ҚАЗАҚ БАЛЕТ (1979 жылға дейін)
Қазақ биі ұлттық өнердің басқа түрлері сияқты халық тұрмысында, әдет-ғұрпында берік орын алған. Музыкалық фольклорда өлеқ айту, би билеу, билеп жүріп ән айту т. б. ән, би түрлері сақталған. Мыс., еңбек қимылын көрсететін «Өрмек би», аңшылар өмірін бейнелейтін «Қоян би», әзіл-сықақ пен күлкіге құрылған «Ортеке», «Қара жорға», «Тепең көк» т. б. халық билері. Ертеден келе жатқан бұл билер Қазақстанда театрландырылған бидің қалыптасуына арқау болды.
Қазақ хореографиялық өнері драмалық, опералық спектакльдердегі би көріністері ретінде қалыптаса бастады. 30 жылдардың басында профессионалды балет өнері өмірге келді. Осы кезеңде профессионалды театр құрылып, ежелгі қазақ билері жаңа түр, соны мазмұнмен толыға түсті. 1933 жылы Қазақ драма театрының жанынан музыкалық студия ашылып, ол 1934 жылы Қазақтың музыкалық театры (1936 жылдан Біріккен қазақ және орыс опера театры) болып қайта құрылды. Оның алғашқы қарлығаштары Қазақ драма театрының әншілері, музыкалық-драма техникумының студенттері, ҚазПИ-дің көркем-өнерпаздар үйірмесінің әншілері мен бишілері болды. Музыкалық студия негізінде Қазақтың опера және балет театры құрылатын болғандықтан, онда балет бөлімі ұйымдастырылды. Мұнда А. Едізова, X. Жиенқұлова, Ж. Әукенова, В. Қармысова, М. Ходжыбекова, С. Әбсалямова, У. Мұстағалиева, Е. Рамазанов, С. Жәнібеков, М. Өтегенов, X. Мұсабеков, И. Құлтаев, М. П. Арцибашеваның басқаруымен би сабатынан дәріс алды.
1934 жылы 13 қаңтарда қазақтың тұңғыш режиссер Ж.Т.Шаниннің жетекшілігімен және композитор И. В. Коцыктың, балетмейстерлер Али Ардобус пен Арцибашеваның қатысуымен Музыкалық студия коллективінің орындауында «Айман - Шолпан» музыкалық спектаклі (М. О. Әуезовтің пьесасы бойынша) қойылды. Көрермендер бұл спектакльді өздеріне таныс, көңілдеріне жақын ат жарыс, көкпар, бүркіт салу сияқты өмір көріністерін би өнері арқылы көріп тамашалады. 1934 жылы 17 қаңтарда Б. Майлин мен Коңыктың «Шұға» музыкалық драмасы қойылды.
Қазақ би өнерінің дамуына елеулі еңбек еткен балетмейстер А.А.Александров (1891-1955) болды. Ол 1918-1924 жылдар Петроградтың эстрада театрында, 1925-1933 жылдар Үлкен театрда қызмет етті. 1933 жылы Қазақстанға келіп, тұңғыш ұйымдасқан Музыкалық студияның балетмейстері болды; ол Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» (алғашқы нұсқалары)опералары мен Қоцыктың «Шұға» музыкалық драмасының би көріністерін, сондай-ақ Қазақ филармониясы үшін «Ортеке», «Мерген», «Қара жорға», «Көкпар» билерін қойды. 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне арналған үлкен концерттің программасын жасады. Алматы хореографиялық мектебінің балет бөлімін ұйымдастырған Александров ұлттық хореографиялық білім беруді классикалық би дәрежесіне сай көтерумен қатар жас артистердің табиғи дарынын, олардың өзіндік шығармашылық ерекшеліктерін жіті аңғарып, дамыта білді. Оның шәкірттері Н.Е.Тапалова, К.Қарабалинова, Әбсалямова, Б.Сайфутдинова, Г.Измайлов, X.Байзақов, X.Сәрсенбаев 30-40 жылдардағы ұлттық хореографияның танымал өкілдері болды. Александровтың көп қырлы шығармашылығы қазақ балет тарихынан елеулі орын алды. Осы кезеңде ұлттық сахналық хореографияның өзіндік ерекшеліктері қалыптаса бастады. Сонымен қатар халық билері қайта өңделіп, оның орындаушылық дәстүрі айқындалды. Осыған орай музыкалық театрдың би репертуары қалыптасты. Билердің ұлттық лексикасы балет театры өнерінің одан әрі дамуына жол ашты.
1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігінде қазақтың халық билері де орындалды. Халықтың байырғы және сахнаға лайықталып өңделген билері көрермен көңілінен шықты. Бұл жетістіктерді Москва баспасөзі кезінде атап өтті. Ұлттық өнердің мазмұнын байыта отырып, туысқан халықтардың өнерімен танысу, тәжірибе алмасу, оларды шығармашылық жолмен игеру қазақ балет өнерінің өркендеуіне бірден-бір мүмкіндік туғызды.
1937 жылдан Музыкалық театр - Қазақтың опера және балет театры деп аталды. Осы кезде театр халық творчествосының байлығын пайдалана отырып, репертуары және негізгі эстетикалық принциптері жағынан орыс сахна өнерінің мәдениетін игере бастады. Әсіресе Қазақ музыкалық театрының 1935 жылы Қазақстанға гастрольдік сапармен келген Орыстың (Куйбышев өлкесінің) көшпелі опера театрымен шығармашылық байланысының маңызы ерекше болды. Кейіннен бұл көшпелі театр тұрақтанып, Қазақ музыкалық театрына қосылды. Бұл Біріккен театрдың репертуарына А. П. Бородиннің «Князь Игорь» операсынан «Қыпшақтар биі», Ш. Гуноның «Фауст» операсынан «Вальпургия түні», Р. М. Глиэрдің «Қызыл гүлі» мен П. И. Чайковскийдің «Аққу көлі» балеттерінен концерттік нөмірлер орын алды. 1936-1937 жылдар қазақ сахнасында классикалық балеттер Чайковскийдің «Аққу көлі» мен Л. К. Делибтің «Коппелиясы» қойыла бастады. Дегенмен театрдың негізгі мақсаты - ұлттық балет жасау болды. 1938 жылы халық поэмасының негізінде жазылған қазақтың тұңғыш ұлттық балеті - В.В.Великановтың «Қалқаман - Мамыры» қойылды. Оны қойғап Үлкен театрдың бишісі әрі балетмейстері Л.А.Жуков (1890-1951) болды. Фольклор негізінде сюжеттің айқын әлеуметтік үні, әр актідегі оқиға желісінің дамуы, музыкалық образдардың шынайылығы балеттің сәтті шығуына мүмкіндік туғызды. Жуков шығармадағы ұлттық стильді сақтай отырып, халық биін классикалық бимен ұштастыра білді. Ол орыс балетін насихаттаумен қатар ұлттық балет кадрларын тәрбиелеп, қазақтың хореографиялық өнеріне мол үлес қосты.
1940 жылы И.Н.Надировтың «Көктем» балетін балетмейстер А.П.Чекрыгин (1884-1943) қойды. Москва хореографиялық училещесінің түлектері А. Ахмадиева мен К. Айдарова балет спектакльдерінің басты партияларын орындады. Чекрыгиннің талантты шәкірттерінің бірі Тапалова, сондай-ақ А. Бекбосынов та өзінің творчестволық өнер жолын «Көктем» балетінен бастады.
Қазақ совет балет өнерін өркендетуде А. В. Селезнев (1906-1961) жемісті еңбек етті. Ол 1937-1945 жылдар Қазақтың опера және балет театрында соло-биші болып, Зигфрид (Чайковскийдің «Аққу көлінде»), Клод Фролло (Ч. Пуньи, Глиэр мен С. Н. Василенконың «Эсмеральдасында»), Петр Г (Глиэрдің «Мыс салт аттысында»), Мергенбай (Великановтың «Қамбар-Назымында») т. б. партияларды биледі. Сонымен қатар Селезнев Алматы хореографиялық мектебіне (кейіннен Алматы хореографиялық училищесі) басшылық етті. Оқу процесі Ленинград хореографиялық училищесінің 9 жылдық оқыту программасына негізделді. Мамандандырылған қазақ балет труппасын дайындау кезінде нақтылы жұмыстар жүргізілді. 1941 жылы осы мектептің 1-6 класс оқушыларының күшімен Б. В. Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны» мен А. Аданның «Жизель» балеттері қойылды.
Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945) Москва, Ленинград, Киев, Одесса, Минск қалаларынан келген балет артистерінің өнер көрсетуі әрі олардың қазақ хореографтарымен творчестволық қарым-қатынаста болуы ұлттық балет өнерінің өркендеуіне үлкен әсерін тигізді. 1941-1943 жылдар Киев опера және балет театрының балетмейстері Г.А.Березова Қазақтың опера және балет театрының труппасына жетекшілік етіп, республикада хореографиялық өнердің дамуына ат салысты. Оның қойған А. А. Крейннің «Лауренсиясы», Аданның «Жизелі», Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны» және Чайковскийдің «Аққу көлі» балеттері жоғары көркемдік дәрежеде өтті. Осы спектакльдердегі В. Каминская, Н. Скорульская, О. Сталинский, С. Дречин жасағап жарқын образдар театр балет труппасының творчестволық өмірінде ерекше орын алады. 1942 жылы Г.С.Уланова Қазақтың опера және балет театры сахнасында алғашқы билерін биледі. 1943 жылы Одетта (Чайковскийдің «Аққу көлінде»), Мария (Асафьевтің «Бақшасарай фонтанында»), Жизель (Аданның осы аттас балетінде) партияларын асқан шеберлікпен орындады. Концерттік нөмірлерде К. Сен-Санстың «Аққуы» мен Ф. Шопеннің «Вальсін» биледі.
Эвакуациямен келген балет шеберлерінің 50 жылдары өз театрларына оралуына байланысты бишілер саны азайып, спектакльдердің көркемдік сапасы төмендеді. Осы жылдары республикада хореографиялық өнердің біршама тоқырауына байланысты бірқатар маңызды шаралар қабылданды. Бұл шараларды іске асыруда балетмейстер М. Ф. Моисеев (1882-1955) үлкен роль атқарды. Қазақтың опера және балет театрында қызмет еткен 2 жылдың ішінде ол Чайковскийдің «Аққу көлі» мен «Үйқыдағы аруын», Глиэрдің «Қызыл гүлін», И. В. Морозовтың «Айболитін» және Великановтың «Қамбар-Назымын» қойды. Осы кезеңдегі театр репертуарынан классикалық балеттер (Чайковскийдің «Аққу көлі», Аданның «Жизель», Л.Ф.Минкустың «Дон Кихот», А.К.Глазуновтың «Раймонда», Пуньи, Глиэр және Василенконың «Эсмеральдасы»), сондай-ақ совет балет спектакльдері (М.И.Чулакидің «Жастық», А. Э. Спадавеккианың «Бақыт жағалауы», Ф. З. Яруллиннің «Шурале», Глиэрдің «Мыс салт атты» т. б.) орын алды.
Қазақтың тұңғыш профессионал балетмейстері - Д. Т. Әбіров (1925 ж.т.). Ол 1952-1958 жылы Қазақтың опера жәие балет театрының балетмейстері, ал 1958-1966 жылдар осы театрдың бас балетмейстері болды. Мұнда Чулакидің «Жастық», Пуньи, Глиэр мен Василенконың «Эсмеральда», сонымен қатар Морозовтың «Айболит», Глазуновтың «Раймонда», Яруллиннің «Шурале», Спадавеккианың «Бақыт жағалауы», Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны» (Р. И. Захаровпен бірге), Великановтың «Қамбар-Назым», А.Зацеппинің «Қарт Хоттабыч», А. Д. Меликовтың «Махаббат туралы ацыз», Г. А. Жұбанованың «Аққанат», Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» балеттерін қойды. Әбіров ұлттық опералық хореографияны (Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларындағы билер) қалыптастыруда зор еңбек етіп, қазақ биінің мәнерлеу диапазонын кеңейтті.
50 жылдары Қазақтың опера және балет театрына Алматы хореографиялық уччилищесінің алғашқы түлектері (Л. М. Таганов, Р. Тәжиева, С. Ходжаева, Ғ. Ақжанов, Л. В. Симагина, И. И. Манская, С. Л. Толусанова т. б.) келіп қызмет ете бастады. Сондай-ақ Москва мен Ленинград хореографиялық училищесінің ұлттық бөлімін бітірген жас бишілер С. Ы. Көшербаева, З. М. Райбаев. Б. Р. Қуатов-Аюханов, А. А. Асылмұратов, Э. Ж. Малбеков, А. М. Жалилов, Э. Усин, М. Аумакиев, Б. Валиев, Ф. Қойгелдинова, К. Әлішев осы театрда еңбек етті. Бұл профессионалды балет артистері классикалық және ұлттық балеттерді еркін меңгеруімен, орындаушылық өнерімен ерекше көзге түсті. Осы жылдардағы қойылған Н. А. Тілендиев, Л. Б. Степанов және Е. В. Манаевтың «Жоңғар қақпасы» (екінші редакциясында «Достық жолымен» деп аталды) қазақ балетінің өрлеу кезеңін айқындады. Бұл балет 1958 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігінде көрсетіліп, астаналық көрермендердің көңілінен шықты. Олі туралы Москва баспасөзінде қазақ балет қайраткерлерінің бұл балетті қоюда тұжырымды шешім тапқанын, хореографияның композициялық формаларын жаңашылдықпен пайдалануын, би образдарында ұлттық пластиканы шебер көрсеткені туралы айтылды. Сондай-ақ осы он күндікте қойылған Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны» туралы және ондағы күрделі кейіпкерлерді қазақ артистерінің шебер орындағанын атап өтті.
60-70 жылдары қазақ балетінің аға буын артистерімен қатар жас балет мамандары да республикалық балет өнерін дамытуға белсене ат салысты. Творчестволық ізденістер нәтижесінде балеттік мәнерлеу тәсілдері байыды. Қазіргі заман тақырыбын арқау еткен балет спектакльдері айқын мәнер мен терең мазмұнға құрылды. Осы жылдары орыс және совет балетінің классикалық мұралары сахнаға шықты. Әсіресе Аданның «Жизель», Чайковскийдің «Аққу көлі» мен «Үйқыдағы ару», Пуньи, Глиэр және Василенконың «Эсмеральда», Минкустың «Дон Кихот», Яруллиннің «Шурале», Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны», Глиэрдің «Мыс салт атты» балеттерінде Көшербаева, Тәжиева, Толусанова, Манская, Жалилов, Асылмұратов, Ақжанов, Қойгелдинова, Малбеков, Л. Г. Рудакова сияқты артистердің таланты жан-жақты ашылды. Жастар творчествосы әсіресе 60 жылдары қойылған классикалық балеттерден айқын көрініс тапты. Асқан шеберлікті қажет ететін Минкустың «Дон Кихот» балетінде Р. С. Бапов (1979 жылдан СССР халық артисі), Р. X. Байсейітова, Аданның «Жизелінде» Р. Оңғарова мен З. Қастеева еркін билеп, өрнекті өнерімен ерекше көзге түсті. Чайковскийдің «Аққу көлі» мен «Ұйқыдағы ару», Минкустың «Баядерка» балеттері хореографиялық өнерге ден қойған жас бишілер үшін сын мектебі саналды. Бұл спектакльдер жылдан-жылға жаңа дебютанттардың есімін (мыс., Ф. Ұлтанбаева, К. Асырбекова, Валиев, К. Мәжікеев, М. Мұнтин, Л. Мәжікеева, Л. Ли, Аумақиев, Т. Малбекова т. б.) әкелді.
Қазіргі қазақ балетінің дамуына елеулі үлес қосқан қазақ совет балетмейстері Райбаев (1932 ж. т.) творчестволық жолын бір актілі Шопеннің «Шопениана», Чайковскийдің «Франческа да Римини», М. Ж. Равельдің «Болеро» балеттерін қоюдан бастады. Оның осы «бір актілі балеттері» театр өнерінде жаңа кезең, жаңа бағытқа меңзеу болды. Хореографиялық өнеріндегі жаңа бағытты қалыптастыру мақсатымен Қазақтың опера және балет театры Үлкен театрдың репертуарындағы Меликовтың «Махаббат туралы аңызын» (балетмейстері Әбіров, орындаушылар: В. Васильев - Фархад, В. Кузнецова - Мехмене Бану, Көшербаева - Шырын, Асылмұратов - Уәзір, Таганов - Бейтаныс адам) қойды. Балетке қатысушылар творчестволық деңгейінің көтеріліп, орындаушылық шеберлігінің шыңдалғанын байқатты. Театрдың жаңа бағыттағы іздену жолын одан әрі жалғастырған - балетмейстер Қуатов-Аюханов (1938 ж.т.) 1965 жылы 18 би нөмірлерінен құрылған «Классикалық балет кешін» өткізді. Ол осы туындысында өзінің мәдениеті жоғары, уақыт тынысын айқын сезінетін әрі музыкалық материалды ерекше көркемдікпен өңдей алатын шебер балетмейстер екендігін танытты. Тәжірибелі балетмейстерлер Әбіров, Райбаев, Қуатов-Аюханов пен Усиннің творчестволық ізденістері 60-70 жылдардағы ұлттық балеттегі жаңа бағыттың бастамасы еді. 1966 жылы Жұбанованың «Аққанат», «Хиросима» балеттері қойылды. Бұл балеттерді қоюда балетмейстерлер Әбіров, Райбаев, сонымен бірге орындаушы артистер Байсейітова, Ұлтанбаева, Көшербаева, Жалилов, Асылмұратов, Малбеков өздерінің бишілік шеберліктерін көрсетті. «Аққұс туралы аңыз» деген атпен көрсетілген бұл туындылар қазіргі қазақ хореографиялық өнерінің елеулі табысы болды. Осы балеттің музыкасы үшін Жұбановаға Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы (1970) берілді. 1968 жылы ұйғыр халық аңызы негізінде жазылған Қ.Қожамияровтың «Чин-Томур» балеті (балетмейстері Райбаев) қойылды. Бұл шығарма - халық поэзиясындағы ақыл-ой, әділеттілік салтанатын бейнелейтін ұйғырдың тұңғыш аңыз-балеті. 1971 жылы балетмейстер Әбіров Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» балетін қойды. Мұнда сезім толқындары музыкалық хореография мен декорациялық көркемдеу тәсілдерімен шебер бейнеленген. Балетмейстер басты кейіпкерлердің лирикалық көріністерімен қатар феодалдық заманның кертартпа кейпін суреттейтін этнографиялық сипаттағы көпшілік көріністерін де сәтті берген.
70 жылдары қазақ балет өнеріне өз қолтаңбасымен келген Ленинград консерваториясының балет бөлімінің және Москваның Мемлекетттік театр өнері институтының түлектері М. Қ. Тілеубаев пен Ж. Қ. Байдаралин А. Е. Серкебаевтың «Ақсақ құланы» (1975) мен М. Сағатовтың «Әлия» (1978) балеттерін қойды. Бұл балеттер 1978 жылы Үлкен театрда өткен Қазақтың опера және балет театрының гастролінде спектакльдерге балет артистері М.М. көрсетіліп, музыкалық мамандардан жоғары алды. Ал 1978 жылы Үлкен театр - коллективі Алматыда болып өнер көрсетті. Алматы жұртшылығы А. И. Хачатурянның «Спартак», А. Я. Эшпайдың «Ангара», Р. К. Щедриннің «Анна Каренина», Минкустың «Дон Кихот» балеттерін тамашалады. Бұл спектакльдерге балет артистері М.М.Плисецкая, Н.И.Бессмертнова, М. Э. Лиепа, Н. В. Павлова, В. В. Васильев т. б. қатысты.
Ұлттық мазмұндағы спектакльдерге ерекше көңіл бөлумен қатар театр коллективі өзінің репертуарын орыс совет хореографиялық өнерінің үздік үлгілерімен толықтырып отырды. 70 жылдары қазақ сахнасында Хачатурянның «Спартак», Ф. И. Стравинскийдің «Отты құс», Чайковскийдің «Шаттауық», Д. Д. Шостаковичтің «Бойжеткен мен тентек» балеттері қойылды. Соңғы жылдары қазақ балет артистері Бапов, Байсейітова, Көшербаева, Жалилов, Қуатов-Аюханов, Малбеков, Райбаев, Ұлтанбаева, Мәжікеева т. б. шетелдерде (Польша, Венгрия, Монғолия, ГДР, ГФР, Дания, Швөция, Канада, Франция, Жапония, Италия, Үндістан) болып өнер көрсетті, сондай-ақ олардың мәдениетімен танысып, өздерінің шеберліктерін шыңдай түсті.
1934 жылы Алматыдағы музыкалық мектеп жанынан ашылған балет бөлімі 1938 жылы Алматы хореографиялық училищесі болып қайта құрылды. 1968 жылы классикалық және халық билерінің хореографиялық ансамблі «Жас балет» (қазіргі Қазақтың классикалық балеті, көркемдік жағын басқарушы Қуатов-Аюханов) ұйымдастырылды.
Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.36-70.
Жарияланған-2023-01-19 16:06:51 Қаралды-1303
СҰЛЫ – АЯҚ ТЕРЛЕУДІ БАСЫНДЫРАДЫ
Халық медицинасында сұлының сабағынан тер шығаратын, несеп айдайтын, дене қызуын төмендететін, жел шығаратын дәрілер жасап пайдаланады.
БҰЖЫ - ТІЛ ҮЙІРЕР ДӘМДІ АС
Жаңа сойылған малдың іш майы, өкпе–бауыр, ішек–қарны, етті мүшелегенде түскен кесінді еттер ұсақтап туралады (қазіргі кезде ет тарқыштан өткізіледі).
АДАМ АҒЗАЛАРЫ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР
Адам ағзасының ең үлкен мүшесі - ұзындығы 5-6 метр болатын аш ішек.
АЛТАЙ
Алтай тауы Қазақстанның шығысында және Ресей, Қытай, Моңғолия аймақтарында орналасқан. Ертіс өзенінен бастап, Аян тауларына дейін созылып жатыр. Ең биік жері - Мұзтау (Белуха) шыңы. Алтай - Қазақстанның ну орманды жері. Мұнда самырсын, балқарағай, майқара
ҚАРА ТЕҢІЗДІҢ СУЫ ШЫНЫНДА ДА, ҚАРА МА?
Кез келген ертегі немесе ән атаулыда теңіз кездессе, міндетті түрде - «көк теңіз» болып келетіні өзіңе мәлім болар.
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану