САХА РЕСПУБЛИКАСЫ
Якутия – Ресей құрамындағы әкімшілік бөлік. 1922 жылы 27 сәуірде құрылған. Жері 3103,2 мың км2. 34 ауданға бөлінеді. Астанасы - Якутск қ.
Табиғаты. Республика жерінің көпшілік бөлігін таулар мен таулы қыраттар алып жатыр. Жоғары Яна (2389 м), Черский (биік жері - Победа тауы, 3147 м) жоталары, олардың аралығында Оймякон таулы қыраты, шығысында Сетте-Дабан (2403 м) және Юдома-Мая таулы қыраттары, оңтүстігінде Алдан таулы қыраты, Становой жотасы (2412 м), батысында Орта Сібір таулы үстірті, солтүстігінде және орталығында Солтүстік Сібір, Яна-Индигирка, Колыма және Орталық Якутия ойпаттары орналасқан. Пайдалы қазындылары - алмас, алтын, қалайы, темір рудасы, көмір, мұнай, табиғи газ, апатит. Климаты тым континенттік.Қаңтардың, орташа температурасы -34°С-тан -50°С-қа дейін (Оймякон өңірінде - 71°С-қа дейін), шілдеде 13°С, 20°С. Жылдық жауын-шашыны 140-280 мм, оңтүстік-батысында және батысында 600 мм. Ірі өзені - Лена (Алдан, Вилюй, Яна, Индигирка, Колыма салаларымен). Жері таулы-тоңды-тайгалы және таулы-тундралы топырақ, орталық бөлігі шымды-орманды, сазды, аллювий-шалғынды топырақты болып келеді. Территориясының 1/2 бөлігіне жуығы орман-тайга (даур балқарағайы, қарағай, самырсын, шырша, қайың т. б. агаштар).
Халқы. Негізгі тұрғындары якуттар, олардан басқа орыстар, эвенкілер, чукчалар, украиндар тұрады. Орташа тығыздығы 10 км2-ге 2,4 адамнан. Қала халқы 60%. Ірі қалалары - Якутск, Мирный, Алдан.
Тарихы. Якут территориясына алғаш адам ізінің түсуі жоғары палеолит дәуіріне жатады. Сол кездегі адамдардың тұрағы Лена мен Алдан өзендері маңынан табылған. Неолит дәуіріндегі (б. з. б. 3-2 мың жылдықта) адамдар да Лена өзенінің бойын т. б. өзендер алқабын жайлаған. Бұл дәуір ескерткіштері бірнеше топқа бөлінеді. Якутияның оңтүстігінде жартылай отырықшы балықшылар мен аңшылар тұрды. Бұл жерлерде бұлан аулауды бейнелейтін тасқа қашалған мазмұнды суреттер сақталған. Солтүстік тұрғындары Лена, Индигирка мен Колыманың сағаларын игерген. Бұл жерде жабайы бұғы аулайтын кезбе аңшылар, яғни кагирлердің ата-тегі тұрған. Лена мен Вилюй сағасындағы қорымдар мен қоныстарда қола дәуірінің қалдықтары (қылыш, қанжар, айбалта т. б.) сақталған. Қоладан соққан құйма қалып пен қалайы ыдыстар табылды. Мұның өзі олардың Сібірдің далалық аймақтарымен байланысы болғанын көрсетеді. В. з. 1-мың жылдығының басында Якутияда темір өндіру мен өңдеу тарай бастады. Б. з. 1 ғасырында солтүстік-шығыс Азияда тунгустар пайда болды. Олардың арасында бұғы өсіру кең өрістеді. 10-16 ғасырларда Якутияның орталық аудандарында якуттардың арғы тегі - малшы түрік тайпалары қоныстанған. Орыстардың келуіне байланысты (17 ғасырдың 20-30 жылдары) якуттар Лена - Амгин өзендері аралығына, Вилюйдың сағасы мен Янаның бастауына қарай шоғырланды. Олар негізінен ірі қара мен жылқы өсірді, жартылай отырықшылық өмір сүрді. Аң аулау, темір соғумен де айналысты. Айырбас саудасын жүргізді.
16-17 ғасырларда якуттар тайпалар мен руларға бөлінді; алғашқы қауымдық құрылыста-ақ феодалдық қатынастың элементтері пайда болды. Әскери көсемдер мен тойондар, байлар және оларға бағынышты құлдар шықты. Шаман дінін тұтынды. Якуттардың рухани өмірінде ауыз әдебиеті маңызды орын алды, әсіресе батырлық эпос-олонхо дамыды. Я. территориясында якуттардан басқа да халықтар - эвенкілер, эвендер, кагирлер және чукчалар тұрды. 1630 жылы Якут орыс мемлекетінің құрамына енді де олардан салық алынатын болды. 1632 жылы Лена өзенінің оң жағалауына орыс мемлекетінің әскери қызметтегі адамдары Якутск түрмесін салды. Якуттардың воевода басқаратын дербес уездіктері 1805 жылға дейін өмір сүрді. Якутияның Россияға қосылуы, патшаның отаршылық саясатына қарамастан, өлкенің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуын тездетті; халықты күйзеліске ұшырататын той-ондардың өзара ала ауыздығын басты; Якутия Бүкіл россиялық рынок системасына тартылды; бұл өлкеге орыс тұрғындары (шаруалар, мещандар, саудагерлер, казактар) қоныстана бастады.
17-18 ғасырларда Якуттар Олекма мен Вилюй өзендері төңірегінде мал өсіруді қолға алды. Жер ауып келген орыстарға еліктеп егіншілікпен, шөп шабумен айналысты, феодалдық қатынастар дамыды, шұрайлы жерлер үстем таптың жеке меншігіне айналды. 1766 жылы Екатерина II үкіметі Якутия жеріне жасақ комиссияларын жіберді. Олар әрбір болыстағы жердің, адамның санағын жүргізді. Жерді саудаға салуға тыйым салынды. 1805 жылы Иркутск губернаторына бағындырылған Якут облыс құрылды. 1822 жылдан якуттар «көшпелі бұратаналар» қатарына қосылды. 1851 жылдан Якутия облысын губернатор басқарды. 19 ғасырдың 2-жартысында Якутияда капиталистік қатынастар туды. 40 жылдарда-ақ Олекма мен Витим өзендері алабынан алтын табылған. Сондай-ақ Вилюй мен Якутияның оңтүстігінде де алтын, Верхоянск тауларынан қорғасын өндірілді; жалдамалы еңбек етек алды. 19 ғасырдың аяғында Якутияның біраз қалаларында тұрмысқа қажетті өндіріс орындары мен шеберханалар пайда болды, сауда өркендеді. Якуттар әлеуметтік топтарға, шаруалар мен кулактарға жіктелді. Бұлардың ішінен якуттардың ұлттық буржуазиясы туды. Сібір темір жол салынды, Лена өзенінде кеме жолының ашылуы Якутияда капиталистік қатынасты дамытты. Якутиядағы качарлар мен тунгустардың өнеркәсіп, ауыл шаруашылық патриархалдық қатынас сатысында қала берді. Орыстардың әсерімен якуттардың тұрмыс мәдениетіне өзгерістер енді. 19 ғасырдың басында якут халқының көпшілігі христиан дінін қабылдағанымен, 20 ғасырға дейін шаман дінінің сенімінде болды, орыс алфавитінің негізінде якут жазуы пайда болды. Якутияға жер аударылып келген алғашқы социал-демократтар маркстік әдебиеттерді таратты. 1902 жылы училищелерде жасырын саяси үйірмелер пайда болды. Оның мүшелері лениндік «Искрамен» т. б. маркстік әдебиеттермен танысты. 1905-1907 жылғы революция Якутияға да ықпалын тигізді. 1906 жылы 9 қаңтарда қалада орыстар мен якуттардың біріккен демонстрациясы болды. Революция кезінде барлық ұлыстарда жер үшін шиеленіскен күрес жүрді. 1906 жылы маркстік «Маяк» үйірмесі негізінде якуттік с.-д. жасырын ұйым кұрылды. 1917 жылы Ем. Ярославский, Г.К.Орджоникидзе, Г.И.Петровский т. б. бастаған айдаудағы большевиктердің революциялық жұмысы күшейе түсті. Наурыз айының басында РСДЖП-ның біріккен Якут комитеті, 1917 жылы майда жұмысшы және солдат депутаттарының біріккен советі (пред. Ем. Ярославский) құрылды, бірақ көпшілігі меньшевиктер мен эсерлер еді. Ұлы революциясы жеңген соң жергілікті контрреволюциялық күштер «революцияны қорғау комитетін» құрды. 1918 жылдың 1 шілдеде Орталық Сібірдің нусқауымен Иркутскіден жіберілген Қызыл Армияның қолдауы нәтижесінде Якутияда Совет екіметі орнады. Вилюй, Нюрба, Сунтар т. б. ұлыстарда Советтер құрылды. 1918 жылдың тамызында Якутскіні ақ гвардияшы Колчак әскерлері басып алды. Якут большевиктері еңбекшілерді колчакшылармен күреске жасырын түрде даярлады. 1918 жылғы желтоқсанның 14-нен 15-не қараған түні Якутскіде жұмысшылар мен революцияшыл солдаттардың көтерілісі асталды. Барлық өкімет билігін әскери-революциялық штаб қолына алды. РК(б)П ОҚ-ның нұсқауымен РК(б)П-ның Сібір бюросы 1920 жылы маусымда Якутияға партия совет және ауыл шаруашылық қызметкерлерінің бір тобын жіберді. Якут ауданы (облыстық) ревком сайланып, оның құрамына большевиктер енді. 1920 жылы маусымның басында РК(б)П Якутия облыстық ұйымдастыру бюросы құрылды. 1920-1922 ж. банк, сауда фирмалары, неркәсіп орындары, жер конфискеленді. 1921 жылдың аяғында ақ гвардияшыл кулактардың бүлігі бұрқ ете түсті. 1922 жылы наурызда Чурапча селосында Екут буржуазия-ұлтшылдары мен ақ гвардияшылары «Уақытша Якут облыстық басқармасын» құрды. 1922 жылы А. Н. Пепеляевтің басшылығымен «Ерікті Сібір жасағы» құрылып, ол тамыз айында Владивостоктан Якутияға берілді. Контрреволюцияны басу үшін ұйымдастырылған Охота-Аян экспедициясы Пепеляевтін жолын келіп тастады. Онын Якутскіні алмақ йолған талабы іске аспады.
1922 жылы 27 сәуірде ВОАК Президиумының қаулысымен РСФСР құрамында Якут АССР-і құрылды. 27 желтоқсанда Советтердің Бүкіл якутиялық 1-Құрылтай съезі ашылып, онда республикалық ОАК мен Халкомсов сайланды. 1924 жылы Якут АССР-інің 1-Конституциясы қабылданды. 1929 жылдан Якутияда жер реформасы жүргізілді: республиканың экономик-мәдени өмірінде түбегейлі өзгерістер жасалып, даму жолына түсті. Соғыстан бұрынғы бесжылдықтарда (1929-1940) Якутия халықтарының қолдауымен, шаруашылықтың патриархалды-феодалдық формасынан капитализмге соқпай, социализмге көшті. 1937 жылы Советтердің Бүкіл якутиялық төтенше 9-съезінде Якут АССР-інің жаңа Конституциясы қабылданды, республика социализм жеңісіне жетті. Якут ұлты қалыптасып, индустриялы-аграрлы республикаға айналды. Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945) якутиялық 50 мыңнан астам жауынгер майдандарда жауға қарсы шайқасты. Олардың 13-і Совет Одағының Батыры атағына ие болды. Соғыстан кейінгі бесжылдықтарда Якутия еңбекшілері экономикалық және мәдени жағынан өсіп, зор жетістіктерге ие болды.
Экономикасы. Якутия Совет өкіметі жылдары социалистік шаруашылығы дамыған республикаға айналды. Өнеркәсіп өнімі 1974-1975 жылдары 6,7% артты, республика шаруашылығы жалпы өнімінің 80%-ін өнеркәсіп орындары береді.
Өнеркәсібі. Якутия Қиыр Шығыс экономик, ауданының құрамына кіреді. Республикада тау-кен өндірісі басым дамыған. Алмас (Мирный), алтын (Алдан, Индигирка), қалайы (Яна), слюда (Томот, Канкунский аудандарынан), көмір (Сангар, Джебарики-Хая, Кангалассы), табиғи газ (Усть-Вилюйск) өндіріледі. Энергетикасы Вилюй СЭС-не және Якутск мемлекеттік аймақтық электр станциясына негізделген. 1975 жылы «Сарылах» руднигі, Вилюй СЭС-і – Айхал - Удачный автомобиль жолы, «Северное сияние-3» жүзбелі электр станциясы, Вилюй СЭС-інің 2-кезегінің 1-агрегаты іске қосылды. 1976 жылы 1958 мың т көмір, 525 млн. м3 газ, 2784,1 млн квт-сағ электр энергиясы өндірілді. 1918,5 мың м3 құрылыстық және отындық ағаш, 242,4 мың т цемент, 391,7 мың м3 тақтай шығарылды. Ірі өнеркәсіп орындары Якутск (жөндеу-механикалық зауыды, ағаш өңдеу комбинаты), Алдан (машина жөндеу), Жатай (кеме жөндеу), Мирный, Ленск, Тикси т. б. қалаларда (құрылыс материалдары, жеңіл және тамақ кәсіпорындары) шоғырланған.
Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылық етті-сүтті мал өсіруге бейімделген. 1974 жылы республикада 58 совхоз және 16 колхоз болды. 1977 жылы мал басы (мың): мүйізді ірі қара 384,9 (оның ішінде сиыр 147,9), шошқа 23,3, жылқы 171,9, бұғы 369,3, құс 494 мың бас. 1976 жылы 57,3 мың т ет, 207,2 мың тон сүт, 71,5 млн. дана жұмыртқа алынды. 10,8 млн. сомдық қымбат бағалы тері дайындалды. Егісі (мын га. 1976) 90,6, оның ішінде дәнді дақылдары 59,3, картоп 6,7, овощ 1,0, жемшөп 15,7. Дәнді дақылдардан: арпа, бидай, сұлы егіледі.
Транспорты. Автомобиль жолының ұзындығы 12,1 мың км, оның ішінде асфальтталғаны 1,4 мың км (1974). Басты автомобиль жолдары Амур - Якутск магистралы, Колыма трактісі, Ленск - Мирный - Чернышевский, Тумус - Якутск газ құбыры тартылған. Ірі порты - Тикси.
Денсаулык сақтау ісі. 1913 жылы Якутияда 351 төсектік 13 аурухана және 25 фельдшерлік амбулатория болды. Бұларды 22 дәрігер, 39 фельдшер және 12 акушер қызмет істеді. Елде шешек, сүзек және балалар аурулары көп тараған еді. Якут АССР-і құрылар алдында не бары 210 төсектік 4 аурухана жұмыс істеді. Мұнда 12 дәрігер және орта білімді 10 медициналық қызметкерлер болды. Ал 1976 жылы 1 қаңтар 11,4 мың төсектік 298 аурухана (бір мың тұрғынға 15 төсек), 2,1 мың дәрігер (364 тұрғынға 1 дәрігер) және орта білімді 8 мың медициналық қызметкерлер болды. Якутия АССР-нде Абалах және Кемпендяй курорттары, 13 санаторий, 2 демалыс үйі, 593 мектепке дейінгі балалар мекемесі бар.
Оқу-ағарту ісі. Якутиядағы алғашқы мектеп - мемлекеттік бастауыш мектептер (18 ғ. басында) болды, кейін олардың орнына навигациялық мектептер келді. 19 ғасырдың басында - үш кластық уездік училище құрылып, олар кейіннен ер балалар классикалық гимназиясына айналды. 19 ғасырдың соңында кейбір шет аудандарда мектептер пайда бола бастады және жер аударылған декабристер мен революционерлер ұйымдастырған мектептер құрылды. Ұлы социалистік революциясының қарсаңында халқының 0,7 %-і сауатты болды.
Ұлы революциясынан кейін якуттардың ағарту ісі мен мәдениеті дамыды. 1939 жылы халқының (9-49 жас) 80,5%-і сауатты болды. 1976 жылы басында балалар бақшалары мен яслилерде 61,0 мың бала тәрбиеленді. 1975-1976 оқу жылында Якутияда жалпы білім беретін 684 мектеп, оларда 175,6 мың оқушы болды. 19 кәсіптік-техникалық оқу орындарында 5,6 мың, 18 арнаулы орта оқу орындарында 10,7 мың оқушы, Якут университетінде 6,3 мың студент оқыды. 1975 жылы Якутияда 589 кітапхана, 695 клубтық мекеме, 839 кино қондырғы болды.
Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Революциядан бұрынғы Якутияда шіркеулік кітаптар мен патша әкімшілігінің ресми басылымдары ғана басылды. Якутияда мерзімді баспасөз 1905-1907 жылдар 1-орыс революцияеына байланысты пайда болды. «Маяк» қолжазба журналы (1906), «Якутский край» (1907-1908), «Якутская жизнь» (1908-1909), «Социал-демократ» (1917) газеттері және күнделікті бюллетень «Вестник» (наурыз, 1917) шықты. 1920 жылы шыға бастаған газеттері: «Якутская правда», «Красный север», «Ленский коммунар», «Автономная якутия», «Социалистическая якутия» (1932). Якут тілінде шығатын газеттері: «Кыым» («Ұшқын») - КПСС Якут облыстық комитетінің, Якут АССР Жоғарғы Советі мен Министрлік Советінің органы (1923, аптасына 6 рет), «Эдэр коммунист» («Жас коммунист») - ВЛКСМ Якут облыстық комитетінің органы (1924, аптасына 3 рет), «Бэлэм буол» («Әр қашан да дайын бол») - ВЛКСМ Якут облыстық комитеті мен республикалық пионер советінің органы (1936, аптасына 2 рет). Екі тілде (орысша, якутша) шығатын журналдары: «По ленинскому пути» (КПСС облыстық комитетінің органы), «Полярная звезда» (Якут совет жазушыларының органы), «Үгітші блокноты». Якут кітап баспасы жыл сайын жүздеген әр түрлі кітап шығарады. Оның дені марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері, жергілікті жазушылардың, ғылми қызметкерлердің, өндіріс-озаттарының шығармалары. Радиохабары 1934 жылдан беріле бастады. Якутскіде телеорталық жұмыс істейді.
Әдебиеті. Якут (саха) халқының жазба көркем әдебиеті 19-дың алғашқы ширегінен бастап ұлттық фольклор дәстүрі мен орыстың реалистік әдебиетінің тәжірибесі негізінде дамыды. Фольклор шығармалары ішінде батырлық жырлар - олонхоның әсері күшті болды. Осы тұста Якутияда «Якут өлкесі» («Якутский край», 1907-1908), «Якут өмірі» («Якутская жизнь», 1908-1909) атты газеттер және «Якутия дауысы» («Голос Якутии», 1912-1913) атты журнал шыға бастады. Якутия жазба әдебиетінің негізін салушылар – ақын-фольклорист А. Кулаковскийдің (1877-1926) «Сараң бай», «Мас буржуйдың жыры», «Бақсының түсі», ақын-жазушылар А. Софронов (1886-1935), Н. Неустроевтардың (1895-1929) шығармалары осы газет, журналдарда басылды. Олардың шығармалары Якутия әдебиетінің дамуына үлкен ықпал жасады. 1900 жылы жазылған А. Кулаковскийдің «Байанайдың қарғысы» атты жыры якут тілінде жарияланған тұңғыш поэзиялық туынды.
20 ғасырдың 20 жылдары әдеби қозғалысты бастап, якут совет әдебиетінің негізін салушы аса көрнекті ақын, драматург П. А. Ойунский (1893-1939) болды. Ол Ұлы революциясының жеңісін жырлады. Совет өкіметі үшін күреске белсене қатысты. Оның алғашқы шығармалары - «Жұмысшы әні», «Бостандық жыры», «Өкімет советтерге» т. б. өлеңдері революциялық тақырыпқа арналды. Онымен бірге А. Иванов-Кюнде (1889-1934), Н. Мординов (1906 ж. т.), Д. Сивцев (1906 ж. т.), С. Кулачиков-Элляй (1904-1977), С. Ефремов (1904 ж. т.), С. Саввин (1903-1970) т. б. ақын-жазушылар Якут совет әдебиетін өркендетуге елеулі үлес қосты. Отызыншы жылдары Якут әдебиетінің қатары И. Винокуров-Чагылган (1914-1952), П. Туласынов (1916-1949), Г. Макаров (1906-1961), Т. Сметанин (1919-1947) т. б. қаламгерлермен толықты. Бұл жылдары С. Кулачиков-Элляйдың «Дауыл мен жорық жылдары» (1930) поэмасы, С. Ефремовтің «Ағайындар» (1934) драмасы, Э. Эристиннің «Өсиеттіқ орындалуы» (1939) повесі, Васильев-Брогонскийдің «Романның артелі» (1929), «Тырналар тізбегі» (1935) т. б. шығармалар жарык көрді.
Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы ерліктер мен тылдағы ел өміріне байланысты көптеген өлең-жырлар, әңгіме-очерктер, повестер, пьесалар жазылды. Н. Мординовтың «Соғыс» (1942), Э. Эрнстиннің «Марыкчанның жастары» (1942), Д. Сивцевтің «Сайсары» (1943), С. Ефремовтің «Парыз» (1943) т. б. шығармалары жарық көрді. Согыстан кейінгі кезең Якут әдебиетінің жаңа белеске көтерілген дәуірі болды. И. Гоголевтің (1982 ж. т.) «Тайга таңы», Л. Поповтың (1919 ж. т.) «Менің алмасты өлкем», Семен Даниловтың (1917 ж. т.) «Мирный қаласы» т. б. туындылары жарияланды. Сондай-ақ Софрон Даниловтың (1922 ж. т.) «Тоқтатпас жүрек соғуын» (1963-1966), Ю.Шамшуриннің «Бақыт сенің қолыңда» романдары мен А. Федоровтың «Тасадағы бүркіт», А. Сыромятниковтың «Жолдар» атты повестерінде бүгінгі замандас бейнесі және олардың моральдық-рухани өсуі суреттеледі. 1958 жылы Н. Якутскийдің «Жер» романы жарық көрді. А. Федоровтың «Айналмалы биіктік», Н. Якутскиидін «Алмасты іздеушілер», Н. Габышевтың «Көк тастың жалыны» атты шығармалары өндіріс тақырыбына жазылған туындылар. Ал 1968 жылы орыс тіліне аударылған Н. Якутскийдің «Тағдыр» трилогиясы тарихи тақырыпқа жазылған елеулі көркем шығарма. Трилогияда 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бас кезіндегі якут халқының қоғамдық өмірі қамтылған. Ал Софрон Даниловтың «Якуттардың атынан» (1916) пьесасында революционер Максим Аммосовтың 1918 жылы Ленинмен кездесуі және оның революциялық жолы бейнеленген. Н. Заболецко мен Н. Никифоров «Тарабукиннің семьясы» атты пьесасында адамгершілік, мораль мәселесін суреттеді. Якут жазушыларының «Алмасты аймақ» атты әңгімелер жинағы (1966), Софрон Даниловтың «Тоқтатпас жүрек соғуын» романы (1976) мен Семен Даниловтың «Солтүстік шұғыласы» өлеңдер жинағы (1977) қазақ тілінде шықты.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Якутия территориясынан табылған керамикалық бұйымдар мен мүйізден жасалған сәндік заттар неолит, қола дәуірі және темір ғасырына саяды. Якуттардың негізгі баспанасы қабырғасын ішке қарай итіндіре төрт бұрышты жобамен тұрғызған ағаш үйлер («буорджие») болып табылады. Үйдің қабырғалары жерге тік қағылған мөлтек қазықтардың үстіне көлденең бекітіліп, төбесі паруаздармен тұтастырылып жабылады. Сырты сабанды лаймен сыланады. 19 ғасырға дейін якуттар жазғы баспана ретінде ағаш шошалаларды («ураса») пайдаланып келді. 19 ғасырдан орыс коныстанушылары арқылы ағаш үйлер ене бастады. Орыс мемлекеті құрамына енгеннен кейін қалалар (Якутск, Вилюйск т. б.) бой көтерді. 18 ғасырдың басынан кірпіш үй салу ісі өріс алды. Якуттардың халық творчествосынан оңтүстік түркі-монғол және тайга мәдениетінің элементтері бой көрсетті. Ағаш бұйымдар ою-өрнектермен әшекейленеді. Сонымен қатар ат-тұрман әбзелдерін жасау, киім-кешек әшекейлеу, кесте, зергерлік өнері кең етек алған. 18-19 ғасырларда мамонт пен морж сүйегінен тарақ ою, ағаш құты жасау тарады. Солтүстік якуттар, эвендер, юкагирлер мен чуктер тері мозаикалармен өрнектелген еркін киімдер, аяқ киімдер пайдаланады. Советтік Якутияда ескі қалалар көркейіп, жаңа қалалар (Алдан, Ленск, Мирный) мен поселкелер (Чернышевский т. б.) бой түзеуде. Жобаларды даярлауға якут архйтекторлары С. В. Данилов, В. С. Петров, И. Г. Смольков, И. В. Суханов т. б. белсене ат салысты. 1964 жылы СССР Архитекторлар одағының Якут бөлімі құрылды. Ұлы революциясынан кейін Якутияда бейнелеу өнері өркендеуде. Якутияның ескі және жаңа тұрмысына арнап шығармалар жасаған М. М. Носов пен И. В. Поповтың ұлттық бейнелеу өнерінің қалыптасуына ықпалы үлкен болды. 30 жылдары кескіндемеші А. В. Кандинский, кескіндемеші әрі график-суретші П. П. Романов, мүсінші П. И. Добрынин, театр суретшісі Г. М. Туралысов, соғыстан кейінгі алғашқы жылдар мен 50-60 жылдары кескіндемешілер С. Л. Александров, Л. А. Ким, М. В. Лукин, А. Н. Осипов, А. П. Собакин (тарихи-революциялық және тұрмыстық тақырыптағы композициялардың, портреттердің авторлары), Л. М. Габышев, Ф. Г. Павлов (табиғат көріністерінің шеберлері), график-суретшілер В. Р. Васильев, А. П. Мунхалов, Л. М. Неофитов, Э. С. Сивцев, мүсінші-портретшілер С. А. Егоров, К. Н. Пшенников т. б. якут бейнелеу өнерінің жаңа бағыт алуына күш салды. Сүйек ұқсату өнерінің қайта өркендеуіне И. Ф. Мамаев, Л. М. Никифоров ат салысты. Халық пластикасы К. Ф. Герасимов, С. П. Заболоцкий, Д. И. Ильин мен В. П. Поповтың жанрлық жұмыстарында, сүйектен анималистік ұсақ мүсін жасау С. Н. Петров, С. Н. Нестеров туындыларында, оймышты ою-өрнек Т. В. Аммосов еңбектерінде жаңа қырынан көрінді. Халықтық сән және қосалқы өнерінің түрлері мен әдістері жаңаруда.
Музыкасы. Якуттың халық ән творчествосы созылыңқы («дьиэрэтии ырыа») және дірілі өлшемді («дэгэрэн ырыа») болып келетін әннің екі түрінен тұрады. Бірінші түріне олонхо қаһармандық эпосының негізгі эпизодтары мен кең эпикалық импровизациялар - тоюктер жатады. Еркін формалы әрі ауыспалы метрлі «дьиэрэтии ырыаға» ладтың жиі ауысушылығы тән. «Дэгэрэн ырыаның» әуені нақты бір ладқа, айқын ырғаққа құрылады. Хоровод түрінде орындалатын би «осухай» таңдай әндерінің айрықша түрлері («тангалай ырыата» т. б.) кездеседі. Музыкалық аспаптары: қырыымпа (якут скрипкасы), хомус (темір варган), кюпсюр (барабан), дюнгюр (шаман бубені). Якут фольклорын А. В. Скрябин, Ф. Г. Корнилов, М. Н. Жирков жинастырды. Орыс композиторлары Г. И. Литинский, Н. И. Пейко, Д. Ф. Салиман- Владимиров якут тақырыбында шығармалар жазды. 1917 жылы А. В. Скрябин әуесқойлар хорын ұйымдастырды. 1936 жылы ұлттық драма театры жанынан М. Н. Жирковтың басқаруымен Мемлекеттік ұлттық хор және аспаптық ансамбль құрылды. 1948 жылы П. А. Ойунский атындағы драма театры музыкалық-драма театры болып қайта ұйымдастырылды. Бұдан 1971 жылы музыкалық театр бөлініп шықты. Якуттың профессионалды музыкасының негізін салушы Жирков алғаш рет ұлттық музыкалық-драма «Дьулуруйар Ньюргун Боотурды» (1940 жылы қойылды), сондай-ақ Литинскиймен бірге алғашқы якут операларын («Ньюргун Боотур» мен «Сыгый Кырынаасьютыр», 1947) және балеттер жазды. Г. А. Григорянның Якутиядағы қызметі жемісті болды. Ол Якутия музыкасы үшін жаңа жанрлар - оркестр мен скрипкаға арналған концертін (1955), «Якут мерекесі» ораториясын (1961), оперетта, опера, балет, симфониялық және камералық шығармалар жазды. 60 жылдардан Якутияда композиторлар Л. В. Вишкарев, Г. Н. Комраков, В. Г. Кац, Н. С. Берестов, З. К. Степанов қызмет етеді. Ән жанрында еңбек еткен композиторлар З. Винокуров, X. Максимов, В. Зырянов, С. Павлов, Д. Михайлов, О. Иванова мен А. Алексеев творчестволары кеңінен белгілі болды. Якут музыкалық орындаушылары: РСФСР-дің еңбек сіңірген арт. М. Лобанов, А. Лыткин, Н. Шепелева т. б. Якут АССР-нде (1976) музыкалық театр (1971), радио мен телевизияның симфониялық оркестрі (1948), халық творчествосы үйі (1933), музыкалық училище (1949), 68 музыкалық мектеп жұмыс істейді.
Театры. 1920 жылы Якутскіде Мемлекеттік театрының негізі қаланды. 1925 жылы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысушылардан якут ұлттық труппасы (В. В. Местников, Т. П. Местников, Н. И. Гоголев, М. Е. Федорова т. б). құрылып, ол 1930 жылы жеке театр-студиясына айналды. Ал 1942 жылы Орыс театрымен бірікті; соғыстан кейін қайта бөлініп жеке театр болды. Театр республика тұрғындары арасында тәрбие мен ағарту жұмысын жүргізуде, драматургияны дамытуда үлкен ролъ аткарды. Ұлттық драматургтар (Н. Неустроев. П. А. Ойунский. А. Софронов, А. Иванов-Кюндэ, С. Кулачиков-Элля, Е. Ефремов, Д. Сивцев-Омоллон, П. Мординов, В. Протодьяконов т. б.) пьесалары театр репертуарының негізін құрады. Бұл пьесаларда Якутияның тарихи өткені мен бүгінгі таңдағы өмірі бейнеленді. Тандаулы спектакльдері: Ойунскийдің «Кызыл шаманы» (1930), Сивцевтің «Кюкюр ұстасы» (1935), Протодьяконовтың «Алтын тайгасы» (1940), Н. Ф. Погодиннің «Мылтықты адамы» (1947, И. Ленин ролін П. М. Решетников пен Ефремов орындады), У. Шекспирдің «Отеллосы» (1955) мен «Макбеті» (1975), С. П. Даниловтың «Жолдас Максимі» («Якуттер атынан») мен «Жүрек соғып тұрғандасы» (1973), Гоголевтің «Лена таны» (1972), А. Н. Островскийдің «Найзағайы», Ефремовтың «Ағайындылары» (1976). Театрда актерлер А. Д. Неустроева, Д. Г. Габышев, Н. П. Слепцов, Н. Н. Харитонов, реж. С. А. Григорьев т. б. қызмет етті. Театр труппасында (1977) СССР халық арт. Д. Ф. Ходулов, РСФСР халық арт. М. В. Слепцова, М. Д. Слепцов. РСФСР-дін енбек сіңірген арт. Н. И. Гоголев. Якут АССР халық арт. А. Е. Ефремов, А. Иванова, Г. Колесов. А. Петров, М. Гоголев, Я. Кычкин, А. Ларионова, бас реж. Ф. Ф. Потапов суретші В. Иванов т. б. жұмыс істеді.
Әдеб.: Очерк истории якутской советской питературы. М., 1970; Иванов С. В. Материалы по изобразительному искусству народов Сибири XIX - нач. XX века. М.-Л., 1954; Потапов И. А. Изобразительное искусство Советской Якутии. Л., 1960: Материалы научно-творческой конференции по вопросам якутского декоративно-прикладного искусства. Якутск, 1966: Якутский Государственный музыкально-драматический театр имени П. А. Ойунского, Якутск, 1957.
Жарияланған-2024-01-25 18:22:48 Қаралды-531
ҚЫРЫҚҚҰЛАҚ
Қырыққұлақ - жапырақтары тілімденген сәндік өсімдік. 12 мыңнан астам түрі бар. Қазақстанда 35-ке жуығы кездеседі. Кейбір түрлері тамыры арқылы, кейбірі жапырағында пайда болатын өнім бүршіктерімен көбейеді.
ОРЫНБОР
1920 жылы Кеңес Үкіметінің басшысы В.И.Лениннің жарлығы бойынша Орынбор қаласында съезд өтті. Онда Қазақстанның жеке автономиялы мемлекет болғандығы жарияланды. Автономиялы республика деп үлкен федеративті мемлекеттің құрамындағы елді айтады. Сөйтіп, қаза
ҚОЙБҮЛДІРГЕННЕН ӘР ТҮРЛІ ТАҒАМДАР ЖАСАУ
Қойбүлдіргеннің жидегі - бағалы тағамның бірі. Оның құрамында адам денсаулығына қажетті заттар көп. Жидегінің хош иісі, тәтті дәмі болады.
ШАХМАТ ТАРИХЫНАН
Шахмат сөзінің төркіні парсыша “шах мат” - “әмір өлді” - деген ағына береді.
АСПАНДА ЖҰЛДЫЗДАР ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Жұлдыздар галактикалардың негізгі «тұрғындары» болып табылады.
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану