UF

ҰСТАУҒА БАЛҒА НЕГЕ КЕРЕК?

Категориясы: Технологии


Мына жарық дүниеде бір адам өмір сүріпті. Нар көтергендей күшті екен. Ертеңнен қара кешке дейін қап-қара түтін қаптаған ұстаханада ұсталық етіпті. Атының тұяғын тағалатқысы келген де, суарылған семсер соқтырғысы келген де - бәрі осында асығыпты. Ұстада «істей алмаймын» деген сөз болмапты.

Міне, екі иығына екі кісі мінгендей ол жуандығына құшак жетпес аласа емен діңгекке орнатылған төс қасында тұр. Іргеде қып-қызыл көмір шоғы. Көріктен жел үрлеген сайын лып-лып етіп көтеріліп жанған оттың алқызыл сәулесі ыс басқан қабырғамен төбеге қарай өрмелейді. Ал еңгезердей ұстаның өзі, оның көмекшілері от патшалығының сиқыршыларына ұқсайды.

Көмекшілердің бірі ұзын қысқашпен қып-қызыл шоқ арасынан кызарған шоқ-темірді алып, төс үстіне қояды. Екіншісі ұзын сапты кішкене болат балғамен тық еткізіп, қайда соғу керектігін көрсетеді. Ал үшіншісі – ең басты ұста бар күшін салып аса үлкен, зілдей сом балғамен қып-қызыл темірді гүрс-гүрс соғады.

Осылай балғалардың «жағы сенбейді». Ұзақ күнге ұстахана ішінде ұшқын атып, тұтін шудаланып жатады. Қып-қызыл темір ауыр соққыдан жаншылып, бір жағына сопайып шыға келеді. Ал ұста көмекшісі қысқышпен оны бірде былай, бірде олай аударып-төңкеріп, балға астына тосады. Басында не тұрқы, не тұрпаты жоқ темір болса, ұстаның неше кайтара соққысынан соң, жалтыр мұзда ат тұяғын тайдырмас тағаға немесе жауынгер жігіттің айнымас серігі - семсерге айналады. Болмаса алтын дәнді алқаптың толысып піскен егінін оратын орақ боп шығады.

Бұрынғы уақытта ұсталар осылай жұмыс істеген. Ал қазір олардың балғасы басқаша - өздігінен соғады. Кәдімгі бар пәрменімен төсті соғатын сом балғаның өзі. Соққан кезде солқылдататыны сонша, жер сілкінгендей ұстахана едені дір-дір етеді, жаңғырығы құлақ тұндырып, айналаға түгел естіледі. Заводтағы ұста цехында тұрған сом балға - осы. Қатты қысымды ауа немесе ыстық су оның жоғары көтеріліп барып бар салмағымен төске түсуіне мәжбүр етеді.

Завод ұстасы мен оның көмекшісі - робот әрі көңілді, әрі икемді, әрі әдемі жұмыс істейді. Робот электр пештен ыстыққа әбден қызған болат кесекті бірінен соң бірін қыс-қышпен сүйрелеп шығарып, оларды шетінен төске қояды. Ал ұста балғаға басшылық ете бастайды: тұтқаны бұрғанда балға: «уһ» - деп болат кесекті соғады. Тұтқаны қайыра бұрғанда балға жоғары көтеріледі.

Робот тістеуікпен қып-қызыл білем болатты біресе былай, біресе олай аударыстырады, ал әрбір аударған сайын балға үсті-үстіне соққылап, жанши түседі. Сонан соң ортасын ояды. Сом балға соңғы рет «уһ» дейді. Іле доңғалақ дайын болады. Осылай дайын болған доңғалақтардан ұстахана станының қасынан биік мұнара қаланады. Бірінен-бірі айна-қатесіз аумайтын шіркіндердің бәрі бірдей-ау, бірдей... Жеті өлшеп бір-ақ кесуге үйренген ұста көзі қырағы. Қылдай қияс жібермейді! Жә, бүгінде заводтардан мұндай ұсталар да кездеспейді. Ұста цехтарында қазір ұста-автоматтар жұмыс істейді. Олар әлдеқайда шап-шаң, әрі шаршап-шалдығу дегенді білмейді.

Әйтсе де, егер алуан түрлі балғалар көмектеспейтін болса, ұста-автоматтар бар жұмысты бірдей атқара бермес еді. Бір балға тауды бұзып, тасты жарып, шомбал жартасты ұңғып, даңғайыр үңгір теседі. Оны шой балға дейді. Енді бірі - болашақ көпір үшін өзен табанына тіреу қағады. Ағаш балға - қол тоқпақ шатырға жабылатын қаңылтырдың бүгісін жатқызады.

  Жарияланған-2016-09-04 20:15:57     Қаралды-6517

Мәлімет сізге көмек берді ма

КИІМ ТАЗАЛАУ

...

Киім тазалауға арналған заттардың әрқайсысының өзіне ерек қасиеті бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Германияда қоғамдық көліктің ерекше түрі бар

...

Вупперталь аспалы жол —Вуппертал қаласындағы (Германия) қоғамдық көліктердің бір түрі, ол 1901 жылдың 1 наурызында шығарылған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

44 ҚАРАПАЙЫМ РЕЦЕПТ САЛАТТАР

...

44 рецепт қарапайым салаттарды ұсынамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПІРҚОСАҚТЫҢ ЖЕТІ ТҮС

...

Аспан төрін айқара керіп кемпірқосақ орнапты. Оның түсі қандай? Дәлірек айтсақ, онда қанша түс бар? Күн спектрі қанша түстен тұратын болса, онда да сонша түс бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАТАҒА СУРЕТ САЛАДЫ МА?

...

Суретшілер өз шығармаларын көбіне-көп майлы бояумен зығыр талшығынан тоқылған кенеп матаға («холст») салады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »