ҚАЗАҚСТАН ШЕТЕЛ СОҒЫС ИНТЕРВЕНЦИЯСЫ МЕН АЗАМАТ СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА
Ұлы Октябрьлық социалистік революциясы құлатылған қанаушы тап өкілдерінің жанталасқан қарсылығын тудырды. Олардың Совет өкіметіне қарсы күресіне шетел империалистері белсенді түрде көмектесіп отырды. АҚШ, Англия, Франция, Жапония, сонымен бірге герман империалистері де көп ұлтты Россия жерін өздеріне бағынышты отарларға бөліп, табиғат байлығын тонап, еңбекші халықты қанауды көздеді. Сол үшін де олар елімізге қарсы, соның ішінде Қазақстан мен Орта Азияға қарсы, қарулы интервенция мен азамат соғысын жасырып да, ашық та дайындай бастады.
1918 жылы 23 мартта Орал казак-орыстарының контрреволюциялық күштері Гурьевте Совет өкіметіне қарсы бүлік шығарды. Ақ казактар генерал Толстовтың бұйрығымен Жұмысшы және солдат депутаттары Советінің 9 мүшесін сотсыз атты. Сол жылдың 28-29 мартында Орал ақ казактарының алашордашылармен біріккен күші Орал қаласында контрреволюциялық төңкеріс жасады. Совет үкіметі контрреволюцияшыл Орал ақ казактарына қарсы Қызыл гвардиялық отрядтардан Ерекше армия жасақтады. Оның сапында 3600 жаяу әскер, 575 атты әскер және 18 зеңбірек болды. 1918 ж. июнь айының аяғында Қызыл Армия ақ қазақтарға елеулі соққы берді. Бірақ Шығыс майданда жағдайдың ауырлауына байланысты совет әскерлері 1918 жылдың июлінде Орал қ. түбінен кейін шегінуге мәжбүр болды.
1918 жылы майдың аяғында Антанта басшыларынан жан-жақты көмек алған чехословак легионерлері корпусының реакцияшыл офицерлері Советтік Россияға қарсы бүлік шығарды. Чехословак бүлікшілері ішкі контрреволюциямен бірігіп, Новосибирск, Челябинск, Омбы, Томск, Пенза және Солтүстік Қазақстанның - Петропавл, Ақмола, Атбасар, Қостанай, Семей қалаларын басып алды. К. Сутішев, И. Дубинин, П. Калюжная, Ғ. Ыдырысов, К. Шугаев, П. Салов және басқалар айуандықпен өлтірілді. Өскемен Совдепініц председателі Я. Ушановты тірідей кеменің оттығына тастады.
Бұл бүліншілікке ақ гвардияшылармен бірге эсерлер, меньшевиктер және алашордашылар қатынасты. Қазақстанда Сырдария, Жетісу (мұнда Лепсі мен Қапал университетінің кейбір жерлерінде соғыс қимылдары журіп жатты) және Бөкей мен Торғай облыстарының кейбір уездері мен болыстарында Совет өкіметі сақталды.
Контрреволюциялық күштер Самарада ақ гвардияшылар мен эсерлердің «Комуч» (Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті) «үкіметін», Омбыда -соғыс министрі болып адмирал Колчак тағайындалған Сібір ақ гвардияшыларының «үкіметін», Каспий сырты облысына ағылшын интервенттері баса көктеп кіріп, өздерінің Каспий сырты «үкіметін» құрды. Бұл кезде неміс басқыншылары Донбассқа қауіп төндірді, Краснов пен Деникин контрреволюциялық қимылдарын кушейте түсті, азербайжан муссаватистері, армян дашнактары мен грузин меньшевиктері Закавказьеге ағылшын-түрік әскерлерін жіберді.
Қазақстан бүкіл кең-байтақ елімізбен бірге Октябрьдің ұлы жеңістерін қорғауға кірісті. 1918 жылдың жазында Совет елі үшін ең басты майдан - Шығыс майданы болды. В. И. Лениннің тікелей нұсқауымен Шығыс майданға еліміздің европалық бөлігінен әскери бөлімдері жіберілді. Июнь-август айлары ішінде бес армия жасақталды. М. В. Фрунзе, С. С. Каменев, М. Н. Тухачевский, В. В. Куйбышев, С. И. Гусев, Г. Д. Линдов сияқты көрнекті партия қайраткерлері мен әскери мамандар жіберілді. Шығыс майданның Орал бағытында 4-армия қимыл жүргізді.
Орынбор маңындағы жағдайдың қиындауына байланысты командованиенің, партия және совет органдарының шешімімен 1918 ж. 2 пюльде Орынбор қаласын Қызыл Армия тастап шықты. Гарнизонның бір бөлігі Ақтөбеге шегініп, Ақтөбе майданын құрды. Оларға Ташкенттен Қызыл Армия бөлімдері және Шалкар, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Черняевск (Шымкент), Әулиеата (Жамбыл) және басқа қалаларда құрылған Қызыл гвардия отрядтары көмекке келді.
1918 жылдың жазында ақ гвардияшылар, интервенттер мен алашордашылар Семей облысын, Жетісудың солтүстік аудандарын июльдің аяғында Сергиопольді басып алды. Бұл аудандарда контрреволюциялық бұліктер басталды. 22 июльде Жетісу облысы аткомы Солтүстік Жетісу майданы штабын құрды. Күзде Қызыл Армия бөлімдері Қапал-Шымбұлақ - Қызылағаш бекіністері бойында, екінші топ Шыңжанмен шекарада Жаркент (Панфилов) - Қарақол (Пржевальск) аудандарында орналасты. Майдан шебінің солтүстігінде ақ гвардияшылардың қоршауында Черкасск қорғанысы болды.
Азамат соғысының басталуымен партия мен Совет мемлекеті алдындағы негізгі міндет Совет қарулы күштерін нығайту мақсаты тұрды. В. И. Ленин социалистік Отаны қорғау жөніндегі ілімі Советтер елінің қарулы күштерін құрудың негізі болды. 1918 жылдың күзінде В. И. Ленин: «Біз көктемге қарсы 1 000 000 адамдық армиямыз болсын деп шешкен едік, бізге енді үш миллион адамдық армия керек болып отыр. Біз ондай армиялы бола аламыз. Ал біздің ондай армиямыз болады да» - деп көрсетті (Шығ., 28-т., 91 б.).
Қызыл Армия бөлімдерін құру Қазақстан жерінде де кең өріс алды. Оған ұйтқы болғандар Қызыл гвардия отрядтары, майдангер солдаттар, кен жұмысшылары, шахтерлер, теміржолшылар, қоныс аударған селолардың кедейлері, майдандағы «қара жұмысқа» қатынасқан қазақтар мен ұлт-азаттық көтеріліске қатынасқандар болды. Алғашқыда Қазақстанда Қызыл Армия қатары еріктілерден құралды, ал әскери міндет туралы БОАК-тің 1918 ж. 29 майда қабылданған декретінен кейін әскери міндетті өтеуге еңбекшілердің белгілі жас шамасындағылары шақырылды, сонымен бірге еріктілер жасағы болды.
1918 жылы жазда ұлттық әскери бөлімдер құрыла бастады. Алдымен Жетісуда одан кейін Орынбор мен Орал қалаларының ақтардан азат етілуіне байланысты Батыс Қазақстанда құрылды. Ұлттық бөлімдер біртұтас Қызыл Армияның құрамды бөлігі ретінде ұйымдастырылды. 1918 жылдың күзінде Бөкей ордасында құрылған қазақ атты әскер полкінің құрамында 6 эскадрон және пулемет командасы болды. Полкте саяси жұмысты X. Чурин, Ж. Сарсеков, X. Ишанов, соғыс комиссары Б. Жәнікешев жүргізді. Полк ақ казактарға қарсы күресте көрсеткен ерліктері үшін БОАК-тің Құрметті Қызыл Туымен наградталды. 1919 жылдың жазында 2-қазақ атты әскер полкі құрылды. Кейін бұл екі полк атты әскер бригадасы болып бірікті. 1918 жылдың аяғы мен 1919 жылдың басында Ә. Т. Жанкелдин мен Аманкелді Имановтың басқаруымен Торғайда екі атты әскер эскадроны, әскери оқу және пулемет командалары, Ырғызда атты әскер эскадроны құрылды. 1919 жылы Степан Разин атындағы І-Орынбор казак-орыс полкі құрылды, Казак-орыс эскадроны 1919 жылдың апрель-июль айларында Орал қаласын жаудан қорғауға да қатынасты, кейін ол 1-Үлгілі Совет казак-орыс полкіне айналдырылды.
Ерікті түрде Қызыл Армия қатарына көптеген шетелдіктер: венгр, чех, румын, поляк, неміс жұмысшылары мен шаруаларының өкілдері де кірді. Олар Қазақстан жеріндегі Азамат соғысы майдандарында табандылықпен күресті. 1918 жылдың жазында Актөбе майданында III Интернационал легионы құрылды. Легион командирі Белевич (поляк), батальон командирлері Габор (венгр), Ф. Юричек (серб) болды. Шығыс майданның Орал бағытында 4-армияның құрамында 1918 жылы октябрьде Батыс Қазақстанда ерлікпен қаза тапқан венгр коммунисі Лайош Винерман басқарған интернационалдық коммунистік батальон табанды күресті. Кейіннен осы батальоннын негізінде Винерман атындағы I интернационалдық коммунистік жаяу әскер полкі және Винерман атындағы интернационалдық коммунистік атты әскер полкі құрылды. Ақтөбе майданына Ә. Жанкелдин ұйымдастырған интернационалдық отряд көп көмек көрсетті. Ташкентте 1918 жылдың ортасында шетел жұмысшылары мен шаруаларының уақытша Өлкелік Коммунистік партиясының комитеті болды.
В. И. Ленин Орта Азия мен Қазақстандағы соғыс қимылдарына аса көп көңіл бөлді. Оныңбір жарқын айғағы Ақтөбе майданына көптеген қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізген Ә. Т. Жанкелдин экспедициясы болды. Экспедициялық отряд 1918 жылы 21 августа «Абассия» және «Мехди» кемелеріне қару-жарақ, оқ-дәрі тиеп, Астраханьнан Каспий теңізі арқылы, Бозащыға келіп түсті. Жергілікті еңбекші халық өкілдерінің көмегімен қару-жарақтарын көлікке артты. Көптеген жастар өз еріктерімен отрядқа мүше болып кірді. Отряд 1918 жылы 11 ноябрьде Шалқар селосына жетіп, соғыс жабдықтарын Ақтөбе майданындағы совет әскерлеріне табыс етті.
1- және 4-Қызыл Армия бөлімдері 1918 жылы октябрьде шабуылға шығып, Бугуруслан, Бұзылық, Александров-Гайды босатып, Орынбор мен Орал қалалары маңына жақындады. Ақ гвардияшылардың Жетісу майданындағы жоспары да күл-талқан болды. Октябрьдің 2-жартысыида Совет қарулы күштері шабуылға шығып, Абакумовка станицасын жаудан босатты.
1918 жылы 26 ноябрьде РК(б)П ОК Азамат соғысы майдандарындағы жағдайды жан-жақты талқылап, барлық майдандарда шабуылды үдету керек деп тапты. Шығыс майданның жауынгерлері алдында негізгі мақсат ретінде: ақ гвардияшылардан кен-өндірісті Орал мен Орынборды азат етіп, Түркістанмен қатынасты қалпына келтіру, Орал ақ казактарын талқандау міндеті қойылды. 1918 ж. декабрьдің аяғында Орынбор бағытында солтүстік батыстап Шығыс майданның 1-армиясы, оңтүстік шығыстан Ақтөбе майданының қарулы күштері шабуылға шықты. Совет әскерлері Орынборды 1919 ж. 22 январьда жаудан азат етті. Қазақстанның совет аудандары мен Советтік Түркістанның Орталық Россиямен қатынасы қалпына келтірілді. Орынборды азат етумен бір мезгілде Орал қаласына шабуыл басталды. Ақ казактардың жанталасқан қарсылығын талқандап, совет әскерлері 24 январь күні Орал қаласын жаудан босатты. Қызыл Армия бөлімдерінің сәтті қимылдары интервенттердің шығыс және оңтүстік контрреволюциялық күштерін біріктіру жоспарын жүзеге асырмай тастады, олардың сүйенген базаларын құртты, ақ гвардияшылардың алдауында жүрген еңбекші бұқараның олардан кетуіне мүмкіндік туғызды. Азамат соғысының алғашқы кезеңі совет аскерлерінің жеңісімен аяқталды.
Соғыс коммунизмі саясатына көшу. 1918 жылы 2 сентябрьде Совет республикасы соғыс лагері деп жарияланды. 1918 жылы 30 ноябрьде Совет республикасының төтенше органы - В. И. Ленин басқарған Жұмысшы-шаруа Қорғаныс советі құрылды. Қорғаныс советі Совет мемлекетінің әскери-шаруашылык мәселелерін шешетін ең басты орган болды.
Ауыр және жеңіл өнеркәсіптің негізгі бөлімдері, сонымен бірге транспорт әскери тәртіпке көшірілді. Өндіріс органдарының барлық жұмысы Қызыл Армияны қару-жарақпен, оқ-дәрімен, киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталды. 1919 жылдың басында соғыс кезіндегі саясатқа көшу негізінен аяқталды. Елімізде соғыс пен шаруашылық бүліншілігінен туындаған бұл саясат соғыс коммунизмі саясаты деп аталды.
Соғыс интервенциясы мен Азамат соғысының үдеуінен Қызыл Армия мен еліміздің орталық өндіріс орындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету ерекше маңызды роль атқарды. Сондықтан азық-түлік салғырты соғыс коммунизмі саясатының негізгі құрамды бөлігі болды. Азық-түлік салғыртын енгізу қажеттіліктен туған шара еді. Бұл шара Совет өкіметінің еліміздегі азық-түлік қорын өз қолына жинақтап, кулактарға қатты соққы беруіне мүмкіндік туғызды.
Соғыс коммунизмі саясатының негізгі көрінісі жұмысшы табы мен еңбекші шаруалардың әскери-саяси одағы болды. Жұмысшылар мен еңбекші шаруалардың белсенді күресінсіз соғыс коммунизмі саясатын жүзеге асыру мүмкін емес-тін. Бұл саясатта партия мен еңбекші бұқараның жауды жеңуге деген жігер, қайраты айқындала түсті. Соғыс коммунизмі саясаты Қазақстанда да жүргізілді. Қазақстанның совет аудандарында облыстық және уездік Халық Шаруашылық Советтері барлық өндіріс орындарының билігін өз қолдарына жинақтады. Ұсақ қолөнершілер өндірістері, қолөнер кәсіпорындары артеліне біріктірілді. Ташкент, Верный, Перовск, Шымкент т. б. қалаларда Қызыл Армияга қажет қару-жарақ, киім-кешек және соғыс жабдықтарын өндіретін өндіріс артельдері мен түрлі шеберханалар ұйымдастырылды. Верный мен Ташкентте оқ-дәрі, винтовка патрондарын және басқа құрал-жабдықтарды жасау ісі жолға қойылды. Совет органдары астық монополиясы мен астыққа тұрақты баға белгілеу саясатын жүзеге асырды. Бұл шаралар Советтер съездері мен еңбекшілердің жиналыстарында кеңінен қолдау тапты. Қорғаныс құрылыстарын салу, отын дайындау, темір жолдарды тазарту істерінде еңбек міндеттілігі қолданылды. Соғыс коммунизмі саясаты партия мен Совет үкіметіне ел ішінде барлық материалдық ресурстарды және еңбекшілердің барлық күшін жауды жеңуге жұмылдыруға, майдан мен тылдың бірлігін нығайтып, пролетарлық диктатурасын қорғап қалуға мүмкіндік берді. РК(б)П 8 съезі (1919) әскери мәселе жөнінде Лениннің бағытын бір ауыздан қабылдады. Съезд Советтер елінде барлық қарулы күштерге партиялық басшылықтың маңызын айта келіп, Қызыл Армия бөлімдерін жасақтауда тантық принципті қатаң сақтауды атап көрсетті.
Азамат соғысының барысындағы түбірлі өзгеріс. 1919 жылдың көктемінде Антанта империалистері ішкі контрреволюциялық күштермен Совет республикасына қарсы біріккен жаңа шабуылын бастады. Олардың басты тегеурінді күштері Шығыс майданда қимыл жасаған Колчактың ақ гвардияшыл армиясы, оңтүстікте Деникин, Петроград түбінде - Юденич, Орынбор мен Орал түбінде - Дутов пен Толстовтың ақ казактар армиялары болды. Ақ гвардияшылардың армияларын шетел империалистері қару-жарақ, оқ-дәрі, киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырды. Колчак армиясы 14 мартта Уфаны басып алып, Орталық Поволжьеге қауіп төндірді. 18 апрельде Дутовтың ақ казактары Ақтөбені басып алды. Батыс Қазақстанда Ілбішін түбінде, совет әскерлерін Толстовтың басым күші қоршауға алды. Апрельдің ортасында біздің әскерлер Орал қаласына қарай шегінді. Шығыс майдан Совет республикасы үшін қайтадан шешуші майданға айналды. «Шығыс майдан жағдайына байланысты РК(б)П ОК-нің тезисі» партия және совет қызметкерлерінің жауынгерлік программасына айналды. Қызыл Армия қатары ондаған мың коммунистермен толықтырылды.
Шығыс майдан жауынгерлерін материалдық жағынан жабдықтау жақсартылды. Шығыс майданның совет әскерлері Солтүстік және Оңтүстік болып екі топқа бөлінді. Оңтүстік топтың қолбасшысы болып М. В. Фрунзе, революциялық-соғыс советінің мүшесі болып В. В. Куйбышев тағайындалды.
1917 жылы 28 апрельде Оңтүстік топтың әскерлері жаппай қарсы шабуылға шықты. 4 майда-Бугуруслан, 13 майда- Бүгілме, 17 майда Белебей, 9 июньде Уфа азат етілді. Бұл ұрыстарда В. И. Чапаев басқарған 25-дивизия ерекше көзге түсті. 2-, 3- және 5-армия бөлімдері кенді Оралдың орталықтары Пермьді 1 июлъде, Златоусты 13 июльде, Екатеринбургті (Свердловск) 14 июльде жаудан азат етті. Орынбор қаласын қорғаушылар Колчак армиясын талқандауда орасан зор үлес қосты. Олар Оңтүстік топтың оң жақ қанатын қорғап, дутовшылардың Орал ақ казактарымен бірігуіне бөгет болды. БОАК-тің Президиумы Орынборды ерлікпен қорғағандарды 1920 жылы 8 декабрьде Құрметті Қызыл Тумен наградтады.
1919 жылы апрельдің ортасында шабуына шыққан Оралдың ақ казактары Ілбішінді басып алып, Оралға таяп келді. Ақ казактар Оралды басып алып, Шығыс майданның әскерлеріне тұтқиылдан тиіп, Колчак пен Деникин армияларының қосылу жоспарын тездетпек болды.
М. В. Фрунзе қаланы жаудан қорғауды, әскерлерден «соңғы адамы қалғанша шыдауды» талап етті. Коммунистер ерлік пен табандылық көрсетті. Олардың арасында ерекше көзге түскендер: П. Г. Петровский, Ә. Әйтиев, И. И. Андреев т. б. еді.
В. И. Ленин Орал майданындағы жағдайды мұқият қадағалап, қоршаудағы қалаға көмек көрсету жөнінде нұсқаулар берді... Ол 1919 жылы 16 июньде М. В. Фрунзе мен Ш. З. Элиава арқылы, Оралды ерлікпен қорғаушыларға арнаған тарихи телеграммасын жолдады. В. И. Ленин былай деп жазды: «Уральскідегі жолдастарға, қамаудағы, Уральскінің елу күндік қорғанысындағы ерлерге менің жалынды сәлемімді және рухтары түспей тағы да бірнеше аптаға төтеп берсін деген өтінішімді жеткізуіңізді сұраймын. Уральскіні ерлікпен қорғау ісі жеңіспен аяқталды» (Шығ., 35-т., 378-6.). В. И. Лениннің жолдаған сәлемі Оралды қорғаушылардың жауынгерлік рухын көтеріп, жеңіске деген олардың сенімін арттырды.
Шығыс майданда Уфа операциясының сәтті іске асуы В. И. Чапаевтың басқаруымен ерекше әскери топ құруға мүмкіндік берді. Оның құрамында 25- атқыштар дивизиясы мен қазақ жауынгерлері де болды. Чапаевтың тегеурінді тобы 5 июльде екпінді шабуылын бастап, 11 июльде Орал гарнизонының бөлімдерімен қосылды. «Бүгін сағат 12-де Орал қаласы қоршаудан босатылды. Біздің бөлімдер қалаға енді», - деп, М. В. Фрунзе В. И. Ленинге телеграмма берді.
Орал қаласы қоршауды жою және облыстық территориясының біраз бөлігін жаудан тазарту, Колчак пен Деникин армияларының бірігу жоспарын толық кұйретті.
Көтерілістер және жау тылындағы партизан қозғалысы. Ақ гвардияшылар уақытша басып алған жерлерінде помещиктерге конфискеленген жерлері мен дүние мүліктерін, капиталистерге завод-фабриктерін қайтарып берді. Помещиктер мен капиталистердің үстемдігін қалпына келтіру, ақ гвардияшыл армияға күштеп мобилизациялау, шамадан тыс салықтар салу, астықты, атты тартып алу - осының бәрі еңбекші халықтың ашу-ызасын туғызды.
1918 жылдың күзінде Шемонаиха селосының (Шығыс Қазақстан), Мойнақ (Ново-Петропавловское) және Ново-Александровка поселкілерінің (Атбасар у.) Михайлов селосының (Петропавл у.) және т. б. шаруалары ақ гвардияшиларға қарсы көтеріліске шықты. Көтерілісшілердің және партизан қозғалысының басшылары мен ұйымдастырушылары коммунистер болды. Омбы, Петропавл, Атбасар, Семей, Орал, Торғай және Ақмола облысттарының астыртын ұйымдарының коммунистері қызу әрекетке кірісті.
1919 жылдың көктемі мен жазында жау тылында Совет окіметін қайта орнату жолындағы күрес жалпы халықтық сипат алды. Әсіресе орта шаруалардың Совет өкіметі жағына шығуы маңызды роль атқарды. Қазақстанда колчакшылар режиміне қарсы ірі көтеріліс Қостанай уезінде болды. Көтерілістің басшылары М. Г. Летунов, А. И. Миронов, К. М. Иноземцев, Қ. Қойдасов т. б. большевиктер болды. Орталығы Боровской с. болған қарулы көтеріліс, 1919 жылы марттың 2-жартысында басталды. Көтерілісшілер отрядтарын әскери революциялық-соғыс советі басқарды. Көтерілісшілер жолшыбай ақ гвардияшылардың жазалаушы отрядтарын талқандай отырып, Қостанайға бет алып, 5 апрельде қала еңбекшілерінің қолдауымен оны азат етті. Қалада қатаң революциялық тәртіп орнатылды.
Ақ гвардияшылар Костанай окиғасынан үрейленіп, көтерілісшілерге қарсы үлкен әскери күш бөлді. Қала түбіңдегі кескілескен ұрыс 8 апрельде басталды. Көтерілісшілер табанды қарсылық көрсетті. Оларды қала халқы қолдады. Бірақ кұш тең емес еді. Көтерілісшілер көптегең шығынға ұшырай отырып, 10 апрельде Қостанайды тастап шығуға мәжбүр болды. Ақ гвардияшылар қала мен уезде қанды қырғын ұйымдастырып, еркектерді де, әйелдер мен балаларды да аяусыз қырды, үйлерді тонап, өртеп жіберді. 10 мыңнан астам шаруа үйлері жендеттер ылаңынан зиян шекті.
Осы шамада Торғайда да революциялық толқу етек алды. 1918 жылы декабрьдің аяғында Ә. Жанкелдин, А. Иманов және ырғыздықтар отрядтарының біріккен күшімен Торғайда Совет өкіметі қалпына келтірілді. А. Иманов Торғай уездінің соғыс комиссары болып тағайындалды. Бұл қызметінде ол Қызыл Армияның ұлттық бөлімдерін құруда қызу жұмыстар жүргізіп, атты әскер эскадронын, кіші командирлер даярлайтын мектеп, пулеметшілер курсын ұйымдастырды.
1918 жылдың басында Қызыл Армия Шығыс майданда ірі табыстарға жетті. Алашордашылар Совет өкіметіне қарсы күрес тактикасын өзгертіп, ашық қарулы күрестен астыртын зиянкестік әрекетке көшті. 1919 жылы мартта алаш-ордашылар делегациясы Торғай Совдепіне келіп, өздерінің аң гвардияшылармен қандай да болмасын байланыстарын үзіп, Совет өкіметін мойындайтындықтарын жариялады. А. Имановтың қару-жарақтарын тапсырып, отрядты тарату керек деген талабына қарамастан, Торғай Совдепіне кіріп алған сатқын элементтердің көмегімен алашорда отряды (М. Дулатов пен А. Байтұрсыновтың басқаруымен) өзшің әскери дербестігін сақтап, Торғайға кірді.
1919 жылы апрельдің басында Ақтөбе майданында жағдай шиеленісе түсті. Дутовтың ақ казак-орыс армиясы Ақтөбеге шабуыл бастады. Советтің әскери қолбасшылығы Торғайдағы Қызыл Армия бөлімдерін Шалқар станциясына жіберуді бұйырды. А. Иманов әскери советте алашордашылардың қарсылығына қарамастан, әскери бөлімдердің ақ казактарға қарсы жорыққа шығуына бұйрық берді. Бірақ бұл бұйрықты ол жүзеге асыра алмады. 1919 жылы 20 апрельде алашордашылар А. Имановты зұлымдықпен тұтқындап, Совет өкіметін құлатып, қаланы басып алды.
Ертеңіне Торғайға Қостанай партизандарының Л. И. Таран бастаған отряды келді. Алашордашылар Л. И. Таран мен К. М. Иноземцевті опасыздықпен өлтіріп, отрядты қарусыздандырды. Қостанай партизандарының 2-, бастапқыдан ірі отряды Торғайға жақындағанда, 1919 жылы майдың 17-нен 18-не қараған түні алашордашылар. А. Имановты айуандықпен өлтірді. Партизандар алашордашыларды талқандап, ЬІрғыз арқылы Шалқарға жетті, Ақтөбе майданының совет әскелерінің құрамына енді.
Бұл кезде Ақмола, Семей облыстарында да партизан қозғалыстары жұріп жатты. Ақмола облысындағы ірі партизан қозғалысы Мариновка көтерілісі болды. Көтеріліс 1919 жылы 23 апрельде бұрқ етті. Отряд командирі болып Н. М. Ирченко сайланды. Көтеріліс Атбасар, Ақмола, Көкшетау және Потропавл уезін қамтыды. Азат етілген аудандарда Совет өкіметі қалпына келтірілді.
Колчак билеушілері көтерілісшілерге қарсы ірі-ірі әскери күштер жіберді. Жазалаушылар Мариновка селосын 13 майда кесжілескен ұрыстан кейін басыл алып, көтерілісшілерді айуандықпен жазалады. Кейін олар партизан қозғалысының бірнеше басшыларын тұтқынға алды, соның ішінде Ә. Майкөтовты да тұтқындап, оны 1919 жылы 20 июньде атып өлтірді.
Колчак режиміне қарсы күрес Семей облыстарында да кең өріс алды. Мұнда 1919 жылы бірнеше партизан отрядтары жауға қарсы әрекет жүргізді. Бұлардың кейбіреулері октябрь айында біріккен партизан отрядын құрды, мұны Березовка партизан отряды деп атады. Партизан отряды Шемонаиха селосында Совет өкіметін қайта орнатты. Семейдің көптеген партизандары Батыс Сібір партизан құрамаларының қатарында жүріп ұрысты.
1919 жылдың жазында Өскемен түрмесінде большевик Г. Кудиновтың басшылығымен саяси тұтқындардың ірі көтерілісі болды. Күші басым жаумен ұрыста көтерілісшілердің көпшілігі қаза тапты да, аман қалғандары тауға жасырынды.
Черкасск қорғанысы. Жетісу майданының солтүстік-шығыс шебінде, колчакшылар тылында, 1918 жылы августан 1919 жылғы октябрьдің орта кезіне дейін ақ гвардияшыларға қарсы ерлік күрес жүргізілді, Қорғаныс ауданына 1905-1907 жылдапр оған қоныс аударып келген орыс-украин шаруаларының 15 селосы кірді. Олар: Черкасск, Петропавловка, Андреевка, Николаевка. Осиновка, Герасимовка, Успенск, Колпаковск, Глиновка, Михайловка, Пограничное, Новонадеждинское, Константиновка, Новоивановскос, Антоновка. Қорғаныс орталығы Черкасское селосы болды. Корғанысқа бұлардан басқа кершілес қазақ ауылдарының еңбекшілері және ақ гвардияшылар мен алашордашылар солтүстік Жетісуды басып алғанда осы ауданға эвакуацияланғандар мен Лепсі қаласының тұрғындары, сондай-ақ уездегі Қызыл Армия бөлімдерінің жауынгерлері де қатысты.
1918 жылы 10 сентябрьде Черкасское селосына эвакуацияланып келген Лепсі уездік Советі аткомының селолық Советтер өкілдерімен біріккен мәжілісінде Черкасск қорғанысы ауданының соғыс советі құрылды. Оның председателі болып коммунист А. Н. Дьяченко, мүшелері болып С. С. Подшивалов, И. А. Собко, М. А. Никольский, Т. Г. Горбатов, Ф. А. Крива т. б. сайланды. Қорғанысшылар арасында коммунистер А. И. Зенин, И. А. Собко, Петр Тузов т. б. ұйымдастыру жұмысын жүргізді. Қорғанысшылар негізінен, кедей шаруалар мен оларды қолдаған орта шаруалар өкілдерінен тұрды. Черкасск қорғанысы ауданының ұзындығы 90 км-ден астам, ені 20-25 км шамасында болды. Қорғаныстың бастапқы кезеңінде қорғаныс ауданының жалпы шебі 2 мың км-ге тең еді. Әлбетте, осыншама кең алқапта черкастықтар бір тұтас қорғаныс шебін құра алған жоқ. Оған қорғанысшылардың техникалық жабдықталуы да, қару-жарағы да жетіспеді. Қорғаныс ауданына кірген селолардағы тұрғындардың саны (сырттан келгендерді қосқанда) 40-50 мыңға жетті. Ал қолдарына қару алып ақ гвардияшыларға қарсы күрес жүргізген қорғанысшылар саны әр кезде 5 мыңнан 11 мыңға дейін өзгеріп отырды. Қорғанысшылардың ірі гарнизондары Черкасск, Антоновка, Петропавловск және Андреевка селоларына орналасты. Қорғаныс ауданының қарулы күштері Қызыл Армияның тұрақты бөлімдерінен (қорғаныс күштерінің үштен бірі) және әр селоның өзіндік қорғаныс отрядтарынан тұрды. Қорғанысшылар қатарында 1918 жылы сентсбрь-октябрьде 12 эскадрон болса, 1919 жылы майда 19-ға жетті. Олар орыс пен украин, қазақ пен татар, ұйғыр мен дүнген т. б. халықтардың өкілдерінен құрылды. Қазақ дәрігері Ә. Көтібаров қорғаныс аудандарындағы әскери емхананы басқарды.
Черкасск қорғанысшылары жау тылындағы ерлік қимылдары арқылы солтүстік Жетісудағы ақ гвардияшылардың Орта Азиядағы контрреволюциялық күштермен қосылу үшін Верный (Алматы) мен Ташкентке шабуыл жасамақ болған жоспарларын іске асырмай тастады. Жауынгерлер ақ гвардияшылардың өздеріне қарсы бағытталған үш шабуылын (1918 жылы октябрь-ноябрь; 1919 жылы январь; 1919 жылы март) тойтарып, жау күштерін үлкен шығынға ұшыратты. Алайда қорғанысшылар жағдайы күннен-күнге нашарлай берді. Жетісу майданындағы Қызыл Армия бөлімдерінің Черкасск қорғанысшыларымен қосылу үшін жасаған шабуылдары сәтсіз аяқталды, қорғанысшыларға қарунжарақ, оқ-дәрі жетіспеді. Мұның үстіне қорғанысты ұйымдастыруда кемшіліктер орын алды.
1919 жылы июльде ақ гвардияшылар Черкасск қорғанысшыларына қарсы негізгі шабуылға шығып, үш айға созылған соғыстан кейін сол жылғы 14 октябрьде Черкасск қорғанысын құлатты. Ақ гвардияшыл жендеттер қорғаныс ауданындағы партизандар мен село тұрғындарын аяусыз жазалады.
Қазақстандағы майдандардың жойылуы. Қызыл Армияның бірнеше күшті соққысынан кейін Колчак армиясы екіге бөлінді. Олардың бір бөлігі Сібірге, екіншісі Түркістанға қарай шөгінді. Оңтүстікке қарай шегінген ақ гвардияшылар құрамалары «Оңтүстік армнясына» біріктірілді, оның құрамына атаман Дутовтың ақ казактар бөлімшелері де кірді. «Оңтүстік армия» Түркістанға бұзып өтіп, Каспий сырты, Ферғана және Жетісудағы интервенттер мен ақ гвардияшыл контр-революциялық күштермен қосылмақ болды.
Совет командованиесі жау жоспарын бірден шешті. Шегініп бара жатқан ақ гвардия бөлімдерін біржола талқандау үшін 14 августа Шығыс майдан - Шығыс және Түркістан майданы болып екіге бөліпді. Колчактың «Оңтүстік армиясын» талқандау операциясын Түркістан майданының бөлімдері 1919 жылы августың 2-жартысында бастады. Олар Орскіні, Ақтөбені азат етіп, жау әскерінің көбін тұтқындап, көптеген соғыс техникасын қолға түсірді. Ақтөбе майданының әскерлері де белсенді қимылға көшті. Олардың бөлімдері Сексеуіл, Тоғыз және Шалқар станцияларын жаудан босатты. 13 сентябрьде Түркістан және Ақтөбе майданының әскерлері Мұғалжар селосында кездесті. Ертеңіне Түркістан майданының командашысы М. В. Фрунзе В. И. Ленинге: «Қазір ғана 1-Армия әскерлерінің Түркістанмен келіп қосылғаны туралы хабар алдық... Хүркістан майданының әскерлері Сізді және Республиканы осы қуанышты хабармен құттықтайды» - деп телеграмма берді.
Колчактың ақ гвардияшыл армиясы талқандалып, Ақтөбе майданы жойылды. Түркістан АССР-і мен Қазақстанның совет аудандарының Орталық Россиямен байланысы біржолата қалпына келтірілді.
Шығыс майданның 3-және 5-армия бөлімдері ақ гвардияшылардан таукен өндірісті Оралды азат етіп, август айында Тобыл өзеніне жетіп, Қостанайды босатты. В. И. Лениннің нұсқауларын орындай отырып, совет әскерлері Колчак армиясына шабуылды күшейте түсті. Олар 30 октябрьде Петропавлды, 14 ноябрьде Омбы қалаларын азат етті. Тегеурінді шабуыл кезінде ондаған мың колчакшылар тұтқындалды. Көптеген қару-жарақ қолға түсті. «Оңтүстік армияның» қалдықтары ақ гвардияшылардың негізгі күштерінен бөлініп қалғаннан кейін Дутовтың командованиесімен Көкшетау, Атбасар, Ақмола арқылы оңтүстікке қарай шегінді. Оларды жою үшін Көкшетау әскери тобы құрылды. Бұл топтың бөлімдері шабуылды өрістете отырып, 12 ноябрьде Көкшетауды, 23 ноябрьде - Атбасарды, 26 ноябрьде - Ақмоланы, 12 декабрьде Қарқаралыны азат етіп, Солтүстік Жетісуға жетеді де, 1920 жылы 12 январьда Сергиопольды босатады. Дәл осы уақыттарда 26-атқыштар дивизиясы ақ гвардияшыларды өкшелеп қуып, 29 ноябрьде Павлодарды босатып, Семейге қарай бет алды. Семейде 1-декабрьде қарулы көтерілістің нәтижесінде Совет өкіметі қалпына келтірілді. Оларға көмекке алдымен партизандар, ал 10 декабрьде Қызыл Армия бөлімдері де жетті.
25-атқыштар дивизиясы 9 августа Ілбішінді, 18 августа - Мергенев форпосын, 24 августа Сахарная станицасын жаудан азат етті. 4-армияның кейбір әскери бөлімдерінің Оңтүстік майданға көмекке жіберілуіне байланысты бұдан арғы шабуыл уақытша тоқтатылды. Осыны пайдаланған Орал ақ казактары армиясы Деникин армиясымен бір мезгілде әрекет жасан, контрреволюциялық іс-әрекетін күшейте түсті. 1919 жылы сентябрьдің 4-нен 5-не қараған түні олар 25-атқыштар дивизиясының штабы орналасқан Ілбішінге тұтқиылдан шабуыл жасады. Күші басым жаумен күресте В. И. Чапаев, П. С. Батурин, Д. В. Суворов, И. А. Крайнюков т. б. ерлікпен қаза тапты. Туркістан майданының Революциялық соғыс советінің шешімімен 25-дивизияға В. И. Чапаев есімі берілді.
В. И. Ленин октябрьдің ортасы мен ноябрьдің басында Түркістан майданының Революциялық соғыс советінен Орал майданын жоюды талап етті. Лениннің директиваларын орындай отырып, 4-армия бөлімдері 1919 жылы ноябрьдің ортасында шабуылға шығып, 20 ноябрьде Ілбішінді, 21 ноябрьде алашордашылар ставкасы - Жымпитыны азат етті. Алашордашылар толық және сөзсіз тізе бүгуге мәжбүр болды.
4-армия бөлімдері ауыр жағдайларға қарамастан шабуыл жасай берді. 1919 жылдың 18 декабрінде Калмыковті, 1920 жылы 5 январьда Гурьевті азат етті. Сол күні-ақ М. В. Фрунзе В. И. Ленинге Орал майданының жойылғандығы жайлы телеграмма берді. 1920 жылдың көктемінде Орал ақ казактарының қалдықтары шетелге қашты.
Колчак армиясының талқандалуы және Солтүстік-Шығыс Қазақстанның азат етілуі әрі Орал майданының жойылып, Жетісуға Түркістан майданының әскер белімдерінің келуі Солтүстік Жетісу майданын тезірек жоюға мүмкіндік берді. Дутов пен Анненков әскерлерінің жағдайы шын мәнісінде ауыр жағдайда болды. Олардың қатарында ыдыраушылық, әскер қатарынан жаппай қашу және совет әскерлері жағына шығу күшейе түсті. 1920 жылы 29 ақпанда егерь батальонының солдаттары өз еріктерімен тұтқынға тусіп, Совет өкіметі жағына шықты. Ыдыраушылық Жетісу казак-орыстарының арасында да жүрді.
Жетісу майданының әскерлері Шығыс майданының Көкшетау тобы әскерлерімен тығыз байланыс жасай отырып, 1920 жылы мартта шабуылға шықты. 3-Түркістан атқыштар дивизиясы 22 мартта Қапалды қоршауға алып, 28 мартта Арасан станицасын азат етті. Көкшетау тобы әскерлері 22 мартта Үржар станицасын азат етіп, 25 мартта Үшаралға жақындады.
Совет әскерлері шабуылды ойдағыдай дамыта отырып, 1920 жылдың апрелінде Абакумовка (Ақсу), Сарқант т. б. станицаларды азат етті. Ақ гвардияшылардың қалдықтары Шынжаңға қашты. Жаркент (Панфилов), Қарақол (Пржевальск) ауданындағы бытыраңқы ақ гвардияшыл бөлімдер де талқандалды.
Қазақстанда Советтерге қарсы контрреволюциялық күрес Азамат соғысының майдандары жойылғаннан кейін де тоқтаған жоқ. Олар контрреволюциялық астыртын заговорлар ұйымдастырып, бүліктер дайындады. Сондай бүліктің бірі Верныйда бұрқ ете түсті. Бүлікшілермен күресте Д. А. Фурманов, И. П. Белов, Ғ. Мұратбаев, Б. Шагабуддинов т. б. табандылық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Июль айында Бұзылықта ақ гвардияшыл кулактардың бүлігі болды. Тез қолданған шараның нәтижесінде бүліншілік аз уақыттың ішінде басып тасталды. 1920 жылы июльде бүліншілік толқыны Шығыс Қазақстанда да болып өтті. Оларды ұйымдастырушылар ақ гвардияшыл офицерлер, эсерлер, кулактар болды. Еңбекші халықтың белсенді көмегінің арқасында бүлікшілер әр уақытта қирай соққы жеп отырды.
Қазақстан территориясындағы контрреволюциялық күштерге қарсы қарулы күрес бүкіл елімізді қамтыған Азамат соғысының құрамдас бөлігі болды. Қазақстан еңбекшілері большевиктер партиясының басшылығымен азамат соғысының майдандарында ерлікпен соғысты, партизан қозғалысына қатынасты және тылда аянбай еңбек етті.
Азамат соғысы жылдарында Қазақстанда советтік қоғам және мемлекеттік құрылысты нығайту жолындағы күрес. Елімізде 1918-1920 жылдарда шетел интервенттері мен ішкі контрреволюцияны талқандау - Компартияның мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, Қызыл Армияны құруға, майданды қамтамасыз етуте басты назар аудара отырып, советтік қоғамдық және мемлекеттік құрылысты баянды ету, социалистік өмір укладын дамыту жөнінде қауырт жұмыстар жүргізілуінің нәтижесінде мүмкін болды.
Бұл жылдары РСФСР-дің құрамдас бөлігі болып келген Қазақстанда пролетарлық диктатурасының органы - Советтерді ұйымдастыру және кеңейту жөнінде жасампаздық жұмыстар жүріп жатты. Ақ гвардияшылар басып алмаған аудандарда Советтердің уездік және облыстық съездері өтті. Мәселен, Жетісуда 1918 жылы октябрьден 1920 жылдың авгусына дейін Советтердің облысы бес съезі болды. Қазалы мен Ақтөбе т. б. уездерінде осынша съездер өтті. Советтер съездеріне қазақ және орыс еңбекшілерінің көптеген өкілдері қатысты, мұның өзі жұмысшылар мен шаруалардың мемлекеттік құрылысқа іскерлікпен қатысуға ұмтылып отырғанын көрсетті. Қазақстанның контрреволюциядан босатылған аудандарында алдымен губерниялық (облыстық), уездік және болыстық ревкомдар, содан кейін Советтер құрылды. Совет органдарын құруда Қызыл Армия бөлімшелері мен құрамаларының партия ұйымдары (Батыс Қазақстанда 4-Қызыл Армияның саяси органдары, Шығыста - Түркістан майданының т. б.) үлкен көмек көрсетті.
Совет өкіметін нығайтуда қазақ еңбекшілері съездерінің қолайлы әсері болды, оларда негізінен жер, Совет өкіметінің ұлт саясаты, халық ағарту ісінің жағдайы т. б. сияқты көкейтесті мәселелер қаралды. 1920 жылы 11-15 июньде Ойылдан 150 км жердегі Боракөл елді мекенінде өткен адайлардың, табындардың, Маңғышлақтағы Темір және Красноводск уездерінің кейбір болыстарынан және басқа қазақ рулары өкілдерінен мыңнан астам адам қатысқан 1-советтік делегаттар съезі осының дәлелі бола алады.
Қазақстанда соғыс жағдайында бірте-бірте «соғыс коммунизмі» саясатына көшу басталды, оған тек ірі өнеркәсіпті ғана емес, орта, тіпті ұсақ өнеркәсіпті национализациялау, жалпыға бірдей еңбек міндетін және азық- түлік салығын енгізу, тамақ өнімдері мен өнеркәсіп товарларын бөлуді монополизациялау, жалақыны заттай төлеу және өнеркәсіп бұйымдарын ауыл шаруашылығын өніміне тікелей айырбастау шаралары енді.
Национализацияланған өнеркәсіпті басқару ісі халық шаруашылығының облыстық және уездік советтеріне берілді, олар совет, партия және кәсіподақ органдарымен бірге өндірісті қалпына келтіруде, жұмысшыларды саналы еңбек тәртібіне тәрбиелеу жөнінде едәуір жұмыстар жүргізді. Мәселен, Ленгір шахтерлері көмір өндіруді 1918 жылы 129 мың пұтқа жеткізсе, 1919 жылы 225 мың пұтқа жеткізді. Осы уақыт ішінде Верный шұға фабрикасының жұмысшылары шұға өндіруді 108 мың аршыннан 111 мың аршынға арттырды. Соғыс жылдарында Қазақстанда Жетісу темір жол, Петропавл - Көкшетау, Александров-Гай - Ембі темір жол, линияларының құрылыстары жүргізілді. Сырдария өзенінен Қазалы поселкісіне дейін егістікті суаратын канал қазылды. Москва мен Петроград жұмысшыларының үлгісі бойынша букіл өлкеде 1920 жылы майдан бастап Коммунистік сенбіліктер мен жексенбіліктер өткізілді.
«Жер туралы декретке» сәйкес Қазақстанда шіркеудің, монастырьдың ірі жер иеліктерін конфискелеу аяқталды. Қоныс аудару басқармаларының органдары мен кулактардың жерді арендаға алу жөніндегі келісімдері жойылды. Бірқатар аудандарда, негізінен қоныстанушы селолар мен отырықшылар ауылдарында кедейлерді қауымдастыру және кулактар мен байлардың зорлық-зомбылығынан қорғау мақсатында комитеттер мен кедейлер одақтары құрылды. Соғыс жылдарында алғашқы ауыл шаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. 1920 жылы аяғында (Жетісу мен оңтүстік облыстарды қоспағанда) 939 коллективті шаруашылық, соның ішінде 132 коммуна, 779 артель, жерді бірлесіп өңдейтін 28 серіктік болды.
Совет қоғамы мен мемлекеттік құрылысты нығайту жолындағы күрес Коммунистік партияның, оның ОК-нің, В. И. Лениннің жеке өзінің тікелей басшылығымен жүргізілді. 1919 жылы 10 июльде В. И. Ленин РСФСР Халкомсовының «Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы» декретке қол қойды. Декрет болашақ Қазақ Совет мемлекетінің территориялық негізін белгілеп берді. Өлке мен Қыргыз ревкомының құрылуы - Қазақ халқы өміріндегі аса ұлы тарихи акт. Компартияның қазақтың ұлттық мемлекеттілігін құрудағы ұлт саясатын жүзеге асыруда кезекті практикалық қадамы болды.
Өлкелік партия ұйымдарының бір тұтас РК(б)П облыстың ұйымына бірігу дәуіріне жол ашқан 1920 жылы 30 апрельдегі РК(б)П ОК Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросы құрылғаннан кейін өлкеде Совет қоғамы мен мемлекеттік құрылысты одан әрі нығайту жұмысы едәуір кеңейе түсті.
Қазақ АССР-інің құрылуы. Қазақ совет мемлекеттілігінің құрылуы мен дамуы В. И. Ленин есімімен тығыз байланысты. В. И. Ленин жазған және 1918 жылы 12 (25) янв. Советтердің Бүкіл россиялық 3-съезі бекіткен «Еңбекші және қаналушы халық праволарының Декларациясында» Россия Жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары Советтерінің Республикасы болын жарияланды. РСФСР халықтарының еркін одағы негізінде Советтік ұлттык республикалар Федерациясы ретінде құрылды. 1919 жылы 10 июньде В. И. Ленин РСФСР Халкомсовының Қырғыз өлкесін (алғашқыда 1925 жылы апрельге дейін Қазақстан осылай аталды) басқару жөніндегі Ревкомын құру туралы Декретке қол қойды. Декрет өлкенің территориялық шамасын және қырғыз Ревкомының негізгі міндеттерін белгіледі. Оның құрамына С. С. Пестковский, Ә. Т. Жанкелдин, С. М. Меңдешев, Ә. Әйтиев т. б. енді.
1919 жылы июльден 1920 жылы авгусқа дейін Азамат соғысының қызған шағына қарамастан жергілікті партия және совет органдары РК(б)П ОК-нің, РСФСР Халкомсовының Қырғыз Ревкомының және В. И. Лениннің тікелей басшылығымен қазақ халқының совет автономнясын жариялау женінде орасан зор дайындық жұмыстарын жүргізді.
1920 ж. 17 августа РСФСР Халкомсовы Қырғыз Республикасы туралы Декрет жобасын қарап мақұлдады, 26 августа БОАК пен РСФСР Халкомсовы В. И. Ленин мен М. И. Калинин қол койған РСФСР құрамында астанасы Орынбор етіп, «Қырғыз Советтік Социалистік Автономиялық Республикасын құру туралы» декрет қабылдады. Республика құрамына: а) құрамында Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездері бар Семей; ә) құрамында Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездері және Қырғыз Ревкомының Сібір ревкомымен келісімі бойынша Омбының бір бөлігі бар Ақмола; б) құрамында Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз және Торғай уездері бар Торғай; в) құрамында Орал, Ілбішін, Темір және Гурьев уездері бар Орал облыстары; г) Маңғышлақ у., Закаспий обл. Красноводск у-інің 4-, 5-адай болыстары, Бөкей ордасының бұрынғы территориясы Астрахань губернияның біраз болыстары енді. Түркістан АССР-і құрамына жататын Жетісу, Сырдария облысының едәуір бөлігін Қазақ АССР құрамына енгізу сол территория еңбекшілерінің еріктілігіне қарай жүзеге асырылды делінді. БОАК-тің қосымша декреті бойынша 1920 жылы сентябрьде Қазақ АССР құрамына Орынбор губ. енді, ал Орынбор қаласы 1925 жылға дейін Қазақ АССР-інің астанасы болды.
1920 жылы 4 октябрьде Орынборда алғашқы Қазақстан Советтерінің құрылтай съезінде ОАК (пред. С. М. Меңдешев) және Халкомсов (пред. В. А. Радус-Зенькович) құрылды, съезд «Қырғыз (Қазақ) АССР-і еңбекшілері праволарының декларациясын» қабылдады, онда Қазақ АССР-і РСФСР-дің автономиялық бірлігіне жататын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалардың, казактардың және қызыл әскерлер депутаттары Советтерінің Республикасы ретінде құрылғаны бекітілді. Декларация советтердің таптық мәнін айқын белгілеп берді. Ұлттық езушілік пен құлдықта ұстау саясатынан батыл қол үзетінін жариялады. Ол еңбекшілерге кең саяси право мен бостандық әперді.
Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.302-320.
Жарияланған-2023-03-24 17:09:18 Қаралды-709
КӨРКЕМ СУРЕТТЕ ПОРТРЕТ
Кез келген суретші, біреудің бейнесін жасағанда, тек оның бет-әлпетін ғана емес, ішкі жан дүниесін де жеткізуге ұмтылады.
Hasta la vista, baby
«Терминатор» фильмі бүкіл әлемге әйгілі және әртүрлі тілдерге аударылған. Терминатордың «Hasta la vista, baby» әйгілі фразасы «Hasta la vista, baby» қанатты болып кетті және біздің Отанымыздың ашық кеңістікте таралып кетті.
ЖЕРДЕГІ ЕҢ БИІК ГҮЛ ҚАНДАЙ?
Биіктігі бойынша гүлдер арасындағы чемпион титандық аморфофалл
ДӘСТҮРЛІ ҰН ТАҒАМДАРЫ
Ұн тағамдары өзінің қоректілік құндылығы жағынан жоғары калориялы тағамдарға жатады. Өйткені оның құрамына май да, ет те, сүт өнімдері де, жұмыртқа да, тіпті көкөніс те енеді.
«АЙ» ҚУЫРМАСЫ
Дайындалған қамыр 0,8 сантиметр қалыңдықта жайылады да жұмыртқаның сары уызы жағылып, жұқа стаканның қырымен дөңгелектеп,
БЕРЕЛ КОРЫМЫНЫҢ КЕРЕМЕТТЕРІ
Берел қорымы - Қазақстандағы сақ дәуірінен сақталған тарихи ескерткіш. Қорым б.з.б. V-IV ғасырларда салынған. Берел қорымы Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде, таулы аңғарда ор
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану