UF

ӘБУРАЙХАН БИРУНИ

Бируни және оның заманы

 

Туысқан өзбек халқының данышпан перзенті - астроном, математик, географ, геолог, философ, филолог, тарихшы және этнограф, дәрігер және ақын Әбурайхан Мұхаммед ибн Ахмед Бируни 973-жылы 4 қазанда ежелгі Хорезмнің астанасы болған Қият қаласының іргесіндегі ауылдардың бірінде туған. Қазір Қияттың орнында Шаббаз қаласы бар, ол Қарақалпақ автономиялы республикасына қарайтын ауданның орталығы. Бируни туралы әңгімелер мен аңыздар, мың жыл өткеніне қарамастан, Шаббаз төңірегіндегі ауылдарда осы күнге дейін сақталған.

Қият кейбір тарихи документтерде Хорезм қаласы деп те айтылады. Ол Отырар мен Сауран сияқты Орта Азияның Қазақстан даласына қараған «терезелерінің» бірі еді.

Ерте кезде Қият ірі мәдениет орталығы болған, онда өз заманына сай мектептер мен кітапхана жұмыс істеген.

Хорезмдіктер Қазақстан қыпшақтарымен, Волга булгарларымен, Сібір, Қытай, Үндістан елдерімен қарым-қатынастар жасап тұрған, шет жерлерде жұлдыздар бойынша жол таба білген. «Қара қыпшақ Қобыланды батыр» дастанында айтылатын батыр Сайымұлы Қараман осы Қияттан шыққан делінеді. Қияттықтар мен қыпшақтардың ертедегі достық қарым-қатынастары Қараманның Қобыландыға айтқан:

«Жылы бірге - жылдасым,

Мұңы бірге - мұңдасым,

Сыры бірге - сырласым,

Жасы бірге - құрдасым»

деген сөздерінен де аңғарылады.

Ғылыми еңбектеріне қарағанда Бирунидің да ежелгі Қазақстанның жерлерін жақсы білгендігі көрінеді. Ол өзінің «Ел қоныстанған жерлердің шекараларын баяндау және олардың ара қашықтықтарын анықтау» деген кітабында Арал, Каспий теңіздерін, Сырдария өзенін, Отырар, Сауран қалаларын тағы басқа жерлерді айтады, өзі жасаған географиялық картасында «Орыс жерін», «Славян жерін», «Варяг жерін», «Түркі тайпаларын» көрсетеді.

Әбурайхан ибн Ахмед - еңбекші халыктың бел баласы, өмір тепкісін көп көрген дәулетсіз адамдардың жұрағаты. «Бируни» оның нақты фамилиясы емес, ныспысы, ел ішіне таралған лақап аты. Ежелгі хорезм тілінде «бирун» - «қала сыртындағы ауыл» деген сөз. Бұл сөз арқылы ғалым өзінің атақсыз атадан, елеусіз жерден, тобыфлар арасынан шыққанын көрсеткен. Ғалымның әкесі - Ахмед, өз аты - Мұхаммед, Әбурайхан - қосалқы аты. Арабша «Әбу» - «әкесі» деген сөз. Сонда «Әбурайхан» - Райханның әкесі. Демек, Бирунидің Райхан деген баласы болған. Ертеде Шығыс елдерінде адамды «пәленнің әкесі» деп те айтқан. Мұндай, баласы арқылы айтылғап есімді күния дейді. Әуелде күния болғанымен, кейінгі кезде Әбурайхан ғалымның нақты өз есімі ретінде қолданылып кеткен. Күния құрметті немесе жасы үлкен адамның атын атамау салтынан шыққан.

Бируни ата-анадан жастай жетім қалып, балалық шағын жоқшылықта өткізген. Бақытсыздық пен жетімдік шырмауымда өткен өкінішті өмірін ол мына бір өлеңінде аңғартқан:

«Тегімді менің сұрама,

Атама сәлем бергем жок.

Ол түгіл туған әкемді

Өз көзіммен көргем жоқ».

Жасынан ақылды және дарынды болып өскен Бируни ауыл арасындағы хат білетіндерден үйренігі сауатын ашады да, өз бетімен Хорезмидің, Фарабидін, Жауһаридің, Қараджидің, Ферғанидің тағы басқа білімпаздардың кітаптарын оқиды. Ескілікті аңыздар мен жырларды, нақыл сөздерді ықыласпен тыңдап, ойына түйе береді. Керуеншілерге «бақыршы бала» болып ілесіп, Орта Азия мен солтүстік Иранның әр түрлі қалаларына барады. Осылайша жүріп білімін көтереді, өмір соқпақтарын көреді. Кейінірек Әбунасыр Мансұр нбн Ирак (1020 жылы шамасында өлген) деген ғалыммен кездесіп, екі жылдай содан оқиды. Әбунасыр белгілі грек ғалымы Менелайдың еңбектерін араб тіліне аударған математик болатын.

Оқып, көңіліне тоқығаны көп Бируни жиырма жасында көрнекті ғалым болып қалыптасады. Өз бетімен ғылыми кітаптар жаза бастайды. Дін мәселелері жөнінде ол қарматтар жағында болады. Қарматтар - сырттай ислам дінінің ережелерін қабылдап, іс жүзінде оған қарсы шыққан адамдар, бұлардың көпшілігі шаруалар мен құлдар еді. IX ғасырдың екінші жартысы мен X ғасырдың алғашқы жартысында қарматтар ағымы Орта Азия мен Иранның әлеуметтік өмірінен елеулі орын алған еді.

Ішінара болса да «дінсіздерді» қолдағандығы сезіліп қалғандықтан, Бируни Хорезмде тұра алмайды. Ол 995 жылы өз елінен кетуге мәжбүр болып, өмірінің ұзақ жылдарын шетте өткізеді.

Туған жерінен қуылған ғалым Бируни Каспий теңізінің оңтүстік жағалауындағы қалаларға келеді. Кәбус ибн Уәшімгір (976-1012) деген әкімнің қол астында қызмет істейді. Осында жүргенде, 1000-жылы, 27 жасында «Өткен буындардың ескерткіштері» атты өшпес еңбегін жазады.

Бируни Кәбус сарайында да көп паналай алмайды, одан кетіп Рей қаласында тұрады. 1010-жылы Хорезм мемлекетінің жаңа астанасы Үргенішке (бұл қала қазір Қөне Үргеніш деп аталады, оны 1221-жылы монголдар қиратып кеткен) келеді. Үргеніште Бируниді Хорезмнің әкімі Мамун ибн Мамуи қызметке алады.

Мамун Үргенішке белгілі ғалымдарды жинаған болатын. Бұл ғалымдардың коллективі өз заманының академиясы сияқты еді. Осы коллективті баскару Бируниге тапсырылады. Бируни Мамунның сарапшыларының бірі болады. Мұнда Әбу Әли ибн Сина, Әбусахиль Мәссих, Әбілхасан ибн әл-Хұммар, ибн Мүскәуайх және Бирунидің жоғарыда айтылған ұстазы Әбунасыр ибн Ирак қызмет істейді.

Алайда ғалым Бируни Үргеніште жемісті еңбек ете алмайды, ғылыммен шұғылдануға мүмкіншілігі болмайды. Оған саясат мәселелерімен айналысуға тура келеді. Бүкіл Хорезм мемлекетіне төнген соғыс каупі, корғаныстың саяси және дипломатиялық жұмыстары Бирунидің басқаруын талап етеді. Бұл қауіп - Ғазна сұлтанының шойын шоқпары еді. Бируни мен Мамунның жүргізген байсалды саясаты Ғазна шапқыншылығын он жылдай кейінге қалдырады.

Бирунидің өміріне тікелей қатынасы болғандықтан, ғазнауилардың шапқыншылығына тоқталып өтейік.

Ауғанстанда, Кәбіл мен Қандағар қалаларының аралығында Ғазна деген көл мен өзен бар. Осы өзеннің жағасына X ғасырда қала салынып, Ғазна қаласы деп аталған. Ауғанстан мен Иранды билеген түркі сұлтандары Ғазнаны өздерінің астанасы еткен, мемлекетін Ғазна мемлекеті деп атаған. Тарихта Ғазна сұлтандарын ғазнауилар дейді. Бұлар 962-1044 жылдар аралығында дәурен сүрген.

Ғазна мемлекетін біріктірген Орта Азиядан шыққан түркі Алыптегін деген адам. Ол әуелде Хорасан әкімінің бәндесі - құл базарынан сатып алып, нөкерлеріне қосқан әскері болатын. Бертін барымталарда көзге түсіп, сипасалар-нөкербасы қызметіне жоғарылатылады. 961-жылы әкім Әбділ-Мәлік өлгеннен кейін өкімет билігі Алыптегіннің қолына көшеді. Ол 962-жылы Ғазнаны басып алып, Иранды Ауғанстанға қосып, өзін Ғазнаның сұлтаны деп жариялайды. Алыптегіннен кейін оның саясатын Сәбіктегін (977-997) жүргізеді. Бұл да әуелде бәнде түркі еді. Сәбіктегін Орта Азияныд оңтүстік аудандарын басып алады. Ғазнаның күшейген заманы - Сәбіктегіннің баласы Махмұд сұлтанның (998-1030) тұсы. Хорезмнің тынышын алған осы Махмұд болатын.

Махмұд айлакер, соғысқұмар, қанішер болған. Діндарсып, мұсылманшылықты желек еткен. Мешіт пен медрессе салдырып, оларды алтынмен әшекейлеткен. Ғазнаны сырлы дуалдармен қоршатып, сыртынан ор қаздырып, бекініске айналдырған. «Қобыланды батырда» айтылатын «Қазанның сырлы қаласы» осы Ғазна болуға тиіс.

Махмұд дінді нығайтуды сылтау етіп, көрші елдерге көптеген қанды жорықтар жасайды, оларды «ғазауат» - «дін үшін соғыс» деп жариялайды. Орта Азияға бес-алты рет келіп, қияттықтар мен көшпелі қыпшақтарды шауып кетеді, ал іргесіндегі Үндістанның оңтүстік-батыс облыстарына 17 рет ойран салады. Махмұд бұл елдердің жерін басып алмайды, мал-мүліктерін, асыл бұйымдарын тонап алады, адамдарын айдап әкетіп, құлдыққа сатқызып отырады. XI ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы Гардизидің келтірген бір мағлұматы бойынша Махмұд 1018 жылы Үндістанның Қанауджа облысынан 350 піл, 53 мың құл, жалпы құны 20 миллион дирхем алтын мен күміс алып қайтқан (дирхем - күміс ақша, алтын есебімен 25 тиын). Ғазнаның мешітіндегі алтындар осылай жиналған. Бағдат халифы Қадыр Махмұдқа «ямин әд-дәула уә әмин әл-миллә» - «мемлекеттің оң қолы, діни қауымның сенген адамы» деген атақ береді. Әрине, «ол-жадан» халифқа да «сыбаға» жіберіліп тұрғандығында сөз жок.

Ғазнауилардың жорықтары көптеген халықтардың тарихында өзінің қанды іздерін қалдырған, әр түрлі ертегілер мен аңыздар тудырған. Осылардың біреуін келтірейік.

«Бір күні Махмұд сұлтан өзінің Қожа Хасан деген уәзірімен ит жүгіртіп, құс салып келе жатады. Олар шықылықтап отырған екі үкіні көреді. Сұлтан уәзірінен: «Бұлар не деп отыр?» - деп сұрайды. Сонда уәзір былай дейді: «Үкінің бірінің үлы, екіншісінің қызы бар екен. Сол жөнінде сөйлесіп отыр, құда болмақшы. Қызы бар үкі қалың малға түтіні сөніп, шаңырағы ортасына түскен он мың үй сұрады. Ұлы бар үкі қуанып қалды, ол: «ой, тәйір-ай, сол ма, Махмұд сұлтан аман болса, он мың түгіл жүз мың шаңырақ ортасына түсіп, адыра қалар» деді, содан кейін бата қылысып, қол алысты». «Әд-дәуланың» сиқы шынында да осындай еді.

Махмұд Хорезмді соғыссыз қаратып алуды көздейді. Осы мақсатпен ол 1007 жылы Мамунның ағасы Әлиге қарындасын береді, 1015 жылы Мамунның өзіне қызын береді. Алайда Мамун Хорезмнің тәуелсіздігін жойғысы келмейді. Оған Бирунидің айтарлықтай ықпалы болады. Осы кезде тахқа таласқан шонжарлар Мамунды өлтіреді. «Күйеу баламды өлтірді» деген сылтаумен Махмұд бүкіл Хорезмді астан-кестен етеді. Бірақ көзі тірісінде Мамун өз сарайындағы ғалымдарға былай деген екен: «Махмұд сендерді Ғазнаға жібер деп жатыр, Менде оның жарлығын өзгертерлік дәрмен қалмады. Өз қолымнан сендерді ұстап бергім келмейді. Сондықтан Ғазнаға баруды қаламайтындарың өз жолдарыңды табыңдар». Ибн Сина, Мәссих тағы басқалар Хорезмнен қашып, ел кезіп кетеді. Кейін Махмұд Ибн Синаны 15 жыл іздетеді, бірақ қолына түсіре алмайды. Хорезмнен кетпеген Бируни, әл-Хұммар, ибн Ирак қолға түседі. Бұларды Махмұдтың жендеттері тұтқындап, Ғазнаға айдап әкетеді. Бирунидің қалған өмірі негізінен алғанда осы Ғазнада өтеді.

Газнаға тұтқындап әкелгенімен, Бируниді өлтіруге немесе құлдыққа сатқызуға Махмұдтың батылы бармайды, тек алты ай түрмеде отырғызып шығарады. Ғалымды қолдаушылар көп болады. Екінші жағынан Махмуд Бируниді өз мақсатына пайдалануды көздейді.

Алтынмен аптатып, күміспен күптетіп мешіт салдырған, Үндістаннан Кавказға, Арал теңізінен Үңді мұхитына дейінгі жерлерді қанға бояған сұлтан өзінің зұлымдықтарын дәріптейтін, оны келешек ұрпақтарға «үлгі» етіп тарихта қалдыратын кітаптар жаздыруды ойлайды. Ал Махмұдты сарайындағы ақын Үнсури мен тарихшы Утбидің жазғандары қанағаттандырмайды. Бұл үшін Махмұд данышпан ақып Әбілқасым Фердаусиді шақыртып алып, «патшаға лайықты» кітап жазуды тапсырады. Дүние жүзіне әйгілі «Шаһнама» дастаны осылай туады. Бірақ онда ертедегі батырлардың ерліктері, ескілікті аңыздар, достық пен махаббат, әділеттік пен адамгершілік жырланады, Махмұдты мадақтайтын бір ауыз да шіең болмайды. «Шаһнаманы» баяндау бұл мақаланың мақсаты емес. Ол жөнінде айта кетерлік қысқаша мағлұматтар төмендегідей. Парсыша «шаһ» - «патша», «нәма» - «кітап». Шығарманың аты «Патшалар кітабы» болады. Онда ежелгі Иран мен Тұранның көптеген патшалары мен батырлары айтылады. Көлем жағынан алғанда Фердаусидің дастанын «кітаптар, патшасы» деуге де болады, ол 135 мың жолдық өлеңнен құралған. Фердаусиге дейін мұндай үлкен дастан жазған ақын тарихта болған емес. Ақын өшпес кітабын 30 жыл жазып, Махмұдқа ұсынған. «Шаһнамаға» көңілі толмаған сұлтан, авторды мазақ етіп, болмашы «сыйлық» жіберген. Фердауси «сыйлықтан» бас тартқан. Оған ашуланған Махмұд ақынды асау пілге тепкілетіп өлтірмек болған. Фердауси қартайған шағында бірнеше жыл қашып жүріп, өз ауылында өлген. Көпшіліктің зиратына көмуге рұқсат етілмегендіктен, оның денесі өз бақшасында жерленген.

Махмұдтың үмітін Бируни де ақтамайды, ол да сұлтанды мақтайтын кітап жазбайды. Мүмкіндігі болған кезде өзінің ғылымымен шұғылдана береді. Тұрмысы нашарлап, мұқтаждық құрсауына түскен ғалымды дүниеге қызықтырып өзіне жақындатып алмақшы болған Махмұд Бируни үшін пілге артып, алтын мен күмістен сыйлық жібереді. Бірақ Бируни сыйлықты алмайды. Ол былай деп жазады: «Күмістің кететінін, ғылымның қалатынын жұрттың бәрі біледі. Мен ақыл парасатынан тая алмаймын, аз күндік, алдамыш жылтыр тасқа даңғыл жолынан аумайтын мәңгілік білімімді ешқашан да сата алмаймын».

Хорезмнің халқын қойдай қырып, қозыдай шулатқан, қыздары мен жігіттерін Дербенттің базарында 3 дирхемнен сатқызған, өзін Ғазнаға еріксіз айдап әкелген зұлым Махмұдтың қанды қолынан Бируни сияқты ұлы ғалым сыйлық алуға тиіс емес еді. Ондай сыйлықты алу - Отанын сату, Отанына опасыздық етумен бірдей болатын.

Бируниді айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе алмаған сұлтан қатты ызаланады. Ақыры бір күні оны биік үйдің төбесінен лақтыртып өлтіруге әмір етеді. Бірақ үй төбесінен құлағанда Бируни тірі қалады да, тек қана шынашағының буыны шығып кетеді, өйткені жақсы ниеттегі, тілеулес адамдар оның түсетін жеріне дереу жас шөп, мақта, көрпе-жастық үйіп тастайды. Уәзірлер сұлтанға: «Ажалы жоқ екен, Бируни тірі қалды, бірақ мертікті» деп барады. Осыдан кейін «тағдыр», «ажал» дегендерге қатты сенетін топас Махмұдтың амалы таусылады.

Бируни ғазнауилардың қолында 30 жыл болады. Ол еліне барса, қалған халықты ұйымдастырып бүлік шығарады деген қауіппен Хорезмге қайтарылмайды, жер аударылған адам есебінде ұсталады. Сұлтаннан рұқсат алып, бес-алты жыл Үндістанда тұрады. Ғазнаның тыңшылары оны әрдайым бақылап, аңдып жүреді. Академик В. В. Бартольдтің келтірген бір дерегіне қарағанда Махмұд өзінің туған баласы Масғұтты да тыңшыларға аңдытып қойған. Масғұт анда-санда Бирунимен әңгімелесіп, оның әр түрлі мәселелер жөніндегі пікірлерін біліп отырады екен.

Айдалуда болса да, Бирунидің Ғазнада және Үндістанда тұрған жылдары жемісті болады. Ол осы кезде көптеген ғылыми еңбектер жазып тастайды. Ғалым елуге келгенде Үндістанның ғылыми және әдеби тілі болған санскрит тілін үйренеді (оған дейін хорезм, парсы, араб, еврей, грек тілдерін білген). Үнді ғалымдары Бируниге зор құрмет көрсетіп, құшақ жая қарсы алады. Бұған бір жағынан Бирунидің жеке басының адамгершілігі себеп болса, екінші жағынан Ғазнаның тұтқыны екендігі себеп болады. Махмұд үнділерді жыл сайын шауып, олардың да титығына жеткен болатын, сондықтан оның жәбірлеген адамдары үнділердің мұңдасы болып есептелетін.

Үндістан - мәдениеті өте ерте заманда басталған ел. Оның өз тұсында озық ғылымы, әсіресе астрономиясы мен математикасы болатын. Ежелгі Үндістанның Ариабхатта, Варахамихира, Павлис, Брамагупта және тағы басқа да ғалымдары математика мен астрономияда өздерінің өшпес іздерін қалдырған. Қазіргі қолданылып жүрген цифрлар мен шахмат ойынын үнділер шығарған. Бируни үнді ғылымының үздік табыстарын меңгереді, халқының тарихын, әдет-ғұрыптарын, календарын зерттейді. Мұның нәтижесінде «Үндістан» атты әйгілі кітап жазады. Орта Азияның, араб елдерінің, Европаның ғалымдары үнді мәдениетінің табыстарымен Бируни еңбектері арқылы танысады. Екінші жағынан Бируни үнді ғалымдарын гректер мен арабтардың ғылымымен қаруландырады: ол Евклидтің «Негіздерін», Птолемейдің «Альмагестін» және өзінің астролябия жөніндегі кітабын санскрит тіліне аударып береді. Соның арқасында үнділер геометрия мен астрономияның дүние жүзілік кең жолына шығады.

Кейбір буржуазиялық оқымыстылар (А. Мюллер, С. Броккельман, А. Крымский т. б.) Махмұдты дәріптеп, Фердауси мен Бирунидің тарихи ролін төмендетуге тырысады. Олардың баяндауынша, Махмұд сауатты болған, араб және парсы тілдерін білген, «ислам қылышын шапқан», төңірегіне ақындар мен ғалымдарды жинаған тәуір адам. Махмұд Фердаусиге Тұран батырларын дәрменсіз етіп көрсетіп, Иран батырларын асыра жырлағандығы үшін наразы болған-мыс. Бұлай баяндау тарихи шындықты бұрмалау болып табылады. Махмұд сұлтан ешуақытта Тұран елінің намысын жыртқан емес, қайта оны қанға бояған. Өзінің ана тілі - ескі түркі тілін де ұмытқан. Ол Бируниді Ғазнаға қамқорлық жасап, «ғылыми зерттеулер жүргізуіне жағдай туғызу үшін» айдап апарған жоқ. Бируни Үндістанда тұрғанда Махмұдтың «барлаушысы немесе тыңшысы» болған жоқ. Бұлардың бәрі сандырақ. Фердауси мен Бирунидің өз заманының ұлы азаматтары болғандығын, ал Махмұдтың хан тағына мінген қарақшы екендігін тарихи документтер, әсіресе иран тарихшысы Әбілфазыл Бейхаки (1077 жылы өлген) мен XIII ғасырдың басында өмір сүрген араб саяхатшысы Яқут Хомавидің еңбектері толық дәлелдейді. Бейхаки Масғұт сұлтанның хатшысы болған, ол ғазнауилар жайында 30 кітап жазып қалдырған.

1030 жылы Махмұд өледі. Ол орнына баласы Масғұтты қалдырмай, өзі сияқты бір жексұрынды тағайындап кетеді. Одан тахты Масғұт тартып алады. Масғұт тұсында Бирунидің тұрмысы едәуір жақсарып, еңсесі көтеріледі. Ол 1034 жылы Хорезмдегі еліне келіп қайтады. Масғұттың көрсеткен қамқорлығына жауап ретінде ғалым «Масғұт таблицалары» атты көлемді еңбек жазып шығарады. Алайда Масғұт он-ақ жыл сұлтан болады, оны 1041 жылы өзінің інісі өлтіреді. Осы қарбалас кезінде Түрікменстанды мекендеген шапқыншылар - сәлжүк түріктері Ғазна әскерлерін талқандап, Үндістаннан Орта Шығысқа дейінгі елдерді басып алады. Сәлжүктердің ұлан-байтақ мемлекеті құрылады, Ғазна мемлекеті 1044 жылдан бастап Азияның саяси картасынан сызылып қалады. Ғазна қаласы тұрған Сүлеймен тауларының бөктерлері сәлжуктерге бағынған ұсақ облыстардың біріне айналады. 1048 жылғы 13 Декабрьде, Масғұттың баласы Маудуттың сарайында, данышпан ғалым және ойшыл Әбурайхан Бируни дүние салады. Оның сүйегі сол Ғазна қаласында зор құрметпен жерленеді.

 

Бирунидің ғылыми еңбектері

 

Бирунидің ғылыми мұрасы ұшан-теңіз. Олардың бір-сыпырасы бізге жетпеген, ал сақталып қалған шығармаларының көпшілігі жиналып жарияланбаған. Ғылымның Бируни қарастырған салаларын тізіп шығудан гөрі оның назарынан тыс қалған бірен-саран мәселелерді айту оңайырақ боларі еді. Қаламынан 150 кітап туған қайраткердің еңбектерін бір мақалада баяндап шығу мумкін емес. Сондықтан оның шығармаларын қысқаша ғана шолып өтеміз.

Бируни еңбектерінің дені астрономияға арналған, ғалым бұл саладан 45 кітап жазған: «Кометалар», «Айфазаларын зерттеу», «Жыл мезгілдері мен ауа райының байланысы», «Ферғанидің астрономиялық зерттеулері», «Евклидтің еңбектері жөніндегі ескертпелер», «Хорезмидің астрономиялық еңбектері», «Птолемей астрономнясына ескертпелер», «Аристотель мен Галеннің еңбектеріндегі алғашқы қозғалыс туралы», «Астрономияның негізгі қағидаларын талдау кітабы», «Масғұт таблицалары» тағы басқалар.

«Астрономияның негізгі қағидаларын талдау кітабы» «Китаб әл-Тафхим әл-әуаил санаат әт-Тәнджим» - ғалымның ірі еңбектерінің бірі, автор оны Ғазнада, 1029-1034-жылдары жазған. Айдауда жүріп, елін сағынған ғалым «Талдау кітабын» өзінің Хорезмде қалған Хасан деген досының Райхан атты қызына арнаған. Түпнұсқасы парсы тілінде жазылған, көлемі 10 баспа табақ. Кітап мынадай 4 бөлімнен құралған: астрономия (140 параграф), астролябия (22 параграф), геометрия (71 параграф), арифметика (47 параграф). Түпнұсқаның 1239-жылы көшірілген арабша аудармасы Өзбекстан Ғылым академиясының Шығыс қолжазбалары институтында сақтаулы. Оның бір варианты 1934-жылы арабша және ағылшын тіліне аударылып, Лондонда жарияланған.

Қысқаша «Масғұт кестелері» делінетін кітаптың толық аты: «Әл-канон әл-Масғұди фил-хайа уәл-нұджум». Ол 1030-жылы жазылып аяқталған, 11 бөлімнен құралады. Бірінші бөлімде белгілі халықтардың календарьларындағы күндер, айлар және жылдар айтылады, екінші бөлімде әр түрлі халықтардың жыл санау жүйелері мен дүние жүзілік тарихи оқиғалардың ежелгі заманнан бастап 1030 жылға дейінгі хронологиялық көрсеткіштері келтіріледі, үшінші бөлімінде - тригонометрияның негіздері, одан кейінгі бөлімдерде астрономия мәселелері баяндалады. «Таблицалардың» қолжазбалары Берлиннің, Лондонның, Оксфордтың, Делидің кітапханаларында сақталған. Ғылым академиясының Шығысты зерттеу институтында Берлин кітапханасындағы араб тіліндегі нұсқадан түсірілген фотографиялық көшірмесі бар. Кітаптың әр түрлі үзінділері 1927-жылы Германияда неміс тілінде, 1937 жылы Үндістанда араб тілінде басылған, ал 1954-1956 жылдары толық түрде, араб және ағылшын тілдерінде, тиісті түсініктер беріліп, «Масғұт канондары» деген атпен Үндістанның Хайдарабад қаласында үш том болып жарияланған.

Бирунидің түсіндіруінше жұлдыздар сансыз көп, бірақ олардың көпшілігі бізге көрінбейді. Жай көзге көрінетін 1017 жұлдыз бар, жарықтығына қарай олар алты класқа бөлінеді. Бірінші класқа жататын ең жарық жұлдыздардың саны - 15, одан гөрі көмескілеу екінші кластың жұлдыздары - 45, үшінші класта - 207, төртінші класта - 475, бесінші класта - 218, алтыншы класта - 57. Бұлардын, аспан күмбезіндегі орындары мен туатын уақыттары көрсетілген. Бірінші класқа жататын жұлдыздар: Әлдебаран, Бетельгейзе, Сүмбіле, Арктур тағы басқалар. Жұлдыздарды бұлай баяндағанда Бируни ежелгі грек астрономдары Гиппарх пен Птолемейдің еңбектеріне сүйенген.

Астрономияда ғасырлар бойы шешілмей келген зор талас тудырған мәселе - Жер мен Куннің қозғалысы. Пифагордың шәкірттері Күн орталықта болады, оны Жер айналып жүреді деп түсіндірген. Бұл теорияны гелиоцентризм дейді. Птолемей ілімі бойынша орталықта Жер тұрады, Күн Жерді айналып жүреді. Соңғы теория геоцентризм деп аталады. Гелиоцентризмді Брамагуп та қолдаған. Дін кітаптарында (інжіл, құран т.б.) геоцентризм орын алған. Бируни діни түсініктерден бастартып, гелиоцентризмді жақтайды, Күнді Жер айналып жүреді деп үйретеді. Бұл теорияның дұрыстығын Бируниден 500 жыл кейін поляк астрономы Николай Коперник (1473-1543) дәлелдеді.

Аспан экваторы мен Күннің аспан күмбезіндегі бізге көрінетін жылдық қозғалысының жолы арқылы (қозғалып тұрған Жер шарында өзіміз тұрғандықтан, бізге Күн қозғалатын сияқты болады) екі жазықтық жүргізілген екен деп ұйғарайық. Бұл жазықтықтардың арасында бір бұрыш пайда болады. Оны астрономия тілінде эклиптиканың еңкеюі деп атайды. Эклиптиканың еңкеюі аса маңызды роль атқарады: жылдың басы мен ақыры, жыл мезгілдерінің шекаралары, басқа да бір талай астрономиялық шамалар сол арқылы анықталады. Гиппарх пен Птолемейдің есептеп шығаруы бойынша еңкею бұрышы 23 градус 51 минут, араб астрономдарының есебінше 23 градус 35 минут болған. Мұны Орта Азия астрономдары да зерттеген: Хорезмише 23 градус 51 минут, Ферғаниша 23 градус 35 минут, Ходжендише 23 градус 32 минут. Бируни эклиптиканың еңкеюін 20 жыл бойы зерттеген. Ол 995, 1010, 1016-жылдары Қият қаласында және 1017 жылы Ғазнада өлшеу жұмыстарын жүргізіп, айтылып отырған бұрыштың 23 градус 34 минут екенін анықтаған. Мұны өлшеу үшін ғалым квадрант деп аталатын, диаметрі 7,5 метр, аспапты қолданған.

Эклиптиканың еңкеюі жыл сайын кеми береді. Бируни оның жүз жылда 52 секундтай кемитінін табады. Бұл сан XVIII ғасырға дейін осы калпында алынып келді. Қазіргі өлшеулер бойынша ол 47 секунд. Бирунидің телескопсыз осындай дәлдікке жетуі - оның асқан ұлы астроном болғандығын көрсетеді.

Бируни аспанды бакылап, зерттеу үшін квадрант, астролябия, үнді дөңгелегі және тағы да басқа аспаптар жасайды, оларды пайдалану жөнінде методикалық кітаптар жазып шығарады. Соның аркасында практикалық астрономия дамудың кең жолына шығады.

Бируни әлемдегі заттардын біріне бірінің тартылуы туралы мәселемен де шұғылданған. Оның тартылыс жайындағы негізгі пікірлері Ибн Сина мен айтысында баяндалған. Айтыста Бируни Ибн Синаға: «Дүниедегі заттардың бәрі бірдей неліктен жерге қарай ұмтылады?» - деген сұрақ қояды. Ибн Сина: «Ол бекер, заттардың бәрі бірдей жерге қарай ұмтылмайды, мәселен оттың жалыны мен түтіні аспанға қарай ұмтылады» деп жауап қайырады. «Оның кате, - дейді Бируни. - Жалын мен түтіннің көтерілуі суық ауа мен жылы ауаның қозғалысынан болады. Жоғарыдағы ауа мен төмендегі ауаның температурасы бірдей болса, жалын мен түтін көтерілмес еді. Барлық заттар Жердің центріне тартылады, бірінің тез, бірінің баяу құлауы ауаның кедергісінен болады». Бұл айтыс Бирунидің «Табиғаттың он сегіз сыры» атты кітабында келтірілген. Кітап 1946 жылы парсы тілінде Теһеранда, 1950 жылы өзбек тілінде Ташкентте басылған. Заттардың Жерге тартылу заңын итальян ғалымы Галилей (1564-1642), ал бүкіләлемдік тартылыс заңын ағылшын ғалымы Ньютон (1643-1727) Бируниден алты-жеті ғасыр соң тапқан.

Бируни бізге жеткен еңбектерінде «Астрономия кілті» атты кітап жазғанын айтады. Бірақ бұл кітапты ғалымдардың ешқайсысы сол кездің өзінде қолдарына түсіре алмаған. Кейбір зерттеушілердің топшылауынша «Астрономия кілті» Махмұдқа қарсы жазылған және діни түсініктерді батыл әшкерелеген, сондықтан Махмұдтың әмірімен әдейі жойылған. Шынында да солай болса керек.

Астрономияны меңгеру үшін математиканы, әсіресе оның тригонометрия делінетін саласын, жақсы білу керек. Бирунидің тригонометриядан қалдырған мұралары негізінен алғанда «Масғұт таблицаларының» үшінші бөлімінде. Бұл бөлім 10 тарауға бөлінген. Бірінші тарауда шеңберді іштей сызылған әр түрлі дұрыс көпбұрыштардың қабырғаларын есептеу және сызу жолдары айтылған. Екінші тарауда бұрыштардың қосындылары мен айырмаларының, қос бұрыш пен жарты бұрыштың синустары жөніндегі теоремалар дәлелденген. Үшінші тарауда шеңберді іштей сызылған дұрыс тоғызбұрыштың теориясы қарастырылған. Тоғызбұрыштың қабырғасын табу есебі толымсыз куб теңдеуді шешу жөніндегі алгебралық есеппен парапар екендігі көрсетілген. Куб түбірге сәйкес кесіндіні циркуль мен сызғыш арқылы дәл салуға болмайды, сондықтан дәл тоғызбұрышты да салуға болмайды. Алайда оны кез келген дәлдікпен жуық түрде салуға болады. Бируни жуық есептеулердің де маңызды ережелері мен әдістерін баяндайды. Ғалымның дұрыс көпбұрыштар жөніндегі зерттеулері Евклид пен Архимедтің еңбектерін дамыта түседі.

Геометрия тарихында бес мың жыл бойы ешкім шеше алмаған әйгілі төрт есеп болған. Олардың бірі мынадай: «Кез келген бір бұрыш берілген. Соны, тек қана циркуль мен сызғышты пайдаланып, тең үш бөлікке дәл бөлу керек». Математикада бұл есепті бұрыштың трисекциясы деп атайды. «Масғұт таблицаларының» үшінші бөліміндегі төртінші тарауда осы трисекция зерттелген. Бируни бұл есепті де куб теңдеуге түсірген, сөйтіп оны дәл шешуге мүлде болмайтынын, бірақ қажетінше дәлдікпен жуық түрде шешуге әрдайым болатынын дәлелдеген. Ғалым мәселені кеңінен қамтыған: Архимедтен өзіне дейінгі математиктердің бұрыш трисекциясын шешу жөніндегі еңбектерін саралап талдап шығып, есепті жуық түрде шешудің 12 түрлі жолын көрсеткен. Бирунидің көпбұрыштар мен теңдеулерді байланыстыру әдісі бірінен бірі алшақ дамып келе жатқан алгебра мен геометрияның қапаттасып, қатар өркендеуіне мүмкіндік тудырды, кейін бұл әдіс Омар Хайямның, Насыреддин Тусидің және Ғияседдин Кәшидің зерттеулеріне арқау болды. Бұрыш трисекциясының дәл шешілмейтіндігін Европада неміс математигі Гаусс (1777-1855) дәлелдеді.  

Осы тарауда Бируни шеңбердің 1 градус доғасына сәйкес келетін хорданың ұзындығын есептеп шығарады.

Бесінші тарауда шеңбердің диаметрге катынасы, алтыншы тарауда синустардың таблицасы, жетінші тарауда оларды пайдалану ережелері баяндалған. Сегізінші тарау тангенстер мен котангенстерге арналған, оларды таблицалык мәндері және таблицаларды пайдалану ережелері келтірілген, тригонометрияның аса маңызды заңдарының бірі - синустар теоремасы дәлелденген. Сфералық тригонометрия тоғызыншы және оныншы тарауларда қарастырылған.

Бируни куб теңдеулерді шешудің геометриялық жолын тапқан. Бірақ ол жөніндегі кітабы бізге жетпеген.

Бируни тригонометрияны пайдаланып, география ғылымын дамытады. Ол Жердің түрі шар сияқты екендігін ғылыми жолмен дәлелдейді. Шардың экваторы, параллельдері және меридиандары шеңбер болады. Шеңберлерге геометрия мен тригонометрия заңдары қолданылады. Өзіне дейінгі ғалымдардың - Евдокстың, Эратосфеннің, Посидонийдің, Птолемейдің, Хорезмидің тағы басқалардың Жердің мөлшері жөніндегі еңбектерін талдай келіп, Бируни географияны жаңаша баяндайды, Қиятта, Үргеніште, Арал теңізінің жағасында және Үндістанда өлшеу жұмыстарын жүргізеді. Оның есептеуі бойынша Жер шарының радиусы 1081,66 фарсаң, экваторының 1 градусқа сәйкес доғасы 18,87 фарсаң (1 фарсаң - 5914 метр). Сонда экватордың 1 градусқа сәйкес доғасының ұзындығы 111,6 километр болады. Қазіргі өлшеулер бойынша бұл доға 111,1 километр. Дәлсіздік жарты километрдей.

Бұдан әрі Бируни Жер бетінің ауданын (14 712 720 квадрат фарсаң) және Жер шарының көлемін (1 667 744 242 куб фарсаң) есептеп шығарады. Есептеудің бұл жолы - триангуляция әдісін Европада XVII ғасырда Голландия математигі Снеллиус. (1581-1626) тапқан.

«Масғұт таблицаларында» Айдың (арабша - Қамар), Меркурийдің (Утәрид), Шолпанның (Зуһра), Күннің (Шәмсі), Марстың (Миррих), Есекқырғанның (Мұштари, орысша — Юпитер), Сатурнның (Зухал) Жер центрінен қашықтықтары да көрсетілген, Ай мен Күннің тұтылу себептері түсіндірілген.

Бируни географиялық еңбектерінде карталарды пайдаланады, оларды жасау үшін ірі қалалардың географиялық координаталарын есептегі шығарады. «Масғұт таблицаларында» Бұқардың, Үргеніштің, Қияттың, Самарқанның, Оштың, Ташкенттің, Карминаның, Ферғананың, Ходжендтің (қазіргі Ленинабад), Бакудің, Тбилисидің, Нахичеваньның, Тавриздің, Ғазнаның тағы басқа қалалардың географиялық бойлықтары мен ендіктері келтірілген. Бұл бойлықтар мен ендіктер зор дәлдікпен табылған. Бирунидің ендіктерді есептеп шығару әдісін Дания астрономы Тихо Браге (1546-1601) XVI ғасырда тапқан.

Бируни жасаған географиялық карта

«Масғұт таблицаларында» келтірілген схемалық картада Азия, Африка және Европа көрсетілген (Америка, Австралия, Антарктида бертін ашылған болатын). Карта шеңбер ішіне орналастырылған, оның үстіңгі жағы оңтүстікке, астыңғы жағы солтүстікке сәйкестендірілген.

Оңтүстікте «Заңшон аралы», «Зауа аралы», орта тұсында «Ирак», «Парсы қалалары», «Құлзұм» (Қызыл теңіз), «Хорасан», «Гүрген теңізі» (Каспий теңізі), «Хорезм», солтүстікте «Сақлаб жері» (славяндар жері), «орыстар», «Түркән тайпалары» (түрік тайпалары), «Ораң» (варягтар, яғни Скандинавия түбегіндегі финдер мен шведтер) және «Солтүстік теңізі» көрсетілген. «Мағриб» - Алжир, Тунис, Марокко, «Мағриб сыртындағы теңіз» - Атлант мұхиты, «Андалус» (Испания), «Мысыр», «Қара шөл» (Ливия), «Шом теңізі» (Жерорта теңізі), «Шам» (Сирия) картаның батысқа сәйкес оң жағында, ал «Үндөз» (Үндістан) бен «Шін» (Қытай) сол жақ жартысында орналастырылған. Шығыс елдерінен Жапония, батыс елдерінен Англия, Франция, Германия жоқ. Материктердің өзара орналасуы, біріне бірінің жалғасу реті дұрыс көрсетілген. Ол кезде Қытайдан Испанияға, Үнді мұхитынан Мұзды мұхитқа дейінгі жерлерді түгел сызып бейнелеген карта болған емес. Үндістанның қай жақта екенін батыс европалықтардың тіпті XVI ғасырға шейін білмей келгені мәлім.

Бирунидің басқа шығармаларында бұл жерлер бірсыдырғы толық айтылады. Оларда таулардың, өзендердің, көлдердің, шөлдердің, мемлекеттердің, халықтардың аттары дәлірек келтіріледі.

Әлем географиясынан Бируни кітаптарында айтылатын атаулардың кейбіреулері мыналар: Қара теңіз, Каспий теңізі, Варяг теңізі (Балтық), Ақ теңіз, Арал теңізі, Ыстықкөл, Балқаш, Байқал көлдері, Кавказ, Памир, Орал, Сібір жерлері, Еділ, Сырдария, Амудария, Ангара өзендері, орыс, сақ, хазар, алан, түркі, бұлғар халықтары тағы басқалар. Бируни былай дейді: «Понтос теңізі (Қара теңіз) Шом теңізіне (Жерорта теңізіне), Шом теңізі Мағриб сыртындағы теңізге қосылады. Соңғы теңізді гректер океанос дейді... Шом теңізінде Кипр, Самос, Родос, Сицилия тағы басқа аралдар бар... Гүрген теңізі ешбір теңізге қосылмайды, оған Еділ өзені құяды».

Бируни мүмкін қадарынша әрбір жердің ауа райын, пайдалы қазбаларын, табиғи ерекшеліктерін баяндап отырады. Мәселен: «Шіннің арғы жағындағы теңіз (Ұлы мұхит) бен Мағриб сыртындағы теңіз (Атлант мұхиты) өте терең, жүзуге қауіпті. Кемелер олардың шетінде ғана жүреді.... Оңтүстікте Забедж (Ява), Дибаджат, Құмайыр тағы басқа аралдар бар. Бұлардың ірілері - Серендіб (Цейлон), оны үнді тілінде Саңғалдиб дейді. Қала (Малакка) және Сарбуза (Суматра). Серендібтен әр түрлі асыл тастар шығады, Қалада қалайы өндіріледі, Сарбузада кампара бар. ... Бізде қыс болғанда бұл аралдарда жаз болады».

Бирунидің географиясы геологиямен байланысып отырады. Оның геология мен гидрографиядан жазған көрнекті еңбектерінің бірі - «Ел қоныстанған жерлердің шекараларын баяндау және олардың ара қашықтықтарын анықтау» («Тахдид нахаят») атты кітабы. Бұл кітаптың автордың өз қолымен жазған араб тіліндегі жалғыз данасы қазір Түркияда, «Сұлтан Фатих» деген кітапханада. Толық нұсқасы әлі ешқайда жарияланбаған. Оның кейбір параграфтарын академик В. В. Бартольд көшіріп алған. Көшірме 1941 жылы «Ежелгі тарихтың хабаршысы» журналында орыстілінде жарияланған.

«Тахдид нахаят» Жердің дамуын ғылым жолымен баяндайды, діни түсініктерге мүлде қайшы келеді. «Теңіз құрылыққа көшіп, құрылық теңізге айналып отырады, - дейді Бируни. - Егер бұл ауысу адамзаттан бұрын болса, оны жұрт білмейді. Адам баласы өмір сүрген кезде болса, ұзақ уақыт өткендіктен ұмытылады. Олардың бірі - Араб шөлі. Ол бұрын теңіз болған, кейін құрып шөлге айналған. Құдық қазғанда шығатын қалдықтар бұл пікірді әбден дәлелдейді. Теңіздің мұндай іздері біздің жерімізде де бар. Джурджан мен Хорезм аралығындағы құмды шөлден құдық қазғанда ішінде балықтың қанаты көрінін тұратын әр түрлі жылтырауық тастар шығады. Олар ертеде шөлдің орнында көлдің немесе теңіздің болғандығының өлі куәлары. Теңіз суалғанда оның орнында көл қалған. Жойқын, яғни Балх өзені (Амудария) Хазар, яғни Гүрген (Каспий) теңізіне құйған. Кейін Жойқын өзені жолын өзгертіп, Хорезм көліне (Арал теңізіне) құятын болған».

Бирунидің түсіндіруінше Арал теңізінің ұлғаюына Амударияның бұрылуы себеп болған. Сарықамыс қазаншығы - теңіздің бұрынғы түбі. Амударияның ескі арнасын Узбой жүлгесіндегі иесіз қалған ескі жұрттардың, құрал-саймандардың, ыдыс-аяқтардың қалған тамтықтарынан аңғаруға болады. Теңіздің суалуы ішкі күштердің әсерімен Жер қабығының көтерілуіне байланысты. Мұның нәтижесінде жаңадан адырлар мен таулар пайда болады. Олар өзеннің бұрынғы жолдарын бөгейді. Амудария өзені Дахонишер, Шайтансекіріен, Түйемойын тос-қауылдарына соқтығып, солтүстікке қарай ағатын болған, жолшыбай шамасы келген жыныстарды жыртып өткен. Совет ғалымдарының зерттеулері бұл пікірдің дұрыстығын дәлелдеп шықты. Олардың қорытындысы мынадай: Орта Азия жерінің даму тарихы Бирунидің баяндағанындай, тек айтылып отырған өзгерістер Бируни топшылаған уақыттан ертерек болған.

Жер бедерінің бұлай өзгеруі жөніндегі теорияны Европада итальян ғалымы Леонардо да Винчи (1452-1519) ұсынған. Винчидің Бируни еңбектерін оқуы мүмкін.

Бируни көптеген жерлердің геологиялық тарихын, өзендер мен көлдердегі судың жыл ішіндегі кірісі мен шығысын есептейді. Тіпті Мысырдағы Ніл мен Үндістандағы Ганга өзендерін де сипаттап береді.

Бируни минералогиядан да бір сыпыра мұра қалдырған. Олардан бізге әзірше белгілісі - ғалымның өлер алдында (1048 жылы) жазған «Асыл тастар» атты кітабы. Бұл кітаптың бір данасы Испанияның Эскуриал қаласындағы кітапханада, екінші бір данасы Үндістанның Хайдарабад қаласындағы кітапханада сақталған. Хайдарабадтағы нұсқасы бойынша Сирия ғалымы Хашими 1933 жылы Бонн университетінде (Батыс Германия) докторлық диссертация қорғаған. Диссертация 1935 жылы неміс тілінде басылып шыққан. Ал 1937 жылы Хайдарабадта араб тілінде «Асыл тастардың» өзі жарияланған. Көлемі 18 баспа табак.

«Асыл тастар» екі бөлімнен құралған. Бірінші бөлімде 36 тарау, екінші бөлімде 12 тарау бар. Кітапта 14 түрлі асыл тас (жауһар, гәуһар, алмас, кәраба, меруерт, маржан, інжу т. б.) айтылған. Бұлар жөнінде сол кездегі мағлұматтар толық келтірілген. Мысалы, бір ғана меруерт туралы тарауда мынадай мәселелер баяндалған:

1) меруерттің физикалық және оптикалық қасиеттері; 2) меруерттің әр түрлі тілдердегі атаулары (араб, парсы, үнді, сирия, грек, латын тілдерінде); 3) меруерттің табиғатта пайда болуы; 4) меруерт болатын теңіздер мен мұхиттар; 5) меруерттің бағасы; 6) меруертті іске ұқсату; 7) меруерт шығатын жерлер; 8) судан меруерт алынатын маусымдар; 9) меруертті су астынан алып шығу әдісі; 10) меруерт жайындағы халық арасындағы аңыздар.

Асыл тастарды Бируни түсіне қарай алтыға бөледі: қызыл, сары, жасыл, көк, ақ және қара тастар. Бұлардың әрқайсысы дербес кластарға ажыратылады. Мәселен, кызыл тастар: қан қызыл, алқызыл, жалын қызыл, күңгірт қызыл т. б.  барлығы он түрлі; сары тастар: алтын сары, лимон сары, бал сары т. б. - барлығы 6 түрлі, жасыл тастар: шөп түстес жасыл, тоты түстес жасыл, жуа түстес жасыл т. б.  8 түрлі; көк тастар: күл түстес, аспан түстес, сүрме түстес т. б. - 9 түрлі. Күл түстес тасты қазақтар көбінесе «есек тас» дейді.

Кітапта Орта Азияның мұнай, асбест, тау шынысы, ашудас, мүсәтір, тотияйын, сынап, темір, мыс, алтын шығатын жерлері, Арменияда тау шынысы, Балтық теңізінде кәраба өндірілетіндігі айтылған. Асыл тастар халықаралық сауданың аса маңызды тауарлары ретінде сипатталған.

Ертеде асыл тастар әлеуметтік өмірде елеулі орын алған. Олардың кейбіреулерінің дербес тарихы болады. Мәселен, Москваның Минералогиялық музейіндегі «Шаһ» деп аталатын гәуһар тас XVI ғасырда Үндістан жерінен табылған. 1591 жылы оған Бұрхан-шаһ өзінің атын жаздырып алған (асыл тастарға таңба түсіру өте қиын болады). Талай патшаларды таластырып, әр түрлі соғыстарға себепкер болып, XIX ғасырдың басында «Шаһ» тасы Иранға келген. 1829 жылы Иранның реакцияшыл топтары Россияның Теһерандағы елшісі, атақты жазушы А.С.Грибоедовты өлтірген. Грибоедовтың «құны» ретінде әлгі тасты Иран шаһының баласы Кысырау-мырза орыс патшасына әкеліп берген. «Шаһ» содан бері Россияда. Осыншама тарихы бар тастың көлемі жүгерінің дәніндей-ақ.

Асыл тастардың құндыларының бірі - кәраба. Ол жөнінде Бируни былай дейді: «Шығыс түркілері кәрабаға, әсіресе оның түсі ажарлы ірі кесектеріне әуес келеді. Оны хұтыппен катар бағалайды, Қытай кәрабасын ұрым кәрабасынан төмен деп санайды, Түркілер кәраба моншақтары қадалған адамға көз тимейді дейді... Кәрабаның әрекеті атынан-ақ мәлім болып тұр, ол сабан қиқымы мен шаш талшықтарын тартады. Кәрабаны ұрымша электрон немесе адамантус дейді, сирия тілінде дікінә деп те, хаянуфр деп те айтады».

Бұл арада сөз болып отырған шығыс түркілері - қыпшақтар, қырғыздар, түрікмендер және ұйғырлар. Хұтып - тұмсығында жалғыз мүйізі болатын хайуан - мүйіз тұмсық, орысша носорог. Хұтыптың мүйізі де хұтып делінеді. Ұрым - соңғы дәуірдегі Рим империясы. Қытай кәрабасы - Бирма жерінде өндіріліп, Қытайдың Инь-Чжу облысында сатылатын кәраба. Қазақтың «інжу» деген сөзі осы облыстың атынан шыққан. Қазақша «кәраба» болып кеткен сөздің түпкі тегі - «кәһруба» деген ескі парсы сөзі. «Кәһ» - «сабан», «руба» -«ұры». Сонда «кораба» - «сабан ұрлаушы» болады. Бұлай аталуының себебі - шашқа немесе теріге үйкегенде кәрабаның зарядталып, сабан қиқымдарын, қылшықты, құстың мамығын өзіне қарай аңғартатындығы. Кәраба грекше «электрон» делінген, оның тарту қасиеті электрлік қасиет деп аталған. Қазіргі ғылым мен техникадағы «электр» деген сөздің тегі де осы кәраба атынан шыққан.

Кәрабаны қазір көбінесе янтарь дейді, ол алтын бұйымдардың магазиндерінде моншақ ретінде сатылады. Ежелгі славян тілінде оны «алатырь» немесе «латырь» деген, литван тілінде «латрас», мағынасы - «қарақшы». «Электрон» сөзі осы «алатырьдан» шыққан болу керек.

Кәраба - бұдан миллиондаған жыл бұрын пайда болған, ол таулар бұзылып, жер жарылған кезде Жер қойнына түсіп, құм мен топырақтың астында қалып, иленіп, тасқа айналған ағаштардың шайыры. Тас көмір де сондай ертедегі ағаштардың қалдығы. Кейбір кәрабалардың ішінде оралып қалған қоңыз, шыбын, маса, көбелек, инелік болады. Ондай кәрабалар қымбат бағаланады. Дүние жүзінде кәрабаның ең көп шығатын жері Балтық теңізінің оңтүстік жағасы.

Кәрабаға байланысты бір тарихи мағлұматқа тоқталып өтейік. Бірінші Петр патша Германиядан көптеген кәраба әкелген. Екінші Екатерина өзіне сарай салдырып, оны асыл тастармен әшекейлеткен. Петрдің кәрабаларымен жеке бір залды жабдықтатқан. Зал «кәраба бөлмесі» деп аталған. Дүние жүзінде теңдесі жоқ кәраба бөлмесінде жалпы құны алтын есебімен ондаған миллион сом тұратын кәраба кесектері мен кәрабадан жасалған бұйымдар тұрған. Совет үкіметі Екатерина сарайын музейге айналдырған, музей Ленинград жанындағы Пушкин қаласында (бұрынғы Патша селосы).

Соғыс кезінде, 1942 жылы, Гитлердің қанды қол сыбайласы Геринг кәраба бөлмесіндегі моншақтарды Кенигсберг қаласына (қазіргі Калининград) алдырған. Жеке өзі пайдаланып кету мақсатымен, оларды Гитлерге де білдірмеген. 1944 жылға дейін бес машинаға жүк болған кәрабаларды Кенигсберг музейінің астындағы құпия қоймада сақтатқан. Фашистік Германия әбден жеңіле бастағанда Геринг әлгі моншақтарды қоймадан шығартып, басқа жерге тықтырған. Содан кейін кәрабаларды білетін және оларды тығуға қатынасқан музей қызметкерлері мен СС солдаттарын отбасымен жинатып алып, түгел аттырып тастаған. Кәраба бөлмесінің осы бұйымдары 20 жыл бойы ізделінуде. Ол туралы азын-аулақ деректер болғанымен, бұйымдар әлі табылған жоқ.

Өмірінің соңғы жылдарында Бируни ботаника және медицина мәселелерімен де шұғылданған. Өсімдіктер тіршілігін зерттеген. Табиғаттағы гүлдердің 3, 4, 5, 6 және 18 желекті ғана болатындығын, ал 7, 9, 11 желекті гүлдердің мүлде болмайтындығын айтқан. Кейбір дәрілік шөптерді сипаттаған. Баланың қолсыз немесе аяқсыз дімкар болып туу себептерін баяндаған. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің дамуы жөнінде XIX ғасырда Дарвин белгілеген табиғи сұрыпталу идеясына келген.

Бируни тіл біліміне де елеулі үлес қосқан. Көптеген тілдерді білген ұлы ғалым әр түрлі тілдердің арасындағы байланыстарды аңғарған. Ғылыми терминдерді ол өз еңбектерінде бес-алты тілде келтіріп, мағыналарын түсіндіріп отырады. «Әрбір халық, - дейді Бируни, - өз тілін әдемі деп есептейді, өйткені ол соған дағдыланып кеткен, өз тілін өз қажетіне жаратады». Ғалымның пікірінше тілдерді «жақсы тіл», «жаман тіл» деп бөлуге болмайды, тілдердің бірінен бірінің артықшылығы жоқ. Сондықтан ұлттар мен халықтардың да бірінен бірінің артықшылығы жоқ, адам баласының бәрі бірдей.

Бирунидің тұсында араб тілі халықаралық ғылым тілі болған, ғылыми шығармалар сол тілде жазылған. Бируни де еңбектерінің көпшілігін араб тілінде жазғап. Ол араб тілін құранның тілі ретінде пайдаланбай, ғылым тілі ретінде пайдаланады. «Қазір дүние жүзіндегі ғылымның бәрі араб тіліне түсірілген» дейді ғалым.

Бируни халық жырларын қатты қадірлеген, өзі де өлеңдер жазған. Оның шығармаларыида 200 ақынның өлеңдерінен үзінділер келтірілген.

Бируни еңбектерінің шыңы - «Ескерткіштер» мен «Үндістан». Бұларға жеке тоқталуды мақұл көреміз.

 

«Ескерткіштер» мен «Үндістан»

 

Қысқаша «Ескерткіштер» деп аталатын кітап - Бирунидің есімін ғылым тарихында мәңгі қалдырған зор еңбек. Оның араб тіліндегі толық аты: «Китаб әл-Әсәр әл-Бакия әл-Құрын әл-Хакия». Қазақ тіліне аударғанда: «Бұрынғылардан қалған іздер бізге жеткен сөздер» болады. «Ескерткіштердің» дүние жүзінде үш нұсқасы сақталған, олар Лейпциг, Стамбул және Ленинград қалаларында. Лейпциг нұсқасын белгілі неміс ғалымы Э. Захау 1878 жылы Лейпцигте неміс тіліне, 1879 жылы Лондонда ағылшын тіліне аударып жариялаған. Бұларға қосымша ретінде арабша түпнұсқасы да басылған. Захау кітаптың атын «Ежелгі шығыс халықтарының хронологиясы» деген. Бұл аудармаларды оқыған европалық ғалымдар жаңа бір дүниеге келгендей болған. Осыдан кейін Бируни еңбектерін жинастыру, аудару, оларды зерттеу науқанға айналған.

1923 жылы «Ескерткіштер» Лейпцигте екінші рет басылған. Бұларды пайдаланып, Иран галымы Ә. Сиришти 1943 жылы Теһеранда парсыша аудармасын жариялаған. Фюк пен Гарберс Стамбулдағы нұсқасын неміс тіліне аударып, 1951 жылы бастырып шығарған.

Ленинград нұсқасы - «Ескерткіштердің» ең толық және ең ерте көшірілген (XIII ғасырда) нұсқасы. Оны 1957 жылы Өзбек ССР Ғылым академиясы орыс тіліне аудартып (аударушы М. А. Салье), «Памятники минувших поколений» деген атпен Ташкентте бастырып шығарды. Кітаптың атын біз осы аударма бойынша, «Өткен буындардың ескерткіштері» деуді лайық көрдік.

«Өткен буындардың ескерткіштері» - орта ғасырлар ғылымының энциклопедиясы. Онда адам баласының қолы жеткен білімдердің сан алуан салалары баяндалған. Кітапта халықтар тарихының, мәдениеттің, өндірістің, әдет-ғұрыптардың, астрономия мен математиканың, география мен геологияның, философия мен филологияның, физика мен медицинаның көптеген мәселелері өзара тығыз байланыстырылып карастырылған. Автор белгілі деректермен қатар өз зерттеулерінің қорытындыларын да келтіреді.

«Ескерткіштер» 21 тараудан құралған. Көлемі 60 баспа табақ. Шығарманың негізгі арқауы ретінде ежелгі халықтардың уақытты есептеу жүйелері - календарьлары алынған. Автор ежелгі мысырлықтардың, вавилондықтардың, еврейлердің, римдіктердің, гректердің, исламнан бұрынғы арабтардың, исламнан кейінгі арабтардың, парсылардың, үнділердің, соғдалықтардың, хорезмдіктердің, түркілердің тағы басқа көптеген халықтардың календарьларын талдап шығады. Календарьлар жөнінде жалаң пікір айтылмайды, олар білімдік маңызы бар жалпы сипаттаманың басты бөлімі болып отырады.

Бір халықтың календарын баяндау үшін ең алдымен сол халықтың географиялық мекенін, жер-су жағдайларын, шаруашылығының негізгі бағытын, даму және қалыптасу тарихын айту керек. Бұлай етпей, тек «пәлен халық уақытты былай есептеді» десек, оқушы ешнәрсе түсіне алмайды. Сондықтан Бируни қарастырған тақырыптарын кеңінен қамтып, географиялық және этнографиялық мағлұматтарды молынан келтіріп отырады. Бұл мағлұматтардың ғылыми маңызы орасан зор. «Ескерткіштерде» 85 түрлі ұлт пен халықтың, 290 түрлі жердің, 1400 тарихи адамның аты аталған, 60 кітаптан цитаталар келтірілген.

Әр халықтың даму жолы әр түрлі болған. Осыған байланысты олардың тілдері, түсініктері, экономикасы, әдет-ғұрыптары да әр түрлі болатын. Бируни бұл мәселелерді өзара салыстырып, себептерін түсіндіре отырып баяндайды.

Календарь теориясы астрономия ғылымына сүйенеді. Олай болса уақыт есебін сөз еткенде аспан денелерінің қозғалыстарын жақсы білу керек. Сондықтан автор көптеген халықтардың астрономиялық білімдерін, түсініктерін, қолы жеткен табыстарын талдайды, олардың ғылым тұрғысынан алғанда қаншалықты дұрыс екендігін көрсетеді.

«Ескерткіштер» күн мен түннің анықтамасынан басталады. Біріне бірі жалғас келетін күн мен түннің қосындысы тәулік болады. Күн мен түннің кезек алмасып отыру себебі түсіндіріледі. Тәуліктің басы әр халықта әр түрлі: мәселен, римдіктерше күннің шығуы, арабтарша - күннің батуы, гректерше - түн ортасы, үнділерше - түс кезі. Тәуліктерден айлар құралады. Айлардың атауларын былай қойғанда, ұзақтығы әр түрлі: араб айларында 29 және 30 күн кезек ауысып отырады, мысыр айлары әрдайым 30 күннен, рим календарының кейбір айларында 50 күн болған. Осының салдарынан жылдың ұзақтығы да әрқилы болып шығады: мысыр жылы 360 күн, еврей жылы 378 күн, араб жылы 354 күн т. с. с.

Жыл есебі де шытырман: бірінші жыл - еврейлерше - «Адам-атаның жаралған жылы», вавилондықтарша - Набонассардың патша болған жылы, христиан дініндегілерше - «Христостың туған жылы», арабтарша - Мұхаммедтің Меккеден Мәдинаға қашып барған жылы. Мұндай жылдар жалпы алғанда 200 түрлі. Демек, осындай шым-шытырық календарьларды бір адамның толық біліп, оларды зерттеп, өзара салыстырып, бірін біріне байланыстыра баяндап шығуы оңай жұмыс емес. Бұлай етуге тек ұлы ғалымның ғана өресі жете алады.

«Өткен буындардың ескерткіштерінде» көптеген халықтардың күндерді, апталарды, айларды және жылдарды есептеу жолдары айтылады, бір елдің календары бойынша көрсетілген уақытты басқа бір календарьдың уақытына аудару ережелері келтіріледі. Ережелер тиісті кестелер арқылы тусіндіріледі. Күндер мен айлардың, планеталар мен айырықша жарық жұлдыздардың араб, грек, латын, парсы, сирия, үнді, еврей, соғда, хорезм тілдеріндегі атаулары айтылады.

Көптеген календарьлардың бірінші жылы - дәуірі мәлімсіз болған. Тарихи окиғалар көбінесе «пәлен патшаның тахқа отырғанынан соңғы пәленінші жылы» деп баяндалып келген. Бируни, хронология есептерін бір жүйеге келтіру үшін, ертеде болған патшалардың аты-жөнін, туған-өлген және патшалық құрған жылдарын саралап шығуға мәжбүр болған. Мұның нәтижесінде календарь замандарының дәуірлерін анықтаған. Патшалар мен дін басқарушылардың тізімдерінде тарихи соғыстар, халықтардың күйзелген кездері айтылады, патшалар мен «пайғамбарлардың» өз мүдделерін көздеген адамдар екендігі сипатталады. Бұл бағытта «Ескерткіштер» Фердаусидің «Шаһнамасымен» ұштасып жатады.

Бируни амалсыздан, сол кездегі салт бойынша, анда-санда «алла» деп, Мұхаммедтің атын аузына алып отырады. Өйтпеске оның лажы да болмаған. Алайда байыптап оқыған адам «Ескерткіштерден» әр түрлі дінге қарсы пікірлерді аңғара алады. Мәселен, Бирунидің айтуынша, «Адам-атаның жаралған» уақытын құран бір түрлі, інжіл екінші түрлі, тәурат (талмуд - еврейлердің діни кітабы) үшінші түрлі айтады. «Топан суы қаптап, Нұх кеме жасады» делінетін уақыт та сондай. Үшеуінде де ешқандай дәлел жоқ. Демек, үшеуіне де сенуге болмайды. Осы сарынмен баяндап келеді де, ғалым «анығын алла біледі» деп жалтарып кетеді.

Календарь жөнінде кітап жазған адамдар Бируниден бұрын да болған. Бірақ Бирунидің календары ескі кітаптардың көшірмесі емес, ғылыми талдау болып табылады. Ралым календарь мәселелерін шешуде өзі меңгерген ғылымдардың бәрін пайдаланады. Ғасырлар бойы дәлелсіз қайталанып келген жалған түсініктерді ол адам санасынан мүлде аластауды мақсат етеді. Мәселен, ежелгі авторлардың (Евдокс, Калипп, Метон, Митрадор, Евктемон, Синан тағы басқалар) айтуынша әрдайым нисан айының 28 күні оңтүстіктен жел соғып, өзендер мен каналдардағы сулар жоғары көтеріледі. Бируни мұндай пікірлерге қарсы шығып отырады. Оның түсіндіруінше дәл сол күні оңтүстік желінің соғуы шарт смес, тіпті тынық болуы да мүмкін. Жел ыстық ауа мен салқын ауаның сапырылысуынан туады. «Сулардың көтерілуі» де бос сөз. Тигр мен Евфрат өзендері бәсеңдей бастағанда Амудария мен Ніл таси бастайды. Бұлак суының жоғары шапшуы оның қорының жоғары орналасуынан болады. Бируни былай дейді:

«Физика заңдарын білмейтін жазғыштар ондай құбылыстарды алланың әміріне сүйей салады... Судың қозғалысында талай тамаша сырлар бар, олардың бәрі табиғаттың әмірімен болады. Мәселен, Қимақ жерінде Мәңкүр деген тауда аузы батырлар қалқанының үлкендігіндей ғана бір құдық бар. Суы тұщы. Су әрдайым құдықтың бетімен бірдей болып тұрады, тасып төгілмейді. Ал мың сан қол келіп, аттарын суарса да ортаймайды. Оның негізгі қоры сол құдықпен бір деңгейде болуға тиіс.

Бұл арада айтылып отырған қимақ - орта ғасырларда Ертіс өзенінің төменгі сағасын мекендеген түркі тектес, қыпшақтарға жақын халық. Жоғары шапшитын су артезиан кұдығы.

Бір талай авторлар ұрым календарындағы екінші канун делінетін айдың 6 күні белгілі бір сағатта дүние жүзіндегі ащы сулар тұшиды деп жазып келген. Бируни мұны былшыл дейді. «Ешбір керемет, - дейді ғалым, - ащы суды тұщы суға айналдыра алмайды. Ал ащы суға тұщы су көп қосылса, судың дәмі өзгеруі мүмкін. Мәселен, Мысырдағы Тинніс деген көл сондай. Жайшылықта оның суы ащы. Бірақ Ніл тасып, көлге қосылғанда көл суы тұшиды, Ніл тартылғанда қайтадан сор болып қалады».

Діни кітаптарда мынадай аңыздар да келтірілген: «Мұхаммед пайғамбардың төбесіне келгенде Күн үш сағат тоқтап тұрған», «Моисей - Мұса пайғамбардың әулиелігінен бір өзен кейін қарай ағып, диірмендерді бүлдіріп кеткен», «Дұға оқыса шаян шақпайды» т. с. с. «Бұларды растарлық, - дейді Бируни, - дәлелді мен табиғат заңдарынан таба алмадым».

Ертедегі оқымыстылардың көпшілігі оқығанын да, естігенін де шындық деп санап, талғаусыз қабылдай беретін. Бируни өз жолымен жүрген. Ол ескі материалды ғылым елегінен өткізіп барып қорытынды жасайды, өз еңбегі мен өзгенің еңбегінің арасып ашып отырады. Кітаптың «Жыл санаудың жоғарыда баяндалған жүйелеріндегі айлардың сапалары туралы» деп аталатын бесінші тарауы мынадай сөздермен басталады:

«Мен алдыңғы тарауда әр халықтың жыл санау жүйесі өзінше екенін айттым. Осыған байланысты әр жүйедегі айлардың басы мен айлардағы күндердің саны әр түрлі болады және бұл айырмашылықты тудыратын себептер де алуан түрлі болып отырады. Енді осылардың ішінен өзім анық білетін мағлұматтарды ғана келтіремін де, өзім анығын білмейтін және ғылыми жағынан сенерліктей адамдардан мағлұмат алмаған мәселелерді баяндауға тырысудан аулақ боламын». Бұл үзінді Бирунидің байсалды, әділ және кішіпейіл ғалым болғандығын тағы да дәлелдейді.

«Өткен буындардың ескерткіштері» былай аяқталған: «Бұл кітаптың оқушылары үш түрлі болуы мүмкін. Өзім сияқты оқушылар менімен пікірлес болар да, сіңірген еңбегім үшін алғыс айтар. Білімі менен жоғары оқушылар олқы жерлерін толықтырып, қайырымдылық көрсетер, жаңсақ айтылған сөздерім бола қалса, кешірім жасар. Оқушылардың үшінші тобының білімі тайыз. Олардың көпшілігі білімді менен үйренуге ұмтылар, ал бірен-саран білімсіз озбырлар сөз таластыруды ойлар, бірақ оған абыржымаймын. Өйткені мен ғылым сатысында пасықтардың құлашы жетпейтін биіктемін».

Ал «Үндістан» делінетін кітап - Бирунидің екінші үлкен еңбегі. Оның толық аты: «Тахрир ма лил-үнд мін мақала мақбұла фил ақыл ау марзула» - «Үнділердің көңілге қонатын ілімдерін де, ақылға симайтын қате түсініктерін де баяндап беру кітабы». «Үндістанның» дүние жүзінде сақталған жалғыз нұсқасы (1159 жылы көшірілген) Лондонның ғылыми кітапханасында. Жоғарыда айтылған неміс ғалымы Эдуард Захау оны 1887 жылы Лондонда араб тілінде, 1888 жылы екі том етіп ағылшын тілінде, 1925 жылы Лейпцигте неміс тілінде басгырып шығарған. Ағылшынша аудармасы 1910 жылы екінші рет басылған. Доктор Захау Бируни еңбектерін тауып, оларды араб, ағылшын, неміс тілдерінде жариялап, ғылымға зор еңбек сіңірген.

«Үндістан» 1031 жылы жазылып аяқталған, Махмұд сұлтан бұдап алты ай бұрын өлген болатын. Бируни дәстүр бойынша бұл кітапты Махмұдқа арнауға тиіс еді. Бірақ автор дәстүрге қарамаған, еңбегін ешкімге арнамаған. Ғазнауилардың Үндістанға жасаған жорықтарын баяндаған тарауларда ғалым «Әмір Махмұд», «Махмұд сұлтан» деп өте шығады, оны сөз етпейді. Жалпы алғанда кітап Махмұдтың саясатына карсы бағытталған. «Гүлденіп тұрған елді Махмұд күл қылып ұшырып жіберді» дейді Бируни.

«Үндістан» 80 тарау, оның 40 тарауында үнділердің астрономиялық және математикалық білімдері талданады, үнді ғалымдарының табыстарымен қатар «ақылға симайтын» қателіктері көрсетіледі.

Үнділердің ежелгі және орта ғасырлардағы астрономиясы жан-жақты зерттеледі, көптеген үнді астрономдарының аттары аталып, еңбектерінің тізімдері, жасаған таблицалары - «сиддханттары» келтіріледі. Арабтар Үндістанның жайын осы кітапті оқып біледі.

«Үндістанның» қалған 40 тарауы Үндістанның табиғаты мен мәдениет тарихына арналған. Оларда Үнді жерінің шекаралары, ауа райы, таулары мен өзендері, өзендердің тасу және қайту мезгілдері, қайдан басталатындығы, әр түрлі халықтары, олардың тілі, мекені, кәсібі, діні, әдет-ғұрыптары айтылады. Үнділердің мәдениеті арабтардың, парсылардың және ежелгі гректердің мәдениетімен салыстырылады. Мұндай мазмұны бай, өрісі кең шығарма орта ғасырларда болған емес.

Үндістанның көп ұлтты халқы, тарихтарын мүлтіксіз жазып кеткендігі үшін, Әбурайхан Бируниге борышты. Үндістан мен Пакистанда ұлы ғалымның есімі осы күні де зор құрметпен аталады. Үнділердің қазіргі атақты ғалымдарының бірі Хамид Раза 1944 жылы Лагор қаласында шыққан «Үндістанның байырғы мәдениеті» атты (ағылшын тіліндегі) көлемді еңбегінде былай дейді: «Үнді мәдениетінің шым-шытырық мәселелерін түсінуде және оларды жұртшылыққа түсіндіруде орта ғасырлардың, тіпті қазіргі заманның авторларының ешқайсысы даңқы өшпес Әбурайхан Бируни сияқты табысқа жеткен емес. Бирунидің «Үндістаны» ежелгі мәдениет пен ғылымды қадір тұтудың, адамзатқа деген мейірімділіктің айырықша үлгісі болып табылады».

Бируни Махмұдтың «дін үшін» шапқыншылық жасауына наразылық білдіріп отырды, жазықсыз жәбірленген халықты аяйды. Ол діндердің бәрінің де түпкі негізі бір - қулық пен надандық, бірінен бірінің принциптік айырмашылығы жоқ, бәрі де дәлелсіз, сондықтан дін үшін соғысудың ешқандай қажеті жоқ деген қорытынды жасайды. «Үнділердің салты бізден мүлде басқа, - дейді ғалым. - Олар біз иланатын сөздердің бір де біріне сенбейді, ал біз сенбейтін жәйіттердің бәріне де нанады. Шариғат жөнінде өзді-өзінің арасында талас бола қалса, ауызша айтысады да қояды, дін үшін ешқайсысы да жанжалдаспайды». Демек, дінге бола жанжалдаспайтын үнділер - ақылды халық, дін үшін соғыс бастайтын сұлтан - есуас адам. Бұдан кейін Бируни былай дейді: «Надан адамдар әр халықта бар. Ал олардың жұртқа ақыл айтқыш пысық көсемдері әлгілердің өздерінен асқан надан. Іс жүзінде шәкірттері сияқты, ұстаздары да оңбаған». Бируни халықтардың бәрін бірдей бағалайды, кейбір ұлттарды қорлауға қарсы шығады. Абдолла Джабали деген араб «Жұлдыздар ғылымы» атты кітабында дүниедегі ең асыл халық - арабтар, ең топас халық - парсылар деп жазған. Бируни оны былай деп масқаралайды: «Оның сөз саптауына қарағанда арабтар меп парсылар қырылыса беруі керек, арабтар «асылдығын» көрсете беруі керек... Қарамай біткеннің бәрін парсыларға жаға берген... Бәдәуи арабтардың тіпті құранда айтылған қылықтарын есіне түсірсе, Джабали парсыларды жамандап, арабтарды мақтау орнына тірідей жерге кірер еді».

«Үндістан» - халықтар достығын насихаттайтын, ғылымға жүгінетін, діннен аулақ еңбек. Ол жөнінде академик В. Р. Розен 1888 жылы былай деп жазған:

«Бұл - Батыс пен Шығыстың ежелгі және орта ғасырлардағы ғылыми әдебиетінде өз саласында ешбір теңдесі жоқ бірден бір ескерткіш. Одан қарына тартпайтын, діни, нәсілдік, ұлттық және касталық мінеп-кесушіліктен және ойға сіңген ескілікті пікірлерден аулақ тұратын, сақ және көреген, жаңа ғылымның нағыз құдіретті құралы - салыстыру әдісімен баяндалған, білімнің шегін жете түсінетін, бірен-саран немесе шала тексерілген фактілерге сүйенуден гөрі үндемей кетуді мақұл көретін, көз-қарастарының кеңдігі қайран қалдыратын сынның, бір сөзбен айтқанда - қазіргі сөз мағынасындағы нағыз ғылымның лебі соғып тұрады».

Бирунидің ғылым шыңдарына шығуына, заманынан көш жер озып кетуіне, мәңгі өшпес еңбектер қалдыруына оның прогрестік көзқарасы мен жаңашыл ғылыми-зерттеу әдісі себеп болды. Ғалым дүниені материядан құралады, материя табиғи күштердің әсерімен дамиды деп түсіндіреді. Ол табиғи күштерді араб тілінде кувваи тәбия деп атады. Материя үнемі өзгеріп, қозғалып тұрады. Ол жөнінде «Үндістанда» былай делінген:

«Материя нақтылық шапанын киіп, әр түрлі нәрсе болып көрінеді... Өсіру дегеніміз - бір нәрсені өзгертіп, екінші бір нәрсеге айналдыру. Болмыс әрдайым қозғалыста және өзгерісте болады, табиғаттың күші, міне, осында».

Бируни өзінің ғылыми-зерттеу әдісінде төменде келтірілген сегіз түрлі қағидаға сүйенеді.

1. Зерттеуші ескі әдеттерден, бақталастықтан, олжа түсіру мақсатынан арылуы керек.

2. Табиғат құбылыстарын түсіндіргенде табиғи заңдылықтарға, анық фактілерге, тәжірибеге ғана жүгінуі керек, «кереметтерге» сенбеуі керек. Табиғатты шариғатқа тіркеп шатастырмау керек;

3. Мәселені зерттеуді сол мәселені құрастыратын бөлімдерден бастау керек;

4. Зерттеу жұмыстарында дедукцияға сүйену керек, оған сезім арқылы алынған деректерді арқау ету керек;

5. Ғылыми қорытындылар жасау үшін асықпай, әбден ойлану керек;

6. Құбылыстарды бақылай білу керек, ол жөніндегі әр түрлі пікірлерді салыстыру керек;

7. Әр түрлі құбылыстарды зерттегенде белгіліден белгісізге қарай, жақыннан алысқа карай, нақтыдан жалпыға қарай аттап отыру керек;

8. Ертеде болған құбылыстарды зерттегенде олардың тарихын біліп алу керек;

Бирунидің бұл нұсқаулары қазір де күшін жойған жоқ.

 

Бирунидің ғылым тарихындағы орны

 

Әбурайхан Бирунидің туғанына қазір 990 жыл болып отыр. Ғылым одан бері де дамып келе жатыр. Бируниден кейін дүниеге Коперник, Галилей, Ньютон, Ломоносов, Гаусс, Лобачевский, Дарвин, Менделеев, Курчатов тағы басқа ой алыптары келді, бұлар жаңа заманның ғылымын жасады. Жаңа заманның ғылымы Бируниді қалай бағалады?

Бируниді замандастарыпың ұлы ғалым деп танығаны мәлім. Бұл жайды жоғарыда айтылған Бейхаки мен Хомавидің жазбалары айқын көрсетеді. Сондықтан да данышпан ғалымның еңбектері жер жүзіне таралып кеткен. Бируниден кейінгі шығыс ғалымдары Омар Хайям, Насыреддин Туси, Тарағай Ұлықбек тағы басқалар оны ұстаз тұтқан, Бируни еңбектерінен нәр алған. Бұлардың кітаптарында «Ұлы ұстазымыз Әбурайхан Бируни» деген сөздер жиі ұшырап отырады.

Орта ғасырларда Европада ауызға аларлық ғылым болған жоқ. Бірен-саран жылт еткен оттай ғылыми еңбектерді кардиналдар мен сопылар табандарымен таптап сөндіріп отырды, ал ғалымдарды отқа жақты. Ұлықбектен кейін Шығыс ғылымының да шырағы өшті. Соның салдарынан Бирунидің еңбектері біраз уақыт иесіз қалды, ғалымның есімі ұмыт болды.

Өткен ғасырдың жетпісінші-жылдарында Бируни «қайта туды». Эдуард Захау «Ескерткіштер» мен «Үндістанды» тауып, жариялады. Бұларды оқыған европалықтар қайран қалысты. Шығыс халықтарын адам санатынан шығарып, мал ретінде бағалап дағдыланып кеткен Англия мен Германияның, Франция мен Италияның буржуазиялық оқымыстылары «Мың жыл бұрын өмір сүрген Азия ғалымы Бируни гелиоцентризмді Коперниктен бұрын, тартылыс заңын Галилей мен Ньютоннан бұрын, табиғи сұрыпталу теориясын Дарвиннен бұрын тапқан екен» деген хабарды қынжылып барып оқыды. Ақыры көздері жетті, Мойындауға тура келді. Бирунидің еңбектерін жинау, европалық тілдерге аудару және бастыру мәселесі көтерілді. Бұл жөнінде кейбір капиталистер қаржы босатып, едәуір «мырзалық» көрсетті. Олар Бируни кітаптары арқылы Шығыстың байлығын толығырақ білуді, тарихымен, әдет-ғұрыптарымен таныс болуды, сөйтіп Азия мен Африкадан өздеріне түсетін пайданы арттыруды көздеді. Соның нәтижесінде Бируни туралы жүздеген кітаптар жазылды.

Дүние жүзінің ғылыми жұртшылығы Бируниді данышпан ғалым деп таныды, одан ешқандай мін таппады, тіпті ғалымның өзі айтқан «жаңсақ сөздер» де шықпады. Бируни еңбектері ғылымның сан алуан салаларынан өзінің тиісті орнын алды. Ғалым Евклидпен, Архимедпен, Ньютонмен, Ломоносовпен тағы басқа ұлы адамдармен қатар қойылды.

Ғылым тарихында кейде бүкіл адамзатқа қызмет істеген, табиғаттың көптеген заңдарын ашқан, білім мен техниканы жаңа сатыға көтерген қайраткерді сол заманның ардақты ұлы дейтін салт бар. Кейде тіпті заманның өзін де ғалымның есімімен сипаттайды. Мәселен, біздің жыл санауымыздан бұрынғы III ғасыр - Евклид пен Архимедтің заманы, XVII ғасыр - Лейбниц пен Ньютонның заманы, XVIII ғасыр - Ломоносов пен Эйлердің заманы делінеді. Осы дәстүр бойынша Америка ғалымы Георг Сартон XI ғасырды Әбурайхан Бируни мен Омар Хайямның заманы деп атады. Бұл пікірді ғалымдардың бәрі де қолдады. Шынында да XI ғасырда Бируни мен Хайямнан асқан ғалым болған емес.

Бирунидің еңбектерін бағалау және оларды насихаттау ісіне Россияның ғалымдары белсене қатынасты. Жоғарыда айтылған академик В.Р.Розен Петербург университетінің профессоры болатын. Ол Россияда Шығысты зерттеу ғылымын дамытқан, араб тілінен ұзақ жылдар бойы лекциялар оқыған.

Бируни еңбектерінің қайта жасауы отаршылар тепкісінен жаншылып, тауы шағылған шығыс халықтарының рухын көтерді, мерейлерін үстем етті. Араб, парсы, үнді ғалымдары Бируни жөнінде әр түрлі монографиялар мен жинақтар шығарды.

Жаманнан жұрттың бәрі безеді. Жақсыны әр халық «өзіміздікі» дейді. Сол себепті Бируни жөнінде үлкен талас туды. Ғалымның көп жыл Ғазнада тұрғандығын дәлел етіп, парсы ғалымдары Бируниді Ираннан шыққан адам деді. «Үндістанды» қолдарына алып, үнді ғалымдары шықты. «Шығармалары қай тілде жазылғанын білесіңдер ме?» деп арабтар дауласты. Бұл таласты совет ғалымдары шешті.

Ежелгі грек ғалымдары Евклид пен Птолемей өмірлерінің ондаған жылдарын Мысырда өткізген. Бірақ оларды мысыр ғалымдары демейді. Ағылшынның ұлы математигі Ньютон ана тілінде бір де еңбек жазбаған, оның шығармаларының бәрі де латын тілінде. Алайда Ньютон итальян немесе латын емес. «Атом қазанын» алғаш жасаушылардың бірі - итальян физигі Ферми еді. Ол соғыс кезінде фашистердің қуғынынан қашып, Америка Құрама Штаттарына барып қызмет істеген. Бұған қарап Фермиді американ ғалымы деуге болмайды. Ғалымдардың қай халықтың перзенті екендігі олардың туып-өскен жері мен ана тілі бойынша шешіледі.

Бирунидің Орта Азиядан шыққандығын алғаш рет көрнекті орыс ғалымы, шығысты зерттеуші және тюрколог академик В. В. Бартольд айтты. Араб тілінің атақты маманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты академик И. Ю. Крачковский Бирунидің Хорезмнен шыққандығын, оның 362-жылы зұльхиджа айының 2-нде туып, 440-жылы раджаб айының 3-нде (араб календары бойынша) қайтыс болғандығын анықтады. Біз жоғарыда бұл жылдар мен айларды қазіргі календарьға аударып келтірдік. «Бирун» сөзінің мағынасын түсіндіруші де И. Ю. Крачковский.

Бируни мұраларын зерттеуде Ғылым академиясының корреспондент мүшелері С.П.Толстов пен А.Ю.Якубовский, Өзбекстан Ғылым академиясының академигі Т.Н.Қары-Ниязов, Мәскеу университетінің профессоры А.П. Юшкевич елеулі табыстарға жетті. Тарихшы және археолог С.П.Толстов 25 жыл бойы Хорезмнің көне тарихын зерттеп, археологиялық қазу жұмыстарын басқарып келеді. Оның Мемлекеттік сыйлық алған «Ежелгі Хорезм мәдениетінің ізімен» атты белгілі кітабында Хорезмнің ерте кездегі ғылымы мен мәдениеті, тарихы айтылған. А.Ю.Якубовскийдің еңбектерінде Орта Азия мен Ғазна мемлекетінің қарым-қатынастары айқындалған. Көрнекті өзбек ғалымы Т.Н.Қары-Ниязов физика, математика, астрономия ғылымдарының ежелгі Орта Азияда даму жолдарын зерттеген. Оның «Ұлықбектің астрономиялық мектебі» атты монографиясында Бирунидің математикалық және астрономиялық еңбектері талданған. Физика-математика ғылымдарының докторы профессор А.П.Юшкевич Бирунидің математикалық шығармаларын түсіндіру және насихаттау жолында еңбек етіп келеді. А.П.Юшкевичтің «Орта ғасырлар математикасының тарихы» атты кітабында (орыс тілінде, 1961 жылы Мәскеуде шыққан) Бирунидің математикадағы табыстары, олардың кейінгі ғалымдарға еткен әсері жан-жақты баяндалған.

Әдем ғалымдарының бірсыпырасы Бируни еңбектерін зерттеп, олардан бүгінгі өмірімізде кәдеге жарайтын көптеген материалдар табуда. Бұл бағытта, жоғарыда айтылғандардап басқа, мына ғалымдардыц аттарын атап өтуге болады: В.Ю.Захидов - Бирунидің дүние тануы мен әлеуметтік көзқарастарын зерттеуші, С.Н.Григорян - Бирунидің философиясын зерттеуші, Э.Кольман - Бирунидің философиялық және математикалық еңбектерін зерттеуші, X.У. Садықов пен В.П.Щеглов - Бирунидің астрономиясын талдаушылар, Г.Г. Лемлейн мен А.М.Беленицкий - Бирунидің минералогиясын түсіндірушілер, Я. Г.Гулямов - Бирунидің гидрография жөніндегі еңбектерін түсіндіруші, А.А. Семенов - Бирунидің өмірбаянын, Г.Джалалов - Бируни шығармаларының түпнұсқаларын баяндаушылар. «Өткен буындардың ескерткіштерін» орыс тіліне аударушы филология ғылымының кандидаты М.А.Сальені де осылардың қатарына қосуға болады. Ол арабтардың әйгілі «Мың бір түн» ертегілерін 8 том етіп орыс тілінде жариялаған ғалым аударушы.

Қазір Әбурайхан Бирунидің есімі дүние жүзіне мәлім. 1948 жылы оның өлгеніне 900 жыл толуын мәдениетті елдердің бәрі атап өтті. Сол кезде араб елдері - Мысыр, Алжир, Тунис, Сирия т.б. Бирунидің туғанына 1000 жыл толу юбилейін өткізді. Араб жылында 354-355 күннен ғана болатындықтан, біздің 33 жылымыз араб календарының 34 жылы, ал 971 жылымыз - 1000 жылы болады. 1949 жылы 25 және 26 март күндері СССР Ғылым академиясы Мәскеуде Бируниге арналған ғылыми сессия өткізді. Өзбекстан Ғылым академиясының жанынан Бируни еңбектерін зерттеу және насихаттау жөнінде арнаулы комитет құрылды. Қазір бұл комитет жоспарлы түрде жұмыс істеп отыр. 1973 жылы ұлы ғалымның туғанына 1000 жыл толу юбилейі өткізілмек. Бұл бағыттағы дайындық жұмыстары жүргізіле бастады.

Ғылым тарихының жарты ғасырына «ие болған», артына өшпес із қалдырған ой алыбы - Бируни Қазақстан ғалымдарының назарынан тыс қалып келеді. Қазақ оқушылары әзір Бируниден бихабар. Ол жайында қазақ тіліндегі бірден бір мағлұмат осы мақалаға қол қоюшы бірінші автордың «Халық календары» атты кітабында келтірілген. Бирунидің қолжазбалары немесе олардың көшірмелері Үндістанда Делиден, Мысырда Қаирдан, Испанияда Мадридтен табылған. Осындай қолжазбалар Қазақстан жерлерінен де табылып қалуы мүмкін. Оның «Хорезм тарихы» атты аса құнды кітабы қолға түспей келеді. Егер табыла қалса, онда Орта Азия мен Қазақстанның тарихына байланысты бағалы деректердің болатындығы сөзсіз.

Қазіргі ғылымның орта ғасырлар ғылымынан сан жағынан да, сапа жағынан да зор айырмашылығы бар. Адамзат осы күні атом өзегін ақтарып, «жеті қат көкке» көтеріліп, табиғаттың бір талай асау күштерін жүгендегі отыр. Табиғатта жоқ көптеген заттар адам қолымен жасалып отыр. Мәселен, дүниедегі заттардың ең қаттысы - алмас Бируни жазып кеткен асыл тастардың бірі. Алмастың кеспейтін нәрсесі жоқ. Ал қазір ғалымдары алмасты басқа заттардан химиялық жолмен қорытып шығаратын болды. Жасанды алмас табиғи алмастан да қатты.

XX ғасырдың ғылымы аспаннан түскен жоқ, ол - ұзақ дамудың жемісі. Дамудың бұл жолында көптеген ардагерлер жарқын өмірлерін сарп еткен, забыр көріп, жапа шеккен. Архимед пен Ұлықбектің бастарын қанды қол қарақшылардың қылыштары кескен. Бруноны поптар бағанаға байлап өртеген. Ньютонның жарты өмірі жоқшылықта өткен. Хорезмнен Ғазнаға айдалған Бируни аяғына кісен, қолына бұғау киген. Олар осындай қара түнек заманда, өлім тырнағында жүріп болашақ ғылымның көрбілте соқпақтарын түсірген, сөйтіп бүкіл адам баласына қызмет еткен. Жолио-Кюри мен Эйнштейн, Циолковский мен Курчатов, Резерфорд пен Бор тағы басқалар сол соқпақтарды ғылымның тас төселген тақта жолдарына айналдырған.

Ұлы ғалымның жаны еңбектері мен идеяларында болады. Еңбектері мен идеялары өлмейтін ғалым, тәнінің өлгеніне қарамастан, өмір сүре береді. Әбурайхан Бируни - осындай, мәңгі жасай беретіп ғалым. Оның ғылыми табыстары ілгері басуда, дәлдігі арттырылып, тереңдетілуде. Ғалым бостандықты аңсаған еді. Қазір «Сақлаб жерінен» «Шін теңізіне», «Памир жоталарынан» «Солтүстік теңізіне» дейінгі байтақ жерлерде бостандық туы желбіреуде. Бируниге белгісіз болған Куба да бостандық аралы болып отыр. Құлдық құрсауы быт-шыт болып үзіліп жатыр.

Пайдаланған әдебиет:

Исқақов М.Ө., Кенжалин Т. Әбурайхан Бируни. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІх ғасырлары). Құраст: Исқақов Б. -Алматы, 1964. 95-131 б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-11-24 10:01:56     Қаралды-15346

БАЛ ҚОСЫЛҒАН ІРІМШІК

...

Шикі жұмыртқаның сары уызы, қант, ұнтақталған жаңғақ дәні және бал қосылып үгіледі. Осы қоспа ерітілген сарымайға салынып көпіргенше араластырылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАРАҚАТ ЖИДЕКТЕН ӘР ТҮРЛІ ТАҒАМДАР ЖАСАУ

...

Қарақаттың жидегінде, буршігінде, жапырағында, гүлінде С, В1, Р витаминдері және А витамині (каротин) көп болады. Сонымен қатар жидегінде қант, лимон, алма қышқылдары, илік заты және бояу бар, бүршігінде және жапырағында эфир майы болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СҮТ ҚАЙНАТПАСЫ

...

Сүт қайнатылып, үстіне қант қосылады да ваниль ұнтағы салынады. Оның үстіне бөктірілген желатин салынып, қайнатылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СҮМӘЛЛӘК

...

Бидайды су себелеп дымқылдап, үш күндей жауып қойып өндіру керек. Сол аздап өнген бидайдың 2-3 сантиметрдей көгі кесіліп тасталады да, қалған ақ түсті дәні жиналып алынып үстіне су салып езіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Майкл Джорданды мектептегі басткебол командасына әуел баста қабылдамады

...

Тоғызыншы сыныпта Джордан жақсы баскетболшы болып үлгерді. Әйтседе, ол кезде оның бойы жетпеген де еді (1978 жылдың жазында оның бойы 175 см болған), Майкл өте шапшаңдығымен және ынтасымен ерекшеленді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖІР ОЙЛАСЫ

...

Жеміс массасы мен жаңғақты қант-сірне шырынына қосып қайнатып, бадам және грек жаңғағымен әшекейлеген тағам осылай аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »