ТАБИҒАТТАҒЫ МАУСЫМДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР
Бұған дейін өлі табиғат жағдайларының ағзаға тигізетін әсерін қарастырып, тірі ағзалардың географиялық таралуының температураға тәуелді екенін түсіндік. Қазақстаннан пальма, сондай-ақ тропиктен қайыңды кездестіре алмайтынымыз ақиқат нәрсе. Тіпті республика облыстарындағы жануарлардың таралуы да біркелкі емес, мысалы Шымкент маңында ақ қоян, Қостанайда құмқоян (толай) мүлде кездеспейді. Нақтылы бір жердегі температуралық жағдайлардың өзі де тұрақты емес, ол жыл маусымына қарай үнемі өзгеріп тұрады. Қазақстанда қаңтардың қарсаңында бүкіл территория салқын тартады, тіпті суық түседі, ал тамыз айында шөлдегі құм бетінің температурасы 70°С-ге, ауа температурасы 50°С-қа дейін жетеді.
Жарық әсері де біркелкі бола бермейді: қыста күн мүлде қысқарады (қыркүйекте күннің ұзақтығы 7 сағаттай ғана болады), ал жазда күн 17 сағат бойы көкжиекке батпай, сәулесін шашады.
Мұндай айналадағы ортаның өзгерісіне тірі ағзалар да бейімделуі тиіс. Жануарлардың, т. б. тірі ағзалардың бейімделгіштігін табиғаттағы маусымдық өзгерістерден айқын бақылауға болады.
Көктемде күн барған сайын жылына түсіп, тәуліктегі күн сәулесі молая келе жарық ұзағырақ әсер ететін болады. Табиғат біткен жанданып, ағаштар мен бұталар қысқы тынымын бұзады; шырын қимылға келіп, қорға жиналған органикалық заттар ери бастайды, бүршіктер ашылып, жел арқылы тозаңданатын өсімдіктер гүлдейді. Кейінірек бунақдене арқылы тозаңданатын өсімдіктер де гүл атады. Қыста қалың қардың астында қалған өсімдік тұқымдары көктей бастайды. Бүкіл жасыл өсімдіктер қауырт органикалық заттар түзуге кіріседі.
Жануарлар да белсенділіктері артып, көбею науқанына әзірленеді: құстар үя сала бастаса, топырақта мекендеушілер ін қазып, болашақ ұрпақтарына баспана дайындайды, басқа жануарлар да көбеюге кіріседі. Өткен күзде жылы жаққа ұшып кеткен құстар туған отанына оралып, көбейе бастайды.
Жазда жасыл өсімдіктерде органикалық заттар түзіліп, көптеген өсімдіктер гүлдейді, олардың көпшілігі жеміс және тұқым түзеді.
Жәндіктер де жазда белсене іс-әрекетпен шұғылданады. Жаздың жайма-шуақ күндеріндегі ормандағы, даладағы, суқойма маңындағы қаптап жүрген бунақденелілерді еске түсіріп көріңдерші. Мұндай құбылысты өзен немесе көл жағасында ертеңгілікте, болмаса кешке қарай балық аулап, қармақ салып отырған балықшы жақсы сезінеді: масалар мен шыбын-шіркейлер оған тыным бермейді.
Бунақденелілердің басым көпшілігі шірне жинауға гүлге қонақтап, сол сәтте гүлді айқас тозаңдандырып та үлгереді.
Омыртқалы жануарлар балаларын тамақтандырып, оларды өздігінен тіршілік етуге үйретеді.
Тауық және үйрек тәрізді ширақ балапанды құстар ширақ балапандарымен бірге жем іздеп, оларды жауынан қорғануға машықтандырады. Қызылшақа балапандар еңбегінің тауқыметі мол: денесінде дұрсақ түгі ғана пайда болған қызылшақа балапандар жұмыртқадан өте әлсіз шығады. Ұядағы дәрменсіз балапандарына тынымсыз жем тасып, ата-енелері ұзақты күн қимылда болады. Олар балапандарына бунақденелілерді, олардың дернәсілдерін, құрттарды, былқылдақденелілерді, ал жыртқыш құстар - тышқандар мен ірі кемірушілерді тасумен болады.
Жаз жылып, күз түседі. Өсімдіктердің жемістері пісіп, ағаштар мен бұталардың жапырақтары сола бастайды: жапырақтар сарғайып, қурап, жерге түседі.
Шөптекті өсімдіктер де жеміс және тұқым беріп, қурайды. Өсімдік жемісімен қоректенетін жануарлар жемге кенеледі, алайда гүлдерден шырын жинайтын жәндіктердің көпшілігі қорек таба алмай, қиналады. Күннің біртіндеп салқын тартуы қансорғыш бунақденелілерге: маса, шыбынның шағатын түрі, сона, бөгелектер үшін онша қолайлы болмайды. Олардың саны кеміп, ақыры мүлде жоғалады. Жыл құстары топ құрып, қыстап шығатын алыс өлкеге шеру тартады.
Қыста да жем таба алатын құстар мен сүтқоректілер қыс қамын жасайды: түлеп, құстардың қауырсыны қалыңдай түседі, сүтқоректілердің денесіне қалың жүн шығады. Сүтқоректілердің кейбіреуі - қоңыр аю, кемірушілердің көпшілігі, кірпі, жертесер, борсықтар қысқы үйқыға кетеді. Кемірушілер - індеріне, аю - апанына жатып, жаз бойы ағзасында жиналған азық қоры - майды қажетіне жаратады.
Қыс түскенде жапырақты ағаш бұталар жапырақтарынан айырылып, бұтақтары сидаланады, фотосинтез құбылысы тоқталса да өсімдік тіршілігін жалғастыра береді: баяу да болса, тыныс алады. Тек қылқанды ағаштар жапырағын (қылқанын) тастамайды. Шөптекті біржылдық өсімдіктер тұқым берісімен құрап қалады.
Мұндай жағдай жануарлардың тіршілік етуіне өте ауыр. Тұяқты жануарлар сүректі өсімдіктер мен бұталардың бұтақтарын, құрғақ шөпті жейді, қояндар ағаштың қабығын кеміріп, тиіндер самырсын мен шыршаның бүрін қорек етеді. Жыртқыш сүтқоректілер басқа жануарларды аулайды, бірақ қыста ондай жануарларды табу оңай емес.
Дәнмен қоректенетін құстар ағашта қалған құрғақ жемісті, жердегі, жапырақ астында көлегейленген дәнді талшық етеді. Жыртқыш және кез келген тамақпен қоректенетін қарға, сауысқан тәрізді құстар ұсақ құстарды аулап, жыртқыш жануарлар: қасқыр және түлкінің жегенінен қалған «сарқытты» олжалайды. Тоқылдақтар мықты тұмсығына сенеді: ағаштың қабығын қашап, қыстап қалған бунақденелілерді жеміне жаратады.
Құстар тіршілігіндегі мына бір көңіл аударарлық құбылысты айтпай кетуге болмайды. Қазақстанда тек қылқарды орманда ғана мекендейтін шағын денелі, тұмсығының ұшы қайшыша айқасқан кұс - шыршашыл қайшыауыз деп аталады. Оның негізгі қорегі - қылқанды ағаштың бүрі. Мұндай жем қыс бойы табылады. Сондықтан шыршашыл қайшыауыз қыста да көбейе береді. Ұясы едәуір қомақты. Оның сыртқы қабатын жіңішке, құрғақ шырша бұтақтарынан, мүктен және қынадан жасап, оның ішіңе мүк, жіңішке сабақшалар, жүн және қауырсын төсейді. Бір қызығы: өте үлкен шырша немесе қарағайға салынған ұя көлденең өскен бұтақта орналасады да, шағын ағашта болса - ағаш діңінің ең ұшына орналастырылады. Қандай жағдайда болса да ұяның үстіңгі жағынан қарағай немесе шыршаның қалың бұтағы қалқалап тұрғанын көресің. Аналық қайшыауыз балапандарын бөтегесінде бөріткен тұқым өзегімен немесе бұтақ жарығынан тауып алған, қабық астындағы бунақденемен қоректендіреді. Қайшыауыз 14-16 тәулік жұмыртқа басып, жұмыртқадан шыққан балапандарды 16-20 күн жемдейді.
Сөйтіп, табиғатта тірі ағзаларға айтарлықтай әсер ететін маусымдық өзгерістер болады. Сондықтан тірі ағзалар да қолайлы жағдайларды толығырақ пайдалануға қолайсыздарынан қорғанатын белгілі бейімделу қасиеті қалыптасады. Мәселен, көктем кезінде температураның көтерілуі жасыл өсімдіктердің дамуын күшейтіп, жазда температураның одан әрі жоғарылауы әсіресе шөлді аймақта өсімдікке қолайсыз әсер көрсете бастайды да өсімдік дамуын тездетіп, жеміс және тұқым береді, сөйтіп табиғатта сақталып қалады.
Жарияланған-2024-01-09 12:39:21 Қаралды-385
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану