Жоспар:
- Кіріспе
- Негізгі бөлім
- Саяси сана» ұғымы
- Саяси сананың атқаратын қызметтері
- Саяси сана деңгейлері
- Негізгі саяси-идеологиялық ағымдардың сипаты
III. Қорытынды
«Саяси сана» ұғымы. Саяси өмірдің субъективтік жағы саяси санада бейнеленеді. Саяси сана, әрине, саяси болмыспен тікелей байланысты және соған тәуелді, бірақ жай ғана оның сұлық көшірмесі немесе енжар бейнесі ғана емес. Ол саяси болмысқа, тәжірибеге белсенді әсер етіп, қоғамдық-саяси үдерістердің дамуын болжай отырып, одан озып та кете алады. Жеке адамдардың, қоғамдық-саяси бірлестіктердің саяси мінез-құлқы, саяси іс-әрекеттерінің бағыт-бағдары саяси сананың деңгейіне байланысты.
Саяси сана дегеніміз — саяси субъектілердің (индивидтердің, топтардың, таптардың және т.б.) саясат саласын (саяси құбылыстарды, үдерістерді) ой-сана жүзінде бейнелеуі. Саяси сана, жалпы алғанда, қоғамдық сананың ерекше бір формасы ретінде оның басқа формаларымен (философиялық ілімдермен, адамгершілік тұғырнамалармен, құқықтық теориялармен, эстетикалык көзқарастармен және т.б.) тығыз өзара байланыста болады, олармен өзара әсерлесіп, түрленіп отырады. Саяси санаға, бір жағынан, рационалдық (әр түрлі нормалар, құндылықтар және т.б.) та, екінші жағынан, иррационалдық (эмоциялар, бейсаналық үдерістер және т.б.) та элементтер жиынтығы жатады, яғни ол саяси үдерістерді қабылдаудың, түсіну мен түсіндірмелеудің барлық деңгейлерін камтиды. Солардың негізінде саяси субъектілердің саяси бағдарлары мен мінез-құлқы, олардың мемлекеттік билікке, оның институттарына деген қарым-қатынасы калыптасады.
Саяси сананың атқаратын қызметтері. Саяси сананың коғам өмірінде атқаратын рөлі оның кызметтеріне байланысты сан килы болып келеді. Адамдардың, саяси топтардың өз мүдделерін түсінуі, басқалардың мүмкіндіктерімен салыстыра қарастыруы, мемлекеттік билік институттарымен қарым-қатынастарын сана-сезім елегінен өткізуі, саяси іс-әрекеттерге белсене қатысуға жұмылдырылуы осы саяси санаға тәуелді. Саяси сананың қызметтерін былай деп жіктеуге болады:
а) танымдық (когнитивтік): саясат саласының әр түрлі қыр-сырларын танып-білуге деген мұқтаждық;
ә) идеологиялық: мемлекетті, ұлтты, саяси партияны билікте қол жеткен шептерді берік ұстап, сақтап калуға топтастыру қажеттілігі;
б) коммуникативтік: саясат субъектілерін билік институттарымен өзара байланыстыруды камтамасыз етуге деген кызметі;
в) болжамдық: саясат субъектілерінің саяси үдерістердің барысын бағдарлауға, соған орай саяси мақсаттар қоя білуге деген қабілеттілігі;
г) тәрбиелік: белгілі мақсат-мұраттарға сай саяси мінез- құлықты қалыптастыруға ықпал етуге деген мүмкіндігі.
Саяси сана деңгейлері. Жүйелі құрылым ретіндегі саяси
сананың өз деңгейлері бар. Ең төменгісі — оның қарапайым
деңгейі, яғни адамдардың күнделікті өмірде туындайтын
саяси көзқарастары, пікірлері, соларға байланысты сезімдері, жай-күйлері. Саяси ахуалға орай ол тез өзгеріп, құбылып
отырады. Одан кейінгісі — субъектілердің саяси үдерістерге
тікелей қатынасынан, саяси-тәжірибелік іс-әрекетінен туындайтын эмпириялық деңгей; бұған саяси құбылыстарды
қабылдаудан туатын сезімдер, елестер, күйзелулермен қатар
индуктивтік қорытындылар жатады. Саяси сананың жоғары
деңгейі — саяси идеяларға, тұғырнамаларға негізделген
көзқарастарды құрастыратын теориялық деңгей. Теориялық
деңгейдегі саяси сана саяси мақсаттар мен міндеттерді,
оларға қол жеткізудің әдістері мен құралдарын анықтауға,
саяси шешімдер мен бағдарламаларды қалыптастырып,
олардың іске асуын бақылауға жол ашады.
Саяси сананың негізгі екі түрі бар. Біріншісі — арнайыланған саяси сана, оның басты мақсаты белгілі бір бағдарлар мен қағидаларды қалыптастыру, дамыту және оларды қоғамдық таптың, әлеуметтік топтың немесе партиялар мен козғалыстардың қатардағы мүшелерінің санасына енгізу болып табылады. Саяси партиялар, өзге де саяси ұйымдар мен бірлестіктер арнайыланған саяси сананың иегерлеріне жатады. Екіншісі — бұқаралық саяси сана, ол қоғам мұқтаждықтарының мазмұны мен деңгейін айқындап, саяси шындық жөніндегі қоғамдық білімнің тұрпатына, нақтылы тарихи ахуалдың мазмұнына сай, үнемі өзгеріп отырады. Бұқаралық саяси сананың субъектілері — күнделікті өмірдің барлық қайталанбас оқиғаларына белсене араласып жүрген өз мінез-құлқы, қадір-қасиеті бар нақтылы адамдар, бұқара халықтың өкілдері. Әрине, біріншісіне қарағанда бұқаралық сана әлдеқайда тайыз, ол көбіне саяси құбылыстардың ішкі мәнінен гөрі сыртқы сипатына ғана тоқталады.
Арнайыланған саяси сана саяси идеологияға жетелейді, ал бұқаралық саяси сана саяси психологиямен шендес. Саяси идеология шындықты саналы түрде бейнелеп, ұғымдар мен принциптер негізінде жүйелі түрде құрылады. Саяси психология болса, ол саяси нақтылықтың сезімдермен, әр түрлі көңіл-күй жағдайларымен (қуаныш, реніш, үрей және т.б.) байланысты бейнеленуін білдіреді. Саяси идеологиясыз ешқандай мемлекеттік билік болмайды, өйткені ол билікті қолдап, қорғап, оған дем беріп отыруға арналған. Идеологияның, егер ол дұрыс құрылған болса, әлеуметтік топтардың әр түрлі, кейде тіпті бір-біріне қарама-карсы мүдделері болғанына қарамастан, олардың белгілі бір деңгейде ортақ тіл табысуына жағдай жасап, қоғамды алға бастыруға өз септігін тигізетіні белгілі.
Расында, қандай да болмасын адамның қызметі (соның ішінде саяси қызмет те) белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталатыны анық. Ал саяси қызметтің қандай мақсаттар қоятыны саясаткердің дүниеге деген көзқарасына, адам мен қоғам туралы түсініктеріне, кандай құндылықтарды қалайтынына байланысты. Әлеуметтік топтың (таптың, ұлттың және т.б.), жеке бір адамның (индивидтің) мүдделерін, оларға сай келетін құндылықтарын білдіретін қағидалар жүйесін идеология деп атайды. Саяси идеология шындықты түсінудің тәсілі, әлеуметтік игіліктерге деген ұмтылысты білдірудің идеалдық формасы болып табылады. Жеке адамдардың, топтардың, партиялардың саяси кызметінің бағытын, мән-мағынасын анықтай отырып, идеология олардың саяси мінез-құлқын демдейтін дүниетанымдық негіз болып табылады.
Идеология саясат субъектілерінің кызметін белгілі бір
мақсат-мұраттар төңірегіне жинақтап, қоғамның саяси
өмірін біріктіріп, оған тұтастық сипат береді. Қазақстанда
осындай идеология ретінде Президентіміз Н.Ә.Назарбаев
ұсынған «Қазақстан — 2030» деп аталатын бағдарламалық
мәні бар құжатты, соған косымша Президенттің халыққа
арналған жыл сайынғы жолдауларын атауға болады.
Бұлардың маңызы саясат қызметкерлерін, саяси элитаны,
бүкіл халықты белгілі бір мақсат-мұраттар төңірегінде
біріктіріп, ойы мен ісіне бағыт-бағдар сілтеп, соларды тәжірибе жүзінде іске асыру үшін кызмет етуге жұмылдыратынында. Мысалы, 2005 және 2006 жылдардағы жолдауларында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің әрі карай алға басуының басты-басты бағыттарын айқындап, экономикалық-әлеуметтік және саяси жаңғырудың жолына сілтеп, әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына енуінің бағдарламасын ұсынғаны мәлім.
Негізгі саяси-идеологиялық ағымдардың сипаты. XIX ғасырдың орта шенінен бастап батыстық елдерде бір-бірімен бәсекелесіп, өзара қақтығысып келе жатқан негізгі үш саяси-идеологиялық ағым бар: олар — либерализм, консерватизм және социализм. Осы қақтығыс XX ғасырда жалғасын тауып, тіпті күшейе түскені соншалықты, кейбір саясаткер ғалымдар XX ғасырды «идеология ғасыры» деп атайды.
Бұл негізгі ағымдардан басқа да кішігірім ағымдар болғанымен, олар да осылардың төңірегінде топталып, идеологиялық ахуалды толықтыра түсері аян. Осы аталған ағымдардың өз ішінде де неше түрлі өзгешеліктер, жіктеулер бар. Бұл идеологиялық үдерістің күрделілігін, толқымалылығын білдіреді.
Либерализмнің басты идеялары — еркіндік, әр адамның
өз табиғи құқықтары, демократия, жеке меншік; мемлекет
адамдардың еркіндігін шектемеуге тиіс, сондықтан
мемлекеттік билік қажетті минимумнан әрі аспауы керек.
Консерватизм идеялары — коғам өміріндегі тұрақтылықты, тепе-теңдікті, жаңарудың біртіндеп қана орын алғанын қалап, күрт өзгерістерден бойын аулақ салады, сабақтастықты, дәстүрлілікті, қалыптасып калған тәртіпті бұзбағанды артық санайды. Адамдар туғанынан тең емес, сондықтан біреудің бай, енді біреудің кедей болуы, біреудің бақытты, енді біреудің бақытсыз болуы, сол сияқты біреудің билік басында болуы, басқалардың соған көнуі табиғи делінеді. Консерватизмнің басты құндылықтарына дәстүрлілік, дінилік, еркіндік пен жауапкершілік, адамдардың материалдық теңсіздігін табиғи деп білу жатады.
Социалисттік идеологияның басты мақсаты жеке меншіктің, адамдар материалдық теңсіздігінің басты себебі деп танылған капитализмді революция жолымен күйрету, оның орнына қоғамдық меншікке негізделген социалистік қоғамға, одан кейін коммунизмге қол жеткізу. Мұндағы басты құндылықтар — социалистік революция, қоғамдық меншік, еңбек және сонымен бірге еңбекші адамдардың (жұмысшы табы мен шаруалардың) теңдігі мен еркіндігі. Коммунистік қоғамда мемлекет болмайды, жанжақты жетілген қоғам мүшелері саналы түрде өз-өздерін басқарып, еркін де бақытты өмір сүреді. Социалистік идеологияның да өзара сыйыспайтын түрлі ағымдары бар, олардың негізгілері: маркстік ілім мен халықаралық социал-демократиялық ілім.
Социал-демократизм маркстік ілімнің негізінде пайда болғанымен біртіндеп ортодоксиялық марксизмнен аулақтанып, өзіндік ерекше сипатқа ие болып кеткені белгілі. Қазіргі кезде социал-демократиялық идеология Австрия, Норвегия, Швеция және т.б. елдерде өз билігін табысты жүргізуде. Оның басты артықшылығы либерализм мен социализмнің жетістіктерін өз бойына жинақтап, әлеуметтік шындықтың өзгерістеріне орай жетіліп, шыңдалып отыруында, сөйтіп батыстық қоғам көпшілігінің мүддесіне сай келетін идеологияға айналуында.
XX ғасырда Батыс Еуропада тараған идеологияның тағы бір түрі фашизм, Фашистік идеология XX ғасырдың 30— 40- жыддары, әсіресе, Германия мен Италияда кеңінен тарап, мемлекеттік идеология дәрежесіне дейін көтеріліп, Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына әкеліп соқканы тарихтан белгілі. Фашизмнің негізгі идеясы нәсілдік астамшылдық, арийлік нәсілдердің басқа нәсілдерден жоғарылығын дәріптеу, соны саяси іс-әрекеттің арқауына айналдыру. Фашизм ұлтшылдықтың басқыншылыққа бейім шеткері бір түрі болып табылады.
Жарияланған-2013-06-19 20:33:16 Қаралды-26916
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану