UF

ҚАЗАҚША КҮРЕС

 

Қазақша күрес - спорттың күрделі түрлерінің бірі. Мұнда жан-жақты дайындығы мол, күшті, төзімді, епті спортшы ғана жеңіске жетеді.

Қазақша күреспен жаттығу барысында спортшының тез әрі дәл ойлауы, қиын жағдайда қауырт шешімге келу қабілеті де артады. Себебі белдесу уақыты ілезде өте шығады. Секундтың бір ғана сәтінде бәсекелесінің ойын аңғарып, қарсы әдіс қолдану, жағдайды пайымдап, қимыл жасау аса сезімталдықты, шапшаңдықты қажет етеді.

Жан-жақты дайындығы мол спортшылар белдесу кезінде тактикалық әдістерді де өз қалауынша пайдалана алады. Мысалы жекпе-жек кезінде өзіне қажетті жеңіс үшін ұпайын жинап алған балуан қорғанысқа көшті делік. Ол бәсекелесінің шабуылын нәтижелі аяқтауға мүмкіндік бермейді. Міне дәл осындай жағдайда ұтылып келе жатқан спортшы үшін түйдектелген шабуылға шыға алатындай күш, төзімділік қажет. Осындай тактика арқылы ғана ол бәсекелесіне жіберген есесін қайтарып, командасы үшін пайда әкеле алады. Тек осындай қасиеттер ғана жеңіске жол ашады.

Балуанның жан-жақты дайындығы кілемдегі белдесулер, жарыстар барысында және арнаулы жаттығулар арқылы ұшталады. Арнаулы жаттығулар дегенде біз күш, шапшандық, төзімділік сияқты қасиеттерді дамытуға көмектесетін спорт түрлерін айтып отырмыз.

Күш. Салмақтары бірдей екі балуан белдесуде делік. Олардың бірін-бірі көтеріп, әдіс қолдануы үшін үлкен күш керек, Ал күш болмаса үйренген айла-тәсілдерді пайдалану оңайға түспейді. Әдістерді қолдану барысында әр түрлі бұлшық ет топтарына әрқилы күш түседі. Кейбір бұлшық еттер бір сәтке ғана жұмыс істесе, қалған бір топтарға ұзақ уақыт қатайып тұруға тура келеді. Сондықтан балуанның бұлшық еттері әрі төзімді, әрі шапшаң жиырыла алатын, ретті жерінде тез босаңсып дамылдайтындай болуы керек.

Күшті дамыту үшін гирмен, штангамен, гантельдермен, ядромен, эспандермен, резина амортизатормен орындалатын жаттығулар тобы керек. Екі балуан бір-бірімен белдесіп жаттыққанда да күш дамиды.

Балуанның денесін сомдап, күшін арттыруға гирмен жасайтын жаттығулардың тигізетін әсері айтарлықтай үлкен.

Бұлар сығымдап жұлқи тарту, лақтыру (жонглирование) сияқты бірнеше түрге бөлінеді. Жаттығуға кіріспеспен бұрын балуан бірқатар дайындықтан өтуге тиіс.

Бұрын спорттың ешбір түрімен айналыспағандар күнде таңертең гантельмен жаттығу жасап, денсаулықтарын гимнастикалық қимылдармен біраз нығайтқандары дұрыс. Гирмен жаттығу жасау үшін міндетті түрде дәрігерлік бақылаудан өту керек. Гирлердің салмағы 8, 16, 24, 32 килограмнан болады. Жаттығу әуелі жеңіл салмақты гирлермен жасалынады. Бірден тым ауыр салмақ көтеру денсаулыққа нұқсан келтіреді.

Шапшаңдық. Шынында, шапшаң қимылдайтын балуан өзінің бәсекелесіне қарағанда айла-әдістерді тез қолдана алады. Балуанның айналасы бірнеше метр ғана аядай кілем үстінде қарсыласының белдесу кезіндегі тұрысына, есіту, көру, түйсіну, органдары қабылдаған сигналдарға байланысты болғандықтан жеңіл атлеттің шапшаңдығымен ешқандай салыстыруға болмайды. Сондықтан да балуанның шапшаңдығын дамыту туралы айтқанда, осындай ерекшеліктерді ескеруіміз керек.

Шапшаңдық бірден пайда болмайды және дамыту да оңай емес. Тез қимылдау әр адамның жеке басының өзгешеліктеріне байланысты. Біреулер табиғатынан жылдам болса, екінші біреулер ебедейсіз, икемсіз болады. Ебедейсіз спортшыларға шапшаңдықты дамыту үшін ұзақ уақыт жаттығу керек. Шапшаңдық қабілеті бар балуандар біраз жаттыққап соң өте тез қимылдайтын дәрежеге жетеді. Шапшаңдыққа арналған жаттығуларға организм тың тұрған аптаның алғашқы күндерінде көңіл аудару керек. Сонда ғана оның нәтижесі тез байқалады. Бірақ шапшаңдықты дамытуды күш пен ептілікті жетілдіруден бөлек алып қарауға болмайды. Бұл қасиеттерге арналған жаттығулар күн сайын сабақтасып, қатар жүріп отыруға тиіс. Күш жеткіліксіз жағдайда шапшаңдықты дамыту оңайға түспейді. Тіпті оның пайдасынан зиянының көп болуы мүмкін.

Балуанның күтпеген жерден үрдіс шабуылға шығуы немесе бәсекелесінің қимылына алдын ала тез қарсы әдіс қолдана білуі - оны жеңіске жеткізетін сенімді құралдардың бірі. Тіпті әдісті секундтың жүзден бір бөлігіндей уақыт қана бұрын қолданудың да маңызы бар.

Шапшаңдықты арнайы тұлыппен дамытқан пайдалы. Мысалы бір әдісті үйренгеннен кейін жаттығуға қатынасқан балуандар арасында 30 секунд ішінде сол әдісті кім көп орындай алатындығын білу үшін жарыс ұйымдастыруға болады. Сондай-ақ шапшандықты дамытудың екінші бір түрі - орта, ауыр салмақты балуандардың өзінен жеңіл екі әріптестерімен күресуі. Екі адам бірдей жабылған уақытта баяу қимылдайтын ауыр салмақты балуан тез күреспесе бәсекелестерінің оңтайлы ұстауына мүмкіндік туғызады.

Шапшандықты дамытудың қалған жаттығуларына 20-30 метрге жүгіру, футбол, баскетбол, ойнау секірудің барлық түрлері, серпу, граната, диск, балға, найза лақтыру және акробатика номерлері жатады.

Шыдамдылық. Қазір халықаралық аренаға шығып, өнер көрсетіп жүрген балуандар белдесуге берілетін 10 минут уақытты өте тез өткізе алады. Ал көптеген жарыстарда әр спортшының күн сайын 5-6 реттен кілемге шығатын кездері аз емес.

Мұндай жағдайда көбінесе өте шыдамды, шаршамайтын адамдар ғана өзін тың сақтап жеңіске жетеді. Белдесуді баяу, өте сылбыр өткізетіндер ұзаққа шыдай алмайды.

Дайындық және жарыс қарсаңындағы кезеңдерде балуанға шыдамдылықты жетілдіретін жаттығуларды көп жасау керек. Олардың қатарына кросстар (10-15 километр) жүргізу, суда жүзу (2-5 километр), футбол, баскетбол ойнап (60-90 минут), шаңғы, велосипед тебу (20-50 километр,), штанга көтеру, резина-амортизатор сияқты көмекші құралдармен ұзақ уақыт жаттығулар жасау жатады.

Шыдамдылық балуанның жігерлілігіне байланысты. Кейде жарыс кезінде кейбір балуан қатты шаршап, кейбір белдесулердің соңғы минуттарында аяғын әзер алып жүреді. Мұндай сәттерде жігерлі балуан ғана шыдамдылық көрсете алады.

Ептілік. Ептіліктің де жылдамдықпен өзара байлынысы бар. Шапшаң болмай, ептілікті меңгеру мүмкін емес. Сондықтан сәл өзгешелеу болса да балуанның өз бойындағы осы екі қасиет қатар жүреді. Ептіліктің жетілуіне спорт ойындары (әсіресе, баскетбол, теннис, футбол, хоккей) және акробатика жаттығулары жатады.

Епті балуан әрқашанда өзі жақсы меңгерген айла-әдістерді ұтымды пайдалана алады. Хауіпті сәттерден тез құтылып кетеді, өзіне-өзі сенімді әрі батыл қимылдайды.

Ептілікті дамытатын таңертеңгілік бой жазу жаттығуларын күнделікті жасап тұру керек.

Палуандардың салмақ категориялары былайша бөлінеді:

Жасөспірімдердің тобы (15-16 жас)

  1. Аса жеңіл салмақ (44 килограмнан 47 килограмға дейін).
  2. Жеңілдеу салмақ (47 килограмнан 60 килограмға дейін).
  3. Жартылай жеңіл салмақ (50 килограмнан 53 килограмға дейін).
  4. Бірінші жеңіл салмақ (53 килограмнан 56 килограмға дейін).
  5. Екінші жеңіл салмақ (56 килограмнан 59 килограмға дейін).
  6. Бірінші жартылай орта салмақ (59 килограмнан 62 килограмға дейін).
  7. Екінші жартылай орта салмақ (62 килограмнан 65 килограмға дейін).
  8. Бірінші орта салмақ (65 килограмнан 68 килограмға дейін).
  9. Екінші орта салмақ (68 килограмнан 71 килограмға дейін).
  10. Бірінші жартылай ауыр салмақ (71 килограмнан 74 килограмға дейін).
  11. Екінші жартыдай орта салмақ (74 килограмнаан 77 килограмға дейін).
  1. Ауыр салмақ (77 килограмнан жоғары).

Ескерту: Жасөспірімдер тобында 12 салмақ категориясы болады.

17-18 жастардағы жас өспірімдер үшін 10 салмақ категориясы бар

  1. Аса жеңіл салмақ (46 килограмнан 49 килограмға дейін).
  2. Жеңілдеу салмақ (49 килограмнан 52 килограмға дейін).
  3. Жартылай жеңіл салмақ (52 килограмнан 55 килограмға дейін).
  4. Жеңіл салмақ (55 килограмнан 58 килограмға дейіп).
  5. Бірінші жартылай орта салмақ (58 килограмнан 62 килограмға дейін).
  6. Екінші жартылай орта салмақ (62 килограмнан 66 килограмға дейін).
  7. Екінші жартылай орта салмақ (62 килограмнан 66 килограмға дейін).
  8. Бірінші орта салмақ (66 килограмнан 70 килограмға дейін).
  9. Екінші орта салмақ (70 килограмнан 75 килограмға дейін).
  10. Жартылай ауыр салмақ (75 килограмнан 80 килограмға дейін).
  11. Ауыр салмақ (80 килограмнан жоғары).

Ересектер тобы

  1. Аса жеңіл салмақ (48 килограмнан 52 килограмға дейін).
  2. Жеңілдеу салмақ (52 килограмнан 57 килограмға дейін).
  3. Жартылай орта салмақ (57 килограмнан 62 килограмға дейін).
  4. Жеңіл салмақ (62 килограмнан 70 килограмға дейін).
  5. Жартылай орта салмақ (70 килограмнан 78 килограмға дейін).
  6. Орта салмақ (78 килограмнан 85 килограмға дейін).
  7. Жартылай ауыр салмақ (85 килограмнан 97 килограмға дейін).
  8. Ауыр салмақ (97 килограмнан жоғары).

Жарыс басталғанда бір салмақ категориясында бәсекеге түскен балуан жарыс аяқталғанша осы категорияда белдеседі. Басқа салмаққа көшуге оған рұқсат етілмейді. Сонымен қатар қазақша күресте абсолюттік чемпион атану үшін де белдесулер өтетіндігін ескерте кеткен жөн. Бұл атақты жеңіп алу жарыстың соңғы күні орта, жартылай ауыр және ауыр салмақ категориялары бойынша жеңіске жеткен спортшылардың арасында өткізіледі. Ал жарысқа қатынасушы балуандар күн сайын өлшеніп тұрады. Егер балуан өлшенуге белгіленген уақыттан кешігіп қалса, ол жарысқа жіберілмейді.

Қазақша күрестен Жарысқа қатынасқан спортшылар жыл бойына өткен әр түрлі жарыстарда үшінші разряды бар он спортшыны немесе бір жылдың ішінде екінші разряды бар 20 спортшыны жеңіп, республика біріншілігінде жүлделі орындарға ие болуға тиіс. Қазақша күрестен екінші разрядтың нормасын орындау үшін бір жылдың ішінде бірінші разряды бар бес балуанды немесе екінші разряды бар он балуанды жығу керек. Үшінші разряды бар жиырма балуанды бір жылдың ішінде өткен жарыстарда жеңген спортшыға да екінші разряд беріледі.

Қазақша күресте ұшінші разрядтың нормасын орындау үшін кез келген бастауыш физкультура коллективтерінде өткен жарыстарда үшінші разряды бар бес балуанды жығу керек. Аудандық, қалалық, облыстық, республикалық жарыстардағы жеңістер де есепке кіреді.

Жасөспірімдер арасындағы бірінші разрядтың нормасын орындау үшін жыл бойына жасөспірімдер бойынша бірінші спорттық разряды бар төрт балуанды немесе жасөспірімдер бойынша екінші спорттық разряды бар сегіз балуанды жеңу керек. Жасөспірімдер бойынша екінші разрядтың нормасын орындау үшін жасөспірімдер арасындағы екінші разряды бар үш балуанды жығу қажет.

Спортшыларға разрядтық атақ беру үшін жаттықтырушы әрбір жарыстан кейін жарыс протоколдарын белгілі спорт қоғамдарына тапсырып отырады.

Қазақ спорт шеберлері және бірінші разрядты балуандар жарыс кезінде күніне төрт белдесуге дейін өткізеді. Ал жасөспірімдер арасындағы белдесу күніне екіден артпауы керек. Әр кездесудің арасындағы үзіліс 20 минутқа созылады.

Қазақ спорт шеберлері және бірінші, екінші, үшінші разряды бар балуандар үшін белдесу он минутқа созылады. Бес минут күрескеннен кейін олар бір минут үзіліске шығады. Ал күресті жаңа бастағандармен жасөспірімдер үшін күресу уақыты алты минутқа дейін қысқартылады. Олар үш минуттан кейін бір минуттік үзіліске шығады.

Белдесулердің қорытындысы жарыстан кейін, күрескен балуандардың көрсеткіштеріне қарай анықталады. Таза жеңіс күресуші балуанның бірінің жауырыны немесе басы кілемге тиген жағдайда беріледі. Әр түрлі жарақаттарға сәйкес бір балуан жарыстан шығып қалған кезде оның қарсыласы жеңді деп есептелінеді. Егер шақырылғаннан кейін үш минут уақыттың ішінде бәсекелестердің біреуі кілемге шықпаса онда таза жеңіс екіншісіне берілуге тиіс. Егер белдесу кезінде балуан жарақаттанып қалып, оны дәрігердің емдеуіне, сондай-ақ балуанның киімі дұрыс болмай оны жөндеуге бес минуттан артық уақыт кетсе, онда бұл балуан жеңілді деп есептелінеді. Таза жеңістің бұдан басқа да шарттары бар.

Егер белдесу кезінде балуандардың ешқайсысы таза жеңіске жетпесе онда төрешілер жеңісті ұпай саны жағынан басымдылық көрсеткен балуанға береді. Мұны ұпай санымен ұту деп атайды. Кейде екі балуанның тең өнер көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда жеңіс жиі-жиі шабуылға шыққан, кілемнен қашпай, батылдық кор сеткен балуанға беріледі. Ал тіпті ол жағынан да тең түссе салмақтары өлшеніп, қайсысы жеңіл болса, соған берілуге тиіс.

Күрес кезінде сөйлесуге, бәсекелесіне, төрешілерге дөрекі мінез көрсетуге, қолымен, шынашағымен соғуға, алқымынан қысуға, аяқтан, кілемнен ұстауға, буындарды ауыртатын әдістер қолдануға рұқсат етілмейді. Мұндай жағдайды байқап қалған сәтте төреші бірден ескерту жасап, ал балуан оны екінші рет қайталаса, жарыстан шығаруға дейін барады.

Тағы да бір ескерте кететін нәрсе балуандар жаттығу және жарыс үстінде жиі жарақаттанады. Мұның басты себебі техникалық дайыдықтың нашарлығы, айла-тәсілдерді дұрыс қолданбау, дұрыс бой жазбау болып есептелінеді. Көбінесе балуандар иық, шынтақ буындарын, жонбалтыр еттерін созып алады. Кейде буындар шығып, сүйектер де сынады.

Осындай жарақаттардан аулақ болуы үшін әр спортшы техникалық айла-тәсілдерді дұрыс қолдана білуі керек. Әсіресе, мойын-бұлшық еттерінің жақсы жетілуіне назар аударған жөн. Жарысқа қатынасатын балуанның киімінде бәсекелесін жарақаттайтын темірден жасалған заттар болмауға тиіс. Бұған қоса тырнақтың да мұқият тұқылданып алынуы қажет. Түрлі тері ауруларынан сақтану үшін балуанның әр жаттығудан және жарыстан кейін жылы душ қабылдағаны мақұл.

Қазақша күрес жарыстарының ертеңгілік немесе кешкі уақытта өтуі мүмкін. Егер ертеңгілік уақытта өткен жарыстан кейін салмақ көп болса, онда түскі астың мөлшері азайтылады. Ал кешкі ас кезінде міндетті түрде лимон салған шай, сорпа, аздаған құс етін және нан жеуге болады. Мұндай мүмкіншілік болмаған жағдайда барынша жеңіл тамақтану керек. Балуан кілемге шығар алдында он минуттай дамылдап алса дұрыс болады. Ал екінші кездесудің қарсаңында сәл бой жазып, жарыс аяқталғаннан кейін салмағын тексеріп, содан кейін барып, кешкі асқа отыруға болады. Жарыс күндерінде ұйқы алдында серуендеп отырған дұрыс.

Шәкірті таразыға өлшеніп, оның кіммен кездесетіндігі белгілі болғаннан кейін жаттықтырушы жоспар жасайды. Бұл жоспардың әрі дәл әрі мазмұнды болуы алдағы өтетін белдесулердің жақсы аяқталуына сөз жоқ әсер етеді.

Отарбаев А. Шопан серігі. -Алматы, 1978. -252-261 б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2024-02-16 14:02:18     Қаралды-574

ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІ АТАЛЫМЫ БОЙЫНША 4 ТҮРЛІ САЛАТТАР

...

Жыл мезгілдері аталымы бойынша 4 түрлі салаттар

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЧИЛИ АРХИПЕЛАГЫ

...

Оңтүстік Чили жағалауын қуалай жатқан аралдар жүйесінің жалпы аты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҮЗІМ ШЫРЫНЫНАН ДАЙЫНДАЛҒАН СІЛІКПЕ

...

Жүзім шырыны қайнағанша қыздырылып, оған құм шекер қосылады да ол ерігеннен кейін лимон қышқылы және алдын ала бөктірілген желатин салынады. Содан соң тағы да қайнатылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӨРІК КӘМПИТІ (пастила)

...

Піскен өріктер жуылып, сүйектерінен ажыратылады. Аздаған суға салынып, пісіріледі де ысқылап електен өткізіледі. Ботқа сияқты алынған масса өлшеніп, салмағы сондай қант қосылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН - ҒАЖАЙЫП ЕҢБЕККЕР

...

Күн тыным таппай, тәулік бойы, ай бойы, жыл бойы шуақ шашады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕФОНДЫ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

«Телефон» атауы гректің «tele» (алыс) және «телефон» (дыбыс) сөздерінен шыққан.

ТОЛЫҒЫРАҚ »