UF

АРХИТЕКТУРА (лат. architectura - құрылысшы), сәулет өнері- қогамның материалдық, идеялық-эстетикалық қажетін өтейтін гимараттарды, басқа да мекен-жайларды жобалау, салу өнері. Материалдық игілікті жасаудың басты саласы бола отырып, архитектура қоғамның экономикасымен, өндіріс дамуының дәрежесімен және өндірістік қарым-қатынас сипатымен, ғылым және техника жетістіктерімен тығыз байланыста болады. Архитектуралық шығармалар тек практикалық мақсаттар үшін емес, адамды қоршаған ортаның эстетикасын қалыптастырып, қоғамның белгілі бір идеялың мақсат-мұратын, эстетикалық мұқтажын бейнелі түрде баяндайды.

Архитектура адам қоғамы дамуының ерте кезеңінде пайда болған. Ертедегі адамдар өз тіршілігін сақтауда табиғаттың дүлей күштерімен үздіксіз күресе жүріп, алғашқы мекендерін тек жыртқыш аңдардан қоргану үшін жасаған. Баспана ретінде салынған үңгірлер, күркелер, шұңқырлар, орамдар, басқа да дөрекі орындардың тек практикалық жағы басым болған. Бірақ тағылық дәуірінің жоғары сатысында Архитктуралық белгілер пайда болады. Бұдан кейін ғимараттарды салуда қажеттік заңы ғана емес, көркемдік заңы да әсер ете бастады. Қоғамның талап-талғамы, оның қажетінің күн санап өсуі - архитектуралық творчествоның әр түрлі салалары мен түрлерінін дамып, жетілуіне әсер етті. Солардың ішінде айрықша маңыздылары: тұрғын үйлер мен өнеркәсіп орындары, әр түрлі қоғамдық мекемелер (архитектура тарихында діни үйлер мен құрылыстар да елеулі орын алады). Осындай алуан түрлі архитектуралық ғимараттардан және олардың типтерінен елді қоныстар, қалалар мен селолардың, поселкелердің т. б. комплекстері құралады.

Жеке үйлер мен құрылыстарды, елді мекендерді салу алдында жобалау, қажетті чертеждер мен болжамдарды дайындау кезеңдері болады. Жобалау кезінде архитектор мен инженер архитектураның заңдылықтарына сүйене отырып, құрылыс материалдарын қалай пайдалану керектігін, салынатын ғимараттың арналуына және маңызына сәйкес оның техника-экономикалық жағдайын, климат өзгешелігін т. б. алдын ала конструкциялық жүйеге сәйкестендіреді. Функционалдық, конструкциялық техника және экономикалық мақсаттардың шешіліміне сай архитектор архитектура композицияның негізгі құралдары, құрылыстың көлемдік-кеңістік структурасы, тектоникасы, масштабы, үйлесімдік, ритмикалық арақатыстары, құрылыс материалдарының фактуралары мен түр-түсі сияқты көркемдік мақсаттарды да шешуге тиіс.

Архитектураның тарихи дамуы, оның әр елде әр дәуірде әр басқа болуы қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылысының өзгеруіне, тұрмыс-салт ерекшеліктеріне, құрылыс техникасының өркендеуі мен ұйымдастыру тәсіліне, табиғат жағдайларына, рухани жағы мен мәдениетінің, эстетик талғамының өсуіне байланысты. Архитектураның шығуы дөрекі тұрғын үйлер мен мінажат орындары пайда болған алғашқы қауымдық құрылыстың кезеңіне саяды. Сол кездің өзінде-ақ жобалаудың алғашқы әдістері (мекен-жайлар, құрылыстар), конструкциялық жүйе (тіреу, қорған, каркас) туа бастады. Архитектураға әуелі табиғи құрылыс материалдары - тас, ағаш пайдаланылып, одан кейін пахса және қам кірпіш, күйген кірпіш араласты. Адамдардың құрылыс тәжірибесі жинақталып, архитектуралық өрнектің қажеттілігі ұғынылды.

Бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінде халықтар мекен-жайдың қара дүрсін түрі - лашық, жер кепеден қол үзіп, ірілі-уақты қауымдық баспаналарға, бағаналы құрылысқа көшті, бертін келе жеке семьяға лайықты бөлек үйлер салынды. Таптық антагонистік қоғамның шығуымен, мол материалдық ресурстардың билеуші топтың қолына жиналуымен байланысты солардың игілігіне арналып, зәулім ғпмараттар салынса, қаналушы халықтың еншісіне лашықтар тиді. Бұл алшақтық мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келеді. Билеуші таптың қажетін өтейтін зәулім де монументті үйлер сол кездің прогрессивті үлгісімен бағалы, берік материалдардан салынды. Сәулетшінің творчестволық ақыл-ойынан, халық өнерпаздығынан туған бұл сарайлар мен тұрғын үйлер, ғибадатханалар, монастырьлар, замоктар мен каналдар, көпірлер т. б. қоғам ерекшелігін және қоғамдық сана-сезімнің өз дәуіріне тән дәрежесін танытады. Қоғамның әлеуметтік жағдайының өзгеруіне сәйкес және әр елдің әр кезеңдегі архитектуралық стильдері бұл құрылыстарда айқын із қалдырып отырды. Ерте кезеңдегі Қосөзен елдерінде ғимараттардың негізгі түрлері - мінажат үшін салынған сатылы зиккураттар, ғибадатханалар, сарайлар, тұрғын үйлер, каналдар болды. Шумери мәдениетінен қалған монументті сәулет өнерінің үлгісі - Эль-Обейдадағы ғибадатхана (б. з. б. 3100 ж. ш.). Оның құрылысына бағана-тіреулер тұңғыш рет енгізілді.

Кіші және Алдыңғы Азияның ежелгі мемлекеттерінде (Хетто, б. з. б. 2000-жыл) монументті ғимарат-ғибадатханалар, сарайлар, каналдар пайда болды. Ассирияның екінші гүлдену кезінде (б. з. б. 9-7 ғ.) ірі қалалар (Калах, Дур-Шаррукин), салтанатты сарайлар (Дур-Шаррукиндегі Саргон сарайы) тұрғызылды.

Ежелгі Мысырда (Египет, б. з. б. 4000-жыл) негізгі құрылыс материалы - қам кірпіш, саз, ағаш пен қамыс болды. Сол кездегі саздан тұрғызылған тұрғын үйлердің жобасы кейінгі кезеңдегі архитектурада да кеңінен қолданылды. Ежелгі патшалық дәуірінде (б. з. б. 3000-жыл) салынған «Мастабаның» үш мазарының қабырғалары ерте кезеңнің тұрғын үйлері сияқты ішке қарай сәл еңкіш қаланған. Джосер перғауынға арналған Саккарадағы ескерткіштер комплексі - ежелгі патшалық кезіндегі тұңғыш ірі архитектуралық ансамбль үлгісі болып табылады. Өз заманының кемеңгер сәулетшісі Имхотеп салған бұл тамаша архитектуралық шығармада өткен кезеңдегі құрылыс жетістіктері шебер пайдаланылып, Мысыр классикалық архитектурасының одан әрі дамуына жол ашты. Гизедегі әлемге әйгілі Хеопс, Хефрен, Микерин сияқты пирамидалар «перғауын-құдай мекені - мәңгілік» деген идеяны танытады. Бұлардың ішіндегі ең алыбы - Хеопс пирамидасы. Оның биіктігі 147 м «Әлемнің жеті кереметінің» бірі боп саналатын Гизедегі пирамидалар ансамблі - ежелгі патшалық дәуірдегі архитектураның тамаша жетістігі.

Шығыс және Оңтүстік Азия халықтарының архитектурасы өзіндік өрнегімен, мәнділігімен көзге түседі. Б. з. б. мыңыншы жылдары Үндістанда Будда жөне Брахман мінажат үйлерінің архитектуралық типтері - ступалар, үңгір-ғибадатханалар және жер үсті ғибадатханалары салынды. Зәулім сарай комплекстері пайда болды. Үнді архитектурасы композициясының байлығымен, формасының әсемдігімен және мүсіндік декорациясының айрықша маңыздылығымен ерекшеленеді (1000-ж. ш. Каджурахо ғибадатханасы, Танджорадағы ғибадатхана, 14 ғ., т. б.). Индонезияда үнді архитектурасына ұқсас тамаша архитектуралық ескерткіштер салынды. Олардың ішіндегі ең көрнектісі - Ява аралындағы Боробудур атты алып ступа (б. з. 825 ж.).

Таяу Шығыстың құл иеленуші мемлекеттерінде айналасын орман қоршаған алып қорғандар, сөулетті сарайлар, ғибадатханалар салына бастады. Осы дәуірдің өзінде-ақ архитектуралық құрылыс пен өрнектеу әдістері жетіліп, өзге елдердің сәулет өнеріне әсерін тигізе бастады. Ежелгі Шығыс архитектурасы пішінінің дәлдігімен, көлемінің үлкендігімен, мүсіндерді және қабырға өрнектерін мол қолданумен дараланады. Ежелгі парсының ахеменид дәуірінде (б. з. б. 6-4 ғ.) ахеменидтердің астаналары - Пасаргадта, Персепольде патша резиденцияларын, жартасты және мұнаралы мазарлар (2-3 қабат), тұрғын үйлер, әскери жолдар мен басқа да сәулетті сарай комплекстерін салу кең өріс алады. Жартастан ойып салған террасқа орнатылған переспол құрылысының үлкен ансамблі (450 X 300 м) пропилеилерден, кіретін және шығатын екі жақты баспалдақтардан, патшаның аудиенция - ападандарынан, мәжіліс залынан, екі салтанатты сарай және қазына сарайдан тұрады. Сарай комплекстерінің салтанатты бөлігі «ападанның» пайда болуы - Ирандағы ахеменидтік архитектураның зор жетістігі. Символдық хайуанаттардың (қанатты өгіздер, арқарлар), патшаға алым-салық төлеушілердің, чиновниктер мен империя сарбаздарының бейнесін тасқа ойып салу да ежелгі парсы архитектурасының елеулі табысы болды.

Қытай архитектурасының тарихы әлденеше дәуірге бөлінеді. Ең ерте дәуірі - Шан-Инь дәуірі (б. з. б. 16-10 ғ.). Хуанхэ өзені бойында тұңғыш Қытай мемлекеті құрылып, қалалар пайда болады, құрылыста ағаш мол пайдаланылады. Чжау дәуірінде (б. з. б. 1027-256 ж.) қала салу өнері белгілі бір жүйеге түсіріліп, «Чжау ли» атты ғылми еңбекте жазылған сол дәуірдің принциптері келешектегі қала салу ісінде айрықша роль атқарды. «Жауласқан патшалықтар» дәуірінде (б. з. б. 5-3 ғ.) өзара соғыстың күшеюімен байланысты қорғаныс-қабырғалар, бекіністер және көп қабатты қарауыл мұнаралар салынды. Бұл дәуірдің соңында негізгі құрылыс материалы - ағаш, күйген кірпіш, черепица болды.

Ежелгі грек архитектурасының тарихы 4 дәуірге бөлінеді. 1) Гомер дәуіріндегі (б. з. б. 11-8 ғ.) балшықтан, қам кірпіштен, ағаштан салынған тұрғын үйлер, ғибадатханалар, ғимараттар. Спартадағы ғибадатхана ағаш қаңқалы, қам кірпіш қабырғалы болған. Алкиной сарайының «Одиссеяда» сипатталуына қараганда, архитектураның әлі қолөнері шеңберінен шықпағанын аңғарамыз. 2) Архаикалық дәуірде (б. з. б. 7-6 ғ.) құрылыс тастан салынып, қоғамның жаңа мүдделеріне сай ғимараттардың алуан түрлері туып дамыды. Сол типтердің ішінде ең көп тарағаны - бұрынғы мигарон тектес ғибадатханалар. Термондегі Аполлон гибадатханасы сол кездегі архитектуралық творчествоның іздену жолын көрсетеді. Оның көлемі үлкен, ағаш қаңқалыконструкциясы керамикалык, плиталармен қапталған. Бұл дәуірдіц ең зор жетістігі - Архитектуралық ордерлер жүйесінің жасалып, принциптерінің жүзеге асуы. 3) Классикалық дәуірде (б. з. б. 5-4 ғ.) грек-парсы соғысы гректердің жеңісімен біткеннен кейін (б. з. б. 500-449 ж.) Афиныда қалыптасқан қүл иеленушілердің демократиясы классикалық дәуір мәдениетінің әлеуметтік негізі болды. Өндірістің алға басуы, қалалардың өсуі кәсіпорындарды, сауда, қорғаныс құрылыстарын ұлғайтып салуға мүмкіндік берді. Архаикалық дәуірде пайда болған архитектуралық типтер өзгеріп, көркемдік қасиеттері едәуір өсті. Архитектуралық ордерлер жүйесінде жаңа сөндік белгілер енгізіліп, Перикл патша заманында салынған Афиныдағы Акрополь ансамблі әлемдегі ең жоғары дәрежелі архитектуралық шығармалардың бірі болды. Акропольдің бас ғимараты Парфенонның архитектуралық шешімінде және бадыз өңдеуінде (Каликрат, архит. Иктин, мүсінші Фидий) гректердің сол кездегі эстетикалық талғамы айқын мәнерленген. 4) Эллинизм дәуірінде (б. з. б. 4-1 ғ.) алып құрылыстар шығыс елдеріне - Мысырға, Кіші Азияға, Сирияға, Иракқа т. б. елдерге көшті. Александр Македонский және оның орнын басушылар жаулап алған Шығыс өлкелерде көптеген жаңа қалалар салды (Мысырда - Александрия, Түркияда - Антиохия, Иракта - Селевкия т. б.). Грек архитектурасына Шығыс халықтары архитектурасының араласуы нәтижесінде эллинистік архитектура туды. Классикалық дәуірдегі көшелердің тура бұрышты «Гипподамова жүйесі» бұл кезеңдегі жобалауда да кең пайдаланылды. Айналасы қоғамдық ғимараттармен қоршалып, ортасы монументтер, ескерткіштермен безеңдірілген қалалардың бас алаңдары салтанатты түрде салынды. Эллинизм дәуірінің қала ансамбльдерін жасаудағы творчестволық табыстары кейіннен римдіктерге үлгі болды. Реализм рухына бай, шеберліктің ғажайып көркем үлгілерін тудырған ежелгі Грецияның архитектуралық мұрасы дүние жүзілік сәулет өнерінің бұдан кейінгі дамуына да терең прогрессивтік әсерін тигізді.

Ежелгі Рим архитектурасы Этрускилер құрылыс мәдениетінен, гректердің архитектуралық дәстүрлерінен үйрене отырып, ордерлік жүйеге және қала жобалау өнеріне көптеген жаңалықтар енгізді. Рим бетонының пайда болуы, арканы және күмбезді конструкцияларды жасау әдістерін жете меңгеру рим архитекторларына бұрын-соңды ешкім білмеген тамаша алып ғимараттар салуда инженерлік, композициялық зор мүмкіндіктер ашты (50 мың орындық Колизей театры, б. з. 1 ғ., Римдегі Пантеон, б. з. 2 ғ. Максензия базиликасы, б. з. 4 ғ.).

10 ғасырдың соңын ала Батыс және Орталық Европа елдерінде астында шеберханасы мен дүкені бар тастан қаланған 2-3 қабатты түрғын үй салу үлгісі кең тарап, архитоктурада роман стилі қалыптасты. Аркадамен қоршалған жабық аулалы монастырь комплекстері, базилика типіндегі храмдар тұрғызыла бастады. 12 ғасырдың 2-жартысында Францияда готика стилі туды. Мұның өзі өндіргіш күштердің өсуіне, қалалардың ұлғаюына байланысты қоғамдық ғимараттардың жаңа типтерінің (ратуша, қолөнер цехтары мен гильдия үйлері) пайда болғандығы еді.

Архитектура дамуының ең маңызды кезеңі - 15 ғасырда Батыс және Орталық Европа елдерінде буржуазиялық қарым-қатынастың қалыптасуына байланысты туған Қайта өркендеу кезеңі. Осы кезден бастап Европа елдерінде қоғамдық ғимараттар, сарайлар, қалада және қала сыртындағы аймақтарда салтанатты архитектуралық ансамбльдер салу ерекше жанданды. Бұл құрылыстарда негізінен Барокко, Рококо, Классицизм стилі орын алды. Бұл стильдер қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық және идеологиялық өзгерістерді айқын таныта отырып, өр елде әр басқа ұлттық өрнекке ие болды. Қарапайым цех шеберінің орнын нақтылы ғылымға сүйенген білімді архитектор басты. Орта ғасырлық мәдениетке қарама-қарсы енді дүниелік ғимараттар бой түзеді.

Құрылыс техникасының табыстары (19 ғасырдың 2-жартысы, 20 ғасырдың басы) металдың, әйнектің, темір-бетонның, жаңа конструкңиялық жүйелердің кеңінен пайдаланылуы архитектураның техникалық және көркемдік жағынан өркендеуіне мүмкіндік жасап, жаңа техникалық жүйенің шығуына ықпал етті [Париждегі Эйфель мұнарасы, Гамбург вокзалы, АҚШ-тағы көп қабатты үйлер (небоскреб) т. б.].

Отанымыздың байтақ жерінде ежелден қоныс тепкен көптеген халықтар мыңдаған жылдар бойы архитектуралық шығармалардың небір ғажайып үлгілерін тудырып, ерте заманның өзінде-ақ мәдени дамудың жоғары сатысына көтерілген. Сәулеткерлік өнері көне заманнан басталатын Кавказ халықтары өзгеше өрнекті архитектуралық ескерткіштер жасады. Закавказьемен Орта Азия архитектурасы феодализм дәуірінде-ақ көп жағдайда Батыс Европа елдерінен асып түсті. Тарихи даму кезеңдерінде тамаша архитектуралық ескерткіш-мұралары арқылы өзінің творчестволық қуат-күшін әлемге танытқан орыс архитектурасының дүние жүзілік мәні ерекше. Сәулет өнерінде тамаша көркемдік шешімін тапқан Украина, Белоруссия, Латвия, Литва, Молдавия, Карел архитектурасының тарихы да ерекше бай. Арменияда архитектуралық ескерткіштердің жетілген түрлері 1 ғасырда (б. з.) жасалса, Грузияның үңгір-қалалары мен акрополы, оның құрылыс мәдениеті б. з. б. 1-мыңыншы жылдың өзінде жоғары сатыда болғанын дәлелдейді.

6-7 ғасырлардағы ескерткіш-мұраларының өзгеше характерімен дараланатын Азербайжан архитектурасы феодализм дәуірінде бекініс-қамал, салтанат-сарай, өзгеше мавзолей-мұнаралардың үлгілерін тулырды. 12 ғасырда Нахичеваньда монументтікті ою-өрнекпен ас-тастыратын мавзолейлер (Момине хатун, Юсуф Кусеир ұлының) салынса, 15 ғасырда Шируаншахтар сарайының ансамблі ірге көтерді. 16 ғасырда Ганджа қаласы жаңадан жөнделіп, керуен-сарайлар, мавзолейлер салынады.

Орта Азияны мекендеген халықтардың тарихи тағдырлары ұқсас, әлеуметтік және табиғи жағдайлары бір-біріне жақын болғандықтан олардың архитектурасында да ортақ бірлік бар. Қай жерде болса да құрылыс техникасы, конструкция, архитектуралық формалар негізгі құрылыс материалдары - балшық, пакса (илеген балшық), қам кірпіш, күйген кірпішті пайдалану арқылы жүзеге асты. Бірақ ежелгі кезден бастап-ақ әр өлкеде әр халықтың тарихи дамуына сәйкес оның архитектурасында жергілікті өзгешеліктер орын алды. Ежелгі мәдениет ошағының бірі болған Хорезм жерінде (б. з. б. 1 ғ.) рулық қауымның қалдығы - бекіністер мен қауымдық үлкен тұрғын үйлер село-қонысында немесе қала құрылысында сақталып келеді. Мыс., қалалық қоныс - Жанбас қаласы (б. з. б. 4 ғ. - б. з. 1 ғ.). Бұл қаланың (200x170 м) орталық жалғыз көшесі сыртқы қақпадан басталып, қала алаңы, ортадағы дін ғимаратына жеткен. Қала ішіндегі әрқайсысына 150-200 бөлмелі мыңға жуық адам сыятын екі үлкен қауымдық үйлер қорғаныс қабырғалармен қоршалған. Арабтардың жаулап алуы кезінде (8 ғ.) қорған-қамал архитектурасымен бірге діни ғимараттар архитектурасы да Орта Азияда үлкен орын алады. Бұл кездегі негізгі құрылыс типтері: мешіт, медресе, мавзолейлер, күмбезді ғимараттар. Әріректе туып, 11 ғасырларда қалыптасқан Орта Азияның феодалдық қалалары қоғамның таптың сипатын бейнелейді. Мұндай қалалар - Үкімет үйлері мен салтанатты сарайларды қамтитын цитадельдерден (қамалдар), қолөнершілер мен диқандар тұрған қала маңындағы елді мекендерден (рабадтар) құралып, кварталдар тұрғындардың көсібіне қарай белгіленді, олардың хауыздары, әр кварталдың өз мешіттері болды. Бұхарадағы Саманидтер мавзолейі (10 ғ.), Мервтегі Санджар сұлтан мавзолейі (12 ғ.), сондай-ақ Өзкенттегі (11-12 ғ.), Көне Үргеніштегі (12-14 ғ.) мавзолейлер өз заманындағы архитектуралық туындылардың ғажайып үлгілері болып табылады. 14 ғасырдың аяғында сол уақыттағы аса ірі архитектуралық құрылыс Самарқандағы Бибі ханым мешіті, Гөр-Әмір мавзолейі мен Шаһ-и-Зинда мавзолейлерінің комплексі ірге көтере бастайды. Бұдан кейін Регистан ансамблі (15-17 ғасырларда) салынады. Алуан түстегі ою-өрнекті майолика, терракота плиталарымен қаптау бұл құрылыстарда кең өріс алады.

Қазақстан жеріндегі ең байырғы құрылыс ескерткіштер сақтар мәдениетімен байланысты. Солардың бірі - Сырдарияның төменгі ағысында, Қызылорда облысынан табылған «Шірік Рабат» атты қоныс (б. з. б. 5 ғ.).

С.П. Толстовтың зерттеуінше, бұл - егін егіп, мал баққан сақтардың тұрақты бекініс жайы. Оның ішінде көп бөлмелі тұрғын үйлер, кірпіштен қаланған екі қабатты, зәулім бекініс бар (30X30X9 см). Жетісу өлкесін мекендеген сақтардан қалған көптеген оба-қорғандардан Бесшатыр атты алып оба-молаларды (б. з. б. 6-5 ғ.) атауға болады. Олар патшаларға, әулетті ру басшыларына арнап салынған. Ескерткіштердің конструкциясы мынадай: жуан, жүмыр бөренелерден қиюластырылған қабір үстіне конус формалы тас-топырақ үйіліп, сырты ірі таспен өріледі. Ал Тараз, Құлан, Сайрам (Исфиджаб), Отырар, Сығанақ, Құмкент сияқты ірі қалалар біздің заманымыздың 6-7 ғасырларында белгілі болса, бұлар феодалдық қарым-қатынас пен сауда-саттықтың күшейген кезінде (10-12 ғасырларда) дамудың жоғарғы сатысына көтеріледі. Осы кездің өзінде-ақ қазақтың ұлттық архитектуралық-құрылыс әдістері мен монументті ескерткіштердің формалары (ғимаратты күмбездеп жабу, қабырғаға кіріктірген жартылай бағаналарды қолдану т. б.) қалыптаса бастайды. Ғимараттарды көркемдеуде оюланған терраксталық плиталар, мықты құрылыс материалы ретінде 9 ғасырдан бастап кеңінен пайдаланылады. Ал ішкі қабырғалар жаисырмалы әшекейлермен және фрескалармен көркемделеді. Қабырғаны әшекейлеу, оюлау тіпті шикі кірпіштен салынған үйлерде де қолданылады. Қазақтың 11-12 ғасырлардағы архитектуралық ескерткіш-мұраларынан біздің заманымызға жеткені - Жамбыл қаласының маңындағы Бабаша хатун (10-11 ғ.), Айша бибі (11-12 ғ.) мавзолейлері. Орталық Қазақстандағы Алаша хан, Жошы хан, Аяқ-қамыр мавзолейлері 13-14 ғ. ескерткіштері болса, 14 ғасырда Түркістандағы атақты Ахмед Яссауи комплексі ірге көтерді. 15-17 ғасырларда Кесене (Челябинск обл.), Қармақшы ата, Көк Кесене (Қызылорда обл.) т. б. мавзолейлер салынады. Осы ескерткіштердің бәрі де архитектуралық формасының бірлігімен, көркемдік композициясының ерекшелігімен көзге түседі.

Дүние жүзілік архитектуралық мұралардан орыс архитектурасы ерекше орын алады. Батыстың орта ғасырлық ескерткіштеріне тән түнеріңкілік орыс архитектураына жат, керісінше ежелгі орыс архитектурасы мәжусилік мәдениеттің (Языческая культура) көп қырларын сақтай отырып, жарқын да өміршеңдігімен көрінеді. 10-12 ғасырдағы орыс ескерткіштері Россияда сол кездің өзінде-ақ көркемдік шеберліктің жетілгенін дәлелдейді. Орыс, украин, белорус халықтарының алтын бесігі болған Киев Русінің әсем қалалары ерте заманнан-ақ әлемге әйгілі. Қалалар санының өсуі, олардың кең масштабы, өнер мен қолөнердің дамуы архитектурада ұлттық дәстүрдің қалыптасуына негіз болды. Көне Киевте 11 ғасырда архитектураның не бір тамаша үлгілері жасалады, 13 күмбезді София соборының асқақ силуэті орыс мемлекетінің күш-қуатын паш еткендей. Осындай асқақтық, сәулеттілік  - 11-12 ғасырлардағы Новгород ғибадатханаларына да тән қасиет (11 ғасырдағы София соборы, 12 ғасырдың аяғында салынған Спасск Нередицаның шіркеуі т. б.). Осы ғибадатханалардың айбынды сырт көрінісі интерьерлерінің фрескалық әшекей өрнектерінің әсемдігімен үндесіп жатады. Феодалдық заманның бытыраңқылығы кезінде         (12-15 ғ.) Псков, Владимир, Суздаль, Полоцк т. б. орталықтарда архитектуралық өзгеше стиль қалыптасады. 13 ғасырдағы монғол шапқыншылығы мен татар езгісі кезінде тоқыраған орыс архитектурасы 15 ғасырда қайта дәуірлейді. Бұл кезде архитектуралық құрылыстың орталығы Москва болды. 14-16 ғасырларда жаңа Кремль салынды. Ақсүйектердің сарай резиденциялары мен Успенск соборы бастаған монументтік ғибадатханаларды қамтитын бұл қамал-құрылыстар (қамал-қабырғалар, мұнаралар) Москва мемлекетінің ұлттық тәуелсіздігі мен саяси күш-қуатын білдіретін алып архитектуралық ансамбльдердің бірі болды. 1532 жылы Москва түбіндегі Коломенск селосында орыс архитектураның тамаша ескерткіштерінің бірі Вознесения ғибадатханасы салынса, 1550-1560 жылдары Иван ІV-нің Қазанды алу құрметіне Москваның Қызыл алаңында орыс архитектураның тамаша туындысы - Василий Блаженный ғибадатханасы дүниеге келді. 17 ғасырдың аяғында қызыл кірпіш пен ақ тасты детальдарды үшдестіре отырып, оймыш-өрнекті жақтаулар, әшекейлі порталдар мен колонналар, «айдаршалар» сияқты қиын ою-өрнекпен әсемделген көп ярусты шіркеулер салу Москвада кеңінен өріс алады. 17 ғасырда Ярославльде сәулет өнерінің небір таңдаулы үлгілері салынды. Мұның өзі Москва мемлекетінің солтүстігі мен оңтүстігіне, шығысына тарап, жаңа архитектуралық мектепті қалыптастырды. 17 ғасырдың аяғында Россия тарихы мен оның мәдениетінде жаңа кезең басталады. Петр І-нің өзгерістері, Москва мемлекетінің қуатты орыс империясына айналуы, азаматтық құрылыстың дамуына күшті әсер етті. Осы кезде өкімет және қоғамдық ғимараттар, өндіріс орындары мен порттар, салтанатты сарайлар мен резиденциялар, бақтар салу дамиды. Орыс архитектураның бұдан былай дамуында Петербург іргесінің қалануы (1703) ерекше роль атқарды. Қаланың орталық бөлігіндегі архитектуралық үйлесімнің әсемдігімен Петербург 18 ғасырдың орта кезінде-ақ Европа қалаларының бәрінен асып түсті. Петр I - заманындағы архитектуралық сұстылық формалар 18 ғасырдың 30-50 жылдарында 17 ғасырдағы орыс архитектураның сәнділік дәстүрін қайтадан жаңғыртқан орыс барокко стилімен алмасты. 18 ғасырдағы орыс архитектурасында Батыс Европа бароккосындағы мистицизмнің рухы да сезілмейді, тіпті орыс архитекторлары тудырған діни құрылыстардың өзінде өмірлік, дүниелік сарын басым жатады. Қысқы Сарай, Смольный монастыры, Патша селосындағы құрылыстар осы кезеңдегі архитектура үздік шығармалар болды. 19 ғасырда салынған Адмиралтействоның архитектуралық композициясы, оның тамаша мүсіндік шығармалары Россия империясының теңіздегі қуат-күшін танытатын символға айналды. Ал Қазан соборы монументтік ғимарат ансамблінің характерін, орыс халқының 1812 жылы Отан соғысындағы тарихи жеңісінің оалтанатын бейнелейді. 19 ғасырдың 20-30 жылдарында Петербургтің архитектуралық аса ірі монументті ансамбльдері салынды (Сарай алаңы, Александрин театры, Сенат үйі т. б.). 19 ғасырда Москвада ірі архитектуралық құрылыстар өріс алады. Бұл кезде дворяндар мен көпестердің көптеген мекен-жайлары, дербес үйлері, қалалық усадьбалар, қоғамдық ғимараттар салынды (Үлкен театр, Университет, Саудалық қатарлар, Манеж т. б.).

Архитектуралық композициясының байлығы және алуан түрлілігі, қалалық ансамблінің өрістілігі, архитектуралық образдарының бейнелілігі жөнінен орыс архитектурасы 18 ғасырдың аяғы, 19 ғасырдың басында дүние жүзілік архитектурада жетекшілік орын алды.

Капиталистік елдерде құрылыс қарқынының артуы буржуазиялық архитектураның қарама-қайшылығын жоя алмайды. Өйткені буржуазиялық архитектура капиталистің немесе жеке фирмалардың мүддесі үшін ғана салынады.

Социалистік қоғамдағы архитектураның дамуы жалпы халықтық, мемлекеттік сипат алады. СССР және басқа социалистік лагерь елдері архитектурасының алдындағы міндеттері негізінен ірі мемлекеттік кооперациялық және халық шаруашылығын жоспарлау ұйымдары арқылы шешіледі. Социалистіәк халық шаруашылығының дамуы зәулім үйлер мен қатынас орталықтары құрылысының дамуына әсер етеді. Аса маңызды мемлекеттік және қоғамдық жұмыс ретінде еңбекші халықтың игілігі үшін барлық социалистік елдерде Тұрғын үй құрылысы кеңінен қолға алынған. Тұрғын үй құрылысы мен көпшілік мәдени-тұрмыстық орындар салу тығыз байланысты (балалар бақшасы, яслилер, мектел, асхана, дүкендер, физкультура алаңдары, тұрмыстық қызмет көрсететін орындар). Өнеркәсіптің өркендеуіне байланысты қалалардың өсуі, қала халқының көбеюі, жаңа өнеркәсіп орталықтарының пайда болуы ескі қалаларды қайта көркейтіп, жаңа қалалар тұрғызуды керек етті. (Мыс., Магнитогорск, Амурдағы Комсомольск, Жаңа Каховка, Иркутскідегі Ангарск, Польшадағы - Жаңа Гута т. б.). СССР-де 20 жылдардың орта шенінде-ақ, алғашқы бес- жылдық кезінде (1932 жылға дейін) ірі өнеркәсіп орталықтары мен өндіріс орындары, су электр станциялары салына бастады (Ленин атындағы Днепр су электр станциясы, Магнитогорск және Кузнецк металлургия комбинаттары, Сталинград, Челябинск, Харьков трактор зауыдтары т. б.). Творчестволық ізденіс нәтижесінде жаңа, социалистік архитектура туып, дами бастады.

Совет архитектурасы дамуының келесі сатысында (1954 жылға дейін) ескі қалалардьг қайта жаңарту жұмысы ерекше қолға алынып (Москва, Алматы, Ереван, Фрунзе т. б.), жаңа құрылыстар жанданды (Москва метрополитені, Москва атындағы канал, Бүкіл одақтық халық шаруашылығы жетістіктерінін көрмесі, көптеген мәдениет сарайлары, банкілер, Алматы мен Ташкенттегі Опера және балет театры, Киев, Ереван, Алматы, Тбилисидегі Үкімет үйлері т. б.). Зәулім құрылыстардың идеялық көркемдік мағынасын арттыруға ұмтылыс, классикалық архитектура мен ұлттың көркемдік дәстүр мұраларына сүйенудің пайдалы жақтары мол, ал кейде көзсіз көшіру архитектураға жат элементтердің бой көрсетуіне әкеп соқтырады. 1970 жылы октябрь айындағы архитекторлардың Бүкіл одақтық съезі отандық архитектураның онан әрі дамуына бағыт сілтеп, совет сәулетшілерінің алдындағы жаңа проблемаларды шешіп берді. Совет сәулетшілері мен өзге де халықтық демократиялық елдердің сәулетшілері ұлттық архитектураның дәстүрлерін толық меңгеріп, ежелгі архитектурадан үйрене отырып, жаңа, социалистік архитектура жасау міндеттерін жүзеге асырып келеді.

Архитектуралық акустика - жабық үйлердегі дыбыс процестерін зерттеу. Ең басты міндеттері: а) дыбыстың анық, күштірек естілуін қамтамасыз ету (театр, аудитория, концерттік залдар т. б. жерлерде), б) адамның дем алуына, қызмет істеуіне кедергі жасайтын, у-шу, жат дыбыстарды жою не бәсеңдету. Үй ішіндегі дыбыстың даладағыдан айырмашылығы қайталанып естілуінде. Дыбыс қабырға, сәкі, төбеге жеткен соң жаңғырығады. Бөлме ішінде дыбыс күшінің біркелкі тарауы - үйдің формасы мен акустикалық жабдықтардың дұрыс орналастырылуына байланысты. Дөңгелек, эллішс формалы бөлмелер төрт бұрышты бөлмелерге қарағанда, акустика жағынан көбінесе қолайсыз келеді. Себебі, дөңгелек бөлмелерде бір дыбысқа бір дыбыс кеш ұласып, шу пайда болып, дауыс, музыка анық естілмейді. Яғни жаңғырық та керек, бірақ оның мөлшері тыңдаушыға жету мерзімі дауыстың дұрыс естілуін қамтамасыз ететіндей болғаны жөн. Аудиториялар мен конференц-залдардың қабырғаларын қалаған кезде, дыбыстың аның естілуіне себі тиетін, жаңғырықты азайтатын материалдар пайдаланылады, концерт және театр залдарының ішін әшекейлегенде дауыстың таоиғи әрі күштірек естілуі көзделеді.

Архитектуралық көлем - әр алуан байырғы геометриялық түрден (пирамида, конус, цилиндр т. б.) күрделі көлемге дейін кездесетін өлшем. Архитектуралық көлемінің көркемдік қасиеттері силуэт арқылы да беріледі. Мыс., Алматыдағы бұрынғы кафедралық собор, Үкімет үйі, мәдениет сарайы кеңістікке еркін орналасып, тұтас, әр жақтан көзге түсетін архитектуралық көлем ретінде өзінше силуэт жасап тұр. Кейбір сәулетті сарайлар тек көлемі ғана емес, кіре беріс бас фасадымен де өсемдік қызметін атқарады. Архитектуралық көлем құрылысқа қайталанбас кескін, әсемдік, әр беріп түрлендіре түседі.

Архитектуралық ордерлер - архитектуралық комплекстердің жүйеге келтірілген шешімі. Архитектуралық ордерлер қабырға орнына бағаналар көтеріп тұратын шатырлы құрылыстардың негізінде- пайда болған. Архитектуралық ордерлердің элементтері өте ертеректе кездессе де б. з. б. 6-3 ғасырларда Грецияда қалыптасты. Ағаш үйлердің көптеген элементтері таспен алмасты. Ертедегі Грецияда үш негізгі ордер: дорика, ионика, коринф пайда болды. Ордерлердің аттары грек тайпалары не болмаса жер аттарына орай қойылған. Үш ордерге де ортақ бөліктер: бағана, антаблемент және баспалдақты тұғыр. Бағана антаблементті көтеріп тұрады. Ең төменде - архитрав (арқалық), орта - фриз (жиек), ең үстінде - карниз (шеті). Дорика ордері жұпыны, берік боп келеді. Бағанасының табаны мен тақасы жоқ, ән бойы каннелюрамен (жосық) ойылған. Капитель - мойын, эхин, абак бөлшектерінен тұрады. Дорика ордерінің үлгісінде салынған көрнекті ескерткіштердің бірі - гректердің атақты Парфенон ғибадатханасы. Ионика ордері өсемдік пен салтанатқа негізделген. Бағанасының жалпақ табаны бар, өн бойы каннелюралы. Архитравы 3 көлбеу арқалықтан тұрады. Фризі триглифсіз, метопасыз боп келеді. Капителі қошқар мүйізденіп, екі жаққа иіліп келген волютадан құралады. Ионика ордері дорикаға қарағанда сәнді. Коринф ордері - көркемдік жағынан өте бай. Капителі аканф өсімдігінің мәуелеген жапырақтары тәрізді. Бұл үлгіде Лисикрат ескерткіші, Жел мұнарасы (Афины) салынған. Рим архитекторы Витрувийдің архитектура туралы трактатында ордерлердің құрылу тәсілдері, жікке бөліну сипаттамасы берілген. Қайта өркендеу дәуірінің теоретиктері Виньола мен Палладио негізінен 4 ордерді үлгі етеді (тоскан, дорика, ионика және коринф ордерлері). Ордерлік жүйелер ғасырлар бойы архитектураның дамуына ықпал жасады. Тіпті соғыстан кейінгі совет архитектурасының өзінде де архитектуралық ордерлер кездеседі.

А - дорилік ордер, Ә - ионилік ордер, Б - Коринфтік ордер. Антаблементтің бөліктері:   1 - карниз, 2 - фриз, 3 - архитрав; бағананың бөліктері: 4 - капитель, 5 - бағананың ұзын тұрқы (фует), 6 - тұғыры.

Архитектураның шағын түрлері - сәндік мүсіндер, обелиск, құлпы тас, колонна, фонтан, бассейн, павильон, киоск, темір шарбақ, гүл вазасы, дүкен витринасы, көше шамдары, өр түрлі жарнамалар мен аялдама сияқты композициялар. Сәндік мүсіндер көлемі жағынан шағын, жеңіл түрде шешіледі. Ертегі, аңыз негізінде символдың бейнеде салынады. Мыс., Швед мүсіншісі К. Миллестің «Тағдырдың қолы», Ленинградтағы «Арыстанның жағын айырған Самсон» сияқты мүсіндер. Қалалардың сәнді, көркем болуына архитектураның шағын түрлері үлкен роль атқарады (Архитектура). Фонтандар мен бассейндер арқылы қаланы көріктендіру - ертеден келе жатқан дәстур. Алматыдағы Үкімет үйі, опера театры жанындағы фонтандар мен бассейндер - қалаға сән бере түсетін архитектураның шағын түрлері

Архитрав (лат. trabs - білік, мәтке) - үш бөлімді антаблементтің бағана басына тіреліп жатқан теменгі жағы, жоғарғы конструкциялардың барлық салмақ қысымын бағаналарға бөліп тұратын арңалық. Дорилік және тосканалық ордерлер үлгісінде салынған ғимараттарда архитрав жалпақ, тегіс мәтке болса, ионилік және коринфтік ордерлер бірнеше қабат шағын горизонтальдық оймышты болып келеді.

Әдеб.: Витрувий М. П. Десять книг об архитектуре. пер. [с итал., М., [1938]. Шуази О. История архитектуры. пер. с франц., т. 1-2, М., 1935-37; Аркин Д. Е. Образы архитектуры. М., 1941; его же, Архитектура современного Запада. М., 1932; Всеобщая история архитектуры. т. 1-2, М., 1944-49, т. 3-8. М., 1966-69; История русской архитектуры. 2 изд., М., 1956; История советской архитектуры. 1917-1958. М., 1962; Журавлев А. М., Хан-Магомедов С. О. Советская архитектура. М., 1968; Рагон М. О современной архитектуре. сокр. пер. с франц., М., 1963; Вельфлин Г. Ренеесанс и барокко. пер. с нем., СПБ, 1913; Михайловский И. Б. Теория классических архитектурных форм. 3 изд., М., 1944; Иконников А. В., Степанов Г. П. Эстетика содиалистического города. М., 1963; Массон М. Е. Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясеви. Таш., 1930; Воронина В. Л. Архитектура арабских стран и стран Ближнего и Среднего Востока. «Всеобщая история архитектуры». т. 1, М., 1958; Басенов Т. К., Маргулан А. X., Мендикулов М. М. Архитектура Казахстана. А.-А., 1959.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2021-08-04 14:34:25     Қаралды-9231

Кейбір сегізаяқтылар басқа организмдердің де көшірмесін жасай алады

...

Thaumoctopus mimicus(лат.) — Octopodidae тұқымдас сегізаяқтылардың бір түрі. Кейбір түрлері 60 см ұзындыққа дейін жетеді. Әдетте денесінің түсі қоңыр және ақ сызықтармен және дақтармен араласа отырып түзіледі. Сыртқы пішінін басқа жыртқыштар тарапынан қа

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘБІЛҚАЙЫР ХАН

...

Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Әбілқайыр қазақ елінің бас хандығына таласады. Бірақ мұрагерлік жолмен таққа Тәукенің ұлы Болат отырады. Ол кейін өзінің күшімен, айласымен, шабуылды ұйымдастыра білетін әскери қолбасшылығымен, батырлығымен, ақылдылығы жән

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖАНУАРЛАР ТУРАЛЫ 8 ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Біздің кішкентай бауырларымыз туралы қаншалықты аз білетініміз таң қалдырады!

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАРЫС

...

Барыс - биік тауда мекендейтін ерекше сымбатты жыртқыш аң. Ол өте айлакер, күшті әрі шапшаң. Жемін биік тасты жерден, кейде кұз арасынан аңдып отырып, 15 метрге дейінгі биіктіктен секіріп, аса ептілікпен ұстай алады. Ұсак жануарлар мен кұстардан басқа, ке

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ВАНИЛЬДІ КИХЕЛАХ

...

Қамырдан жасалған құырма сияқты тағам осылай аталады. Бұл тағам қамырға химиялық қопсытқыш қосып дайындалады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН БІЗ АУА ҚЫСЫМЫН СЕЗБЕЙМІЗ?

...

Біздің планетамызда үлкен ауа мұхиты үстемдік етеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »