СЛОВЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ (Slovenija) - Югославия құрамындағы республика. Елдің солтүстік-батыс шетінде. Батысында Италиямен, солтүстігінде Австриямен шектеседі. Оңтүстік-батысында Триест шығанағы арқылы Адрия теңізіне жалғасады. Жері 20,3 мың км2. Халқы 2,1 млн. (2019); бұлардың 94%-і словендер. Ресми тілі - словен тілі. Тұрғындарының 80%-і қалада тұрады. Астанасы - Любляна қаласы. Ірі қалалары - Марибор, Целе.
Табиғаты. Словения - негізінен таулы өлке. Солтүстік-батысын және солтүстігін Шығыс Альпі (Похорье, Караванке, Сава Альпісі, Юлий Альпісі жоталары) сілемдері, оңтүстігін Динар таулы қыратының солтүстік шеті алып жатыр. Республиканың батысы және шығысы ойпатты келеді. Ең биік жері - Юлий Альпісіндегі Триглав тауы (2863 м). Климаты негізінен қоңыржай континенттік, Адрия теңізі жағалауында субтропиктік жерортатеңіздік; ауаның орташа айлық температурасы қаңтарда 0°-2°С, шілдеде 18-19°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 800-2000 мм. Басты өзендері Сава және Дравалар Дунай алабына жатады. Мұздықтық және карстылық көлдер кездеседі. Территориясының 46%-і орман. Таудың жоғары бөлігінде субальпілік және альпілік шалғын өседі.
Тарихы. Словения территориясын ежелгі заманда кельт-иллириялық тайпалар мекендеген. Б. з. б. 1 ғасырда Словенияны Рим жаулап алды, 6-7 ғасырларда славяндар-словендіктер қоныстанды. 745 жылы Баварияға, 788 жылы Франк мемлекетіне тәуелді болған Словения жерінде 7 ғасырда Карантания деп аталатын ертедегі феодалдық мемлекет қалыптасты. 9-11 ғасырларда Словенияда феодалдық қатынас түпкілікті орнады, 11-13 ғасырларда словен жерлерін немістердің отарлауы күшейе түсті. 11-15 ғасырларда словендіктер қоныстанған жерлерде бірнеше феодалдық князьдықтар (Каринтия, Штирия, Крайна, Горица, Истрия) құрылды, бұлар «Қасиетті Рим империясының» құрамына кірді. 1282 жылы словен жерлерін Габсбургтер басып ала бастады да, 16 ғасырдың басына таман бүкіл Словения жерінде өз билігін орнатты. Словения көп ұлтты Австрия монархиясының құрамына енді. 15 ғасырдың орта шенінен Словенияға түріктер шабуыл жасай бастады. 15 ғасырдың ақыры - 16 ғасырда феодалдық және ұлттық қанаудың күшеюі салдарынан бірнеше рет шаруалар көтерілістері (1478, 1515, 1573) болды. 16 ғасырда Словенияның кен өнеркәсібінде ертедегі капиталистік қатынастар пайда бола бастады. 18 ғасырдың 2-жартысында бірқатар реформалар жүргізудің нәтижесінде экономика өрледі. 1809-1814 жылдар Словения жерінің дені (Люблянамен бірге) наполеондық Францияға тәуелді Иллирия провинциялары құрамына кірді. 1814-1815 жылдардан Словения жері қайтадан габсбургтік Австрия империясының құрамында болды. 1848-1849 жылдардағы Революциядан кейін феодалдық қатынастардың жойылуы словен жерлерінде капитализмнің жедел дамуына жол ашты. 50-60 жылдары ұлттық қозғалыс күшейе түсті. 1869 жылы Люблянада Словения пролетариатының тұңғыш дербес ұйымы Жұмысшы ағарту қоғамы құрылды. 1896 жылы Оңтүстік славян с.-д. партиясы (ОССДП), 1892 жылы клерикалдық Словен халық партиясы (СХП), 1894 жылы либералдық Ұлттық прогрестік партиясы (ҰПП) ұйымдасты. 1-дүние жүзілік соғыс кезінде словен партияларының басшылығы Австрия - Венгрия үкіметін қолдады. Россиядағы Окт. революциясының ықпалымен словен революция қозғалысы (Люблянадағы, Есеницедегі, Трбовльдегі соғысқа қарсы демонстрациялар, словен полктеріндегі ереуілдер, көтерілістер) өрістей түсті. Оңтүстік славян жерлері Австрия-Венгриядан бөлініп, 1 желтоқсанда Сербиямен бірге Сербтер, хорваттар және словендіктер корольдығына (1929 жылдан Югославия деп аталды) бірікті. 1919-1920 жылдардағы революция өрлеу кезінде Словенияда Советтік Россияны қорғау, мемлекеттік және қоғамдық өмірді демократияландыру ұранымен пролетариаттың ірі толқулары болып өтті. 1919 жылы күзде Люблянада, Кочевьеде, Трбовльде коммунистік топтар құрылды; 1920 жылы олар Югославия Компартиясына (1919 жылы негізі қаланған) қосылды. Словенияда өкімет басында СХП тұрды. 1929 жылғы мемлекеттік төңкерістен кейін СХП-ге тыйым салынды.
30 жылдары Словения жұмысшы табы югослав пролетариаты күресінің алдыңғы қатарында болды. Югославияға қарсы фашистік агрессия (1941 жылы сәуір) нәтижесінде Словения оккупацияланып, кейін Италия мен Германия арасындағы бөліске түсті. 1941 жылы 27 сәуірде Люблянада Словения азаттық майданы құрылды. Оған коммунистер, христиан социалистері, демократиялық интеллигенция өкілдері кірді. 1941 жылы шілдеде басталған словен халқының азаттық соғысы югослав халықтары халық-азаттық соғысының (1941-1945) жалпы бір бөлігі болды. 1945 жылы 15 мамыр қарсаңында Югославия халық-азаттық армиясы Словенияны толық азат етті. Париж бітім конференциясының шешімі бойынша Словения жерінің дені (1918 жылдан Италияның құрамында болған) Югославиямен қайта қосылды. Ел азат етілгеннен және 1945 жылы 29 қарашада Югославия Федерациялық Халық Республикасы (ЮФХР) жарияланғаннан кейін, Словения оның құрамындағы 6 халық республикасының бірі болды. Югославия және Словения конституцияларына (1963 және 1974) сәйкес Словения - ЮФХР құрамындағы социалистік республика. Компартияныц басшылығымен Словенияда, бүкіл Югославиядағы сияқты, түбірлі революциялық өзгерістер жасалды, социализм құрылысы жүзеге асырылуда.
Шаруашылығы. Словения - Югославиядағы экономикасы жоғары дамыған республика. 1971 жылғы қоғамдық жалпы өнімнің 42%-ін өнеркәсіп берді. 837 мың еңбек етуші халықтың 43%-і өнеркәсіп және құрылыста, 30%-і ауыл шаруашылығында, балық аулау және орман шаруашылықтарында еңбектенді. Энергетикалық базасы Драва, Сава, Соча өзендеріндегі СЭС-тер каскадынан және қоңыр көмірлік ЖЭС-терінен қалыптасады. Жер қойнауынан полиметалл рудалары (Межица, Шоштань, Камник кендері), боксит (Юлий Крайна), сурьма (Камник), сынап (Идрия, дүние жүзіндегі сынап кендері арасында руднигінің мөлшері жөнінен 3-орын алады) өндіріледі. Қара металлургия (Есенице, Равне, Шторе) және түсті (мырыш, алюминий - Межица, Кидричево) металлургия дамыған. Өнеркәсіп салалары арасында машина жасаудың үлесі басым; басты салалары - автомобиль жасау (Марибор), электротехника (Любляна, Крань) өнеркәсіпте жетекші роль атқарады. Мата тоқу, ағаш өңдеу, химия, тамақ, полиграфиялық кәсіпорындары бар. Республикадағы басты өнеркәсіп орталықтары: Марибор, Любляна, Крань, Целе, Копер қалалары. Словени жерінің жартысына жуығы ауыл шараушылығына пайдаланылады; әсіресе Драва, Мура, Лендава және республиканың шығыс жазық бөлігінің экономикалық маңызы күшті. Ауыл шаруашылық жерінің 53%-і егістік, 8%-і бақ және жүзімдік, 39%-і шабындық және жайылым. Астық дақылдары (бидай, жүгері, қара бидай, арпа, сұлы), картоп, қант қызылшасы т. б. егіледі. 1973 жылғы мал басы (мың): мүйізді ірі қара 551, шошқа 447, қой 24, жылқы 40.
Халықаралық туризм (орталықтары: Любляна, Марибор, Постойна, Порторож) дамыған. Словения жері арқылы Югославияны Италиямен, Австриямен байланыстыратын темір жол тармағы және Гориция-Любляна-Загреб-Белград тас жолы өтеді.
Оқу-ағарту және денсаулық сақтау ісі. 1971 жылы халқының 97,5%-і сауатты болды. Негізгі мектептері сегіз жылдық. 1973-1974 оқу жылында сегіз жылдық мектептерде 216 мыңнан астам оқушы оқыды. Толық орта білімді гимназия береді. 1973/74 оқу жылында 36 гимназияда 15 мыңнан астам оқушы болды. Маман жұмысшылар даярлайтын және ауыл шаруашылық, техникалық т. б. арнаулы мектептер бар (1973/74 оқу жылында 95 мыңнан астам оқушы). Жоғары білім жүйесі дамып келеді. 1974/75 оқу жылында 26 жоғары оқу орнында 26 мыңнан астам студент оқыды. 1974 жылы 168 халық кітапханасы, 295 ғылыми және арнаулы кітапхана, 94 музей жұмыс істеді.
1972 жылы 14,4 мың орынды 31 аурухана, 1,5 мың амбулатория, поликлиникалар болды. Онда 1,4 мың дәрігер, 2 мыңнан астам тіс дәрігерлері қызмет істеді. Таулы климатты курорттары: Блед, Бохинь, Краньска-Гора; теңіз бойы: Порторож, Пиран, Изола.
Әдебиеті. Бай дамыған фольклоры бар бұл елдің алғашқы жазба ескерткіштері 10 ғасырда пайда болды. 8 ғасырда басталған елді германдандыру кезеңі словен әдеби тілінің дамуына кедергі жасады. Дін иесі - протестант П. Трубар (1508-1586) словен әліппесін жасап, діни шығармалар басып шығарды. 18 ғасырда ағарту идеясының әсерімен зиялылық әдебиет дамыды. 19 ғасырда романтизм, 60 жылдары реалистік бағыт қалыптасты. Проза мен әдеби сынның маңызы артты. Ф. Левстик (1831-1887), Й. Юрчич (1844-1881, словен әдебиетінде тарихи романды тұңғыш рет жазушы), Я. Керсник (1852-1897), С. Енко (1835-1869) т. б. жазушылар словен әдебиетін әр салада өркендетуге еңбек сіңірді. 19-20 ғасырлар қарсаңында натурализм пайда болды. И. Цанкар (1876-1916) пролетарлық әдебиетінің негізін қалады. 20 ғасырда О. Жупанчичтің (1878-1949) лирикасы - словен поэзиясының үлкен табысы болды. Словенияның Югославия мемлекетіне қосылуына (1918) байланысты әдебиетінің дамуы күшейді. 20 жылдары, негізінен, поэзия, публицистикада революция бағыт қалыптасты, маркстік сын пайда бола бастады. Реалистік бағытты Ф. Бевк (1890-1970), Ю. Козак (1892-1964) т. б. ірі прозаиктер бастады. Көптеген ақындар словеннің модерн дәстүрін дамытты. Әлеуметтік психология, тарихи драма өркендеді. Фашистік басқыншылық кезінде поэзияда, әсіресе патриоттық лирика басты орын алды. 50 жылдардың ортасында модернистік ағым шықты. Қазіргі реализмінде гуманистік идеал басым (М. Михелич 1912 ж. т., Я. Менарт 1929 ж. т.). 70 жылдары реалистік сын жандана бастады.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Словения территориясында палеолит және неолит дәуіріне саятын сүйек мүсіншелер мен геометриялық өрнекті қыш құтылар сақталған. Қоладан жасалған мүсіншелер мен бұйымдар қола дәуірі ескерткіштерінен саналады. Б. з. б. 1-мың жылдықтың 2-жартысында кельт тайпалары қоныстары ірге тепті. 8 ғасырда католик шіркеулері, 12-13 ғасырларда роман үлгісіндегі монастырьлар мен базиликалар салынды. 14-16 ғасырларда қала құрылысы өркендеп, тас қамал-қабырғамен қоршалды. Осы кезеңде готика үлгісі белең алды. 16 ғасырда Қайта өркендеу дәуірі ықпалындағы ғимараттар бой көтерді. Шіркеу алтарын жасау мен қабырға өрнек дамыды. Венеция өнері ықпалындағы портрет пен сәндік кескіндеме пайда болды. 17 ғасырда өркен жайған барокко стилі 18 ғасырда шарықтау биігіне көтерілді. Осы кезеңде шіркеулер (әулие Якоб шіркеуі, 1613-1615) мен сарайлар (Люблянадағы Швейгер сарайы, 1755 ж. ш.), ратушалар тұрғызылды. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың 1-жартысында классицизм өркендеді. Ф. Кавчичтің жанрлық картиналары мен Л. Яншидің пейзаждарында, М. Лангустың портреттерінде романтизм мен классицизм нышаны жарыса белең алды. 20 ғасырдың бас кезінде қоғамдық ғимараттар «модерн» стилінде (арх. М. Фабиани) салына бастады. 1920-1930 жылдардағы кейбір суретшілер творчествосынан (Й. Плечник, И. Вурник, В. Шубиц т. б.) ұлттық дәстүрге бой ұру аңғарылады. Қаһармандық рухтағы мүсін-ескерткіштер жасаған А. Гангл мен И. Зайц, поэтикалық пейзаждардың авторы А. Карингер 19 ғасырдағы Словения өнеріне ілгерішіл ықпал жасады. 1920-1930 жылдары реалистік кескіндеме мен графика Г. А.Кос, Б. Якац, Ф. Михелич және мүсін енері (Ф. Бернекер, Л. Долинар, ағайынды Б. және З. Калиндер) жоғары сатыға көтерілді.
1945 жылдан кейін жаңа қалалар (Велене т. б.) ірге көтерді. Тұрғын үй комплекстері мен өнеркәсіп аудандары салынды. Словен өнерінен революция және халық-азаттық күрес тақырыбы (мүсіншілер Долинар, ағайынды Калиндер, Ф. Смерду; кескіндемешілер Кос, Якац, С. Пенгов т. б.) кең орын алды. Г. Ступица мен Ф. Михелич есімдері көпке танылды. Түрлі түсті қыш қалыптау, алтын немесе күмістен зер төгу, ағаш ою, шыныға сурет салу кең тараған.
Музыкасы. Словенияның музыкалық фольклорынан лирикалық және күлдіргі әндер, салт-жора әндері орын алған. Шығыс аудандарында көп дауысты ән кең тараған. Халық музыкасы диатоникалық ладқа негізделген. 15 ғасырдан профессионалдық музыка (Б. Праспергиус, Ю. Слатконя, Я. Галлус-Карниолус) дами бастады. 17 ғасырда Г. Плавец, Я. К. Долар сынды композиторлардың есімі белгілі болды. Люблянада Филармония академиясы (1701) мен Филармония қоғамының (1794) құрылуы словен композиторлары творчествосының гүлденуіне жағдай жасады. 17 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың бас кезіндегі белгілі композиторлары: Я. Ю. Хочевар, М. Чадеж, Я. Б. Хёффер, М. Омерза, Я. Зупан, Я. Новак, Л. Долинар, Г. Рихар т. б. 19 ғасырдағы халық-азаттық қозғалыстың ықпалымен көптеген композиторлар (М. Вилхар, Ю. Флейшман, Б. Ипавц, Д. Енко т. б.) ұлттық музыкалық өнерін қалыптастыруға ат салысты. Ұлттық музыканың қалыптасуына «Глазбена матица» музыкалық қоғамы елеулі ықпал жасады. 20 ғасырдың бас кезіндегі музыкалық өнерінің гүлденуіне «Нови акорди» журналы біршама әсерін тигізді. Оның төңірегіне белгілі композиторлар Г. Крек, Э. Адамич, Р. Савин, А. Лайовиц топтасты. Югославия мемлекеті құрылғаннан кейін Любляна музыкалық мектебі консерваторияға (1919, 1924 жылдан Мемлекеттік консерватория; 1939 жылдан Музыка академиясы) айналды. Люблянада Музыкалық тарихы институты (1934), филармония (1936-1941) құрылды. Қазіргі ұлттық композиторлық мектептің негізін салушы - С. Остерц. Белгілі музыканттары: композиторлар Д. Швара, И. Петрич, музыка зерттеушілер Д. Цветко, А. Риявец, Ф. Маролт; дирижерлер Б. Лесковиц, С. Хубад, З. Циглич, Д. Жебре; пианистер және композиторлар М. Липовшек, Й. Шивиц; скрипкашы И. Озим; әншілер Р. Францл, Л. Корошец, В. Буковец.
Театры. Алғашқы театр ойындары 17 ғасырда неміс және латын тіліндегі мистериялар мен «мектеп драмасы» түрінде қойылды. 1765 жылы Люблянада Сословие театры ашылды. 1789 жылы осы театрда А. Т. Линхарттың «Мицка - жупан қызы» пьесасы қойылды. 1867 жылы Люблянада жазушы Ф. Левстик Театр қоғамын ұйымдастырды.
1892 жылы Люблянада Словен театры ашылды. Алғашқы профессионал актерлері (И. Борштник, З. Борштник-Звонарьева, Й. Нолли, А. Данило-Церар, А. Веровшек т. б.) өз творчествосында романтикалық және реалистік тенденцияға ден қойды. Тұңғыш режиссерлері - И. Борштник, Р. Инеман. Жұмысшы табының бостандық үшін қүресі Э. Кристан пьесаларынан көрініс тапты. Драматург И. Цанкар творчествосының Словения театрын дамытудағы ролі зор болды. Реж. Б. Гавелла словен театрының дамуына елеулі үлес қосты. Осы кезеңдегі белгілі актерлері: X. Нучич, И. Левар, М. Вера, М. Скрбиншек, М. Наблоцкая, М. Данилова. 1945 жылы фашистік оккупациядан азат етілгеннен кейін Любляна мен Марибор қалаларында театр өмірі жанданды. 1969 жылы Словен ұлттық театрының драма труппасы гастрольдік сапармен СССР-де болды. 70 жылдардың орта кезінде труппа құрамында режиссерлер Б. Крефт, М. Корун, Ж. Петан; актерлер Ш.Дролчева, М. Потокарьева, Д. Почкаева, Б. Краль, Б. Сотлар, Ю. Соучек т. б. өнер көрсетті. 1974 жылы совет режиссері А. А. Гончаров осы театрда С. А. Найдёновтың «Ванюшиннің балаларын» қойды. Люблянада Театр өнері академиясы (1945), Словен театр музейі жұмыс істейді.
Әдеб.: Бодрин В. В., Авдеичев Л. А. Югославия. Экономико-географическая характеристика. М., 1970; История Югославии. т. 1-2, М., 1963; Алешина Л. С., Яворская Н. В. Искусство Югославии. Очерки, М., 1966; Белоусов В. Н. Современная архитектура Югославии. М., 1973; Солнцева Л. Театр народов Югославии. в кн.: История западноевропейского театра. т. 6, М., 1974.
Жарияланған-2020-10-02 16:38:36 Қаралды-1049
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану