдары Алжирде 60-қа жуық суретші жұмыс істеді. Олар Алжир суретшілерінің ұлттық одағына біріккен. Реалистік бағыттағы суретшілер: X. Бенанбур, Б. Йеллес, М. Бузид, М. Иссиахен, И. Самсом, Байя, мүсінші М. Аддан. Бұлар өз шығармаларында Алжир халқының азаттық жолындағы күресі мен өмірін бейнелеген. Абстракцияшыл суретшілердің ішінде Ш. Месли, М. Хадда шығармаларын атап көрсетуге болады.

Музыкасы. Алжир музыкасы қоғамдық өмірмен және үй іші тұрмысымен тығыз байланысты. Ежелгі дәстүрлі араб-бербер музыкасы ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған. Әр дәуірдегі тарихи жағдайларға байланысты Алжир музыкасына түрлі елдердің музыкасы әсер еткен. Масинисса патша (Нумидия, б. з. б. 2 ғ.) үстемдік құрған заманда мұнда грек музыканттары келсе, Рим үстемдігі тұсында Алжирде грек және рим музыкасы орып алды, ал Византияға бағынған кезде христиандық әншілік өнердің ықпалы болды. Алжирді жаулаған кезде (7 ғ., әсіресе 10 ғасырлар) арабтар өз музыка мәдениетін, 16 ғасырларда түріктер әскери музыкасын ала келді. Орта ғасырларда Алжирде жергілікті музыка формалар жасалды. Олардың ішінде ең көп тарағаны - нуба. Алжирдің классикалық музыкасында әншілер, бір дауысты (унисон) хор, аспапшылар бірінен соң бірі шығып, музыка сюита (нуба) орындау дәстүрге айналған. Нубалар өз ара лад арқылы ажыратылады. Ұлттық оркестр құрамында уд, канун, ребаб. деф, дарбука т.б. халық аспаптары бар. Осы күнгі ұлт оркестріне скрипка, фортепьяно, мандолина енгізілген дәстүрлі классикалық және халық музыкасы жанрларының тоғысуы нәтижесінде 20 ғасырда жеңіл музыка жанры - әл-джад туды. Бұл жанрдың шебері - орындаушы, дирижер әрі композитор Хаж Мұхаммед әл-Анка.

Театры. Алжирде француз тілі тарауына байланысты француз театры өріс алды. Араб тілінде ойын көрсететін тұңғыш театр труппасы 20 ғасырдың 20 жылдары құрылды. Труппаны актер, драматург және режиссер Р. Ксентини ұйымдастырды, өзі 100-ден аса пьеса жазды. Олардың ішіндегі кең тарағаны. «Бу-Борма», «Зед-Алех» т.б. Бұл шығармаларда отарлық үстемдік туғызған реакциялық пиғыл-әрекет әшкереленеді. Кейіннен Б. Махиддин труппа құрды. Ол А. Нақлидің, М. Ульд Шайхтың т.б. пьесаларын, Мольердін. Софоклдің, Ибсеннің шығармаларын араб тілінде қойды. Махиддиннің өзі «Сатқындар», «Оянғандар», «Жарамсақтар ұрпағы» т. б. белгілі пьесалар жазды. Оның труппасындағы актерлердің көпшілігі Тунисте Алжир көркем-өнер ансамблін құрды. Ансамбль мүшелері түрлі елдердің көрермендерін алжир драматургтарының творчествосымен, халық фольклорымен таныстырды. Алжир тәуелсіз ел деп жарияланғаннан кейін, 1962 жылы осы ансамбльдің негізінде Алжир ұлттық театры құрылды. Театрға актер және режиссер М. Катеб басшылық етті. Театрда алжир және шетел авторларының драмалары қойылды.

Киносы. Алжирдің ұлттық кинематографиясы ұлттық-демократиялық революция кезеңінде (1954-1962) пайда болды. Сол тұста бірсыпыра документті және үгіт фильмдері жасалды. 1962 жылдан кейін Алжир кинематографистері хроникалық-документті фильмдерді көптеп шығарды, фольклорлық-этнографиялық сюжетке құрылған, революция күрес тақырыбына арналған тұңғыш көркемсуретті фильмдер түсірді. Таңдаулы фильмдері: «Алжир қаласы үшін шайқас» (1966), «Аурестен соққан жел» (1967).

Әдеб.: Энгельс Ф. Алжир. Маркс К. и Энгельс Ф. Сол.. 2 изд., т. 14; Новейшая история арабских стран. 1917-1968. -М., 1968; Новейшая история Африки. -М., 1968; Луцкий В. Б. Новая история арабских стран. -М., 1963.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-03-10 13:24:36     Қаралды-5306

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »