UF

Уақыттың бірнеше күннен қуралатын шағын кесінділерін әр түрлі халықтар пайдаланған. Римдіктер мен этрускілерде сегіз күндік апта болған, оның жеті күні - жұмыс күні, сегізіншісі базар күні болып есептелген. Бірталай калықтарда бес күндік апта болған. Жеті күндік апта жөніндегі ең ескі мағлұматтар ежелгі шумер жазуларында кездеседі. Уақыттың практикада қолданылған тұрақты өлшемі ретінде жеті күндік апта Ежелгі Вавилонда қалыптасты. Ежелгі Египетте, майяларда т. б. апта есебі мүлде болмаған.

Вавилонда аптадағы күндер мен планеталардың сәйкестігін бейнелейтін арнаулы фигура - дұрыс жетібұрыш болған. Ол қасиетті деп есептелген. Циркуль мен сызғышты ғана пайдаланып, мүлтіксіз дәл дұрыс жетібұрыш салуға болмайды. Оның сондай геометриялық ерекшелігі бар. Әдетте жетібұрыш жуық түрде салынады, ол үшін шеңбер жуық түрде өзара тең жеті бөлікке бөлінеді де, бөлу нүктелері, арадан екеуі қалдырылып, кесінділермен қосылып отырады. Бөлу нүктелері, «Күннен» бастап, 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7 деп нөмірленген болса, кесінділер 1-4, 4-7, 7-3, 3-6, 6-2, 2-5, 5-1 болып тұйықталады.

Вавилон абыздары Күн мен Айды (бұлар планета емес), бес үлкен планетаны алған. Басқа планеталар ол кезде белгісіз болган: Уран 1781 жылы, Нептун 1846 жылы, Плутон 1930 жылы табылған. Ұсақ планеталар да аз емес. Білген болса, мумкін, абыздар бұларды да құдайлар тізіміне кіргізер еді. Вавилондықтар Жерді планета деп есептемеген.

Вавилонда шыққан жеті күндік апта бертін келе, негізінен алғанда орта ғасырларда, дүние жүзі халықтарының бірсыпырасына жайылды, турмыста қолданылатын болды. Кейбір тілдерде планеталардың аттары да (кейде мағынасы бойынша аударылып) «өздеріне тиісті» күндерде сақталып қалды. Енді сол апта күндерінің аптарына тоқталып өтейік (төмендегі тізімдерде 1 цифры жексенбіге, 2 - дүйсенбіге, ..., 7 - сенбіге сәйкес келеді).

Француз тілінде:

1. Диманхе - Күн күні

2. Лунди - Ай күні

3. Марди - Марс күні

4. Меркреди - Меркурий күні

5. Жоди - Юпитер күні

6. Вендреди - Венера күні

7. Замеди - Сатурн күні.

Испан тілінде:

1. Доминго

2. Лунес

3. Мартес

4. Мирколес

5. Хуэбес

6. Вирнес

7. Сабадо.

Итальян тілінде:

1. Домини

2. Лунай

3. Мартис

4. Меркурий

5. Иовис

6. Венерис

7. Затурни

Латын тілінде:

1. Золис

2. Лунай

3. Мартис

4. Меркури

5. Иовис

6. Венерис

7. Сатурни.

Румын тілінде:

1. Думинека

2. Юни

3. Марти

4. Миркури

5. Иой

6. Винери

7. Зәмбата.

Грек тілінде:

1. Кериаксе

2. Дентера

3. Трите

4. Теторте

5. Пемпте

6. Параскене

7. Саббатон

Көне еврей тілінде:

1. Иойін ришин

2. Иойін шейнен

3. Иойін шувайыш

4. Иойін арба

5. Иойін хомише

6. Иойін шише

7. Иойін шиве.

Үнді (хинди) тілінде:

1. Равивар

2. Сәуімвар

3. Мангалвар

4. Судхавар

5. Вирвар

6. Шукравар

7. Шапнивар.

Қалмақ тілінде:

1. Нарын өдір

2. Сар өдір

3. Мигмир өдір

4. Үлміджі өдір

5. Пурвә едір

6. Бәсне өдір

7. Бемба өдір.

Неміс тілінде:

1. Зонтаг

2. Монтаг

3. Динстаг

4. Митвох

5. Доннерстаг

6. Фрайтаг

7. Зонабенд.

Қазіргі еврей тілінде:

1. Зунтык

2. Монтык

3. Динстак

4. Митвох

5. Донерстык

6. Фрайтык

7. Шабыс.

Фин тілінде:

1. Суннунтай

2. Маанантай

3. Тийстай

4. Кескивийкко

5. Торстай

6. Перьянтай

7. Лауантай.

Француз, итальян, испан, румын, латын, ағылшын, неміс, үнді және қазіргі еврей тілдеріндегі күн аттарының Күннің, Айдың және планеталардың атауларына байланысты екендігі көрініп тұр. Мағынасы бойынша фин тіліндегі күн аттары да осы топқа жатады. Швед, голланд, дат, норвег, португал тілдеріндегі күн аттары да осыларға ұқсас. Грек тіліндегі атаулардан планетаның аты тек сенбіде ғана қалған, «Саббатон» - «Сатурн» атауының грекше баламасы. «Дентера», «трите», «теторте» т. с. с. - «екінші», «үшінші», «төртінші» т. с. с. (күн) мағынасындағы реттік сан есімдер. Сұлулық пен махаббат пірі болып есептелген Венера Солтүстік Европа елдерінде Фрея деп аталған. Неміс тіліңдегі «фрейтаг», ағылшын тіліндегі «фрайди», қазіргі еврей тіліңдегі «фрайтык» осыдан шыққан, Фин тіліндегі «тай», үнді тіліндегі «вар», қалмай, тіліндегі «өдір» т. с. с. «күні» ұғымын білдіреді.

Славян тілдерінде планета аты тек сенбіде ғана сақталған. «Суббота», «собота» - «Сатурн күні» деген сөз.

Орыс тілінде:

Воскресенье

Понедельник

Вторник

Среда

Четверг

Пятница

Суббота.

Чех тілінде:

Неделя

Понделок

Второк

Стреда

Чтверток

Пяток

Собота.

Поляк тілінде:

Нидтзиля

Понидялек

Вторак

Срода

Свартек

Пятек

7. Собота.

Болгар тілінде:

Неделя

Понеделннк

Вторник

Сряда

Четворток

Петок

Собота.

Аптаның ортасы болғандықтан, сәрсенбі күні «среда» («срода», «сряда», «стреда») деп аталған. «Вторник», «четверг», «пятница» - екінші, төртінші, бесінші күндер (жексенбіден кейін келетін). Жексенбі күні бұрын «неделя» болған, бертін «воскресенье» деп аталған. Бұл сөздің төркіні - «воскресение», мағынасы - «өлген кісінің тіріліп, өмірге қайта келуі». Христиан дінінің уағыздары бойынша Христос келешекте, бір жексенбі күні тіріледі-міс. Тірілуін былай қойғанда, Христос тумаған кісі. Ол жөнінде алдыңғы тарауда айтылған болатын. Қарапайым халықтың Христостың өлген-тірілгенінде жұмысы жоқ, әйтеуір «воскресенье» күн аты ретінде, осылай қолданылып келеді. Поляктар, чехтар және болгарлар жексенбіні «неделя» дейді. «Понедельник» - «неделядан кейін келетіп күн» деген сөз. «Неделя» сөзі екі мағынада қолданылған. Біріншісі - «апта» немесе «жеті күн». Екіншісі мағынасы бойынша - «демалыс күні», «жұмыс істемейтін күн» («не дельный день», «не делать»). Орыс тілінде казір бірінші мағынасында ғана қолданылады.

Біздің заманымыздың I ғасырында кейбір араб тайпалары апта есебін қолдана бастады, бұл есеп Сириядан келді. Онда апта күндері былай аталды: 1) әууәл (жексенбі, «алғашқы», «бірінші күн» мағынасында), 2) ахвап (дүйсенбі), 3) джубар (сейсенбі), 4) дубар (сәрсенбі), 5) мүніс (бейсенбі), 6) аруба (жұма), 7) шияр (сенбі). VII ғасырдың орта кезінен бастап бұл күндер былай аталатын болды:

1. Яуім.эл = ахад - жексенбі,

2. Яуім әл = иснайн - дүйсенбі,

3. Яуім әс = саласа - сейсенбі,

4. Яуім әл = әрбыға - сәрсенбі,

5. Яуім әл = хамис - бейсенбі,

6. Яуім әл = джумға - жұма,

7. Яуім әс = сәбіт - сенбі,

Апта күңдерін арабтар қазір де осылай атайды. Мұнда, жұмадан басқа, күн аттары реттік сан есімдер арқылы жасалған, планеталар жоқ. «Яуім»- «күні» деген сөз. Арабтар планеталарға табынбаған.

Әл-джұмға сөзі «жинақ» ұғымын білдіреді. Арабтарда және мұсылман дінін тұтатын басқа да бірталай елдерде апта сенбіден басталып, жұмамен аяқталып отырады, жұма демалыс күні болып есептеледі, аптаның қорытындысы сияқты. Ислам дінінің уағыздары бойынша жұма күні ересек адамдар бір жерге (мешітке) жиналып, намаз оқулары керек. Бұл жөнінде құранның 62-суресінде айтылған. Суренің аты - «әл-джұмағат», орыс тіліне «собрание» түрінде аударылады. «Жұмға» сөзі осыдан шыққан болуы керек. «Жұма» («жұмға») атауы бертін пран және түркі халықтарына ауысқан.

Ежелгі ІІерсияда (Иранда) жеті күндік апта болмаған, айдағы 30 күннің әрқайсысының жеке-жеке атаулары болған. Ежелгі Египетте де солай еді. Персияда жеті күндік апта бертін қабылданған. Күндердің қазіргі парсы тіліндегі атаулары төмендегідей.

 

Күндер

Айтылуы

Жазылуы

сенбі

шембе

шінбе

жексенбі

йек=шембе

иік шінбе

дүйсенбі

дө = шембе

до шінбе

сейсенбі

се=шембе

се шінбе

сәрсеибі

чехар = шембе

чеһар шінбе

бейсенбі

пендж = шембе

підж шінбе

жұма

джома

жұмға

 

 

 

Казақ тіліндегі күн аттары осыларға жақын екендігі даусыз. Сондықтан бұл мәселеге толығырақ тоқталу қажет.

 

Жұма күнінің аты парсы тіліне араб тілінен ауысқандығы талас тудырмайды. Қалған алтауы араб тілінде кездеспейді.

Ерте замандарда Вавилон мен Египетті парсылардың жаулап алып, ғасырлар бойы өкімін жұргізгені мәлім. Алайда ол кезде Иранда жеті күндік апта қолданылмаған. Қалендарьдан дүние жүзілік маңызы бар өшпес еңбектер жазған және парсы календарын жетік білген ұлы ғалымдар - Ә. Бируни (973-1048) мен О. Хайямның (1048-1131) кітаптарында да апта есебі айтылмайды. Иран тарихына қатысты көптеген мәселелер Рашид-ад-диннің (1247-1318) жылнамаларында келтірілген. Бірақ апта оларда да кездеспейді. Фазлуллаһ Рашид-ад-дин - белгілі иран тарихшысы, мұсылман дінін тұтқан оқымысты адам, Иранды билеген монғол хандарының сарапшысы және уәзірі болған, парсы тілінде бірсыпыра еңбек жазып қалдырған. Еңбектерінің ең маңыздысы - «Джәми-әт-тауарих» (мағынасы - «Жылнамалар жинағы», «Сборник летописей», қазір орыс тілінде аудармасы бар, 3 том); Онда монғолдар пмпериясының тарихына қатысты деректер, Шыңғысханның, оның балалары мен немерелерінің шежірелері, соғыстары, заңдары т. с. с. баяндалады. Рашид-ад-дин еңбектерінде мүшел жылдары, хиджра жылдары, араб айлары ғана бар. Демек, апта күндерінің жоғарыда келтірілген атаулары Иранда Рашид-ад-дин тұсында қолданылмаған.

Жеті күннің парсыша атауының алтауында «шембе» сөзі кездеседі. Мұның мағынасы қандай? Күн де, Ай да, планеталар да, жұлдыздар да парсы тілінде «шембе» деп аталмайды (бұл жөнінде парсы календарына арналған тақырыпта толығырақ айтылады). Ал сонда «шембе» парсы тілінің сөзі бола ала ма? Бұл мәселе ойландырады. Парсы тіліндегі «шәмг-чирағ» қос сөзі қазақ тіліне еніп, «шамшырақ» болып кеткен, мағынасы - «жарық көзі», «сәуле шығатын нүкте». Жоғарыдағы «шембе» осыған жақын. Іздестіріп көрсек, бұл сөздің төркіні әріде, Орта Шығыс халықтарының көне тілдерінде жатыр. Шумерше Күн - «Шамму», көне еврей тілінде аспан - «Хамму», вавилонша Күн - «Шамаш», көне сирия тілінде Күн - «Шәмші», арабша Күн - «әш-Шәмсі». Бұларға қарағанда «шембе» сөзі Қос өзен халықтарының бірінің (мәселен, Сирия) тіліндегі сөз болуы керек. Алғашқы тұлғасы «шәмме», «шәммі», «шәмму» болуы мүмкін. Қалай болған күнде де «шембе» сөзінің мағынасы - «жарық шығаратын аспан денесі», ол Күнді де, Айды да, жұлдыздар мен планеталарды да қамтиды. Бұл ұғымның аспан «құдайларына» тікелей қатысы жоқ. «Шембені» қазақ тіліне бір ауыз сөзбен аудару қиын, орысша «светило» («небесное светило») деуге болады.

Аптадағы жеті күннің бесеуінің аты «шембе» сөзінің алдына бір реттік сан есім қою арқылы жасалған. Мұндай сан есімдер бесеу: «йек», «дө», «се», «чехар», «пендж». Бұлар үнді-европалық тілдердің көпшілігіне ортақ. Үнді-европалық тілдерге үнді, иран, славян, герман, роман халықтарының т. б. тілдері жатады. Үнді тілдерінің көнелерінің бірі - санскрит Ежелгі Үндістанның әдеби тілі, бұл тілде бірталай кітаптар жазылып қалған. Қазір практикада қолданылмайды. Көне парсы тілі санскритке жақын болған. Европалық тілдердегі көптеген сөздердің түбірлері санскритте де ұшырасады. «Бір» сан есімі санскритше және көне парсыша - «ека». «Жексенбі» атауындағы «йек» - осының аздап өзгерген түрі. «Дүйсенбі» атауының «дө» бөлігі - «екі» сан есімі, салыстырыңыз: санскритше - «дви», латынша - «диви», йөне парсыша - «ду», орысша, полякша, болгарша, чехша, серб-хорватша  - «два», румынша - «доуа», грекше және латышша - «дуо», ағылшынша - «ту» т. с. с. Сейсенбі атауының «се» бөлігі «үш» санын білдіреді, көне парсыша алғашқы тұлғасы - «сірәй», салыстырыңыз: санскритше, орысша, болгарша, чехша, серб-хорватша - «три», полякша «трзи», латынша - «триз», латынша және испанша - «трез», французша - «тройз», грекше - «трайс», румынша - «трай», немісше - «драй» т. с. с.

«Чехар» көне парсыша - «төрт». Салыстыру үшін: санскритше - «шатвар», латынша - «четри», полякша - «четери», чехша - «чтыри», серб-хорватша және болгарша - «четири», орысша - «четыре». Қазақ тілінде «шар тарап» ұғымы бар, мағынасы - «дүниенің төрт тарабы», атап айтқанда: шығыс, оңтүстік, батыс және солтүстік. Мұның төркіні - ларсы тіліндегі «чеһар таран», «Пендж», («пәндж» деп те айтылады) көне парсыша «бес» сан есімін білдіреді, санскритше - «паичан», грекше - «пенте», латынша  - «пици», полякша - «пис», серб-хорватша және болгарша - «пет», орысша - «пять». Мағынасы бойынша бір қолдың саусақтарының саны.

Бұл айтылғандардан төмендегідей қорытындылар шығаруға болады. Біріншіден, апта күндерінің парсы тіліндегі атаулары бергін, орта ғасырларда, қалыптасқан. Екіншіден, күн аттарындағы «шембе» сөзі - Ежелгі Вавилон жерін мекендеген халықтардың сөзі, мағынасы - «жарық шығаратын аспан денесі», жалпылама атау, Күн, Ай, планета немесе жұлдыз екендігі айқындалмаған, әйтеуір солардың бірі. Үшіншіден, күн аттарындағы бес түрлі сан есім - үнді-европалық тілдердегі өздеріне сәйкес есімдердің варианттары. «Шембе», сембі күніне сәйкес болғанымен, Сатурн күні емес. «Йек-шембе», жексенбіге сәйкес болғанымен, Күн күні емес. Сол сияқты, «дө-шембе» Ай күні емес т. с. с. Тек қана, жексенбі - сенбіден кейін келетін бірінші күн, дүйсенбі - сенбіден кейін келетін екінші күн т. с. с. болады. Апта күндерінің бұл атаулары планеталарға тәуелсіз, шартты түрдегі атаулар болып шығады.

Түркі тілдес халықтардағы апта күндерінің аттары да осы үлгімен жасалған:

Ұйғыр тілінде: шәмбә, йәкшәмбә, дүшәмбә, шишәмбә, чаршәмбә, пәйшәмбә, жүмә

Қарақалпақ тілінде: исемби, екшемби, дүйшемби, сишемби, шаршемби, пишемби, жұма

Башқұрт тілінде:шәмбә, йәкшәмбә, дүшәмбә, шишәмбә, шаршамбы кесазна, йома

Тува тілінде: ұлұг күн, бір дұғаар күн, ийі дұғаар, күн үшкі, дұғаар күн, дөрткі дұғаар күн, бешкі дұғаар күн, чартык ұлұғ күн

Өзбек тілінде: шамба, якшамба, душамба, сешамба, чоршамба, панжшамба, жұму

Қырғыз тілінде: ишембі, жексенбі, дүйшембі, шейшембі, шаршембі, бейшембі, жұма

Татар тілінде: шимбә, якшембе, дүшәмбе, сишәмбе, чаршәмбе, пәнжешәмбе, жомға

Түрік тілінде: джума ертесі, пазар, пазар ертесі, салы, чаршамба, шершембе, джұма

Азербайжан, түрікмен, ноғай, құмық, қарашай, хакас т. б. түркі халықтарының тілдеріндегі апта күндерінің аттары да осылар сияқты. Тәжік тілі иран тілдері тобына жатады, күндердің тәжікше атаулары парсы тіліндегідей. Кіші Азия түріктерінің тіліндегі «пазар күні» - жексенбі, мағынасы - «базар күні». Оларда дүйсенбі - «базардан кейін, ертеңіне келетін» күн. Салы - сейсенбі.

Сонымен, түркі тілдес халықтардағы күн аттары күндердің парсыша аттарымен мағынасы жағынан да, түрі жағынан да, аптадағы орны жағынан да бірдей болып шықты.

Дәл мағынасында «апта» - «жеті» деген сөз, ол үнді-европалық тілдерден ауысқан. Жеті саны: сапскритше - «сантан», латынша - «септем», грекше - «хәпта», румынша - «шәпта», парсыша - «һәфта» т. с. с. Қазақ тіліндегі алғашқы түрі - «һапта». Кейде «апта» орнына «жұма» деп те айтылады. Жамбыл жырларында:

Ақ домбыра қолға алып,

Ай мен апта толғанын -                             1

дейтін жолдар бар.

Ежелгі түркі халқында апта есебі болмаған.

Белгілі документтерге қарағанда апта есебі алғаш рет ресми түрде алдыңғы тарауда айтылған Күйікханның 1246 жылы Рим папасына жолдаған хатында кездеседі. Онда хат «жұмада әл-ахир айының соңғы аптасында жазылды» делінген. Бұл апта – қарашаның 3-10 арасы. Одан бұрын жазылған түркі, монғол, иран, документтерінде апта айтылмайды. Күйікхан (Гуюкхан деп те айтылады) монғол империясының үшінші ұлы ханы болған. Шыңғысханның тағына отырғандар «ұлы хандар» деп, империяның дербес бөліктерін басқарған хандар «кішік хандар» деп аталған. Монғолдар тарихында бірінші ұлы хан - Шыңғысхан, екіншісі - Шыңғысханның үшінші ұлы Үгеде, үшінші ұлы хан - Үгеденің баласы Күйікхан болған Күйікхан өмірінің соңғы жылдарында астанасы Қарақорым қаласында тұрған, бүкіл империяға басшылық еткен, ал тікелей Шығыс Қазақстан жерінен Ұлы мұхитқа дейінгі елдерді билеген. Екі жыл ұлы хан болып 1248 жылы өлген.

Кезінде монғол империясының құрамында болған ондаған халықтардың тілдеріндегі күн аттарының іс жүзінде бірдей болуы апта есебін бұл халықтардың жергілікті абыздардың айтуы бойынша қолданбағандығын, ол жөнінде бүкіл монгол империясына қатысты жоғарыдан берілген жарлық болғандығын көрсетеді. Шыңғысхан тұсында монғолдарда апта есебі болмаған. Бұл есеп монғол империясында Үгеденің немесе Күйікханның әмірі бойынша қолданыла бастаған болуға тиіс. Алдымен Үгеде ұлысында, содан соң басқа ұлыстарда қолданылған болуы керек. XIV-XV ғасырлардағы Алтын Орданың, одан бөлінген хандықтардың документтерінде апта күндері жиі кездеседі және жоғарыда келтірілген варианттарға сай келіп отырады. Қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, тұрікмен, азербайжан, қарақалпақ, татар, башқұрт, парсы т б. халықтардың тілдеріндегі күн аттары сол заманнан қалған.

Мұнда монғол империясында қолданылған күн аттарының көне парсы-вавилонша болу себептері туралы сұрақ туады. Біздіңше, бұл себептерді түсіну қиын емес. Монғолдар, Шыңғысханның өзі де, сауатсыз болған. Хандардың бұйрық-жарлықтарын, іс қағаздарын және шежірелерін ұйғыр, қырғыз, парсы, еврей хаұшылары жазып отырған. Олар негізінен алғанда ежелгі түркі, парсы, сирия тілдерін білген, Вавилон мен Персияның тарихынан хабардар болған. Мәселен, 1204 жылы монғолдарға соғыс тұтқыны ретінде түскен ұйғыр Тата-тұнға Шыңғысханның балаларын оқытқан, монгол сөздерін ұйғыр әріптерімен жаздырып үйреткен. Монғолдарда жазу тарихы 1206 жылдан басталады. 1210 жылы монғолдар түркілердің мүшел есебін қабылдап, жылдарды, ұйғыр абыздарының басшылығымен, тышқан, сиыр, барыс т. с. с. деп есептей бастаған. Мұндай жұмысқа Енисей қырғыздарының да сауаттылары пайдаланылған. Күйікханның папаға жолдаған хатының бас жағы түркіше, негізгі белімі парсыша жазылуы бұл тұжырымды растай түседі. Шағатайдың, Батуханның, Әбілқайырдың т. б. хатшылары да сондай адамдар болған. Осы сияқты, алғашқы орыс князьдарының хатшылары грек, латын тілдерін білген, сондықтан орыс тіліндегі күн аттары грек үлгісімең, ай аттары рим үлгісімен қалыптасқан («январь», «февраль» т. с. с. орыс сөздері емес). Календарьда мұндай ауысу бола береді.

Әуелде апта есебін хан сарайындағылар, қолбасшылар, әкімдер, салық жинаушылар қолданған, ақыры жаппай қолданылатын болған. Бертін келе айтылып отырған күн аттары монғол тіліне аударылған.

Анықтама ретінде апта күндерінің мына тілдердегі аттарын да келтіре кетейік.

Венгр тілінде:

1. вазарнап

2. хетфо

3. кедд

4. серда

5. чутурток

6. пектек

7. сомбат

Корей тілінде:

1. ирлөйір

2. ворлөйір

3. хвалөйір

4. сүйейір

5. мөнейір

6. қымөйір

7. тықоөйір

Монғол тіліндеі

1. ням

2. даваа

3. мягмар

4. лхагва

5. пурэв

6. баасан

7. бямба

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-05-24 12:45:04     Қаралды-8790

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »