ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕР БЕДЕРІ (РЕЛЬЕФІ)
Жалпы сппаттамасы. Республиканың жер бедері өте күрделі. Жерінің үлкендігі, геологиялық даму тарихы мен құрылымының күрделілігі Қазақстан жер беті құрылысының өзіндік ерекшелігін қалыптастырған. Республика жері оңтүстіктен солтүстікке және шығыстан батысқа қарай аласарады (биіктіктің ауытқуы 7000 м шамасында; Қазақстандағы ең биік Хантәңрі шыңы - 6995 м - оңтүстік-шығыста), яғни республика территориясы оңтүстік-шығысынан және шығысынан биік таулармен қоршалған. Жерінің көпшілік бөлігі Азияның ішкі құрлықтық ағынсыз өңіріне жатады. Сондықтан жер беті құрылысында рельефтің арйдтік типі - әр түрлі биіктікте жатқан жазық басым.
Қазақстанның солтүстік-батысында теңіз деңгейінен 28 м төмен Каспий маңы ойпаты жатыр. Онда бұрынғы теңіз түбі мен өзен атырауы жазығының көптеген ерекшеліктері жақсы сақталған. Рельефі көбіне жатық, азтілімделген, жері тұзды келеді. Көптеген кіші-гірім ағынсыз тұйық ойпаңдар, құм төбешіктер мен қырқалар кездеседі. Бұл ойпатқа Жалпы Сырттың (200-260 м) оңтүстік шеті және Орал алды үстірті (250-350 м) ұласады. Бұлардың тау жұрнақтары кездесетін жер бетін әр түрлі тереңдіктегі эрозиялық аңғарлар тілімдеген. Одан әрі солтүстікке таман Орал тауының оңтүстік сілемі - Мұғалжар тауы (657 м) жатыр. Ол төңірегі ұсақ шоқылы, беткейлері шамалы тілімделген жақпар тастан түзілген. Мұғалжардан солтүстік-шығыстағы Торғай үстіртін оңтүстіктен солтүстікке қарай қақ жарып, ені 25-40 клі, тереңдігі 200 м-ге жететін жазық сипаттағы Торғай қолаты өтеді. Оның жер беті сай, ойыс, тұзды көлдер қазан шұңқырларымен және құм төбелермен күрделенген. Мұның солтүстік-шығысына Батыс Сібір жазығы жалғасады. Бұл өңірдің оңтүстік шетінде батыстан шығысқа қарай Қостанай жазығы (170-230 м), Есіл, Ертіс маңы жазықтары жатыр. Бараба мен Құлынды далаларының көпшілік жері РСФСР-де, біразы ғана Қазақстанның солтүстік-шығыс шетіне енеді. Бұл өңірлер негізінен тегіс, әр түрлі аумақты қазан шұңқырлар және ойыстармен тілімделген. Кейде мұнда ені 0,5-1 км, ұзындығы 20 км-дей, биіктігі 3-20 м-ге жететін, негізінен солтүстік-шығыс бағытқа созылған түзу қырқалар кездеседі.
Каспий маңы ойпаты оңтүстігінде Маңқыстау түбегімен шектеседі. Оның солтүстік бөлігі - Бозащы түбегі. Жерінің беті сортаңды ойпат, орталық бөлігінің біраз жері көтеріңкі келеді. Орталық бөлігіндегі жоталардың ең биік жері - 556 м, олар қатарласа жатқан Қаратау, Солтүстік және Оңтүстік Ақтау жоталарынан құралған. Бірнеше шағын қазан шұңқырлар шығысында Қарынжарық ойысымен жалғасады (тереңдігі 70 м). Түбекті оңтүстік жағынан қоршайтын Оңтүстік Маңқыстау үстіртінің жер беті терең ойыстармен (Қаракие - 132 м, Қауынды - 57 м) тілімделген. Үстірт теңізге биіктігі 200 м-ге жететін жар қабақ болып тіреледі. Маңқыстаудың шығысында Арал теңізінен Қарабұғазкөл шығанағына дейінгі аралықты шөлді Үстірт алып жатыр; биіктігі 63 м-ден 341 м-ге дейін ауытқиды. Үстірт шеті жан-жағынан кемерленген, жар қабақтанып көмкерілген. Етегінде көптеген сортаңды жіңішке ойыстар кездеседі.
Қазақстан жеріне Арал маңы үстіртінің төрткүлді, қыратты тау жұрнақтары тілімдеген солтүстік бөлігі жатады. Мұндағы Үлкен және Кіші Борсық, Арал маңы Қарақұмы массивтері сортаңды ойыстармен алмасады. Оңтүстігінде кең аумақты Қызылқұм шөлімен ұласады. Сырдарияның орта ағысынан шығысқа қарап Қазақстанның оңтүстігіне Тянь-Шаньнің батыс сілемдері - Талас Алатауы, Угам және Қаратау жотасы кіреді. Қаратау жотасының шығысында Мойынқұм (600 лг) массиві жатыр, оны солтүстігінен және шығысынан Шу өзенінің аңғары, оңтүстігінен Қырғыз Алатауының (4875 м) тау алды еңісті жазығы қоршаған. Мойынқұмның құрылымы баспалдақ пішінді, рельефі эолдық сппатта: бұның солтүстігін Бетпақдаладан,Шу өзенінің тар аңғары бөледі. Бетпақдала шөлінің батыс бөлігі саздақты келеді, үстірттік қабатшалардың беті онша тілімделмеген, ойысты-сортаңды, шығысы ұсақ шоқылы жартасты келеді. Солтүстікте Батыс Сібір жазығының оңтүстік қиыр шетінен оңтүстікте Балқаш көліне дейінгі аралықта, батысында Солтүстік Арал маңы мен Торғай үстіртіне ұласып Сарыарқа ұсақ шоқылығы жатыр. Рельефінде биіктігі 250-400 м белесті жазықтар аласа таулы массивтермен (оңтүстік-батысында Ұлытау, оңтүстігінде Ақтау, солтүстігінде Көкшетау менЕрейментау, Нияз тауы) алмасып отырады. Сарыарқаның шығыс жағында таулы-шоқылы рельеф (Қызылтас жүйесі - 1550 м, Баянауыл тауы - 1026 м, Қызылтау - 1055 м, Қарқаралы тауы - 1403 м және Шыңғыстау - 1305 м) басым қалыптасқан. Балқаш көлінің оңтүстігінде Сары-есік Атырау құмды жазығы Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Іле Алатауы етектеріндегі жазықтарға, батысында Шу-Іле тауларына тіреледі, одан әрі шығысында Алакөлге, оңтүстік-шығысында Іле ойысына, батысында Қопа жазығына, шығысында Тауқұм үстіртіне ұласады. Жалпы осы өңір Жетісу аталынады.
Республиканың шығыс бөлігінің солтүстігін Кенді Алтай немесе қазақстандық Алтай жотасы алып жатыр. Оңтүстік Алтай тау аралық қазан шұңқырлармен бөлінген бірнеше жеке жоталардан құралған. Шығыс Қазақстанның бұл таулары батысында біртіндеп аласарып Сарыарқаға ұштасады.
Қазіргі рельефінің калыптасу тарихы. Қазақстанның рельефі ұзақ уақыт бойы жердің ішкі және сыртқы күштерінің әсер етуі нәтижесінде қалыптасқан. Республика территориясы жүздеген миллион жылдар бойына бірнеше рет теңіз басып, құрлыққа айналып, кейін қайтадан су астындақалып отырған. Бұнымен қатар мұнда таудың пайда болуы, жер бетінің көтерілуі және керісінше төмен түсуі сияқты күрделі процестер қайталанып отырған. Қазақстанның қазіргі рельефінің қалыптасу тарихы негізгі 2 кезеңнен тұрады. Бұлар: ескі - мезозой- палеоген және жаңа - неоген-төрттік (антропоген) кезең. Палеозойдағы қарқынды, соңғы тектоникалық қозғалыс әсерінен герцин қатпарлану дәуірінде республика территориясының көп жерінде биік таулар пайда болған. Бұл тау жүйелері соңынан мезозой эрасында сыртқы күштер әсерінен дүркін-дүркін бұзылуларға ұшыраған. Қазақстан территориясы кайнозой эрасының басында біржолата құрлыққа айналған, жер бедері негізінен жазық болып, кей жерлерінде ғана шағын таулар мен шоқылар қалыптасқан. Теңіздік жағдай тек батысында ғана сақталған. Осы уақыттан бастап қазіргі рельефі қалыптаса бастаған, жалпы территориясының бүгінгі ландшафтылық-климаттық ерекшеліктері басым бола бастаған. Кайнозой эрасының немесе Жердің жаңа кезеңдік тарихының ұзақтығы 55-65 млн. жылға созылған, ол палеоген, неоген және төрттік кезеңдерге бөлінеді. Бұлардың ұзақтығы әр түрлі: шамамен палеоген 35 млн. жылға, неоген 30 млн. жылға және төрттік кезең бір млн. жылға созылған. Кайнозойда жалпы Жер шарын қамтыған тау қалыптасу процесінің альпілік циклі өткен. Қазақстан территориясының қазіргі рельефінің қалыптасуы жер қабығының осы альпілік қозғалысымен тығыз байланысты. Төрттік кезеңде жер бедерінің қалыптасуы одан әрі жалғасқан. Палеоген кезінде республика территориясында тектоникалық қозғалыс өте баяу болған. Бұл кезеңде негізінен ескі тау жүйелері бұзылып, жазық өңірлерге айналған. Биік жерлердегі бұзылған жыныстардын ойыстарға жиналуынан аккумуляциялық жазықтар пайда болған. Бұл кезде батыс бөлігін теңіз айдыны жауып жатқан және оның шығыс шекарасы шамамен Сырдария өзенінің төменгі сағасына дейін жеткен. Ол алаптың қалдығы - қазіргі Каспий тенізі.
Неогеннің басында жер қыртысында бірнеше дүркін қозғалыстар болған, бірақ релъеф сипатында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Оңтүстік-шығыстағы қазіргі таулы өңірде жер бетінің болымсыз көтерілулері мен - мендеулері байқалған. Орталық Қазақстанда (Сарыарқада) шағын тау жұрнактары, жазық, ұсақ шоқылық және тебелі-белесті жерлері алмаса қалыптасқан. Бірте-бірте оңтүстік-шығыста тау аралық ойыстар пайда болып, жекелеген тау жоталары көтерілген. Үстірт пен Маңқыстау түбегі теңізден біржолата арылып құрлыққа айналған. Каспий мен Арал теңіздері -араланған. Дегенмен одан кейін де бұл су айдындары қазіргі жағдайына жеткенше бірнеше рет солтүстікке, оңтүстік-шығысқа жайылған, кейде деңгейі төмендеп, кейін шегінген, кейде суы молайып, бір-бірімен қайта қосылып отырған. Қазақстан территориясының қалған бөлігінде денудациялық процестер жүрген, олардан бұзылып, үгілген жыныстар қабаттары қалыптасқан. Жазық жерлерде саздақты, кұмдақ, түсті саз балшық қабаттары, оңтүстіктегі таулы аудандарда қызыл түсті саздақты топырақ (әсіресе бұл Тянь-Шаньда кеңінен тараған) жиылған. Неогеннің екінші жартысында Қазақстанның оңтүстік-шығыс жағында тау массивтері қарқынды көтеріле бастаған. Осы уақыттан бастап жаңа тектоникалық қозғалыс дәуірі жүріп, Қазақстанда аса ірі жоталар қалыптаса бастаған. Республика территориясының бір бөлігі көтеріліп, кей жері темендеп, қазіргі таулар мен жазықтардың пайда болу кезеңі басталған. Аздап көтерілген аймақтардың рельеф пішіні онша өзгеріске ұшырамаған, тек үгілуге ұшыраған жер қыртысының беткі қабатын шайып кетуінен, бұның палеозойлық фундаменті ашылған. Жер бетінің көтерілуі күштірек болған өңірлерде қыраттар ажырап, аңғарлар мен қолаттық торларға тілімденген. Орталық Қазақстандағы ежелгі анғарлар неогендік әр түсті саздактармен толған.
Қазақстанның оңтустігі мен оңтүстік-шығысында биік тау жоталары қалыптасып, Алтай, Жоңғар, Тарбағатай және Солтүстік Тянь-Шань массивтері айқындала бастаған. Мұнда тау бөктерлері керісінше төмендеп, тау аралық ойыстар пайда болған. Сонымен бірге осы кезде көптеген өзен арналары мен аңғарлары қалыптасқан. Таулар қарқынды көтерілген сайын су тасқынының тілімделуіне ұшыраған, құм тастақты материалдар төмендегі тау бөктері алды жазығы мен тау аралық ойыстарға ысырылған. Түрлі аймақтарда көтерілу және төмендеу қарқынының әр қилы болуынан жер қыртысындағы ескі жарылыстар басқаша пішінде жаңарған, көптеген жаңа жарылыстар пайда болған. Бұған, әсіресе Алтай, Жоңғар және Іле Алатауларының баспалдақты құрылымдары мысал бола алады. Неогеннің аяғында бұл массивтер әжептәуір биіктеген, мысалы Іле Алатауы жотасы теңіз деңгейінен 2500 м-ге жоғарылаған. Жарылу және тілімдену нәтижесінде Солтүстік Тянь-Шаньда Шу өзенінің, Солтүстік-шығыс Тянь-Шаньды бойлай Шілік, Шарын өзендерінің арналары пайда болған, Жоңғар Алатауында бойлық бағытта арналар қалыптаса бастаған. Республиканың оңтүстік-шығысында бұл кезде көлдер кеңінен таралған. Көлдік шөгінділер территорияның таулы және жазық аймақтарының көпшілік бөлігінде байқалады. Республика территориясының солтүстігіндегі шағын шығанақтар Торғай ойысы арқылы оңтүстік-батыс жақтан бастап шегіне бастаған. Кезеңнің аяғында аридтік климат үстем болған, соған байланысты көлемді аумақты жапқан сирек орманның орнына шөл және қуаң далалы өңір қалыптасқан.
Төрттік кезеңде Қазақстанның оңтүстік-шығысында мезгіл-мезгіл қарқынды көтерілулер қайталанған және неоген шөгінділерінде үлкен қоймаңдай тас сияқты жыныстар кездеспесе, төрттік кезеңнің басында Тянь-Шань, Жоңғар таулары өңірінде үлкен аумақты қоймаңдай тасты, малта тасты қабаттар кездесе бастаған. Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі аласа жерлер ірі кесекті, қалың қабатты шөгінділерден түзілген. Бұл - негізінен мұздықтардың еру және жылжу процестерінің және тау пайда болу құбылысының қарқынды жүруінің нәтижесі. Бұрынғы түгелімен дерлік жазық территория бірнеше бөліктерге жарыла ажырап, кейбіреулері әжептәуір биіктікке көтерілген. Ертедегі жазық өңірлердің қалдық жыныстарын қазір тау аралық ойыстардан табуға болады. Кейде тіпті неогендегі жазықтың қызыл түсті саз балшықтары тау бастарында кездесөді. Төрттік кезеңде жер қыртысындағы жарылыстардың саны көбейе түскен. Жоталар биік таулық кейіпке келіп, биіктігі 3000-4000 м-ге жеткен. Бұлар кезеңнің бастапқы кезінде алғашқы рет жартылай мұздануға ұшыраған. Тау аралық ойыстар (Жалаңаш, Кеген, Покровка т. б.) айырықша ерекшеленіп, тау алды және тау аралық қазан шұңқырлар (Іле, Іле сырты, Алакөл) тереңдеген. Бұларды таудан құлаған ірі кесекті тау жыныстары толтырып, аккумуляциялық жазықтарға қалыптастырған. Таулық аймақтарда бойлық бағыттағы өзен арналары пайда бола бастаған. Қазіргі Іле ойысын сол кезде түгелдей дерлік қамтып, Іле Алатауының етегіне дейін созылып жатқан Іле көлінің жағасы жарылып, қазан шұңқырлары Қапшағай шатқалы арқылы бөлініп, қазіргі Іле өзенінің төменгі ағысының арнасы пайда болған. Тауларды төрттік кезеңде екі рет мұз басқан. Алғашқы мұз басудан кейін қарқынды түрде терең шатқалдар мен каньондар жасап, таулық өзендер қалыптаса бастаған. Таудан басталған бұлар біртіндеп жазық өңірде бір-біріне қосылып Ертіс, Сырдария, Іле, Шу және Жоңғарлық өзендер т. б. ірі өзен жүйелерін құрған. Қазақстанның бұл бөлігінде тау жаралу процесі әлі тоқталған жоқ. Оған жер сілкінулер, таулардың бұзылуы дәлел бола алады.
Орталық Қазақстанның кей жерлерінде бұл кезеңде жер қыртысының қозғалыстары болған. Осыған байланысты бұл өңірде өзен эрозиясының әрекеті күшейіп, өзен аңғарлары маңдарында ұсақ шоқылар, денудациялық тау жұрнақтары мен төбелер түзілген. Рельефтің осы элементтерімен қатар мұнда палеозойдың негізгі жыныстарының ашылған жерлерінде денудациялық не террассалық шөгінді жазықтар қалыптасқан. Оларды жапқан неогеннің борпылдақ шөгінділері негізінен шайылып кеткен немесе өте жұқа болған. Аңғарлары онша терен емес, бірақ өте кең қазіргі гидрографиялық өзен торлары қалыптасқан, сондай-ақ республиканың солтүсткі-шығыс өңірлерінде көптеген ұсақ көлдер пайда болған. Төрттік кезеңде Каспий теңізі қазіргі СССР-дің европалық бөлігінің жазықтарындағы мұздардың еруіне байланысты бірнеше дүркін трансгрессияны басынан өткізген. Соңғы кезде бұл айдынның суы бірте-бірте тартылып келеді, оның есесіне теңіз маңы жазықтарынан құралатын қазіргі Каспий маңы ойпаты кеңеюде. Төрттіктің орта кезівде Амудария суының Заунгуз үстіртін (Қарақұмның солтүстігі) жарып өтуіне байланысты Арал теңізі пайда болған. Кейін Арал теңізі шығанақтар жасап, солтүстік пен шығысқа қарай жайылып, неогеннің басында қазіргі пішініне жақындаған. Қазіргі кезенде құмдық рельеф пішіндері қарқынды қалыптаса бастаған. Шөлде бархандар, құмды қырқалар, тастақты жазықтар пайда болған.
Таулары. Биік тау массивтері негізінен Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс бөліктерін ала қалыптасқан. Таулы өлке республиканың жалпы жерінің 10%-ін қамтиды. Басты тау массивтеріне Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Тянь-Шань жүйелері жатады. Алтай тау жүйесінен Қазақстан жеріне Оңтүстік Алтай мен Кенді Алтай кіреді. Мұндағы Тигерец, Холзун және Листвяга жоталарының биіктігі 2300-2600 м-ге жетеді, бұлардан оңтүстік-батысқа Уба, Иванов, Үлбі т. б. жоталар бөлінеді. Листвяга сілемі солтүстік-шығыс жағында Қатын жотасына (Алтайдағы ең биік Мұзтау, 4506 м, осында) ұласады. Бұларды қалың мұздықтар жапқан. Жүйенің оңтүстігінде жатқан Үкөк таулы үстіртінен Алтай жоталары жан-жаққа тарайды, сондықтан Үкөк Алтайдың орталығы саналады. Орталық Алтайдың қазақстандық бөлігінің рельефі сатылы келеді. Аласа таулықбөлігіндегі төбелерді, биіктігі орташа тауларды онша терең емес өзен аңғарлары тілімдеген. Одан жоғары бөлігіндегі өте тік, жақпарлы беткейлері қорым тасты және сеңгірлі тау бастарына жалғасады.
Үкөк таулы үстіртінің оңтүстік-батысынан тараған Оңтүстік Алтай жоталар жүйесінің (Сарымсақты, Күршім, Азу-тау т. б. жоталары) беткейлері тастақты тік құлама, бірақ тау бастары жатық келеді. Енсіз аңғарлар, терең шатқалдар көп. Осында, 1485 м биіктікте Марқакөлдің қазан шұңқыры қалыптасқан. Оңтүстік Алтайдың жалғасы Қалба жотасы (1658 м) Ертістің сол жағалауында жатыр. Оңтүстік Алтай таулары аралығында Зайсан қазан шұңқыры жатыр, оның ені 140 км-ге жетеді.
Тарбағатай тауының Қазақстан жеріне тек батыс бөлігі кіреді, ал шығыс жартысы Қытай территориясында. Жотаның ені 30-50 км, ұзындығы 300 км шамасында, орташа биіктігі 2000-2200 м. Жота, тау бастарының кей жерлері жайпақ, солтүстік беткейі біртіндеп аласарып жазыққа ұласады, оңтүстігі тік құлама, жар тасты. Батыс бөлігіндегі бөктерлік онша биік емес, қырқалы-төбелі етегі Сарыарқа шоқыларына ұштасады. Тарбағатайдың шығыс жалғасы - Сауыр жотасының (биік жері Маңырақ шыңы 3816 м, ұзындығы 140 км шамасында) біраз жері Қазақстан территориясында. Тарбағатай жотасы мен Жоңғар Алатауы аралығында кең аумақты тау аралық Алакөл ойысы (Алакөл, Кіші Алакөл, Сасықкөл, Ұялы көлдері жатыр) бар. Бұның батыс жазық жағалауы Балқаш көліне, оңтүстік-шығыс шатқалды жағы Жоңғар қақпасына жалғасады.
Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы ірі тау массивтерінің бірі - Жоңғар Алатауы. Ұзындығы 450 км, ені 100-250 км. Шығыс бөлігі Қытай жеріне өтеді. Көксу, Боротала (Бұратала) өзендерінің аңғарлары тау жүйесін екі жотаға бөледі. Солтүстік Жоңғар жотасы доғаша иіліп, сыртын оңтүстікке береді, оның шығыс бөлігі биік және мұздықты келеді. Батысында аласарып шағын жоталарға тармақталып барып, Балқаш маңы кұмына тіреледі. Жотаның солтүстік беткейі сатыланып, біртіндеп аласарып тау алды жазығына ұштасады. Мұнда көптеген шағын тау массивтері (Күнгей, Суықтау, Тастау, Шыбынды т. б.) жатыр. Булар өзара тяу аралық ойыстармен бөлінген. Оңтүстік Жоңғар жотасы негізінен ірі Тоқсанбай, Мұзтау, Бежінтау, Тышқантау жоталарынан құралады. Бүкіл Жоңғар жүйесіндегі биік Бесбақан шыңы (4464 м) - Солтүстік Жоңғар жотасы құрамындағы Көкжота тауында. Жоңғар Алатауының солтүстік беткейінен Тентек, Лепсі, Басқан, Ақсу, оңтүстік беткейден Көксу, Боротала (Бұратала), Қорғас, Үсек т. б. өзендердің аңғарлары басталады. Оңтүстік беткейіндегі өзендердің суы тапшы, тасқыны күшті, ал тау жыныстарының мүжілуі күшті. Жоңғар Алатауының оңтүстік етегі Іле ойысымен шектеседі. Ойыстың батыс бөлігі Қараой және Итжон үстірттерін қамтиды; бұларды Іле өзенінің СЭС салынған Қапшағай тар шатқалы бөледі. Іле ойысының Қазақстан жеріндегі ұзындығы шамамен 250 кл, ені 120 км, негізінен қалың борпылдақ шөгінділерге толған, сол жағалауында құмды, құм төбешікті рельеф қалыптасқан. Қапшағай бөгені құрылысының салынуына байланысты Іле аңғарының біраз болігі су астында қалды.
Қазақстанныңоңтүстік-шығысында Тянь-Шань жүйесіне жататын ірі тау жоталары [Қазақстандағы ең биік Хантәңрі шыңы (6995 м) осында] жатыр. Бұл массив жоталары өте күрделі тілімделген және өтуге қиын. Хантәңрі шыңы бүкіл Тянь-Шаньдағы мұзданудың негізгі торабы, ірі мұздықтар да осында шоғырланған.
Қазақстан жеріне Теріскей Алатау жотасының шығыс белігінің біраз сілемдері кіреді. Солтүстігін ала Текес және Кеген тау аралық ойысы жатыр, оны солтүстігінен Кетпен жотасы тұйықтаған, биік жері - 3600 м. Мұнда мұздық жоқ, тау бастары жатық, оңтүстік беткейі тік құлама, солтүстігі көлбеу. Көршілес Күнгей Алатау массивінің біраз бөлігінің терең тілімделген солтүстік беткейі Қазақстан территориясында. Тянь-Шаньның солтүстік бөлігіндегі биік тау жотасы - Іле Алатауы; ең биік жері - Талғар шыңы 4951 м. Жота батыстан шығыс бағытқа 350 км-ге созылады. Солтүстік етегінде республика астанасы Алматы қ. орналасқан. Жота шығысыңда орографиялық біртұтастығын жоғалтып, тау аралық Жалаңаш, Сөгеті ойыстары арқылы тармақталып кетеді. Солтүстік бөлігіндегі Қараш тауы Түрген ө. сыртында Бақай және Сөгеті тауларына, одан әрі Бөгеті (Бұғыты) тауына жалғасады. Орта сілемі Сарытау, Торыайғыр жоталарынан, оңтүстігінде Далашық таулы үстіртінен құралған. Батысында Іле Алатауы аласа Кіндіктас тауына ұштасады да одан солтүстік-батыста аласа таулы, төбешікті Шу-Іле сілемі бөлініп шығыл, батыс Балқаш маңына дейін созылады. Іле Алатауының оңтүстік беткейі Шілік. Чоңкемин өзендерінің аңғарына тік құлама болып тіреледі. Жалпы Іле Алатауының беткейі терең шатқалдармен және каньондармен тілімделген. Мұнда сел тасқыны, тасты қар көшкіні сияқты құбылыстар жиі байқалады. Іле Алатауы - сейсмикалық өңір және мұнда ірі мұздану торабы (мұнда 393 мұздық, бұлардың жалпы ауданы 469,7 км, мұзының көлемі 27,7 км3) бар.
Қазақстан территориясына Қырғыз Алатауының батыс бөлігінің солтүстік беткейі және Талас Алатауының батыс беткейлерінің шеті кіреді. Одан әрі бұлардың солтүстік-батыс жалғасы ретінде Қаратау жотасы созылып жатыр. Бұлар онша биік таулар емес, бастары жайпақ, батыс беткейі көлбеу, шығысы құлама келеді.
Қазақстандағы биік таулардың пайда болуы альпілік орогенезге байланысты, ол бұдан мөлшері 30 млн. жылдай бұрын басталып, қазірге дейін созылуда. Биік тау массивтерінің қазіргі пішіндерінің қалыптасуына сыртқы күштердің (атмосфералық жауын-шашын, ауа температурасы, жел, қар көшкіні, мұздықтар тасқыны, өзен ағыны) тигізген әсері зор.
Аласа таулар не тау жұрнақтары Қазақстанның көпшілік жерінде кездеседі. Бұлардың теңіз деңгейінен биіктігі кейде 1000 м-ге дейін жетеді, ал төңірегіндегі өңірге қарағандағы биіктіктері 200-600 м-дей болады. Өзен мен көлдер жоқтың қасы, құрғақ сай-жыралар, шатқалдармен тілімделген. Бұл жағдап, әсіресе Сарыарқаның Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы, Ұлытау т. б. массивтеріне тән. Көкшетау массиві Көкшетау қыратының орталық бөлігін алып жатыр. Солтүстік-шығыс жағында Солтүстік Қазақстан жазығына кемерлене жалғасады. 20 км-ге созылады, биік жері 947 м. Тау айналасындағы жазықтан тік шығыңқы көтеріледі. Төңірегінде қарағай және қайың орманы өскен табиғаты тым көрікті. Шортанды, Бурабай, Шабақты т. б. көлдер бар. Қыраттың солтүстік-батысында шағын Айыртау, Аралтобе, Үндемес және Сырымбет таулары бар.
Сарыарқаның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Баянауыл тауы да республикадағы аласа таулар ішіндегі табиғаты әсем, өзіндік рельеф пішіндері қалыптасқан массивтердің бірі. Баянауыл тауының биік жері - 1026 м; орман өскен беткейлері гранит жыныстардан түзілген. Массив жеке-жеке шоқылар топтарынан құралған. Баянауылдың батысында Ерейментау таулы қырқасы 100 км жерге созылып жатыр. Бұл - оқшауланған тастақты аласа таулар, шоқылар, төбелер комплексі; шағын өзен аңғарларымен, құрғақ өзекшелермен тілімделген.
Қарқаралы таулары негізінен Қарағанды облысының жерін қамтиды. Қызыларай, Кент, Бұғылы, Арқарлы, Қарқаралы, Ханқашты т. б. жеке таулардан құралған. Олар гранитті плиталардан түзілген, жыныстардың көп жылдық үгілуінен рельефтің ерекше пішіндері пайда болған, көпшілік жері орманды. Қарқаралы тауларының шығысындағы Шыңғыстау Сарыарқаның аласа таулы, шоқылы өңірін биік таулық Тарбағатай массивімен жалғастырады.
Балқаш маңының солтүстігінде бірнеше оқшауланған аласа тау шоғырлары бар. Бұлар: солтүстік-батысындағы Шолақ, Қызылсаяқ, Қоскеліншек, солтүстік-шығысындағы Қызылтас, Бектауата, Қалмақемел, Берікқара т. б. Сарыарқаның оңтүстік-батыс шетінде Ұлытау жатыр (ең биік жері 1133 м). Бұдан біраз солтүстікке таман Желадыр, Арғанаты қыраттары, шығысырақ Сарыжал, Шадыралы т. б. таулары қалыптасқан.
Орал тауы жүйесінің тікелей жалғасы саналатын Мұғалжар тауының да геологиялық құрылымы, рельефі және табиғи жағдайы төңірегіне қарағанда ерекше. Бұл массив Жайық және Шаған өзендерінің төменгі ағыстары арасында бойлық бағытта созылып жатыр. Онтүстік шетінде жекелеген қырқаларға және шоқыларға бөлінеді және біртіндеп жас шөгінділермен жабылып. Үстірттің солтүстік жар қабақты кемеріне ұласады. Мұғалжардың беткейлері жатық, жоғары жағы жұмырланған, бұзылған жақпар тасты; шөлейттік табиғи жағдайдың ерекшеліктері басым, құрғақ өзек-сайлармен күшті тілімделген.
Казақстанның аласа тауларына Шу-Іле таулары да жатады. Ол Іле Алатауының тау алдынан бастап Балқаш манының солтүстік-батысына дейінгі, одан әрі Бетпақдаланың солтүстік-шығысына дейінгі өңірді алып жатыр. Бұл - тұтас тау жүйесі. Негізінен палеозойдын түпкі жыныстарынан түзілген. Беткейлері көлбеу, жоталары жатық келеді. Аңғарлармен (көбіне құрғақ) тілімделгеп. Қазақстанның аласа таулы өлкесінің басым көпшілігі палеозойдың бұрынғы биік тау жүйесінің калдықтары болып саналады. Орталық Казақстанда бұлар жер қыртысының сонғы қозғалысымен жаңарған. Аласа таулар ішінде Маңқыстау таулары ерекше альпілік жас типке жатады. Бірақ бұлар сыртқы күштер әсерінен бұзылу және үгілу процестеріне күшті ұшыраған.
Үстірттер мен жазық еңірлері. Қазақстан жер беті құрылысының басты ерекшеліктерінің бірі - территориясының көпшілік жерін жазық өңірлердін алып жатқандығы. Жалпы Сырт, Каспий маңы ойпаты, Орал алды, Батыс Сібір шеті, Үстірт, Торғай үстірті, Тұран ойпаты, Бетпақдала, Мойынқұм т. б. жазық өңірлер республика жерінін негізгі бөлігін қамтиды.
Қазақстанның солтүстік-батыс жағын Жалпы Сырттың қиыр оңтүстік шеті алып жатыр. Бұл өңір биік жонды келеді, негізінен Жайық өзенінің беткейлі жайпақ аңғарымен және оның салалық жыраларымен терең тілімделген. Өзінің оңтүстігінде Жалпы Сырт шеті төрттік аккумуляциялық, кей жері аллювийлік Каспий маңы ойпатына жалғасады, Каспий теңізінің ежелгі түбі саналады. Ойпат рельефінде құм төбелер, шағын қазан шұңқырлар, саздақты тегіс жазықтар және бор шөгінділері толған күмбез тәрізді қыраттар алмаса кездеседі. Өзен сағаларында төбешікті құмдар қалыптасқан. Кей жерлерінде сусыма құм массивтері бар. Тегіс жазық жазирада Бесшокы, Индер, Қойқара, Иманқара, Құдайберген сияқты қыраттық шоқылар (жергілікті жерде тау саналады) кездеседі.
Денудациялық мезо-кайнозойлық Орал алды үстіртінің оңтүстік жағы Қазақстанның солтүстік-батыс жағына енеді. Негізінен қыратты жазық өңірлер төбелі, тау жұрнақты және жонды келеді; көптеген шағын өзен аңғарларымен тілімделген. Өңірдің биік келген бөлігі - Ор, Елек, Жем өзендері жоғары ағыстарының бойы. Мұнда төрт-күлді рельеф басым, жоғарғы бор мергелінен және палеогеннің құм тастарынан түзілген. Су айырықтарының беткейлері көбіне тік, баспалдақты.
Батыс Сібірдің қазақстандық оңтүстк шетіне (Солтүстік Қазақстан жазығына) Тобыл, Есіл, Ертіс өзендері бойындағы жазықтар кіреді, яғни Орал сырты үстіртінен Алтай етегіне дейінгі өңірді қамтиды. Батыс бөлігі - Есіл жазығы - Есіл және Тобыл өзендері бойын алып жатыр. Негізінен төрттіктің өзен және көлдің аллювийлік шөгінділері жапқан олигоцен сазды жыныстарынан түзілген. Солтүстік және солтүстік-шығыс бағытта біртіндеп аласарады (абс. биікт. 130 м-ге дейін). Бұның шығыс жағы Есіл-Ертіс жазығын, батысында Есіл-Камышлов жазығына, шығысында Ертіс аңғарына дейінгі көлді жазықты қамтиды. Көп жері неоген сазынан түзілген, оның үстін төрттіктің аллювийлік құмы мен сазы, кейде қалыңд. 40 см-те дейінгі эолды лёсс қабаты жапқан. Жазықтың батыс жартысын Сарыарқаның солтүстік-батыс шеті көмкереді. Солтүстік Қазақстан жазығының шығыс шеті - Құлынды жазығы. Көпшілік жері Ертіс маңы синеклизасы. Мезокайнозойлық, қалыңдығы 500 м-ден 1200 м-ге жететін шөгінділерден түзілген. Жоғары қабатындағы 12-25 м-лік төменгі және орта төрттіктің аллювийлік қабаты қиыршық және малта тасты болып келеді. Құмды жер бетінде кейде континенттік құм төбелер қалыптасқан. Оңтүстік-шығыс және шығыс жағында Алтай тау алды өңіріне жалғасады.
Каспий және Арал теңіздері аралығындағы аймақты геологиялық тұрғыдан бір тұтас Үстірт жазығы алып жатыр. Бойлық Қарынжарық ойысының батыс жағы - құрылымы күрделі Маңқыстау және шығысы - Үстірт. Маңқыстаудың негізгі бөлігі Маңқыстау таулы қыратынан, Оңтүстік Маңқыстау және Кендірлі-Қиясай үстірттерінен қалыптасқан. Совет Одағы территориясының ең төмен жері - Қаракие ойысы осында, бұл теңіз деңгейінен 132 м төмен жатыр. Қазақстанға Үстірттің батыс бөлігі және оның солтүстік шеті кіреді. Үстірттің барлық жағы түгелдей дерлік жар қабақты беткейлермен көмкерілген. Үстірттің жер беті көбіне Маңқыстау үстіртіне өте ұқсас, онымен тектоникалық құрылымдас екені анық байқалады. Рельефі шамалы тілімделген, солтүстігінде ащы көлдер және ірі сортаңды ойыстар бар. Үстіртте неогеннің сілтісізденгеп әк тасына және гипске байланысты карсты құбылыстар кең тараған.
Торғай үстірті Оңтүстік Орал мен Сарыарқа аралығындағы территорияны қамтыған. Солтүстігінде және оңтүстігінде жалғасып жатқан ойпаттарға кемерленіп шектеседі, орта бөлігін ұзына бойына Торғай қолаты жарып отеді. Торғай үстірті майысқан платформа, оны жапқан горизонтальды кайнозой шөгінділерінің қалыңдығы бірнеше ондаған м-ден 500 м-ге жетеді. Палеогенде Торғай майысуы түгелдей Сібір мен Торвай теңіздерін қосып жатқан кең бұғаз болған. Аридтік денудация үстірт рельефінің пішінін өзгерткен, сөйтіп мұнда бірте-бірте шөлейттік рельеф пішіндері қалыптасқан.
Торғай үстірті өзінің оңтүстік жағында Арал маңы ойпатына ұласады. Кезінде бір тұтас пішінделген бұл үстірт кейіннен көптеген қазан шұңқырларға, қолаттарға және ірі ойыстарға тілімделген. Батыс бөлігінің жер беті шығысына қарағанда көтеріңкі. Биіктігі 100-120 м құм массивтер кездеседі, құм кейде эолдық рельеф пішіндеріне айналған. Батысындағы Доңызтау мен шығысындағы Сарысу аңғары аралығындағы Арал маңы ойпаты Арыс-құмнан, Арал маңы Қарақұмынан, Кіші және Үлкен Борсық құмы массивтерінен құралған. Басым көпшілік жері палеогеннің сазды және құмды жыныстарынан түзілген. Арал маңы ойпатының оңтүстік-шығыс жағынан төменгі Сырдария (Кызылорда) ойпаты басталады және ол шығыста Түркістан қаласы атырабына дейін созылады. Осы жазық арқылы Арал теңізіне қарай көптеген ежелгі өзен аңғарлары тармақталып барады, бұлардың ірілері - Іңкәрдария, Жаңадария, Қуандария. Оң жағалық Сырдария маңы жазығы - Дариялық тақыр - көтеріңкі, шамалы тілімделген сазды тақыр. Қызылқұм жазығының Қазақстанға біраз бөлігі ғана кіреді, яғни Сырдария аңғарының оңтүстік шекарасы мен Жаңадария өзенінің аңғары аралығын қамтиды. Мұндағы тұтас құмды рельеф элементтерінің көпшілігі өсімдікпен бекіген.
Сарысу аңғарынан Балқаш көлінің батыс жағалауына дейінгі және Сарыарқа мен Шу аңғары аралығын Бетпақдала жазығы алып жатыр. Жер беті іргелес ойыстарға қарағанда көтеріңкі. Батыс бөлігінің бетін континенттік неоген шөгінділері жапқан. Шығыс бөлігі Сарыарқаның жалғасы ретінде ұсақ шоқылық тұғырдан құралған және палеозойдың дислокацияланған тақта тасты қабатынан түзілген. Жазықтың орталық бөлігін тастақты төбелер және жонды тау жұрнақтары алып жатыр, олар денудацияланған қатпарлы теңіздік бор шөгінділерінен түзілген.
Қазақстанның шөгінді жыныстардан түзілген жазық өңірлері қатарына Балқаш-Алакөл маңы жазығы да жатады. Батысында Шу-Іле таулары етегінен басталып, Іле ө. аңғарын қамтиды. Іле ойысындағы палеозой фундаментін жапқан юра, бор, үштік және төрттік шөгінділерінің үсті қой тасты, малта тасты құмды, борпылдақ майда сазды келеді.
Балқаш-Алакөл ойпаты - Балқаш көлінің оңтүстігін камтыған. Шығыс бөлігі Алакөл және Сасықкөл қазан шұңқырларымен тұтасқан. Мұндағы герцин қатпарлы құрылымы мен палеозой жыныстарының үстін мезокайнозой шөгінділері жапқан, майысудың ең терең жеріндегі шөгіндініңқалыңдығы бір километрге жетеді. Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендерінің төменгі ағыстары ойысты жарып ағады. Эолді рельефтегі құм массивтерінің пішіндері төбе және қырқа типтес. Бұлардың арасындағы ойпаңды жазықты өзеннің құрғақ арналары тілімдеген.
Мойынқұм жазығы оңтүстігіндегі Тянь-Шаньның Қаратау мен Қырғыз Алатауы сілемдері мен солтүстігіндегі Бетпақдала аралығында. Оңтүстік бөлігінің жер беті көтеріңкі. Солтүстік пен солтүстік-батысқа қарай табалдырық жасап төмендейді. Біртіндеп барып батысында Тұран ойпатына ұштасады және биіктігі 130 м-ге дейін төмендейді. Мойынқұм рельефінде эолды төбешікті қырқа құмдар басым.
Геоморфологиялық аудандастыру. Қазақстанның кең-байтақ территориясы өзінің рельефі мен геологиялық құрылымы жөнінен бір текті емес. Мұнда биік таулар, аласа таулы және ұсақ шоқылы өңірлер, жазық аймақтар алмаса қалыптасқан. Бұлар әр түрлі кезеңдік жыныстардан түзілген. Дегенмен республика территориясы жер бедерінің сырт пішіні, оның палеогеографиялық пайда болу жағдайы және геоморфологиялық құрылымының ұқсастығына қарай аудандастырылады, яғни бірнеше аймақтарға (А, Ә, Б, В, Г, Г, Д), аймақ провинцияларға (I-XII), провинция облыстарға (1-36), облыс аудандарға бөлінеді. Карта қараңыз.
А. ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАСТАУЛАР АЙМАҒЫ
- Алтай тауы
1. Кенді Алтай
- Оңтүстік Алтай тауы
- Зайсан тау аралық ойысы
- Тарбағатай жотасы
- Жоңғар Алатауы
- Алакөл тау аралық ойысы
- Солтүстік Жоңғар жотасы
- Оңтүстік Жоңғар жотасы
Ә. СОЛТҮСТІК ТЯНЬ-ШАНЬ ЖАС ТАУЛАР АЙМАҒЫ
- Шығыс Тянь-Шань
- Іле тау аралық ойысы
- Хантәңрінің солтүстік биік таулы жағы
- Іле Алатауы жотасы
- Батыс Тянь-Шань таулары
- Қырғыз Алатауы және Батыс Тянь-Шань аласа таулары
- Қаратау жотасы
Б. ҚҰМДЫ, САЗДЬІ ОҢТҮСТІКҚАЗАҚСТАН ЖАЗЫҒЫНЫҢ АЙМАҒЫ
- Шу-Балқаш құмды жазығы
- Оңтүстік Балқаш маңы жазығы
- Мойынқұм жазығы
- Арал маңы Қызылқұм жазығы
- Жаңадария құм-саздақты жазығы
- Оңтүстік Қызылқұм жазығы
- Солтүстік Арал құмды жазығы
- КАСПИЙ МАҢЫ ОЙПАТЫ МЕН ҮСТІРТ АЙМАҒЫ
- Каспий маңы құм-саздақтыойпаты
- Солтүстік Каспий теңіздік аласа жазығы
- Құм-саздақты Шығыс Каспий жазығы
- Жалпы Сырт қыраты
- Маңқыстау аласа таулары
- Үстірт
Г. ОРАЛ-ТОРҒАЙ АЛАСА ТАУЛАРЫ МЕН ЖАЗЫҒЫНЫҢ АЙМАҒЫ
- Мұғалжар тауы мен үстірті
- Мұғалжар тауы
- Батыс Мұғалжар қыратты жазығы
- Шығыс Мұғалжар үстірті
- Торғай үстірті мен жазығы
- Торғай үстіртті жазығы
- Торғай көлді-аллювийлі жазығы.
Ғ. САРЫАРҚА ҰСАҚ ШОҚЫЛЫ,ҚЫРАТТЫ ЖӘНЕ ТАУЛЫ АЙМАҒЫ
- Көкшетау қыраты
- Көкшетау ұсақ шоқылы таулары
- Рузаев-Атбасар төбешікті жазығы
- Сарыарқа ұсақ шоқылығы жәнеаласа таулары
- Қарқаралы төбешікті аласа таулары
- Солтүстік Балқаш маңы қыратты жазығы
- Ұлытау төбешікті аласа таулары
- Бетпақдала төбешікті жазығы
Д. СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОЙПАТТЫ ЖАЗЫҒЫ
- Ертіс маңы жазығы
- Сол жағалық көлді-аллювийлі жазығы
- Оң жағалық көлді-аллювийлі жазығы
- Есіл маңы көлді жазығы
Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.256-258.
Жарияланған-2023-04-17 13:30:59 Қаралды-2493
КУН – БІЗДІҢ ЕҢ ҮЛКЕН ЖҰЛДЫЗ
Бұлт жаппаған, түтін баспаған кезде Күннің жарықтығы, өткірлігі сондай, оған тура қарай алмайсың.
ГЛОБУСТЫ ҚАЛАЙ ЖАСАЙДЫ?
Біраз ғасырлар бойы қатырма қағаздан домалақтап жасаған шар - глобус адамдарға адал қызмет етіп келеді.
ШАХМАТ ТАРИХЫНАН
Шахмат сөзінің төркіні парсыша “шах мат” - “әмір өлді” - деген ағына береді.
ШОКОЛАДТАЛҒАН ҚАРА АЛХОРЫ (қараөрік)
Қара алхоры жылы суға жақсылап жуылып, қант шырынына жібітіледі де, елекке салып суы сорғытылады.
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану