UF

ӘДЕП (ЭТИКА)

АТА-БАБА ДӘСТҮРІ - ӘДЕПТІЛІК НЕГІЗІ

 

Ата дәстүрін ардақтау - қазақи тәлім тәрбие мен ұлттық дәстүріміздің соқты кезге дейін қағаз бетіне түспей келген ақтақдақтары. Осындай асыл дәстүріміздің бірі - үлкенді сыйлау.

Үлкенді сыйлау - бұл имандылық пен адамгершіліктің іргетасы. Қазақ халқының тыныс-тіршілігінде ол - ұлттық дәстүрдің басты өлшемі. Сондықтан, отбасында, бала бақшасында, мектепте, қоғамдық орындарда осы дәстүрді сақтау, оны қастерлеу әрбір адамның міндетті түрде орындайтын парызы. Мұны сақтай алмаған адам «адамгершіліктен» айрылған ие одан безген адам болады. Ертеректе мұндайларды қадірлі ақсақалдар мен ел жақсылары тиісті жазасын тартқызып, тезге салып отырған.

 

§ 1. Жеті ата туралы түсінік

 

Жеті ата дегеніміз кімдер? Сол жеті ұрпақтық, жеті буынның аттары қазақ салтында қалай аталады? Бұл жөнінде қариялар арасында әр түрлі пікірлер бар. Кейбіреулер баланың өз әкесін жеті атаның тізіміне енгізбейді де, жеті атаның ең біріншісі етіп, баланың атасын, яғни әкесінің әкесінен бастап жоғары қарай санаса, енді  біреулер жетінші атасыиан бастап төмен карай санайды

Қазіргі кезде зиялылар арасында жұрттың ата тегін зерттеудің екі түрі ұшырасады Мәселен, «Қазак тілінің (он томдык) түсіндірме сөздігінде» жеті атаның мынандай тізбесін берген әке-бала-немере-шөбере-шөпшек-немене-туажат-жүрежат-жегжат-жұрағат. Барлығы он буып, он ата. Бұл аталар бойынша 9-ыншы атада яғни жегжат буынында, бұрынғы қандас туыстар, енді құда-андалы болуға хұқы бар дегең сөз. Алайда туысқандықтың бұл тізбегін мойындамайтындар да кездеседі.

Жазушы Әбіш Қекілбаевтің «Үркер» романында жеті ата туралы мынадай түсінік бар. Әке - бел бала - немере - шөбере - шепшек - жүрежат - туажат. Жеті атаның бұл тізбегі қазақ тыныс-тіршілігіне жанасымды екені ақиқат. Жеті атасына дейін ата тегін, тарихын білмейтін бала болса, халық оны «жеті атасын білмейтін жетесіз» деп кінәлайды, тіпті жазғырып, жазалайды да.

Қазақта «жеті атасын білген жан, жеті рулы елдің қамын жейді» деген аталы сөз бар.

Жеті атаны білу бұрынғы абзал ата-бабалардың аруағына тағзым етіп, құрмет көрсету, жеті рулы ел жұрттың мұң-мұқтажын, асыл арманын бойына жинап жүрген ел жақсыларының кісілік қасиеттерін, ерлік кел бетін жастарға өнеге етіп ұсынудың бір белгісі.

 

§ 2. Туыстық қатынастар

 

Қазақ ағайын, жегжат, туыстық қарым-қатынасқа ерекше мән берген халық. Қүні бугінге дейін тілімізде бұлардың мән-мәнісін білдіретін 70-тен аса атау бар екені осыған дәлел. «Ағайын айында, жегжат жылында араласпаса, жат болады» деген мақал соның моральдық өлшемі.

Енді осылардың кейбіріне (жалпыға мәлім ұғым-түсініктер болса да) қысқа түрде тоқталып етейік.

Баба-атаның әкесі. Бабаны сыйлау, әрқашан да оған қамқорлық жасап отыру, оған унемі сәлем беріп, хал-жағдайын біліп отыру, сыбағасын сақтап, оған үнемі сый құрмет көрсетіп отыру - шөбере, немеренің өз баласының ғана емес, бүкіл әулеттің, бір атадан тараған бүкіл ауылдың борышы, қасиетті парызы.

Ата - әкенің әкесі. Әрбір ұрпак өз әке-шешесінен де атаның абыройын ерекше ардақтауға міндетті. Қісі әкенің алдында бір есе борышты болса, ал атаның алдында екі есе борышкер. Өйткені, ата әкені тәрбиелеп өсірген адам. Халык атасып сыйлай білмеген ұрпақты «тексіз» деп кінәлайды. Ондай адам өмірден опық жейді, түбінде күнәсын тартады, яғни атасына көрсеткен жөнсіздігін, мейірімсіздігі мен қайырымсыздығын кейіннен ол өз немересінен көреді. Бұл ондай тасбауыр баласын, немересін мейірімділікке (ата сыйлап, әке құрметтеп) баурап көрмегендіктің салдары.

Ата - балаға сыншы, немереге қамқоршы, әулетіне тірек, батагөй жан. Қазақ дәстүрінде барлық іс-әрекет пен рәсімдерде ата жасын құрметтеп, оған сый-сияпат көрсете білу парыз.

Әке - жарық дүниедегі екі жакын адамның бірі. Қазақ өмірінде «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без», «Әке көрген оқ жонар», «Әкең - асқар тауың» деген мақал, «Жақсы әке - жаман балаға қырық жыл азық болады» деген сөз бар. Әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеп-қадірлеу әрбір баланың міндеті. Әкесіз бала - жетім. Әке - асқар шың, бақыттың алтын бағаны. Әке - баланың тірегі, лүпілдеген жүрегі, ойындағы санасы, өмірдегі панасы. Ол баласы үшін барын аямайды, аялайды, тәрбиелейді, болашағына бағыт-бағдар жасап отырады

Ана - (туған шеше) әрбір адамның жарык дүние дегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы «Ана - жүрек, жүректі құдірет де, Ана - тірек, тіректі құрметте. Ана - шыңың, шыңыңа сағынып жет, Ана - күнің, күніңе табынып өт».

Расында да, адамның әдептілігі мен жан дүниенің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ананың нәзік үні, жұмсақ та аялы алақаны, жан жылуы мен аялауы бізді әлдилеп жұбатады, көңілімізді сергітеді. Қайран ана өз Перзентін әдемі не ұскынсыз ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық болса да - бәрібір шексіз сүйеді. Баласы үшін анасы бармайтын кұрбандық бар ма? Ана болу - бүкіл өміріңе кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып-қағуда ол өзін-өзі ұмытып, барлық күщ жігерін сарқа жұмсайды, бұдан оның жаны байн, нәрлене түседі. Әрине, ананың да анасы бар. Халық: «туған ана емес, асырап, өсіріп, тәрбиелеген ана» дейді. Баланың анаға деген жәй махаббаты жеткіліксіз, оны барынша құрметтеп, сыйлау парыз. Әрине, мұндай қасиет іштен тумайды. Оны біртіндеп қалыптастыратын да ананың өзі, үйден басқа ересектер. Аға-іні, апа, қарындас, ағайын, туыс, аға, әже т.б. Осы мәселеде кейде аналардың ездері де кате жіберіп қояды. Мұның себептері де сан алуан. Мәселен, баланың жайын табам деп, «буынсыз жерге пышақ салып», жанын қинап, әр турлі машақатқа түсетін аналар да жоқ емес. Балалар да ана-сының бастан кешірген кайғы-қасіретін жете түсіне бермейді. Анаға деген құрмет, оған деген шексіз махаббат табиғи түрде қалыптасып, ыстық сезімге айналуы тиіс. Өйткені, адамгершілік қасиет адамда алдымен жүрекке, сезімге соқпай кетпейді.

Анасын жақсы көрмейтін адамды табу қиын, бірак кез келген бала анасын қастерлей, бағалай біледі деп антсақ, артық айтқандық болар. Тіпті кейбір оқушылардың. «Өй, маматай-ай, сен бұл мәселеде не түсінуші едің?» - деп келемеждейтінін қайтерсің, ал осы сөздер ана жүрегіне имедей қадалатынын, оның бетке түскен әжімдерін тереңдете беретінін осы балақайлар сезіне ме екен? «Ананың ақ сүтін ақтау» деген тамаша бір сөз бар. Біз осы сөзді қалай жүзеге асырып жүрміз, осыны мықтап ойланайықшы! Анасын ренжіткен адам, өзі сүйген жарын ұнатуы мүмкін бе. Анаға кұрмет өмір бақи терең де шексіз болуы қажет. Біз ана алдындағы борышымызды түсінеміз бе? Мұны адамгершілік ар-ұятымыз, рухани тіршілігіміз көтере ме? Мәселенің ең улкені де осы арада жатқан жоқ па? Осы секілді бала жанын тебірентетін ғибратты ой-түйіндер А.Байтүрсыновтың «Қырық мысалында» қаншама?

Қазірде кейбір мектеп оқушыларының арасында өз аналарын жөндеп сыйламайтын, олардың еңбегін қадірлеуді білмейтін, айтқанын жөндеп тыңдамайтын оқушылар кездесіп қалады деп жоғарыда айттық. Ол өзін әлпештеп өсірген адамға немқұрайлы қарап, оған қиянат жасаған ұл мен қыздан келешекте жақсы азамат өсіп шығады дегенге, әрине, сену қиын. Мұндай бала өсе келе ата-анасының алдындағы борышы түгіл, өзінің үлкен анасы. Отаны алдындағы борышын жөндеп ақтамайтын екі жүзді, сұрқия адам болып шықпасына кім кепілі.

Бізде, сондай-ақ, «ананың ақ сүтін ақтау - перзенттік парыз» екендігін білдіретін, қыздың болашақ күйеуінен «сүт ақы» алатын рәсім де бар. Ана көңіліне кірбің келтіру, оның тілін алмау, оған дауыс көтеру - ауыр қылмыс. Ондайды «ананың ақ сүті ұрады» дейді халық.

Яғни, аңа сыйламаған тасжүрек өмірде ешкімнен сый көрмейді, өзінің қаныпезерлігінен өмірде қатты соққы көреді.

Әже - ананың енесі, әкенің шешесі. Әже өз әулетіне «жүрегін бөліп беретін» жаны жайсан, жанашыр да қамқоршы қария. Бүкіл әулет әжені ардақтау борышын өтей алмаса, ол - үлкен күнә. Немерелері мен шөберелерін жанынан қымбат көретін де - осы әжелер. Халқымыз сондықтан да «Балаңды өскенше бағасың, немереңді өлгенше бағасың» дейді. Күн сайын әжеғе сәлем беріп, сый-сияпат көрсетіп, онымен ақылдасып отыру парыз. Ұлы Абай өз әжесі Зерені қалайша қадір тұтып, қастерлегені баршамызға М.Әуезовтың «Абай» эпопеясынан мәлім.

Әпке - отбасындағы анадан кейінгі сыйлы адам. Ол інілері мен сіңлілеріне үнемі қамқорлық жасап отыратын бауыр, анасының ақ тілеуін ақтап, оған көмек көрсететін үй-ішіндегі тәлімгер. Әпкесін сыйламау - арсыздық. Сондықтан да халық әпкеге кұрмет көрсетіп, оны ардақтамаған інілер мен сіңлілерді қатты кінәлайды.

Аға - «Ағасы бардың жағасы бар» дейді халық. Оны іні-қарындастары әкесіндей сыйлауға міндетті. Жақсы, өнегелі аға - іні-қарындастарға мақтаныш, тірек, сүйеніш, қамқоршы. Оның іні-қарындастарын тәрбиелеу ісіне жауапкершілікпен қарауы - бас парызы. «Аға - бардан, іні - зордан», - деп халық ағаның жасы кіші туысқандарға кешірімді болатынын да өнеге етіп көрсетеді. Сондықтан да ол тәрбиенің әр түрлі мадақтау, жазалау тәсілдеріне келгенде іні-қарындастарына әділ қолдануы тиіс. Аға өз абыройын сақтай алмаса, оның беделі болмайды, ағалық қасиетінен айрылады.

Іні - ағаның, әпкенің жеткіншегі, ізбасары. Халық дәстүрінде ол - аға мен әпкені ерекше қадір тұтатын жан. «Інісі бардың - тынысы бар» дейді. Бұл - іні аға мен әпкеге әрқашан да көмек көрсетіп, олардан үлгі-өнеге алып, тәлім-тәрбиелік нұсқауларын мүлтіксіз орындап отыруы керек дегенді білдіреді.

Қарындас - ағаның іні сияқты жеткіншегі «Қыздың жолы жіңішке» деп халқымыз жалпы қыз баланы ерекше құрметтеген, оған дөрекі сөз айтпан, гүлдей білуді ескерткен. Бірге туған қарындасына қамқорлық жасап, оны мәпелеп өсіру - жақсы ағаның абыройлы парызы.

Сіңлі - әпкенің іні сияқты жеткіншегі, тілектес ізбасары. Қазақ рәсімінде сіңлі - әпкенің мұрагері. Әпке тұрмыс құрса, отбасындағы оның барлық міндетін сіңлі атқарады. Әпке сіңлісін анадан да артық тәрбиелеу керек. Өйткені, ол сіңлісімен көбірек араласады, тереңірек сырласады. Сіңлісін еңбекке, өнерге, адамгершілікке тәрбиелеп, оған үнемі ақыл-кеңес беріп отыратындықтан, сіңлі де әпкесіне тәнті болып, оның барлык айтқандарын екі етпеуге тырысады.

Туыстық, жегжат-жұрағаттық қарым-қатынастан туындайтын игі дәстурлер де ұшан-теңіз. Олар: ата-баба аруағын ардақтау, ата-ана алдындағы перзенттік борышын ақтау, ағаны арқа тұту, «құданы құдайдай сыйлау», күйеу баласын туған ұлындай көру, қыз баланы ерекше құрметтеу т.б. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан», «келін келді - құт-береке келді», «балалы үй базар», «бала бауыр етің», «бір үйде қанша болсаң, бір-біріңе қонақсың», «ана кешіреді, ақымақ бала өсіреді», «жақсы жеңге - анадай абзал», «әкең өлсе де, әкенді көрген өлмесін», «төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бөле тату», «бөлем: бөлем үшін өлем», «інім де, інім дегенше - күнім де», «ағасы бардың жағасы бар» т. б. Осынау мақал-мәтелдердің тәлім-тәрбиелік мағынасы кең әрі терең. Сондықтан, оларға арнайы түсінік беріп жатудың қажеті де аз. Мұндағы түйінді сөздер туыстық қарым-қатынастың негізгі өлшемдері (критерийлері) болып табылады.

Бізде тек әйелдер жағынан туыстықты бейнелейтін атаулардың ұзын саны 30-дан асады. Бұлардың ішінде тек қайын жұрт жағынан: әже, ене, кейуана, бәйбіше, тоқал, абысын-ажын, апа, тәте, әпке, жеңге, қосақ, зайып, күндес, бикеш, нағашы-әже, апа, сіңлі, жесір т.б. атаулар бар. Олардың түсін танып, аттарын білу және әрбірімен сөйлесіп, сырласып дегендей туыстық қарым- қатынас жасау оңай тірлік емес. Олардың ой-өрісі, мінез-құлқы әр түрлі, бұл әр адамнан әдептілікті, зеректікті, тапқырлықты, зор шыдамдылықты талап етеді.

Адамдар қандастық жағынан қанша жақын болғанымен, өз үйінде жөнді тәрбие алмаса, олардың туыстық байланысы берік болмайды. Туыстықты күшейтетін нәрсе негізінен ұрпақтардың бала кезінен бастап жиі араласуынан туындап, қалыптасады. Қазақ ауылында туыстар байланысын қадірменді ақсақалдар аса зор ұқыптылықпен жүйелі түрде жүзеге асырып отырған.

Туысқандық сыйластыққа апаратын жол - адамның моральдық қасиеттері: жан тазалығы, ұяты, ары, намыс борыш, имандылық, қайырымдылық, қамқорлық т.б. кісілік түсініктер. Мұндай тәрбие жүйесін беделді ауыл ақсақалдары, өнегелі отбасы иелері мен бүкіл жұрт болып ортақ мақсат ретінде талқылап отырған. Тәрбие ісінің жемісті болғаны да осыдан.

Туыстар татулығының ағынан көрінетін кезеңінің бірі - дүниеге жас нәресте келгенде байқалады. Азан шақырып атын қойған күннен бастап, шілдехананы айтпағанның өзінде, кейіннен нәрестеге өмір, бақыт тілеп құттықтап келушілер тіптен толастамайды. Әсіресе, нәресте ұл бала болса, ауылдың игі ақсақалдары, кейде, тіпті, белгілі ру басылары өздері арнайы келіп құттықтайды, ақ батасын беріп, бөбекке бақытты өмір тілейді, отбасының қуанышын бөліседі.

Сөйтіп, қазақ қоғамында, ұрпақ тәрбиесі әрбір отбасының асыл арманы мен талап-тілегі болғаңымен қатар бүкіл ауылдың, тіпті ру, тайпаның мақсат-мүддесімен тікелей ұштасып жатады. Өйткені, тәлім-тәрбие мәселесі қайлан да аса күрделі қоғамдық-әлеуметтік мазмұнға ие.

Атақты Бөгенбай батырдың немересі Саққұлақ шешен өз заманындағы бала тәрбиесінің мақсаты мен міндетін, мазмұн әдістерін азғана сөзбең белгілеп берген ұлт ақылгөйлерінің бірі болды. Ол кісінің айтуынша «Адамның басшысы - ақыл, жетекшісі - талап, шолушысы - ой, жолдасы - кәсіп, қорғаны - сабыр, қорғаушысы - мінез, сынаушысы - халық». Осы тамаша түйіндер халқымыздың жас ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі бағыттарының (ақыл-ой, имандылық, талап, қажыр-қайрат, кәсіптік бағдар, мінез-құлық, сабыр, төзімділік т.б.), олардың адам өміріндегі алатын орнының, жасайтын ықпалының дұрыс көрсетілуі.

Халықтың әдет-ғұрпында обал, сауап деген ұғымдарға ерекше мән беріледі. Обал - жақсы нәрсенің қадірін біл, оны тастама, түбінде оның зарын тартасың деген ұғымды білдіреді. Мәселен, «Сүтті төкпе, обал болады», - дейді әжелер. «Нанды тістеп, тастама, обал болады», - дейді ата. «Обал болады» деп, ескерту арқылы халық ұрпағын адам мен жан-жануарлардың, табиғаттың қадірін білуге, олардың қасиеттерін жоғары бағалауға тәрбиелейді.

Сауап - басқаға жақсылық істеу, табиғатка қамқорлық, яғни сауап (ізгілік) жасау. Біздің ақ көңіл аталарымыз: «Балам, мына қайнардың көзін ашып, сауап жасашы», - десе, мейірбанды әжелеріміз: «Балам, анау қарияның жүгін көтерісіп, сауабын (батасын) алшы», - дейді. Қазақ дәстүрінде «сауап жасау», «сауабын алу» - әрбір адамның адамгершілік, азаматтық борышы. «Сауап» ұғымының бұлардан басқа да мән-мағынасы жеткілікті. Қазақ баласы кесір-кесапат, ысырап деген ұғымдарды бір-бірінен ажырата білуі тиіс. Кесір - қалыптан тыс анайы қылық, зиянды, теріс әрекет, ақымақтықтың көрінісі. «Артылған нанды тастама, кесір болады», - дейді анасы. «Жолға түкірме, кесір болады», - дейді әжеміз немерелеріне. Кесірдің арты - кедергі, кесапат, өйткені кез келген теріс қылық (кесір) адамды жамандыққа ұшыратады. «Қөпті жамандама, көмусіз қаласың». «Асты қорлама, құстырады», «Тойсаң тоба қыл» «Әр асқанга бір тосқан» деген сияқты ондаған мақал мәтелді халық осы кесір-кесапатты жасамау үшін шығарған.

Ысырап - әр заттың құнын, бағасын білмей, тапқан-таянғанды босқа шашуды, еңбекті қадірлемеуді білдіретін ұғым. Сондықтан, «Судың да сұрауы бар» деген халық өсиеті жас ұрпақты әр нәрсені тиісінше өз орнымен пайдалануға меңзейді. Қазақ елінде есте жоқ ерте заманнан қалыптасқан осынау дәстүрлер өз дәрежесінде болмаса немесе бұзылатын болса, бұл халықтық намысқа тиіп, ар-ұятқа нұқсан келтіріп, тіпті абыройсыздыққа ұшыратуы да ықтимал.

 

§ 3. Ұлттық қадір-қасиеттер

 

3.1. Әдептілік

 

Бұл - ұлт психологиясының өзегі, адамгершіліктің бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі, барлық кісілік қасиеттердің жиынтығы. Әрине, «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» дегендей, әдеп сақтаудың әр елде тарихи, әлеуметтік өзіндік ерекшеліктері де болған. Ал қазақ халқының әдеп сақтау дәстүрі ешбір тапты, ұлтты, нәсіл мен жыныс айырмашылықтарын алаламайды. Онда релятивизм, абсолютизм; антитеза дегендер кездеспейді.

Әдеп сақтау. Ол - әулет, әлеумет, қоғам мүшелерін қалыптасқан әдептілікті бұзбауға міндеттейді. Әдептілікті бұзған адамға қауымдастық атынан сол ұжымның өкілі өз пікірін айтуға, тіпті тыйым салуға да ерікті өйткені әдеп сақтау - әлеуметтік дәстүр.

Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдепті адам табиғатты қорғай білуге тиіс. Табиғаттың әсемдігі мен сұлулығына, әдемілігіне әр адам кір келтірмеуге міндетті. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзін ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көкті жұлу, аққуды ату, құдыққа түкіру - барып тұрған әдепсіздік. Әдеп сақтау - мінез-құлық пен қарым-қатынастың қалыптасқан, халықтың мінез-құлық ережесі. Осы ереже бұзылса, халықтық дәстүр де бұзылады, ұлттық намысқа нұқсан келеді. Әдеп сақтау - халықтық рәсімге, жол-жоралғыға, тәртіпке құлдық етіп, амалсыз бағыну емес, сол заңдылықтарды құрметтеу, қастерлеу, дәлірек айтқанда, адамгершілік борышты өтеу болып табылады «Әдептілік - әдемілік» дейді халық. Әдеп сақтаудың психологиялық астары да терең. Әдептілік - ізеттік, кішіпейілдік, көпшілдік деген сөз.

Отбасында әдептілікті әлеуметтік қарым-қатынастың негізі ретінде, әрбір адам қатаң қадағалайды, мұны бұзушылыққа жол бермейді, ұрпағынан қалыптасқан ережені заң деп түсінуді талап етеді. Талап қою, әдептілік тің орындалуын талап ету үлкенді-кішілі бүкіл қазақ жұртының, оның жекелеген әулетінің қастерлі міндеті

Бала бақшаларында «әдеп», «әдептілік» деген түсініктер төңірегінде әңгіме, ойындар ұйымдастырылып, ертеңгіліктер өткізілгені абзал. Кішкентай бөбектердің көшеде жүру, көпшілік ортасында болу, үлкенге орын беру, кішіге қамқорлық жасау, қарт адамды қадірлеу, ата-ананы ардақтау, жолдастық қарым-қатынас, сәлемдесу, табиғатты қорғау (тал тігу, гүлді күту, көгалды таптамау т.б.) дағдысына тәрбиелеп, қалыптастыру - әдеп сақтау жөнінде жоспарлы түрде жүргізілген шаралар болып табылады.

Әдептілік достүрі қазіргі кезде оқушылар ережесімен, «Атамекен» қоғамдастығының әр кластағылардың жас ерекшелігіне орай жүргізілетін тәрбие жұмыстарымен де орайластырылуы тиіс.

Қазақ этносында атадан балаға мирас болып келе жатқан әдептілік дәстүрінің бірі - ат тергеу, кісіге косымша ат қою. Ат тергеу - бұл кісіні қастерлеп, оны өз айтылуында атамай, құрметпен атау, оны сыйлау, қадір тұтып, ардақтау.

Ат тергеуді төрт топқа бөлуге болады. Оның бірі - хайуанаттардың атын тергеу, екіншісі - туыс-тумаларды жақындық дәрежесіне қарай тергеу, үшіншісі - келіннің ат тергеуі, төртіншісі - үлкен адамдарды жәна сыйлы кісілерді дәрежелеп («еке» жұрнағын қосып) атау. Ал жеке адамды жақындық дәрежесіне қарай тергеу - оның имандылық, кішіпейілділік, сыйластық қасиеттерін көрсететін атаулар. Мәселен, көке, ағатайым, ата, әже, інім, қарындасым, жездем, бөлем, жиенім т.б. соған жатады.

Үлкен адамдарды, сыйлы кісілерді құрметтеу ниетін білдіріп, бұлардың атына «әке», «еке» жұрнақтарды қосып айту қазақ халқында салтқа айналған (Ереке, Өсеке, Сәке, Қалеке). Мұндай тергеуде, көбінесе, атаудың басты буыны не бас әріпі негізге алынады. Ондай сыйлы адамдарды тікелей өз атымен атау ерсі саналады.

Қазақ кісіге қосымша ат қоюға барынша ұста. Бұл шеберлікті ертегі кейіпкерлерінің атауларынан жақсы байқауға болады. Мәселен, «Қаңбақ шал», «Тазша бала», «Алдар көсе», «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек» т. б.

Адамға қосымша ат қоюда үлкен психологиялық астар бар. Бұл кісіге деген жылылық, сый-құрмет, шапағат, қайырымдылық пен қамқорлық. Мәселен, халқымыз шетел шапқыншыларынан елін қорғаған ерен ерлерді «батыр» деп атаса, ел арасындағы дау-дамайды бейбітшілікпен тындырған жезтаңдай шешендерді «би» дегі мадақтаған. Сондай-ақ, өз кәсібін жете меңгерген хас шеберлерге де ерекше құрмет көрсетіп, оларға «құсбегі», «саятшы», «бапкер», «сайыскер», «зергер», «шабандоз», «мерген», «емші», «сынықшы» т.б. кұрметті ат таққан.

Отбасы - ошақ қасының төңірегінде жүрсе де, адамға ат қою жөнінде қазақ әйелдері, әсіресе, келіндер жағы алдына қара салмайды. Келін атаулы өз үйіші мен өз ауылының белгілі, беделді адамдарын, ата-қайнағаларын, тіпті жасы кіші қайындары мен қайын сіңлілерін де өз атымен атамайды. Мәселен, олардың кейбіреулерінің есімдері - таулардың, жануарлардың, өзен-көлдердің аттарымен аттас болса, оны бұрмалап, сөздің басқа баламасын, синонимін тауып атайды. Мәселен, көпшілігімізге белгілі «Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың арасында, маңыраманы ұлыма жеп жатыр, жаныманы алып келіңдер», - деп хабар айтыпты деген аңыз бар. Сөйтсе осы келіннің Өзенбай, Қамысбай, Қошқарбай, Қасқырбай, Қездікбай атты қайнағалары бар екен, соларды тура айта алмай, осындай тіркес жасауға, мәжбүр болса керек.

Қосымша аттардың небір жағымды, шұрайлысын, әдетте, ақпейіл аналар мен жаңа түскен жас келіншектер қояды. Мысалы, ақпейіл ананың мұндайда бөбегіне: «Ақ бөпем», «Ақ ботам», «Ақ қозым», «Ақ балапаным», «Құлыным», «Үкім» т. б. десе, кейбір аналар сүйгенін шұнағым дегендей, балаларын: «Қара тентегім», «Жаман сарым», «Тәмпіш танауым» деп, тек аналарға ғана тән іштей ризашылығын, қанағаттанғандық мақтаныш сезімдерін көрсетеді. Балалар да жанындай жақсы көргендерін: «Ақ әжем», «Мырза әжем», «Аппақ апам», «Үлкен апам», «Ертекшіл апам» т. б. секілді атаулармен атайды.

Жас келін келген ауылының ерекшелігін, адамдарының мінез-құлқын да байқағыш келеді. Олардың мұндайда- туыстардың ішінде атқамінер мырзалары, игі жақсылары, серілерімен бірге өмірден өз үлесін ала алмай абыржып жүрген жандардында тыныс-тіршілігін, көңіл-күйін дөп басып жарасымды ат қоя білетініне таңданбасқа болмайды. Мәселен, олардың бірін «Мырза аға», «Болыс қайнаға», «Сот қайнаға», «Мерген аға» деп көтермелеп, қастерлеп мадақтаса, енді біреулерін: «Зіркілдек қайнаға», «Елпілдек қайнаға», «Тапбасар қайнаға», «Ұмытшақ қайнаға», тіпті «Шіңкілдек қайнаға» т.б. ұнамсыз аттарды қойып алады және бұлары жұрт арасына тез тарап кетеді. Егер келіннің жалпы шаруасы, іс-әрекеті, дастарқан мәзірі, қарияларды сынауы жұртқа ұнаса, ақ көңіл кешірімді кайнағалар оған өкпелемейді, тіпті жұрт көзінше қосымша атын өзі қайталап айтып, оған мәз болып күліп жүретіндер де кездеседі.

Қосымша аттардың ең көркемі, келістісі жас жеңгенің қайындары мен қайын сіңлілеріне арнап қойған аттары. Мәселен, қыздарға қойылатын «Еркежан», «Ажарлым», «Сәнім», «Қиғаш қас», «Қөзжақсым» немесе «Әнші қыз», «Биші қыз» сияқты сүйкімді аттар. Олар жас арулардың тек сыртқы көрік-келбетін ғана бейнелемей, олардың жан дүниесінің сыр-сымбаты мен мінез-құлқынан, кісілік қасиеттерінен де хабар беріп тұрғандай деуге болады.

Қазақ әйелдері қайындарына да ат қоюға шебер. Оның көбісі жағымды аттар. Мәселен, олар: «Ақ жігіт», «Мырза жігіт», «Шабандоз жігіт», «Сал жігіт», «Қербез жігіг» т. б. болып келеді. Қейде: «Бос белбеу жігіт», «Дөң жігіт», «Ұйқышыл бала» сияқты әзіл-ажуадан туған аттар да кездесіп қалады. Жалпы алғанда, кісіге жағымды ат қою деген сөз, оны бауырына тартып, ойымен дұрыс туыстық қарым-қатынас жасау, оған мейірім, жылылықпен қараудың тамаша көрінісі екені даусыз.

Ел мен ердің намысы.

Бұл ел-жұрттың ар-ұжданына қарасты, оны сақтай білудің, адамгершілік мінез-құлық пен іс-әрекеттің сәтті киылысқан ұлт психологиясының белгісі. Әсіресе, ұлттық намыс пен ұлттық мақтаныштың мәні зор. «Өзге елдің сұлтаны болғанша, өз еліңңің ұлтаны бол» деп халық намысы бар азаматтың туған елге қызмет етуін өнеге тұтады. Әр этнос іс-әрекетінде үлгілі істер, белгілі дас- түрге, әдет-ғұрыпқа, салт-санаға айналған өмір. заңды- лығы бар. Ал өмір заңын бұзу — қоғамның әрбір мүшесі үшін күнә, қылмыс, «жүгенсіздік» деп есептелінеді.

«Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деп, жұртымыз намысты ер халқы үшін жанын қиятынын мақтаныш еткен. Әрбір адам кісілікке жеткен соң, өз халқының намысын қорғай білуге міндетті. Егер кісі ел намысын қорғай алмаса, ол азаматтық беделден жұрдай болады. «Ерді намыс елтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақал содан қалған. Мәселен, ер азаматқа туған жерін қорғау, атамекенді қастерлеу, халқының атына кір келтірмей, ана тілін ардақтап, құрмет тұту, біреуге жалынышты, кіріптар болмау, әйел адамды құрметтей білу, үлкенді сыйлау т.б. ізгі қасиеттерді бойына сіңіру ер- азаматтың қастерлі қасиеті, абыройы мен ары. Әсіресе, ұлттық дәстүрге сәйкес инабатты, иманды, ілтипатты болу - ер жігіттің бұлжытпай орындайтын борышы.

 

3.2. Қонақжайлылық

 

Бұл - қазақ халқының әлеуметтік, географиялық, тұрмыстық жағдайына байланысты қалыптасқан қастерлі дәстүрі. Қонақ десе, қоң етін кесіп беретін қазақпыз. Қазақ күн болсын, түн болсын, есігіне құлып салмаған халық. Тәуліктің қай мезгілінде келгеніне қарамастан, көлденең келген көк аттыны жылы жүзбен қабылдап, төріне құрметпен отырғызып, дастарқан жайып, бар мәзірін алдына қойып, күту - халқымыздын санасына мықтап орнаған имандылық, қайырымдылық, әдептіліктің көрінісі, шынайы адамгершіліктің белгісі. Әрбір қазақ үйінде тамағының дамдісін, жылы-жұмсағын алдымен қонағына сақтайды. Майы мен құрты, ірімшігі мегі женті, соғымының мүшелері - сыбаға ретінде өзінің кадірменді қонағын күтіп, көп уақыт сактаулы тұрады. Өйткені, олар қонақ қүтіп, қонаққа баруды өмірдің биік мәртебесі деп түсінеді.

Қазақтар үшін сыйлы қонақтың бірі - «құдайы қонақ» екенін ерекше атап өтпесе болмайды. Ол жолаушылап келе жатқан, түскен үйіне ешбір туыстық не таныстық қатынасы жоқ бейсауат кісі. Дегенмен, құдайдың атын атап келген соң, мұндай қонақтарға да ерекше сый-сияпат білдіріп, қонақасы беру әрбір отбасының борышы «Құдайы қонақты» үйіне қондырмай жіберген адам бүкіл ауыл, ел-жұрт алдында «қара бет» атанып, беделінен айрылған

Қазақ халқы үйіне келген бөтен ұлт өкілдерін де тілін, дінін, әдет-ғұрпын білмесе де «кұдайы қонақ» ретінде қабылдап, күтіп жіберетін болған.

Халқымыз қонақты ілтипатпен қарсы алу, оны күту, құрметтеп шығарып салу дәстүрін ерекше қастерлеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде үйретіп, мұны отбасы тәрбиесінің басты бір саласы деп түсінген.

Келген қонақты қарсы алу, қонақасы беруде де үлкен мән бар. Үй адамдары қонақ күтуге әрдайым дайын отыруға тиіс. Ол үшін тәжірибелі адамдар үйде ас-дәм қорын жинап, тіпті соятын малын өріске жібермей, алып қалып отырған. Қонақ күткенде үй адамдарының көңіл күйінің де үлкен мәпі бар. Қонаққа дәмді аспен бірге жылы лебіз де керек. Қонақтарды құшақ жайып, қуана қарсы алып жағдай жасау үй адамдарының басты міндеті болған. Келген кісіні аттан түсіріп алу, атын байлау, сырт киімін шешкізіп ілу, төрге отырғызып, қолына су құйып, сүлгі ұсыну т. б. игі істерді отбасында негізінен жас балалар атқарған.

Ас-су ішіп болған соң қазақ аулында қонақтың көңілін көтеру үшін «қонақ кәдесін» жасайтын дәстүр бар. Ол, алдымен «ауылдың алты ауызынан» басталады. Күй тартылып, ән, өлең-жыр айтылады. Оған қонақтар да қатыстырылады. Қейде «қонақ кәде» бірте-бірте өнер сайысына айналады. Онда ауыл адамдары да, қонақтар да өнерін іркіп қалмайды. Өнерлі қонақты аттандырарда үй иесі өзінің шама-шарқына карай оған сый-сияпат, жол-жоралғы жасайды.

Қазақ салтында қонақтарға сусын беру, әсіресе шәй құю үйдің бойжеткеніне жүктеледі. Ол шай құюдың жөн-жосығын жас кезінен-ақ өзінің әжесінен, апа-жеңгелерінен үйреніп өседі. Дастарқан жайып, шәй құюға қажетті икемділік пен шеберлікке жастан баулынған бойжеткен шәй құйып отырғанда кесе-шәйнек орынсыз сылдырламауы, оларды қонақтарға ұсынуы әдептілікпен орындалуы керек. Самаурынның суын кесеге сызылтып құюдың орнына, шорылдатып құю не кесені қонаққа ұсынғанда жоғары ұстау, қыз тәрбиесінің кемшілігі болып есептеледі. Сондай-ақ, кеседегі шәйдің шамадан тыс қою не сұйық болуы, көлемінің аз не шамадан тыс толтыра құйылуының да өзіндік мәні бар.

Әдетте, шәйға қанған қонақтың «болдым, ішпеймін» деп берген белгісі түрліше болады. Қонақтардың біреуі кесенің бетін алақанымен жапса, екіншісі - кесені төңкереді, үшіншісі - кесені бір бүйірге жантайтып жығып қояды. Жөн-жосықты білетін бойжеткен осы жайтты жіті аңғарып, қонақтарына сыпайылықпен сөз тастап, тағы да шәй ішкізудің жолын қарастырады. Мұндағы әзіл-оспақ, ажуа, зілсіз күлкі қонақтарды көңілдендіре түседі.

Қазақ әйелдері қонақ күтуді өздері үшін қатал сын деп түсінген. Қонақ күтуге отбасында сол үйдің қарттарынан бастап, жас балаларына дейін түгел қатысып, өз үлестерін қосуға міндетті болған. Қонақтың ризашылықпен аттануын отбасының парызы деп түсінген.

 

3.3. Бауырмалдық

 

Қазақтың ұлттық психологиясына тән адамгершілік қасиеттің айрықша бір көрінісі. «Бала бауыр еттен жаралған» деп, қазақтың бауырмалшылдығы баланы әлпештеуден, баланын, ата-ананы құрметтеуінен байқалады. Ата текті жан-жақты жақсы білу - бауырмалшылдықтың негізі. Иманды адам ата текті ажырата білуді - «рушылдық» емес, қайта бауырмалшылдық деп есептейді. Бірақ өз руын ғана қастерлеу, қызмет бабында руласына ғана қамқорлық жасау - білімді, инабатты, зиялы адамға жараспайды. Қеңпейілді, адал ниетті, ақ жүректі, пәк көңілді қазақ халқының тумысындағы мінез-құлқына қарама-қайшы келетін, «бөліну», «бөлшектену» пиғылдарын уағыздайтыи адамдарда имандылық пен адамгершілік жағы жетіспей жатады. Ондайлар ел бірлігіне нұқсан келтіріп, кейде жекелеген руларды тіпті қайғы-қасіретке ұшыратуы да ықтимал.

Халқымыздың бауырмалдық секілді атам заманнан сүйегіне сіңген асыл қасиеті Құран-кәрім қағидаларымен де ұштасып жатады. Осы қасиетті кітап: ешбір адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы - халыққа дос, бауыр, дейді. Олай болса «Ақ, қарамыз, сарымыз - дос-бауырмыз бәріміз» деп халықты нәсілге, ру мен жүзге бөлмей, кішкентай кезден жас ұрпақты бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет. Жас ұрпақ әр кез «бауыр», «бауырым», «бауырластық» деген сөздердің мән-мағыналарын терең де жете түсінгені абзал. Өйткені, бауырмалдық халқымыз қастерлейтін құдіретті қасиет. Онсыз өмір жоқ, ол бар өмірдің тұздығы, жылуы мен куаты, сәні мен мәні.

 

3.4. Қайырымдылық

 

Бұл да халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Қазақтар «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» деп, қайырымдылық қасиеті жоқ адамның қадірі де болмайтынын бірден кесіп айтады.

Халық өз ұрпағына қайырымдыдықты ес біле бастағаннан үйретіп, тиісті талап қою, дағдыландыру арқылы оны тұрмыстық салтқа, адамгершілік дәстүрге енгізеді. Қайырымдылықты кей жағдайда кедей-кепшік, жарлы- жақыбайларға көмектесу, қайыр-садақа берумен де ұштастырады. Адам өміріндегі ең игі істің бірі - қаріп-қасерге қамқорлық жасау. Халықтың ежелден қалыптасқан игі дәстүрі қазіргі кезде «қайырымдылық» қоғамдарының іс-тәжірибелерімен жалғастырылып жатқаны белгілі. Үй ішінде үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлқенге көмегі, баланың ата-анаға, әке-шешенің балашағасына мейір-шапағаты, ер азаматтың елге қызмет өтуі қайырымдылықтың қайнар көзі мен түрлі көріністері. Халық «бір отбасында нешеу болсаң, бір-біріне қонақсың», «бір-біріңді сыйласаң, жан семіреді», деп қайырымдылық қасиетті ұрпақтарына өнеге етіп, қадір тұтып, қастерлеп келгенін еш уақытта естен шығармауымыз керек.

 

§ 4. Сәлемдесу рәсімдері

 

Ата-баба дәстүрінің келесі бір қастерлейтіні - дұрыстап сәлемдесе білу. Халқымыз осы рәсімге де ерекше мән берген. Расында да, қазіргі кезде де жөн-жосығы мен сәлемдесе білу - үлкен өнер, бұл - адамның кісілік қасиетін көрсетеді. Оның имандылығымыз бен ар-ұятымыздың бастауы екендігі хақ. Күн сайын біз қан шама адаммен жүздесеміз, қанша жұртпен тілдесіп, пікірлесеміз десеңізші! Өкінішке орай, қазіргі кейбір жастар, мектеп оқушылары мен студенттер халқының сәлемдесу рәсімін ұмытқан, не болмаса, білсе де білмегендей сыңай танытады. Тіпті, қысқаша аман-саулық түрін, кісіге қайырымдылық танытуды да кейбірі қажет деп санамайды. Амандасу да, қайырымдылық та кісіге қаншама қуаныш, күш-жігер беретінін, бұлардан адамның кісілігі, иманжүзділігі және инабаттылығы мен тәрбиелілігі көрініп тұратынын жастар ескере бермейді.

Халқымыз кун сайың бір-бірімен көрісіп, сәлемдескенде «Мал-жаныңыз аман ба?» деседі. Осы салт қазірде қала тұрмысында қалыңқырап, қолданыстан шығып бара жатқанымен, ел арасында әлі күнге дейін сақталған, сақталуы да қажет. Өйткені, мал-жан амандығын сұрасу қазақ этносының негізгі тыныс-тіршілігінен туындаған психологиялық астары бар мәселе. Халқымыз аман-саулық сұрағанда, бірінші орынға мал амандығын қойғанын жәй сөз тіркесі деп қарамау керек. Жаң амандығы тікелей мал басының амандығына қатысты екенін көшпелі халық ғасырлар бойы өзінің өмір сүру тәжірибесінен жақсы білген. Мінсе - көлік, ішсе тамак, кисе - киім, баспана болған малды қазақ қатты қадірлеп, оған бас інген. Қазақ түсінігінде тұрмыс басы - мал, онсыз өмір жоқ. Дала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде өзге табыс көздері: егіншілік, аңшылық, зергерлік, ұсталық, шаруашылықтың басқа түрлері мал шаруашылығының жағдайынан төмен болған. Сөйтіп, алдымен мал амандығын сұрасу экономикалық қажеттіліктен туған ұғым. Халық тіршіліктің, өмір сүрудің негізгі арқауы материалдық игіліктер екенін, адамды сана емес, алдымен тұрмысы, экономикасы билейтінін жақсы ұққан.       

Күні бүгінге дейін ауыл сыртында әңгіме-дүкен құрып отырған қарияларға өз шаруасымен кетіп бара жатқан адамдар аттан түсіп, арнайы сәлем береді. Кешеде жасы үлкен кісі кездессе, оны таныса, танымаса да амандасады, олармен тілдеседі. Бұл адамның кісілік-міндеті. Егер адам ұзақ жолдан оралса, не тіпті өзі танымайтын ауылға келсе де, ізетпен сол елдің инабатты қарияларына сәлем беріп шығуы салтымызда бар.

Халқымыздың сәлемдесу рәсімі ұлы жазушы Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлкесінде» тамаша суреттелгені белгілі. Жазушы қазақ дәстүрінде сәлемдесу тек аман-саулық сұрасу ғана емес, бұл ел ішінде, ағайын-жегжат арасында татулық орнату, жұрт бір-бірімен қырғи-қабақ болмай, ауыл-аймақты біріктіру мақсатын көздейтіндігіне ерекше мән береді. Ол ақ сақалды атаны, ақ шашты әжені құрметтеу, жалпы өзінен үлкенге сәлем беру, алдынан кесе өтпеу - жас ұрпақтың қастерлі парызы дейді. Мәселен, осындай рәсімде адамға деген қаншама жылылық, мейірім мен шуақ, қамқорлық пен жарастық бар. Мысалы, «Ассалаумағалайкум» (араб сөзі сізге тыныштық тілеймін деген мағынада) деген сәлеміңізге үлкен кісі «Уағаләйкумассалам» («сізге де бейбітшілік болсын!») деп жауап қайтарып, одан соң. «Шырак, аман-есен жүрсің бе, күйлі-куаттысың ба?» - деп, әрмен қарай: «Құдайға шүкір, балам, тәңірінің берген рызығын теріп жеп жатырмыз» - дегендей талай жылы сөз айтады ғой. Ал әжелерге: «Сәлем бердік, әже, армысыз, үй іші, бала-шағаңыз, немере-шөберелеріңіз аман-ерен бе?» десек, ол: «Тәңірге тәубе, барлығы да күйлі- қуатты, аман-есен» - деп бәйек болып қалады. Егер сен сәлемдеспей өте шықсаң, олар өзін елеусіз адамдай сезініп, көңіліне алып, қамығады. Қазақта: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп сәлем береді», - деген де аталы сөз бар. Мұндайда жасы үлкен кісі келген адамнан ат-көлік, ел-жұрт амандығын сұрасып, жасының үлкендігін бұлдамай, өзінің кішіпейілдігін көрсетеді. Кішіпейіл болғаннан, кішірейіп кетпейсің дегендей мұның да үлкен тәрбиелік мәні бар. Қазақта сәлемдесудің түрі көп. Олар әйел мен ер адамға, жас пен кәріге түрліше беріледі. Олардың кейбірі «аман-есенсіз бе», «ат-көлігіңіз аман-есе келдіңіз бе», «балашаға аман ба», кей жерде «қайырлы таң» - деген секілді тағы басқалар.

Әр халықта сәлемдесу салты да әр түрлі. Мәселен, жапондар амандасқанда үш рет тәжім етсе, тибеттіктер оң қолымен бас киімін шешіп, сол, қолын құлағының астынан ұстайды, ал үнділер екі алақанды біріктіріп, маңдайға тигізіп бас иеді екен. Біздің оңтүстік қазақтары оң қолымен төсін басып (жүрек тұсы) сәлемдессе, енді бір жақтың адамдары қолдасып, құшақтасып көріседі. Осылардың бәрі-бәрінде де кісілердің бір-біріне деген ізгі тілегі мен ізет-ілтипаты, иманжүзділігі мен мейірбандығы жатыр.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-10-16 18:04:22     Қаралды-14039

МИНЕРАЛДЫ СУ: ТЕРІГЕ ПАЙДАСЫ

...

Сіз минералды судың сұлулық пен жас тері үшін күресте бірегей құрал екенін білесіз бе?

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДОЙБЫ ТАРИХЫНАН

...

Дойбы ойынының да тарихы өте ертеден басталатын өнер өнер беуге толық дәлел бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ИМРЕССИОНИСТЕР

...

Өткен ғасырдың екінші жартысында Францияда қаулап бір топ жас суретшілер шықты. Олар бұрын-соңды көрмегенді істеп, өз шығармаларын шеберханада емес, өзен жағасында, далада, орман ішінде, шалындықта ашық аспан астында тұрып салатын әдет шығарды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰЗ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

...

Жер бетінде су және оның қатты көрінісі - мұз, бірақ әлі де бұл нәрсені жұмбақ табу қиын.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АДАМНЫҢ СЕЗІМ МҮШЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ФАКТІЛЕР

...

Біз қоршаған әлем туралы ақпаратты сезім мүшелері арқылы қамтамасыз ететін көптеген арналар арқылы аламыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МИНИАТЮРА ҚАЙ КЕЗДЕ КЕЗДЕСЕДІ?

...

Ескі қолжазба кітаптардың беттерінде айтылып отырған оқиғаны бейнелейтін суреттер кездеседі. Ондай суреттерді миниатюра деп атайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »