UF

ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ БАСТАУЛАРЫ

 

§ 1. Тәрбие басы - тал бесік

 

Халкымыздың сан ғасырлык тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да мол. Олардың дені қазіргі этика, педагогика, психология ғылымдары тұжырымдарымен қиюласа, астарласып жатады. Осы саладағы рухани мұрамызды осы күнгі ғылым деңгейіне, оның төңірегіне топтастыртып, жүйе-жуйесімен талдауға алсак, бұлардың өзіндік сыр-сипаты айқындала түседі.

«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деген дей, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуді арман етіп: «шыншыл, әділетті, иманды болу сонау ата-бабамыздан келе жаткан дәстүріміз», - дейді де, жұрт сол дәстүрді бұзғандарға ат-шапан айып тартқызып, кейінгі ұрпақтың ата салтын мықтап ұстауын талап еткен. Мәселен, атасы немересін, алдымен, елінің құтты қонысымен таныстырған. Жылдың әр мезгілінде елдің қайда, қалай көшетінін, суды қайдан ішетінін, жеті атасын, олардың зираттарын, елдегі даңқты адамдарының ерлік хиқаяларын, ауыл-аймақтағы жер-су атауларын ерінбей-жалықпай баласының санасына сіңіре білген.

Бала атаулының айналаны қабылдағыш, зейінді кезі үш пен бес жас аралығы. Қазіргі педагогика мен психология ғылымдары бұл жайтқа айрықша назар аударып, бұларға «жүз мың сұрақ неліктен деп сауал қоятын кезең» деп айдар тағып жүр. Осы ерекшелікті әлім-сақтан аңғарған ата-бабаларымыз - төкпе ақындық пен сұңғыла жыршылық, айыр көмей шешендік пен төгілдірген күйшілік секілді киелі өнерлеріміздің ірге тасы бала санасында сәби шақта қаланатынын ерекше ескеріп, осынау балдәурен балалық кезеңге айрықша мән берген. Сондықтан да бүлдіршін мен балдырғанға жоғарыда айтқанымыздай елі, жері, суы туралы, ата тегі, төрт түлік мал, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, аспан денелері, табиғат құбылыстары, ауа райы т. б. жөнінде оның түсінігіне лайық, қысқа да нұсқа, жүйелі мағлұматтарды әр түрлі әдіспен жеткізіп отырған. «Бір бала бар жасық туады, бір бала бар - әкесінен асып туады» деп, халық «жасық туған» баланы да жұрт қатарлы азамат болуға, «асып туған» баланың іс-әрекетін қуаттап, оны үлгі ретінде уағыздайды. Қазақ дәстүрінде ата-анаға қызмет ету - борыш, ата салтын орындау - парыз, анасының ақ сүтін, әке еңбегін ақтау - қарыз. Жеке адамның адамгершілігі де, кісілік имандылығы да осы борыш, парыз, қарыз өтемімен айқындалады.

Көшпенді ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатысты жайттарды топтастырғанда да ғылым үшін аса маңызды жүйеліліқ принципіне ерекше мән берген. Осы айтылғанға орай жас буын тәрбиесін бесіктен (тіпті, құрсақта жатқан кезден) бастап бұларды ақыл-ой, имандылық, еңбек, көркемдік, сымбаттылық секілді сан салаға жұптастырған. М. Әуезовтың: «Ел болу үшін бесігіңді түзе» деген сөзінің мән-мағынасына ой салсақ, тәлім-тарбие ісі жас ұрпақ дүниеге келгеннен басталады екен. Баланың жарық дүниеге келген осы жайтын ескере келіп, мұндағы ұлттық рәсімдер мен тәлімдік тәсілдерін рет-ретімен жүйелі қолдана білу абзал.

Шілдехана - бала дүниеге келгеннен кейін, оның құрметіне жасалатын кішігірім той. Мұны халқымыз кейде «шілде күзет» деп те атайды. Қазақ ұғымындағы жаңа туған нәрестені үш күнге дейін жын-періден қорғап, күзетпесе болмайды. Шілдеханаға көбінде жастар жиналады. Олар баланың алдымен анасын ардақтап, ән салып, күй тартады, сөйтіп, түнді қуаныш-қызықпен өткізеді. Тойға үлкендер жағы қатыспайды, жас нәрестені жебеп-желеу, жын-шайтан, перілердің салқынынан қорғап, күзету - жастардың міндеті. Шілдехананың көздейтіні ана мен баланы тіл-көзден сақтау.

Жаңа босанған әйел әлденіп, өзіне келген кезде тағыда той жасалады. Бұған жұрт түгел шақырылады, той-думан күндіз өткізіледі. Осы тойда құтты болсын айтылады, бата беріледі. Мәселен, «бөбектің бауы берік болсын, өскен сайын өрлесін, еш жамандық көрмесін, өзі жарық күн болсын, жасы ұзақ, мың болсын!» - дегендей игі тілектер айтылады. Соңғы кезде «шілдехана» тойы бала туған соң жеті күннен кейін немесе бала қырқынан шыққан соң да өткізіліп жүр. Халық салтында бұл тойда ішімдікке жол беру - әрі обал, әрі күнә, әрі қылмыс. Қазақ салтында шілдеханамен қосақтаса жүретін тағы бір рәсім бар. Ол - кіндік шеше болу салты. Кіндік шеше - нәрестенің кіндігін кескен әйел. Оған сол отбасының нағыз жанашырлары - тақуа, таза, мейірманды жандар меңзеледі. Ондай кісі өмірден көрген-түйгені мол, тәжірибелі адам болу керек. Кіндік шеше дәрет алып, жуынып-шәйініп, таза киініп, кіндік кесетін жабдықтарын күні бұрын даярлайды. Кіндік шеше баланы жөргекке орап алып, әке-шешесінен көрімдік сұрайды. Босанған әйел әбден әл-қуатын жинап кеткенше сол үйдің шаруасына қарап, ана мен балаға қамқоршы болады. Кейін балаға ит көйлек тігіп әкеліп, оның әке-шешесінен сый-сияпат көріп, қалағанын алады. Кіндік шеше - нәрестенің екінші анасы, сондықтан ол баланың «ит жейдесін» кигізуден бастап, оның бесігін түзеп, киімінің бүтін, таза болуына үнемі қамқорлык жасап жүреді.

Бала дүниеге келген күннен бастап дене, тән, тазалық (гигиеналық) тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Айталық, нәрестенің денесі шымыр өсуі үшін шомылдырудың рөлі ерекше маңызды. Мәселен, баланы алдымен калжаға сойылған қой етінің бірінші қайнатылып алынған көбікті суына косып, ал кейіннен сабынның көпірмесіне (оған жұқалап кескен құйрық май қосады) шомылдырады. Алғашқы күндері нәрестені түбіттен тоқыған шәліге орайды, ол бала денесіне жабысып, умаждала бастағанда қайтадан қанжылымдай тұзды суға түсіреді. Бұл іс бала қырқынан шыққанша күн ара қайталанады. Былбыраған нәрестенің еті тұзды суға әбден піссе, есейгенде мығым, жарақатқа төзімді, тез жазылғыш болып бекиді. Шомылған баланы ак бәтеске орап, денедегі су құрғасымен-ақ қалампырға койдың майыи косып, сылайды. Бұл денеге суык тигізбеске себепші болады.

Бесікке салу. Алты аптадан кейін баланы қырқынан шығарып, бесікке салады. Бесікке бөлеу оның біршама өсіп, бөбек бола бастағандығының көрінісі. Бұған ет жақын ағайындары, абысын-ажындары жиылып, баланың қарын шашын, тырнағын алады, оған іш киім кигізеді. Бесіктің құрылысы қазақ баласына таныс. Сондықтан, оны тәптіштеп айтып жатпаймыз. Ағаш бесіктің орта тұсында бала несебіне арналған ойык жасалып, оған түбек қойылады. Төсенішке жұмсақ көрпеше жабағы төселеді. Баланың денесін бес елідей белдеушемен (аяқ бау, қол бау) екі жерден орап таңады. Бел ағашына түрлі шылдырмақ, аң-құстың тырнағы, үкі қауырсыны ілінеді. Бұлар оның көңіл-күйін елтіп, көру, есту қабілеттерннң қалыптасуына қолайлы әсер етеді. Ана сәбиін бесіктен шешіп алып, күніне 4-5 рет емізеді. Осы кездері баланың аяқ-қолдарын созып, ұқалап, кішігірім массаж жасайды, астын құрғатады, түбек пен шүмектегі нәжіс пен зәрді төгіп, жуып-шаяды. Бесіктің бір қолайлы жағы, көшіп-қонған кезде алып жүруге ыңғайлы, жеңілдігі. Жаугершілік заманда бесіктегі баланы ат үстінен іліп алып, дұшпаннан тез сытылып кететін болған. Бесік - тәрбие-танымның бастау көзі. Бесік тойда негізінен екі шара жүзеге асырылады. Біріншісі - балаға ат қою. Мұны ауылдың беделді азаматы азан шақырып, бала құлағына естіртіп үш рет қайталап атайды. Мұнда біраз ырымниет жасалады. Мәселен, ертеректе бала тіл-көзден аман жүруі үшін оған Киікбай, Жаманбай, Итбай, Сасықбай т. б. секілді есімдерді қоятын болған. Кейде белгілі адамдардың (батыр, дінбасы, қолбасшы) аттарын беретін ырым да бар. Бесікке салу рәсімі қадірлі, егде тартқан анаға тапсырылады. Бесікке салу рәсімі де той салтанатымеи (күрес, жарыс, турлі ұлттық онын т. б.) өткізіледі.

Тұсау кесу. Бөбек жеті-сегіз айдан соң, алдымен ең бектеп, одан соң қаз-қаз тұрып, біртіндеп жүруге талап танады. Осы кезде тұсау кесу рәсімі жасалып, «тұсау кесу» жыры айтылады. Бөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей, жақсы жүріп кетуіне тілек білдіріп, оның ата-анасы өзіне жақын адамдарды жинайды да, аяғы жеңіл, қадамының болсын деген ниетпен сыйлы адамға бөбегінің тұсауын кескізеді. Баланың тұсауы ала жіппен немесе қойдың майлы ішегімен байланады. Тұсау кесушіге сый-сияпат көрсетіледі. Әке-шеше, ата-әже бұл рәсімді кішігірім той-томалаққа айналдырады. Тұсау кесілген соң баланы ақ жайма не кілем үстімен ақ жол тілеп, жолы жұмсақ болсын деп жүргізіп, тиісті ырым жасайды Мұндағы айтылатын тілектің кейбірі мынадай:

Қаз-қаз балам, қаз балам,

Тағы, тағы баға ғой,

Тақымыңды жаз, балам

Қаз баса ғой, қарағым

Құтты болсын қадамың

Алға қарай баса бер

Асулардан аса бер

Тұсау кесу жырының енді бір турі «тәй-тәй» деп аталады:

Тәй-тәй, балам, тәй балғын,

Жүре қойшы жәй балғын.

Қарыс сүйем қаз бастың

Қадамыңнан айналдым.

Тәй-тәй-тәй,

Жүре ғой жәй!

Осы рәсімге қатысушылар «тәй-тәй», «тұсау кесу» жырын қосыла айтып, бөбектің алғаш қадам басқанына қуанады, ал бұл жайт балада адамға деген жылы бауырмалдық сезімдердің артып, ілтипат, инабат, имандылық қасиеттерін қалыптастыруға себепші болады.

 

§ 2. Ақыл-ойды дамыту

 

Қазақ халқы өз ұрпағын бесікке салғаннан бастап, оның ақыл-ойын ойдағыдай қалыптастырып, ойлау-сөйлеу жүйесін дамыту жолында өзіндік әдіс-тәсілдерді (ертегі, аңыз, жұмбақ, айтыс, терме т. б.) шебер пайдаланып отырған. Халық осы мақсатқа орай мақал-мәтелдерді де, кісіні ойлантып, толғантатын даналық сөздермен уағыздарды, жаңылтпаш, санамақтарды, шешендік толғаныстарды ұтымды пайдаланған. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні көріп» дегендей, көшпенді халық болса да, ғылым-білімді дәріптеп, ақыл-ой тәрбиесінің негізі - терең ойлау мен пайымдау екендігін ұрпаққа жан-жақты ұғындырып отырған, әр отбасы өз баласының ойлау жүйесін дамыту үшін санамақтар мең жұмбақтардың, түрлі аңыз-әңгімелер мен тақпақтардың, өсиет сөздердің тәрбиелік мәнін әр кез қатты ескерген.

Жаңылтпаштар. Тілі енді шығып, сөздік қоры қорлана, молыға бастаған кезде сәби кейбір дыбыстарды айта алмай қиналады. Мұндайда оның тілін мүкістендірмей, мүдірмей сөйлету үшін үлкендер бала қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді жиі-жиі жаңылыстыр май айтып, жаттықтырса, кейіннен ол мүдірмей сөйлейтін, өз ойын толық, дұрыс әрі нақтылап жеткізе алатын болады. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттығу арқылы бала ана тілін ардақтап өседі, онда сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой-қиялы дамып жетіледі. Тілі жаңа шыққан бөбектер көбінесе «р» дыбысымен «и» дыбысын, «ш» дыбысын «с» дыбысымен шатастырады. Әсіресе, тілдің алдыңғы (тілалды) дірілмен айтылатын «р» дыбысын айту көптеген бөбактерге қиын соғады. Сондықтан, жаңылтпаштар көбінде сол «р», «и» дыбыстарын қатар айтуына құрылғап. Мәселен, осы айтылғанға орай:

Дегенде, әй Тайқарбай, әй Тайқарбай,

Қойынды май жусанға жәй, Тайқарбай Тайқарбай, Майқарбайлар толып жатыр Әй Тайқарбай дегенің, қай Тайқарбай? -

деген жолдардағы «Тайқарбай» сөзін жылдам, қатесіз айтқызып үйретсе, сол сөзді бұрынғысынан гөрі анық, қатесіз айтатын болады. Бұл сайып келгенде сәбидің сөздік қорын қорландыру ұшін көп пайдалы.

«Ш» дыбысы мен «с» дыбысын шатастырып айтуды түзеу ұшін халқымыз:

«Шымдай шытырмыш,

Ол шытырмышты

Мен шым-шытырмыштамай

кім шым-шытырмыштайды», -

секілді жаңылтпаштарды ойлап-тапқан. Сол сияқты «қ-к», «ж-ш», «т-д», «н-ң» т. б. дыбыстарды шатыстырмай айтуға жаттықтыратын жаңылтпаштар да толып жатыр. Мәселен:

Бөдене бедеде

Көбелек көдеде

Бедені - беде де

Көдені - көде де,-

деу арқылы әрі «б», «к» «л» дыбыстарын айқып айтуға жаттықтырып, сонымен бірге «бөдене», «беде», «көбелек», «көде» деген сөздердің мән мағынасын ұғындыруды мақсат тұтса.

Кеспе өссін тал

Кеспе өссін тал

Өссе өсімтал,

Өссе өссін тал,-

деген жаңылтпашта оның табиғатты анлау сезімін оятып, әрі «с», «т» дыбыстарын айқын айтатындай етіп, тілін тез ширатуға болады.

Үш-төрт жасар сәбидің тілін сындыру үшін айтылуы жеңіл, мазмұны қызық, шешімі ой тастайтын мына секілді жаңылтпаштарды қазір де балабақша ұжымдарына ұсынуға болады:

«Суда сен келеді,

Сегіз серке тең келеді,

Суға сақалын мала сілкеді»

немесе

«Қурайлының жерінде қоңыр

Айғырдың үйірінде бурыл

Қулық құлындап жатыр,

Бурыл қулық құлындап жатыр»

Осындай жаңылтпаштардын ерекшелігі - айтылуы қиын сөздерді тілдің ішкі үйлесіміне сай, бірыңғай не ұяң, не қатаң дыбыстармен келетін тұлғалас сөздермен тіркестіре отырып, қайта-қайта айтқызу арқылы тіл ұстартатындығы. Ал «Ти десем - тимейді, тиме десем - тиеді», «Жылт-жылт еткен, жылғадан өткен», «Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр», «Он екі түйе, он жылқы, Тоғыз сиыр, бес ешкі, Екі коян, үш түлкі, Таба алмасаң бол күлкі» т. б. секілді әуезді жұмбақтар арқылы бала тілін ұштай түсумен қатар, сан алуан табиғат құбылыстарының (төрт түлік мал, аспан денелері, киім-кешек, жан-жануарлар мен өсімдік дүниесі т. б.) ерекше көзге шалынар қасиет, белгілерін айрықша танып-білуге машықтанады. Сәби өміріне етене жақып ата-әжелерімен қатар жаңылтпаш үйретуге оның әке-шешесі, аға-апалары да қатысады. Олар мазмұны қызық, айтылуы жеңіл, сәбиді тапқырлыққа, өзі ұйқастыруға шебер болуға баулитын мына сияқты әзілкеш сөйлемшелерді айтып отырса, нұр үстіне нұр. Мәселен, «Маржан қоңыз» секілді тақпақты жаттап алған сәби, далада ойнап жүрген балалармен қосылып, қоңызды ұстап алып, бәрі қосыла: «Ел қайда көшеді, Суды қайдан ішеді», - деп сан рет қайталап, мәре-сәре болады. Маржан қоңыз жорғалап, ұшуға қомданған кезде, олар

«- Кызым, қайда барасың?

- Ел жайлауға барамын,

- Ел жайлауда нең бар?

Ұшып кеткен құсым бар.

- Дария суды кім ішер?

- Ақсақалды шал ішер,

Балтаңды алып жүгіріп шық!»-

деп, «ел мына жаққа көшеді екен» деген балалар, ұшқан қоңыз артынан тұра жүгіріседі. Балаға жаңылтпаш айтқызып, жаттықтырудың бірнеше әдіс-тәсілдері бар. Алдымен бала үлкендердің айтқан жаңылтпашын жаңылмай, тез-тез айтуға үйренуі керек. Екіншіден, жаңылтпашты бірнеше балаға жарыстыра айтқызуға да болады. Сондай-ақ, олардың қанша жаңылтпаш білетінін байқау үшін жаңылтпаш айту жарысын ұйымдастыру керек. Жаңылтпаштарды жаңылмай айта білуден озып шыққан баланы ынталандырып, мадақтап, сыйлық беріп, мерейін арттыру - ақыл-ой тәрбиесі үшін өте тиімді әдіс.

Жаңылтпаш арқылы тіл ширатудың тәрбиеге қатысты жақтары көп. Мәселен, эстетикалық жаңылтпаштарды әнге қосып айтуға да болады. Ол үшін күні бұрын арнайы жоспар жасап, тиісті жаңылтпаштарды топтай білу керек. Тілі мүкіс, логопедиялық дәріс алып жүрген баланы мұндай ойынға қатыстырып, оның сағын сындырудан сақ болған жөн. Жаңылтпаш айтудың психологиялық әсері де ерекше. Мәселен, «р» дыбысына тілі келіп, сөзді мүдірмей айтуға үйренген баланың қуанышы қойнына сыймай, үлкен өмір өткелінен өткендей оның жан-жүйесі рахатқа бөленгендей болады.

Жаңылтпаштарды тек бөбектердің тілін шығару үшін ғана пайдаланып қоймай, осынау әдебиет үлгісінде үлкендер де ой жарыстырған.

Баланың ақыл-ойын дамытуда жиі қолданылатын әдістің бірі - санамақ. Бұл - балаға сан уйрету мақсатымен шығарылған халық тәсілі. Санамақ балаға тек сан үйретіп қоймайды, ол дүниетануға жәрдемдеседі, оның логикасы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Мысалы, атау ұйқастырып санау арқылы бала әрі сан үйренеді, оның үстіне санға аты ұйқасқан заттарды да танып-біледі.

Бір дегенің - білеу,

Екі дегенің - егеу,

Үш дегенің - үскі,

Төрт дегенің - төсек,

Бес дегенін - бесік,

Алты дегенің - асық,

Жеті дегенің - желке,

Сегіз дегенің - серке,

Тоғыз дегенің - торқа,

Он дегенің - оймақ,

Он бір - қара жұмбақ.

Мұнда бала бірден он бірге дейін санап үйренумен қатар: білеу, егеу, үскі, төсек, бесік, асық, желке, серке, торқа, оймақ, жұмбақ сөздерінің мән-мағынасына, сыр-сипатына қанығады. Ал мына төмендегі санамақтар арқылы бөбек үй жануарларының қасиет, ерекшеліктерін танып-біледі:

Түйе, бота маң басқан,

Төрт аяғын тең басқан.

Шұнақ құлақ бес ешкі,

Қос-қос лақты қос ешкі,

Төрт қозылы екі қой,

Бәрін бірге ойлап қой.

Мұнда «маң басқан, «шұнақ», «қос-қос» сөздерінің мәнін білгізу көзделеді. Санамақ, сондай-ақ, айтыс кезінде ұйқас сөз табуға, баланың ақындық кабілетін аңғаруға жәрдемдеседі.

Бір! - Бетің кір.

Екі! - Маңдайынан шекі.

Үш! -  Мені жеңбек күш.

Төрт! - Төнбесін өрт.

Бес! - Белгілі жерден кес.

Алты!  Ата-ананың салты.

Жеті!  Жемтік қойдың еті.

Сегіз! - Қойыңыз тапсын егіз.

Тоғыз!  Топас хайуан доңыз.

Он! - Онның кигені тон.

Үйде, отбасында санамақтың әрбір түрін балаға жататын, олармен бірге ойнап, ойын дамыту әр ата-ананың борышы. Санамақ ұйымдастыруда баланың жас ерекшеліктерін ескермесе болмайды. Мәселен, ересектеу балаларға неғұрлым күрделі санамақтарды айтқызып, олардың шешімін мүмкіндігінше, өлең ұйқастарымен айтуды талап ету қажет. Санамақтарды бала бақша, сондай-ақ, төменгі класс оқушыларымен де турлі формаларда жүргізуге болады.

Ал 5-6 жастағыларға мынадай есептер беруге болады. Үш бала ойыннан кейін үйлеріне қайтып келе жатқанда, бойшаңдау бала серіктерінен:

  • Үшеуімізде де он-оннан асық бар еді ғой. Енді кімде қанша асық қалды? - деп сұрайды.
  • Онша көп ұтқыза қойған жоқпын, - деп ең кішкенесі екі қалтасына қолын сұғады, - Оң қалтамдағы асықтың біреуін сол қалтама салсам, онда екі қалтамдағы асық теңеледі. Ал егер сол қалтамдағы асықтың біреуін оң қалтама ауыстырсам, сонда осы қалтамдағы асық сол қалтамдағы асықтан үш есе көп болады.
  • Онда сендегі барлық асық менің ұтып алған асығыммен тең екен, - дейді балалардың үлкені.
  • Ең көп ұтылған мен болдым, менде қалған барлық асық саны сенің түгел ұтып алғаныңның жартысындай ғана екен, - дейді сонда ортаншы бала үлкеніне. Осы мысал ойын біткен соң қай балада қанша асық қалды? - деген сұрауға түрткі болады. Мұның шешуі былай екен: Оң қалтадан бір асықты алып, сол қалтаға салғанда екі қалтадағы асық саны тең болуы, оң қалтадағы асықтар сол қалтадағыдан екеуі артық дегенді білдіреді. Соңғы шарт бойынша, оң қалтадағы асықтың сол қалтадағыдан төртеуі артық, демек оң қалтадағы асық сол қалтадағыдан үш есе артық. Егер сол қалтадағы асықты «бір есе» десек, онда оң қалтадағы асық үш есе, бұлардың айырмашылығы екі есе, яғни төрт асық болар еді. Сонда, «бір есе» дегеніміз - екі есе асық. Яғни, сол қалтадан бір асықты он, қалтаға ауыстырып салғанда, сол жақ қалтада екі асық, оң қалтада төрт асық болады. Енді ор қалтадағы асықты өз орнында қалды десек, есептің жауабын табу қиын емес. Баланың кішісінің оң қалтасында ойыннан кейін бес асық, сол қалтасында үш асық болған. Үлкен балада он сегіз асық, ортаншы балада төрт асық қалған.

Санамақ - балаға тек жалаң сан жаттаттыру, төрт амалмен танысу қызметін ғана атқармайды. Ол сәбиге ана тілінің сездік қорын меңгерту үшін, әр заттың түсін түстеп, атын нақтылап үйретуге де жәрдемдеседі. Мәселен, «Қуырмаш» атты ойын үстінде әжесі не атасы не мересін алдына алып, бес саусағын түгел атап шығады бас бармақ, сұқ саусақ, ортаңғы саусақ, аты жоқ саусак, шынашақ. Бұдан соң ұғынықты, қабылдауға жеңіл болуы үшін әр қайсысына ат қойып, тағы да бүккізіп, жаттатады: бас бармақ, балалы үйрек, орган терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек. Бұдан соң бүгілген саусақтарды шынашақтан бастап, «сен тұр, қойыңа бар; сен тұр, туйеңе бар; сен тұр, жылқыңа бар; сен тұр, сиырыңа бар» деп, ал соңғысын «сен, әлі жас екенсің, қазанның қаспағын қырып же де, жыламай отыра тұр» дейді

«Қуыр-куыр, қуырмаш,

Балаларға бидай шаш,

Әжең келсе есік аш,

Қасқыр келсе, мықтап бас» -

деп білегін, «мына жерде жылқы бар» - деп одан жоғарырақ, «мына жерде түлкі бар» - деп қолтығьша таман түртеді, «мына жерде күлкі бар» - деп қолтығын қытықтайды, бұған сәби сықылықтап күледі. Осы тақпақты баланың өзіне айтқызып қайталатады.

Үй-ішіндік ақыл-ой тәрбиесінде жиі қолданылатын әдістердің бірі - жұмбақтар. Бұл нақты бір зат туралы тұспалдап, ұқсатып, бейнелеп айту арқылы баланы бір нәрсенің шешімін таба білуге, оны ойландыру, танымдық, білімдік ұғымдар мен түсініктерді ой-қиял елегінен өткізу, белгілі тұжырым жасап, шешімге келу, тапқырлық пен дүниетанымдық дәрежесін байқау.

Мәселен, көшпенді халықтың қару-жарағы, найза жөнінде мынадай жұмбақ ұйымдастырған:

Сүмбіл теректі,

Жасыл желекті

Ерден калмайды,

Жауға керекті.

Аристотель жұмбақтарды «жан-жақты жымдасқан метафора» деген екен. Демек, жұмбақтар затты беннелеп, баламалап сипаттау арқылы ұқсас заттардың қасиеттері мен түрлеріне, аумағына, көлеміне зер салғызады, баланың әрі заттарды салыстыра көз алдына елес тетіп, дүниетанымдық қабілетін дамытады. Жұмбақтар көп жағдайда үйлесімді, ұйқасы әсем, ырғақты өлеңдер ден тұрады. Жұмбақ айтыс түрінде де құрылады. Жұмбақ айтыстарында айтысушының бірі өлеңмен жұмбақ айтса, екіншісі де оның шешуін өлеңмен айтады. Ел аузында жатталып қалған жұмбақ айтыстар жиі кездеседі. Бірінші айтыскер:

Бір жәндік көрдім аласа,

Түрі басқа тамаша.

Ешбір жанға қосылмай,

Жүреді өзі оңаша...

Ұялады өзі жиырылып,

Тіктеп біреу қараса.

Ине мен біздей кірер ед

Жалымен тіктеп қадаса -

десе, оның шешімін екінші айтыскер былайша тұжырымдайды

Бұл айтқанын кірпі ғой,

Түктері біздей түрлі ғой

Түгінің түрі - алаша,

Инедей кірер қадаса.

Өзі ұялшақ дегенің:

Кісі көрсе жиырылып,

Домаланып иіріліп,

Жатып алып, жүрмейді.

Арыстан, аю, жолбарыс,

Алуын оның білмейді.

Жұмбақтарды жаттап айтумен қатар, айтыскер айтушы өз ойынан құрастырып та айта береді. Мұндайда жұмбақтың сөздік қисыны, өлеңдік үйлесімі шебер құрылуы негізгі шарттың бірі болмақ.

Жұмбақ айтушы неғұрлым көбірек, күрделірек жұмбақтар айтып, шешетін кісіні жеңуге тырысады. Егер жұмбақ шешуші мүдірмей, айтылған жұмбактарды дұрыс және толық шеше алса, оның өзі де жұмбақ айтып, ой жарысы кыза, жалғаса түсіп, айтушы мен шешуші өз білімдерін сұрыптай түсетін болады. Кім көбірек жұмбақ айтып (шешімін санап отырады), оны шешетін болса, сол кісі жеңіп шығып, өзінің ақыл-парасатын, білімділігін көрсетеді. Кейбір жұмбақтардың шешуі күрделі ой жұмсап, неше түрлі әдіс-тәсілдерімен пайдалана білуді қажет етеді. Мұндай жұмбақтарды кез келген кісі бірден шеше алмай қиналады. Мәселен:

Бір тауды мекен қылған екі бөрі,

Төрт бөрі екеуінің қызметкері.

Бәрінің қарап тұрған қарауылы бар,

Білгені айтып берер әңгімені,

Шешуі: түйе, екі өркеші, төрт аяғы, көзі, мойыны, күй сегені.

Осындай жұмбақтарды шешу баладан ойлай білуді, яғни ақылдың көптеген сапаларын (орамдылық пен кеңдігі, ұшқырлығы мен тапқырлығы, сыншылдығы т. б.) қажет етеді. Жұмбақ құрастыруда оның мазмұны мен қатар ұйқасына да ерекше мән беріледі. Жұмбақтың өзі мен шешіміндегі әрбір сөз іріктеліп, ой елегінен өтуі шарт.

Жұмбақ - баланың дүниетану жолындағы жан-жақты ой-өрісін, оның қиялын шарықтататын ойлы сөздің мәйегі. Ол баланы зеректік пен алғырлыққа, тапқырлық пен парасаттыққа тәрбиелеуде іздесе таптырмайтын құрал.

Ертегі. Баланың ақыл-ой тәрбиесінде оның алатын орны ерекше зор. Қазақ ертегілерінің түрі көп. Олар: хайуанаттар туралы, қиял-ғажайып, тұрмыс-салт, батырлық, күлдіргі ертегілер болып бірнеше топқа бөлінеді.

Ертегілердің ішіндегі баланың қиялын шарықтағып, балалық шақтың болашағын елестететін, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейтін ең әсерлі ертегілер - қиял-ғажайып ертегілері. Ертеде «Ұшқыш кілем» ойлап шығарған халық енді «зымыранның» өмірде бар екенін тілге тиек етіп, жұлдыздар мен планеталарды еркін аралайғын алыптар туралы ертегілер (фантастика шығарды. Мұндай ертегілер балалардың таным-түсініктерін өрістетуде ерекше маңызды. Әдетте бүлдіршінге айтылатын ертегі шамамен былайша басталады:

«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылдың жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен...» Қелесі бір ертегі былай басталады: «Әлемді жаратқан әмірші жер бетіндегі барлық тіршілік иелеріне «Ертең ертемен бірің қалмай келіңдер. Дүниенің кілті, әлемнің сырын ашып, бір-біріңмен қарым-қатынас жасасып, еркін ойларыңды жеткізетін «тіл» беремін» деп жар салады. Жарлықты мұқият тыңдаған адам баласы ертесіне бірінші болып барыпты. Оның ерте келгеніне риза болған жаратушы адам баласына ойын емін-еркін жеткізетін, бір-бірімен сөйлесе алатын бугінгі тілді сыйлапты. Ал қалған жан- жануарлардың үлесіне түрлі дыбыстар мен ызыңдар тиіпті. Мәселен, алдымен келген есекке «алғашқы әріп» деп «а»-ны беріпті. Содан бері есек атаулы «а-а-а!» деп ақырып жүретін болса керек... Осы ретпен түйеге «б» (бе!), шошқаға «қ» (қорс), сиырға «м» (мө!), итке «р» (р-р), елікке «ш» (шиқыл), шыбын-шіркейлерге ызың, жыланға ысыл т. с. с. бұйырыпты...».

Осы ертегідегі қарадүрсін мағлұматтар арқылы ата-ана сәбиіне айналасындағы сан алуан тіршілік құбылыстарының сырын біртіндеп аша бастайды. Баланың жасы өскен-сайын оларға айтылатын ертегілердің мазмұны да күрделілене түседі. Ертек - бала таным-тіршілігін, ақыл-ойын дамытуда тамаша құрал екендігін естен шығармағанымыз абзал.

 

§ 3. Имандылық - қастерлі қасиет

 

Ұлы Абай: «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек», - дейді. Иман араб тілінен алынған сөз, төл тілімізде «сенім» деген ұғымды білдіреді. Имандылық Алланың хақ екендігіне, ал Мұхаммед пайғамбар Алланың елшісі екендігіне сеніп, Алла жолын, пайғамбар ұсынған парыздарды мүлтіксіз орындау, яғни адамгершіліктің биік мақсаттарын сөзсіз атқару, адамдықты асқан кісілікпен ақтаудың көрінісі. Адамгершілігі аса жоғары кісіні халық иманды деп кұрметтейді, адамгершілік қалыпты бұзған адамды «имамсыз» деп, одан түңіледі. Имансыз қылық жасағандар, яғни адамгершілік міндетке жеңіл-желпі қарап, оны бұзғандар әрі кінәлі, әрі күнәлі болып, ерте ме, кешпе, әйтеуір жазасын тартатын болады. Адамгершілігі, ар- ұяты бар адамның бет бейнесі, иманжүзділігі жарқын, биязы, өзі парасатты келеді. Ондай адамды халық «иман-жүзді кісі» деп құрметтейді. Қазақ халқының ата-баба дәстүрінде имандылық тек діни сенім емес, ол сондай-ақ, ұлттық психологиялық салтқа, халықтық ерекшелікке айналған құбылыс. Жас адамды имандылыққа баулу үшін олардың ар-ұятын оятып, намысын қайрап, мейірімділік, қайырымдылық, ілтипаттылық, кішіпейілділік, қамқорлық, адалдық, ізеттілік сияқты әдептік-психологиялық қасиеттерді олардың бойына сіңіру - әрбір отбасының, балалар бақшасы мен мектептің басты парызы.

Қазақ ұғымына адамгершілік ұғымымен астарлас келетін моральдық атаулардың бірегейі - кісілік ұғымы.

Кісілік - өмір барысында біртіндеп қалыптасқан жеке адамның адамгершілік іс-әрекеті мен мінез-құлқының азаматтық ар-ұжданы. Халқымыз: «Адам болар баланың кісіменен ісі бар, адам болмас баланың кісіменен несі бар», - деп тәрбиелі адамның үлгі-өнегесін жоғары бағалап, жастарға «жарлы болсаң да, арлы бол» деп талап қойған.

Әдетте бойы мен ойы толыса бастаған, кәмелетке келген адамды кісі деп айтуға болады. Бірақ кісінің де кісісі бар дегендей, оның ұнамды, ұнамсыз, жағымды, жағымсыз түрлері де аз емес.

Қазақ дәстүрі бойынша үлкенді сыйлау, құрметтеу, оның кісілігінен тәлім алу - әрбір жастың парызы. Үлкен кісінің алдынан қия өтпеу, оған сәлем беру, төрден орын беріп құрметтеу, көңіліне қарау - атадан балаға ауысқан тамаша дәстүр. Кісі өзін сыйлата білу үшін өзінің кісілік дәрежесін биікке көтеріп, адамгершілік көрсете білуге тиіс, олай етпесе, халық оны «кісі емес» деп жек көреді. Адам болудың бір жағы физиологиялық, психологиялық жағынан байқалса, кісі болу - имандылық пен саналылық қалайша дамып қалыптасқанын көрсетеді.

Кісілік қасиеттің кейбірі төмендегідей.

 

3.1. Отан сүйгіштік

 

Бұл - кісінің бойындағы күш-қуатын, білімі мен өмір тәжірибесін халық мүддесінің игілігіне, кір жуып, кіндік кескен жеріне деген ыстық махаббаты, оның кісілігін танытатын ерекше асқақ сезім. Әр заман ғұламалары адамның осынау қасиетін қастерлеп, сөздерінің небір дәмді ой түйіндерін осы қасиетіне арнаған. Мәселен, М.Әуезов: «Отан, анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іскер күшім жоқ» десе; В.А.Сухомлинский: «Отан - өз бесігің, өз үйің... өз бесігіңді ұмыта көрме», - дейді. Жалынды журналист Баубек Бұлқышев: «Адал адам Отанын сүйеді. Адал ақ жүрекке Отан анасындай» дейді. Отан, туған жер туралы тағы да бірнеше ақыл-ой заңғарларын тыңдап көрейікші: «Адам жүрексіз өмір сүре алмайтын болса, Отансыз да өмір сүре алмайды» (К.Г.Паустовский), «Отансыз бақыт жоқ, кім-кімнің де тамыр жаяр топырағы туған жер» (И.С.Тургенев), «Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызған (Ж.Ж.Руссо), «Өз Отаныңның мүддесін қорғап, өміріңді құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ» (Ф.М.Достоевский), «Оған... халықтың өткені мен бүгіні және келешегі» (Л.Н.Толстой). Ал отан сүйгіштік туралы айтылған ақын тебіреністері де бірінен-бірі асып түседі.

«Отанның намысы үшін оттан қашпа,

Шын сүйсең мақсатыннан қия баспа.

Тайсалма, бар, Отанның құрбаны бол,

Өмірін орынсыз боп кетпес босқа»

«О, дариға, алтып бесік туған жер,

Қадіріңді келсек білмей кеше гөр»

Отан, отаншылдық қасиет туралы тәрбиелегенде Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Алтын ұяң - Отан қымбат... туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат» деп келетін аталы сөздерін қалай еске алмассың.

«Қазақстан - біреулердің қазақтарға тартуы емес, олардың тарихи Отаны» (Н. Назарбаев). Олай болса, осы жерді жан-тәнімен сүйетіндер де, оны көздің қарашығындай қорғап сақтайтындар да алдымен қазақ халқы. Біздің ата-бабаларымыз Алтайдан Атырауға, Еділ мен Жайыққа дейінгі ұлан-ғайыр, мол жерді талай ғасырлар бойы басқыншы жаудан талай қорғап, бостандық пен тәуелсіздік жолында шыбын жанын пида еткені белгілі. Сондықтан да біздер халкымыздың қас батырлары Қабанбай мен Бөгенбайды, Исатай мен Махамбетті, Кенесары мен Наурызбайды, Қасым хан мен Абылай ханды қадір тұтып, қастерлейміз, олардың халқы үшін қалтқысыз қызмет еткенін үлгі-өнеге етіп, осындай ата-бабаларымыздың болғанын мақтан етеміз. Өз Отанымыз - қазақ жерін қажет болған жағдайда жан аямай қорғауымыз керек. Өйткені, кез келген егеменді мемлекет сияқты Қазақстан өзінің қорғаныс қабілетін сақтауды маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі және оның бүкіл халқының ісі деп санайды. «...Біздің басты максатымыз - Қазакстанның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтау» (Н.Назарбаев). Қарулы күшіміздің болуының алдыңғы сапында ер-азаматтардың, әсіресе, қазақ жастарының тұруы, олардың бір кісідей ынтымақтықпен топтасуы - Ата Заңымызда көрсетілгендей қасиетті борыш, перзенттік парыз екендігін ешқашан да естен шығаруға болмайды. Отанымызға, атамекенге деген сүйіспеншіліктің негізгі мазмүн-мәні имандылық пен кісіліктің негізгі белгісі, басты өлшемі.

 

3.2. Максаткерлік

 

Бұл адамның өз мінез-құлкын көздеген мақсатына алаңсыз бағыштауы, мұны өзінің ұстанған бағыт-бағдар, позициясына, танымы мен сеніміне, асыл арманына бағындыра алуы. Алдағы мақсатынан ауытқу, бос белбеулікке салыну - ар-намыс пен ұжданға сыйыспайтын қасиет. Мақсаткерлік - тек бір іспен өне бойы шұғылдану, онымен ылғи да әуре болып жүру емес. Бұл оны қайткен күнде де орындап шығуға бел шешіп берілу, бір істі нәтижелі етіп тындыру. Мұндай касиеті бар кісі өзіне жүктелген тапсырманы да мүлтіксіз, сапалы етіп орындап шығуды жан-жақты ойластырады, осы жолда үлкен белсенділік көрсетеді, әрбір ісін түпкі көздеген мақсатымен байланыстырып отырады.

Есте жоқ ерте замандардан-ақ адамзат мақсатсыз жандарды кісі катарына санамаран. «Мақсатсыз өмір сүрген адам неткен бейшара» депті орыс жазушысы И.С.Тургенев. «Адамдарды алдына қойған мақсатына қарай бағалау керек» деген ғой белгілі саяхатшы Миклухо-Маклай.

Мақсаткерлік асыл арман, зор үмітпен тығыз байланысты. Арманмен ойнауға болмайды, ол күйресе бақытсыздыққа душар етуі мүмкін. Үміті мен арманы шындыкқа сәйкес келген адам ғана келешектің құшағында өмір сүре алады. Арман мен үміт жүректі қуанышқа толтырады. «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады, үмітін жоғалтқан жан - ешқашан үміттеніп көрмеген жан», - дейді батыр ағамыз Б.Момышұлы. Адамның мақсаткерлік қуаты, үміт-арманы, алға қарай ілгерілеу талабы неғұрлым биік болса, оның қабілет таланты да тез, өміршең болып келеді. Ақтамберді жырау айтқандай: «Әркім өзі талпынбақ, басына бітер бағы үшін», өйткені тіршіліктегі ең үлкен касірет - мақсатсыз өмір сүру, осы жолда күресті тоқтату. Мақсаткер адам ылғи да жалындап жанады, бықсу дегенді білмейді, ол жеңілу үшін емес, жеңу үшін күреседі. Өйткені «өмір жолы қандай қызықты, қандай қиын, үңіле қараған адамға оның қызығы да қиындығында емес пе?.. Өмір жолы үлкен қозғалыс. Ол қозғалыс әрқашан да алға, алысқа құлаш сермейді, талай өркешті толқындарды да кездестіреді» (М. Ғабдуллин).

 

3.3. Ақылдылық

 

Бұл жан-жақты жетілген білімді, салмақты да байсалды, қарапайым да кішіпейіл, аса ізетті адам. Мұндай кісі әр кез ойлап сөйлейді, мәселеге жан-жақтан қарайды, оны ақыл таразысына салып, яғни «жеті рет өлшеп, бір рет пішеді». Өз болжамын қашан да кесімді пікір деп айтпайды. Өз пікірінен сын көтермейтін лайықсыз пікірді алып тастайды. Ақылды адам - қиялы бай, жүйрік, ақыл-парасатты, тәртіпті, мәселені ескі, таптаурын, үйреншікті жолмен шеше салмай, оның талап-тілегіне, шартына лайық жаңа әдістерін іздестіріп, оны тапқанша дамыл таппайтын кісі. Бұрын бір рет сыналып; қате деп табылған әдісті қайталамайды. Ол мәселені тұтас, бүтіндей қамту жағына ерекше көңіл қояды, бірақ оның ұсақ бөліктері мен штрихтарын да естен шығармайды. Мәселен, аса күрделі математикалық есептерді шығаруда кездесетіп қиыншылықтар мен қателердің бәрі-бәрін жан-жағынан қарастырады, ойы ұшқыр, қажетті жағдайда оның барлық күшін бір бағытқа жұмылдыра алады. Ойдың ұшқырлығы мәселенің барлық жағын көре білуге мүмкіндік беретін оның кеңдігіне, ақылды икемділігіне де, түрлі жорамалдарды (гипотеза) тез таразылап, олардың жарамсыздарын алып тастауға мүмкіндік беретін сыншылдық қаситеттің ерекше дамуын қажет етеді.

Ақылды кісіні халқымыз ежелден ерекше қастерлеген. Мәселен, бұдан мың жыл бұрын қазақ жерінің ұлы ойшылы Жүсіп Баласағұни: «Ақылды қанша қараңғы болса да алысты көреді. Ақылды адамға екі дүниеде де жол ашық» деген болса, қазақ мақал-мәтелдерінде де кісіліктің осы жағына ерекше мән берген («ақылдының айналасы - гүлстан», «ақылды кісі азбайды», «ақылды адам ақымақтан да бірдеңе үйренеді», «ақылдының сөзі қысқа», «ақылды арын қорғайды», «ақылды айттырмай біледі», «ақылдының сөзі - ақ дарияның өзі» т. б.).

 

3.4. Борыш пен жауапкершілік

 

Бұл адамның үй-іші, әке-шеше, тума-туыстарына қатысты перзенттік парызынан туындайтын қасиет. Мұның негізінде өзін әлпештеп, адам етіп өсіргендердің алдындағы жауапкершілігін бар санасымен терең аңғара алып, түсіну, сондай-ақ, осы арадағы өз парызы мен қарызын калай ақтау жолын ойластыру жатады. Бұл екеуі кісіліктің басты белгісі, терең және күшті сана-сезімді қажет ететін қасиеттер. Борыш пен жауапкершілікті түсіне білуден адамның имандылығы мен адамгершілігінің дәрежесі байқалады, оның қылықтарын жаман, жақсы, иманды, имансыз деп бағалау туады. Борышты сезіну, оны орындау ми мен жүректің бірлескен жұмысын қажет етеді. Оны ақыл мен сезім тұрғысынан жақсы, жаман деп бағалау ар мен ұятқа келіп тіреледі. Өз кылығының дұрыс-бұрыстығын түсіне білу-адамға үлкен қуаныш, шабыт-жігер, қанағат әкеледі. Кісінің өзіне орынсыз тағылған жала, өсек-өтіріктің бекерлігіне қарсы күресу сезімі артады. Адам өзінің борышы мен жауапкершілігіне үйлеспейтін қолайсыз қылық көрсетсе, мұнысы тәрбиелі кісіге мықтап батады, оның арына тиеді, тіпті ой санасынан кетпей кояды. Мұндайда акыл мен арды ерекше қастерлей білетін адам жіберген қателігін тез түзетуді ойластырады, қашан ары тазарғанша дегбірсізденіп, жаны тыным таппайды. Адамгершілігі жоқ, не онысы төмен кісі жаман қылығынан қайтпай, қатесін түзету былай тұрсын, оны мойнына да алмай жүре береді. Мұндайларды арсыз, «ары таза емес» деп жұрт ұнатпайды. Арсыз адамдарды ұлы Абай, Шәкәрімдер кезінде іремей сойғаны белгілі. Мұндайлар қазіргі қазақ қоғамында да аз кездеспейді. Әрине, олардың жауап кершілік, борыш сияқты қастерлі сезімдері отбасында балалық шақта дұрыс бағытта қалыптаспауы да ықтимал. Мұндай «қасиет» әке-шеше, туыстардың да кінә сынан болуы ғажап емес. Ер жетіп, есейген адамның борыш сезімі оның тілек-қалауымен үйлесе бермейтіні, оның психологиялық көңіл-күйіне ауыр жүк, зіл түсіретіні сөзсіз.

Халқымыз «малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» - деп, арды жаннан да қымбат қасиет деп есептейді.

Ұят - адамгершілікті сақтай білудің, имандылықтың жотасы. Ұят нышандары сәбилік шақтан қалыптаса бастайды. Бұл жан толғаныстары арқылы бет бейнеден, инабатты іс-әрекеттен байқалады. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп халык ұятсыздықтың негізі қанағатсыздық, ұрлық, мақтаншақтық, өтірік айту т.б. адамгершілік қалыпты бұзу деп есептейді. Ұялшақтық - адамгершілік іс-әрекетке қателік жасаудан мықтап сескенген жасқаншақтык белгісі. Халық ұяла біл, бірақ ынжық болма деп үйретеді. Ал ұятсыздық ел ұғымында адамгершілік қалыпты бұзудың ең дөрекі түрі. Имансыздықтың бір көрінісі. Ол арсыздықпен астарласып жатыр. Арсыз адам - халыққа қасірет, ұлттық намысқа дақ салатын, кісілігі жоқ, адамдық қасиеттен жұрдай бірдеңе. Осындайларды кемеңгер Абай: «Ұят сыз, арсыз салғынан, қалғып кетер артынан» деп, жеріне жеткізе шенеп-мінеп, арсыз адам адамгершілікті білмейтін, кісілігі жоқ, адамдығы төмен, барып тұрған кесапат жан деп тұйіндеген.

 

3.5. Мейірімділік пен ізгілік

 

Егіз қозыдай осы екі қасиет басқаларға (әке-шеше, ағайын-туыс, таныс т. б.) көңіл бөлу, олардың сеніміне ие болу, айналадағылармен өзара дұрыс қарым-қатынас жасау, адамға эмоциялық жағынан тиімді, кісінің шат-шадыман тіршілігі үшін маңызды. «Мейірімділік, - деп жазды К.Бови, - мылқаулар сөйлей алатын, кереңдер ести алатын тіл». Өте тауып айтылған сөз. Әрине, бізде ылғи адамға көмектесуге жағдай бола бермейді, уақыт та жетпей жатады. Ал айналадағы адамдар, әсіресе, егде тартқандар, өзіне көңіл аударғанды ерекше бағалайды «Ең үлкен сән - салтанат, - деп жазды Экзюпери, адамдардың қарым-қатынасының салтанаты». Адам кішкентайынан басқаларды өзімен қарым-қатынасқа кызықтыра білгенге не жетсін! Ол үшін өзің білетін адамдардың жан-дүниесінің ерекшелігіне көңіл бөлш, оның талап-тілегіне, талғамы мен қамына көңіл аұдарып, оның қуанышы мен күйзелісіне аса сезімталдыкпен қарауға машықтанған абзал. Кімде-кім өзгелердің табиғи ұмтылысын байсалдылықпен ескере отырып, басқаның ақыл-ойы мен мүддетілегін дұрілс сезініп, оғап шамасы келгенше көмектессе, сол адамды демеп-жебесе, мұндай кісі - инабатты да сүйкімді. Кісіге адал ісі мен жетістіктерін орынды жерінде байыптылықпен айтып отыру оған игі әсер етеді. Тіпті сол адамның ерекше абырой-беделі болмаса да, оның жақсылық нышанын, ізгі қадам жасауға ұмтылыс-талпынысын ескеріп отыру бір ғанибет. Олай болса, біз өз бойымызға кішкентайымыз дан осы абзал қасиеттерді дарыта түсуді естен шығармайық. «Адамда қалай да болса, қашан да болса, пайда келтіретін ой мен ісі - ізгілік деп аталады. Ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безу адамның жаратылысының өзінде бар нәрсе» (М. Жұмабаев). Үйде де, түзде де кісіге ізгілік, имандылықпен қарап, оның қамын ойлау оған мейірімділік пен мейірбандық білдіру, жан ашырлық пен қамқорлық жасай білу - кісіліктің, ұнамды мінездің көрінісі. Ізгілік - адам біткенді сүйе білу секілді күйректік, көңілшек сезіммен ешбір тоқайласпайды. Нағыз гуманист үлкен мейірбандықпен қатар қоғамдық прогреске кесірін тигізетін кертартпа, жаңалық атаулыға жаны қас адамдарға өшпенділігін жасыра алмайды. Ізгілікті адам жұрт мүддесіне қайшы келетін, адамзаттың бақытты болашаққа жетуіне бағытталған асыл арманына бөгет жасаушылармен ымырасыз күресіп отырады. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында бүкіл өмірін халық бақытты үшін сарп еткен біртуар перзенттер аз болмаған (әл-Фараби, Асан-Қайғы, Сырым батыр, Махамбет, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ш. Құдайбердіұлы т. б.).

 

3.6. Адалдық пен шыншылдық

 

Бұл екеуі - бір-бірімен біте қайнасқан мінез бітістері. Адал адам - шынайы да шыншыл адам. Адалдық - сөздің таным мен сенімге ұштасуы, оның іс-әрекетке қайшы келмеуі. Шыншылдық адамның азаматтық борышына, ар-ұжданына қалтқысыздығы. Адал да шыншыл, әділетті болу - еңбек пен білім алуға, жалпы іс-әрекетке дұрыс көзбен қарау, инабатты, тіршілікте тиянақты, принципті болу деген сөз. Адалдық пен шыншылдық бар жерде әділет, кішіпейілдік, қайырымдылық пен қарапайымдылық та еріп жүреді, бұлар кісінің аты мен абыройына дақ түсірмейді. «Сырты бүтін, іші түтін», яғни босқа көлгіреитін көзқарас пен мінездегі турлі жалған көріністер (екі жүзділік, жарамсақтық, жалтақтық, күншілдік, іштарлық, мақтаңшақтық, тәкаппарлық т.б.) нағыз адалдық, шыншылдықпен ешбір сыйыса алмайды. Жасында ерке болып, ата-анасынан именбей, бейпілауыз сөйлейтін, қисынды-қисынсыз өтірікті беті шімірікпестен айта салатын адамның есейе келе тек өз басының ғана қамын ойлап, керек десе, басқа түгіл, өз отбасын да алдайтын, екі жүзді суайт адам болып кетуі ғажап емес. Осы айтылғанды да унемі еске алып жүрген абзал. Өйткені, «адалдық қайда болса, тіршілік сонда» (Қ.Насыри) ... «шындық - ауа, онсыз дем алуға болмайды (И.С.Тургенев). «ІІІындық шырағы дауыл соқса да өшпейді» (Ғ. Мұстафин).

 

3.7. Достық

 

Бұл - ортақ көзқарас пен мүдде, мақсат бірлігі негізінде пайда болып, уақыт сынынан өткен үлкен адамгершілікке тән жоғары сезім. Достық адамды асқақтатады, ол жан мен тәннің гүлдене түсуіне жәрдемдеседі. Омың маңызды белгісі - берік әрі терең эмоциялық жақындық. Ол - адамнын, бір-біріне сөз жүйесінде де, іс жүзінде де адал және шынайы болу, өзара терең мүдделілік, бір-біріне терен сенім, қайғы мен қиыншылықта өзара қол ұшын беру, өзара жауапкершілік пен қамқорлық. Достардың мінез, темперамент секілді ерекшеліктері түрліше болып келуі де мүмкін. Мәселен, олардың бірінде қызбалық не шабандык, тұйықтық не жігерсіздік т.б. мінез кемшіліктері кездесетіні болады. Бірақ достыққа бұлар кедергі бола алмайды, қайта нағыз дос біріндегі осындай кемшіліктерден арылуға көмектеседі. Әрине, сатқындык, екі жүзділік, өтірікшілік, тәкаппарлык, өзімшілдік достықпен сыйыспайды. Жалқау, менмен, мәдениетсіз, самарқау, салдыр-салақ адамдар бір-бірімен дос болып көгермейді. «Дос болма майда тілді кулгенменен, бимағына сырты жылтырап жүргенменен», дейді Шал ақын. «Достық - аспандағы жарық жұлдыз, теңіздегі гауһар тас. Жұлдыз да, асыл тас та кіршіксіз мөлдір. Бұл екеуін ешкім де, еш кұдірет те кірлете алмайды... Достыққа кішкене сызат түсті дегенше, құдай ұрды дей бер. Егер шын дос табылса, мал-басыңды соның жолына кұрбан ет. Досыңның кішкене сыйын көптей көр... досыңа қанша көп берсең де аздай көр» дейді сөз зергері Мәшһүр Жүсіп Көпеев.

Нағыз достық адамға шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға жәрдемдеседі. Бір-бірінің кемшіліктерін ақтау, бір-біріне жөндеп талап қоймай, болмашы істерін дәріптеп сөйлеу - бұл жалған достық. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деп халқымыз өте тауып айтқан. Достық қарым-қатынас адамға, әсіресе, балғын, балауса шақта аса кажет. Дос іздеу асқақ арман мен таудай талап, шексіз-шетсіз үмітке толы жас дәуреннің ерекше сезімі. Ол өзара пікір алысудың, болашақты жоспарлап, меңзей білудің, сенімтанымдарды калыптастырудың таптырмас мектебі. Осы кезде жас адам үшін құрбы-кұрдастардың орны ерекше Бозбала мен бойжеткеннін достасуы бара-бара алғашқы кіршіксіз махаббатқа да ауысып жататын болады. Достық өмірдің даңғыл жолы емес, сондықтан, ол туралы үстірт, жеңіл ұғымдардан аулақ болу кажет.

 

§ 4. Имандылыққа тәрбиелеу

 

Жастарды үйде де, түзде де имандылық пен адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеудің халықтық сан алуан әдіс-тәсілдері бар. Олардың бәрі-бәріне тоқтала бермей, бірен-саранына сипаттама беруді жөн көрдік. Осындай тәлім-тәрбиелік мәні күшті тәсілдің бірі бата беру тілек білдіру.

Бата. Қазақ арасында адамдардың бір-біріие деген ынта-ықыласын, адал ниеті мен жақсы тілектерін білдіретін тәрбиелік мәні зор рәсім. Бата - жас буын өкілдері аға ұрпақтың абзал қасиеттерін, асыл армандары мен мұраттарын жете меңгеріп ер жетуге, тәрбиелі азамат болып өсуіне тілектестік білдіреді. Бата - кісінің бастаған ісінің сәтті болып аяқталатынына алдын ала сендіріп, оның қайрат-жігерін тасытып, рухтандыратын күш. Қазіргі кезде жастар арасында белең алып отырған ұнамсыз қасиеттерден (маскүнемдік, нашақорлық, ұрлық, қылмыс жасау т.б.) оларды арашалап алып, сана-сезімге кісілік пен адамгершіліктің, инабаттылық пең мейірімділіктің шуағын егу мақсатында, иманжузділік мұраттарының жоғары ұғымдарын сіңіруімізде халық даналығының ғасырлар бойы қалыптасқан озық үлгілершің бірі - бата беру салтының берері мол. Бата сөздер моральдық-психологиялық нормалардың көптеген жағын қамтиды. Бұларда ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сана, жөн-жосық, дүниетаным, арман-тілек, дүниеге, табиғатқа көзқарас, ырым, наным-сенім мәселелері қаралады. Осынау аталы сөздерде әсіресе имандылық адамгершілікке қатысты ұғым-түсініктер (амандық, денсаулық, тазалық, парасаттылық, отаншылдық, ізеттілік, зерделілік, біліктілік, мейірімділік, құт-береке, ырыс-несібе, өнер-білім, батырлық, ерлік, ұзақ өмір, асыл мұрат т. б., г. с.) сөз болып, олардың мән-мағынасы талданады. Мәселен, жас адамға берілетін баталарда мынадай ізгі тілектер бар: «Айдай жарқыра, жұлдыздай жылтыра; маңдайың ашық болсын, дұшпаның қашық болсын; бағың жоғары өрлесің абыройың таймасын, басқа дәулет құсы орнасын; құдайым малды қыл, тең құрбысының алды қыл, ағайынның алды бол, отыз ұлды орда бол; ақ жүрек болсын жолдасың, адалдық сені қолдасын, жақсылық үшін тірессе, жайыңды арың қорғасын; найзадай болсын намысың, қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға» т.б. Халқымыздың өресі биік ой-санасы, арман- қиялы тудырған ғибратты сөздердің көркемдік-эстетикалық, эмоциялық әсерлігі, пәлсапалық тұжырымдары, образдар жүйесінің (суреттеу, мәнерлеу, бейнелеу, әсірелеу т. б.) шеберлігі, сөз асылдарының әр турлі астарларда қолданылуы жас буын жанын баурамай, елжіре тебірентпей коймайды. Мәселен, мына тіркестерде қаншама психологиялық жылылық бар десеңізші! «Жас баланың күлкісін, жомарттың қолын, сапарлының жолын қыздың қылығын, судың тұнығын, асаудың арынын, бұлбұлдың таңғы үнің, гүлдің нәзіктігін, теңіздің тереңдігін, кыранның көрегендігін, елдің көңілін, нағыз достың тілегін, мәңгі-бақи ажырамас шын ғашықтың жүрегін бер!..»

Бата мен тілек егіз қозыдай ұғым. Тілек дегеніміз - бата, бата дегеніміз - тілек. «Үйің кұтты болсын», «Сапарың оң болсын», «Жаксы жатып, жайлы тұрыныз» деген тіркестерде баға да, тілек те бар.

Бата мен тілек - негізінен адам баласына жақсылық ойлау. Ол жас ұрпақты бірлікке, әділеттілікке, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді. Бата ризашылық тілек-ниеттің көрінісі ретінде айтылады.

Мәселен, дастарқан басында берілетін батада (кейде «ас қайыру» деп те айтады), қаншама ізгі тілек жатыр («Дастарқан байлығын берсін, денсаулығын берсін», «Құдай бере бер, береке бер, аман сақта, абырой бер).

Бата-тілектің түрлері көп деп жоғарыда айттық. Мәселең, жаңадан отау болған жас жұбайларға берілетін бата көбінесе өсиет, өнеге ретінде айтылады.

Өмірлерің мәнді болсын

Махабаттарын мәңгі болсын

Шаңырақтарың биік болсын

Босағаларың берік болсын

Еліне елеулі бол,

Халкыңа калаулы бол

Еліңе бағалы бол,

Бала-шағалы бол

Сондай-ақ, сапарға шығып бара жатқан жас, сапар алдында ауыл қариясынан, жанашыр үлкен адамнан мынадай бата алады: «Сапарың оң болсын, сәтті жол болсын, басыңа бақ қонсын, жолың ак болсын» т.ш. Жас өнерпаздың өнеріне риза болған ақсақал: «Онерің өрге бассын!», «Көсегең көгерсін!», «Құдай көңіліңді көтеріп!», «Дарының дами берсін!» деп бата береді. Тілек көбінесе батаның «ұсыныс» түрі Қария адам ой тілегін ризашылықпен айтып: «тәбетіңіз тартымды болсын», «бұдан былай тек жақсылыкпен бас қосайық»,  достарыңның алды болу үшін, еңбек ет», «еңбектерін табысты болсын, тату-тәтті тұрыңдар» деп тұжырымдайды.

Іштей тілеу әрбір адамның есіміне де байланысты. Ол «құпияны» әркім біле бермейді. Тілеу - ылғи да адамгершілік мақсатта айтылу керек. «Біреуге жамандық тілегенше, өзіңе амандық тіле» дейді халық. Сондықтан да ізгі адам «е, Алла, досқа күлкі, дұшпанға таба қылма» деп тілейді, «елімді, жұртымды аман қыл, Алла» дейді.

Бата, тілек, тілеу жақсылық ниетпен айтылып, жеке адамды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді, қуантып, қуаттандырады, алға бастап, арман биігіне көтереді, сенімділік пен батылдыққа баурайды. Сондықтан, мұны тәрбиелік мақсатта жиі пайдалану керек.

Адамгершілік тәрбиесіне қатысты әдіс-тәсілдер қатарына тыйым сөздерді де жатқызуға болады. Мұндай сөздер жас булдіршінді айналасындағы әр нәрсені қадірлеп, қастерлей білуге, қатыгездік, көргенсіздіктен аулақ болуға, қайырымдылыққа, обал-сауапты білуге баулиды. Мысалы: нанды аяққа баспа; ақты төкпе; гүлді баспа; көкті жұлма, малды басқа ұрма; анаңа қатты сөйлеме; үлкен кісінің жолын кесіп өтпе; қарлығаштың ұясын бұзба; жоқ деп айтпа т. б. Осындай сөздердің бір тобы балаларды тәртіптілікке, сыпайылыққа, сақтыққа шақыра отырып, әр түрлі жаман әдеттен жиіркендіреді Олар: адамға қарап түкірме; адамды айналма; кемтар адамға қарап күлме; кешке қарай көңіл сұрама; бейуа қытта жылама; үйде ысқырма; пышақты шалқасынан қойма; біреуге қару кеземе; таңдайыңды қақпа; бөркіңді теріс қаратып киме; мойныңа белбеу салма; отпен ойна ма; екі езуіңді керме; пышақтың жүзін жалама; адамды саусақпен санама; құстың ұясын бұзба; тісіңді шұқыма т.б. Тыйым сөздердің енді бірі жас ұрпақты тазалыққа ұқыптылыққа, табиғатты қастерлеуге шақырады. Олар күлді шашпа; суға дәрет сындырма; ағынды суға кір жума; шашты аяқ астына тастама; құдыққа түкірме; шелектегі суға аузыңды батырма; киімнің жағасын баспа т.б. Осынау ақыл-кеңестердің қай-қайсысы да кесапат тан аулақ болуға тәрбиелейтіні хақ. Олай болса, бұлар да үнемі есімізден шықпайтын болсын.

Балалардың арасына кең тараған бір сөз мазақтама. Бұл - белгілі әдеп сақтап, бала бойында болатын кемістік міндерді, оның жас құрбысының әзілдеп, ажуа лауы. Мазақтаманың баланың өз мінін өзіне айтқызатын түрлері де бар. Мәселен:

«Менің атым - Сүйімжан,

Тентекпін-ау күйыннан!

Жаман тоным жалп етіп,

Құлап қалдым сиырдан!» -

деп баланың өз мінін өзіне айтқызуда, оның ар-намысына тимей, жәй әзіл арқылы адамгершілікке тәрбиелеу жағы көзделеді. Сондай мазақтамалардың бірі мынадай:

Біздің Сәкен

Қызық екен,

Үш тұймесі

Үзік екен.

Жүрміз саған жоламай,

Тамақ десе, қомағай,

Әй, Шалабай, шалағай.

Ал баланың табиғи кемшілігін айтып тәрбиелеудің орнына оның көңіл-күйіне қолайсыз әсер ететін, тәрбиелік мәні керісінше болатын мазақтамалар да бар. Үйде де, тузде де тәлімгерлер соларды қолданудан сақ болуы тиіс.

Мазақтаманың негізгі мақсаты - балаңың мінін көрсетіп, сын көзімен қарауға баулу. Бұл әдіске үлкендер тарапынан басшылық қажет. Әйтпесе, жоғарыда айтқандай бала бұларды орынсыз пайдаланып, бір-бірінің арына тиіп, ызаландырып, жасытуы ықтимал.

Отбасында, балалар бақшасында, мектепте мазақ аманы балаға жатқа айтқызу арқылы, тәрбие жұмыстарында пайдалануға болады. Мәселен, тапсырылған іске жауапсыз қарап, шалағайлық жасаған балаға бір мазақтаманы айтудың өзі-ақ жетіп жатыр. Ондайда бала тез сергіп, өз ісіне қайта қарап, өз кемшілігін өлшей бастайды. Өз мінін түзеп, ескертпені елеген баланың ынта-жігерін арттырып, оны мадақтау тәсілін де қолдану қажет.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-10-16 18:13:39     Қаралды-3381

БАРЫС

...

Барыс - биік тауда мекендейтін ерекше сымбатты жыртқыш аң. Ол өте айлакер, күшті әрі шапшаң. Жемін биік тасты жерден, кейде кұз арасынан аңдып отырып, 15 метрге дейінгі биіктіктен секіріп, аса ептілікпен ұстай алады. Ұсак жануарлар мен кұстардан басқа, ке

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАРА ТЕҢІЗДІҢ СУЫ ШЫНЫНДА ДА, ҚАРА МА?

...

Кез келген ертегі немесе ән атаулыда теңіз кездессе, міндетті түрде - «көк теңіз» болып келетіні өзіңе мәлім болар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУРЕТ ЖӘНЕ СУРЕТТЕМЕ

...

Суретшінің қыл қаламмен бояу жағып емес, қарындаш, көмір, сангина, қаламұш арқылы сызып салған шығармасын сурет деп атаймыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕЖЕЛГІ ДӘУІР ӨНЕРІ

...

Біздің заманымыздан бірнеше ғасыр бұрын Бағзы Греция мен оны жаулап алғап Римде қазір «Ежелгі дәуір өнері» деп ата латын сан алуан көркем өнер түрлері ерекше көркейіп өскен.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЛАШЫН

...

Құсбегілер лашынды жоғары бағалаған. Сұңкар тұқымдастарының ішінде ақ сұңқарды сиректігі үшін мәртебе көріп, қолға түсіруге құмартса, лашынға қырандық алғырлығы үшін қызығады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »