UF

ӘБУНӘСІР ӘЛ-ФАРАБИ

Дүние жүзіндегі мәдениетті адам баласына ғылым мен білімнің қайнар көзі болып саналған ұлы данышпан, Екінші ұстаз (Мұғаллим сани) Әбунәсір Фараби Түркстан тарапындағы Отырар шаһарында, 870 жылы шамасында туған.

Отырар шаһары - Арыс өзенінің Сырдария өзеніне құяр аралығына орналасқан, түркі нәсілді халықтардың сол кездегі үлкен шаһарларының бірі болды. Ол қазіргі кезде Түркстан өндіріс басқармасына қарасты территорияда екені мәлім. Бұл араның шөлейт жазығында көптеген құм-шағыл төбелер жатыр. Сол төбелердің барлығы да бір кездегі Отырар қаласының орны. Қала құрылыстары Шыңғыс жорығында және онан кейін де бірнеше рет қираған. Әлі күнге дейін олар «Отырартөбе», «Қарауылтөбе», «Қорғантөбе», «Алтынтөбе», «Арыстан-бап», «Гауһарана» және т. б. аталады.

Арабтар Отырар қаласын Фараб деп атаған. Әбунәсірдің аты Фараби (әл-Фараби) болып аталып кетуі осыған байланысты. Ол Отырари немесе Отырарлық деген мағынада. Кейде оны Узлақ немесе Тархани деп те атайды. Өзінің толық аты Әбунәсір Мұхаммед, әкесінің аты да Мұхаммед.

Дүние жүзіне тараған барлық сенімді деректер бойынша Фараби түркі халықтардан шыққан, руы қыпшақ-қаңлы делінген. Фараби еңбектерін көп зерттеген ертедегі араб ғалымдары: «Ол кісінің ана тілі түркі халықтардан бола тұрса да, арабшаны жетік білетін еді» - деп жазған.

Әбунәсір Фарабидің туған жерін дәлірек айтушылар Отырардың дәл орталығы емес, оның маңындағы «Уазих» деген қорған еді дейді. Оның Узлақ (Узлағ) деп аталуы қоныс атымен байланысты болуы да мүмкін. Бір өзеннің екінші өзенге кұйған жерін Уаз (ваз) деп атайды екен. Олай болса, Уазих дегені Арыстың Сырдарияға құйған жеріндегі қорған болуы да ықтимал. Бұған қарағанда «Узлақ» дегені құйылыс мағынасында болуы да ақылға сыйымды. Ал Тархани деген атағы ата-тегімен байланысты болуы керек: ірі қызмет атқаратын білікті, белгілі қоныс-жер иесі болған адамдарды тархан дейді. Фарабидің ұлтын айыру үшін қыпшақтар туралы бірер түсінік берейік.

Түркі халықтарының ежелден бергі белгілі бір арысын қыпшақ атайтыны бәрімізге белгілі. Оның қай кезде шыққан сөз екені, неден аталғаны туралы көптеген аңыздар бар. Белгілі тарихшы Әбілғазы Баһадурхан өзінің шежіресінде қыпшақ болып аталудың себебін түріктердің атақты түп атасы - Өгізханмен байланыстырады. Үлкен бір соғыстан кейін Өгізхан елін аралап жүрсе, үлкен бір ағаштың қуысында жалғыз әйел жаңа ғана босанып жатыр екен. Хан оның аянышты халін көріп, бұл баланың әкесі қайда деп сұрайды... Оның әкесі осы жорықта қаза тапқан батырлардың бірі екен. - Олай болса, - дейді хан, - бұл балаға мен өзім әке боламын. Сарайға апарыңдар - деп әмір береді. Атын Қыпшақ деп қояды, ол «қуыс ағаш» дегені болса керек. Қыпшақ елі - соның ұрпағы.

Қыпшақты түркі халықтарының ең арғы аталарынан, оғуздар атты тайпалармен қатар шыққан деп санауға болады. Қыпшақ туралы жазылған мәліметтер түркі халықтардың ертедегі тасқа жазған таңба жазуларынан, «таңбалы тастардан», орхон жазуларынан кездеседі.

Қыпшақтар туралы мәлімет ертеден бергі көршілес халықтардың шежіре-тарихтарынан табылады. Мысалы, гректерше «уз» (гуз), қытайша «каткий», араб-парсыша «қыпшақ», орысша «половец», европаша «куман» аталған халықтар осы қыпшақтар деген пікірге қосылуға болады.

Қалай болған күнде де Фараби заманында қыпшақ атты ел Алтай мен Орал, Еділ (Волга) арасына қанат жайған, сол кездегі дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттердің бірі болғаны даусыз. Сырдария бойындағы Отырар қаласы сол қыпшақтың ең ірі мәдениет орталығының біріне айналып, қыпшақ тілі сол кездегі дүние жүзілік халықаралық мәдени-қатынас тілдерінің бірі болған. Махмуд Қашқари өзінің түркі тілдері сөздігінде қыпшақ тілі негізінде тегі бір бірсыпыра халықтардың арасынан кездесетінін айтады. Орта ғасырларда латын тілінде жазылғап «Кодекс куманикус», яғни «Кумандар кітабының» тілі сол ескі қыпшақ тілі деуге болады.

Орта Азияға тараған Хорезм мәдениеті де осы қыпшақ мәдениетімен жалғасады. Хорезм мәдениетінің (шығыс аудандары) негізінде Қашы (Кангюй) атымен байланысты екені мәлім. Ал қаңлы - қыпшақтардың ханзада басшылары немесе батырлары болып табылады. Осы жөнінде Махмуд Қашқари еңбегінде: «Қаңлы - қыпшақтардың атақтыларының есімі» деп жазады.

Фарабидің ата-тегі қыпшақ ішінде қаңлы және атақты қоныс иесі тархан тұқымынан деп те атадық. Біздің ойымызша қаңлы: тархан деген осы екі сөз екі тілдегі бір мағынаны беретін сөз болуы керек. Әбілғазы Баһадурханның шежіресінде жорықта жүрген Өғізхан соғыс жабдықтары мен олжаларын артуы үшін арба жасатып алады, онысы салдыр-күлдір етіп жүретін болған. Сол себепті оны көнек деп атайды, ал оны жасаушы шеберді Қаңлы (Қанкли) дейді.

Қейінгі замандарда, әсіресе, Шыңғыс жорығында қыпшақ елі көп соққы көріп, бытырап кеткен. Бытыраған тайпалар мен рулар қыпшақ атын тастап, басқаша аталады. Қыпшақ, қаңлы дегендер екі бөлініп, тек кейбір жерлерде ғана сақталып қалған көрінеді.

Ал сол кездегі қыпшақтар, әсіресе Сырдария бойындағылары кейін негізінен қазақ халқының құрамына кіреді. Сонымен Фарабидің туған елі де, жері де - өзіміздің қазіргі Қазақстан, демек, Фараби қазақ халқының ұлы данышпаны, бабамыз. Әрине, оның көптеген сапарларда болуына және көп тілдерді біліп, сол тілдерде жазуына байланысты кейбір туысқан халықтардың да оны біздікі дейтіндей пікірлері бар сияқты. «Қыпшақ» түсінігі көптеген түркі тектес халықтардың бір кездегі басын қосқан түсінік екені де рас, сол себепті оның қисыны да бар. Фараби сияқты ұлы тұлға туысқан халықтарымыздың бәріне де жетіп жатыр. Ол - Ай мен Күндей, әлемге бірдей ұстаздық еткен данышпан. Бірақ Фарабиді терен зерттей білейік, түсіне білейік, керек жерін ала білейік, елге көрсете білейік, ілімін дамыта берейік.

Тегінде «қыпшақ» деген сөздің өзі «қазақ» деген сөзбен сабақтас. Бұл екі сөздің ішіндегі үш дауыссыз дыбысы бірдей: басындағы және аяғындағы екі «қ», ортасындағы ш-с-з бір балама дыбыстар. Екі дауысты дыбыстың біреуі ғана сәл басқаша, яғни «а» орнына «ы»; бірақ ескі орхон жазуы бойынша бұлар да біріне-бірі жақын баламалас дыбыстар. Айырма тек қана «п» әрпінде. Оның осы арада болуы заңды нәрсе. Оған толық түсінік беруге болады. Оны қозғайтын болсақ, әңгіме ұзаққа созылады. Ал бұл арада айта кетеріміз: қыпшақ Фарабиді қазақ Фарабиден ешуақытта айыруға болмайды. Сындарлы зерттеуші бұл пікірімізге қосылар деп ойлаймыз.

Қыпшақ мәдениетін зерттеу барлық түркі халықтардың мәдениетін зерттеуге, қала берді, барлық қазақ мәдениетін зерттеуге әкеліп соғады. Мұның ар жағы дүние жүзілік мәдениеттің ертедегі терең тамырына соғады. Біздің бұл арада айтарымыз: Фараби ежелгі көне замандардан келе жатқан күрделі мәдениеті, ғылымы, мемлекеті бар, іргелі елден шыққан адам. Оның болашақ ғалымдығына негіз болған өз отаны.

 

ФАРАБИДІҢ ҒЬІЛЫМИ ӨМІРБАЯНЫ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША ТҮСІНІК

 

Отырарлық жас ұлан

 

Болашақ ұлы данышпанның туған қаласы Отырар - сол кездегі дүние жүзіндегі ең ірі қалалардың бірі болған. Ерте заманда бүкіл дүние жүзінің кітабын жинаған ең ірі кітапхана Египетте, ертедегі грек мәдениетінің орталығы - Александрия қаласында болған екен. Ол орта ғасырлардың бас кезінде өртелген, себебі ондағы кітаптарда айтылғандар ол кездегі христиан дінін жақтаушы топастардың пікіріне қайшы келсе керек.

Отырар қаласының кітапханасы әлгі Александриядағыдан кейінгі ең ірі кітапхана екен. Фарабидің ғылымға деген алғашқы ынтасы, терең ғылыми ойының алғашқы ұшқындары, туған елінде, осы Отырар мектебінде, оның тамаша кітапханасында пайда болды деп білеміз.

Сонымен қатар Фараби дүние тани бастаған кезде ислам діні Орта Азия мен Қазақстан жерлерінің бірсыпырасына тарап қалған болатын. Араб халифаты Ғаббас тұқымдарының қолына ауысып, оның орталығы Бағдат қаласы салынған-ды. Ғаббас халифалары көп жылдар бойы Сирияда Шам (Дамаск) шаһарын орталық етіп келген Умиялық халифаларды құлатқан соң (750 жылы), жаңа астана Бағдатты дүние жүзіндегі ең көрікті, атақты қала етуге тырысқан. Бағдат араб өнерінің де, ғылымының да орталығына айнала бастаған.

Фараби кезінде Бағдат мәдениеті дүние жүзін таңдандырған хикая-ертегі аңыздарға айнала бастаған. Араб халифасы Арон Рашид пен оның атақты уәзірі Жағфардың «керемет» істерінен ертегі-аңыздар туа бастаған, яғни болашақ «Мың бір түн» әңгімесі тарайды. Осы «ғажайып» оқиғалар Түркстан еліне, Отырарға да жетіп жатады. Бағдат, Мысыр, Шам, Ма-Шиннің тамаша жаңалықтары мен өнер-білімі жайынан жаһангез саяхатшылар мен саудагерлерден естігенде жас Әбунәсірдің делебесі қозатын-ды. Ал осындай тамашаны, ғылымның, өнердің ғажабын тек қана құлақпен естіп қанағаттануға болар ма? Әбунәсір сияқты алғыр, зерек, талапты жасты бұл қанағат етпейді. Ол соның барлығын аралап өз көзімен көру керек, өзі зерттеп, өз қолымен соны жасай білу керек... Тек сонда ғана ол оған сенеді, тоқталады, тояттап сусынын қандырады. Мәдени орталықтардың бәріне саяхат жасап аралау керек. Ғылым мен өнердің барлық тарауларының бірін қалдырмай меңгеру керек... Міне, отырарлық жас ұланның алдына қойған мақсаты, - «аз-көп болса да, осы ғана» болады.

Бұл ұлы мақсатқа жету үшін табиғи дарын, ынта-жігер керек. Ал дүние жүзін аралап, ғылым мен өнерді меңгеру үшін дүниеге алданбау керек. Міне, туған елінен аттанарда жас Әбу ойын осылайша түйеді. Ол мақсатына толық жетті. Қалай? Қайтіп? Енді бұл сұраулардың жауабына тоқтаймыз.

 

Фарабидің алғашқы сапарлары

 

Фарабидің өмірбаянын зерттеушілердің бәрі де ол кісінің жасынан сапарға шығуды, жол жүруді тәуір көретінін айтады. Шынында сол кездегі көп ғалымдар сияқты оның да саяхатшы болғаны айқын. Оның қыпшақ елін, Орта Азия елдерін аралағаны, Соғда, Хорезм, Хорасан (Иран) елдерінде болғаны айтылады. Соның арқасында ол бірнеше тіл біліп алады. Өзінің ана тіліне жақын түркі тілдерді меңгерумен қатар ол парсы тілін жақсы біледі.

Алдымен көршілес, аралас түркі, парсы-тәжік тілдес елдерді аралайды. Мавераннахрда бір сыпыра уақыт жүреді. Ол кездегі Түркстан мен Бағдат арасындағы мәдениет орны болған ірі қалалар: Талас, Шаш (Ташкент), Самарқан, Бұқар, Үргеніш, Хиуа, Мерв, Термез, Балх, Қабул, Газна, Ғират, Нишапур, Рей, Хамадан, Нехавенд, Исфахан, Керман және т. б. еді. Каспий теңізін жағалап, Кавказ арқылы жүретін жолда: Амоль, Казвин, Тебриз, Шемахан, Баку, Бал-әл-Абуаб, Етиль (Еділ), Тбилиси тағы басқалары болады. Фарабидің осылардың қайсысына барып, қайсысына бармағаны әзірге мәлім емес. Ал енді оның көп тілдерді үйреніп, көп сапар шеккеніне қарағанда, ол кісі әлгі шаһарлардың бірсыпырасында болған тәрізді.

Оның көбірек бөгеліп, ізденген жерлері Иран болу керек. Иранда болған кезінде Фараби жас бала жігіт болады. Ол өнерпаз, сауыққой, ақын, әнші, шебер музыкант болады. Фарабидің парсы тілінде жазған бірнеше өлеңдері (рубаи) бар.

Фарабидің Ирандағы өмірінен бір қызықты оқиға келтірелік. Иранның бір үлкен ұлығы (уәзір немесе шахизаде болу керск) Фарабидің музыкасына құмар болып, оны сарайына келтіре алмай жүреді. Бір күні Фараби келіп қалады, бірақ кім екенін білдірмейді. Оның үстінде өз елінен киген қаусырма шаруа шапаны, басында түркстандық бөркі мен аяғында шәрке кебісі болады. Беліндегі орайбек белбеуінде имек қылышы қыстырулы, үсті-басын шаң басқан, қолында таяғы, жіңішке қара мұртты, өткір көзді, қыр мұрынды, кең маңдайлы, бидай өңді, бойы ортадан гөрі ұзындау, ат жақты, кең иықты, сүйегі ірі ашаң жігіт екен.

Жолаушының бейнесі алыс жердің адамына ұқсайды. Түркстан-Отырар тарапындағы қыпшақтардан екені сезіліп тұрады. Мейман сарайдың ішкі жайларына, әрине, жіберілмейді. Оған ауыз жақтағы ас үйден орын береді.

Шам жағылып, бекзада жастар жиналып, кешкі сауық басталады. Сол кезде Фараби де музыка аспабын ішіне жасырып алып сауық залына кіреді. Ән салу, би билеу, сырнай-керней, сыбызғы тарту бірінен соң бірі кезектесіп жатады. Сауықта отырғандардың киімдері, аспаптары жарқ-жұрқ етеді. Босағада отырған жұпыны киімді жолаушы жігітті ешкім елемейді. Өнерпаздардың арыны басыла бергенде жолаушы орнынан тұрып, бір күйді тартып беруге рұқсат сұрайды. Рұқсат етіледі. Фарабидің құйқылжыта тартып, сайратқан күйі отырғандарды мәз-мәйрам қылады. Біраздан соң олар Фарабиге тағы бір күй тартып бер дейді. Ол өзінің аспабын басқа бір үнге ауыстырып, тағы бір күй тартады. Ботасы өлген інгендей сарнаған шерлі күйдің нәзік үні жұрттың көңілін босатады. Отырғандар Фарабидің өнеріне қатты разы болып, ортаға шақырады. Бірақ ол қозғалмай отыра береді. Фарабидің қасына шахизаданың өзі келіп, онан тағы бір күй тартып беруді өтінеді. Егер онысы ұнаса, оны сарайында қалдыратын ойы барын білдіреді. Фараби ойнап береді. Тамылжыған тәтті күйдің толқыны тербеп, отырғандар тегіс ұйықтап кетеді. Осы кезде Фараби аспабын жинап алып, ауыз үйге шығады да, өзін бұрын шақырып жүрген шахизадаға хат жазып, кетік қалады.

Таң атқан соң күзетші шахизадаға хат ұсынады. Оқып қараса түндегі күйші жігіт жазыпты.

- Жоғары мәртебелі, құрметті мырза, - деп бастапты Фараби, - сіздің көп уақыттан бері шақырғаныңызды есіме алып келіп едім. Аз өнерімнің шетін алдыңызда көрсеттім. Сарала киген сарайдың сәніне құмар жан емеспін. Іздегенім білім мен ғылым. Сондықтан алаң болмаңыз, кешіріңіз, мархабат. Әбунәсір ибн Мұхаммед Тархани... деп қол қойған.

Сарай қауымы сандарын бір-ақ соғады. Көп жылдардан бері келтіре алмай жүрген өнерпазды орталарына келгенде танымай, құрметтей алмай қалғандарына қатты өкінеді. Фарабиді іздетеді, бірақ таба алмайды...

Өлең айтып, рубаи жазғанымен, күй тартып, жырлаумен оның алға қойған мақсаты орындалмақ емес. Бұлар тек алғашқы жастық шақтың жауқазын қызғалдағы еді. Алда асқар таудай асуы қиын, түпсіз терең өткелі қиын дариядай ғылым дүниесі жатады... Ғылым қамалын алу үшін оның қайнаған орталығына бару керек. Ол орталық - Бағдат. Фарсы тілі - майда, нәзік өнер тілі болғанда, ғылымның тілі - араб тілі, соны меңгеру керек... Осы оймен Фараби шахизада сарайынан шыққан бетте керуендерге ілесіп Бағдатқа тартты.

 

Фараби Бағдатта

 

Көптен арман еткен Бағдатқа да Фараби келіп жетті. Дүние қақпасы аталған «Даруссалам» Бағдат ерте замандағы мәдениет кіндігі болған Вавилон шаһарының төңірегіне салынған... Оның әмірі дүниенің төрт бұрышына тарау керек; ал өнері мен ғылымы ақыл-ойдың ең биік шыңы болу керек. Адамдары дүние жүзіндегі ең бақытты адамдар болу керек... Қысқасы, Жер ұжмағы Бағдат болу керек. Отырарлық жас жігіттің Бағдат туралы алғашқы қиялы осылай болатын.

Мысыр мен Шамнан, Мекке мен Мәдинадан, Хорезм - Хорасаннан, Еділ мен йеменнен, Шын-Машыннан, Қырым мен Қытайдан, Үндістан мен Қоқаннан, мағруп пен машруптен келіп-кетіп жатқан керуеннен аяқ алып жүргісіз. Неше түрлі тілде сөйлейтін, неше турлі кескінді адамдар. Арон Рашид халифаның салдырып кеткен алтынды сарайымен қатар, мешіттер де көп. Халифа сарайының маңындағы әскери адамдар түркі қыпшақ тілінде сөйлейді екен. Олар Фарабиді киімінен танып сөйлеседі. Бұларды арабтар «гулямдер», яғни жігіттер деп атайды екен.

«Дарулхикмат» - ғылым орталығы, оның қақпасына жазылған: «Ғалымдардың сиясы - шейіттердің қанындай қадірлі» деген сөз Фарабидің көзіне оттай басылды. Бұл арада ғылымға айналысқан адамдардың ішінде Фарабидің жерлестері де көп екен. Үндістан, Иран, Византия, Рим, Қытай ғалымдары да отыр. Олар бірімен бірі көбінесе араб тілінде пікір алысады, арабша жазады. Бірақ көптеген ғылыми кітапшрды өз тілдерінде оқып пайдаланады. Сонымен байланысты араб тілінен басқа да бірнеше тілді білу қажет екен. Сондықтан да Фараби алдымен білмейтін тілдерін үйренуге кірісті. Араб тілін бұрын жөнді білмейтін еді, ол осыдан бастады. Зерек, алғыр, ынталы жас Фараби араб тілін ұзамай жақсы меңгеріп алып, тамаша кітаптарды оқи бастады. Алдымен ол өзінің жерлесі ұлы математик Мұхаммед Хорезмдік Мұсаұлының (әл-Хорезмидің) «Әл-Жебр» мен «Әл-Мухабаласын» - алгебраның атасын оқыды.

Есеп ғылымына Мұсаұлымен қатар еңбек сіңірген, онымен бірге істеген тағы бір ұлы ғалым Ғаббас ибн Саид әл-Жауһари еді. Фараби оны ертеден жақсы білетін-ді, өйткені ол Отырардағы Гауһарана (Жауһарана) атты қыстақтан болатын. Ғаббас - батыл математик-геометр еді. Ол Евклидтің еңбектерін зерттеп, оның атақты бесінші постулатына дәлелдеме берген. Өзі ірі астроном болады.

Фараби бұл екеуінен басқа тағы екі ірі астроном-математиктің атымен таныс еді. Олар да Түркстан жерінен келген-ді. Оның бірі - ферғаналық Ахмед әл-Ферғани, екіншісі - мервтік Ахмет Мервази болатын. Ахмед әл- Ферғанидың отыз тараудан құралған астрономиялық еңбегі «Қитаб әл-фусун әл-саласин» Әбунәсірге үлкен әсер етеді.

Фараби араб тілін толық меңгеріп, бірнеше ғылымдармен танысып алған соң, араб елінің өзінен шыққан ұлы ғалымдарының еңбектеріи оқып, үйрене бастады. Солардың ішінде химия ғылымының алғашқы ірге тасын қалаушылардың бірі - алхимияның атасы болып саналатын Жаббар ибн-Хаинның 77 тараудан тұратын еңбектері де болады. Дүниедегі көптеген заттардың сырлары осы кітапта жазылған еді. Мысты «алтынға» айналдыру, дертке дауа болатын дәрілер жасау әдістері, ажалға айла табуға талап ету де осы Жаббардың (Гебер) еңбектерінде сөз болады. Мысалы, азот қышқылы, мүсәтір, сынап қосындылары сияқты аса қажетті химиялық препараттарды алғаш рет ашқан да осы Жаббар болған. Сонымен қатар оның еңбектерінде табиғатта кездесетін минералдық заттар туралы да мәліметтер бар еді.

Ғылымдардың жеке салаларының заңдарына Фараби жоғары ынтамен көңіл қояды. Ғалымдардың еңбектерінде жазылған қағидаларды ол сол қалпында алып қоймайды. Оның мінезіндегі табиғи ерекшеліктердің бірі - ол ешбір нәрсені өзінің көзі жетпей қабыл алмайды. Оны ақыл таразысынан өткізбей ол қағидаға мойын қоймайды екен. Фарабидің осы мінезі, яғни дүниені ақыл таразысы арқылы тануы оның барлық ғылыми-философиялық істерінің арқауы болады. Мәселен, математикалық қағидалар, аксиомалар Евклидтікі еді. Солардың барлығын ол өзінің қолымен қайта сызып, қайта есептейді. Пифагордың атымен байланысты есептер қалай шыққан? Оның тегін, тарихын білу керек. Мәселені ол осылай қояды. Ол ғалымдардың істеген ғылыми жұмыстарының барлығын да қайта жасап шығады. Өз қолымен, өз ойымен, табанды еңбегімен жеткен табыс оның көкейіне мықтап қонып, мәңгі ойында қалады. Сонымен Фараби әрі ауыр, бірақ бірдеп-бір адастырмайтып тура, сенімді жолға түседі.

Болашақ ұлы данышпанның алдында тағы да бір ұлы бейне тұрды. Ол арабтардың тұңғыш философы, ұлы ғалым Әл-Кинди (800-879) еді. Дүние жүзіне аты шулы бұл есімге Фараби ертеден қанықты. Бірақ оның ұшан-теңіз мол дүниесіне қай жағынан жанасудың есебін таба алмай жүрген болатын. Жоғарыда айтылған ғылымдарды меңгеріп алған Фарабиге Әбу Юсиф ибн Исхақ әл-Кинди енді түсінікті бола бастады. Сөйтіп күндердің күнінде Фараби әл-Киндиді де қолға алады. Фараби оның геометрия, астрономия, оптика, метеорология, медицина, психология, музыка жөніндегі еңбектерін тегіс қарап шығады. Олардың әлі жөнге салынбай, жиналып көшірілмей жатқандарын реттеп, өзі ат салысады. Көп ғылымның басын бір жерге қосқан әл-Кинди Фарабиге басқалардан гөрі жақын адам сияқты көрінді. Әсіресе, Фарабиге ұнаған: алдымен әл-Кинди музыканы дәл ғылым, табиғат тану ғылымдарының қатарында қарайды екен. Әл-Кинди оған ұнайды. Тағы бір ұнайтын себебі әл-Кинди білім мен ғылымды табиғаттың өзін бақылаудан іздейді де, сол бақылауды ақыл-ойдың таразысына салып шешеді. Басқа сөзбен айтқанда дүние тануда бірінші орынға ол адамның ақыл-парасатын қойған ғалым. Осы тұрғыдан келіп ол адамның ақыл-қабілетін төрт түрге бөледі: 1) алғыр ақыл; 2) сылбыр ақыл; 3) табынышты ақыл; 4) көлгір ақыл. Фарабиге әсіресе осылары қатты ұнайды.

Әл-Кинди ертедегі гректің ұлы ғалымдарына зор баға беріп, атақты Аристотельдің еңбектерін арабшаға аударады, оның «Логикасына» талдау жасайды. Сондықтан Фараби енді өзінің алдына грек тілін үйрену мақсатын қояды. Осы мақсатпен ол христиан дініндегі ғалымдармен танысты.

Фараби ең алдымен грек тілінен арабшаға аударудың тамаша шебері Әбу Бишар Маттамен тез танысып, грекше үйрене бастайды. Аз уақыт ішінде ол грекше жақсы біліп, Маттаға көмекші болып, кітап аударуға кіріседі.

Матта арқылы ол тағы бір христиан ғалымымен танысты. Ол сол кездегі ірі ғалымдардың бірі - дәрігер Иоганн ибн Хайлан еді. Хайлан да, Матта да христиан дінінен бөліпіп шыққан несториандар болатын. Олардың Ғайса - құдайдың баласы емес, тек пайғамбар дегені мұсылман дінінің ол жөніндегі түсінігіне дәл келеді. Сол себептен олар, өз жерлерінен - батыстан қуылған соң осында келіп паналаған болатын.

Иоганн бин Хайлан халифа Мұхтадрдың өзін де емдеген атақты адам. Фараби мұның дәрігерлік ілімін үйренді. Осы кездерде Фараби Аристотель, Платон, Птолемей, Евклид, Гиппократ, Гален сияқты ғалымдардың еңбектерін өздері жазған тілде түп нұсқасынан оқи алатын болады. Осы жолы Бағдаттан шығып Харран деген жерге барып тұрады. Ол тек анда-санда ғана ғалымдардың академиядағы мәжілістеріне келіп қатысып тұратын болды. Мәжілістердегі бақас-таластарда, үлкен дәрістер оқылғанда Фараби сөз сөйлеп журеді. Сөйтіп кешікпей-ақ ғалымдар арасында оның беделі арта бастайды. Ол енді Аристотель мен Платон еңбектеріне жаңадан түсіндірмелер жазып, философиялық система жасауды қолға алды.

Фараби ғалымдар арасындағы көптеген талас-тартыстар мен дау-жанжалдардың кейде бір болымсыз, маңызы шамалы нәрседен немесе бір сөзді екі мағынада түсінуден болатынын да байқайды. Алайда ондай бақастықтар мен тартыстардың тиімді жағы да болды. Өйткені, талас пен сауалдардан мәселе айқындалып, ой шынығып, сөз өңделетін еді. Мұндай мәселелерді талқылауға қатысуға Фарабидің өзі де құмартады. Бірақ көптеген мәжілістерде болымсыз нәрсені сылтау етіп, біреуді біреуге айдап салатын, сөз құмар адамдар да болады. Солардың ішінде өзі топас, арам ойлы, өзімшіл адамдар да кездесіп жүрді. Олар ғылыммен, біліммен, болашақ мақсатпен шаруасы болмады. Өсек тасыды, соны кәсіп етті.

Егер ойшыл, білімді адамдар алдымен өздерінің қажырлы еңбегімен ақыл-ойына сүйенсе, өсек терген жандар ондай сүйенішті алдымен халифа сарайының маңынан іздеп, табады. Сондықтан олар ең алдымен халифаға қастық жасайды деген қауіпті адамдарды іздейді. Екіншіден, ислам дініне қайшы келетін пікір айтқандарды іздейді. Әрине, мансап іздеген мұндай адамдар үшін оны табу қиын емес, оған көп ақылдың да керегі жоқ. Егер кімде-кім ұнамайтын болса, дәл соны күдікті адамның қатарына жатқыза салады.

Осы сияқты күбір-сыбыры көп, күдікті адамдар Фараби айналасына да жиналып үлгіреді. Соны сезген Фараби енді ғылыми бақастар мен дәріс беруді қояды да, елден оңаша кетіп, бау-бақша арасында жұмыс істейтін болады. Көп ұзамай-ақ оны бағбан философ деп атайтын болды.

...Жыл артынан жыл өтті. Самай шашы ағарып, орта жастан асып қалған сияқты. Еңбек те көбейді. Оның әрбір жазғаны ғылымға жаңалық болып қосылып жатты. Ол қолдап-қолға, мағриптан машрупқа тарады. Фарабидің атағы күннен-күнге елден-елге жетіп, өнер мен ғылымда, философиялық даналықта одан асқан жан жоқ десіп жүрді. Сөйтіп ол барлық ғалымдардың ұстазы болды. Сол кездерде Аристотель - Афлатоннан (Платоннан) кейінгі Екінші ұстаз - «Әл-Мұғаллым әл-Сани» аталғап осы Фараби еді.

Өзінің көзі тірісінде Фараби осындай ұлы данышпандық атаққа ие болды.

Фарабидің абырой атағы артқан сайын оиы көре ал- май, күндеушілердің саны көбейіп, қастандығы арта бер- ді. Өсекшілер де зар қағып, өздёрінің арам ойларын іске асыруға кірісті. Халифа сарайы мен Фараби арасында келісім бола қоймады, өйткені, олардың бағыттары бір-бірінен кере-қар жатты.

Дәл осы кезде Сирияның жас сұлтаны Сайфәл Даулат Бағдаттан Шамға жүрмек болды. Фарабидің Бағдаттан кетпек ойы бар екенін естіген сұлтан оны өзімен бірге жүруге шақырады. Ең алдымен Фараби тек дәрігер ретінде сұлтанның денсаулығын қарап, жол бойы оны күтіп, апару міндетін алады.

 

Фараби Мысыр мен Шамда

 

Фараби Сайфәл Даулатқа еріп шығарда өзінің Мысырды аралағысы келетінін айтқан болатын. Сұлтан онысын мақұлдаған-ды. Халебтен Шамға келіп, аз күн дем алған соң ол сұлтаннан рұқсат сұрады. Сұлтан оған қарсы болмады.

Фарабидің Бағдатта қолына ала бастаған аса бір ірі еңбегі - «Әл-саясаты әл-мәдинаты» еді. Соны аяқтау үшін оған Мысыр бару қажет болды. Өйткені ол Мысырдың тарихи ескерткіш-жәдігерлерімен танысып, ескі қалалардың үлгісін көріп, ферғауындардың (фараондардың) табыттарын, атақты пирамидаларды көру керек. Сонымен қатар ескі ұстаздардың жүрген жерін көруді өзіне міндет етіп қойды. Пифагор, Платон, Аристотель сияқты ұлы адамдардың өмірі мен қызметін терең білуге құмар болды.

Шамнан шыққан бетте ол Бейрут барды. Онан Құдыс (Иерусалим) арқылы Фарама қаласына келді. Одан Ніл дариясын өрлей отырып, Фустат барды да, біраз уақыт сонда тұрды. Ерте замандағы ферғауын мазарларын көп аралады. «Әлемнің жеті ғажабына» қосылған пирамида құрылыстары оған зор әсер етті. Фараби оны өлшеп көріп, терең ойға қалды, бұдан кейін Александрияға келді.

Фарабидің көкейінен кетпей жүрген бір жұмбақ сыр бар еді. Ол енді сол жұмбақтың шешуін әр жерден, әр елден, әрбір табиғат құбылысынан, әрбір үннің әуенінен, әрбір құрылыстың бейнесінен іздеді. Іздегеніне оның кейде колы жеткендей болады. Бірақ енді ұстадым дегені сағымдай бұлдырап, саусақтарының арасынан шығып кеткендей болып жүреді. Оны жоғалтып алады да, қайта іздейді... қайта табады, қайта жоғалтады... Кей кездерде ол ойды өзі әдейі тұншықтырып, сыртқа шығармауға, тіпті атымен жоғалтуға тырысады. Бірақ, қанша жоғалды дегенімен бір күндерде тағы жарқ етіп алдынан шыға келеді...

Дәл осы кезде оның алдынан сол жұмбақ тағы да кездесе кетеді. «Өлшемділік», «Еселік». Осылардың сыры неде? Бір нәрсе көзге сұлу сүйкімді көрінеді, екінші нәрсе - епетейсіз, ұнамсыз. Осының себебі неде? Дыбыс та, үн де, ән-күй мен музыка да сол сияқты. Бір дауыс бар сүйкімді, естігің келе береді; екінші бір дауыстан жаның шошып, жалт бересің. Бір ән бар жаныңды тебірентеді, бір ән бар жаныңды түршіктіреді. Мәселен мынау көк аспанды алып қарайық... Осынау туған көркем Сириус болмаса мынау Нілдің тасу сырын мысырлықтар қалай білген? Ол болмаса, календарь қалай жасалар еді. Астрономия, есеп ғылымдары қайдан шығар еді? Ол, әрине, сәулесін жерге жіберіп тұр. Сәуле мен дыбыс біріне бірі байланысты. Бұл екеуі де заттардың қозғалысынан шығатын құбылыс. Көктің жүзі күңіреніп әлемге әлем үн қосады, үндеседі... тілдеседі, сол үндестіктен жер жүзінде гүл өседі.

Кереметті, сиқырлы дыбыс сенің сырыңды кім білер, қадіріңді кім білер? Анау пирамидалар өзінен-өзі күңіреніп ән салып тұрған жоқ па!.. Оның формасындағы өлшемдестік, еселестік, пропорция мен симметрия заңдары өзіне сәйкес, өзіне өлшемдес, өзіне еселес толқын тудырады... Сол толқынның әуеніне қарай құлақ пердесі тербеледі, кереметтің дыбыстық ғажайып гармония сыры осында. Пирамида көрікті, өйткені одан кері түскен бейне де дәл дыбыс сияқты шарпылып келіп біздің көзіміздегі жарық пердесіне соғады... Ағаштың әрбір бұтағы, тарам-тарам жапырағы, түрлі-түсті гүлдердің бәрі де біріне бірі өлшемдес, сәйкес, жарастықты, ұнамды. Сол гүлдерден бал жинаған араның ұшуы мен ұясын салу ғажаптарын кім тапқан. Оның бәрі табиғат заңының тамаша бір сыры ғой. Тастан пирамида салған адамның өлшеуіші мен балауыздан ұя салған ара өлшеуіші арасында қандай айырма бар?

...Мынау дыбыс - Ніл дариясының аққаң сылдыры; анау көшкен шөл сағымының бұлдыры. Осы екеуінің ырғақ-әуені бір емес пе? Арасындағы өлшемдері қандай? Фарабидің бала кезінде өз елінде естіген бір ауыз өлеңі есіне түсті:

«Көшеді Сырдың буы сағымданып,

Сол будан қырау қатар гүлдей жанып.

Сол судан гауһар өсер бейне қырау,

Сегіз қыр сәуле шашқан қиық шалып».

Алатау - Қаратаудың кендері мен Сырдың суының қасиеттері туралы толып жатқан қызықты ертегі мен халық аузында аңыздар болатын-ды. Бір сәтте ол сол аралардағы асық ойнап, асыр салып өскен балалық шағын есіне алды...

...Такаббарлық пен мен-мендіктің шегіне жеткен Фергаун (Фараон) өзін-өзі кұдай деп жариялады. Ол Нілдің суын өзімнің құзырым бойынша ағызамын деді. Алтыннан бұзау жасап, Ніл суын соның артынан ергіземін деді. Сол сияқты толып жатқан сиқырлар жасады. Жасады емес-ау, жасатты. Ол мынау тамаша пирамидаларды жасатып, аспанмен тілдеспек болды. Сол үшін ол Ай мен Күннің, планеталар мен жұлдыздардың жүрісін бақылатты. Қүннің сәтін айыртып, жұлдыздан бал аштырды. Осылардың бәрін жасаушылар кім? Олар сиқыршылар ма, әулие-пайгамбарлар ма немесе ғалымдар ма? Солардың ішінде осылардың бәрі де бар.

Ертегінің Мұса пайгамбары Фергаунмен таласқанда оның сиқыршыларымен кездеседі... Мынау Маниф (Манфис) қаласында өте ерте заманда астрономиялық бақылау орны расытхана (обсерватория) болған. Оны Ыдырыс пайғамбар салдырды деген аңыз бар... Демек, Ыдырыстың үлкен ғалым болғаны ғой. Ал оны пайғамбар деп неге атаған?.. Тегінде соның бәрі де табиғат зерттеуінен, ғалымдықтан туған болар. Ғалымдығы жоғары, абройлы, шыншыл болса, ол әулие-пайғамбарлық дәрежесінде қадірлі болған да шығар. Ал енді ғалымдығы шала, пейілі шикі, үйренгенін адам аулауға жұмсайтындарды халық сиқыршы дейді емес пе? - деген тәрізді ойлар келеді, Фарабиге.

Ендігі жерде табиғат дүниесін зерттеуден алынған ғылыми ойдың шындығы мен оның бұрмаланған жалған жағының арасын айыру керек. Соны көрсету керек. Осындай ойға оралған Фараби өзінің атақты «Нұжымның (астрологияның) анығы мен танығы» деген кітабын жаза бастады. Бағдатта бастаған «Әл-саясаты әл-мәдинаты» кітабын аяқтауға айналды. Ол еңбегінде ел билеу ісін ақыл, қайрат, әделет, ғылым қосылып, басқару керек деген оймен аяқтауға бет алды. Бірақ сол қасиеттердің бәрін бірдей талдап жазу бір ғана адамның басынан табыла бермейтін күрделі мәселе. Оның үстіне ол сауыққа салынған сарайларда сирек болды. Оған халифалық топтардың өзі тегінде ел билеудің әділетті түрі бола қоймауы керек деген ой келді. Бұл ойын ол, әрине, ашық анта алмады. Өйткені, ондай пікірді ашық айтудан жаза тартқандар оған мәлім еді. Өзі де жазаға ұшырап барып, әзер дегенде құтылған-ды. Сол себепті ол мұндай мәселені жалпы философиялық тұспал түрінде ғана көрсетуге тырысады.

Ежелгі мәдениеттің ертеден бергі бір кіндігі болған Мысыр Фарабиге зор әсер етті. Ол енді Шамға қайтып, өзінің жолда туған терең ойларын ретке келтірмек болды.

Фарабидің қайтқанын естіген Сайфәл Даулат өзінің сарайында үлкен мәжіліс кешін өткізбек болады. Ол кешке астана ғалымдары мен құрметті қонақтарды, сарай қызметшілерін, сауықшыларды қатыстырмақ болады. Бағдат халифаларының үлгісі бойынша Сайфәл Даулат та өзінің ғалымдар мен ақындарға, өнерпаздарға қамқоршы екенін көрсетуге тырысады. Шынында сол мәжілісте дүние жүзіне аты шыққан Бағдат ғалымы, екінші Аристотель Фараби болса, оның өзі мағриптан машрупқа тарайтын бір тамаша хикая емес пе?

Шам сарайы ерекше безендіріліп, кешкі мәжіліске дайындалды.

Мұндай сауықты Фараби онша жақтыра қоймайтын-ды. Бірақ Сайфәл Даулаттың жасаған қошаметін сыйлап, шаһар адамдарымен дидарласу үшін келді. Фараби ішке кірген кезде қонақтар мен сарай нөкерлері өздерінің орындарына отырып болған еді. Төрдегі Сайфәл Даулаттың тағынан бастап уәзірлер мен ғалымдар арасында бос орын жоқ.

Фараби сәлем бергеннен кейін Сайфәл Даулат оған зор құрмет көрсетіп, отыруды ұсынды.

- Тақсыр, сіздің көрсеткен жеріңізге отырайын ба, жоқ өзімнің қалаған жеріме отырайын ба? - деді Фараби сұлтанның ықыласын сынамақ үшін.

- Ақсақал, өзіңіздің қалаған жеріңізге отырыңыз, - деді сұлтан.

- Олай болса, рахмет! - деп Фараби барлық отырғандардың ту сыртын айналып барып Сайфәл Даулат сұлтанның тағына барып, өзін тізерлей отырды.

Түркстанның сахарасынан келген жұпыны қыпшақ киімді бейтаныс адамның кейбір мінездері отырғандарға ұнамады.

Соны сезген сұлтан тақ күзетшісімен өзара құпия тілде сөйлесіп, оған жиын соңында ғалымды жазалауға әмір береді. Бірақ Фараби бұл тілді түсініп қойып, сұлтанға сол тілде жауап қайтарады. Бұған сасып қалған сұлтан:

- Сіз бұл тілді қайдан білесіз? - дейді.

- Оған таңданбаңыз, мен жетпіс түрлі тіл білемін, - дейді Фараби.

Отырғандар бірінен соң бірі неше түрлі жайларды сұрай бастады. Олардың арасынан Фарабиді тоқтатпақ болып, өнер таластырушылар да шықты. Бірақ қай мәселе жөнінде болса да Фарабидің олардан артықшылығы өте айқын көрініп тұрды. Ақыры олар сөз таластыруды қойып, Фарабиді ұстаз деп танып, оның айтқандарын жазып алып отыруға тырысты.

Фарабиге сұрақ қойып, онын айтқандарын жазып алып, елге таратып отыру ол кезде дәстүр сияқты нәрсе еді. Осындай 42 сұрақ қойып, оған Фарабидің берген жауаптары сақталған. Қазір ол қазақшаға аударылып, баспаға дайындалып жатыр.

Фарабидің музыкаға бейім екенін байқаған және музыканы сүйетін Сайфәл Даулат Фарабиге музыка туралы бір үлкен кітап жазуды тапсырады. Фараби өзінің бұрынғы бағбандық кәсібін істей жүріп, күніне сұлтаннан алған 4 дирхемді (10 тиын шамасындай) қанағат етумен тапсырманы орындап шықты.

Фараби осы кітабы арқылы артына тағы да өшпес мұра қалдырды. Ол 12 тараудан тұратын қолжазбаны сұлтанның алдына қойды да, оған арнаған өзінің алғы сөзін оқып берді.

«Ежелден келе жатқан музыка өнерін сенің білгің келген еді. Сол үшін сен маған осы жөнінде жеңіл, түсінікті, көптің пайдалануына жарайтын кітап жазуды тапсырған едің... Сол тапсырмаңды осы уақытқа дейін орындай алмай, кешігу себебім: бұл мәселе жөніндегі жазылған ерте замандағы ғалымдардың, олардан кейінгілердің және өз заманымыздағылардың - бәрінің еңбектерін тегіс мұқият қарап шығуға тура келеді. Сенің білгің келген мәлімет солардың ішінен табылып қалар ма деп ойлап едім; олай бола қалған күнде, мен сенің тапсырмаңнан құтылып, кітап жазбаған-ақ болар едім. Расында, бұл мәселені барлық жағынан талдап, толық қамтыған кітап болса, оның үстіне тағы жазу артық болар еді. Өйткені, біреудің айтқанын, жазғанын иемденіп алып, қайталап айту надандық пен арамзалық ісі болар еді. Егерде бұрын жазылған кітаптардың ішінде түсініксіз жерлері болса, ескіргені немесе басқа бір сол сияқты кемшіліктері болса, оны кейінгі адамның түзетуіне, жөндеуіне рұқсат, бірақ алғашқы автордың ойы тегісімен сақталу керек. Демек, негізгі еңбек алғашқынікі, кейінгі тек түзетуші, алғашқының ойын түсіндіруші, көпке жеткізуші ғана болу керек.

Менің қарап шыққан кітаптарымның ішінде бұл өнердің кейбір жақтары мүлде ескерусіз қалған көрінеді, көпшілік кітаптарда музыка мәселесі, әсіресе, оның теориясы біріне бірі байланыссыз, түсініксіз жазылған.

Бұл кемшіліктер ертедегі ғалымдардың қабілеті жетпегендігінен емес, олар осы ғылымды жетілдіре алмаған деп білуге болмайды. Ерте замандарда талантты ірі ғалымдар көп болған, олар өздерінің алдына ғылымды дамыту деген жалғыз ғана мақсат қойған. Сезімтал интелекті ғалымдар дүниеге бірінің артынан бірі шығып, алдыңғылардың ісіи үйреніп, оны әрі қарай дамытып отырған. Ал енді олардың музыка жөніндегі еңбектері не жоғалып кеткен болу керек лемесс арабшаға аударылуы нашар болу керек: бұл мәселенің олқы болып отырғанын мен тек осылай түсіндіре аламын.

Әбунасыр Әл-Фараби музыкалық еңбегінен

Міне, сол себептен мен сенің тілегіңді орындауды өзіме борыш деп санап, осы кітапты жаздым.

Қандай ғылым болса да оның теориясына жетік болу үшін үш түрлі шарт болу керек:

1. Ғылымның барлық түмкі негіздерін - принциптерін білу керек;

2. Сол негіздерді дамыту арқасында осы ғылымға қатысы бар қандайлық нәтиже шығаруға болатынын аңғара білетін қабілет керек;

3. Теорияға кірін кеткен қателіктер мен жаңсақ жерлерін тауып, басқа авторлардың пікірлеріне талдау жасау керек, сол арқылы жалғандықтан шындықты айырып алып, түзету қажет.

Осы негізге сүйеніп мен де өз еңбегімді екіге бөлдім: бірінші бөлімде музыка ғылымының негіздерін түсіндіруге тырыстым; сонан кейін ол негіздің қандай нәтижеге жеткізетінін талдап көрсеттім. Екінші бөлімінде музыка теориясын берген ең ірі ғалымдардың қолға түскен еңбектеріне талдау жасалды. Өткен адамдардың жұмысына талдау жасағанда олардың түсініксіз жерлеріне түсінік берілді; музыка жөнінде жазған бізге белгілі адамдардың әрқайсысының еңбектерін жеке даралап шығаруға тырыстым. Ең ақырында олардың қате кеткен жерлерін түзеттім.

Бірінші кітап екі бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы кіріспе, екіншісі музыка ғылымының тікелей өзіне арналған. Кіріспе екі тараудан, екінші бөлім үш тараудан тұрады. Оның біріншісінде музыканың негіздері мен осы ғылымға қатысы бар жалпы мәселелер қаралады. Ертедегі авторлардың бізге белгілі көпшілігі және солардың жолын қуған біздің замандастардың еңбектері осы кітапқа кірді.

Екінші кітапта қолданылып жүрген музыкалық аспаптар турасында айтылады; осы аспаптардың арқасында бірінші кітапта айтылған музыкалық негіздер қалай орындалатыны көрсетілді. Бұл аспаптардан қандай дыбыстар шығарып, қалай қолданып жүргені айқын айтылады; сонымен қатар олардың пайдаға аспай жүрген қандай мүмкіндіктері бар екені айтылады.

Үшінші кітапта мелодия түрлері талданады. Бұл үш кітаптың әркайсысы екі бөлімнен тұрады.

Сонымен еңбектің бірінші саласы сегіз тараудан тұрады. Екінші саласы төрт тараудан тұрады.

Осы он екі тараудың жинағы біздің еңбек болып табылады.

Ұлы ұстаздың алғыр да, адал ғалымдық ұлы бейнесі осы сөздерінен-ақ көрініп тұр.

Кітапты жазып біткеннен кейін Фарабидің сіңірген еңбегіне қатты разы болған сұлтан: - не қалайсыз? - деп сұрайды. Алайда Фараби өзіне тамақ үшін ғана керекті 4 дирхем ғана алып қанағаттанады. Сұлтан қанша өтінсе де, басқа ешнәрсе алмайды.

Фараби бұл кітаптан кейін де талай еңбектер жазып, талай шәкірттер дайындады.

 

Кейінгі бір кеште

 

Ұстаз бақшада, бір ағаштың түбінде көлеңкелеп отырғанда, маужырап көзі ілінгендей болды. Әлден уақытта көзін ашып қараса, айналасына шәкірттері жиналып қалған екен. Ол достарын көріп, қуанып кетті. Қайраттанып басын көтерді. Достарының ішінде өз елі - Кыпшақтан келген жігіттер де бар еді. Олармен Фараби өз ана тілінде сөйлесіп, ел-жұртын сұрап мәз-майрам болды. Соңғы жылдары Қыпшақ елінің мәдениеті бұрынғыдан да гүлдене өскен екен. Көптеген ғалымдар шығып, ғылымның түрлі салаларында тамаша табыстарға жетіпті. Олардың бәрі ұлы ұстазын ұмытпаған... Фарабиге Ирандағы замандас досы Әбубәкір ибн-Закария Рази хат жазыпты. Ол өзінің дәрігерлік және философиялық еңбектерін жіберіп, Фарабидің пікірін білгісі келген екен. Фараби оның ойларына негізінен алғанда қарсы болмай, қосылатынын білдіреді. Әсіресе Фарабиге оның ерте замандардағы Гиппократ пен Гален сияқты атақты дәрігерлердің айтқанына қосыла бермей, олардың әдісін өз қолымен батыл тексергені қатты ұнады. Разидің жалпы табиғат дүниесі жайындағы философиялық пікірлеріне де ол негізінен қосылатын сияқты. Дүниені қозғаушы мәңгі күштің басы жаратушы дейді Рази. Фарабидің өзі де солай дейді. Тек бір жерінде оның әдісі толық емес сияқты. Рази әдісінде қозғалыс, зат (материя), уақыт, кеңістік деген ұғымдар жалпы сөз мағынасында берілген. Олардың өлшемдік ұғымы, геометриялык бейнесі жөнінде айкын анықтама берілмеген. Осы жағында жалпыламалық бар. Демек, есеп ғылымының дәл таразысына салып, геометрияның тамаша дәл қисынына келтірмей тұрып пікірдің нақты, орнықты болуы мүмкін емес. Рази тек Аристотельдін диалектикасы мен жалпы логикалық әдісін қолданады. Мен де сол әдісті қолданамын. Алайда сонымен катар логиканың ең тамаша дәл үлгісі геометрия бар ғой. Геометриялық әдістің тамаша негіздері ертедегі Вавилон - Египет елдерінін есеп ғылымында емес пе? Олар Пифагор мен Платон арқылы бізге жетіп отыр. Бірақ геометриялық әдісті тым асыра дәріптеп, оны табиғи заттардан тысқары әкетуге болмайды. Олай болғанда геометриялық бейнелердін табиғи-физикалық - зат мағынасы жойылып, бос киялға айналады.

Аристотель геометриялық бейнелерді табиғи денелерден шығару керек дейді. Онысы дұрыс. Олай болғанда Евклид еңбектеріндегі геометриялық қағидалардың барлығын осы бағыттағы рисалаға (ережеге) келтіру керек. Менің ойымша, Евклид геометриясындағы кейбір дәлелдеуі қиын рисалалар, Аристотельдің осы жоғарыда айтылған қағидасы бойынша қайта, баскаша тұрғыдан түсіндірілуі керек. Біраз уақыт өткеннен кейін Фараби өзінің достарына: осы жөнінде мен бір рисала жаздым. Әбубәкірге соны апарып беріңдер, - дейді. Осы арада ол тағы бір терең ойға кетіп, өзімен өзі кеңескендей болды. Әлден уақытта басын көтеріп алып:

- Достарым, Аристотель Платонның шәкірті болған адам екені естеріңде болсын. Ол өзінің ұстазы Платонда бар нәрсені, онда дұрыс талданған нәрсені қозғаған жоқ. Аристотельдің Платон еңбегі жөнінде айтқандары тек одан кеткен кемшіліктерді түзету ғана болған. Осы жағынан алып қарағанда Аристотель Платонның геометриялық әдістерін теріс деген жоқ. Оның бәрі тіпті Платондікі де емес. Ол ежелден келе жатқан ескі Вавилон (Бабл) қағидалары. Ол тек геометриялық бейнелерді физикалық тегінен аулақ әкетуге болмайды деп карсылық білдірді... Затсыз бейнені әлпештеу дерексіз бос қиялға соғады. Барлық шатасуға осы себеп болуы ыктимал. Аристотельдің сақтандырғаны міне, осы емес пе. Бірақ осыны айта тұрып ол өзінің ұстазы Платонның тастап кеткен геометриялық мұрасынан безген жоқ. Оны ол өзінше алып пайдаланды ғой. Біздің кейбір замандастарымыз осы екі ерекшелікті айырмай, екі ұлы ғалымның біріне бірін қарсы қойып, арасын қашықтатып барады. Ғалымдар арасында бара-бара екеуін жақтайтын екі түрлі топ туып, талас-тартыс, ерегіс өрбитін болуы да мүмкін. Ерегіс қозған жерде шындық таяқ жейді. Аристотельшілер платоншыларды мұқату үшін барлық геометриялық әдістің тамаша идеяларын жоққа шығаруға тырысатын болса, платоншылар аристотельшілерді кеміту үшін заттың тегін тастап, бейнесін дерексіз дәріптейтін болса не болғай? Бұл арадан ғылыми шындыққа қауіп туады. Ерегіс таяғы шындыққа тиеді дейтінім осы. Осы ойменен мен екі ұстаздың арасына «елшілікке» жүріп, екеуін ымыраластыруға шақырып отырмын. Осы жазғандарымды Әбубәкірге апарып беріңдер, - дейді ол.

Әбунасыр әл-Фараби жасаған музыкалық аспап

Фараби туған жерінен келген шәкіртіне өзінің шығарған ән-күйлерін жазып беріп, өзінің қолынан жасаған музыкалық аспаптарын сыйлады. Соның ішінде домбыра да болды. Фараби оны туған елінің атымен «қыпшақ» деп атапты. Жүрегінің ең нәзік сезімінен шыққан, жан жүйесінің арқауындай болған әндері мен күйлерін және оны орындайтын аспаптарды ол өз еліне табыс етуді өтінді.

...Қолына қобызды ұстаған кезде Фарабидің ойына Қорқыт түсті. «Мен оны да ұғамын, - деді Фараби. Үндескен дыбыстың кереметті күшіне мен де сенемін. Жел маямен жаһан кезіп, қобыз алып, күй тартқан Қорқыт осы үннен ажалға айла іздеген екен. Ол бірақ өлшеуін білмей, таба алмай жүр. Мыңау музыка туралы еңбекті соған апарып беріңдер. Осы еңбек те, оның күйі де мәңгі жасайтын болады. Ажалға айла дегені сол болар...

Фараби Сыр бойындағы қыпшақ даласынан аттанарда алдына бір ғана мақсат қойып еді-ау. Міне оған қазір 60 жылдан астам уақыт өтіпті... Ондағы мақсаты ғылым мен өнердің бар саласын меңгеру, соларға жаңалық қосу, анығы мен танығының арасын айыру еді. Сол арқылы бүкіл адам баласының ой-өрісін кеңейтуге ат салысу еді. Сол максаты орындалды ма? Ол жері белгісіз... Бірақ бар өмірімді ғылым жолына сарп етіп, күш-жігерімді жұмсағаным аян. Не болса да қолымнан келгені осы. «Табиғат пен адамзат» деген ғылымға қызмет еттім. Бағаны кейінгі заман берер. Ежелден келе жатқан «өмір» атты керуеннің мен де бір бұйдасын ұстадым емес пе? Соған жалғаса береді дағы...

Шексіз дүниенің шетіне кім жеткен, түпсіз ғылымның тұтқасын кім ұстаған? Бірақ сол жолда әркім өзінің акылы жеткен жеріне бір белгі қалдырып кету керек кой. Сол белгі кейінгілерге жол көрсетеді. Өмір керуеніне тура жол көрсетіп, сапқа тұрсаң, санатқа қосылсаң - мәңгілік есте қалғаның сол емес пе?

Осы ұзақ өмір бойы ғылым жолын қуғанда таңқалдырған нәрсе - табиғаттың өміршең сыры болды. Қөне табиғат, қанша тырбанып, бетіңді тырмаласақ та жаңа ғана жаратылғандай жас балдырған гүл атасың да тұрасың. Судан жаңа ғана алып шыкқан сумоншақ - садаф, інжу, гауһардай мөлдіреп көздің жауын аласың. Гүлің шешек атып, жемісіңді қашан татармыз; гауһарыңды қашан алқа ғып тағармыз; жөңкіле көшкен керуен мекенін қайдан табармыз.

«Жайнаған бейне бір гүл Әлем сыры.

Құбылған мөлдір нәзік гауһар нұры.

Даналар талай нысан таққанымен,

Тапқан жоқ тектер тегін әлі бірі».

Мынау өлеңімді де апарыңдар елге. Сол керуендегі өздеріңнің орындарыңды табыңдар, достарым».

Осымен ұлы данышпанның бірінші өмірі аяқталды. Енді оның екінші өмірі, яғни ғылыми мұрасының өмірі басталады.

Хижраның 339 жылында, милади бойынша 950 жылы Шам шаһарында Сайфәл Даулат ибн Хамадан сұлтанның қолында, жасы 80-нен асқан шағында ұлы ұстаз дүние салды. Оны сұлтанның өзі бастаған халық шығарып, сол шаһардың сыртындағы Бабус-Сағыр деген мазардың маңына жерледі. Бұл мәлімет ертезаманғы арабша жазылып шыққан шежіре кітаптарында берілген.

 

Ұлы данышпанның ғылыми еңбектері туралы

 

Әбунәсір Фарабидің өзінен: - Сіз қандай ғылымдар саласында еңбек еттіңіз? - деп сұрай қалсақ, ол не дер еді? Біздің ойымызша ол былай дер еді: Менің айналыс-қаным бір-ақ түрлі ғылым, оның аты - «Табиғат пен адамзат» деп аталады. Оп-оңай, екі-ақ ауыз сөз. Бірақ осы екі сөздің шеңберінен тыс ғылым қайда, ондайды естіген жан бар ма? Олай болса Фараби қамтымаған ғылым мен өнер жоқ деуге болады. Ұлы данышпанның ұзақ өмірі кейінгі ұрпақтарға өнеге болып, қалдырған мұралары мың жылдан аса уақыт ішінде адам баласының ой-өрісін, ғылымы мен өнерін өркендетуге қаншалықты ықпал еткеніне көз жіберетін болсақ: - Ұлы бабамыз Фараби, сіз бір күндерде Сырдария жерінен, калың қыпшақ елінен аттанарда алдыңызға қандай мақсат қойсаңыз, сол мақсатыңызды толығымен орындап шықтыңыз, - дерлік, - Сіздің ізгі іс жолындағы табандылығыңыз, адалдығыңыз, қанағатшыл, кішіпейілдігіңіз, адамдық ақыл кайратыңыз, дүние жүзіндегі ғылым кайраткерлеріне ұлы ұстаздығыңыз бізді таңдандырады, қуантады, рухтандырады, жігерлендіреді. Біз сіздің ұрпақтарыңыз болғанымызға зор қуаныштымыз, зор үміт сәулесіне бөленеміз.

Сіздің бір түрлі ғылым деп отырғаныңыз, бұл күнде бірнеше ғылымдардың салаларына жатады. Түсінікті болу үшін соларға жеке-жеке тоқтайык.

 

Тіл-әдебиет ғылымдары

 

Фараби өз заманында мұсылман елдерінде сөйленетін тілдердің көбісін білген. Сонымен қатар ол ғылымда қолданылатын көршілес елдердің де тілін меңгергені мәлім. Мысалы араб, парсы, туркі, латын, грек тілдерін ол өте жақсы білген. Оның 70 түрлі тіл білемін дегені асырып айтқандық болуы да мүмкін. Алайда оның көпшіл білу қабілеті орасан зор болғаны мәлім. Ол тілді үйреніп қана қоймай, тіл ғылымдарының өркендеуіне зор көңіл бөлген. Оның филология, поэтика, каллиграфия, риторика жөнінде жазған еңбектері, өлеңдері және т. б. бар. Оған мына кітаптары дәлел бола алады: «Китаб фи әл хатаба» («Риторика туралы кітап»); «Китаб фи санағат әл китабат» («Жазу өнері туралы кітап); «Қалам фи шығр уа қауафи» («Өлеңнің ұйқасы мен өлшемі туралы кітап»); «Китап фи ихса иқас» («Ритм туралы кітап»).

Фарабидің тіл ғылымы жөніндегі ұлы дәстүрін жалғастырған оның өкшелес жерлесі - отырарлық Әбунәсір Исмаил ибн Хамид әл-Жауһари (1002 жыл шамасында қайтыс болған). Бұл да Фараби сияқты жаһанкез-саяхатшы болып, бүкіл шығыс халифатын аралап шыққан адам. Оның «Тіл түзету кітабы» («Китаб ас-сахах әл-луғат») деген еңбегі дүние жүзіне белгілі болған. Осы лингвист Жауһари жоғарыда айтылған астороном-математик Жауһаридың туысы болуы мүмкін деген де жорамал айтылып жүр.

 

Музыка туралы

 

Фараби өз заманында асқан музыкант, тамаша (виртуоз) орындаушы, композитор, музыкалық аспаптар жасайтын шебер, музыканың тарихын, теориясын, орындау әдістерін түгел білген адам. Оның өзі жасаған «Канун», «Қыпшақ» атты аспаптары болған. Оның қандай орындаушы болғаны жөнінде аңыз-әңгімелер жоғарыда айтылды. Тегінде сол кезде бүкіл Шығыста онан аскан музыкант болмаған. Фарабидің «Китаби музыка әл-кабир» деген еңбегі дүние жүзіндегі музыка туралы аса бағалы енбек болып саналады. «Китаби музыка әл-кабир» дүние жүзіне тараған.

...Міне, біздің алдымызда арабшадан французшаға аударылған, 1930-1935 жылдары Парижде басылып шыққан екі үлкен том кітап жатыр. Ол «Араб музыкасының тарихы» деп аталады. Мұның 330 беттен туратын бірінші томын және ескертулерін түгелімен Фараби жазған. Екінші томының жартысын да жазған Фараби, калған жартысы - Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна) еңбегі.

Бұл еңбектерді жинап, аударушы және бастырушы музыкант Родольф д’Эрланже араб елдерінде, Сирияда ұзақ уақыт тұрады және оның қарауында араб кызметкерлері болады. Ол кітапта Фарабидің музыкалық еңбектерін аударуда көмектескен мына екі адамды атайды: бірі Абділ Азиз Баккух, екіншісі аль-Маннуби ас-Саиуси.

Родольф д’Эрланженің колында Фарабидің музыка жөніндегі төрт қолжазбасы болған. Оның бірі - Лейденде, бірі - Миланда, бірі - Мадридте, бірі - Бейрутта сақтаулы болса керек.

Сонда Фарабидің музыкалық еңбегі тек араб музыкасына ғана арналған ба, әлде сол замандағы жалпы музыка атаулыны қамти ма? - деген сұраққа д’Эрланже: «Оның жазғандары музыка өнерінің жалпы ережелері, сол себептен оны қандай музыка болса да қолдануға болар еді» деп жауап береді.

Фарабидің музыкалық еңбегі 12 тараудан тұрады екен. Бірақ оның музыка тарихына арналған 4 еңбегі жоғалып кеткен.

Эрланже аударған еңбектің екінші томында Әбу Әли ибн Синаның музыка жөніндегі енбегі бар дедік. Тегінде Әбу Әли ибн Сина Фараби өлгеннен кейін 30 жылдан соң туған адам. Ол Фараби еңбектерін пайдаланғанын айтады. Әбу Әли ибн Сина Фарабиді ұлы ұстаз санаған. Ол музыка жөнінде де Фарабиге еліктеген болу керек. Одан көп кейінгі, Әлішер Науаидың замандасы, атақты музыкант Әбдірахман Жәмидің «Музыка рисалалары» («Музыка трактаттары») кітабында Фарабидің музыкалық еңбектері аталады.

Бірақ музыка жөнінде Фарабидің өз тұстастарының ешкайсысы да одан асып, жаңалык коса алған жоқ. Тіпті Фарабидің дәрежесіне де жете алмады.

 

Математика туралы

 

Фарабидің есеп ғылымдарына жеке арналған ірі еңбегі жоқ. Бірақ ол өзінің барлық ғылыми еңбектерінде ылғи математикалық әдістерді қолданып отырған. Фарабидің музыкалық ноталардағы дыбыс өлшемдері түгелдей математикалық принциппен құрылған. Сонымен қатар оның геометриялық ұғымдарды физикалық негізде түсінудің қажет екеніне арналған «Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының қиын кіріспелеріне түсіндірме» деген еңбегі де бар. Тегінде Фараби өте қысқа, терең мазмұнды етіп жазуды сүйетін адам болуы мүмкін. Оның кейбір тамаша еңбектері - рисалалары бірнеше беттен ғана тұрады. Бірақ соның ішкі мазмұны бірнеше томдық кітап жазуға тұрарлық. Фарабидің геометрия туралы рисалаларындағы ойысоншама тереңжатыр. Оны талдайтын болсақ, ол кейінгі Евклидтен өзгеше, «евклидше емес» геометрияға негіз болар еді. Атақты астроном-математик, ақын Омар Хайям осы идеяны әрі қарай дамытқан. Омардың Фараби еңбектерін көп пайдаланғаны тарихтан белгілі.

Фарабидің астрономия мен философия-логика жөніндегі еңбектері негізінде математикалық қисынға сүйенеді. Мысалы, оның «Өлшем», «Кеңістік», «Уақыт» деген тәрізді еңбектері математикалық принциптен туған. Аристотель мен Платон арасындағы айырма туралы, оларды жақындату туралы жазғандары да осы математикалық жолдың негізін түсіндіруге арналған.

 

Астрономия-астрология туралы

 

Астрономия ерте замандардан бастап-ақ барлық ғылымдардың атасы болып саналған. Өзінің еңбектерінде бүкіл ғылымдар саласын түгел қамтыған Фараби астрономия ғылымына көп көңіл бөлген. Ол өзінің заманындағы барлық астрономиялық және астрологиялық еңбектерді тегіс оқып шыққан. Мысалы, Фараби Птолемейдің атақты «Алмагест» кітабын арабша аудармасы бойынша да, өзінің грекше түп нұсқасы бойынша да толық білген. Сонымен қатар арабша жазылған еңбектермен түгелдей таныс болған, өз заманындағы астрономиялық обсерваторияларда болып, бақылау жүргізген деп білуге болады. Оның бұл сияқты істері жөнінде біздің қолымызда қазір анық мәлімет жоқ. Бірақ оның астрономиялық құбылыстар мен астрологиялық жорамалдар туралы жазғандарына қарағанда, оның бұл мәселелер жөніндегі ғалымдар арасындағы беделіне қарағанда, Фараби астрономия ғылымының барлық саласын қолынан өткерген адам екені айқын.

Мысалы, оның «Астрология заңдарының анығы мен танығы туралы» («әл-Нақат фима ясғы омала әл-ясиғы мен ахкәм алнажұм») деген рисаласын алайық.

Бұл еңбек Фарабидің замандасы, атақты ғалымдардың бірі Әбу Исхақ Ибраһим бин Абдолла әл-Бағдадидің алғы сөзімен басталады.

Әл-Бағдади астрология «ғылымын» білуге құмар болған. Қалайда оның сырын ашуға барлық ынтасын қойып, сол жөнінде жазылған барлық кітаптарды қалдырмай тегіс қарап шығады. Мұнымен қатар астрологияға өзінің қатты сенгенін айтып жазады. Ал астрологиядағы жаңсақ пікірлерді, айтқаны келмеушілікті бақылаудан болған кемшіліктен немесе астролог-астрономның білімінің шалалығынан деп түсінетінін айтады. Егер осы кемшіліктер жойылатын болса, ғылым дұрыс жолға қойылып, астрологияны қолдану арқылы табиғаттың жасырын сырлары ашылар, тамаша табысқа қол жететін болар деп сенген едім, - дейді. Әл-Бағдади: барлық математикалық білімім мен астрономиялық өнерімді салып есептеп, түрлі аспаптармен бақылаулар жүргіздім, көптеген мәліметтерді пайдаланып, астрология қағидаларына қолымды жеткіздім-ақ қой деп үміттендім - дейді. Бірақ, ойына алған мақсаты барған сайын алыстап, тауаны қайтады. Астрологияға күдіктене бастайды да, астрологияның арғы тегін, ерте замандардағы ғалымдардың, данышпандардың кітаптарын қарастырады. Бірақ олардың ішінен де қазіргі астрологияны ақтайтын ешқандай дәлел таба алмайды. Ол үміті кесіліп, астрологияға сенер сенбесін білмей қобалжып жүргенде Әбунәсір Фарабиге жолығады. «Онымен көп сөйлесіп, кеңес-кеннен кейін мен оған астрология жөніндегі пікірін жазуды сұрадым. Ол жазды, мен оны оқыдым. Сонан кейін ғана жүрегім орнына түсіп тынышталдым, анық пен танықтың арасын айыратын болдым», - дейді.

Фараби астрономия мен астрологияны өте терең білген адам. Орта ғасырлардан бастап дүние жүзіне тараған астрологияның бетін ашып, сырын шешкен осы Фараби саналады. Бірақ ол астрологияны үйретіп, оны қолдануды көздеп, түзету енгізген емес. Оның шын мағынасында негізі қайдан шыққан, шындығы мен етірігі қайда, осыны көрсету мақсатын көздеді. Бал ашу кітабы «Талиғынаме» («Гороскоп») бойынша болашакты білуге болады деушілердің ісін Фараби ашықтан-ашық надандық немесе адам аулаған арамзалық дейді. Осы пікірін ол жалпы астрономиялық, математикалық-логика әдісімен дәлелдейді...

Фараби астрологияны өзінің ақыл елегінен өткізіп, зерттемей тұрып, одан сырттай безген жоқ. Ол астрологияның жалғандығына әбден өзінің көзін жеткізген соң ғана одан біржола қол үзді.

Астрологияның орта ғасырларда және кейінгі замандарда, тіпті осы күнге дейін кейбір елдерде көптеген адамдардың басын қағырып келе жатқаны мәлім. Осыған қарап Фарабидің ғалымдық дәрежесі өз заманынан мың жылдай озық, әрі асқақ тұрған ұлы ойшыл екеніне көзің жетеді.

Жалпы астрология негізін, онын ішінде Фарабидің оған көзқарасын талдау өте қызықты және ғылымға аса қажет. Бірақ оған арнап жеке бір еңбек жазу қажеттігі туады.

Планеталардың салыстырмалы жүрісін Фараби былай түсіндіреді: - Ай шапшаң, Сатурн (Зұхал) баяу жүреді деп саналады. Оның себебі Ай бізге ең жақын планета, Сатурн алыс планета. Сондықтан оның айналыс жолы (орбитасы) қашық, бізге оның жүрісі жай болып көрінеді. Расында, керісінше болуы да мүмкін, бәлки, Сатурнның жүрісі Айдан шапшаң да болар, - деген пікірді айтады. Осы пікірдің өзі аспан денелерінің қозғалысы жөнінде Фарабидің дұрыс бағытта болғанын көрсетеді.

Фарабидің астрономия мен астрология жөніндегі еңбектері өз алдына талдап, зерттеуді керек етеді. Оның астрономия-астрология жөніндегі пікірлері бүтіндей ғылым тарихымен, қала берді Шығыс елдерінің, оның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның ертедегі мәдени мұраларымен астасып жатыр. Осы арқылы біздің халқымыздың жыл қайыру, есептеу, аспан «ертегілерін» талдау мәселесінің талай тамаша жұмбақтары шешілмек.

 

Жалпы жаратылыс ғылымдары жөнінде

 

Фарабидің жаксы дәрігер болғаны белгілі. Оның медицина жөнінде арнайы жазған еңбектері бізге әлі белгісіз. Бірақ оның көптеген рисалаларында медицина ғылымы жөнінде пікірлер айтылып отырады. Мысалы, шаш пен сақал өседі, қас пен кірпік бір қалпынан асып көп өсе бермейді. Бұл оның түбіне қан тамырларының тарауына байланысты дейтін түсініктемелері бар. Медицина жөнінде Фараби Гиппократ пен Галенге жақсы баға береді. Бірақ олардың айтқандарын түгелдей қабылдай беруден, сонымен қатар адамды астрологиялық әдіспен емдеуден ол тағы аулақ. Дәрілер жөнінде айтарымыз, Фарабидің өзі бағбан болғандықтан дәрілік өсімдіктерді көп пайдаланған болуы мүмкін.

Асыл тастарды, минералдық заттарды Фараби негізінен алғанда су ерітінділерінен пайда болады деп білген. Ол алхимияны да үйренген адам. Бірақ оның астрологияға байланысты, сиқырға сенетін жерін ол қабыл алмаған.

Біздің қолымызда Фарабидің табиғат дүниесіне көзқарасын айқындай түсетін тағы бір материал бар. Ол - ұлы данышпанға сол кездегі ғалымдардың қойған сауалдары және сауалдарға берген оның жауаптары. Оның осы 42 сауал-жауабы арабшадан қазақшаға түгел аударылды. Келешекте оларды басып шығарамыз деген ойымыз бар.

Әрине, қысқа сөзге қыруар ой сыйғызатын данышпанның бұл жауаптарында заттардың физикалық қасиеттері: түсі, оптикалық қасиеті, тығыздығы, қаттылығы... және т. б. өте дұрыс айтылған. Осы сұрауларға берілген жауаптарды талдап, ғылымның қазіргі жетістігі тұрғысынан қарастыратын болсақ, Фарабидің ғалымдық тұлғасы ғасырлардан асып тұрған ұлы адам екенін білеміз.

 

Философия жайында

 

Араб мәдениетінің философиялық екі тарауы болған деп саналады. Оның бірі ертеден келе жатқан теологиялық-мистикалық, дүниеден безуші - аскеттік-дәруіштік ағым, екіншісі дүние кілтін табиғатты зерттеуші адам ақылынан іздейтін - ақли (рационалдық) ағым.

Ғылым мен білімнің өркендеуіне ақли ағымның зор әсер еткені мәлім. Осы айтылған акли-рационалдық ағымның негізін салушы ретінде көбіне үш адамның - әл-Кинди, әл-Фараби, Әбу-Әли ибн Синалардың есімдері аталады. Араб мәдениетінің негізін салушы осы үш философ. Фараби алғашқы жаңа талап кезінде әл-Кинди еңбегімен танысып, содан әрмен қарай өрлей бастаған болса, кейінгі Әбу-Әли ибн Сина да өзінің философиялық бағытын Фараби еңбегінен бастаған. Фарабидің атағы философ ретінде Аристотель, Платон сияқты ірі философтардың еңбектерін талдаумен әйгілі болады.

Фарабидің философиялық еңбегін талдау деген сөз - оның барлық ғылыми табыстарының қорытындысын шығару деген сөз. Ол өзінің еңбектерінің бәрін де философиялық тұрғыдан қарайды. Кейбір табиғи құбылыстарды талдаған қағидаларында оның табиғат зерттеуші ғалымдығы мен ойшыл философтығы арасын айыру өте қиын.

Философия жөнінен алғанда Фарабиді Аристотельдің шәкірті дейді. Оның шындығына біз де таласпаймыз. Фараби Аристотельді (Арстулаизды) аса жоғары бағалаған. Әсіресе, оның логикасын жақсы көріп: «Бұл кітапты жүз мәртебе оқыдым, тағы оқысам деген ойым бар» деп жазады ол.

Сонымен қатар Фараби Аристотель қосымша математика мен табиғат ғылымдарына сүйенуі қажет еді дейді. Ол Аристотель ілімін толықтырды, сынады, талдады, дамытты. Осылардың арқасында ол өзінің философиялық жүйесін салып кетті. Оның философиясы ертедегі гректердің антикалық философиясы емес, онан басқаша қасиеттері бар. Сол себептен оны философия демей, фалсафа деп өзгеше мән береді. Бұл кезде Аристотельдің еңбегін талдау, сынау, дамыту түгіл, тіпті оның еңбегін дүние жүзінің көптеген ғалымдары түсініп оқудың өзін арман ететіп. Осы жайды ескергенде, Фарабидің Аристотельді сынап, оны толықтырып еңбек жазуы аса зор оқиға еді. Фарабидің философиялық дәрежесіне батыс елдерінің философтары тек көптеген ғасыр өткеннең кейін ғана жете алды. Ал оның Аристотельдің философиялық іліміне геометриялық-физикалық анализді ғылыми арқау ету керек деген тамаша батыл пікірі - оның асқан даналығының көзі болғанын көрсетеді.

Фараби өзінің «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар туралы рисала» деген еңбегінде: айналаңдағы табиғат дүниесін адамдық адал ниетпен зертте, онан тапқаныңды ақыл таразысына салып өлшеп ал, логиканың қисыны мен геометрияның айнымас дәлелдік үлгісіне сал. Осылардың сынынан өткен нәрсе шындық жолға апаратын нысана болмақ. Философия атты ақиқат табуға арналған ұлы ғылымға сол нысаналар алып барады, - дейді.

Мұндағы айтылып отырған геометрия әдісін Фарабидің денеге байланысты материалдық негізде ұғатыны жоғарыда айтылды. Мысалы, өзінің Евклид еңбегіне берген бір сынында ноқат, сызық, жазық деген түсініктердің барлығын денеде болатын, содан алынған түсініктер деп ашық айтады да, соны дәлелдейді. Демек, бұл арада Фараби Платонның дерексіз жайға соғатын көмескі ойларын түзетеді. Сонымен қатар ол Аристотельдің логикалық қағидаларына геометриялық дәлді әдісті жанастыруға тырысады. Аристотель мен Платон арасын жақындастыруға тырысқан ойдың түпкі өзегі осында болу керек деп білеміз. Басқаша айтқанда, материалдық дүниені математикалық логика арқылы тану керек деген қорытынды шығады. Бұл арада Фараби Аристотельге де, Платонға да жүгініп отырған жоқ. Ол Аристотель мен Платонның және басқаларының еңбектерін табиғатты ақли көзбен тану тұрғысынан қарап, еркін түрде, өзінше саралап отыр. Сонымен бірге Фараби дүние танудың ақли тұрғыда түсінуде жаттама (догмалық) жолдың жарамсыз екенін көрсетеді. Мысалы, жоғарыда айтылған 42 сұрақтың бірінде ол: жаттағаннан түсінген артығырақ, өйткені, жаттауда шала түсінікті сөздер көбейіп кетеді, барлық сөздерді жаттап болмайды, шекті жаттанды сөздер шексіз түсініктің толық мағынасын шегіне жеткізе бере алмайды, - дейді... Түсіндіруге келетін болса, ол әрненің тегін, жалпы ережелері мен канондары жөнінде талдау жасайды; ол түсіндірулердің әркайсысы дараланып шектелген және топталып, жалпыланған, жүйеге келтірілген.

...Замана, өмір, тұрмыс, ғылым, мәдениет барлық жерде бірдей емес, өзгермелі. Адамның жеке басында субъектив мінезі тағы бар. Осылардың баршасына бір ғана жаттанды абстракты догма өлшеуімен келуге болмайды. Олардың әрқайсысына өзінін нақтылы қалпына қарай анализ жасайтын әдістер ұғымы керек.

«Ғылымдардың шығуы», «Ғылым меруерті» деген еңбектерінде де Фарабидің осындай ойлары айкын көрініп отырады. Ел билеу, саясат жөнінде де ол Аристотель мен Платонның ешқайсысына қосылмайды. Мысалы, Фараби өзінің «Қайырлы шаһардың адамдары» («Арә аһл әл-мадинате әл-фасилате») деген еңбегінде осы тақырыпта жазған Платонға қосылмай, мәселені өзінше шешеді.

Бірақ осы сияқты тамаша қағидаларды тұжырымдап берсе де, философ өз заманының дәстүрі бойынша барлық материалдық дүниенің басын жалғыз жаратушыға апарып тірейді. Осы жағынан алып қарағанда оның философиясында идеализм бар екені рас. Ол заманда бұлай болмауы мүмкін емес те еді. Алайда Фараби көптеген мәселелерде материалистік көзқарасқа жетіп отырады. Дүниенің даму жолдарын бірталай еңбектерінде дұрыс түсіндіреді. Осы еңбектерінің арқасында ол адам баласының мәдени өсуіне, рухани дамуына зор атсалысып, Екінші ұстаз атанды.

Фарабидің ұлы ұстаздығын тек Шығыс елдері, араб халықтары ғана танып қойған жоқ. Оны батыс елдерінің Қайта Өркендеу дәуірінің алғашқы кезеңіндегі ұлы адамдардың бәрі де таныды. Мысалы, Бэкон, Леонардо да Винчи, Коперник, Кеплер, Лейбниц сияқты ғалымдар онан көп үлгі алған. Біздің заманымызда оның еңбегі аса жоғары бағаланып, зор құрметке ие болып отыр.

 

Фараби мұраларын зерттеу мәселелері

 

Фараби ғылыми еңбектерді көп жазған адам. Бірақ оның мұраларын сақтау ісінде көптеген кемшіліктер болған. Тіпті Фарабидің өзі еңбектерін жинап, тәртіпке келтіріп қоюға онша ұқыпты қарамаған тәрізді. Ол өзінің кейбір қағидаларын ойына келген жеріне бөлек қағаздарға жазып, кез келген шәкірттеріне бере салады екен. Кітап бастыруды білмеген кезде жазылған ондай еңбектердің талайы жоғалып кеткен. Фарабидің дүние жиып, бір жерге орнығып тұрмаған саяхатшылық өмірінің өзі де, оның ғылыми еңбектерінің жоғалып кетуіне көп себеп болған тәрізді.

Солай бола тұрса да, оның жазған еңбектерінің белгілі санының өзі жүзден асады. Олардың көпшілігі арабша жазылған. Кейбір еңбектерінің арабша нұсқалары жоғалып, тек латынша немесе еврейше аудармалары ғана сақталған. Арабша еңбектерінің бір сыпырасы өткен ғасырдың аяқ кезінде және үстіміздегі ғасырдың бас кезінде: каирда, Стамбулда, Лейденде, Парижде, Лондонда, Берлинде, Ленинградта және тағы басқажерлерде басылған.

Фараби туралы жазған және оның еңбектерін жинауға еңбек еткен адамдардың ішінен мына төмендегілерді атауға болады.

Хижраның 646 жылында (1248-1249 жылдарда) Халеб (Сирия) сұлтанының уәзірі болып тұрған Жамалиддин Әбіл Хасан деген кісінің арабша жазған «Тарихұл хукамаһи» деген кітабында Әбунәсір Фараби туралы бірсыпыра деректер берілген. Фарабидің Сириядағы өмірі мен өлімі туралы мәліметтер осы кітапта толық айтылған.

Фараби жөнінде мәліметтер қалдырған екінші бір адам Шамсутдин Сахи. Оның «Қамус әл-Ғалам» деген үлкен еңбегінде Фарабидің өмірбаяны мен ғылыми еңбектері жөнінде көптеген мәліметтер беріліп, оның жазған кітаптарының тізімі келтіріледі. Оның тізімі бойынша Фараби еңбегінің жалпы саны 117.

Араб тілінде шыққан «Исламдық мәдениеттің көзін ашқан ұлы ғалымдар» («Салсалати Таржим алғалам...») деген бір жинақта Фарабиге ерекше орын берілген. Оның өмірбаяны, ғылыми-философиялық пікірлері жазылган, суреті берілген. Мақаланың авторы Мұхаммад Ғайтиатұл Ибраш. Мақаланың аяғында пайдаланылған кітаптардың (14 кітап) тізімі берілген.

Таш Көпірлі Заденің «Мұфтах әл-Сағадат ғарабиһи» деген кітабынан алып, немересі бастырған «Мұсуғат әл-Ғалум» деген кітабында Фарабиге арнаған үлкен мақала бар.

Европа ғалымдарының ішінен Фараби еңбектеріу жинап, бастыруға көп еңбек сіңірген адамдардың бірі белгілі ориенталист, неміс Фридрих Диатеречи. Ол 1890-1895-жылдары Фараби жөнінде Лейденде еңбектер жазып, Фараби кітаптарының бірнешеуін арабша бастырып шығарған.

Атақты арабист М.Штейшнайдер өзінің неміс тілінде жазылған мемуарларының бір томының басым бөлігін (XIII том, № 4, 1869, Ст. Петербург) Фарабиге арнаған. Оның еңбегінде Фарабидің арабша жазылған 103 кітабының тізімі, бір-екі еңбегінің еврейше аударма сы берілген. Еврей тіліне аударған белгілі аудармашы Мозес ибн Тиббон болу керек. Бірақ арабша тексті жоқ.

Келесі бір үлкен еңбек - жоғарыда айтылған д’Эрланже еңбегі. Фарабидің «Қитаб әл-музика әл-кабир» деген даңқты еңбегін де оның 1930-1935-жылдары жинап, Парижде француз тілінде бастырып шығаруы зор еңбек сіңіргендік болды. Бұл кітаптың арабша колжазбалары Бейрут, Милан, Мадрид, Лейден қалаларының кітапханаларында болса керек.

Шет елдерде шығатын «Ислам энциклопедиясы» мен «Мұсылман елі» («Muslim World») журналдарында кейінгі кездерде Фараби туралы мақалалар шыға бастады. Солардың авторларының арасынан ірі арабистер В. Корра де Ваукс, Брокельманн, М. Гортен, де Боер сияқтыларды да айтуға болады. Бұлардың ішінен М. Гортеннің зерттеген еңбегін ерекше атап кетуге тұрарлық.

Фарабидің қысқа және өте терең мазмұнды жазылған бір тамаша еңбегі «Рисала фусус әл-Хикам» («Ғылым меруерті»). Бұл тамаша қағида Шығыс елдерінің ірі мектептерінде көп замандар бойы окытылып келе жатыр. Осы еңбекке XV ғасырдың жазушысы Исмаил әл-Хусани әл-Фарани деген адам талдау жасаған. Сол талдау әл-Амирада (1291 ж.) басылады. Гортеннің зерттеу жүргізіп, талдағаны осы еңбек көрінеді.

Ең жаңа, кейінгі кезде шыққан мәліметтерге келетін болсақ, - ол СССР Ғылым академиясы философия институтының Шығыс философтарына арнап шығарған бірнеше жинағы. Солардың ішінде Фарабиге арналған тараулар, оның еңбектерінен орыс тіліне аударылғаң үзінділер бар. Олардың авторлары С.Н.Григорян мен Г. А. Сагадеев. Қысқа аудармалар мен түсініктер тағы да 3-4 автордың - А. Кольман, Б. А. Розенфельд, М. Исқақов, А. Көбесов, М. Хайруллаев және тағы басқалардың мақалалары мен кітаптарынан да кездеседі. Осы сияқты мақаланың шетел журналдарында жарияланғандарына келетін болсак, олардың бізге белгілісі Г. Ф. Хауранидің «Muslim World» («Мұсылман елі») деген журналдың 1958 жылғы, үшінші номерінде басылған мақала-лекциясы. Ол лекция Каирде Америка университетінің жанындағы Шығыс тану бөлімінде окылған.

Казір біздің колымызда Фараби еңбектерінің жартысынан көбі бар деп мөлшерлеуге болады. Бұлардың көлемі 3-4 томдай. Ендігі мақсат - сол қолда бар материалдарды аударып, түсіндірмелер жазып, баспаға дайындау, халыққа тарату. Қалған еңбектерін жинай беруге шаралар қолдану. Фарабидің ғылыми өмірбаяны жайында да көпшілікке арналған ғылыми жеңіл-желпі кітаптар жазу - алдағы мақсатымыз болып табылады.

Жақын жылдарда Фарабидің туғанына 1100 жыл толады. Бұл дүние жүзілік мәдениеттің ұлы мерекесі болмақ. Сол мерекенің орталығы туған жері - Қазақстанда өтуге тиіс. Сондықтан ол мерекеге жақсы дайындалу керек. Сол дайындықтың басы - оның еңбектерін жарыққа шығару, оны халыққа тарату болатындығын ескере отырып, бұл игілікті іске бүкіл жұртшылық болып ат салысуы керек.

 

Пайдаланған әдебиет:

Ақжан Машанов. Әбунасыр Ал-Фараби. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІх ғасырлары). Құраст: Исқақов Б. -Алматы, 1964. 46-84 б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-11-24 09:45:56     Қаралды-8138

РЕПЕЙНИК – РЕВМАТИЗМ ЕМДЕУ ҮШІН ҚОЛДАНЫЛАДЫ

...

Құрамында илік заттар, эфир майлары, К витамині, пигменттер, ащы заттар, қышқылдар бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІЛЕ ҚҰРТҚАШАШЫ – ҚАҚЫРЫҚ ТҮСІРЕДІ

...

Іле құртқашашы – биіктігі 40 сантиметрге дейін жететін, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Тамыры жуан, ақ түсті, көптеген қосымша тамырлары бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ВАНИЛЬДІ РАХАТ-ЛУКУМ

...

Бұл - төрт бурышты кубик формалы крахмал қосып қант-сірне шырынынан қайнатып жасаған сілікпе (желе) секілді тағам. Бір килограмында оралмаған 40-50 кәмпит болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТІСТЕРДІ ҚАЛАЙ ДҰРЫС ТАЗАЛАУ КЕРЕК?

...

Тіс пен қызыл иектің сау болуы үшін оларды тазалау жеткіліксіз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КАНИКУЛ СӨЗГЕ СҮМБІЛЕ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?

...

Біздің әрқайсысымызға сонша үйреншікті осынау сөздің түп негізі...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Hasta la vista, baby

...

«Терминатор» фильмі бүкіл әлемге әйгілі және әртүрлі тілдерге аударылған. Терминатордың «Hasta la vista, baby» әйгілі фразасы «Hasta la vista, baby» қанатты болып кетті және біздің Отанымыздың ашық кеңістікте таралып кетті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »