UF

ХАЛЫҚ МҰРАСЫНДАҒЫ РЕҢДЕРДІҢ ҮЙЛЕСІМДІГІ МЕН ТАРИХИ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Халық мұрасындағы түр мен түстің ұлттық мол үлгілерінің тарихы

 

Қазақ халқының бағзы заманнан бергі және қазіргі рухани азығы, мәдениеті, философиясы ұлттық ауыз әдебиеті болғандығы баршамызға аян. Бұл күндері мүлдем ұмытылып кеткен ақиқаттардың елесі ауыз әдебиеті шығармаларында азды-көпті сақталып қалғанының өзі оның бағасын еселей түспек.

Әлем халықтарының фольклорлық мұрасы секілді халқымыздың түрлі-түсті реңдері сымбаттап саралай білудегі рухани әлемін, барша айқын көрсеткен, әлі де зерделі терең зерттеулерді қажет ететін сарқылмас қазына - ол қазақ халқының ауыз әдебиеті.

Осы уақытқа дейін әр түрлі өнер зерттеушілеріміздің түстер туралы ұғымды (цветоведение) жол-жөнекей ауызға алып келгені болмаса, арнаулы зерттеу тақырыбы болмаған бейнелеу өнерінің аса бір қызықты саласы бар. Ол - түйсігіміз бен ұғымымызды, ой-өрісімізді кеңейтіп терең мағлұмат беретін түрлі реңдерді жай қарапайымдылықтан күрделі образдарға дейін саралай білу.

Қазақ халқының Қазан төңкерісіне дейінгі сан ғасырлық тарихи кезеңдерде көшпелі өмір салтын кешкені мәлім. Ал бүгінгі тарихи таным көшпелі өмір салтының өзіндік төл бітімді мәдениеті болғанын мойындайды. Осы орайда, дәстүрлі ұлттық мәдениетінің түрлі реңдерді сезіне білуде саралауға байланысты кейбір жаңсақ айғақтарды еске түсіруге болады.

Қазақ халқының ұлттық бейнелеу өнері туралы пікір айтып жүрген қайсы бір сыншыларымыз немесе өнер зерттеушіліріміз Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ халқында ең мол рухани жұбаныш болған өнер түрлері тек қана музыка мен ауыз әдебиеті ғана, ал реңдер мен оның қалыптасу кезеңдері немесе бейнелеу саласы тіптен дамыған емес деген пікірлер келтіріледі.

Қалауымыз бойынша емес, қажеттілік болып алдымызға шыққан мұндай мәселені шешуге жұмыла кіріспесек, жалпы рухани талғамымыздың жоғарлауы, оның ішінде ұлттық реңдердің қалыптасуы туралы түсінігіміздің жөн-жосығын тану қиындайды.

Халық еш уақытта өнерсіз болмайды, қашанда халық бар жерде оның айнасы іспеттес фольклоры бар болады, ал фольклоры бар жерде міндетті түрде рухани байлық, ұлттық өнер өркен жаяды. Демек, халқымыздың рухани өрістерін танып түсіну үшін, тарихи әлеуметтік болмысын болжау үшін қоғамдық және мәдениет дамуды біртұтас сабақтастықта қарау арқылы шындыққа көз жеткізуге болады. Дәлірек айтсақ, өткен ғасырларғы тегіміздің болмыс-бітімін танып түсініп, қазіргі замандағы өзіндік қорының, бүгінгі мен ертеңгі тағдырын болжаудың сара жолы - міне осы.

Ал бүгінгі ғылыми зерденің, әсемдікті қабылдаудағы эстетикалық танымның өзекті міндеті - сол тарихи әлеуметтік бітімінің ұлттық реңдерді қабылдау сезімдерінің жалпылық пен ерекшелік қасиеттерін саралай танып, ілгері дамыту жолында төлтума бейнелеу өнеріміздің сақталуы үшін бағдаршы бола білу қажет. Түптеп келгенде, мұндай көз қарастардың өзі ұлттық бейнелеу өнеріміздегі толғауымыздың өзекті мәселелерінен туындайтын міндеттер.

Демек, түр мен түстер туралы халықтың бай мәдени мұрасын зерттеу, оны халық пайдасына асыру, эстетикалық таным-біліктіктің мәнді арнасы деп тану, оның озық үлгі-өнегесімен дәстүрінен үйрену тез арада сабасына түсіп шешімін таба қоятын мәселе емес. Сондықтан мұраны игерудің, оны терең зерттеудің негізгі бағыттары болады.

Әсемдіктегі ұлттық реңдер ерекшелітерін әр халықтың өзіндік тарихи болмысына қарай өзіне тән ұғыммен қабылдау қажет. Сол себепті де әсемдік немесе ұлттық реңдер жөніндегі ұғым атаулы да алуан-алуан көріністер беріп, әр халықтың өзіне тән көркемөнер категориялары қалыптасып, соған лайық өнер түрлері дүниеге келмек.

Басқа өнер түрлеріне қарағанда осы уақытқа дейін арнайы пікір айтылмай, зерттелмей келген өнер халқымыздың ұлттық ауыз әдебиетіндегі кездесетін реңдерді саралай білу өнері.

Қазақ халқы-небір ғажайып реңдерді сөзбен, яғни тілмен жеткізуге өте шебер. Дәл осы тұста тағы да қазақ халқына тән тағы бір ерекшелікті айта кеткен жөн. Нағыз суреткер ғана өзінің төл топырағындағы дәстүрлі халық өнерін дамыта отырып хас өнердің рухани арналарымен үндесе алады. Халықтық өнер міндетті түрде ұлттық болмысты тұғыр етіп барып қана, интернационалистік қағидалармен тоғысады.

Тіптен алысқа бармай-ақ, жариялылық алған жаңа қоғамның жарқын қадамынан қанағаттанған төл өнеріміз сыршырай (живопись) өнеріне ден қояйық. Өкінішке орай үлкенді-кішілі көптеген шығармалар (полотно) жазып жүрген майталман суретшілеріміздің өзі түрлі реңдерді саралай білуде ұлттық түстер туралы еш нәрсе айта алмаған болар еді.

Әрине, мұндай келеңсіздіктер ең алдымен халқымыздың түрлі реңдерді зерделей білудегі дәстүрлі талғамын түсінбеумен тең. Мәселенің мәні ұлттық реңдер туралы айтылмай келген осынау ұлы заңдылықты жаңсақ түсінуімізден болса керек. Ендеше ұлттық реңдерді қабылдай білуге негіз болар тың толғамдар тұжырымдар беретін қазына қазақтың жылқы және үй жануарларының түстерін терең талғаммен атай білуі.

Өнерді, яғни ғажайып реңдерді қабылдай білудің маңызын тереңнен қуалайтын болсақ, қазақ халқының тек қана жылқы түстерін терең сезіну арқылы көрерменнің көңіліне терең ой салады. Сөз жоқ, бұл ерекшеліктердің барлығы да шаруашылыққа байланысты тұрмыстан туған. Көшпелі елдің қашанда мал шаруашылығымен айналысып, малдың жағдайын қашанда жақсы білетіні мөлім. Міне осы малмен қазақтың көзі ашылған, малдың түр-түсін ажырата білудегі тілге тиген пайдасы өте зор. Мұнда тек қана тіл бірлігіне тиген шарапаты ғана емес, сол тілдің дамуына, мағаналы ғажап түстердің ауызша суреттелуіне үлес қосуында. Осы шындықты көркем бейнелерімізден көре білгіміз келсе, онда біз мынаны ескерелік, ең әуелі қазақ халқының фольклорында қалыптасқан түстер мен реңдер суретшінің түсінігінде терең ұяласа, онда сол суретшінің жазған шығармалары өте нанымды, өрі көркем де ажарлы нағыз ұлттық шығарма болып шығар еді. Хас өнерде бұдан артық ұлы мұрат болмаса керек. Жанрлық даралықты, эстетикалық мінсіздікті, эмоциялық әсерді, танымдық міндетті, тәрбиелік қуатты өз бойына жинақтаған өнер құдіреті міне осындайлар.

Нағыз өнер өзінің сабақтастығымен құнды, ілгері бастаған жаңа нышан, жақсы үлгіні кейінгі буын іліп алып өресін ұзартса, арнасын кеңейтсе - өнердің өміршеңдігі деген сол.

Әрине, дөстүр сабақтастығы - мейлінше киелі де күрделі процесс. Дәстүрлі жалғайтын ұрпақ сол дәстүрді рухани тұғыр ете отырып, дүние дидарына жаңаша көз салып, ой зерделеуі қажет.

Халқымыздың түстерді саралау мұрасын еске алғанда біз жаңаның ерекшелігін, сол дәуірде орын тепкен сұлулық заңын бұзбауымыз керек. Адамзат даналығы тудырған әсемдікті жойып жібермей, оны мұқият еске сақтай отырып, жаңа өнердің өрісін кеңейтіп, байыта білгеніміз жөн.

Халқымыздың мұрасын игеру жайында пікір қозғаған кездерде ең күрделі проблемаға, яғни көркемдік дамудағы тарихи сабақтастық (историческая преемственность) мәселесіне, айрықша назар аударған жөн. Түстерді саралай білудің тегін білу, болмысын тану, оның асылын тарихын зерттеу арқылы бүгінгі және болашақты рухани өмірімізді байытамыз, өнерімізді шыңдай түсеміз.

Халқымыздың небір ғажап ұлттық реңдерді саралай білүінің озық үлгілері халқымызды тустер арқылы сарқылмас терең ұғымдардың болғанын ғана емес, не үшін болғанын, осының салдарынан болашақта не болатынын санаңа құйып белсенді әрекеттерге бастап тұрғандай. Мұның өзі түрлі реңдердің сомдалған түрлерінің атаулары тұтас болмысты, ең алдымен адам санасында ауызша тіл арқылы қалыптасқанын аңғарды. Демек, әрбір сомдалған ұлттық реңдердің өзі көптеген уақыт сарабынан өтіп, белгілі бір ретке келтіріліп, сол реңдердің ерекше қабылдануы мидағы эмоциялық механизмнің өзінше дамуына ықпал етеді деген сөз.

Түстердің бітім қасиеті, реңдік қоры, оралым үйлесімділігі мен өзара сәйкестігі халқымыздың сан ғасырлық тарихи қалыптасуына, әсемдік көрнісіне айғақ болса, сол түстерді шығармаларына еркін қолдана білген суреткер ғана жеке тұлға ретінде де ғана емес, белгілі бір ұлт өкілі ретінде де көріне алар еді. Ал енді аталған осы құбылыстың пайда болуы, дамуы алуан сырды мағыналы шығармаларды меңзеп байи түсуі оңай құбылыс емес.

Шынында да, бір сәт ой желісін қуалап көрейікші. Түрлі реңдер адамдардың түстер үйлесімділігін бір-бірінен айырып алу мүмкіншіліктерін жетілдіріп қана қоймай, қоршаған ортаны реңдердің образы арқылы игерудің таптыр-майтын тапқыр құралы екенін байқаймыз. Мұның өзі - ең алдымен түрлі реңдерді саралай білудің, танымның белгілі бір этникалық ортаның халқымыздың өткен омірі мен көшпелі ғұмырының түрлі реңдерге айналған ең әсерлі айғақтары. Яғни халқымыздың мәдени және психологиялық болмысының түрлі реңдерді саралай, жіктей білу саласында айрықша айқын көрінетіні пайымдатады. Ұлттық реңдердің құпия сыры-халқымыздың сонау сәбилік дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі болмысының айқын көрнісі. Өйткені ұлттық реңдер туралы болмысымызда әрбір реңнің тасасында халқымыздың тіршілік-тынысы, салт-тынысы, әдет-гұрыпы, ұғым-сенімі бастан кешкен дәуірдің шешіресі жатыр. Сондай-ақ, халқымыздың фольклорында кездесетін түстердің түрлі реңдерге соншама бай болуы-оны қолданып айтушылардың өмір салты мен арман аңсарының жарқын көрнісі. Мысалға қазақ халқының бір ғана жылқының түстері арқылы басқа халықтарда кездеспейтін алуан реңдерде малынған ғажайып түстерді атай білуі - ғажап таңғарлық дүние.

Сондықтан қанатты қиял, қапысыз шеберлік, шынайы өмір шежіресінен туған ғажайып дүние болып шыққан.

Демек, түстер туралы ұғымды ой-өрісті кеңейтуге, немесе ұлттық рең туралы мәдениеттіміздің толық айғағы ретінде реңдерді саралай білу өнеріне ерекше ден қойған жөн.

Сондықтан да ұлттық реңдерді саралай білу терең де сергек сезімге баулу жауапкершілігі - халқымыздың тарихи тағдырына деген, еліміздің ежелгісіне деген сергектікке қоса, болашақ туралы ең жарқын үмітімізбен ұласып жатуы керек. Сонда ғана халқымыздың даналығының, тарихи талғамының қалай шыңдалғанына көз жеткізуге болады. Көз жеткізу сезіп-білу былай тұрсын, кемел де терең сезімталдықтың бәрі де халқымыздың әлеуметтік ұлттық болмысы тарихи идеалы. Міне осындай рухани ізденістер мен болжаулар арқылы ғана халқымыздың ұлттық реңдерді сезініп тани білудегі терең талғамын жас ұрпаққа дәлелдей аламыз. Сондықтан түрлі реңдерді саралай білудегі халқымыздың осындай төлтума өнерін тұғыр ете отырып, болашақтағы халқымыздың ұлттық реңктерді саралай білу өнері туралы ілімді жалғастыра түсіп өнеріміздің рухани тәрбиесін биіктете түсу мүмкіндігі өте зор.

 

Халық мұрасындағы ұлттың реңдердің жанрлық ерекшеліктеріне және әсер ықпалына қатысты зерттеулер жүргізу

 

Қазіргі кезеңге дейін ұлттық бейнелеу өнерімізде халқымыздың түрлі реңдерді саралай білу мәседелері әлі толық жолға қойылмаған.

Біз бұл еңбегімізде ұлттық реңдердің жанрлық ерекшеліктеріне, көркемдік шалымына, бітім құрылысына, тарихи қалыптасу жолдарына, қоғамдық әлеуметтік мәніне, әсер ықпалына қатысты ойларымызды ортаға салмақпыз. Әсіресе ұлттық реңдердің рухани процеспен тікелей сабақтас толтума қасиетіне, тарихи әлеуметтік болмысызбен біте қайнасқан көркемдік-поэтикалық шалымына ден қоюды ниет етіп отырмыз.

Кез келген өнер, оның ішінде ұлттық реңдерді терең зерделей білу өнері де, сырттан тағылған немесе алдын-ала кесіп-пішілген теориялық үлгі үшін дүниеге келмейді. Оны тудыратын - халықтың өмір тіршілігі мен сабақтас рухани сұранысының ұлы заңдылығы.

Ежелгі дәуірден келе жатқан жауапкершілікті, ерлікті, дәстүрді, батырлардың ерлігін, аттың сынын, қару-жарақтардың түсі мен ерекшеліктерін жырлауда сөз арқылы түрлі реңдерді шебер қолданудың ерекшеліктерін көреміз. Мысалға, ел қорғаған ер қанаты аттың сынын зерттеудегі эпитеттер арқылы ұлттық реңдердің қолдануына назар аударайықшы: "Мінгенім дәйім менің ал қара кер", "Көшкенде жылқы айдайымын кер кекілмен", "Жылқыда ұстатпайды күңгір жирен", "Мойнына теңбіл шұбар тақтым тұмар", "Тізгінін ақ жорға аттың бос салғайсың", “Ойнайды торы арғамақ тал шарбақта", “Көк дөненге жарасар өмелдірік", "Қара көкке қададым үкілі шоқ", "Аттың бәрі тумайды буырлыдай боп", "Сары аттан ырғай мойын мініп келдім" т.б. Міне осындағы келтірілген әрбір поэтикалық тілдер арқылы берілген ғажайып реңдер жорықтарда жортар, ереуілге мінер, сан қилы сәйгүліктер мен дүлдүл тұлпарлардың түсі мен сынын айқындап көз алдымызға әкеледі.

Бірқатар эпитеттер жеке дара түстердің ғажап ерекшеліктерін табиғи құбылыстарына қарай айқындай көрсетіледі: "Қарабас құспен шалдырып...", «Көк теңіздің үстінде», «Кендір баулы ақ желкен», «Көк теңіздің ақ толқынына жектірдің», "Арқаның құба жонында Арыстан ойнар шарқ ұрып", “Жапалақ ұшпас жасыл тау“, “Ағарып атқан таңды леп", "Айналайын ақ Жайық" (Доспанбет), "Қара судың бетінде сығылып аққан сең едің" (Бұқар жырау) т.б.

Ұлттық реңдердің негізгі жүйелі тобы жан-жануарлар дуниесіне орай өте жиі кездеседі, оларды нақтылап, “айқындау арқылы ақын-жыраулардың айтпақ ойы мен түпкі мақсатын терең тануға қызмет етеді. Мысалға: "Көк қоянның қос қанатын тұндырған", “Ақ киіктің шабар жері майдан дүр", "Сақалына сары шіркей ұялап, миығына қара шыбын балалап" (Шалгез), "Қара бұлан терісін етік қылар күн қайда" (Доспанбет) т.б.

Сонымен қоса ұлттық реңдердің көшілігі өмір, мекенжай, тұрмыс-тіршілік көрністері, көшпелі өмірге тән әрқилы жайларды айқындай түседі: "Өрелі орындық үстінде, Ақ шымылдық ішінде", "...Ақ білегін жастанып", "Еңсесі биік боз орда, еміне кірер күн қайда?" (Доспанбет) т.б.

Қазақ халқында көптеген ақын, жыраулар реңдердің ішінде '"боз" деген эпитетті жиі пайдаланады, осы реңнің ақын-жыраулар поэзиясында қолданылуы - халқымыздың көне дәстүр көрнісі. Қазақ халқы ежелден келе жатқан әдет-ғұрып, наным-сезімі бойынша үлкен тойларда боз ат бауыздап, құдай жолы деп садақаға боз қасқа қой сояды, екі ру немесе екі ел барымталасқан әдетте боз бие шалып ымыраға келеді. Халық жырларында, эпостарда, ертегілер мен қиса-аңыздарда қол бастаған батырлар немесе құт береке дарытушы деп есептелетін қыдыр боз ат мініп, боз киім киіп жүреді. Сол сияқты адам түс көргенде өмірде марқұм болған адамдар ашық не болмаса боз киім киіп, ажарлы жүрсе иманды болады-мыс, ал өмірде бар адамдар боз киіммен жүрсе жақсылыққа кезігеді міс. Мұндай мысалдар тек қазақ халқында емес, түркі тілдес елдердің бұрыңгы наным-сеніміне, әдет ғұрыпында, ауыз әдебиетінде жиі ұшырасады.

Егер қазақтың аузына «боз беткей» түссе, ол - тіршілігіне тірек, күнкөрістің берекесі шүйгін өріске сүйсінгені. Шүйгін өрістен мал кетпейтіні береке дәулеттің айғағы. Сол береке дәулеттің мекені, туған елі мен жері алуан реңдерге бөленген қазақтың "боз" даласы.

Қазақ жерінің қай өңіріне зер салып қарасаңыз да географиялық атаулардың дені сол жердің табиғи бітімімен, түр-түсімен аталатынына назар аударуға болады. Бұл ретте қазақтың кең байтақ даласының топонимдерін табиғи орта туралы шежіре десе де болады. Мысалға, тек қана реңге байланысты жер атауларын ғана еске түсіріп көрейікші Алатау, Ақкөл, Ақбұлақ, Ақжайық, Ақдала, Ақтөбе, Ақмола, Ақтоғай, Ақжол, Ақтау, Ақбұйрат, Ақжар, Аққайың, Бозтөбе, Сарыарқа, Сарыбел, Сарыағаш, Саршоқы, Көктал, Қызылқұм, Қаратау т.б. болып жалғаса береді.

Осынау атаулардан тау, дала, көл, өзен, төбе, шоқы, бел т.б. табиғи бітім жаратылысы ғана мен мұндалап тұрған жоқ, мұнан халқымыздың түйсік-танымы, осы жер атауларының негізгі реңдері арқылы, сұлулық арқылы әсемділік заңдылықтарын көре білген көңіл зеректігі де айқын байқалады емес пе.

Көңіл зеректігіне қоса кең атімды сұлулықты сезіп-білудің дәлдігі мен ерекшелігі де қайран қалдырады. Сары жон емес, сары жазық емес, Сары дала емес - Сарарқа, "Сарыарқа" десе дегендей, бұл байтақ та кең даланың мың сан өсімдігінен бастап, тау-тасына дейін сарғыш тартып жатады. Сондықтан да осы далаға біткен өсімдіктердін боз бетеге, боз жусан, сары көде, ақ селеу, ақ ши, шұбар, тарғыл, ақ қайыңды ақтоғай, боз тораңғы, боз тал т.б. деп аталады. Ал тауларын көбінесе Ақтау, Сарытау, Қызылтау, Қызылжар, Қаражал, Сарыжал, Ақсеңгір, Қызыларай, Ақшатау, Ақтоғай, Ақтерек деп атаса жазық далаларын Сарыжазық, Ақдала, Бозжазық, Жосалы деп атайды. Ең арғысы бұл өлкенің киігі мен түлкісі де қызғылт сары, ақсары, сарғыш, қояны сұр, қасқыры мен қарсағы көкшулан болып келеді. Демек, "боз" - халық ұғымында киелі, қасиетті өркез қадірлі деген заттар мен құбылыстарды суреттеуде мол пайымдалып отырған. Мысалға: “Еңсесі биік боз орда" (Доспанбет) т.б.

Сондай-ақ қазақ халқының ұғымында “АК" - ең қалаулы рең, қасиетті ұғым. "Ақ ана“, "ақ сүт“, “ақ көңіл", "ақ пейіл", "ақ ниет", "ақ жар", "ақ жарқын", “ақ бата", “ақ тілек", "ақ жүрек", "ақ бөпе", "ақ бота", "ақ жол", “Ақ Еділ", “Ақ Жайық", "ақ таң", “Ақ тау“, "ақ терек", “Ақ бұлақ" т.б. Міне, халық ең сүйікті, нағыз қадірлі ұғымдарына ғана "ақ“ эпитетін қосып айтады. Жаны-ары таза адамдарды "ақ адам" дейді. Қазақ халқы дүние тұтқасы барлық тіршіліктің бесігі азамат өмірін өрбітуші ананы ”ақ ана" дейді, ал оның махаббат мейрімімен, іңкәрлік сезімін қайнар бұлақтай құйылған тіршілік нәрін - “ақ сүт“ деп атаған. Мал шаруашылығымен күн көріс тіршілігі өткен қазақ халқы аналық малдың ақсүтінен жасалған сұйық тағамдарды қастерлеп "ақ" деп атайды. Міне "ақ" эпитетінің арғы тегі сайып келгенде пәк, кіршіксіз таза, кәусар мөлдір деген ұғыммен тікелей байланысты.

Қазақ халқында ақын, жыраулар суреттеген құбылыстарға ерекше рең, анық ажар беріп, айтпақ ойларын аша түсуге мейлінше елеулі ықпал көркемдік тәсілдердің бірі - мегзеу (синекдоха).

Қазақ эпосындағы "Ер тарғын" жырында "Қара жерге қар жауар, қарды көріде етім көр, Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де бетім көр" деген сияқты ақын, жыраулар мағаналық шендестірулердің небір көркем үлгілерін жасаған. Бұл арада адам өмірінің әрқилы сәтін, тірліктегі қадір-қасиетін, бағасын нақты, тереңірек бой көрсетуге бой ұру бар.

Біз жалпы алғанда ажарлы реңдерді саралай білу әнерін халқымыздың тарихи дамуы барысында біртіндеп және неғұрлым тереңірек білу мен сол таным мен білімнің өзін қандай жолмен айқын ажырату керектігін аңғара білуіміз қажет. Себебі таным процесінің өзін зерттейтін ғылым бар да және жалпы методологиялық ғылымның жаратылыс, қоғамдық болмыс және адамның ойлау әрекетінің жемісі - заттық деректер де, рухани қазынамыз мұраларымыз да жеткілікті.

Ал енді реңінің өзі, оның өзіндік құбылыс ретіндегі ерекшелігін сатылап сұрыптау, жүйелеу жайлы тарихи мұраларымыздың негізінде әлі қолға алынбаған, басы ашылмаған мәселе.

Ой өрбіту үшін танымал ғалым, психология ғылымдарының докторы Мәжит Мұқановтың “Ақыл ой өрісі" атты зерттеу еңбегіне назар аударайық.

Автор рухани игіліктерімізге халқымыздың дәстүрлі өрнек-өнеріне ғылыми психологиялық жүйелілік тұрғысынан қарап ой қозғауды ниет еткен. “Сондай-ақ қазақтың киіз үйінің басқұрлары мен оюлары, киімдері мен алашалары неше түрлі бөлшектерден құрастырылып жасалатын-ды. Ал олардың киетін киімдерін, әсіресе қыздардың сәнді көйлектері түрлі-түсті келеді. Бұлар түстерді әрі дәл, әрі жетік ажыратуға мүмкіндік туғызады. Кейбір түстер ана тілімізде түгел кездеспей келеді. Мысалы: "көкшіл" деген түс көбінесе "көк" деп аталып келеді. Мұның себебі, ел қоныстанған жерлерде теңіздің жиі кездеспейтіндігінен болуы керек", дейді.

Біріншіден, мұндай пікірді өнерлі халықтың өзекжарды мұратын айқындайтын талғам деп саралау өте қиын. Екіншіден, ана тілімізде осы уақытқа дейін реңдердің дәл атауларын атап арнайы еңбектер жазған ғалымдар жоқтың қасы. Үшіншіден, көк түстің аталуы теңіздің кедеспеуінен деген пікірде ақиқат шындық бар деп айту қиын. Еш жерде жазылмаған, еш жерде ғылыми пайым ретінде айтылмаған жорамалды оңай ой-тұжырымының кәдесіне жарата салған сияқты.

Әрбір тарихи кезең халықтың түсінік, ұғым, ой, айту пікір тұжырымдау қабілетіне жаңаша өзгерістер еңгізіп, ол тұтас дүниетанымға да өзгеріс еңгізеді. Біздің мақсатымыз осы сатылы дамудың, жанды өзгерістердің мәнді, мазмұнды сабақтастығын табу, болашақ зерттеушіміз үшін соны жұйе тауып, пайымды пікір айта білсек.

Ойымызды әрі қарай сабақтап, М.Мұқановтың кейбір жол-жөнекей жасалған тәжірибелері мен айтқан ой-орамдарындағы келеңсіз үйлеспеушілікті айтпасқа болмайды. Психология саласындағы үлкен ғалымның бүкіл қазақ халқының реңдерді саралау негізіндегі терең ұғымды мынадай қарапайым да қарабайыр тәжрибелермен кедейсоқ шеше салып, ғылыми еңбектеріне ойланбай жазды деп айтуға ауыз бармайды: “Осы мәселені анықтай түсу үшін бір топ адамдарды іріктеп алып олардың түстерді ажырата білулеріне байланысты арнайы эксперименттер жүргіздік (бұған небары 8 еркек адам қатысты, бұлардың ішінде төртеуі шала сауаттылар, қалғандары хат танитындар). Біз бұлармен әңгімелесе отырып, түстердің қандай түрлерін білетінін сұрадық. Олардың бәрі спектрдің негізгі түстерін (қызыл, сары, жасыл, көк, көкшіл, күлгін, ақшыл көк т.б.) ажырата алатын болып шықты. Ал спектр түрлерінің араласуынан пайда болатын сүр, қоңыр, боз сияқты түстерді де біледі екен. Ал нақты бейнелі дегі аталатын түстер онша жиі кездеспейтіні аңғарылды.

Атап айтқанда, қазақ тіліндегі нақты бейнені көрсетегін түстер көбінесе шөптерге, не үй ішіндегі заттарға байланысты айтылады. Мысалы, боз түс - тобылғы түсі, көкпек түс, сұр түс, мақпал түс, киіз түс сияқтылар. Біз қажетті мағұлыматтарды көрсетіп, олардың қандай категориялық түстерге жататынын айтып беруді сұрадық. Бұл сұрақта тек сауаттылар үшін ғана емес, оқымаған адамдарға да қиын соқты. Олар 64 түстің бәрін сол негізгі 10 түстерге жатқызды. Ескерте кететін мәселе - альбом ішіндегі түстер тек түстердің бір ғана түріне жататынды".

Шындықты айтсақ ұлттық реңдерді зерделеп зерттеуден төл мәдениетіміздің рухани дүниетанымдылық тоғысуларына баға беру үшін, дәл осындай ой айту онша тиімді болмайтынын естен шығармаған жөн. Әйтпесе бүтіндей бір халықтың, оның белес-белес сабақтаса қалыптасқан ұлттық өнері мен дәстүрінің даму кезеңдерін тұтастай алғанда, бүкіл мәдениетіміздің өзіндік келбеті жартылай сауатты сегіз адаммен шешіле ала ма? Жоқ әсте шешілмейді. Себебі, әсіресе, көзі малмен шыққан қазақ халқының малдың реңін ажыратудағы рухани процеспен тікелей сабақтас толтума қасиетіне, тарихи әлеуметтік болмысына біте қайнасқан көркемдік шалымына тығыз байланысты емес пе?

Мысалға, бір ғана ешкінің реңін алайық: ,,ақ,, "көк", "сары қоңыр", «қара», "сүр", "шұбар", "бөрте", "жағал", "ор", "қасқа", "боз" т.б. Мұндай реңдерді сауатсыз адамдар былай тұрсын, зиялы өнер адамдары да түгелдеп бере алмас. Сондықтан да халқымыздың дәстүріндегі ұлттық реңдер туралы мол мұраны тарихи әлеуметтік бітімімен үндес пайымды зерттеулер жүргізу аса қажет.

Қазақ халқында көбінесе халық мұрасы дәстүріне байланысты барлық өнерге бірдей тараған қара өлең нұсқалары аз емес. Осы қара өлең нұсқаларын нақтылы зерттей отырып жүзге тарта малдардың реңі теріліп алынды. Реңдерді зерделеу туралы мұндай еңбектер өзара екшеленіп жұртшылық назарына ұсынылып отыр.

Міне осындай тың ізденістер қазақтың бейнелеу өнеріндегі реңдердің алатын орнын жөне рухани процесіміздегі өзіндік ерекшелігін тарихи әлеуметтік және ұлттық өнерімізбен шектестіре қарап, көркемдік эстетикалық мән-мағынасын болжап бағдарлауға болады.

Байыптап қарасақ, қазақ халқы-фольклорлық мұраны тудырушы ғана емес, сол мұраны дамытудың объектісі. Осы орайда, халқымыздың сан алуан рухани мұрасына белгілі бір тұтастыққа ден қойып, әсіресе түс туралы ұғымдардың ортақ заңдылықтары мен қасиеттерін ашуга назар аударылмағанын мойындауымыз қажет.

Халықтың рухани мұрасы терең талғамды анықтаумен байсалды зерттеусіз оңайлықпен бір тұтасты тұлға танытпайды.

Біз өнердің, оның ішінде бейнелеу өнері ғылымында семантика (мағына), технология (жасалу тәсілдері) сияқты қасиеттерді ғылыми зердеден өткізіп отырып, белгілі бір тұжырым жасауымыз қажет.

Біз тек қана жеке-жеке өнер ғана емес, түрлі реңдерді зерделей білу қасиетін халқымыздің рухани болмысындағы біртұтас құбылыс ретінде жан-жақты тануымыз қажет. Кез келген өнер түрлерінің өзегінде сол өнердің түр-түсі сол реңдерді қабылдаудағы ерекшеліктері, халықтың психологиялық ортақ арман-аңсары (идеялы) жатады. Мәселенің мәні, ұлттық реңдерді саралап қабылдай білудегі сәулет (архитектура) немесе қолөнер, сыршырай (живопись) түріндегі образдық (символдық) мәнін саралай алуымызда болып отыр.

Яғни, өнердің немесе ұлттық реңдерді қабылдаудың семантикасы дегенде оның қандай мағына арқылы жеткізіліп тұрғандығында, қандай символдық белгі көрсететіндігіне терең мән беру. Сонда ғана ұлттық рең туралы ұғымды терең қалыптастырып белгілі бір мақсатқа қол жеткіземіз.

Рухани мұрамыздың бітім қасиетіне бұлайша ден қою - ең алдымен сыршырай өнерінде талпынып еңбек етіп жүрген талапкерлер үшін кез-келген ұлттық реңдерді алдын-ала әзірленген тұжырымдарды дайын “үлгі" ретінде көшіре салудан сақтап, халықтың рухани болмысын түр-тұлғасын тануға деп береді. Осыдан барып халқымыздың түрлі ұлттық реңдер арқылы тұлға танытқан рухани болмысы әрекетке түсіп, ұрпақ бойыңда төлтума талғам қалыптастыра бастайды.

Халқымыздың жылқының түрлі реңдері арқылы көптеген сомдалған образдарды, реңдердің аталуы, олардың мән-мағынасы, этимологиясы, тарихи шығу төркінін арнайы зерттеу қажет ететін бір қызықты ойдың өресі болғандай. Ал, өнер, оның ішінде ұлттық сыршырай өнері, дүние тіршілігі, көркемдік тәсілдері түрлі ұлттық реңдер арқылы бейнеленеді.

Сонымен, халқымыздың дәстүрлі ой танымының, оның ішінде ұлттық реңдерді қабылдай білуге образды-поэтикалык, талғамның қалыптасуы дегеніміз - ата-бабамыздың рухани болмысы біртектес, біртұтас болуы деген сөз.

Бұл орайда, халқымыздың түрлі ұлттық реңдерді образды сипаттауы (осы ойымыздың қай-қайсына да бағдаршы болуына), ұлттық сыршырай өнерінің дәстүрлі мектебі ретінде роль атқарары сөзсіз,

Қорыта келгендр, халық ауыз әдебиетіндегі түрлі ұлттық реңдердің нұсқалары жөніндегі зерттеуіміз ғасырлар тереңіне кетеді. Халық өнеріндегі ұлттық реңдерді саралау өнерін қазақ фольклорының бай тарихынан жүйелі сөз қозғап, жалпы мәдениетіміздің даму кезеңдерін, елеулі фактілерін арнайы үлгі етігі, таныстыратын және жиынды ойлар мен нақтылы тапсырмалардың негізгі бастамасы деген ойдамыз.

 

Халық мұрасындағы фольклорлық шығармада кездесетін көркем реңдерді зерттеудің негізгі аспектілері

 

Қазақ халқының ауыз әдебиеті - қирына көз жетпес байтақ дүние. Қазақ тілінде тек қана түрлі реңдердің байлығы, сөздің ою-өрнегі ғана емес, халықтың бүкіл тарих бойына, санасына ұялаған дүниетаным түйсігі, ұғым-нанымы жатыр.

Көркем шығармалардағы түрлі ұлттық реңдерді терең талдау үшін, халық ауыз әдебиетінде кездесетін бір ғана жылқының мол реңдерін саралай білу аса маңызды. Онсыз түрлі реңдердің бай қорын жан-жақты терең зерттеу де мүмкін емес. Өйткені жылқының реңдері оның түстерге соншалықты мол, әрі кең ұғымдағы контексі әрі бейнелеу өнердегі керкем шығарманың халықтық, ұлттық шығарма ретінде жазылу тәсілдерін терең түсініп бағалауға басты негіз болып табылады.

Мысалға: жылқы түстерінің бай реңдерін талдап көрейік:

АҚ: ақбоз, ақте ан, ақжал, ақбақай, ақсары, ақтанау, аққасқа, ақшылкөк, ақала т.б.

ҚАРА: қарасұр, шымқай қара, мақпал қара, қаракөк, қара қасқа, қара жирен, қара ала, қара торы, су қара, сусыл қара, қара сұр, қылаң қара, қара шұбар, қара күрең, ал қара, жылтыр қара, қара жал, қара кұйрық, қара кекіл, қара кер т.б,

КӨК: көкжал, көкшұбар, алқаракөк, мұзкөкала, теңбілкөк, көкшегір, көгелдірік, бозкөкала, сусылкөк, ақшылкөк, көкала, көкқасқа, көкмойын, көкжирен, қаракөк, көкшіл.

ҚЫЗЫЛ:   алқызыл, ақшылқызыл, күреңқызыл, шымқайқызыл, т.б.

ЖИРЕН:    сужирен, сусылжирен, қаражирен, күңгіртжирен, құлажирен, шымжирен, жиренқасқа, көкжирен, сарыжирен, сұржирен т.б.

КЕР: құлакер, ақтанаукер, алқаракер, шымқайкер, кербалақ, керқасқа, керкекіл, шұбалаңкер, керала, сұршакер т.б.

СҰР: ақсұр, қарасұр, сұрша, сұрқасқа, көксұрша т.б.

ТОРЫ: салторы, торқасқа, сусылторы, шымторы, торшұ бар т.б.

ҚҰЛА: құлақасқа, құлаша, құлабөрте, құлакер, құлажирен.

КҮРЕҢ: күреңқасқа, қаракүрең, алакүрең, алкүрең, ардакүрең, күреңжал, салкүрең, құбакүрең т.б.

САРЫ: сусылсары, сарықасқа, сұлусары, сарғыш, қызылсары, сарышұбар, ақсары, бурылсары т.б.

СҰРША: қарасұрша, көксұрша, ақсұрша, теңбілсұрша т.б.

ШҰБАР: теңбілшұбар, қасқашұбар, қарашұбар, ақшұбар, көкшұбар, сарышұбар, жиреншұбар, алашұбар, сұршұбар т.б.

АЛА: қараала, көкала, сарыала, торыала, аласұр, алакүрең, қызылала, алашұбар, аламойын, алабел, алаяқ, т.б.

Сонымен қоса: құба, қылаң, баран, бөрте, сетер, буырлы, шабдар тағы басқа болып кездесе береді.

Біздің негізгі пікіріміз бойынша осы келтірілген жылқы реңдері көркемдік негізінге қойылатын мынадай талаптарға жауап береді:

Біріншіден, осы мысалдарға келтірілген жылқылардың түстері, суретшінің шығармасында қолданылатын түрлі ұлттық реңдердің ерекше термині болып саналады. Мысалы, ғылыми әдіс-тәсілдерінде ғылымның әр саласына байланысты терминдердің басым қолданылуы.

Екіншіден, жоғарыда айтылған көркем реңдердің барлығы суретшілердің төлтума шығармаларында халықтық мақамды қолдана білудің айырықша қоры ретінде найдалана білуі, түрлі ұлттық реңдер туралы теориялық ой өрісін арттыра білудің тәсілі.

Үшіншіден, халықтық көркем реңдер ұлттық бейнелеу өнері шығармаларында эстетикалық, әсемдік тұрғыда жұмсалады. Біздің пікірімізше көркем реңдер басқа ұлттық шығармаларда қайталанбайтын өзіндік белгілі бір реңдік құрлымға (жекелік авторлық аутқулар бола тұрса да) ие болуы. Мұның барлығы ұлттық бейнелеу өнері жанрларының көркемдік реңдерін халықтық шығармалар қатарында қарауға мүмкіндік туғызады.

Демек, әдеби тіл мен көрікем шығармалардағы түрлі ұлттық реңдердің байлығы жалпы даму барысында екі жақты байланысқа түседі. Көркем реңдердің мол түрлерінің дамуы жалпы халықтық бейнелеу өнерінің дамуына ерекше ықпал жасайтын маңызды факторлардың бірінші жағы десек, көркем реңдердің жоғары даму сатысы өз кезегінде бейнелеу өнеріндегі көркем шығарма тәсілінің көп қырлы, орамды көріктеу құралы болуы екінші жағы. Бұл орайда көркем шығармалардың ажарлана түсуіне халықтық ұлттық зипалы реңдердің негізін бұзбай, ұтымды пайдаланып, жақсы қасиеттерін дамыта түсудің орны ерекше зор.

Бұл айтқандарымыздың үстіне көркемдік, шеберлік, бейнелеу саласындағы түсінігімізше түрлі ұлттық реңдерді қабылдап ажырата білу мәселелеріне арналған көркем реңдер туралы сөз болуы қажетті жағыдай. Оларды көркем шығармалардың турлі ұлттық реңдер жөнінде құрғак пайымдаулар жасаудан гөрі (мысалға, "реңі көркем", "айшықты", деген сияқты) мәселенің бабына баруға, ұлттық реңнің терең тылсымын, оның құпия сырын түсінуге тырысуға, бағдарлауға талап ену қажет. Дегенмен, көркем әдеби тілдегі ұлттық реңдердің бай қорын зерттеудің көптеген мәселелері, атап айтқанда "жай" реңнің көркем поэтикалық образға айналу заңдылықтары, өзіндік ерекшеліктері, қарым қатынастары, даралық стиль мәселесі т.б. көптеген жайлар өз шешімдерін таппаған күрделі мәселелер.

Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі ақын-жыраулар поэзиясындағы дәстүрге айналған ерекше бір көркемдік тәсіл түрлі ұттық реңдерді сомдап суреттеу. Соған сәйкес осы зерттеудің аспектілері де, әдіс-тәсілдері де түрлі-түрлі болып келеді.

Бағзы ауыз әдебиетінде тебірене сипатталған көркем ұлттық реңдерді жеке дара талдаудың бірінші аспектісін оны қазіргі кезеңдегі ана тілімізді байытып үйрену үстінде, ұлттық бейнелеу өнерінде түрлі реңдерді зерттеуте қажетті материал ретінде пайдалануға болады. Бұл жағдайда түрлі ұлттық реңдердің бай қорын, бейнеленулерін суреттеп отырған халықтық тілдің белгілі бір құбылысына терең талдау жасалуы қажет.

Ауыз әдебиетіндегі түрлі ұлттық реңдердің мол қорын жасаудың екінші аспектісін көркем әдеби тілдегі мол реңдердің қалыптасу тарихын ұлттық бейнелеу өнеріндегі қалыптасқан реңдердің тарихы ретінде түсініп: сол тұрғыдан терең талдау жүргізу. Бұл жағдай көркем шығарманың тілі белгілі бір дәуірде түрлі ұлттық реңдердің бай қорының қалыптасуындағы тенденциялардың заңды көрнісі ретінде алынады, оны зерттеу түрлі ұлттық пеңдердің нақтылы ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі.

Көркем әдеби тілдің түрлі ұлтты реңдерді зерттеудің үшінші аспектісін ақын-жыраулардың бейнелеу әдістерінде түрлі реңдердің көркемдік, эстетикалық қасиетін анықтайтын салалардың бірі ретінде талдау. Бұл талдау ұлттық бейнелеу өнерін тану ғылымымен ұштасып жатады. Демек бейнелеу өнерінде нақтылы көркем шығарманың өзіндік рең ерекшеліктерін талдағанда суреткердің түрлі ұлттық реңдерді қолданудағы ерекше дара өрнектерін ескеру орынды. Бұл тұрғыдағы зерттеу тек сол суретшіге тән ұлттық реңді қолдануы десек те, оның шеберлігін, даралығын айқындайды.

Бірінші және екінші аспектілерде суретшінің алдында көркем шығармада түрлі реңдерді қолдану тәсілдері мен ұлттық реңдердің арақатынасын анықтау міндеті қойылады. Зерттеудің үшінші және төртінші аспектілерінде суретшінің алдында ұлттық рең фактілерінің көркем шығарма құрлымыны енген кезде, шығарманың идеялық-образдық мазмұнына сай көркем өзгерістерге ұшырау заңдылықтарын анықтау мен ұлттық көркем реңдердің өзара үйлесімділігіне байланысты, белгілі бір суретшінің стилдік жүйесіне төн ерекшеліктерін ішкі заңдылықтарын ашу міндеттері қойылады.

Бұлар бөлек-бөлек зерттеу объектілері болғанмен, өзара тығыз байланысты. Өзінің мөні, мақсаты, нәтижелері, әдістері тұрғысынан алдыңғы екі аспекті біріңғай болса, соңғы екеуі өз алдына бір бөлек. Алдыңғылары көркемдік реңнің таза шығу тарихы жайында болса, соңғылары көркемдік реңнің эстетикалық мәнін, қолдану тәсілін аша түсуге құрылған, сондықтан да оларды зерделей білу әдістері ұлттық өнерді тану ғылымдарының зерттелу әдіс- тәсілдерімен тығыз ұштасып жатады.

Зипалы реңнің ұлттық фактілерінің көркемдік талапқа сай игерілуі өнер иесінің ұлттық реңдерді өз шығармаларында қолданудағы даралық шығармашылық таланты арқылм шыңдалған, өзіндік бағыт-бедері анықталған өнер иесінің өзіңе төн айрықша стильдік тәсілдерді қалыптастырады.

Көркемдік тәсіл, айла, әдістерімен қоса көркемдік ұлттық реңдердің ерекше қарым-қатынасын айқындап, олардың ұқсастықтары неде, айырмышылықтыры қандай, осыларды саралау - бейнелеу өнерін тану ғылымдарының өзекті мәселелерінің басты бір саласы.

Көркемдік ұлттық реңдерді терең сезініп саралай білу өнері - өзгеше өнер. Оның материалы - түстердің өзара ерекшеліктері. Ал оның басқа өнер түрлерінен өзгешілігі - ол әуел бастан-ақ белгілі бір ұғымға терең мазмұнға ие.

Ұлттық көркем реңді аңғарып, ажыратып, терең сезіне білу өнерінің өзге өнер түрлерін ең өзіндік ерекшелігі де, оны талдап саралаудың күрделігі де осында.

Нағыз көркемөнер шеберлері ғана көркем дүниеге келтіру процесінде халық тіліндегі көркемдік реңнің мол мұраларын пайдалана отырып, ұлттық реңнің жасырын жатқан байлықтары мен мүмкіншіліктерін аша алады. Олар өз шеберлері арқылы ұлттық және халық өнерінің дамуына, оның ішкі заңдылықтарына сәйкес келетін, жалпы қолданысқа еніп, ұлттық реңдердің қорын терең байыта түсіп, халықтық онердің төрінен орын алатын асыл құндылықтар жасайды.

Сонымен ұлттық көркем реңнің пайда болып қалыптасуына халық ауыз әдебиетінің ролі зор болса, одан әрі қарай дамуына бейнелеу өнерінің осы ұлттық көркем реңдерді қслдана білудің айрықша тәсілдері ерекше әсер етеді. Алайда, халықтың ұлттық көркем реңі бейнелеу өнеріндегі ерекше әсері қай кезде де айрықша болып қалмақ.

Сондай-ақ, біздің пікірімізше, біріншіден, ұлттық реңде көркемдіқ боямалы үстер болғанмен де бейнелілік тәсіл тек солармен ғана жасалмайды. Әрбір талапкер суреткер өз шығармаларында осы ұлттық зипалы реңдерді мазмұнына сәйкес асқақ талап тұрғысынан шебер қолдана білуі керек.

Екіншіден, мазмұндылық, көркемдік, бейнелілік, үйлесімділік сияқты түрді тәсілдердің озара кірігуі, олардың оқшаулануына жол берілмеуі керек. Мұның негізінде барлық айла, тәсілдердің негізін құрайтын жалпы халықтық, ұлттық көркем реңнің образға жинақталған құрлымы жатады.

Үшіншіден, көркем шығармалардағы зипалы реңдердің бай қазыналарының қатарына халық фольклорында кездесетін түрлі ұлттық реңдерді жатқызғанда, дұрысы оның эстетикалық көркемдік жағынан “өнер тілі" ретіндегі ғана емес, бейнелеу өнеріндегі жалпы халықтық, ұлттық өнердегі көркем реңнің бір көрнісі ретіндегі мағнасын алған дұрыс.

Бұрын-соңды кенже қалған қазақ халқының бейнелеу өнеріндегі түрлі реңдерді ұлттық өнер тұрғысында қабылдай білу немесе сыршырай өнеріндегі оның мәнін халықтық шығарма қатарына котерудің қиындығы осында жатыр. Қазіргі кезеңдегі өнер зерттеушілері осы күрделі мәселеден тайсақтап, қойылған сұрақтарға әр жақты жеңіл жауап іздейді. Бөлінбесті қалайда бөліп,  бөлікті тұтастың мәні ретінде ұсынады. Сөйтіп халық өнерінің, ұлттық шығарманың, халқымыздың ауыз әдебиетінде кездесетін түрлі реңдердің мол байлығын сыршырай өнеріне айналдырудағы эстетикалық құпиясын ашудан алыстап кетеді. Шындығын айтсақ, осы айтылған өте күрделі мәселе оңай шешілмегенімен келешекте әр нәрсенің сырын ашуы сөзсіз.

Халық өнерінің көркемдік қасиетінің сырын кейбір зерттеушілер көркем ойлаудың сипатынан (тақырып таңдаудың) іздесе, енді біреулері оны бейнелеуші материалдардың сипатынан (мәрмәр, күміс, ағаш, бояу т.б.) іздейді. Ұлттық шығарманың негізі кез келген материалдарды шебер қолдануда ғана емес, образдылық ойлаудың, ұлттық реңдерді стильдік тәсіл ретінде шебер қолданудан туындайды.

Көркем шығарма алғаш сезім алауымен (интуитивті) дүниеге келеді, оны жасаудың келесі қадамы - ақыл ой, парасат. Сезім мен парасаттың үйлесімді бірігуі ғана құнды шығарма тудырады. Сонымен шығармашылықтың пайда болу тәсілі - парасатты образды ойлау. Өйткені өнер сезім арқылы туып, сезім арқылы аяқталады және ой-түйсік арқылы қабылданады. Ал түсіндірілгенде, талдаудың көмегі қатты қажет.

Көркемөнер - қоғамдық сананың ерекше формасы. Ғылым сияқты ол да шындықты бейнелейді. Сонымен қатар ол - айнала қоршаған ортаны да танып білудің құралы. Бірақ ғылымда да, өнерде де болмысты өзінше бейнелейді де өзінше таниды. Ал көркемөнердің, оның ішінде түрлі реңдерді саралай білу өнерінің, яғни сыршырай өнерінің өмірді өзінше бейнелеуінің, өзінше тануының сыры қандай. Бейнелеу өнері өмірді әсемдіктің заңдары бойынша танып, бейнелейді дегенді қалай түсіндіруге болады. Соған тоқталайық.

Бейнелеу өнерінің айырмысы тек мазмұнында ғана емес - сол мазмұнды бейнелеу тәсілінде. Мысалға, ортақ жайды жеткізуде философ силлогизмдерді, ақын образдар мен табиғат көріністерін пайдаланады. Өнер дегеніміз шындықты тікелей сезіну, басқаша айтқанда бейнелі "ойлау", "түйсіну" деген сөз.

Мәселен, жазу-сызу болмаған ерте кезде-ақ қазақ халқы өзінің тұрмыс тіршілігі, қоғамдық өмірі, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен күініші, дүние танудағы көзқарасы т.б. жайында неше түрлі өлең-жырлар ойлап шығарған. Солардың ішінде басқа халықтарда жиі кездесе бермейтін "құба", "қылаң", "баран", "сертер", "бөрте, “бурыл", "шабдар", "құла", "ор", "күрең", “жирен", “жағал" т.б. өте бай реңдердің мол қорының жиі кездесуін атап өтуіміз керек.

Демек, мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі елде өмір сүріп, бар өмірін табиғат аясында өткен ақын-жыраулар небір ғажап зипалы реңдерді өмір сүрген табиғи орта мен мал шаруашылығына байланысты сөзбен салыстырып көркем бейнелей білген. Өмірдегі эстетикалық құбылысты өнерге көшірудің өзіндік ерекше сыры да осында жатыр.

Қоршаған ортаның эстетикалық қасиеттері біздің санамызға образ түрінде енеді. Ал көркем таным просінде суретші түстердің образдарын өзінің шығармашылық ойы мен сезімін байыта түсу үшін пайдаланады.

Халық фольклорында кездесетін ғажап ұлттық реңдердің мол байлығы терең ой, мәнді мазмұн, суреткердің көркем-бейнелеу машығымен астасып, эстетикалық образдың әсер етуі үшін шығармашылық мұраттарға жетелейді. Терең образды ұлттық реңдер арқылы берілген жалпылық, көп мәнділік, көрермен санасында оның жеке басының ерекшелігіне сәйкес, өмірлік тәжрибесінің қорына лайық жеке көрніс табады.

Халық шығармаларында кездесетін зипалы образдарға толы ұлттық реңдердің атаулары айрықша үйлесім тапқан эстетикалық құрылым болып табылады. Оның күші мынада. Ол қабылдаушыларға белгілі эстетикалық көңіл-күй туғызып, оның сезімін эстетикалық жағынан ұйымдастырылады. Бұдан біз өнердің қалыптасуы екі жақты құбылыс екенін байқаумызға болады. Өнер өмірді қайтадан көркемдікті жасау мен көркем танудың (қабылдаудың) бірлігінен туады.

Демек, халық фольклорында кездесетін зипалы реңдерді терең талдауда оның көркемдік заңдылықтары мен қабылданатынын да ескеру керек. Түрлі ұлттық реңдерді қабылдау кезінде көрермен өзінің көңіл-күйін, ынта-жігерін, ақыл-сезімін сәйкестейді. Егер сәйкестікте сезім, көңіл-күй, ынта-жігер болмаса әсемдік, ягни тереңдікті жете түсінуге болмайды.

Халық фольклорында кездесетін ұлттық реңдердің көпшілігі белгілі бір ұғымға ғана емес, белгілі бір мазмұнға да ие. Яғни түрлі ұлттық реңдерде кездесегін бірде-бір теңеу кездейсоқ, қалай болса солай жасала салмаған. Бәрінің де жүйесі бар, түп негізі бар, себеп-салдары бар.

Халық тарихындағы неше алуан мәдени, рухани процестердің ізі коп жерлерде осы түрлі ұлттық реңдердің аталуынан да өз орнын табады. Мұның неше алуан дәлелдерін жоғарыда келтірілген мысалдардан, қайсы бір келтірілген түрлі ұлттық реңдердің құрлымынан табамыз. Әр қилы әлеуметтік факторларға байланысты көптеген реңдердің бастағы мағнасы әлденеше жүздеген жылдарды артқа тастап бізге жеткені белгілі.

Осы қасиеттерге байланысты түрлі ұлттық реңдер халқымыздың тарихи болмысын қолмен ұстатқандай, барлық сезіммен сезінетіндей етіп бізге қайта жақындата түседі.

Түрлі ұлттық реңдер туралы оның қажеттігін зерттеген де осы жағын ескеру керек, зипалы реңдердің негізгі міндеті - шығармашылық ойды білдіру, бейнелеу өнерінің қатынас құралы болу қызметін сақтай отыра, түрлі ұлттық реңдер көркем шығармада эстетикалық қызмет атқарады. Теңдік құбылыстар көркем шығарма құрлымына енгенде "жаңаша қызмет" атқарып, өзгеше мазмұнға ие болады. Бұл өзгерістердің түп төркіні ұлттық бейнелеу өнерінің шығармашылық табиғатында жатыр.

Демек, өзінің эстетикалық шығармашылық (творчестволық) деңгейінде түрлі ұлттық реңдер белгілі бір мазмұнды белгілеуші ғана болмайды, ол барлық мән-мағнасымен ішкі-тысқы болмысымен образды мазмұндаудың құрамды бөлшегіне айналады.

Сөйтіп түрлі ұлттық реңдер бейнелеу өнерінде мазмұнды жүйеге (формаға) ауысады. Міне, халық фольклорында кездесетін реңдердің жай түстер мен салыстарғандағы өзіндік ерекшеліктері осындай.

Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: бейнелеу өнері шығармаларында түрлі ұлттық реңдердің поэтикалық контекстерінің мәні өте зор. Мысалға, жерге түскен бір дақыл дән қолайлы жағдайға тап келсе (жылылық, жердің ылғалдылығы т.б.) көктеп шыға келетіні сияқты, қаншама орасаң мол образдарға толы халық фольклорында кеңінен қолданылған зипалы реңдер, егер "арнаулы қолданымдық шығармашылық" жағдайлар жасалатын болса, шығарманы ажарландырып, ерекше сөн беріп, шұрайлы да сапалы нағыз халықтық шығарма дүниеге келер еді. Бұл жағдайда ол өзінің семантикасы жағынан ғана мәнді емес, жалпы реңдік көркемдігі, үйлесімділігі, ырғағы т.б. "алдын ала көріп білуге болмайтын" тағы да көптеген шығармашылық жағдайларға ие болады.

Сонымен, қорыта айтқанда, біздің мақсатымыз, көзден таса, халық тілінің қалтарысында жатқан орасан мол түрлі ұлттық реңдердің мол түрлерін жарыққа алып шығып, жүйелі түрде орайымен, өз мақамымен кәдеге асырудың мән жобасын керсете білу.

Әуелден жоқ болса, "жоққа жүйрік жетпейді" - оған дауа жоқ. Ал халқымыздың өзінде барды тере отырып пешенемізге жазылған бар байлықты бейнелеу өнерінде, ұлттық халықтық көркем шығармаларымызда болсын, барынша көрсете білейік.

Сондай-ақ, көркем рең мәселесін зерттеуде бейнелеу өнеріндегі соңғы жанр түрлері мен түрлі шығармашылық ағымдардың бірігіп қолдау табуы қажет. Басқа да өнер түрлерінің жетістіктерімен қоса математика, кибернетика, компьютерлік информатика ғылымдарының жетістіктерін де тиімді пайдалану жемісті нәтижелер берері сөзсіз. Сөтіп бейнелеу өнерінде халық өнеріндегі және халық өміріндегі ұлттық реңдерді "өнер тілі" ретінде эстетикалық тұрғыдан зерттеу - бүгінгі күннің арнайы проблемасы.

Сонымен халқымыздың ұлттық бейнелеу өнерін, фольклорлық өнерімізде кездесетін түрлі реңдердің таусылмас қорын шебер пайдалана отырып мазмұндық, көркемдік, бейнелілік секілді асқақ талап тұрғысынан сұрыптай отырып, қастер тұтып қадірлей білейік.

 

Пайдаланған әдебиет:

Жүрсін Балкенов. Халық мұрасындағы ұлттық өрнек рең. /ҚарГУ. -Қарағанды, 1996. -Б.81-98.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-12-08 15:11:05     Қаралды-3687

ШЫМКЕНТ

...

Шымкент - ежелгі қалалардың бірі. Ол еліміздің оңтүстік- шығысында Бадам мен Сайрам өзендері аралығында орналасқан. Қаланың іргесі екі мың жыл бұрын қаланған. Ерте орта ғасырда Ұлы Жібек сауда жолында жайғасқан ол XVIII ғасырда ірі қалаға айналды. 1864 жы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕЙІЗ САЛЫНҒАН ПЕЧЕНЬЕ

...

Жұмыртқаға қант қосып шайқалып, қаймақ, сарымай, тұз салынады. Ұн крахмалмен және содамен араластырылып, әлгі шайқалған массамен қосылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШАҚ-ШАҚ

...

Үн, сүт, қант, жұмыртқа, аздап арақ қосылып, жұмсақ қамыр иленеді. Ол бірнеше бөлікке бөлініп, 1 сантиметр қалыңдықта созылады. Созылған қамыр самырсын жаңғағының үлкендігіндей етіліп туралып, қуырылады. Бәрінің бірдей қуырылуы үшін араластырып тұру керек

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖАҢҒАҚТАН ЖАСАЛҒАН РУЛЕТ

...

Бұл - ішіне жаңғақ салынып, қамырдан жасалған тағам.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Абайлаңыз, улы саңырауқұлақ!

...

Саңырауқұлақ жинаушының басты ережесі – тек сенімді болғанын жинау ережесіне қарамастан – адамдар бәрібір саңырауқұлақпен уланып жатады. Жыл сайын улы саңырауқұлақтардан 100-ден аса адам өліп жатады. Уланып өлу саны анағұрлым көп. Ең улы саңырауқұлақтарды

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЛМАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА 10 ПАЙДАСЫ

...

Алма қабығында антиоксидант кверцетиннің көп мөлшері бар

ТОЛЫҒЫРАҚ »