ҚАЙТА ӨРКЕНДЕУ ДӘУІРІ, Ренессанс (франц. enaissance, итал. Rinascimento от лат. renasci ) - Батыс және Орта Европа елдері мәдениеті тарихындағы орта ғасырлық мәдениеттен жаңа заман мәдениетіне өту дәуірі (Италияда шамамен 14-16 ғасырлар, басқа елдерде 15-16 ғасырлардың соңы). Қайта өркендеу дәуірі мәдениетінің негізгі ерекшеліктері - шынайылық, гуманистік дүние таным (Гуманизм), көне мәдени мұраларға ден қою, оны қайта «көркейту» (бұл термин байырғы итальян гуманистерінің еңбектерінде кездеседі, мыс., итальян суретшісі әрі тарихшы Дж.Вазаридің «Өмір суреттерінде» (1550) айтылған, ал ғылымда 18 ғасырдан бастап қалыптасты). Қайта өркендеу дәуірі мәдениеті феодалдық ескі қатынастар ыдырап, Европаның әкономикалық жағынан неғұрлым дамыған елдері мен аудандарында (ең алдымен Солтүстік және Орта Италия қалаларында) алғашқы капиталистік қатынастар бүршік жара бастаған және қала халқының орта ғасырлық сословиесінен буржуазия элементтері қалыптаса бастаған дәуірде туды. Адамдарға сословиелік-феодалдық қатынастар, корпоративтік байланыстылық, шіркеулік-аскеттік мораль, орта ғасырлық дәстүрлер тарлық ете бастады. Ол өзін қоршаған табиғат дүниесін басқаша көретін болды, оны пайымдап бағалауы, эстетикалық талғамы, өзін қоршаған шындық пен өткенге деген көзқарасы өзгерді. Бұл жаңа дүниетанымның қалыптасуына әр түрлі мамандықтағы, әр турлі әлеуметтік дәрежедегі адамдар - сол дәуірдегі қала интеллигенциясы - ақындар, философтар, филологтар, суретшілер, адам және адамзат дүниесін өздерінің зерттеу объектісі еткен білім салаларының өкілдері үлес қосты. Олардың - гуманистер, ал жаңа дүниетанымның - гуманизм болып аталуы да осыдан. Гуманистер озық ойдың еркін дамуына кедергі жасайтын орта ғасырлық моральга сүйенген дәстүрлер мен догмалық ережелерді өлтіре сынады: ғылыми-зерттеу еркіндігіне жол ашылды. Соның нәтижесінде шынайы ғылым, әдебиет пен өнер туды. Гуманистер өздерінің жаңа дүниетанымын баянды ету жолында орта ғасырда өрескел бұрмаланған көне мәдениетпен табысты. Қайта өркендеу дәуірі одан өзіне тумалас, аскеттіктен ада гуманистік (адамгершілік) рух, табиғат пен адамды зерттеуге негізделген мінез-құлық және сұлулық нормаларын тапты. Бірақ Қайта өркендеу дәуірі жай ғана көне мәдениетке оралу емес. Қайта өркендеу дәуірі мәдениетінің дамуына оның ұлттық дәстүрмен тығыз байланыста болуы көне мәдениеттен кем әсер еткен жоқ. Ол ұлттық дәстүрді ілгері дамытып, тарихи жаңа жағдайларға сай жаңаша түсіндірді. Олар өз творчестволарына ауқатты қала ақсүйектерінің, буржуазияның мақсаттарынан гөрі тарихи маңызды да анағұрлым ауқымды мәселелерді арқау етті. Қайта өркендеу дәуірі мәдениетінде буржуазиялық дүниетаным шеңберіне әсте сыймайтын ағымдар да болды. Утопиялық социализм (Т.Мор, Т. Кампанелла) тап осы уақытта туды, әдебиет пен бейнелеу өнерінде шынайы демократиялық құбылыстар дами бастады. Ал екінші жағынан мәдениеттің жаңа ренессанстық формаларын феодалдық ақсүйектер мен католик шіркеуі де қабылдап, оны өз мақсаттарына дайдаланды.
Қайта өркендеу дәуірі мәдениетінің хронологиялық шекарасы, оның территориялың таралуы, ұлттық ерекшеліктері туралы пікірлер әлі күнге даулы, аса күрделі мәселе болып отыр. Ренессанстық мәдениет әр елде әр түрлі дамыды. Феодалдардың экономикалық және саяси ықпалы ерте жойылып, 13-14 ғасырлардың өзінде-ақ капиталистік алғашқы өндіріс нышандары көріне бастаған, қала өмірі мейлінше дамыған ел - Италияда пайда болды да, оның анағұрлым тиянақталған классикалық белгілері осында туды. Оның үстіне бұл ел көне мәдениет орталығы еді. Сөйтіп мұнда көненің ықпалы мен ұлттық дәстүр тез жақындасты. Өнер зерттеушілері бейнелеу өнері мен архитектура материалдарын негізге ала отырып, Италиядағы Қайта өркендеу дәуірі мәдениетін 13-14 ғасырлардағы ренессанс қарсаңындағы құбылыстарды қоспай, мынадай кезеңдерге бөледі: Алғашқы Қайта өркендеу дәуірі (бейнелеу өнері мен архитектурада 15 ғасырда, бірақ итальян гуманистік әдебиетінде 14 ғасырдан бастап), Жоғары Қайта өркендеу дәуірі (15 ғасырдың ақыры - 16 ғасырдың 1-ширегі), кейінгі Қайта өркендеу дәуірі (16 ғ.). Италия Европадағы гуманизмнің нағыз «мектебіне» айналды, бірсыпыра Европа елдерінің (әсіресе Францияның) Италиядағы гуманистік мәдениетпен танысуына 1494-1559 жылдардағы Итальян соғыстары қолайлы жағдай жасады. Негізінен тек 15 ғасырдың аяғы мен 16 ғасырдың бас кезінде альпіден солтүстікке қарай тарап, әр елде өзінше сипат алған Қайта өркендеу дәуірінің мәдениеті әр елдің тарихи дамуы мен ұлттық дәстүрлерінің ерекшеліктерімен қоса, Европаның даму тарихындағы жаңа кезеңді бейнеледі. Бірақ бұл елдерде Қайта өркендеу дәуірі Европаның басқа елдеріне қарағанда анағұрлым қысқа болды.
Шығыс зерттеуші ғалымдар арасында белгілі тарихи кезеңдерге сәйкес Азияның, Закавказьенің бірқатар елдері мәдениетінде ренессанс белгілері болды деген бағыт бар (мыс., Қытайда 8-12 ғасырларда, Закавказье елдерінде 12-13 ғасырларда). Сөйтіп олар Қайта өркендеу дәуірін бүкіл дүние жүзілік тарихи құбылыс деп қарайды. Бұл ғылымда әлі шешілмеген, даулы мәселе.
Кейінгі Қайта өркендеу дәуірі кезеңінде көптеген ренессанстық идеялдар мен нормалар едәуір өзгерістерге ұшырады. Өзінің антифеодализмге және шіркеуге қарсы әрекетіне сай таза халықтық негізде туып, халықтық дәстүрлермен тығыз байланыста болған Қайта өркендеу дәуірі мәдениетінде ақсүйектік тенденциялар етек алды. Қайта өркендеу дәуірі гуманистік мәдениетінің дағдарысы, оның «ақсүйектенуі» манъеризмнің (Италияда 16 ғасырдың 20 жылдарында) және соған стильдес бағыттардың пайда болуынан айқын көрінді. Сонымен қатар кейінгі Қайта өркендеу дәуірінің гуманизмі оның аса көрнекті өкілдері У. Шекспир, Микеланджело, М. Сервантес творчестволарында өмір кашпылықтарын («трагедиялық гуманизм») көрсету арқылы байи түсті; жаңа жағдайларға сәйкес Қайта өркендеу дәуірі мәдениетінің орнына жаңа бағыттар бой көрсетті (Барокко, Классицизм).
Қайта өркендеу дәуірі Европа елдерінің мәдени және идеялық өмірінде аса зор прогрестік роль атқарды. Дүние жүзі мәдениетінің мәңгі құнын жоймайтын озық үлгілері осы кезеңде жасалды.
Педагогика. Қайта өркендеу дәуірінде осы дүниенің рақатын бекер деп санаған орта ғасыр аскетизмінің орнына өмір куанышы мен жігер қайраты мол, парасатты адамды дәріптеген гуманизм ілімі етек алды. Антика мәдениетінің мұраларына назар аудару, адамды қадірлеу, оның күш-жігеріне, қабілетіне сену гуманистердің көзқарасынан, сол кездегі алдыңғы қатарлы мектептердін оқу-тәжірибесінен айқын анғарылады. Гуманистер (Әразм Роттердамский, Ф.Рабле, М.Монтень т.б.) орта ғасырлың білім беру жүйесін аямай сынап, жоғары парасатты, қажырлы адамгершілік қасиеттері мол адамды тәрбиелеуді мақсат етті. Олар оқушыларды латын, грек авторларының шығармаларымен, Інжілдің діншілер бұрмаламаған түп нұсқасымен таныстыруды мектептердің ең басты міндеті деп санайды. Рабле, Монтень, Мор, Витторино да Фельтре сияқты гуманистер антика тарихы мен әдебиетін оқытумен бірге, мектептерде математика, астрономия, жаратылыс тану ғылымдарын міндетті түрде оқытып, адамның әр түрлі іс-тәжірибесін үйретуді де қажет деп есептеді. Гуманистер оқу мен тәрбиенің мақсатын жаңаша анықтап, оқыту әдістері мен тәсілдеріне көптеген жаңалықтар енгізді. Монтень, Рабле, Витторино де Фельтре т.б. оқыту мен тәрбиенің барысында балалардың ойлау қабілеті қалыптасып, айналадағы дүниені танып білуі қажет деп санады. Оқушылардың мектептегі жұмыстары қызықты әрі мағыналы болуы үшін, оқытуды заттардың қасиеттерін түсіндіруден бастап, олардың атауларын білген жөн, қағидадан бұрын фактілер, қорытудан бұрын бақылау тәсілі орындалуға тиіс дейді. Танып білу мақсатында, саяхат пен түрлі ойындарды қеңінен пайдалануды ұсынады. Қайта өркендеу дәуірінде педагогтар тіл үйрету жөнінде көптеген құнды пікірлер ұсынды. Монтень тіл үйренуді ең алдымен ана тілінен бастап, одан кейін көрші елдердің тілін үйретіп, ең соңында ғана грек, латын тілдерін оқытқан дұрыс деп санады. Ағылшын педагог-гуманисі Ашам латын тілін оқытудың жаңа тәсілін қолданды. Бұл әдіс бойынша бөтен тілдегі текстерді ана тіліне аударып, грамматикалық талдау жасатып, соңында сол тексті ана тілінен қайта латын тіліне аудартқан. Гуманистер балалардың дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оларды гимнастикалық және әскери жаттығулармен шұғылдандыру, жүзуге, шабандоздыққа, сайысқа, аңшылыққа, күреске, мергендікке үйрету қажет деп тапты. Сурет, музыка, мүсіндеу өнерлері арқылы, оқушыларға эстетикалық тәрбие беруді ұсынды. Гуманистер оқу-тәрбие жұмысының ең басты мақсаты - адамгершілікке тәрбиелеу, онсыз ешбір білімнің игілікті болуы мүмкін емес дейді. Олар балаларды қадір тұтуды жақтап, мектептердегі қатал тәртіпке, балаларды жазалауда қол жұмсауға қарсы болды. Педагог-гуманистер әйелдердің білім алуына ерекше көңіл бөледі. Қайта өркендеу дәуірі гуманизмінің елеулі прогрестік маңызы болғанымен, ол шын мәнінде таптық сипатта жаңа қалыптаса бастаған буржуазияның мақсат-мүддесін көздеп, сол үшін қызмет етті. Гуманистердің балаларды тәрбиелеу үшін қойған талаптары аристократтар мен буржуазиялық балаларын тәрбиелеуге арналды. Тек кейбір жеке гуманистер ғана (мыс., Мор) тарихта бірінші рет бүкіл халықтың мүддесіне сай ерлер мен әйелдерге тең праволы оқу, ана тілін оқыту және лекция залдары мен музейлер ұйымдастыру арқылы ересектердің білім алуына мемлекеттің жағдай жасауын талап етті.
Философиясы. Қайта өркендеу дәуірі термині бірінші рет 16 ғасырдың орта кезіндегі итальян суретшісі және өнер зерттеушісі Уазаридің еңбектерінде кездесіп, кейіннен ғылыми әдебиетте берік орын алды. Маркстік филос. тарихы Қ. ө. д- нің филос. идеяларын сол дәуірдің әкономик. және саяси-әлеуметтік жағ- дайларына, атап айтқанда, феодализм- нің дағдарысы мен капитализмнің туа бастауына байланысты түсіндіріяеді.
Қайта өркендеу дәуірінің философиясы 15-17 ғасырларда Италияда (Н.Кузанский, Валла, Пико делла Мирандолла, Леонардо да Винчи, Помпонации, Толезио, Бруно, Галилей, Карданб, Патрици, Макиавелли, Кампанелла т.б.), 15-16 ғасырдағы Францияда (Монтень, Раме, Шаррон Лефевр д’ Этапль, Доле т.б.), 15-17 ғасырдағы Германияда (Мюнцер, Рейхлин, Гуттен, С. Франк, Кеплер т. б.), 16-17 ғасырдағы Англияда (Т. Мор, Ф. Бэкон т.б.), 16 ғасырдағы Испанияда (Вивес, Уарте т.б.), Голландияда (Эразм Роттердамский т.б.), Швейцарияда (Парацельс), Польшада (Коперник т.б.), Чехияда (Коменский т.б.) кең өріс алды. Қайта өркендеу дәуірі философиясының идеялық қайнар көзі тек антика мәдениеті мен философиясы ғана болып қойған жоқ, ертедегі басқа да мәдениеттер мен ілімдердің, әсіресе орта ғасырдағы дінге қарсы саналы ой мен күрестің де ықпалы зор болды. Сонымен қатар Қайта өркендеу дәуірінің философиясына материалистік нышанға бай ғылыми танымның табыстарына негізделген араб философиясы мен ғылымы күшті әсер етті. Қайта өркендеу дәуірі философиясы гуманизм идеологиясы негізінде дамыды. Сол кездегі жеке адамның өскелең талаптілегіне сай келетін гуманизм Қайта өркендеу дәуірі философиясындағы ең маңызды салаға айналды. Қайта өркендеу дәуірі философиясында материалистік бағыт сол кездегі Ұлы жаңалықтардың (әсіресе Коперниктің гелиоцентризмі) және 15-16 ғасырдағы өнер мен техника өндірісі жаңа салаларының өркендеуі нәтижесінде қалыптасты. Энгельс айтқандай шын мәнінде «нағыз революцияшыл» жаратылыс тану - астрономия, механика, география т.б. ғылымдары кең өріс алып дами бастады.
Қайта өркендеу дәуірі философиясы феодализмнің дағдарысқа ұшырап, капитализмнің пайда болуы дәуіріндегі идеология болғандықтан оның өзіне тән мазмұн мағынасы болды. Экономикалық және саяси-әлеуметтік салалардағы ескі мен жаңаның күресі Қайта өркендеу дәуірі философиясында гуманистік этика, утопиялық социализм, натурфилософия мен гносеологиядағы материалистік бағыт, идеализм мен діни көзқарасқа қарсы күрес ретінде қалыптасады. Бұл кезеңнің көрнекті өкілдері Галилей мен Ф. Бэкон ғылым мен философиядағы жаңа кезеңді бастады. Қайта өркендеу дәуірінің ой-шылдары шексіз материалдық дүниенің ешбір сыртқы күштің - құдайдың құдіретінсіз-ақ өзіндік заңдылық пен себеп пен салдар байланысы арқылы өздігінен өмір сүреді дел түсіндіруге тырысты. Қайта өркендеу дәуірі философиясында антика дәстүрі мен жаратылыс тану ғылымдарының даму ықпалында натурфилософия тұрғыдан материя мәселесі зерттеледі. Атомистік концепцияны дамытқан эпикуризмді жақтаушылар Валла, Уарте, Монтень, Шаррон және Галилей болды. Пантеистік концепцияны дамытумен шұғылданған Кардано, Николай Кузанский, Толезио, Бруно материалық дұние болмысының бір тұтастығынан оның алуан түрлі заттарға бөлінуін түсіндірмек болды. Материя проблемасына тығыз байланысты қозғалыс және оның себебін ашу мәселесі Қайта өркендеу дәуірі философиясында стихиялы диалектика тұрғысынан қаралып, материядан бөлінбес өзіндік белсенді қозғаушы күші (Парацельс, архей - өмір күші) бар деп санады. Пантеистік көзқарас құдайды табиғатқа балау арқылы орта ғасыр телологиясына қарсы дүниенің өзіндік заңдылық пен дамуы жөніндегі идеяның негізін қалады. Леонардо да Винчи ілімінде қозғалыс жөнінде материалистік көзқарас айқын аңғарылады. Ол қозғалысты материяның өзіне тән белсенділік деп, үздіксіз аласапыран өзгерістердің нәтижесінде табиғаттың ешбір элементі жоғалып кетпейді, бірақ бір түрден екінші түрге; бір күйден екінші күйге түсіп, мәңгі-бақи құбылып отырады деп түсіндірді. Қайта өркендеу дәуірінің философиясына тән гносеологиялық жаңа бағыт схолостика мен діни догмаларға қарсы, тәжірибені, түйсік пен сезімді таным процесінің ең бастапқы қадамы деп санады. Дж. Бруно мен Н. Кузанский таным сатыларын - түйсік, парасат, ақыл және рух немесе интуицияны анықтады. Қайта өркендеу дәуірінің философиясы, негізінен алғанда материалистік таным теориясы мына принциптерге сүйенеді: Адамның өзін қоршаған айналадағы табиғатты дұрыс түсініп, танып-біле алатындығы; Сыртқы дүниенің әсерін сезім мүшелері арқылы адамның қабылдауы; Адамның дүние тануын басқарып отыратын материалдық емес ерекше күш жоқ деп санау; ақылдық, логикалық ойдың құдіретті күшіне, қабілетіне сену және онсыз сезімдік таным арқылы ақиқат білімге жетудің мүмкін еместігін мойындау. Қайта өркендеу дәуірі философиясында табиғаттың бір тұтастығы, дүниенің мәңгі қозғалыста өзгерістерге ұшырауы жөніндегі диалектика ой өріс алып, дами бастады. Кузанский қозғалыстың себебі ішкі қайшылықтар және қарама-қарсылықтың сәйкес келуі деп білді. Толезнио дүниедегі барлық өзгеріс қарама-қарсы күштердің күресі арқылы болады дейді. Леонардо да Винчи, Джордано Бруно ілімдері де қарама-қарсылықтың күресі мен бірлігі жөніндегі идеяға сүйенетін даму концепциясы орын алады.
Әдебиеті. Қайта өркендеу дәуірінің әдебиеті ең алдымен Италияда қала мәдениетінің қарыштап дамуына байланысты өркендей бастады. Бұл кезде (13-14 ғасырлар) Италияның ұлы ақыны Данте Алигьери («Құдіретті комедияның» авторы) итальян халықтық тілінің қорғаушысы және ұлттық бірліктің жаршысы ретінде көрінді. 14 ғасырда жасаған Петрарка лирикалық «Сонеттерінде» шындық пен адамгершілікті мадақтады, адамның асыл сезімін, ізгі мұратын жырлады. Классикалық новелланың негізін салушы Дж. Боккаччо «Декамерон» атты шығармасында өмір көріністерін шыншылдықпен суреттеді. 15-16 ғасырларда пародия жанры едәуір дамыды. Қайта өркендеу дәуірі кезінде Германияда әдебиет негізінен сатиралық арнада (С.Бранд, Т.Мюнцер т.б.) өркендеп, памфлеттік, пародиялық шығармаларда надандық пен озбырлық, арамтамақтық пен дүниеқоңыздық сынға алынды. 16 ғасырда Франция әдебиеті (К.Маро, П.Ронсар, Б.Деперье т.б.) гумманистік идеяны ту етіп, халықтық мүддені жақтады. Ф. Рабле «Гаргантюа мен Пантагрюэль» атты романында халық өмірін терең гуманистік махаббатпен суреттеді. Қайта өркендеу дәуірінің идеялары Испанияда М.Сервантес творчествосында («Дон Кихот» романы т.б.) айқын көрінді. Англияда Дж.Чосер, К.Марло, В.Шекспир, Б.Джонсон т.б. шығармаларында Қайта өркендеу дәуірінің шындығы терең бейнеленген. Әсіресе Шекспир творчествосы бұл кезеңдегі әдебиеттің асқар шыңы болып саналады.
Қайта өркендеу дәуіріндегі ұлы өзгерістер әсіресе архитектура мен бейнелеу өнері саласынан айқын көрінді. Онда орта ғасырлық діни мұраттар мен догмалық шарттылықтарға дүние мен адамды жете танып білуді, өмірді, адам мен оның жасампаздық күш-қабілетін сүюшілікті қарсы қою басты мақсатқа айналды. Дүниені танудың объективтік заңдарын танып білуге деген құштарлық Қайта өркендеу дәуіріндегі өнерге сындарлы сипат бере отырып, дүние жүзі өнерінің жаңа заманға сай бағыт-бағдарын жасады. Орта ғасыр өнер шеберлері коллективті творчествоға ден қойып келсе, Қайта өркендеу дәуірінің асқан сәулетшілері мен суретшілері шынайы өмірмен органикалық байланыстағы дара туындыларымен дүние жүзіне танылды. Архитектурада зиялыларға арналған құрылыстар - қоғамдық ғимараттар, сарайлар мен тұрғын үйлер салу басты орын алды. Өнердегі діни сюжеттердің орнына нақты өмір көріністерін бейнелеген туындылар келді.
Қайта өркендеу дәуірінің архитектурасы мен бейнелеу өнері алғаш Италияда пайда болып, бірте-бірте шырқау биікке көтерілді. Оның алғашқы қарлығаштары 13 ғасырдың 2-жартысы мен 14 ғасырдың басында өмір сүрген мүсіншілер Никколо Пизано, Арнольфо ди Камбио және кескіндемеші Пьетро Каваллини болды. 14 ғасырда пайда болған готикалық реакция Қайта өркендеу дәуірі өнерін біршама тежегенімен түбегейлі тосқауыл бола алмады. 15 ғасырда Қайта өркендеу дәуірі өнері әсіресе Флоренцияда жоғары сатыда дамыды. Итальян Бастапқы қайта өркендеу дәуірі архитектурасы (Ф. Брунеллески, Микелоццо, Л. Баттиста Альберти, Б. Росселино, Джулиано да Майано, Джулиано да Сангалло) алғаш Флоренцияда етек алды. Бұл дәуірдегі сәулет өнері ғимарат салу ісіңдегі көне заманнан келе жатқан мол тәжрибені творчестволықпен ілгері дамыта отырып, оны сан қырлы сипаттағы жаңалықтармен байытты. Динамикалық жағынан күрделі болып келетін готикалық құрылыстарға қарағанда құрылымы айқын да жинақы, интерьері кең әрі жарық ғимараттар тұрғызу Қайта өркендеу дәуірі архитектурасының басты жетістігіне айналды. Көне дәуірдің ордерлер жүйесін творчестволықпен алуан тәсілде қолдану Қайта өркендеу дәуірі сәулет өнеріне жаңа сипат, көркемдік сапа әкелді. Алып фасадты сарайлар, террасалы виллалар, әсем лоджиялар мен портиктер, еңселі аркалар осы дәуір архитектурасының өз ерекшелігін паш етті. Құрылысты жүйелі жоба бойынша салу, алаңдар мен аудандарды, кейде бүтіндей қаданы (Пиенца) ансамбльдік тұтастықта тұрғызу - қала салу ісінің жаңа мүмкіндіктерін туғызды. 15 ғасырда Флоренцияда қалыптасқан жаңа өнер бірте-бірте бүкіл Италияға кең қанат жайып, өз бойындағы орта ғасырлық сарқыншақтардан арыла бастады. Мүсін өнерінде (Л. Гиберти, Донателло, Якопо делла Кверча, Роббиалар, А. Росселино, Дезидерио да Сеттиньяно, Бенедетто да Майано, Андреа дель Верроккьо) статуя, рельеф, бюст, қабырғалық құлпы тас, альтарлық композиция, ат бейнеленген монумент т.б. өріс алды. Ал бейнелеу өнерінде иконалардың орнына картиналар салуға мықты бет бұрыс жасалды, фреска өнері шырқау шыңға көтерілді. 15 ғасырдағы итальян суретшілері өзінің өміршеңдігімен көз тартарлық, тұтас бір кезеңді бейнелеген реалистік ғажайып туындылар жасады. Леонардо да Винчидің, Рафаэльдің, венециялық қыл қалам шеберлері Тициан мен Джорджоненің, Микеланджело мен Корреджоның ізгі адамгершілік мұраттарды, өмірге құштарлықты, адам таланты мен оның күш-құдіретіне деген сүйіспеншілікті ту етіп көтерген асқақ әрі мәңгі өшпес шығармалары адамзат қазынасының алтын қорына қосылды. Қайта өркендеу дәуірі өнерінде өткір дағдарыс пен драматизм, тоқырау сияқты ішкі қайшылықтар болып отырды. Осының салдарынан өнердің сан алуан түрлері бір келкі дами алмады. 16 ғасырдың 2-ширегінің өзінде-ақ бұл өнер Италияда дағдарысқа ұшырады. Мұны Микеланджело мен Тициан творчествосының соңғы кезеңіндегі туындыларынан айқын аңғаруға болады. Қаһарман күресі мен оның сөзсіз қазаға ұшырауы, үмітсіздік пен адам көңіл-күйінің сан алуан драматизмге толы сәттері осы кезең суретшілерінің өзекті тақырыбына айналды. Кезінде готикалық өнердің туын тіккен Бургиндиядан 14-15 ғасырда Жан Малуэль, Анри Белыноз, Мельхиор Брудерлам, Клаус Слютер, Клаус де Верве сынды қыл қалам шеберлері мен мүсіншілер шығып, Нидерланды мен Францияда реалистік өнердің дамуына жол салды. 15 ғасырда Нидерландыда адам мен оны қоршаған дүниені нанымды түрде көз жеткізе бейнелей білген өнер мектебі шаңырақ көтеріп, қалыптасты, 15 ғасырдың аяғы мен 16 ғасырда Нидерланды өнерінің прогресшіл жолмен дамуы оның нақты өмір шындығы мен халық тұрмысын бейнелеуге ұмтылуынан, портрет салудың, тұрмыстық жанр элементтерінің, пейзаждың, натюрморттың дамуынан (К.Массейс, Л.Лейденский, Й.Патинир, П.Артсен), халық өмірі мен фольклорға ден қоюдан айқын байқалды. Германияда Қайта өркендеу дәуірі өнерінің гүлденуі қысқа мерзімді (15 ғасырдың аяғы мен 16 ғасырдың 1-ширегі) әрі драматизмге толы болды. Ол ескі мен жаңаның, ұлттық өнер мен итальяндық өнердің, зиялылар көзқарасы мен діни көзқарастың, реформизм мен гуманизм мұраттарының күрделі түрде ұштасып, ұласа дамуымен, халықтық козғалыс ықпалын бойына сіңіруімен сипатталады. Бұл А. Дюрер, М. Нитхардт, Л. Кранах, мүсіншілер П. Фишер, Т. Рименшнейдер, А. Крафт творчествосының тығыз байланыста болуына әсерін тигізді. Францияда Қайта өркендеу дәуірі өнерінің дамуына жергілікті готиканың бай дәстүрлері, көне мұрамен жақсы таныстық, Италия, және Нидерландымен арадағы тығыз қарым-қатынас игілікті ықпал жасады. Әсіресе 15 ғасырдың 2-жартысынан басталған мемлекетті бір орталыққа біріктіру саясаты мәдени шоғырланудың үлкен факторына айналды. Француз Қайта өркендеу дәуірінің белгілі өкілдері: Ж.Фуке, Ж. және Ф.Клуэлер, мүсіншілер М.Кломб, Ж.Гужон, Ж.Пилон, Англияда 14 ғасырдың аяғы мен 15 ғасырда діни және портреттік кескіндеме пайда бола бастаған реалистік ізденістерді ішкі соғыстар мен Генрих VІІІ-нің реформалары кілт үзіп тастады. Дания мен Швецияда Қайта өркендеу дәуірі өнерінің белгілері сарайлардың, мекен-жайлар мен қоғамдық ғимараттардың архитектурасынан бой көрсетті. Қайта өркендеу дәуірі мәдениеті Пиреней түбегінде ерекше жағдайда өркендеді. Ол 15 ғасырдың ақырында аяқталған арабтарға қарсы азаттық соғыс жағдайында жүзеге асты. Мұнда қаһармандық мұраттар мен діни аекетизм, жарқын ұлттық қолтаңба мен араб мәдениетінің күшті ықпал-әсері өзара ұштасып жатты. Орталық және Шығыс Европа елдері де Қайта өркендеу дәуірі мұраттарының қуатты әсер-ықпалын басынан кешірумен бірге, олардың өздері де ренессанс мәдениетін дамытуға ат салысты. 14 ғасырда Чехияда реалистік портрет пайда бола бастады. 15-16 ғасырда Венгрияның құрамында болған Словакияда Қайта өркендеу дәуірі реалистік өнерінің белгілері бой көрсетті. Қайта өркендеу дәуірі өнері 15 ғасырдың аяғы мен 16 ғасырдың басында Венгрияда ерекше гүлденді. Кең халықаралық байланыстары болған Польшаның өнерінде 15 ғасырда реалистік ізденістер басым болды. 16 ғасырда Қайта өркендеу дәуірі өнерінің ықпал-әсері Шығыс Европаға кең жайылып, Румыния (Брашов, Хунедоара), Батыс Украина (Львовтың Базар алаңындағы ғимараттар), Литва (Вильнюс, Каунас т.б.) сәулет өнерінен, сондай-ақ портреттік және діни кескіндемеден елеулі орын алды. Қайта өркендеу дәуірінің өнері Москва Кремльін салуға қатысқан итальян сәулетшілерінің еңбектері арқылы 15-16 ғасырда Россияға тарады.
Театр өнерінде Қайта өркендеу дәуірі мәдениетінің прогресшіл, гуманистік мән-мазмұны көне заман драматургиясының, театр архитектурасы мен драма теориясының зор ықпалымен өзінің жарқын көрінісін тапты. Бірқатар елдердің төл драматургиясы қалыптасты. Сахна өнерінде алып тұлғалардың жан дүниесіне ден қою басым болды, актер өнері өз дәуіріндегі ұлы драматургтардың поэтикалық түсінігіне сәйкес кең құлашты, эпикалық қуатымен ерекшеленді. Жаңа театр эстетикасы орындаушылар алдында драматургтың түпкі ойына терең бойлай отырып, көп қырлы, аса күрделі характерлер жасау талабын қойды. Театр өнеріндегі реализм шынайы өмір қайшылығын бейнелеу, халық өнерінің дәстүрін дамыту, трагедиялық пен комедиялық, поэтикалық пен буффонадалық элементтерді батыл шендестіру секілді мәселелермен сипатталды. Қайта өркендеу дәуірінде театр профессионалдыққа бет бұрып, драматургия мен актерлік өнер теориясы жасалды; алғашқы театр ғимараттары тұрғызылды. Әсіресе театр өнері Италия, Испания және Англияда өрледі. Карнавал буффонадасы мен маскаларының, халық фарстарының реалистік дәстүріне негізделген импровизациялық дель арте комедиясы (16 ғ.) итальян театрының зор табысына айналды. Халық театры мен әдеби драмалардың синтезі Испанияда, Сервантес пен Лопе де Вега драматургиясында (16 ғасырдың 2-жартысы мен 17 ғасырдың басы) жүзеге асты. Қайта өркендеу дәуіріндегі театрдың толық гүлденіп өсуі Шекспир творчествосымен байланысты болды.
Қайта өркендеу дәуірінде профессионалдық музыка тек шіркеулік өнер болудан қол үзді. Ол халық музыкасының ықпалын бойына сіңіре отырып жаңа гуманистік дүниетаныммен толысты. 14 ғасырда Франция мен Италиядағы «Аrt nova» («Жаңа өнер») өкілдерінің творчествосында, ағылшынның (15 ғ.) нидерландықтар (15-16 ғ.) мен римдіктердің, венециялықтардың, француздар мен немістердің, поляктар мен чехтардың (16 ғ.) жаңа полифониялық мектептерінде вокальдық және вокальдық-аспаптық полифония өнері жоғары сатыға көтерілді. Италияда фроттола және вилланелла, мадригал, Испанияда вильяниско, Англияда баллада сияқты ақсүйектерге тән музыкалық өнерінің түрлі жанрлары пайда болды. Контрреформация кезеңінде діни музыканы көп дауыстылықтан тазарту мәселесі қолға алынды; тек Палестринадағы рим мектебі басшыларының реформасы ғана католик шіркеуі үшін «тазартылған», «екшелген» полифонияны сақтап қалды. Қайта өркендеу дәуіріндегі ақсүйектер музыкасының кейбір қол жеткен құнды жақтары да осы Палестрина өнері арқылы танылды. Аспаптық музыканың жаңа жанрлары қалыптасып, лютня, орган және верджинелада ойнаудың ұлттық мектептері пайда болды. Италияда ысқылы музыкалық аспабын жасау елеулі сатыға көтерілді; ақсүйектер қауымына кең тараған виола мен халық музыкалық аспабы - скрипка арасындағы «күрес» әр түрлі эстетикалық көзқарастар қақтығысын туғызды. Музыкадағы Қайта өркендеу дәуірі жеке, ән, кантата, оратория, опера сияқты жаңа музыкалық жанрларының тууымен аяқталды.
Әдеб.: Әнгельс Ф., Диалектика природы, Маркс К. и Энгельс Ф., Соч., т. 20 (С. 345-347, 508-509); его же, Людвиг Фейербах и конец классической немецкой философии, (гл. 4), там же, т. 21; Грамши А., Избр. произведения, т. 2-3, М., 1957-1959; Сказкин С.Д., К вопросу о методологии истории Возрождения и гуманизма, в сб.: Средние века, в. 11, 1958; Гуковский М. А., Итальянское Возрождение, т.1-2, Л., 1947-1952; Лазарев В.Н., Происхождение итальянского Возрождения, т. 1-2, М., 1956-1959; История философии, т. 2, М., 1941; История английской литературы, т.1, -М.-Л., 1943-1945; Алпатов М. В., Итальянское искусство эпохи Данте и Джотто, М.-Л., 1939; Ротенберг Е., Искусство Италии. Средняя Италия в период Высокого Возрождения, М., 1966; Бояджиев Г.Н., Вечно прекрасный театр эпохи Возрождения, Л., 1973.
Жарияланған-2019-08-29 15:07:42 Қаралды-14774
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану